Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
«Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықта»...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.59 Mб
Скачать

Қазақстан және Каспий проблематикасы

Бұрынғы тарауларда аталып өткеніндей, халықаралық қатынастар құрылымындағы түбірлі өзгерістерді және халықаралық сахнадағы күштердің арасалмағын белгілеген XX ғасырдың соңындағы басты саяси оқиға КСРО-ның ыдырауы болды. Бұрынғы метрололияның орнына жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуымен жаңа проблемалар жарыққа шықты, оның ішінде республикалардың егемендігін халықаралық құқықтық тұрғыдан ресімдеуге және оларды аумақтық межелеуге байланысты проблемалар да бой көтерді. Ең бір күрделі проблемалардың бірі - ауқымы 440 мың шаршы километрге жуық әлемдегі ең ірі құрлықішілік су айдыны Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілеу болды. Егер 1991 жылға дейін Каспий екі елге тиесілі болса, енді оның суы бес мемлекеттің - Қазақстанның, Ресейдің, Иранның, Әзербайжанның және Түрікменстанның жағалауларын шайып жатыр. Осындай жолмен жаңа тарихи және саяси болмыста Каспий теңізін ұлттық секторларға өркениетті жолмен бөлудің жаңа халықаралық құқықтық негізін жасаудың шынайы қажеттілігі туындады.

Каспийдің бұрынғы құқықтық режимі ресейлік-персиялық (1921 ж.) және кеңестік-ирандық (1940 ж.) шарттармен белгіленді. Бұл құжаттар бес Каспий жағалауы мемлекеттерінің арасындағы қатынастарды реттеу үшін қандай да негіз қызметін атқара алмайды. Бірнеше себептерді ғана келтірейік:

• Жоғарыда аталған құжаттардың тараптары РСФСР және КСРО мемлекеттері болатын, олар қазір халықаралық құқықтың субьектілері ретінде өмір сүрмейді. Сондықтан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін Каспий жағалауы мемлекеттерінің арасындағы жаңа шартта белгілеу және бекіту қажет;

  • Аталған шарттарда Каспий теңізі бойынша бұрынғы одақтас республикалар арасындағы шекараға қандай да бір сілтеме болған жоқ, өйткені кеңес заңдары бойынша шекаралық режимнің мәселелері тек қана федеральдық деңгейдегі құқыққа жататын. Каспий теңізінде одақтас республикалар арасында шекара болған жоқ, өйткені бұрынғы КСРО-ға тиесілі теңіздің бір бөлігі федеральдық болды, ал республикалардың Каспий теңізін межелеу мәселелерін қарауға құқығы болған жоқ;

  • Аталған шарттар сауда мақсатында теңізде жүзу мен балық аулау мәселелерін ғана реттейді, бірақ Каспийдің құқықтық мәртебесін толық көлемде, оның ішінде теңіздің түбі мен қойнауының ресурстарын пайдалану шарттарын белгілемейді.

Каспийдің құқықтық мәртебесі проблемасын жеделдетіп шешуге бағытталған Каспий жағалауы мемлекеттерінің іс-қимылының негізінде осы теңіздің минералдық ресурстарының тиесілілігін айқындау тілегі жатқаны құпия емес. Осы жерде бар көмірсутегі ресурстарының қорлары әртүрлі бағаланады, бірақ көптеген сарапшылар осы аймақ көмірсутегін өндіру жөнінде әлемде Таяу Шығыстан кейін екінші болуы мүмкін деген пікірге тоқтайды. Сондықтан "ойынның" өзара қабылдауға болатын және анық ережелерін белгілеместен Каспий байлығын кең ауқымды игеру перспективасы дау туғызуы әбден мүмкін.

1992 жылы Каспий теңізінің жаңа құқықтық мәртебесін жасау мақсатында Каспий мемлекеттері арасында келіссөздер процесі басталды. Бірінші кезеңде проблеманы шешудің үш түрлі көзқарасы байқалды.

Ресей табиғи ресурстардың барлық түрлеріне қолданылатын бірлесіп билік жүргізудің негізінде Каспий теңізі ортақ пайдалануда болуы тиіс деп санады. Әрбір Каспий мемлекеті өзінің заңды құқығын тар жағалау алабына ғана қолдана алады, ол жерде теңіздің түбімен оның минералдық ресурстарын барлауға және игеруге ерекше құқық алады. Тар жағалау аймағынан тыс минералдық ресурстарға қатысты айтсақ, олар ресейлік нұсқа бойынша ортақ пайдалануда болуы тиіс.

Әзербайжан нөлдік нұсқа деп аталатынды талап етіп, су айдынын, оның түбін және қойнауын ұлттық секторларға бөлуді ұсынды. Бұл нұсқа қатаң сипатымен ерекшеленеді.

Қазақстан бір-біріне қайшы Ресей мен Әзербайжанның ортасында теңдестірілген, ымыралық позиция ұстанды. Оның мәнісі мынадан көрінді, қолданылып жүрген халықаралық құқық нормаларын мейлінше пайдалану, атап айтқанда, 1982 жылғы Теңіз құқығы жөніндегі БҰҰ конвенциясының жекелеген ережелерін Каспийге қолдану, бұл ретте оларды біртұтас экологиялық жүйе ретінде теңіздің ерекшеліктерін ескере отырып қолдану. Теңіздің түбі мен ресурстарын барлық Каспий мемлекеттері арасында экономикалық аймақтарға бөлу ұсынылды. Тараптар осы аймақтардың шегінде табиғи ресурстарды барлауға және оларды игеруге ерекше құқықтары болады. Кеме қатынасы, балық аулау, табиғи ортаны қорғау және қызметтің басқа да түрлері саласындағы ынтымақтастық мақсатында теңіздің биологиялық ресурстарына, суын пайдалануға қатысты қазақстандық тарап бірлесіп билік жүргізуге дейін ең бір кең ауқымды ымыраға баруға дайын екенін білдірді.

Түрікменстан мен Иранның позициясы ол кезеңде анық тұжырымдалмады және барлық үш позицияның жекелеген ережелерінің басын қосуға әрекеттенді.

Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау 1994 жылға дейін таза теориялық мәселе болып қала берді, осы жылы Әзербайжан Каспий қайраңының өзінің бөлігіндегі мұнай кен орындарын игеруге арналған "ғасыр келісім-шартына" қол қойды. Теңіз ресурстарын практикалық тұрғыдан игерудің басталуы келіссөз процесін жандандыру белгісіне айналды.

1995 жылы Каспий мемлекеттері Сыртқы істер министрлері орынбасарларының кездесуінде (Алматы) жұмыс топтары түрінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің мәселелері бойынша тұрақты жұмыс істейтін келіссөздер тетігін құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы жылы жұмыс тобының екі отырысы болды. Жұмыс тобының шеңберіндегі консультациялар мен пікір алысулар кезінде Каспий теңізіндегі қызметтің ортақ принциптерін жасауда белгілі бір деңгейде ілгерілеуге қол жеткізілді. Каспий проблемасын жағалаудағы мемлекеттер ғана шешуге құқылы деген принцип ең басты уағдаластық болатын. Осы принцип Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ажырамас бөлігі болуға тиіс деп ұйғарылды.

Бір мезгілде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция, Кеме қатынасы туралы шарт, Каспий теңізінің минералдық ресурстарын барлау және игеру туралы шарт жобаларын келісу жөнінде екі жақты және көп жақты үлгідегі жұмыстар жалғасып жатты.

Кейінірек үлкен тиімділікті қамтамасыз ету үшін Каспий жағалауы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі Арнайы жұмыс тобының (АЖТ) шеңберінде консультациялар өткізіле бастады. Мұндай шешім сыртқы істер министрлерінің Ашгабат кеңесінің қорытындылары бойынша қабылданды (1996 жылғы қараша). АЖТ-ның бес мәжілісі болды: 1997 жылғы мамыр, 1998 жылғы желтоқсан, 2001 жылғы ақпан, маусым және қыркүйек.

Сыртқы істер министрлерінің осы кездесуінде ресейлік тарап Қазақстан делегациясын Каспий теңізінің минералдық ресурстарын игеру үшін бірлескен мұнай компаниясын құру туралы Ресейдің, Иранның және Түрікменстанның меморандум жобасымен таныстырды. Құжаттың мәтінінде айтылғанындай, аталған компания қазақстандық және әзербайжандық секторларды қоса алғанда, теңіздің бүкіл аумағында жұмыс жүргізуге құқылы екен. Жауап ретінде Қазақстан делегациясы мұндай көзқарастың заңсыздығы туралы мәлімдеді. Қазақстандық позицияны Баку қолдады. Ашгабат кездесуі тоқтап қалатындай нақты кауіп төнді. Ресей делегациясымен болған қызу келіссөздердің нәтижесінде үш жақты Меморандумның мәтініне өзгерістер енгізілді. Мұнай компаниясының іс-қимыл ауданы қатысушы елдердің жағалау аймақтарымен шектелді.

Осы тұрғыдан алғанда Түрікменстан Президенті С. Ниязовтың Қазақстанға сапарының (1997 жылғы 27 ақпан) қорытындысы бойынша Мемлекеттер басшылары қол қойған Бірлескен мәлімдеме назар аударарлық. Құжатта Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтағанға дейін орта сызық бойынша әкімшілік-аумақтық шекара делимитациясын тараптардың ұстанатын міндеттемесі мәлімденеді. Шын мәнінде бұл теңізді пайдалану туралы кез келген қызмет бұрынғы КСРО-ның бар кезінде белгіленген бөлу аймағы шегінде жүзеге асырылуы тиіс дегенді білдіреді (1970 жылы Каспийдің кеңестік бөлігі мұнай операцияларын жүзеге асыру үшін Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Түрікменстан арасында халықаралық практикада қабылданған орта сызық әдісі бойынша секторларға бөлінген болатын).

1997 жылы маусымда Мәскеуде Ресей мен Иранның сыртқы істер министрлері Әзербайжан мен Қазақстан теңіздің минералдық ресурстарын игеруге белсенді түрде кірісіп жатқан кезде бес жақты келіссөздерде елеулі прогрестің болмауына алаңдаушылық білдірді. Кейінірек Мәскеу мен Тегеран біздің еліміздің мұнай жобаларына ресейлік және ирандық компаниялардың кепілдендірілген түрде қатысуы арқылы өздерінің экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанмен екі жақты байланыстарды басшылыққа алды. Ресей мен Иран басқа жағалау мемлекеттерінің Каспийді іс жүзінде игеруіне кедергі келтірудің мүмкін еместігіне көз жеткізді.

Сонымен бірге шаруашылық жүргізуші субъектілер кызметінің теңізде келісілген тетіктерінің болмауы бұрынғысынша пікір таласы мен келіспеушіліктердің туындауына ықпал етті. 1997 жылғы 4 шілдеде Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы мен ресейлік "ЛУКойл" және "Роснефть" компанияларының арасында "Кяпаз" кен орнын (түрікменше атауы "Сердар") бірлесіп игеру туралы келісімге қол қойылды. Бұл Ашғабаттың мүлде теріс үн қатуын туғызды, Ашғабат аталған кен орнының Түрікменстанға тиесілілігі туралы мәлімдеді және келісімді кідіріссіз жоюды талап етті. Түрікменстан Сыртқыісминінің мәлімдемесінде әзербайжандық халықаралық консорциум қызметінің объектілері болып табылатын "Чираг" және "Азери" кен орындарына қатысты талаптар да айтылды. Ашғабат бірқатар практикалық қадамдар да жасады, атап айтқанда "Сердарды" игеруге тендер жариялады (рас, оған ешкім де қатысқан жоқ) және даулы учаскеге қатысты әуе бақылауын орнатты.

Түрікменстанның үзілді-кесілді позициясы Әзербайжанмен даулы кен орны бойынша келісімді Мәскеудің қайта қарауына мәжбүр етті. Кейінірек бұл шешімді Түрікменбашымен кездесу барысында Президент Б.Ельцин растады, ол келісім РФ Сыртқыісминімен және Үкіметімен келісілместен қол қойылғандығын атап өтті. Өз кезегінде Баку "Кяпаз" кен орнының даулылығын таныды және Түрікменстанмен диалог жүргізуге дайын екенін білдірді.

Оңтүстік Каспийдің мұнай учаскелерін игеруге байланысты тағы бір оқиға Иран мен Әзербайжан арасында 2001 жылы жазда болды. Тегеран даулы кен орнын игеру жөніндегі бір жақты қадамдары туралы Бакуді айыптады, өзінің мәлімдемесін әскери күш көрсетумен қуаттамақшы болды. Екі жақтан да алма-кезек қатаң түрде ескертулер жасалды. Каспийдегі қызметті реттейтін анық құқықтық тетіктердің болмауы жоғарыдағыдай оқиғаларға ірі державаларды тартып, мұның арты жағдайды ушықтырып жіберуі ғажап емес еді. Оның бір мысалы, 2001 жылғы тамызда АҚШ Президентінің арнайы өкілі Э.Джонс Бакудің Тегеранмен қарым-қатынасы шиеленіскен жағдайда Бакуді қолдауға Вашингтонның дайын екені туралы мәлімдеді.

Осындай жағдайларда 1998 жылғы қаңтарда Каспий проблемасын реттеу процесіне оң сипатты серпін берілді, сөз болып отырған уақытта Қазақстан мен Ресей Каспий түбін әділетті түрде бөлу туралы бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл басынан бастап-ақ Иранмен бірге бірлесіп басқаруды талап еткен Ресей тарабы позициясының түбегейлі өзгергендігін білдірді. Осындай ілгерілеушілікке қол жеткізуде ресейлік мұнай лоббиінің де рөлі аз болған жоқ, олар теңіз түбін бөлу туралы мәселеде одан әрі қасарысу ресейлік мұнай өндіру саласының дамуына теріс ықпал ететінін түсінді. Бұл ретте қазақстандық сектордың келешегі зор кен орындарынан ресейлік мұнай компанияларының айрылып қалуы әбден мүмкін болатын.

1998 жылғы 6 шілдеде Президент Н.Назарбаевтың Мәскеуге сапары барысында жер қойнауына арналған егеменді құқықтарын жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы ҚР мен РФ арасындағы келісімге қол қойылды. Бұл келісім, сөз жоқ, қазақстандық дипломатияның табысына айналды, отандық дипломатия қызу дискуссия жағдайларында әрдайым дәлелдеп келген өзінің тұжырымдамасын сақтап қалды.

Тараптар еркін кеме қатынасы, балық аулаудың келісілген нормаларын және қоршаған ортаны қорғауды қоса алғанда, су айдынын ортақ пайдалануды сақтай отырып, шектес мемлекеттер арасында теңіздің түбін бөлуді жүргізуге уағдаласты. Бөлу сызығы өтуін айқындау негізіне әлемдік практикада кеңінен қолданылатын бірдей қашықтықтағы нүкте принципі алынды, басқаша айтқанда тараптардың уағдаластығы бойынша жетілдірілуі мүмкін орта сызық алынды.

Осы Келісімнің 5-бабы туралы айрықша атап өту керек, бапта Каспий теңізін шаруашылық мақсатта пайдаланудың әрқилы түрлері, оның ішінде суасты құбыр желілерін төсеу, Каспийдің құқықтык, мәртебесі туралы конвенцияны жасасқаннан кейін жекелеген келісімдермен реттелуге жататындығы айтылады.

Тараптар жер қойнауына арналған егеменді құқықтарын жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы ҚР мен РФ арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі келісімге Хаттамамен жұмыс жасауды жалғастыруда. Бұл құжатты әзірлеу тынымсыз жұмысты және техникалық тұрғыдан машақаты мол еңбекті талап ететін процесс, өйткені Хаттамада жетілдірілген орта сызықтың және оның жергілікті координаттарының егжей-тегжейлі сипаттамасы болуы тиіс.

Ресей-Қазақстан келісімін заңды түрде әлемдік практикадағы бірегей құжатқа жатқызуға болады. Бірақ оның ең басты құндылығы Каспий делимитациясы сияқты күрделі аумақтық проблеманы реттеудің үлгісі дүниеге келді. Келіссөздер процесіне тартылған күштердің арасалмағы Қазақстан позициясының пайдасына елеулі түрде өзгерді. Консультациялар, әсіресе, олардың екі жақты үлгісі қуатты серпін алды. Аталған құжатқа Мәскеуде қол қойылғаннан кейін тек бір айдың ішінде түрікмен-иран, ресей-иран, ресей-әзербайжан және қазақстан-иран консультациялары өткізілді. ҚР мен РФ арасындағы келісімге басқа да Каспий жағалауы мемлекеттерінің үн қатуы бір мәнді болмағанына қарамастан сындарлылық салтанат құрды.

Әзербайжан теңіз түбін бөлуге Ресейдің келіскенін құптады, алайда теңіздің түбін де, су айдынын да ұлттық секторға бөлу қажеттілігі туралы өзінің бұрынғы ұстанымын мәлімдеді. Түрікменстан 45 мильдік жағалау аймақтары туралы Ресейдің бұрынғы ұсынысына артықшылық беретінін айта отырып, егер бұл қалған жағалау мемлекеттерін қанағаттандыратын болса, теңіздің түбін ғана бөлуге келісуге дайын екені туралы мәлімдеді. Ирандықтар Каспийді бірлесіп пайдалану туралы ресейлік-персиялық (1921ж.) және кеңестік-ирандық (1940ж.) шарттарды алға тартып, Мәскеуді екі жақты уағдаластықтарды бұзды деп айыптады. Сонымен бірге Тегеранда тұңғыш рет бес жағалау мемлекеттері арасында Каспий теңізін "тең әрі әділетті түрде" бөлуге ирандық тараптың принципті келісімі туралы айтылды. Бұл ирандықтар тарапынан анағұрлым шынайы көзқарастың көрінісі болды, бұрын олар ресурстарды тең үлеспен бөлуді ұсынып келген болатын. Рас, Иранның осы сөздерінің астарында Каспий жағалауы мемлекеттерінің әрқайсысында ұлттық сектор аумағы бірдей болсын, яғни 20 пайыз болсын деген ұғым жатыр. Оның үстіне Тегеран Ашғабат сияқты теңіздің түбін ғана емес, сонымен бірге судың қалыңдығын және теңіз айдынын бөлуді қажет деп санайды.

Осындай жолмен Каспийдің түбін бөлу идеясын Каспий жағалауы мемлекеттерінің ешқайсысы жоққа шығармайды, мұның өзі, сөз жоқ, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі түпкілікті ымыраға қол жеткізудің аса маңызды алғышарты болып табылады. Бұл сондай-ақ Каспий аймағының болжамданатын болашағын қамтамасыз ету мүддесі жолында келіссөздер процесінің басынан бастап Қазақстан тарабы таңдап алған сындарлы және парасатты көзқарасты қолдауды білдіретін. Алайда, әлі күнге дейін төмендегідей аспектілер бойынша келіспеушіліктер бар және олар сақталып отыр:

  • Нені бөлу керек теңіз түбін ғана ма немесе түбімен бірге судың қалыңдығын және су айдынын (теңіз бетін) бөлу керек пе;

  • Теңізде мемлекеттік шекаралар қажет пе;

  • Қандай жолмен бөлу керек.

Алғашқы екі тармаққа қатысты Астана мен Мәскеудің көзқарастарында айырмашылық жоқ. Екі тарап та теңіз суын бөлуді, сондай-ақ мемлекеттік шекараларды орнатуды қажет деп санамайды, өйткені бұл Каспий экожүйесіне теріс ықпал етуі мүмкін. Теңіздің түбін әділетті түрде және тең бөлу принципіне қатысты да олардың көзқарасы жақын, бірақ бұл орайда осы мәселелер ортақ шекарасы бар Каспий жағалауы мемлекеттерінің арасындағы келіссөздер тақырыбы болуы тиіс. Яғни Ресей жағдайында Ресей, Қазақстан және Әзербайжан арасында немесе Иран жағдайында Иран, Әзербайжан және Түрікменстан арасында.

Мәскеу мен Тегеран 1998 жылғы шілдедегі келіссөздер барысында әділеттілік әрі теңдік негізінде (20 пайыз үлеспен) теңіз түбін бөлуді жақтап пікір білдірген болатын. Мұндай тұжырымдаманың мағынасы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімде бекітілген, Қазақстан-Ресей уағдаластығына мүлде қайшы келеді. Тиісті сұрау салуға жауап ретінде Ресей тарабы бірлескен мәлімдемеге осы тармақты енгізуге не себепті келіскенін түсіндірді, оның мәнісі мынада екен, егер Тегеран басқа Каспий жағалауы мемлекеттерін Иран мен Ресейдің пайдасына өз секторларының аумағын азайтуға көндірсе, онда Мәскеу қарсы болмайды.

Теңіздің түбін 20 пайыз бойынша "тең" бөлу деп аталатын Иран ұсынып отырған нұсқаға егжей-тегжейлі тоқталу керек. Егер әлемдік практикада жалпыға бірдей қабылданған орта сызық әдісі бойынша су кеңістігін бөлу принципін басшылыққа алатын болсақ, Каспий теңізінің бүкіл аумағының шамамен 29 пайызы Қазақстанға, 21 пайызы Әзербайжанға, 19 пайызы Ресейге, 17 пайызы Түрікменстанға және 14 пайызы Иранға тиесілі болуы тиіс. Бұл 20 пайыздық бөлу идеясы Каспийде қалыптасқан тарихи және саяси болмысты бұзуды білдіреді, демек аймақтағы жалпы жағдайды тұрақсыздандыруға әкелуі мүмкін. Иран ұсынысы Каспий теңізінің географиясына, оның жағалауларының кескініне сәйкес келмейді және құрылықтық аумақтағы жағалау сызықтарының ұзақтығын, сондай-ақ жағалау мемлекеттерінің шекарасын ескермейді. Су кеңістігіне және оның астына қатысты мемлекет құқығы құрылықтық аумақтағы құқығының жалғасы екенін назарда ұстайтын болсақ, онда Тегеранның позициясы халықаралық құқыққа да сәйкес келмейді. "Тең" бөлу тіпті де "әділетті" бөлу дегенді білдірмейді. Міне, сондықтан барлық шекаралық су айдындары (теңіз, көл, өзен) тең бөлу принципі бойынша бөлінбеген. Оның үстіне Каспийдің кеңестік бөлігінің түбі 1970 жылы мұнай операцияларын жүзеге асыру үшін Әзербайжан, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан арасында бөлінген. Осы бөліністі аталған мемлекеттер әлі күнге дейін таниды. Осы бөлініске Иран да қарсы болған жоқ, мұның өзі халықаралық нормаларға сәйкес келісімді білдіреді.

Қазақстан Иранмен туындаған келіспеушілікті дау-дамайға айналдырғысы келмейді. Бұл туралы жоғары саяси деңгейде бірнеше рет айтылды. Астана екі жақты, сондай-ақ көп жақты үлгіде Тегеранмен пікір алысуға дайын.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау проблемасына қатысты келіссөздер процесіне қатысушылардың қазіргі көзқарасына қатысты айтсақ, бұл жерде мынадай картинаны көруге болады:

Әзербайжан 1982 жылғы теңіз құқығы бойынша БҰҰ конвенциясында бекітілген, жалпыға бірдей танылған халықаралық әдістемеге сәйкес орта сызық бойынша теңізді ұлттық секторларға толық бөлуді дәйекті түрде жақтайды. Каспий теңізінің әзербайжандық секторы осы елдің конституциясында мемлекеттік аумақ деп жарияланған. 2001 жылғы қаңтарда Баку Каспийдің бәрін де қамтитын құқықтық мәртебесін белгілеуге кезең-кезеңімен жылжуға келісті, бұл ретте бірінші кезеңде теңіздің түбі мен оның қойнауының құқықтық режимін реттеу ұсынылады. Әзербайжанның Түрікменстанмен және Иранмен келіспейтін жерлері бар, оның мәнісі осы елдер теңіздегі өзінің секторларының шектерін әртүрлі түсінеді.

Түрікменстан да барлық теңіздің түбін, су қалыңдығын және су бетін бөлуді жақтайды. Баку мен Ашғабат ұлттық секторларды межелеудің сызығын анықтау жөніндегі келіссөздерге кірісті. Алайда тараптар межелеудің әдістемесіне келісе алмады. Таяу болашақта осы мәселе бойынша келісімге қол жеткізу қиын. Баку өз кезегінде проблеманы шешу одан әрі созылып кететін жағдайда делдал ретінде БҰҰ-ны шақыруды жоққа шығармайды.

Иран бірлесіп басқарудың құқықтық режиміне артықшылық бере отырып, теңізді толық бөлуді (түбі, қалыңдығы және су беті) қолдауы мүмкін. Бұл орайда Каспийді 5 тең бөлікке, әрбір жағалау мемлекетіне 20 пайыз үлеспен бөлуді ұсынады.

Ресей жетілдірген орта сызық бойынша Каспий түбін ұлттық секторларға бөлуді ұсынады. Осы секторлардың шеңберінде тараптар ресурстарды игеру құқығын алады, ал су беті мен оның қалыңдығы ортақ пайдалануда қала береді. Мәскеу теңізде қандай да бір мемлекеттік шекараны орнатуға қарсы, Каспийді делимитаризациялауға теріс қарайды. РФ-ның мұнай-газ кампаниялары трансшекаралық кен орындарына қатысуды одан әрі ұлғайту жөнінде күш-жігер жұмсауда.

Қазақстан позициясы 1982 жылғы теңіз құқығы жөнінде БҰҰ Конвенциясының кейбір ережелерін қажетті өзгерістермен Каспийге қолдануды жақтайды (әңгіме аумақтық теңіз, ерекше экономикалық аймақ және құрылықтық қайраң режимдерінің кейбір аспектілері туралы болып отыр). Бұл ретте Каспийдің түбін орта сызық бойынша межелеуді, ені 12 мильге дейін аумақтық теңізді және келісуге жататын балық аулау аймағын белгілеуді ұсынады.

Соңғы уақытта төмендегідей үрдістер анық көзге түсе бастады: Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі анықталмағанына қарамастан теңіздің жер қойнауын игеруге бағытталған практикалық қызметті барлық жағалау мемлекеттері өрістетіп отыр; бес жақты ымыраға келуге қол жеткізудің төтенше күрделілігінен екі жақты уағдалыстықтар бағдарға алынуда; Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойғанға дейін экономикалық келісімдер жасасу туралы Ресей мен Қазақстанның бастамасы әзірге Иранның, Әзербайжанның және Түрікменстанның қолдауын тауып отырған жоқ, Каспий жағалауы мемлекеттері теңізге әскери сипатта қатысуын ұлғайтуда.

Осындай жолмен өткен жылдар ішінде белгілі бір мөлшерде істің бастамасы басталса да жағалау мемлекеттері түпкі нәтижеге келген жоқ, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвецияны жасасуға дайын емес. 1998 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы байқалған прогресс минералдық ресурстарды игеруді қоса алғанда, Каспийдің солтүстік бөлігінде тараптардың тыныс-тіршілігін келісу үшін байсалды құқықтық база қалағанымен келіссөздер процесіндегі басқа әріптестердің позициясынан елеулі түрде дамымай отыр. Сақталып отырған келіспеушілік әзірге алға жылжуға мүмкіндік бермейді. Бұған Каспий жағалауындағы мемлекеттер басшыларының саммитін өткізудегі елеулі қиыншылықтар да куә бола алады.

Каспий проблемасына қатысты бес елдің көзкарастарын жақындастыруда катализатор рөлін мұнай факторы ойнауы мүмкін деп жеткілікті түрдегі сеніммен айтуға болады. Қазақстан қайраңындағы Шығыс Қашағаннан көмірсутегінің үлкен қоры табылғаннан кейін мұнай мен газ ғаламдық саясаттың факторына айналуда. АҚШ-тың Каспий қайраңындағы бұрғылаудың нәтижесін соңғы отыз жыл ішіндегі әлемдегі ең маңызды олжа деп жариялауы бекерден бекер емес. Теңіз ресурстарын игеруге басқа индустриалды елдер және ірі батыс компаниялары өсе түсіп отырған мүдделілік танытуда. Мұның бәрі белгілі бір деңгейде Каспий жағалауы мемлекеттерін теңіздің құқықтық мәртебесі туралы мәселе бойынша пікірлердің түйісу нүктесін жеделдетіп іздестіруге итермелеуі тиіс.

Егер аймақтың мүмкіндігін энергетикалық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, мамандардың пікірі бойынша теңіз бен оған іргелес жатқан құрылықтың қазақстандық бөлігінің ғана ресурстары мұнай бойынша 9-12 млрд. тонна, табиғи газ бойынша 5,9 трлн. текше метр мөлшерінде бағаланады. Бұл ғаламдық энергетикалық картинаны елеулі түрде өзгертеді. Мәселен, 1994 жылы Таяу Шығысқа мұнайдың әлемдік қорының 66 пайызы және газдың 32 пайызы тиесілі болды. Басқа да аймақтардың, оның ішінде Латын Америкасының барабар дамуымен қатар, Каспий теңізі мұнай ресурстарының даму перспективасы мұнайдың әлемдік экспортындағы таяу шығыстың үлес өсімін қысқартады, таяу болашақта мұнайдың әлемдік экспортындағы Таяу Шығыстың жетекші рөлі төмендейді.

Осындай болжамның пайдасына мынадай фактіні келтіруге болады. Өндірудің қазіргі ырғағы сақталған жағдайда Солтүстік теңіздің мұнай қоры тағы да 10-12 жылға жетуі тиіс, содан кейін Батыстың Таяу Шығыстың мұнай ресурстарына тәуелділігі қайтадан жоғары көтеріледі. Болжамдық бағалаулар бойынша 2010 жылы Еуропаның мұнай мен табиғи газға сұранысы 10 пайызға, ал 2020 жылы 30 пайызға қанағаттандырылмайды, мұның өзі Еуропаны көмірсутегі шикізатының балама көздерін іздестіруге мәжбүр етеді. Энергия ресурстарына деген одан кем емес сұраныс Жапонияда, Қытайда және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде сақталады. Мұның бәрі Еуропаны Парсы шығанағы елдерімен және Қиыр Шығыспен байланыстыратын көлік арналары мен құбыр желілерінің жаңа жүйесін құрудың геосаяси және геоэкономикалық тұрғыдан алғанда төтенше маңызды перспективасы пайда болғандығын көрсетеді. Бұл орайда тасымалдаудың құны мен уақыты қазіргі теңіз жолымен салыстырғанда елеулі түрде қысқарады.

Каспий аймағы осы коммуникация жүйесінің нағыз орталығында орналасқан. Каспий төңірегіндегі жетекші мемлекеттердің стратегиялық мүдделерінің түйісуі де осымен түсіндіріледі. Осы аймақтағы ықпал үшін Ресей, АҚШ, Иран, Ұлыбритания, Түркия, Қытай, Үндістан, Германия, Франция және Еуропалық Одақтың басқа да елдері күресуде.

Америка Құрама Штаттары көмірсутегі шикізатының Парсы шығанағындағы көздеріне балама кен орындарына қол жеткізуге мүдделі. Ресейдегі экономикалық дағдарыс кеңестен кейінгі кеңістікте американдықтар жүргізіп отырған саясаттың бір сарындылығын көрсетіп берді. Бұл ретте әңгіме жаңа тәуелсіз мемлекеттерді батыстық халықаралық құрылымдарға "көтеру" ғана емес, сонымен бірге ол елдерде өзінің жеке қатысуын ұлғайту туралы болып отыр. Осы себептен де Вашингтон Каспий аймағындағы көптеген американдық мұнай компанияларын белсенді түрде қолдап келеді. Оның үстіне АҚШ Каспий аймағындағы істерде Ресейге кедергі жасағысы келеді.

Американдықтар Ресей мен Иранды айналып өтетін энергия тасымалдау дәлізін құрмақшы. Бұл жоба Ресеймен қатар Иранға қарсы бағытталған, мұның өзі әлемдік қоғамдастықта үлкен құпия болып табылмайды. Сонымен бірге Вашингтон ЕҚЫҰ мен НАТО мүшесі - Таяу Шығыс және Орта Шығыстағы бірден бір мемлекет ретінде Түркияны мейлінше қолдағысы келеді, мұның өзі Анкараны АҚШ-тың табиғи әріптесіне айналдырады.

АҚШ-тың бұрынғы Мемхатшысы М.Олбрайт мәлімдегеніндей "кеңестік империя ыдырауының салдарларын басқара білу АҚШ-тың міндеті болып табылады... Бұл біздің бұрынғысынша өзіміздің принциптерімізді, мүдделерімізді және мақсаттарымызды бұлжытпай талап ете беруіміз керек дегенді білдіреді. Бұл сондай-ақ Ресей дұрыс бағытта дамуын тоқтатқанға дейін оны қолдауды білдіреді. Біз жұмсап жатқан күш-жігер елеулі нәтижелер әкелді".

Ресейге қатысты айтсақ, ол Вашингтон мен оның одақтасы Анкараның өсе түсіп отырған рөлін өзінің ұлттык мүдделеріне қарсы іс-қимыл санап, аймақтағы саяси және экономикалық ықпалынан бас тартқысы келмейді. Көлік бағыттары және жаңа мемлекеттерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету Ресейге бағдарланып жасалуына байланысты Мәскеудің Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне және оның ресурстарын игеруге қатысты істерде жетекші рөлін нығайту үшін қолайлы мүмкіндіктері бар.

Жекеменшік рыногының ауқымын есепке алатын болсақ, Қытайдың уақыт озған сайын Орталық Азия мен Қиыр Шығыс энергоресурстарына мүдделілігі арта түседі. 1990 жылдардан бастап Қытайдың мұнайға деген жылдық мұқтаждықтарының ұлғаюы оның жекеменшік өндіру қуаттарының есімінен асып түсіп отыр. 1999 жылы Қытай әлемде "қара алтынды" өндіруден бесінші болып, 160 млн. тонна мұнай өндірді, бұл ретте мұнай тапшылығы 28 млн. тоннаны құрады. Қытай ұлттық мұнай компаниясы сарапшыларының бағалауы бойынша 2000 жылы импорттық мұнайға деген сұраныс 25-40 млн. тоннаға, ал 2010 жылы 60-80 млн. тоннаға жетеді. Сондықтан Батыс Қазақстан-Қытай мұнай құбырының құрылысын салу келешегі зор жоба болып табылады, аталған жоба елеулі деңгейде Каспий көмірсутегі шикізатының қорына байланысты.

Иран өз кезегінде ымыраға көнбейтін позиция ұстанып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілеу процесін елеулі түрде баяулатуда. Тегеран сондай-ақ батыс компанияларының аймаққа енуіне айрықша жақтырмай қарайды. Екінші жағынан теңіз қайраңында белсенді түрде жүргізіліп жатқан жұмыстардың тұрғысында ирандық тараптың көзқарасы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің проблемасы бойынша ымыраға келу сипатында оңды өзгеріске ұшырауын жоққа шығаруға болмайды. Көп нәрсе Иран аумағы арқылы шикізатты тасымалдаудың оңтүстік бағыты қалай қалыптасатынына байланысты. Сарапшылардың пікірі бойынша бұл жоба коммерциялық және техникалық орындылығына қатысты мейлінше қолайлы бағыттардың бірі.

Еуропалық Одақ та бірте-бірте Каспий аймағындағы процеске тартылуда. Осы аймақтың елдері үшін Еуропаның бірқатар факторларға байланысты саяси және экономикалық маңызы өте үлкен. Өйткені аймақтың мемлекеттерінің басым көпшілік бөлігі ЕҚЫҰ мүшелері болып табылады, Еуропалық Одақ ТАСИС және ТРАСЕКА экономикалық бағдарламаларына қатысады. Еуропаның Каспий аймағында болуын Мәскеудің өзінің ұлттық мүдделеріне төнген қатер ретінде қарамайтын фактісі де маңызды. Сонымен бірге ЕО мемлекеттері аймақта анық стратегиясы жоқ бөлек-бөлек қимыл жасауда, мұның өзі осы аймақтағы Еуропалық Одақтың рөлін түсінуді қиындатады.

Каспий проблемасының төңірегіндегі әлемнің түрлі мемлекеттерінің қатар өрілген және қарама-қайшы мүдделерінің саяси және экономикалық мақсаттары болса да олардың барлығы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі төңірегінде шоғырланған. Жағалау мемлекеттерінің барлығының да Каспий тыныс-тіршілігіне қатысты өркениетті нормаларды енгізу қажеттілігін түсінуі бірте-бірте күшейіп келе жатқаны қуантады. Сондықтан алдағы кезеңдегі қазақстандық дипломатияның басымдық берілетін бағыттарының бірі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша келіссөздер процесіне қатысушылардың барлығының позициясын одан әрі жақындастыруға, біздің мемлекетіміздің осы аймақтағы стратегиялық мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған тынымсыз жұмыс болып табылады.

Ел Президенті Сыртқы істер министрлігіне және Қазақстанның басқа да ведомстволарына осындай нұсқау берді. Н.Назарбаев Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі проблемасына айрықша көңіл бөледі. 2001 жылғы 1 маусымда ол Президент В.Путинмен осы тақырыпта келіссөздер өткізді. Қазақстан мен Ресейдің басшылары Каспийдің солтүстік бөлігінің түбі бойынша жетілдірілген орта сызық жүргізу туралы хаттамаға жеделдететіп қол қою үшін шаралар қабылдауға уағдаласты. Екі елдің үкіметтеріне тиісті тапсырмалар берілді.

Қазақстан мен Ресей делегацияларының кейінгі келіссөздері орта сызықтың өтуін анықтау әдістемесінде елеулі алшақтықтар бар екендігін қуаттады. Тараптар орта сызықтың координаттары сияқты негізгі мәселе бойынша келісе алмады. Ресейліктер орта сызықты өздеріне тиімді тәсілде жүргізуді ұсынды, ондай жағдайда Каспийдің қазақстандық бөлігінде орналасқан көмірсутегі шикізатының ірі кен орындары өзінің елеулі бөлігінде Ресейдің заңды құқығына өтер еді. Біздің тарапымыздан әлемде бар тәжірибені пайдалану, атап айтқанда Солтүстік теңіздегідей делимитация жүргізу ұсынылды.

Қазақстан Каспийдің түбін межелеуге жауапкершілікпен әрі ұтымдылықпен келу қажет деп санайды. Орта сызық координаттары Каспий теңізіндегі белгілі бір ресурстарды ықтимал иемдену көзқарасы тұрғысынан сауда-саттықтың көзі бола алмайды. Бұл сызықты қолданылып жүрген халықаралық практиканы ескере отырып, екі елдің мамандарында бар барлық деректерді тартып, мейлінше әдепті сипатта жүргізу қажет. Сонымен бірге орта сызықтың жетілдірілген деп аталуы бекер емес, мұның өзі тараптардың уағдаластығы бойынша оны өзгертуді көздейді, бұл жерде, әрине, бір-бірінің экономикалық мүдделері, оның ішінде олардың Каспийдің мұнайгаз блоктарын игеруге деген мүдделілігі мен дайындығы ескерілуі керек. Тек осындай жағдайда ғана өзара қабылдауға болатын ымыраға қол жеткізуге және Қазақстан мен Ресей Президенттері жасасқан келісімнің хаттамасына қол қоюға болады.

2001 жылғы тамыздың басында Сочидегі кездесу кезінде екі мемлекеттің басшылары тағы да көптеген елдер саясаткерлерінің, мұнай компаниялары мен кәсіпкерлерінің назарын аударып отырған осы күрделі проблеманы шешудің екі тарапты да қанағаттандыратын тепе-теңдікке, ымыраға негізделген нұсқасына қол жеткізу үшін диалогты жалғастыруға тілек білдірді.

***

Каспий теңізі жағасының көп бөлігі біздің еншімізде. Ол 1800 шақырым аумақты құрайды. (Алаш айнасы, 5.12.2009).