Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тарихи грамматика!!!! Саттилик кыздар!!!!!!!!!!...docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
234 Кб
Скачать

36. Тілдердің даму жолын тарихи тұрғыдан зерттеудің ретроспективті және проспективті бағыттары.

Түркі тілдерінің даму жолын тарихи тұрғыдан зерттеу негізінен екі түрлі: ретроспективті (қазіргі күйінен көнеге қарай) және проспективті (көнеден жаңаға қарай) бағытта жүргізіледі. Салыстырмалы-тарихи зерттеу ретроспективтік, яғни тілдің қазіргі күйінен бастапқы күйіне қарай, немесе проспективтік, яғни тілдің бастапқы күйінен қазіргі күйіне қарай екі түрлі бағытта болуы мүмкін. Бұл бағыттардың қай-қайсысы үшін тілдің бастапқы және аралық күйін танытатын тілдік модельдерді жаңғырту, қалпына келтіру, сондай-ақ туыстас тілдердің байырғы сөздік қорларына ортақ тіл бірліктері ретінде әбден сіңісіп, кірігіп кеткен тым ерте дәуірлердегі, немесе көне замандардағы кірме элеметтерді айқындау және олардың таралуын шектеу ─ ең көкейтесті мәселелер болып саналады. Компаративистиканың даму тарихында салыстырмалы-тарихи әдісті типологиялық, квантативтік, филологиялық, моделдеу, контрастивтік, ареалдық-географиялық т.б. көптеген әдістермен тоғыстыру арқылы тілдердің о бастағы бір негіз тілден тарамдалуы мен диалектілік мүшелену барысын қайта жаңғырту және тіл бірлестігін құрайтын тілдер арасындағы ареалдық байланысты анықтау тәжірибесі де орын алады. Салыстырмалы-тарихи алтай тіл білімінде және лингвистикалық түркологияда, оның ішінде жеке тілдердің, айталық қазақ тілінң тарихын зерделеуде тілдік талданымға түсетін фактологиялық материалдардың арқауын қазіргі тілдер, көнежазба ескерткіштер тілі, диалектология, топонимия, этнонимияға қатысты материалдар, сонымен қатар туыс емес тілдердің мәліметтері құрайды.

37. Түркі тілдері туралы орта ғасырда жазылған еңбектердің қазақ тілінің тарихын зерттеудегі маңызы.

Түркі тілдері - түркология ғылымының зерттеу нысаны болып табылады.

Түркология – түркітектес, түркі тілінде сөйлейтін халықтардың тілін, әдебиетін, тарихын, этнографиясын, мәдениетін т.б. рухани, мәдени құндылықтарын зерттейтін сүбелі ғылым саласы.. Түркітану ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында шығыстанудан іргесін ажыратып, дербес ғылым саласы ретінде қалыптасады18.

Түркітану ғылымының жеке ғылым саласы ретінде қалыптасуы, түркі тілдерінің жүйелі түрде зерттеле бастауы саяси мақсаттарға байланысты Ресей және Еуропа ғалымдары тарапынан жүзеге асты (ХҮІІ-ХІХ ғғ.) десек те, түркі тілдерінің түркі топырағында зерттелуі Қараханидтер дәуірінен бастау алады. Түркі тілдері жайлы жазылған тұңғыш түркологиялық еңбек Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрк» сөздігі. ХІ ғасырда грамматикалық сипатта жазылған «Диуани лұғат-ит-түрк» тарихи- салыстырмалы әдісті негізге алған, түркі тілдері мен диалектілерінің негізгілерінен (оғыз, арғу, ненужек, қыпшақ, түрк, бұлғар, қарлұқ, шігіл, яғма, ябақу, тоғсы, жомул т.б.) мысалдар келтірілген тұңғыш еңбек. Мұнда М.Қашқари 29 түрлі этнонимді атап, олардың географиялық мекенін, тіліндегі фонетикалық ерекшеліктерін көрсетеді. Махмұд ибн-әл Хусаин ибн Мұхаммад әл Қашқари жазған бұл шығарма ерте орта ғасырдағы түркі тайпаларының тек тілі ғана емес, әдебиеті, өнері, этнографиясы, әкімшілік басқару жүйесі, туыстық қарым-қатынастары, мединицинасы, салт-дәстүрі, т.б. материалдық және рухани құндылықтары географиялық жағдайы, сол аймақтың фаунасы мен флорасы жайлы мәлімет беретін энциклопедиялық мұра.

ХІ ғасырда өмір сүрген филолог-түркітанушы М.Қашқаридың мұрасын түркітану ғылымының бастауы, қайнар көзі саналады.

Түркі тілдері жайлы орта ғасырда жазылған еңбектер қатарында Махмұд Замахшаридың «Мұхаддимат-ул адаб» еңбегін (ХІІ ғ.), Жалалиддин Әбу Мұхаммад Абдуллах түркидің «Китабу бүлғат ал-муштак фи луғат-ит-түрк уа-л кифчак» (ХІҮ-ХҮ ғғ.) тәрізді құнды мұраларды айтуымызға болады. Сондай-ақ араб тіл білімі үлгісінде жазылған шығармаларда да түркі тілдері зерттеу нысаны ретінде алынған. Мысалы, Джамал ад-дин ибн Муханнаның «Хилат ул инсон уа хашбат ул-лисан» еңбегі.

Араб тілінде мәмлүк қыпшақтарының тілі жөнінде жазылған Асиф ал-Дин Абу Хайыан Мухаммед ибн Али ибн Юсуф ал-Гарнатидің (Андалусий) «Китаб ал-идрак ли-сисан ал-атрак» («Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап») (ХІІІ-ХІҮ ғғ.) шығармасының да орны ерекше. Бұл еңбек мәмлүк қыпшақтарының тілі туралы грамматикалық оқу құралы. Белгілі ғалым Ә.Құрышжанов мәмлүк қыпшақтарының грамматикасында 32 дыбыс көрсетіліп, оларға айтылуы жөнінде талдаулар жасалғанын, сөз тұлғасындағы өзгерістер (айақ~азақ, арт~ард, ары~арығ, біт~бітік, буд~бут, бузағу~бузави, тіл~діл т.б.) ажыратылғанын және «Сөздік» бөлімінде 2400-дей сөз беріліп, олардың шыққан тегі мен өзгеру өрісі барынша дәл көрсетілгендігін айтады3. Араб тілі грамматикасы үлгісімен жазылған мәмлүк қыпшақтарының тілі жөнінде басқа да еңбектер сақталған, мәселен: Абу-л-лайт ас-самарқандидің «Китаб муқаддима» (ХІ ғ.) атты діни трактаты, ХІҮ ғасырда Мәмлүк қыпшақтары мемлекетінде қыпшақ тілін оқып-үйрену үшін жазылған «Китаб ад дура ал-мудийа фил-луғат ат-туркийа уал камал» т.б.

Түркі тілдері туралы орта ғасырда жазылған еңбектердің бірі – «Кодекс Куманикус» (ХІІІ ғ.) латын әліпбиімен қыпшақтар (куман) тілінде жазылған діни мәтіндер мен сөздіктер жинағы164 беттен тұрады. Шығармада құман тілінің қысқаша грамматикасы, қыпшақ сөздерінің жіктелу кестесі, септелу үлгісі берілген. Аталған орта ғасырлық түркі тілдері жайлы жазылған шығармалар қазіргі түркі тілдерінің даму жолын анықтауда ерекше маңызға ие тарихи қайнар көздер болып табылады.

38. Түркологиялық зерттеулерде тарихи-салыстырмалы, типологиялық және ареалдық әдістерді кешенді пайдаланудың маңызы зор. Салыстырмалы-тарихи зерттеудің негізгі мақсаты – туыс, туыстас тілдердің фонологиялық жүйесіндегі, морфологиялық құрылымындағы, лексикалық қорындағы, семантикалық дамуындағы, синтаксистік конструкциясындағы ортақтықтар мен айырмашылықтарды анықтап, салыстырылып отырған тілдердің туыстық қатынасын көрсету, әрбір тілдің өзіндік ерекшеліктерін саралап, тарихи орнын белгілеу.

ХІХ ғ. алғашқы жартысында Ф. Бопп, Р. Раск, Я. Гримм, А.Х. Востоков, В. Гумбольдт, А. Кун, О. Шрадер, О. Бетлинг, П. Шафарик, А. Шлейхер, Ф. Миклошич т.б. ғалымдардың іргелі зерттеулері арқылы қалыптасып, дүниежүзілік ауқымда қарқынды дамуға бет бұрған салыстырмалы-тарихи тіл білімінің келелі табыстары, сондай-ақ ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары бой көтерген жасграмматизм (младограмматизм) бағыты өкілдерінің жетістіктері туыстас тілдердегі параллель элементтер арасында немесе жеке тілдегі белгілі бір элементтің әртүрлі тарихи қалып-күйлері арасында заңды түрде қайталанатын дыбыстық сәйкестіктерді қамтитын ‘дыбыстық заңдылық’ ұғымын туыстас тілдерді зерттеуде қолданатын қатаң ғылыми-әдіснамалық тұғырға айналдырды. Дыбыстық заңдылық ұғымына негізделетін салыстырмалы-тарихи әдіс үндіеуропа тілдерінің тілдерінің тарихи-салыстырмалы фонетикасы мен морфологиясының құрылымдық жүйесінің жасалуын және ол тілдердің сөздік құрамының ғылыми этимологиясын қамтамасыз етті19.

Үндіеуропа тіл білімінің ізімен ХХ ғ. алғашқы ширегіне дейін алтай тілдерін зерттеуде негізінен салғастырмалы, кейіннен салыстырмалы әдіс қолданылып келген болса, ХХ ғ. екінші жартысынан алтаистикада және оның түркология, монголистика, тұңғыстану, жапонтану және корейтану тәрізді іргелі салаларында зерттеудің басты әдіс-тәсілі ретінде классикалық салыстырмалы-тарихи әдіс орнықты. Бұған тілдің эфолюциялық дамуы және оның тарихилығы мәселелерін көтеріп, түркі тілдерін зерттеудің әдістемесін салыстырмалы-тарихи әдіспен жақындастырған В.А.Богородицкий, В.В.Радлов, Е.Д.Поливанов,Н.Ф.Катанов т.б. орыс ғалымдарының зерттеулері зор ықпалын тигізді.

Салыстырмалы-тарихи әдісті қолданудың басты шарты салыстырылатын туыстас тілдердің әр деңгейдегі (фонема, морфема, лексема т.б.) сәйкестіктері анықталуы қажет. Тілдердің даму жолын тарихи тұрғыдан зерттеу негізінен екі түрлі: ретроспективті (қазіргі күйінен көнеге қарай) және проспективті (көнеден жаңаға қарай) бағытта жүргізіледі.

Тарихи-салыстырмалы әдіс жекелеген тіл семьялары мен туыстас тілдер тобының тектілдік қалып-күйін танытатын тілдік моделдерді қайта жаңғырту, ірі макротоптар мен туыстас тілдер тобының топшаларға, одан әрі жеке тілдерге бөліну процесі және олардың ары қарайғы дербес дамуын зерттеуде, сондай-ақ белгілі бір генетикалық тілдік бірлестікке енетін тілдердің тарихи-салыстырмалы сипаттамасын жасауда басты құрал қызметін атқарады. Оның құрамына: тіл бірліктерінің генетикалық шығу тегін айқындау; өзара салыстырылушы тілдердің әртүрлі деңгейлерінде орын алатын жүйелі сәйкестіктер мен сөзжасамның, сөз құрылымының қалыпты үлгіден ауытқуын (анамалия) анықтау; тектілдік тұлғаларды (архетип) моделдеу; тілдің бастапқы және аралық қалып-күйін жаңғырту, қалпына келтіру; тілдік құбылыстардың хронологиялық және кеңістіктегі таралымдық шегін (локализация) айқындау; осылардың негізінде тілдердің генеалогиялық классификациясын жасау және оны қайта қарау, өзгертулер мен толықтырулар енгізу амалдары енеді. Оның құрамына ететін сан алуан амал-тәсілдердің ішінен ең бастылары қатарына Г.А. Климов мыналарды жатқызады: а) тілдік фактілерді генетикалық тұрғыдан теңдестіру; ә) тілдік туыстықты негіздеу; б) архетиптерді (тектілдік формаларды) жаңғырту; в) тілдік құбылыстарды хронологизациялау және локализациялау; г) тілдік семьяның тарихи-салыстырмалы грамматикасы жасалуының логикалық біртұтастығына қызмет ететін тілдерді генетикалық тұрғыдан топтастыру20.

Cалыстыру тәсілі – тілді біртұтас жүйе тұрғысынан қарастыруға негізделеді, көбінесе туыс тілдер жүйесінің тарихи дамуындағы заңдылықтарды фонетика-фонологиялық және морфологиялық деңгейлерде анықтауда, дәлірек айтқанда генетикалық тегі бір сөзтүрлендіруші формалар мен сөзжасам тәсілдерін, түбір морфемалар мен қосымшалар құрамындағы дыбыстар мен фонемаларды зерттеуде қолданылады. Салыстырудың негізіне әдетте ежелгі жазу дәстүрі бар тіл алынады. Мысалы, үндіеуропа тілдері үшін санскрит тілі, түркі тілдері үшін- көне түркі тілі, моңғол тілдері үшін- көнемоңғол жазба тілі, маньчжур тілдері үшін – чжурчжэн жазба тілі, жапон тілі үшін – кандзи жазба тілі, корей тілдері үшін – хангыль, ханчча жазба тілі. Көне жазба ескерткіштерінің сыртында осы күнгі тілдер мен диалектілердің мәліметтері де тіл тарихын зерттеуде фактологиялық материалдар қызметін атқара алады.

‘Салыстырмалы – тарихи зерттеулердің әдіс-тәсілдері мәселелері түркологияда аса маңызды. Мұнда негізінен көне формаларды анықтаудың критерийлерін тоқтатуға, жаңғыртылған архетиптерді бір хронологиялық жазықтықта орналастырудың амалдарын табуға, дыбыстардың, сөздердің, формалардың пайда болуының шартты түрдегі хронологиялық әдісін жетілдіруге, жаңадан пайда болған тілдік құбылыстардан көне реликтілік құрылымдарды ажыратуға, тілдік жүйедегі бұрыннан келе жатқан төл ерекшеліктерді анықтауға және оларды басқа тілдердің әсерімен пайда болған ерекшеліктерден шектеуге айрықша назар аударылып отыр’ дей келіп, Н.З. Гаджиева тарихи-салыстырмалы бағыттағы зерттеулерде салыстырмалы-тарихи, типологиялық және ареалдық әдістерді кешенді пайдаланудың нақты ғылыми нәтижелерді қамтамасыз етудегі мүмкіндігі ерекше екенін атап көрсетеді. Тарихи-генетикалық әдістің көмегімен тұтас жүйе оның құрылым-құрылысы емес, тілдік жүйенің элементтері ғана генезис тұрғысынан біржақты салыстырылады және олардың қазіргі тіл жүйесіндегі функциясы ескерілмейді.

Ареалдық лингвистиканың мақсат-міндеттері аясына: тілдік құбылыстардың таралу шегін изоглосстар шоғыры негізінде анықтау арқылы тілдер мен диалектілердің шет-шекарасын географиялық картаға түсіру; тілдік одақтардың және тектілдің диалектілерінің таралу ареалын анықтау; тілдік одақ шеңберінде қарым-қатынасқа түскен тілдердегі типологиялық корреляттарды анықтау; нақты бір тілдің көне диалектілік бөлінісін айқындау; белгілі бір аймақ ауқымында өзара қарым-қатынасқа түскен тілдердің ареалдық сипаттамасын жасау; тілдік қарым-қатынастың заңдылықтарын ашу; топонимикалық және гидронимикалық ареалдарды анықтау; ареалдық байланыстағы субстраттардың рөлін анықтау; территориялық тұрғыдан бір-бірімен жақын жанасуышы тілдердің этнолингвистикалық және әлеуметтік лингвистикалық типологиясын жетілдіру сияқты мәселелер енеді. Ареалдық зерттеулердің нәтижелері лингвистикалық және диалектологиялық атластарда бекітіледі.

Лингвистикалық география ─ ареалдық лингвистикада қолданылатын басты әдіс болып саналады. Лингвистикалық география әдісі тілдік контактының, басқаша айтқанда тілдердің өзара қарым-қатынасының нәтижелерін табуға және ол нәтижелерді тектілдік реконструкцияларды түзетуде, жөндеуде қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар географиялық- ареалдық әдістің көмегімен әртүрлі бағыттағы диалектілік зоналар арқылы өтетін изоглосстарды айқындауға болады. Мәселен, түрікмен, салар, әзербайжан тілдеріндегі оғуз және қапшақ элементтерін; моңғол және тұңғыс-маньчжур тілдеріндегі түркизмдерді, түркі тілдеріндегі моңғол элементтерін; бір бірінен алыс жатқан әртүрлі диалектілік топтардағы паралель түрленімдерді, нұсқаларды (модификация) т.б.

Салыстырмалы-тарихи әдісті типологиялық, ареалдық, контрастивтік әдістермен тоғыстыра отырып, түркі тілдерінің әрқайсысының фонологиялық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік жүйелерінің эволюциясын зерттеуге бағытталған этимологиялық ізденістер біртіндеп арғытүркілік жүйені, әу бастағы жалпытүркілік негіз тілдің элементтерін реконструкциялауға жетелейтіні сөзсіз.