- •Мазмұны:
- •І. Қазақтың халық және ұлт тілдерінің жасалуы
- •Іі Тарихи лексика
- •Ііі Тарихи фонетика Дауысты дыбыстар жүйесінің дамуы
- •Жеке дауыстылардың дамуындағы ерекшеліктер
- •Дауыссыз дыбыстар
- •Іү. Тарихи морфология
- •Ү.Тарихи синтаксис
- •Пән туралы мәлімет
- •Оқытушы туралы мәліметтер:
- •7.Курстың саясаты мен жүргізілуі
- •8.Пән бойынша оқу-әдістемелік материалдар
- •10. Сөж тапсырмалары мен тапсыру кестесі
- •11. Аралық бақылау сұрақтары
- •12.Әдебиеттер тізімі:
- •III. Дәрістік кешен
- •IV. Пәнді меңгеруге арналған әдістемелік нұсқаулар
- •V. Зертханалық жұмыстар мен курстық жұмыстарға әдістемелік нұсқау
- •VI. Студенттің өзіндік жұмысының материалдары
- •1. Студенттің өзіндік жұмысы (сөж) аумағындағы сабақтарының жоспары.
- •Тақырып 9. Зат есім. Жалғаулардың даму ерекшеліктері
- •Тақырып 14. Сөз тіркестерінің қалыптасуы, дамуы
- •Тақырып 15. Құрмалас сөйлем жүйесінің дамуы
- •2. Студенттің оқытушымен өзіндік жұмысы (соөж) аумағындағы сабақтарының жоспары.
III. Дәрістік кешен
1-тақырып. Тарихи грамматика пәні және оның зерттеу объектісі
Дәрістің мақсаты: Студенттерге «Тарихи грамматика» пәні туралы түсінік беру, «Тарихи грамматика» пәнінің зерттеу объектісін меңгерту. Пәннің мақсат-міндеттерін түсіндіру.
Тірек сөздер: тарихи грамматика, тіл тарихы, түркі тілдердің салыстырмалы грамматикасы, көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.
Дәріс жоспары: 1. Тарихи грамматиканың зерттеу объектісі
2. Тарихи грамматика курсының міндеті мен мақсаты
3. Тіл тарихын зерттеудің көздері
4. Курстың методологиялық негіздері
Тарихи грамматика деп аталатын ғылыми зерттеулер саласы және солардың негізінде қалыптасқан оқу пәні тілдің барлық салаларының (дыбыс фонемалар жүйесі мен морфологиялық құрлымын, синтаксисі мен лексикасын) қалыптасуы мен даму, өзгеру жолдары мен бағыттарын зерттеп түсіндіреді.
Тарихи грамматика тіл тарихы туралы жалпы білімнің бір саласы ретінде ұсынылады. Ал тіл тарихы тарихи грамматика мен әдеби тіл тарихына ажырайды. Әдеби тіл тарихы жазбаша қалыптасқан әдеби тілдің даму жолдарын, әр кезең дәуірдегі өзгерістерін қарастырады. Ал тарихи грамматика болса жазылып қалған ескерткіштер тілін ғана зерттеп қоймай, жазу қолданғанға дейінгі көне дәуірлерде қолданыс тапқан тілдің сипатын баяндауға ұмтылады. Дегенмен әдеби тіл халықтың ауызекі сөйлеу тілі негізінде қалыптасады да, кейінгі дамуында бұлар бір-бірімен тығыз байланыста болып отырады.
Қазақ тілінің тарихи грамматикасы пәні «Түркі тілдердің салыстырмалы грамматикасы», сондай-ақ «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» деп аталатын пәндермен тығыз байланысты.
«Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» деп аталатын пән түркі тілдерін салыстыра зерттеудің нәтижесінде, отандық түркологияның жинақталған алғашқы зерттеулер жүйесі ретінде қалыптасты.
Бұл пәннің құрамынан екі түрлі саланы ажыратуға болады. Біріншіден, барлық түркі тілдерінің түп негізін жобалау, әрбір тарихи дәуірлерде оларға ортақ даму заңдылықтарын ашу сипатындағы зерттеулер.
Екіншіден, бүгінгі түркі тілдерін белгілі жүйелер бойынша салыстыра келіп, олардың арасындағы айырмашылықтар тобын белгілеу. Қазақ тілінің тарихы жайлы ғылымның өзі бастауын әуелі тарихи – салыстырмалы түркологиядан алады да, екеуінің арасында байланыс туады.
Ал қазақ тілі тарихи грамматикасы мен «Көне түркі жазба ескерткіштері тілі» пәнінің арасындағы байланыс қай дәрежеде десек, «Көне түркі жазба ескерткішінің тілі» деп аталатын пән VII ғасырдан XVI ғасырға жалғасатын мұралардың әрқайсысының тілін сипаттауды ғана мақсат тұтады, ал тарихи грамматика өз зерттеулерінде көне ескерткіштер фактілеріне сүйенеді.
Қазақ тілі тарихи грамматикасын білудің методы мен көздері.
Қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикалық жүйесінің тарихи дамуын зерттеуде сүйенетін көздер мыналар болып табылады:
Көне дәуір ескерткіштері, қазіргі қазақ тілі, қазақ тілі диалектілері, фольклор, ономастика, басқа тілдермен ауысқан сөздер, XVIII – XIX ғасырларда жазылған әр түрлі кітаптар, қолжазбалар т.б.
Ал осылардың әр қайсының жеке сипаттарына топталсақ:
«Көне дәуір ескерткіштері» деген атпен VII-XVI ғасырларда жазылып біздің заманымызға жеткен әр қилы мазмұнды жазбалар: Орхон – Енисей немесе көне түркі жазбалары, ұйғыр жазуының нұсқалары, орта ғасырдың бас кезеңінде жазылған «Диван лұғат ат түрік», «Құдатғу білік», орта ғасырдың орта, кейінгі кезеңдеріне қатысты оғыз – қыпшақ, қыпшақ тілдерінің ескерткіштері т.б. Бұларды «қазақтың халық тілі қалыптасқанға дейінгі ескерткіштер» деуге болады.
«Көне дәуір ескерткіштері» деп аталатын топтың ішінен түркі тілдердің құрылымын зерттеуде басты әрі уақыт жағынан 1-шісі де Махмуд Қашқаридің «Диван лұғат ат-түрік» атты еңбегі. Жазылған уақыты 1069ж. Деп саналады. Еңбек сол заманғы түркі тілдері лексикасының салыстырмалы сөздігі ретінде жасалған. Сонымен қатар онда түркі тілдерінің морфологиялық жүйесі баяндалады және фонетикалық айырмашылығы да көрсетілген.
Махмуд Қашқари түркі тілін Шығыстағы және Батыстағы түркі тілдері деп бөлді.
Онда мұндай ерекшеліктер көрсетілген:
Сөз ортасында й, не з дыбысы айтылады. Айақ – азақ
Сөздердің абсолют басында дж аффрикат дыбысы бірде айтылып, бірде түсіп қалады. Инджу (батыста) - джинджу (інжу)
Жіктеу есімдігінің бірінші жағы б дыбысымен бен түрінде айтылады (мен).
Сөздің абсолют басында д дыбысын айтады (шығыста – т) дэвэй – тэвэй (түйе).
Сөз ортасында қатаң қ, т, дыбыстарын айтады. Шығыста ғ, д дыбыстарын қолданады.
Шығыс тайпалары тілдеріндегі ерін – тіс в дыбысына ерін у дыбысы сәйкес қолданылады: Эв – Эу
Шығыс тайпалары тілдерінде қимыл есімін жасайтын аффикс –қу \\ ғу, ал батыс тілдерінде – асы: барғу – барасы (бару).
жедел өткен шақ батыс тайпалары тілдерінде – ды жіктік жалғау тіркесі арқылы жасалса, шығыс тілдеріндегі жіктелмейтін аффикс дұқ арқылы жасалған.
Сонымен «Диван» - тек ХІ ғ жазылып, бізге жеткен ескерткіш емес, түркі тілдерінің жүйелі фонетикасы мен грамматикасы жайлы бірінші филологиялық еңбек.
Екінші бір еңбек «Терджуман түркшт уа ғараби» деп аталатын шығарма. 1245ж. Египетте жазылған. Қыпшақ тілінің негізгі заңдылығы баяндалады.
Тарихи грамматиканың сүйенетін негіздерінің бірі бүгінгі тіл, қазіргі қазақ тілі, оның барлық салалары. Ол қазіргі тілдің жүріп өткен жолын, оның фонетикалық, грамматикалық құрылымында, лексикалық қорында болған өзгерістерді зерттейді.
Диалект, бір сөзбен айтқанда, халықтың бір ғана тобының территориялық, не әлеуметтік тілдік ерекшелігі деп қаралады, ал халық қалыптасқанға дейінгі дәуірде әрбір диалект бір тайпаның, рудың тілі болған. Сондықтан бүгінгі тіл құрамындағы диалектік айырмашылықтар тілдің көне дәуірінің біртұтас халық тілі қалыптасқанға дейінгі сипаты болып келеді, сондай-ақ диалектілік айырмашылықтың бір тобы кейінгі дәуірлерінде пайда болуы да мүмкін. Диалектілік ерекшеліктің осы 2 тобы да тіл тарихын әсіресе тілдің құрлымдық тарихын жасау үшін аса қажетті материал болады. Сондай-ақ ауыз әдебиеті тілінде көне дәуірлеріне тән тұлғалар, дыбыстардың қолданысы, кейде сөздер көп сақталады да тілдің құрылымдық тарихын зерттеуде үлкен рөл атқарады.
Тілдің құрылымдық тарихын зерттеп білуде дәйек болатын бір сала – ономастика (жер – су, тайпа, ру, халық, кісі аттары). Онамастикалық материалдардың мынадай екі тобы бар: 1 тобы – микротопонимдер мен антропонимдер. Микротопонимдер (шабындық, жайлау, қыстау, ұсақ өзектер атаулары) мен антропонимдер (кісі аттары т.б). құрамында өздері пайда болып, қалыптасқан аймақ, өлке тұрғындары тілінің белгілері сақталады. Ондай тілдік айырмашылықтар сол аймақты, өлкені мекендеген ру – тайпа тілдерінің негізгі белгілерін айқындауға мүмкіндік туғызады.
Ономастикалық материалдардың 2-ші тобы – топонимдер немесе географиялық атаулар. Географиялық атаулар мыңдаған жылдар бойы, сол географиялық аудандағы тұрғындар ауысып жатса да, өзгермей қала беруі де ықтимал. Мысалы, Оңтүстік Шығыс Қазақстан түп негізі монғол тілдеріне барып тірелетін атауларға толы (Зайсан, Тарбағатай т.б.).
Тарихи грамматикалық зерттеулер, сондай-ақ басқа тілдерге ауысқан сөздерге және басқа тілдерден қазақ тілііне ауысқан сөздерге де негізделеді. Зерттеуші қазақ тілінен басқа тілдерге сөз ауысу кезеңі мен қазақ тіліне басқа тілдердің сөз ауысу кезеңін, ауысу жағдайларын анықтау қажет.
Қазақ тілінен басқа тілдерге сөз ауысудың шамамен екі кезеңін айтуға болар еді: 1-ші кезең қазақ халқы қалыптасқанға дейінгі дәуірлерде жеке ру, тайпа тілдерінен басқа тілдерге ауысқан сөздер. «Игорь полкі туралы сөздің» тілін осы тұрғыдан зерттеуші түрколог Менгес сол заманғы шығыс словян тілдеріне ықпал жасаған тілдердің бірі қыпшақ – половец тілі екенін айтады және Науаидың «Екі тілдің айтысы» атты еңбегінде келтірілетін парсы тілдеріне ауысқан түркі сөздері. Олардың көпшілігі бүгінгі қыпшақ тобына жататын тілдерде, әсіресе қазақ тілінде пәлендей өзгеріссіз айтылады.
Мысалы: найзачы, кийкчі, орта иілік, қабурға, дунан, тай, журқа, йабу т.б.
Қазақ тілі тарихи грамматикасы сүйенетін материалдың бір тобы - өткен ғасырларда жазылып бізге жеткен әр түрлі кітаптар, мерзімді баспасөз үлгілері, түрлі қол жазбалар. Революцияға дейінгі жарық көрген кітаптардың біразы қазақ ауыз әдебиетінің жәке нұсқаларын жариялағандар. Олардың ішінде тек Радлов шығарған кітапта ғана қазақ ауыз әдебиеті нұсқалары бір жүйеге түсіріліп топтастырылған.
Өткен ғасырдан бізге жеткен кітаптардың үлкен тобы – қазақ тілі жайлы әр түрлі дәрежеде жазылған еңбектер. Олар қазақ сөздерінің жинағы, орысша – қазақша не қазақша – орысша сөздіктер, қазақ тілі жайлы зерттеулер, көмекші құралдар. Қазақ тілі жайлы алғашқы мәліметтер Россияда ХVIII ғасырдың соңғы ширегінде пайда бола бастады. Олар көбіне қазақ сөздерінің жинағы, қазақ тілінің сөйлесу жүйесінің барлық уақытта бір ізге түсіріліп тәртіптелмеген кейбір нұсқалары болып келеді.
Екатерина Екіншінің указымен жасалатын «Салыстырмалы сөздікте» (1787) 200 тілдің бірі ретінде қазақ тілі де айтылды. 285 орыс сөзі қазақ тіліне аударылды. Өткен ғасырларда жасалған еңбектердің 2-ші бір тобы – қазақ тілі жайлы еңбектер. Солардың бірі Г.Ю. Клапроттың «Қырғыз тілінен» (1825ж. Париж) деген атпен француз тілінде басылып шыққан еңбек. Бұл еңбекте Клапрот қазақ тарихы жайлы қысқаша мәлімет, французша – қырғызша (қазақша) сөздік берді. Қазақ сөздерін түрік, қазан татарлары, тобыл татарлары және монғол тілдерімен салыстырып береді.
1861ж. Қазан университетінің ғылыми жазбаларында
Н.М. Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизского (казахского) наречия» атты еңбегі басылады. Бұл еңбекті қазақ зерттеушілері қазақ тілінің алғашқы грамматикасы деп атады. Бұл еңбек Орынбор, Жайық маңын мекендеген қазақтардың тілі негізінде жазылған.
Оңтүстік Сырдария бойын мекендеген қазақтардың тілі Терентьевтің «Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская» 1875. деген еңбекте беріледі. Оңтүстік Қазақстанның сөз үлгілері Л.Я. Лютштың «Киргизская хрестоматия сборник образцов народной литературы киргизов Туркменского края» Ташкент 1883 деп аталатын еңбегінде берілген.
Қазақ руларының атаулары, діни салтқа байланысты сөздер этнографиялық атаулар А.И. Левшиннің «Описание киргиз – казачьих или киргиз – кайсацких орд и степей.» 1832г. Атты еңбекте барынша жинақталған.
В.В. Григорьев 1862 ж. орыс алфавиті арқылы қазақ дыбыстарын белгілеудің жолдары туралы мақала жазды.
1894 – 97 жылдары қазақ тілін зерттеуде үлкен белес болған еңбек – профессор П.М. Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казак – киргизского языка» атты 2 кітаптан тұратын зерттеуі жарық көрді.
Бұл еңбекте сол заманғы қазақ тілінің синтаксистік жүйесі 1-рет түсіндірілді.
ХІХғ аяғы ХХғ басындағы қазақ тілінің сөздік қоры, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрамы В.В. Камаринскийдің кітаптары арқылы белгілі. Оның «Грамматика киргизского языка», 1847
«Краткий русско – киргизский словарь». 1847ж
«Киргизско – русский словарь» Оренбург 1897ж
Оңтүстік Қазақстанның тілі Ешмұхамбет Букиннің «Руско – киргизский словарь» Ташкент 1885ж., «Русско – киргизский разговорник» Ташкент 1884ж еңбектерінде біршама толық берілген.
Бақылау сұрақтары:
1. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы пәнінің зерттеу объектісі не?
2. Жалпы тіл тарихы қандай бөлімдерден тұрады?
3. Қазақ тілінің тарихи грамматика пәні қандай пәндермен тығыз байланысты?
4. Қазақ тілінің тарихи дамуын зерттеуде қандай көздерге сүйенеді?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж.
Айдаров Ғ. Язык Орхон-Енисейских памятников древнетюркских письменности VIII века. – А., 1971г.
Айдаров.Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі .- А., 1971ж.
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
2-тақырып. Қазақ тілі тарихын зерттеудің әдістері
Дәрістің мақсаты: Қазақ тілі тарихын зерттеудің әдістерін меңгерту.
Тірек сөздер: тарихи – салыстырмалы әдіс, ретроспективтік әдіс, ареалдық әдіс.
Дәрістің жоспары: 1. Қазақ тілі тарихын зерттеуде қолданылатын әдістер
2. Тарихи – салыстырмалы әдіс
3. Ретроспективтік әдіс
4. Ареалдық әдіс
Тілдің тарихи дамуын зерттеуде қолданылатын басты әдіс – тарихи – салыстырмалы әдіс. Түркі тілдерінің тарихын жасау сонау Менинский, Шотт кейінгі Радлов заманынан – ақ осы тарихи-салыстырмалы әдістің қолданылатын мынадай негізгі орындары бар: 1) бір тілдің әр кезеңге қатысты, бірақ бір жүйеге жататын, қызметі мен семантикалық жағынан бір – біріне (балама) эквивалент болатын фактілерін салыстыру; 2) бір уақытта өмір сүрген не өмір сүретін, бір – біріне тілдік, тарихи жақындығы бар тілдер материалдарын салыстыру. Алайда, бір топқа жататын тілдердің өзара байланысы, бір – біріне қатысты бірыңғай болып келмейді. Бір тілдің екінші бір тілмен ұқсастығы, жақындығы мол да, үшінші бір тілмен байланысы одан гөрі алыс болып келуі мүмкін. Тарихи – салыстырмалы әдісті қолданудың мақсаты – қазіргі тілдегі дыбыстар мен морфемалар жүйесінің алғашқы сипатының жобасын жасау.
Қазіргі түркі тілдің арасындағы фонетикалық, морфологиялық, лексикалық айырмашылықтарды анықтап, оларды сол тілдер құрамындағы диалектілік айырмашылықтарымен салыстыра отырып, сол тілдердің көне дәуір ескерткіштеріне қатысын айқындауға мүмкіндік туады. Бұл тәсілді ретроспективтік тәсіл деп атайды. Тарихи – салыстырмалы әдісті ретроспективтік тәсілмен іске асыру – зерттеудің негізгі бағыттарының бірі. Мұнда зерттеу бүгінгі тілдің сипатын айқындаудан басталып, көне дәуірге қарай жүреді. Ретроспективтік әдіс, сонымен туыс тілдер фактілерін көне мұралар тілі фактілерімен салыстыруды мақсат етеді. Ретроспективтік тәсілдің бір тіл фактілерін синхрондық тұрғыдан салыстыруға негізделген түрін іштей реконструкция тәсілі деп атайды. Іштей конструкция тәсілі синхрондық фактілерді салыстыру арқылы диахрондық қорытынды жасауды көздейді. Бұл тәсіл бойынша тіл құрамындағы элементтер өзара салыстырылады да, өзгерістің бағыты мен түрі айқындалады.
Зерттелетін мәселенің ерекшелігіне қарай типологиялық салыстыру әдісі қолданылады. Типологиялық салыстыру әдісі және морфемаларды, жеке тілдік элементтерді қарастырмайды. Материалдық элементтердің ұқсас, ұқсас еместігіне қарамай, жүйелі қатынастар арқылы көрінетін тілдік ярустарды салыстыруда қолданылады. Қазіргі түркологияда қыпшақтың вокализм, оғыздық вокализм, алтайлық вокализм, қарағас вокализмі тәрізді дауысты дыбыстар жүйелерін анықтау көбіне-көп типологиялық салыстыра қарастырудың нәтижесі.
Тілдің грамматикалық құрылысы тарихын зерттеуде қолданылатын әдістің бірі – ареалдық әдіс. Ареалдық әдіс арқылы тілдердің, диалектілердің өзара ықпалдасу процесінің сипаты мен дәрежесін, осы процестің орны мен таралу аймағын айқындап, ол нәтижелерді тілдің тарихи өзгерістерінің бір түрі ретінде тілдің тарихи грамматикасына енгізеді. Ареалдық әдіс те бір – бірімен туыс, жақын тілдердің белгілі бір аймақта шектесуінің нәтижелерін зерттеп қана қоймайды, географиялық орналасуы жағынан өзара шектесетін туыс емес тілдердің де өзара ықпалдасуының нәтижелерін іздестіреді. Тілдер мен диалектілердің ықпалдасу процесінің бағыты мен орнын айқындауға ареалдық әдіс археология мен этнографиялық мәліметтерді де пайдалана алады. Мысалы, қазақ тілінің батыс говорлар тобына түрікмен, татар, ноғай тілдерінің ықпалы болғандығын айқындау ареалдық әдісті қолданудың нәтижесі. Ал оңтүстікке орналасатын қазақтардың тілі туралы зерттеулер қазақ - өзбек байланысымен қоса, араб – парсы тілдерінің ықпалын да көрсетеді.
Тілдің жүйелі тарихын жасау үшін оны жан – жақты қарастыру керек болады. Мұндай жағдайда қолданылатын әдіс – синхрондық сипаттау әдісі. Синхрондық сипаттау әдісі белгілі бір дәуірдегі тілді жан – жақты сипаттауға құрылады, яғни белгілі бір мұралар тілін сипаттау жолымен ол тілдің актив заңдылықтарымен қатар өнімсіз құбылыстарын, тілдік жүйесіне түгелдей не ішінара әсер ететін өзгерістерді, қысқасы бүкіл механизмін түгелдей дәлелдеп шығу синхрондық әдістің үлесіне тиеді.
Тіл тарихын зерттеуде әр кез қолданыс табатын әдістердің бірі – тілдік универсалий әдісі. Қазіргі заманғы лингвистика ғылымы тіл-тілдер бір - бірімен өзіндік ерекше заңдылықтар арқылы ерекшеленумен бірге, олардың көпшілігіне тән ортақ заңдылықтардың да бар екендігін дәләлдеп отыр. Мысалы: сөздің қатаң дауыссыздардан басталуы басқы буынның екпінді болуымен ұштасып жатуы тек түркі тілдерінің ерекшелігі емес, герман тілдерінде де бар заңдылық.
Қазақ тілінің грамматикалық құрылысының даму тарихын зерттеп, түсіндіруде осы аталған зерттеу әдістерінің қай-қайсысы да қолданылып келеді.
Бақылау сұрақтары:
1. Қазақ тілі тарихын зерттеудің қандай әдістері бар?
2. Тарихи- салыстырмалы әдістің қолданылатын негізгі орындары қандай?
3. Ретроспективтік тәсіл арқылы тіл тарихын қалай зерттейміз?
4. Тілдің қазіргі қалпын зерттейтін әдіс- қай әдіс?
5. Универсалий әдістің қолданылатын жері?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж.
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
3-тақырып. Қазақ тілі тарихын кезеңдерге бөлу принциптері
Дәрістің мақсаты: Қазақ тілінің қалыптасу тарихын кезеңдерге бөлуді меңгерту және
қазақ тілі даму дәуірлерін жіктеудегі басқа көзқарастармен таныстыру.
Тірек сөздер: Алтай дәуірі, Хун дәуірі, көне түркі дәуірі, Орта түркі дәуірі, Жаңа түркі дәуірі.
Дәрістің жоспары: 1. Қазақ халқы мен қазақ тілінің қалыптасуына шолу
2. Қазақ тілінің қалыптасу тарихын кезеңдерге бөлу.
3. Қазақ тілі даму дәуірлерін жіктеудегі басқа көзқарастар
Қазақ тілінің қалыптасу, даму кезеңдерін айқындау, жалпы түркі тілдерінің даму жолдарымен тікелей байланысты. Түркі тілдері түркология қолданып жүрген, қалыптасқан көзқарас бойынша 5 түрлі дәуірді бастан кешірген.
Н.А. Баскаков бұл дәуірлерді былай атайды: Алтай дәуірі (б.з.д. ІІІ ғасыр); Хун дәуірі (б.з.д. ІІІ ғасырдан – б.з.д.V ғасыр); көне түркі дәуірі (V – Х ғасыр); Орта түркі дәуірі (Х – ХV ғасыр), Жаңа түркі дәуірі (ХV – ХХғасыр).
Түркологияда қазақ тілі түркі тәсілдерінің, біршама «жаңа» деп қаралатын тобына жатқызылады. Олай болатын себебі: қазақ рулары тарихы ерте кезінен – ақ мәлім болса да, қазақ деп аталатын біртұтас халық ХV – ХVІ ғасырларда барып қалыптасты.
Қазақ тарихының осы ерекшелігін ескерсек, қазақ тілінің тарихи кезеңдері мынадай дәуірлерге бөлінеді:
Түркі бірлестігіне дейінгі дәуір – бұл дәуір шамамен біздің заманымыздың V ғасырына дейін созылады, 2 түрлі белестен тұрады: Алтай бірлестігі, Хун бірлестігі.
Түркі бірлестігі дәуірі, екі кезеңге ажырайды: Көне түркі қағанаты кезеңі (V – Хғасыр). Орта түркі кезеңі (Х – ХVғасыр).
Қазақ халық тілінің даму дәуірі (ХVІ – ХVІІІ ғасыр).
Қазақ ұлттық тілінің қалыптасу дәуірі (ХІХғасыр).
«Алтай дәуірі» дейтін дәуірде кейін түркі халқының негізін салатын тайпалар монғол тайпаларынан бөлініп, жіктеліп шықты. Мысалы: монғол тілдеріндегі р, л дыбыстары түркі тілдерінде з, ш\с дыбыстарына сәйкес қолданылады. Ал түркі тілдері ішінде монғолдың р, л – ды көне бұлғар тілі мен қазіргі чуваш тілі сақтап қалған сүз, саз, қыз сөздері ол тілдерде сір, шур, хір.
Екінші кезең түркологияда «Хун дәуірі» деп аталатын дәуір. Хун дәуірі деп атау біздің заманымыздың алғашқы жылдарында өмір сүрген Хун империясына байланысты. Хун империясы Орта Азиядан Шығыс Европаға дейінгі ұлан байтақ территорияны мекен еткен түркі, монғол, тұңғыс маньчжур тектес тайпаларды біріктірген қуатты мемлекет болған. І ғасырда империя ауызбірліктің жоқтығынан Батыс және Шығыс Хун мемлекеттеріне ажырайды. Сөйтіп, түркі тілдердің қазіргі батыс және шығыс топтарының қалыптаса бастауы осы Хун империясынан басталады.
Бұл кезеңде оғыз – қарлұқ – қыпшақ тіл бірлестігі қалыптасты. Дәуірдің тарихи - әлеуметтік үлкен ерекшелігі түркілер өз тарихын өзі жаза бастады, өздері жайлы мәліметті өздері хатқа түсіре бастаған кез. Бұл дәуірдегі түркі тілдерге тән негізгі белгілер деп мыналар аталады: сөз арасында, сөз соңында т\д дыбыстарының сәйкес қолданылуы басым болады. Адақ якут тілінде атақ сақталынып қалған. Сөз ортасындағы д (т) = з дыбысына ауысуы кездеседі. Сөйтіп, тарихи Р = д (т) = з (с) дыбыс сәйкестігі қалыптасты.
V – X ғасыр аралығы тіркі тілдерінің өзара жақындық белгілері бой көрсете бастаса да, әлі толық жіктелмеген дәуір. Осы белгісіне орай бұл түркі бірлестігі дәуірінің бірінші кезеңі көне түркі қағанаты кезеңі болып табылады.
Қазақ тілі тарихы үшін ХІ – ХV ғасыр аралығы – түркі бірлестігі дәуірінің 2-ші кезеңі, үлкен мәнді мерзім болды.
ХІ – ХV ғасырларда д (т) = з (с) сәйкестігі жаңа сатыға көше бастады. Сөз ортасында, сөз соңында ғ, г дауыссыздары мен дауыстыларының тіркесі 3 түрлі өзгеріске ұшырады: бір топ тілдерде созылыңқы дауыстыларға айналды және бірсыпыра сөздер құрамында қатаңдап кетті.
Орта ғасырларда жазба тілдер дамыды. Қараханид мемлекетінің территориясында қалыптасып, бүкіл Орта Азияға тараған жазба тілде көп жанрлы көркем әдебиет дамыды.
«Баласағұнидің» Құдатғу білім, Қашқаридың «Диваны», Әлидің «Қисса», Жүсіп Сараидың «Гүлстан бит түркиі», «Кодекс Куманикус».
Х – ХV ғасырларда қазақ тілінің рулық, тайпалық тілдер негізінде қалыптасу процесі жүрді.
ХV – ХVІ ғасырларда біртұтас қазақ тілі жайында айтуға мүмкіндік туады. Бұл заманда қазақтың бай ауыз әдебиеті туды, авторлық әдебиет - жазба әдебиет пайда бола бастады.
ХVІІ – ХVІІІ ғасырлар қазақтың халық тілінің даму дәуірі болды. Қазақ тілінің негізгі құрамдық белгілері де осы замандарда қалыптасты. «Қазақ» этнонимінің пайда болуы да, тарихтың айтуы бойынша, ХІV ғасырға жатса керек. ХVІ ғасырдың тарихи деректері қазіргі Қазақстан территориясын мекендеген біртұтас халықтың атын «қазақ» деп қалыптасқан атау ретінде қолданады.
Біртұтас тілдік жүйелері қалыптасқан халық тілі құрамында нормалану жүреді. Қазақ тілі құрамында жеке диалектілік топтардың айқындалу негізі болды. ХVІІ – ХVІІІ ғасырларда қазақ-орыс тілдік байланысы шықты.
ХІV ғасыр қазақтың ұлттық әдеби тілінің қалыптаса бастағаны мәлім. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салған А. Құнанбаев пен Ы. Алтынсарин осы дәуірде өздерінің атақты шығармаларын жазды. ХІV ғасыр жазба әдебиет, қазақ баспасөзі туды. Қазақтың халық тілі қазіргі әдеби тілге дейін онымен осындай 4 түрлі дәуірді бастан кешірді.
Бақылау сұрақтары:
1. Түркі тілдері қандай дәуірлерді бастан кешірген?
2. Қазақ тілінің тарихы қандай кезеңдерді қамтиды?
3. Алтай дәуірінде қандай дыбыстық ерекшеліктер болды?
4. Түркі тілдерінің қазіргі батыс және шығыс топтары қай дәуірде қалыптасты?
5. Орта ғасырларда қандай жанр дамыды?
6. Қазақтың ұлттық әдеби тілі қашан қалыптасты?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж.
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
4-тақырып. Қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі орны
Дәрістің мақсаты: Студенттерге қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі орны туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: Р тобы, Д тобы, Тау тобы, Тағылық тобы, Тағлы тобы, Ол тобы.
Дәрістің жоспары: 1. Қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі орнын анықтайтын ғалымдардың топтастырулары мен пікірлері.
2. Түркологияда қолданылып жүрген Н.А. Баскаков классификациясының маңызы.
Түркі тілдерін тілдік (фонетикалық, морфологиялық) тұрғыдан топтастыру – классификациялау,әрбір тілдің түркі тілдері құрамындағы орнын айқындау Махмуд Қашқаридан басталады. Дегенмен де классикалық тіл білімі түркі тілдерін ғылыми негізге сүйеніп топтастырудың тарихын ХІХ ғасырдан бастайды. Отандық және шетелдік түркология өкілдерінің ішінде көп таралып, қолдау тапқан топтастыру – академик А. Н. Самойловичтікі. Ол түркі тілдерін алты түрлі фонетикалық және морфологиялық айырым белгілеріне, этникалық түпкі негізіне қарай алты топқа бөліп қарастырады:
І. Р – тобы, бұлғар немесе чуваш тобы, негізгі айырмашылығы:
1) тыхыр (тоғыз), 2) ура (айақ, р>з>й, у>а); 3) пул (бол, етістік), 4) тау\ту (ағ – у); 5) сары (ғ-о); 6) қалан (есімше қасымшасы ғ дыбысынсыз айтылады).
ІІ. Д – тобы, ұйғыр немесе Солтүстік шығыс тобы, негізгі айырым белгілері: 1) тоқуз (тоғыз), 2) адақ\азақ\ айақ). 3) пол (бол); 4) тағ (тау); 5) сарығ (сары), 6) қалған (негізгі белгілері жағынан бұл топта алдыңғы топқа қарама –қарсы деуге болады.). Бұған Орхон – Енисей тілі, көне ұйғыр тілі, қарағас, салар, тува, сары ұйғыр, шор, хақас тілдері жатады.
ІІІ. Тау тобы, қыпшақ немесе Солтүстік батыс тобы, негізгі айырым белгілері: 1) тоғыз, 2) айақ, 3) бол\бул, 4) тау, 5) сары, 6) қалған. Бұған алтай, қырғыз, құмық, қаратай – балқар, қарайым, татар, башқұрт, қазақ, ноғай тілдері жатады.
ІV. Тағылық тобы, шағатай оңтүстік – шығыс тобы. Негізгі айырым белгілері: 1) тоқұз, 2) айақ, 3) бол, 4) тағ, 5) сарық, 6) қалған. Бұған көне шағатай, Қытай Түркістаны тілдері, өзбек, қара татарлар (Сібірлік) тілдері жатқызылады.
V. Тағлы тобы, қыпшақ – түрікмен немесе орта топ, 1) тоқуз, 2) айақ, 3) бол, 4) тағ, 5) сары, 6) қалған. Өзбек тілінің хорезм говоры жатады.
VІ. Ол тобы, түрікмен немесе оңтүстік – батыс тобы, айырым белгілері: 1) доқұз, 2) айақ, 3) ол-; 4) дағ, 5) сары, 6) қалған. Бұл топқа түрікмен, азербайжан, түрік тілдері жатқызылады.
Бұл классификация бойынша қазақ тілі территориялық жағынан (географиялық белгі) Солтүстік – батысқа, этникалық негізі бойынша қыпшақ тобына жататын, фонетикалық белгісі бойынша сөз ортасы мен соңында ғ,г дыбыстарының орнына у жартылай дауыстысын, морфологиялық белгісі бойынша өткен шақ есімше – ған, яғни, ғ дыбысын түсірмей қолданатын тілдердің бірі болып табылады. Бұл классификация түркі тілдерін тарихи – салыстырмалық тұрғыдан кейінгі зерттеулерге негіз болды.
Тек қана тарихи принципке негізделіп, тілдердің «жас мөлшерін» анықтауға құрылған классификция С.Е. Маловтың топтастыруы еді. С.Е.Малов мынадай айырым белгілерді ұсынады: 1) сөз соңындағы, сөз арасындағы ғ, г дауыссыздарының дауыстыға, жартылай дауыстыға, созылыңқы дауыстыларға ауысуы немесе ауыспай қалуы; 2) жаңа тілдерде ұяң дауыссыздардың сан жағынан көп болуы, көне тілдерде қатаң дауыссыздардың көп болуы; 3) екі буынды түбірлер құрамында рт, лт, нт тәрізді көне дыбыс тіркестерінің сақталуы. Осы белгілер бойынша, С.Е. Малов түркі тілдерін ең көне (древнейшие), ескі (древние), жаңа (новые), ең жаңа (новейщие) топтарға жіктейді. Қазақ тілі бұл классификация бойынша жаңа тілдер тобына жатқызылады. Өйткені: сөз соңындағы, сөз ортасындағы ғ, г дауыссыздарының жартылай дауыстыға айналуы тәрізді белгілер қазақ тіліне тән.
Алайда, бұл келтірілген классификацияның қай – қайсысында да бір негізгі мәселеге көңіл бөлінбеген. Ол – халықтардың тарихи, тілдердің қалыптасу, даму тарихы. Қандай да бір тілдің қалыптасуы мен дамуы, сол халықтың қалыптасуы мен даму тарихынан келіп шығады. Өйткені ғылыми классификация тілдердің ара жақындығы мен айырмашылықтарын ғана көрсетіп қоймай, олардың (жақындығының, айырмашылығының) себептерін де белгілеуі керек. Ал осы соңғы айтылғандарды анықтау үшін тілдердің классификациясы әр дәуірлерде болған рулық тайпалық бірлестіктер, олардың құрамына енген рулар мен тайпалар жайлы мәліметтерді, рулық, тайпалық одақтардың ыдырауы, олардан кейін пайда болған бірлестіктер тарихын ескеру керек. Өйткені, рулар мен тайпалар одақтардың құрылуы, олардың ыдырап, жаңа бірлестіктің пайда болуы, сондай – ақ рулық, тайпалық одақтардың басқа тайпалармен, халықтармен байланысы, айналып келгенде, халықтардың қалыптасуы, халық тілінің қалыптасып, дамуы болып табылады.
Қазіргі түркология қолданып жүрген Н.А.Баскаков классификациясы тілдердің этнологиясы мен грамматикалық ортақ заңдылықтарын ғана қарастырып қоймайды, олардың қалыптасу, даму тарихын да тілдің қалыптасуы мен даму заңдылығын айқындайтын факторлардың бірі дейтін принципті жолбасшылыққа алады.
Тарихи деректер мен тілдік материалдар халықтарды екі үлкен топқа жіктелетінін дәлеледейді. Мұндай жіктеліс екі рет болған. Алғашқы рет біздің заманымыздың алғашқы ғасырында Хун империясының екіге бөлінуі; Батыс Хун империясы және Шығыс Хун империясы болу арқылы іске асса, 7-8-ғасырларда Түркі қағанаты да екіге: батыс және шығыс ордаларға бөлінді. Сөйтіп түркі тілдерінің батыс және шығыс топтарға жіктелуі біздің заманымыздың алғашқы жылдарында басталып, 7-8 ғасырларда әбден бекіді деп есептеуге болады. Бүгінгі түркі халықтары мен түркі тілдері осы батыс және шығыс топтарының құрамында қалыптасты. Батыс Хунда, үлкен 4 түрлі тайпалар одақтарына біріксе керек. Олар: бұлғар одағы, оғыз одағы, қыпшақ одағы және қарлұқ одағы.
Қыпшақ тайпалар одағы дегенде тарихи деректер Дешті – Қыпшақ мемелекетін, Жошы ұлысының орнына келетін Көк Орда (Алтын Орда), Алтын Орда ыдырап, бөлінген дәуірде пайда болатын Ақ Орда, Ноғай Ордасы, сондай-ақ өзбек хандығы (Әбілхайыр хандығы) еске алынады. Осындай замандар бойы бірінің орнына бірі келіп, тарих сахынасынан өткен мемлекеттік одақтар құрамында қазір «қыпшақ тілдері» деп аталатын тілдер қалыптасты. Дегенмен, қыпшақ тобына жататын тілдердің қалыптасу уақыты мен территориялары бірдей емес. Сондай ерекшеліктеріне қарай, қыпшақ тілдері үш топқа: қыпшақ – половец, қыпшақ – бұлғар, қыпшақ – ноғай топтарына жіктеледі.
Половец тіліне қырым татарлары тілі, қарашай – балқар тілі, құмық, қарайым тіл жатқызылады. Қыпшақ тілдерінің Көне Бұлғар мемелекеті тұрғындарының тілімен жанасуынан қыпшақ – бұлғар негізді татар, башқұрт тілдері қалыптасты.
Алтын Орда, одан бөлініп қазіргі Қазақстан территориясының көпшілігін мекен еткен Ақ Орда, Ақ Орда құлағаннан кейін пайда болатын Ноғай Ордасы, Әбілхайыр хандығы Мағұлстан территориясын мекен еткен рулар мен тайпалар қазақтар мен қарақалпақтардың, ноғайлардың негізін салды. Қыпшақ – ноғай тобына жататын халықтардың этногенездік бірлігі олардың құрамына енген рулардың көпшілігі қарақалпақтың да құрамында бар, сол сияқты қарақалпақ рулары ноғайлардың құрамында ұшырасады. Дегенмен, тілдік жағынан қазақ тілі оқшау тұрады да қарақалпақ, ноғай тілдері бірыңғай болып келеді. Бұл екі топ арасындағы ерекшелік фузияға байланысты: қазақ тілінде фузияда л/т/д варианттары болса (бала – лар, ат – тар, стол – дар). Қарақалпақ, ноғай тілдерінде жоқ. Қазақ тілінде келер шақ - ады формасы арқылы жасалса, ноғай, қарақалпақтың тілдерінде – аджақ (ажақ) тұлғасы арқылы беріледі. Дегенмен, қалыптасу тарихи тағдыр, территориялық жағынан қазақ, қарақалпақ халықтары жақын болуы керек те, ноғай халқы оқшау тәрізді.
Сонымен, қазақ тілі түркі тілдерінің Батыс Хун тармағының қыпшақ тілдік тайпалық бірлестігінің құрамында қалыптаса бастаған. Қыпшақтар тілінің негізінде қалыптасуының ішінде қазақ тілі (қарақалпақ, ноғай тілдерімен бірге) қыпшақ халықтары мен тілдерінің ішінде кеш қалыптасқан қыпшақ – ноғай бірлестігіне жатады. Бұл бірлестік дәуірі, оның құрамынан жеке тілдер жіктелген дәуір 14 – 16 ғасырлар болып табылады.
Бақылау сұрақтары:
1. Академик А. Н. Самойлович түркі тілдерін фонетикалық және морфологиялық айырым белгілеріне, этникалық түпкі негізіне қарай қанша топқа бөлді?
2. Әр топтың өзіндік ерекшеліктері қандай?
3. Қазақ тілі қай топқа жатқызылды?
4. «Жас мөлшерін» анықтауға құрылған классификцияны кім құрастырды?
5. Жаңа тілдер тобын да қандай дыбыстық ерекшеліктер болды?
6. Қыпшақ тілдер тобынан қандай тілдер жатады, өзіндік ерекшеліктері қандай?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж.
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
5-тақырып. Көне түркі тілінің фонетикалық сипаты
Дәрістің мақсаты: Студенттерге көне түркі тілінің фонетикалық ерекшеліктерін меңгерту.
Тірек сөздер: Көне түркі тіліндегі дауысты дыбыстар, көне түркі тіліндегі дауыссыз дыбыстар.
Дәрістің жоспары: 1. Тарихи фонетика, оның объектілері, зерттеу әдістері
2. Көне түркі тіліндегі дауысты дыбыстар, олардың ерекшеліктері
3. Көне түркі тіліндегі дауыссыз дыбыстар, олардың ерекшеліктері
4. Көне түркі тіліндегі сингорманизм мәселесі
Ғылымда «Орхон-Енисей» жазба ескерткіштері» дейтін атпен белгілі көне түркі тілінің фонетикалық жүйесі қазақ тілі құрамында негізінен сақталғанымен, дыбыстық құрамда, жеке дыбыстардың қолданылуында едәуір өзгерістер бар. Көне түркі тілінің нұсқаулары руникалық жазу арқылы жетті. Көне түркі тілінде 8 дауысты дыбыс болған: а, е, ы, і, о, у, ө, ү. Бұлардан басқа Енисей ескерткішінде бірен-саран сөздерде жабық қысаң дыбыстардан е дыбысы қолданылған деп есептейді, осы ескерткішті алғаш оқып зерттеген Дания ғалымы В. Томсен. Бұл дыбыс ғалымның түсіндіруінше, е ашық дауыстысының әлдеқайда қысаң айтылатын варианты. Сонымен, көне түркі тілінде 8 дауысты дыбыс/фонема болған дейміз. 8 дауысты фонема мынадай топтарға жіктелген: ашық дауыстылар а, е; қысаң дауыстылар ы, і, у, ү; жартылай ашық дауыстылар о, ө, у. Жасалу орнына қарай жуан дауыстылар: а,у,о,ы; жіңішке дауыстылар: е, ө, ү, і; еріннің қатысына қарай: езу дауыстылар: а,е,ы,і; ерін дауыстылары: ө, о, у, ү сияқты топтарға жіктелген.
Көне түркі тілінде 16 дауыссыз фонема болаған. Олар мыналар: б, п, д, т, к – қ, г – ғ, й, ч, с, ш, з, м, н, ң, л, р. Қ – к; ғ – г дыбыстары дербес фонемалық қызмет атқармаған, қ жуан дауыстылармен айтылса, к жіңішке дауыстылардан айтылған, сол сияқты ғ – жуан дауыстымен айтылатын қ дыбысының ұяң варианты да, г- жіңішке дауыстылармен айтылатын к дыбысының ұяң варианты ретінде ғана қолданылған. Қысқасы, 4 дыбыс екі дауыссыз фонеманың көрінісі болған.
Көне түркі жазуы консонаттық негізде жасалған. Сондықтан жеке дауыстылардан гөрі буын сапасын дауыссыздар таңбасы арқылы белгілеу ол жазуда басым болған. Жазудың дауыссыздарды белгілейтін таңбалары, соған сәйкес үш түрлі топқа бөлінеді: жуан дауыстылармен тіркесте айтылатын дауыссыздар б, д, ғ, қ, л, н, р, с, т, й, жіңішке дауыстылармен бір тіркесте айтылатын дауыссыздар: б, д,г, к, л, н, р, с, т, й. Жуан дауыстылармен де, жіңішке дауыстылармен де айтылатын дауыссыздар м, н, ң, п, ш, ч, з.
Сөз басында д, г, ғ, н, ң, р, з айтылмаған. Ал л, п, ш дыбыстары басқа тілдерден енген сөздердің басында айтылған. М, б дыбыстары сөз басында бірі 2-шісінің орнына айтылады: бен – мен, маңа – баңа (маған), менгу – бенгу (мәңгі). Сөз басында н дыбысы тек екі сөздің құрамында ғана қолданылған: не, нең. Сөз ортасында ң дыбысы н, г, ғ, к, қ дыбыстарына сәйкес қолданылуы кездеседі: еңін – егін, йіңне – йігне (ине) т.б.
Ұяң дауыссыздардан сөз басында қолданылатын б дыбысы ғана: бер, бір.
Көне түркі тілінде сөз соңында с, ш дыбыстары алмасып айтылған. Қазіргі түркі тілдері бұл жағынан екіге бөлінеді. С дыбысымен айтылатын тілдер қазақ, қарақалпақ, ноғай, хақас, якут, сары ұйғыр, ш дыбысын айтатын тілдер; қырғыз, ұйғыр,өзбек, түрікпен, әзербайжан, түрік.
Көне түркі тіліндегі сингорманизм де, қазіргі тілдердегі сияқты, 1-інші буын жуан айтылса, қалған буындар да жуан, жіңішке айтылса қалған буында жіңішке айтылады. Дегенмен, көне түркі тілдегі қатаң дауыссыздар жуан дауыстылармен, «жұмсақ» дауыстылар жіңішке дауыстылармен тіркеседі.
Қатаң дауыссыздан соң қатаң дауыссыз айтылады, ұяң дауыссыздан соң ұяң дауыссыз айтылады: ташқа, төкті, қырғызда.
Ескерткіштер тілінде үнді дауыссызға аяқталған жалғыз ғана түбір сөз бар: ол – бар, бұл сөзге ұяңнан басталатын қосымша жалғанады: бар – ды. Ал л, р, м, н үнді дыбыстарына көбіне қатаң дауыссыздармен басталатын қосымшалар жалғанады. Көне түркі тілінің бұл ерекшелігі ол тілде үнділердің қатқыл айтылуының нәтижесі болу керек деген жорамал бар.
Түбір құрамында аффикстер құрамында да мына төмендегідей дыбыс сәйкестіктері бар: дауысты дыбыстар:
е ≈ і: ел – іл, те – ті (де)
а ≈ ы – у: тұрақ – туруғ, татығ – татағ. (татым)
і ≈ ы: іс – ыс, сіпір – сыпыр.
і ≈ ү: көпір – көпүр.
ы ≈ у: құры – қуру (қура)
ө ≈ ү: сөк – сүк (сөгу)
о ≈ у ≈ ы: қотул – қутрул (қуылу).
Дауысты дыбыстың мұндай сәйкестігі түркі тілдерінің кейін қалыптасқан екі тобын танытады:
аффикстер құрамында езулік ашық дауыстыларды қолданатын тілдер.
аффикстер құрамында езулік қысаң дауыстыларды қолданатын тілдер. Қазақ тілі соңғы топқа жатады.
Дауыссыз дыбыстар: б / м: бен – мен, бің – мің.
б – в (у) – й: еб – ев – ей (үй): себ – сев – сей (сүй)
п – б: пыш – быш (пісу)
б – п – в \ ф: қабса – қапса – қавса (қорша)
б – в – г \ ғ: суб – сув – суғ –(су)
ч – й: чаш – йач (шаш)
д \ т – дз \ зс – дж \ й: ада – ата: йас – йад – йай (жай)
Көне түркі тілі қазіргі түркі тілдерінің барлығына да қатысты, барлығының да арғы түбі болып саналатыны белгілі. Орхон – Енисей ескерткішінен бүгінгі батыс және шығыс болып бөлінетін қыпшақ, оғыз, қарлұқ, бұлғар тектес тілдердің барлығының да негізгі ерекшеліктері мен тұлғалары табылады.
Қазақ тілінің негізін құраушы тіл – қыпшақ тілі екені белгілі. Қыпшақ тілінің сипаты бізге, ең алдымен, «Кодекс куманикус» арқылы Египеттік макмлюктердің тілінің ескерткіштері арқылы белгілі болды.
Сол ескерткіштер материалдары бойынша көне қыпшақ тілі фонетикасы мына төмендегідей:
8 дауысты дыбыс бар: а, е, о, ө, ы, і, у, ү. Көне қыпшақ тілі сингармонизм заңдылығын қатаң сақтаған. Дауысты дыбыстардың мынадай сәйкестігі бар. у\ы, ү\і: темүр – темір
Е – і: -еді – иді.
Қыпшақ тілінде мынадай дауыссыздар қолданған: б, г, ғ, д, з, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, ч, ш, ж, в, й, х, һ, ф. Көне түркі тіліне қарағанда ж, х, һ,ф дауыссыздары қолданған. Бұл дыбыстардың қолданылуы қыпшақ тілінің басқа тілдермен байланысқа түсуінің нәтижесі болуы керек.
Ж дыбысы – й сәйкестігі болған.
Дж аффрикат көбіне ч дыбысының орынында айтылған: бірінджі. сөз басында л, р, з дыбысының қолданылуы бар: рақым, замана. Көне түркі тілінен тағы ерекше «жаңалығы» сөз соңында г, д, ж дыбыстары тіпті айтылмайды, ал ғ дыбысы сирек айтылады.
ғ, г, қ, қ/ в, й, у дыбыстарына сәйкес қолданылуы жиі ұшырайды.
Қыпшақ тілінде дауыссыздар қосарланып қолданылады. Мұны әдетте геминация құбылысы деп атайды: қатты, ханны т.б.
Кейде фонетикалық заңдылыққа сыймайтын қосарлануларда кездеседі: йашшыр, сұңрассында. Бұл көшірушінің қатесі болуы да мүмкін.
Бақылау сұрақтары:
1. Тарихи фонетиканың зерттеу объектісі не?
2. Көне түркі тілінде қанша дауысты дыбыс болған?
3. Көне түркі тіліндегі дауысты дыбыстар қандай топтарға бөлінген?
4. Көне түркі тіліндегі дауыссыз дыбыстар жүйесінде қандай ерекшеліктер болды?
5. Көне түркі тіліндегі сингорманизм заңының қандай ерекшіліктері бар?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж.
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
6-тақырып. Жеке дауыстылардың дамуы
Дәрістің мақсаты: Студенттерге жеке дауысты дыбыстардың даму ерекшеліктері туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: дыбыстар, фонема, дифтонг, вокализм.
Дәрістің жоспары: 1. Қазақ тілінде қалыптасқан ә дыбысы туралы пікірлер.
2. Қазақ тіліндегі дифтонг дыбыстар
3. Қазіргі түркі тілдері арасындағы дауысты дыбыстар сәйкестігі.
Ә - дыбысы. Түбір сөз құрамындағы дауысты фонемаларды көне түркі тіліндегі дыбыстар тобымен салыстырғанда, көзге оқшау көрінетін фонема- Ә. V-VIII ғ. жазбалардың тілінде, орта ғасырлардың алғашқы кезеңіне қатысты жазбаларда мұндай фонема ұшырамайды. Қазақ тілінің фактілеріне қарағанда, Ә фонемасы түркі тілдердің бір сыпырасында шығыс тілдерінің әсерімен қалыптасты деген пікір бар. Араб-парсы тілдерінің өзінде, х, ғ, дыбыстарынан басталатын сөздер қазақ тілінде ә - ден басталған. Қазіргі қазақ тіліндегі Әкім, Әли т.б. сөздердің шығыстың нұсқасы да Хәкім, Ғәли және тек сөздің басқы позициясында ғана айтылады.
Әр сөзінің арғы тегі һар. Осы түбірден тараған сөздер де сондай: әркім, әрдайым, әркез, әрқилы. Ал әскер, әуе, әуел сөздер өз нұсқасында ғаскер, һауа, һауал түрінде дыбысталған. 2-ші жағынан, қазіргі қазақ тілінде байырғы қазақ сөздерінде ә дыбысынан басталатыны кездеседі: әпер, әкел. Ә - дыбысының қолданылатын тағы бір жері – жәй, шәй сөздерінің құрамы. Әдетте ж, ш дыбыстарынан кейін айтылатын жуан дауысты дыбыс жіңішкеруге бейім келеді. Мұндай бейімдекке қосымша әсер – сөздердің й – ге аяқталуы. Сонымен қатар ә дыбысы Күләш тәрізді бірен-саран кісі аттары құрамында да айтылады.
У –дыбысы. Су, бу, келу, кету сөздерінің құрамындағы у дыбысын қазақ тілі грамматикасында дифтонг дыбыс деп қарайды. Дифтонг деп танылуы алдынан көмескі болса да бірде ұ, бірде ү естіледі. Қазіргі тілдердің материалдарын салыстырып қарасақ хақас – суғ, башқұрт - һыу, шор – суг, қазақ – су, қырғыз – суу т.б. Бұл фактілер негізінде мынадай дыбыс сәйкестігі шығады.
Уғ - ыу – уу – у. Сонда қазақ тілінде уғ – у өзгерісі болған.
Осы сияқты пікір И дыбысының шығуы туралы да айтылып жүр. Көне түркі фактілерін салыстырайық:
йығ – жи, йығыл – жиыл т.б. сонымен қазақ тіліндегі у, и дыбыстары о баста дауыстылармен ғ, г дауыссыздары тіркесінің қазіргі жалғасы болып табылады. Ғ дыбысы жуан дауыстылармен, г дыбысы жіңішке дауыстылармен тіркескен. Соған орай, солардың негізінде қалыптасқан дифтонгілер бірде жуан, бірде жіңішке естіледі.
Түркі тілдерінің бір тобында дифтонгілердің, ал енді бір тобында созылыңқы дауыстылардың қалыптасуы бір бірімен жалғас құбылыстар, олар орта түркі дәуірінде болды. Созылыңқы дауыстыларды айтатын тілдердің бірі – қазіргі қырғыз тілі. Қазіргі қырғыз тілінде көне түркі тіліндегі ғ, г дауыссыздарының дауыстылармен тіркесі тек созылыңқы дауысты болып естіледі. Түркілік тағ сөзі тоо түрінде, шығыс тілдерінен енген сағат сөзі саат түрінде дыбысталады. Ғалам – аалам, мұғалім – маалим түрінде дыбысталады.
Қазақ тілі дауыстыларының ішінде оқшаулау тұратын дыбыстардың бірі – ұ. Түркі тілдерінің тарихи – салыстырмалы фонетикасын зерттеудің қайсысы да ескі түркі тілде сөздің басқы буынында айтылған у дыбысы қазақ т.б қыпшақ тілдерінде қысқа айтылатын, о мен у немесе у мен ы арасында естілетін жуан дауыстыға ауысқандығын айтады (А.М. Шербак. Срав. фонетика тюркских языков).
V – VІІІ ғасыр жазбалар тілінде: қул (құл) уйа (ұя) уруш (ұрыс), ур (ұр) т.б.
Қашқари: улуг (ұлық), уйат (ұят)
Түрікше-арабша сөздікте: қулағ\қулақ (құлақ), қулун (құлын) т.б. Бұл фактілерге қарағанда, қазақ тіліндегі сөз басында айтылатын ұ – дыбысының арғы түбі ескі түркілік осы позициядағы у – дыбысына барып тіреледі. Қазіргі қазақ тілінде ұ дыбысы сөздің тек басқы позициясында, яғни тек 1 – інші буында ғана айтылады. Кейінгі буындардағы ұ қазақ сөзінде ы – ға жақын естіледі де, жазуда еленбейді. Бұл ерекшелік қазақ тілінде ерін үндестігінің әлсіздігімен байланысты. Қазіргі қазақ тілінде мойын сөзі чуваш тілінде май, якут тілінде мой түрінде айтылады. Зерттеушілердің бірсыпырасы осы сөздің қазақ тіліндегі вариантындағы соңғы буыны (ын) о баста у дыбысымен яғни қазақ тілінде ұ дыбысымен басталған ілік септік қосымшасы деп қарайды. Қазақ тілінде түбір мен қосымша сингармонизм заңына бағынып қалыптасқан. Осыған қарағанда, 1 – ші буындағы ұ дыбысы бар сөздердің қалған буындары да бір кезде қазіргідей езулікпен айтылмай тек еріндіктермен ғана айтылған болуы керек.
Қазіргі түркі тілдерінің бірсыпырасында ілік септік қосымшасы осы уақытқа дейін у дыбысынан басталады. Мысалы, азербайжан тілінде ілік септіктің бір варианты у, ұ дыбыстарымен басталады.
Сөйтіп, мұндай сөздердің 2 – ші буынындағы езулік ы дыбысы көбінесе көне түркілік у дыбысының көрінісі болып келеді.
У (ұ) – ы сәйкестігі тек түбір сөздер , қосымша құрамында да ұшырасады. Олдурғ – отырык, оғулсуз – ұлсыз т.б.
Сонымен қатар, қазақ тілінде сөз басында айтылатын ұ дыбысы көне түркілік О мен Ғ дыбыс тіркестеріне сәйкес болатыны бар:
Оғлан – ұлан, оғры – ұры.
Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерінде әдеби тілдегі о дыбысына ұ – ның сәйкес келуі жиі кездесетін құбылыстың бірі: қолдану – құлдану, ояну – ұяну, орақы – сұрақы. Керісінше әдеби тілдегі ұ дыбысына о сәйкес келеді: ұқсайды – оқсайды, орпақ – ұрпақ.
Қазақ тілінде ұ – дыбысының жоғарыда айтылған ерекшеліктерін ескерсек, мынадай дыбыс сәйкестіктерін көреміз: у – ұ, у – о, о –ұ .
Қазақ тіліндегі сөздің басындағы және 1 – ші буында айтылатын о кейбір ерекшеліктеріне қарамай, басқа түркі тілдердегі о дыбысына сәйкес келуі (тек башқұрт, татар, чуваш тілдерінде ғана басқа дыбыс айтылған). Көне түркі материалдарын салыстырып көрейік: оқ, оқта, ол, ой, ойул (ойыл) т.б. Сөйтіп, ескі түркілік о қазақ тілінде де о дыбысына сәйкес келуі жиі кездеседі, сиректеу ұ дыбысына сәйкес келеді.
Сөздің басында не 1- ші буында айтылатын ө, ү дыбыстары көне түркі тілінің осындай позициясында қолданылатын дыбыстарына сәйкес келеді: өч - өш, өкүн - өкін, үчүн – үшін т.б.
Кей кезде көне түркілік ө дыбысы ү – ге, керісінше, ү дыбысы ө - ге сәйкес келіп шығады: өгір – үйір, үгүз - өгіз, өгрен – үйрен, өгүт – үгіт түрінде айтылады. Бұндай фактілер қазіргі тіл құрамында да ішінара ұшырасады: өтек – үтек, өкімет – үкімет.
Көне түркі тілінде ү дыбысы 2 – ші, 3 – ші буындарда да айтылған. Кейінгі буындарда айтылған көне түркілік ү қазақ тілінде әбден қысқарып і – ге айналған. Өкүнүч - өкініш, үгүр – үйір, үчүн – үшін.
Қазіргі түркі тілдерінің құрамында а – ның жуан ы – ға сәйкестігі ұшырасады. Мысалы: тува тілінде: тырт, ындығ, ында, хырын басқа тілдерде – тарт, анда, қарын, якут тілінде ый, ыл, ыт басқа тілдерде – ай, ат, ал. Кейбір ғалымдар түркі негіз тілі құрамында бір тайпа тілінде а – ның орнына ы айтылған болу керек деген пікір айтады. Сонымен қатар, ы дыбысы дамуының 2 – ші бір жолы бар: у >ұ > ы: турна – тұрна – тырна. Чуваш тінінде көп сөздердің бірінші буынында жалпы түркілік а орнына у, енді бір топ сөздерде ы дыбысы айтылады: сухол – сақал, улма – алма, улап – алып, уч – аш, хыран – қарын. Қазақ тіліндегі бұл сәйкестік кейбір сөздердің 2- ші буында кездеседі: сияқты – сиықты, тайаз – тайыз, қысқаш – қысқыш.
Сонымен, қазақ тіліндегі ы тарихи жағынан бірде а дыбысының тарихи баламасы болып табылады.
Бұл дыбыстардың жіңішке варианты – і. Қазақ тіліндегі і – көп ретте көне түркілік осындай дыбыстардың жалғасы, соның орныққан түрі деп қарауға болады. Көне түркі тіліндегі іш, іште, бір сөздері құрамындағы і дыбысы қазақ тілінде сол сапасында қалған: іс, істе, бір түрінде дыбысталады.
V – VІІІ ғасыр жазбалары тілінде е – і сәйкестігі болған. Бір ғана сөз бірде е, бірде і дауыстыларымен айтылған. бұл әсіресе башқұрт тілін қамтыған.
Қазақ тілінде ій, ійіл, ійгі сөздері көне түркі тілінде ег, егіл, егү түрінде айтылады.
Кейбір көне түркі тілінде і – е дыбыстарының сәйкестігі болған. Мысалы, хакас, алтай, шор тілдерінде кім есімдігі кем болып айтылған. Қазақ тіліндегі і қысаң дауысты этимологиялық жағынан е ашық дауысты дыбысымен байланысы барлығы айқын.
Көне түркілік: кед, ейгу, ег, егрі сөздері кій, ійгі, іи, ійір түрінде дыбысталады.
Қазақ тілі вокализмі құрамында «жаңа» дыбыстар қатарына тыл, электр, станция сөздерінің құрамындағы ы, и, э дыбыстарын жатқызу керек.
ы, и, э дыбыстарының фонемаларының мәні тек осындай сөздер құрамында ғана көрінеді. Басқа ыңғайда бұлар фонема бола алмайды.
Бақылау сұрақтары:
1. Ә фонемасының шығу тегі туралы қандай пікір қалыптасқан.
2. Араб-парсы тілдерінде қандай дыбыстардан басталатын сөздер қазақ тілінде ә дыбысынан басталады?
3. Дифтонг дыбыстар дегеніміз қандай дыбыстар?
4. Дифтонг дыбыстар қай тілге тән?
5. Созылыңқы дауыстыларды айтатын тілдерге қай тілдер жатады?
6. Қазіргі қазақ тілінде ұ дыбысы сөздің қай позициясында айтылады?
7. Қазақ тілі вокализмі құрамындағы «жаңа» дыбыстарға қандай дыбыстар жатады?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж.
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
7-тақырып. Жеке дауыссыз дыбыстардың тарихи өзгерістері
Дәрістің мақсаты: Студенттерге жеке дауыссыз дыбыстардың даму ерекшеліктері туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: дауыссыз дыбыстар, аффрикат,эллизия.
Дәрістің жоспары: 1. Ғ, Г дыбыстарының сөздің түрлі позициясында қолданылу ерекшеліктері
2. Көне түркілік д, з, л, п, р дыбыстарының қолданысы
3. Қазіргі түркі тілдерінде кездесетін дауыссыз дыбыстар сәйкестіктері
Көне түркі тілінде 16 дауыссыз дыбыс болған. Қазақ тілінде дауыссыз дыбыстар саны бұдан әлдеқайда көп. Көне түркі тілі дауыссыздарының қолданылу позициясы қазақ тілі дауыссыздарымен бірдей бола бермейді. Кейде бір ғана дыбыстың қолданылу орнына қарай түрлі өзгеріске түскенін байқауға болады. Оның үстіне, көне түркі дауыссыздарының түрлі түркі тілінде әр түрлі көрініске ие болғаны тағы бар. Мұндай өзгерістердің қолданылу жүйесін салыстырғанда байқалады.
Көне түркі тілінің қ дауыссызы сөз басында қазақ тілінде де өз сапасын сақтаған. Бірақ тіл дамуының барысында сөз ортасындағы қ кейде элизияға ұшыраған (қысқарған) бұл қазақ тілінде кездеседі: тарқау – тарау, уқалау – уалау т.б.
Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөз соңындағы қ дыбысының да түсіп қалуы байқалады, өзбек – аччық, ұйғыр – аччығ, қазақ тілінде – ащы. Ұлы, құтты сөздерінің соныңда бұрын ғ дыбысы айтылған. Сондай-ақ сөз басындағы к дыбысыда осы сапасында қалған. Оңтүстік батыс тілдерінде сөз басындағы к көбінесе г – ге айналған: геч, гіт, гөк т.б. Екі дауысты аралығындағы қ, к дауыссыздары көбінесе түркі тілінде де ұяңдаған. Сөз соңындағы қ, к сол күйінде сақталған деп қарауға болады: ақ, көк т.б.
Көне түркі тілінде сөздің басында г, ғ дыбыстары қолданылмаған. Бірақ сөз соңында жиі айтылған: андағ, тег т.б. Қазақ тіліндегі ғ, г дыбыстарын салыстырғанда, едәуір айырмашылық байқалады. Ең алдымен, қазақ тілінде көп сөздердің басында ғ, г дыбыстары айтылады: гүл, ғашық, ғұрып, ғұмыр т.б. төркіне қарасақ араб-парсы тілінен енген сөздер.
Көне түркі тілдерінде сөз ортасында қолданылатын ғ, г қазақ тіліндегі көрінісі мүлдем басқаша. Мысалы: көне түркі тілінде: қағун, сарығ, қайғуқ, қығ, бузағу, белгүлүк сөздері қазақ тілінде былай айтылады: қауын, сары, қайық, қи, бұзау, белгілі, яғни бұл сөздерде ғ дыбысы сақталмаған. Кей кездерде сөз ортасында айтылған ғ дыбысы қазақ тілінде у – ға айналған. Мысалы: ағыр – ауыр, ағыз – ауыз, бағыр – бауыр, ағна – ауна. Кейбір фактілерге қарасақ, осы позицияда ғ – ның -й – ге ауысуы да байқалады: бағла – байла, йығыл – жыйыл.
Дегенмен, осы өзгерістердің қайсысы да тіл құрамындағы барлық сөз атауын түгел қамтымаса керек.
Көне түркі тілінде сөз соныңда айтылған ғ қазақ тілінде әр түрлі көрінеді.
а) ғ буын құрамайтын у дыбысына ауысты: бағ – бау, сағ – сау, тағ – тау, йағ – жау, йадағ – жаяу т.б.
ә) ғ – ның й – ге айналғаны байқалады: йығ – жый, бағ – бай.
б) сөздің соңында ғ – ның түсіп қалуы бар: сарығ – сары, кішіг – кіші, суғ – су.
Көне түркілік г дыбысы да осыған ұқсас өзгерістерге ұшыраған: сөз ортасындағы г көп жағдайда й – ге ауысқан. Көне түркілік: егін – ійін, көгле – күйле, өгрен – үйрен, түгме – түйме, үгріп – үйір т.б.
Дегенмен, кейбір сөздер өз қалпын сақтап қалған: йігіт – жігіт, өгіт – үгіт.
Көп сөздер құрамындағы г элизияға ұшыраған: кергек - керек.
Сөз соңында көне түркілік г көбінесе й – ге айналған: бег – бій, ег – ій, бег – тің бек варианты да бар, сөз соңында да элизияға ұшыраған: сарығ – сары; арығ – ары.
Ғ, г дыбыстарының өзгерісі тілдің қосымшалар жүйесінен де байқалады. Көне түркі тіліндегі – лығ қосымшасы негізінде – лы қалыптасқандығы байқалады.
Көне түркілік тег шылауы бір жағынан қосымшаға айналды. 2 – ші жағынан, г – й нәтижесінде – дай\тей қалыптасты. Көне түркілік – ғу қосымшасы – ғы жұрнағына айналды.
Көне түркілік д, з, л, п, р дыбыстарымен сөз басталмаған. Қазіргі қазақ тілінде осы дыбыстармен басталатын сөздер шеттен кірген сөздер: заман, зерек, зейін, рақым т.б.
Л, р дыбыстары сөз ортасында, сөз соңында түсіп қалады. Алып кел - әпкел, алып бар – апар, болса – боса т.б. Бұл әсіресе оңтүстік қазақтарының тілінде қалыптасқан норма екені байқалады. Р дыбысы түсіріліп айтылатын сөздер көп емес: беркіт – бекіт. Керісінше түрікпен, азербайжан сөздерінде аслан сөзі қазақ тілінде арыстан болып айтылады.
Тарихи тұрғыдан орны тұрақсыз дыбыс деп Н дыбысы айтылады. Қазіргі көмектес септікке негіз болатын бірлен шылауы екі вариантта айтылған: бірлен – білен, ілен және бірле - біле, іле, яғни 1 варианты н – сіз айтылған. тағы бір факт – тәуелдіктің 3 – жағы ы / сы түрінде айтылады. Осы аффиксті сөзді септегенде, оның орта шегінде н пайда болады: баласында, үйінде.
Түркологияда тараған пікір бойынша, тәуелдіктің 3- ші жағы алғашқыда -ын, -сын түрінде болған, кейін сөздің соңында н түсіп қалған да, сөз ортасында сақталып қалған.
Жалпы н дыбысы ескі түркі тілінде сөз басында бірен – саран сөз құрамында ғана байқалады. Олардың көпшілігі сырттан енген сөздер.
Қазақ тілінде сөз ортасында н – й сәйкестігі кездесіп отырады. Мысалы: қайда – қандай, қанша. Бұл сөздердің ортақ түбірі қай\\қан екені белгілі. Қазақ тілінің батыс говорында қайда сұрау есімдігінің қанда варианты да ұшырайды.
Көне, жаңа түркі тілдерінде сөз басында айтылмайтын дыбыс – ң. Ң – көбінесе сөз ортасында, соңында ғана айтылады. Мысалы, Рясянен монғол тілдері мен түркі тілдері арасында нғ – ң сәйкестігін көрсетеді.
Қазақ тіліндегі қоңыр сөзі монғол тілінде қоңғур болып дыбысталады. Қазіргі тіл құрамында мынадай құбылыс байқалады. Сөз ортасында қ, к, ғ, г дыбыстарының алдында ң дыбысы айтылады. Мысалы, жаңғыз, жоңғы (құрал аты), жаңқа, мәңгі, мөңкі, сүңгі т.б. Бұл фактілердің барлығы нғ, нг дыбыс тіркесіне қатысы барын көрсетеді.
Көне түркі тілінде т дыбысы сөз басында да, ортасында да, аяғында да жұмсалған. Дегенмен, кейінгі даму барысында бірсыпыра тілдерде (түркмен, түрк, азербайжан) сөз басында т – д – мен алмасқан. Мысалы, дөрт – төрт, дағ – тақ.
Т дыбысының д – дыбысымен алмасуы қазақ тілінің жергілікті ерекшелігінен кездеседі: дұз – тұз, тілмәр – ділмәр. Қазақ тіліне тән деп қаралуға тиіс ерекшелік – т дыбысына аяқталған сөздерге дауыстыдан басталатын қосымша жалғанса да, т ұяңдамайды: ат – ы, хат – ы.
Бұдан бұрын айтылғандай, көне түркі тілінде б дыбысы сөз басында айтылған, осы позицияда п дыбысы жұмсалмаған. Солтүстік – шығыс тілдерінде сөз басында б орнына п орныққан. Мысалы: алтай, шорда – пер, қазақта – бер. Ал кейбір оңтүстік – батыс тілдерде сөз басындағы осы дыбыс в – ға айналған: түрік, азербайжан – вар. Сонымен қатар ол тілдерде бол етістігінің құрылымдылығы б дыбысы түсіп, ол түрінде айтылады.
Орхон – Енисей жазбаларының тілінде сөз басындағы б – м сәйкестігі бар: бен – мен. Қазақ тіліндегі бұнда, мұнда тәрізді параллельдер сол сәйкестіктің бүгінгі жалғасы. Ежелгі ескерткіштер тілінде б дыбысы сөздің соңында да айтылған: суб, саб, себ. Бұл позициядағы б қазақ тілінде орнықпаған – бірде түсіп қалса (суб – су), бірде қатаң п – ға айналған: (саб – сап), ал енді бірде басқа дыбысқа айналғанын көреміз. (себ – сүй). Ау сөзі көне түркіде аб, үй – еб болған.
Сөз басында б – п сәйкестігі қазақ тілінде де кездеседі: Болат – Полат, бітіру – пітіру, бал – пал.
Көне түркі тілдердің с дыбысы қазіргі қазақ тілінде сөздің барлық позициясында да сақталған: ас, астық, тыс т.б. Дегенмен, қазақ тілінің құралу процесінде дыбыстардың үндесу заңдылығының әсерімен сөз басындағы с дыбысы кейбір сөздерде ш дыбысына айналған: шаш, шеш. Ұйғыр, түркпен тілінде саш, сеш.
Ш дыбысы сөз ортасында, кейде сөз соңында да сақталған аш, ашық. Бірақ, көне түркілік ш қазақ тілінде с – ға айналған.
Көне түркілік ч қазіргі түркі тілдерінде әр түрлі орналасқан: қазақ – шын, татар – чын, хақас – сын. Сөйтіп, түркі тілдері арасында ш – ч – с сәйкестігі келіп шығады. Ескі түркілік ч дыбысының жалғасы деп, сөз басындағы ш – ны айту керек. Ч осы сапаларда Жетісу қазақтарының тілінде ғана сақталған.
Қазақ тілінде ж қазіргі түркі тілдерінің бірсыпырасында сөз басында айтылған й – дің, көне түркілік й – дің көрінісі. Бірсыпыра зерттеушілер ескі дәуірде түркі тілінде ж болмаған деп есептейді.
Й – дж – ж өзгерісі болған дейді. Бірақ бұл пікірді қостамауға екі түрлі себеп бар, көне ұйғыр тілі ескерткіштерінде жалаң ж да, аффрикат дж да бар. Соған орай, Малов ж, дж дыбыстары й – ге қарағанда ескі болу керек дейтін пікір айтады. Қазақ тілінде жаз (лето), тувада – час, чуваш – сұр, якутта – сас болып айтылады да ж\дж – й\ч\с сәйкестігі шығады.
Қазақ тілінің жергілікті ерекшелігінде д – ж сәйкестігі байқалады: дүзу – жүзу, дүз – жүз, домалау – жұмалау.
Кейде ж – й сәйкестігі кездеседі: со жер – сойер.
Алтайлық р фонемасы біздің тіліміздегі з – дыбысына сәйкес. Қазақ тілінде кейбір сөздер құрамындағы р мен з этимологиялық жағынан бір ғана фонеманың екі түрлі көрінісі ретінде айтылады: көз – көр, семір – семіз, жар – жаз, теру – тізу т.б.
Кейбір сөздерде р – й сәйкестігі бар: тіреу – тайау, қырқу – қыйу т.б.
Бақылау сұрақтары:
1. Көне түркі тілінде қанша дауыссыз дыбыс болған?
2. Көне түркі тілі дауыссыздарының қолданылу позициясы қазақ тілі дауыссыздарымен сәйкесе ма?
3. Көне түркі тілінде г, ғ дыбыстары қай позицияда қолданылмаған?
4. Көне түркі тіліндег ғ, г дыбыстарының қолданысында қандай ерекшеліктер байқалады?
5. Көне түркілік д, з, л, п, р дыбыстарының қолданысында қандай ерекшеліктер бар?
6. Қазіргі түркі тілдерінде кездесетін қандай дауыссыз дыбыстар сәйкестіктері бар?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж.
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
8-Тақырып. Түбір сөз дамуының кейбір мәселелері
Дәрістің мақсаты: Студенттерге көне түркі тілндегі түбір морфеманың даму ерекшеліктері туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: түбір, морфема, дифтонг
Дәрістің жоспары: 1. Қазақ тілінің, ж.алпы түркі тілдерінің түбір морфемасы туралы түсінік.
2. Түбір буынның фонетикалық сипаты, дыбыстық құрамы
Түбір, түбір сөз деп тіл білімінде дербес морфемаларға бөлінбейтін, тұтас күйінде ұғынылатын сөздің мағыналы бөлігі айтылады. Қазіргі қазақ тілінде тың, айт, кел тәрізді сөздер түбір ретінде танылады да, айтыс, келіс, тыныш тәрізді сөздер түбірлерден әртүрлі аффикстер арқылы жасалғандар туынды түбірлер немесе туынды сөздер деп қаралады. Алайда, қазіргі тілдегі түбір деп қаралатын, солайша ұғынылатын сөздерді өзара салыстырғанда олардың көпшілігі «мағынасыз» түбірлер мен «белгісіз» қосымшаларға ажырайтындығын көрсетеді. Мысалы, мына сөздерді өзара салыстырып байқайық: қарт, қария, кәрі – бұл үшеуінде ортақ болатын тер қар болады да, - т, -ия,-і белгісіз қосымшалар екені көрінеді.
Қазақ тілінің, жалпы түркі тілдерінің түбір морфемасы жайлы сөз қозғағанда, түбірдің фонетикалық құрылысы мен сипаты жайлы мәселеге соқпай өту мүмкін емес. Мәселе мынада түркі сөздерінің түбір морфемасы бір буынды болып келеді. Бір буынды түбірлер болу тек қана түркі тілдерінің емес, жалпы алтай тобына жататын тілдердің ортақ ерекшелігі болып табылады. Мысалы, етістіктер құрамында бір буынды түбірлердің саны екі буындыларға қарағанда аз, бірақ сол аз ғана топ бір буындылар барлық етістіктердің ұйытқысы болып табылады. Қазіргі тілде 2 буынды байырғы түбірлер ретінде қалыптасып кеткен сөздердің кейбірі байырғы түбір мен қосымшаға ажырайтыны байқалады. Мысалы: аршы, ашы, айық, үрік тәрізді етістіктерді арық, ашшы, үркек есімдерімен салыстырғанда, ортақ түбірлер ар - , аш - , ай - , үр – шығады.
Тарихи зерттеулерге қарағанда Енисей ескерткіштері (V – VІІІғ.) тілінде бір буындылармен қатар 2 буынды, сондай 3 буынды түбірлердің де кездесетінін, бірақ 1 буындылардың басымдығын көрсетеді. Көне ұйғыр жазбалары тілін жете меңгерген Насилов ол ескерткіштер тілінде бір буынды, 2 буынды түбірлердің аса мол екендігін, бірақ 3 буынды түбірлердің өте сирек және өзі де туынды түбір екенін көрсетеді. Насилов келтіретін бір буынды, екі буынды түбірлерді өзара салыстырғанда олардың біразының бір буынды түбірлер негізінде қалыптасқан 2 буындылар екені байқалады. Мысалы: ад (ат), ады (аты), сав (сөз) сөзле (сөйле).
Түбір буынның фонетикалық сипаты, дыбыстық құрамы
Қазіргі түркі тілдерінде дифтонгілер мен созылыңқы дауыстылардың бар екені мәлім. Дифтонгілер мен созылыңқы дауыстылардың шығуы түбір құрамын белгілі дәрежеде өзгерістерге ұшыратты. Якут тіліндегі «байырғы» созылыңқылар басқа түркі тілдерінде әдеттегі дауыстыларға сай келеді: аат – ат, қыыс – қыз, ииіс – із.
Басқа тілдерде ашық, якут тілінде езулік ашық созылыңқы дауыстыдан басталатын біраз сөздер чуваш тілінде й дыбысынан басталады: якут – аат, басқа тілдерде - ат, чуваш – йат, якут – иис басқа тілдерде – із, чуваш - йер (р/з). Сөйтіп, якут тіліндегі байырғы созылыңқы дауыстылар жайлы мәселе байырғы түбірлердің фонетикалық қосылысы жайлы мәселемен тығыз байланысты болып отырады. Сондай – ақ чуваш тілінде бітеу буынды түбір, қазақ тілінде ашық буыннан тұратын сөз болады.
Мысалы: йывар – ауыр, ял – ел, йене – ін.
Чуваш тілінде в дыбысы да сөз басында қазақ тілімен салыстырғанда бітеу буынды түбірлер мен негіздер жасайды. Мысалы: вал – ол (жіктеу есімдігі), вута – отын, вата – орта, ват – от, выран – орын.
Бұл құбылыстар басқа түркі тілдерден чуваш тілін ерекшелейтін белгілер.
Сонымен қатар, көне түркі жазбалар тіліндегі у, о дыбыстары чуваш тілінде көп сөздер құрамында езулік ы қысаң дауыстысына айналып кеткен. Мысалы: ывал – ұл, йықы – (ұйқы).
Дыбыстардың тарихи ауысулары арқылы өзгерген түбірлер қазіргі тілде дербес күйінде емес, тарихи негіздердің құрамында ғана сақталғандығы да байқалады. Мысалы: жақын, жуық - соңғы - ын, – ық қосымша екі сөзге де негіз болған түбір - жағ. Айыр, ажыра және құрға, қура етістіктері бір түбірдің екі вариантының негізінде қалыптасқан.
Кейбір түбірлердің тарихи варианттарының бір – бірінен алшақтағаны соншалық, олардың тарихи негіздестігін бүгінгі тіл фактілері арқылы ажырату мүмкін де бола бермейді. Қазақ тілінде йір етістігі бар да, ұршық зат есімі бар. Сырт көз олардың негіздестігін әсте ажырата алмайды, дегенмен, ұршық сөзінің бастапқы дыбыстық сипатын шамамен былайша қарауға болады – йу (о) р – шық. – Шық – кішірейтпе мәнді зат атауын жасайтыны мәлім. – Р – екеуіне де ортақ етістік жасайтын қосымша. Сонымен, иір де, ұршық та туынды түбірлер.
Қазіргі тілімізде түбір деп қаралатын бірсыпыра сөздер (- ыр; - ір) форматымен келеді.
Мысалы, жасыр етістігі қазіргі тіл тұрғысынан құрама элементтерге ажырамайды. Оның себебі – ыр қосымша екенін білсек те жас – дейтін – дербес мағыналы түбір жоқ. Ал көне түркі тілінде йаш – скрываться, ол мені көрүп йашты – он увидев меня скрылся.
Опыр етістігі де ежелгі түбір мен – ыр қосымшасына ажырайды. Сөйлеу тілінде қолданылатын обу (ол обып жібере жаздады) етістігімен салыстырсақ (айырмашылық тек б дыбысының айтылуы екеуіне ортақ бір түбір оп\\об ажырап шығады.
Көне түркі тілінде оп – жұту, сонда опыр етістігі оп – ыр құрама элементтеріне ажырайды. Қазіргі қазақ тіліндегі секір етістігі де ежелгі түбірмен – ір қосымшасына ажырайды.
«Құдатқу білікте» сек – секіру деп берілген және осы түбірдің туынды тұлғасы секірт беріліп (секіру деген түсініктеме берілген). Қазақ тіліндегі секең – секең ету дегендегі секең осы түбірден жасалған тұлға екені айқын.
Р қосымша арқылы қалыптасқан есімдіктің бірі - ұтыр (қолай сәт, оң мәңіндегі) сөзі. Көне түркі тілінде бұл түбірдің бастапқы сипаты: өдз\\өд – время. Сонымен қатар, оли тілде бұл сөздің есім тұлғаларымен қатар, өдзле (қолайлы сәтті таңдау) етістік тұлғасы да кездеседі.
- Р қосымшасынан келетін бірсыпыра есімдерге негіз болған түбірлер қазіргі тілде дербес, жеке қолданылады: тықыр, сыбыр, жыбыр, шықыр тәрізді сөздерге негіз болған тық, сыб (п), жып, шық түбірлері жеке де қолданылады. Тық – тық етті, жып берді, шық етті.
Қазіргі қазақ тілінде – н қосымшасынан қалыптасқан сөздер де үлкен топ. Бұл тұлғалы сөздерге негіз болған түбірлердің біразы қазіргі тілде өз дербестігін сақтамай тарихи туынды түбір құрамында қалуы мүмкін немесе қазіргі тілде актив қолданылатын сөз болуы да мүмкін. Б. Юнусалиев осы аффикс арқылы қалыптасқан 7-8 түбір сөзді келтіреді: келін, сауын, сан, жалын, құйын, жақын, жуан.
Көне тілде екі түбір арқылы берілген екі түрлі мән қазақ тілінде бір сипатты түбірге ауысқан. Мысалы: жалбарын, жалын етістіктері де бір ғана түбірден (жал) тараған. Бірақ дербес қолданылатын жал, жалбар түбірлері жоқ. Жалбарын, жалын етістіктері ғана бар.
Оян, оят етістіктерінің түбірі - ойа. Жан етістігін жақ етістігімен салыстырсақ жа – ежелгі түбірлермен – н қосымшыларына ажырайды.
Сын етістігі де көне түркі тілінде - сы тұлғасында кездеседі. Сы – ломать (сындыру) мағынасын береді.
Қазіргі тілімізде түбір деп қаралып жүрген бірсыпыра сөздер – т тұлғалы болып келеді. Айт етістігінің көне түркі тілінде «ай» - говорить. Ал ХІ ғасырдан кейін қыпшақ жазбаларында айт, яғни түбір мен - т – қосымшасының тұтасқан түрі ғана қолданылған. Қайт – көне түркі тілінде қай – поварачиваться, үміт – көне түркі тілінде «ум» - надеяться, ұят, ұял сөздерінің ортақ түбірі – ұя.
Сонымен бірге, тілімізде -а, -е қосымшасынан қалыптасқан түбірлер кездеседі. Олар негізінен төмендегідей болып келеді: түзе, осы етістікпен түбірлес түзік сын есімі бар, екеуіне ортақ түбір – түз. Көне түркі тілінде: «түз» - равнять.
Қайна - көне түркі тіліндегі: қайын – кипет, қайна – вариться. Сөйтіп, бұл жерде қазақ тіліндегі тұлғаның да қалыптасуы өте ертеде болғандығы байқалады.
Тілімізде – л тұлғасы түбірлер де бар. Қызыл, жасыл, жеңіл сөздерін зерттеушілер қыз + л, жас+л, жең – л деп бөліп жүр және бұндай талдаулар түркі тілдердің бәріне ортақ екенін айтады.
Батыл көне түркі тілінде «бат» – быстро, скоро.
Қазіргі тілдегі бірсыпыра түбірлер – ра, – ре тұлғалы болып келеді. Мысалы: ажыра, былшыра, былжыра деген етістіктерді алуға болады.
- ыр\ - і. Жоры – көне түркі тілінде, жор – объяснить. Оқы – көне түркі тілінде оқ – крик, голос, слово оқтан – оқу – читать, петь.
Сонымен, түбір сөз құрамындағы фонетикалық өзгерістерді ескермей тұрып, оның даму ерекшеліктерін білу мүмкін емес. Фонетикалық өзгерістердің нәтижесінде: а) көне түбір тарихи негіздің құрамында ғана сақталады; ә) көне түбір дербес те, тарихи негіз құрамында да қолданылуы мүмкін; б) көне түбірлердің тарихи өзгерісін анықтау үшін дыбыс өзгерістерінің түрлерін айқындау керек.
Бақылау сұрақтары:
1. Негізгі түбір дегеніміз не?
2. Түркі сөздерінің түбір морфемасы неше буынды болып келеді?
3. Түбір сөз құрамындағы фонетикалық өзгерістердің рөлі қандай?
4. Көне түбір қай негіздің құрамында ғана сақталады?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж.
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
9 -Тақырып. Зат есім. Жалғаулардың даму ерекшеліктері
Дәрістің мақсаты: Студенттерге зат есім, оның жалғауларының даму ерекшеліктері туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: зат есім, септік жалғау, көптік жалғау, тәуелдік жалғау, көптік жалғау.
Дәрістің жоспары: 1. Зат есім, оның жұрнақтары
2. Септік жалғауы, оның грамматикалық мәні мен қызметі
3. Көптік жалғау, оның берілу жолдары
4. Тәуелдік жалғау, оның қалыптасуы
5. Жіктік жалғауының қалыптасуы
Зат есімдер тек заттық мән-мағына туғызушы ғана сөздер емес, соған лайық дербес қолданылатын да сөздер болып табылады. Қазіргі қазақ тіліндегі зат есім категориясының негізгі түрлері көне түркі тілінде де кездеседі. Ол тілде де зат есімдер басқа сөз таптарымен салыстырғанда септелетін, көптелетін, тәуелденетін сөздер есебінде ерекшеленген.
Көптік жалғаулары. Түркі тілдерінің көне дәуіріндегі көптік мән арнайы жалғаулар немесе сөздің лексикалық мағынасы және сөз тіркестері арқылы да берілген. Кейбір жее сөздердің лексикалық мағыналарының өзінде көптік ұғым жатады. Мысалы, йылқы (жылқы), барым (мүлік, дүние) тәрізді сөздер қолданысына қарай жекелік те, көптік те ұғым берген. Сонымен бірге, көптік ұғым сан есім мен зат есімнің тіркесі, қос сөздер арқылы да жасалған.
Көптік мағына тудырудың негізгі жолы – көптік жалғаулары. Орхон – Енисей жазбаларының тілінде көптік жалғауларының екі түрі кездеседі: - лар; - т.
- лар жалғауы ескерткіштер тілінде бастан - аяқ қолданылады. Мысалы: беглер (бектер), кунчуйлер (әйелдер, ханымдар). Қазіргі қазақ тіліндегі – лар жалғауларының қолданылуымен салыстырғанда, көне түркі жазбаларында кейбір ерекшеліктер кездеседі. Сан есіммен тіркескен зат есімдер кейде – лар жалғауын қабылдаған.
Мысалы: Маңа төрт йекілер йақын калт. Қос сөздердің әр сыңарына жалғанады: куртлар – қоңызлар.
А.М. Шербак – лар аффиксінің Х – ХІІІ ғасырлар жазбаларындағы сөз тіркесінде оның бірінші сыңарына ғана жалғанып келетінін айтады. Мысалы: тағлар – сувы. Кейде екі сыңарына да жалғанып келген. Көб кушлар авлағулары. Кейде - лар сөз тіркесінің соңғы басыңқы сыңарына ғана жалғанады.
Изафеттік тіркестің бірінші сыңарының көптік жалғаулы болып келуі көп нәрсеге заттың ортақтығын, не көп затқа көп заттың тәндігін білдірумен байланысты, дегенмен сөз жинақылығы мақсатымен 2- ші сыңары жалғаусыз айтылады. Изафеттің 2- сыңарына бірдей көптік жалғау жалғану қазақ тілінде стильдік мақсатпен ұштасып жатады.
- Лар аффиксінің этимологиясы жайлы көп пікірлер айтылды. Поляк ғалымы Т. Ковальский – лар аффиксінің арғы төркіні болжалды санды білдірген сөз болу керек деп есептейді.
Ал В.А. Богородицкий бұл аффикстің қалыптасуын ІІІ жақ жіктеу есімдігі мен - ар жұрнағының арасындағы ығысудың нәтижесі деп қарайды. Баскаковтың зерттеулерінде - лар аффиксі құрамды қосымша есебінде қаралады. Есім түбірлерін етістік жасайтын (балта – ла, қылыш – та) істің қайталанатынын, дүркінділігін білдіреді. Мұның өзі Баскаковтың ойынша келер шақ есімшенің тұлғасы – р – мен бірігіп барып ішкі семантикалық өзгерістің нәтижесінде көптік мән берудің қосымшасы есебінде қабыптасуға мүмкіндік берді.
Т – қосымшасы Орхон – Енисей жазбаларында атақ дәрежені білдіретін азын - аулақ сөздердің ғана құрамында кездеседі.
Тарқан – тарқат, шад – апыт, тігін – тігіт т.б. Зерттеушілер бұл қосымшаны, монғол тілінен енген деп есептейді. Бірсыпыра зерттеушілер сүт, алпауыт сөздердің құрамындағы - т – ны да көптік жалғау деп қарайды. Қазақ тіліндегі сәлем – сауқат дегендегі т – ны да осы жалғау деп қарау қажет.
Қазіргі түркі тілдердің ішінде бұл қосымша якут тілінде айтылады. А. Н. Кононов якут тілінде - лар көптік жалғауы есімдерге - т арқылы жалғанатындығын айтады: уол – аттар. «Бабурнама» тілінде де жаңағы якут тіліндегідей ерекшелік ұшырасады: бекетлер – бек есіміне әуелі – т одан соң – лар жалғанған.
Көне түркі тілін зерттеушілердің біразы ол тілде көптік жалғаудың тағы бір түрі – а (н) болған деген жорамал айтады. Мысалы: үшен сөзінің құрамындағы -ен қосымшасын осыған жатқызуға болады. Дегенмен, мұнда көптікті білдіруден гөрі топтау мәні басым.
Малов көне түркі тілінде көптік мағына туғызған қосымшалардың бірі деп біз есімдігінің құрамындағы – з – ны да көрсетеді. Оған мынадай мысалдар келтіреді: меңіз (бет), көкүз (көкірек), ағуз (ауыз) және біз, сіз есімдіктерінің құрамы былайша түсіндіреді: бі – з; сі – з. Монғол тілінде «мен» есімдігі «бі», «сен» есімдігі «сі» түрінде айтылады.
Тәуелдік жалғаулары. Тәуелдік жалғаулары көне мұралар тілінде мұна төмендегідей болып отырады:
Жекеше: І жақ – м: (- ым, им; - ум, - үм), (ам - әм)
Будуным (халқым) қаң – ым (әкем)
ІІ жақ. – ң (-ың, -уң, -аң, -әң) –қутың (бақытың)
ІІІ жақ. –ы, -сы (-ы, -и, -сы, -си) (-зы; - зи); уйасы (ұясы), қағаны (ханы).
Тәуелдіктің ІІІ жағының бастапқы тұлғасы -ын; -сын (ин; -син) деген пікір бар. Ал Орхон-Енисей жазбаларында мынадай сөйлем бар: ... табғач булунка беглік оғылың құл болты, сілік қыз оғлың күң болты (табғач халқыңа мықты ұлың құл болды, таза қызың күң болды). Осы сөйлемдегі оғлың, қыз оғлың сөздері тәуелдік жалғауының ІІІ жағында тұр. Бірақ әдеттегідей -ы емес -ын.
Көптік: І жақ -мыз; -міз; -мүз; -ымыз; -имиз; -умуз.
(амыз, -әмәз; ханымыз, ечимиз).
ІІ жақ (-ңыз; -ңиз; -ыңыз; -иңиз; -уңиз; -үңүз); адашыңыз (сіздің жолдастарыңыз)
ІІІ жақ – ы; - сы; - си: зы, - зи, -сылар, - силар.
Жазбалар тілінде тәуелдікте тұрған сөз жіктеу есімдіктерімен тіркесіп те, жеке де айтыла береді.
Тәуелділіктің ІІІ жағындағы сөз өзінің алдындағы сөздің ілік септікте тұруын бірде керек етсе, бірде керек етпейді (кілттің бауы, мемлекет қаржысы тәрізді).
Сонымен қатар, қазіргі қазақ тілінде тәуелділік мән синтаксистік тәсіл арқылы да берілетіні мәлім. Мысалы: біздің үй, сіздің бала т.б. Нақ осы тәсіл көне түркі ескерткіштердің тілінде де кездеседі: бегің ат – бектің аты.
Дәл осы қолданыс кейде қазақ тілінде - нікі тұлғасына сай келеді. Мысалы: Мекке біздің турур (Бұл мекке біздікі). Бұл бәйіт анындүр.
- Нікі аффиксі құрамы жағынан күрделі, тарихи жағынан екі бөлікке бөлінеді: - нің – ілік септік қосымшасы. - кі - сын есім жасайтын жұрнақ.
Ілік септік қосымшаларының – ң дыбысы элизияға ұшырап, - кі аффиксімен бірігіп кеткен.
Тәуелдік жалғауының түркі тіліндегі варианттарын және олардың түбірге жалғану ерекшелігін барлығында мынадай жай байқалады: түбірдің соңғы дыбысы дауыссыз болса, тәуелдік жалғау дауыстыдан басталады да, дауысты болса дауыссыз дыбыстан басталады.
V – VІІІ ғасырлар ескерткіштерінде тәуелдік жалғауларының ІІІ жақ көптікте де, жекелікте де бірдей бір ғана аффикс арқылы беріледі.
(- ы; - сы- түбірлердің соңғы дыбысына қарай. Ал орта ғасырлық ескерткіштерде екі түрлі, бірде жекелік тұлғамен бірде – ылар, -сылар түрінде, яғни көптік жалғауларымен қосылып келеді. Қазіргі қыпшақ тілдерінде соның ішінде қазақ тілінде алғашқы тәсіл сақталған да, оңтүстік тілдерде татар т.б. тілдерде соңғы тәсіл пайда болған.
Түркологияда тәуелдік жалғаудың арғы негізі – жіктеу есімдіктері дейтін пікір көп тараған.
Тәуелдіктің жекеше І жақ – м «мен» жіктеу есімдігінің қысқараған түрі есебінде танылса, жекеше – екінші жақ – ң «сен» жіктеу есімдігінің қысқарған түрі есебінде танылып жүр (сонда се – буыны түсіп қалған).
Қазақ тілінде тәуелділіктің ІІ жақ екі түрлі (- ң және – ыңыз) айтылатыны мәлім. Ң – анайы тұлға, ыңыз - сыпайы тұлға есебінде түсінеді. Дегенмен, соңғы сыпайылық тұлғасы о баста ескі түркі тіліндегі көптік жалғау екендігі белгілі. Радлов тәуелділіктің ІІІ жақтың түпкі төркінін «сын» сөзі деп қараған. Соңғы – н кейін түсіп қалған септік жалғаулары қосылғанда ескі н пайда боған. Мысалы: баласына, баласында.
Котвич түркі тілдеріндегі тәуелдік жалғауының ІІІ жағында да жіктеу есімдіктерінің ілік септік тұлғасы негізінде пайда болған деп қарайды.
«Коденус Куманикуста жіктеу есімдіктерінің ілік тұлғасы – м ( - ым; - ім; - ум; - үм) түрінде кездеседі.
Қазіргі қазақ тілінде Аманжолов батыс диалектісінің бір ерекшелігі деп ілік септік – ім тұлғасын айтады.
Жіктік жалғаулары. Қазіргі түркі тілдеріндегі сияқты, қазақ тілінде жіктік жалғаулары баяндауыш қызметіндегі сөздердің грамматикалық көрсеткіші ретінде жұмсалатыны мәлім.
Түркологияда тәуелдік жалғаулары сияқты жіктік жалғаулары да жіктеу есімдіктерінен тараған дейтін көзқарас талас туғызбайды. Алайда, жіктік жалғауының қазіргі типін тарихи тұрғыдан тәуелдік жалғаулармен тұлғалас деп қарауға болмайды.
Ежелгі ескерткіштерден мысалдар келтірейік: ... алты чуб Соғдақ тапа сүледіміз, сүңүсдіміз, бұздумыз. Табғач оң тұтуқ біс түмен сү келті сүңүсдіміз (алты чуб Соғалаққа дейін шабуылдадық, қираттық. Табғачтың оң тұтығының 5 мың әскері келді, соғыстық). Мен барырман, мен бармасман (мен барамын, мен бармаймын). Сенің йазықыңның алуында мен турурмен (Сенің күнәңнің алдында мен тұрмын). Егер қазіргі қазақ тіліндегі жіктік жалғаулары мен ескерткіштер тіліндегі осындай қосымшаларды салыстырсақ бар айырмашылық дауысты дыбыстардың алмасуларында ғана. Қазіргі тілдегі жіктік жалғаулары А. К. Дмитриевтің сөзімен айтқанда, тұрақты дыбыстық құрамын жоғалтып, әртүрлі дыбыстық варианттарға жіктеудің нәтижесі. Дмитриев бұлардың қазіргі түркі тілдерінде басқы дыбысқа қарай (- мын, - бын, - пын), дауысты дыбыстардың сапасына қарай (мын, - мун, - мүн, -пән), соңғы н дыбысының сақталу, я сақталмауына қарай бірнеше варианттарда кездесетінін, олардың әр дыбыстарының әр түрлі тарихи фонетикалық заңдылықтардың нәтижесі екенін көрсетеді.
В. Котвич жіктік жалғауларын «байырғы» етістік суффикстері деп атайды да, олардың жіктеу есімдіктерінің атау тұлғасына жақындығын, өзара ұқсас ыңғайлас жақтарының көп екендігін айтады. Оның айтуынша, мұны монғол тілдерінің фактілері де дәлелдейді.
Сонымен, жіктік жалғаулары, есімдіктердің түбір түрінің өзгерген, дербес мәнін жоғалтқан, сөйтіп қосымшаға айналған түрі.
Көне, жаңа түркі тілдерінің материалдарынан мысалдар келтірейік.
1. Үчин Күлүг Тіріг бен Қырғыз оғлы мен.
2. Мен ада мен. Сен ада сен (мен атамын. Сен атасың).
3. Мен санға ашиқ турур мен. Сен менин анам турур сен. Осы сөйлемнен мынадай ерекшелік байқалады: 1 – ден, жіктеу есімдіктері есім сөздермен тіркесе айтылған, немесе баяндауыш қызметіндегі есімнен кейін байланыстырушы қызметінде айтылған көмекші етістіктің есімше тұлғасымен тіркескен (анам турур сен). Бұл фактілер жіктеу есімдіктерінің жалғауларға айналуының есім, не есім мәнді сөздер негізінде пайда болғандығын байқатады.
Екінші жағынан, есімдіктердің баяндауыш қызметінде жұмсалып, жіктік жалғауын қабылдауы байланыстырушы қызметіндегі көмекші етістіктер арқылы жүрген. Есім + есімше тұлғалы көмекші етістік + жіктеу есімдігі > есім +( көмекші етістік) + жіктеу есімдігі > есім + жіктік жалғауы. Кейін тіл дамуының барысында байланыстырушы қызметіндегі көмекші етістік түсіп қалады да, жалғау баяндауыш қызметіндегі есімге тікелей қосылатын болады.
Жіктік жалғаулардың есімше мен көсемшелерге - мақ тұлғалы етістіктерге, қосылып қолданылатын түрлері бар (бара – мын, барған мын, бармақпын). Ал бірсыпыра етістіктертің І жақ көпше түрінде (шартты рай, өткен шақ) кездесетін – қ; - ық аффиксі тәуелдіктің осы түріне ұқсайды деген пікір бар. Алайда, І жақ жекеше көрсеткіш – м (барса – м), ал көптік көрсеткіш – қ болып келеді. Егер алғашқысын ( - и) тәуелдік деп қарасақ (оның көпше түрі – мыз, - міз, - ыз, көптік жалғау), - қ тәуелдік көрсеткіш емес, көптік көрсеткіш дейміз. Осы аффикс бұйрық райдың І жақ көпше түрінде де кездеседі (барайық). Бұйрық райдың бұл түрі басқа түркі тілдерінде - лық түрінде айтылады. Қазақ әдеби тіліндегі - йық осының (- лық) өзгерген түрі деп қарау керек. Осы - қ аффиксінің пайда болуын Котвич осы бұйрық рай тұлғасын атайды, әлде ол Орхон – Енисей жазбаларындағы жекеше екінші жақ қосымшасы ғ – ның өзгерген түрі деп қарау керек па, бұл жағы әлі айқын емес.
Бұл аффиксті көптік көрсеткіш, ескі дәуірден қалған жалғауы деп қарау керек.
Қазақ тілінде әсіресе, эпостық жырларда т.б. фольклорлық шығармалар тілінде - ыңдар тұлғасы мен - ыңыз тұлғасының аралас қолданылғандығын көруге болады. Радлов басылымынан мынадай үзінділерді кездестіреміз.
Бес намазды күтіңіз
Бір ай ораза тұтыңыз
Өлім ақ деп біліңіз
Малдан зекет беріңіз.
Осы өлең жолдарынандағы -ыңыз (-іңіз) тұлғасы ІІ жақ жекеше сыпайылық мәнде емес, ІІ жақ көпше мәнде айтылғандығы айқын.
М. Қашқари баяндауыш құрамындағы көптік және жекешелік мән – мағынаның берілу жолдарын айта келіп, былай деп жазады: «Оғыздар мен қыпшақтар жекешелік мәнде бар, көпше барың дейді. Олар көптік қосымшасы - лар \\ - лер -ді түсіріп айтады. – Лар орнына - з қосып айтады, олардың тілінде бір кісіге қатысты да көптік қосымшаның үстіне көптік айтылады. Сөйтіп, ХІ ғасырларда қыпшақ тілінде - ыңыз тұлғаларының екі түрлі қызметі айқындалған: әрі көптік, әрі сыпайылық мән.
Септік жалғаулары. Түркі тілдерінің V – VІІІ ғ. ескерткіштері тіліндегі септік жалғаулары кейінгі ХІ – ХVғ. ескерткіштер тіліндегі сондай категориямен грамматикалық қызметтің септелуі жағынан да, қолданылуы тұрғысынан да өзара тең еместігі байқалады. V – VІІІ ғ. көне түркі тіліндегі кейбір септік жалғауының әлі толық қалыптасқан тұлғасы жоқ. Кейбір жалғаулар екі не үш түрлі грамматикалық мәнде қолданылған. Онда сонымен қатар, септік жалғауының шылаулар жетегінде айтылуы да өте сирек ұшырасады. Ал, кейінгі дәуір жазбалары тілінде осы күнгі септік жалғауларының барлығының дерлік семантикалық та, морфологиялық та ізін кездестіре аламыз. Оның үстіне септік жалғаулары қолданыс жағынан, негізінен, бір – бірінен семантикалық жағынан ажырап, дараланғаны байқалады.
Қазіргі түркі тілдеріндегі септік жалғаулары басты 2 топқа грамматикалық мән туғызатын септіктер және көлемдік мән туғызатын септіктер деп 2 – ге бөлінеді. Көне түркі тілінде де нақ осы із бар.
Септік жалғауының морфологиялық және семантикалық дамуы екі түрлі грамматикалық категориямен өте тығыз байланысты. Олар тілдегі жалғаудың пайда болып, молаюы және етістіктің меңгеру қабілетінің өзгеріп, кеңеюі.
V – VІІІ ғ. ескерткіштер тілінде шылаулар өте аз. Сондықтан септік жалғауының шылаулары жетегінде қолданылуы сирек ұшырайды. Ал кейінгі дәуірде шылаулардың сан жағынан молаюымен бірге, септік жалғауының семантикалық саралануы күшейеді. Көне түркі тіліндегі жиі ұшырасатын септік жалғауларының «жүйесіз» алмасып қолданылуының азайып, белгілі бір жүйеге түсуі де етістіктің меңгеру қабілетінің сараланып жіктелуімен тығыз байланысты болса керек. Мысалы, көне түркі тілінде атау мен табыс, жатыс пен барыс септіктерінің «жүйесіз» алмасып қолданылуы байқалады. Кейінгі даму барысында сол етістіктер әлгі септіктердің тек біреуімен ғана қолданылатын болған.
Негізгі септелетін сөздер – зат есімдер. Алайда, қазіргі тілде заттық мәнге ие болған (субстанцияланған) кез келген сөз септік жалғауларын қабылдайтыны белгілі. Осы із түркі тілдерінде қазіргідей етек алмаған.
Атау септік
Қазіргі түркі тілдерінің қайсысында да атау септікті сөздің түбір, негіз қалпынан бөлектейтіндей арнаулы аффиксі жоқ және тарихта белгілі ескерткіштер тілдерінде де мұндай тұлға кездеспейді.
Дегенмен, алтай тілдерінің кейбір зерттеушілері көне дәуірде алтай тілінде сөз негізі мен атау септік тұлғасының бірдейлігіне күмән келтіретін фактілерді көрсетеді. Қазіргі монғол тілдерінің кейбірінде сөздің түбіріне басқа септік жалғаулары жалғанғанда - н пайда болады. Мысалы: морин ябана (жылқы келе жатыр) моры бармыз (жылқыны ұстады).
Алайда, алтай тілдерін зерттеушілердің көпшілігі, сол сияқты түркі тілдердің мамандары да атау септіктің тұлғасы деп танырлықтай тұлғаны көрсетпейді.
Қазіргі қазақ тілі мен басқа түркі тілдеріндегі атау септіктің қолданылуы мен көне түркі ескерткіштері тіліндегі қолданысын салыстырып қарағанда едәуір айырмашылық бар. Атау септік тұлғасы ескі жазбалар тілінде мынадай қызметтерде жұмсалған.
1. Атау септік тұлғасы өзінің тура мағынасында қолданылған: Аганияз ер ағыр бедісіміз. (Ағанияз әдемі оюлады).
2. Ілік септік қызметінде жұмсалуы.
Білге Тонықұқ бен өзім табғач іліңе қылынтым. (Данышпан Тоныкөк пен өзім табғачтың еліне қол арттым).
Қазіргі қазақ тіліндегі үй төбесі, ақша айналымы тәрізді тіркестердегі із деуге болады.
3. Табыс септік орнына қолданылуы:
Мысалы: Ічін – ташыл адынчығ бедіз уртуртым, шаш тоқытдым. (Іші – тысын айырықша өрнектеттім, тасты қойғыздым).
4. жатыс септік орнына қолданылуы:
Өтүкен йір олурып арқыш – тіркіш ысар, нең бунуғ йоқ. (Өтукен жерінде отырып, керуен жіберсең еш мұңың жоқ). Қазақ тілінде атау тұлғасының жатыс септік тұлғасына қолданылуы әсте кездеспейтін факт.
5. Көмектес (құралдық) септік мәнінде қолданылуы:
Тоқуз йаңына су йорыдым. (Айдың тоғыз жаңасында әскермен шабуылға шықтым).
Бұл құбылыс V – ІХ ғасыр жазбаларында жиі ұшырасады, бірақ ХІ – ХV ғасырлар ескерткіштері тілінде байқала бермейді.
6. Барыс септік орнына қолданылуы: «Байырнама» тілінде атау тұлғасының барыс септік орнына қолданылуы кездеседі.
Хінддін Герім бардыңыз – Индиядан Герімге бардыңыз. Бұхара барды – Бұхараға барды. Мен бу тарап келдім – Мен осы маңға келдім.
Жамбыл өлеңіндегі: «Москва бардым не көрдім, туысқан – туған ел көрдім» дейтін жолдағы мекен – орынды білдіретін сөздің қолданылғанын тек осы тұрғыдан түсінуге болады.
7. шығыс септік орнына қолданылуы:
Көгмен аша қырқыз йіріңе тегі сүледіміз – Көгменнен асып қырғыз жеріне дейін шабуылдадық.
Ілік септік
Ілік септік тұлғасының көне жазбалар тілінде мына сияқты фонетикалық варианттары бар: - ың, -ің, -уң, -үң, - ның, - нің, - нуң, - наң, -нәң. Академик В.В. Радлов өзінің Алтын Орда жарлықтары жайлы белгілі еңбегінде - ың тұлғасын негізінен батыс түркі тілдеріне тән деп қарайды да, - ның тұлғасын шағатай тіліне немесе шығыс тілдеріне тән тұлға деп есептейді. Алайда, батыс тілдерінің бірі – қазақ тілінде бұл фактілерді табу қиын және де қазіргі түркі тілдері арасында: азербайжан, түркмен, түрік және чуваш тілдерінде дауыссыз дыбысқа біткен сөздерге жалғанатын ілік септіктің жалғауы – ың, дауысты дыбысқа бткен сөздерге - ның тұлғасы жалғанады. Ал басқа түркі тілдерінде - ың варианты зат есімдерге жалғанбайды, түбірдің соңғы дыбысының фонетикалық саласына қарай бірде - ның, енді бірде – тың болып, өзгеріп отырады. Қазіргі қазақ тілі осы топқа жатады.
Мысалы, Орхон – Енисей жазбалары тіліде ілік септіктің қолданылуы: Күлтегін Байырқұның ақ адғырығ бініп оплайу тегді. (Күлтегін Байырықұның ақ айғырын мініп шабуылға шықты).
Ілік септік тарихи ескерткіштер тілінде де, қазіргі тілімізде де меншіктілік мән берудің басты тәсілі есебінде түсініледі. Ілік септік көне ескерткіштер тілінде кейде өзімен тетелес сөздің тәуелдік жалғауынсыз – ақ меншіктілік мән бере алады. Біздің еб (Біздің үй). Менің қарын тозты (Менің қарным тойды).
Сонымен, ілік жалғауының байырғы варианты деп дауыстыдан басталатын - ың түрі деп қарау керек.
Табыс септік
Табыс септік жалғауы әдетте тура толықтауыштың грамматикалық көрсеткіші деп қаралады. Түркі тілдерінің көпшілігінде табыс жалғауы -н дыбысынан басталады, тек біразында, соның ішінде қазақ тілінде - д, -т дыбыстарынан басталатын варианттары кездеседі. бұлар түбір мен қосымшаның шегінде болатын дыбыс үндестігінің салдары болса керек.
Көне түркі ескерткіштері тілінде табыс септік жалғаулары мына төмендегідей кездеседі: 1. – ғ, -г, -ығ, -іг, ұғ, -үг;
2. – ы, -и; 3. – н, -ні, -ны.
Орхон – Енисей жазбаларында -ғ- дан басталатын тұлғалар мен -н - дан басталатын жарыса қолданылған. Зерттеушілердің көпшілігі - ғ – тек зат есімдерге, ал - ы тәуелденген сөздерге, - ны тек есімдіктерге жалғанған деп қарайды. Мысалы: Күл тегін Азман ақығ бініп .... Күлтегін өгсіз ақын бініп (Күл тегін Азман ақты мініп. Күлтегін меңсіз ақты мініп) деген сөйлемдерде ақ сөзі – ақығ, ақын түрінде кездеседі де, белгілі бір жүйе қатаң сақталғандығын дәлелдемейді.
Ескерткіштер тілін хронологиялық жүйемен қарастырғанда - ғ тұлғасының ХІ – ХІІ ғасырлардан бері қарай бері аспайтынын байқауға болады, яғни М. Қашқари сөздігінде, «Құтты білікте», Орхон – Енисей жазбаларында кездескенмен, ал кейінгі жазбаларда «Кодекс Куманикусте» Алтын Орда ескереткіштерінде бұл тұлға атымен жоқ.
Ал - н варианты болса, тек бірен – саран есімдіктер құрамында ғана кездеседі: ан – ы, мен – і т.б.
Қазіргі осман түріктері тілінде де табыс жалғауы дауыссыз дыбыссыз қолданылады: - ы; - и; - у; - ү.
Табыс септік жалғауының пайда болуын бірсыпыра зерттеулер: ілік септік тұлғасымен байланыстырады. Кононов табыстың көне түркі тіліндегі тұлғасы -ғ (- ығ; - іг) ілік септік құрамындағы мұрын жолды - ң дыбысының ( - ың) өзгеруінен шыққан деп шамалайды. Ал В.А. Богородицкий бұл мәселені сәл басқаша түсіндірді. Ол бұл жалғаудың алғашқы түрі оңтүстік – батыс тілдерінде кездесетін -ы, -і варианты деп қарайды. Есімдік түбірге жалғанған кезде түбірдің соңғы н дыбысы морфологиялық ығысу заңы бойынша қосымшаға ауысқан (мен – і, ме – ні). – ы тұлғасымен тәуелдік жалғаудың ІІІ жағымен байланысады. Сонымен, табыс жалғауының қалыптасуы бір кезгі тәуелдік жалғаудың есімдіктерге жалғанып, морфологиялық ығысу процесіне ұшырауының нәтижесі деп қарау орынды.
Барыс септігі
Қазіргі қазақ тілінде барыс септік тұлғасы: -қа, -ға, (-ке, -ге) екені белгілі. Егер сөз тәуелдік жалғаулы болса, онда алдыңғы ғ, қ, (г, к) дыбыстары түсіп қалады да, тек -а, -е түрінде ғана жалғанады. Соңғы тұлға азербайжан, осман түріктері, түрікмен, чуваш тілдерінде барлық сөздерге де жалғанады. Алайда, көне түркі жазбаларында барыс септік жалғауы бірнеше түрлі болып келеді: олар мынадай -ғару, -геру, -қару, -керу, -ра, -ру, -рү, -қа, -ке, -ға, -ай, (-йе), -а, -е. Бұлардың қайсысы да түркі тілдері тарихында әр кезеңде қолданыс тапқан. Кейбір түрлердің өзіне тән қолдану мәні, сипаты болса, кейбіреулері бір – бірімен жарыса қолданылған. Орхон жазбаларында істің бағытын, мекенін білдіруде барыс септіктің -ғару, -геру, (кейде ңару) тұлғасы қолданылады: ілгеру (шығысқа), біргеру (оңға). Қазіргі қазақ тілдерінді сыртқары, ішкері, жоғары сөздері осы процестің нәтижесі. Кейінгі дәуір мұраларында осы аффикстің -ғар тұлғасы бар, бірақ сөз құрамында - ңар түрінде ғана кездеседі.
Аңар алынчығ бар йаратуртым. Оларға айырықша жай тұрғыздым. Ол көбінесе есімдіктерге жалғанған.
Сонымен қатар, көне түркі жазбаларының тілінде барыс септік -ра, -ре түрінде де ұшырасады: мұны «өлі» қосымша деп қарастырады. Мысалы, соңыра т.б. сияқты сөздерде кездестіруге болады. Көне түркі жазбалары тілінде жиі қолданылатын барыс септік жалғауы -қа, -ке, -ға, -ге, -а, -е.
Мысалы, Темір қапығқа тегі сүлейту бірмес. (Темір қақпаға дейін шабуылдады).
Олар көбіне затты, нәрсені білдіретін сөздерге жалғанған. –ғару, -ғар барыс жалғауының тарихи құрамы туралы Кононов есімшенің келер шағын жасайтын -ар, -ер мен ғару, -геру тұлғасын бір ғана аффикстің екі түрлі көрінісі деп қарайды.
Ал Котвич -на қосымшасын ІІІ жақ тәуелдік қосымшасы мен барыс септік қосымшасының қосындысы деп түсіндіреді: ы+н+а.
Жатыс септік
Қазіргі түркі тілдеріндегі жатыс жалғауының варианттарын салыстыра қарағанда, негізінен -да,-де тұлғасының айналасына топтасады. Азербайжан, түркпен тілінде тек -д болып келетіні де бар. Ал чуваш тілінде басқа түркі тілдердің ешқайсысыда кездеспейтін -ра, -ре, -че, тәрізді варианттары қолданылады. Қалай болғанда да жатыс жалғауы бізге белгілі ежелгі дәуірден біздің тілімізге дейін көп өзгеріссіз жеткенін айту керек.
Табыс септігі іс - әрекеттің орын – мекенін білдіреді.
Мысалы, Түрк сір бүдун йеренте бод қалмады.
(Түрк сір халқының жерінде тірі жан қалмады).
Шығыс септік
Шығыс септік тұлғасы қазіргі түркі тілдерінде әр түрлі варианттарда кездеседі. Бірсыпыра тілдерде тек д дыбысымен ғана басталса, кейбірінде тек т дыбысымен басталады. Ал қазақ тілі мен тағы да кейбір тілдерде т, д, н дыбыстарымен басталған дауыстылардың ыңғайына қарай алты түрлі варианттарда кездеседі. Шығыс септік қосымшасын ескерткіштер бойынша салыстырып қарағанда мына жайт байқалады: көне түркі жазбаларында қысаң варианттарда (-тын, -тін). Ашық дауысты варианттарда (-тан, -тен, -дан) кездеседі. Қашқари сөздерінде солай. Ал «Мұхаббатнамада» тек қысаң дауысты варианттар «Кодекс куманикуста» көбіне ашық дауысты варианттар кездеседі.
Шығыс жалғауларының этимосының негізін зерттеушілердің қай – қайсы да оның алғашқы бөлігі (да – н) жатыс жалғауы деп қарайды. Соңғы - н туралы әр түрлі пікірлер бар. Серебренников - н белгілі бір орыннан басқа жаққа жұмсалған қимылдың бағытын білдіруін қосымша болу керек деп есептейді.
Қазақ тіліне жақын деп қаралатын қыпшақ жазбалары тілінде мен, сен есімдіктерінің шығыс септікте тұлғалануы мен – ден, сен – ден тәріздес болып келеді.
Көмектес септік
Қазіргі түркі тілінің барлығында бірдей кездеспейтін септік жалғауы осы көмектес септік. Зерттеушілер осы көмектес септігінің мәніне жақын септік жалғауының якут, чуваш тілінде барлығын айтады. Дегенмен, арнайы грамматикалық тұлғасы бар көмектес септік қазақ тілінің ғана ерекшелігі басқа түркі тілдерінде бұл септіктің қызметін біле шылауы атқарады. Көне түркі тілінде қазақ тіліндегі -мен септік жалғауы мен басқа түркі тіліндегі біле шылауының мәнін беретін арнайы жалғаудың -ын, -ін, -н тұлғалары қолданылған. Мысалы: Ол йолын йорысар, унч – тідім.
(Ол жолмен жүрсе, мүмкін дедім).
Бұл қосымша ХІ ғасырдан кейін – ақ өз мәнін жоғалта бастаса керек. Бұл тұлғалардың өз мәнін жоғалтуы қазақтың халық тілі қалыптаспаған кезеңде болған құбылыс. Бірле шылауының мағынасының кеңеюі -ын тұлғасының жоғалуымен байланысты болады. Бірле шылауы осы тұлғада ХІІ – ХІІІ ғасыр жазбаларында кездеседі. Мысалы: Ол менің бірле ерді – Ол менімен бірге еді. Бірле кейінгі дәуірде біле болып р түсіріліп айтылады. Біле шылауы қазақ арасында ХІХ ғасыр аяғына дейін қолданылған кітаби жазба тіл құрамында да бар. Бұған оған қарап, қазақтың халық тілінде де солай болған деп тұжырымдауға болмайды. Біле шылауының -мен көмектес жалғауына және мен шылау сөзіне ажырауы халықтың ауызекі сөйлеу тілінің құрамында өткен процесс. Әдеби тілде, жазба тілдің нормасы есебінде, жіңішке және қысқа варианттар -мен, -пен ғана қалыптасқан.
Біле шылауының көмектес септігіне айналуындағы 1-ші фактор дыбыстың үндесу заңдылығы: (б~м~п) одан соң редукция құбылысы: (ықшам, жинақы сөйлесуге тырысушылар).
Бақылау сұрақтары:
1. Сөз таптарының дамуы мен қалыптасуы туралы қандай пікірлер бар?
2. Зат есім қандай жұрнақтар арқылы жасалады?
3. Қазіргі түркі тілдеріндегі септік жалғаулары нешеге бөлінеді?
4. Қазіргі түркі тілінің барлығында бірдей кездеспейтін қай септік жалғауы?
5. Біле шылауы қай септіктің қызметін атқарды?
6. Түркі тілдерінің көне дәуірінде көптік мән берудің қандай жолдары болды?
7. Тәуелдік жалғауларының көне мұралар тілінде қандай варианттары кездесті?
8. Көне түркі тіліндегі жіктік жалғауларының қызметін қандай қосымшалар атқарды?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж.
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
10 -Тақырып. Сын есімнің сөз табы ретінде қалыптасу ерекшеліктері
Дәрістің мақсаты: Студенттерге сын есім, оның шырай категориясының даму ерекшеліктері туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: сын есім, туынды түбір сын есім, шырай категориясы.
Дәрістің жоспары: 1. Байырғы сын есім түбірлер
2. Туынды сын есім жасайтын жұрнақтар
3. Сын есімнің шырай категориясының дамуы
Қазақ тілінде, жалпы түркі тілдеріндегі сияқты, байырғы түбір қалпындағы сын есімдер аса мол емес. Байырғы сын есімдерді салыстыра қарағанда, олардың дамуындағы 2 түрлі тәсілді байқауға болады: 1- ден, кейбір сын есім сөздер әрі сын есімдік, әрі заттық мән береді. Мысалы, қазіргі тіліміздегі көк, қара сөздері лексикалық жағынан әрі сандық, әрі заттық (аспан, қарапайым халық) мән береді. Мұндай сөздердің көне дәуір ескерткіштерінде де осылай қолданылуы дәлелденген. Қазіргі тіл білімінде айтылып жүрген – о баста зат пен оның сын – сипаты жайындағы ұғым бір болған дейтін көзқарас осындай фактілерге негізделсе керек.
Түркі тілдеріндегі сын есімдер мен зат есімдердің бір – бірімен араласуы көне дәуірде болған процесс. Орхон – Енисей жазбаларының тілінде де сын есімдер сан жағынан соншалық мол болмаса да дербестелінгендігі байқалады.
Сын есімдер дамуының 2 – ші бір тәсілі – байырғы түбірдің мағынасының кеңеюі, жіктеліп саралануы, сөйтіп бір түбірдің бірнеше мағыналық мәнерге ие болуы.
Мысалы, Жарық – түс, сәуле, сонымен қоса бір заттың жарығы т.б.
Тарихи тұрғыдан жіктеуге келмейтін түбір бола алатын сын есім сөздер тілімізде өте көп емес. Қазіргі грамматикалық оқулықтарында байырғылар тобына жатқызылып, негізгі деп аталатын сын есімнің едәуір бөлігі не түбір мен қосымшаның тарихи бірігіп, жымдасуынан жасалғандығы, немесе басқа сөз табынан ауысып, сын есімнің мәні мен қызметіне ие болғандығы (адъективация) байқалады.
Мысалы: жас сөзі көне мұралар тексінде тек зат есім мәнінде жұмсалған. Йеті йегірмі йашыма танут тапа сүледім. (он жеті жасымда тануттарға шабуыл жасадым). Жас сөзінің сын есім мәнінде қолданылуы ХІІ – ХІІІ ғасыр ескерткіші тілінде кездеседі. Заттың түсін, түрін, аумақ – көлемін білдіретін негізгі сын есімдердің көпшілігі түбір мен қосымшаға бөлуге келмейді. Қазіргі тілдің заңдылықтары тұрғысынан қызыл, сары, үлкен, кіші, ұзын сияқты сөздер осындай топқа жатады. Алайда, фактілерді барлай қарағанда, осы түбір сөздерінің қайсысының да тарихи тұрғыдан тұтастығына шүбә келтіруге болады.
Қызыл сөзіне – сын есімге тән -ғылт қосымшасы жалғанғанда, негізгі лексикалық мағына өзгермегенмен, сөздің соңғы буыны түсіп қалады – қызғылт. Енді осы түбірді қызар, қызамық, қызғалдақ сөздерімен салыстырып қарасақ, барлығына ортақ түбір – қыз. Осы ортақ түбірге қосымшалар қосылу арқылы әр түрлі сөздер (зат есім, етістік, сын есім) жасалған болып шығады.
Сонымен қызыл сөзі байырғы түбір емес, түбір мен қосымшаның бірігуі болып шығады.
Сары сөзінің ескерткіштер (V – VІІІғ) тіліндегі пішіні сарығ. Сол дәуірде -ығ сын есім жасайтын өнімді қосымша болған. Сары сөзін сарғаю, сарғыш. Сарғалдақ сөздерімен салыстырсақ, мұның да ортақ түбірі сар болады.
Үлкен сын есімі ұлық, ұлы (ескерткіштер тілінде ұлуғ), ұлғаю сөздерімен ұялас.
Ұзын, ұғар сын есімдері бір ғана түбірден әр түрлі аффикстер арқылы жасалған сөздер екендігі олардың өзара мағынасының жақындығынан да айқын көрінеді. Бұлар ұза етістігімен бір түбірден тараған. Сонда ортақ түбір ұз болады.
Сол сияқты жұмыр, мықыр, шымыр, обыр, бүкір сөздері де көнеленген түбірмен қосымшадан қалыптасқандығы айқындалады.
Сын есім жасайтын аффикстер
Қазіргі қазақ тілінде сын есім жасайтын аффикстің едәуір тобы мәлім. Белгілі бр аффикстің шығу негізі жайлы мәселені былай қойғанда, аффикстің басым көпшілігі бұрынғы семантикасы мен фонетикалық пішінін аса көп өзгертпей сақтаған.
Есім түбірден сын есім жасайтын аффикстер -лығ, -ліг, (-лық, -лік).
-лық - зат есім тудыратын, -лығ - сын есім тудырады деген пікір бар дедік. –Лық варианты қысқарып, - лы пішініне түскен. Осы тұлғада ХІVғасыр нұсқаларында ғана ұшырасады. Мысалы: атлы- атты, бақытлы – бақытты, азықлы – азықты. –лы пішінінде қолданылу орта ғасырлық түркі тілінің ішінде батыс түркі тілдеріне тән болса керек.
-қы; -кі; -ғы; -гі мезгіл, мекен ыңғайындағы қатысты сын есімдер жататын сөздердің жасалу тәсілі ретінде көрінеді.
Мысалы: жазғы, күзгі, қысқы, бүгінге, былтырғы, таңғы, алғашқы, ішкі, сыртқы, төргі, ауызғы т.б.
Сонымен, Орхон – Енисей жазбаларында -қы аффиксі 3 түрлі жалғанған: тікелей түбірге, -ра жалғаулы сөзге, -да жалғаулы сөзге.
Мысалы: көңүлтекі сабымен – көңілімдегі сөзімді.
Табғач қағанық ічрекі бедізніг ыты – Табғач. Қазіргі қазақ тілінде түбірге және -да жалғаулы сөзге ғана қосылады. Және де -қы аффиксті кейбір сөздер қазіргі қазақ тілінде түбірдің көнеруі салдарынан түбір мен қосымшаға ажыратуға келе бермейді.
Мысалы: ескі – құсқы, ілкі, игі сөздері.
3. –сыз, -сіз. Орхон-Енисей жазбаларынан бастап барлық белгілі ескерткіштер тілінде есім түбірден сын есім жасайтын өнімді қосымша. Білігсіз қаған (білімсіз хан), ашсыз (ассыз), башсыз (бассыз).
- сыз аффиксі өзінің шығу тегі жағынан -сығ аффиксін және монғолдың -сар\ -сер аффиксімен ұялас. Р~З сәйкестігі жалпы алтай тілдері арасында ғана емес, түркі тілдерінің өз арасында бар. Баскаков -сыз аффиксі құранды, -сы және -з элементтеріне бөлінеді дейді. 3-болымсыздықты білдіретін қосымша да, -сы актив субъектіні білдіретін қосымша. Етістік жасайтын - сыра аффиксі де осы ұядан тараған. Мысалы: қансыра – қанда жоғалту, баласыра – бала жоқтықтан азап шегу. Балалы болуға ұмтылу, т.б.
4. Чыл, -чіл. Көне түркілік ескерткіштердің бәрінде есімнен сын есім жасайтын өнімді тәсіл: атчыл: есім түбірлерге қосылып, белгілі бір іске бейімділікті, икемділікті білдіретін сын есім. Щербак бұл аффиксті парсы тілінен ауысқан деп есептейді.
-ыз, -із. Көне түркілік дәуірде есім түбірден сын есім жасайтын осындай аффикс болған: едіз (биік), бедіз (әдемі), йағыз (йағ- жау; жауыз) т.б.
Қазіргі тілде бұл аффикс жауыз, семіз, тайыз, нағыз, жалғыз, аңыз тәрізді зат және сын есімдерінің құрамында кездеседі.
6. – дақ -тақ. Қыстақ, шаңдақ, тастақ, құмдақ.
7. –сық. Қырсық, бықсық.
8. –тал. Ұғымтал, сезімтал.
Етістіктен сын есім жасайтын жұрнақтар.
–ық; -ік; -к; -қ.
Жыртық, жарық, арық, ашық, бұзық, шірік, сирек, ширақ, бөлек т.б.
2) -ыл; -іл; -л. әбден көнерген, сондықтан жаңа сөздер құрамынан ұшыраспайтын аффикстің бірі осы -іл аффиксі: қызыл, жасыл, батыл т.б.
Жасыл сөзін көне түркілік йаш (жас), көк (көк шөп) сөзімен салыстыруға болады. Малов мынадай мысал келтіреді: йаш – иі – шөп же. Соған қарағанда жасыл сөзінің құрамын да жас – ыл деп қарауға болады. Батыл, жеңіл сөздері бат, жең және -ыл аффикстерімен құралғандығы оңай байқалады.
3) -ын; -ін; -н: бүтін, жатын, ұзын. Бұл сөздерді бүткіл, жат, жек, ұзақ сөздерімен салыстыру олардың о баста құрама екендігін көрсетеді.
4) -ыр; -ір; -р; бүкір, жұмыр.
5) -мыс; -міс; -мыш; -міш: алдамыш, қартамыш.
6) -қын; -қан; -ғын қашқын, тосқын, шапқын, жойқын, тұтқын.
-қан, -ған аффиксі кейбір сын есімдер құрамында -аған, -еген болып, күрделі кездеседі. сүзеген, тебеген, алаған, берген, қабаған, көреген.
7) -қыш; сенгіш, аяныш, жыртқыш, көргіш, білгіш.
Күрделі аффикстер:
1) -ымды (-імді, -мды, -мді); өт – ім – ді, тат – ым – ды, шыда – м – ды.
2) -малы, мелі; жылжы – ма – лы, құбыл – ма – лы, қондыр – ма – лы.
3) -улы; -улі; буктеулі, ою – лы, жазу – лы.
4) -ымтал, -імтал; сезімтал.
5) -мсақ, -мсек; келім – сек, тіле – м – сек, жара – м – сақ.
- сақ, - малсақ, сусақ.
- сақ аффикисімен келетін кейбір сын есімдер кейде хор, кейде құмар шылауымен келеді.
Мысалы: шайхор, шаруахор, сусақ– суқұмар.
Қазақ тілімізде – сау аффиксімен келетін бірен – саран сөздер бар: тамақ – сау.
6) -қақ (кек, ғақ, гек): қат – қақ, тай – ғақ.
- қалақ: ұшқалақ, сасқалақ, тайғалақ.
- ғалықты, -гілікті, - қылықты; -кілікті: жеткілікті, тұрғылықты, жергілікті т.б.
Сын есімнің шырай формалары. Сын есімнің шырай мәні редупликация (күшейткіш буындар арқылы) жолымен және сын есімдерге -рақ, -лау аффикстері жалғану арқылы немесе сын есімнің алдынан тіркесе айтылатын арнаулы сөздер арқылы берілетіні мәлім. Тарихи тұрғыдан осы аталған тәсілдердің қайсысы да жаңа құбылыс емес, ертеден орнығып қалған жүйе. Солай дегенмен, олардың таралу шегі бірыңғай емес. Орхон – Енисей жазбаларында редупликация құбылысы, сондай – ақ аффикстер арқылы шырай мәнін беру құбылысы кездесе қоймайды. Бірақ ұйғыр жазбаларында, Манихей ескерткіштерінде ұшырасып отырады. С.Е. Малов ұйғыр ескерткіштерінің грамматикалық көрсеткіштерінде -рақ аффикстерін көрсетеді де оған артуқ – рақ сөзін мысалға келтіреді. Кейінгі дәуірлерге қатысты ескерткіштер тілінде осы күнгі белгілі тәсілдердің қайсысын да кездестіруге болады. М. Қашқари сөздігінде мынадай фактілер бар: «эп (еп), ап – күшейтпе айту көмекшісі үп үрүң - өте ақ, аппақ».
Редупликация тәсілінде, салыстыруларға қарағанда пәлендей үлкен өзгеріс байқалмайды. Қайталанатын буынның соңғы дыбысы көбінесе, қазіргі қазақ тіліндегі сияқты, қатаң дауыссыздарға бітеді. Алайда, Шербактың зерттеулеріне қарағанда, кейде қайталанатын буында м, б дыбыстары да кездеседі. Бірақ мұндай ауытқулар әр тілге тән фонетикалық ерекшеліктерге байланысты болса керек. Б дыбысының қолданылуы М. Қашқари ескертпесіне қарағанда, қыпшақ тіліне тән болған. Дегенмен, қазіргі қазақ тілінде мұндай құбылыс байқалмайды.
- рақ аффиксі көне түркілік ескерткіштер тілінде де сапа, санның салыстырмалы артықшылығын, не бәсеңдігін білдіреді. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі қолданысы да осындай. –Рақ аффиксі негізінен сапалық, сын есімдерге жалғанады (дәлірек т.б). Кейбір үстеу мәнді сөздерге де қосылып айтылады. Х – ХІІІ ғасырлар жазбалары тілінде де бұл аффикс осы мәнде айтылған. Кейде зат есімдерге де жалғанған. Бұл факті қазақ тілінде де сирек ұшырасады (бала – рақ). Бұл ерекшелік оның әуелгі негізі шылау сөз болғанына ұқсайды. Тува тілінде ақ ырақ (ағырақ), көк арақ (көгірек), сарағарақ (сарырақ) кездеседі. Мұнда -рақ аффиксінің әуелгі негізгі толық түрде берілген деп қарауға әбден болады. Зерттеушілердің біразы -рақ аффиксіне негіз болған шылаудың дамуының мынадай сатыларын көрсетеді: арақ > арық > рық. Егер осы этимологияны қабылдасақ, қазақ тілінде басқы дыбысы түсіп қалған варианты орныққан деп қарау керек.
Қазіргі қазақ тілінде сапаның бәсеңдігін, әлсіздігін білдіретін аффикстер бар. Олар: -қыш; -ғыш (сарғыш, қызғыш) -ғыл (қатқыл, қуқыл), -ғылт (сарғылт), -ғылтым (ашқылтым).
ХІІІ – ХV ғасыр жазбаларында осыларға ұқсас, осы мәнде қолданылған: -ғул; гүл; -л; -мтул аффикстері қолданылған. Зерттеушілердің біразы бұл аффикстер монғол шапқыншылығынан кейінгі дәуірде монғол тілінен енген деп қарайды.
Қазақ тіліндегі -ғылт, -ғыл, -ғылтым аффикстері солардың фонетикалық өзгеріске (-л > м) түскен варианты болып табылады.
Сапа-сынның әлсіздігін, бәсеңдігін көрсететін аффикстердің бірі – ша, -ше: семізше, толықша, қысқаша. Осы тұлғада, осы мәнде зат есімдер құрамында да кездеседі; таяқша, кітапша. Осы аффикстерді құлыншақ зат есімнің құрамындағы - шақ аффикстерімен салыстырсақ, екеуінде де толық еместік, бәсеңдік мәнер бары анық, соған қарағанда, бірсыпыра алтаистер -ша жұрнағы -шақ аффиксінің қысқарған варианты дейтін пікір дәлелді.
Көне түркі тілінде сын – сапаның артықшылығын, толықтылығын білдіру үшін сын есімдер алдынан арнаулы күшейткіш сөздер тіркестіріліп айтылған. Ондай сөздердің негізгілері мыналар: өн, ан, (ең), анығ (анық), йиг (ең), бедүк (өте), джым (шым, шымқай), дүм (тым, аса).
Көне түркілік үр сөзі өте, аса мәнінде қолданылған. Күшейткіш сөздердің бірі – орасан. Бұл сөздің ересен деп те айтылатын варианты бар. Соңғы варианты аса жиі қолданыла бермейді, бірақ осы сөзден шыққан ерен – ерекше, өзгеше деген мән береді.
Бақылау сұрақтары:
1. Әрі сын есімдік, әрі заттық мән беретін қандай сын есімдер бар?
2. Сын есімдер қалыптасуының қандай жолдары бар?
3. Есім негізді туынды түбір сын есім қандай жұрнақтар арқылы жасалады?
4. Етістік негізді туынды түбір сын есім қандай жұрнақтар арқылы жасалады?
5. Көне түркі тілінде қанша шырай түрлері болған?
6. Көне түркі тілінде, қазір қолданылмайтын, қандай шырай жұрнақтары болған?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
11 -Тақырып. Сан есім мен есімдіктің сөз табы ретінде қалыптасу ерекшеліктері
Дәрістің мақсаты: Студенттерге сан есім, есімдік сөз таптарының даму ерекшеліктері туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: сан есім, туынды түбір сан есім, есімдік, сұрау есімдігі, өздік есімдік.
Дәрістің жоспары: 1. Сан есімдер, олардың қалыптасуы
2. Есімдіктер, олардың қалыптасуы
М. Қашқари дуанындағы сан атаулары мыналар: бір, екі, үч, төрт, беш, алты, йеді, сегіз, тоқыз, он, он үч, он биш, йігірмі, оттұз, қырық, еллі (елу), алтмыш, йетміш, сегіз он, тоқыз он (тоқсан), мың.
Сан есімнің реттік түрі. Реттік сан есім көне түркі тілдерінде -нч (-ншы) жұрнағы арқылы жасалған. Мысалы: үчінч, онынч. Бұл қалып ХІІ ғасырға дейін келіп, одан былай қарай жазылуда сөйлеу әсерімен учінчі бола бастағаны байқалады. Күлтегін Талас жазуларында -нч түрінде кездеседі.
Осы -нч қосымшасы түркі тілдерінде де күні бүгінге дейін -нч түрінде ғана болып, қысаң дауыстылар жазылмайды, бірақ анық айтылып, ашық естіледі.
Түркі тілдердің көбінде -нч, -ншы түрінде кездессе, башқұрт тілінде -нсы болуы, әр тілдің өзіне лайық фонетикалық құрылымынан екені анық. Монғол тілінде бұл категорияны - гаар, геер жұрнағы, бурят тілінде -ахи, -най жұрнағы атқарады.
М.Қашқари дуанындағы сан есімнің күрделену әдісі қазіргі қазақ тілі, қыпшақ тілдері жүйесіне сай келеді. Мысалы: он алты, он йеті (жеті).
Көне түркі тілдерінен бізге жеткен ескерткіштерде беш отыз, жиырма бес, үч иігірмі (он үш), кейбір тілде беш отыз, жиырма бес, үш жиырма – он үш те болған, орта ғасырда бұл сияқты қолданыс тоқыраған. Оның орнына Күлтегін ескерткішінде қырық артұқы бес (45) деген конструкция да кездеседі. Осының артұқы дегені түсіп қалып, дами келе - 45 тәртібі қалыптасқан.
Күлтегін ескерткішінде кездесетін Қамұғы биш отыз сүледіміз, үч иігірме сүңішдіміз – деген конструкциялар болған.
Көне түркі жазу ескерткіштерінде сан есімнің оннан артығына бөлшегін қосуда 2 жүйе болған.
1-сі – бөлшек санды кеміте санау, - беш иігірмі – 15, яғни жиырмадан бесті кеміту керек, төрт отыз -26, отыздан 4 – ті кеміту.
Қазақ тілінен осының сілемін байқауға болады. Нешеге келдіңіз деп сұрасаңыз.
Мысалы: 3 жылда 70 – ге де жетіп қалармыз дейді.
Яғни ол 67 – де болғаны.
2 –шісі – көне жазулардағы 40, артығы беш – деп белгілі санға қоса есептеу, яғни 45. бұл жүйе Х ғасыр дейін қолданылған да тоқтап қалқан. Бірақ сөйлеу тілінде жүзден бесеуі ғана артық деген қолданыстар кездесіп қалады.
Атақты Біржан мен Сараның айтысында екі жыл 35-ке келгеніме дейді де, 37-де екенін сездіреді.
Жинақтау саны екеу, жетеу тарихи документте кездеспейді. Қазақ тілінің өзгелерден бір ерекшелігі – осы. Біздің тілімізде жетеуден ары қарай – ау (-еу) қосылмайды. Татар, башқұрт тілдерде он – ау, он – ар болатыны бар. Қазақ тілінде қашан, қайда болғаны, қалайша дамымай 7 – н шектелгені түралы мәлімет жоқ.
Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерінде - әскер саны 700 – ге жеткенде, хан сайланса, онан да ерте Бұхараның көне орнында жеті жүзге үй саны жеткенде, бастық сайланыпты. Мұхамед Шейбани (ХVІғ.) әскер бөлігін жеті жүзден бөлген екен. Айман-Шолпанды жырлаған жыршы қолдың санын жеті жүзден есептеді. Осы санды да бір дөңгелек деп атаған көрінеді.
Есімдіктер. Сұрау есімдіктерінің қазіргі тұлғалары тарихи тұрғыдан құранды. Сонымен бірге, сұрау есімдіктері тілдің көне дәуірінде қазіргі тілдердегідей сан жағынан мол, тұлғалық жағынан әр қилы болмаған. Орхон – Енисей жазбаларында сұрау мәнінде қолданылған сөздер саны 2 – 3 – тен аспайды. Сұрау есімдіктерінің сан жағынан молайып, толғалық жағынан әр қилы бола бастауы кейінгі дәуірлерде алғашқы түбірдің күрделеніп, ұялас туынды түбірлердің молаюымен тұтас болғандығы анық.
Қазіргі түркі тілдерінде сұрау мәнінде қолданылатын есімдіктер негізінен 3 түбірдің айналасына топталады. Олар: кім, не, қай (қан). Бұл есімдіктер о баста есім болған мысалға қай сөзі, қай кісі, қай нәрсе, қай бір адам т.б қолданысында 1 – ден, түбір есім екендігін байқатса, 2 – ден, бұл түбірдің қатыстық мәнін көреміз. Нақ осындай ерекшеліктерді не, кім сөздері жайлы да айтуға болады. (не нәрсе, не зат, кім де кім).
Қай түбірі қазіргі қазақ тілінде, қайда, қайдан, қанша, қашан, қандай, қані (кәні), қалай тәрізді есімдіктеріне негіз болған. Бұл есімдіктердің құрамындағы байырғы түбір, бірде қан, бірде қай түрінде дыбысталған. Түркі тілдерінің ішінде хақас тілінде хайдағ – қандай, якут – ханжа (қайда) екенін ескерсек, сұрау есімдіктің едәуір тобына негіз болған түбір жалпы түркі тілдері құрамында бірде қан, бірде қай түрінде айтылғанын көреміз. Осы бір түбір ыңғайында байқалатын н – й сәйкестігі тайпалық тілдер ерекшелігі болуы да ықтимал. АлОрхон – Енисей жазбаларында сұрау есімдігі тек қана қанта, қантан түрінде кездеседі де, бұл н – й сәйкестігін кейін пайда болған құбылыс деп қарау керек.
М. Қашқарида қой сөзінің бірде й мен қой, н – мен қон түрінде айтылуын арғу тайпаларының ерекшелігі деп көрсетеді.
Қайтіп сұраулық сөзінің құрамын былай деп қарайды: қай – ет – іп, -қай сұрау есімдігі, ет – көмекші етістік, -ып көсемшелік морфема.
Сонымен, бұл айтылғандардан шығатын қорытынды. Қандай және қайда сұрау есімдіктері бір ғана түбірдің 2 түрлі фонетикалық варианттары болып табылады.
Жоғарыда қай (қан) түбірі – есім сөз деген тұжырымды дәлелдейтін тағы бір факт – оның септелуі. Қайдан, қайда сұрау есімдіктері жатыс және шығыс септік жалғаулары мен есім түбірдің бірігуінен барып қалыптасқандығы көрінеді. Ал қайсы есімдігі есім түбір мен тәуелдік жалғаудың ІІІ жағының бірігуінен қалыптасқан.
Қанша, қалай, қандай сұрау есімдігі қан түбіріне әр түрлі сөз тудырушы аффиксінің жалғануы арқылы жасалған.
Қашан есімдігінің қалыптасуын Ф. Т. Исхаков қан – шағ – ын, яғни қан және шағ сөзінің көне түркілік құралдық септік тұлғасының (-ын) бірігуі, сөйтіп қысқаруының нәтижесі деп түсіндіреді. Қазіргі қазақ тілінде, сондай – ақ басқа да түркі тілдерінде қай және шақ сөздерінің тіркесі мезгіл – уақытты білдірудің қалыптасқан тәсілі екендігі белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, бұл пікір шындыққа саяды.
Не есімдігі де қазіргі тілде бірсыпыра сұрау есімдіктерінің жасалуына өзек боған. Бұл топқа немене, неге, неше тәрізді сөздер жатады. Бұлар не – ме – не, не – ге, не – ше тәрізді құрама элементтерге ажырайды. Немене сұрау есімдігінің құрамындағы – ме сұраулық шылау. Неме сөзі қалыптасып, заттық ұғым алған кезде, сұраулық мән туғызу үшін 2 – ші рет не қосылған. Неше есімдігінің құрамындағы – ше сөз тудырушы морфема.
Не есімдігі ескі жазбалар тілінде де басқа сөздер мен тіркесіп, сұрау мәнді тіркестер жасаған: не үчүн, не ийрде.
Қазіргі тілдегі не қылды, не істеді, не үшін тәрізді толып жатқан тіркестер бір кезгі ескі түркілік модель бойынша қалыптасқан.
Өздік есімдігі. Өздік есімдігі деп аталып жүрген топқа жататын бір ғана өз сөзі екені белгілі. Зерттеушілердің қай – қайсы да өз сөзі о баста «бүтін, түгел бәрі, негізі» дейтін мән берген дейтін пікірге ойысады. Сонда өз сөзінің тәуелдіктің ІІІ жағында айтылуы кейін пайда болған құбылыс болады. Көне түркілік зерттеушілердің кейбіреулерінде бұл сөздің айтылып отырған мәнде және тәуелдік жалғауынсыз қоданылуы ұшырасады.
Өз ынча кергек болмыш - Өмір де өзінше аяқталды.
Өз сөзі даму барысында тәуелдіктің ІІІ жағында есімдік есебінде қалыптасқан бірге, басқа да сөздерге негіз болған. Мысалы: өз – ен, өз – ге, өзге – ше, өзін – ше сөздері осы түбірден тараған.
Есімдердің қалыптасу тарихы жайында әңгіме қозғағанда тоқталуды қажет ететін жайдың бірі – есімдіктердің септелу ерекшеліктері. Қазіргі түркі тілдерімен есімдіктің септелу ыңғайында салыстырып қарасақ, біркелкі болмайтынын көреміз. Бұндай әркелкілік әсіресе барыс жалғауларының тұлғасына қатысты. Мысалы: башқұрт – миң - ә, татар – миң – а, ноғай – ма – ға, қазақ – ма – ған.
Барыс септікте есімдіктер септелуінің қазіргі түркі тілдерінде ұшырасатын үш түрі ( 1) –а, -ә; 2) -ға; 3) -ған. Осы келтірілген тілдер фактілерінен айқындалады.
Есімдіктер септелуінің бір ерекшелігі – ілік тұлғасында кездеседі. түбір мен қосымшаның жігін ажыратқанда, ілік септік жалғауының --ның әлде -ың екендігін анық айту қиын.
Мысалы: менің, сенің деген есімдіктердің септелуінде Исхаков менің дегенде ілік жалғауы -ің десе, бірсыпыра зерттеушілер түбірдің басқа дыбыс н – нің қабаттасуынан барып редукуцияға ұшырасуынан менің түрі қалыптасты деп қарайды.
Есімдіктердің шығыс септік тұлғасының менен, сенен түрінде, яғни қосымшаның басқа н дыбысынсыз айтылуы элизия құбылысы болса керек. Ежелгі ескерткіштер тілінде сендік, сентік, сеніңден, сеніңтен түрінде ұшырысады.
Бақылау сұрақтары:
1. Қашқари сөздігінде қандай сан атаулары берілген?
2. Көне түркі тілінде реттік сан есім қандай жұрнақпен жасалған?
3. Көне түркі тілінде сан есімнің күрделенуінің қандай әдістері болған?
4. Қазіргі түркі тілдерінде сұрау мәнінде қолданылатын есімдіктер қандай түбірлерден өрбіген?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
12 -Тақырып. Етістік категорияларының дамуы. Көсемше, есімше категориялары
Дәрістің мақсаты: Студенттерге етістік, оның көсемше, есімше категорияларының даму ерекшеліктері туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: етістік, көсемше, есімше.
Дәрістің жоспары: 1. Етістік жасайтын жұрнақтар
2. Көне түркі тіліндегі есімшелік тұлғалар
3. Көне түркі тіліндегі көсемшелік тұлғалар
Көне ескерткіштер тілін қазір тіл материалдарымен салыстырып қарасақ, қазіргі сөз жасау тәсілдері түгелімен дерлік ескерткіштер тілі құрамында да ұшырасады. Өзгеріс көбінесе тек аффикстің мәніне, оның басқа бір күрделі аффикске негіз болуына, кейде керісінше шығу тегі жағынан әр түрлі аффикстің мағыналас болып тұрақталуына әкеп соғады. Кейде бір ғана аффикстің әрі есім түбірге, әрі етістік түбірге жалғанып, туынды етістік жасағандығы да байқалады.
Қазіргі қазақ тілінде -сы\ - сі аффиксі есім түбірге де, етістік түбірге де жалғанатын қосымша, бірақ есімге жалғануы мен етістікке жалғануы да бір дәреже емес. Есімге жалғанып – сы аффиксі туынды етістік жасайды және ондай етістік ұқсастыру мәнінде қолданылады. Ал етістік түбірге жалғанып жаңа сөз жасамайды, бірақ реңк мән туғызады.
М. Қашқари -сы аффиксі туралы былай дейді: «жаңа қосымша қосылған түбірдің табиғаты өзгергенін, ол өзіне танылған жай – күйді, ерекшелікті бойына жинағанын білдіреді. Мәселен: сүчік сүвсыды – шарапта судың қасиеті көбейеді, суға ұқсайтын жақтары көбейеді - дегені. Үзүм ачығсыды – жүзім ашыды, ащылығы тәттілігінен көбейді дегені. Бұл жай сұйықтыққа және бір күйден 2 – ші күйге өткен нәрселерге де қатысты болуы мүмкін. Етістіктің бұл ерекшелігі «сыды неңні» - «нәрсені сындырды». Сөйлемдегі сыды етістігінен алынған. Қашқари көрсетіп отырған мән сусы, толықсы, босаңсы, салақсы сияқты етістіктер құрамындағы -сы аффиксінен байқалса, адамсы, кісімсі, мықтысы тәрізді етістіктер солардың келесі бір даму сатысын аңғартады.
-сы аффиксі кейін бірсыпыра күрделі аффикстің қалыптасуына негіз болған.
-сын, -сымақ аффикстері -сы және -н (өздік етіс қосымшасы).
-сы + мақ элементтерінен құралған.
-сы аффиксімен шығу, қалыптасу негізгі жағынан, мағынасы жағынан да орайлас жататын аффикс – сыра.
Орхон – Енисей жазбалары тілінде қағансыра т.б. туынды етістіктер ұшырасады. Қазіргі біздің тілімізде де қансыра, жалғызсыра тәрізді есім туынды етістіктер жасайды.
Түркі тілдерінде ежелден етістік жасайтын аффикстің бірі –ла,
-ле. Бұл аффикстердің қазақ тілінің заңдылығына лайық варианттары -да\ -де; -та; -те кейін қалыптасқан. Қазіргі түркі тілдерінде, қазақ тіліндегі сияқты, бұл аффикс тек ашық дауыстылармен ғана айтылады, бұл аффикс Қашқари сөздігінде осы аффикстің қысаң дауыстымен айтылған варианты да ұшырасады: Сув тумлыды – су салқындады.
Көне түркі тіліндегі -ла аффиксінің түбірлерге жалғану тәртібі ол арқылы жасалтын сөздердің семантикалық топтары қазақ тілінде де негізінен сақталған. Алайда, -ла аффиксі көне түркі тілінде этникалық атауларға жалғанып та етістіктің үлкен мағыналық тобын жасаған. Қашқари сөздігінде мынадай сөйлемдер жиі ұшырасады: Ол оны оғузлады – ол оны оғыз деп ойлады., есептеді. –Ла аффиксі етістіктің шамалау, жобалау мәндерін беруі, Қашқаридың көрсетуінше, тек осындай этникалық атауларға жалғанғанда ғана емес, басқа есімдерге қосылғанда байқалады. Ол оны кічікледі – ол оны кіші деп ойлады. Ал Қашқари көрсететін қарынлады (қарнына ұрды), бүкүрледі (бүкіріне ұрды) тәрізді мағыналық топқа жататын етістіктер қазақ тілінде кездеспейді. Бұл тәсілдің кейбір іздері қазақ тілінде метафоралық мән беретін бірен – саран етістіктерден ғана байқалады: көкіректену – көкірегімен итеру, өңмеңдеу, бұзып – жарып кіру т.б. Алайда, бұлардың өзі де Қашқари айтатын мәннен гөрі істің қандай құралы арқылы істелгенін білдіретін етіс тобына әлде қайда жақын.
-ла аффиксі басқа да аффикстердің құрамына өзек болған -ла\ - лат; лас күрделі афииксі осы -ла аффиксі мен етіс қосымшаның бірігуі арқылы қалыптасқан. Олай деуге -ла\ - лат, -лан аффикстері арқылы жасалған сөздер арасындағы семантикалық байланыстар айқын көрінеді.
Қазіргі тілде мынадай бір ерекшелік байқалады. –лат; -лас; -лан аффикстері жалғана алатын есімдерден - ла аффиксі арқылы туынды етіс жасау мүмкін бола бермейді. Сол сияқы -лат аффиксі жалғанатын түбірге -лан немесе -лас аффиксімен жалғауға болмайды.
Есім түбірден етіс жасайтын ежелгі аффикстің бір -қар\ -кер. V – ІХ ғ. жазбаларында бағшар, ичкер (басқару, ішкерілету) тәрізді туынды етістіктер ұшырасады. М.Қашқари сөздігінде суғар, отғар (жайылу, оттау), түзгер (түзелту) т.б. етістіктері келтірілген. Қазақ тілінде бұл аффикс -ар түрінде де айтылады: суғар – суар, теңер – теңғер. Бұндай фактілер етістік жасайтын -ар аффиксі мен -ғар аффиксі о баста бір тұлға екендігін көрсетеді. Сондай – ақ ғай варианты болған. Мысалы: сарар – сарғар – сарғай. Қарарды – қарайды.
Ежелгі аффикстер тобына қазақ тіліндегі -а\ - е афиксін де жатқызуға болады. –А аффиксі қазіргі тіліміздегі есім түбірден етістік жасайтын қосымша
Теңе, ойна, шөлдіре, жалтыра, қина, жина тәрізді етістіктер құрамында түбір мен қосымшаға оңай ажырайды. Себебі, тең, ойын, мөлдір, жалтыр, қиын, жиын тәрізді есім сөздер қолданылады. Ал біле, түзе, жала, сыла етістіктеріне негіз болған түбірлерді салыстырма материалдар арқылы ғана ажыратуға болады. Біле етістігінің арғы негізі – біл, білек, білеу (қол, саусақ мәніде) есімдермен салыстырғанда, ғана айқындалады. Сірә бұған қарағанда, біл есім бір кездерде актив сөз болса керек. Қазіргі тілде лексикалық дербестігін жоғалтқан түзе етістігі де де түзу, түзел сөздермен түбірлес екені белгілі. Бірақ қазақ тілінде түз түбірі дербес қолданылмайды. Ол кейбір түркі тілдерде сын есім мәнінде сақталған.
Жала етістігінің арғы негізі болған жал есімі қазақ тілінде сақталмаған, кейбір түркі тілдерінде сұйық зат мәнінде қолданылады. Сыла етістігінің де негіз болған сыл есімі қазіргі кейбір түркі тілдерінде тегіс, жазық мәнінде қолданылады. Сөйтіп, -а, -е аффиксі арқылы жасалған етістіктерге негіз болған есімдердің біразы қазақ тілінде лексикалық дербестігінен айырылып қалғандығын көреміз.
-а аффиксі есімнен етістік жасалуда -ла аффиксімен параллель қолданылған. М.Қашқари сөздігінде «қысрақ құлнады, қысрақ йелнеді» (бие құлындады, бие желіндеді) сөйлемдері берілген. Бұл сөйлемдер құрамындағы құлнады, йелнеді етістіктің түбірі құлын, желін екені белгілі, бірақ олар -ла аффиксінен емес -а арқылы жасалған. Сондайөақ, тіс чықрады – тіс шықырлады, дегенде де қазақ тіліндегі -ла орнына -а аффиксі қолданылған. –а аффиксі мен -ла аффиксінің параллельдің қазіргі түркі тілдері арасында да байқалады.
Азербайжан – дарсыла, қазақ – тарсылда, алтай- өртте, қазақ - өрте.
Сондықтан бұл -а мен -ла аффиксін бір аффикстің екі түрлі варианты деп қарауға болады.
Байырғы етістіктер құрамынан кездесетін аффикстің бірі – ы\ -і.
Қазіргі түркі тілдерінің фактісмен салыстырып қарағанда, а мен -ы аффикстерінің алмасып қолданылғандығы көрінеді. Қазақ - тасы, азербайжан – таша, қазақ – боса, хақас – позы, қазақ – жанас, қырғыз – жаны т.б.
М.Қашқари сөзідгінде кездесетін құрыды, башуды, күріді тәрізді етістіктер қазіргі қазақ тілінде құрады, босады, күреді болып – а, -е аффиксімен айтылады. Бұл фактілер олар о баста бір ғана аффикстің ашық және қысаң варианттары болған да, келе - келе варианттар дербес мәнге ие болған.
Қазіргі қазақ тілінде иіске, шұлға, жайқа тәрізді біраз етістіктер -қа\ -ке, -ға\-ге аффикстеріне ажырайды.
-қа арқылы жасалған есім негізділер де, етістік негізділерде көп емес. Олардың бірсыпыраларының бастапқы түрлерінің мағынасы көмескіленіп, ескірген. Бұдан -қа аффиксінің сөз тудыру қабілетінің әлсірегенін байқатса, екінші жағынан оның ежелгі тұлға екендігін көрсетеді.
Қазіргі қазақ тіліндегі кейбір етістіктер -қа аффиксінде, -а аффиксін де қолданылады. Мысалы: тара – тарқа. Түркі тілдеріндегі елкенді – елкетті, йалғашты қазақ тілінде -еленді, елетті, жалады түрінде -а аффиксі болып қана қолданылады. Қазіргі қазақ тілдерінің кейбір материалдарын басқа түркі тілдерінің материалдарымен салыстырып қарағанда, -қа\-ға тұлғалы етістіктің -ла аффиксті сөздерімен сәйкестігі байқалады. Мысалы: қазақ – сыбырла, қырғыз – шыбырға, қырғыз – торго, қазақ – торла.
Сонымен қазақ тіліндегі -а \ -е аффиксі арқылы жасалған сөздер бір жағынан, -ла тұлғалы сөздермен ұштасып жатса, екінші жағынан -қа аффиксті сөздермен де ұшырасып жатады да олардың ұялас, негіздес аффикстер екенін байқауға болады.
Қазіргі қазақ тілінде -қ аффиксі арқылы жасаған етістіктер де бар. Мұны Севортян -қа аффиксінің фонетикалық варианты ретінде қарастырады. Қазақ тілінде бұл арқылы жасалған: халқы, шалқы, мөңкі, сырғы етістіктері бар. Бұларға негіз болған түбірлердің бірдей мағынасы айқын болса, бірде мағынасын түсіну мүмкін бола бермейді.
-қа, -қы аффикстері арқылы жасалған туынды түбірлердің біразы жаңа сөз жасауға база болған.
а) Есімшелер. Көне түркі тілінде есімшелік тұлғалар да сан жағынан әлдеқайда көп. Кейде бірнеше морфологиялық тұлғалар бір қызметте қолданылған. Бұған қарағанда тілдің даму барысында есімшелік тұлғаның азаюына бұрын бірнеше формалар арқылы берілетін мағыналық мәнерлердің бір ғана форма айналасына шоғырлануы себеп болса керек. Көне түркі тілінде қолданылған кейбір есімшелік форманттар қазіргі түркі тілдерінде сол күйінше қолданыс тапса, бір тобы жеке сөздер құрамында «өлі» қосымша болып сақталып қалған. Көне түркі тілінде қолданыс тапқан есімше форманттарының кейбір басты ерекшеліктері мынадай: -мыш. Орхон – Енисей жазбалары тілінде сондай – ақ кейінгі орта ғасыр жазбаларында да есімшенің өткен шағын жасаған аффикс: қалмыш (қалған), тегміш (түйіскен). Қазіргі біздің тіліміздегі -ған аффиксінің қызметін атқарған. Бұл формант, сонымен қатар, қимыл есімінің қызметінде де кездеседі: Бұл мәнде ол қазіргі біздің тіліміздегі тұйық рай тұлғасы -у – ға сай: бітміш (жазу), берміш (беру). Сонымен бірге, тұрлаусыз мүшелер қызметін атқарып, әртүрлі септік жалғауын қабылдаған: бітмішін (бітісімен). Шылаулармен де бір тіркесте қолданылған: будун болмыш үчүн (халық болғаны үшін). Орта ғасыр жазбалар тілінде -мыш тұлғасының істің болған – болмағаны дүдамал, оны біреудің сөзі арқылы хабарлау мәнінде де қолданылатыны кездеседі. Осымен байланысты, қазақ тілінде ұшырасатын, сөйлем баяндауышына тіркесе айтылып, істің болмағандығын, бірақ болды деп жорамалдағандығын білдіретін -мыш, -мыс тұлғаларын еске түсіру орынды: айтыпты – мыс. –Мыш біздің қазіргі тілімізде жеке сөздер құрамында ғана сақталған. Тұрмыс, жазмыш; оймыш; болмыс, тармыс тәрізді сөздер құрамындағы осы тұлға. –Мыш тұлғасы өзінің бұрынғы мағынасында қазіргі оңтүстік – батыс тілдерінде ғана сақталған.
Қазақ тілімізде өткен шақ есімше мән беретін -ған тұлғасы Орхон – Енисей жазбаларында кездеспейді, бірақ ХІ ғасырдағы Қашқари сөздігінен бастап өте жиі қолданылған формант. Қашқаридың түсіндіруінше: «іс - әрекеттің көп мәрте болғанын, созылыңқы екенін білдіруші сипат. Бұл сипат барлық тайпа тілдерінде және әрбір бөлімде бірыңғай бұйрық рай тұлғасынан жасалады. Бұйрық рай қатаң қ-ға бітсе -ған, жұмсақ сөздерге -ген қосылады. Сондықтан көп мәрте қайталатанын іс - әрекетті білдіруші сипат барған -бар бұйрық райынан тұрған -тұр бұйрығынан жасалған. Қазіргі қазақ тілінде -ған тұлғасының -мыш форманты беретін барлық мағыналық мәнерлер де жұмсалуы соңғының қолданылуынан шығып қалуымен байланысты болса керек. Алтын Орда әдеби тілінде өткен шақ мәнінде -ған форманты аса жиі де кең қолданыс тапқан.
Қазіргі түркі тілдерінде бұл тұлғаның қолданылуы белгілі бір жүйені байқатады. –мыш тұлғасын қолданатын тілдер -ған тұлғасын, -ған жиі қолданған тілдер -мыш тұлғасын айтпайды.
-Ған этимологиялық жағынан құранды. Ға – қимыл есім тұлғасы да, соңғы -н ежелгі дәуірде өткен шақты білдірген қосымша. –Н ежелгі дәуірде шақты білдірген қосымша. –Н қосымшасы чуваш тілінде осы мағынада қолданылады.
-р (-ра; -ер) есімшесі қазіргі түркі тілдерінде соның бірі қазақ тілінде келер шақ мәнін беретін арнайы грамматикалық тәсіл. Р – варианты бірнеше вариантта айтылған: -ар; -ер; -ыр; -ір; үр, ур.
Бұл тұлғалардың болымсыз түрі -мас\\з.
Қазіргі қазақ тіліндегі -атын, есімшесі бір шама жаңа тұлға. А – көсемше + тур (көмекші етістік) + ған > а – ту(р) – ған > а + ту – ғын > атын.
Келер шақ көрсеткіші есебінде бұл тұлға V – VІІІ ғасырларда ескерткіштер тілінен де кең қолданыс тапқан. V – VІІІ ғасыр ескерткіштер тілінде мынадай қызметте қолданылған: өзінің тура мәнінде: көрур көзүм.
Осы шақ мәнінде: бес балыққа барырмен. Қазіргі азербайжан тілінде осы шақ есімше мәнін беретін – ар.
ә) Көсемше. Көне түркі тілінде көсемшелік тұлғалар қазіргіден сан жағынан көп болған. Олардың кейбірі сақталмаған, бірен – сараны жеке сөздер құрамында «өлі» элементтер түрінде ғана ұшырасады. Қазіргі қазақ тіліндегі қатты сын есімнің құрамындағы – ты V – VІІІ ғасырларда көсемшелік формант және осы жақты білдірген: қатығды > қатды > қатты. Бірақ сөз құрамында ғана сақталып, өзінің бұрынғы шақтың мәнінен түгелдей айырылып қалған. Сол сияқты сайын, тағы, дейін, шейін тәрізді шылаулар құрамында да бір кезде (V – VІІІ ғ.) қолданылған - ы; - й көсемше форманттарының ізін көреміз.
V – VІІІ ғ ескерткіштерінде көсемшенің мына тәрізді форманттары қолданылған: 1) -а; -е; -уча, -тута, -й, -ы, -ти, -алы, -у, ү; өлү оплайу; -гелі; өлгелі; -ты: қатығды:
2) -п, -пан; -пен: олурыпан. Орта ғасыр ескерткіштерінде де кейбір өзгерістермен осы тұлғалар қайталанады. Орта ғасыр ескерткіштерінде бұлардан басқа -ғач; -геч; -мадын; -мазын; -майын. Алтын Орда ескерткіштерінде: -ғанча; -гінче тұлғалары да ұшырасады.
Көрсетілген көсемше форманттарынан шақтық мән білдіруіне қарай осы шақ көсемшелері: -а; -е; -ы; -й; -у; -ү; -ты; өткен шақ көсемшелері: -п; -пан және мақсат көсемшесі -ғалы деп топтастыруға болады. –Ы тұлғасы Х – ХІІІ ғасырларда жеке сөздер құрамында ғана сақталған өлі тұлға болған. –у; ү тұлғалары орта дәуірлерде аса кең қолданылғанмен, кейінгі дәуірлерде қолданыстан шығып қалған. Бір кезде әр түрлі вариантқа тән болатын мағыналақ мәнерлер тек қана -а; -е; -й формаларына шоғырланған. Айталық ескі жазбалар тілінде істің, әрекеттің мақсатын, себебін білдіру мәнінде көбінесе -у; -ү –ы тұлғалары қолданылса, қазақ тілінде осы мағыналар -а; -е; -й көсемшесімен беріледі.
П тұлғасы көне түркі тілінде де өткен шақ мәнін беретін грамматикалық тәсіл. Бұл тұлғадан тараған -пан; -пен және -ыбан; -ібен варианттары да болған.
Кейінгі дәуірде -пан күрделі аффикстің құрамынан -ан буыны түсіп қалған. Қазіргі якут, чуваш тілінде -а өнімді аффикс. Көне заманда бұл есімшелік аффикстің бірі болған. Малов та – пан тұлғасын -п және -ан бөліктерінен құралған деп есептейді.
Қазіргі қазақ тіліндегі мақсат көсемше деп аталынып жүрген -ғалы тұлғасы ескерткіштер тілінде 2 түрлі мәнде – мақсат және істің басталар моментін (уақытын) білдірген. -Ғалы қосымшасының алғашқы элементін барыс септік жалғауы да, соңғы -лы түркі тілінің тарихында белгілі бірлестік септік қосымшасы болу ықтимал деген пікір бар.
Орта ғасыр ескерткіштері тілінде ұшырасатын -матын; -мадын; --майын тұлғалары нақ осы күйінде қазақ тілінде сақталмаған. Тарихи жағынан бұл күрделі: -ма – етістігінің болымсыздық аффиксі, – йын Орхон жазбаларында ұшырасатын -йин; -йын көсемшелері екені айқын. Бұл аффикс ескерткіштер тілінде де істің істелу тәсілін, қандай жағдайда істелгендігін білдірген. Қазіргі қазақ тілінде -май (-мей) (көрмей сөйлеме, білмей айтпа) тұлғасы беретін мағыналарда қолданылған. Орта ғасыр ескерткіштерінде де бұл аффикс кейде толық күйінде (-майын), кейде қысқа түрде (-май) айтылған. Қазақ тілінде толық түрі -майынша күрделі аффикстің құрамында ғана ұшырайды. Соңғы мезгіл мәніндегі -ша қосымшасының қосылып, бірігіп жұмсалуы Алтын Орда жазбаларының тілінде ұшырасады.
Бақылау сұрақтары:
1. Түркі тілдерінде ежелден етістік жасайтын қандай аффикстер бар?
2. Қазіргі етістік жасайтын жұрнақтар мен көне түркі тіліндегі жұрнақтардың дыбыстық, тұлғалық ерекшеліктері бар ма?
3. Көне түркі тілінде қандай есімшелік тұлғалар кездеседі?
4. Көне түркі тілінде қолданылған қандай өлі форманттарды білесің?
5. Көне түркі тілінде қандай көсемшелік тұлғалар кездеседі?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
13 -Тақырып. Етіс категориясының дамуы
Дәрістің мақсаты: Студенттерге етіс категориясының даму ерекшеліктері туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: етіс, ортақ етіс, өзгелік етіс, өздік етіс, ырықсыз етіс.
Дәрістің жоспары: 1. Өздік етіс қосымшасының дамуы
2. Ырықсыз етіс қосымшасының дамуы
3. Өзгелік етіс жұрнақтарының дамуы
4. Ортақ етіс жұрнақтарының дамуы
Өздік етіс қосымшасы ескерткіштердің қайсысында да -н түрінде, немесе түбір сөз дауыссыз дыбысқа аяқталса, қысаң дауыстылармен (-ын, -ін, -үн) қолданылған. V – VІІІ ғасыр ескерткіштері тілінде -н аффиксі мынадай орындарда жұмсалған. Өзінің тура мағынасында яғни іс - әрекет иесі сөйлеушінің өзі екендігін білдіреді. Өзім сақынтым, (өзім қайғыландым). Кейде ырықсыз етіс мәнін де берген: не, басыналым, тегелім – тідім (несі бар, басып аламыз, шабамыз - дедім).
М.Қашқари -н аффиксінің мына төмендегідей мағыналық қолданысын айырып көрсетеді. «Бірінші басқалардың жәрдемінсіз, істеушінің бір өзі істегенін аңғартады. Ол евге барынды – ол үйге барды және ол асы татынды –ол астан татты.Екіншіден, іс істеуші ешкімнің жәрдемінсіз өз істегенін білдіреді. Ер алымын алынды – қарыз берген адам қарызын бір өзі өндіріп алды. Ол тарығ тарынды – ол өзі үшін жалғыз өзі егін екті. Етістік бұл мағынада өзіңе өзі сөздерімен бірге қолданылуы керек. Бұл ретте -л мен -н әріптерінің бірінің орнына бірі алмасуы да кездеседі. Мысалы: бітік – бітілді, яки бітінді дегендегі 2 варианттың екеуі де бірдей. Мазмұны да бір - кітап жазылды деген. Бұл етістіктердегі -л – де, н – де ырықсыз етіс белгісі.» Төртінші жоғарғы мағыналарды бермей өзінің тура мәнінде қолданылады. Теңріге тапынды – құдайға құлшылық етті.
Қашқари көрсетіп отырған 1 – ші қолданыс қазақ тілі говорларында да ұшырасып отырады. Мысалы: шығынды (шықты), болынды (болды). Қашқари көрсеткен 2-ші мағынасы қазіргі қазақ тіліндегі -н аффиксінің тура мағынасы болып табылады. Дегенмен, өз өзіңе есімдігі әсте қолданылмайды.
Қашқари көрсеткен 3- ші мағына, -н аффиксінің ырықсыз мәнде қолданылуы ұшырасатын құбылыс. Қазақ тілінде майланды, тазаланды, әдеміленді, сыланды т.б. етістіктер өздік етіс мәнін де, ырықсыз етіс мәнін де береді. –н тұлғасының мұндай екі түрлі функциясы, бір жағынан, түбір етістіктердің мағынасына байланысты болады. –н тұлғалы етістік табыс септікті сөзді меңгереді. Қашқари «ер алымын алынды» сөйлемін келтіріп отыра, алынды етістігінің 2-ші бір қырын танытады.
Қазақ тілінде шешін, киін, қағын тәрізді -н тұлғасында келген бірсыпыра етістіктер өздік етіс мәнін бере отырып, екінші жағынан тура объектіге байланысты айтылады. Сен киіміңді киін, сен киіміңді шешін, үстіңді қағын деген сөйлемде табыс септігін меңгереді. Дегенмен олар аяғыңды бас, етті тұзда тәрізді тіркестер құрамындағы меңгеруден гөрі әлсіз болып келеді.
Ырықсыз етіс қосымшасы -л (-ыл, -іл) V – VІІІ ғасыр ескерткіштерінде мынадай орындарда қолданылған, өзінің тура мәнінде - ырықсыз етіс мәнінде: табғачда адырыста. Екінші өздік етіс мәнінде қолданылған: білге Тонуқұқ бен өзүм табғач ілінде қылынтым.
-л тұлғалы етістікте ескерткіштер тілінде, кейде бірле шылау сөзімен қосарлана жұмсалады. Табғач будун бірле түзелтім.
Бұл мағыналық мәнердің қай – қайсы да қазіргі қазақ тіліндегі осы тұлғалы етістіктің бойынан ұшырасады.
М.Қашқари -л аффикстің мынадай қызметін көрсетеді. 1) жаңа етістік жасайды. 2) ырықсыз етіс жасайды. 3) салт етістіктен ырықсыз етіс жасайды. 4) «дербес» етістік жасайды.
V – VІІІ ғасырлар жазбалары тілінде сирек, ал Қашқари сөздігінде қалыптасқан тәсілі ретінде -қ \ -к (сық, -дық) аффикстері ұшырасады. Ұйғыр жазуының ескертіштерінде оқын урсукмыш – оқпен ұрылған.
Қашқари көрсететін бұл аффикстер қазақ тілінде етек алған құбылыс емес. Алайда, олардың ізін кейбір сөздер құрамыныан ұшартуға болады. Мысалы: соқтығу, аптығу, шаптығу, тұттығу т.б. Сонда, ырықсыз мән берген -сық, -дық аффикстері қазақ тілінде жеке етістіктер құрамында, сөз жасаушы элемент ретінде ғана кездеседі.
Қыпшақ жазбалары тілінде етіс мәнін арнаулы қосымшасыз беру де ұшрасады.
Анда тапғайсыз тоғырған оғылан чупреке чулғанмыз (Ана жақтан жаңа туылған шүберекке оралған нәрестені табасыз).
Өзгелік етіс қосымшасы: -ты (-үт; -үт; -ыт; -іт), -р, (-ур; -үр; -ыр; -ір), -түр (-дүр; -дир), гур (гүр), -з (-тыз; -кіт; -гір) тұлғаларында ұшырасады. Басқа етіс қосымшаларына қарағанда көп вариантты. Ескерткіштер тіліндегі қолданысы қазіргі мағынасынан алшақ кетпейді. Кейде бұл қосымшалардың өзгелік етіс мағынасын бермейтіндігі байқалады. Мысалы: Урағұт оғлыңа сүт емізді - әйел ұлына сүт емізді.
М.Қашқари -р, -з -ғар аффиксінің қызметі мен мағыналары жайлы түсіндіре келе, осы тұлғалы етістіктердің кейбірі етіс мәнін бермейтіні ескертіп отырады: анаң бойнын қазырды (оның мойнын қайырды).
Өзгелік етіс қосымшасы деп ұғынылатын кейбір аффикстер қазіргі тілдегі бірсыпыра түбір етістіктер құрамында кездеседі: басқар, жазғыр, ескер, аңғар. –т аффиксінен келген: қайт, айт, кет, сат. –р аффкисінен: ескір, көгер, жұқар т.б.
Қазіргі тілде кейбір өзгелік етіс аффикстері арқылы қалыптасып кеткен есім сөздер де кездеседі: өткір, алғыр, бөгет, сарқыт т.б.
Қазіргі қазақ тілінде -дыр, -тыр жұрнақтары түбірлердің соңғы дыбысының ыңғайымен алмасып отыратын варианттар ретінде ұшырасады: алдыр – сат – тыр. Түркі тілдерінің кейбірінде – тек, -дыр (немесе -дур) сипатында ғана қалыптасқан. –т және -д аффиксін де көмекші етістіктен пайда болды деген пікір бар. Себебі, келтір етістігін кел де деп те беруге болады. Р – етіс жұрнақ қабаттасқан жалпы етіс аффиксінің бірінің үстіне екіншісінің қабатталуы көне түркі тілдерде де, жаңа тілдерде ұшырасады: жаз – дыр- т – қыз, -қыз, -ғыз аффикстері де құранды. Бұл -қ, -ғ қимыл есім тұлғасы мен з аффиксінің қосылуы.
Ескі, жаңа түркі тілдерінің қайсында да тұлғалық жағынан бірыңғай болып келетін -ортақ етіс. Ортақ етіс қосымшасы ескі жазбаларда да, қазіргі түркі тілдерінде де бір ғана вариантта -ш \ -с ұшырасады.
М.Қашқари -ш\ -с аффиксінің қолданылуын былай деп жазады. –ш әріпі бұл етістіктер құрамында бірнеше мәнді білдерді. Мысалы: Ер тавар қапты – кісі дүниені тартып алды. Осы етістікке -ш қосылып іс екі немесе бірнеше кісілер арасында, солардың қатысуымен болғанын білдіреді. Мәселен: ол менің бірле топың қапушды – ол маған тобықты тартып алуға серік болды. Ол менің бірле тепішді – Ол менімен тебісті. Етістікке менің бірле тіркесі қосылса, бәсекелесуге, жарысуды, көмектесуді білдіреді.
Бақылау сұрақтары:
1. М.Қашқари –ын аффиксінің қандай мағынада қолданылғандығын көрсетті?
2. –ыл аффиксі қандай қызмет атқарды?
3. Өзгелік етістің қандай қосымшалары бар?
4. –ш аффиксі қай етістің қызметін атқарды?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
14 -Тақырып. Сөз тіркестерінің қалыптасуы, дамуы
Дәрістің мақсаты: Студенттерге сөз тіркесінің қалыптасу, даму ерекшеліктері туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: сөз тіркесі, изафеттік тіркестер,
Дәрістің жоспары: 1. Сөз тіркестерінің ескі түркі тілінде қалыптасқан түрлері, құрамы
2. Сөз тіркестерінің ескі түркі тілінде қалыптасқан тәсілдері
3. Изафеттік тіркестер, түрлері
Қазақ тілінде сөз тіркесінің басыңқы сыңары қызметінде есімдер мен етістік жұмсалатыны қалыптасқан заңдылық. Ал, үстеулер негізінде бағыныңқы сыңар қызметінде жұмсалатын сөздер тобына жатады. Алайда, қазіргі әдеби тілімізде үстеулердің басыңқы сыңар қызметінде жұмсалу үрдісі пайда бола бастағанын көруге болады. Ғалым Н.З.Гаджиева түркі тілдеріндегі сөз тіркестерінің зерттелуіне назар аудара отырып, атрибутивті қатынастағы сөз тіркестерінің құрамы мәселесіне тоқталады. Олардың түркі тілдерінде қалыптасқан өзіндік үлгілері (модельдері) болатындығы туралы жазады. Ғалым сөз тіркестерін мынадай модельдерге жіктеп, олардың жасалуына жеке-жеке тоқталып өткен: 1. Зат есім + сан есімді тіркестер; 2. Зат есім + есімдікті тіркестер; 3. Зат есім + сын есімді тіркестер; 4. Зат есім + есімшелі тіркестер; 5. Зат есім + -ырға, - арға инфинитивтері; 6. Екі есім сөзден құралған анықтауыштық тіркестер; 7. Зат есім + қос сөздер; 8. Анықтауыштық қатынастағы жайылма сөз тіркестері. Есімді тіркестердің үлгілері Т.Р.Қордабаевтың «Тарихи синтаксис мәселелері» атты еңбегінде де беріледі. 1. Зат есімнің зат есімнің тіркесі; 2. Сын есімді тіркестер; 3. Сан есімді тіркестер; 4. Есімдікті тіркестер; 5. Үстеулі тіркестер. Біз ескерткіштер тіліндегі есімді тіркестерді осындай үлгілер (модельдер) негізінде зерттеп қарастырдық. «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде кездесетін сан есімді сөз тіркестерінің негізгі түрлері – есептік, реттік және болжалдық сан есімдер. Бұл сандардың жазба ескерткіш тілінде не зат, бұйым есебін білдіру үшін немесе мезгілдік есепті білдіру үшін ғана қолданылғандығы зерттеу барысында анықталды. Мысалы: төрт кой – төрт қой, кырк дөнен – қырық дөнен түрінде келсе, өзге ескерткіштерде: алты хан (ТШ), екі мың атлығ білән қарауыл қойды (Ж) - екі мың атты әскермен қорғаушы қойды, қырық құлач (Ш) – қырық құлаш, бір шағал (Ш) – бір шибөрі, тоғуз оғұл (Ж) – тоғыз ұл сынды болып келсе, қазіргі түркі тілдерінде әзерб. беш китаб - бес кітап, уч дәфтәр - үш дәптер, алт. эки түн – екі түн, башқ. өс өй - үш үй, қаз. үш-төрт жігіт, бес қайың; тат. бер кеше – бір адам, алиг кашиг – елу қасық, түрк. ики бармак – екі саусақ, қырғ. бир графин – бір тостақ, түр. ікі ада – екі арал секілді болып келеді. Бұдан шығатын қорытынды, барлық түркі тілдерінде де осы үлгідегі (модельдегі) сан есімді тіркестер бар. Сан есім + зат есім қалпы негізгі талапқа сай, түркі тілдерінің барлығында бірдей үлгіде келетіндігі анықталды. Демек, сан есімнен кейін зат есім келетін құрылым барлық түркі тілдерінде сақталған қалыпты жағдай. Сан есім + нумератив + зат есім қалпында келетін сөз тіркестері сөздіктің тілінде көп кездеседі. Мысалы: төрт йашар кой - төрт жасар қой, кирг. төрт жылдык согуш – төрт жылдық соғыс, тат. өч яшлык қыз – үш жасар қыз, түрк. бир гунлук ел – бір күндік жол, өзб. етти йиллык мактаб - жеті жылдық мектеп. Мұндағы сөз тіркестердің жоғарыдағы мысалдардан айырмашылығы, бұл мысалдар -лық аффиксі арқылы жасалып тұр. Бұл тіркес те барлық түркі тілдерінде осы модельде кездеседі. Сөздік тілінде сілтеу, белгісіздік, жалпылау есімдіктері біз қарастырып отырған еңбекте, орта ғасыр жазба ескерткіштерінде зат есім + есімдікті тіркестер үлгісі ретінде беріледі. Мысалы, ескерткіш тілінде сизин оғұл (МӘ) – сіздің ұл, ол ұлұғ (Ж) – ол ұлы, бұ іш (Ж) – бұл іс, барша ұғланлары (Ж) – барша ұландары сөз тіркесі көп кездеседі. Осы үлгінің қазіргі түркі тілдеріндегі көрінісіне келер болсақ, әзерб. мәним адым – менің атым, башқ. минең китабым – менің кітабым тұлғасында келеді, сонымен қатар, әзерб. бизим нәсл – біздің ұрпақ, башқ. беззең команда – біздің команда, тат. безнең ел – біздің ел, чув. пирен анне – біздің ана. Зат есім + сын есім қалыпты сөз тіркестері. «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде өте көп кездеседі. Мұндай қалыпты сөз тіркестерінің қазіргі тіліміздегі сөз тіркестерінен ешқандай айырмашылықтары жоқ. Мұнда сын есім зат есімнің анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: ачык йүкрат (МӘ) – ашық сүзбе, ачык соян (МӘ) – ащы пияз, ак ат (МӘ) – ақ ат, ұлұғ той (Ж) – ұлы той, яш ұғлан (Ж) – жас ұлан, темүр даруаза (ТШ) – темір дарбаза, ба‘зи дост (ТШ) – ескі дос тәрізді болып келсе, қазіргі түркі тілдерінде әзерб. мави көй – көк аспан, сарымтыл сач - сарылау шаш, тат. ак төннәр - ақ таңдар, кызылрак чечек - қызылырақ гүл, қаз. ыстық жас, хак. көк адайлар – көк иттер, хызыл арахінек – қызыл сиыр, түр. гузел киз - әдемі қыз сынды болып келеді. Келтірілген мысалдардан сын есімді тіркестердің әрдайым зат есімге тіркесетіндігін байқаймыз. Сын есімді тіркестердің жасалу қалпы түркі тілдерінің барлығында дерлік біркелкі болып келеді. Есімшелі сөз тіркестері түркі тілдерінде көне дәуірден бері белгілі. Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде зат есім + есімшелі сөз тіркестері өте жиі ұшырасады және түркі тілдерінің барлығында дерлік кездеседі. Мысалы: биткен битик (МӘ) – жазылған хат, безенген хатун (158) – сәнделген әйел, өнген қаум (Ж) - өркендеген халық, әзерб. чалышган тәләбә - оқыған студент, түрк. үйреген ит – үйренген ит, гелген адам – келген адам, тат. туган жир – туған жер, ушкан ыяш – құлаған ағаш, өзб. уткан йил - өткен жыл, қайтмайдиган одам – қайтпайтын адам, тув. тоткан киши – тойған адам, түр. чалышкан чожук – талпынған бала, қаз. келетін кісі, қ.-қалп. қатнасатуғын одам – қатысатын адам, ұйғ. көридиған кино – көретін кино. Екі есім сөзден тұратын сөз тіркестерінің компонеттері изафеттік негізде байланысады. Мұндай тіркестер орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде былай көрініс тапқан: бұдұн мүлкінің падшаһы (Ж) - халық мүлкінің патшасы, Хорезм шаһының анасы Тұрқан хатұнның қарындашы (Т) - Хорезм шахының анасы Тұрқан хатынның ағайыны, қаз. құрғақшылыққа қарсы күрес, күндерде бір күн, қырғ. ар кишиде бир акыл - әр кісіде бір ақыл, адам адамга жолдош – адам адамға жолдас, түр. Таранта Бабуйа мектуплар - Таранта бабуға хаттар, түрк. гөвнүнде бир үнжүси – жүрегінде бір қорқыныш, тат. бәхет өчен юл – бақыт үшін жол, шәһәр буенча конкурс – қала бойынша конкурс. Мұндай сөз тіркестерінің алуан түрлі және өзгешеліктері мол болып келетіндігіне жоғарыдағы мысалдар дәлел. «Мұқаддимат әл-әдаб» жазба ескерткішіндегі есімді тіркестер деген екінші тарауда сөз тіркестерінің байланысу тәсілдері мен қолданылу жиілігі қарастырылады. Жазба жәдігерлік тіліндегі меңгеріле байланысқан есімді тіркестер. Қазақ тілі материалдарының негізінде жарық көрген М.Б.Балақаев еңбектерінде сөз тіркесі мәселесі кеңінен зерттеліп, сөз тіркестерінің құрылысы, өзіне тән ерекшеліктері, сөздердің байланысу тәсілдері мен формалары және олардың тіркесу қабілеттері жан-жақты ашылып көрсетіледі [14]. Бұл тұста кейінгі кездері жарық көрген А.Н.Баскаковтың, Р.С.Әміровтің, С.Исаевтың еңбектерін де атап өткен орынды. «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде меңгеріле байланысқан сөз тіркестері сөзүң аз – сөзімнен артығырақ, өзүңгә иш - өзіңе үлгі секілді болып келсе, «Жамиғат-Тауарих» жазба ескерткішінің тілінде достуна дост - досына дос, душманына душман - дұшпанына дұшпан ал өзге де орта ғасыр жазба жадыхаттарында ерка теңсиз (ҚБ) – еркекке ыңғайсыздық, сараңқа сөкүш (ҚБ) – сараңға сөгіс, қытан тапа (ДТС) – қидандарға соғыс, тоғардын батарға (ҚБ) – шығыстан батысқа, кишидин едгүлүк (ҚБ) – кісіден жақсылық, тишидин теңсиз (ҚБ) - әйелден ыңғайсыздық, ердин едгүлүк (ҺХ) – кісіден жақсылық. Зерттеу барысында орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі есімді тіркестердің қазіргі түркі тілдерінде де жиі қолданылатындығы, сондай-ақ оларда қыпшақ элементтерінің айқын басым екендігі анықталып отыр. Барыс септікті меңгеру: «Сан есім + нумеративті сөз» құрылымындағы түйдекті тіркестер басқа сөз тіркестерімен меңгеріле байланыса алады. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде үш айға бес мың әскер секілді болып келсе, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир йашар оғлан (152) – бір жасар бала, үч йашар кой – үш жасар қой сияқты болып көрініс табады. Ал «Жамиғат-Тауарих» тілінде меңгеріле байланысқан есімді тіркестер йерге басрұқ - жерге басшы, мәмлакаткә басрұқ - елге басшы, ханға елчі - ханға елші түрінде кездеседі. Мұнда сөз тіркестерінің барыс септікті меңгеру арқылы жасалу жолдарындағы бір-біріне ұқсастығы анық байқалады. Жатыс септікті меңгеру: қазақ тілінде «сан есім + нумеративті сөз» құрылымындағы тіркестер басқа сөздермен немесе «сан есім + нумеративті» құрылымындағы тіркеспен меңгеріле байланысады. Зерттеу барысында орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі шығыс септікті меңгеру арқылы есімді сөз тіркестерінің жасалуындағы ұқсастық анықталып отыр. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде бір жазда, үш рет, үш жылда бір мәрте. Бұл «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир күнде – бір күнде, үч кат ип – үш қабат жіп сияқты болып көрініс табады. Ал «Жамиғат-тауарих» тілінде төрт йақта - төрт жақта, әууел башта - бастапқы кездері, ешиңа салам (ҺХ) – досыңа сәлем түрінде кездеседі.Зерттеу барысында сөз тіркестерінің жатыс септікті меңгеру арқылы жасалу жолдарындағы ұқсастық бұрынғы және қазіргі түркі тілдері материалдарын салыстыру негізінде толық дәлелденіп отыр. Шығыс септікті меңгеру: «Сан есім + нумеративті сөз» құрылымындағы нумеративті жай тіркестер зат есімдермен көбінесе шылаулар арқылы меңгеріле байланысуы қазіргі түркі тілдерінде де, ескі түркі тілдерінде де сирек кездеседі. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде жиырма бес пұттан екі жарым пұт көмір, он сомнан он бес сомға дейін сынды болып келсе, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир тутамйан от – бір тұтамнан шөп сияқты болып келеді. Ал «Түркі Шежіресіндегі» қолданымы: афтаб мәшһүр - күннен мәшһүр, қаумдын артуқрақ - халықтан артығырақ, афтабдын мәшһүрірек (ТШ) – күннен мәшһүрірек. «Жамиғат-тауарихта» айдын раушанырақ (Ж) – айдан көріктірек, қаумдын артуқ (Ж) – халықтан артық, келіндін көрклү (Ж) – келіннен көрікті. Сөздікте меңгерiле байланысқан есiмдi сөз тiркестерiнiң бағыныңқы сыңарлары барыс, шығыс, жатыс, көмектес жалғауларының бiрiнде жұмсалады да, басыңқылары көбiне баяндауыш қызметiндегi есiмдер болады. Мысалы: билгә баш – бiлiмдiлерге бас, есизкә от – жамандарға от , иағықа йудуғ – жауға жұт, сөзгә тануқы – сөзге айғақ, сөзүң аз – сөзімнен артығырақ, өзүңгә иш - өзіңе үлгі, сөзләмишда асығ – сөйлегеннен олжа. Есімдердің бұлай тіркесуі жеке сөздің тікелей лексикалық мағынасынан, жалпы сөйлемнің мазмұнынан, айтайын деген ойды нақтылау үшін, есім сөздерге жалғаулы есімдердің керек болуынан туады. Ескерткіште қазақ тіліндегі тіркестермен формасы жағынан да, мағынасы жағынан да бірдей едәуір тіркестер кездеседі. Дегенмен, ескерткіштердегі есімді сөз тіркестердің кейбірі қазіргі қазақ тілінде сыртқы формасы бірдей болғанымен, мағынасы өзгеріске ұшыраған күйінде кездесетіндігі анықталды. Сөз тіркестерінде, негiзiнен, бағыныңқы сыңар ретінде келетін сын есiмдер баяндауыш қызметiнде жұмсалғанда, есiмдi сөз тiркесiнiң басыңқы сыңары болып келетін кездері де ұшырасады. Мысалы: көр қарақуқ – көр соқыр, қарақуқ белгүлүг – аты шулы соқыр сияқты тіркес құрамында келеді, ал заттың ішкі – сыртқы сапасын білдіретін сын есімдер әлдеқайда көп кездеседі. Мысалы, меңа йақын – маған жақын (581), бега йақын – кісіге жақын, сақынч йаңлузун – қайғы жалғыз. ХІV ғасыр мұраларының тіліндегі матаса байланысқан есімді тіркестер. Түркі тілдеріндегі сөз тіркесі тәсілдерінің ішінде матаса байланысқан тіркестердің дамуы ғылымда жеке қарастырылмай келеді. Матаса байланысу – ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің тіркесі. Бұл тіркестерде бағыныңқы сыңар ілік септікте немесе атау септік күйінде тұрады да, басыңқы сыңар тәуелдік жалғауы тұлғасында тұрады. Матасу – байланысудың басқа формаларына қарағанда тарихи тұрғыдан ең кеш қалыптасқан формалардың бірі. Қазан төңкерісіне дейін М.А.Казем-Бек ілік жалғаулы сөзді «Меңгеруге байланысты сөз тіркестері» дей келіп, оларды «фраза» деп атағаны белгілі. П.М.Мелиоранский еңбектерінде матаса байланысқан сөздер тобы жеке көрсетілмейді. Матаса байланысу формасының қазақ тілінде зерттелуі М.Балақаев есімімен байланысты. Осы кезеңде қазақ тілінің грамматикасы бойынша арнайы оқулық жазған, әсіресе, ғалымның «Основные типы словосочетании в казахском языке» атты еңбегінде кеңінен қарастырылады. Матасу арнайы байланысу амалы ретінде тіл білімі ғылымында ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап зерттеле бастады. Сөз тіркесінің даму тарихында ілік жалғаулы сөздер де меңгеріле байланысқан: қаланың баласы, карин йүкі – қарынның жүгі, үзүм ширеси – жүзім шырыны, көк урайы – шөп ұрығы, ләшкерінің қолы - әскерінің қолы. Жазба ескерткіш тіліндегі матаса байланысқан сөз тiркестерiнің жасалу жолдарында өзiндiк ерекшелiктер бар. Бұл сөздікте былай көрiнiс табады: Келенин дилайы – жануардың құлағы, келенин учаси – жануардың белі, алтун таразиси – алтынның таразысы. ХІІІ-ХІV ғасыр жазба жадыхаттарында: казан көпүки қазан көбігі (МӘ), темүр ушайы - темірдің ұсағы, теве төши – түйенің төсі (МӘ), шатранжниң бисати – шахматтың тақтасы (МӘ), сүт көпүки – сүттің көбігі (МӘ), киши қылқы - кiсiнiң қылығы, билигкә тилмәчи - бiлiмнiң тiлмашы (ҚБ), будун тили – жұрттың тiлi, елиг көңли – елiктiң көңiлi билигсиз тили – бiлiмсiздiң дiлi (Мн). Ал «Жамиғат-тауарих» және «Түркі шежіресі» жазбаларында ханның оғлы (Ж) – ханның баласы, адамның бейіші (Ж) – адамның пейіші, фужиннің ордусу (Ж) – фужинннің ордасы, жиреннің йылқычысы (ТШ) – жиреннің жылқышысы, Хытайның шахары (ТШ) – Қытайдың қаласы сынды болып келеді. Бұл сөз тiркестерiнiң бiрiншi сыңарлары iлiк жалғауда, екiншi сыңарлары тәуелдiк жалғау тұлғасында тұр. Мұндағы кейбір сөз тіркестерде ілік жалғауы көбіне жасырын түрде келеді. Б.Әбілқасымов «Түркі шежіресі» жазба ескерткіші тіліндегі сөз тіркестерін зерттей келе, олардың басым көпшілігінің қазіргі қазақ тілінде аса көп өзгеріске ұшырамай сақталғанын көрсетеді және олар көркемдік құрал ретінде қолданылғанда қазақтың ұлттық таным-түсінігіне сай келетіндігін айтады [10]. Жазба ескерткіштер тілінде сөздердiң осылай байланысуы - қазақ тiлiнiң грамматикалық құрылысындағы ерекшелiктердiң орта ғасыр жазба ескерткiштерiнде де бар екендiгiнің дәлелі. Сөз тiркесiнiң бұл байланысын бiрқатар түркітанушылар қиысу ретінде қарастырады. Егер қиысуда бағыныңқы сөз басыңқы сөзге иек артып, соның жақтық, көптiк мағынасына лайық, белгiлi грамматикалық тұлғада айтылса, матасуда, керiсiнше, басыңқы сөз өзiне бағыныңқы сөздiң жақтық мағынасымен үйлесiп, тиiстi грамматикалық тұлғада жұмсалады. Сөйте тұрып, ол бағыныңқы сөздiң тиiстi жалғауда айтылуын керек етедi. Мысалы, сөздікте: балдир сүйеки – балтырдың сүйегі, айниң айаки - айдың соңы, сакалниң баши – сақалдың ұшы, тери ичи – терінің іші, кулакниң тешүги - құлақтың тесігі, камурсканиң йумуткаси - құмырсқаның жұмыртқасы, тонниң мүхреси -тонның түймесі, ипин кесеки - жіптің үзіндісі (МӘ), киши тәлваси – кісінің есуасы, дунийа қуты - дүниенің бақыты түрінде көрініс тапса, орта ғасыр жазба жәдігерліктерінде дунийа нәңи – дүниенің заты, севүг айбы – сүйіктінің айыбы (ҚБ), билигсиз тили - білімсіздің тілі (Мн), йармышның сақасы (ТШ) – ярмыштың бектері, соңқурның хатұны (Ж) – соқырдың әйелі, кішінің аты (Ж) – кісінің аты сынды болып келеді. Жазба ескерткіштердегі сөз тіркестері қандай қызмет атқарса, қазір де сондай қызмет атқарады. Орта ғасыр жазба ескерткіштерінде кездесетін тіркестерді зерттеу барысында сөз тіркестерінің даму заңдылықтары тілдік жүйенің даму заңдылықтарына тәуелді екені анықталды. Матаса байланысуды қиысудан бөлiп қарау қазақ тiлiнiң, сонымен қатар басқа түркi тiлдерiнiң де сөйлем құрылысында бар синтаксистiк ерекшелiктердi дұрыс тануға себепкер болады. Ескерткіште: ичин кабуйы - іштің қауызы, тонниң кесеки - тонның бөлігі, ешекин паани - есектің егері, ешикин йани – есіктің бағанасы (МӘ) сынды сөз тіркестері кездеседі. Бұл сияқты матаса байланысқан сөз тіркестері «Жамиғат-тауарих», «Түркі шежіресі», «Құтадғу білік» жазбаларында да көптеп кездеседі. Мысалы: кішінің қолы (ТШ) – кісінің қолы, арықның ортасыи (Тш) – арықтың ортасы, Кашмирдің суы (Ж) – Кашмирдің суы. Матасу тәсілі қолданылатын изафеттiк құрылыстағы тiркестiң осы тәрізді басқа сөз тiркестерiмен де тiзбектелiп, шиыршықтана беретiнiн ескеру қажет. Матаса байланысатын сөздер – негiзiнде, зат есiмдер. Сөздік материалы негізінде зат есiм мағынасында не зат есiм орнына жұмсалатын сөздердiң бәрi сол тiркестiң бiрiншi не екiншi сыңары бола алатындығын байқаймыз. Мысалы: евниң көкүси – үйдің шатыры, евниң оки – үйдің қарысы, өтүк астари ( – етіктің ұлтарағы, өтүк ипи – етіктің бауы. Өзге орта ғасыр жазба ескерткіштерінде дунийа иңи – дүниенiң заты (ҚБ), дунийа қуты – дүниенiң бақыты (ҚБ), севүглүг нишаны – сүюшiнiң нышаны , сөз түгүни – сөздің түйіні (Мн), Қайдуның оғлы (Ж) – Қайдуның ұлы, пиазның түбі (ТШ) – жуаның түбі болып келеді. Анықтауыштық қатынастағы iлiк жалғаулы сөздердiң алуан түрлi құрамда айтылуына қарай матаса байланысқан сөз тiркестерi әр түрлi қатынаста жұмсалатындығы анықталды. Бұл үлгі әртүрлі меншіктілік қатынастарды білдіреді және ілік септігінің жалғауы барлық дамыған түркі тілдерінде кездеседі (якут тілінде жоқ, өйткені онда ілік жалғауы дамымаған). Бұл үлгі көне, орта ғасыр және кейінгі түркі жазбаларында да кездеседі. Мысалы: олурыпан түрк будуның ілін тор (үс) ін тұта бірміс іті бірміс (ҚБ) - таққа отырып, олар түркі халқының құралуын, бірлігін қамтамасыз етті, түн күнүн қаршысы (МК)- түн күннің қарсысы, кішінің сөзі (МК) - кісінің сөзі, менім сөзүм (ҚБ) - менің сөзім, тенрінің аты (ҚБ) - тәңірінің аты, адэмілэрнің йурэклері (ДТС) - адамдардың жүректері, уа бағзы ол ұлұғлары Онханның хақында яман кеңэш қылып ерді (Ж) - ол қашып, Түркістанның хакімі қара қытай Қорханға барды. Ескерткіштегі матаса байланысқан тіркестерде де тіркес құраушы сөздердің орын тәртібі тұрақты болады, олардың арасына басқа сөз қосуға болмайды. Тіркестің бұл түрі бұрыннан келе жатқан көне тіркестер қатарына жатады. Өйткені бұл үлгі қазіргі түркі тілдерінің барлығында бар, әрі көне түркі жазбаларында да ұшырасады. Олардың білдіретін семантикасы да осы тілдердің көпшілігіне ортақ болып келеді. Мысалы, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде: арик баши – арықтың басы, бойуз айрики – тамақ ауруы, бойуз байы – дауыс байланысы, тирнак айрики – тырнақ ауруы, бармак сани – бармақ саны, йай акачи – сабақтың ағашы, кудук тегреси – құдықтың айналасы, бурун ичи – мұрынның іші, мирт йапраки – мирта жапырағы, бармак буйуни – бармақ буыны, шеһер таши – қаланың тасы, Рүстем йаси – Рүстемнің садағы, балчик параси – балшықтың түйірі, корган тами ( - қорған қабырғасы. Қазіргі түркі тілдерінде матаса байланысқан сөз тіркестерінің білдіретін мағыналық қатынастары да, сонау орта ғасыр жазба ескерткіштерінде де кездесетіндігі анықталып отыр. Мысалы, егин ети – иықтың еті, күнниң котани - күннің айналуы, нар кабуйы – анардың қабығы, ат белгүси – аттың белгісі, ат куйруки – аттың құйрығы, тенгиз көпүкү - теңіздің көбігі, атниң какли– аттың кекілі, тенгиз кирайы – теңіздің жағасы, ат тамйаси ( – аттың үйірі, йилан териси– жыланның терісі, ат менги – аттың меңі, куш еви – құстың ұясы сияқты сөз тіркестер «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде кездессе, орта ғасыр жазба жадыхаттарында алп Шалчы ақ атын бініп тэгміш (ҚБ) - алып Шалшының ақ атын мініп жауға шапты, он оқ сүсі қалықсыз тасықды (ДТС) - әділеттінің ұяты күшті, - деді, сәміз ат ағзы қатығ болты (Ж) - семіз аттың аузы қатып қалды (қаталады), қаған інісі чур тэгін кэліп... (ДТС) - ханның інісі Чур тэгин келіп..., Көрүч сабы антағ (ДТС) - Барлаушы сөзі осылай, экін ара ккісі оғлы қылыңмыс (ҚБ) - екеуінің арасынан адам баласы жаралған, когмэн аша қырқыз иірінэ тәгі сөңіштіміз (ҚБ) – көкпен асып, қырғыз жеріне дейін жорық жасадық, үчінч чуш башында сөнүшдім (Мн) - үшінші рет Чүш басында соғыстым, сүңүг батымы қар (ҚБ) - найза бойы қар, сү басы инэл қаған, Тардус сад барзун тіді (ДТС) - әскер басы болып Инэл қаған және Тордуш шад барсын деді, қара йол тәңрі (Ж) - қара жол тәңірі. Осы мысалдардан матаса байланысқан сөз тіркестерінің түркі тілдерінде ерте дәуірден келе жатқан көне құрылым болуымен қатар, белгілі семантикалық жүйеге түскен, нормаланған құбылыс екендігі байқалады. Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде тіркестің бұл түрінде осындай әр ізділіктің болуы бұл тілде бүгінгі күнгі жүйенің әлі қалыптасып болмағанын, осы тілдің өзі көне норма мен жаңа норма элементтерін бойына жиған өткінші кезеңді көрсететінін аңғартатын сықылды. Қабыса байланысқан есімді сөз тіркестер. Қабысу деп, профессор Т.Сайрамбаев бағыныңқы мен басыңқы сыңарлардың бір-бірімен ешбір қосымшасыз түрде тіркесуін айтады. Н.З.Гаджиева зерттеу еңбегінде: «Жалғамалы тілдердің ең маңызды құрылым белгісі - сөздердің орын тәртібі. Түркі тілдеріндегі сөз тіркестерінің негізгі байланысу тәсілдерінің бірі болып табылатын қабысу синтаксистік қатынасты білдірудің ең көне тәсілі болып табылады» - дейді [. Түркі тілдерінде сандық анықтауышты білдіруде сан есім және нумеративті сөздер мен зат есімдер арасында ілік септік қатынасы болмағаны белгілі. Сан есім + нумеративті сөз + зат есім құрылымды сан есімді тіркестер өздерінен кейінгі қатарда тұрған өлшеу обьектісі күйіндегі зат есіммен қабыса байланысады. Бұл құрылым қазақ тілінде нумеративті сөз тіркестерінің зат есімдермен бірге құрайтын күрделі сөз тіркесі болады. Сонымен бірге, бүкіл түркі тілдерінің ішінде нумеративті сөз бар құрылымдардың толық және нормаға сай формасы болып табылады. Бұл үлгіде сан есіммен бірге нумеративті сөз сандық анықтауыштық қызмет атқарады. Мысалы, қазақ тілінде екі қап шөп, бір топ бала, бір уыс мақта, бір қазан сүт сынды болып келсе, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир тутам от – бір тұтам шөп, бир йаш оғлан – бір жас бала болып келеді. Бұдан шығатын қорытынды, зат есім тұлғасындағы тіркестер сөздік мәтінінде қабыса байланысқан сөз тіркестері сан есім – нумеративті сөз үлгісіндегі тіркестердің жасалуы жағынан бір-біріне ұқсас екендігі анықталды. Қабыса байланысқан зат есімдердің матаса немесе жартылай матаса байланысқан зат есімді тіркестерден мынадай айырмашылығы болады. Матасуда басыңқы сыңардағы зат есім бағыныңқы сыңардағы зат есімді атаулық мәнге жеткізетін заттық белгіні көрсететін болса, қабысуда мұндай қасиет жоқ. Мысалы: күмиш йүген - күміс үзеңгі, күмиш тепги - күміс ыдыс, күмиш йүзүк – күміс жүзік, йаман сөз – жаман сөз, йаш арпа – жасыл арпа, йупка етмек – жұқа нан, ит кавуни – жабайы қауын, йашурма дост – құпия дос, кишка көнглек (228) – қысқа көйлек, бөдүк таа – биік тау, кара куш (ТАС) – қара құс, кере йак (ат-Тухфа) – сары май, керту сөз (ат-Тухфа) – шын сөз, саруғ ерик (ТАС) – сары өрік, кара ерик (ТАС) – қара өрік, ала көз (ТАС), кара етмек (Б) – қара нан тіркестерінде басыңқы сыңардағы зат есім бағыныңқы сыңардағы зат есімді атаулық мәнге жеткізетін белгі емес. Қабыса байланысқан зат есімдердің тіркесі мен сын есімді тіркестердің арасында белгілі бір байланыс бар. Қабыса байланысқан зат есімдердің алғашқы сыңары анықтауыш болып, екінші сыңары анықталушы ретінде анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Есімді тіркестерде тіркес құрамындағы сын есімдер мен зат есімдер қабыса байланысады. «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бірінші компоненттегі сын есім екінші компоненттегі зат есімді атаулық мәнге жеткізетін сындық белгі болып келеді. Мысалы: йупка перде - жұқа перде, йупка тон – жұқа тон, йупка сач – жұқа шаш, бөдүк көшк – биік мұнара, биуйк үн - жуан дауыс, кари качир (300) – кәрі қашар, кичик йаштук – кішкентай жастық, калчаай баш – қасқа бас, кара мунчак (38) – қара моншақ. Ал өзге орта ғасыр жазба жадыхаттарында қара кебіш (ТШ) – қара кебіс, йақшы падшаһ (ТШ) – жақсы патша, йахшы ат (Ж) - жақсы ат, едгү киши (ҚБ) – жақсы кісі, ал ағы (ҚБ) – қызыл жібек, улуғ балық (ҺХ) - үлкен қала сынды болып келеді. Қабыса байланысқан зат есімдердің сан есімді тіркестер сияқты байланысып, анықтауыштық қатынаста жұмсалуы олардың өзара ұқсастық жақтарын танытады. Мұнда бағыныңқы сыңардағы зат есім сын есімдер тәрізді басыңқы сыңардағы зат есімнің сындық қасиетін білдірген. «Муқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде қабыса байланысқан есiмдi сөз тiркестерiнiң құрамы әртүрлi. Оның бағыныңқы сыңары зат есiм, сын есiм, сан есiм, сiлтеу есiмдiгi, есiмше, үстеу болады да, басыңқы сыңары зат есiм, субстантивтенген сын, сан есiмдер болады. Мысалы: кара йылан – қара жылан, қатик иш – қатал жұмыс, курук от – құрғақ сабан, билигсиз киши – білімсіз кісі, уқуш иш – көрікті іс, өкүш сөз – көп сөз, йалан сөз – жалған сөз, ески латта – ескі шүберек, киши едгүси – ізгі кісі, ерсә аты – соқпақ аты, едгү өгди – есті алғыс, есиз едгү – жаманды жақсы, йайығ дунийа – баянсыз дүние, ирсәл йайығ – қызметі тұрақсыз, ески түлүм - ескі торсық, йашы ұзын – жасы шексіз, қылқығ қыз – қылқы қыз, кума тепе – құм төбе, йүгүрүк теве– жылдам түйе, ески чайыр – ескі шарап, йақши жавап - жақсы жауап, сайар инген – сайын інген, сарик чечек – сары гүл, түз фикир – таза ой, йанги күн – жаңа күн, инчу лаж - інжу сыпырғы, ирик йер – кең жер, сирйа ат – шабарман ат, йахши ат – жақсы жылқы, көр көз – соқыр көз, қылынчы силиг – мінезі сынық. «Муқаддимат әл-Әдаб» сөздігінің тілінде осындай тiркесте айтылатын зат есiмдер тобы көбiнесе екi сөзден құралады. Олар өзара әр уақытта анықтауыштық қатынаста тұрады. Мысалы: йахши балчик – жақсы балшық, түгәл қут – шын дәулет, сарик ат – сары жылқы, көр хатун – соқыр әйел, сарик тикен – сары тікен, йахши киши – жақсы адам, йорық тил – жүйрік тіл, йахши үн – жақсы дауыс, ач хатун – аш әйел, сарик чүпчүк – сары шымшық, йаңшады тер тили – тіл безер мылжың. Бұлар өзара анықтауыштық қатынаста айтылғанымен, сөйлемде бір заттың күрделі анықтауыштары, кейде басқа да мүше болып жұмсалады. Осы тәрiздi қатар тұру арқылы бiрiн-бiрi анықтайтын зат есiмдер тобы екi, үш, кейде төрт сөзден құралуы мүмкiн. Бiрқатар зат есiмдер анықтауыштық құрамда жұмсалу үшiн өз алдында басқа анықтауыштардың болуын керек етедi. Мысалы: тегри неме - дөңгелек зат, келе базар - мал базар, теве тирнак - түйе табан, ашлик каричан - астық керуен, танг неме - ғажайып зат, екки күнлүг қонуқ - екі күндік қонақ, йайығ дунийа - баянсыз дүние деген сөз тіркестері дүние баянсыз, қонақ күндік деп айтылмайды, баянсыз дүние дегенде ғана анықтауыштық құрамға енеді. Екки күнлүг қонуқ – екі күндік қонақ күндік қонақ деп жалаң айтылмайды. Сөздікте заттың неден, қандай заттан жасалғанын бiлдiретін сөз тіркестері де көрініс беріп қалады: темүр гарук – темір шеге, сүт тиш – сүт тіс, тэмір қапыққа тэгі сүлэдім (ҚБ) - темір қақпаға дейін бардым, алтұн кэш адырылдым (ДТС) – алтын белбеуімнен айырылдым. Орта ғасыр жазба жадыхаттары тілінде қолданылған жинақтау есімдіктері есімді сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары қызметінде заттың жинақталған мөлшерлік сапасын білдіреді. Мысалы, барча хатунлар – барлық әйелдер, барча малниң ийилери – барлық малдың иегерлері, барча еренлер – барлық еркектер. ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың басында хатқа түскен Махмуд әл-Замахшаридің «Мұқаддимат әл-Әдаб» атты төрт тілді (арабша – парсыша – түркіше – монғолша) сөздігі орта ғасырлық түркі жәдігерліктері қатарындағы өте маңызды да мәнді ескерткіш болып табылады. Шығыстанушы В.В.Бартольд түркі тілдерінің тарихи ескерткіштері туралы айта отырып, маңыздылығы жағынан бірінші орынға М.Қашқаридің «Девону луғат-ат турк» атты сөздігін, ал екінші орынға осы «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігін қоюының дұрыстығы зерттеу барысында айқын көрінді. Осы тектес ескерткіштердегі сөз тіркестерін зерттеу қазақ тілінің тарихи синтаксисін түзуде қажетті шаралардың бірі. Осы диссертациялық жұмыста жүргізілген зерттемелер нәтижесінде «Мұқаддимат әл-Әдаб» ескерткішіндегі негізгі үлгілер қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің тіркесу үлгілерімен сәйкес келетіндігі анықталып отыр. Ескерткіш тілінің грамматикалық құрылымын зерттеу нәтижесінде изафетті тіркестердің қолданыс аясы айқындалып, олардың ішінде ең жиі кездесетін түрлері анықталды. Қолжазбада қолданыстағы изафет түрі – ілік жалғау арқылы байланысқан сөз тіркесінің басыңқы бөлігінің тәуелдік жалғау тұлғасында келуі. Қазіргі қазақ тіліндегі есімді сөз тіркестердің құрамын талдаған кезде ең жиі қолданылатын сөз тіркестері зат есім мен сын есімді тіркестер екендігі белгілі. «Мұқаддимат әл-Әдаб» ескерткішінде де осы заңдылықтың сақталғандығы зерттеу барысында айқындалып отыр. «Мұқаддимат әл-Әдаб» ескерткіші мен өзге орта ғасырлық түркі жазба ескерткіштері тіліндегі (Қашқари М. «Девону луғат-ат турк», Қадырғали Жалаири «Жамиғат-тауарих», «Китаб ат туһфа аз закина...», Әбілғазы Бахадүр хан «Түркі шежіресі», «Мұхаббат-наме», Баласағұн Жүсіп «Құтты білік», «Һибат-ул хақайық», «Тюркско-арабский словарь», «Хұсрау уа Шірін») және түркі тілдерінің тарихи синтаксисі мәселесі бойынша зерттеу жүргізген мамандардың еңбектері материалдарын салыстыру негізінде сөз тіркесі синтаксисі бойынша кездесетін негізгі заңдылықтардың тарихи даму жолдары мен сәйкестіктер жүйесі толық ашылып, белгілі болып отыр.
Бақылау сұрақтары:
Көне түркі тілінде сөз тіркестерінің қандай модельдері болған?
Т.Р.Қордабаевтың «Тарихи синтаксис мәселелері» атты еңбегінде есімді тіркестердің қандай үлгілері берілді?
Қабыса байланысқан есімді сөз тіркестер қалай жалған?
Матаса байланысқан есімді сөз тіркестер қалай жалған?
Негізгі әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. – А., 1999ж
Қордабаев Т., Томанов М. Тарихи грамматика мәселелері. – А.,1975ж
Қосымша әдебиеттер:
1. Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников VII – IX вв. – Л., 1980.
2. Малов С.Е. Памятники древнетюрксих письменности: Тексты и исследования. – М.-л., 1951.
15 -Тақырып. Құрмалас сөйлем жүйесінің дамуы
Дәрістің мақсаты: Студенттерге сөз тіркесінің қалыптасу, даму ерекшеліктері туралы мағұлмат беру.
Тірек сөздер: сөйлем, құрмалас сөйлем,
Дәрістің жоспары: 1. Көне түркі тіліндегі құрмалас сөйлем жүйесінің даму ерекшелігі
2. Сөйлемдерді құрмаластырушы грамматикалық тәсілдер
3. Сабақтас сөйлемдердің қалыптасуы туралы пікірлер
Түркі тілдері үшін дамудың барлық кезеңдерінде жай сөйлемдердің бір-бірімен тіркесуі нәтижесінде пайда болған синтаксистік құрылымдар тән болғандығын көне түркі жазба ескерткіштерінің тілдік фактілері нақтылай түседі.
Қағанның сабын алматын,
Иер-сайу бардығ,
Көп анта қалмыш йер-сайу көп
Туру-өлу йорыйур ертіг,
Теңрі йарлықадуқын үчін,
Өзім құтым бар үчін,
Қаған олуртым (Күлтегін, Бірінші жыр). (Аудармасы: Қағаныңның тілін алмадың, Жер-жерге бардың, Онда көп алқындың, арылдың. Сонда қалғандар жер-жерге қаңғып, өлімші босқын боп еді, Тәңір жарылқағандықтан, өзімнің құтым бар болғандықтан, Қаған болып отырдым). Жалпытүркілік тарихи ескерткіштер мен кейбір тілдерге ғана тән деп есептелетін тарихи ескерткіштер материалдарында жай сөйлемдер жиі кездеседі десек те, салаласа, сабақтаса байланысқан құрмалас сөйлемдердің де аз еместігін жоғарыдағы мысал да дәлелдей түссе керек.
Қазіргі әдеби тіліміздің барлық жанрында қолданылатын құрмалас сөйлемнің қалыптасып дамуы бір күннің жемісі емес. Бұл жөнінде Т.Қордабаев: «Көрнекі ғалымдардың айтуына қарағанда, тіл дамуының көне заманында сөйлем құрамындағы сөздерді, сол сияқты сөйлемдер бір-бірімен байланыстыратын қазіргі дәнекер, тәсілдер болмаған. Ол уақыттағы сөздер, сөйлемдер арасын қазіргі тіліміздей бірі екіншісіне меңгеріліп, жетектеліп, екіншісін меңгертіп, жетектеп, өзіне тәуелді етіп тұру сияқты байланысу тәсілдерінің анағұрлым берік түрлері болмаған. Сөздер, сөйлемдер байланысындағы бұл тәсіл олардың тұрған орындарына мағына желілерінің жақындықтарына қарай бір-бірімен қабыса, іргелесе байланысу тәсілі болған. Сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің бір-бірімен арақатынасы тығыз, берік болмағандықтан, оларда дербестік, бір-біріне тәуелсіздік күшті болған» дейді.
Ғалымдардың айтуынша, алдымен салалас құрмалас пайда болған да, соның негізінде сөйлемнің әр түрлі дәнекерлер арқылы байланысатын түрлері, соның ішінде сабақтаса байланысатын түрлері тіл дамуының кейінгі дәуірлерінде пайда болған.
Мұны «Құрмалас сөйлем және олардың даму жолдары» атты мақаласында Н.Сауранбаев: «Жеке сөйлемдердің бір-бірімен байланысуы түркі тілдерінің ескі дәуірлерінде басталған, яғни сөздердің бір-бірімен байланысуы сияқты жеке сөйлемдер де өзара байланысатын болған. Көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеуші ғалымдар шығу тегі жағынан жалғаулықсыз салаластардың алғашқылығын, жалғаулықты салаластардың эпитафиялар тілінен кездеспеуін олардың тарихи жаңа категория екендігімен байланыстырады». Расында да көне жазбалар тілінен бір-бірімен ешбір дәнекерсіз, қатар тұрып байланысқан сөйлемдерді жиі кездестіруге болады. Атым Ел Туған тутуқ, бен теңрі елімке елчісі ертім, алты бағ будунқа бег ертім. Аудармасы: Атым Ел Туған тутуқ, мен тәңірлік елімнің елшісі болдым, алты баулы халыққа бек болдым (Талас жазуының ескерткіштері).
Құрмалас сөйлемнің бастапқы түрі болып саналатын көне заманғы салалас құрмалас сөйлемді қазіргі тіліміздегі салалас құрмалас сөйлеммен тең дәрежеде қарауға болмайды. Ол кездегі сөйлеммен салыстырғанда тіл құрылысы күрделеніп, жаңалану үдерісінен өткеніне көз жеткізуге болады.
Құрмалас сөйлемнің бастапқы көнетүркі болып табылатын паратаксистен кейінірек келе жай сөйлемдердің бір-бірімен сабақтаса құрмаласатын гипотаксис деп аталатын түрі пайда болған. Тіл дамуында, алдымен, сөздерді, жеке сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыратын дәнекерлер пайда болмайды, керісінше, алдымен сол дәнекерлерді керек ететін мұқтаждық пайда болып, соның қажет етуінен барып әр түрлі жалғаулық дәнекерлер пайда болғандығы айтылып жүр.
Сөйтіп әрқайсысы өз дербестіктерін толық сақтап, компоненттері бірбірімен нашар байланысатын құрмалас сөйлемнің бастапқы көне түрінің орнына компоненттері бірбірімен тығыз байланыстағы жаңа түрі пайда болған.
Бұдан шығатын қорытынды: құрмалас сөйлемнің алғашқы түрі бір-бірімен мағыналық жағынан да, грамматикалық жағынан да нашар байланысқан жеке, дербес жай сөйлемдердің өзара салаластық негізде байланыса айтылуынан пайда болған да, кейінірек келе сол салаластың негізінде компоненттері әр түрлі дәнекерлер арқылы байланысқан жалғаулықты салаластар мен бір-біріне бағына байланысқан сабақтас сөйлемдер қалыптасқан. Десе де көне жазба ескерткіштер тілінде жалғаулықты салаластар мен сабақтастар болмаған деп ой түюге болмайды.
Түркі тілдерінде бағыныңқы құрмалас сөйлемдердің пайда болуының үш жолы болуы мүмкін:
Бағына байланысу негізінде жай сөйлемдердің тікелей бірігуі, сөйтіп бір сөйлемнің күрделі ойды білдіруі;
Жай сөйлемдердің құрамындағы етістік тіркестердің тіл дамуы барысында бағынықы құрмалас сөйлемге ауысуы;
Кейбір салалас құрмалас сөйлемдердің бағыныңқы құрмалас сөйлемдерге ауысуы.
Бақылау сұрақтары:
Көне түркі тілінде құрмалас сөйлемнің қай түрі алғаш пайда болған?
Түркі тілдерінде бағыныңқы құрмалас сөйлемдердің пайда болуының қандай жолдары бар?
Сөйлемдерді байланыстыратын жалғаулықтар қашан пайда болған?
Негізгі әдебиеттер:
1..Нүсіпова О. Көне түркі жазба мұралар тарихы. Алматы, 2004.
2. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. А., 1993 ж.
3. Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі Алматы, 1998 ж.
4. Құрышжанов Ә., Томанов М. Орхан Енисей жазу ескерткіштерінің зерттелу тарихы мен грамматикалық очерктері, Алматы, 1964 ж.
Қосымша әдебиеттер:
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – А. 1988ж.
Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. – А., 2002ж.
