Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Психиатрия kaz,,, - копия.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
23.63 Mб
Скачать

Ми мерезі кезіндегі психикалық бұзылыстар

Ми мерезінің психопатологиялық көрінісі әртүрлі және ағза реактивтілігінде, ауру сатысына, локализациясына, патологиялық үрдістің таралуына байланысты.

Ми мерезінде болатын психикалық бұзылыстар мидың басқа органикалық аурулары кезіндегі патологиялық симптомдармен ұқсас болады, оларға: энцефалит, менингит, ісіктер, тамыр аурулары жатады. Осы ауруларды есепке ала отырып мерезді диагностикалау және басқа аурулардан ажырату кезінде неврологиялық симптомдарға және серологиялық зерттеу нәтижесіне көп көңіл бөлінеді.

Мерездің Ι-II сатысындағы кең таралған психопатологиялық синдромға неврозтәрізді (мерездік неврастения) синдром жатады, бұл кезде невротикалық, ипохондриялық және депрессивті бұзылыстар анықталады. Бұл жағдайда аса тітіркенгіштік, эмоциональды лабильділік, жиі бас ауырулары, ес нашарлауы, еңбекке қабілеттің төмендеуі тәрізді смптомдар басым болады. Біртіндеп лакунарлы ақылкемдігі қалыптасады.

Бұл психикалық бұзылыстарға қарашық симптомы қосылады (жарыққа реакциясы төмендейді). Бас-ми нервтерінің патологиясы, менингеальды симптомдар, эпилептиформды ұстамалар пайда болады., Вассерман реакциясы қанда әрқашан және жұлын сұйықтығында үнемі емес оң мәнді, шамалы плеоцитоз, глобулин реакциясы оң мәнді, Ланге реакциясы кезінде патологиялық қисық (алғашқы 3-5 пробиркадағы сұйықтық түсінің өзгеруі «мерездік тісше» 112321110000, 5-7 пробиркадағы – «менингиттік қисық» 003456631100) анықталады.

Мерездің ΙΙ-III сатысына басты симптомдарына қарай жіктелетін психоздар тән. Галлюцинаторлы–параноидты, псевдопаралитикалық синдромдармен және делириозды тип бойынша сана күңгірттенуімен мерездік психоздарды ажыратады.

Ми мерезі кезіндегі галлюцинаторлы–параноидты синдром жиі есту галлюцинацияларының пайда болуымен басталады: науқас өзінің тарапына балағат сөздер, кемсітулер, жиі жәбірлеуші сексуальды сөгістер естиді, көп ұзамай науқастар бұл дауыстарға сын көзқарасын жоғалтады, өзін кісі өлтіретіндер, ұрылар және т.б. аңдып жүр деп есептейді.

Галлюцинаторлы–параноидты синдром фонында қозу жағдайымен бұзылған сана эпизодтары бақылануы мүмкін.

Ми мерезі кезіндегі галлюцинаторлы–параноидты синдромды алкогольдік психоздан, шизофрения тәрізді синдромдардан ажырату керек.

Ми мерезі кезінде сандырақ пен галлюцинация қарапайым мазмұнда болады, эмоциональды компонентпен байланысқан, тұлғаның органикалық өзгерістері фонында дамиды, ал шизофрения кезінде олар абстрактылы, тұлғаның эмоциональды кедейлену белгілері, ойлау бұзылысы бақыланады. Алкогольдік психоз кезінде тұлғаның алкогольді тип бойынша өзгерістері байқалады.

Мерез үрдісінде әрқашан мерездің соматикалық және неврологиялық белгілері, және де лабораториялық зерттеулердің сәйкес мәліметтері болады.

Псевдопаралитикалық синдром кезінде органикалық тип бойынша ақыл кемдігі фонында бейғам көңіл-күй басым болады, науқастар эйфория күйінде, әртүрлі фантастикалық сипаттағы ұлылық сандырақтық идеяларын айтуы мүмкін.

Этиология, патогенез және патоморфологиялық өзгерістер

Клиникалық көріністердің әртүрлілігі патологиялық үрдістің ерекшелігіне, оның орналасуына және таралуына, жұқтыру кезінің ұзақтығына, мерездік инфекцияның айқындығына, организмнің преморбидтік ерекшелігіне тәуелді. Мерездік психоздарды патоморфологиялық зерттеуде кіші калибрлі қантамырлардың зақымдануының басымдығы анықталды.

Созылмалы патоморфологиялық өзгерістер фонында ми тамырлары мен қабықтарында қабыну үрдісінің белгілері байқалады. Патохимиялық әдістермен бас миындағы көмірсу алмасу (мукополисахаридтер) бұзылысы анықталады. Ми мерезінің дөрекі ошақтық бұзылыстары жоқ формаларында психикалық (психотикалық) бұзылыстар жиі болады.

Бас миының патоморфологиялық өзгерістерінің әртүрлілігін көп және әртүрлі көлемді болуы мүмкін мерездік гуммалармен, минингитке және облитерацияланған эндоартерит көрінісімен қантамырлар зақымдануына әкелуі мүмкін диффузды қабыну үрдісімен байланыстыруға болады.

Емі

Ми мерезі кезінде арнайы терапия жүргізіледі. Бас миының мерезі табылған науқастардың барлығы психиатриялық ауруханаға жолданады.

Ми мерезінің негізгі және кең тараған ем әдісі пенициллинотерапия (емдеу курсына 12 000 000 ЕД кем емес). Емнің бірнеше курсы жүргізіледі. Қайталамалы курс кезінде пенициллиннің ұзақ әсер ететін түрлері – экмоновоциллин 300 000 ЕД-дан тәулігіне 2 рет бұлшықетке жіберген тиімді.

Емді йод және висмут препараттарымен қоса жүргізеді. Бір курсқа 40 г биохинол тағайындалады. Бұл препараттарды витаминдермен, әсіресе В тобы витаминдерімен үйлестіріп қолданады, және де жалпы қуаттандырушы ем жүргізіледі.

Психикалық бұзылыстармен науқастарды емдеуде басты синдромға байланысты психотропты дәрілер қолданылады.

Ем аяқталғаннан кейін еңбек сараптамасын жүргізгенде науқастар шектеулі еңбекке қабілетті деп танылады, деменция дамыған жағдайда - еңбекке қабілетсіз деп танылады.

Психикалық және неврологиялық бұзылыстар айқын көрініс бермеген науқастарға соттық – психиатриялық сараптама қорытындысы аурудың барлық белгілерін есепке ала отырып индивидуальды шығарылады; деменция және психикалық бұзылыстар дамыған науқастар қабілетсіз деп танылып, мәжбүрлік емге жолданады.

ҮДЕМЕЛІ САЛДАНУ КЕЗІНДЕГІ ПСИХИКАЛЫҚ БҰЗЫЛЫСТАР

Үдемелі салдану мерезбен науқастанғандардың 1 - 5%-да мерезбен ауырғаннан кейін 10- 12 жылдан соң көрінеді және жылдам үдейтін тотальды ақыл кемдігімен, неврологиялық бұзылыстармен, қан мен ликвордағы серологиялық реакциялармен сипатталады.

Аурудың бастапқы, ортаңғы, соңғы сатыларын бөледі.

Бастапқы сатыда церебрастениялық симптоматика пайда болып, белсенді түрде үдейді, сөйлеу, оның артикуляциясы, қарқыны бұзылады. Ортаңғы саты ақыл кемдігінің үдеуімен, тұлғаның дөрекіленуімен, критиканың, қоршаған ортаны дұрыс қабылдаудың төмендеуімен, ес нашарлауымен, бейғам көңіл-күймен сипатталады.

Біртіндеп тұлға өзгерісі мен интеллект құлдырауының барлық белгілері көрініс береді.

Үдемелі салданудың соңғы сатысы (марантикалық сатысы) психикалық қызметтің толық ыдырауымен, толық қорғансыздықпен, физикалық маразммен сипатталады. Қазіргі кезде заманауи ем қолдану нәтижесінде дертті көріністер маразм дәрежесіне дейін жетпейді.

Үстемдік ететін психопаталогиялық синдромға байланысты үдемелі салдану төмендегідей жиі кездесетін формаларға бөлінеді: дементті - сандырақсыз және психомоторлы қозусыз үдемелі ақыл кемдігі, депрессивті - өзін- өзі кінәлау және соңына түсу сандырағымен көңіл-күйдің төмендеуі; экспансивті- эйфория құбылыстарымен, конфабуляцияциялармен, ауқымды ұлылық сандырағымен. Арджил – Робертсон симптомы аса тән – конвергенция мен аккомодацияға реакция сақталуымен қарашықтардың жарыққа реакциясының болмауы. Бұнымен қатар көз қарашықтарының біркелкі еместігі, птоз, аз қозғалмалы, көмескі мимика, мұрын астынан шыққандай сөз, сөз артикуляциясы (жылдам сөйлей алмайды), жазу, жүріс бұзылысы байқалады.

Арнайы серологиялық реакциялар: қан және жұлын сұйықтығындағы Вассерман реакциясы әрдайым оң болады (әдетте сұйылтылғанның өзінде 2:10). Жұлын сұйықтығында клеткалар санының жоғарылағаны (плеоцитоз), оң глобулиндік реакциялар (Нонне – Апельттің, Панди, Вейхбродт реакциясы), пробиркалар түсінің паралитикалық қисық типтес өзгеруімен жұлын сұйықтығындағы коллоидты реакция (Ланге реакциясы).

Науқас 59 жаста. Психикалық аурулармен тұқым қуалау ауырлығы жоқ. Өсуі мен дамуы жағынан құрдастарынан артта қалмаған. Мінез- құлқы бойынша тіл табысқыш, лидерлікке ынталы болды. Мектепке 8 жасынан барған. Жақсы оқып, оқуға, музыкаға қабілеттілігі байқалған. 1941 жылы 10 класты аяқтап, соғысқа аттанып кеткен. 1945 жылы демобилизациядан кейін цирктік училищені аяқтап, циркте 25 жыл әуе гимнасты болып жұмыс істеді. Шет елдерге шығып тұрды. 25 жыл бойы бір әйелмен жақын қатынаста болып, ол қайтыс болғанда қатты қайғырған. Кездейсоқ жыныстық қатынастары болған. Мерез жұқтырған мерзімі туралы дәл мәліметтер жоқ.

52 жасында мінезі бірден өзгеріп, анасына бұрынғы жақындығы жоғалып, суық қатынас қалыптасқан. Өзімшіл, тітіркенгіш болып, басының жиі ауыратындығын, тез шаршағыштықты байқап, түнгі ұйқысы нашарлаған. Стационарға түсерден 1 жыл бұрын (58 жасында) командировкаға шыққан, онда өзінің қызметтестерімен керісу жағдайынан кейін ауруханаға қайтадан жатқызылды. Командировкадан мерзімінен бұрын оралды. Сылбыр, жыламсырағыш, өзгеріп, едәуір салмақ жоғалтқан. Сөзі түсініксіздеу, кейде мас адамның сөулеуін еске түсіреді, артынан сөйлеу бұзылыстары күшейе түсті. Оқи алмады. Үнемі бас ауыруына және тершеңдікке шағымдар айта бастады. Күн бойында болған оқиғаларды қиындықпен еске түсіреді. Ауыруы үдей бастады. Көңілі бейғам және жыламсырағыш болып кетті. Мағынасы жоқ сұрақтарды қойып, өзі қойған сұрақтардың мәнін түсіне алмады. Сұрақтарға сәйкес емес жауап берді. Көшеде айналадағылар оны мас адам деп санаған. Өзі пайдаға асыра алмайтын бөтен адамдардың заттарын алып кететін болды.Туыстарын танымай, өзін-өзі күтуді қойды. Стационарға жатардың алдында үйінен кетіп қалып, мас адам деп танылып, милицияға түскен. Апасын танымай, қайда тұрғанын түсінбеді. Өзін атақты әскер басшысы деп мәлімдеді. Осындай жағдайда психиатриялық ауруханаға жатқызылды.

Психикалық жағдайы: науқас салақ, жүрісі сенімсіз, теңселіп жүреді, асығыс, үнемі бір нәрселерді сыбырлап айтады. Ауруханада жатқанын түсінеді. Жылды дұрыс атайды, бірақ ай мен күнін атай алмайды. Дауыстап сөйлейді, дизартриялы. Өзіне бағытталған сөзді күтпестен, спонтанды, көп сөйлейді. Сөз қоры шектелген, аграмматикалы. Қойылған сұрақтарға жалпы алғанда дұрыс, бірақ зейінін аудартып барып, кеш жауап береді. Берілген текстерді дұрыс оқи алмайды. Өзінің фамилиясын қиыншылықпен, қатемен жазады. Өзін атақты қолбасшы деп санайды. Қытайда, Америкада және Жапонияда соғысқандығын әңгімелейді. Дәрігерден өзінің құжаттарын алып келуін сұранады. Алаңдағыш. Бұрын болған жағдайларды еске жақсы түсіреді. Жақында болған оқиғаларды есіне нашар сақтайды. Әңгіме мазмұынан қарай өзгеріп отыратын аффект тұрақсыздығы байқалады. Кейде эйфориялы, кейде жабырқаулы, кейде жасаурағыш. Клиникада болған күндерінде қимылдық қозу жағдайы байқалды, асығыс біреуді іздеп жүреді. Өз жағдайына сын көзқарас жоқ. Өз тағдырына немқұрайлы қарайды.

Неврологиялық жағдайы: қарашықтары бірдей емес, жарыққа реакциясы нашар. Конвергенциясы әлсіреген. Мұрын, ерін қыртысының жазылғандығы байқалады. Көзін жапқан кезде қабақтары дірілдейді. Тізе рефлекстері күшейген. Ромберг позасында теңселеді. Лабораториялық мәліметтері: қандағы Вассермен реакциясы оң - 4 +. Жұлын сұйықтығы: Нонне-Аппельт, Панди, Вейхброд реакциялары оң мәнді, Вассерман реакциясы – 4+. Цитоз 35/3. Белок 9,9г/л. Панге реакциясы – 777766432211.

Диагноз: үдемелі салдану, экспансивті формасы.

Этиологиясы, патогенезі және патоморфологиялық өзгерістер

Үдемелі салданудың мерездік этиологиясының дәлелі клиникалық және лабораториялық мәліметтер болып табылады. Х.Ногуши 1913 жылы үдемелі салданумен науқастың миынан бозғылт спирохеталарды тапқан. Бірақ жоғарыда айтылғандай бұл дертпен мерезге шалдыққандардың 1 -1,5 пайызы ғана ауырады. Үдемелі салдану пайда болуы үшін организмде бозғылт спирохеталардың болуымен қатар мәні әлі күнге дейін анықталмаған бірқатар қосымша патогендік факторлар қажет. Қолайсыз сыртқы факторлар ішінде ағзаның инфекцияға төзімділігін төмендететін алкоголь, бас –ми жарақаттарына және басқада факторларға үлкен роль беріледі. Алайда бұл болжамдар дәлелденбеген.

Үдемелі салдану кезінде эктодермальды тін (нерв паренхимасы) және сондай-ақ мезодерманың да (жұмсақ ми қабығы мен қантамырларындағы қабыну үрдістері) алғашқы ретті зақымдалуы байқалады. Осылайша үдемелі салдану тек мезодерма зақымдалуымен жүретін ми мерезінен ерекшеленеді.

Үдемелі салданудың өзіне тән морфологиялық белгілеріне ми салмағының азаюы, ми иірімдерінің айқын атрофиясы, ми қабығының қалыңдауы мен фиброздануы (лептоменингит), мидың ішкі және сыртқы шемені, мидың IV қарыншасының эпендимиті жатады.

Бас миының маңдай бөлімі қыртысының зақымдануы тән.

Жүйке жасушаларының айқын дистрофиялық өзгерістері (бүрісуі, атрофиясы, архитектоникасының өзгеруімен қыртыстың босауы) байқалады. Арнайы бояумен бояғанда ми затынан спирохеталарды көруге болады. Ауыр ағымды формасында немесе немесе үрдістің өршуі кезеңінде спирохеталар колониясы, күрт өзгерген миелин талшықтары кездеседі. Қабыну ошақтары, гиалинді жасушалардан тұратын глиозды түйіндер түзіледі.

Сонымен, үдемелі салдануды морфологиялық өзгерістеріне қарап лептоменингоэнцефалит деп қарастыруға болады.

Емі және сараптамасы

Ағзаның қорғаныс күштерін белсендендіруге бағытталған шаралар қолданылмаса әдетте спецификалық ем әдістері тиімді болмайды. Сондықтан мына негізгі принциптерге сүйену керек: 1) спецификалық терапияның массивтілігі, 2) оны жалпы иммунологиялық реактивтілікті көтеретін әдістермен бірге қолдану. 1917 жылы В. Яурегг үдемелі салдануды маляриямен емдеуді ұсынды. Артынан көптеген онжылдықтар бойында спецификалық емнің бірінші курсына үш күндік малярия екпесі жасалды. 5-10 ұстамадан кейін малярияны хининмен басып отырды. Қазіргі кезде пиротерапия қолданылады. Жоғары температураны сульфозин (шабдалы, зәйтүн немесе вазелин майындағы стерильді 1-2 пайыздық күкірт ерітіндісі) немесе пирогенал енгізу арқылы шақырады, ем курсы 38-39 º С кем емес температуралық реакциямен 10-12 инъекция. Артынан бийохинолмен бірге пенициллинмен спецификалық терапия жүргізіледі.

Пенициллинмен 8-10 ем курсы ұсынылады (орташа есеппен курсқа 14 млн ЕД). Курстар арасындағы үзілістер ½ айдан 2 айға дейін. Пенициллинотерапия ортасында бийохинол қосады, 2г-нан күн ара б/е, ем курсына 40 г.

Спецификалық ем фонында науқастың психикалық күйін ескере отырып психотропты препараттар қолданылады, міндетті түрде витаминотерапия, ноотроптар тағайындау керек.

Науқастардың еңбекке қабілеттілігі емнен кейін әртүрлі болады – оның толық орнына келуі немесе тұрақты жоғалуы мүмкін. Сот-психиатриялық тәжірибеде үдемелі салданумен науқастардың сараптамасында қабілеттілік мәселесін шешуде қиындықтар дерттің алғашқы сатысында пайда болады. Үдемелі салданумен науқастар қабілетсіз болып танылады.