Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Психиатрия kaz,,, - копия.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
23.63 Mб
Скачать

17 Тарау.

ӨЗГЕ ИНТОКСИКАЦИЯЛАР КЕЗІНДЕГІ ПСИХИКАЛЫҚ БҰЗЫЛЫСТАР

Ағзаға сырттан токсикалық заттардың әсері нәтижесінде пайда болатын психикалық бұзылыстар, негізінен экзогенді реакция типімен көрініс береді.

Улану кезінде психикалық бұзылыстардың пайда болуы мен көрінісі токсикалық заттың мөлшеріне, оның ағзаға, ең бастысы ОЖЖ-не әсер ету ұзақтығына байланысты. Бұл кезде тұлғалық ерекшеліктер мен қосымша патогенді факторлар (психикалық және физикалық жарақат, денсаулықты әлсірететін басқа да жағдайлар) маңызды рөл ойнайды.

Интоксикациялық әсердің 2 типін ажыратады: жедел және созылмалы. Реакцияның экзогенді типі жиі жедел улану үрдісімен бірге жүреді. Психоактивті заттар ағзаға созылмалы әсер еткенде (орталық жүйке жүйесінде жиналады) наркомания немесе токсикомания түзілуі мүмкін.

Наркомониялар мен токсикоманиялар

Наркоманиялар мен токсикоманиялар – психоактивті заттарды, оның ішінде наркотикалық заттарды шектен тыс қолдану нәтижесінде пайда болатын созылмалы интоксикациялық аурулар. Олар осы заттарға патологиялық әуестікпен, психикалық және физикалық тәуелділікпен, нейротропты заттардың дозасын оларға толеранттылықтың жоғарылауымен байланысты біртіндеп көтерумен, және де тұлға деградациясына нақты тенденциямен психикалық бұзылыстардың пайда болуымен сипатталады.

Наркоманиялар мен токсикоманиялар негізінде психикалық және физикалық тәуелділік түзілуін қамтамасыз ететін нейрохимиялық үрдістерге психоактивті заттардың әсеріне ұқсас патогенетикалық механизмдер жатыр. Сонымен қатар бұл аурулар арасында клиникалық және заңды аспектілер тарапынан ерекшеліктер бар.

Наркоманияларға наркотикалық заттар тізіміне енгізілген дәрілік немесе басқа заттарды шектен тыс қолдану нәтижесінде пайда болатын аурулар жатады. Токсикоманиялар – наркотикалық заттар тізіміне енгізілмеген дәрілік немесе басқа заттарды шектен тыс қолдануға байланысты туындайтын аурулар. Бірақ мұндай заттарды шектен тыс қолдану ауқымды мөлшерге жетсе, бұл дәрілер немесе заттар наркотиктер тізіміне енгізіледі және оның нәтижесінде дамыған ауру наркомания ретінде квалификацияланады.

Наркомания тарихы мыңжылдықтарды өткерді және біздің цивилизацияның алғашқы ескерткіштері бойынша бізге танымал. Өркендеген технология және тазартылған белсенді наркотикалық препараттарға қол жеткізу арқасында наркотикалық және басқа да психоактивті заттарды шектен тыс пайдаланудың зиянды саладыры анықталуда.

20 ғасырдың басынан бастап опий препараттарын шектен тыс қолдану тарала бастады, ол кезде оны қолдану едәуір шектеулі сипатта еді. Кейіннен кокаинизм тарала бастады. БҰҰ өз қызметінің алғашқы жылдарында наркотиктер класын анықтады және олардың өндірілуіне және таралуына халықаралық бақылау енгізді. БҰҰ әрбір препаратты патологиялық әдеттену шақыру мүмкіндігіне қарай бағалауға ұсыныс жасады. Қазіргі уақытта ондаған заттар наркотикалық тәуелділік шақыра алады.

«Наркотикалық зат» ұғымын талдаудың үш аспектін ажыратады: медициналық, әлеуметтік және заңды. Осы үш критерий болған жағдайда ғана зат заңды аспектіде «наркотикалық зат» деп танылады.

Медициналық көзқарас бойынша заттың орталық жүйке жүйесіне арнайы әсері (седативті, ынталандырушы және т.б.) ол затты медициналық емес мақсатта қолдануға себеп болса наркотикалық зат болып есептеледі.

Әлеуметтік аспектіде затты медициналық емес мақсатта қолдану әлеуметтік маңыздылықтағы масштабқа ие болғанда наркотикалық зат болып саналады.

Заңды көзқарас бойынша жоғарыда көрсетілген критерияларға сүйеніп, сәйкес жауапты инстанция (денсаулық сақтау министрі) затты наркотикалық деп танып, наркотикалық заттар тізіміне енгізгенде зат наркотикалық деп танылады.

Наркотикалық заттарды бірнеше топқа біріктіруге болады: опий және оның препараттары (омнопон, пантопон), опий алкалоидтары және дериваттары (морфин, кодеин), морфин тәрізді әсері бар синтетикалық препараттар (промедол және т.б.). Осы топқа көкнәр сабағынан және басынан қолда жасалған препараттар және сора (конопля) препараттары (гашиш, анаша, план, және т.б), ОЖЖ-ң стимуляторлары (фенамин, центедрин және т.б), кокаин, галлюциогендер, ұйықтататын препараттар (ноксирон) жатады.

«Наркомания» диагнозын қою үшін аурудың клиникалық белгілері болуы керек: наркотикалық заттарды үнемі қолдану, толеранттылықтың айқын өсуі, түзілген психикалық тәуелділік және т.б.

Наркотикалық заттарды жоғарыда аталған белгілердің дамымауымен медициналық емес мақсатта қолдану жағдайында (әлі дерт түзілмегенде) «наркотикалық препараттарды шектен тыс қолдану» диагнозын қойған дұрыс. Осыған байланысты медициналық мекемелерде есепке тіркеледі: бір жағдайда - диспансерлік есепке, екінші бір жағдайларда - профилактикалық бақылауға алынады.

АҚШ-ғы (ХХ ғасырдың басында) әйгілі героинді шектен тыс қолдану, Канадада кодеинді (30 жылдарда), Жапонияда амфетаминді, Скандинавияда (40 жылдары) барбитураттарды шектен тыс қолданудың тұтанысынан кейін наркоманиялар ауру ретінде қарастырыла бастады.

Наркоманияның әлеуметтік маңызы өте зор, себебі ол қоғамға аса ауыр негативті әсер тигізеді, халық арасында тез тарауға бейім және халық денсаулығына залалды әсер көрсетеді.

Наркомания патогонезі өте күрделі және әлі толық зерттелмеген. Наркомания патогенезі жөніндегі қазіргі мәліметтер психоактивті заттардың созылмалы әсерінен болатын мидың патологиясы мен гомеостаз бұзылыстарына негізделеді. Ауру патогенезіндегі басты рөл нейрогуморальды бұзылыстарға және нейромедиаторлар мен рецепторлар функциясының өзгерістеріне беріледі.

Наркоманияның клиникалық көрінісі

Наркоманияның жеке түрлерінің клиникалық көріністері, олардың динамикасы аурудың түзілуіне алып келген шектен тыс қолданылған затпен тығыз байланысты. Наркоманияның әр түрін біріктіретін ортақ белгілері бар.

Наркотик қабылдағаннан кейін наркоманияның әртүрлі формаларында байқалатын наркотикалық мастану жағдайы пайда болады.

Наркотикалық мастанудың клиникалық көрінісі көтеріңкі көңіл-күймен, күлегештікпен, алаңғасарлықпен, зейін елітпелігімен, ойлау жылдамдауымен, қозғалыстық қозумен немесе, керісінше босаңсумен (обнубиляция), қозғалыс координациясының бұзылуымен, тұрақсыз жүріспен көрінеді. Кей жағдайларда ашушаңдық, тітіркенгіштік, агрессивтілік байқалады.

Тері жабындыларының гипермиясы немесе бозаруы, көздердің бұлыңғырлануы және олардың тынышсыз жылтыры, қарашықтардың тарылуы немесе кеңеюі болады. Ағза реактивтілігінің өзгеруі нәтижесінде түзілетін наркоманиялар мен токсимониялардың барлық түрлерінің ортақ белгілері дәрілік және басқа заттарға психикалық және физикалық тәуелділік, және де толерантылығының өзгеруі болып табылады.

Психикалық тәуелділік - препаратты наркотикалық әсер тудыру немесе психикалық дискомфорт синдромын жою мақсатында қолдануға дертті сипаттағы талпыныс (үнемі немесе кезеңмен пайда болатын). Наркотикалық препаратқа дертті талпыныстың даму жылдамдығы бірқатар факторлармен, соның ішінде маңыздысы, препараттың наркогенді әсерімен анықталады. Күшті наркогенді әсер опий және оның туындылары – кокаинге тән, ал наркогенді қасиеті төмен - гашиш және ОЖЖ-нің ынталандырушылары болып табылады.

Физикалық тәуелділік - наркотикалық препараттарды созылмалы қолдану нәтижесіндегі дертті жағдай, препаратты қолдануды тоқтатқаннан кейін, және де наркотикалық препараттар әсерін олардың антогонистімен басқанда пайда болатын айқын физикалық және психикалық бұзылыстармен көрінеді.

Бұл күй наркотикалық препараттың немесе оның антогонистінің кезекті дозасын енгізгенде басылады.

Толеранттылықтың өзгеруі наркотикалық препараттарға әдеттену синдромымен сипатталады, бұрынғы психофармакологиялық нәтижеге жету үшін наркотикалық заттардың мөлшері барған сайын ұлғайтылып отырады.

Наркомандар дәрілік наркотикалық препараттардың медициналық мақсатта қолданылатын мөлшерінен 5-10 рет жоғары мөлшерін қабылдай алады.

Наркомания түзілуінде шартты түрде 3 сатыны ажыратады.

Бастапқы саты, немесе адаптацияның І сатысы, ағза реактивтілігінің өзгеруі және психикалық тәуелділік пайда болуымен сипатталады.

Екінші, немесе созылмалы сатыда физикалық тәуелділік толық қалыптасады.

Кеш, немесе ІІІ сатысы ағзаның барлық жүйесінің қажуы, толеранттылықтың, жалпы реактивтіліктің төмендеуі, созылмалы ауыр абстиненциямен сипатталады.

Наркоманияның әр формасында абстиненцияның клиникалық көрінісінің арнайы ерекшеліктері болады, осыған сүйене отырып, клиникалық дифференциальды диагностика жасауға болады. Бұл, әдетте ауыр психикалық және физикалық бұзылыстар болып табылады. Наркоманияның алғашқы сатысының өзінде тұлға өзгеруі, олардың жүріс-тұрыстарының асоциальдылығы, наркотикалық препараттың созылмалы әсері нәтижесіндегі соматоневрологиялық асқынулар айқын көрініс береді.

Біздің елімізде негізінен көкнәр және жабайы өсетін сорадан қолда дайындалған наркотикалық препараттар кездеседі. Наркотикалық заттарды қабылдағанда бақыланатын психикалық және соматикалық бұзылыстарға апиындық наркомания мысал болып табылады.

Апиындық наркомания

Морфин - жансыздандыру кезінде қолданылатын опий дериваты. Морфин, промедол немесе героин тері астына немесе көктамыр ішіне енгізіледі, ал опийді ішке, көк тамыр ішіне енгізеді немесе шегу арқылы деммен тартады. Жансыздандырушы эффекті эйфориямен бірге жүреді. Науқастарда ойлау, сөйлеу екпіні жылдамдайды. Арманшылдық, рахаттану, қамсыздық сипатымен көңіл-күй көтерілуі бақыланады. Кейбір жағдайларда қозғалыс үрдісі жылдамдайды. Алайда бұл жағдай өнімді және мақсатты әрекеттерден, нәтижеліліктен айрылған. Бірақ шектелген бағыттылықтағы - наркотикалық заттың кезекті мөлшерін қабылдауға бағытталған әрекеттер сақталады. Бұл препаратты үнемі қабылдау психикалық және физикалық тәуелділік белгілерінің пайда болуына жылдам әкеледі. Наркотик қабылдауға деген қажеттілік барлық басқа қызығушылықтардан басым түседі. Морфинге толеранттылық қарқынды өседі, бірнеше аптадан кейін-ақ науқастар тәулігіне бастапқы мөлшерден едәуір жоғары мөлшерді пайдаланады .

Морфин немесе опийдің басқа дериваттарын созылмалы шектен тыс қолданғанда науқастарда еңбекке, қоршаған ортаға деген қызығушылық төмендейді немесе жоғалады. Қызығушылықтар шеңбері күрт тарылады. Науқастар өзімшіл, дөрекі болып кетеді. Мнестико-интеллектуальды құлдырау үдейді.

Науқастардың жүріс-тұрысы асоциальды сипат алады. Олар наркотиктің кезекті дозасына қол жеткізу үшін барлығына, кез-келген әрекетке, криминальды істерге (кісі өлтіруге дейін) дайын.

Абстинентті синдром бастапқыда жасаурағыштық, әлсіздік, дене қалтырауымен сипатталады. Кейін келе (15-20 сағ кейін) тремор, қарашықтың кеңеюі пайда болады. Науқаста тұмаурату, түшкіру, жөтелу, жас ағу, гипергидроз байқалады. Ішек перистальтикасы күшейеді. Апиынды наркомания кезінде абстиненцияның психикалық көріністері үрей, мазасыздық, генерализацияланған ауыру сезімі, ауыр ұйқысыздықпен сипатталады.

Кешірек (2-3 тәуліктен кейін) аталған бастапқы симптомдардың күшеюі фонында шайнау кезінде бұлшықеттегі ауыру сезімі, жүрек соғысы мен тыныстың жиілеуі, бұлшық еттердің фибриллярлы дірілдері, қан қысымының жоғарылауы байқалады. Субъективті түрде науқас бүкіл денесінде күшейіп келе жатқан сырқыраған ауру сезімін, әсіресе буын, бел және іштің төменгі аймақтарында сезінеді.

Бұл симптомдар наркотик қабылдауды тоқтатқан соң 3 – 4 тәуіліктен кейін ең жоғарғы айқындылық дәрежесіне жетеді, өзін ауыр сезінеді, тәбеті жоғалады, құсу, профузды іш өтулер байқалады. 4 – 5-ші тәулікте айтылған белгілер ақырындап қайта бастайды, бірақ келесі 1 – 2 айлар ішінде буындарда ауыру сезімі және ұйқысыздық кезеңмен пайда болуы мүмкін.

Сора (конопля) препараттарын қолдану нәтижесінде дамитын наркомания

Гашиш (синонимдері: анаша, марихуана, план, бланк, харас, және т.б.) -сораның әртүрлі сорттарынан алынатын зат. Пайдалану әдісі – темекімен немесе таза түрде тарту, және де ішке қабылдау.

Сора препараттарының психоактивті әсері сора құрамындағы коннабиноид заттарының болуымен байланысты. Жедел гашиштік интоксикацияның клиникалық көрінісі сананың есеңгіреу дәрежесіндегі бұзылысымен көрініс береді, сонымен қатар эйфория байқалады, жүріс-тұрыстары алаңғасарлықпен, адекватсыз, ұстамсыз күлегештікпен, ассоциациялар жылдамдауымен көрінеді, агрессивті әрекеттер байқалуы мүмкін.

Соматикалық симптомдары тері жабындыларының гиперемиясы немесе керісінше бозаруы, склера инъецирленуі, гипергидроз, сілекей ағуымен көрінеді.Сора препараттарының айтарлықтай көп мөлшерін қабылдаған кезде жедел улану жағдайы бақыланады, клиникалық көрінісінде экзогенді психоздарға тән параноидты синдром, деперсонализация синдромы, есту және көру галлюцинациялары орын алады.

Сора препараттарын созылмалы қолданғанда тұйықталумен апатия жағдайы дамиды, тұлға деградациясы үдейді, тұлғаның моральды-этикалық сипаты жоғалады, жүріс-тұрысы ассоциальды. Гашишпен созылмалы улануының жеке сатыларында клиникалық көрініс шизофрения симптоматикасына ұқсас болып келеді.

Басқа наркоманиялар

ОЖЖ стимуляторларын (фенамин, первитин және т.б.) шектен тыс қолдану және оларға патологиялық әдеттену наркоманияға жатады. Бұл препараттар қажу сезімін басу үшін және еңбекке қабілеттілікті көтеру мақсатында қолданылады. Препараттарды қабылдаған соң эйфориямен қатар сергектік сезімі, белсенділік пайда болады, ойлау үрдісі жылдамдайды. Әдеттену жылдам пайда болып, толаранттылық өседі.

Фенаминді ұзақ уақыт бойы пайдаланғанда сандырақпен және көру галлюцинацияларымен психотикалық жағдай бақылануы мүмкін.

Біздің елімізді наркотиктерге адамға пайдалануға тыйым салынған лизергин қышқылының эпиламиді (ЛСД) жатқызылады. Батыс Европаның бірқатар елдерінде және АҚШ –да ЛСД наркотик есебінде кең таралған. Осы препаратпен жедел улану кезінде жүрек айну, құсу, қан қысымының төмендеуі, қозу, атаксия, спастикалық салданулар пайда болады. ЛСД әсері көзді жұмғанда күшейеді. ЛСД –ны қабылдаған кезде кеңістік пен уақытты қабылдау өзгерістері үнемі бақыланады. Тұлғалық өзгерістер қызығушылықтар шеңберінің тарылуы, ес әлсіреуі, эмоциональды дөрекіленумен көрінеді.

Бір уақытта екі немесе бірнеше наркотик түрлерін қолдану, осы заттарға наркотикалық тәуелділікке әкеліп соғатын жағдай полинаркомания деп аталады.

Бірқатар жағдайларда дәрігерлер ұзақ уақыт және негізсіз бір наркотикалық препаратты тағайындағанда наркотикалық тәуелділік дамиды және ятрогендік наркоманияға әкеп соғады.

Токсикоманиялардың клиникалық көрінісі

Токсикомания - наркотикалық заттар тізіміне кірмейтін заттарды немесе дәрілік препараттарды шектен тыс қолдану нәтижесінде туындайтын ауру.

Токсикомания шақыратын заттардың ішінде психотропты препараттар (антидепрессанттар, транквилизаторлар, антипаркинсондық) үлкен орын алады.

Транквилизаторларды ұзақ уақыт қабылдау нәтижесінде толеранттылық өседі, препаратты қолдануды тоқтатқанда абстененция құбылысы, қол треморы, тершеңдік, ұйқысыздық, қорқыныш сезімі пайда болады.

Экстрапирамидалық жүйе зақымдануында қолданатын антипаркинсондық препараттар эйфориялық, мастандырушы және галлюциногенді әсер тудырады. Бұндай әсер препараттың терапиялық дозасын бірнеше ретке артық қолданғанда болады.

Жедел уланудың 4 сатысын ажыратады: эйфория, өзгерген, жиі тарылған сана жағдайы, галлюцинаторлық және осы күйден шығу. Эйфория сатысы 30-40 минутқа созылады, соңынан сылбырлық, тежелу дамиды, кейде «салмақсыздық» сезімі, дереализация, уақыт пен қоршаған ортаға байланысты бағдарлау бұзылысы болады. Кейде науқастардың айтуынша «мультиктер» деп аталатын көру галлюцинациялары пайда болады. Токсикомандар кейде осы әсері үшін антипаркинсондық дәрілерді қолданады. Созылмалы улану жағдайында психоорганикалық синдром белгілері және психопатия тәрізді жүріс-тұрыс байқалады.

Ұйықтататын дәрілерді шектен тыс қолдандану да токсикомания шақырады (барбамил, нембутал, ноксироннан басқалары).

Ұйықтататын дәрілермен жедел улану жағдайы идеаторлы үрдістердің тежелуімен, әлсіздік күйімен есеңгіреудің жеңіл дәрежесімен көрінеді. Сөзі дизартриялы, қозғалыс координациясы бұзылған.

Ұйықтататын препараттарды кейде наркомандар наркотикалық заттармен бірлестіріп қолданылады.

Созылмалы уланудың клиникалық көрінісі психоорганикалық синдром белгілерімен көрінеді: тітіркенгіштік, мнестико-интеллектуальды төмендеу, тежелу.

Қазіргі кезде жасөспірімдердің арасында кең тараған ұшқыш еріткіштерді қолдану нәтижесіндегі токсикоманиялар болып тұр. Ұшқыш еріткіштермен тыныс алу (тұрмыстық химиялық заттар) иллюзорлы және галлюциноторлы бұзылыстармен бірге жүретін эйфория жағдайына алып келеді. Улану тереңдеген сайын есеңгіреу жағдайы орын алады. Уланудан кейінгі кезең айқын астениямен және бас ауыруымен жүреді. Ұшқыш еріткіштерді қолдану психопатия тәрізді жүріс-тұрыспен органикалық синдромның жылдам түзілуіне, психикалық дамудың күрт артта қалуына алып келеді.