
1. Сабақ жоспары:
1. Ежелгі грек өркениетінің өзіндік санасының ерекшеліктері және алғышарттары.
2. Софистика – философия және мәдениет құбылысы ретінде.
3. Сократ, Платон, Аристотель философиясы.
2. Сабақ мақсаты:
Антика философиясы тарихындағы көптеген философтардың дүниетанымдық ерекшелігі мен философиялық көзқарастарын болашақ мамандарға анализ жасай отырып түсіндіру.
3. Лекция мәтіні:
1. Антика заманының философиясы б.д.д VІІ-VІ ғасырларда кіші Азияның батыс жағалауында гректер салған қалаларда өмірге келді. Б.д.д. VІІ-V ғасырларда антикалық рухани даму мифологиялық діни көзқарастан ғылыми философиялық көзқарасқа қарай бағытталды. Бұл кезеңді антикалық философия тарихында Сократқа дейінгі ал б.д.д. V-ІІІ ғасырларда ойшылдардың мәнділіктің генетикалық бастамасын, түп негізін, жалпы дүниетанымдық көзқарастың негізі етіп алып, философиялық ойлаудың биік деңгейге көтерілуіне байланысты кезеңді Сократтан кейінгі немесе классикалық кезең деп екіге бөледі.
Фалестің ілімін әрі қарай оның шәкірті және жолын қуушы үлкен – Анаксимандр (б.д.д. 611-545ж.) жалғастырды. Негізгі еңбектері – «Табиғат туралы», «Жер картасы», «Глобус». Анаксимандр барлық денелердің бастамасын сол денелердің түп негізі сатысына дейін көтерді. Бастаманы ол заттардың түп негізі апейронмен теңестіреді. Анаксимандр ілімін әрі қарай оның шәкірті Анаксимен (б.д.д. VІ ғасыр ортасы) жалғастырды. Негізгі еңбегі – «Табиғат туралы». Анаксимен барлық денелердің негізі деп ауаны айтады. Ауа шексіз ол үнемі қозғалыста болады да бірде қоюланып, бірде сұйылып алуан түрлі заттармен құбылыстарды түзеді. Ауа сұйылған да алдымен отқа, содан эфирге айналса, қоюланғанда желге, бұлтқа, суға, жерге және тасқа айналады.
Милет мектебінде қалыптасқан философиялық дәстүрді ілгері қарай дамытқан Эфес қаласынан шыққан саяси қайраткер, ғұлама ойшыл Гераклит (б.д.д. 544-483 ж.) болды. Оны іліміндегі терең ойлары үшін «тұңғиық» деп атаған. Гераклит заттардың түп негізін генетикалық бастамасын от деп есептеген. От мәңгі және құдай тектес. Әлемді құдайда, адамда жаратқан жоқ ол өз заңдылығымен бірде лапылдап жанып, бірде сөніп тұратын бар және болатын тірі от. Әлемнің өзгеру тәртібі мен өлшемі, оның обьективті заңы – логосқа байланысты.
Пифагор (б.д.д. 580-500 ж.). Б.д.д. VI ғасырдың аяғында философиялық ілімдер Кіші Азиядан ұлы Элладаға ауыса бастады. Осы кезеңде оңтүстік Италияның, Силицияда пифагор-шылар мектебі деп аталған одақ құрылып, онда қоғамдық өмірді діни әдептілік тұрғыдан реформалау қажеттігі туралы ілім кең өріс алды.
Элеаттар мектебінің негізгі өкілдері Ксенофан, Парменид, Зенон. Элеаттар ілімі ежелгі грек философиясының дамуындағы жаңа қадам болды. Егер Милет өкілдері түп негіз – физикалық дене, ал Пифагоршылар – сан десе Элеаттарда түп негіз – болмыс. Элеаттар негізінің қағидалары мынаған сыяды: түйсінген денелердің барлығын нақтылық деп қабылдауға болмайды. Керісінше олардың бәрінде өздерін ақыл ой арқылы негіздеуге болатын заттар ғана нақтылы өмір сүреді. Элеат мектебінің негізін қалаушы және көрнекті өкілі – Колофон, полисінен шыққан Ксенофан (б.д.д. 579-487 ж.) Оның пікірінше барлық заттардың негізі жер. Жер өзінің тамырларымен шексіздікке кетеді Ксенофанның жалпы құдай туралы ілімін; әрі қарай дамытып, оны бір тұтас болмыс ұғымына дейін көтерген ойшыл – Парменид (б.д.д. 540-480 ж.) болды. Оның негізгі шығармалары: «Табиғат туралы», «Ахиллес». Парменидтің қарастырған мәселелері – болмыс пен бейболмыстың арақатынастары мен болмыс ақыл ойға қатынасы. Бұл мәселелерді тек ақыл - ой арқылы шешуге болады.
Парменидтің ілімін ары қарай жалғастырушы оның шәкірті Зенон (б.д.д. 490-430 ж.) болды. Негізгі еңбектері: «Философтарға қарсы», «Табиғат туралы». Зенон Парменидтің болмыс жалқы, біртұтас және қозғалмайды пікірін басқа жолмен дәлелдеуге тырысты. Зенон өз дәлелін көзге көрінетін ақиқатқа жатпайтын әлемнен бастап, болмыс әлемін қарастырумен аяқтайды. Оның физикалық әлем қарама-қарсылыққа толы. Сол себепті ол – ақиқатқа жатпайды. Ал нағыз ақиқат біздің біздің түсінуімізден тыс жатқан әлем, ол – болмыс.
Атомистер ілімі. Бұл бағытқа ежелгі грек ойшылдары Левкипп, Демокрит, Эпикур және ежелгі Рим өкілі Лукреций Карр т.б. жатады. Атомистік бағыттың, қалыптасуына үлкен үлес қосқан ойшыл Левкипп болды. Ол әлем бөлінбейтін ұсақ, бөлшектерден «атомдардан» тұрады және олар бос кеңістікке алақұйын қозғалыста болады. Бір-бірімен байланысқа түсіп, жеке денелерді құрайды. Демокрит (б.д.д. 460-371ж) 70-тен астам шығармалар жазған: «Пифагор», «Планеталар туралы», «Адам табиғаты туралы», «Табиғат туралы» т.б.
2. Софистер. Б.д.д. V ғасырда Ежелгі грецияда құл иеленушілік демократия, логика, риторика, философияның жедел дамуына жол ашты. Соттарда халық жиналыстарында әдемі сөйлеп халықты мүмкін болса, өз қарсыластарында айтқанына сендіріп, өз жағына тарта білуі өнері алдыңғы қатарға шығады. Осыған байланысты риторика (әдемі сөйлеу өнері ) өнеріне ақы алып үйрететін ұстаздар, софистер пайда болды. Олардың басты қағидасы – «әркімнің өз ақиқаты бар». Софизмнің қалыптасуына Протагор, Горгий, Гиппий, Критий т.б. ойшылдар ат салысты. Солардың ішінде өз ерекшелігімен көзге түскен ойшыл – Протагор (б.д.д. V ғ.) болды. Негізгі еңбектері – «Ғылымдар туралы», «Мемлекет туралы» т.б. Протагор білімнің салыстырмалы екендігі туралы ілімін материяның абсолютті өзгермелі және тұрақсыздығы сияқты қасиеттеріне сүйеніп дәлелдейді. Протагордың пікірінше, «Адам барлық заттардың мөлшері» деген қағиданы ең негізгі қағида ретінде қабылдайды. Бұл қағидада да былай делінді: «Маған заттар қалай болып көрінсе, мен үшін олар солай болып қалады, ал саған қалай көрінсе, сен үшін солай болып қалады. Білімнің салыстырмалы екендігін Протагор: «Өздігінен ештеңе өмір сүрмейді және пайда болмайды, олар басқаларға қатынасы арқылы айқындалады, - деген пікір төңірегінде дәлелдейді. Алайда, софистер адамның бұзылған дәстүрлі өмір сүру тәртібінің орнына тартымды жаңашылдық ұсына алмады.
3. Антика философиясының екінші кезеңі атақты ойшыл, философ Сократтың есімімен тығыз байланысты. Сондықтан Сократтан кейінгі немесе классикалық кезең деп аталады. Сократты сонымен қатар антик философиясы тарихының «кіндігі», «философияның бел ортасы» деп те атайды. Сократ жазбаша дерек қалдырмаған оның философиялық көзқарастары бізге Платон, Аристотельдердің еңбектері арқылы жетті. Сократ ауызша пікір таластырып, диалог арқылы өзінің қарсыластарын қарастырылып отырған мәселе туралы жаңа білім әкелуге тырысты. Бұл жолда ол мысқылдауды, ақиқатқа жетудегі таным құралы ретінде алады. Сократ қарапайым түк білмейтін адам сияқты көрінеді де, қарсыласына олардың өздері жақсы білетін сұрақтарды қояды. Қарсыласы ол сұрақтарға жауап бергеннен кейін тағы да, алдын – ала дайындалған сұрақтар қояды. Сөйтіп қарсыласы өзінің бастапқы айтқан пікіріне өзі қарсы пікір айта бастайды. Осы кезде Сократ мысқыл кекесінмен қарсыласын менменшіл өзім білем деген сияқты пікірінен толығымен арылтады. Сократ өзінің қарсыласын қойылған сұрақтарға жауап беру арқылы біртіндеп ақиқатқа жақындата түседі. Өзінің осы тәсілін ол – Майевтика деп атайды.
Аристотель – Платонның шәкірті. Ұстазының көзі тірісінде шәкірті оның шығармаларына сын көзбен қарап, пікірлерін ашық айтпағаны рас. Бірақ кейін келе өзінің философия жүйесін жасау процесінде ол Платонның көзқарасына қарама – қарсы шықты.
Аристотель Платон сияқты ұғымдар мен идеялар өз алдына дербес өмір сүреді деген ойдан аулақ. Аристотельдің ойынша, осы болмыссыз, табиғатсыз бізді айнала қоршаған дүниесіз өз дербестігін жоғалтады. Платон ұғымдарының түрлері, идеяларды сезімдік заттар дүниесінің мәні деп қарап, оларды бір – біріне қарама – қарсы қойса, Аристотель бұған ашықтан ашық қарсы шықты. Оның айтуынша, мұндай жалған ойдың негізі тарихи жағынан алғанда өзінің бастауын сонау Гераклиттің диалектикалық көзқарасынан алады. Өйткені, Гераклит сезімдік заттар дүниесі үнемі өзгеріп, қозғалып отырады деген қағиданы негізге алды. Платон да өзінің философиялық жүйесінде осы Гераклиттің пікіріне сүйене отырып үнемі өзгеріп, қозғалып отыратын сезімдік заттар дүниесіне қатысты ешбір ақиқат жоқ деп есептеді.
Аристотельдің ойынша, «Мемлекет өз табиғаты жағынан сан алуан болады. Оның құрылымы күрделі, әрі көптеген бөліктерден тұрады». Мемлекеттегі адамдар әртүрлі, олар біркелкі болуы да мүмкін емес. Мемлекет жанұялардан тұрады. Олардың да бір – бірінен айырмашылықтары бар.