Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kystaubay_O_S_GP_kaz_obsch_i_osob_okonchat_vari...doc
Скачиваний:
5
Добавлен:
01.03.2025
Размер:
2.1 Mб
Скачать

29.1 Интеллектуалдық меншік құқығы туралы жалпы ережелер

Интеллектуалдық меншік құқығының объектілеріне:

1) интеллектуалдық шығармашылық қызметтің нәтижелері;

2) азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулерді дараландыру құралдары жатады.

Интеллектуалдық шығармашылық қызметтің нәтижелеріне:

  • ғылым, әдебиет және өнер туындылары (авторлық құқық);

  • эфирлік және кәбільдік хабар тарату ұйымдарының орындаушылығы, қойылымдары, фонограммалары мен хабарлары (сабақтас құқықтар);

  • өнертабыс, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер (патенттік құқық);

  • селекциялық жетістіктер;

  • интегралдық микротәсім топологиялары;

  • ашылмаған ақпарат, оның ішінде өндіріс құпиялары (ноу-хау);

  • ҚР азаматтық кодексінде немесе өзге де заң актілерінде көзделген реттерде интеллектуалдық шығармашылық қызметтің басқа да нәтижелері жатады.

Азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулерді дараландыру құралдарына:

1) фирмалық атаулар;

2) тауарлық белгілер (қызмет көрсету белгілері);

3) тауарлар шығарылатын жерлердің атаулары (шығатын жерін көрсету);

4) ҚР азаматтық кодексінде және заң актілерінде көзделген реттерде азаматтық айналымға қатысушылардың, тауарлардың, жұмыстардың немесе қызмет көрсетулердің басқа да дараландыру құралдары жатады.

Интеллектуалдық меншік объектілеріне құқық оларды құру фактісінің күшімен не заңнамада көзделген жағдайлар мен тәртіп бойынша уәкілетті органның құқықтық қорғауды беруі нәтижесінде туындайды.

Интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижелерінің авторлары осы нәтижелерге қатысты жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарға ие болады. Жеке мүліктік емес құқықтар, оның мүліктік құқығына қарамастан, авторға тиесілі болады және оның мүліктік құқығы басқа тұлғаның интеллектуалыдқ шығармашылық қызметінің нәтижелеріне ауысқан жағдайда өзінде сақталып қалады.

Интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижесінің авторы болып танылу құқығы (авторлық құқық) мүліктік емес құқыққа жатады және шығарманы (туындыны) жасаған адам оның авторы танылады.

Егер шығармашылық туынды екі немесе одан да көп адамның авторлығымен жасалса, олар тең (серіктес) авторлар болып танылады.

Интеллектуалдық меншік құқығының объектісін оның иесі өз қалауы бойынша кез келген зағнамамен тыйым салынбаған әдіспен пайдалануға құқылы.

Айрықша құқық объектісін басқа тұлғалардың пайдалануына тек құқық иесінің келісімімен ғана жол беріледі.

Тапсырмалар:

- Интеллектуалдық меншік құқығының объектісі бола алмайтын игіліктер мен құқықтарды атаңыз?

- Контрафактілі тауарларға түсінік беріңіз.

29.2 Авторлық құқық және сабақтас құқықтар (қр ак 971 – 990 баптары)

29.2.1Авторлық құқық ұғымы мен қағидалары.

Авторлық құқық – ғылым, әдебиет және өнер шығармаларын (туындыларын) құрумен (жасаумен) және пайдаланумен байланысты мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды реттейтін азаматтық-құқықтық институт.

Авторлық құқықтың қағидалары:

шығармашылық еркіндік;

жеке және қоғамдық мүдделердің үндестігі; өзге тұлғалардың жеке қажеттіктерін қанағаттандыру үшін авторлық шығармаларды пайдалану мүмкіндігі;

авторлардың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарын тану арқылы моральдық және материалдық қолдау;

авторлардың құқықтарын қорғау.

Авторлық құқықтың объектілері ретінде ғылым, әдебиет және өнер шығармалары (туындылары) табылады. Олар шығармашылық, яғни интеллектуалдық қызметтің нәтижесі болып табылады, жаңа (түпнұсқалық) шығарманы жасауға бағытталған, сонымен қатар, объективтік нысанға ие, яғни автордың қатысуынсыз көрініс таба алады (қолжазба т.б.).

Авторлық құқық халыққа жеткізілген (жарияланған, жарыққа шыққан, басылым көрген, жария орындалған, жария көрсетілген) және белгілі бір объективтік нысанда бар халыққа жеткізілмеген шығармаларға да қолданылады. Объективтік нысан ретінде:

  1. жазбаша (қолжазба, компьютерлік, машиналық теру, нота жазбасы және т.б.);

  2. ауызша (жария айту, жария орындау және т.б.);

  3. Дыбыс және видеожазбалар (механикалық, сандық, магниттік және т.б.);

  4. қол өнер туындылары (сурет, нобай, картина, жоспар, сызба, кино-, теле-, видео- немесе фотокадрлар және т.б.);

  5. көлемді – кеңістікті насында (мүсін, модель, макет, ғимарат және т.б.);

  6. өзге де нысандарда болуы мүмкін.

Авторлық құқық өзіндік идеяларға, тұжырымдамаларға, қағидаларға, әдістерге, жүйелерге, процесстерге, ашылымдарға, фактілерге қолданылмайды.

29.2.2 Авторлық құқықтың объектілерінің түрлері (ҚР АК 972 бабы):

  1. әдеби туындылар (көркем-әдеби, ғылыми, оқу, жариялымдық және т.б.);

  2. драмалық және музыкалық-драмалық туындылар;

  3. сценарийлік туындылар;

  4. хореография және пантомима туындылары;

  5. мәтінді және мәтінсіз музыкалық туындылар;

  6. аудио-бейне туындалар (кино-, теле- видеофильмдер, диафильмдер және өзге де кино-, телетуындылар), радиошығармалары;

  7. кескіндеме, мүсін, графика туындылары мен басқа да бейнелеу өнерінің туындылары;

  8. қолданбалы өнер туындылары;

  9. сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ өнері туындылары;

  10. фотосурет туындылары және фотосуретке ұқсас әдістермен алынған туындылар;

  11. географияға, топографияға және басқа ғылымдарға қатысты карталар, жоспарлар, эскиздер, безендірмелер мен үш өлшемді туындылар;

  12. ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;

  13. өзге де туындылар.

Авторлық құқық объектілеріне, сондай-ақ:

1) туынды шығармалар (аудармалар, өңдеулер, аннотациялар, рефераттар, түйіндеулер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық аранжировкалар және ғылым, әдебиет пен өнер туындыларының басқа да қайта өңделімдері);

2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары)

29.2.3 Авторлық құқықтың объектілері болып табылмайтындар (ҚР АК 974 бабы):

  1. ресми құжаттар (заңдар, сот шешімдері, заң шығару, әкімшілік, сот және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтіндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;

  2. мемлекеттік рәміздер мен белгілер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгілері және өзге де мемлекеттік рәміздер мен белгілер);

  3. халық шығармашылығының туындылары;

  4. ақпараттық сипаттағы оқиғалар мен фактілер туралы хабарлар.

29.2.4 Авторлық құқықтың субъектілері:

- авторлар, яғни туындыларды шығармашылық еңбегімен жасаған жеке тұлғалар;

- шетел азаматы, егер оның шығармасы Қазақстан Республикасы аумағында жарыққа шыққан немесе ел шеңберінде қандай да бір объективтік нысанда болса, авторылық құқықтың субъектісі ретінде танылады. Өзге жағдайларда Қазақстан Республикасының арнайы халықаралық келісімдері негізінде ғана шетел азаматы қазақстандық құқық бойынша автор ретінде танылады.

- кейбір жағдайларда авторлық құқықтың өзге де субъектілері болуы мүмкін. Олар шығарманы (туындыны) жасауда тікелей қатыспайды. Мысалы, мұрагерлер, мемлекет, нақты заңды тұлғалар. Оларға шарт арқылы немесе мұрагерлік тәртібімен шығармаларды (туындыларды) пайдалануға қатысты белгілі бір құқықтар (шығарманы жариялау, тарату с.с. құқықтары) ауысады, дегенмен автор ретінде шығармашылық еңбегімен шығарманы (туындыны) жасаған тұлға танылады.

Бірлескен (серіктес, тең) авторлық – шығарманы екі немесе одан көп тұлғаның біріккен еңбегімен жасау.

Бірлескен (серіктес, тең) авторлық белгілері:

▪ бірлескен шығармашылық еңбек;

▪ ортақ шығарманы жасау (құру);

▪ шығармаға авторлық құқықтың серіктес авторларға тиесілі болуы.

Егер, жасалған шығарма (туынды) бүтін бөлінбейтін болса, онда бұл бөлінбейтін біріккен (серіктес) авторлық, деп аталады.

Егер, ортақ шығарма (туынды) бөлімдерден тұратын және әр бөлімнің дербес маңызы мен қолданымы болса, онда бұл бөлінетін біріккен (серіктес) авторлық. Мысалы, өлеңнің сөзін бір ақын, ал әнін басқа бір сазгер жазған. Бұл жағдайда, егер олардың арасындағы келісіммен өзгеше көзделмесе, әр автор шығарманың өзіне тиесілі (яғни өзі жасаған) бөлігін өз қалауынша пайдалануға (қолдануға) құқылы.

Туынды шығармаларға (аудармалар, өңдеулер, жинақтар және с.с.) авторлық құқық субъектілері ретінде оларды шығармашылық еңбегімен жасаған адамдар (аудармашылар, жинақтарды құрастырушылар) табылады. Авторлық құқықтың объектілері болып табылатын шығармалардың аудармаларын, жинақтарын пайдалану үшін (аудару, жинақтау т.б. үшін) авторлардың келісімі қажет.

29.2.5 Сабақтас құқықтардың объектілері. Сабақтас құқықтар:

▪ қойылымдарға;

▪ орындаушылыққа;

▪ фонограммаларға;

▪ эфирлік және кабельдік хабар таратушы ұйымдардың хабарларына, олардың мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ олардың көрсетілу әдістері мен нысандарына қарамастан қолданылады.

Сабақтас құқықтардың субъектілері ретінде орындаушылар, фонограмма жасаушылар мен эфирлік және кабельдік хабар таратушы ұйымдары табылады.

29.2.6 Авторлардың құқықтары және қорғау. Авторлардың мүліктік емес жеке құқықтары:

▪ туынды (шығарма) авторы ретінде танылу және оны пайдалану кезінде осы туындыға басқа тұлғалардың авторлығын тануды болғызбайтын нақ осындай тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);

▪ туындыны (шығарманы) өз атынан, бүркеншек атпен немесе жасырын атпен пайдалану құқығы (автор есіміне құқық);

▪ өз туындысына (шығармасына) өзгерістер мен толықтырулар енгізуге және оның атауын қоса алғанда, туынды жарық көргенде, көпшілік алдында орындалғанда немесе өзге түрде пайдаланылғанда автордың келісімінсіз кімнің болса да өзгерістер мен толықтырулар енгізуінен туындыны қорғау құқығы (туындыға қол сұқпаушылық құқығы). Автордың келісімінсіз оның туындысын шығарғанда безендірулер, алғысөздер, соңғысөздер, түсініктемелер немесе қандай да болсын түсіндірмелер беруге тыйым салынады. Автор қайтыс болғаннан кейін оның туындысын қол сұғушылықтан қорғауды өсиетте көрсетілген тұлға, ал мұндай нұсқау болмаған жағдайда – автордың мұрагерлері, сондай-ақ заң актілеріне сәйкес авторлық құқықтарды қорғау жүктелген тұлғалар жүзеге асырады;

▪ белгісіз тұлғалар тобының туындыны ашуға рұқсат құқығы (халыққа жария ету құқығы).

Авторлық, автордың есімі және туындыға қол сұқпаушылық мерзімсіз қорғалады.

Автордың мүліктік құқықтары – туындыны (шығарманы) айрықша пайдалануға құқықтары:

- туындыны қайта жаңғырту құқығы;

- тарату құқығы;

- көпшілікке көрсету құқығы;

- көпшілік алдында орындау құқығы;

- көпшілікке хабарлау құқығы;

- эфирде хабарлау құқығы;

- аудару құқығы;

- өңдеу құқығы;

- қала құрылысы, сәулет, безендіру жобасын іс жүзіне асыру құқығы;

Туынды (шығарма) авторы заң актілеріне қайшы келмейтін өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асыруына рұқсат етуге немесе тыйым салуға құқылы.

Туындыға авторлық құқық оның жариялануына қарамастан туындыны үшінші тұлғалардың қабылдауына қолайлы объективті нысан берілген кезден бастап қолданыла бастайды. Ауызша туындыға авторлық құқық оны үшінші тұлғаға хабарлаған кезден бастап қолданылады.

29.2.7 Авторлық құқық мерзімі. Авторлық құқық автордың бүкіл өмірі бойына және ол қайтыс болғаннан кейін, автор қайтыс болғаннан кейінгі келесі жылдың бірінші қаңтарынан есептегенде, жетпіс жыл бойы күшінде болады.

Бірлесіп шығарылған туындыға авторлық құқық серіктес авторлардың бүкіл өмірі бойына және басқа да серіктес авторлардың ең соңғысы қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшінде болады.

Бүркеншік атпен немесе жасырын атпен алғаш рет жарыққа шыққан туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан есептегенде, жетпіс жыл бойы күшінде болады. Егер көрсетілген мерзім ішінде жасырын немес бүркеншек ат ашылса, авторлық құқық автордың бүкіл өмірі бойына және ол қайтыс болғаннан кейін, автор қайтыс болғаннан кейінгі келесі жылдың бірінші қаңтарынан есептегенде, жетпіс жыл бойы күшінде болады.

Автор қайтыс болғанан кейінгі жетпіс жыл ішінде авторлық құқық автордың мұрагерлеріне тиесілі болады және мұрагерлік бойынша ауысады., автормен, оның мұрагерлерімен және одан кейінгі құқықтық мирасқорларымен шарт бойынша құқық алған құқықтық мирасқорларына тиесілі болады.

Автор қайтыс болғаннан кейін отыз жылдың ішінде алғаш рет жарыққа шыққан туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан есептегенде ол жарыққа шыққаннан кейінгі жетпіс жыл бойы күшінде болады.

Туындыға авторлық құқықтың қолданылу мерзімі біткеннен кейін ол қоғамның игілігіне айналады.

Қоғамның игілігі болып табылатын туындыларды кез келген тұлға авторлық сыйақы төлеместен еркін пайдалана алады. Дегенмен, авторлық құқық, автор есіміне құқық және туындыға қол сұқпаушылық құқығы сақталуға тиіс.

Орындаушыға қатысты сабақтас құқықтар алғаш рет орындалғаннан кейін немесе қойылғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшінде болады. Орындаушының аты-жөніне және орындауды немесе қойылымды бұрмалаудан қорғауға құқықтары мерзімсіз қолданылады.

Фонограмма шығарушыға қатысты сабақтас құқықтар фонограмма алғаш рет жарияланғаннан кейін жетпіс жыл бойы не, фонограмма бұл мерзім ішінде жарияланбаса, ол алғаш рет жазылғаннан кейін жетпіс бойы күшінде болады.эфирлік хабар тарату ұйымына қатысты сабақтас құқықтар мұндай ұйым эфирге алғаш рет хабар беруді жүзеге асырғаннан кейін жетпіс жыл бойы күшінде болады.

29.2.8 Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау

Авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылғаны үшін қолданыстағы заңнамамыз бойынша азаматтық, әкімшілік жауаптылықтар қарастырылған. Мысалы, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» 30 маусым 1996 жылғы Қазақстан Республикасы Заңының 49 бабында аавторлық және сабақтас құқықтарды қорғау ерекшеліктері қарастырылса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 30 қаңтар 2011 жылғы Қазақстан Республикасы Кодексінің 129 бабына сай әкімшілік жаза (айыппұл) көзделген.

Туындының және фонограмма даналары даярлау немес тарату авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың бұзылуына (яғни, автордың келісімінсіз, оның еркінен тыс) әкеліп соқтыратын болса контрафактілі деп аталады.

Авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғау тәсілдері:

▪ құқықтарды тану;

▪ құқық бұзылғанға дейінгі жағдайды қалпына келтіру және құқықты бұзатын әрекеттерді тоқтату;

▪ алынбаған пайданы қоса алғанда, шығындарды өтеу;

▪ авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу арқылы алынған кірісті, шығынның орнына, өндіріп алу;

▪ шығын өтеудің немесе кірісті өндіріп алудың орнына жиырмадан елу мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақы төлеттіру;

▪ ЭЕМ немесе деректер базасын бұзғаны үшін бес жүзден елу мың айлық есептік көрсеткішке дейін ақы өндіріп алу;

▪ туындының немесе фонограмманың даналарын авторлық немесе сабақтас құқықтардың иесіне беру немесе тәркілеу және жою;

▪ заң актілерімен қарастырылған өзге де шаралар.

Тапсырмалар:

  1. Заңды тұлғаның туынды (шығарма) авторы ретінде танылуы мүмкін бе?

  2. Авторлық құқық объектілері болып қандай салалар табылады?

  3. Халық шығармашылығы туындылары дегенді қалай түсінесіз?

  4. Сабақтас құқықтар атауы қайдан пайда болды және оның объектілері қандай?

Ұсынылатын нормативтік құқықтық актілер мен әдебиет:

1. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы 10.06.1996 жылғы ҚР заңы

2. Каудыров Т.Е. Право интеллектуальной собственности, Алматы, 1999

3. Чигир В.Ф. (автор текста и составитель Попов И.В.) Авторское право и смежные права. Минск, 1999

29.3. Патенттік құқық (ҚР АК 991-1005 баптары)

29.3.1 Патенттік құқық ұғымы, объектілері, субъектілері

Патенттік құқық – өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге авторлықты тануға байланысты туындайтын жеке мүліктік емес және мүліктік қатынастарды реттейтін, олардың пайдалану және қорғау режимін бекітетін, авторлар мен патент иемденушілердің құқықтарын қорғайтын азаматтық құқықтың институты.

Өнертабыстар, пайдалы модельдер және өнеркәсіптік үлгілер авторлық құқықтың объектілеріне қарағанда қайталануы және бір мезгілде бірнеше адам тарапынан жасалуы (құрылуы) мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, патенттік құқықтың белгілерін анықтау қажеттігі туындайды.

Патенттік құқықтың объектілері ретінде құқықтық қорғау берілетін өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер табылады.

Жаңа, өнертапқыштық деңгейі бар және өнеркәсіпте қолдануға болатын техникалық шешім құқықтық қорғау берілетін өнертабыс болып танылады.

Пайдалы модель – жаңа және өнеркәсіпте қолдануға болатын өндіріс құралдары мен тұтыну заттарын конструкторлық орындау құқықтық қорғау берілетін пайдалы модель болып танылады.

Бұйымның сыртқы түрін белгілейтін, жаңа, түпнұсқалық және өнеркәсіпте қолдануға болатын көркемдік-конструкторлық шешім құқықтық қорғау берілетін өнеркәсіптік үлгі болып танылады.

Өнертабыс объектілері:

- құрал-жабдықтар (өнімдер, конструкциялар: машиналар, приборлар, механизмдер, құралғылар);

- әдістер;

- зат (вещество);

- микроорганизмдер, штаммалар;

- жаңа бағыт бойынша танымал құралды, әдісті қолдану.

Патентке қабілетті болып табылмайтындар:

- ғылыми теориялар мен математикалық әдістер;

- шартты белгілер, тәсімдер;

- шаруашылықты ұйымдастыру әдістері мен оны басқару;

- ЭЕМ үшін бағдарламалар мен алгоритмдер;

- ғимараттар мен аумақтардың жобалары мен тәсімдері және т.б.

Өнертабыстың, пайдалы модельдің және өнеркәсіптік үлгінің авторлары ретінде олардың объектілерін шығармашылық еңбегімен жасаған жеке тұлғалар табылады.

Егер өнеркәсіптік меншік объектісін жасауға бірнеше тұлға қатысқан болса, олардың барлығы да біріккен (серіктес) авторлар ретінде танылады. Құқықтарды пайдалану олардың арасындағы келісіммен анықталады.

Патенттік құқықтың субъектілері болып авторлар, патент иемденушілер, мемлекет танылуы мүмкін.

Өнеркәсіптік меншіктің объектілерін жасауда өздерінің шығармашылық еңбегімен қатыспаған, бірақ техникалық, ұйымдастырушылық немесе материалдық көмек көрсеткен тұлғалар автор ретінде танылмайды.

29.3.2 Өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгіге құқықтарды рәсімдеу

Патент дегеніміз –өнертабыс, пайдалы модель немесе өнеркәсіптік үлгіні пайдалануға басымдылықты (уақыт бойынша алғашқылықты) және оны иемденушінің айрықша құқығын, авторлығын куәландыратын патенттік орган (ілгеріде – патент органы, патенттік орган, Қазпатент терминдері заңнамаға сай қолданылады) берген қорғау құжаты.

Өнертабысқа құқық инновациялық патентпен немесе патентпен, ал пайдалы модель мен өнеркәсiптiк үлгiге - патентпен қорғалады.

Өнертабысқа инновациялық патент өнертабысқа инновациялық патент беруге өтiнiмге сараптама жүргiзiлгеннен кейiн берiледi. Пайдалы модельге патент пайдалы модельге патент беруге өтiнiмге жүргiзiлген сараптаманың нәтижесi бойынша берiледi.       Өнертабысқа және өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiмге ресми сараптама және мәнi бойынша сараптама жүргiзiлгеннен кейiн берiледi.       Инновациялық патент пен патент өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне басымдықты, авторлықты және ерекше құқықты куәландырады. Инновациялық патент өтiнiм берушiге дүниежүзiлiк жаңалыққа және өнертабыстық деңгейге қатысты тәуекелiмен және жауапкершiлiгiмен берiледi.

Өнертабысқа инновациялық патент өтiнiм келiп түскен күннен бастап үш жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiсiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол екi жылдан аспауы керек.

Өнертабысқа патент өтiнiм берiлген күннен бастап жиырма жыл бойы күшiн сақтайды.

Заңдарға сәйкес пайдаланылуы үшiн құзыреттi органның рұқсаты талап етiлетiн өнертабыс патентiнiң қолданылу мерзiмi патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол бес жылдан аспауы керек.

Пайдалы модельге патент өтiнiм берiлген күннен бастап бес жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол үш жылдан аспауы керек.

Өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiм берiлген күннен бастап он жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол бес жылдан аспауы керек Арыз беруші бас тарту туралы патенттік органның шешімін алған күннен бастап екі ай ішінде апелляциялық кеңеске шағымдануға құқылы. Апелляциялық кеңестің шешімі соңғы шешім болып табылады.

Патент алу туралы арызда болуы қажет мәліметтер:

- өнертабыс авторы мен патент иемденушінің аты-жөні мен тұрғылықты мекен-жайы;

- өнертабысты толық және жеткілікті жүзеге асыру үшін қажетті оның түсінігі;

- өнертабыс мәнін толықтай түсіндіретін және ашатын формула;

- өнертабыс мәнін түсіндіруге қажетті өзге де сызбалар мен материалдар;

- реферат;

- мемлекеттік баждың төленгенін растайтын немесе оны төлейден босататын құжат.

Патент алу үшін он екі ай ішінде негізі бойынша сараптама жүргізіледі.

Патент органының Патент беру жөніндегі шешімі оның ресми бюллетенінде алты ай ішінде жариялануы тиіс. Онда автордың, патент иемденушінің аты-жөні, өнертабыстың, пайдалы модельдің атауы мен формуласы, өнеркәсіптік үлгінің негізгі белгілері т.б. көрсетіледі.

Өнеркәсіптік үлгіге берілетін патент Патент органына арыз берілген күннен бастап он жыл ішінде әрекет етеді және патент иемденушінің арызы бойынша тағы да бес жыл мерзімге ұзартуға болады.

Пайдалы модельге берілетін патент Патент органына арыз берілген күннен бастап бес жыл мерзімге жарамды және патент иемденушінің арызы бойынша үш жыл мерзімге ұзартуға болады.

Тапсырмалар:

  1. Патенттік құқықтың объектілерін атаңыз және олардың авторлық құқық объектілерінен айырмашылықтары неде?

  2. Патент иеленуші ретінде кім бола алады және оған түсінік беріңіз.

  3. Патент пен алдын ала патент айырмашылықтарын түсіндіріңіз.

Ұсынылатын нормативтік құқықтық актілер мен әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының 16 шілде 1999 жылғы Патент заңы.

  2. Сергеев А.П. Патентное право. М., 1994

  3. Каудыров Т.Е. Гражданско-правовая охрана объектов промышленной собственности. Алматы, 2003

  4. Каудыров Т.Е. Право интеллектуальной собственности. Алматы. 1999

29.4 Селекциялық жетістіктерге құқық (ҚР АК 1006-1012 баптары)

29.4.1 Селекциялық жетістіктердің түсінігі мен оларға қойылатын талаптар

Өсімдік шаруашылығында жасанды жолмен немесе сұрыптау жолымен алынған және оны қолда бар өсімдіктер сорттарынан ерекшелендіретін бір немесе бірнеше шаруашылық белгілері бар өсімдік сорты селекциялық жетістік деп танылады.

Мал шаруашылығында адам жасап шығарған және оны осы түрдегі жануарлардың өзге тұқымдарынан айыруға мүмкіндік беретін генеологиялық құрылымы мен қасиеті бар және бір тұқым ретінде көбейту үшін сан жағынан жеткілікті тұқым, яғни шығу тегі ортақ жануарлардың саны көп тұтас тобы селекциялық жетістік деп танылады.

Өсімдіктердің жаңа сортттарына және жануарлардың жаңа тұқымдарына құқық (селекциялық жетістіктер) патент берілген жағдайда қорғалады. Патент арқылы патент иесінің селекциялық жетістіктерді, оның басымдылығын пайдалануына және селекционердің авторлығына айрықша құқықты куәландырады.

Жаңа, өзгеше, біркелкі және тұрақты селекциялық жетістікке ғана патент беріледі.

Егер, селекциялық жетістіктің тұқымын немесе өзге де материалды, сондай-ақ таңдап алынған сортты, олардың автор немесе құқық қабылдаушысы Қазпатентке өтінім бергенге дейін өзге тұлғаларға сатпаған болса, жаңа деп танылады. Егер тұқым Қазпатентке өтінім бергенге дейін Қазақстан аумағында бір жыл ішінде, басқа мемлекеттер аумағында бір жылдық культура бойынша төрт жыл ішінде, ал көпжылдық культура бойынша алты жыл ішінде сатылмаған болса, жаңа деп танылады.

Сорт пен тұқым жалпыға танымал өсімдіктердің сорттары мен жануарлардың тұқымдарынан өзгеше болуы тиіс. Жалпыға танымалдық сорт немесе тұқымды ресми тіркелімге енгізу, сондай-ақ пайдалану, жариялау арқылы анықталады. Сорт немесе тұқымның өзгешелік белгілері қалпына келтірілетіндей (алғашқы қалпына келетіндей) және нақты түсіндірілетіндей болуы тиіс.

Егер өсімдік сорты немесе жануар тұқымының будандастыру нәтижесіндегі селекциялық белгілері бірдей болып шықса, біркелкі деп танылады.

Егер әр сорт немесе тұқым будандастыру нәтижесінде негізгі белгілері бойынша өзгерместен қалып отырса, тұрақты деп танылады.

Селекциялық жетістікке патент алу үшін Қазпатентке өтінім беріледі. Өтінімді автордың өзі немесе оның құқық қабылдаушысы бере алады. Егер, селекциялық жетістік қызметтік тапсырма немесе еңбек шарттарына сай жасалған болса, онда Қазпатентке өтінімді жұмыс беруші бере алады.

Селекциялық жетістікке бірнеше тұлға қол жеткізген болса, Қазпатентке өтінімді олардың барлығы немесе сенімхат негізінде әрекет ететін ортақ өкіл арқылы береді.

Өсімдіктің жаңа сортына немесе жануардың жаңа тұқымына патент алу үшін өтінім сорт пен тұқымның әрқайсысына рәсімделеді және мына құжаттар болуы қажет:

- патент алу жөніндегі өтінім;

- селекциялық жетістік анкетасы;

- істі сенім білдірілген өкіл жүргізетін болса сенімхат;

- мемлеекттік баждың төленгенін растайтын құжат.

Өтінімді мемлекеттік немесе орыс тілінде беруге болады.

Селекциялық жетістіктің атауы оған ұқсас, қысқа және қолданымдағы ботаникалық және зоологиялық селекциялық жетістіктерден өзгеше болуы тиіс. Селекциялық жетістіктің атауы тек қана сандардан тұрмауы қажет, сондай-ақ шығу тегіне, пәніне, селекционердің тұлғасына қатысты шатастырмауы, сонымен қатар, мораль және адамгершілік қағидаттарына қайшы келмеуі тиіс.

Селекциялық жетістікке патент беру үшін жүргізілетін алдын ала сараптаманың мерзімі екі ай. Осы мерзім ішінде қажетті құжаттардың болуы тексеріледі. Мақұлданған жағдайда өтінімнің көшірмесі мен селекциялық жетістіктің анкетасы мемлекеттік комиссияға жіберіледі. Егер алдын ала сараптама нәтижесінде өтінім талаптарға сай келмейтін болса, оны қараудан бас тарту жөнінде шешім шығарылады. Өтінім беруші екі ай ішінде мұндай шешімді шағым кеңесіне шағымдана алады. Шағым кеңесінің шешімін де алты ай ішінде сотқа шағымдануға болады.

Патент алғанға дейін селекциялық жетістікке уақытша құқықтық қорғау беріледі. Осы уақыт ішінде селекционер жаңа сорт пен жаңа тұқымды ғылыми мақсатта пайдалануға немесе олардың қорын қамтамасыз ету үшін сатуға құқылы.

Селекциялық жетістіктің авторы ретінде оны шығармашылық еңбегімен жасаған адам танылады. Селекциялық жетістікті бірнеше адам жасаған болса, олар тең (серіктес) авторлар болып танылады. Селекциялық жетістікке қатысты олардың құқықтары араларындағы келісімммен анықталады және оларға бір патент беріледі.

Селекциялық жетістіктің авторына ұйымдастырушылық, материалдық немесе техникалық көмек көрсеткен тұлғалар автор болып танылмайды.

Авторлық ажырамас жеке мүліктік емес құқық болып табылады және мерзімі шектеусіз (мерзімсіз) қорғалады. Авторлық Қазпатенттің селекциялық жетістік авторына берген авторлық куәлігімен расталады.

29.4.2 Селекциялық жетістіктер авторларының және пиемденушілердің құқықтары мен міндеттері.

Селекциялық жетістік авторының құқықтары:

  • автор өз есімін селекциялық жетістікке беруге құқылы;

  • автор патент иемденушіден авторлық сыйақы алуға құқылы. Сыйақының мөлшері селекциялық жетістікті пайдалана отырып патент иемденуші алатын жылдық кірістің бес пайызынан кем болмауы тиіс. Егер автор мен патент иемденуші арасында өзгеше қарастырылмаса, авторға сыйақы күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейінгі алты ай ішінде төленуі тиіс. Бірнеше авторға (серіктес авторларға) сыйақы төлеу олардың арасындағы келісіммен анықталады.

Патент иемденушінің құқықтары мен міндеттері:

  • селекциялық жетістікті пайдалануда айрықша құқықа ие;

  • селекциялық жетістікті өсіруге, өндіруге, көбейтуге, қайта шығаруға құқылы;

  • селекциялық жетістікті сату үшін ұсынуға және сатуға құқылы;

  • селекциялық жетістікті импорттауға және экспорттауға құқылы;

  • селекциялық жетістікті сақтауға құқылы;

  • өндірісте пайдаланылатын өсімдіктердің сорттары мен жануарлардың тұқымдарын айналымға енгізуге міндетті;

  • өсімдіктердің сорттары мен жануарлардың тұқымдарын қойылатын талаптарға сай күтіп ұстауға міндетті;

  • патент күшінде болуы үшін оның құнын жыл сайын төлеп отыруға міндетті.

29.4.3 Патенттің қолданылу мерзімі. Өсімдіктердің жаңа сорттарына берілетін патенттің қолданылу мерзімі 25 жыл, жануарлардың жаңа тұқымдарына берілетін патенттің қолданылу мерзімі 30 жыл, жеміс пен жидектерге патенттің қолданылу мерзімі 35 жыл.

Патент иемденушінің өтінімі бойынша патенттің мерзімі Қазпатент тарапынан 10 жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

Тапсырмалар:

  1. Селекциялық жетістіктер өсімдіктер мен жануарлардан басқа салада қолданылуы мүмкін бе?

  2. Өсімдіктің жаңа сорты, жануардың жаңа тұқымы дегенді қалай түсінесіз?

  3. Селекция негізде алынған өсімдіктің жаңа сорты немесе жануардың жаңа тұқымы жетістік екені қалай анықталады?

Ұсынылатын нормативтік құқықтық актілер мен әдебиеттер:

1. Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы 13 шілде 1999 жылғы ҚР заңы.

2. Каудыров Т.Е. Право интеллектуальной собственности. Алматы. 1999

29.5 Интегралды микротәсім топологиясына құқықтар. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы (ҚР АК 1013-1019, 126, 966 баптары)

29.5.1 Интегралды микротәсім топологиясына құқықтардың түсінігі, белгісі, тіркеу

Топология (грек тіліндегі «тopos – орын, жер және «logos» - ғылым» дегенді білдіреді) дегеніміз – геометриялық фигуралардың жалпы қасиеттерін (фигуралардың кез келген тоқтаусыз қозғалыстарында өзгермейтін қасиеттер) зерттейтін математика тарауы.

Автордың шығармашылық қызметі нәтижесінде жасалып, материалдық көздерде көрсетілген интегралды микротәсімдер мен олардың арасындағы байланыстардың элементтері жиынтығының кеңістік-геометриялық орналасуы интегралды микротәсімның түпнұсқалық топологиясы деп танылады.

Құқықтық қорғау топологияда іске асуы мүмкін идеяларға, әдістерге, жүйелерге, технологияға немесе кодтандырылған ақпаратқа қолданылмайды.

Топологияның материалдық көзі (тасушысы) болып интегралды микротәсімнің кристалдары табылады, яғни жартылай өткізгіш пластина бөлігі, онда орналасқан жартылай өткізгіш микротәсімдер, элементаралық байланыстар және байланыстырушы алаңшалар.

Құқықтық қорғау берілетін топологияның жалғыз және негізгі белгісі болып түпнұсқалығы табылады. «Интеллектуалдық меншік туралы» 1989 жылғы Вашингтон келісіміне сай құқықтық қорғау түпнұсқалық топологияға ғана беріледі. Интегралды микротәсім топологиясының авторы немесе өзге де құқық иемденушісі өкілетті мемлекеттік органға өтінім беру арқылы топологияны тіркеуге құқылы. Топологияны алғашқы пайдаланған күннен бастап екі жылдан аспайтын мерзім ішінде өтінімді тіркеуге беруге болады. Тіркеудің мақсаты топологияның құқық иемденушісінің құқықтарын тану және қорғау бойынша жеңілдік жағдайларын жасау болып табылады. Топологияға немесе топологияны қамтитын өнімдерге құқықтық қорғауды жүзеге асыру мақсатында «Т» әрпі қойылып, дайындалған күні көрсетілуі мүмкін.

Интегралды микротәсім топологиясы құқықтарының субъектілері ретінде интегралды микротәсім топологиясын шығармашылық еңбегімен жасаған авторлар; авторлардың мұрагерлері; заң немесе шарт негізіндегі өзге де тұлғалар. Заңды тұлғалар автор емес, тек құқықты пайдаланушы бола алады. Заңнама немесе шартпен өзгеше көзделмесе, авторлар топологияны пайдалануда, таратуда, қолдануда және авторлық сыйақы алуда айрықша құқыққа ие.

29.5.2 Интегралды микротәсім топологиясына құқықтардың субъектілері, оларды қорғау. Құқық иемденуші азаматтық-құқықтық шарттар негізінде өзге тұлғаларға мүліктік құқықтарын толықтай немесе ішінара беруге құқылы. Мұндай шарттардың елеулі ережелері болып топологияны пайдалану көлемі мен әдістері; сыйақы мөлшері мен төлеу тәртібі; шарттың әрекет ету мерзімі табылады. Топологияны пайдалануға айрықша құқық топология тіркелген күннен бастап он жыл бойы күшінде болады. Топологияға құқықтарды қорғау тәсілдері құқықты тану; бұзылған құқықты қалпына келтіру; құқықты бұзатын әрекеттерге тыйым салу; келтірілген шығынды және алынбаған пайданы өтеу.

29.5.3 Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау

Талаптары бойынша техникалық, ұйымдық немесе коммерциялық ақпаратты, оның ішінде үшінші тұлғаларға белгісіз (ашылмаған ақпарат) өндірістік құпияларды (ноу-хау) заңды түрде иеленетін тұлғаның үшінші жаққа белгісіз болуына байланысты ақпараттың нақты немесе потенциалды коммерциялық құны болып, онымен заңды негізде еркін танысуға болмайтын және ақпаратты иеленуші оның құпиялылығын сақтауға шара қолданатын ретте, осы ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғауға құқығы бар.

Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы осы ақпаратқа қатысты қандай да болсын шарттылықты орындауға (оны тіркеу, куәлік алу және т.б.) қарамастан туындайды.

Ашылмаған ақпаратты қорғау туралы ережелер, заң актілеріне сәйкес қызметтік немесе коммерциялық құпия бола алмайтын мәліметтерге (заңды тұлғалар туралы мәліметтер, мүлікке құқықтар және олармен мәмілелер туралы мәліметтер, мемлекеттік статистикалық есеп беру ретінде ұсынылуға жататын мәліметтер және басқалары) қолданылмайды.

Ашылмаған ақпаратты заңсыз негізде алған немесе таратқан не оны пайдаланушы тұлға осы ақпаратқа заңды түрде иелік етушіге оны заңсыз пайдаланудан келтірілген залалдарды өтеуге міндетті.

Ашылмаған ақпаратқа заңды иелік етуші тұлға оны кім заңсыз пайдаланса, содан оның пайдаланылуын дереу тоқтатуды талап етуге құқылы. Алайда сот ашылмаған ақпаратты адал ниетті алушының оны пайдалануға жұмсаған қаражатын ескере отырып, оны айрықша тегін лицензия талаптарымен одан әрі пайдалануға рұқсат беруі мүмкін.

Ашылмаған ақпараттың мазмұнын құрайтын мәліметтерді өз бетінше және заңды түрде алған тұлға бұл мәліметтерді тиісті ашылмаған ақпарат иесінің құқықтарына қарамастан пайдалануға құқылы және мұндай пайдалану үшін оның алдында жауап бермейді.

Ашылмаған ақпаратқа иелік етуші тұлға осы ақапараттың мазмұнын құрайтын мәліметтердің бәрін немесе оның бір бөлігін лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға бере алады.

Тапсырмалар:

  1. Интегралды микротәсім топологиясына мысалдар келтіріңіз.

  2. Ашылмаған ақпараттың белгілерін атаңызы.

  3. Ашылмаған ақпаратты заңсыз иеленуден қорғау тәсілдерін түсіндіріңіз.

Ұсынылатын нормативтік құқықтық актілер мен әдебиеттер:

1. Интегралды микротәсім топологиясын құқықтық қорғау

туралы 29 қаңтар 2001 жылғы Қазақстан Республикасының заңы.

2. Каудыров Т.Е. Право интеллектуальной собственности.

Алматы. 1999

30 – тарау. Азаматтық айналымға, тауарларға және қызмет көрсетулерге қатысушыларды дараландыру құралдары (ҚР АК 38, 1020-1037 баптары)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]