Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
экс.текс на каз 2012.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
23.09.2019
Размер:
2.45 Mб
Скачать

№3.4 Тәуелсіздік монументі

Тәуелсіздік монументі – сәулет және мүсін өнері ескерткіші. 1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуы құрметіне биік ескерткіш түрінде тұрғызылған. Монумент құрылысының авторлары: архитектор Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі), мүсіншілері Н.Далбай, Ә.Жұмабаев, сәулетшілері Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев, т.б. Бас конструкторы С.П.Қаламқаров. Тәуелсіздік монументі сол жылы 16 желтоқсанда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Түркия президенті С.Демирель қатысты. Тәуелсіздік монументінің ортасында композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тас орналасты. Оның биіктігі 28 метрге жетеді. Көк аспанға қарай шаншыла бой көтерген орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген, әрі оған Қазақстанның елтаңбасы ойылып түсірілген. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағындағы сауыт, бұзар алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай мығым бітім-тұлғасы (биіктігі – 6 м, ал салмағы – 4 т) орналасқан. Ол – ХХ ғасырдың соңына қарай ұлттық сәулет өнері тарихында өз орны бар мүсіндік және сәулетшілік ой шығармашылығы тоғыстығынан туған озық архитектор жәдігерлерінің біріне айналды.

3.5 РЕСПУБЛИКА САРАЙЫ

Бұл ғимарат 1970 жылы Абай даңғылының қиылысында, яғни Абай даңғылын тұйықтай салынған. Оның төңірегіне ірі ғимараттар шоғырланып, Абай алаңы архитектуралық ансамблін құрады. Ғимарат архитекторлары: В.Ю.Алле, В.Н.Ким, Ю.Г.Ратушный, Н.И.Рипинский, Л.Л.Ухоботов. Оның көлемдік композиция құрылымы 8 темір-бетон тірекке иек артқан алып қайқы шатырдан (ауданы 10 мың шар.шақ) және астыңғы шаршы бөлігінен тұрады. Республика сарайында 3 мың орындық көрермен залы орналасқан. Сахнасы және залы күрделі инженерлік тетіктермен жабдықталған қабырғаларының төбемен ұласар жері ашық қалдырылғандықтан, шатыр еңсесі көкте қалқып тұрғандай әсер береді. Еңселі фойе төбесіне орнатылған ақшанқан люстра ғимарат интерьерін көріктендіре түседі. Ғимарат астынан ағып өтетін табиғи өзен суы ауаны тазартып тұратын қосымша желдеткішке айналған. Республика сарайында халықаралық симпозиумдар, салтанатты маңызды жиындар, сонымен қатар көпшілікке арналған ойын-сауықтар (айтыс, концерт, байқау т.б.) өтеді.

3.6 «ҚАЗАҚСТАН» ҚОНАҚ ҮЙІ

«Қазақстан» қонақүйі – Алматы қаласының орталығында орналасқан республикалық дәрежедегі жоғары «А» класты қонақ үйі. Архитекторлары – Ю.Г.Ратушный, Л.Л.Ухоботов. Инженері – А.Ш.Тәтіғұлов. «Қазақстан» қонақ үйі Абай атындағы алаңдағы қоғамдық ғимараттар ансамблінің құрамына кіреді. Қонақ үйде 953 орынды 482 қонақ жай бар. Заңғар тұрғын корпустан және 2 қабатты қоғамдық қызмет көрсету жайларынан құралған. Бірінші қабатында қонақтарды тіркеу, ресторан, техникалық және тұрмыстық қызмет көрсету бөлмелері; екінші қабатында почта, телеграф, жинақ кассасы; ең жоғарғы қабатта тау мен қала келбеті айқын көрінетін кафе орналасқан. Ғимараттың қасбеті мен интерьері алюминий, гранит, коврал, мәрмәр, ұлутас т.б. құрылыс матералдарымен нақышталған. Жыл сайын 266 мың адам қабылдайды.

3.7 «АРМАН» КИНОТЕАТРЫ

«Арман» кинотеатры – қос залды, кең экранды кинотеатр. Кинотеатр ғимараты 1968 жылы салынды. Кинотеатрдың қызыл 1550 орынды және көгілдір 1450 орынды залы бар. Көгілдір залында стереоскопты фильмдер көрсетіледі. Арман ғимаратының жалпы жобасы тік бұрышты параллепипед іспетті. Ортасында ашық ауласы бар. Қасбеті мен оң жағы баралеппен әсемделген. «Арман» кинотеатрының құрлысын жүргізгенде жер ыңғайы ұтымды пайдаланылған. Ғимарат вестибюлі мен фойесінің ашық аулаға қарауы, фойедегі хауыздар мен гүлзарлардың микроклимат тудыруы әрі оның ғимарат интерьерін көркейте түсуге әсер етуі «Арман» ғимаратының елеулі жетістігі болып табылады.

3.8 АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ

Абай ескерткіші 1960 жылы Абай атындағы алаңда қойылған. Ескерткіштің ашылу салтанатына Д.А.Қонаев, М.О.Әуезов қатысып сөз сөйледі. Авторлары – Х.Е.Наурызбаев, архитекторы – И.И.Белоцерковский. Ескерткіштің тұтас биіктігі – 13,7 метр. Мүсін қоладан құйылған. Трапеция формалары тұғыры қызыл граниттен қаланған. Мүсіннің кескін келбеті байыпты да байсалды. Бүйіріне тақау ұстаған сол қолында кітап, оң қолы желбегей жамылған шапаны, мүсін алға-келешекке қарай жүріп келе жатқан қалпында құйыла салғандай әсер тудырады. Қазақтың белгілі ақындары Абай ескерткішіне көптеген өлең-жырларын арнаған. Абай Құнанбаев 1845 жылы Қарқаралы округінде, Шыңғыстау бөктерінің Қасқабұлақ қойнауында дүниеге келген. Ол – ұлы ағартушы, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, өз халқының келешегін тереңнен ойлап, мың толғанған, жан-жүрегімен езіле жырлаған ақын.

3.9 ТЕЛЕДИДАР МҰНАРАСЫ

Теледидар мұнарасы радио-теледидар хабарларының станция кешені. 1975-1984 жылы Алматы қаласы маңындағы теңіз деңгейінен 1000 метр биікте, Көктөбе беткейіне қарай тұрғызылған. Архитекторлары – Н.Г.Терзиев, А.Н.Савченко. Мұнараның биіктігі - 372 метр, онда екі жүрдек көтергіш механизм жұмыс істейді. Темір-құйматасты іргетасы биіктігі 20 метр үш қабатты секциялы подвалдан және биіктігі 12 метр екі қабатты техникалық үйден тұратын біртұтас қорапты құрылым. Діңгегінің металл бөлігі 18,5 метр профильді анодталған алюминий панельдермен қапталып, кейбір тұстары шыны витражбен бөлінген. 146 метр биікте қала көркін тамашалауға арналған алаң бар. 252 метр биіктікте антенналық-фидерлік жүйелерді техникалық қадағалау қызметінің бөлімі орналасқан. Мұнара биіктігі 114 метр секциялы металл антенна этажеркасымен бітеді. Әр секцияда теледидар мен радио хабарын таратуға арналған антенналар бар. Ол антенналар арқылы телехабар және радиохабар толқындары таратылады. Техникалық қызметке арналған үйдің бірінші қабатында телерадио хабар станциясы, байланыс аппараттары мен гидроқызметті қадағалайтын басқару құралдарымен жабдықталған кабинеттер бар.

3.10 ПРЕЗИДЕНТ РЕЗИДЕНЦИЯСЫ

Президент резиденциясы қарлы Алатаудың шыңы көрініп тұратын ашық алаңда орналасқан. Бұл ғимарат 1995 жылы салынған. Жобаның бас архитекторлары – К.Ж.Монтахаев, С.К.Баймағанбетов, О.Е.Цой, жобаның бас конструкторы – Т.Ш.Алпысбаев, дизайнері – Де Шанель. Мердігері – Францияның «Бунг» фирмасы.

3.11 АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІ

Қазақстанның ең ірі мешіттерінің бірі, 7 мың адамға есептелген. Сәулетшілері – С.К.Баймағамбетов пен А.Шарапиев. Мешіттің диаметрі – 20 м, биіктігі – 36 м көгілдір күмбез көмкеріп тұр. 1890 жылдан бері жұмыс істеп тұрған ескі мешіттің орнына салынған.  Мешіттің іргетасы 1993 жылы құйылғанымен, құрылыс 1999 жылы ғана бітті. 2000 жылы үлкен күмбез Құран аяттарымен безендірілді, ол түрік шеберлерінің каллиграфиялық шеберлігімен орындалды, дыбыс күшейткіш құрал қойылды. Бүкіл бірінші қабатқа түбегейлі жөндеу жұмысы жүргізілді, қуатты кондиционер орнатылды, бас имам мен бухгалтердің бөлмелері қазіргі заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Құран оқитын бөлмедегі орындықтар бағалы ағаштан жасалған орындықтармен алмастырылып, 1700 м² көгалды алаң жасалды.

3.12 ӘУЛИЕ-ВОЗНЕСЕНСК КАФЕДРАЛДЫҚ СОБОРЫ

Әулие-Вознесенск кафедралды соборы 1899 жылы Тянь-Шань шыршасынан бірде-бір шегесіз (қыстырғышпен бекіту ерекше технологиясымен) салынған. 3 жыл ішінде салынды. Сәулетші – Андрей Зенков сол заман ғылымының соңғы жетістіктерін қолданған: ағаш ғимараттың іргесін нығайту үшін цемент, темір қолданып, қорғаныс жер асты шұңқырларын қазды. 1908 жылы күшті лай көшкіні болып, барлық Верный қирады, бірақ осы шіркеу үйі аман қалды. Кеңес үкіметі жылдары православиені кудалаған заманда, шіркеу мұражайға айналды. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1995 жылы Әулие-Вознесенский соборы орыс православ шіркеуіне қайтарылды. Қазір кафедралды соборға республиканың орталық мұражайы орналасқан. 2001 жылы шіркеудің қоңыраулар орналасқан орынға бас қоңырау – благовест – жүз пудтық «Пимен» қойылды. Алғашқы благовесттің салмағы 250 пуд болған. Оны 1929 жылы большевиктер құлатқан. Осы күнге дейін оның қайда екені әлі жұмбақ болып отыр. Трагедиялық оқиғаның куәгері болған ақсақалдардың айтуы бойынша, оны көміп тастаған, ал қай жерге көмгені –белгісіз. Қоңырау қазіргі шіркеу тұрған жерде, яғни 28 панфиловшылар паркінде немесе қала маңында болуы мүмкін деген сыбыс бар.

3.13 ТЕМІР ЖОЛ ВОКЗАЛЫ

«Алматы-1» темір жол вокзалы 1929 жылы салынды. Осы жерге республика үкіметінің поезды келген, сол кезден бастап Алматы Қазақстанның астанасы болды. Аталған вокзалдан Ұлы Отан соғысы жылдарында 316, 38 атқыштар дивизиялары аттандырылды. ХХ ғасырдың 70 жылдарында вокзал ірі темір жол торабына айналды. Алматы-1 транзиттік вокзал. Ол Орталық Азиямен Ресейдің Сібір облыстарын байланыстырады.

3.14 28 ГВАРДИЯЛЫҚ-ПАНФИЛОВШЫЛАР ПАРКІ

28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақ қаланың қақ жүрегінде орналасқан. Саябақ Даңқ мемориалымен, Жадтар саябауымен және Мәңгі алауымен танымал. Ұлы ерлiк және даңқтың мемориалы, кеңес халқы жеңiсiне 30 жыл толу мерейі қарсаңына, 1975 жылдың 8 мамырында, ҰОС-да отанымыздың тәуелсіздігін, бостандығын, абыройын қорғағандарға арнап құрылған. Мемориал бiр-бiрін толықтыратын үш композициялардан тұрады. Бірінші бөлігі – ант горельефі – Қазақстанда Кеңес өкiметiн орнатуға күшін салған балғын күрескерлерге арналған. Триптихтың орталық бөлігі – «Ерлік» - 1941 жылдың қараша айында Мәскеу маңында Кеңес халқының батырлық ерлігінің интернационалды мінезін сипаттайтын орыс, қазақ, украин панфиловшылар-қаһармандарының мүсінін көрсетеді. Үшінші бөлігі – мемориалға оптимистік келбет беретін «Даңқтың дауылпаздар» композициясы, ол салтанатты өмірдің мүсінін бейнелейді. Жад саябауын бойлай 1941 жылдың қысында, Мәскеу қаласы үшін неміс танкттерімен теңсіз күрескен 316 атқыш дивизиясы 1075 полкінің 28 жауынгерлердің аттары кескінделген ескерткіштер орнатылған.

3.15 А.С.ПУШКИННІҢ ЕСКЕРТКІШІ

Орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкинге (1799-1837 жж.) Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиясының саябағының аумағында 1999 жылы ескерткіш орнатылды. А.С.Пушкиннің мүсіні қоладан құйылған. Мүсінші әлемдік классиканың алтын қорына кірген, аса құнды көрнекті шығармалар жазып, артына өлмес мұра қалдырған, ұлы туындыгердің сыпайылығы мен жанының нәзіктігін, көркемдігін ескерткіш арқылы оқырмандарына жеткізе білген. Іле Алатауының баурайында орналасқан әсем де әдемі сұлу Алматы қаласының қазіргі заманға сай абаттандырылған, кең аллеяға барып тірелетін орталық көшелерінің біріне А.С.Пушкиннің есімі берілген.

3.16 ЖЕЛТОҚСАН

Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай Алматы қаласының Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысында орналасқан «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің ашылу рәсіміне келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Жастарды алаңға шығуға итермелеген желтоқсандағы оқиға Қазақстан тәуелсіздігінің жаршысы болды. Бұл оқиғаға ұлтшылдық сипат беруге талпыныстар жасалып, ұлтаралық қақтығыс деп түсіндіру пиғылдары да болды. Мүлдем олай болмағанын тарихтың өзі көрсетіп берді. Жастар бар болғаны әділеттілікті, теңдікті, тәуелсіздікті қалады. 1986 жылдың желтоқсанында болған оқиға Кавказ бен Балтық жағалауы елдеріндегі ұлттық қозғалыстардың өршуіне жол ашты», - деді. «Тәуелсіздік таңы» ескерткішін тұрғызуға 176 278 мың теңге жұмсалған.

3.17 М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫ

1961 жылы М.Әуезовтың аты берілді. Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен тұңғыш театр шымылдығы ашылды. Алғашқы құрылған жылдары театр құрамында көркемөнерпаздық пен халық шығармашылығының танымал шеберлері — И.Байзаков, Ә.Қашаубаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков, Қ.Бадыров, Қ.Мұңайтпасов, З.Атабаева, Ш.Әлібекова, Ш.Байзакова, М.Шамова, Ж.Шанина ойнады. 1928 жылы Алматы қаласына ауыстырылды. 1937 жылы 27 ақпанда академиялық театр атағын алды. 20 жылдығына орай 1946 жылы Еңбек Қызыл ту орденімен, ал 50 жылдығына байланысты 1976 жылы Халықтар достығы орденімен марапатталды. Театрға 1961 жылы жазушы, драматург М.О.Әуезовтің есімі берілді. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры – Алматыдағы ірі қазақ театрларының бірі. Ол – Абай даңғылында орналасқан.

4 АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Құрылған мерзімі – 1932 жыл.

Жер аумағы – 223,9 мың шар. Шақ.

Халық саны – 2 млн.

Әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы.

Алматы облысы – Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік. Облыс аумағында 16 аудан және 3 облыстық бағыныстағы қала (Қапшағай, Талдықорған, Текелі) бар. Ең ірі өзендері: Іле, Қаратал, Ақсу, Шелек. Алматы облысы батысында Жамбыл, солтүстік-шығысында Шығыс Қазақстан облыстарымен, шығысында Қытай халық Республикасымен, оңтүстігінде Қырғызстан Республикасымен шектеседі.

Алматы облысының жері ежелден сақ, үйсін, қаңлы тайпаларының, Ұлы жүз қазақтарының атамекені болды. Облыстың табиғаты мен жер бедері ала-құла. Балқаш және Алакөлге ұласатын солтүстігі көлбеуленген құмды жазық алқап. Оның басым бөлігін Сарыесік Атырауқұмның, Тауқұмның, Қарақұмның, Қорғанқұмның қырқалы және төбешікті құмды алқаптары алып жатыр. Балқаш маңы жазығының Іле аңғары өтетін атыралық бөлігі көне құрғақ арналармен тілімделген. Солтүстік шығыста Жетісу Алатауы мен Барлық тауының аралығында Жетісу қақпасы орналасқан. Облыстың шығысын Жетісу Алатауының сілемдері толығымен қамтыған. Ол тұста Жетісу Алатауының ең биік тауы – Бесбасқан орналасқан.

Алматы облысының климаты, негізінен, континенттік. Қысы – қоңыржай, салқын. Өзендері Балқаш пен Алакөлдің тұйық алабында жатыр. Жер беті ағын суына тапшы келеді. Олар қар, мұздық суларымен толысады. Іле, Қаратал, Ақсу, Шелек ірі өзендері және шағын Шарын, Лепсі, Тентек, Жаманты, Ырғайты, Шілікті, Түрген, Есік, Бүйен деген өзендері бар. Ірі көлдері: Балқаш, Алакөл, Жалаңашкөл, Сасықкөл, Ұялы, Қошқаркөл. Іле өзенің бойында Қапшағай бөгені және СЭС-і салынған.

4.1 ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ МАЗАРЫ

Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында 1947 жылы салынған. Жамбыл Жабайұлы 1846 жылы Алматы облысының Жамбыл тауының атырабында дүниеге келді. Өзінің туған күні туралы:

Қақаған қар аралас, соғып боран,

Ел үрей, көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым сонан, - деп жырлайды толғауында.

Жамбыл жастайынан еңбекші бұқараның мұңын мұңдады, жырын жырлады, бай-манаптарды, дін иелерін өзінің отты өлеңдерімен әшкерелеп отырды. Бұған «Шалтабайға», «Қалиға», «Әкеме» т.б. өлеңдері дәлел.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Жамбыл – біздің ұлы заманамыздың жоғары сапалы, көркем саяси поэзиясын жасаушы» деп бағалаған.

Ол – қазақ батырларының ерлігін жырлайтын дастандарды көп білетін. Сонымен бірге, өзі жиі барып, сыйлы қонағы болатын қырғыз ақындарымен де айтысып, олардың құрметіне бөленіп жүрді. Қырғыздың өлеңшілері мен манасшылары Қалық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағынбек шығармаларын да жақсы білген. Жамбыл бір отырғанда домбырамен «Көрұғлы» дастанын бірнеше күн қатарынан, сол сияқты «Шахнаменің», «Мың бір түннің» үзінділерін бірнеше сағат бойы жырлаудан жалықпаған жыршы.

Кейін, тоқсаннан асқан Жамбыл бастаған көшке – Шашубай, Нүрпейіс, Кенен, Нартай, Орынбай, Омар, Доскен, Қалқа, Қуат, Үмбетәлі, Нұржан, Саяділ сынды тарландар ерді. Олар халық ауыз әдебиетін жаңаша дамытты. Олардың ішіндегі ең жарқын үлгісі, жасампазы – Жамбыл болды. Сан ғасырға тамыр жайған халық ауыз әдебиетінің алыбы.

Міне, даңқты Жамбылдың да дүние салғанына жарты ғасыр өтіпті. Содан бері ұрпақ оның ұлы есімін жадында сақтап, өлең-жырларын жаттап өсіп келеді. Жамбылдың ән-жыры әр қазақтың жүрегінде, өйткені ұлы ақын – өз халқының алып мәуелі бәйтерегінің бір бұтағы.

4.2 НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ ЕСКЕРТКІШІ

Ескерткіш 1999 жылы салынған. Архитекторы – С.А.Фазылов, скульпторы – Е.А.Сергебаев. Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы 1925 жылы Алматы облысы Іле ауданы Шілкемер ауылында дүниеге келген. Тілендіұлы Нұрғиса – қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дирижер, домбырашысы. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваториясының дирижерлік факультетін бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген “Отырар сазы” халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды. Сондай-ақ, 1968 жылдан “Қазақфильм” киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның халық әртісі. Қазақстан Республика Президентінің жарлығымен Н.Тілендіұлына 1999 жылы “Халық Қаһарманы” атағы берілді. Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет т.б.

Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал-серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Еркін төгілген әсем әуен, сымбатты ырғақ, нәзік лиризм – Н.А.Тілендіұлы шығармаларына тән қасиет.

4.3 УӘЛИБАЙ МЕШІТІ

Уәлибай мешіті Орта Азия сәулет өнері үлгісімен тұрғызылған ескерткіш. 1892-1895 жылдары Қытай сәулетшісі Хон Пик Жаркент қаласында салған. Құрылыс композициясының кіндігі – ортадан салынған мешіт құрылысы. Қасбеті шығысқа қараған, ауданы – 28х54 метр, биіктігі – 14,5 метр, мұнарасының биіктігі – 19 метр. Мешіт 52 бағана тізбегімен айналдыра қоршалған. Антаблементі ағашқа түсірген әсем оймышпен нақышталған. Тянь-Шань шыршасынан дайындалған бұл бағаналардың құрылыс қаңқасын құруда, әрі әсемдік көрік беруде мәні зор. Бағаналарды құрастыруда шеге қолданылмаған, қиып, қашап қиюластырған. Интерьері әсем оймыш, нәзік өрнектермен безендірілген. Мешіт қабырғасы да шебер қиюластырылған бағаналардан құралған, төбесі қаңылтырмен жабылған.