Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 130217 / local / Илтимас.docx
Скачиваний:
4
Добавлен:
12.12.2017
Размер:
74.33 Кб
Скачать

Ежелгі Грекиядағы саяси ілімнің негізгі жетістіктері

Ежелгі Грек елінде жеке және тәуелсіз полистер формасы түрінде бірнеше қала-мемлекеттер болды. Алғашқы қауымдық құрылыстан қоғамдық өмірдің ерте мемлекеттік және қоғамдық формасына көшу халықтың әлеуметтік жіктелу процесін одан әрі күшейтіп, ру ақсүйектері мен қайыршыланған қауым мүшелерінің, байлар мен кедейлердің, еріктілер мен құлдардың арасындағы күресті шиеленістіре түсті. Осындай жағдайда ежелгі грек полистерінде басқару формасының өздері жақтаған түрін орнату жолында әртүрлі әлеуметтік топтар арасында аяусыз күрес жүрді. Ол кездегі басқару формасының негізгі түрлері  мынадай еді: аристократия (ескі немесе жаңа ақсүйектер тобы), олигархия (байлар мен дәулеттілер тобы) және демократия (халық билігі).Осындай күрес нәтижесінде б.з.б. VI-V ғасырларда әртүрлі полистерде басқарудың өзіндік формалары пайда болып, одан әрі дамыды. Афиныда демократия, Фивыда олигархия, Спарта мемлекетінде аристократия пайда болды. Осы процесс Ежелгі Грекияның саяси ілімдерінде көрініс тапты.    Ежелгі грек полистерінде саяси көзқарастың пайда болуы мен дамуында үш кезең айқын байқалады. Ерте кезең (б.з.б. IX-VI ғ.ғ.) ежелгі грек мемлекеттілігінің пайда болуына сәйкес келеді. Бұл кезеңде саяси-құқықтық көзқараста рационалдандыру (Гомер, Гесиод, атақты «жеті данышпан») байқалады және мемлекет пен құқық проблемаларына философиялық тұрғыдан қарау (Пифагор, Гераклит) қалыптасады. Екінші кезең (б.з.б. V және IV ғасырдың бірінші жартысы) ежелгі  грек философиясы мен саяси-құқықтық ойларының гүлденген кезеңі (Демокрит, софистер, Платон, Арситотель және т.б.). Үшінші кезең (б.з.б. IV ғасырдың екінші жартысы мен ІІ ғасырлары) эллинизм кезеңі, ежелгі грек мемлекеттігінің құлдырауы, грек полистерінің алғашқыда Македония, кейіннен Рим билігіне көшуі (Эпикур, стоиктер, Полибий және т.б.). Адамдардың еріктілерге және құлдарға бөліну жағдайында қалыптасқан антикалық саяси ой еркіндігі идеологиясы ретінде бекіді және дамыды. Бостандық – басты құндылық, ежелгі гректік саяси-теориялық ілімінің негізгі мәселесі және мақсаты болды. Бірақ бұл жалпыға бірдей бостандық емес, шектелген бостандық еді. Құлдар бостандық мәселесінде есепке алынбады, олар туралы сөз де болмады.Грекиядағы құлдық демократия азаматтардың қоғамдағы алатын орнын олардың шығу тегіне қарап емес, мүліктік жағдайларымен байланыстырды. Бұл жағдай ақыл-ой еңбегімен айналысатын адамдардың бөлініп шығуына әкелді. Құл еңбегі олардың ғылыммен, біліммен, ағартушылықпен және өнермен кәсіби тұрғыда шұғылдануына мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде таза зиялылар мен ойшылдар қауымы пайда болып, саяси-құқықтық және әлеуметтік философиялық жаңа көзқарастардың қоғамдық пікірі мен санасы қалыптасты. Б.з.д. VI-V ғасырларда Пифагор, Архит, Филолай, Гераклит жəне тағы басқалар қоғамдық жəне саяси-құқықтық тəртiптердi философиялық негiзде қайта құру қажеттiгi туралы идеялар ұсынды. Олар демократияны сынай отырып, ақыл жəне адамгершiлiк элитасының ″ озықтары″ билiгi - аристократиялық идеалды жақтады. Самос аралында туып өскен Пифагор Поликрат тиранның билiгiнен кейiн туған жерiн тастап, Египетте, Вавилонда, Үндiстанда болып, ең соңында ″ Ұлы Элладаның″ Критон қаласында өмiр кешедi. Ол осы қалада, кейiннен басқа да полистерде өзiнiң мектебiн ашады. Оның iлiмi негiзiнде пайда болған пифагоршылдық гетерийлер рухы жөнiнен аристократиялық құпия философиялық- саяси одақтар Грекияның көп бөлiгi мен Оңтүстiк Италияда үлкен ықпалға ие болады. Пифагоршылардың дүниетанымдық көзқарастарында олардың сандар туралы iлiмi елеулi роль атқарды. Бұл iлiмi бойынша, сандар – барлық заттардың жəне əлемнiң негiзi. Сандарды əлемдiк үйлесiмдiлiктiң бейнесi етiп қарастырған олар саяси-құқықтық құбылыстардың сандық /математикалық/ сипатын анықтауға тырысты, ″ теңдiк″ ұғымының теориялық негiзiн ашуға ұмтылды. Олардың айтуы бойынша, ″ əдiлдiк дегенiмiз тепе-теңдiк болып табылады″ . Яғни олар адамдар арасындағы теңдiктi математикалық тəсiлмен түсiндiредi. Философтардың iшiнде бiрiншi болып сан категориясын жан-жақты қарастырған Пифагор iлiмi Платон жəне тағы басқалардың шығармашылығында одан əрi дамытылды.Б.з.д. V ғасырда саяси-құқықтық ойлардың дамуына қоғам, мемлекет, саясат жəне құқық туралы проблемаларға философиялық жəне əлеуметтiк талдаулардың тереңдеуi едəуiр ықпал еттi. Гректiң ұлы ойшылы Демокрит б.з.д. IV ғасырдың бiрiншi жартысының алғашқы жылдарында адамның, адам қауымдастығының жəне қоғамның пайда болуы мен тұрақтануын əлемдiк дамудың табиғи процесiндегi бiр бөлшек ретiнде қарастыруға талпынды. Дамудың осы процесi барысында адамдар қажеттiлiк əсерiнен, табиғат пен оның ерекшелiктерiне бақылау жасай отырып қоғамдық өмiрге қажеттi негiзгi бiлiм мен қабiлеттi қалыптастырды. Адамзат қоғамы табиғаттың алғашқы жағдайынан прогрессивтi өзгерiске дейiн ұзақ эволюциялық жолдан өттi. Яғни қоғам, мемлекет, заң шығару, билiк табиғаттың берген дайын нəтижесi емес, адамдардың қолдан жасалған iс-əрекетi болып табылады. Табиғи дамуға өзiндiк баға берген Демокриттiң айтуынша, табиғатқа қайшы келгендердiң бəрi əдiл болып табылмайды. Оның ойынша, мемлекетте жалпы игiлiк пен əдiлдiк жоғары тұруы тиiс. Сондықтан да ол адамдардың iс- əрекетi мемлекет жəне оның жақсы ұйымдасқан құрылымы мен басқаруына қамқорлық жасауға бағытталуға тиiс деп санайды. Мемлекеттiк билiктi сақтау үшiн Демокрит азаматтардың бiрлiгiн, олардың өзара сыйластығын, бiр-бiрiне көмектесуiн, бiрлесiп қорғануын жəне бауырмалдықты талап етедi. Азамат соғысы жауласушы жақтардың қайсысына болса да қасiрет болып саналады. Мемлекеттiк басқаруда халық билiгi – демократияны жақтаған Демокрит сонымен бiрге аристократияның пайдалы жақтары бар екендiгiн айтады. Оның пайымдауынша, ″ Ақымақтардың ел басқарғанынан бағынғаны артық. Табиғатты да үздiктер мен саналылардың басқаратыны мəлiм, сондықтан да жоғары ақыл мен адамгершiлiк қасиеттерi бар адамдардың билiгi дұрыс болып табылады″ . Демокриттiң айтуы бойынша, заңдар адамдардың қоғамдағы қалыпты өмiрiн қамтамасыз етуге жəне сондай нəтижеге жетуге қажеттi жағдай жасауы тиiс. Саяси-құқықтық тақырыпты көпшiлiк назарына талқылауға ұсыну б.з.д. V ғасырда антикалық демократияның нығаю жəне гүлдену жағдайындағы софистердiң атымен тығыз байланысты - ″ Софист″ атауы ″ софос″ (″ данышпан″ ) деген сөзден шыққан. Софистер өз заманында данышпандықтың жəне мемлекет пен құқық мəселелерi жөнiндегi ақылы жұмыс iстейтiн мұғалiмдер болды. Белгiлi бiр тақырыптар бойынша сөз сайысын өткiзген софистер сөздiң дəлдiгi мен сөйлеу шешендiгi арқылы жеңiске жетуге тырысты. Олардың көпшiлiгi философия, логика, этика, риторика, саясат жəне құқық салалары бойынша өз дəуiрiнiң ұлы ағартушылары мен ойшылдары едi. Софистер қандай да бiр бiрыңғай мектеп бола алған жоқ, олар əртүрлi философиялық, саяси жəне құқықтық көзқарастарды дамытты. Ежелгi грек мемлекеттiлiгiнiң дағдарысқа ұшырауы, грек полистерiнiң Македонияға, одан кейiн Рим үстемдiгiне бағынышты болуы (б.з.д. IV ғасырдың екiншi жартысынан б.з.д. II ғасырына дейiн) эллиндiк кезеңдегi мемлекет жəне құқық туралы iлiмде өз iзiн қалдырды. Александр Македонскийдiң əскери жорықтарынан Жерорта теңiзi жағалауы мен Шығыстағы эллиндiк кезең басталады. Б.з.д. II ғасырдың ортасына таман ұлы қолбасшы құрған Македония империясы ыдырап, кiшiгiрiм патшалықтарға (Сирия, Египет, Греция, Кiшi Азия т.б.) бөлiнiп кеттi, ал Македонияның өзi б.з.д. II ғасырда Рим империясының отарына айналды. Антик замандағы бұл саяси өзгерiстер сол кезеңдегi саяси жəне философиялық ойлар мен идеялардың мəнi мен мазмұнына ықпал еттi. Ежелгi Шығыстың дүниетанымдық, аса зор рухани байлығы да эллиндiк мəдениетке əсер етпей қоймады. Бұл кезеңдегi саяси-құқықтық ойлар стоиктер мен Эпикурдың, Полибийдiң жəне тағы басқалардың iлiмдерiнде көрiнiс тапты. Мемлекеттiлiктiң пайда болуы мен мемлекеттiң басқару формасының алмасуын Полибий ″ табиғат заңдары″ бойынша жүзеге асыратын табиғи процесс деп түсiндiредi. Полибий бойынша, табиғи пайда болу жəне алмасу реттiлiгi жағынан мемлекеттiң негiзгi алты формасы бар. Олар алмасу реттерi бойынша былайша орналасады: патшалық (патша билiгi), тирания, аристократия, олигархия, демократия жəне охлократия. Адамдардың табиғи жəне тарихи қауымдасуын Полибий олардың жануарлар сияқты қорғансыздығы мен əлсiздiгiнен, осыдан келiп тобырға басшылық жасаудың қажеттiлiгiн түсiнуiнен деп ұғындырады. Алғашқы кезде өзiнiң күшiмен жəне батылдығымен тобыр көсемi болғандар бiртiндеп билiктi өз қолдарын алып, бұл билiктi табиғи заңдылық ретiнде пайдаланған. Патшалық билiк бiрте-бiрте мұрагерлiк болып қалыптасады. Патша бұрынғы өмiр салтын өзгертiп, билiгiн асыра пайдалана бастайды. Бағынышты халықтың наразылығы мен патша билiгiн қызғануы, көре алмаушылығы тиранияны туғызады. Тиранияның қатал билiгi мен озбырлығы ержүрек жетекшiлердiң басшылығымен болған күрестiң нəтижесiнде оның күйреуiне жəне аристократияның орнауына алып келедi. Алғашқы кезде жалпы мүдде үшiн қызмет еткен аристократтар билiгi бiртiндеп олигархиямен алмасады. Бұл кезде билiктi терiс пайдалану, заңсыздық, əдiлетсiздiк жəне тойымсыздық кең етек алады. Халықтың олигархияға қарсы нəтижелi күресi демократияны орнатады. Мемлекеттiң демократиялық басқару формасының алғашқы кезеңiнде бостандық пен еркiндiк жоғары бағаланады. Бiрақ басқалар есебiнен өмiр сүруге дағдыланған тобыр өздерiнiң көсемiн сайлап, демократиялық билiктi құлатады жəне мемлекет iсiнен бойын аулақ салады. Демократия охлократияға айналады. Бұл жағдай iзгiлiктi мемлекеттiң ең нашар түрi ретiнде көрiнедi жəне басқару формаларының ең соңғы сатысы болып есептеледi. Мемлекеттiк билiк формаларының ауысуын сипаттай келе, Полибий басқарудың ең тиiмдi формасы ретiнде патшалық билiктiң, аристократияның жəне демократияның ең жақсы тұстарының араласқан формасын ұсынады. Оның басқарудың аралас формасы туралы ойлары мемлекет, құқық жəне билiктi бөлу теориясында одан əрi дамытылды.

Соседние файлы в папке local