- •Астана қаласының әкімдігі
- •Кітаптың мұқабасына берілетін өлең
- •Тәуелсіз қазақстан мұраттарының алаш идеяларымен сабақтастығы
- •«Алаш» идеясы және халықаралық «қазақ тілі» қоғамы
- •Қазақтың дәстүрлі мәдениеті
- •Еуропадағы қазақ диаспорасы және ана тілі мәселесі: кейбір проблемалар мен ұсыныстар
- •Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты!
- •Алаш арыстары және әдебиет
- •Ұлт дамуының жаңа кезеңі және алаш мүддесі
- •Алаш қозғалысының соңғы түйіні – мұстафа шоқай
- •Миллетке бек зор үміт – шәкірт халқы.
- •Алаш тағылымы және қазіргі қазақ руханияты
- •Алаш қайраткерлері және қазіргі тіл мәселесі
- •І.Есенберлин романындағы алаш рухы
- •Пайдаланған әдебиеттер:
- •Алаштың АстанаСы және ұлттық идея
- •Біртұтас алаш идеясы және шығыс түркістан ұлт-азаттық қозғалысы
- •Қырғызстандағы қазақтар
- •Ж.Аймауытұлы – әдебиет сыншысы
- •Пайдаланған әдебиеттер:
- •Ұлттық терминқор қалыптастырудың алаш кезеңі және қазіргі қазақ терминологиясы
- •Алаш мұраты – отандық білім мен ғылымды негіздеуші күш
- •Движение алаш и насущные проблемы казахского общества в начале XX века
- •Батыстағы қазақтың ұлтшыл көсемдері және батыстық елдерде атқарған қызметтері
- •Шет елдерде тұратын қазақтардың ата отанына оралуына тиімді кейбір мәселелер
- •Түркіменстан, Қазақстан – Тәуелсіз
- •Алаш философиясы әлем қазақтары мәдениеті контексінде
- •Халел досмұхамедов және түркітану мәселелері
- •Переводная литература времени алаша (Алаш дәуiрiндегi аударма әдебиет)
- •Қосағаш немесе шүй қазақтары туралы
- •Алаш идеясы – қазақ идеясы
- •Алаш қозғалысы және атбасар өңірі
- •Алашорда үкіметі және мемлекеттік тіл саясаты
- •Пайдаланылған әдебиеттер:
- •«Алаштың» жолы
- •Қазақстанның белгісі қазақ болса, қазақтың белгісі – қазақ тілі.
- •Ұлыбританиядағы қазақтар туралы
- •Культурные традиции и духовный потенциал казахской диаспоры тюменской области в условиях приграничной зоны
- •Ұлтты тану – ұлттық дамудың негізгі шарты.
- •Уланбатар мен моңғолияның басқа аймақтарын мекендейтін қазақтардың рухани жағдайы, тіл, мәдениет жайлы ойтолғам
- •Алаш тұлғаларының көзқарасындағы үндестік
- •Пайдаланылған әдебиеттер:
- •Алфавит – рухани бірлік негізі
- •Бүгінгі поэзиядағы көне түркілік таным көріністері
- •Пайдаланған әдебиеттер:
- •Халел досмұхамедұлы – мұрат ақын шығармаларын жинаушы һәм зерттеуші
- •М.Әуезовтің «хан кене» трагедиясындағы алашшыл идея
- •Пайдаланылған әдебиеттер:
- •«Алаш» қозғалысы және нарманбет орманбетұлы
- •Ұлттық сана-сезім – шексіз дүние (Өзбекстандағы қазақтар жайында)
- •Ана тілі – бабаңның есімі, балаңның бесігі.
- •Ортақ отан – қазақстан
- •Қазақ терминографиясының тарихындағы «алаш» кезеңі
- •Пайдаланған әдебиеттер:
- •Файзолла ақын және алаш қайраткерлері
- •Пайдаланылған әдебиеттер:
- •Азаттық жырының ақтаңгері
- •Пайдаланылған әдебиеттер:
- •Ақыт қажының «жиһаншаһ» дастанындағы шаһзада бейнесі
- •Мұхтар әуезов әңгімелеріндегі тартыс
- •2008 Жылғы 12-13 қарашада өткен «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты халықаралық конференцияға келген қонақтардың тізімі Шетелден
- •Қазақстаннан
- •Мазмұны
- •Алаш қозғалысының соңғы түйіні – Мұстафа Шоқай ................................................................
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты!
Міржақып Дулатов
Арап Еспембет
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті гуманитарлық факультетінің деканы, филология ғылымдарының
докторы, профессор
Алаш арыстары және әдебиет
Алаш қозғалысы «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш идеясы бүгінгі таңда қазақ тарихының күрделі әрі көкейкесті мәселелері болып саналады. Жоғарыда аталған күні кешеге дейін лайықты бағасын ала алмай келген ұғымдар қазақ қоғамындағы ұлттық оянудың, ұлттық сана қалыптасуының өзінше бір көрсеткіші іспетті. «Алаш» партиясын құру мен Алашорда үкіметін қалыптастыру жолындағы жанқиярлық еңбегі нәтижесінде «Алаш арыстары» ардақты есімін иеленген зиялы қауым тарих сахнасына көтерілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ. Жүз жылдықтың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаматтық Һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес» [1,22], - деп ерекше бөліп көрсеткен еді.
Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің тарихы дәл бүгін де жан-жақты зерттеліп, тиянақталған жоқ. Өткен ғасырдың аяқ шенінде өмірге келген К.Нұрпейіс [2], М.Қойгелдиев [3], Д.Аманжолова [4], Т.Омарбеков, Ш.Омарбеков [5], Р.Нұрмағамбетова [6] және басқа да тарихшылардың зерттеулері Алаш қозғалысының мән-жайын жаңа сапада пайымдауға мүмкіндік бергенін бөліп айту жөн.
Алаш қозғалысы және әдебиет – аса ауқымды тақырып. Бір баяндама аясында сыйғызу өте ауыр міндет. Мәселені түбегейлі шешуді міндетімізге алған жоқпыз.Осы жерде екі жәйтті ескерген абзал. Біріншіден, тақырыпқа қатысты Ғ.Ахмедовтың «Алаш «Алаш» болғанда» [7], Р.Нұрғалидың «Әуезов және алаш» [8], Д.Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет» [9], С.Өзбекұлының «Арыстары алаштың» [10], конференция материалдарын жинақтаған «Алаш және Әуезов» [11] еңбектерінің болуы ізденісімізге зор қолғабыс. Сондай-ақ, Алаш арыстарының соңғы жылдар бедерінде жарық көрген бір томдық және көп томдық жинақтары оқырман қолында. Екіншіден, Алаш қайраткерлері және әдебиет мәселелерін тұтастай қамту мүмкін еместігін ескеріп Ш.Құдайбердіұлы мен С.Торайғыров шығармашылығы төңірегінде әңгімені өрбітуді дұрыс көрдік.
XІX ғасырдағы қазақ әдебиетінің басты нысынасы «зар заман» идеясы, XX ғасырдың бас кезіндегі көркемдік дамуда өзгеше сипатқа иеленді. Бұл ретте М.Әуезовтің 1925 жылы жазған «Әдебиет тарихы» оқулығындағы ордалы ойларға құлақ асқан абзал: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық, ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытына келеді.[12,231] Бұл кез – ұлттық сананың сергектік танытып, халықтың жан дүниесіндегі алай-дүлей бұрқаныстың шиыршық атқан шағы еді. Әдеби дамуға қосылған М.Дулатовтың «Оян, қазақ!», А.Байтұрсыновтың «Маса», Е.Бұйринның «Ызың», Б.Ержановтың «Тұр қазақ», М.Ж.Көпеевтің «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітаптары ұлттық оянудың шырқау шыңы – күллі алаштық идеяға апарар баспалдақ басқыштары санатында. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт шығармалары жалпыұлттық идеяның жарасымды көрінісі іспетті зиялы ұрпақтың шөліркеген мезгілінде қазақ халқына қанатымен су сепкен қарлығаштай қызмет жасады.
Шәкәрім – Абайдың туысы, інісі бас шәкірті. Ол – ақын, сазгер, жазушы, философ, тарихшы, аудармашы, көсем сөздің шебері, Алаш ұранды әдебиеттің ірі өкілі.
Мен жетелеп өлемін,
Өрге қарай қазақты.
Өлсем де ойын бөлемін,
Сөзбен салып азапты[13,110], - деп алдына биік мақсат қоя ұмтылған ақын төңкерістен соң іле-шала Алашорда үкіметінің жұмысына араласқан. 1917 жылғы желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ сиезіне арнайы шақырылған. Шәкәрім Алашорда үкіметінің қазысы, яғни биі болып сайланған. Білімі терең, ақылы кәміл, табиғатынан әділ, парасаты биік Шәкәрімге көрсетілген құрмет деп ұғыңыз. Алашорда үкіметіне сіңірген еңбектерінің бірін мысалға келтірейік. 1918 жылғы «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде «Алаш құрбандары» атты мақала жарияланды. Онда Семейдегі оқытушылар семинариясының шәкірті, Алаш милициясының бастығы Қазы Нұрмұхамбетұлының қайғылы қазаға ұшырауы, жазықсыз оққа ұшуы жөнінде хабар берілген. Алаш жолындағы тұңғыш құрбан Қазының өліміне халық көп жиналған. Жерлеу рәсіміне Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Жүсіпбек Аймауытов сөз сөйлеген, өлең оқыған.
Қабірге қойып, құран оқылып болғаннан кейін Шәкәрім ақсақал халыққа қарап сөз сөйледі:
– Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл күнгі һәм мұнан соңғы ұлтым деген азаматтар мына мен сияқты болып ұлтым деңдер деп өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қазы еді. Қазы – би деген сөз, Қазы билігін айтып кетті... Құдай тағала алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті, алпыс жасқа келгенде мұндай ұлт үшін құрбан болатын азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім. Енді бүгін өлсем де арманым жоқ. Қарағым, Қазыжан, қадіріңді біліп, құрметтей аламасақ кешу қыл, хош, қабірің нұрлы болсын, – деді. Жиналған жұрт еңіреп жылап жіберді.[14].
Жиырма екі жасында Алаш ісі жолында құрбан болған Қазы өлімінде Алашорданың биі Шәкәрім аузынан шыққан есті сөз жиналған қалың жұрттың ұлттық санасын шыңдағаны шүбәсіз. Шәкәрім мұрасының өнебойында тұтасып жатқан жүйелі құбылыс – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын құрметтеу, қастерлеу, рухының асқақтығын жыр өзегіне айналдыру.
«Алаш немесе «Алашорда қозғалысы» – бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Сондықтан да әуел бастан Алаш (Алашорда) қозғалысына жататын жекелеген мәселелердің басын ашып, оларды нақты түрде қарастырған жөн сияқты, – деп жазды академик Кеңес Нұрпейісов. – Олар, біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақтың мемлекеттігін) басқаруға тиісті болған мәселелер. Басқа сөзбен айтқанда, осы нақты үш мәселе жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды білдірді [2,5]. Тарихшы-ғалым айтқан пікірлерді бұтарлай тарқатуды мойнымызға алмай Сұлтанмахмұт ақынның Алаш идеясын бірден іліп әкетіп шығармаларының арман-аңсарына айналдыруын бөле-жара айтуымыз шарт.
«Алаш ұраны» – Алашорданың гимні. «Алаш ұраны» – «Алаш» партиясының, адамзат баласының көзі көріп, құлағы естімеген өзгерістерді басынан өткеріп жатқан исі қазақтың ұраны еді. Сұлтанмахмұт – елін емірене, жұртын тебірене сүйген ұлтжанды азамат. Атар таң, батар күнде тек қана ел қамын ойлап еңіреген, ұлтына жан-тәнімен қызмет жасауды мұрат еткен Торайғыровтай перзенттің аласапыран уақытта бұлқынып тарих сахнасына көтерілуі заңды құбылыс. «Алаш ұраны» – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін іле шала жазылған шығарма. Рухы биік, мақсаты ізгі, бітімі оқшау туынды.
1917 жылдың 20 наурызында Петроградтан Әлихан, Мұстафа, Міржақып «Алаш ұлына» атты мақала жолдап, онда: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырдан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті » [15], - деп көңілдегі қуанышты зор шаттықпен хабарлады. Осы қуаныш лебі Торайғыров өлеңінде де жалғасқан. Сұлтанмахмұт қуанышты хабарды құшақ жая қуанып қарсы алды. Патшаның тақтан құлауын бостандыққа, теңдікке жету деп ұқты. «Алаш ұранындағы»:
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Елімізді лайлаған,
Ерімізді айдаған,
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы
Жасасын, алаш, жасасын!- деген шаттыққы толы тіркестер дүйім жұрттың көңіл-күйін өрнектейді.
Төңкерістен соң қазақ жерінде кеңінен өріс алған автономия алу, өз алдына жеке ел болу идеясы «Алаш ұраны» өлеңінің өзекті түйіні, кесікті байламы.
Алаш туы астында,
Күн сөнгеше сөнбейміз!
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз!
Жасасын, алаш, жасасын! – деп ақынның жігерлене жыр кестелеуі сол заман ақиқатын көз алдымызға елестетеді. «Жасасын, алаш, жасасын!» рефрені бостандық, азаттық идеясының жасампаздығына ақынның қалтқысыз сенетіндігін көрсететін жанды айғақ.
С.Торайғыровтың қалың оқырманға бейтаныс «Әлиханның Семейге келуі» мақаласы «Сары арқа» газетінің екі санында басылған [16]. Автор мейрамға жиналғандай халық нөпірін суреттеп, лек-легімен, топ-тобымен ағылған жұртты «елге еңбегін сіңірген ерін тосып, жиылған қазақтар еді» дейді. «Ол ері елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кері кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы тұн, туатын «бақ жұлдызына» көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, «қайткенде алаш көркейер» деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамбетұлы Бөкейханов еді».
Ә.Бөкейханов – қоғам қайраткері, ғалым, публицист. Петербург университетін тамамдаған. 1905 жылы І Мемлекеттік думаға Семей қазақтарының атынан депутат болып сайланған. 1917 жылдың желтоқсанында өткен сиезде Алашорда үкіметінің төрағасы болған.
Қарсы алу рәсім салтанатын, ондағы сөйленген сөздерді құлпырта жазып, Ә.Бөкейханов сөзін келтіреді: «Ағалар, інілер! Мені бұлай қарсы алғандарыңа рахмет. Бірақ ұғыну керек, бостандықты туғызған мен емес, орыс ерлері. Мен олардың жолында жолдастықта жүрген кісі. Жүз жылдан бері бостандық үшін атылған, асылған солар. Рахметті соларға бұрын айту керек. Бостандыққа қуансаңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса, міне мен өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде беремін. Сендер уәде бересіңдер ме бостандықтың жолымен болуға? Бостандықтың жолымен болсаңдар, бишараны жемеуге, партияны қойып, бірігуге, бас пайдасы мен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күштеріңді ғылым жолына, бостандық арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек». Қазақ зиялыларының ғана емес, тұтас қазақ халқының рухани көсеміне айналған Бөкейханұлы Әлихандай сабаздың тарихи қызметін С.Торайғыров елең-алаңда танығандығы көрегендік.
«Таныстыру» поэмасы Алашорда басшыларын дәріптейтін, ал «Айтысы» байшылдық-ұлтшылдық пиғылды әспеттейтін зиянды шығармалар деген ат қойылып, айдар тағылып тұтқындық күй кешті. Әдебиет тарихындағы ақтаңдақтар жойылып келе жатқан бүгінгі таңда «Таныстыру» мен «Айтысты» қалың оқырман қауымға қайтармау Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығына қиянат. «Таныстыру» 1917 жылдың күзі мен 1918 жылдың қысында Сұлтанмахмұт Абай елінде болған кезде жазылған. Ақпан төңкерісінен кейін Орынборда (1917, шілде) Советтердің Бүкілқазақстандық I сиезі, сол жылдың желтоқсанында тағы да Орынборда II сиезі өтті. Қазақстан облыстарында қазақ (қырғыз) комитеттерін сайлауға қызу дайындық жүріп жатты. Семей облысы қазақтарының сиезі 1918 жылдың 14 (1) наурызына белгіленді. Төңкерістен соң елді жаңа жолға бастайтын азаматтар кімдер деген сұрақ тұрды. С.Торайғыровтың «Таныстыру» поэмасы осы сауалға тура жауап бергендей еді.
Ақынның таңдап алған формасы да қызық. Поэма қара қазақ пен оқыған зиялы адамның диалогына құрылған.
Туғанда құдай иіп мұндай заман,
Сұрайтын бір сөзім бар сенен балам.
Тап біздің осы Семей облысының
Көш басшы адамдарын айтшы маған.
Біз дағы жоспарлайық өзімізше,
Десе де түк білмейтін қазақ надан.
Қара қазақ сауалы. Шындығында заман өзгеріп, уақыт аумалы-төкпелі қалыпта тұрғанда болашағын ойлайтын әр адамның қоюға тиісті сауалы. Сөз кезегі тиген оқыған да әңгіме тиегін ағытады:
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,
Талассыз жеке дара тұр ғой өзі...
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір басы үшін жалданбаған.
Көркейер қайткенде алаш деген ойдан,
Басқа ойды өмірінде малданбаған.
Поэманы оқығанда, өлеңмен жазылған мінездемелермен танысып отырғандай әсерге бөленесіз. Есімдері поэмада аталатын қазақ зиялыларының жарқын бейнелері іс-қимылымен, кескін-келбетімен, мінез-құлқымен көз алдыңа келіп тұра қалады. «Бірі күн, бірі шолпан, бірі ай» Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов ел-жұрты тарыққанда жол сілтейтін көсем, халық тағдыры безбенге түскенде көмекейлері бүлкілдеген шешен, тар заманда тәуекелге бел байлайтын перзенттер екендігін қара қазақ айтқызбай-ақ ұғады. Алты миллион қазақты соңдарынан ергізе алатындықтарына кәміл сенеді.
Оқыған Әлімхан Ермекұлымен таныстырады. Шоқан Уәлихановтың кадет корпусында бірге оқыған досы, көрнекті фольклорист, этнограф Г.Н.Потанин кезінде жылы лебіз білдіріп, құрметтеген Ә.Ермеков. Қазақтың тұңғыш профессор-математигі, Том технологиялық институтының түлегі, Мәскеуде В.И.Ленин алдында Қазақстан тарихындағы шешуші кезеңде баяндама жасаған ғұлама адам, кемеңгер қайраткер.
Сөйлеп кетсе қозғалар бойда жаның,
Тас болса да ерітер жүрек қаның.
Шындығы, тереңдігі, әділдігі,
Тусаң, ту осылай дегізер жанның бәрін.
Төңкеріс тұсында еліне сіңірген еңбегін, қыранша самғаған ұшқыр қиялын, «кірленбеген»» таза жүрегін айырықша бағалайды.
«1916 жылдың күзінде Том қаласына (ол кезде біз қазіргі Томск қаласын осылай атайтынбыз) сырқатын емдетуді және орысша оқуды арман етіп Сұлтанмахмұт келді. Менің Тау-технология институтында оқып жүрген кезім еді. Ол Томға келісімен мені іздеп тапты, – деп ертеден таныстығын еске алып Әлімхан Ермеков сөзін әрі жалғастырады. – Семейде ол Алашорда құрған қазақ комитетінің кіші хатшысы, ал мен жер мәселесі бөлімінің мүшесі болып істедік. Комитеттің бастығы Омбыда оқыған Райымжан Мәрсеков дейтін еді». Сыйластықтың жарасымды үлгісі естеліктің өне бойында тұнып тұр.
Онан соң Халел Ғаббасұлымен жүздесеміз. Төңкерістен бұрын Москва университетін тамамдаған, оқымысты, терең ойлап, алыстан болжайтын адам. Семейде «Алаш» партиясы құрылғанда ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен халық жүрегін жаулап алған.
Жас жігіт университеттен оқып шыққан,
Халыққа қызмет парыз деп миына ұққан.
Алданбас, алыс болжар, алдан көрер,
Болса да оған мәлім жерге тыққан.
Айлаға қарай біліп айла кұрғыш,
Табады қайдан болса, содан ілгіш.
Бір іске тура план құруында
Деуге болар Семейде осы білгіш, - дейді оқыған. X.Ғаббасовтың сөзі мен ісінің бір жерден шығатындығын, шешімділігін, бірбеткейлігін жоғары бағалайды.
Қазақ зиялыларының жұртына жөн сілтер сын сағаты 1916 жылғы дүрбелеңмен байланысты туған еді. 1916 жылғы патша жарлығына бағынбай, қол бастап, қарсы шыққандарды бірыңғай мадақтап келдік те, ақылмен іс қылғандар көлеңкеде қалып қойды.
Призыв себебінен білді халық,
Толқығанда тоқтатқан ақыл болып.
Ығын-шығын қырғыннан өз уезін,
Қалды ғой ақылымен аман алып.
С.Торайғыров кейіпкерін әншейін сөйлетпеген, оның тарихи негізі бар. «Патша әміріне мойынсұнбаймыз, көтеріліске шығамыз» деген қалың қауымды Семейде үгіт сөзімен, беделімен тоқтатқан X.Ғаббасов көрінеді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов «Алаштың азаматына!» үндеу-хат жариялап, елді бекерге қырылып қалудан сақтандырған еді: «Біздің жұртқа айтатынымыз: бұған көнбеске болмайды, мұны бұрын да сан рет айттық. Көнбейміз деушінің сүйенгені жан тәттілік болса, салыстырып қаралық: көнгенде жұртқа қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар? Көнгенде, шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық – бағынып тұрған хұкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, хұкімет бізге құр өкпелеп қоймас күш жұмсар, ол күшті законге сүйеніп істер». Бұл жанашырлық пікірді қиырдан болжап аңғарған X.Ғаббасов лып ете түскен сезімге ерік бермей, ел-жұртын сақтап қалған.
Поэмада қазақтың кемеңгер ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы ерекше ілтипатпен, үлкен сый-кұрметпен оқырман қуанышына бөленіп жырланады:
Ерте оянған кісінің біреуі осы,
Бұл жұрттың түзеймін деп антұрғанын.
Бір жолмен Байтұрсынов, Бөкейханға,
Ақсақал бола алғандай осы кәрің...
Бұл қазақтың мақсұты биік алыс,
Таппаса да сөзіне құлақ салыс.
Казақ деп жекелеме адамзат де,
Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.
Шәкәрім барша қазақтың күллі адамзаттың ынтымағын көксеген, ақылшы, ойшы бейнесінде көрінеді. Адамгершілік, имандылыққа бастайтын ақсақалдық қасиеті, қысылғанда қиыннан жол тауып шығатын кемел ақылы үлгіге тартылады. Абайдың өзін көрмесе де туыстық жағынан інісі, рухани ұстазы екендігін ерте ұғынған Сұлтанмахмұт Шәкәрімді жасы үлкен ақсақал ғана емес, терең тамырлы қайраткер, тұңғыш ойлы ғалым, ең бастысы, қазақ көркем ойының кемел суреткері дәрежесінде қабылдайды.
Нәзипа Құлжанкеліні мен Нұрғали Құлжанұлына «Таныстыруда» лайықты орын берілген. Ерлі-зайыпты Құлжановтар қазақ мәдениетінің тарихында мәңгілік із қалдырды.
Ардақты бар Нәзипа деген ханым,
Газет, журнал жүзінде жұртқа мәлім.
Оқыса сондай әйел шығар ед деп,
Оқығандар бағалар сөздің дәмін...
Сөз табар әр мәжілісте жарасымды,
Білмейді аса сөйлеп адасуды,
Оқыған еркектердің көбінен де,
Әр іске ыңғайы бар жанасымды.
Нәзипа Құлжанова Семейдегі оқытушылар семинариясында мұғалім болған. Халқымыздың тарихына, ауыз әдебиетіне, тұрмыс-салтына қатысты аса көп деректер жинап, кейбірін кезінде жариялаған. Ол – қазақтың алғашқы журналистерінің бірі. Аудармашы, жазушы. Балалар күтімі, ана мен бала денсаулығы жайлы кітаптардың авторы. Нұрғали да Семей семинариясында сабақ берген. 1917 жылы сәуір айында Семейде облыстық сиез болып, комитет сайланғанда, Нұрғали Құлжанов мүшелікке өтеді. Ол туралы «Нұрғали Құлжанов кім?» деген мақалада толық айтылған. «Халыққа қызмет етерлік, басшы боларлық оқыған азаматтар қайда болса да аз. Сондықтан анау-мынау демей, оқыған азаматтардың осындай заманда қызмет ету борышы ғой деп зиялыларымыз съезге жиналған өкілдерге Нұрғали Құлжановты таныстырып, комитетке мүше сайлаттырды». Сұлтанмахмұт Нәзипа мен Нұрғалиды жақын білген, кейбір деректерге қарағанда, олар ақынға Семей қаласындағы семинарияға түсуге ақыл-кеңес берген.
Бірге айтайын Нұрғали Құлжанұлын,
Жаңылмасақ бұлайша мұның сынын
Қайратты, кең ойлайтын сабырлы адам,
Жасымайтын, бермейтін жанға сырын...
Бір ұстаған жерінде қалар қатып,
Кім болса да сөйлейді сөзін батып,
Өз көңлінде түзу деп ұққан ойын,
Істейді жіберсең де қазір атып.
Баспасөздегі пікірлер мен естеліктер Н.Құлжановтың қажырлы жауынгер ұстанған жолына өмірінің ақырына дейін берік болған күрескерлігін растайды. Халқына күш-жігерін аямай қызмет жасаған Нұрғали Құлжанов 1919 жылы ақтардың қолынан қаза тапқан. С.Торайғыров Н.Құлжановтың қазасына қатты қайғырып «Нұрекеңе» деген мұң-шерге толы өлеңін жазды:
Ұштың ба нақақ оққа асыл ерім,
Ел үшін еңбек қылған кемеңгерім.
Алаштың алаш аты жойылмаса
Бір кетпес жау мойнында қаның тегін...
Құдайым сені-дағы көп көрді ме,
Бейшара бұл қазақтың баласына?
Жақын үшін жан құрбан қылатұғын
Сендей ұл туа бермес алашыңа.
«Нұрекеңе» өлеңі асыл ерінен қапиядан айырылған, қара жамылып, қамыққан қалың бұқараға айтылған көңіл іспетті. Сұлтанмахмұт өлеңімен де, поэмасымен де халық перзенттеріне ескерткіш соғып кетті.
«Таныстыру» поэмасында, негізінен, ел тұтқасы кейіпкерлер тиянақты бейнеленген. Себебі, лирикалық қаһармандармен қара қазақ пен оқыған төңкеріс заманында ел-жұртты соңынан ерте алатын «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, біртуар жандарды саусақпен санағандай түгендейді. Ұлтымыздың өңшең зиялы, зерделі перзенттерімен ұшырасуымыз, ақын кейіпкерлері, ірі іс-әрекеттің адамы болып көрінуі С.Торайғыровтың суреткерлік мақсат-мұраты, көздеген нысанасынан хабар береді. Біздің ойымызша, қаламгердің басты мақсаты – қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерді дұрыс түсініп, елді тура жолға бастайды-ау деген қазақтан шыққан қайраткерлер жайында сыр аңғарту, ой салу. Десек те, С.Торайғыров жалаң мақтап, орынсыз мадақтауға бармаған. Қашан да сыншыл, шыншыл, сыршыл суреткер шындықтың бетіне тура қарап, табиғат сыйлаған тума қасиетімен ақты-ақ, қараны-қара деуден қашпаған.
Поэмадағы Райымжан Мәрсеков бейнесі сөзімізге дәлел.
Айтпақшы, Мәрсекеңнің баласы бар,
Адвокат, қырма сақал Райымжан шал.
Ұмытқан оқуларын былай қойсақ
Саяз жүрек, ұсақ ой, тынысы тар...
Ойбай мен ұмытыппын сыншы екен ғой,
Сын дегенде таланты әм бөтен ғой.
«Қуанышты» «шаттық» деп түзей алар,
Рекеңнің таланты ірі екен ғой.
Р.Мәрсеков – юрист, Петербург университетінің заң факультетінде оқыған. «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде түрлі тақырыпқа жазған мақалалары ұшырасады. Семей қаласында шығып тұрған «Свободная речь» газеті Р.Мәрсековтің Семей облыстық земство басқармасының төрағасы қызметіне кіріскенін хабарлады. Р.Мәрсековпен Семейдегі қазақ комитетінде Сұлтанмахмұт бірге істегендіктен жетістік, кемшіліктерін жетік білген.
Сонда-дағы жүре ме ірісінбей?
Сөз айта ма көгеріп бір ісінбей?
Демеңіз Обломовтың жамағайыны,
Нақ типі – не аға, не інісіндей.
Қазақ комитетінде бірге қызмет жасап келіспей қалуы салдары болар, әйтпесе Р.Мәрсеков мұрасымен танысқаннан кейін көңілге ізгі ойлар ғана ұялайтындығын оқырманға ескерту абзал.
Поэмада басқа да көптеген адамдар аталады. Нақты айтқанда, Мұқыш Поштайұлы, Әнияр Молдабаев пен Иманбек Тарабаев, Петербург университетінің заң факультетін бітірген, юрист Жақып Ақбайұлы, мұғалім, земство мүшесі Биахмет Сәрсенов, төңкеріске дейін Мәскеудегі екі жоғары оқу орнында оқыған Сатылған Сабатаев, Мемлекеттік думаға депутаттыққа сайлауға түскен Дурмановқа қара қазақ пен оқыған бағаларын беріп, көзқарастарын білдірген. Қайталаудан сақтану ниетінде әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, созбалай беруді жөн көрмедік.
«Таныстыру» – С.Торайғыровтың поэма жанрындағы тұңғыш талпынысы. Ақын уақыт талабына жедел жауап беріп, төңкеріс тұсында толқыған ел көңіліне ұялаған жұмбақ сауалдардың бірін өнер туындысы арқылы пайымдауды міндет еткен. Төңкеріс пен оның мәнін, бағыт-бағдарын ажырата алмай дел-сал күй кешкен жұртына елдікке бастар азаматтарды жарасымды түр, жайнаған тілмен әдемі таныстырған. Сондықтан да «Таныстыру» поэмасы реалистік арнада жазылған, әлеуметтік іргелі мәселелердің жатық та, ұтымды үлгісін тауып бере білген шоқтықты дүниелер катарынан орын алатындығына сенім мол.
Сұлтанмахмұттың Алаш арыстарын шырқау биікке көтере жырлағандығын айғақтайтын шымыр шумақты алайықшы!
Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?![17,210]
Аяқтай алмағандығына зор өкініш білдірген ақынның «Айтыс» поэмасына кіріспесі, нағыз ұлтжандылықтың шыңы ғой. «Айтыс» туралы әңгіме тағы бір сәті түскенде.
Әдебиеттер:
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. А.:Атамұра, 1999.
Нұрпейіс К. Алаш Һәм Алашорда. А.:Ататек, 1995.
Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. А.: Санат, 1995.
Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия. История движения Алаш. М.:Россия молодая ,1994.
Омарбеков Т., Омарбеков Ш. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас.А.: Қазақ университеті, 2004.
Нурмагамбетова Р.К. Движение Алаш и Алаш-Орда. А.: 2003.
Ахмедов Ғ. Алаш «Алаш» болғанда. А.: Жалын, 1996.
Нұрғали Р.Әуезов және алаш. А.:Санат, 1997.
Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. А.: Фолиант, 2002.
10.Өзбекұлы С. Арыстары алаштың. А.:Жеті жарғы, 1998.
11.Алаш және Әуезов (конф. материалдары)А.: Жазушы, 2007.
12. Әуезов М.Әдебиет тарихы. А.:Ана тілі, 1991.
13. Шәкәрім. Шығармалары. А.:Жазушы, 1998.
14. «Қазақ», 1918, 30 июль, №262.
15. «Қазақ», 1917, 12 апрель, №225.
16. «Сарыарқа», 1917, 30 қазан , 13 қараша.
17. Торайғыров С.Шығармалар.Екі томдық, 1- том.А.: Ғылым, 1993.
Қоқан автономиясы – Түркістан мәселесін шешудің мақсаты да, формасы да емес. Ол тек Түркістан азаттық қозғалысының сол бір кезеңде басып өтуге тиіс болған кезекті бір қадамы ғана болатын...Қоқан автономиясының бір ерекшелігі – сол кездің өзінде Түркістан ұлттық бірлігінің нағыз формасын бере білгендігінде еді. Біздің ұлт-азаттық қозғалысымыз тарихында «Қоқан автономиясы» өзінің осындай ерекшелігімен терең із қалдырып кетті.
Мұстафа Шоқай
Бақытжан Әбдірайымов
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің ректоры,
заң ғылымдарының докторы, профессор
