
- •Астана қаласының әкімдігі
- •Кітаптың мұқабасына берілетін өлең
- •Тәуелсіз қазақстан мұраттарының алаш идеяларымен сабақтастығы
- •«Алаш» идеясы және халықаралық «қазақ тілі» қоғамы
- •Қазақтың дәстүрлі мәдениеті
- •Еуропадағы қазақ диаспорасы және ана тілі мәселесі: кейбір проблемалар мен ұсыныстар
- •Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты!
- •Алаш арыстары және әдебиет
- •Ұлт дамуының жаңа кезеңі және алаш мүддесі
- •Алаш қозғалысының соңғы түйіні – мұстафа шоқай
- •Миллетке бек зор үміт – шәкірт халқы.
- •Алаш тағылымы және қазіргі қазақ руханияты
- •Алаш қайраткерлері және қазіргі тіл мәселесі
- •І.Есенберлин романындағы алаш рухы
- •Пайдаланған әдебиеттер:
- •Алаштың АстанаСы және ұлттық идея
- •Біртұтас алаш идеясы және шығыс түркістан ұлт-азаттық қозғалысы
- •Қырғызстандағы қазақтар
- •Ж.Аймауытұлы – әдебиет сыншысы
- •Пайдаланған әдебиеттер:
- •Ұлттық терминқор қалыптастырудың алаш кезеңі және қазіргі қазақ терминологиясы
- •Алаш мұраты – отандық білім мен ғылымды негіздеуші күш
- •Движение алаш и насущные проблемы казахского общества в начале XX века
- •Батыстағы қазақтың ұлтшыл көсемдері және батыстық елдерде атқарған қызметтері
- •Шет елдерде тұратын қазақтардың ата отанына оралуына тиімді кейбір мәселелер
- •Түркіменстан, Қазақстан – Тәуелсіз
- •Алаш философиясы әлем қазақтары мәдениеті контексінде
- •Халел досмұхамедов және түркітану мәселелері
- •Переводная литература времени алаша (Алаш дәуiрiндегi аударма әдебиет)
- •Қосағаш немесе шүй қазақтары туралы
- •Алаш идеясы – қазақ идеясы
- •Алаш қозғалысы және атбасар өңірі
- •Алашорда үкіметі және мемлекеттік тіл саясаты
- •Пайдаланылған әдебиеттер:
- •«Алаштың» жолы
- •Қазақстанның белгісі қазақ болса, қазақтың белгісі – қазақ тілі.
- •Ұлыбританиядағы қазақтар туралы
- •Культурные традиции и духовный потенциал казахской диаспоры тюменской области в условиях приграничной зоны
- •Ұлтты тану – ұлттық дамудың негізгі шарты.
- •Уланбатар мен моңғолияның басқа аймақтарын мекендейтін қазақтардың рухани жағдайы, тіл, мәдениет жайлы ойтолғам
- •Алаш тұлғаларының көзқарасындағы үндестік
- •Пайдаланылған әдебиеттер:
- •Алфавит – рухани бірлік негізі
- •Бүгінгі поэзиядағы көне түркілік таным көріністері
- •Пайдаланған әдебиеттер:
- •Халел досмұхамедұлы – мұрат ақын шығармаларын жинаушы һәм зерттеуші
- •М.Әуезовтің «хан кене» трагедиясындағы алашшыл идея
- •Пайдаланылған әдебиеттер:
- •«Алаш» қозғалысы және нарманбет орманбетұлы
- •Ұлттық сана-сезім – шексіз дүние (Өзбекстандағы қазақтар жайында)
- •Ана тілі – бабаңның есімі, балаңның бесігі.
- •Ортақ отан – қазақстан
- •Қазақ терминографиясының тарихындағы «алаш» кезеңі
- •Пайдаланған әдебиеттер:
- •Файзолла ақын және алаш қайраткерлері
- •Пайдаланылған әдебиеттер:
- •Азаттық жырының ақтаңгері
- •Пайдаланылған әдебиеттер:
- •Ақыт қажының «жиһаншаһ» дастанындағы шаһзада бейнесі
- •Мұхтар әуезов әңгімелеріндегі тартыс
- •2008 Жылғы 12-13 қарашада өткен «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты халықаралық конференцияға келген қонақтардың тізімі Шетелден
- •Қазақстаннан
- •Мазмұны
- •Алаш қозғалысының соңғы түйіні – Мұстафа Шоқай ................................................................
Астана қаласы әкімдігі
Әлем қазақтарының рухани сұхбаты:
тіл, мәдениет және Алаш мұраты
(халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары)
Алматы, 2008
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Руханият» орталығы дайындаған
Редакция алқасы: Ә.Рақымжанов, О.Асанғазы,Д.Қамзабекұлы,
З.Қабылдинов, Ғ.Молдамұратов
Құрастырғандар: Е.Тілешов, Г.Әріпбекова, О.Сүлейменов
Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты. Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы, « »
2008. бет.
Бұл жинаққа 2008 жылдың 12-13 қарашасында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген Алаш қозғалысының 90 жылдығы және Астана қаласының 10 жылдығына арналған «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары енгізілді.
Астана қаласының әкімдігі
ӘЛЕМ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ РУХАНИ СҰХБАТЫ:
ТІЛ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АЛАШ МҰРАТЫ
(халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары)
Редакторы К.Күнғожина
Техникалық редакторы
Дизайнын жасаған «Зерде» орталығы
Таралымы 1500 дана
Кітаптың мұқабасына берілетін өлең
Арғы атам – ер түрік,
Біз – қазақ еліміз.
Ерке өскен Арқаның
Еркесі – серіміз.
Алаштың аруағы
Жебесін, қолдасын!
Ақсақал, тілей көр,
Сапарды оңдасын.
Жасаған жар болсын
Қазақтың еліне,
Жасасын, сақтасын
Алаштың ордасын.
Жүсіпбек Аймауытов
АҢДАТУ
Ұлттық тарихымыздың жарқын беттерінің бірінен саналатын Алаш қозғалысының 90 жылдығы және Астана қаласының 10 жылдығына арналған «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты халықаралық конференция Астана қаласы әкімдігінің тікелей ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 12-13 қарашасында өткізілді. Бұл ауқымды шара шеңберінде қала әкімінің орынбасары Ә.Рақымжановтың жүргізуімен конференция, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, профессор Д.Қамзабекұлының жүргізуімен «Алаш қозғалысы және қазіргі Қазақстан» семинары, Тілдерді дамыту басқармасының бастығы О.Асанғазының жүргізуімен «Орта толсын!» (Ұлттық ұйысу мен дамудың жаңа кезеңі) дөңгелек үстелі, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Қазақстанның халық әртісі Б.Тілеуханның «Ұлы дала сазы» сұхбат-концерті, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Қазақ ұлттық музыка академиясында, С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінде, Гуманитарлық заң академиясында кездесулер өткізілді.
Конференцияға әлемнің 11 елінен, атап айтқанда, Қытай, Ресей, Моңғолия, АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Германия, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен 30-ға жуық қандастарымыз келді. Осы зиялы қауым өкілдерінің ішінде қазақ баласының абыройын асырып жүрген ақын-жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өнер шеберлері, спортшылар бар. Сонымен бірге, конференция жұмысына отандық тілтанушылар, алаштанушылар, шығармашылық қауым өкілдері қатысты.
Конференцияда ана тіліміздің, Алаш қозғалысының, қазақ мәдениетінің өзекті мәселелері талқыланса, семинарда, негізінен алғанда, Алаш идеясының қазіргі Қазақстанның тәуелсіздік мұраттарымен сабақтастығы сөз етілді, ал дөңгелек үстелде дүниежүзіне тарап кеткен қазақтардың қоғамдық, әлеуметтік, саяси мәселелері талқыланды. Қонақтар тарапынан әлем қазақтарының атамекенмен рухани байланыстары жөнінде ұсыныстар айтылды.
Қолдарыңыздағы жинаққа осы халықаралық ғылыми мәжіліске қатысушылардың баяндамалары және қосымша ұсынылған баяндамалар топтастырылды.
Құрастырушылар алқасы
Құрметті қонақтар мен конференцияға қатысушылар!
Қадірменді тіл жанашырлары!
Егемен еліміздің елордасы – Астананың 10 жылдығы мен Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған мәртебелі басқосуға қош келдіңіздер. Мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен дүниеге келген Қазақстанның бас қаласында әлемнің әр түпкіріндегі бауырларымыздың басын қосып отырғаны – ерекше мәдени-рухани оқиға. Астананың алғашқы асулы мерекесі жоғары деңгейде өтіп, даңқы шартарапқа тарады. Астана мемлекетті басқарудың саяси орталығы ғана емес, әлемдегі мәдени орталықтардың біріне айналуда.
Елбасының: «Тарих пен тіл тамырлас» деген ұлағатты сөзі бүгінгі конференцияның маңызы мен мазмұнын айқындап тұрғандай. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында Алаш қозғалысының орны ерекше екендігі уақыт өткен сайын зерделеніп келеді. Алаш қайраткерлерінің ұлтты ұйыстырудағы, азаттық жолындағы күрестері бүгінгі ұрпаққа ұлағат. Сол арыстар армандаған азаттық мұраттары – бүгінгі тәуелсіз еліміздің рухани дамуымен берік байланысып жатыр. Соның бір көрінісі – қазақ зиялыларының Астанадағы осы басқосуы.
Ұлттық руханиятымыздың өзегі – қазақ тілінің болашағы үшін атқарылар әрбір шара біз үшін аса маңызды. Сондықтан да конференцияға қазақ тілінің арқау болуы – оның бірқатар мәселелерін ортаға салуға, оларды бірігіп шешуге мүмкіндіктер туғызады деп ойлаймын. Қазіргі қазақ мемлекетінің мәдени дамуында тіліміздің алар орны айрықша десек, тіл тұтастығы әлем қазақтарының басын қосатын рухани қазына болып отыр. Осы асыл мұраны сақтауға және дамытуға баршамыз, барлық алаш баласы атсалысуымыз қажет.
Конференцияның тақырыбы, оған қатысушы зиялы қауым өкілдерінің жоғары деңгейі – бұл ғылыми мәслихаттың табысты болатынына үлкен сенім ұялатады. Халқымыздың рухани өркендеуіне үлес қосар еңбектеріңізге толайым табыстар тілеймін.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов
Әмірхан Рахымжанов
Астана қаласы әкімінің орынбасары
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Қадірменді қонақтар!
Туған еліміз бен жеріміздің тәуелсіздік алуы – тарихымызды түгендеуге, ұлттық рухани болмысымызды қалыптастыруға кең мүмкіндіктер ашып отыр. Астананың Арқа төріне көшуі – ұлттық тұтасу мен ұйысуды тереңдетуге үлкен жол ашты. Тәуелсіз Қазақстан Астанасының жедел дамуы – ұлт мәдениетінің өркендеуіне айрықша ықпал етіп отырғанын да жақсы білесіздер. Бүгінгі басқосу осының маңызды айғақтарының бірі. Астана қаласы әкімдігінің «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты осы халықаралық конференцияны өткізудегі басты мақсаты – руханиятымыздың күретамырлары болып табылатын тіл, мәдениет, тарих сияқты құбылыстарды ғылыми тұрғыдан, танымдық тұрғыдан саралау. Бүгінгі күннің мұнарасынан қарай отырып, аталған құндылықтарымызды бағалау.
Қазақтың сан ғасырлық күрделі тарихында Алаш қозғалысының орны ерекше екендігін түйсіне отырып, ұлт-азаттық ұлы қозғалысқа айналған осы оқиғаның маңызы мен мәнін таразылау – қазіргі тәуелсіздік мұраттарымен байланысты екендігі белгілі. Осы орайда біз бұл мәселеде Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті... Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады» деген ұлағатты сөздерін басшылыққа алуымыз қажет. Елбасы пікірі баршамызды Алаш аманатын орындауға шақырады. Сондықтан да үстіміздегі жылы Алаштың 90 жылдығына арналған шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде өтуде.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі, қолданылу аясы, оны дамыту – бүгінгі басқосуымыздың басты тақырыптарының бірі. Тіл мәселесі шетелдерден келген қандастарымыздың да баяндамаларына арқау болмақ. Қытайдағы, Моңғолиядағы, Еуропа елдеріндегі, тіпті мұхиттың арғы бетіндегі Америка құрама штаттарынан келген бауырларымызды да осы мәселе алаңдататыны байқалып отыр. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде қала әкімдігі бірқатар маңызды жұмыстар атқарды және мұндай жұмыстар жалғасын таба береді де. Осы ретте қалалық Тілдерді дамыту басқармасының қарқынды әрі нәтижелі жұмыстарын атап өткім келеді.
Егемендігіміздің үлкен бір жемісі – әртүрлі тарихи жағдайлар салдарынан әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен бауырларымыздың атамекенге оралуына мүмкіндіктің тууы. Қазақстан бұл бағытта басқа көптеген елдерге үлгі боларлық іргелі жұмыстар атқаруда. Өздеріңіз білесіздер, үстіміздегі жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен отандастарымыздың оралуына қамқорлық жасау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Нұрлы көш» бағдарламасы әзірленуде. Бұл бағдарлама шетелдегі қазақтардың елге көптеп оралуына жағдай жасауға арналған.
Қадірменді қауым, халықаралық ғылыми жиынымызға еліміздің белгілі ғалымдарымен бірге әлемнің 11 мемлекетінен зиялы қауым өкілдері қатысып отыр. Ортамызда Еуропадағы қазақ қауымдастығының төрағасы, профессор Абдулкаюм Кесежи, Қырғызстан конституциясы авторларының бірі, профессор Серікқұл Қосақов, белгілі тарихшы, профессор Әбдіуақап Қара, қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов, Голливудта кино түсірген танымал режиссер Жанар Сағатқызы, әйгілі «Шыңғысхан» кинофильмінде басты рөлдердің бірін ойнаған Ержан Мақпыш тағы да басқа ұлтымыздың абыройын шетелдерде асырып жүрген белгілі тұлғалар отыр.
Конференцияға Астананың шығармашылық, өнер, ғылыми қауым өкілдері, жоғары, арнаулы, орта оқу орындарының, мекемелердің басшылары, қоғамдық ұйымдар, БАҚ, жастар ұйымдарының өкілдері, әртүрлі салалардан өкілдер шақырылған. Еліміздің бірқатар қалаларынан зиялы қауым өкілдері де арнайы қатысып отыр. Атап айтсақ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабай, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет, танымал алаштанушылар Арап Еспенбетов, Тұрдығұл Шаңбай, Дәметкен Сүлейменова, республикалық басылымдардың бас редакторлары Жұмабай Шаштайұлы, «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес.
Осы ауқымды шара аясында бүгінгі конференцияға қоса өткізілетін семинарларда, дәрістерде, дөңгелек үстелде көтерілетін мәселелердің тақырып ауқымдылығы мен мәнділігі – жұмысымыздың табысты боларына сенім ұялатады. Ұлттық құндылықтарымызды зерттеуге, тануға бағытталған ғылыми ізденістеріңізге табыс тілеймін.
«Алаштың» басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің қазіргі жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді... Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті...Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады.
Нұрсұлтан Назарбаев
Рымғали Нұрғали
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университеті қазақ әдебиеті
кафедрасының меңгерушісі, филология
ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА академигі