Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

химия

.docx
Скачиваний:
35
Добавлен:
23.03.2016
Размер:
24.84 Кб
Скачать

Қазақстандағы химия өнеркәсібі

2010-2020 жылдарға арналған индустриялы-инновациялық даму бағдарламасында Елбасымыз өңдеу ұқсату салаларына басым­дық бере отырып, қосымша құны мол тауарлы өндіріс құру туралы ойын күн тәртібіне шығарды. Орын­ды-ақ! Мінеки, осындай та­ма­ша бағдарлама тек қана өн­ді­ріске химия ғылымының тікелей араласуы арқылы оң нәтиже бере алады.

Отандық химия өнер­­­кәсібі уақыттың, халық ша­руа­­шылығының талабына орай бір­шама жақсы дамыды дей ала­мыз. Айтқандай, жерімізде тікелей хи­мия­лық шикізат қорының көп­теп табылуы да Одақтық басшы­лықты Қазақстанда химия өнер­кәсі­бін дамытуға итермеледі деу керек секілді. 1932 жылдың өзінде сол себептен де елімізде КСРО Ғылым академиясының сараптау лабора­то­риясы құрылған еді. Сол са­рапшы лабораторияда Қазақ­стан жерінде фосфорит, борат, натрий, калий сульфаты, магнезия тұз­да­ры бар екені және олардың қоры көп мөлшерде екені анық­талады. Осы тұста ұлттық ғылым «қайта өрлеу» дәуірінің негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бас­таған кен барлаушылар тобы Ор­та­лық Қазақстан өңірінде әуелі мыстың, сонан соң басқа да ме­талдардың мол қоры бар екенін анықтайды. Шығыс Қазақстан­ның кен байлығы жайлы Ресей Ғылым академиясында көп мәлі­мет бар еді. Сондай-ақ кезінде Гурьев деп аталған бүгінгі Атырау аймағында бұдан әлдеқайда бұ­рын ағылшындардың мұнай өн­дір­гені де Мәскеуге белгілі. Де­мек, Қазақстанда химия ғылымын да­мыту қажет еді. Сол үшін де ең әуелі Қазақ мемлекеттік универ­си­теті құрылып, онда химия фа­культеті ашылды. Факультетте жұ­мыс істеген алғашқы кафедра­лар физикалық химия, органика­лық химия, органикалық емес зат­тар химиясы, сараптаушы хи­мия және катализдер деп аталды. Қарағандыда Химия металлургия институты жұмыс істей бастады. Гурьевте Мұнай химиясы инсти­ту­ты ашылды.

Қазақстан жерін кешенді зерт­теу өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына қарай ерекше қарқын­мен жүргізілді. Соның нәтижесін­де бүкіл Одақ бойынша өндірілетін хромит кенінің 86,9 пайызы, ва­на­дийдің 90 пайызы, қорғасын­ның 46, мырыштың 42, мыстың 35,7, бокситтің 26,7, темірдің 16,2, фос­фориттің 30, мұнайдың 16 пайызы бізде шығарылатын бол­ды. Десек те Жезқазған кенішінде қолданылған технология бойын­ша кеннің шамамен 18-20 пайызы қалдықта қалып жатты. Бұл зор шығын еді. Сондықтан да Мәскеу ғылымды дамыта отырып, то­пырақ­тан кенді мейлінше мол алу технологиясын жасауды ғалымдар алдына басты мәселе ретінде қой­ды. Ал мұның өзі химия ғылымын дамытпайынша іске асатын шаруа емес еді. Бұған нақты мысалды көптеп келтіруге болады. Ал сол кездің өзінде республикада 150-ден астам ғылыми-зерттеу инсти­тут­тарының жұмыс істегендігі бұл сөзімнің нақты дәлелі.

Ал химия технологиясы бой­ын­ша 4 ғылыми-зерттеу институт­тары жұмыс істеп жатты. Оның бі­рі және бірегейі Химия ғылым­дары институты болса, келесісі Металлургия және кен байыту институты деп аталды. Қараған­ды­да Химия металлургия, Гурьевте Мұнай химиясы және табиғи тұздар институты жұмыс істеді. 1966 жылы бұл институттарда 14 ғылым докторы, 134 ғылым кан­дидаты жұмыс істеген екен. Мұ­ның өзі республикалық химия өнер­кәсібін 1966-1970 жылдар аралығында 32 пайызға өсіруді қамтамасыз етті. Қаратау дүние-жүзі бойынша фосфорит кенін өндіруден көшбастаушылардың бірі болды. Хромиттер мен борат өндіруде де Қазақстан дүние-жүзі бойынша көшбастаушы болды. Шымкентте химия-фармацевтика зауыты ашылды. Онда өндірілген эфедрин, сантонин, пахикарпин және апиын алкалоидтері шетел­дерге де экспорттала бастады. Ме­таллургия өндірісіндегі мұқ­таж­дықты қамтамасыз ету мақса­тында күкірт қышқылын шығара­тын өндіріс орны құрылды. Жез­­қазған тау-кен комбинаты, Балқаш металлургия комбинаты, Өскемен қорғасын-мырыш ком­би­наты, Шымкент қорғасын зауы­ты, Лениногор полиметалл комбинаты, Қаратау тау-кен хи­миясы комбинаты, Қарағанды синтетикалық каучук зауыты, Қа­рағанды металлургия зауыты, Жам­был суперфосфат зауыты, Ал­­маты электрохимия зауыты, пластмасса және ионалмастыр­ғыш­тар шығарған «Қызылту» фир­масы, Шымкент гидролиз зауыты, Гурьев мұнай айыру зау­ыты, бертін келе салынған Ақтау­дағы полистирол зауыты секілді алып өндірістік кәсіпорындар Қа­зақстанның химия өнеркәсібі деп аталатын өндірістік кешенінің не­гізі болған еді. 

Иә, қалай десек те Қазақстан тәуелсіздікке іргелі және сан-са­лалы, сондай-ақ бәсекелестікке қа­білетті химия ғылымымен кел­ді. Ұлттық ғылымның ашқан жаңа­лықтары, табыстары көп еді, бірақ олардың басым бөлігі үлкен Одақтың басқа республика­ларын­да тауарлы өндіріс орындары бо­лып қалып қойды. Солай бола тұр­са да Қазақстан әлемнің көп­теген елдеріне қарағанда, салыс­тыр­малы түрде химия өнеркәсібі дамыған мемлекет бола алды. Біз мұны айтып мақтануға тиіспіз.

Даму тоқмейілсуді ұнатпайды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Респуб­ликасының даму қарқыны оның Кеңес Одағы құрамындағы қар­қы­ны­нан әлдеқайда жоғары. Де­мек, өңдеуші ұқсатушы кәсіпорын шикізат өндірісінің қарқынына ілесуі қажет. Осыған орай елімізде не істеліп жатыр, нәтиже қандай болмақ деген сұрақтармен Ә.Бек­тұров атындағы химия ғылымдары институтының директоры, акаде­мик Еділ Ерғожинге жолыққанда, ол кісі былай деді:

- Елбасымыздың тікелей нұс­қауымен жасалып, қарқынды жү­зеге асырылып жатқан 2010-2020 жылдар аралығындағы индустрия­лы-инновациялық даму бағдар­лама­сын көкірегі ояу, көзі ашық адам отандық химия өнеркәсібін дамыту жоспары деп түсінуі керек. Бұл бағдарламаны жасатар ал­дында Президентіміз атқарушы билікке онда айқындалатын жеті басым бағытты көрсетіп бергенін білеміз. Сонда мұнай-газ химия­сын, тыңайтқыштар химиясын ерекше атап көрсеткен еді. Осы екі басым бағытта химия тікелей аталған. Ал ол аталмаған қалған бес бағыт та, менің білуімше, хи­мия ғылымын қатыстырмай, дами алмайтын тұстар. Олай болса тұ­тастай алғанда бүкіл индустриялы-инновациялық даму бағдарлама­сының ең кемі 70 пайыздық жүгін химия арқалайды деген жөн. Ай­талық, фармацевтика саласы хи­мияның қатысуын қажет етеді. Құ­рылыс индустриясында да хи­мия жүреді. Аграрлық салада хи­мия ғылымының өнімдері - басты қажеттілік.  Енді қазір не болып жатыр де­ген сұраққа жауап берер болсақ, онда елімізде химия өнеркәсібінің құрылысы жанды жүріп жатыр деу керек. Осы уақытқа дейін бар болғаны екі жылға толмайтын мер­зім ішінде фармацевтикалық төрт кешен іске қосылды. Темір­тауда шойын өндірісі жаңғыр­тыл­ды. Павлодарда электролиз зауы­ты жұмыс істей бастады. Енді ке­ліп Павлодар химия зауыты жаңғырған қалпында жұмыс іс­тей­тін болады. Санамалай берсек, олар тіпті көп. Ал солардың бар­лы­ғы дерлік химия өнеркәсібі емей, немене?!

Мен өзім атқарушы биліктің тікелей тапсырмасымен институт­тың бір топ ғалымын ертіп, өткен қыста еліміздегі үш мұнай айыру зауытының жағдайын баға­лап қайттым. Бұлар түгелдей дер­лік жаңғыртылады. Бұл іске біздің ғалымдар да араласады. Батыста химиялық полимерлер кешенін тұрғызу онжылдық жоспарға ен­гізілген. Шығыста тантал, бе­рилий өндіріліп жатыр. Сондай-ақ Қаратаудағы кен қалдықтарын пайдаланып, жаңа тыңайтқыш шы­­­ғару жоспары да жобада бар. Қысқасы, Атыраудан Алтайға дей­­інгі ұлан-ғайыр өлке осы он­жыл­дықта-ақ химия өнеркәсібіне ай­на­лып шығады.

Ал енді химия ғылымы өнді­ріс­ке араласқанда қандай нәтиже аламыз дегенге келетін болсақ, онда бірінші кезекте ең кемі ішкі жалпы өнімнің шамамен 100 пайыздық өсімі осы онжылдықта толық қамтамасыз етіледі деуге болады. Бұл негізінен, натуралды өндіріс есебінен емес, номинальды өндіріс есебінен алынады. Өйтке­ні жыл өткен сайын біздің экспор­тымызда таза шикізат үлесі азай­ып, оның орнына ең кемі алғашқы өңдеуден өткен қосымша құны мол тауар үлесі ұлғая береді. Мә­се­лен, металлургияда электролиз зауыттарының көптеп салынуы арқылы Ресейге топырақ-кен ем­ес, таза металл экспорттаймыз. Та­сымал шығыны азаяды, экс­порт­тан түсетін кіріс көбейеді. Егер Батыста полимерлер кешенін жасап алсақ, онда тағы да терең­дете өңделген мұнайдан алынған тауарлар экспорттап, кірісті кө­бейтеміз. Орайы келгенде айта кетейін, отандық химия өнеркәсі­бін осылайша дамыту ел тұрғын­дарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да тікелей оң әсер ете­тін бір игі қадам болмақ. Өйткені мұндай өңдеуші кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын береді емес пе?! Олардағы жалақы да жақсы болмақ. Осы онжылдықта химия өнеркәсібін қарқынды да­мыта отырып, экономикамызды номинальды түрде шамамен екі еселеп алсақ, келесі кезеңде соңғы тауарлы өндіріс құруға көңіл бө­ле­тін шығармыз. Бұл қарапайым тілмен түсіндірсек, әлгі жоғарыда аталған полимерлерден тұрмыс­тық ыдыс-аяқтар, балалар ойын­шық­тары, тағы басқа керек-жа­рақ­­тар шығару деген сөз. Олар да қо­сымша құны мол өндіріс орны болып қоймайды, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын беретін бір кешен болып шығады. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. Алматы.2005.

  2. «Егемен Қазақстан» 16.07.2008жыл. №22. 

  3. www/e.gov/kz 

  4. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. Алматы.2005.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]