- •Кедендік бақылау: мақсаты,міндеті,обьектісі,негізгі нысандары мен бағыттары
- •Кіріспе
- •I. Кеден ісі саласындағы кедендік бақылаудың теориялық аспектісі
- •1.2. Кедендік бақылаудың қағидалары мен нысандары
- •1.3 Кедендік бақылауды жүргізу тәртібі және оның аймақтары
- •Іі. Қазақстан Республикасы әуе көлігінде кедендік бақылауды ұйымдастыру (Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті мысалында)
- •2.1 Қр кеден ісінің қазіргі кездегі жағдайы
- •2.2 Әуе көлігінде кедендік бақылауды ұйымдастыру ерекшеліктері
- •2.3 Тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылау және кедендік ресімдеудің ұйымдастырылуын талдау
- •2.3. Әуе көлігінде кедендік бақылауды ұйымдастыру кезінде кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану
- •Ііі. Қазақстан Республикасы әуе көлігінде кедендік бақылауды жетілдірудің негізгі бағыттары
- •3.1 Қазақстан Республикасының кеден ісінің мәселелері
- •3.2 Қазақстанда кеден ісін ұйымдаструды жетілдіру жолдары
- •3.3 Кедендік бақылауды ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесі және дамыту болашақтары
- •Қорытынды
- •Қолданылған әдебиет тізімі
Ііі. Қазақстан Республикасы әуе көлігінде кедендік бақылауды жетілдірудің негізгі бағыттары
3.1 Қазақстан Республикасының кеден ісінің мәселелері
Сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылар үшін кедендік әкімшілдендіру жұмыстарында және кедендік инфрақұрылымда айтарлықтай жеңілдіктер жасалды.
Қазіргі уақытта барлық кеден органдары кедендік тексеру мен рәсімдеу барысында «бір ғана тоқтату» және «бір күнде рәсімдеп бітіру» қағидатымен жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз - сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын кәсіпкерлер үшін қаржыны үнемдеу және уақытты тиімді пайдалану жағынан өте ыңғайлы жағдай. Бұған қоса, сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылар экспорт және импорт операцияларын жүзеге асыру барысында алдын ала және мерзімді рәсімдеу тәртібі арқылы өз жұмыстарын ешбір артық шығынсыз жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, тәуекелдің ең төменгі санатына енгізілген сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылардың тауарлары мен көлік құралдары кедендік рәсімдеу кезінде «Жасыл дәліз» арқылы өткізіліп, кедендік тексеруге жатпайды, уақытша сақтау қоймасына қойылмайды. Яғни кеден заңнамасы шеңберінде өз қызметтерін адал атқаратын, контрабандалық әрекетке жол бермейтін кәсіпкерлер үшін мол мүмкіндік қарастырылған. Соның нәтижесінде Шығыс Қазақстан облыстық Кедендік бақылау департаментінің үстіміздегі жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жақсы жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтсақ, кедендік төлемдер мен салықтардан түскен қаржы 18 миллиард 881 миллион 419 мың теңгені құрады. Бұл цифрлар департаментте қызмет істейтін әр қызметкерге шаққанда 43 миллион 542 мың теңгеден келеді. Кедендік бақылау департаментінің бақылау аймағындағы кедендік шекараның ұзындығы 2 180 шақырымды құрайды. Департаменттің бақылау аймағында 14 кеден бекеттері орналасқан. Бүгінгі күні департаменттің бақылау аймағында 5 982 сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылар тіркелген. Олардың 2 571-і заңды тұлғалар болса, 3 411-і жеке тұлғалар. Бұл мәліметтер кедендік инфрақұрылымда жақсы жағдайлар жасалғандықтан, жыл сайын сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылар санының ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, департаменттің құрамында пост кедендік бақылау басқармасы қызметкерлері тарапынан атқарылған жұмыстар да айтуға тұрарлық. Аталмыш басқарманың жұмысы кедендік рәсімдеу біткеннен кейінгі қайта тексерумен байланысты. Өткен мерзім ішінде 26 сыртқы экономикалық қызметпен айналысушыларға және жүктің кедендік декларациясына 102 құжаттық тексеру жүргізді. Нәтижесінде 93 миллион теңгеден астам өндірілмей қалған кедендік кірістер мемлекет қазынасына қайта құйылды. Кеден органы құқық қорғау органына жататын болғандықтан, оның жұмысының негізгі бағыттарының бірі кеден саласындағы заң бұзушылықтарға жол бермеу, заңсыз есірткі айналымына және басқа да контрабандалық әрекеттердің жолын кесу болып табылады. Осы орайда, өткен мерзім ішінде экономикалық контрабанда, кедендік төлемдерді төлеуден жалтару және заңсыз есірткі айналымы фактілері бойынша 99 қылмыстық іс қозғалды. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 23 іске көп. Әшкереленген қылмыстық істер бойынша 311 миллионнан астам теңгенің тауарлары мен көлік құралдары және 20 келіге жуық әртүрлі есірткі заттары ұсталды. Мұның ішінде соттың шешімімен 60 миллион 479 906 теңгенің тауары және 28 миллион 033 518 теңгенің валютасы тәркіленіп, айыптыларға 2 миллион 494 566 теңгенің айыппұлы салынды. Бұған қоса, Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті және Ұлттық қауіпсіздік департаменті қызметкерлерімен бірлесіп өткізген «Наркощит», «Барьер» операциялары кезінде 16 қылмыстық іс әшкереленіп, 23 келіден артық әртүрлі есірткілік заттар ұсталды. Сонымен қатар кеден саласында әкімшілік құқық тәртібін бұзу фактілері бойынша 976 іс әшкереленді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 82 іске көп. Соның нәтижесінде әкімшілік құқық тәртібін бұзушыларға 15 миллион 536 мың теңге айыппұл салынып, 22 миллион 829 мың теңгенің тауарлары тәркіленді. Сонымен қатар, мемлекетке келтірген залалдарға қарсы күрес барысында да біраз жұмыстар атқарылды. Әкімшілік істер бойынша 5 миллион 679 мың теңгенің келтірілген залалының орны толтырылды.
Осы орайда, департамент шеңберінде сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу шаралары қолға алынып, нақтылы іс-қимылдар жүзеге асырылуда. Мысалы, шекаралық кеден бекеттерінде және кедендік рәсімдеуге қатысы бар құрылымдарда қызмет істейтін қызметкерлер арасындағы жұмыс процестері қатаң бақылауға алынған. Бір орында 5 жылдан аса қызмет істеген қызметкерлер міндетті түрде басқа бөлімдерге немесе басқа кеден бекеттеріне ауыстыру тәжірибесі жүзеге асырылуда. 11 айдың ішінде департаменттің 118 лауазымды қызметкері орын ауыстырды. Оның ішінде 42 қызметкер жоғары лауазымды қызметке, 52-сі тең дәрежелі лауазымды қызметке, ал 24-і төменгі лауазымды қызметке ауыстырылды. Сонымен қатар департаменттің ішкі қауіпсіздік бөлімі қызметкерлерінің белсенді іс-қимылдарының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық фактілеріне байланысты көптеген жұмыстар атқарылды. Қызмет барысында мемлекеттік қызметкерлерге лайық емес өрескел кемшілік жіберген фактілерге байланысты 27 қылмыстық іс қозғалды. Бұл жерде мәселе кеденшілердің өз араларындағы кемшілікті өздерінің әшкерелеуінде болып отыр. Міне, бұл дегеніңіз - көзжұмбайлыққа жол беруге болмайтын бүгінгі күннің негізгі талаптарының бірі.
Елбасының тапсырмасымен Үкімет шағын және орта бизнес субьектілерін жыл соңына дейін тексеруге мораторий жариялағанда, себепті-себепсіз тексерістерден мезі болған кәсіпкерлер қауымы терең бір тыныстағаны рас. Бұған қосымша, өткен аптада министрлер кабинеті шағын және орта бизнестің дамуы үшін әкімшілік кедергілерді жоюға және бизнес ортаны жақсартуға бағытталған бірқатар қаулыларды қабылдады. Бұл ел экономикасын өрге сүйреуде зор маңызға ие бизнестің адымын ашу мәселесінде мемлекеттің сөзден іске көшіп, батыл қадам жасағандығын білдіреді. Үкіметтің бизнесті қолдауы мұнымен шектелмек емес. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен Үкіметтің бүгінгі отырысында кәсіпкерлер үшін тағы бір маңызды шешім қабылданды. Оған сәйкес, Қазақстанда 2009-шы жылғы қаңтардың 1-нен бастап кедендік бақылаудың ықпалдасқан жүйесі енгізіледі. Бұл жүйенің қандай артықшылығы бар? Бұған тоқталмас бұрын, мынаны айтып өткен жөн. Қазіргі таңда Қазақстан жағрафиялық орналасуына қарай Азия мен Еуропаны жалғастыратын негізгі көпірлердің бірі болып саналады. Іргедегі көршіміз Қытайдың экономикасы жыл сайын қарыштап дамып, ондағы өндіріліп жатқан тауарлар дүние жүзіндегі көптеген елдердің, оның ішінде Қазақстанның да нарығын жаулап жатқандығы белгілі. Қытайдан Қазақстанға, одан әрі Еуропаға немесе кері бағытта көлікпен жөнелтілетін тауарлардың басым бөлігі біздің еліміздің аумағы арқылы тасымалданады. Алайда, Қазақстанның Қытаймен немесе Ресеймен, сол сияқты Өзбекстан және Қырғызстанмен шекарасында қоныс тепкен кеден бекеттеріндегі жүктерді тексеру және құжаттарды рәсімдеу жүйесіндегі қордаланып қалған кемшіліктер жүк тиеген көліктерді бір жерде апталап, тіпті айлап тұруға мәжбүрлейтіні жайлы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Шекарадағы көліктер кептелегінің қалыптасуына кеден бекеттерінде жүктерді тексеру және бақылау қызметтерінің көптеп шоғырлануы басты себеп болып отыр. Мәселен, қазіргі таңда еліміздің өзге мемлекеттермен шектескен шекарасындағы жүктерді өткізу технологиясы әрқилы. Тек автокөліктерді өткізетін бекеттердің өзінде қазіргі таңда бірнеше бақылау қызметтері, атап айтқанда кедендік, ветеринариялық, көліктік бақылау, фитосанитарлық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметтері мен кеден органдары жұмыс істеуде. Бұлардың бақылау қызметтерінің барлығы шектелген учаскеде жүзеге асырылады. Осылайша бақылаушы органдардың көптігі, олардың жекелеген операцияларының қосарланушылығы, бірнеше мәрте формальды тексерулерге байланысты жүктердің бөгелуі бизнес үшін проблемалар туындатып жатқандығы шындық. Сонымен қатар, бақылаушы органдардың орталық аппараты тарапынан кеден бекеттерін шынайы уақыт режімінде толыққанды бақылау мен үйлестірудің жоқтығы аталмыш салаға жемқорлық деген індеттің етене енуіне де ықпал жасап жатқандығы жасырын емес. Сондықтан, осы күрделі проблемаларды шешу, яғни өткізу бекеттерінде бақылау процедураларын жеңілдету және көлік құралдарымен шекарадан өту мерзімін қысқарту бүгінгі күнде аса маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Ал мұны мейлінше тез шешу ашық экономика құруға талпынып жатқан Қазақстан үшін маңызды. Біз жоғарыда айтып өткен кедендік бақылаудың ықпалдасқан жүйесі осы проблемаларды шешуге бағытталған шара. Үкіметтің бүгінгі қабылдаған қаулысына сәйкес, бұл жүйе алдағы жылдың қаңтар айынан бастап толық жұмыс істей бастауы тиіс. Оған дейін кеден бекеттеріне осы жүйе біртіндеп енгізіле береді. Кеден жүйесіндегі осы жаңалықтың артықшылығы қандай? Қаржы министрі Болат Жәмішевтің сөзіне қарағанда, аталмыш жүйе «бір аялдама, бір терезе» қағидатын енгізуді, өткізу бекетіндегі қызметтердің санын азайтып, олардың функциясын кедендік органдарға беруді көздейді. Яғни, бұл жүйе іске қосылғаннан кейін кедендік бекеттерден көліктік, ветеринарлық, фитосанитарлық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың өкілдері кетеді. Бұл қызметтер түгелдей Кеден комитетіне беріледі. Ал өз кезегінде комитет осы қызметтердің іске асырылуына толық жауапты болады. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш жүйе ең алдымен Сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушылар үшін кедендік шекарада әкімшілік кедергілерді бәсеңдету мақсатында енгізілгелі отыр. Оған сәйкес, СЭҚ-қа қатысушыларға рұқсат беретін құжаттарды беру келер жылдың қаңтарынан бастап Халыққа қызмет көрсететін орталықтарда (ХҚО) жүзеге асырылады да кәсіпкерлер құжаттарын алу үшін толып жатқан бақылаушы мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып жатпай, ХҚО-ға барып бар шаруасын бітіре береді. Бұл әрине бизнес үшін жағдайды жеңілдетіп, саладағы жемқорлықтың деңгейін төмендетері сөзсіз. Атап өтерлігі, Қазақстанға мұндай жүйе құруды Дүниежүзілік сауда ұйымы ұсынған. Қарапайым тілмен айтқанда, ықпалдасқан бақылау дегеніміз шекарада өркениетті бақылау жүйесі қалыптасқан елдерде бар тәжірибе. Мұның біздің мемлекетте де қолданысқа енгізіліп жатқандығы Қазақстанның өркениеттер көшінің жұртында қалып қоймай, оның ортасынан ойып тұрып орын алуы үшін ұмтылып жатқан тағы бір қадамы деп бағалау ләзім. Бұл жаңалықты сөз жоқ кәсіпкерлер қауымы аса ыждаһаттылықпен қабылдап отыр. Мәселен, кәсіпкерлердің «Атамекен» одағы» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашевтің пікірінше, бұл қадам еліміздегі бизнестің дамуына тың серпін береді. Егер құжаттарды рәсімдеу процедурасын жылдамдатуға және кедендік, көліктік, санитарлық, фитосанитарлық, ветеринарлық-эпидемиологиялық қызметтердің өзара іс-әрекетіне шын мәнінде қол жеткізілетін болса, онда бұл Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын шынайы транзитті мемлекетке айналуына зор септігін тигізеді. Тағы бір атап өтерлігі, Қаржы министрлігі жасаған аталмыш бағдарламада кәсіпкерлерге кедендік процедураларды жүргізу және көліктік-логистикалық қызметтерді ұсыну бойынша біртұтас кеден терминалдарын құру қарастырылған. Сөз жоқ, мұндай терминалдарды салу үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет. Ел экономикасында белгілі бір қиыншылықтар болып жатқан қазіргі кезде бұл әрине бюджетке қосымша салмақ болары рас. Осыны ескерсе керек, еліміздегі кәсіпкерлер қауымы мұндай терминалдарды ұйымдастыру үшін мемлекет пен жеке сектордың әріптестігі негізінде, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар немесе басқа да құрылымдар арқылы кеден бекеттеріндегі өздерінің уақытша сақтау қоймаларының аумағын, ғимараттарын мемлекетке беруге ықылас танытып отыр. Бұл ұсынысқа Үкімет тарапынан әзірге ешқандай жауап берілмеді. Сөз соңында айтарымыз, кедендік бақылаудың ықпалдасқан жүйесі енгізілгеннен кейін өзге бақылаушы мемлекеттік органдардың бақылау қызметі азаяды деген түсінік қалыптаспауы тиіс. Бақылаушы құзіреті бар барлық мемлекеттік органдар Кеден комитетінің Шұғыл басқару орталығынан шынайы уақыт режімінде шекарада орналасқан кеден бекеттеріндегі қозғалыстарды көру және қажетті ақпараттар алу мүмкіндігіне ие. Түптеп келгенде, бірқатар бақылаушы органдар қызметтерінің Кеден комитетіне берілуі бір ғана мақсатты? елдегі шағын және орта бизнесті өркендетуді көздейді. Ал бұл жүйенің қаншалықты тиімді болатыны және өзін-өзі қалай ақтайтыны әрине уақыттың еншісінде.
Кедендік одақтың құрылуына байланысты еліміздің кеден саласына түсер жауапкершілік жүгі ауырлай қоймаса, жеңілдемегені анық. Кедендік одақ деген іс жүзінде кедендік кедергілері жойылған, өзара сауда-экономикалық қарым-қатынастардың жоғары деңгейдегі ықпалдастығын білдіреді. Әлбетте, бүгінгідей әлемді дағдарыс жайлаған қиын-қыстау күндерде мұндай ықпалдастықтың маңызы арта түсетіні белгілі.
Кеше Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті 2009 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, Кедендік Одаққа мүше ел ретінде мемлекетте атқарылып жатқан бірқатар істерге тоқталды.
Басқосуда Кедендік бақылау комитетінің өткен жылы атқарылған жұмыстарына кеңінен тоқталған аталмыш комитеттің Кедендік кірістер басқармасының бастығы Елена Канашинаның айтуынша, өткен жылы кеден саласы мемлекет бюджетіне 575,4 миллиард теңге құйып, алдын ала болжамдалған жоспарды 105,5 пайызға орындаған. Бұл әрине үлкен жетістік. Сондай-ақ оның айтуынша, Кедендік Одақ қызметін бастағалы еліміздің кеден саласына барынша көңіл бөлінуде. Аталмыш саланы дамытуға үкіметтен қыруар қаржы бөлініп, қазіргі таңда еліміздің кеден бекеттеріндегі жағдайды жетілдіруге күш салынуда. Атап айтқанда, еліміздің өзге елдермен шектесетін тұстарындағы кеден бекеттеріндегі жағдайларды реттеп, оларға қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар сатып алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыс әкімшіліктері де жұмылдырылмақ. Оның үстіне қазір кеден саласының алдында оңтүстік өңірдегі шекара мен Қытаймен шектесетін аймақтардағы шекараны нығайту басты міндеттердің бірі болып отыр. Сондықтан қазір кеден саласындағы жұмыс шаш-етектен десе болады. Өйткені кеденшілер тек Кедендік Одақ аясындағы шараларды ғана жүзеге асырып қоймай, кеденнің тікелей құзырындағы, яғни ішкі мәселелерімен де айналысулары керек. Ол аз болса, мемлекет биыл кеден саласына еліміздің бюджетіне 586 миллиард теңге кіріс әкелуді тапсырып отыр.
Бұл бағыттағы тағы бір айта кетерлік жаңалық жақында ғана, яғни қаңтардың 8-і күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қаржы министрлігі дайындаған «Қазақстан Республикасының Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Құжат сәтін салса, жазға қарай күшіне енеді. Кеден саласына аталмыш құжат аясында да бірқатар шараларды жүзеге асыру міндеті тұр. Жалпы бұл құжаттың басты ерекшеліктерінің бірі еліміздің кеден саласының заңнамаларының барлығын Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкестендіруді көздейтіндігі. Ал ол үшін әрине еліміздің Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы бізге нендей өзгерістер әкелмек? Біріншіден аталмыш құжат талаптары бойынша еліміздің Кеден кодексіне 1994 жылдың сәуір айының 15-інде Марракеште қол қойылған келісімдегі сауда және зияткерлік меншік құқықтарына қатысты талаптарды енгізу қажет. Жалпы еліміздің кеден саласының заңнамалары Дүниежүзілік сауда ұйымының аталмыш келісімінің талаптарына онсыз да сәйкес. Бүгінде еліміздің кеден органдары өздерінің құқықтарын кеден саласының күшімен қорғау жөнінде өтініш білдірген құқық иелерінің реестрін жүргізеді. Қазіргі таңда аталмыш реестрде 16 құқық иесінің 484 тауар түрлерінің атауы бар. Ал Дүниежүзілік сауда ұйымы келісімінің 58-ші бабы бойынша қосымша өкілеттіктер берілген. Бұл өкілеттіктер біздің заңнамамызда жоқ. Оған сәйкес құзырлы органдардың зияткерлік меншік құқығы бұзылғандығы жөнінде нақты деректер мен дәйектері болатын болса, олар құқық иесінің арызынсыз-ақ тауардың шығарылуы мен оның таралуына өз бетінше тыйым сала алады. Яғни кеденшілер контрафактілік өнімді анықтаған жағдайда немесе өнім реестрде тіркелмеген болса, оған бірден тыйым салуға құқықтары бар.
Баршаға мәлім, Елбасы Қаңтардың 7-сі күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кеден істері мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қол қойды. Қазіргі таңда еліміздің кедендерінде 5 түрлі мемлекеттік орган 6 түрлі тексеру жүргізеді. Атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті - шекаралық, Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-карантинді, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық және фитосанитарлық, Көлік және коммуникация министрлігі көліктік, Кедендік бақылау комитеті кедендік тексеру жүргізеді. Кедендегі тексерулердің осыншама мөлшердегі көптігі әрине, тауарлар мен көліктердің кеденнен өту кедергілерін жиілетеді. Сонымен қатар олар бір-бірінің қызметін қайталап, формальды түрде орындалатын талаптарды көбейтеді. Оның үстіне аталмыш тексерулерді толығымен жүзеге асыратын материалдық-техникалық базаның толық жетімсіздігі жұмыс тиімділігін төмендетеді. Сонымен қатар бүгінде тексеру жүргізетін мемлекеттік органдардың жауапкершіліктері де нақты, біркелкі емес. Ал алдағы уақытта осындай олқылықтардың барлығының орнын жабу үшін Қазақстан шекарасынан автомобиль өтетін орындарда ықпалдастырылған тексерулер жүргізілетін болады. Енді заңға енгізілген өзгерістерге орай, шекарада небәрі екі мемлекеттік орган ғана тексеру шараларын жүзеге асырады. Кеден қызметі кедендік тексеру жүргізсе, шекара қызметі шекаралық тексеру жүргізеді. Бұл ретте санитарлық-карантинді, ветеринарлық, фитосанитарлық және көлік тексерулерін кеден органдары жүргізетін болады.
Кеден саласы қызметкерлерінің пікірлерінше, аталған шаралар өткізу тіректеріндегі мемлекеттік тексеру жұмыстарын оңтайландырып, көліктердің себепсіз тоқтап тұруының алдын алып, мемлекеттік органдар жүргізетін рәсімдеу шараларын жылдамдатады. Ең бастысы, аталмыш шаралар халықаралық стандарттарға негізделген және оны халықаралық кеден ұйымы да қолдап отыр. Бұл реттегі халықаралық тәжірибе аталмыш шаралардың қаншалықты тиімді екендігінің тағы бір дәлелі.
Кедендік бақылау комитетінің Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Николай Ефимчуктың айтуынша, кеден органдары қазір өткізу тіректеріндегі көліктік, сантитарлық-карантиндік бақылауды толықтай қолға ала алады. Ал ветеринарлық бақылау мен өсімдіктер бойынша бақылау шараларын кеден қызметі өкілдерінің басшылығымен Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы жіберіліп отыратын мамандары жүргізеді. Бұған қоса заң жобасында бизнес өкілдері үшін әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі нормалар енгізілген.
Кедендік Одақ Қазақстан, Беларус, Ресейдің басын біріктіріп отырған іргелі шара. Бұл одақ елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қаншалықты игі ықпалын тигізетінін уақыт көрсетер, бірақ оның аясындағы жұмыстар еліміздің кеден саласындағы мәселелерді шешуге оң әсерін тиігізіп жатқандығы әлден-ақ байқалуда.
Біркелкі кедендік аймақ бізге не береді, оның бүгіні мен болашағы қандай? Бұл сауалдар еліміздің ертеңіне бей-жай қарай алмайтын әрбір азаматты толғандырары анық. Бұқаралық ақпарат құралдарында ол жөнінде әртүрлі қарама-қайшы пікірлер айтылып жүр. Әсіресе, тәуелсіз басылымдарда кедендік одақ Қазақстанға қайта отарлық қамыт кигізудің құралы, біз Ресейге экономикалық жағынан тәуелді болып, байланып қаламыз деген пікірлер жиі айтылып қалады.
Сиыр жылының соңында Ақмола облысы бойынша кедендік бақылау департаменті ірі салық төлеуші заңды тұлғалармен, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізіп, кедендік одақтың бүгіні мен болашағы жайлы ой бөліскен еді. Ақмола облысы бойынша кедендік бақылау департаменті кедендік кіріс бөлімінің бастығы Шынар Сәбиеваның айтуынша биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап кедендік одақ елдерінде біркелкі кедендік тариф енгізілмекші.
Қазақстан, Беларусь, Ресей мемлекеттерінде кедендік тариф әртүрлі деңгейде болып келген еді. Біркелкі кедендік тарифті енгізу, ортақ кедендік аймақ құруға жасалған алғашқы қадам болмақшы. Ал, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап кедендік одаққа мүше елдердің Кедендік Кодексі қабылданып, күшіне енбекші. Кедендік одақтың толыққанды жұмыс жасауы да дәл сол кезден басталатын болады. Яғни, бұрынғыдай шекерада кедендік құжаттау жүргізіліп, кәсіпкерлер сағаттап тұрмайды. Кедендік одақ елдерінің бірінде кедендік құжаттан өткеннен кейін, ол қайта құжатталмайды. Мұның өзі кедендік құжаттау үшін кететін уақытты және шығындарды біршама азайтады. Кедендік құжаттауға кететін шығындарды қысқартып, басқа да әкімшілік кедергілерді жоюдан ғана кедендік одаққа мүше елдердің жалпы ішкі өнімінің көлемі 2015 жылға қарай 15-18 пайызға артады екен. Сондай-ақ, кедендік одақ шекара асып жүріп-тұратын қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлердің кеден бекеттерінде сағаттап тұрып уақыт өткізбей, ең бастысы, қажетті тауарларын еш кідіріссіз тасымалдауына игі ықпалын тигізбекші.
Бұл біркелкі кедендік аймақ құрудың қарапайым халыққа беретін игіліктері, ал, оның залалды жақтары да жоқ емес. Кеден департаменті мамандарына жан-жақтан сұрақтарды қарша жаудырған кәсіпкерлердің сөздерінен «кедендік одақтың болашағы қандай болады» деген дүдәмалды ойларды анық бағамдағандай боласың. Мәселен, кедендік одаққа кіретін үш мемлекеттің кедендік тарифтерінің деңгейі әртүрлі. Қазақстанда ол аздап төмендеу болса, Беларусь пен Ресейде жоғарылау. Осыған орай, біркелкі кедендік тариф деңгейі қандай болмақшы? Егер, ол Ресей мен Беларусьтегі тарифтердің деңгейінде болып, көтерілер болса, онда бүгінде кәсіпкерлеріміз сол елдерден тасымалдап әкеліп жүрген халық тұтынатын тауарлардың бағасы да көтерілері анық.
Департаменттің кедендік бақылау басқармасының бастығы Асхат Ысмайылов алғашқы кезде халық тұтынатын бірқатар тауарлардың бағасының көтерілетіндігін теріске шығармады. Бірақ, ол уақытша құбылыс. Жалпы алғанда, кедендік одақтың іске қосылуымен бірге халық тұтынатын тауарлардың түрі мен көлемі көбейіп, уақыт өте келе, оның бағасы да түсетін болады. Ең бастысы – халықтың қажетті заттарды таңдап-талғап алуына мүмкіндік туады.
Кәсіпкерлердің көңіліне күмән ұялатқан кедендік одақтың тағы бір көлеңкелі тұсы, одақтың өз ішінде өндірілген өнімдердің кеден алымдарынан босатылып немесе жеңілдетілген төлемдер енгізілетіндігі де, ал, сырттан әкелінетін тауарларға салынар кедендік алымдардың бағасының артатындығы болды. Осыған орай, негізінен шикізат-ты экспорттаумен шектелетін Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің өндірген өнімдерін тұтынатын рыногы болып қала ма, бұның өзі «отандық өнім өндірушілердің жағдайына кері әсерін тигізбей ме?» деген сауал туындайды. Бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдары лизинг арқылы сатып алып жатқан алымдылығы жоғары шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларынан кедендік алымдардың көтерілуіне байланысты бағасының қымбаттауына орай бас тартуға, сөйтіп, Ресейдің «Вектор», «Дон» сияқты шетелдік техникалардан сапасы біршама төмен комбайндарын сатып алуға тура келмей ме. Бұл жағдай Ресей мен Белорусьтің өз өнімдерін шығаратын рынок ауқымын кеңейтіп, сол арқылы өнеркәсібін дамытуға игі ықпалын тигізері анық. Осыған байланысты Қазақстан сол баяғы кеңес заманындағыдай тек шикізат шығарумен ғана шектеліп қала бере ме?
Отандық кәсіпкерлерді толғандыратын бұл сауалдың жауабын Өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағы Ақмола филиалының директоры Асқар Әміржанов бергендей болды. Асқар Сұлтанбекұлының пікірінше, бір қарағанда тек шикізат шығаратын Қазақстан өндірісі дамыған, түрлі дайын өнімдер шығаруға маманданған Ресей мен Беларусьтің тұтынушысы ғана болып қалатын сияқты сезілгенімен, шын мәнінде уақыт өте келе ұтып шығатын болады. Рас, Ресей мен Беларусьте дайын өнімдер шығаратын кәсіпорындар көп. Бірақ, оның бәрі де кеңес заманында негізі қалған ескі кәсіпорындар. Онда шығарылған өнімдер әлемдік рынокта бәсекелестікке қабілетсіз. Ал, ол зауыттар мен фабрикаларды бүгінгі заманғы құрылғылармен жарақтандыру үлкен шығынға түседі. Керісінше, шетелдік компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құруды қолға алып жатқан Қазақстан таяу жылдарда сапасы жоғары, бағасы біршама төмен және бәсекелестікке қабілетті өнімдерді көптеп шығара бастайтын болады. Мәселен, қазір канадалық фирмамен бірлесіп «Джон-дир» комбайны мен ауыл шаруашылығы кешінін, сондай-ақ, Оңтүстік Кореяның компаниясымен бірлесіп жеңіл автокөліктерді шығару жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл өнімдер шыға бастаған кезде кедендік одақ елдерінің ішкі рыногында кедендік алымсыз сатылатын болады. Бағасы біршама арзан және сапасы жоғары бұл өнімдердің ресейлік ауыл шаруашылығы техникалары мен жеңіл автокөліктерден әлдеқайда өтімді болары анық. Қазақстан Үкіметі мұның бәрін ойламай, есептемей отыр деп айтуға болмас. Яғни, кедендік одақ болашақта Қазақстан үшін тиімді болатынында дау жоқ.
Бүгінгі күннің өзінде кедендік одақтың тиімділігін Ресеймен шекаралас аймақтардың тұрғындары мен шекара асып тауар таситын кәсіпкерлер сезіне бастады. Адамдар бұрынғыдай кеден бекеттерінде сағаттап тұрмай, заттарын қиындықсыз апаратын жеріне жеткізу мүмкіндік алуда.
