5-тақырып. М.Жұмабаев шығармашылығы
Мазмұны: Ақын лирикалары. Ақынның поэзия әлеміндегі кейбір ізденістері. Ақын поэмаларындағы шеберлік. Образдардың сомдалуы, сиволикалық мәні. Аударма саласындағы еңбегі.
1.Поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, өзіндік үлкен өрнек тудырған, нәзік сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгі ұрпаққа аманат етіп, «құйрықты жұлдыздай» жарқ еткен, тағдыры талай талқыға түскен, творчестволық жолы асу-белес, бұралаңдардан өткен ақын – М.Жұмабаев. жалпы ақындық беті Қазан төңкерісінен көп бұрын қалыптасқан Мағжан жаңа кезеңде көп нәрселерге байсалды жауап іздеп, адам өмірінің мәнін түсінгісі келген, соның құпиясын ашуға ұмтылған ақын. 1912 ж. алғаш «Шолпан» өлең жинағымен-ақ ерекше дарын иесі екенін танытты. «Мен кім?» өлеңіне ақын былай деп жауап береді:
Жалынмын мен, келсе жақын жанарсың,
Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.
Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ
Көз қырымен күліп қана қарармын
Мен өлмеймін, менікі де өлмейді.
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім-патша, өзім-қазы, өзім – би
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?
Бұл асып-тасу, астамсу емес, асылдық, жайдың жасынындай өткірлік.
Көрнекті ғалым Ш. Елеукенов Мағжан өнернамасын үш кезеңге бөліп қарастыруды ұсынады. Яғни, өлең өлкесіне қадам басқан уақытынан 1917 жылғы Ақпан революциясына дейінгі өмірін бірінші кезеңге жатқызады. Бұл кезең-ақын болып қалыптаса бастауының алғашқы сатысы. Медреседе оқып, Шығыс поэзиясымен танысуы, Абай өлеңдерімен жүздесу, орыс ақындарының шығармаларын оқып, еліктеп, жыр шығара бастауы-алғашқы сатысына тән құбылыс. Ақпан буржуазиялық революциясынан 1924 жылға дейінгі кезеңде ақындық өнердің қыры мен сырына қанығып, ақындықтың шыңына көтерілген тұсы. 1924 жылдан 1937 жылдың желтоқсанына дейінгі кезең-ақынның қайғы мен қасіретке толы кезең.
«Мен кім?» өлеңінде лирикалық қаһарман біртіндеп биіктеп, асқақтық сипат алады. Лирикалық қаһарманның еркіндік сүйгіш, ешкімге кіріптар болмайтын өрлігін, пендешіліктен жоғары тұратын қасиетін байқаймыз. Мағжанның ішкі дүниесі сыртқы ақиқаттан үстем болып тұр.
2.Оның лирикасының бір қырында-мұңлы толғаныс, өкіну және қайғы-қасірет, күйініш жатса, екінші қырында-романтикалық өршілдік, махаббат, сүйініш-күйініш, арман, мақсат, үміт жатады. 1918 жылдың өзінде Ж.Аймауытов пен М.Әуезов былай жазыпты: «Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер, көбінесе, Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт әм Ахметтікі. Бұлардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар, жүрегінің сезімін суреттейтін нәрсемен жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Олар сыршыл (лирик) ақындар».
Ақын тау туралы толғанысын, не дархан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл, не жер, күн, ай жайында айтсын, бірінші орында өзінің дүние түсінімі, ішкі жан-күйі тұрады. Сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебіренеді. («Көкшетау», «Жазғы түнде», «Тұранның бір бауында», «Қысқы жол», «Қайың», «Орман», «Жел»,т.б. өлеңдері куә.)
Ақын жырларында табиғат пен адамның жан-дүниесі бірге өріліп, астасып жатады. Мысалы: «Жазғы жолда»:
Дала, дала. Сар дала!
Жапан түзде бір қара...
Шілде. Оттай ыстық күн,
Дала елік, жоқ бір үн.
Жер де жатыр тұншығып,
Жол жыландай иірілген,
Шаң ерініп, үйірілген.
Ешбір леп жоқ, тып-тынық,
Көкте жалғыз бұлт жоқ.
Көктің түсі қызғылт көк,
Дүниені тылсым билеген,
Ыңыранған әлде кім,
Жылай ма екен әлде жын,
Перілер ме күйлеген?
Қарапайым ғана зат, көріністер мол сырға ие болып, жол, дала, көк аспан, бұлт-бәріне жан бітіп, адамның өзімен тілдескендей әсер қалдырады. Өзіміз қолмен көріп, құлақпен естігендей боламыз.
«Қысқы жолда»:
Ызғарлы жел долданып,
Екі мінінен дем алып,
Ішін тартып осқырып,
Кейде қатты ысқырып,
Аңдай ұлып бір мезгіл,
Екі санын шапалақтап,
Аузы-басы жыбырлап,
Асып-сасып сыбырлап,
Жерді жақан кебінді
Сүйініп, ақырын құшақтап
«Әпсүн» оқып үреді.
Аязға осылай «мінездеме беріп», тірі жандай суреттеу, әрі сол арқылы табиғи құбылыстың жұмбақ сырын көз алдыңа келтіру ақынның сезім тереңдігін көрсетеді, ал өлең оқушыны ерекше бір құпия күйге бөленді. Мағжан табиғат көрінісіне өзінің жан дүниесін қоса жырлайды.
Б.Кәрібаева: «М.Жұмабаев өлеңге романтикалық өң береді. Адам мен табиғатты қатар алып, араларында байланыс іздейді. Абай табиғатқа объективтік көзбен қараса, Мағжан субъектінің қатынасын жоққа шығармайды. Абай пейзажы жарқын, ашық, анық болса, Мағжан күлгін түсті, көңілдің торыққан бояуын жасырмай сырласады.»
Табиғат лирикасынан да Мағжан романтизмі айқын аңғарылады. Романтизмнің басты ерекшелігі: күнделіктегіден мүлде бөлек, адамның айрықша, оқшау сезімдерін жырлаумен байланысты.
Өмір шындығын асқақты жырлау дегеніміз – 2-ші сөзбен айтқанда – романтикалық әсірелеумен ажарлап, қызықтап суреттеу деген сөз. Романтизмнің негізінде қиялдану, арман ету, қиялдың шындықпен тепе-тең түсе бермеуі, білген, сезінген өмірлік фактілерді елес, емеурін, тұспал түрінде көрсету сияқты творчестволық принциптер жатады. Романтикалық шығармаларда адам әрекеті, өмір шындығы қарапайым табиғи қалпынан гөрі таңқаларлық ғажап көріністе, қиял дүниесімен ғана қисындырылған шартты түрде, ерекше махаббат, ерекше апат, жан толқындары түрінде елестейді. Бұған мысал М.Жұмабаевтың «Сырым» өлеңі:
Күлсем егер, есім шығып күлемін,
Жылағанда, қап-қара қан төгемін.
Қасым болса, қанын ішкім келеді,
Досым болса, жолында оның өлемін.
Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,
Мен сүйемін жан-денесін бергенше.
Жан денесін бірдей алам, улаймын
Қысып сүйем, құшағында өлгенше.
3.Ақын халық туралы, тұрмыс, жалпы елдің өмірі туралы толғаныстарында әлеуметтік тақырыпты дамытады. Әлеуметтік мәселелерге Абайдай терең бармағымен, өмір құбылыстарын онан бөліп, аулақ қалдырмаған. Қоғамдағы адам орны, оның жайы, күйі туралы ой-пікірлері көптеген өлеңдерінен молынан көрінеді. Жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, оқу-ағарту, ғылым-білім, енжарлық сияқты ежелгі ұғым-байламдар Абайда қалай терең көрінген болса, Мағжан да бұл жайлардан тыс қалмайды. Өлеңдерінің көбінен-ақ өнер-білімге, ізгілікке, жарыққа шақыру лебізі мол табылды. «Осы күнгі күй»:
Ойламай отқа түскен неткен жанбыз,
Сөз ұқпас, мылқау, меңіреу, жүрген жалғыз.
Көрінбес көзге түртсе қараңғыда,
Япырым-ай, қалдық па рас, тіпті алаңсыз?!
Осындай сөз арқауы Абайға ұқсайды, бірақ ашынған жүректен шыққан шымыр жолдар жиі ұшырайды.
Ол қазақты надандық тумасынан айықтырудың басты емі – оқу-ағарту мәселесін түбегейлі шешу деп түсінген. «Сорлы қазақ», «Жазғы таң», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Қазағым», «Жан сөзі» т.б. өлеңдерінде жұртты өнер-білім алуға шақырады.
«Туған жерім Сасықкөл» өлеңінде ата-қоныс, құт, ынтымақ пен бірліктің бесігі болған әсем жердің келімсектердің қолына өтіп кете ме деп абыржып, мұңға, қасіретке батқан көңіл күйі байқалады:
Білмеймін не боларың, қайран көлім,
Жарайды тең болмаса, күн мен түнің,
Итиіп қара шекпен келіп қонса,
Басыңнан құсың ұшып кетер сенің.
Мағжан поэзиясының қос қанатындай мұңды, сазды, кейде қайғылы, әрі алға тартатын романтикалық әуендері ақынның дүниетанымының өзгешелігін аңғартады. М.Жұмабаевтың ақын болу, қалыптасу кезеңі қазақ тарихындағы, 1 жағынан, ояну, 2-ші жағынан, жаңа жол іздеп, дағдару дәуірімен тура келеді. Осындай қым-қиғаш, қарама-қарсылығы мол дәуір жайын М.Жұмабаев өз өлеңдерінде көрсете алды. Бұл тұстағы «Пайғамбар», «Күншығыс», «Жер жүзін топан басса екен», «Бостандық», «Орал», «Орал тауы», т.б. өлеңдерінен заман көтерген әлеуметтік, әрі рухани жайларды анық байқауға болады.
4.Шығыс пен Батыс мәселесі ақын жырларынан мол орын алады. Ол өзі Шығыс өкілі ретінде Шығысты пір тұтады, осыған сенеді және үміт артады. Ажалдық қара бұлты болған Батыс кесепатын сақтандырады. «Пайғамбар»:
Күнбатыста қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер,
Тәңірісін табанына таптаған...
Қайғыланба, соқыр зорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Түннен туған пайғамбар.
Ақын жалпы «Күн» дегенді көп айтады. М.Базарбаев: «Мұны, 1-ден, түн мен күнді егіз деп қараудан, бірінсіз бірі жоқ деуден туған деуге болады. 2-ден, сол түнді күнге жеңдіру, уайым, қайғы, түнек символы түннен күнге, жарыққа, жылуға анық ұғылатын көңіл күйі көрінеді.» - дейді. Ақын Батыс пен Шығыс аралығына айрықша мән береді. Бұл арады Ж.Аймауытовтың тұжырымдарынша, «Бостандық», «Күншығыс», «Пайғамбар», «Түркістан» атты өлеңдерінде немістің идеалисі О.Шпенглердің әсері болуы мүмкін дейді, өйткені 20-шы жылдары оның «Еуропаның күйреуі» деген кітабы орыс тілінде жарық көрген болатын. А.Блок «Скифтер»:
Милионы – нас, нас – тьмы, и тьмы, и тьмы,
Попробуйте, сразитесь с нами!
Да, скифы – мы! Да, азиаты – мы –
С раскосыми и жадными очами!
«Орал тауы» атты өлеңінде автор тілі бір, діні бір, түрі бір, ділі бір, әдет-ғұрпы, салты ортақ түркі халықтарының бүтіндігін қамтиды, тозған қазды топтанған қарға алатынына меңзейді:
Ер түрік ен далаға көрік еді,
Отырса, көшсе, қонса – ерік еді,
Тұрғанда бақыт құсы бастарыңда
Іргесі жел – күн тимей берік еді.
Түркі халықтарының береке-бірлігі тоза бастағандықтан, ниеті бұзық, діні, тілі басқа отаршылдардың жеміне айналып, ұрпақ алдында кешірілмес күнәға батты дейді.
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой,
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңірі берген несібі ғой
(«Түркістан»)
Алайда М.Жұмабаев Шығыс пен Батыс туралы біраз екпінді, қуатты өлеңдерінен кейін, ішкі жайға, өз халқының тағдырына қарай ауысады. («Тұранның бір бағында», «Көктемде», «Көкшетау» т.б.). ақын өткенге, өткен тарих жолына баса көңіл бөледі. Біраз туындыларында тарихи жағдайлар хақында толғанса, ен бір дүниелерінде ежелгі ескі мекенге үйлеспей жатқан жаңалықтарды айтады. «Айда атыңды Сәрсенбай», «Жазғы қала», «Шойын жол» сияқты өлеңдері 20 жылдары біраз айтыстың обьектісіне айналған. Әңгіме төркіні өлеңде қаланы қазақ ауылына қарсы қою жайында болған. Жартылай феодалдық қалыптағы қазақ ауылы үшін жаңалықтар күшпен басып енгендей әсер етті де, дала сазының жайына бірден етене болып кете қоймайды. Ақыннды сынаушылар мұны ескермеді:
5.Мағжан өлеңдерінде қайғы-мұң мәселесі ерекше орын алады. Кезінде социализм заманында бақытсыздық болуы мүмкін емес, совет адамдары әрқашан да бақытты деген теория бекіген болатын. Ал Мағжанның элегиялық өлеңдері күн бар жерде қайғы да жоғалып кете қалмайтынын, тіпті қапалана білмеген адамның шаттықты бағалауда да кенже қала беретінін дәлелдейді. Басқалар аз ескерген мұң-шерге бет бұрған Мағжан оны өзінше біліктетіп, шарықтатса, ол да өмірінің қат-қабат сырын жан-жақты ашу талабына бағындырылған.
«Мені де, өлім, әлдиле»:
Қажыдым енді, күш бітті,
Көңілсіз, салқын, күн бұлтты.
Жел бұйығып тербелген.
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін
Әңгіме ғып күңіренген.
Жел, күңіренбе, жасың тый
Өлім күйі - тәтті күй
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле.
«Мағжанның лирикалық қаһарманының күресті қалайтыны өлеңдерінің өн бойынан байқалып отырады. Демек, әрі таусылдым деп, тағдырға мойын сұну, тіпті, балқу; әрі өктем күш иелерінің соншалық тізе батыруын көрсету, яғни алмасып отыруы – айқас қаталдығын да, қол қусыру мүмкін еместігін де қатар өрбітеді».(Жүсіпов).
М.Жұмабаев романтизмі дегенде, ерекше сипаттағы лирикалық қаһарманды мүсіндеу үшін де ерекше бір жағдайды алатынын айту керек. Демек, лирикалық қаһармен әрекет ететін орта да әдетте жиі кездесетіннен мүлде бөлек, айрықша болып келеді. Мысалы, «Жаралы жан» өлеңінде:
Жаралы құба жонда кім зарлаған?
Қансырап қанын жұтып кім сарнаған?
Қайғылы сар даланы күңіренткен,
Зарына адам шыдап тұра алмаған?
Бұл – қазақ тәңірге зар еткен қазақ,
Қиналып, қанды азап шеккен қазақ.
Әйтеуір қанды азаптан құтқарар деп,
Оқыған азаматын күткен қазақ.
Азамат. Анау қазақ қаным десең,
Жұмақтың суын апар, жаным десең.
Болмаса, Ібіліс бол да, у алып бар,
Тоқтатам тұншықтырып зарын десең!..
Яғни оқырман жаралы жанның қиналысын көріп, жер наласын естіген сайын, бүкіл қазақ халқының тағдыры туралы кең ойлауға әзірленеді. Демек, жаралы жанды нақты суреттеу де жалпы қазақ халқының сол іспетті жағдайына назар аударту тәсілі.
Мағжан – романтик қана емес, үлкен символист ақын. Онда да ол кесек суреткерлік танытады. Символизм де әдебиет тарихы тәжірибесінде, ғалымның түсіндіруінде ауыз әдебиетінің сұранысына ғана жауап бере алады. Ал Мағжан творчествосында , керісінше, көркемдік өрлеу кезінде пайдаланған бірден-бір тиімді тәсілдердің бірі..
Мағжан – көркемдеу тәсілімен реалист емес, символист,. Зұлмат заманынының нақты суреті бейнеленіп береді.
6.Ақын жүрегін жарып шыққан өлеңдерінің үлкен бір тобы – сүйіспеншілік, махаббат лирикасы. «Гүлсімге», «Жәмила», «Махаббат не?», «Сен сұлу», «Жас келін» т.б. өлеңдері қазақ қыздары мен қазақ әйелдеріне арналады, олардың сыртқы да, ішкі де сұлулықтарын көтере жырлайды. Жалпы сүйіспеншілік, махаббат туралы, қыздың, әйелдің сұлу, көркем суреті, мінезі; іс-қылығы туралы өлеңдері Мағжан поэзиясының өнімді, әрі тартымды саласы. Басқа да өлеңдеріндегі сияқты, ақын мұнда да терең сезім құшағында, жүрек тербелісінде.
Жұмақтың жібек желінен,
Жайнаған мәңгі гүлінен,
Жан иісіне аңқытып,
Күміс кәусар суынан,
Суының алтын буынан,
Бетінде нұрын балқытып,
Көктің батпас күнінен
Періштелер үнінен
Жұмақта хорлар лебізінен,
Өз нұрынан нұр бөліп,
Сезгіш, сүйгіш жан беріп,
Махаббат, рахат теңізінен –
Жаратты тәңірі әйелді
Бастасын деп бар елді
Туралық, шындық жолына!
Мағжан жырлауында шын махаббат азап жолы, қуаынышы мен өкініші аралас, кейде қатар жүреді.
Махаббат – бір тікенек
Жүрекке барып қадалар.
Бақытсыз ғой бұл жүрек
Тамшылап одан қан ағар
Махаббат – бір тәтті у
Ішер жүрек, төгер жас, -
дейді. Ақынның махаббат жайындағы түсінігі осылай ірі, әрі терең болғандықтан ол жайындағы теңеу, метафоралары да ірі, кесек болып келеді.
Шын махаббат теңізінен
Жаратылған әйел сұлу,
Тұрмыс деген бір тұзаққа
Азға емес тым ұзаққа
Кез болыпты – ішіпті у.