Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
зін-зі тану маліміне арналан хрестоматия I ТОМ СИЕТ ГІМЕЛЕР.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.92 Mб
Скачать

Адалдық

Ж.Садықова

Қаншайым апайдың екi ұлы бар. Үлкенi – Алмас сегiзде, кiшiсi – Алмат алтыда. Бiрде олардың анасы базардан мандарин алып келдi. Екеуi қуанып бiразын жедi.

Қалғанын ертең жемек болып келiстi. Түнде Алмас iнiсiне бiлдiрмей, тағы да үш мандарин жеп қояды.

Алмас ертеңiне кiтап оқып отырса, Алмат мандариндердi алып келiп: «Кешегi келiскенiмiздей тең бөлiп жейiк», – деп бес-бестен бөлдi.

Бiреуi артық қалғанын көрген Алмат: «Сен үлкенсiң ғой, мынаны сен же», – деп алтыншысын Алмасқа ұсынды. Түндегi ұрлығы есiне түскен Алмас қатты ұялды. Оның мандаринге зауқы соқпады.

  • Алмастың ұялуына нендей жағдай себеп болды?

  • Алматтың бойынан қандай құндылықтар мен қасиеттерді байқауға болады?

  • Кімнің бойында сүйіспеншілік, қамқорлық басым деп ойлайсыңдар?

  • Осындай жағдай сендердің өмірлеріңде болды ма? Әңгімелеп беріңдер.

Алтын шеттеуік

Ы. Алтынсарин

Бір үлкен мейрам алдында, әкесі балаларын қуанту үшін үйіне әртүрлі жеміс алып келді. Леночка деген кіші қызы сол кептірілген көп жемістің ішінде сырты алтындаған шеттеуіктерге қызығып, соны маған бер деп қоймады.

Шешесі айтты:

– Бұл шеттеуіктер тек әдемілікке істелген, мыналарды ал, – деп, бөтендерін беріп еді, Леночка жылай бастады:

– Мен қара шеттеуікті алмаймын, алтын тыстысын аламын, оның ішіндегі дәні де тәтті шығар, – деп. Шешесі тіл алмайтын қисық баланың дегенін істегеннен артығы жоқ екенін ойлап, Леночкаға алтын тыстыларын, басқабалаларына бөтен шеттеуіктерді таратып берді. Леночка қуанып шеттеуіктерін дереу шаға бастады, қараса, бірінің де ішінде дәні жоқ, бос қабықтар екен. Мұны көріп қасындағы балалар мазақтап күле бастады.

Сонда атасы айтты:

– Бұл шеттеуіктер жеу үшін істелген емес, тек көзге әдемі көріну үшін қойылған; мен шеттеуіктердің бос қабығын алып, сыртын күміспен бояп қана қойып едім, екінші рет не нәрсенің де құр сыртына қарап қызықпа, асылы ішінде болар, – дейді.

  • Неліктен заттың сыртына қарап бағалауға болмайды?

  • Заттың асылы ішінде болар деген сөзді қалай түсінесіңдер?

  • Сендердің өмірлеріңде осындай жағдай болды ма? Әңгімелеп беріңдер.

  • Неліктен әдемі нәрсенің барлығы үнемі жақсы бола бермейді? Себебін түсіндіріңдер.

Жалқаулық пен Қиыншылық

І. Төлен

Жалқаулық пен Қиыншылық адамдарға тигізер зияндары туралы бір келісімге келе алмай, Бақытқа келіп жолықты.

– Неге келдіңдер? – деді Бақыт оларға.

– Біздің келген себебіміз, мына Қиыншылық айтады, менің адамдарға зияным жоқ, сенің ғана зияның бар, – дейді.

– Ол дұрыс айтады, – деді Бақыт, – өйткені сен, Жалқаулық, үнемі зиян әкелесің. Қиыншылық та үнемі зиян әкеледі, бірақ арты пайдаға айналады.

– Қалайша? – деді Жалқаулық.

– Қиыншылық көрген адам еңбектеніп, сол қиыншылықтан шығу жолдарын іздейді. Қиыншылық адамның жолын уақытша бөгейді. Ал сен оның жолын үнемі бөгейсің, – деп Бақыт жауабын аяқтады.

  • Әңгімедегі қарама-қайшылықтың мәні неде?

  • Неліктен Бақыт қиыншылықтың әрекетін дұрыс деп бағалады?

  • Қандай құндылықтар қиыншылықты жеңуге көмектеседі?

  • Өздерің осыған ұқсас жағдайға тап болсаңдар, не істер едіңдер?Әңгімелеп беріңдер.