Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
зін-зі тану маліміне арналан хрестоматия I ТОМ СИЕТ ГІМЕЛЕР.docx
Скачиваний:
7
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Шығыс ұлына хат80

Шығыс ұлы!

Біздің қазіргі уақыттағы орнымыз қанды майдандағы қызу ұрыста ғой. «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай» біздің ісіміз бітпейтін нағыз қызу кезең осы емес пе, Шығыс ұлы!

Шығыс ұлы! Сонау туған өлкең Арқаны есіңе түсірші. Ондағы мейірімді халықты, бізді тәрбиелеп өсірген Отан-ананы еске түсірші! Сен соларды сүйетін едің. Бүгін сол шын махабатты іс жүзінде көрсету керек болып отыр.

Отан деген бір-ақ сөз. Бірақ осы сөздің мағынасына тең келер ешбір сөз жоқ. Сол ардақты Отан бүгін қауіпте тұр.

Менің көз алдыма: «Қарағым, ұлым, тағдырым сенің қолыңда» деп тұрған ізгі ана – қазақ әйелінің бейнесі келеді. Бұл маған Отан өміріне төнген қауіпті аңғартады. «Ұланым, туған еліңді сақтап қал!» дегендей болады. Осы лебіз жанды жанып, күш-қуатты тасытады.

– Сақтаймыз, ана, өміріңді сақтаймыз, – дегің келеді, сөзбен емес, іспен ақтауға ұмтыласың.

Ел қорғауға ер намысымен аттанған біздің алдымызда үлкен бел жатыр. Шығыс ұлы! Туған елдің келешегін сақтауға біз міндеттіміз. Ендеше қазақ қыздарының ғасырлар бойы «Елім-ай» деп сары даланы күңірентіп салған зарлы әнін бүгінгі күні жаңа күймен ұрыс алдында біз шырқасақ, оның айып-шамы жоқ. «Елім-ай» – елін сүйген қыз жүрегінен шыққан ән. Елін сүйген ер жігіт қазіргідей заманда «Елім-ай» десе, ол – ант! Ол – серт! Ұрыс алдында жауынгердің жүрегіне төтенше махаббат құймақ. Шығыс ұлы, кел, шырқатып «Елім-айды» салайық. Қайғымен емес, жауға бермейміз елімізді деп, жігерленіп салайық; қасіретпен емес, ел үшін, жер үшін өлімге қарсы жүреміз деп, серт беріп, «Елім-айға» салайық.

  • Хаттың басты құндылығын қалай түсінесіңдер?

  • Өмір тек бақытты сәттерден тұра ма?

  • «Елім үшін жаным құрбан» деген мақалды қалай түсінесіздер?

  • Елі үшін жанын пида еткен қандай ерлерді білесіздер?

Атасының баласы81

– Мұқыштай, әй, Мұқыштай! Аталарыңмен амандас…

Үйден жүгіре шыққан бес жасар Мұқыштай атасының достарына үлкен кісілердей «ассалаумағалейкум» деп маңғаздана қолын ұсынды.

– Уаға-лей-кум-уәс-салам! Бұл қай бала?

– Атамның баласымын!

– Атаңның аты кім?

– Бірлік…

– Өй, сен өзі үлкен кісінің баласы екенсің ғой… Әй, Біке, мына бала Талапқа ұқсап кеткен бе, қалай

өзі?!

Қағыта сөйлеген – Айтбай ақсақал. Әйтеуір келген сайын Мұқыштайдың есіне Алматыдағы Талап көкесін салып, атасының қитығына тие береді.

– Е, көкесі болған соң, тарта береді де…

Мұқыштай еркелей келіп, атасының тізесіне отырып алды. Әжесі шай қамымен зыр жүгіріп жүр.

– Ата-ата, білесің бе, бүгін балабақшада Күлтәй апай: «Сен Талаптың баласысың» деп айтты…

Бірлік ақсақал дәп біреу қара саннан шымшып алғандай шоршып түсті.

– Е, сен не дедің?

– Мен бе? Мен атамның баласымын деп айттым.

Қариялар Мұқыштың сөзіне мырс-мырс күліп жіберді.

– Әй, бұлардың іші қу ғой… Қарашы қутыңдай қалуын…

Әжесі бұл уақытта шайды да қамдап үлгерген еді. Бірлік ақсақал мына мысқылды тез тиғысы келді

ме: «Ал, ниет қылыңдар» деп қолын жая қойды. Үлкендер бір-бірін сыйлап, «сен қайыр» десіп

жатқанда Мұқыштай атасы үйреткен батаны судырата жөнелді…

– Дастарханың тоқ болсын, уайым-қайғың жоқ болсын, бақ-дәулет берсін бастарыңа, ғұмыр берсін

жастарыңа, бәле-жала, жын-шайтан, жоламасын қастарыңа. Әумин. Аллаһу акпар!

Дастархандағылар не дерін білмей, баланың батасына бет сипасты. Мұқыш болса, манадан бері өзі

аңдып отырған 3-4 кәмпитті дастарханнан іліп алды да, төргі бөлмеге қарай зып берді.

Осыдан бір апта бұрын Мұқыштайдың Ерейментаудағы нағашылары келген. Жиендері мінсін деп,

бір жирен қасқа тай да ала келіпті. Ауызғы бөлмедегі ақсақалдар сол тай жайлы ауыздарының суы

құрып, әңгіме-дүкен құрып отыр.

– Ерейментау мен Үйсінтаудың арасы қанша шақырым болады екен?

– Мың бес жүз шығар.

– Е, балаңның нағашысы ер-ақ екен. Соншама жерден «қырық шұбар тайды» көлігінің тележкісіне

тиеп әкелу оңай ма?

«Қырық шұбар тай» деген сөз Мұқыштайдың құлағына біртүрлі естілді.

Ауызғы бөлмеге жүгіріп шығып, шалдардың әңгімесін бұзып жіберді.

– Ата-ата, «қырық шұбар тай» деген немене?

– Е, балам, «қырық шұбар тай» дегенің – жиенге жасалатын жоралғы. Кейбір қазақтар мұны

«жиенқұйрық» деп атайды. Ертеректе бабаларымыз қыздың баласына қырық шұбар тай немесе

қырық серкеш сыйға тартатын болған.

– Нағашы атам маған бір ғана тай сыйлады ғой. Енді тағы көп тай әкеліп бере ме?

– Жоқ, балам, осы бір тайың қырық жылқыға татиды…

Қонақтар: «Балаңның дәмесі зор ғой» десіп, тағы да күліп жіберді.

Мұқыштай енді «қырық шұбар тайын» анықтап бір көру үшін далаға бет алды.

Жирен қасқа алдындағы шөпті қырт-қырт шайнап тұр екен. Кеше ғана онға дейін санап үйренген балақай «қырық деген көп сан» деп ойлады. Сандарды лезде жаттап алған немересінің ықыласына қарап, атасы: «осы балаға бәрін ұқтырып жүріп, санауды неге ертерек үйретпегенмін» деп қамығып қалып еді. «Қап» деді Мұқыштай. «Бүгін атама қырыққа дейін санап үйрет демесем… Кейін тайым ат болғанда, мен жігіт боламын. Арғымағыма ер саламын да, құстай ұшып, Ерейментаудағы нағашыларыма барамын. Атам мен әжемді қалай ертіп алсам екен. Олар да атпен барады. Жоқ, кәрі кісілер атпен алысқа жете алмайды ғой. Е, олар Талап көкемнің көлігімен барсын»…

– Мұқыштай, әй, балапаным, аталарыңның қолына су құй…

Баланың әп-әдемі басталған қиялы кілт үзіліп қалды. Қолына құмғанды ала сала жүгірді.

«Жігіт болды деген осы. Көсегең көгерсін!». «Талап көкең секілді дәу жігіт бол!». «Атаңа келін түсіруге жарап қалыпсың, аман бол!».

Үлкендердің батасын алған Мұқыштайдың мерейі өсе түсті. Атасы ылғи да «үлкендердің батасын алып жүр» деп отырады.

Бүгін Мұқыштайды апайы жер-көкке сыйғызбай мақтады. Өйткені, ол кісі балаларға әнұранды жаттатқызбақ екен. Мұқыштай суырылып алға шықты да: «Менің елім, Менің жерім» деп рухты әнді әуелете шырқап қоя берді…

– Мұқыштай, сен әнұранды қайдан білесің?

– Атам үйретті… Мен жеті атамды да, «қырық шұбар тай» дегеннің не екенін де білемін.

– Балалар, қараңдаршы, Мұқыштай білімді бала екен ғой.

– Апай, білесіз бе? Менің үш атам бар. Бірінші – Абай атам! Ол – менің ғана емес, барлық балалардың атасы. Екінші – Нұрсұлтан атам. Ол – еліміздің басшысы. Үшінші – Бірлік атам. Мен оған: «Нұрсұлтан атамды «соғым басыға» шақырайықшы» деп айттым…

– Атаң не деді?

– Атам, Құдайдан тілесең, ол кісі үйімізге қонаққа келеді деп айтты.

Өзге бүлдіршіндер әнұран жаттап жатқанда, Мұқыштай тәтті қиялдармен отырды.Алматыдағы Талап көкесін, Айгүл жеңешесін, Асыл қарындасын ойлады. Олар ауылға қашан келеді екен? Әжесі көкесі мен жеңешесінің тағы да бір бөпе сатып алғалы жүргендерін айтып еді. Ұл сатып алады ма екен, жоқ әлде қыз… Атасы бірде Талап көкесіне: «Не үй жоқ, не күй жоқ. Қаңғығаның жетер.

Балаларды елдің босағасына телміртпей, ауылға көш» деп ұрысқан еді. Талап болса: «Көрерміз» деген басы салбырап… Мұқыштай көкесі мен жеңешесін қатты сағынғанын аңдады. Кенет кешегі түсі ойына оралды. «Жирен қасқа тайымен Алматыға барыпты. Талап көкесі: «Неге келдің?» деп сұрайды. «Сендерді әкетуге» дейді бұл. «Е, онда біз дайындалайық» дейді ол. Дәл осы тұста оянып кетіп еді.

– Мұқыштай, әй, Мұқыш, әжең келіп тұр.

Мұқыш атып тұрып, жинала бастады.

Әжесі айналып-толғанып, қасында жүр.

– Балапаным, құлыным сол… Атаңнан сүйінші сұрайсың… Талап көкеңдер қыз сатып алыпты. Шақалақты қырқынан шығарған соң, біржола көшіп келеміз депті.

– Әже, сүйінші деген немене?

– Ой, атаңнан сұрап аларсың… Бол тез, ботам! Тіл-көзім тасқа. Аман болыңдаршы, әй-теуір… Осы шал да қызық. Үйде жүре беретін баланы «дитсадқа» бергізіп… Мұқыштай атасына жетуге асықты. Сүйінші сұрамақ. Сүйінші деген немене? Сендер де ата-әжелеріңнен, әке-шешелеріңнен сұрап, біліп алыңдаршы… Ал Мұқыштай бірер минуттан кейін-ақ бұл сұрақтың жауабын табады.

  • Атасы Мұқыштайға нелерді үйретті?

  • Сүйінші деген немене?

  • Сіздер ата-әжелерге қалай құрмет көрсетіп тұрасыздар?

  • Балалардың алғыр болып өсуінде үлкендердің ықпалы қандай екен?

Аңғал82

Демалыс күні болатын. Айдар мектепке барып, алаңда достарымен доп ойнауға үйден шықты. Есік алдында әпкесі кір жуып жатыр екен. Көре сала үлкен киімдерді сығуға көмектесіп жіберуге шақырды.

– Жоқ, әкпе, мен ондай ұсақ-түйек жұмысқа қолқабыс ете алмаймын. Оны ана Қайнар боқмұрынға айт... Сол көмектессін. Менің басқа шаруам бар.

–Жұмыстың үлкен-кішісі бола ма екен, Айдар? – деді әпкесі күліп.

–Болмағандашы... Қайнар боқмұрын қанша тырысқанмен мен істеген істі істей алмайды ғой. Оның сыртында...

– Болды... болды... Көп сөйлемей бара бер. Өзім-ақ бірдеңе қылармын.

Артына қайырылмаған Айдар қақпадан шығып жүре берді. Есік алдынан сәл ұзаған соң оңға қарай бұрылып, өрге қарай тартты. Өйткені, мектеп сол жақта болатын.

Орта жолда үлкен көл бар еді. Балалар мектепке барғанда көл шетін жағалап өтетін. Айдардың сол маңға жеткені сол, әлдекімнің су ішінде тұншыға бұлқынып, малтығып жүргенін көрді. «Дәуде болса, суға түсіп кеткен біреу болар» деп ойлады.

Өзін үлкен адамдардай сезінетін Айдар елеулі бір еңбек жасауды көптен ойлап жүретін. Мынау соның ойда жоқ тап келген орайлы сәтіндей көрінді.

Қайта көз тоқтатып қарағанда, суды шалпылдатып, жанталасын жүрген адамның үлкен кісі емес, кішкене бала екенін аңғарды. «Онда тіпті жақсы, – деп ойлады ішінен, – құтқаруға жеңіл».

Айдар жалма-жан сырт киімдерін шешті де, көлге қарай жүгірді. Мөлдір айдында еркін жүзуді жақсы меңгерген бала бірден тереңге сүңгіді де,нысанаға қарай тура тартты. Іле жетіп барды да, су ішінде тырбаңдаған сирақтан ала салып, қайта жағаға қарай тартты. Әбден шетке шығып, қайраңға жеткенде байқады, құтқарғаны шынымен-ақ кішкене бала екен. Бірақ, екі көзі бақырайып қорқып кетіпті. Суға тұншығып, әзер жаны қалған кісіге ұқсамайды. Шошына қарап безе жөнелуге шақ тұр. Бетінің суын сүртіп:

– Сіз кімсіз, аға? – дейді үрдірейіп.

– Мен – Айдармын. Сені құтқарып жүрмін.

– Жоқ... аға... мен суға түсіп кеткем жоқ. Жай... малту үйреніп жүрмін...

– А?.. Мен...

Сонда ғана көзі шалды: бала беліне суға батырмайтын дөңгелек малтағыш байлап алған екен. Ішіне жел толып, тырсиып тұр. Қандай қауіпке де жібере қоймастай.

Айдардың ұяттан жүзі қып-қызыл болып кетті.

– Кешір, – деді баланың басынан сипап, ыңғайсызданып, – мен сені суға батып бара жатыр екен деп қалыппын... ренжіме...

Мән-жайды білген соң бала да күлді кетік тісін көрсетіп. Сәлден соң бұрылып кетіп бара жатқан ол: Аға, сіз жақсы адам екенсіз. Сізге көп рақмет, – деді дауыстап.

Өз ісіне қатты қысылған Айдар да аз-кемнен соң желкесін қасып жолына түсті.

  • Әпкесінің Айдарға өтініш айтуыдағы мақсаты не?

  • Ал Айдардың берген жауабы дұрыс па?

  • Айдардың Қайнарға деген көзқарасын қалай түсінуге болады?

  • Айдардың орнында болсаң, әпкеңнің өтінішін жерге тастайсың ба?