Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
зін-зі тану маліміне арналан хрестоматия I ТОМ СИЕТ ГІМЕЛЕР.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.92 Mб
Скачать

Бақ, Дәулет және Аман

А. Сейдімбек

Ерте, ерте, ертеде ме, бәлкім, осы күндерде ме, көп жасаған, көпті көрген, ақ сақалды бір қарт болыпты. Қарттың кішкентай ғана сүйкімді, тілалғыш немересі бар екен. Бұлар туған жердің төсінде, тас бұлақтың басында, қоңыр үйін тігіп, құба төбел тірлікпен күн өткізіпті.

Күндердің бір күнінде қарт үй ішінде дамылдап, немересі есік алдында ойнап отырады. Әлден уақытта күннің шығысынан бір аттылы адам көрінеді. Келген бетте:

– Ау, балақай, үйде кім бар? Кім де болса хабар бер, Бақ келіп тұр де. Ұзақ жолдан шаршап келемін!– дейді.

Немересі жүгіріп келіп, үйдегі атасына айтады.

Сонда атасы ақ сақалын тарамдап, ойға шомып отырып, былай депті:

– Жасым тоқсанның тоғызына келді, басым аман, бауырым бүтін, бала көрдім, немере сүйдім. Мен білетін бақ осы еді ғой. Егер басқа Бақ болса, ол осы уақытқа дейін қайда жүрген? Жо-жоқ, шырағым, жолынан қалмасын!

Бұл сөзді естіген бақ жөніне кетеді.

Әлден уақытта күннің батысынан бір адам көрінеді. Қарттың немересі оған аузын аша таңырқап қарайды. Сән-салтанаты келіскен біреу: елде жоқты мініпті, күнде жоқты киіпті, атының ауыздығы алтыннан, тағасы күмістен екен. Ол да келген бетте:

– Ей, балақай, үйде кім бар? Кім болса да, хабар бер, Дәулет келіп тұр де. Ұзақ жолдан шаршап келемін!– дейді.

Немересі жүгіріп келіп, үйдегі атасына айтады.

Сонда атасы ақ сақалын тарамдап, ойға шомып отырып, былай депті:

– Жасым тоқсанның тоғызына келді, басым аман, бауырым бүтін, бала көрдім, немере сүйдім. Мен білетін дәулет осы еді ғой. Егер басқа Дәулет болса, ол осы уақытқа дейін қайда жүрген? Жо-жоқ, шырағым, жолынан қалмасын!

Мұны естіген Дәулет те жөніне кетеді.

Әлден уақытта түстік жақтан тағы бір аттылы адам көрінеді. Күнде көріп жүретін ауыл адамдарына ұқсас қарапайым біреу. Бір түрлі мейіріммен тіл қатады:

– Уа, балдырған, есен-саумысың? Бар бол, шырағым! Үй ішінде үлкенің бар ма? Хабар бер, Аман келіп тұр де. Ұзақ жолдан қажып, ыстық күннен шөлдеп келемін.

Немересі бұл жолы да жүгіріп келіп атасына айтады. Сонда атасы орнынан тұрыпты. Сол бетінде сыртқа шығып, келіп тұрған жолаушыға қол қусырып былай дейді:

– Е,е, жолаушым, аман болсаң төрім сенікі. Атыңнан түс, беліңді шеш, жоғары шық. Бақ та, дәулет те елдің тыныштығында, ердің амандығында, заманның бейбітшілігінде ғой. «Аман ердің аты шығады» деген, менің қамқорым болғайсың!

Ақ сақалды адамның Бақты, Дәулетті, Аманды қалай қарсы алғанын немересі есіне сақтап, көкейіне түйіп алды.

  • Неліктен қарт өздері келіп тұрған Бақ пен Дәулетті үйге кіргізбеді?

  • Адамдар үшін аман болудың қандай мәні бар деп ойлайсыңдар?

  • Егер, саған таңдау түссе, осы үшеуінің қайсысын таңдар едің?

  • Осы құндылықтардың қайсысын адам өзі жасай алады? Әңгімелеп беріңдер.

Жақсылық пен жамандық

Жасы үлкен ата мен оның немересі үйдің алдында ырсылдап, алпарысып жатқан екі итке қарап отырыпты. Иттердің біреуі ақ, екіншісі қара. Он екі жасар немере өзін білгелі осы иттер үнемі атасының үйі алдында алпарысып жататын. Атасы көзін алмай қарайтын ірі иттер еді бұлар. Немересі: «Ата, иттеріңіз соншалықты үлкен – үйіңізді қорғауға біреуі де жетер еді ғой, неге екеуін ұстайсыз? Ал түстері ше – неге біреуі ақ, екіншісі қара болуын қаладыңыз?» – деп атасынан сұрады. Жасы жетпіске жеткен ата немересіне күлімдеп қарады да:

«Ол иттерім, мен үшін екі таңба, балам», – деді.

– Ненің таңбасы?

– Жақсылық пен жамандықтың. Тура осы иттер ұқсап, ішіміздегі жақсылық пен жамандық үнемі күресіп жатады. Иттерге қараған сайын соны ойлаймын. Сол үшін оларды қасымда ұстаймын.

Кішкентай бала, күрес болса онда жеңген мен жеңілген де болуы керек деп: «Қалай ойлайсыз, осы күресті қайсысы жеңіп шығады екен?»Атасы балаға қүлімдеп қарап: «Қайсысы дейсің бе, балам? Мен қайсысына көп тамақ берсем – сол жеңеді!», – деп жауап беріпті.

  • Атасына немересі қандай сұрақ қойды?

  • Жақсылық пен жамандық жолдас бола ала ма?

  • Осы әңгімеден қандай ой түюге болады?

  • Өздерің өмірде қандай құндылықтар мен қасиеттерді ұстанасыңдар?

Қанағат

Бір данышпан жан-жануарлардың, құрт-құмырсқаның тілін біледі екен. Бір күні құмырсқаның дән тасып жүргенін көреді.

–Қане, құмырсқа, айтшы, дәнді қайда алып барасың? – деп сұрайды.

–Илеуіме апарамын, – дейді құмырсқа.

– Жаздай еңбектеніп жейтін азығымды жинаймын. Қыстыгүні қаннен-қаперсіз ұйықтаймын.

–Басың неге үлкен?

–Аз сөйлеп, көп ойлаймын.

–Белің неге қылдырықтай?

–Қомағай емеспін.

–Жылына қанша дән жейсің?

– Бір дән жеймін.

–Соған қанағат етесің бе?

–Одан көп жей берсем, жер бетіндегі басқа құмырсқалар аш қалады. Қанағат керек.

Данышпан оны сынап көрмек болады. Қорапқа қамап, алдына бір дән салады. Қорапты су тимейтін бір жайлы жерге орналастырады.

– Бір жылдан кейін келемін. Дәнің бар жейтін, қамсыз жата бер, – дейді данышпан.

Бір жыл өткен соң, уәде бойынша данышпан құмырсқаға келеді. Құмырсқа тірі екен. Жалғыз дәннің жартысын ғана жепті. Бұған таңданған данышпан:

– Сен жылына бір дән жеймін деп едің ғой, – депті.

– Дәнді неге түгел жемей, жартысын ғана қалдырдың?

Сонда құмырсқа былай депті:

– Айтқаның дұрыс, мен жылына бір дән жеймін. Ал сен болсаң, мені қорапқа салып, қамап кеттің. Сыртқа шыға алмаймын. Егер сен мені бұл қамаудан босатуды ұмытып кетсең, тағы да бір жыл қамауда жататын едім. Бір дәнді түгел жеп қойсам, аштан өлем ғой.

Данышпан құмырсқаның шыдамдылығы мен қанағатына қайран қалыпты. Оны қамап, қиянат жасағанын енді түсініп:

– Менің істеген ісім дұрыс болмапты, кешір! – депті де, құмырсқаны босатып жіберген екен.

Осыдан кейін данышпан: «Қанағат қарын тойдырады» деген осы еді ғой, – деп жөніне кетіпті.

  • Данышпан құмырсқаны қалай сынамақ болды?

  • Құмырсқаның бойынан қандай құндылықтар мен қасиеттерді байқауға болады?

  • Данышпанның құмырсқаға жасаған әрекеті дұрыс па? Себебін түсіндіріңдер.

  • Қандай құндылықтар мен қасиеттер сендердің өмірлеріңе қажет деп ойлайсыңдар?