- •1 Аңыз-әңгімелерді оқыту әдістемесі
- •1.1 Бастауыш сыныптардағы аңыздарды оқытудың ерекшеліктері
- •1.2 Аңыздардың тақырыптық ерекшеліктері
- •2 Аңыздарды оқытудың тәрбиелік мәні
- •2.1 Алдаркөсе аңыздары арқылы тапқырлыққа тәрбиелеу
- •1. Психологиялық дайындық.
- •«Т» кестесі
- •2.2 Жиренше аңыздары арқылы шешендікті үйрету
- •2.3 Асан қайғы аңыздары арқылы кемеңгерлікке баулу
- •2.4 Әбу Насыр әл-Фараби аңыздары негізінде даналыққа тәрбиелеу
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі: Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік білім құжаттарында маңызды орынды патриотизм, патриоттық тәрбиеге нақты бөледі, әсіресе бастауыш сынып оқушылары өзін «қазақстандық» екенін мақтанатындай етіп тәрбиелеу үшін халық ауыз әдебиеті үлгілерін бойына жинаған халықтық педагогикаға сүйену қажет екенін айтады.
«Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» [1] деп ерекше атап өткен.
Мұның өзі әрбір оқушыны ұлттық мәдениет құндылықтары негізінде тәрбиелеп, сан ғасырлардан бізге жеткен мәдени мұраларымызды оқушы санасына сіңіруде мұғалімдерге жаңа міндеттер жүктеп, оларға әрбір пәннің мақсатын қайта қарауға бағыт береді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Әр адамның ұлттық құндылықтарды меңгеруі, адамның дүниемен байланысы, оны тануы нақты бір ұлттық жағдайда қалыптасады. Осы орайда бастауыш сынып оқушыларына аңыз-әңгімелерді оқыту арқылы оларды ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеу жолдарын анықтау мәселесі ұсынылады.
Курстық жұмыстың тәжірибелік құндылығы. Зерттеу нәтижелерiн бастауыш сыныптарда ана тілін оқытуда, гуманитарлық бағыттағы оқу орындарының «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының арнайы пәндерiн оқыту тәжiрибесiнде қолдануға болады.
Зерттеудің жұмысының мақсаты – халық ауыз әдебиеті үлгілерін, оның ішінде нақтырақ айтсақ, аңыз-әңгімелерді қолдана отырып бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту және балалардың халық қазынасына деген сүйіспеншілігін арттыруға тәрбиелеу, балалардың ой-өрісін дамыту, балалардың тіл байлығын арттырудың тиімді әдіс-тәсілдерін анықтау.
Зерттеудің жұмысының міндеттері:
1. Оқыту мен тәрбиелеу арқылы балалар бойындағы дүниетанымдық қабылетін, адамгершілік сезімдерін негізге ала отырып, мәдени мінез-құлықтың қарапайым моральдық нормалары мен қағидаларын халық ауыз әдебиеті арқылы үйрету.
2. Ана тілі пәнін оқыту арқылы бастауыш сынып оқушыларын халық даналығы мен ұлылар мұрасымен таныстыра отырып адамгершілік қасиет сапалары мен адами бітім-болмысының үйлесімді дамуына қол жеткізу; өзін-өзі тануға, имандылыққа, әділдікке, парасаттылыққа, мейірімділікке, тәрбиелеу.
Зерттеу нысаны: Бастауыш сыныпта ана тілін оқыту үрдісі.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі: Бастауыш сыныпта оқытылатын аңыз-әңгімелер арқылы оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеудің мазмұны, түрлері мен әдістері.
1 Аңыз-әңгімелерді оқыту әдістемесі
1.1 Бастауыш сыныптардағы аңыздарды оқытудың ерекшеліктері
Ауыз әдебиетінің бағзыдан келе жатқан бір нұсқасы – аңыз-әңгімелер. Халқымыз ұрпағының ұлағатты да білгір, батыл да батыр, ойшыл да еңбекшіл, һәм өнерпаз болып ержетуі үшін, оларға үлгі-өнеге етіп аңыз-әңгіме қаһармандарын ұсынған. Олар жайлы қызықты әңгімелер құрап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Ежелгі заманда туып, ғасырлар бойы қалыптасып келген аңыз-әңгімелер мен ертегілер жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор үлкен мектеп. Тарихи шындыққа негізделген қаһармандықты насихаттап, данышпандар мен шешендерді, батырларды дәріптейтін аңыз-әңгімелер қазақ топырағында баршылық. Сол шығармалар желісінде елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын кейіпкерлер ізбасар буынға тәрбиелі де ізгі ықпалын тигізеді. Мысалы, осынау ұлан-ғайыр даланың жырауы атанған Асан Қайғы жайлы айтылатын кейбір аңыздарды осы жерде еске алудың артықшылығы жоқ тәрізді.
Аңыз-әңгімелерінде Алдардың қылығын дәріптеп, ұрпағына үлгі-өнеге етеді. Бұл істі халық көпшілікке ұнамсыз қулық-сұмдық емес, күштілерден кек алудың әдіс-амалы деп есептеген. «Отан үшін отқа түс – күймейсің, суға түс – батпайсың» деген қағидаға құлақ асқан Алдар көсе шық бермес Шығайбайдан бастап, тылсым зұлымдықтың иесі атанған шайтанға дейін алдап жүрсе, ол қара басының қамы емес, халқының кеткен есесін жоқтауы деп түсінеміз.
Асан қайғы, Жиренше, Қорқыт, Жошы хан сияқты аңыз кейіпкерлері - бәрі де тарихта болған, ел басқарған адамдар, бірақ кейін олардың әрекеттері, сөздері біреуден-біреуге ауызша айтыла-айтыла аңыз болып кеткен. Бұлармен бірге Қожанасыр, Алдаркөсе сияқты қарапайым, жай адамдар туралы да аңыздар көп.
Асан Қайғы Желмаяға мініп, жаһан кезіп «Жерұйық» дейтін ну орманды, көкорай шалғынды сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қоныс іздейді.
Аңыз-әңгімелермен таныстырғанда тек бір ғана сурет қолданумен шектелмей, әртүрлі көрнекі құралдар пайдаланып, дауыс ырғағына келтіре әңгімелеп отырса, бала есінде тез сақталып, қайталап әңгімелеп бергенде де оңай болады. Аңыз-әңгімелерді оқытқанда әуелі әртүрлі суреттер арқылы түсіндіріп, кейін ондағы кейіпкерлерге қысқаша мінездеме бергіземіз. Дөңгелек үстел ұйымдастырып, онда әр балаға аңыз кейіпкерінің суретін таратып, бастаған аңызды жалғастыру арқылы аңыз-әңгімелерді ойда бекітуге дағдыландырамыз. Ұйымдастырылған іс-әрекеттеріне аңыз кейіпкерін қонаққа шақыру балалардың естіген, білген оқиғаларынын ұмытпауға дағдыландырады. Сонда баланың есте сақтау, логикалық ойлау қабылеті арта түседі.
Бастауыш сынып оқулықтарында берілген аңыз-әңгімелердің тақырыбы көбінесе табиғат әлемімен байланыстырыла отырып, өзін қоршаған күнделікті қарапайым іс әрекеттерге қатысты оқиғалардан алынады. Тілі жеңіл, сөзі ойнақы болып келеді. Балалар әдебиетін таңдағанда бірнеше шарттар ескеріле отырып іріктеледі:
1. Балалардың психологиясын зерттегенде олардың ойлау, түсіну қабылеттері суреттеліп, көркем образдың нақтылығын, дәлдігін өмірде болған адамдардың оқиғаларынан алуды қажет етеді (Алдар көсе, Қожанасыр, Жиренше образдары).
2. Әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында мерзімі болуы шарт. Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірден әсер ететін күшті де мағыналы бейнелер алу керек (Асан қайғы, Қорқыт образдары).
3. Балалар әдебиетінде оқиғаны және адам мінезін суреттеу әдістерінің динамикасы ерекше болады.
4. Балалар жаратылысынан көркем көріністерді, пейзажды суреттеуді ұнатады, оған сүйсіне қарайды, соны айналасына іздейді.
5. Балаларға арналған ауыз әдебиеті шығармаларының мазмұны, идеясы оларды еңбекке, ғылымға, әрқилы мамандықтардыигеруіне үлес қосады.
Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр, Қорқыт, т.б. – бәрі де қарапайым адамдар ретінде суреттеледі. Кейбір аңыз-әңгімелердің басты кейіпкері көрші елдерге де ортақ болып келеді. Мысалы, Қожанасыр қазақ, қырғыз, өзбек ауыз әдебиетінде ортақ кейіпкер. Ол «ауылы аралас, қойы қоралас», қыз алысып, қыз берісіп құда-жекжат болып кеткен көрші елдердің ежелгі мәдени байланысының куәсі. Аңыз-әңгімелерде көбінесе сараңдық пен сақилықты, жалқаулық пен қиқарлықты өткір сатирамен әжуалап сынау арқылы жастарды жаман әдет, жат мінездерден аулақ болуға баулуды мақсат тұтады.
Қожанасыр әңгімелерінде (аңызда) оғаш қылығы, аңғал мінезі әжуа-күлкі туғызып отырғанымен, негізі түйін ойда үлкен тәрбие-тәлім толқыны анық байқалады; оқушы оқып күле отырып шындықты түсінеді. Мысалы: Жалпы білім беретін мектептің 1-сыныбына арналған «Ана тілі» оқулығындағы «Қожанасырдың тойға баруы» атты аңызды оқушыларға түсініп оқуы тапсырылады. Себебі бұл мәтіннің тілі жеңіл, оқиғалары түсінікті, күнделікті өмірден алынған іс-әрекеттерге құрылған.
«Баяғыда біреу той жасапты. Тойға көп кісі жиналыпты. Қожа да келіпті.
Қожанасырдың үстіндегі киімі жұпыны екен. Оны ешкім елемепті. «Төрге шық, тамақ іш» демепті.
Қожа шығып кетеді де, үйіне барып тәуір киімдерін киіп, қайта келеді.
Бұл жолы үй иесі Қожанасырды құрметтейді, төрден орын береді. Ет келгенде:
Қожеке, алыңыз, алыңыз! – деп қошеметтейді.
Қожа етті жемей, табаққа шапанының жеңін малып:
Же, шапаным, же! – деп отыра береді. Үй иесі:
Сіздің бұл не қылғаныңыз? Шапан ет жейтін бе еді? – депті.
Сонда Қожа:
- Сен кісіні сыйламайды екенсің. Сондықтан шапаныма жегізіп отырмын! – деп жауап береді.
Бұл аңызбен таныса отырып балалар көпшілік орында киім кию әдебін сақтау керек екендігін ұғынады. Қалай болса солай киініп жүру өзгелерде сол адам туралы жағымсыз пікір қалыптастырып, назардан тыс қалып қоюы мүмкін. Қазақ атамыз «Адам көркі – шүберек» деп атап өткен. Сондай-ақ, қазақта «Киіміне қарап қарсы алып, ісіне қарай шығарып салады» деген де сөз кездеседі. Сондықтан да балаларға белгілі бір орында құрметке ие болып, өзгелердің назарын өзіңе аударғың келсе, талапқа сай киіне білуің қажет деген ойды ұғындырамыз.
Осындай халық арасына кең тараған күлкілі сықақ аңыз-әңгімелердің бір тобы Алдар көсе атымен байланысты туған. Көсе образы – қарапайым халықтың күлкіні сараң байларға, оның өкілдеріне қарсы жұмсау, оларды келеке-мазақ ету тілегінен туған образ. Мұны біз «Алдар көсе мен Алаша хан», «Алдар көсе мен шық бермес Шығайбай», «Алдар көсе мен саудагер», т.б. аңыз әңгімелерден көреміз. Осы аттары аталған хан, бай, саудагерлерді Алдар көсе өзінің тапқырлығы, ақыл-айласының арқасында алдап соғады, ел алдында мазақ, күлкі етеді.
Халық аузындағы мәтелге айналған «Жұмыртқадан жүн алатын», «Өзі тойса да, көзі тоймайтын», «Кесіп алса қан шықпайтын» шық бермес Шығайбай – сараңдықтың жиынтығы. Шығайбайдың әдеті мен ісінен сараңдық, дүниеқорлық, өзімшілдік айқын көрінеді. Оның осы мінезін жек көрген халық қапияда жол, қапылыста сөз табатын, айла-амалы мол Алдар көсені жіберіп, Шығайбайды бірнеше рет жер қаптырады. «Ұрының әйелі өзіне лайық» дегендей, оның тәрбиесіндегі үй-іші – әйелі, қызы Шығайбайдың өзі тәріздес пиғылы тар сараң жандар. Көсе үйге кіріп келгенде әйелі илеп отырған нанды, қызы үйтуге әзірлеп отырған қазды жасыра қояды. Бұл әрекеттер Шығайбайдың образын толықтыра түседі. Сараңдық пен дүниеқорлыққа жаны қас Алдар көсе табан аузында сөз тапқыштығымен өзінің жаңа ғана көргендерін әңгімеге қосып, келе жатып үлкен сары бас жылан көргенін, оны өлтіргенін тұспалдап айтып береді. «Осы айтқандарым өтірік болса, байеке сіздің астыңыздағы қазыдай тілінейін, бәйбішенің нанындай иленейін, қызыңның астындағы қаздай жұлынайын», – деп аяқ астында оларды масқара етеді. Алдар көсе ақыры байдың қызы Бізбикені алдап алып кетумен оқиға аяқталады.
Ал «Алдар көсенің шайтанды алдауы» деген әңгіменің сюжеті, құрылысы басқаша болып келеді. Халық ұғымында шайтанды ешкім алдай алмайтын болса, бұл әңгімеде Алдар көсе өзінің қулығымен шайтанды да алдап кетеді. Оның өтірік өліп тірілуі, шайтанға қазы алдыруы, үлкендігін бұлдап, шайтанның мойнына мініп қамшымен сабауы, шайтандар қорқатын тікен арасына тығылып, ала қаптағы алтынды алып құтылып кетуі арқылы адам айласы шайтанды да жеңеді деген идеяны білдіреді. Алдар көсе туралы аңыздардың қай-қайсысы болмасын оны тапқырлықтың өкілі етіп және ол қандай іс-әрекет жасаса да жазғырмай, сүйікті етіп көрсетуі Алдардың ел санасынан ұнамды кейіпкер түрінде тұрақты орын алғандығын аңғартады.
Балаларды қоршаған ортаға, табиғатқа деген эстетикалық сезімге қызығушылықтарын оятуда адамгершілік тәрбие маңызды орын алады. Демек, халықтық педагогика тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің ішкі бастауы, халықтың рухани мұрасы.
Егер жас ұрпақ бойында өзінің тіліне, ұлттық салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне деген сүйіспеншілік болмаса, онда оларды жалпыадамзаттық мәселелер де толғандырмайды. Ауыз әдебиеті үлгілері мен салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың тәрбиелік мәні және құндылығы – олардың халық жанына жақындығында. Сондықтан, бастауыш сыныптарда ауыз әдебиеті үлгілерін оқыту және ұлттық тәрбие беруде оқушыларға кәсіби маңызды теориялық білімді, тәжірибелік іскерліктер мен дағдыларды қалыптастырудың жүйелілігі мен тұтастығы қамтамасыз ету керек.
