Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Хамитова емтихан сратары жне оны шешімдері.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.04 Mб
Скачать

Күрделігүлділер тұқымдастарына жататын өсімдіктердің ортақ белгілері

Бұлардың гүлдерінде тостағанша болмайды. Тостағаншасы кейде үлпекті айдарша тәрізді өзгеріп кетеді. Нағыз күрделігүлді өсімдіктердің себетгүлі - гүлшоғыры болады. Күлтесі 5 күлтежапырақшалардан құралады. Олардың төменгі бөлігі түтікше тәрізденіп бірігіп, жоғары ұшындағы 5 тісшесі болады. Ал жалған, тілшегүлдің жоғарғы ұшында 3 тісшесі ашылып жайылады. Күлтенің түтікшесіне бітісіп өскен 5 аталығы бар. Тозаңдығы да түтікшеге қосылады. Жатыны төмен орналасады. Аталық түтік арқылы аналық аузы қостелімді аналық мойны өтеді. Демек, күрделігүлділерде бір ғана аналық болады. Жемісі - айдарлы немесе айдарсыз тұқымшалар. Күрделі гүлділердің формуласы: Т0К(5)А(5)Ж(2)(бақбақ гүлі).

Қашқаргүл

Астра немесе қашқаргүл (Aster) - күрделі гүлділер тұқымдасына жататын бір және көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Олар бау-бақшада, гүлзарларда, саябақтарда өсіріледі. Қазақстанда алтай астрасы, кермек-жапырақты астрасы, Попов астрасы, шөл дала астрасы, бурыл астрасы, талорман астрасы деген түрлері бар. Ең көп кездесетіні алтай астрасы (A.altaicus). Астралардың гүлдері түрлі түсті әсем болғандықтан, олар қолмен көптеп өсіріледі. Көп жағдайда өсімдіктен бөлініп шығатын әртүрлі заттар жиналатын қуыстары болады-сүт жолдары, схизогенді смола жолдары. Жасушаларында инулин жиналады.

Кейде қашқаргүл тұқымдастар деп аталатын күрделігүлділер тұқымдас өсімдіктер қосжарнақтылардың көбірек назар аударатын тобы болып саналады. Бұлар гүлшоғырында әр түрлі гүлдер өте көп жиналғандықтан, күрделігүлділер тұқымдасы деп аталған. Гүлшоғыры - себетгүл, күрделігүлділерге жататын өсімдіктердің көпшілігі біржылдық, көпжылдық, едәуір биік шөптекті өсімдіктер. Жапырағында бөбешік жапырақ болмайды. Себетгүлге орналасқан кішкене гүлдердің тостағаншасы үлпекті айдаршаға айналған, күлтесі 5 күлтежапырақшадан құралады. Себетгүлдегі гүлдердің барлығы жеміс бере бермейді. Көбінесе қосжынысты (аталықтар және аналықтар) гүлдер болғанымен, жеміс түзбейтін дара жынысты аталық гүлдер де кездеседі. Жемісі айдарлы немесе айдарсыз тұқымша. Күрделігүлділердің тозаңданбай-ақ жеміс түзетін бірнеше түрлері бар (бақбақ). Жемісі жел, жануарлар, су арқылы таралады. Күрделігүлділердің май алынатын, көкөністік, дәрілік, малазықтық, сәндік, техникалық түрлері бар. Ойраншөп, қалуен, гүлкекіре, түйетікендер - арамшөптер.

Мақсыр

Бұл өсімдіктің жабайы түрі кездеспейді. Жерорта теңізі елдерінде, Орта Азияда мақсырдың қолдан өсірілетін 19 түрі бар. Қазақстанда оның 4 түрі өсіріледі. Олар: түкті мақсыр, тікенді мақсыр, сортаң мақсыр және бояу мақсыр деп аталады. Енді бояу мақсырға толығырақ назар аударайық.

Мақсыр (сафлор) - тармақталған тік сабақты, біржылдық өсімдік. Оның қандауыр тәрізді сопақ жапырақтары өсімдік сабағына сағақсыз орналасады. Жапырақтарының жиегінде тікенектері болады. Сабақтың биіктігі - 100 сантиметр, кейде одан асып түседі. Гүлшоғыры - себетгүл. Гүлінің түсі ашық сары немесе қызыл-сары болып келеді. Бір өсімдікте 5-тен 60-қа дейін себетгүл бар. Жемісі - тұқымша. Бір себетгүлдегі ақ түсті, қырлы, жылтыр тұқымшалар саны 20-дай 100-ге дейін жетеді.

Мақсырдың тұқымшаларынан май алынады. Олардың құрамында 25-37% май болады. Мақсыр майы күнбағыс майынан кем түспейді. Оның майы тағамға және техникалық мақсатқа (бояу, эмаль, сабын алуға) пайдаланылады. Мақсырдың тұқымшалары ауыл шаруашылық құстарына жем ретінде беріледі. Ал тұқым ұны ауыл шаруашылық малдарға күнжара түріндегі малазық болып саналады. Мақсырдың балаусалы сабақ жапырақтары сүрлемге салынып, малға беріледі. Күлте жапырақшалары да бағалы. Олардан қызыл және сары бояу өндіріледі. Аспаздыққа да пайдаланылады. Мата бояйтын бояу алынады.

Солтүстік Африка және Азия елдерінде өсірілетіндіктен, мақсыр ыстыққа төзімді, құрғақшылыққа төтеп бере алады. Ол суды да үнемді жұмсайды. Мақсыр топырақ талғамайды. Өскіндері -6-10оС температураға төзеді. Өсімді мерзімі 93-117 күн. Мақсыр ауыспалы егістікте астық дақылдылардан кейін егіледі. Оның тұқымы көктемде қатар аралығы 30-60 см болатындай етіп себіледі. Егу нормасы - 1 гектарға 8-15 кг тұқым себу. Себу тереңдігі 5-8 см. Тұқымы толық пісіп, өсімдік құраған кезде комбайнмен тауып алады. Бітеугүлдену кезінде - пішен ретінде, ал гүлдеу немесе себетгүл түзу кезінде сүрлемге орып жинайды. Мақсыр - өте пайдалы өсімдік.