Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Синдромдық диагностика оқу құралы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
5.9 Mб
Скачать

5.3.4 Өңештік, асқазандық, ішектік қан кету синдромы

Сипатына қарай жіті және созылмалы қан кетулер болып бөлінеді. Ағзаның қан жоғалтуға деген реакциясы қанкету жылдамдығына және көлеміне байланысты.

Қан кету себептері: эрозиялар, өңештің, асқазанның, ішектің ойықжаралары, порталды гипертензия (өңештегі кеңейген порта-кавалды анастомоздардан қан кету) асқазан-ішек трактісі ісіктері, геморрой.

Негізгі клиникалық белгілері:

1. Қан құсу (өңештік, асқазандық қанкету кезінде), құсықтық түсі қан кету кезіне, құсу уақыты және қанкету уақытының арақатынасына байланысты. Өңештен қанкеткенде бөлінетін қан алқызыл, асқазаннан, егер құсу бірден қан кеткеннен кейін болса - алқызыл немесе қошқыл- қара, егер қанкету құсудың алдында болса, жиналған қан асқазан сөлінің әсерінен түсі өзгеріп, құсықтар түсі мен сыртқы түрі кофе қойыртпағына (кофе қойыртпағымен құсу) ұқсайды.

2. Қара май тәрізді нәжіс - melena. Мұндай нәжіс жиі аш ішектің проксималды бөлімдерінен қан кеткенде, сонымен қатар асқазаннан және өңештен қан кеткенде құсықпен бірге ғана емес, ішекке де аздап түседі. Асқазандық және өңештік қан кетулерде қара май тәрізді нәжістің пайда болуы науқастың құсып жатқан кезде қанды жұтуына байланысты. Аздаған қан кеткенде нәжіс қара түсті емес, әдеттегідей болуы мүмкін. Мұндай қан кету жағдайларына күдік болған кезде жасырын қанға анализ жүргізу керек (бензидинді сынама).

3. Анемия белгілері (асқазанның кез-келген бөлімінен қан кеткенде). Науқас әлсіздікке, бас айналуға, құлақтың шуылдауына, көз алдында шіркей көрінуіне шағымданады; объективті тері жамылғысының бозаруы байқалады, пульсі жиі, АҚ төмен түсуі мүмкін; қан анализінде - анемия.

5.3.5 Асқазан және ішек диспепсиясы синдромы

Диспепсия - асқорыту бұзылыстарымен жинақталған термин. Негізгі белгісі – нәжісте қорытылмаған тағам қалдықтарының болуы.

Асқазан диспепсиясы. Асқазан сөлінде пепсиннің, тұз қышқылы мөлшерінің жеткіліксіздігіне немесе асқазандағы эвакуациясының жоғарылауынан пайда болады.

Шағымдары: тәбеттің төмендеуі, ауыздағы жағымсыз иіс, ауырлық қысымы сезімі, тамақтанғаннан кейін эпигастралды аймақта керілу сезімі, кекіру, жүрек айну, құсу, іш өтулер (гастрогенді).

Ішек диспепсиясы ішектегі асқорыту үдерісінің бұзылыстарынан пайда болады. Ол божитын болады - егер көмірсулардың қорытылуы бұзылса және шірікті – ақуыз қорытылуы бұзылған кезде.

Божитын диспепсия белгілері: метеоризм, іштің құрылдауы, иіссіз газ шыққаннан соң азаятын ұстама тәрізді ауырсыну, іш өту; нәжіс ашық түсті, сұйық, көпіршікті, құрамында жидектер немесе көкөністердің қорытылмаған қалдықтары бар. Нәжіс микроскопиясында – көп мөлшерде крахмал түйіршіктері (амилорея).

Шірікті диспепсия белгілері: іштің шамалы кебуі, іш өту, сасық иісті аздаған газдың шығуы, нәжіс сұйық, күңгірт-қоңыр, сасық иісті (шірудің күшеюі). Нәжіс микроскопиясы – көп мөлшерде бұлшықет талшықтарының пішіні сақталған, сонымен қатар қорытылмаған ет қалдықтары (креаторея).

VI тарау. Өт шығару мүшелерін зерттеу

6.1 Сұрастыру Шағымдар

Өт шығару жүйесі зақымдануы кезінде шағымдары әртүрлі. Ескеру керек: оң жақ қабырғаастында ауырсыну, диспепсиялық бұзылыстар, терінің қышуы, сарғаю, іштің ұлғаюы, қызба, жалпы жағдайының бұзылуы.

Оң жақ қабырғаастының ауырсынуы. Ауырсыну сезімі патологиялық үдерістің табиғатына байланысты. Кейбір науқастарда оның сипаты ұзақ, басқаларында - ұстама сипаттары тәрізді.

Оң жақ қабырғаастының ұзақ уақыт ауырсыну күші әр түрлі. Кейде ол әлсіз, оң жақ қабырғаастында керілу немесе ауырлық сезімін тудыратын сыздау, өте интенсивті болуы мүмкін, кезеңді түрде әлсірейтін және күшейтетін. Оның пайда болуы байланысты: 1) бауыр ұлғайғанда глиссон капсуласының салыстырмалы түрде жылдам созылуынан, себебі бауырдың өзінің ауырсынулық рецепторлары болмайды, ал глиссон капсуласы іштіктің бір бөлшегі болғандықтан жақсы қамтылған; 2) бұлшықеттерінің кезеңдік және шамалы спазмдарымен қосарланатын өт жолдарының созылуынан (дискинезия); 3) өт жолдары ішіндегі қабыну үдерістерімен.

Ұстама тәрізді ауырсыну қатты болса, ол бауырлық немесе өттік ұстама деп аталады. Науқас бұл кезде мазасыз, аунағыш, ыңырсиды, қиналысын жеңілдететін жайлы қалып іздейді. Оң жақ қабырғаастындағы ауырсыну тездетіп барлық іш аймағына жайылады. Оң жауырын астына, оң иыққа, жауырынаралық кеңістікке таралуы тән, өзіне тән басталуы - кешкі тамақты тойып жегеннен кейін бірнеше сағат өткен соң, әсіресе майлы тағамдарды, жұмыртқа немесе қуырылған тамақатарды жегеннен кейін. Ұстаманы әртүрлі эмоциялар, бірден түскен физикалық күш, дірілдер, сонымен қатар селкілдеп жол жүру үдетуі мүмкін. Ұстама ұзақтығы әртүрлі: бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін. Ауырсыну кенеттен тоқтайды. Жылуды қабылдау (жылытқыш, ыстық ванна), спазмолитикалық заттарды (атропин және т.б.) қолдану тиімді.

Шаншудың себебі жиі өт жолдарындағы тастар, жіті өт қабының немесе өт өзектерінің қабыну үдерістері (тас болуымен немесе тассыз), өт жолдарының айқын дискинезиялары. Қай жағдайда да ауырсыну өт қабының немесе өт өзектерінің рецепторлық аппаратының тітіркенуінен болады, яғни олардың тарылуымен немесе шектен тыс созылуымен, немесе осы екеуінің қосарлануымен байланысты. Соңғысы жиі кездеседі.

Шаншу ұстамасының салдарын анықтау маңызды. Температураның жоғарылауы, сарғаю, нәжіс түсінің өзгеруі.

Диспепсиялық бұзылыстар. Науқастар тәбеттің төмендеуіне, кекіруге, ауызда ащы дәм келуіне, тілінің құрғауына, жүрек айнуына, құсуға шағымдануы мүмкін.

Терінің қышуы - өт жолдарының обструктивті өзгерістері кезінде байқалады, түнде күшейеді, науқастың ұйқысын бұзып, яғни жүйке жүйесі жағынан функционалдық ығысуға әкеледі, әдетте қышу сарғаюмен қосарланады, бірақ кейде қышу сарғаюсыз болатын науқастарда кездеседі. Қышудың себебі қанда өт қышқылдарынң жиналуынан болып табылады, ол теріде жиналып қалып оның рецепторлық аппаратын тітіркендіреді.

Сарғаю (icterus) - терінің, көрінерлік шырышты қабаттардың және склераның сары түске боялуы. Ол гипербилирубинемиямен байланысты, сонда да сарғаюдың интенсивтілігі үнемі қандағы билирубин деңгейіне сәйкес болмайды (71-сурет).

71-сурет. Сарғаю.

Терінің біршама интенсивті сарғаюы механикалық сарғаю кезінде кездеседі. Жаңа пайда болған жағдайларда тері түсі алтынды-сары, кейін ол билирубиннің қышқылданып биливердинге өзгеруіне байланысты сарғыш-жасыл реңді болады. Ұзаққа созылған обструкция кезінде тері күңгірттенеді және күңгірт-жасыл реңді болады. Бұл кезде науқас нәжісінің ақ балшық тәрізді түссізденуін және зәрінің күңгірт-қара түске (сары түсі) өзгергенін байқайды.

Механикалық сарғаюдың ең жиі себебі - жалпы өт өзегінің таспен бітеліп қалуы. Егде жастағы адамдарда өт жолдарының бітелуінің ісіктік генезі туралы ойлау керек: мысалы жалпы өт өзегінің ұлғайған лимфа түйіндерімен қосылуы (басқа мүшелерден ісік метастазы) және т.б. сарғаюдың транзиторлы сипаты өт жолдарының спазмымен, олардың айқын дискинезиясымен байланысты.

Паренхиматозды сарғаю гепатит кезінде дамиды. Бұл кезде көрінерлік шырышты қабаттардың және тері түсінің интенсивтілігі әртүрлі болуы мүмкін.

Гемолитикалық сарғаю әдетте интенсивтілігі аз және терінің бозаруымен қосарланады; өт пигменттерінің эритроциттер гемолизі салдарынан шектен тыс түзілуінде байқалады (72-сурет).

72-сурет. Обтурациялық, паренхиматозды, гемолитикалық сарғаюлар. Әр суреттің астында несеп (а) және нәжіс түстері (б) белгіленген.

Қызба. Жоғары температура жіті іріңді холециститте немесе холангитте кездеседі. Температураның жоғарылауы жиі өт шаншуы кезінде болады. Субфебрилді температура созылмалы холециститте болуы мүмкін. Бұл ауруда және бауырдың созылмалы ауруларында температура қалыпты болып тұруы мүмкін.

Жалпы жағдайдың бұзылуы. Сұрастыру кезінде жұмысқа қабілеттілігін, жүйке психикалық сфера жағынан өзгерістерді анықтауға болады: жоғары қозғыштық, есте сақтаудың төмендеуі, бас ауыруы, ұйқының бұзылуы. Кейде науқастар жүдеуге, түрлі локализациялық және түрлі интенсивті қан кетулер, денеде сәл ғана механикалық әсерлерден көгерулердің пайда болуына шағымданады.