- •1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
- •«2. Мәдениет майданы
- •1. Әдеби шығармашылықтағы жетекші және ықпалды орын бұрынғысынша алашордашылар мен алашордашыл мамандардың (Әуезовтің, Ермековтің, Жансүгіровтің) қолында қалып отыр.
- •Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:
- •1.Устряловшылдық1. Бұндай әдіс бізде – Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды.
- •2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер.
- •1. 1916 Жылғы көтеріліс туралы жазылған «Түнгі сарын» пьесасы. Мұндай тарихи оқиғаны автор кеңес жазушысының көзқарасымен бейнелейді және оны кемелденген суреткер ретінде үлкен шеберлікпен суреттеген.
- •2. «Шекарада», пьеса, 1937 жылы шекаралық аудандардың колхоздарындағы қастандық әрекеттерді әшкерелеу тақырыбына арналған. Ол академиялық театрда қойылды, кезінде үлкен табысқа ие болды.
- •2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.
- •2. М.Әуезов жазған өмірбаяннан біз алдына үлкен ұлттық мақсат қойған алып Абайды көре алмаймыз, керісінше, жігітекпен күрескен, бірде жеңген, бірде одан жеңілген Айдос табының ру жетекшісін көреміз.
- •3.Әр ұлтта қанаушы және қаналушы тап бар. Қазақта да мұндай таптың барын Абай жақсы түсінген, ол езуші тапқа қарсы күрес жариялай отырып, оларды қанаушылардан қорғады:
- •4. Абайдың өзімен замандас қазақ ақындарынан озып кетіп, Еуропаның классиктерімен қатар тұруының бір себебі, оның орыс әдебиетімен сусындауы. Өмірбаянда бұл мәселеге жауап берілмеген.
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •1944 Жылғы «Шеру» жинағына енген қазақ жауынгеріне арналған өлеңінде:
- •1944 Жылы шыққан «Шеру»атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин кеңес армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :
- •1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ сср Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.
- •2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.
- •3 Ерекше іске тіркелетін ескерту.
- •7)Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді.
- •Менің қателерім жайында
- •1) Егерде Әуезовтің осы тақырыпқа орай айтылған пікірі дұрыс боса, онда бұл дастанның халықтығы туралы дискуссияны бастаудың қандай қажеті бар?
- •2) Егерде м.Әуезовтің қателіктері болса, онда баяндамашы ол туралы неге үндемейді?
- •3)Егерде автордың өзіндік көзқарасы болмаса, онда осыншама көлемді баяндаманы жазудың не қажеттілігі бар, ол кімге керек?
- •1) Жырдың шығу кезеңін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының барлық нұсқаларын салыстыра отырып анықтау қажет. Бір ғана нұсқаға жүгіну дұрыс емес.
- •«Литературная газетаның» редакциясына ашық хат.
- •3) Енді «Октябрьге» келген түрі, мына «Дос – бедел дос». Бүйтіп карикатуралық түрде келгені құрысын!..
- •Қосымша
- •Менің қателерім жайында
- •Қосымша бывшие виднейшие руководители алаш-орды
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •XVIII ғасырдың 30-жылдарында Кіші жүздің қазақтары өз еркімен Россияның кол астына қарап, Қазақстанның Россияға қосылу процесін бастады. Бұл процесс XIX ғасырдың 60-жылдарында аяқталды.
2. М.Әуезов жазған өмірбаяннан біз алдына үлкен ұлттық мақсат қойған алып Абайды көре алмаймыз, керісінше, жігітекпен күрескен, бірде жеңген, бірде одан жеңілген Айдос табының ру жетекшісін көреміз.
3.Әр ұлтта қанаушы және қаналушы тап бар. Қазақта да мұндай таптың барын Абай жақсы түсінген, ол езуші тапқа қарсы күрес жариялай отырып, оларды қанаушылардан қорғады:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын, – дейді Абай.
Ол өзгенің еңбегін иемдену арқылы байыған, адаммен емес, малмен дос болған тоғышар, әрекетсіз байларды:
Мал жияды мақтанып, білдірмекке,
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар,
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке;
ххх
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы сықылды тез суалар, –
деп сыпаттайды.
Осы арқылы ол қанаумен байыған байлардың байлығының баянсыздығын баяндайды. Мұндай байларды «шошқа» дей отырып, нағыз адамды еңбекшілердің ортасынан табады, өзі де еңбекшілердің жыршысына айналады.М.Әуезовтің жазған өмірбаянында Абайдың осындай халықшыл демократизмі жөнінде ештеңе айтылмайды.
4. Абайдың өзімен замандас қазақ ақындарынан озып кетіп, Еуропаның классиктерімен қатар тұруының бір себебі, оның орыс әдебиетімен сусындауы. Өмірбаянда бұл мәселеге жауап берілмеген.
Кезінде Абайдың өмірбаянын құрастырған тұсында бұл кемшілктердің барлығы М.Әуезов жолдасқа атап көрсетіліп, түзету ұсынылған болатын. Оның бір түзетуін Абай комиссиясы қабылдамаған болатын. Ол қазір де соны түзету үстінде. Өңделген соңғы нұсқадан айтылған сынның қаншалықты орындалғанын байқауға болады. Алайда әдебиет тарихын жазуда жіберген Мұхтар Әуезовтің ең басты қателігін үнсіз айналып өтуге болмайды. Оның әсіре әлеуметшілдіктен қаншама алшақтап кеткенін білмеймін, бірақ та диалектикалық материализммен қаруланған маркстік әлеуметшілдіктен ат тонын ала қашып жүргені анық, бір сөзбен айтқанда, таптық қарама-қайшылық, таптық күрес деген т.б. сөздерді әдебиет тарихы жөніндегі бір де бір еңбегінде атап көрген емес. Бұл кемшіліктерді атай отырып, М.Әуезов жолдасты әдебиет тарихын жазу майданынан қуып шығу керек деген ойдан аулақпын. Әрине, қазақ әдебиеті пайда болғаннан бергі оның тарихы туралы барлық деректерді жақсы білетіні даусыз, алайда өзінің білімдарлығына маркстік социологияны қоса қолданса, онда ол қазақ кеңес әдебиетінің тарихын жасауда үлкен үлес қосқан болар еді.
Мен өзімнің баяндамамдағы М.Әуезов жолдастың кемшіліктерін көрсетуге арналған тұсын аяқтай келе, енді басқа жолдастардың қателігіне тоқталмақпын»,– дегенімен де араға төрт-бес бет салып барып М.Әуезовті басқа қырынан алып, қайыра шүйіледі.
Бұған қарағанда М.Әуезовтің ұлтшылдығын әшкерелеу үшін арнайы баяндама жасауға Орталық Партия Комитеті мен Бақылау комиссиясынан тікелей пәрменді тапсырма алған сияқты, яғни, Қажым Жұмалиевті «уақытша алмастырған» іспетті. Өйткені баяндамасының келесі тұсында баспада теріліп, түптелсе де көпшілікке таралмаған, атаусыз қалып келе жатқан «Қилы заман» тарихи әфсанасына барынша кең тоқталады.
С.Мұқанов: «Біздің қатарымызда кеңес әдебиетінің кадры болып саналатын, бірақ саясаттың ала арқанын аттаған жазушылар да бар, ол жазушылардың біздің кеңестік шындыққа қарсы келетін шығармалары да бар. Олардың ала арқанды аттағандығын жасырып қалуға болмайды, олардың бізге жат туындыларын талқылаудың да қажеттігі жоқ. Мысал үшін Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» хикаятын алайық. Есмағамбет Исмаиылов жолдас өзінің оқулықтарға жасаған бағдарламасында осы «Қилы заманды» «кеңес повестерінің» қатарына жатқызады. Бұл дұрыс па? Әрине, қателік!
Дегенмен де, «Қилы заман» көркем жазылған повесть, бірақ ол шығарма буржуазиялық-ұлтшылдық рухында жазылған. Бұл туындыда автордың ауылдағы таптық тартысты жасырып қалғанын айтпағанның өзінде, онда қазақтарды орысқа қарсы қою сарыны басым суреттелген. 175 беттен тұратын кітаптың өн бойында автор орыстарды тек жаман жағынан және жаман адамдарды бейнелеу арқылы көрсетеді. Ұлттар достығы ыстық ықыласпен насихатталып жатқан кезде мұндай шығармаларды оушыларға: «Осыны оқы» – деп тапсырма беруге бола ма? Әрине, болмайды. Есмағамбет Исмаиылов жолдас, «Қилы заман» сияқты бір қатар шығармаларға, міне, осындай орынсыз жомарттық көрсетіп отыр.
3. Е. Исмаиылов жолдастың «Бағдарламасындағы» қосымша құралды оқуға ұсынған тапсырысы өте қызық. Мысалы, ол 1944 жылғы оқу құралында Абайдың шығармаларын түсіндіре келіп, Бөжеевтің «Абайдың аудармалары» атты мақаласын оқуды ұсынады, ал Бөжеевтің өзі болса 1941 жылы саяси тұрғыдан қуғындалған болатын. Мұндай қажетсіз, орынсыз ұсыныстар Есмағамбет Исмаиылов жолдастың «Бағдарламасынан» біраз орын алған.
Есмағамбет Исмаиылов туралы өз ойларымды қорытындылай келе айтарым, ол әдебиет тарихы жөніндегі өзінің көзқарасын білдіргенде үнемі оған таптық тұрғыдан келу қажеттігін баса көрсетіп отырады. Алайда әдеби зерттеулерінде оның өзі осы талапты орындамайды: жап-жақсы ойды дамытып келе жатады да, аяқ астынан жолдан жаңылысып, марксизмге қатысы жоқ быламыққа марксизмді қосып араластырып жібереді. Есмағамбет Исмаиылов жолдас кеңестік тәрбие алды, кеңес мектебінен білім алды, соған қарамастан (шатасады да жүреді), оның бұл дағдысы жақсылыққа әкелмейді. Бір мезгілде барлық тап атаулыға жақсы көрініп, бір мезгілде бәріне бірдей жақсы атануға болмайды. Егерде марксизмге жүгінгің келсе, онда бұл идеяны қабылдамайтындардың жанын ауыртасың. Өйткені, марксизм-ленинизм дегеніміз әлдебір жекелеген өзімшілдіктің жиынтығы емес, ол – еңбекші халықтың еншісі, ол – еңбекші халықтың идеологиясы» (сонда, №264 ).
Соның нәтижесі ретінде «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1945 жылғы 14 тамыздағы қарары шықты (Кенесары көтерілісі мен «Хан Кене» пьесасына қатысты «Бұзылған бесік...» атты әфсанамызда арнайы тоқталғандықтан да бұл мәселеге аялдап жатпаймыз).
Соған қарамастан сол жылы қалалық партия комитеті М.Әуезов пен С.Мұқановтың шығармаларын бүкілодақтық сталиндік сыйлыққа ұсынып, Орталық Комитеттің партколлегиясына мінездеме жолдады. Ғ.Мұстафин мен К.Хасановтың қолы қойылған осы бір игі тілек М.Әуезов пен С.Мұқановтың арасындағы жаңа бір бақталастыққа арна ашты. Өйткені осыдан бастап он бес жыл бойы С.Мұқанов пен М.Әуезовтің шығармалары қасақана ұйымдастырылғандай боп (мүмкін солай да шығар) қатарласа әуелі сталиндік, кейіннен лениндік сиылыққа жарыса ұсынылды. Сөйтіп, Алматы мен Мәскеудің арасындағы таусылмайтын «үстірікке» жол салынды. Ол үстірік екі тұлғаның жүйкесін жонды да отырды, жонды да отырды. Бұл жанығудың нәтижесінде – Қазақстандағы кеңесшіл идеяның көсемі С.Мұқанов Мәскеуде ұлтшыл жазушы атанды, ал Қазақстандағы әйгілі алашорданың көсемі М.Әуезов Мәскеуде қазақ ұлтынан шыққан нағыз интернационалист ретінде тұлғаланды. Бұл жолы «Абай» романы орыс тіліне аударылмағандықтан да кейінге ысырылды. 1945 жылы Абайдың туғанына жүз жыл толуына орай орыс тілінде жарияланды. 1946 жылы 18 наурыз күні Жазушылар одағының төрағасы С.Мұқанов сталиндік сыйлыққа ұсынылған Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Қ.Аманжолвтың «Ақын туралы аңыз», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» шығармаларының хаттамасын жолдай отырып, оған қосымша комиссияның төрағасы Н.Тихоновқа:
«Мәскеу. Жазушылар одағы. Тихоновқа. Қазақстан ОП партия комитетінің келісімімен Қазақстан жазушылар одағы тқралқасының шешімі бойынша 45 жылы орыс тілінде басылып шыққан Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы сыйлыққа ұсынылды. Құжаттары Мәскеудегі комиссияның қарауында. «Абай» романын аяқталған және қазақ кеңес әдебиетінің проза саласындағы соңғы жылдардағы жетістігі ретінде комиссиядан өткізуіңізді өтінемін. Бұдан басқа ұсынылғандардың тізімін (наурыздың) жиырмасына дейін жолдаймыз.
Қазақстан жазушылар басқармасының төрағасы С.Мұқанов. Алматы. Пролетар көшесі, 3. 18 наурыз, 1946 жыл», – деген жеделхат жолдады.
Жеделхаттың мазмұнына қарағанда «Абай» романының аудармасының «сүйінші» данасы сол күндері қолға тиіп, Мәскеудің баспасы тікелей ұсынған. С.Мұқанов оны республика атынан мақұлдап отыр. Әрине, сылтауратып кешіктіруіне болатын еді, бірақ ондай пендешілікке бармаған. Ең бастысы «Абай» романын- аяқталған шығарма ретінде атап өтуі еді.
Әрине, бәрі де жақсы ниет. Алайда романның орыс тілінде жариялануына байланысты М.Әуезовті тағы бір талқы күтіп тұрды. Одақтық оқырмандар тамсанды, ал қазақстандық орыс идеологтарының төбе шашы тік тұрып, «қазақ ұлтшылдығы мен феодализмді аңсау сарыны етек алып барады» деп өре түрегелді. Оның үстіне саясат майданының «қара дүлейі» тағы да көтеріліп, «Звезда» журналы, А.Ахматова мен М.Зощенконың шығармаларындағы идеясыздық, В.Сосюраның «Украинаны сүй» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы», «Драма театрларының репертуарлары» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті. Бұл қаулыларға саяси екпін берілгені сондай, оларға арналған жиналыстардың баяндамаларын Орталық Комитеттің бөлім меңгерушілері мен қалалық партия комитетінің хатшыларының өзі жасады.
9.
Осы жылдары, яғни, 1945-1946 жылдардың өліарасында қазақ ғылыми ойлау жүйесінде үлкен жаңалық өмірге келді. СССР халық комиссарлары кеңесінің 1945 жылғы 26 қазан күнгі №2747 қаулысымен Қазақ ССР Ғылым академиясын құру туралы шешімі шықты. Міне, осындай қуанышты да жұбанышты оқиға мәдени және ғылыми ортада жаңа бір ұмтылыс пен бақталасты тудырды. Жоғары жақта академияның толық мүшелеріне сайланатын адамдарды іріктеу басталды. Әрине, Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің ешқандай алаңдамауына болатын. Дегенмен де ғылым саласында да сенімді пәленбайлар мен түгенбайларды кіріктірмесе, еркін ойлы ғалымдарға кеңестік идеологияны сеніп тапсыруға болмайтын.
Осыған орай ұзақ жүргізілген партиялық және идеологиялық құпия екешеулерден кейін және СССР Ғылым академиясының мақұлдауын ала отырып 1946 жылы 31мамырда Қазақ ССР халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновтың қолымен Ғылым академисының құрамын жариялады. Онда толық мүшенің саны, яғни, академиктердің саны – 14, мүше-корреспонденттердің саны – 16 адам деп бекітілді. Сол кездегі республикадағы 76 ғылым докторы мен Еңбек сіңірген ғылым қайраткерлерінің арасынан академиктердің құрамына: 1. Қаныш Сәтбаев, 2. Мұхтар Әуезов сайланды.
Осы науқанның қарсаңында, яғни, 1946 жылы 4 наурызда Тіл және әдебиет институтының №4 ғылыми отырысында Мұхтар Әуезов Қажым Жұмалиевтің мүше-корреспонденттік атаққа ұсынды. Ол өзінің ұсынысын:
«15 жылдан астам уақыттан бері қазақ әдебиетінің тарихынан, соның ішінде ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан жоғары оқу орындарында – мысалы, Орал пединститутында, Алматыдағы ҚазПИ-де, Қазақ мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары жоқ кезде дәріс оқыған Қ.Ж.Жұмалиев қазақ әдебиеті туралы тереңдетілген ғылыми зерттеулер жазылмаған тұста өз бетінше «ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы» туралы дербес те байсалды ғылыми курстың бағдарламасын жасады. Өзінің таңдап алған саласындағы пайымды, табанды ғылыми-зерттеу бағытындағы ізденістерінің нәтижесінде Қ.Ж.Жұмалиев қазақ орта мектептеріне арнап бірқатар оқулықтар жазды.Солардың ішіндегі әдебиет теориясы туралы, ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы туралы оқулықтары толық орта мектептерге арналған негізгі оқу құралы болып табылады. Жұмалиев жолдас 1943 жылдан бастап жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиеті тарихының» көптомдығының аса жауапты тарауын («Қазақтың батырлық эпостары» туралы) жазуға табанды түрде атсалысып келеді. Қ.Жұмалиев жолдас жазған «Эпос туралы» тарау аталған «Тарихтың» фольклор жөніндегі І томына енді. Сонымен қатар соңғы жылдары Жұмалиев жолдас «Абай поэзиясының тілі» атты диссертациялық тақырыбын игерумен жүйелі түрде айналысты. Ғылым үшін аса маңызды осындай қиын да игілікті істі ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттеудің нәтижесінде тақырыпты сәтті игеріп шыққан автор өзінің толысқан ғалым екенін танытты, сөйтіп, Ленинградтың Шығыстану институтының Ғылыми кеңесінің оған – қазақтың белгілі ғалымы, әдебиеттанушы Қажығали Жұмәліұлы Жұмалиевке филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беруге негіз қалады. Жоғарыда баяндалып өткен Жұмалиев жолдастың ғылыми қайраткерлігінің негізіне сүйене отырып, оның кандидатурасы Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспондетігіне ұсынуға лайық және орынды деп есептеймін»,– деп негіздеді.
Мұндағы «Қажығали Жұмәліұлы Жұмалиев» деп баса көрсетуін өзінің ұнатпаған адамын фамилясымен атайтын әдетіне жатқызуға болмас. Ресми сөздің аты – ресми сөз. Алайда араға бес жыл салып барып М.Әуезов «Жұмалиев жолдастың» осы «ғылыми қайраткерлігін» жоққа шығаратынын ол кезде білмеген де еді. «Келер күннің тұманды бір тылсымы» (Абай) осы болар. Анығы, бұл тұста екі ғалымның арасында бір-біріне түсіністікпен қарайтындай төзім сақталып қалғанға ұқсайды.
Ал екеуінің арасына сына қағатын майдан мен саяси науқандық тығырық та ұзақ күттірмеді. «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеясыздық пен өрескел саяси қателер туралы» және соған ілесе 1946 жылы 26 тамызда БК(б)П Орталық Комитетінің «Театрлардың репертурлары және оны жақсартудың жолдары» туралы қаулысы шықты. Осыған байланысты Тіл және әдебиет институтында «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы талқыға түсіп, томның бас редакторы М.Әуезов қаулыға орай түзетілген тараулар жөнінде баяндама жасады. Ол «БК(б)П Орталық Комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеясыздық пен өрескел саяси қателер туралы» қаулысына сәйкес және соған орай Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті ашып көрсеткен институттың тарапынан жіберілген «қателіктерге» байланысты:
«Біз «Қазақ әдебиеті тарихындағы» барлық тарауларды түбірімен қайта қарадық және соған орай тиісті толықтырулар мен өзгертулер енгіздік, кейбір тараулар, мысалы «Айтыс», «Шешендік өнер» (Мәметова жазған) тараулар қайтадан жазылды. Бұл жұмыста қайта қарау барысында жүмыс барысында кеткен жекелеген өрескел кемшіліктерді атап көрсеткен рецентзеттердің ескертуі үлкен көмек көрсетті. Рецензенттердің ресми ескертулерін назарға ала отырып, жекелеген әдебиетші-мамандардың да пікірлеріне құлақ астық. Біздің еңбегімізге көрсеткен рецензенттерге алғысымызды айта отырып, әлі де талас тудыратын, шешімін таппаған бірқатар принципті мәселелердің бар екенін, соның ішінде, «Қозы Көрпеш – Басян сұлу» батырлық эпосы жөніндегі рецензент Дүйсембаев жолдастың қорытындыларымен менің өз басым келіспейтіндігімді білдіремін. Рецензент (томдықтың – Т.Ж.) стильдік тұрғыдан жеткілікті деңгейде өңделмегендігін атап өтті. Әр (тарауды әр) түрлі авторлар жазғандықтан да стильдік тұастықтың болуы мүмкін еместігін атап өткім келеді»,– деген пікір білдірді.
Әрине, бұл амалсыздың әрекеті. Қызы – Мәншүк Ахметқызы Мәметова : әке-шешесінің «халық жауы» емес екендігін дәлелдеу үшін майданға сұранып, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тауып, Кеңес одағының батыры атағын алса да оның шешесі, қазақтың ғұлама тектісі Әминә Мәметованың аты идеология жөніндегі кеңестік қаулылардың барлығында да баса көрсетіліп отырды. Осы кеңесте бөлім меңгерушісі Қ.Жұмалиев те қазақ кеңес әдебиетінің тарихы туралы хабарлама жасады. Ол хабарлама емес, томдықты, сонымен қатар М.Әуезовтің ұлтшылдық, иедеясыздық шығармаларын айыптауға ұласып кетті. Бұл оның «Абай поэзиясының тілі» атты диссертациялық еңбегін баспаға ұсыну барысындағы сын-ескертпелердің айтылуына жетеледі. Міне, осыдан бастап М.Әуезов пен Қ.Жұмалиевтің арасы ушыға берді.
Сонымен, дені жаз айларында қабылданған қаулыларға арналған талқылаулар қыркүйек айынан бастап арасына апта салып алаөкпелене өткізілді. Қазақстан жазушылар одағының архивте сақталған 1946 жылы 16 қыркүйекте талқыланған БК(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.Н.Поспеловтің жасауға тиісті баяндамасының жобасы мен 24 қыркүйек күні өткен қалалық мәжілістегі қалалық партия комитетінің хатшысы Сәрсеновтің «Қазақ әдебиетінің тарихы туралы даулы мәселелер жөніндегі баяндамасының тезистеріне» жүгінсек, мұнда қамшы тимеген қаламгер қалмапты. Соның ішінде тарихи тақырыпқа қалам тартқандарға ерекше шүйіліпті. Тіпті Едіге мен Нысанбай жырау да, С.Торыайғыров та, оларды әдебиет тарихына енгізуге ұмтылған Б.Кенжебаев та сыпыра сыналыпты.
Сәрсеков: «Хандық-феодалдық «Едіге» эпосының, сондай-ақ Сондай-ақ «Шора батырдың» да жылдар бойы дәріптеліп (возвеличивание) келгені кездейсоқтық емес. Бұл эпостарда Қазан қаласын екінші Станбол ретінде, «мұсылмандардың тірегі ретінде суреттейді, Шора батыр «оны орыстардан қорғау үшін аттанады». Бұл нұсқа эпостың (түпнұсқада – былина) пантүркистік және панисламистік өңделуі екені анық көрініп тұрған жоқ па. Бұл «былинаның» қазақтың батырлық жырына қандай да бір қатысы бар ма? Бұл «былина» неге қазақтың өткендегі батырлық әрекетінің көрінісі ретінде оқырмандарға ұсынылады? Әдебиет пен халық шығармашылығы қоғамдық-саяси өмірден тыс қалыптасқан жоқ.. Біз өзінің жеріне шапқыншылықпен басып кірген шапқыншыларға қарсы қазақ елінің өзінің өмір сүруі үшін күрес ін бейнелеген ескі әдебиетті заңды түрде мақтаныш етеміз. Мұның қатарына «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қара қасқа атты Қамбар» және Сырым батыр мен Исатай, Махамбет жырлар жатады.Ұлы бунтарь Махамбеттің қанаушыларға қарсы бағытталған жырларын еске алсақ та жеткілікті.
Өткеннің көптеген батырлық жырлары ұлы отан соғысы жылдарында біз үшін қайта тіріліп, рухымызды өсірді. Біз мұның бүгінгі әдебиетпен – Абайдан бастап кеңес жазушыларымен ашық та а дәстүрлі түрде байланысып жатқанын өте жақсы түсінеміз. Алайда, біз қазақ әдебиетінің ХҮІІІ, ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы тарихының зерттелуі тарихи-әдеби ғылымның ең осал тұсы деп санаймыз. Біз, өткеннің мәдени мұрасына сыни көзқарастың жоқтығынан, бүгінгідей бұрмалаулар мен қателіктерге жол беріліп отыр деп есептейміз.
Бізге: сендердің бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасын жер бетінен ысырып тастағыларың келе ме?,– деп сұрақ қояды. Ол шындық емес. Бұл өтірік. Асан қайғы туралы қазақтар қандай сөздер айтқан!... Бір бола жаздап, болмай қалған қызықты айтайын. Егерде «Едіге» туралы сын мақала «Большевик» журналында жарияланбаса, ол біздің мақаламызда айтылса, онда қандай шу көтерілетінін білесіздер ме? Қып-қызыл төбелеске айналар еді. Осындай жағдай Асан қайғы туралы аңызға да қатысты болар еді. Өйткені ол айтты делінген өлеңдер орысқа қарсы болғандықтан да біздің жастарды лениндік-сатлиндік рухта тәрбиелеуге кесірін тигізеді.
Бұған не айтасыздар, кеңес жастарын осымен тәрбиелейміз бе? Бұл адалдыққа жатпайды, ұят, мұндай хандық-феодалдық поэзияға көз жұмып қарау дегенміз масқаралық!
Ал енді «зар заман» ақындары туралы айтайық.. Мұқанов, Кенжебаев және Исмаиылов жолдастар: «зар заман» поэзиясын орыс патшалығының отарлау саясаты тудырды дейді. Оны тудырған тек қана ол жағдай емес. «Зар заман» поэзиясы ескі феодалдық-патриархалдық қатынастың топырағында өніп, өсті. «Зар заман» ақындары артына қарады, олар еуропалық үлгідегі сауда мен ақша айналымына, қалалардың салынуына, қарасүйектердің ақсүйектермен теңесуіне, әйел теңдігіне, ағартауға қарсы болды...
Олар өздерінің шығармаларында мемлекеттіктің мінсіз үлгісі ретінде феодалдық-патриархалдық өмірді әспеттеді, қазақ хандығын дәріптеді, олар Россияның озық ойлы адамдарының жағымды ықпалын жоққа шығарды, олар Қазақстанға тек қана патшаның қанаушы аппаратымен қоса алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің де келетінін түсінбеді, түсінгісі де келмеді. Өкінішке орай, әдебиеттанушылар ешқандай іріктеместен, ғылыми-сыни саралау жасамастан мұны өткеннің асыл мұрасы есебінде кеңес оқырмандарына ұсынады. Феодалдық қоғамның үстем таптырының идеологиясын жырлаған осыақындардың шығармаларын табандап қорғағандардың қандай мақсат көздейтіні мүлдем түсініксіз. Кейбір жолдастар: бұл біздің мәдени мұрамыз, бұл біздің дәстүріміздің айнасы – дейді. Қатты қателесу бұл. Мысалы, Нысамбайдың «Кенесары – Наурызбай» оқығанда: кейбір авторлардың мұны еңбекші қазақтардың қандай ұлттық мақтанышын оятатынын, қандай ұлттық дәстүрді жырлайтынын айтып отырғанын түсінбейсің. Көзбен жүгіртіп шыққанның өзінде Нысамбай Кенесары Қасымовтың қырғыз халқына қарсы қазақ сұлтандары мен феодальдарының шапқыншылығын жырлағанын анық байқайсыз...».
Кремльдегі идеологияның көсемінің бірі, жазалаушы саясатты жасап, бағыттап, қаулы-қарарды дайындап отырған КОК(б)П-нің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасарының өзі алдағы «қара дүлей» науқанға «азық дайындау» үшін келген мәжілісте қала хатшысының бұлай сөйлемеске лажы да жоқ. Дегенмен де: «Бізге: сендер бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасын жер бетінен ысырып тастағыларың келе ме?,– деп сұрақ қояды» – деген сауалы сол «сұр кардиналдың» өзіне қаратыла қойылған сияқты әсер қалдырады екен. Ондай тәсілдер де кезінде қолданылған. Әрине, бұл сөз саяси екпін алу үшін ғана айтылғаны анық.
Сол жиналыста Н.Н.Поспелов өзінің баяндамасында Ғабиттің жобаны алдына-ала екшеу тұсында айтылған сөзін сөзбе-сөз қайталап:
«Әуезов автор ретінде «Абай» романының екінші кітабінің бірінші тарауында Құнанбай бейнесін жан-жақты марапаттай суреттеуі оқырмандардың ренішін туғызады. Романның бірінші кітабында жағымсыз кейіпкер ретінде бейнеленген аса ірі феодал Құнанбайды Мекеге барар сапары алдында Әуезов оны Ұлжанның, Мәкіштің, тіпті Абайдың өзінің де ықыласын аударатындай қайырымды етіп көрсетпеуі тиіс еді»,– деп «төрелік» айтты.
Партияның оқшантайы әдебиеттегі жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді саяси сақнаға шығарып, олардан идеологиялық дұшпан, яғни, тап жауын жасағысы келді. БК(б)П Орталық Комитетінің осы жылдары Украина мен Қазақстанның идеология саласына қатты шұқшия қарағаны байқалады. Оның басты себебі «Қазақстан тарихы» мен Кенесары Қасымовтың қозғалысына қатысты СССР Ғылым Академиясының деңгейінде туындап жатқан пікір таласы болатын. Әрине, партия мен оның оқшантайы араласқан жер әшкерелеусіз қалмайтыны анық. Сол жағдайды білуге келген идеологиялық барлаушы, Қазақстанды шулатып, Бекмахановтан бастап Мұхамедхановқа дейінгілерді соттатып, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Жұбановтарды қуғынға ұшырату науқанының алғашқы сатысын ұйымдастырған Н.Н.Поспеловтің бұл сөзін кейін БК(б)П Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісінің орынбасары П.Поликарпов:
«Егерде бәрі де «Абай» романында суреттелгендей болса, онда қазақтар коммунизмнен баяғыда өтіп кетіпті, оларға кеңес өкіметін орнатып керегі жоқ көрінеді»,– деп өзінше жаңғыртты.
Сөзінің соңын драматургиялық шығармаларға бағыттап, С.Мұқановтың: «М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің пьесалары қазақ театрының репертуарлық алтын қорына қосылды» – деген пікірін мысқылдай сынай келіп:
«Менің ойымша жағайымсып (угодническими комплиментами) айтылған мақтауларға Әуезов жолдас та, Мүсірепов жолдас та тоғайымсымауы керек, Кеңес тақырыбына жазылған «алтын қорды» толықтыру барлық жазушылардың да, оның ішінде Әуезовтің де, Мүсіреповтің де міндеті»,– деп «әлеуметтік тапсырма» берді.
Екінші боп сөз алған Ә.Тәжібаев өзінің қателігін:
«Менің қателіктерімнің себебі туралы қысқаша тоқтала кетейін. Ақын-драматург ретінде өзімше бір жаңалық табамын деп кітаптардың арасында адасып кетіппін. Классиктер мен атақты жазушылардың шығармаларын оқыдым... Солардың әсеріне шыға алмаппын»,– деп мойындай келіп бишігін бірден Ғ.Мұстафинге үйіріп, «Шығынақты» авторымен қоса шықпыртыпты.
Ә.Тәжібаев: «Мұстафин жолдас сөзінің басында өзінің кінәсін екі сөзбен мойындағандай болды да, соңынан оның бәрін журналдар мен алқа мүшесіне үслестіріп беріп, өзі қазақ тілінде өте үрейлі пікірлер айтты. Ол: Тәжібаев әлдебір жиналыста: «Мұстафинді халық жауы»,– деп Зощенкомен теңестіріпті», – деді де маған ызақорлана тиісті. Оның ойынша, менің кінәм – қатерлі мерезбен тең екен де, өзінің кінәсі – жай ғана шаншу екен. Ол: тарихи тақырыпқа арналған символикалық туынды жазғанша, қазіргі тақырыпқа арнап жаман шығарма жазған әлдеқайда жақсы – деген «қисынсымақ» ойлап тауыпты. Мәселе, осы туралы ма еді, Мұстафин жолдас? Ол: қазіргі тақырыпты жазып келе жатқан мені емес, Тәжібаевті Зощенкомен теңестіріңдер – деп үнемі қиғылық салады. Мен оны ешқашанда Зощенкоға теңеген емеспін, қазір де теңестірмеймін. Оның скетчі туралы төралқада талданғанда орыс жолдастар оның мазмұнын сұрады. Мен оларға: Зощкенконың «Маймылдың саяхаты» сияқты – деп түсіндірдім.
Өзіңіз айтыңызшы, Мұстафин жолдас, сіздің кеңес адамдарына жала жауып, мазақ еткеніңіз өтірік пе? Қане, сіз өзіңіздің соңғы романыңцызда орыстарды, партия қызметкерлерін, колхоз құрылысын қасақана мазақ етпегеніңізді дәлелдеңізші. Осыдан бес жыл бұрын кеңес адамдарын қорлаған «Қара мылтық» деген комедия жаздыңыз, оны қабылдамай тастады. Сол жылы сол күлдібадамыңызды (чепуху) «Ағаш мылтық» деген атпен қайта өткізіп, қаламақысын алдыңыз.
Ал Мұстафин жолдас болса өзін қазіргі тақырыпқа жазамын деп әспеттейді. Жолдас Мұстафин, Зощкенко кеңес тақырыбына 25 жылдан бері жазып келеді. «Сатира» дегенді желеу етіп 25 жыл бойы кеңес адамдарын қорлап келеді. Әңгіме сол туралы болып отыр ма, Мұстафин жолдас? Осы сарында енді қанша жыл жазбақсыз? Егер сіздің азаматтық арыңыз болса, егер сіз ЦК мен жұртшылықтың сынының мәнін түсінсеңіз. Онда неге жасырынбақ ойнап, екіжүзділік көрсетіп, осындай жауапты жиналыста зиянды бағыт ұстанасыз? Бұо кімге керек? Мұндай саяси қуыршақпен кімді алдағыңыз келеді? Сіз сиқыршы емес, жазушысыз. «Қаламмен жазғанды қолмен өшіре алмайсың» – деген сөз бар. Бұл шындық, ал шындықты ұғыну керек!», – деп барып демін алыпты.
Стенограмманың соңында: «О Сабите. Бракодел. Ошибок забракованных произведений. Почему молчит о себе. О Мустафине» – деген ескертпелер жазылыпты. Біз С.Мұқановпен оның өзге бір «пікіралысын» кейіндеу пайдаланатын болғандықтан да, бұл арада қалыс қалдырамыз.
Бұдан кейін сөз алған Ғ.Мүсірепов те Ғабиден құрдасын тұқырта тықсырып, бұрын байқалмаған мінез танытып, саяси айып таға сөйлеп, «әдебиеттегі тамыр-таныстықты» әшкерелей келіп:
«Тамырластығы тереңге кеткен «тамырлардың» қылығы езу тартқызарлықтай көрініске көшті. Мысалы, Әуезов жолдас мәжілісте Мұстафиннің «Шығанақ» романын асыра сілтей мақтады. Мұны Мұстафин өзінше түсініп, оның сыбағасын еселей қайтару үшін тағы да редколлегия мүшелеріне айтпастан аса ірі аға сұлтан Құнанбайды мадақтаған «Абай» романының екінші кітабін жариялап жіберді»,– деп салды.
Сонда «тамыр» болмауы үшін екі қабырғалы қаламгердің арасы араз болуы керек пе еді, әлде, «Абай» романын жарияламауға тиісті ме еді? Егер М.Әуезовтің шығармасын баспаса, онда қандай туынды журналдың бетін толтыруға тиісті еді? Содан үш жыл бұрын айтқан, бүгінге дейін маңызын жоймаған Құнанбай бейнесі туралы парасатты пікірінен бас тартқаны ма? Бұл арадағы мәселе, тарышы Шығанақ пен аға сұлтан Құнанбайда емес, екі туындының да «Қазақ батырымен» кеуделесе сталиндік сыйлыққа ұсынылуында жатқан жоқ па екен? Сондай-ақ тура сол кезде Ғ.Мүсіреповтің партиялығын қайтару туралы мәселе көтеріліп жатқан. Ал ол дегеніңіз «бақ құсының» басына қайта қонуы болатын. Ол үшін партияның діттеген жерінен шығатын бір тақыстық жасау керектігі түсінікті еді. Сол мақсатпен «Абай» романының алдағы уақыттағы барар жолын кесетін кесірлі пікір білдірген сияқты.
Қазір шындықты айтқандай болғанымен, өз тұсында «Абай» романын, сол арқылы М.Әуезовті шырғалаңға түсірді.Осыдан бастап роман туралы пікірлер ушыға асқынып, оның беті теріс қаратылды. Бұл айтыс сегіз жылғы сергелдеңге ұласты. Әуелгі көркем жүйе мүлдем қарама-қарсы желіге арқау құрды. Н.Н.Поспеловтің төрелігінен кейін Құнанбай Мекеге алғыспен емес, Дәркембайдың қарғысымен аттанды. Орыс тіліндегі тәржімәсына кейінге дейін қосылмай келген Дәркембай – Дәрмен – Қиясбай желісі кеп бір бүйірден қосылды. Ал 26 қыркүйектегі жазушылар мен өнер қайраткерлерінің кеңесінде С.Мұқановқа Е.Исмаиыловты қосақтап, біріншісін «Казправдадағы» қазақ эпосының кейіпкерлері мен Едіге туралы мақаласы үшін, екіншісіне «зар заман» ақындарын дәріптегені үшін запыран шектірді. Сәрсенов бұл жолы С.Мұқанов пен М.Әуезовтің арасындағындағы жікке ашық тоқталды. М.Әуезов өзінің сөзінде саясаттың ауанына ықтаңқырай қырындап:
«Кеңес әдебиетінің рухына зиянды, жаулық көзқарастағы Зощенко мен Ахматованың туындылары әдебиеттен аластата отырып, сонымен қоса БК(б)П ОК-нің қаулысына орай бүгінгі күнгі әдеби өмірімізді сыни көзқараспен сүзіп шығып, оның әр сөресін саралауымыз керек. Осы шешімге байланысты өзімізге де және барлық қаламдас әріптестерімізге де әділ әрі қатаң талап қойып, қатал сыннан өтуге тиіспіз. Бұл орайда біздің жазушылар ұйымына Мәскеу мен Ленинградта және туысқан республикаларда өткен қаламгерлердің жиналысы мен кешегі мәжілісте сөйлеген жолдас Н.Н.Поспеловтің баяндамасындағы сыны мен обьективті талдауы үлгі бола алады. Тіпті өзгесін былай қойғанда, өзіміздің жазушылар одағында өткен президиумның кеңейтілген отырысында сөйлеген өз әріптестеріміздің бір-бірінен байқаған қателіктерін сақтандыра (тревожно) көрсетіп, әділ әрі қатаң талап қоя сөйлегенін де үлгі етуге болады. Бет-жүзіне, өзара жеке достығымызға, біздің арамыздағыболар болмас өзімшілдігімізге қарамастан бір-бірімізге ащы шындықты айттық, алайда баяндамада талқылауға қатысып отырған менің, Мұқановтың немесе Мүсіреповтің қатыспауына болмайтындай мәселелер көтеріліп отыр ма?»,– деген риторикалық сауалды қоя сөйледі.
Өзінің шығармашылығына, оның ішінде «Абай» романына он жыл бойы «басты айып болып» табылатын Н.Н.Поспеловтің қай пікірін үлгі тұтуға болар еді және үш бірдей көрнекті жазушы қатыспаса да болатын бұл қандай идеолоиялық жиналыс? Әлде сөз арасында кеткен пафос па, жоқ, стенографистканың жаңсақтығы ма? Көркем шығармадағы идеясыздықты әшкерелеген қаулыға орай ашылып отырған бұл мәжілістегі сөзінде М.Әуезов басты мәселені саясат пен идеологияға емес, көркемдік ізденіске салмақ бере сөйлегені аңғарылады. Өйткені осы бір идеология дегеннің астарында арандатушы, әшкерелеуші әрекеттің жатқанын зәрезеп болған жүрегі сезетін. Сондықтан да «өзара жеке достығына, өз араларындағы болар болмас өзімшілдікке қарамастан бір-біріне айтылған ащы шындықтың үлгісі ретінде Әбділда Тәжібаевты қырына алды. Оның «идеологиялық қателігін» саясаттан емес, көркемдік ізденісті бойын сіңіре алмаудан іздеді.
«... Сонымен қатар драматургия, көркем проза салсына алсақ, қазақ әдебиетінің қуаң ,асырлары бізге ешқандай соқпақ, ешқандай көркемдік дәстүр қалыптастырмағанын да ұмытпауымыз керек. Сондықтан да өзгеден үйрену – біздің басты міндеміз болып табылады. Кімненүйренеміз, қалай үйренеміз, нені үйренеміз? Үйренудің де түр-түрі бар. Көркемдікті сіңіру арқылы үйрену – жетістік, еліктеуге ұрыну – ұрыншақтық, бірақ оған да төзуге болады, ең қиыны – кеңес жазушысына тән идеялық-саяси бағытыңа зиян келтіріп, өзіңнің жасампаздық нәріңнен айырылып, өзіңнің жолыңнан адасып, өз қолтаңбаңды жоғалту.
Бұған, қалай үйренбеу керек екеніне мысал ретінде БК(б)П ОК-нің қаулысында сыналған жолдас Тәжібаевтің «Біз қазақпыз» пьесасын алуға болады. Өзінің сөзінде Тәжібаев жолдас өзінің қателігін мойындағанын айта кеткен жөн. Менің ойымша ол өзінің адасу жолындағы қателіктерінің тамырын, бастауын толық түсінген сияқты. Оның өзіне өзі сын көзбен қарауы – Мұстафин жолдастың өзін өзі мінегенсіген көлгір сынына мүлдем ұқсамайды. Бұл шешен, яғни, соңы аталған адам (Мұстафин – Т.Ж.) Н.Н.Поспелов жолдастың баяндамасында атап өтілген жайларды сезініп отырған жоқ, өйткені оның шығармашылығында арамызалық (пошлость) пен әдеби бұзықтық (литературное хулиганство) бар... Жолдас Мұстафиннің сөзімен салыстырғанда жолдас Тәжібаев шынайы суреткер ретінде өзінің қателігін мойындай сөйледі, біздің міндетіміз – оған көмектесу».
Бұдан кейін Ибсенге Әбділдәнің қалай еліктегені талданады.Ал Ғ.Мұстафиннге неге соншама шүйілгені анықталмады. Зады ол – «Шығанақтағы» ашаршылық туралы көрініс болса керек. Әрі «Абай» романының екінші кітабына берілген немкетті «бірдеме» де (С.Мұқанов) өз ықпалын жасаса керек. Стенограммада ауыз екі сөзе тән қайталаулар орын алғандықтан да келесі мәтіндерді қысқаша мазмұндап береміз.
М.Әуезов: Оның қателігінің тамыры неде? Осыған дейін ол Шевченко мен Гейнеге еліктеген, ондағы қателіктері байқалмаған еді, енді Ибсенге ауысыпты. Ол Ибсеннің ерекшелігі мен табиғатын түсінбестен еліктеген. «Біз қазақпыз» дастаны сондай соқыр еліктеуден туған. Бұл пьесаның басталуы мен соңын алсаңыз Тәжібаев Ибсенмен бәсекеге түскен байқалады. Ибсен сияқты бастап, Ибсен сияқты аяқтайды. Екеуі де белгісіз адамдармен жауласады, мысалы, Ибсеннің кейіпкері бет-бейнесі белгісіз кісілермен өшіксе, тәжібаевтің кейіпкері күнді құшақтайды.
С.И.С.И.Кругловтың қыстырмасы: Тәжібаевтің дастанын «Біз қазақпыз» деп емес, «Мен және Ибсен» деп атау керек.
М.Әуезов: Пьеса жарым-жартылай мистикамен аяқталады. Дүние тарихын нақты түсінбегендіктен де екеуі де жалған үндеуге құрылған. Ибсен өзінің ортасын шарықтата биікке шақырумен болды, сонда қайда шақырып отыр? Оны Ибсеннің өзі де білмейтін. Энгельс пен Плеханов Ибсенді мещан жазушы деп атап, оның дүлейлік рухын біздің заманымызда жеккөрінішке айналып отырған қияпатты қияли, жалған рух деп сынаған. Әсірееркіндік ағымы қылаң берген тұста Ибсен пайғамбарға айналып шыға келеді, оның беймәлім күйзелісі – түңіліс жайлаған, тәуелсіздігін жоғалтқан, өткен күнні қайтып оралуынан күдерін үзген, ертеңгі жарқын болашағы күңгірт әр елдегі әр түрлі топқа оңтайлы болып шыға келеді. Ол (Тәжібаев) кімге сөзін арнап отыр? «Біз – қазақпыз» пьесасында не айтқысы келді, бұл пьеса да қандай толымды да жарқын тебіреніс бар? Оның бұл пьесадағы басты идеялық-саяси қателігі –біздің дүниетанымыздан баяғыда сызылып қалған, жат болып кеткен сиволикалық бейнелеуге ден қойып, социалистік реализмнің әдісінен алшақтап кеткендігінде. Бұл қателікті оның өзі ғана емес, кезінде оқып, бұл қателіктің өрескелдігін сезінбей, жақсы баға берген осында отырған біздің де қателігіміз. Мұндай жағымсыз мысалдар үйренуді мүлдем жоққа шығармайды, керісінше, біздің ұйымымыздың алдына үйрене білуді үйрету міндетін жүктейді.
Үйренудің қандай қажеттіліктен туатындығына, әдеби мәдениеттің қарапайым да күрделі талаптарын меңгермей салмақты көркем шығарма тумайтынына тағы бір мысал – С.Мұқанов жолдастың «Біздің заманның қаһармандары» («Өмір мектебінің» алғашқы атауы – Т.Ж.) романы. Біз бұл туындының жарияланған үзінділеріне пікір білдіруге құқылымыз, ол тұтастай шығарманы жоққа шығару емес, әрине. Мен ісспардан келгеннен кейін С.Мұқанов жолдаспен әңгімелескеннен кейін ғана жарияланғанын білдім, ал редакциялық алқа мүшесі ретінде романмен одан бұрын танысып шығуым керек болса да, маған ешқандай хабар бермеді. Әрине, С.Мұқанов жолдастың мақсаты дұрыс, алайда Орталық Комитет пен Төралқадағы талқыда айтылған пікірлер басқаша ойға қалдырады. Уақыттың аздығынан бұрынғы пікірлерімді қайталап жатпаймын. Тоқ етері мынау: шығарманы сыни көзбен талдай алатын әрбір адам бұл романның композициялық құрылымының солбыр, шығармашылық тәсілдері қарабайыр, романның идеялық-көркемдік илеуі шала қарпылған роман екенін бірден аңғарады. Көркемдігі нашар (антихудожественная), тарихиққа жанаспайтын (антиисторическая), романда баяндалған кейбір бейсаяси оқиғалар мен көріністер ерікті, еріксіз өрескел саяси қателерге алып келген, сондықтан да бұл кітаптың аталған бөлімдерді жариялауға татымайды (не заслуживает). Редколлегия мүшелері алдын-ала оқымаған, олармен кеңеспеген шығарманы жариялау арқылы Мұстафин жолдас үлкен қателік жіберген, сөйтіп, ол Мұқановқа «мысық тілеу» (медвежью услугу) көрсеткен (қол шапалақтау).
Иә, анау-мынаудың емес, Сәбит Мұқановтың сәтсіздігі үшін қуанғандардың да тілеуі – мысық тілеу демеске амал бар ма. Әрине, бұған С.Мұқановтың да жауабы дайын болатын. Өзінің айтуынан қарағанда, ол бұл мәжіліске орай жасауға тиісті баяндамасына екі рет өзгеріс енгізіпті. Алайда ондағы пікірлердің барлығын алғашқы сөйлеушілер қозғап кеткендіктен де ауыз екі еркін баяндамаға көшіп, бірден Тәжібаевтің «мүйізінен» ұстап, қамшының үшін Әуезовке тигізеді. Қалған өмірлеріне ұласқан ырғасудың басы, қайта табысудың тізгінін үзген бәсекенің ұйытқысы болғандықтан да, С.Мұқановтың сөзін барынша дәл мағынада мазмұндап береміз.
С.Мұқанов: «Мен өзімнің сөзімді екі рет қайтадан жаздым. Алғашында жазушылар одағының төрағасы ретінде барлығын қамтып едім, ондағы мәселелер Н.Н.Поспелов жолдастың баяндамасында айтылып кетті. Мәжілістің алдында ғана аяқталған баяндамада не айтылғанын мен білгемін жоқ. Екінші сөзімдегі мәселелерді бүгінгі сөйлеушілер айтып кетті.
С.И.С.И.Круглов (қыстырма): Онда сіз сөйлемей-ақ, баяндамаңызды стенограмма күйінде өткізерсіз (күлкі).
С.Мұқанов: Қосып айтарым бар. Бүгін мүлдем аз айтылған, не мүлдем айтылмаған пікірлерім бар.
С.И.С.И.Круглов (қыстырма): Тек қылжақсыз айтыңыз. Сіз жазушылардың төрағасысыз. Әйтпесе, сөзіңізді комедияға айналдырмаңыз, әйтпесе, трагокомедия болып кетуі де мүмкін.
С.Мұқанов:: Мен сын және өзара сынға, жазушыларға бөгет жасап келген, әдебиетіміздегі кездейсоқ емес, тамыры тереңде жатқан қателерге тоқталмақпын. Кездейсоқ емес кездейсоқ қателер мен кемшіліктерді неге аз сынайтынымызды да айтпақпын. Соның ішінде тура Тәжібаев жолдастың да кемшілігін көрсетпекшімін. Қазақта: «Өзі мисыз қатын сау басқа сақина тілейді» (Паршивоголовая баба здоровоголовому бабу называет паршивоголовой) деген мәтел бар. Алайда Тәжібаев мен туралы соншама жағымсыз пікір білдіргендіктен де, есе қайтару үшін емес, Тәжібевтің принципті қателерден тұратын көзқарастар жүйесін ашу үшін сөйлемекпін.
Тәжібаев жолдас өзін бұл арада аңқау бала сияқты тектен текке мәймөңкелеп көрсетеді. Оның 1944 жылға дейін Еуропа символистерінің ықпалында болып, Ибсеннің әсерінен шыға алмадым дегеніне кім сенеді? Сен Ленинді оқыдың емес пе, жолдас коммунист Тәжібаев, сонда сен Лениннің комсомолдардың жиналысында айтқан: әр коммунист өткеннің мұраларын маркстік көзқарастан өткізіп барып игеру керек – деген сөзі есіңнен шығып кеттіме? 37 жастағы адамға осы да түсініксіз бе? Сенің жиырма жылдық әдеби тәжірибең бар, сен кеңес мектебінде тәрбиелендің емес пе?
Ал,Сіз, қымбатты Әуезов жолдас,оны қашанғы қолдай бермекшісіз? Сіздің Тәжібаевті қолдауыңыздың теріс ықпалына алда тоқталамын. Сен ғой,Тәжібаев жолдас, Мұқанов шалдығып қалды дейсің, егер Мұқановты керең, ақсақ дегің келсе, онда дәлелде. Мәселе онда емес. Мен жазғандарымның барлығын мына жұрттың көзінше жайып салып, есептесіп көрейікші.
С.И.С.И.Круглов (қыстырма): сіз одақтың төрағасы ретінде байыппен сөйлеңіз.
Ә.Тәжібаев: Мен сіздің еңбегіңізді жоққа шығарғамын жоқ, қателігіңіз туралы айттым.
С.Мұқанов: Сенің қандай шығармаң бар өзі, соның қайсысы кеңестік өмірді бейнелейді? Қайдағы-жайдағы жазасың (абсолютную ерунду пищешь), жиырма жыл бойы түкке тұрмайтын күлдібадам бірдемені жазып келесің, сөйтіп жүріп өңешіңді созасың. Сен оған қоса: мені қоғамның алдында қара бет қып көрсеткің келетін шығар.
Ә.Тәжібаев: Мен олай деп айта алмаймын, бірақ мен с»зден нашар жазбаймын, кеңес әдебиетіне үлес қосып келемін, сізден дөрекі кетпеуді (не хулиганить) өтінемін. Мұқанов жолдасты тәртіпке шақыруды сұраймын.
С.С.Жүсіпбеков (қалалық партия комитетінің хатшысы): Сіз қатардағы жазушы емес, жазушылар одағының төрағасы ретінде Одақтың кемшілігіне тқталыңыз, жас жазушыларды қалай тәрбиелеп жатырсыздар?
С.И.С.И.Круглов (қыстырма): Жиналғандарды сыйлау керек, тәртіпсіздік жасамаңыз, айқайдан, қолыңды сермеуден ештеңе шықпайды. «Юпитер сен ашуландың ғой, ендеше сенікі дұрыс емес» деген мәтел бар емес пе? Сынды байыпты қабылдап, сенімді дәлелмен сын айтыңыз, шатақ шығармаңыз.
С.Мұқанов: Дұрыс. Мойындаймын. Ал Тәжібаев жолдас! Мәселе кімді кім жазалайтында емес, істің пайда беруінде. Сіз өмірден алшақ кеттіңіз. Сіз кеңес тақырыбына адам қызығып оқырлықтай шығарма жазған жоқсыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын, 1937 жылы жазушылар одағының пленумында мен сіздің интимдік лирикамен әуестеніп кеткеніңізді, мұндай индивидуализмның жақсылыққа әкелмейтінін айтқамынғ бірақ сіз құлақ аспадыңыз. Осыдан бір жыл бұрын біз сіздің «Біз – қазақпыз» атты пьесаңызды сынағанда да бізді емес, сіздің пьесаңыздан ешқандай жағымсыздық таппаған өзіңіздің сыбайласыңыз Әуезовті тыңдадыңыз. Ал 1945 жыл өзінің «Литературная газетаға» берген сұхбатында: Тәжібаевтің бұл дастаны қазақ драматургиясының үлгісі деп бағалады. Тек Тәжібаевтің бұл пьесасы БК(б)П ОК-ніің сынына ұшыраған соң ғана Әуезов жолдас өзінің қатесін мойындады. Міне, Әуезов жолдас Тәжібаевқа қандай қызмет көрсеткен! Оның есесіне Тәжібаев жолдас та сыйға сый көрсеттті. Осыдан үш жыл бұрын біз «Абай» романының бірінші бөлімін талқыладық. Біз романның жетістіктерімен қоса жағымсыз жақтарында көрсеттік, сонда Тәжібаев және басқа жолдастар романды ауыздарынан сілекейі шашырап тұрып мақтап, әлемдік әдебиеттің үлгісі десті.
«Новый мир» журналының №6 санында Климович жолдастың мақаласы шықты. Ондағы айтылған ескертулердің көпшілігін қостаймын. Ол ескеруге сенетін болсақ, сіздің романыңыз, жолдас Әуезов, қазақ әдебиетінің тарихы сияқты әсер қалдырады екен. Климович жолдас сіздің романыңызда ең алдымен ХІХ ғасырдағы қазақ ауылындағы тап күресі қамтылмапты. Екіншіден, феодализмді, феодалдық-патриархалдық құрымды әспеттеу бар екені атап көрсетіліпті.Үшіншіден, орыстар тек жағымсыз тип ретінде суреттелген, орыстардың жағымды бейнелері жоқ. Төртіншіден, романда орыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне ықпалы көрсетілмеген. Бесіншіден, Абай бейнесі сентиментальді әрі аяқталмаған бейне делінген, алтыншы, Құнанбай басты кейіпкердің деңгейіне шығарылған – деп көрсетілген.
Осы айтылған жайлардың көпшілігі дұрыс. Климовичтің мақаласында көрсетілгеніндей, Әуезов жолдас өзінің романында тап күресін көзге ілмеуі, тек феодалдық құбылыстарды суреттеуі, орыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне ықпалын да ескермеуі романның екінші бөліміндегі қарама-қарсы екі күштің қақтығысынң нәтижесында Құнанбай нағыз әулиеге айналған. Ал, Мүсірпов жэолдас, Құнанбай бейнесі «құлдырауға бет алған» бейне дейді. Бұл дұрыс емес, Бұл «құлдырауға бет алған» бейне емес, бұл – феодализмді дәріптеу, бұл – феодаль адамның алдында тағзым ету!
Жолдас Әуезов! Бұл туралы біз сізге үнемі айтып келеміз, бірақта мұның барлығына жолдас Тәжібаев және басқалары біздің сынауымызға жол бермеді, бұл сіз үшін жақсылық емес. Менің ойымша сіз енді бұл қателігіңізді қайталамайтын шығарсыз деп ойлаймын, әйтпесе, жаман болады.
Мен өзімнің бір қателігімді мойындаймын. Жазушылар одағын басқару барысында үлкен қателік жіберіппін. Мен одаққа төраға болып келгенде баспадан шығаратын қазіргі тақырыпқа арналған ешқандай шығарма жоқ еді. Біз әр қайсысына барып, жазыңызшы деп жалындық, жалбарындық. Менің Әуезов жолдаспен өткен 1944 жылғы әңгімем әлі есімде. Әбішев пен Мұстафин жолдастар қатысып отырды. Біз Сізге: Сіздің қазіргі тақырыпқа арналған шығармаларыңыз неге сәтсіз? Неге сіз үнемі тарихи тақырыпты жазасыз? – деп сұрақ қойдық. Сонда Әуезов жолдас бізге: менің ескі тақырыпты жазып жүргенімде кімнің қандай жұмысы бар?, – деп барынша нығыздана жауап берді. Әуезов жолдас, өзге бір жайды есіңізге салайын. Сізді 1943 жылы Жоғары Кеңестің мәжіліс залында республика басшылары қабылдап, әңгімелескенде олар сізге: не туралы жазасыз, тағы да ескі өмірді ме, жоқ, жаңа заманды ма? – деп сұрақ қойғанда, сіз, Әуезов жолдас, ұзақ уақыт бойы кеңес өкіметіне оппозицияда жүрген сіз, өзіңіздің қателігіңізді мойындаудың орынына: «Абай романының ІІ және ІІІ бөлімін жазамын, содан кейін «Алашорда» туралы роман жазамын», – деп жауап бергеніңіз есіңізде шығар. Ол (Алашорда) туралы біз жазамыз, Әуезов жолдас, ал сіз социалистік құрылысты жазыңыз.
Соған қарамастан сізді орденмен марапаттады,академик атағын берді, қызметіңіз үшін өте жақсы жалақы төлейді, бірақта сіз бүгінгі күнге шүйіріліп қарауды жалғастырып келесіз. Ауыз толтырып атарлықтай кеңестік тақырыпқа арналған бір туындыңызды айтыңызшы, түк те жоқ, бәрі де күлдібадам (барахло).
Егерде, Тәжібаев жолдас, сіздің күлдібадам (брак) туралы айтқыңыз келіп бара жатса, онда Әуезов жолдастың күлдібадамдары туралы неге айтпайсыз, тек Мұқановты ғана қаралағыңыз келе ме. Мұқановты кемшілігі үшін қаттырақ соғыңдар, ол сынды көтере біледі, алайда «Мұқанов шалдығып қалды» (выдохся) деп босқа даурықпаңдар. Журналда басылған менің «Өсу жолдарымыз» («Восхождения) атты романымның тарауларына қаратыла байланысты орынды айтылған сынға қарамастан ол көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Оған куәні осы залдан да таба аламын. Сол тараулардың аудармасы бір ай бойы радиодан оқылып келеді, тыңдаушылар да жақсы қабылдады. Романды әлі жазу үстіндемін. Ол – трилогия болмақ, 25 жылдың ішінде өзім көрген кеңестік шындықты есебі болмақ. Айтылған ескертпелердің ішіндегі өзім дұрыс деп санаған тұстарға өзгеріс енгіземін. Жақсы роман беруге тырысамын».
10.
Сөздің ыңғайына қарағанда М.Әуезов пен С.Мұқановтың ара жігінің барынша кең ашылғаны осы тұс болса керек. Қысылған тұста С.Мұқанов өзінің істеген жақсылығын, яғни, одан «сотталған» деген айыпты алып тастауға көмектескенін, ретін тауып М.Әуезовтің бетіне басып алды. Аса мәртебелі БК(б)П Орталық Комитетінің жауапты қызметкері Н.Н.Поспелов жолдас екі күнге созылған мәжілістің қорытынды сөзінде М.Әуезовті тілге тиек ете сөйлеп:
«Әуезов жолдас бүгінгі өзінің мағыналы сөзінде өзінің шығармашылық жұмысы туралы ештеңе айтпағаны өкінішті.
М.Әуезов: Үлгермедім.
Н.Н.Поспелов: Өкінішті, Әуезов жолдас. Сіздің еңбектеріңізді біз бағалап келеміз, алдағы уақытта да бағалайтын боламыз. Сіздің еңбектеріңіз сондай салмақты, сонымен қатар өкінішті жері де бар. Мен сіздің шығармаңызды орыс тілінде оқыдым, Мәскеудегі біраз адамдармен де кеңестім, олардың көпшілігіне жақсы әсер қалдырыпты. Өкініштісі, сіздің кейіпкерлеріңіз өзіне қарама-қайшы әсер қалдыраты екен. Жұмысыңызды одан әрі жалғастырыңыз, жаңа көзқараспен қараңыз, мүмкін кейбір жерлерін қайта қарарсыз... Әуезовтің сөзіне келетін болсақ, оған үлкен талабымыз бар. Әуезов жолдастың қазіргі әдеби тақырыпқа қалам тартпауын қостауға болмайды. Сіз үлгі көрсетпегенде кім көрсетеді?
М.Әуезов: Бүгінгі тақырыпқа 10 пьеса жаздым.
Н.Н.Поспелов: Одан әрі жалғастыра беріңіз. Алайда бүгінгі күнге арналған ауқымды романыз жоқ, ал қазақ, орыс еңбекшілері сізден қазіргі тақыпта үлкен роман күтеді. Сіз өзіңіздің уақытыңызды қазіргі заманға арналған роман жазатындай етіп реттеуіңізге тура келеді. Орыстарды да, қазақтарды да қызықтыратындай тақырыпты таңдағаныңыз дұрыс. Кеңес дамдарын ынтықтырып, жас толқынды тәрбиелейтіндей тақырып болсын», – деп нұсқау берді.
Сырттай қарағанда «мәдениетті, жылы ықыласты тілек» ретінде көрінгенімен, мәскеулік «оқшантайдың» қорабынан шыққан идеологтың бұл «тілегі» соттың үкімінен кем болмады.Әр жиналыста айтылатын «тұрақты тапсырмаға» айналды. Бұл сөздің жазушыны мезі еткені сондай, өмірінің соңында басты кейіпкері етіп орыс, обком хатшысы Карповты алған «Өскен өркен» романын жазуға отырғанымен, аяқталмай қалды.
Мұрағаттардағы деректер мен кейін жарияланған естеліктерден аңғарылғанындай, бұл тұста әдеби ортаның негізгі үш топқа бөлінгені анық аңғарылады. С.Мұқановқа қарсы М.Әуезов бастаған, Ә.Тәжібаев қостаған топтан оңаша Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің дербес жақтаушылары даралана бастапты. Соңғы екі топ кімді қолдаса, соның жығасы жығылмай, тік күйінде қалатындығы байқалады. Бұл үрдіс өте қауіпті, екі жүзді қанжар сияқты саяси қаруға айналып бара жатты. Мұны қырағы көздер тез аңғарды. «Социалистік Қазақстан» газетінде үшеуін де түйреп өткен «Мен, Мен, Мен» деген кекесінді сын жарияланды. Соның ішінде Мұхтарға да ащырақ тұздық бұйырды. Сөйтіп, ел сенген үш тұлға да саясаттың қолындағы ойыншыққа айналды. Барған сайын М.Әуезовтің «саяси қателері» қоюланып, жеке пікірлер қорытындыға, ал қорытындылар саяси айыпқа ұласты.
Қазақстан К (б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысына орай академик Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов өткеннің шырмауында» атты әшкерелеуші мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланды. Бұл мақаланың бірыңғай жүйелі түрде нығыздалып, айып тағуға құрылғандығы сондай, одан іріктеп сілтеме алудың өзі мүмкін еместей және мұнда М.Әуезовке осы уақытқа дейін тағылып келген, алдағы уақытта «ащы сыбаға» болып тартылатын «өмір дәмінің» талқысы сызылап берілгендіктен де, оны бөліп, жармай тұтас беруді эөн көрдік. Негізгі мақсатымыз алаш идеясының жанышталуын деректер мен құжаттар арқылы әшкерелеу болғандықтан да, бұл екркіндігімізді зиялы да аңғарлы оқырман түсінер деген үміттеміз. Сонымен...
С.Бәйішев, «Профессор М. Әуезов өткендегі қателерінің шырмауында»: «Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті жақында ғана «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» арнаулы қаулы алды. Бұл қаулыда Тіл және әдебиет институтының идеология жұмысындағы аса маңызды мәселелер жөнінде марксизм-ленинизмнің негізінен ауа жайылғандығы атап көрсетілді.
Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы орын алған сорақы саяси қателер мен бұрмалаушылықтар Қазақ ССР Ғылым Академиясының белді қызметкерлерінің бірі профессор М.Әуезов жолдастың да басында, оның әдебиет жөніндегі ғылыми еңбектерінде бар. Мысалы, қазақ әдебиетінің тарихын теріс жолмен пішкен, теріс жолмен жазуға жобалаған, «Қазақ әдебиеті тарихының» сорақы саяси қателермен жазылған бірінші томын басқарып, редакциялаған профессор М. Әуезов жолдас болады.
Олай болса, профессор М.Әуезов жолдастың қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу мен жазудағы басты қателері қандай?
Біріншіден, профессор М.Әуезов жолдас қазақ әдебиетінің революциядан бұрынғы тарихын зерттеуде әдебиетті тек түр-түріне, сала-салаларына ғана бөлумен тынды, белгілі бір әдебиеттік ағымын, әсіресе, ауыз әдебиетінің әлеуметтік мәнін, таптық сырын ашпады. Ауыз әдебиетіне баға беруде, өткен заманның әдеби мұраларын меңгеруде бұрынғы қазақ буржуазияшыл ұлтшылдардың контрреволюциялық теорияларын әшкерелеу былай тұрсын, қайта сол теориялардың шырмауында қалып қойды, ал әдебиеттің кейбір мәселелері жөнінде сол буржуазияшыл бұрмалаушылардың салған жолымен, басқан ізімен жүріп отырды.
Екіншіден, профессор М.Әуезов жолдас қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу мен жазуда оның әлеуметтік мәнін ашып көрсетпеуі былай тұрсын, искусство атаулының бәрі, оның ішінде көркем әдебиет белгілі бір қоғамдық заманның бел баласы болып табылады, таптық қоғамдардың барлығында да идеялық, мәдени өмір тап күресінің негізіне сүйеніп отырады, таптық қоғамда жалпы адам баласына бірдей таптан тыс идеология болуы мүмкін емес деп көрсеткен марксизм-ленинизм ғылымының ережесін ұмытты. Идеология, атап айтқанда көркем әдебиеттің даму заңдары идеологияның сүйегіне сіңген қайдағы бір ішкі заңдарынан емес, материалдық өндірістің жалпы заңынан, тап тартысының жалпы заңдарынан туатындығын мүлдем ұмытқан.
Үшіншіден, профессор М.Әуезов жолдас осындай қате көзқарастың нәтижесінде өткен заманнан қалған әдеби мұралардың барлығын жалпы халық мұрасы, ал өткен кезде болған қайраткерлердің бәрін халық қайраткерлері деп таныған. Олардың тарихта атқарған қызметін бір жақты, тек жақсы жағынан ғана алып қараған, кейбір кездерде олардың реакциялық жолға, идеологияға ауытқығандарын бүркеп өткен. Сондықтан қазақ әдебиетінің тарихына аты ілінгендердің бәрін заманынан бөліп алып қарап, халық қамқоршысы, ұлт жоғын жоқтаушы деп көрсеткен.
Төртіншіден, профессор М.Әуезов жолдас ескі өмірдің, ескі тақырыптардың әуеніне түсіп кетіп, жаңа өмірден, совет өмірі мен шындығынан қол үзген. Мұнысы, сайып келгенде, қазақ әдебиеті мен қазақ мәдениетін шын мәнісінде өркендеткен Октябрь социалистік революциясының, совет қоғамының рөлі мен маңызын елемеуге әкеліп соқты. Ылғи мәдениет майданында істеп келе жатқан М.Әуезов жолдастың ширек ғасырдан аса уақыт өмір сүріп, өркендеп келе жатқан қазақ совет әдебиетінің тарихи жолын зерттеуге арнап қалам түртпеуі де жоғарғы айтылған негізгі қателеріне байланысты.
Профессор М.Әуезов жолдастың қазіргі еңбектерінде болып отырған осы ірі қателер білместіктен немесе кездейсоқ бола қалған жаңа қателер ме? Жоқ, олай емес. Бұлардың тамыры М.Әуезов жолдастың басында болып өткен бұрынғы кездегі ұлтшылдық ірі қателерімен жалғасып жатыр. М.Әуезов жолдастың Октябрь революциясы кезіндегі де, одан кейінгі кездегі де, яғни, қазақ совет әдебиетіне келіп қосылғанға дейінгі әдебиет мәселесінде мейлінше адасуы, өмірі біткен қазақ буржуазиясының идеологі болғаны, қазақ буржуазияшыл ұлтшылдардың тобында болып, көпке дейін жас қазақ совет әдебиетіне қарсы күрес жүргізгені екінің біріне аян болатын. М.Әуезов жолдастың бұл қателеріне бүкіл Қазақстан жұртшылығы кезінде өзінің әділ бағасын берген болатын. Сондықтан да М.Әуезов жолдас Қазақстан жұртшылығына арнап, ашық жазған хатында өз басындағы барлық қателерін мойындап, былай деп жазған еді.
«Алашордашыл бағытта болған жазушылар сияқты мен де бұрынғы кезде де, пролетариат диктатурасы кезінде де қазақ ауылының байлары мен феодалдарының мүдделерін, тілектерін идеология жағынан жақтаушысы болдым. Осы жағдайыма сәйкес әлеуметтік құрылыстарды және идеологиялық қондырмалардың алуан-алуан түрлерінің мәнін түсінуде ұзақ уақыт негізсіз, зиянды идеалистік негізде қалып келдім. Әдебиет әлеуметтік-экономикалық тұрмыстан аулақ, томаға-тұйық болады, әдебиеттің мәні де, атқаратын қызметі де бұлардан аулақ болады деген теріс, қате пікірді жақтап келдім. Ақырында әдебиеттің бүкіл мемлекет системасына және оның саясатына бағынышты роль атқаратындығы туралы бірден-бір маркстік- лениндік анықтамаларды елемей және көп уақыт түсінбей келдім. Осындай ғылми жағынан дерексіз, тарихи жағынан қате идеологиялық бағыттарымның бәрі қазірдің өзінде-ақ аяусыз соққы көрді, бұлардың барлығын тарих теріске шығарды деп есептеймін».
М.Әуезов жолдастың бұдан дәл 15 жыл бұрын жұртшылыққа берген уәдесі, айтқан сөзі, міне, осындай еді. Ал, енді М.Әуезов жолдастың осы айтқан сөзі мен қазіргі нақты ісінің арасында қандай байланыс бар? Сөзі мен ісі бір жерден шығып отыр ма? Өмір шындығына сенсек, М. Әуезов жолдастың сөзі мен ісінің арасында жер мен көктей қайшылық бар.
Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылми қызметкерлері профессор М.Әуезовтің басқаруымен «Қазақ әдебиетінің тарихының» бірінші томының қолжазбасын баспаға әзірлеген. Сөз жоқ, мұны жазуға, әзірлеуге көп уақыт, көп еңбек сіңірілген, көп материалдар жиналған. Бірақ, не пайда, мұншалықты үлкен еңбекте қоғамдық өмірдің өзегі – материалдық өндірістегі қатынастар, ондағы адам қатынастары, тап күрестері жоқ. Сол замандағы әдебиеттің қалай шыққандығы, қай тапқа қалай қызмет еткендігі баяндалмайды. Мұның орнына байларды, найзаның ұшымен, қамшының күшімен ел билеген билер мен хандарды мақтаған, қазақтардың феодалдық-ру құрылысын қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған кез еді деп дәріптейтін материалдар бар. Хан мен қараның арасын ашатын, езуші мен езілушінің жігін көрсететін материал жоқ. Профессор М.Әуезовтің басқаруымен жазылған «Қазақ әдебиетінің тарихына» сенетін болсақ, қазақ халқының қоғамдық дамуының тарихында ешқандай тап тартысы, ешқандай керітартпа адамдар болмаған, қазақтардың бәрі өзінің туысынан-ақ, жаратылысынан-ақ кемеңгер, ақылгөй, жалпы халық атаулының мұңын, жырын жырлаушы қайраткер болған сияқты. Әрине, мұның бәрі тарихи шындықтан көріне көзге ауа жайылғандық екендігі, қазақ байлары мен феодалдарының сойылы астында ғасырлар бойы ауыр өмір сүрген еңбекшілерді көрмегендік екені өзінен өзі түсінікті.
Профессор М.Әуезовтің көп жылдар бойы көтермелеп өсірген «ғалымдарының» бірі, Тіл және әдебиет институтының бұрыңғы директоры Е.Исмаиылов ұлы отан соғысының дәл алдында «Әдебиет теориясы» деген кітап жазады. Ысмаиылов бұл кітабында неміс мәдениетін мақтап, оны дүние жүзіндегі мәдениеттің шыңы дегенге дейін апарып жуықтатып қояды. Неміс-фашист идеологиясының арғы атасы, нағыз барып тұрған реакционер Ницшені де дәріптеп, құлшылық көрсетеді. Міне, осының барлығына қарамастан, профессор М.Әуезов Исмаиыловты қамқорлығына алып, оның қоқыс кітабына өзі редактор болып, басып шығартады.
Ұлы Отан соғысы кезінде кейбір жазушылар шын өмірді, біздің қоғамдық құрылыстың қайнап жатқан өмірін дұрыс, реалистік жолмен көрсетудің орнына, хандарды, байларды, төрелерді дәріптейтін шығармалар жасады. Сондай жазушылардың бірі Ә.Тәжібаев жолдас «Жомарт кілем», «Көтерілген күмбез», «Біз қазақтармыз» деген пьесалар жазып қазақ совет әдебиетіне белгілі буржуазиялық символизмді әкелді. Біздің совет халқының идеологиясына жат мұндай зиянды нәрселердің қазақ совет әдебиетінде орын алуына, ең алдымен М.Әуезов жолдас «қол-қабысын» тигізеді. Ол 1915 жылы орталықта шығатын «Әдебиет газетінде» басылған мақаласында Ә.Тәжібаев жолдастың бұл зиянды, ұстамсыз шығармаларын жалған түрінде көкке көтере мақтады.
Профессор М.Әуезов жолдас көптен бері-ақ жоғары дәрежелі оқу орындарында сабақ беріп, жас ғылми кадрлар даярлау ісіне араласып келеді. Талай аспиранттар мен студенттер М.Әуезов жолдастың басқаруымен ғылыми еңбектер, диссертация жазып жүр. Бірақ, не пайда, осындай қасиетті істе М.Әуезов жолдас біздің идеологиямызға жат, зиян келтіретін істерге кейде көріне көзге жол беріп жүр. Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері Ә.Қоңыратбаев «Ғашықтық жыр» деген тақырыпта филология ғылымының кандидаты деген ғылми атақ алу үшін диссертация жазады. Ә.Қоңыратбаев бұл еңбегінде М.Әуезовтің ескі уақытта жазылған қате, ұлтшылдық тұрғыдан қаралып жазылған еңбектерін пайдаланады, 1922 жылы «Шолпан» журналында басылған «Қазақ әдебиеттің қазірдегі халі» деген зиянды мақаланы кейбір жерлерде негізге алады, дәріптейді. Ал, М.Әуезов жолдас бұл мақаласы жөнінде өзі бұдан дәл он бес жыл бұрын:
«Әсіресе қазақ әдебиетінің революциядан бұрын даму жолдары туралы «Шолпан» журналында жазылған бұрынғы өзімнің идеологиялық зиянды пікірлерімнің революциялық қоғам жұртшылығының тілегіне мүлдем сай келмейтіндігін баса айтамын» – деп жазған еді.
Сірә, мұнысы М.Әуезов жолдастың есінен шығып кеткен болар. Сондықтан да Ә.Қоңыратбаевқа жұмған ауызын ашпастан, оның диссертациясына мұндай баға береді:
«Қазақстанда әдебиет ғалымын дамытудағы бұл еңбектің үшінші бір жақсы жағы – автор әдебиет зерттеуінің міндеті мен мақсатын маркстің-лениндік негізде түсініп, шығарманың мазмұны мен формасын бір негізде талдаудың әдісін қолданған».
Ал, Қоңыратбаевтың бұл еңбегінде, М.Әуезов жолдас жазып отырғандай ешқандай марксистік-лениндік ұғымның жоқ екендігі, мұның марксистік-лениндік әдебиетпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны жұртқа мәлім.
Тіл және әдебиет институтының екінші бір ғылми қызметкер» Ә.Маметова жолдас «Қазақтың шешен билерінің сөздері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация жазды. Мұның да толып жатқан өрескел тарихи, саяси қателері болды, билердің, олардың сөздерінің әлеуметтік мәнін бүркеді, би атаулының бәрін дәріптеді, сөйтіп тарихқа көріне көзге қиянат жасады. Осылардың барлығын көре-тұра, М.Әуезов жолдас бұл «еңбекті» жерге сыйғызбай мақтайды, қазақ әдебиетінің тарихында бұрын-соңды мұндай зерттеу болған емес, мұның өзі бір үлкен табыс, ешбір міні жоқ еңбек деп мақтау қағаз береді.
Ақырында профессор М.Әуезов жолдастың соңғы кезде теория жүзінде де, практика жүзінде де қолданып жүрген теріс пікірлері Қазақ ССР Ғылым Академиясының бірінші сессиясында жасаған «Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу проблемалары» деген баяндамасында әбден шумақталып, бір қалыпқа салынып, өзінің шынына шығады. Профессор М.Әуезов жолдас бұл баяндамасында салған жерден:
«Қазақ халқы өткен заманда материалдық мәдениеттен жарытып, құнды дерлік еш нәрсе жасаған жоқ, бірақ оның есесіне рухани мәдениеттен асқар таудай алып, құнды мұра жасап қалдырды, атап айтқанда, өте бай фольклор (ауыз әдебиеті) мен жазба әдебиетін жасап қалдырды»– деді.
Егер М.Әуезов жолдастың бұл қағидасын, ашқан жаңалығын теория тіліне аударсақ: идеологиялық қондырманы, әдебиетті материалдық негізінен, қоғамның материалдық өмірінің жағдайларынан аулақ, бөліп алып қарағандық болып табылады. Басқаша айтқанда, мұның өзі тарихты материалистік түрде түсінуімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын нағыз барып тұрған идеалистік ұғым, марксизм-ленинизм ғылымының қағидаларына қайшы келетін теріс пікір болып табылады. Ол өзінің осы баяндамасында:
«19 ғасырдың әдебиетінде соншалықты мол болды. Идеялардың, ізденушіліктердің, олардың шығармаларының тарихи бағыттарының түрлері өте-мөте көп, алуан-алуан болды. Мұндай тамаша өлеңдерді туғызған және куәсі болған сары дала мен асқар бел таулар, бос жатқан Арқаның даласы, Балқаштың, Сырдарияның, Аралдың қамысты жағалаулары, Алтай мен Алатаудың қарлы асу белдері...» тағысын-тағылар және тағы сондайлар дейді.
М.Әуезов жолдастың бұл жерде құр мағынасыз сөзге салынып кеткендігін былай қойғанда, бұрынғы кезде халыққа рухани мәдениеттің молшылығы дегенге әкеліп тірейтін теріс пікірі бар. М.Әуезов жолдастың бұл пікірінің өте-мөте қателігі және зияндылығы сол – не феодализм тұсында, не капитализм тұсында жалпы бұқаралық, халықтық рухани мәдениеттің молшылығы болған емес және болуы да мүмкін емес. Таптық қоғамдарда үстемдік етуші, бірақ кері кетуші таптар идеологиясы қоғам(дық) ғылымда(рдың) искусство, әдебиет сияқты түрлерінің дамуын тежеп отырады, тек өздерінің мүдделеріне қайшы келмейтін түрлерін ғана дамытып отырады. Демек, таптық қоғамдардағы үстемдік етуші идеология, әдебиет, искусство үстемдік етуші тап – байлар мен феодалдар үшін қызмет етеді. Бірақ бұл фактіні, бұл таласуға мүмкін емес жағдайды профессор М.Әуезов жолдас бұрында ашып айтқан емес, қазірде ешбір ашып айтқысы келмейді.
Профессор М.Әуезов жолдастың қазақ әдебиетінің тарихын қалай зерттеу керек екендігі жөнінде ғылымға қосқан «жаңалықтары», әдебиетпен шұғылданып жүрген және болашақта шұғылданатын біздің сансыз көп жастарымызға, жас ғалымдарымызға «ақылы», көрсеткен «жолдары» осылай келеді.
Ол-ол ма, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеудің проблемаларын бастан аяқ тегіс суреттеп келіп, профессор М. Әуезов былай дейді:
«Біз, совет әдебиетшілері, Маркс-Энгелс-Ленин-Сталин ғылымының ең дұрыс, нағыз ғылыми методологиясымен қаруланған адамдармыз. Біз қазақ әдебиетінің тарихын осы әдіспен нағыз ғылми түрде зерттеуіміз керек, тарихи-әдеби процесті бұрмалауға, бұруға жол бермеуіміз керек».
Дау жоқ, ешбір қауіпсіз айтылған. Бірақ Әуезов жолдас сөз жүзінде осылай десе де, іс жүзінде мұны қолданбай келеді.
Сөз жоқ, профессор М.Әуезов жолдастың мұндай ірі қателері қазақ әдебиетінің тарихын жасау ісіне, қазақ совет әдебиетінің күрделі мәселелерін шешу ісіне, еңбекшілер жұртшылығына, әсіресе, жастарға коммунистік тәрбие беру ісіне теріс жағынан әсерін тигізді. М.Әуезов жолдастың бұл қателері, ең алдымен қазақ халқының басынан кешкен бұрыңғы дәуірлерді, феодалдық ру дәуірін дәріптеуге, сыпыра мақтауға әкеліп соқты. М.Әуезов жолдастың ғылыми еңбектерінде де, әдеби шығармаларында да өткен заманның үстемдік еткен таптарының адамдары мен ісі, салты мен мінез-құлқы баяндалады, сөйтіп нағыз тарих жасаған адамдардың, еңбекшілердің өкілдері мен ісі мүлдем ауызға алынбайды, не күңгірт қалады. Міне, осының салдарынан «тарихи» зерттеудің, тарихи фактылардың нәтижесі дегендерді бүркеніп, біздің адамдарымызға, совет адамдарына, қайдағы бір керітартпа адамдарды, халыққа жат нәрселерді әкеліп тыққыштайды.
М.Әуезов жолдастың бұл қателері қазақ совет әдебиетінің нағыз керек, ең қажетті тақырыптарынан, заманымыздың, совет халқының дәл қазіргі қойып отырған мәселелерінен қашықтауға әкеліп соқты. Соңғы он бес жылдың ішінде жазғандарының бәрі – «Айман – Шолпан», «Хан Кене» пьесаларынан бастап, ең соңғы жазып жүргені «Абай» романына дейін – ескі тақырыпқа арналған. Бұл жылдардың ішінде жаңа тақырыпқа арнап жазған пьесаларының бір де біреуінің сәті түспеді. Өйткені совет өмірінің шындығын, оның бұрынғы болған қоғамдық-экономикалық құрылыстың барлығынан артық екенін шын сөзбен, жүрекке қонатын, ақылға сиятын сөзбен нанымды етіп көрсете алмады. Совет адамдарының бейнесін, ісі мен күресін көркем шығармада айқын ашып бере алмады, яғни, бұл іспен, жаңа тақырыппен шұғылданбады, барлық күшімен талабын салмады. Міне, сондықтан да М. Әуезов жолдастың жаңа тақырыптан, совет тақырыбынан бұрынғы кезде, бұдан он бес – жиырма жыл бұрынғы қашықтауымен қазіргі кезде қашықтауының арасында қандай айырма бар деген мәселе өзінен өзі туады.
М.Әуезов жолдастың бұл ірі қателері әдебиет пен ғылымда идеясыздық пен партиясыздықтың болуына, біздің идеологиямызға жат мұндай әрекетке қарсы күрестен М. Әуезов жолдастың сырт қалуына әкеліп соқты. М. Әуезов жолдас республикамызда шығатын бірнеше әлеуметтік-саяси, көркем әдебиет журналдардың алқа мүшесі. Мұның өзі біздің жұртшылығымыздың М.Әуезов жолдасқа көрсеткен көп сенімдерінің бірі. Бірақ не пайда, осы журналдардың беттерінде соңғы екі-үш жылдың жүзінде идея жағынан ұстамсыз, көркемдік жағынан құнсыз бір сыпыра материалдар басылды, кейде тіпті адам баласына пайдасы жоқ, біздің халқымызды тәрбиелеу ісіне зияннан басқа пайда бермейтін шығармасымақтар басылып жүрді. Ал, М.Әуезов жолдас осы сияқты кемшіліктердің барлығына төзіп, ешбір қынжылмастан отыра берді. Мұның барлығы М.Әуезов жолдастың біздің советтік идеологиямыздың таза болуы үшін жаны онша ашымайтынын, әдебиет пен ғылымдағы байқалып жүрген өрескел қателерге қарсы шындап, білек сыбанып күрескісі келмейтінін ғана көрсетеді.
М.Әуезов жолдастың бұл ірі қателері біздің қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің теориялық және тарихи мәселелерін шешуде елеулі нұқсан келтіріп отыр. Қазақ халқының совет өкіметінің большевиктер партиясының М.Әуезов жолдасқа өлшеусіз зор, үлкен сенім көрсеткені, мұның арқасында М.Әуезов жолдастың шарықтап ғылым шыңына қарай өрлегені, үлкен абырой, зор атаққа ие болғаны жұрттың бәріне мәлім. Сондықтан да біздің жұртшылығымыз ғылым мен әдебиетке өзінің адал өмірін, барлық еңбегі мен ісін жұмсағалы отырған жас совет ғылымдары қазақ әдебиетінің теориялық және тарихи мәселелері жөнінде кейде, М.Әуезов жолдас сияқты, білгені мен көргені көп адамдардың ақылын сұрайды. Сол сияқты қазақ әдебиетінің тарихымен енді-енді ғана танысып, зерттегелі жүрген басқа ұлттардың оқымыстылары да кеңес, қажетті жәрдем сұрайды. Ашығын айту керек, бұл жөнінде М.Әуезов жолдас өз дәрежесінде, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуде марксизм-ленинизм ғылымының тұрғысынан ақыл айтатын, кеңес беретін дәрежеде бола алмады. Сондықтан да қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің кейбір теориялық және тарихи мәселелері соңғы кезде әбден шатасып болған деуге болады. Қазіргі кезде ауызша да, әдебиет жүзінде де не тарихи факторларға да, не теорияға да сүйенбестен қазақ жазба әдебиеті мен әдеби, ғылыми, мемлекеттік тілі бұдан бір-екі ғасыр бұрын жасалды десіп жүр. Ал кейбір тарихшылар мен әдебиет сыншылары қазақ жазба әдебиеті мен әдебиет тілі бұдан сексен жыл, елу жыл бұрын жасалды десіп жүр. Енді біреулері біздің қазақ әдебиеті мен қазақ тілін шын мәнінде жасаған, кемеліне келтірілген тек бір ғана Абай десіп жүр.
Ал, егер тарихқа да, теорияға да қиянат жасаудан аулақ болып, ақылға салып ой жіберсек, қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің шығуы жөніндегі таралып жүрген осы жоғарыда айтылған пікірлер де қандай дерек, қандай негіз бар? Біздің байқауымызша, бұл мәселелер де үлкен шалалық, ғылымдық дерегі жоқ, аса үстірт айтылып жүрген, әншейін намыс қорғаудың: аты осылай еді ғой – деп, алыпқашты әңгімеге салынушылық бар. Әрине, мұндай арзан әңгіменің, құнсыз теорияның не тарихқа, не біздің қазіргі ісімізге ешбір пайдасы жоқ екені өзінен өзі айқын.
Қазақ халқы тұтас бір ұлт болып тек ғана Октябрь социалистік революциясынан кейін совет өкіметі туы астында бірікті. Оған дейін қазақ халқында тіл тұтастығы, жер тұтастығы, экономикалық тұрмыс тұтастығы болған емес. Демек, қазақ халқы Октябрь революциясына дейін тұтас бір ұлт болып бірігуге үлгіре алмады. Олай болса, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілі бұдан ғасырлар бойы, сексен жыл, елу жыл бұрын, Абай заманында болды деп кім кесіп айта алады? Бұдан, әрине, қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің Октябрь революциясынан бұрын тарихы жоқ, оны зерттеудің керегі жоқ, бұлардың дамуына Абайдың рөлі жоқ деген ешбір мағына тумайды.
Осындай алып қашты, дерексіз әңгімелердің қайдан шығып жүргенін зерттеп қарасақ, бұлардың төркіні М.Әуезов жолдастың бұрынғы ұлтшылдық қателерімен ұштасып жатыр. Бұл қате пікірлерді бұрын М.Әуезов жолдастың ашықтан ашық айтып та, жазып та жүрген болса, енді бұл қате, тіпті зиянды пікірлерді М.Әуезов жолдастан қорек алып, соның төңірегінде жүрген кейбір саяз ғалымдар мен әдебиетшілер тоғыз саққа жүгіртіп, таратып жүр.
Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу мен жазуда, қазақ әдебиетінің тарихынан сабақ беруде негізге алынып, қолданылып жүрген профессор М.Әуезов жолдастың методологиясының мән-жайы, міне, осындай. М.Әуезов жолдастың мұндай методологиясын бірден бір ғылыми маркстік-лениндік методологиядан қашық жатқандығы, біздің идеология жұмысымызға зиян келтіргені айтпаса да түсінікті.
М.Әуезов жолдасқа өз өмірінде болып кеткен қателерінің барлық мәнін сөз жүзінде емес, іс жүзінде түсінетін уақыт енді әбден жеткен сияқты. Сонымен қатар, ҚК(б)П Орталық Комитетінің соңғы тарихи қаулысының барлық мәнін түсінетін де уақыт жетті. Әңгіме кездейсоқ бола қалған жеке қателер туралы емес, жеке бір әдебиетшілердің тұтас бір теріс жолдары туралы болып отыр.
Сөз жоқ, профессор М.Әуезов жолдас бұрынғы ұлтшылдық қателерінің аяғына тұсау болып жүрген қалдықтарынан неғұрлым тез құтылса, солғұрлым оның өзіне де, жалпы істің мүддесі үшін де өте пайдалы болмақ».
Қазақстандағы ғылым саласындағы басты бақылаушы академиктің, қоғамдық ғылымның бас иедологінің бұл мақаласы тек оның өзінің ғана емес, кеңестік жазалау аппаратының үкімі де болатын. Араға төрт жыл салып барып осында айтылған әр ескертпе саяси. Идеологиялық, ұлтшыл, буржауазиялық өрескел қателіктер мен бұрмалаушылықтар ретінде айыптау қорытындысына айналып, әр абзацтағы пікір жеке мәселе ретінде талқыға салынды. Сондықтан да саясаттың аспанда үйірілген бұлтын алыстан танитын М.Әуезовтің жанұшыра жанталасуы заңды да еді.
Ал бұл әңгіртаяқтан құтқаратын адам біреу-ақ, ол «халықтардың көсемі» Сталиннің ғана қолынан келетінін түсінді. Түсінді де «Қазақстан кеңес жазушылар одағының мүшесі және Қазақ Ғылым Академиясының толық мүшесі Мұхтар Әуезов «БК(б)П Орталық Комитетіне, Сталинге» жанайқайын жеткізуге ұмтылды. Ол «жазушылар мен ғалымдардың әкесіне» (М.Әуезов):
«Осы жылдың 14-наурыз күні қазақ тілінде шығатын республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде жарияланған С.Бәйішевтің маған аса ауыр айып таққан мақаласы – менің 30 жылдық жазушылық, ғылыми-зерттеу жұмысымды және Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы 15 жылдық педагогикалық қызметімді кеңес өкіметіне қарсы жүйелі және табанды түрде жүргізілген әрекет ретінде қаралап шықты. Бұл мақаланың өзегі – обьективті, қатал талап қоя білетін, большевиктік әділ сынға емес, керісінше, республикадағы беделді басылымның жарияланымының, адал кеңес жазушысы, мәдениет майданының қайраткері, отанына берілген кеңес азаматы – менің барлық әдеби-ғылыми, қоғамдық қызметіме дөрекі айып тағу арқылы менің барлық еңбегімді еш кетіруге бағытталуы – аталған мақаланың тапсырысты мақсат көздеп, табалау (глубоко оскорбительный) тұрғысында жазылғандығын айқындап береді. Менің қызметім мен жеке басыма қатысты мұндай әпербақан және қатыгез талқыға (расправой) бойсынғым келмесе де, оған қандай да бір ресми жолмен жауап берудің мүмкіндігі болмағандықтан да, дәл осындай шектен шыққан жанкешуді басынан өткізген партия мүшелерімен, мен сияқты партияда жоқ қызметкерлердің сізге жүгінетіні сияқты, мен де тек Сіздің жеке өзіңізге жүгініп отырмын.
Мен Сізге, ең әділ және ең жоғарғы сот, кеңес жазушыларының, кеңес ғалымдарының әкесі ретінде жүгіне отырып, менің еңбегімнің бағасын және мәдениет майданының қарапайым қызметкері деген атымды қалпына келтіруге, сөйтіп, өзімнің кеңестік отанымның мүддесі үшін қалыпты жұмыс істеуге көмектесуіңізді өтінемін.
Менің еңбектерімнің нәтижесін бағалай отырып үкімет мені 1945 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады, ал 1946 жылы Қазақ Ғылым академиясы құрылған кезде мені Академияның толық мүшесі және Президиум мүшесі етіп сайлады.
Ұзақ жылдарғы менің қызмет жолым өзінің ұзына бойында идеялогиялық-саяси, көркемдік-ғылыми тұрғыдан бағалағанда оның барлық белесінде мінсіз болды дей алмаймын.
Қысқаша айтқанда, мен: Қазақстандағы барлық мәдениет майданының жетекшісі (саяси-ұлтшыл бұрмалаушылықтың ұйымдастырушысы – Т.Ж.) ретінде айыпталып отырмын, дәлірек айтсам, Әбдіхалықов жолдастың, ҚК(б)П Орталық Комитетінің хатшысының мәдениет майданында жіберген идеологиялық қателері маған – партияда жоқ жазушы, ғалымға аударылып сап отыр, өйткені, ешқандай пікір таластырмастан, қарсы пікір білдіруге мүмкіндік берместен адамға жала жабу оп-оңай, оның үстіне, ұлтшылдық өмір тарихы бар адамды кез-келген сәтте кез-келген жалған жаламен (в любых смертных грехах) айыптау түкке тұрмайды.
Осындай бағытты ұстанған болуы керек, менің барлық шығармаларымды, оның ішінде кеңестік тақырыпқа арналған пьесаларымды, Бәйішев бір-ақ сөзбен, маңызсыз мағлұмат ретінде жоққа шығара салыпы. Ал, анығында, осы Бәйішев жолдастың өзі 1938 жылы «Социалистік Қазақстанның» редакторы кезінде 1938 жылғы халық жауларын әшкерелеген менің «Шекарада» атты пьесама бір бет мақала арнаған болатын. Алайда бұл пьеса кеңестік тақырыпқа арналған өзге де пьесалар сияқты сақнада ұзақ тұрақтаған жоқ...
Таңқаларлығы сол, қазақ немесе одақ оқырмандары тарапынан менің бір шығармам туралы қандай да бір жағымды пікір айтыла қалса болды, ж.Әбдіхалықовтың маған деген көзқарасы бұзылып шыға келеді. Сонда оның көздеген мүддесі не? Әлде, ол жетекшілік ететін әдебиет, өнер саласының мамандары жаңа туындыларды өмірге әкеліп, сол арқылы мұқым мәдениет майданының даңқын көтергеніне кінәлі ме, әлде, әдебиеттің тағдыры үшін алаңдағансыған сырттайғы жалған құқайы ма, міне, осынысы жұмбақ, бұл менің жеке басым үшін ғана емес, Қазақстан әдебиетінің, өнерінің және ғылымының басым көпшілік мамандары үшін де жұмбақ жайт. Адамның жеке басына қарап еңбегіне баға бермей, еңбегіне қарап адамды бағалау туралы БК(б)П-ның әділ талабы – жолд. Әбдіхалықовтың қызмет талабы мен дағдысына енбеген болса керек. тіпті Шаяхметовтің жолдастың берген бағасына бойсынбау да осы адамнан, осы пиғылдан шығып отыр, соның пікірін малданған жолд. Бәйішевтің мақаласы менің баяғыда өтіп кеткен, еңбек жолымдағы ескірген өмірімді қайта жаңғыртып, менің барлық қызметімді сынға алып отыр.
Қалыптасқан осындай күрделі жағдайға байланысты мен Сізден: мені осындай қиын жағдайға душар етіп, еңбегімді еш кетірген, шарасыз тұйыққа тіреген жағдайға назарыңызды аударуды өтінемін»,– деп үміттене шағынды.
Бұл хаттың қандай нәтиже бергені бізге беймәлім. Сол тұста Орталық Комитеттің тарапынан М.Әуезовті өзгелерден дербес ажыратып, даралай сынап, тобырдан бөліп алу туралы пәрменді жарлық болса керек. Әрине, мұнда алдыңғы тарауда айтылған үш топтың еңбегі ерекше. Пәленше мен түгеншелердің күнделікті сыпсыңы үлкен пікір ретінде қорытылып, жазалау саясатының құралына айналды.
Мұндай қыздырмадан қалыс қалу, еруліге қарулы көрсетпеу өзіңнің «жаулығыңды мойындаумен» пара-пар. Сондықтан да «жанр заңына байланысты» М.Әуезов те мінбеге көтерілді. Ол енді жоғарыдағы ұлтшыл-идеясыз жазушылардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің өзін де «қыстырып» жіберді.
М.Әуезов: «Идеология майданын, әсіресе, әдебиетімізді зиянды әрекеттерден тазарту туралы мәселе қазір барынша батыл қойылып отыр. Буржуазияшыл ұлтшылдық тарихи прогресске, халқымыздың өткендегі тарихына қарама-қарсы. Біздің халқымыздың өзінің өткен замандағы тарихында Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты ұлдары болғанын мақтан етеді. Халқымыздың бақытына қарай олар ұлтшылдық адасудан аулақ болды, өз халқының келешегін орыс мәдениетінен, орыс халқымен достасудан көрді. Ал панисламистер мен пантүркистерден бастап алашордашыларға дейінгі ұлтшылдар тарихи прогресске улы зардабын тигізумен болды. Қазіргі совет жағдайындағы ұлтшылдар да сол жат идеяны бүркемелеп өткізуге тырысып бақты. Ұлтшылдықтың бір түрі өткен заманда болған кейбір тарихи адамдарды халық қамын жеген патриот етіп көрсетуде. Сондықтан, біз тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларды қайта қарап, оларды бүгінгі күннің тұрғысынан әділ бағалауымыз керек. Бұл ретте драматург Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын атауға болады. Бұл пьеса орыс халқына жаны қас болған, панисламист ақын Ақан серінің өмірінен алынған. Ал Ақан сері орыс шаруаларының қазақ жеріне орналасуына, қазақ кедейлерінің олармен араласуына барынша қарсы болған, кейде патшадан үміт күтіп, түңілгенде Бұқараға, Түркияға көшуді аңсаған, халықты соған үгіттеген адам. Ақан сері өзінің творчествосында, поэзиясында, музыкада жекелік сарында, эстетизм бағытында болды, халықтан, халық өмірінен аулақтанды. Біз бұл қателердің бетін тереңірек ашып, мұндай адамдардың творчествосын, өмірін таптық тұрғыдан қарап бағалауымыз қажет» - деп Ғ.Мүсіреповтің орнына Ақан серіні жазғыруға дейін барды.
Әрине бұл ақыл-ойдың шешімі емес, амалсыздықтың, «суға кеткен тал қармайдының» жанталасы. Сәбит пен Ғабит қатар шығып, екеуінің өзін ортаға тықсырғанына көрсеткен азуы, батырған тісі еді. Қарама-қарсы пікірде сөйлеген пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі. Оның барлығын тізіп шығу біздің міндетімізге де жатпайды. Ресми сипат алған пікірлерге ғана тоқталдық.
Мұның түбі жақсылыққа әкелмейтінін зиялылардың бәрі де жақсы білді, біле тұрып, өзіне бөлінген саяси сақнадағы ролін ерікті-еріксіз ойнауға мәжбүр болды. Мысалы, осы сөзінде Ғ.Мүсірепов өзінің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасындағы қателіктерді тізіп шығып, оны түзетуге уәде берді. Сол қателіктерді Ғ.Мүсірепов шынымен қате деп мойындады ма, түзетілді ме?!. М.Әуезов те уәде берді және өзгертті. Ал одан шығарма ұтты ма, ұтылды ма? Көтібардың – Басыбар, Жиреншені – Қалша деуден шығарманың мазмұны, идеясы өзгерді ме? Сәбит Мұқанов өзінің шығармаларын қайта парақтаған да жоқ. Демек, бұл майдан – көркем әдебиет үшін ашылған майдан емес, топшылдықты қоздыра отырып жоқ ұлтшылдықты «әшкерелеу», сөйтіп, тұлғаларды үрей құрсауында ұстау науқанына айналды. Мұны М.Әуезов қана тап басып ашық айта алды:
М.Әуезов: «Сәбиттің бойында қалыптасқан қате түсінікті айта кетуім керек. ... Егерде әдеби шығармада қате кетсе, оның әдеби қате екенін ... түсінбей, мұны автор қасақана істеп отыр деп айып тағады. ... Қазақ әдебиетінің төселген шебері нақты мәселеден бастамай, дөрекі сөйлеп, автор бұл зиянды мәселені саналы түрде қайта көтеріп отыр – дегісі келеді. Орыстарда: «Дауысың қалай шықса, жаңғырық та солай шығады» («Как аукнется, так и отклекнется») – деген мәтел бар, ендеше ол маған қандай саяси айып тақса, мен де оған тура сондай жауап беремін», – деген (№68 іс, 86-бет) мағынада жауап берді.
... және Сәбиттің жанына батыра сөйледі. Өкінішке орай, олар «жайланып отырып» сөйлесе алмаған сияқты. Ғабит Мүсірепов те ара ағайын бола алмады. Қайта ол түйіншік шиеленісе берді. Әуезов пен Мүсіреповтің оңаша үйде өткен әйгілі талқыласуы тура осы күндері өтті.
Әлжаппар Әбішев: «Ол 47-жылдың көктемі еді. Бұл кез Мұхаңның Ғабеңе катты өкпелеп жүрген кезі болатын. Күндердің бір күнінде Мұхаң телефон соқты. Ол кісінің бір әдеті біреумен өкпелесе қалса оның фамилиясын айтатын-ды. Амандық сұрасудан кейін, сол әдеті бойынша: «Ана Мүсіреповтің менімен кінәласқысы келеді екен, мен оған сенің алдыңда ғана кінәласамын дедім. Сені қалаған себебім...», – деді де, менің астыма бүкіл қазаққа жететіндей бір қалың көпшікті қойып жіберді... Қойшы, Ғабең де телефон соқты... Мен Мұхаңа телефон соғып, қашан, қайда кездесетінімізді сұрап едім: «Ертең кешкі сағат сегізде маған келіңдер деді»,– деді. Біздер айтылған кезде бардық. Барсақ Мұхаң кабинетінде жазу столының басында отыр екен. Ғабең оның қарсысындағы креслоға отырды да, мен екеуінің жүзін бірдей көріп отыру үшін бүйірде тұрған диванға барып жайғастым. Жазу столының үстіндегі шам жанбай тұр екен. Ғабең соны жөндемек болып тіпкі тетігін айналдыра бастап еді, Мұхаң: «Қолыңнан келмеске әуре болып қайтесің, онанда сөзіңді баста»,– деді.
Бұл екеуінің өкпелесуіне себеп болған жай: Ғабеңнің сол жылдың бас кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретары Жұмабай Шаяхметов баяндама жасаған қалалық бір үлкен жиналыста Мұхаң туралы сөйлеген қатаң сөзі болатын. Бұл екі алыптың дәл осы тұста кездесулерінен мен екі асқар таудың соқтығысын көретіндей сескенген едім, көргенім күткенімдей болып шықты. Оның мынадай екі түрлі себебі бар».
1947 жылы 21 қаңтар күні «Қаз ССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының қызметіндегі өрескел саяси қателер туралы» № 39 қаулы шықты. Соған орай Ж.Шаяхметов өзінің сөзінде:
«Ә.Мәметованың «Қазақ билерінің шешендік өнері» атты диссертациялық еңбегінде және «Қазақ әдебиетінің тарихының» (М.Әуезовтің жалпылай жетекшілігімен) бірінші томының қолжазбасында тарихтағы аса белгілі, халық бұқарасын тұншықтырушы Кеңгірбай, Қараменді, Шорман және сол сияқты ірі феодал-байлар мен билер халық данасы және халықтың қорғанышы ретінде марапатталады. Қазіргі аса ірі қазақ жазушыларының бірі, буржуазиялық-ұлтшыл идеяның жаршысы – М.Әуезовтің өткендегі кеңеске қарсы жүргізген әдеби қайраткерлігі принципті түрде нақты талқыланбады», – деп біраз «салмақты айып» таққан болатын.
М.Әуезовтің көңілін қалдырған Ғ.Мүсіреповтің сол мәжілісте хатшының пікірін қостай, ұлтшылдықтың тамырына балта шаба отырып сөйлеген сөзіндегі:
«Алайда, Жазушылар одағы тарапынан ұлтшылдықпен күресу барысында кеткен өрескел қателер мен үлкен кемшіліктерді Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің соңғы шешімі орынды көрсетіп отыр. Егерде, біз өзімізге өзіміз сын көзімен есеп берсек, өкінішке орай, біз ұлтшылдықпен күресе отырып, сол ұлтшылдықтың жандануына жағдай жасаппыз... Қазақстан жазушылар одағы бір уақытта ұлтшылдықпен күресе отырып, оның жандануына жағдай жасауы кездейсоқтық па? Жоқ, бұл кездейсоқтық емес. ... Екіншіден, бұл пайда болып келе жатқан топшылдықтың отын қоздырудың жасырын амалы, егерде топшылдық жоқ болса, оны қолдан жасайды! ... Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Басқа ешкім емес, Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді»,– деген зілі ауыр айыптаулары болатын.
Ә.Әбішев: «Біріншісі: өзі кінәласуға барып отырған Ғабең сол жиналыстағы қатал позициясынан қайтпауға бекініп Мұхаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Бүгінгілер үшін қайталап айтайын, ол Мұхаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Оның ойынша: Мұхаң сақтанбаса, өзгелеріміз сақтандырмасақ, одан айырыламыз. Одан айырылу – Абайдан да айырылу. Егер қазіргі бетінен қайтпаса, халықты осындай апатқа ұшыратушы – Мұхаңның өзі болуы мүмкін. Ғабең сөзді осылай бастады. Екіншісі: Мұхаңның өмірінің соңғы кезінде де өз бойынан өзі тапқан, бірақ түгел жоя алмай кеткен бір қыңырлығы... Егер авторымен жақсы болса, оның жаманы да жақсы. Ал өзімен араз болса, оның жақсысы жаман болатын.
Ғабең жаңағыдай қатал ойымен бекініп барса, Мұхаңның оған қарсы әзірлеген жауабы да осал емес екен. Ол көргісі келмеген кезінде аспандағы күнді де көрмей кететін қыңырлығын қырлап алып, Ғабеңнің бойынан ешқандай жақсылық көрмеске, оның ақ дегенін – қара, қара дегенін – ақ деуге әбден бекініп алыпты. Ғабең өзінің жиналыстағы сөзіне талдау жасап, қырық минуттай сөйлеп еді, кезек алған Мұхаң онан екі есе асырып жіберді. Таулардың нағыз қақтығысы екінші сөзден басталды. Бір ғажабы, екеуі бірін-бірі қимастан, аямастан қинап отыр... Тіпті сөз таластырғысы келген шақтарында үн қатпастан тек ауыр ыңыранып, тына қалады. Қанша қатты сөз естісе де сөз киліктіру жоқ. Ашынған кездерінде мүлдем аспандап кетеді екен. Бір минут толастамастан төрт жарым сағат бойы сайысқанда екеуінің түйілген қабағы бір ашылған жоқ...
– Мен борышымды өтедім,– деу болды Ғабеңнің ең соңғы сөзі. Ол соны айтты да орынынан түрегелді. Мұхаң сазарып үн қатқан жоқ.
– Шалдар-ай, шаршаттыңдар-ау,– деп мен де түрегелдім. Шынында да мен қатты шаршадым. Өмірімде Мұхаңның үйінен күрсініп шыққаным сол күнгі түн болды. Мұхаңның бұл қыңырлығы кейін «Абайдың» екінші кітабына салқынын тигізе жаздады. Өйткені бұл екеуінің араздығын пайдаланатындар арамыздан біраз табылатын» (Айтпай кетті демесін арттағылар.А. 2007, 237-238 бетер).
Бірақ бұл да 1:2- нің, 2:1-дің ойнақы ойынын тоқтата алған жоқ.
.............................Байланыстыру керек.........................
Қазақ тарихы, қазақ эпосы, қазақ драматургиясы, оның ішінде, Кенесары, «Хан кене», «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесалары жаппай сынға алынды. Тіпті тілшілер де араласып, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымына» қарсы науқанның қызған кезінде М.Балақаев сияқты ғалымдар «Абай» романындағы сөйлем құрылымдарының қазақ тілінің заңдылығына қарсы құрылғаны туралы мақала да жазды. Оған М.Әуезов әр жазушының стилі болады, менің ойым ауыр, бар көркемдік салмақ лирикалық ырғақ пен ой екпініне құрылады, сондықтан да бұл жазушының кемшілігі емес, ерекшелігі – деген мағынада жауап берді. «Асыл нәсілдер» пьесасын Ш.Аймановқа одақтың төралқасының отырысында оқыттырып алып, С.Мұқанов, Ә.Әбішев, М.Иманжанов талқыға салып, репертуарға қабылдамай тастады (392 іс).
Ә.Әбішев (сонда): «Ол кісі соғыстан кейінгі жылдардың бірінде «Асыл нәсілдер» дейтін әлсіздеу пьеса жазып еді де, оны театр дайындап жатқан кезде сапарда жүрген Мұхаңның келуіне қаратпастан тоқтаттырған едім. Ол үшін Мұқаң маған өкпелеген-ді. Есіме сол түсе кетті де «Асыл нәсілдің» кезінде де біздер осы кездегіміздей жақсы едік қой. Егер мен қателескен болсам, қазір ақ дегеніңіз – алғыс, қара дегеніңіз – қарғыс, неге қойғызбайсыз?», – дедім. Осымен менің жауабым да біткен-ді».
Мұның барлығы М.Әуезовтің жүрегін тілгілеп жатса да, «саяси айыптан» аман болған соң, салыстырмалы түрде қалыпты қабылдады деп айтуға болады. Оның үстіне «Асыл нәсілдер» оның шығармашылық өмірбаянындағы заман тақырыбына жауап беру ниетінде туған өтпелі ғана дүние екенін қаламгердің өзі де, өзгелер де білді.
Міне, осындай шымшымалар мен мыршымалар моншақтай тізіліп, жиырыла келіп М.Әуезовтің ең басты күре тамырының буынына қол салып, тырнағын батырды. Ол – бар ғұмырының мақсаты «Абай» романы болатын. Бірінші кітабі 1943 жылы барынша жан-жақты талқыланып, Ғ.Мүсіреповтің әйгілі мақаласымен сәтті қорытындыланған болатын. Ол тұста айтылмай қалған әттегенайлар мен романның орыс тіліне аударылуына байланысты жаңа «саяси кемшіліктер» алға тартылды. Соның ішінде өскемендік «сыншы» С.С.Ужгиннің 1940 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты жинаққа білдірген М.И.Фетисов-Ритманның «Әдеби зерттеулердегі тарихи шындық үшін» деген рецензиясына шүйілген, сол арқылы М.Әуезовтің алғы сөзін де сынай келіп:
«... Тіпті «Абай» сияқты аса үздік тарихи-өмірбаяндық романның кейбір тұстарында М.Әуезовтің революцияға дейінгі қазақ ауылын әспеттей (идеялизация) суреттеп, Абайдың жаңа көзқарасының қалыптасуына әсер еткен орыс халқының орынын жеткіліксіз деңгейде көрсеткенін біздің кеңестік сыншылар әділ атап өтті»,– деген (493 іс) «көшпелі пікірі» М.Әуезовке көк бауырдай жабысты.
Ұлы орыс халқының «оқырмандарының» ойы болып табылған осы пікірсымақты бүкіл қазақ қаламгерлері «идеологиялық нұсқау, саяси көзқарас, партиялық бағыт» ретінде қабылдап, жапа тармағай тілдерінің астына басып, малталарын езе жөнелді. Ақыры 1947 жылы 20 маусым күні «Абай» романының екінші кітабі жазушылар одағының төралқасында талқыға түсті.
Ә.Әбішев (сонда): «Ол кезде Мұхаңның, Сәбеңнің, Ғабеңнің шығармалары жазушылар ұйымы президиумының қаулысынсыз басылмайтын. Арада екі-үш ай өткен кезде Мұхаң «Абайдың» екінші кітабын жазып бітірді де, баспаға жолдама алу үшін одаққа тапсырды. Ол кездегі бастығымыз Сәбең болатын. Сол кісінің ұйғаруы бойынша роман президиумның үш мүшесіне – Ғабит, Ғабиден, мен үшеуімізге тапсырылды. Шығарма талқыланар шақта басқа екеуі командировкада болғандықтан, президиумда баяндаманы мен жасайтын болдым. Мәжіліс сағат екіге белгіленген еді. Мен сағат бірдің кезінде Мұхаңның үйіне бардым: ондағы ойым баяндамада айтылатын екі үлкен сыным бар-ды, соған құлағын алдын ала үйретіп алу еді».
Талқылауға ұсынылған романның мұрағатта сақталған нұсқасында «Аңда» деген тараудан басталып, «Тарауда» атты тараумен жалғасын табады. Ал кейінгі нұсқаларда ондағы оқиғалар «Оқапқа» ауысып, «Биіктемен» аяқталады. Мұның себебі неде? Әлде автордың ырқымен жүзеге асқан жөндеу ме? Жоқ, ықтиярлы өзгеріс емес екен.
Біз «Абай» романының желісін өзгертуге қатысты архив деректері мен тікелей сол оқиғаны қамтитын естелікті жарыстыра баяндаймыз.
Ә.Әбішев:«Президиумның екі үлкен мүшесі жоқ болғандықтан ба, жоқ әлде айтуға қомақты болсын деген есеп бар ма, әйтеуір бұл сапар партбюро мүшелері де түгел шақырылып, біріккен мәжіліс әзірленіпті. Басқарып отырған Сәбең. Ол кісі күн тәртібіндегі мәселе біреу-ақ екенін, ол «Абай» романының» екінші кітабын талқылау екенін, оны оқып шығып, бүгінгі президиумда баяндама жасау президиумның үш мүшесіне тапсырылғанын айта келіп, былай деді: «Тапсырылған үшеудің бірі Мұстафин жолдас жарты жапырақ бірдеңе жазып, романды басылмасын депті. Ал Мүсірепов жолдас елуден аса ескертпе жасап, романды бұл күйінде басуға болмайды, түзетілсін – депті. Ендігі сөз осы үшеудің бірі Әбішев жолдасқа беріледі»,– деді. Сәбең: «Ғабеңнің елуден аса ескертпесі бар» – деген кезде Мұхаң: «Қырық бір» – деді. Нендей ескертулер екенін осы күнге дейін білмеймін. Өйткені ешқайсынан еш уақытта сұраған емеспін. Екінші бір сескендірген Сәбеңнің: «Жарты жапырақ бірдеңе» – деген сөзі. Бұл сөз бір үлкен сайыстың алғашқы дабылындай сезілді» (Сонда).
Мұрағаттағы хаттамаға тіркелген Ғ.Мұстафиннің пікірі, яғни, С.Мұқанов айтқан «бірдеме»:
«1) Таптық тартыс тереңдетілсін. 2) Құнанбайдың қажыға баруы дәлелденсін. 3) Ғашықтар: Оралбай – Керімбала, Үмітей – Әмір, Салтанат – Абай, Тоғжан – Абай, Салиха қыз және Құнанбайдың әйелінің маңы тым көп. Қостаймын. 16/ ҮІ 47».
Ә.Әбішевтің сөзі араб әрпімен жазылып берілген.
Ә.Әбішев (хаттамадан көшірме): «20/ ҮІ 47. 1-тілегім: «Абай» бір ғана қазақ оқырманына арналмаған. Абайдың тап тартысы мен сол тартысқа араласуын баса көрсету керек. Дәркембайды біраз тереңдетсе, Базаралыны күреске қатыстырып, оған Абайды араластырса, сонда Абай бар жағынан кесек тұлға болар еді.
2-тілегім Айгерім туралы. Романның басқа адамдарының бәрі де өз орынында жақсы шыққан. Ал Әйгерім өз көңілімдегідей емес. Басында тәуір, ақырында айнып кететін адам боп көрінеді. Шынында солай болса да екі түрлі себеппен Әйгерімді айнытуға қарсымын. Біріншіден: Әйгерім отыз үштен асқан Абаймен қыз кезінде сөйлеседі, қыз көнеді. Басқа жердің бәріндегі күмәнді алып тастауға болады. (Өйткені) Әйгерім (Абайдың өзі): «Әй, керім!», – дейтін адамы. Екіншіден: сондай адамды, романның екі кітабындағы жас әйелдердің ішіндегі ең жасы (Менше бұл Тоғжаннан Әйгерім жақсы) адамды бұлай құбылту – Абайды төмен түсіру. Өзі сүйген кісіні тани білетін Абайдың өзін сүйген жарды тани алмай, өмір бойы сүйген жарына қосыла алмай келіп, Оспан інісінің әйеліне ғана үйленіп қана жар табуы онша орынды емес».
Ә.Әбішев (Айтпай кетті демесін арттағылар): «Оның бірі Әйгерім қақында. Осы романға сондай қазақтың ақын жанды бір жақсы қызы керек. Оған Тоғжаныңыз татымсыздау, татитын тек Әйгерім ғана, сондықтан ол Абайдан суыған қалпында қалдырмай, оның өнерін тану арқылы, өзінің жоғалтқан махаббатын қайта тапса», – деп едім. Мұхаң өзінің әдеті бойынша танауын бір жұлқып тартты да: «Пәлі, өзің тарихи тақырыпқа жазбаған соң, оның талабын ойламайды екенсің-ғой. Әйгерімді Абайдан суытып қана қоймаймын, кейінгі кітаптарда Абайды онан мүлдем бездіремін, өйткені ол сондай да сондай... Сондықтан Абай одан безіп кеткен, мен тарихты бұрмалай алмаймын»,– деп сүмірейте жөнелді. Өзіне қанша табынсам да Мұхаңның осы сөзі күлкімді келтірді. Мен күлкімді жасырмастан: «Қызықсыз-ау, Мұқа, Әйгерімнің сондай да сондай болғанын басқа ел былай тұрсын, іргелес отырған біздің қаракесек білмейді. Сонда сіз немене «Абай» романын бес болыс тобықты үшін ғана жазған ба едіңіз?»,– деп едім, ол кенет ойланып қалды.
... Мен өз пікірімді осында келерден бұрын Мұхаңа ауызша айтып бергенімді, ол айтылған екі ұсынысымның бірі қабылданғанын қоса айтып едім, сірә, Әйгерімді бәрі де қимайтын болуы керек, Мұхаңның бұл шешіміне разы болған жылы сөздер залдың әр тұсынан шығып қалды. «Сын айтылған жеріңді қайта оқышы», – деді біреулер. Мен қайта оқыдым».
Ә.Әбішев (хаттамадан): «3-тілегім: (бұл тек ұсыныс ретінде) екінші кітап туралы ой. Менің ойымша, бірінші: «Татьянаның сақарадағы әні» осы екінші кітаптың ақырына келіп түссе (қосылса – Т.Ж.) деймін. Балалары оқуға беріліп, еліне қайтқан Абай Татьянаның әнін алып қайтса, бұл кітап сол (әнді) Әйгерім бастаған келіншектердің айтуымен бітсе. Сонан келер пайда аз ба? Әйгеріммен сол ән арқылы табысар еді» (403 іс).
Ә.Әбішев (Айтпай кетті демесін арттағылар): «Ол кісі жалаң аяқ отыратын, үнсіз барып диванға отырды да шұлығын кие бастады, әлі үн жоқ. Аздан соң: «Екіншіңді айтшы»,– деді. Мен Абайдың өз балаларын оқытудан әрі бара алмай қалғанына наразы екенімді айта келіп, 37-жылы Пушкиннің жүз жылдығы кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған «Татьянаның қырдағы әні» атты әңгімені кеңейтіп, үлкен бір тарау қосуын тіледім. Татьянаның әнін сүйген Әйгерімнің сөнген оты қайта маздаса, Абайдың ақындығы да орыс мәдениетін өз халқына таратып жатқан даналығы да көрінер еді»,– деп едім, ол тағы да танауын тартқылады: «Пәлі, сен төртінші кітаптың жырын жырлап отырсың»,– деді де ұзақ сөйлеп кетті... Жазушылар үйіне жаяу тартып, парктің ішінде кетіп бара жатыр едік, бір кезде ол иығыма қолын салды да: «Сенің Әйгерім туралы айтқаның дұрыс екен, оны ескерейін, бірақ ол үшін жаңа тараудың қажеті жоқ, соны сен де ескер»,– деді. Нені ескер дегенін түсіндім. Екі ұсынысымның бірі қабылданғанына іштей қуандым, бірақ алғашқы бетімнен қайта алмадым.
Айтылған осы екі тілектің бірін Мұхаңның талассыз тез қабылдай кетуін Сәбең басқа жаққа бұрып әкетті. Ол кісі өзі екі айлық творчестволық командировкаға, онан кейін екі ай демалысқа кететін еді. «Онда мұның өзі әлі піспеген дүмбілез дүние боды –ғой. Автор өзі қабылдаған ескертулерді жөндесін. Екіншісін ойлансын. Меніңше Әйгерімді жөндеуден «Абай» романы жөнделмейді, сондықтан мен қайтып келгенше баспаға ұсынылмасын»,– деді. Осыдан айтыс қызып кетті. Жұрт екіге жарылды».
Ғ.Шарипова (хаттамадан): 1) Біржанның келуіне социальный настрой (әлеуметтік астар – Т.Ж.) берілсе. 2) Біржан кеткен соңғы жастардың эротистік (эротикалық, анайы – Т.Ж.) картинасы алынсын. 3) Күнту – Марқабай арасындағы натуралистік сурет алынсын».
Ә.Әбішев (Айтпай кетті демесін арттағылар): «Манадан үнсіз отырған Мұхаң бір кезде кесек қозғалып, қомданып алды да: «Мен Әлжаппардың екінші ұсынысын да қабылдаймын. Оған ең көп дегенде жарты ай уақыт кетеді. Жарты айлық жұмыс үшін романды жарты жыл ұстау қиянат»,– деп өзінің сол жаңа тарауда нені көрсететінін осы күнгі жазылған күйіндегісіндей етіп айтып беріп еді, залдағылардың разы болғаны сондай, қайсыбіреулер қол соғып жіберді. Бірақ жұрттың бұл ықыласы Сәбеңе ұнаған жоқ, ол: «Асықпайық жолдастар, былтырдан бері Мұхтардың атына айтылып келе жатқан ауыр сындарды ұмытпайық, мен келгенше...», – дей беріп еді, Ғали Орманов атып тұрды. Ғали ол кезде біздің партбюроның секретары болатын, ол тұра салып: «Әлжаппар, саған өзі сеніп тапсырған баяндамадан Сәбең безсе – безе берсін, біздер безбейміз. Сен осы баяндамаңды партия ұйымының ашық жиналысында жасайтын бол. Егер роман сенің айтқаныңдай болса, бұлардың ырық-жырық тырбайы үшін ондай шығарманы құрбан ете алмаймыз, партия ұйымының қаулысын аламыз да, Орталық Комитетке өзіміз барамыз», – деп еді, Сәбең: «Мейілдерің»,– деп сылқ түсті. Жалынғандай түр көрсетіп әр жерден Сәбеңнің өзіне салмақ салып едік, ол кісі көп қасарысқан жоқ: «Баспаға ұсынылсын, айтылған кемшіліктер ескерілсін»,– деген қаулыға қол қойды. Мұхаң өзі уәде еткен тараумен ғана тоқтамай, эпилог та қосыпты, аз күннің ішінде роман жөнделіп болды. Достық кеңесті тыңдай білудің де өзі даналық екенін мен сонда Мұхаңның басынан көрдім. Өзінің айтысына қарағанда «Абай» романын СССР (сталиндік) мемлекеттік сыйлығына біткен шығарма етіп ұсыну үшін эпилогті қостырған марқұм Фадеев екен».
Сәбит Мұқанов демалыстан қайтып келгенше романды баспаға өткізіп, мүмкіндігі болса шығарып үлгеруге ұмтылған жазушы, қауырт жұмысқа кіріскен сияқты. Жұмыс барысында алдыңғы оқиғасы ширақ баяндалған «Абай» романы мен соңғы өңделіп, бүйірі шыққан «Абай» романының арасындағы айырмашылық шығарманы мүлдем басқа арнаға салып жіберді. Ғ.Мұстафиннің ұсынысы бойынша «Құнанбайдың қажыға баруын дәлелдеу» үшін және Ә.Әбішевтің «тілегіне» орай Абай мен Дәркембайды тап тартысына араластыру үшін қажыға бара жатқан Құнанбайдан Қодардың құнын сұратты. Соңғы «тілекке» сай Базаралы мен Абайдың арасы «жақындастырылып», кіші шешесі Нұрғаныммен көңіл қосқан Базаралыны сотта қорғап (шындығында барымтасы үшін соттатқан Абайдың өзі болса да), «таптық санасын» оятты. Түпнұсқадағы Ділдәны сүйсіне суреттеген тұстардағы Ділдәның аты өшіріліп, Әйгеріммен ауыстырылды (Бір қызығы, «Татьянаның сахарадағы әні» тарауының кей жеріндегі Ділдәнің аты 1997 жылғы басылымға дейін өшірілмей келіпті. Оны мәтіндік тексеру жүргізген Т.Әкім екеуміз қалпына келтіріп едік). Абаймен араз боп өткен Әйгерім «Абай жолында»:
«Үнінде өкініш тәрізді бір қимас, қиналу салқыны да бардай. Шынында, соңғы бірнеше жыл бойында Абай мен Әйгерім арасы тек бір сыйластық қана сақтасқандай. Көңілдің тоңы жібіп, бұрынғысындай еміреніскен күйді қайта таба алмаған. Сырт сүйіспендікпен ғана бір орында тұрып қалғандай еді. Араларында алғашқы бақыт жылдарындай ұзақ сыр шешіп, шер айтатын сағаттар үзілген. Ыстық толқын күндері тоқталып, әлденеден тиылып қалған болатын»,– деп суреттелетін тату да тәтті жарға айналды.
«Көңілі айныған» Әйгерім – әнші Әйгерімге, сүйкімді Әйгерімге айналып, Тоғжанға арналған «тәтті сағыныш» Абайға «ащы дәм татырған» Әйгерімге бұйырып, Татьянаның әні оятқан:
«... екеуінің жүрегі қазір сөзді қажет етер еместей. Қайта оянған ғашықтық енді көлденең бір сөзді де, көлденең бір көзді де керек етер еместей... Аз уақыт Абай мен Әйгерім екеуі ғана қалғанда, біріне-бірі соншалық ыстық жалынмен құшақ жайып, ұзақ сүйісіп қалған еді. Бірталай жыл ұғыса алмай, тығылып қалған іштегі түйіндерін ән таратты».
Міне, сөйтіп, қауданға жіберілген өрттей лып етіп жайылған бұл «шолақ өрт» асқына келіп романның бүкіл желісін өзгертіп жіберуге негіз қалады. Кейін, «романның толық аяқталған шығарма екенін дәлелдеу үшін А.Фадеевтің өтініші бойынша «Ақшоқыдан асқан ән туралы» эпилог қосылды. Әлжекеңмен – Әлжаппар ағамызбен ұзақ жылдар бойы сырласқан тұсымызда: «Ділдәнің обалына қалған сіз екенсіз ғой», – деп әзілге сая сұрағанымызда: «Ділдәға жаны ашыса – менің жаным ашыр еді ғой. Апайым емес пе. Бірақ менің жаным Мұхтарға ашыды. Егерде Базаралы мен Әйгерімге қас болса, кедейлермен өш болды»,– деп байбалам салушылар шыға келетін. Тіпті, Ғабиттің өзінің де солай демесіне сенім жоқ болатын. Бұл дегеніңіз – «Абай» романынан айырылу, «Абайдан» айырылу – Әуезовтен айырылу»,– деп кәдімгідей қабырғасы қайыса жауап берді.
Мүмкін, Әлжекеңдікі де дұрыс шығар. Бірақ одан роман ұтты ма, ұтылды ма? Кім білсін. Алайда өмірлік шындыққа қиянат жасалғаны анық. Сондай-ақ, егер саяси қысымнан сескенбесе, Мұхтардың мұндай «құбылтулар мен өңдеулерге» бармайтыны да шындық еді. Келер күндердің суық қабағының ызғарын ерте сезген Әуезовтің дер кезіне «майыса қалғаны» қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа болды. Мұны тура сол жылы Ленинградтың «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенконың шығармаларындағы идеясыздық, драма театрларындағы репертуар, кино өнері туралы БК(б)П ОК-нің қаулыларына сәйкес ҚП(б) ОК-нің бюросында берген есебінде С.Мұқановтың өзінен бастап Әуезовке дейінгілерді сыпыра сынай келіп қазақ әдебиетінде:
«а) Қазақ халқының ескі өмірін тереңдеп суреттеу, хандық-феодалдық құрылымды әспеттеу, буржуазиялық символизм мен декаденттік ағымға еліктеу (Ә.Тәжібаев жолд. кітабындағы «Біз қазақпыз» дастаны); б) Ескілікті идеясыз көрсету (Ғ.Мүсірепов, «Ер Қаптағай»); в) Қазақ феодалы Құнанбайдың бейнесін әспеттеп бейнелеу арқылы оны жоғары көтеріп, әсіре мадақтау (М.Әуезовтің жолд. «Абай» романының жекелеген тараулары); г) Азамат соғысынын жайдақ, жадағай, кей тұстарда қате баяндау; (С.Мұқановтың «Менің мектептерім» атты романының тараулары); д) колхоз өмірін үстірт, кей тұстарда қате суреттеу (Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романы); е) Кеңес семьясының тұрмыстық отбасын барынша жаңсақ суреттеу (Ғ.Мұстафиннің скетчі) орын алып келді»,– деп (397 іс) атап өтті.
Осыған байланысты дайындалған Орталық Комитеттің қаулысының жобасында:
«М.Әуезов «Абай романының екінші бөлімін бітіріп, үшінші бөлімін жазып жатыр. Содан кейін бүгінгі күнгі қой шаруашылығы туралы роман жазады», – деген әлеуметтік тапсырма берілді.
Бұл ілінген жарлық он жыл бойы алдын орап: «М.Әуезов берген уәдесін орындамады», – деп көзге ұра берген соң, ақыры «Өскен өркенді» жазуға мәжбүр етті. Сол жылы, яғни, 1947 жылы 17 желтоқсан күні М.Әуезовтің С.Мұқановтан қарымтасын қайыратын сәт те туды. «Абай» романынан кейін талқылауға «Ботагөз» романының орысша аудармасы түсті. М.С.Сильченко негізгі, Қ.Жұмалиев қосымша баяндама жасады. Екеуі де жазушыны қостап, оның көркемдік жетістігін:
«Ойдан шығарылған кейіпкерлердің кейбіреулерінің аттарынан-ақ өмірде болған буржуазиялық-ұлтшыл қозғалыстың көсемдерін тану қиынға соқпайды. Мысалы, романда Милюковтың, Гучковтың, Львовтың жақын досы, Кадет партиясының ОК мүшесі, кейіннен алашордашылардың көсемі ретінде суреттелген, тіпті осы атаудың өзінен-ақ тез танылатын Базархан Меделхановтың прототипі – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Кадеттердің ОК Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары етіп тағайындаған және қазақ төңкерісшілерімен аянбай күрескен Әлихан Бөкейханов. Ал Мадиярдың прототипі – буржуазияшыл ұлтшылдардың өзге бір көсемі және алашордашыл, ұлтшыл «Қазақ» газетінің белсенді қызметкері, 1916 жылғы көтерілісшілерді қаруларын тастауға шақырған сатқын Міржақып Дулатов»,– деп (393 іс) бағалап, шығарманы сталиндік сыйлыққа ұсынды.
Академик Қажым Жұмалиевтің осындай «таптырмас теңеулерінен» соң талас өршіп сала берді. Мәселе, ұлтшылдықта емес, шығарманың сыйлыққа ұсынылуында еді. Өйткені одан дәмелі жалғыз М.Әуезов қана емес болатын және Қ.Жұмалиевтің «Ботагөзді» «Абай» романымен салыстыра келіп, оның артықшылығына:
«Өзінің халқымен, мұқым кеңес халқымен бірге коммунизм идеясымен салтанат құрған қазақ кеңес интеллигенциясы адамдардың санасындағы өткеннің сарқыншағымен, ұлтшылдықтың сарқыншағымен осылай күресіп келеді, Сәбит Мұқановтың романы оларға осы мақсат жолында үлкен көмек береді», – деп баға берген пікіріне қарсы дау айта алатындай шешендер де бар болатын.
Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Дм.Снегин екіұшты пікірлер білдірді. Бірақ ашық қарсы шықпады. Соның ішінде Ә.Тәжібаев:
«Жазушы қазақтардың қазақ тіліндегі түпнұсқасы жоқ шығарманың орыс тіліндегі аудармасын талқыға салуы мені қынжылтады. Сәбит маған: «Жұмбақ жалаудың» негізіне сүйенсең жетеді»,– деді. Алайда бұл екі шығарманың арасын ондаған жылдар бөліп тұр ғой. Екеуін шартты түрде салыстыруға да келмейді. Қ.Жұмалиевтің баяндамасына қарағанда «Ботагөз» сталиндік сыйлыққа ұсынылу үшін дайындалған. Ендеше «Жұмбақ жалау» туралы сөз болуға тиісті емес. «Абай» мен «Ботагөз» кейін көпшіліктің талқылауына ұсынылады. Сонда бұған бәріміз де сын көзбен қарайтын боламыз. Сондықтан да мен мұны әзірше дипломатиялық тұрғыдан ғана қостаймын», – деді.
Осы жолы «Ботагөз» романы ұсынылып, сыйлықты алып кеткен жағдайда, мүмкін, ондаған жылдарға созылған шығармашылық бақталастық (бәсеке емес) толас табар ма еді. Қайдам. «Абай» романының сыйлық алуына емес, жариялануына қарсы болған Ғ.Мұстафиннің, Ғ.Мүсіреповтің, С.Мұқановтың бұл тұстағы ұстанымын түсіну қиын. Ал 15 желтоқсандағы проза секциясында демалыстан, шығармашылық іссапардан оралған С.Мұқанов «Абай» романын сынап баяндама жасай келіп, оны сталиндік сыйлыққа ұсынған және сол хаттамаға қол қойған (389 іс). Ал мұны қалай түсінуге болады? Әрине, қыр көрсету. Әйтпесе, идеологиялық қамытқа салып, талқылап, романның жолын кесуге ол кезде С.Мұқановтың толық мүмкіндігі бар еді. Бұл жолғы итжығыс келесі жылғы жегіге ұласысп, енді М.Әуезовтің «Абай» дилогиясы, С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мұстафиннің «Миллионері» тағы да қатарласа сыйлыққа ұсынылды. Үшеуінің де мүмкіндігі бірдей еді. Тіпті заманауи тақырыпқа арналған «Миллионердің» мүмкіндігі өзгелерінен басым болатын. Бірақ қалған екеуінің шығармашылық мысы басым еді әрі күрес тәсілінен тәжірибелері бар болатын. Мәскеумен арадағы байланысы да Мұстафинге қарағанда қарымды болатын. Ал көркемдігі жағынан, әрине, «Абаймен» шендесе алмайтын.
Қайран қазақы күрестің тәсілдері! Қайран еш кеткен есіл күндер мен түндер! Қайран жүйке!
(Мүмкін 64-бетке).........................................
Бұдан кейін екі тұлға да барлық тұрғыдан алғанда марқая бастады. Сәбит Мұқанов нағыз халықтық жазушы, көптің сүйкімдісі, мемлекеттік идеологияның тұтқасына айналды. Ол кеңестік қоғамдағы кез-келген тұлғамен тең сөйлесті, үкімет басшыларымен иықтас тұрды, қазақ елінде онымен теңдесетін бедел ешкімде болмады. Қандай деңгейдегі тізім болса да Сәбит Мұқановтың аты бірінші, ғұлама Қаныш Сәтбаев екінші, ұлы актер Қалибек Қуанышбаев үшінші, екі жағын теңшеп отыратын Ғабит Мүсірепов төртінші, мысын бастырмай тісін басып отыратын Ғабиден Мұстафин бесінші, бұлбұл Күләш Бәйсейітова алтыншы, ұлы Мұхтар Әуезов ... жетінші, кейде алтыншы, бесінші, ал жазушылар арасында үнемі төртінші боп аталып жүрді. Бұл «тізім тәртібі» қашан Мұхтар көз жұмғанша өзгере қойған жоқ. Мұның өзі де кеңестік идеологияның көрінбейтін қысымының бірі болатын. Оған Мұхтар Әуезовтің өзі де үнсіз мойынсұнды.
Ал сыртқы дүниеде солай болғанымен де жазушылардың өз ішіндегі ілхамдық талқыда Мұхтардың мысы басым тұрды және ол басымдық «Абай» романының кезекті кітабы жарық көрген сайын үдей түсті.
12.
1948 жылы қараша айында Сәбит Мұқанов Орталық Комитетке шығармашылық одақтың атынан қолдап «Абайды» СССР мемлекеттік сыйлығына ұсынды. Осы ұсынысты негізге ала отырып Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы қараша айында «Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы» қаулы қабылдады. Онда:
«Қазақ халқының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы өмірін суреттеген жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы өткенді социалистік реализм тұрғысынан суреттеген, автор қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ағартушы – ақын Абай Құнанбаевтің жарқын образын бейнелеген қазақ кеңес әдебиетінің аса үздік шығармасы екенін атап өте отырып, Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы:
жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын 1948 жылғы И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы қаулы қабылдады.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметов», – делінген.
Ал 1949 жылы Сталиндік сыйлықтың иесі атанғаннан кейін Мұхтар Әуезовтің беделі одақтық, әлемдік деңгейге көтеріліп, тұлғалардың арасындағы талант салмағы соған қарай ауытқи бастады. Соның бір дәлелі, 1949 жылы 30 қараша күнгі «Қазақ совет әдебиеті сынының барысы мен мақсаты» атты жазушылар одағының ІҮ пленумын М.Әуезовтің ашуы. Бұрын мұндай жауапты жұмыс сеніп тапсырыла бермейтін. Марапатқа марқайған М.Әуезов сол жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінің табыстарын айта келіп, Қазақстан ОПК-нің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің атына:
«Біз, жазушылар он күндіктің барысында Қазақстан большевиктерінің жетекшісі Шаяхметов жолдастың жеке өзінің бізге бөлген көңілі, бізге көрсеткен көмегі есімізде ұмытылмастай сақталды. Сондай-ақ Орталық Комитеттің хатшысы Омаров жолдастың және біздің үкіметіміздің көрсеткен көмегі есімізден кетпейді», – деп (538 іс) құрмет көрсетті.
Бұл М.Әуезовтің үкімет пен партияға қаратылған алғашқы алғауы. Бара-бара ол үйреншікті, дәстүрлі, айтылуға тиісті, айтпай кетпейтін сөз орамына айналды. Бұл – өмір мәжбүр еткен заңдылықтың бірі әрі еруліге қайтарған қарулы жауабы болатын. Алайда соған да қарамайтын, қаратпайтын, қайырылмайтын қаржасулар әлі алда болатын.
Осы екпінмен Мәскеу аттанып, «Абай» романының екінші кітабінің орыс тіліндегі басылымын қатты қадағалап, оны тез бастырудың қамына шөгел кірісті:
«... Мен Москвада ойлағанымнан 20 күндей артық бөгелдім. «Знамя» романымды, жарымын подстрочник күйінде оқыса да қабылдап алып отыр екен. Қазақша шыққан кітаптағы қалпынан бір бетін артық демей түгел алыпты, соның үстіне екі-үш жерге азын-аулақ қосымша сұрап еді. Мен өзім қосқан соң жарытып қосайын деп 3/2 б.т. етіп жаңа сценалар қосып бердім. Қысқасы 18 күннің ішінде орысша-қазақшасы аралас 7 баспа табақ жазып өткердім. Өнімді, шапшаң еңбек болды. Бір топ сыншы мен жазушылар өте ырза болып қалды. Қысқартпай басамыз дейді. Не ноябрь, декабрь сандарында, немесе 51 жылдың бірінші нөмері осы романмен басталады»,– деп марқая хат жазды.
Оның бұл қарбаласты шамырқануы алдағы уақытта жанталасты аласапыранға ұласарын ол білген жоқ. Тура сол күндері қазақ тарихына, зиялыларына алашапқынды зауал әкелетін қарақұйын көтеріліп келе жатқан. Дегенмен игілікті істің басы қайырылды. «Абай жолы» деген атпен жарияланған бұл басылым М.Әуезовтің күткенінен кешігіп шықты. Оның басты себебінің бірі – аударманың кешігуі, тиісті редакциялық ескертулерге сай өзгерістерге, қосымшаларға қатысты болған сияқты. Журнал редакциясының талабы, әсіресе, орыстық ықпалдың барынша кең қамтылуын қарастыруға әкеп сайды. Журнал қызметкерлерінің (Макаров, В.Катипов) Алматыға қайта-қайта соққан жеделхатынан, ондағы:
«Роман кейбір түзетулерді қажет етеді. Тезірек Мәскеуге келуіңізді өтінеміз. Қолжазба туралы пікірді авиақатынаспен жолдадық Макаров», «Қосымша міндетті түрде керек. Мұқановтың роман жөнінде қандай пікір білдіргенін жедел хат арқылы жіберіңіз», «Кожевниковтың негізгі ескертуі Павлов туралы. Оны сізбен келісе отырып өзіміз жөндейміз. Жалпы жағдай қолайлы», «Жігітектерге қарсы барымтаға аттанбақ болған байлардың әрекетіне Базаралы қалай қарайды, соны міндетті түрде көрсету керек. Өйткені бұл оқиға соның өзінің барымтасының кесірінен туды емес пе»,– деген сөздерінен бұл анық байқалады.
Тіпті В.Кожевниковтің өзі орыс демократтары Михаэлистің, Долгополовтың, Гросстың аттарынан сескеніп оларды – Михаилов, Павлов деген жанама есімдерге ауыстыруға қақпайлады. Чернышевскийдің немересі осыған орай жиі хат жазған. Ал журналдың С.Мұқановтың пікіріне ерекше ынта қоюы екеуінің арасындағы қырғиқабақты білгендіктен ғана емес, сонымен қатар жоғары жақтағы сесті қабақтан сескенуін байқатады. Әлде біреу мұны Кремльдің үгіт-насихат бөліміне жеткізгені анық. Екінші кітаптың орысша аудармасы журналға басылмай жатып оның бас редакторы В.Кожевников БК(б)П Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.А.Сусловқа «М.Әуезовтің «Абай жолы» романының «Знамя» журналында жариялану барысындағы редакторлардың жұмысы» туралы:
«М.Әуезовпен бірге істелген редакциялық жұмыстың басты ерекшелігі, біз оны екі рет шақырып алып, оның кітабімен ұзақ уақыт өңдеу жұмыстарын жүргіздік. Оның негізгі нәтижесі Әуезовпен редакцияның бірігіп істеген аса ауқымды жұмысының тізбесі жолданып отырған төр бетте толық келтірілген: аса көп көлемдегі тарихи материалдарды ақтаруға және оны зерттеуге, классиктерді оқуға тура келді, орыс демократтары мен орыс мәдениетінің қазақ халқының қозғалысына ықпалы туралы архив деректерін іздестіруге де көп уақыт кетті. Бұл аса үлкен маңдай терді төккен еңбек болды, біз бұл материалдардың барлығын Әуезовтің – орыс қоныстанушылары келгендегі қақтығыстарды суреттейтін көріністерге негіз етуі үшін дайындадық. Біз оған әр мекемеден, әр түрлі архивтерден олардың қалай қоныс аударғанын, қалай қабылдағанын баяндайтын көлемді көріністер туралы өте мол деректер ұсындық...»,– деп түсінік беруге мәжбүр етті.
Бұған қарағанда М.Әуезовті жатақтар мен Дәркембайға қосылып: «Тегіміз басқа болғанымен де, табымыз бір!»,– деп арбаға жегулі атын доғарып жіберіп, қолына таяғын ала салып, жатақтарға көмектесуге тұра шабатын Шодырдың оқиғасы осы Мәскеуде жазылса керек. Жалпы қазақ өміріне жат көрініс болса да, келер жылдардағы біраз пәледен басын арашалауға септігін де тигізді.
Романның жарияланбай жатып мұншама дүрліктіруінің себебі «Правданың» қазақ ұлтының руханиятының шәт-шәлекейін шығарған мақаласына тікелей байланысты еді. Ол осы қарбалас тұсында төніп келе жатқан қауіпті сезіп Қазақ ССР Ғылым Академиясының президиумына:
«Абай жолы» романының соңғы өңделген нұсқасы... «Знамя» журналының 1951 жылғы №8-9 сандарында жарияланды, бұл романның толық нұсқасы орыс тілінде «Советский писатель», қазақ тілінде «Қазмемкөркемәдбастан» шықпақшы. Романның соңғы нұсқасына бүкілодақтық баспасөзде жоғары, жағымды баға берілді. Қазан айында «Известияда» – З.Кедринаның, қараша айында «Литературная газетада» – Лебединскийдің, қаңтарда (1952) «Бүкілодақты радиода» – Скориннің мақалалары берілді. Онда: «қасақана теріс пікір танытпаған жердің барлығы да (Академияның Тіл және әдебиет институтының кейбір қызметкерлерінен аңғарылып қалғанындай), романның жаңа нұсқасы Қазақстандағы буржуазиялық ұлтшылдықтың әшкереленуіне байланысты автордың өзінің және оған қоса өзге де көптеген қазақ әдебиетшілерінің жіберген қателіктері туралы партиялық әділ сынға қайтарған іскерлі, шығармашылық толық жауабы болып табылады»,– деп бағалаған.
«Абай» романы туралы өткен жылғы жаңа мәліметтерді Президиумның назарына ұсынамын. Қазіргі кезге дейін роман ондаған тілдерге, соның ішінде чех, румын, поляк және болгар тілдеріне аударылды. Бүгіндері қытай, неміс, венгер, украин, қырғыз тілдеріне аударылып жатыр. Роман орыс тілінде 12 басылым көрді, оның төртеуі көпшілік таралым, қазір оның саны жарты миллион данадан асты»,– деп мағлұмат берді.
Дегенмен де алаңдауы орынды еді. Әуезовтің де, «Абайдың» да көрешегі көзіне көрсетілетін күн де сондай бір қатерлі жылдамдықпен жақындап келе жатқан болатын. Ол күннің бұлтын қойылтуға осы орыс тіліндегі басылым да «үлесін» қосты. Абайдың:
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Әуреге қалма езбеден,–
дегенінің кері келді.
Бұрынғы «қазақы қырқылжыңға» енді орыстық өктем можантопайлық араласты. Алаңға толы көңілінің күдігі басылмай «тобықтылардың Мәскеудегі отауының иесі» Зоя Кедринаға 1951 жылы 18 тамыз күні:
«Орталық баспасөзден роман туралы пікір күтемін. «Знамиядағылар»: роман жөнінде бәрінен бұрын «Правдадан» жақсы саяси мақала күтіп отырғандықтарын айтып еді. Әрине, бұл өте жақсы, кітап туралы сыни және әдеби мақалалардың таптырмайтын бастамасы болар еді»,– деп астарлы тапсырма берген болатын.
Бұл емеуірінді Зоя Сергеевна түсініп, қарымы жеткенше орындағанын жоғарыдағы мәлімдемеден аңғарамыз. Алайда, М.Әуезовке де, З.Кедринаға да партияның зұлфуҺары – «Правда» өзгеше сыбаға дайындап жатқан болатын. Ұзамай сол сыбағаның мүшелігін Мұқановпен толықтырып «табағымен» тартты.
Бір жылдан кейін Пәленбайлар мен Түгенбайлардың күні туды. Ол күндері С.Мұқанов пен М.Әуезовтің қақтығысы шырқаулы шырмауына жетіп, бірінің өміріне бірі қауіп төндірді.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ: ТОБЫРЛАР ТАЛҚЫСЫ
І.
Ешқашанда идеологиялық еркіндікке жібермейтін, жарылқау мен жазалау саясатын қиыстыра жүргізетін, алғысы мен қарғысы айырғысыз кеңестік тәсіл – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақты құралына айналды. Ел басына күн туған шақта Сталин әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Соның нәтижесінде барлық халықтық батырлар қайтадан тарих сахнасына шығып, сананы баурап, ұлттық рухты күшейтті. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарыны еске алып, олардың әруақтарынан қолдау іздеді.
1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң есін жиған идеологтар патриоттық-ұлтшылдықтың майдандағы жауынгерлермен бірге елге ілесе келіп, ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, астыртын идеологиялық жазалау саясатын ойластыра бастады. «Едіге» жыры мен «ел қамын жеген Едігенің бейнесі» әсіре дәріптеліп, ұлтшыл сезімді қоздырғаны, оның буржуазияшыл-ұлтшылдық екені туралы СОКП-ның Орталық Комитетінің қаулысы шығып, тарихи-эпостық мұралар жаппай сүзгіден өтті. Содан кейін «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенко шығармашылығындағы идеясыздық туралы, В.Сосюраның «Украинаны сүй» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім туралы, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті. «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1945 жылғы 14 тамыздағы қарары шықты. Қазақстан К (б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысына орай академик Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов ескіліктің шырмауында» атты әшкерелеуші мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланғаннан кейін, іле «қазақ әдебиетінің тарихына» қатысты сындар жаппай басылып жатты. Бұл науқанның екпіні қанша қатты болғанымен соғыстан кейінгі ауыртпашылық, тұтқынға түскендерді және репрессияға ұшырағандарды жазалау сияқты әскери, саяси қысыммен шектелді.
Бір таңданарлығы, тура сол жылы, осы қаулыдан кейін, яғни, 1947 жылдың 14 қыркүйегі күні «Социалистік Қазақстанда» «хан Кененің қаза тапқанына 100 жыл толуына орай «Кенесары Қасымов» деген көлемді мақала жарияланды. Мақала авторы Ермахан Бекмаханов. Алдағы болатын баяндауларға мүлдем қарама-қарсы, байыпты пайыммен, жақсы ниетте «қара дүлейдің» алдында жазылған пікірді таң қала отырып ықшамдап ұсынамыз:
Е.Бекмаханов: «Кенесары Қасымов. (Қаза тапқанына 100 жыл толуына): «Қазақ халқының 1837-47 жылдардағы үлкен ұлт азаттығы қозғалысының басшысы Кенесары Қасымовтың қаза тапқанына биыл 100 жыл толды. Кенесарының қимылы Қазақстанның тарихында, қазақ халқының келешектегі тағдырын белгілеген өзгерісті кезеңмен тұстас келді. Көшпелі қазақ ауылының шаруашылығына товарлы-ақшалы қарым-қатынастың енуіне байланысты Қазақстанның экономикасында үлкен өзгерістер болды, ал, Қазақстанның саяси тұрмысын алатын болсақ бұл дәуірде қазақ хандықтары: 1822 жылы – Орта жүзде, 1824 жылы – Кіші жүзде хандық жойылды.
Қазақ даласына бір жағынан патшалы Ресей, екінші жағынан Орта Азия хандықтары шабуыл жасауда болды. Қазақстанның ол кездегі сыртқы саяси жағдайы осыған қарай белгіленді. Патша үкіметі мен Орта Азия хандықтарының басқыншылық саясатына қазақ халқы күшті қарсылық көрсетті. Қазақ халқының ұлт азаттығы күресін Кенесары Қасымов бастап шықты. Екі жақпен бірдей арпалысуға күші жетпейтінін, қазақ халқының саяси тәуелсіздігін сақтап қала алмайтындығын Кенесары көтерілістің алғашқы күндерінде-ақ түсінді. Сондықтан, Орта Азия халықтарына ең алдымен Қоқан хандығына қарсы күресе отырып Кенесары соғыс қимылдарын тоқтату туралы патша өкімет орындарымен келісуге тырысты, өйткені, патшалы Россия сияқты қуатты елге қарсы күрестен нәтиже шықпайтынын жақсы білді.
Кенесарының көтерілісі Россия патшалығына, Орта Азия хандықтарына қарсы, отаршылдыққа қарсы азаттық сипаттағы көтеріліс болды. Кенесарының қозғалысында ішкі күрес жоғарыда айтылған негізгі мақсатқа бағындырылды. Ішкі күрес отаршылдыққа қарсы күреспен ұштасты, өйткені, ел билеген сұлтан-провительдер, аға сұлтандар патша өкіметі сенімді одақтасы болды. Кенесары патша үкіметі, Қоқан мен Хиуа тартып алған қазақ жерлерін қайтару, Россияның қарамағында қазақ халқының біртұтас мемлекетін құру ұранымен күреске шықты.
Кенесары бастаған күрес 10 жылға созылды, үш жүзге тегіс таралды. Бұл күреске қазақ халқының қалың бұқарасы – кедейлер, егіншілер, жатақтар кеңінен қатысты. Сондықтан Кенесары қозғалысының бүкіл халықтық сипаты болды. Өздерінің мақсаттары үшін, ең алдымен, тартып алынған жайлауларын, жайылымдарын қайтару үшін күрескен қалың бұқараның қатысуы көтерілістің кең өріс алуын қамтамасыз етті. Бірақ, көтеріліске басшылық қалың бұқараның қолында болған жоқ, Қазақстанның патриархалдық-феодалдық бытыраңқылығын жойып, Россияның қарамағында қазақтың біртұтас мемлекетін құруды көздеген орташа феодалдық топтардың қолында болды. Көтеріліске қатысқан күштердің мұндай бөлінуі заңды еді, өйткені, көтеріліс Қазақстанда патриархалдық-феодалдық қоғам қатынасы, рушылдық тұрмыс қалпы үстем болып тұрған жағдайда өтті.
Бір жағынан патшалы Россияның, екінші жағынан Орта Азия хандықтарының шапқыншылығына ұшырап тұрған жағдайда Қазақстанның саяси тәуелсіздігін тек іргелес мемлекеттердің біріне сүйенгенде ғана сақтап қалуға болатын еді. Өзінің сыртқы саясатында Кенесары патшалы Россияға сүйенуге тырысты, өктемдік тәртіп орнатушы, артта қалған Орта Азия хандықтарына бағынудан бас тарттты. Кенесарының Россияға бағыт бұруының ең бірінші себебі – Россия қуатты мемлекет болды. Мұны түсінген Кенесары өзінің серіктеріне: «Россия барлық мемлекеттерден үлкен, орыс патшасы барлық патшаларға аға»– деді. Оның үстіне Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының шекарадағы орыс халықымен, – патша үкіметінің басқыншылық саясатына ешқандай қатысы жоқ халықпен, – ежелден бері сауда-экономикалық қатынас жасауы да Кенесарының Россияға бет бұруына себеп болды.
Сол себепті де көтерілістің алғашқы күндерінен бастап Кенесары соғыс қимылдарын тоқтату туралы, екі арадағы жанжалды бейбітшілікпен бітіру туралы Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горшаковпен келісуге тырысты. Бірақ Горшаков мұндай келіссөздерді бастаудан бас тартты. Ол өзінің хаттарының бірінде былай деп жазды: «Қазақ даласында бейбастақтық туғызған айыпкерлермен келіссөздер жүргізуден, әсіресе, олардың император патшаға, сөзсіз бағынудан басқа қандай да болса шарт қоюына аз да болса желеу беруді лайықсыз тауып, мен Кенесарының хатын жауапсыз қалдырдым».
Көтерілістің өнбойына Кенесары Батыс-Сібір өкімет орындарына қарсы күресе отырып, Орынбордың өкімет орындарымен және орталық өкіметпен келісуге тырысты. Кенесары Россияның қарауында болуға ризалық білдірді, бұнымен бірге қазақ жерінің қайтарылуын, Россияның қоластында қазақ халқының тәуелсіз мемлекеттігі сақталуын шарт етіп қойды. Бірақ, бұл шарт патшалы Россияға тиімсіз болды.
Патшалы Россия қазақ даласымен жер жөнінде ғана шектес болып, мемлекет шекарасын сақтау үшін қазақ елімен тек байланыс жасап келген дәуір өткен еді. ХІХ ғасыр патшалы Россия алдына жаңа шапқыншылқ міндет – Орта Азияға шабуыл жасау міндетін қойды, ал Қазақстан бұл жолдағы белгілі бір белес болды.
ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарында патшалы Россия алдына Қазақстанды бір жолата өзіне қосып алу, оны Орта Азия хандықтарына және Алатау қырғыздарына одан ары шабуыл жасау қамалына айналдыру міндеті қойылды. Орта Азия мен екі арадағы сауданы күшейту мүдделері ғана емес, Орта Азияда ағылшын-орыс бәсекесінің күшейгендігі осы міндетті алға тартты. Орта Азияда бекінбейінше патшалы Россия өзінің Орта Азиядағы мүдделерін қорғай алмайтын еді. Сол себепті патшалы Россия Кенесарының талабын қабылдамады.
1844 жылдың өзінде граф П.Д.Киселевтің Бөкей ордасындағы жағдай туралы баяндамасына Николай І: «Патшалықтың ішінде екінші патшалық болуы мүмкін емес» – деп бұрыштама соқты. Осы бірауыз сөздің өзі Бөкей ордасының келте автономиясының тамырын қырқып қана қоймай, автономия туралы ниеттің қандайына болса да, біржолата тиым салғандық еді. Мұндай жағдайда Кенесары талабы көріне үмітсіз талап болды.
Кенесарының бұл өзгерістері қандай болды? Кенесары өзінің мемлекетін жеке адамдар арқылы басқарды. Бұл адамдар сот, дипломатия, финанс, елден мал-мүлік жинау мәселелерімен, соғыс ісімен шұғылданды. Ханның жанындағы Жоғарғы Кеңеске тек феодалдардың орта топтарының өкілдері мен батырлардың бірсыпырасы қатысты. Жер-жерде өкімет жұмыстары жасауылдар арқылы орындалып отырды. Әр документтерінде бұл жасауылдар «Кенесары комиссарлары» деп аталады.
Кенесарының мемлекет аппаратында жасаған өзгерістері феодалдық негізде құрылған мемлекеттің бір орталыққа бағындырылуына жағдай туғызды. Сот – право жөніндегі өзгеріс сот істерінің қаралуын жақсарту, барымтаны, ел арасындағы жаугершілікті тоқтатуды, өштескен руларды татуластыруды көздеді. Кенесары әдет-ғұрып правосына бірсыпыра өзгерістер енгізді, оның ішінде ру байларының сотын жойып, сот істерін өзі тағайындаған билер мен жасауылдардың қолына берді, оларды граф деп атады. Кенесарының ордасында болған хорунжий Орманов: «Кенесары жоғарыда аталған билерге жолдаған хатын жіберді, олар бұл адресте граф деп аталған» –дейді. Ақылы істерді қарау тәртібін үшке бөлуге болады: 1. Кенесарының қармағындағы руларға қатысы бар барымта, кісі өлімі жөніндегі сот істерін қарау. 2. Кенесарының қармағынан тыс рулардың істерін қарау. 3. Кенесарының қармағындағы қазақтар мен патшаның қоластындағы қазақтар арасындағы істерді қарау.
Кенесары өзінің қармағындағы қазақтардың малын беталды барымталауға қатты тиым салды, барымталанған малды иелеріне дереу қайтарып отырды. Өзінің туысқаны Көшек сұлтанға Кенесары барымталанған жылқыларды «құлынына дейін қалдырмай» қайтаруға бұйырды. Арғын руларының өкілдері қыпшақтардан мал талап етіп Кенесарыға арыз ете келгенде, Кенесары өзінің жасауылдары – Масақ пен Кенжеге:«Арғындардың талабын орындауға» – бұйырды.
Салық жөнінде Кенесары жеке феодалдардың алымдары орнына, хан қазынасының пайдасына алынатын бірыңғай салық шығаруға тырысты, сөйтіп феодалдық алымдар орнына мемлекет салығын шығармақ болды. Кенесарыға бағынған ауылдар Хиуа мен Қоқан хандарына салық төлеуді, сол сияқты үкіметке түтін алымын төлеуді тоқтатты. Мұның өзі қазаққа салық жөнінде едәуір жеңілдік болды. Бірақ, соғыс жағдайында Кенесары амалсыздан әртүрлі алым салықты қаталдықпен өндіріп отырды.
Кенесары малды аудандардан алынатын «зекетті», егіншілерден алынатын «ұшырды» бұрынғы күйінде сақтады. Оның үстіне ауылдық салық, әртүрлі тығыз қажетке көптеген алымдар жинады.
Кенесарының шаруашылық жөнінде қолданған шараларының зор маңызы бар. Соғыс губернаторы Обручевке жазған хаттарының бірінде Кенесары: «Қайырымды генерал патшадан маған рахымшылық етуді өтінсін, сонда мен өзімнің қырғыздарымды егін егу, аң аулау және басқа бейбіт кәсіптермен шұғылдандырып, тыныш өмір сүремін» – дейді.
Кенесарының ордасы орнатылған Ырғыз бен Торғай аудандарының өзінде ғана 1000 үй қазақ егін кәсібімен шұғылданды. Орынбор комиссиясының есебінде де «Россияның қармағындағы жерге қайтуға мүмкіншілігі болмағандықтан, (Кенесары) өзіне ерген елді Іле және оған құятын өзендер бойында егін кәсібімен шұғылдануға үгіттегені» атап көрсетілген.
Сөйтіп, Кенесарының саясаты қазақтың егін шаруашылығымен шұғылдануына себеп болды.
Кенесарының саудаға көзқарасының да зор маңызы бар. Алғашқы кезде ол орыс саудасына қарсы болды, оның отаршылдық саясатты жүргізу жолдарының бірі деп таныды. Бірақ, көп ұзамай Кенесары бәленің басы саудада емес, патша үкіметінің соғыс отаршылдық саясатында екенін түсінді. Шекара бойындағы қазақтар жергілікті орыс халқымен қызу сауда істеп отырғанын ол жақсы білді. Кенесарыға келген қазақтар оған орыстармен тату қарым-қатынас жасауға кеңес берді, қазақтардың оларға «әрдайым күні түсіп отыратынын, олардан астық және басқа керек-жарақ алатынын» айтты.
Сондықтан Кенесары өзіне қараған ауылдарда сауда істеуші купецтердің өз товарларын алымсыз сатуына рұқсат етті, оларды зорлық-зомбылықтан қорғады. Орынбордың шекаралық комиссиясының председателі Генстің атына жіберілген бір ақпарда: «бұл бүлікшілердің ауылдарында болған саудагерлер көп пайда тапқан, өйткені олардың ауылдарына келіп сауда істеушілерге бұйрық берілген» – делінген. (Соңы. Басы 3-бетте).
Кенесарының саясаты қазақ халқының орыс халқымен сауда қатынасының күшеюіне көмектесті, шаруашылықтың қара дүрсін (натуралдық) негізінің бұзылуына жағдай туғызды.
Кенесары әлеуметтік реформашы болған жоқ. Оның құрған феодалдық мемлекеті шынында тұтас мемлекет емес еді, өйткені ұлы жүздің аудандары 1847 жылға дейін Кенесары мемлекетіне қосылған жоқ.
Кенесары өзінің белгілеген шараларын түгел жүзеге асыра алмады. Қазақ елінің ол кездегі артта қалған қоғамдық-экономикалық құрылысы Кенесарының жаңалық енгізу әрекетін тойтарып, бөгет жасай береді.
Кенесары көтерілісінің жеңілетіндігі сөзсіз еді. Оның негізгі себебі, ең алдымен, ішкі саяси жағдайда және қазақ халқының біртүтас мемлекетін құру әрекетінің кеш басталғандығында болды.
Кенесарының прогресшілдік ниетіне, қазақ халқын біріктіру мақсатына зор кедергілер кездесті. Қазақстанның феодалдық бытыраңқылығы, рулардың өзара тартысы, феодалдар мен патша өкіметі орындарының бұл тартысты одан сайын қоздыруы Кенесарының игілікті бастамасының бәріне күшті бөгет болды. Оның себебі Қазақстаның әлеуметтік-экономика жағынан артта қалғандығында еді. Сол себепті рушылдық мүдделер жалпы халықтық мүдделерден басым бола берді. Көтерілістің жеңілуінің негізгі себептерінің бірі осы.
Кенесары қозғалысының біркелкі дамымағанын, көбінесе стихиялық қозғалыс болғанын да ескеру қажет. Көтеріліс он жыл бойына Қазақстаның ең маңызды аудандарының бәріне, негізгі рулардың бәріне дерлік таралды. Бірақ, бір мезгілде және біркелкі таралған жоқ, сондықтан өкімет орындары қай уақытта болса да көтерілісшілерге бөлшектеп соққы беріп отырды. Мұның өзі патша үкіметіне өте тиімді, ал көтерілісшілерге мүлде тиімсіз болды.
Бұл жөнінде мынандай екі жағдайдың зор маңызы болды: біріншіден, көтерілісшілер мал баққан көтерілісшілер еді, олардың материалдық өндірісі түгелінен малды бағып-қағу, асырау мүмкіншілігіне байланысты болды. Екіншіден, үкімет орындары Кенесары қозғалысын басқанда, негізінде көтерілісшілерді ежелден мекенденіп келген, жайылымы мол аудандардан қиырдағы, шөбі аз қуаң далаға бірте-бірте ығыстыру әдісін қолданды. Кенесары өзіне ерген қазақ руларымен амалсыздан бірте-бірте алысқа – Көкшетаудан Торғай, Ырғыз ауданына, одан Балқаш бойына шегінді, одан кейін Қытай шекарасына таялды, ақыры, Тоқпақ маңында тау арасында қаза тапты. Шегінгенде жай ғана шегінбей, ауыр ұрыстар жүргізе отырып, орасан зор шығынға, бүліншілікке ұшырай отырып шегінді.
Ақыр аяғында ол кездегі халықаралық жағдайдың өзі де көтерілісшілерге өте қолайсыз болды. Өзара байланысы аз төрт бөлшекке (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз және сол кездің өзінде патшалы Россия қол астында болған Бөкей ордасы) бөлінген Қазақстан, қазақ халқының біртұтас мемлекет болып бірігуіне жол бермеуге тырысқан мемлекеттердің қоршауында болды.
Патшалы Россия да, Қытай да, Орта Азия хандықтары да – Хиуа, Бұхара, Қоқан – Қазақстанды әрқайсысы өзіне бағындыру үшін өзара күресті.
Кенесарының өз басының қателері де көтерілістің апатпен аяқталуына себеп болды. Сұлтандар мен билерге қарсы күресте Кенесары бейбіт отырған рулардың ауылдарына шабуыл жасады. Мәселен, 1843, 1844 және 1845 жылдарда көтеріліске қосылмағаны үшін жаппас руының ауылдарын үш дүркін қатты талқандады. Сұлтан-правительдердің билердің қармағындағы ауылдар көтеріліске болысқысы келе тұрса да, феодал-ру басылардан қорыққандықтан көтеріліске қатыса алмай отырғанын ескерместен, Кенесары бұл ауылдарға талай шабуыл жасады. Бұл феодалдар мен ру басыларды талқандап, халықты өзіне тарту орына, Кенесары талғамастан бұларды екі жағынан да шапқыншылыққа ұшыратып, халық арасында өзіне қарсы наразылық туғызды.
Кенесары қырғыздар жөнінде де сондай қателесті. Қырғыз манаптары – Орман, Жантай және басқаларының өзін қолдамағаны үшін, Кенесары сарыбағыш қырғыздарына шабуыл жасады.
Патша үкіметі орындары Ырғыз, Торғай аудандарын (кіші жүз) басып алғаннан кейін көтерілісшілерге ұлы жүздің жеріне шегінуден басқа жол қалмады. Ол кезде Қазақстанда патша үкіметі басып алмаған жер тек осы ұлы жүз болатын. Бірақ, ұлы жүздің едәуір жері Қоқан бектерінің қармағында еді, ал, Алатау қырғыздары Кенесарының ежелгі жауы Қоқан ханына бағынулы еді.
Ұлы жүзде Кенесарының негізгі ұраны – Қоқан басқыншыларына қарсы күресу болды. Кенесары қырғыздарға жазған хатында: «Мен жауласу үшін, қан төгу үшін келген жоқпын, қазақ пен қырғыздың күшін біріктіріп, оларды Қоқаннан бөліп алу, жалпы айтқанда қоқандықтардың қысымынан құтқару үшін келдім», – деді.
Кенесарының қырғыз манаптарымен келісе алмай, ақырында оларға қарсы соғысқа шығуының себебі не?
Ең алдымен, патша үкіметі орындары қазақтарды қырғыздарға айдап салып, екі арада соғыс шығарды. Ньюхаловтың генерал-майор Вишневскийге тапсырған рапорты бұған дәлел. Ол рапортта былай делінген: «Мен олардың ішіндегі ең атақты билерге: бұғы руындағы Борамбай Бекмұратов пен Айтпай Сералинге, сарыбағыш руындағы Орман Ниязбековке, солты руындағы Жанғараш Есғожинға хат жазып, олардың және орыс үкіметінің жауы – Кенесарыны құртуға үгіттедім».
Қырғыз манаптары Қоқан жағына шығып опасыздық еткені үшін Кенесары қырғыздарға қарсы жорыққа аттанады. Бірақ Кенесары қырғыздарға қарсы соғыс ашқаннан кейін сарыбағыш руындағы қырғыздардың бірсыпрасы Кенесарыға қарсы күреске шықты. Оның себебі, біріншіден, қырғыз рулары арасында тартыс күшті бола тұрса да, қырғыздың қалың бұқарасы саяси жағынан өзара бірігіп, өз мемлекетін құруға ұмтылатын еді. Бұл ниетті жүзеге асыру үшін феодалдар арасында қатты соғыстар болып келді. Бүкіл қырғыз елінің саяси билігін өз қолына алу ниеті Орман манаптың әрекетінде айқын көрінді. Орман нағыз феодалдың өзі еді. Ол үкімет билігін өз қолына алу үшін қырғыздарды саяси жағынан біріктіруге тырысты. Ол халықтың көсемі болған жоқ, бірақ оның қырғыздарды саяси жағынан біріктіруге ұмтылған әрекетіне қалың бұқара тілектес еді.
Екінші жағынан, Кенесары Қырғызстанда күрестің нағыз феодалдық әдістерін қолданды. Ол манаптардан гөрі қырғыз халқына қатал тиді. Мұның өзі Орман мен Жантайдың қырғыз халқын Кенесарыға қарсы күреске біріктіруіне жеңілдік келтірді.
Кенесарының көтерілісі жеңілді. Алайда қазақ халқының ұлт азаттығы күресінің тарихында бұл көтеріліс ерекше үлкен орын алады.
Кенесарының көтерілісі ХІХ ғасырдағы Қазақстанды тегісінен дерлік қамтыған ең үлкен және ең ұзаққа созылған көтеріліс болды.
Отаршылдыққа қарсы азаттық көтеріліс болғандықтан қазақ халқының тарихында бұл көтерілістің прогресшілдік маңызы бар. Бұл көтеріліс қалың бұқараға саяси тәрбие берудің зор мектебі болды. Кейінгі, ХІХ ғасырдың 50 – 60 жылдарындағы көтерілістер осы Кенесары көтерілісі негізінде етек алып ұлғайды.
В.И.Ленин былай деп жазды: «Қалың бұқараның шын мәніндегі тәрбиесін еш уақытта қалың бұқараның өзінің дербес саяси күресінен, әсіресе революциялық күресінен бөлектеуге болмайды. Қаналудағы тапты тек күрес қана тәрбиелейді, тек күрес қана оның күшіне жол ашып, оның дүниетану көзқарасын кеңейтеді, оның қабілетін арттырып, оның тілегін айқындайды» (Шығармалары, ІІ том, 7-бет).
Кенесарының көтерілісі, өзінің туған елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауға бел байлаған бостандық сүйгіш қазақ халқының жауға қарсы тұрарлық орасан мол күші бар екенін көрсетті.
Кенесарының қойған саяси талаптары тұрғысынан қарағанда да бұл көтерілістің прогресшілдік маңызы болды. Өйткені, Кенесары қазақ рулары арасындағы талас-тартысты, феодалдық бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынатын біртұтас мемлекет құруға тырысты.
Патша үкіметіне, Орта Азия хандықтарына талай рет қатты соққы берген бұл көтерілістің барысында қазақ халқы өзінің орасан зор мүмкіншіліктері бар екенін айқын түсінді», – деп жазылған.
Мұндай батыл мақаласы үшін автор Орталық Комитеттің тарапынан қатаң ескерту алды. Бұған ілесе зиялылар қауымының етегін өрт шалды, бірақ, қаулап кете алмады. «Дәрігерлердің ісі» деген науқан көтеріліп, Сталиннің ең сенімді серігі Ждановтың өзіне халық жауы ретінде күдіктене бастағанда (одан оны өлім ғана құтқарды), халықаралық шпиондарды әшкерелеу мемлекеттің ішіне ойранын сала бастады.
Жалпы қазақстандағы «ұлтшылдық пен ұлт тарихын бұрмалау және Кенесарының реакциялық қозғалысы» туралы мәселенің ушығуының түпкі тамыры тереңде жатыр еді және мұндай «жазалау зұлпұхарының қазақ мәдениеті мен ғылымының желкесіне төнгеніне» алты жылдан асқан болатын. Сондықтан осынау қатерлі кезеңнің «тарихи алғышарттарын» Е.Бекмахановтың шәкірті, осы мәселе жөнінде жылдап пікір алысқан тарих ғылымының докторы, профессор Ә.Тәкеновтің пайымдауымен баяндауды жөн көрдік. Тарихты – тарихшыдан артық ешкім түсіндіріп бере алмаса керек.
Ә.Тәкенов: «Сондықтан партиялық идеологтар тарих ғылымын қатаң бақылауға алды. Ал өмір талабы идеологияның ырқына көнбей жатты. 1941 жылдың қысында Алматыға бір топ эвакуацияланған орыс ғалымдарының келуі бұдан бұрын оқу-ағарту халық комиссариаты белгілеген Қазақстан тарихын жазу ісін тездетті. Бұл істің бас-аяғында комиссариаттың қызметкері, 1937 жылы Воронеж педагогтік институтын бітірген, жас тарихшы Ермұқан Бекмаханов жүрді. ҚК(б)П Орталық Комитеті соғыс жағдайында тарихтың патриоттық тәрбие берудегі рөлін ескере келе мақұлдау жасап, академик Панкратова және Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов «Қазақ ССР тарихының» редакторы болып бекіді. Оны жазуға Греков, Дружинин, Вяткин, Кучкин, Зутис, Миллер, Лурье сияқты орыс ғалымдары атсалысты. Қазақстандықтардан Әуезов, Марғұлан, Покровский, Мұқанов, Мүсірепов, Исмаилов, Кенжебаев қатысты. Тез қарқынмен жазылған қазақ тарихы ерте дүниеден сол кезге дейінгі уақытты қамтыған еліміздің тұңғыш тарихы еді. Оны оқырмандар да үлкен ықыласпен қабылдады. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы бұл кітапты Панкратовадан алып, пікір айтып, жанашырлық көрсеткен екен. Өз халқының тарихын оқу қай қазаққа да баға жетпес қуаныш емес пе?
Бір ескеретін жай, бұл «егемен Кеңес республикаларының» ішінде жеке республика тарихына арналған тұңғыш кітап екен. Бірақ тап осы жай кейбіреулерге күдік туғызса керек. Кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, алғашқы сараптан өтіп, мәселе түпкілікті шешілер кезде бұған сенімсіздікпен караған КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі А.И.Яковлев болды. Бұл кісі Кеңес тарихының негізін салушылар: КСРО тарихының оқулығын жазған Панкратова, Тарих институтының директоры академик Греков, академик Дружинин, «Қазақ ССР тарихы очеркінің» авторы, қазақ тарихының маманы Вяткинге немесе бүкіл қазақ ғылымының қаймақтарына – Әуезов пен Марғұланға қарсы шығатындай қазақ тарихының маманы да емес екен. Әңгіме білуде емес, бұл сыншының саяси көзқарасында болып шығады. Оған кітаптың әр жеріндегі он шақты беті, дәлірек айтсақ авторлардың тұжырымдамасы ұнамайды. Мысалы, Яковлев «мемлекеттік теория» тұрғысынан патшалық Ресей оның құрамына кірген (жаулап алынған) халықтар үшін прогресс, мәдениет әкелді, сондықтан оған қарсы күресу реакциялық сипатта болды деп түсіндіреді. Әрине орыс патшаларын дәріптеген сталиндік көзқарасқа бұл тезис сайма-сай келіп тұр. КСРО тарихы оқулығы туралы: «Орыс мектептерінің барлық оқулықтары орыс ұлттық оқулығы болуы тиіс. Бұл мазмұнға тағы 100 халықтың мүддесін сиғызуға болмайды»,– деуі Яковлевтің республикалар тарихына қарсы позициясын айқындай түседі. 1944 жылы айтылған бұл пікір тек 1988 жылы белгілі болды (Письма Анны Михайловны Панкратовой. – «Вопросы истории», 1988, № 11, 54-79-бетте).
Бұл пікірге «Қазақ ССР тарихы» авторлары қарсылық білдіріп, Панкратова кеңес халықтары тарихындағы азаттық күресті қолдайды. Ғалымның талап етуімен 1944 жылы БК(б)П Орталық Комитеті 29 мамыр мен 8.маусымның аралығында 5 рет көрнекті совет тарихшыларының кеңесін өткізеді. Текетірес сонда басталады. Яковлев пен Бушуевқа қарсы шыққан Панкратова, Греков, Державин «Қазақ ССР тарихы» тұжырымдамаларын қорғайды. Кеңес нәтижесіз өткендіктен Панкратова Орталық Комитет хатшысы ІЦербаковқа жазған ресми хатында, Яковлевтің пікірі ұлттық-отарлық саясат мәселелеріндегі марксизм-ленинизм негіздеріне сай келмейтіндігін, сондықтан «Қазақ ССР тарихын» нақты талқылауды талап етеді. Интернационалист ғалым бұл мәселе Қазақстан үшін маңызды, өйткені бұл: «Қазақтардың ұлттық сезіміне ауыр тиеді»,– дегені есте қаларлық оқиға, шын жанашырлық. Кеңестік империяның идеологтары «қазақтың ұлттық сезімі» (сол сияқты басқа ұлттардың) туралы сөз қозғап көрген емес. Тек «ұлы орыстық ұлттық сезім» немесе «ұлттық мақтаныш» хақында ғана айтуға жол берілетін (мысалы «орыс орманы», «орыс қысы», «орыс аспаны», «орыс даласы» деген сияқты тіркестер осының көрінісі). Басқа халықтардың ұлттық сезімі кеңестік патриотизммен шектелуі тиіс болатын. Кеңестік идеологтар «ұлтшылдыққа» қарсы күреспен ауызданғандықтан, ұлттық тарихты оқу ұлтшылдықты туғызады деп қорқатын. Соғыс жағдайында ұлттарға қысым жасау (депортация) саясаты да осы «ұлтшылдықпен» күрес ретінде жүргізілді. Ұлтшылдықтан қысымшылық көрмеген тек орыс халқы. Ал «ұлыдержавалық шовинизм» тек «шовинизм» болып айтылса да, нақты шовинистер «табылмады». Басты жау ұлтшылдық болып айқындалды.
Осы тұрғыдан алғанда 1945 жылы «Большевик» журналында қазақ тарихына еш қатысы жоқ М.Морозов дегеннің «Қазақ ССР тарихына» берген рецензиясы әлдекімдердің қолтығына су бүріккендей болды. Оның үстіне рецензия авторы 1944 жылғы Орталық Комитет өткізген кеңесте айтылған теріс пікірлерді теріп жазған партаппарат қызметкері болып шықты. «Большевик» Орталық Комитет органы емес пе? Сөйтіп, Кеңесте Орталық Комитет хатшылары Щербаков, Андреев, Маленьков жұмған ауыздарын ашпағанымен мына рецензия Орталық Комитет пікірі сияқты қабылданғаны шүбәсіз. Бұл арада Яковлев пен Морозовты да жамандай бермейік, басты кейіпкерлер олардан да жоғары лауазымды адамдар болып шықты. 1944 жылғы Кеңестің алдында Андреев, Маленков, Щербаковтардың атына хат түскен екен. Хат:«Кейбір кеңес тарихшыларының еңбектеріндегі күрделі кемшіліктер мен антилениндік қателіктер туралы» деп аталып, оған Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімін меңгерушісі Г.Ф.Александров, оның орынбасары П.Н. Федосеев, «Правданың» бас редакторы П.Н.Поспелов қол қойғаны кейін мәлім болды («Вопросы истории», 1991, № 1,188 – 205 беттер. 48).
Бұл хаттың «ұлтшылдық» қателіктерге арналған бөлімінде негізінен «Қазақ ССР тарихына» көңіл аударылыпты. Авторлар ұлт мәселесі жөніндегі сталиндік ережелерді түсінбепті, сталиндік тұжырымдар бойынша Ресейге басқа халықтардың қосылуы, тіпті күшпен қосылуының өзі «залалы шамалы», ал ол халықтарды, мысалы Грузияны – Персия, Украинаны – Польша жаулап алған болса, мұндай альтернатива «үлкен залал» болған болар еді. Бұған қарасақ бұрын отаршылдықты – «үлкен залал» деп келгеніміз қате болып шығады. Бұл орыс отаршылдығын жұмсарту, жақтау іспетті.
Бұл ресми пікірді Морозовтың рецензиясынан кейін ҚК(б) партиясы Орталық Комитетінің 1945 жылғы 14 тамыздағы «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымын дайындау туралы» қаулысы қолдады. Қаулының авторлары Қазақстанның – төңкеріске дейінгі дәуірін сынға алды. Ол кезең әлеуметтік-экономикалық даму, тап күресі тарихы тұрғысынан емес, қазақтардың тәуелсіздік үшін күресінің тарихы болып жазылған деп жазғырды. Қазақ сұлтандарының тонаушылық жорықтары мен (Қаратай сұлтан) шынайы ұлт-азаттық қозғалысты шатастыруға болмайды деп көрсетілді. «Қазақ ССР тарихында» халықтың санасында ұлттық қаһарманы болып келген Едігені мадақтаған деген орынсыз сын да айтылды. Кенесары туралы оған берілген баға «біржақты, бұл қозғалыстың ішкі қайшылықтары ескерілмеген» деген де ескерту жазылды. Бұл қаулының жайсыз салдары аз болмады. Ең бастысы, қазақ халқы тарихындағы оның ұлттық санасын оятатын қаһармандар қайта сынға түсуіне жол ашылды. Осы қаулыдан аттай бір жыл бұрын партия хатшысы Ж.Шаяхметов (Сталинге еліктеп) майдандағы қазақ жауынгерлерін олардың батыр бабалары – Абылай, Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай – аруағымен рухтануға шақырған еді (Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі. «Социалистік Қазақстан», 1944, 18.VШ.).
Кейін бірінші хатшыға бұл сөздерінен тануға тура келді. 1945 жылғы қаулы халқымыздың соғыс кезінде ояна бастаған ұлттық, тарихи санасына нұқсан келтіргенін алдағы оқиғалар дәлелдейді.
Ұлтшылдықпен күрес науқанының отына түскен талантты тарихшымыз Ермұқан Бекмаханов болды. Оның бірнеше себептері бар. «Қазақ ССР тарихының» дау туғызған Кенесары көтерілісі тарауын жазу Бекмахановқа тапсырылған еді. Ал 1943 жылы 28-маусымда ол «Қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған азаттық күресі (1837-1847)» тақырыбында Мәскеудің Тарих институтында кандидаттық диссертация қорғады. Іле-шала бұл мәселені кеңейтіп, 1946 жылы 31 жасар ғалым «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясы бойынша докторлық диссертация қорғады. Бұл еңбегі 1947 жылы М.П.Вяткиннің редакциясымен Алматыда жарық көрді. Кітаптың бір бөлігі Кенесары қозғалысын қамтиды. 1946 жылы Бекмаханов Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының директоры С.С.В.Юшковтың орынбасарлығына тағайындалды.
Осының бәрі, жас ғалымның зор табыстары, кейбір күншілдерге шаншудай тиді». Бұрынғы «Қазақ ССР тарихына» байланысты сын пікірдің енді тікелей жалғыз Бекмахановқа ауысуына мүмкіншілік туды. Тактикалық жағынан бір адамға ауыз салу бүкіл авторлар ұжымымен алысудан оңайырақ емес пе? Елдегі идеологиялық ахуал да Қазақстанда тағы да ұлтшылдыққа қарсы науқан ашуға сәтті болған еді.
Бұл науқандар қазақ топырағында жаңғырып, негізінен ескі феодалдық қоғамды дәріптеуге буржуазияшыл ұлтшылдыққа қарсы күресуге келіп бір-ақ тірелді. Осы бағытта ҚК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысының негативтік рөлі зор болды. Дарынды зиялы қауым негізгі нысанаға алынып, көрінген белсенді ғалымсымақ топырақ шаша алатындай олар қорғансыз жағдайда қалды. М. Әуезов, Ғ.Мұстафин, С.Аманжолов, Ғ.Мүсірепов, Е.Исмаилов, Қ.Жұмалиев, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, А.Жұбанов сияқты ғалымдар сынға алынып, аяусыз талқыға түсті, қызметтерінен қуылды немесе саяси айыпталушы ретінде сотталды. Бұл дүрмек тарихшылардың да берекесін алып, дегбірін кетірді, 1947 жылы 5 наурызда М.Ақынжанов пен Ә.Тұрсынбаев «Казахстанская правда» газетіне «Профессор Маргулан извращает историю» деген мақаласында оны «пантюркист», орыс және қазақ халықтары достығының тамырын «қопарушы» деп айыптады. Тарих институтының сессиясында сол жылы мамыр айында Х.Г.Х.Ғ.Айдарова «Қазақстан тарихы мәселелеріндегі ұлтшылдық бұрмалаушылық» тақырыпта баяндама жасады. Мұндай сынау, орынсыз саяси кінә тағу ғалымдардың азаматтық арын таптап, сағын сындырудан басқа еш нәтиже бермеді. Ал бұл дарынсыз күншілдерге ғана жол ашты. Кадрлар жоғары оқу орындарынан да қуыла бастады. Ә.Қоңыратбаев, Қ.Жұмалиев, М.Әуезов, Т.Нұртазин, Е.Исмаилов, М.Балақаев университеттен шығарылды. «Идеологиялық айқаста» ғылымға қатысы жоқ партократтар жөнсіз белсенділік байқатты. Мысалы, Алматы қалалық парткомының хатшысы Т.Ысқақов ҚазМУ-дің орта ғасыр тарихының оқытушысы Я.Д.Серовайскийді шетел тарихшыларының еңбегін пайдаланғаны үшін сынады. ҚК(б)П Орталық Комитеті идеология бөлімін басқарушы И.П.Храмков БК(б) П Орталық Комитетіне «түзету» жасап, тек Батысқа бас игені үшін емес, Шығысқа бас игендерді (әрине, қазақтарды) да айыптауға шақырды. Осындай өрескелдікті сезген Ж.Шаяхметов 1948 жылы наурызда ҚК(б)П Орталық Комитетінің Пленумында:«Өткеннің бәрін жамандай беруге болмас»,– деп тоқтау айтуға мәжбүр болды. Дегенмен, саяси науқанды тоқтатпақ түгіл, одан өзі де шыға алмады.
1948 жылы 31 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде М.Ақынжанов пен Т. Т.Шойынбаевтың «Саяси қате, ғылыми құнсыз кітап» деген сыни мақаласы жарияланды. Осыған байланысты Ж.Шаяхметов М.Сусловқа өтініш жасап, осы сұраныс бойынша КСРО ҒА Тарих институты 28-ақпанда Бекмахановтың монографиясын талқылады. Дискуссияның негізі – Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың рецензиясы болды. Оларға талқылауда бірінші болып сөз алған Х.Ғ.Айдарова қосылды. Олар Бекмахановқа буржуазияшыл-ұлтшыл деген айып тағумен шектелді. Бірақ С.В.Юшковтан басқа пікірталасқа қатысушылар автордың тұжырымдамасын қолдап шықты. Н.Дружинин: «Қазақстанның мәдени дәрежесі Ресейден төмен болды екен деп, оның қозғалысын прогресшіл сипаттан айыру заңсыз»,– деп көрсетті.
«Егер Х.Ғ.Айдароваға ілессек, индустардың ағылшындарға қарсы қозғалысы реакцияшыл болғаны да»,– деп кекетті, А.Кучкин: Х.Ғ.Айдарованың әрекеті дәлелсіз, бұл Бекмахановтың желкесін қию талабы екенін ашық айтты. С.С.В.Юшковтың Бекмахановпен өз арасындағы кикілжіңнің салдарынан арасы ашылумен бірге ол жаңа саяси коньюктураны тез сезгенін байқатты. Ол Бекмахановты докторлық диссертациясына берген оң бағасынан тайқып, енді «жаңа көзқарас керек» деп есептеді. 1948 жылы маусым айында Қазақстан Ғылым академиясында өткен пікірталас та Бекмахановты буржуазияшыл ұлтшыл деп айыптауға бармады. ҚК(б)П Орталық Комитетінің Г.Боранбаев басқарған комиссиясының: Бекмахановтың саяси қателігі, оның партиялық мәселесін қарау туралы ұсыныстары да әзірше қолдау таппады. Бекмаханов тарихшы Рязановтың архивтегі қолжазбасын пайдаланыпты – деген арыздың дәлелсіздігін Дружининнің сарабы айқындады. Бекмаханов финанс тәртібін бұзды деген айыптау да анықталмады.
1948 жылы 16-желтоқсанда КСРО Жазушылар одағындағы өзінің баяндамасында одақ хатшысы Б.Горбатов ойламаған жерден саяси мәселеге ауысып: Кенесары қозғалысы «орыстарды қазақ даласынан қууға бағытталды, ал Бекмаханов сол Кенесарыны барынша дәріптейді – деген өкпе-наз айтады. Осыдан сескенген Кеңесбаев, Покровский, Бәйішев «Қазақ ССР тарихының» дайындалап жатқан екінші басылымында Кенесары қозғалысын қалай бағалау туралы Ж. Шаяхметовтен «принципті нұсқау» сұрап, хат жазды. I.Омаровтың араласуымен Ж.Шаяхметов Кенесары қозғалысы:«XIX ғасырдағы қазақ халқының ең көлемді ұлт-азаттық қозғалысы болды»,– деп бағалап, бұл көзқарас 1949 жылғы «Қазақ ССР тарихының» I.Омаров пен А.Панкратова редакциялаған екі басылымындағы Бекмаханов жазған тарауға енеді. I.Омаровтың байсалды позициясы Қ.Шариповтың «Вопросы истории» журналында (1949, №4) «По марксистки освещать историю Казахстана» (ол Қазақстанда партия газеттері мен «Большевик Казахстана» журналында қайта басылды) жарияланған мақаласынан да байқалады. Рецензент Кенесары қозғалысына байланысты Бекмахановтың монографиясындағы кейбір кемшіліктерді айта тұра, қозғалыстың халықтық сипатын мойындайды. Бұл сынды автордың өзі де қабылдайды. Ал М.П.Кимнің рецензиясы Панкратоваға ұнамайды. Бұл туралы ол 1949 жылы 11 қазанда I.Омаровқа жолдаған хатында: «Тарихшылар арасында болған тарихи шындыққа кереғар, қалайда қазақ халқының тарихын төмендетуге тырысушылық орын алуда. Неге грузин патшалары мен өзбек хандары ұқсас тарихи жағдайда прогресшіл қайраткер болып есептелуі керек те, ал қазақтар Абылайды немесе Кенесары Қасымұлын қаралауы тиіс екенін мүлде түсіне алмаймын»,– деп (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, І.Омаров қоры.) жазыпты.
1950-ші жылы 21-ақпандағы ҚК(б)П Орталық Комитетінің «Қазақстандағы тарих ғылымының жайы және міндеттері туралы» қаулысында да мәселе орнықты сын-пікірлер айтумен шектелген. Мысалы, кеңес дәуіріне көңіл аз бөлінеді, Бекмаханов кейбір қателіктер жіберді деген сияқты ескертулер болмаса, тарихшыларға саяси айып тағылмайды. Бірақ идеологиялық күрес басылмаған еді. Дабыл орталықтан қағылды.
50-ші жылы 26-желтоқсанда «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан зерттелсін» деген мақаласы қазақ тарихшыларын, оған қоса басқа қоғамдық ғылымдар саласында қуғын-сүргіннің бастамасы болды. Мақала авторлары ғалымдар арасында негізінен Бекмахановтың монографиясын талдау кезінде көзге түскен ортақол тарихшылар болатын (Т.Шойынбаев, Х.Ғ.Айдарова, А.Якунин). Соған қарағанда бұларды қолдаушы белгісіз бір күш болса керек. Осылайша партия органы өз беделін пайдаланып, саяси науқанды ашты: «Мақала авторларының, Бекмахановтың «қателіктерін» Мәскеу мен Алматы ғалымдары ашпады. Енді ол қателіктер «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымына кірді»,– деген қатал тұжырымдары бұл «қатардағы» тарихшылардың үлкен беделді пайдаланғанын дәлелдейді.
Сыншылар пікірталастар кезіндегі ойларын қайталаудан әрі аспаса да «Правда» төменгі сөздерді ірі әріптермен беріпті. «Барлық тарихи деректер Кенесары қозғалысы революцияшыл да, прогресшіл де болмағанын баяндайды. Бұл қазақ халқын кері, патриархалдық-феодалдық тіректің бекуіне, ортағасырлық хандық өкіметтің қайта орнауына, Қазақстанның Ресейден және ұлы орыс халқынан қолүзуіне әкелген реакцияшыл қозғалыс болды»,– деген («Правда», 1950, 26- желтоқсан) шегелеп айтылған сөздер тікелей нұсқау іспетті әсер етті, солай болды да, «Правда» бұдан әрі тарихты «бұрмалаушы», марксизм-ленинизмнің ғылыми позициясынан ауытқушы, тарихи оқиғаларда буржуазияшыл-ұлтшылдық тұрғыдан бағалаушы Бекмаханов деп қорытындылаған».
«Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсанында шыққан аты шулы мақаласы ерекше қарқын берді. Өйткені бұл жеке басылым мен жекелеген адамдардың жеке адамға немесе оның ғылыми көзқарасына қарсы пікір емес, дүниенің тұтқасын ұстап тұрған қызыл империя өздері насихаттаған «халықтар достығын» қарауындағы халықтың зиялы өкілдерін «халық жауы» ретінде көзін жою арқылы күшпен, үреймен, тіпті, «коммунистік колонизаторлықпен», коммунистік шовинизммен орнату саясаты еді. Ал мұны жүзеге асыру үшін Украинаны, Қазақстанды, Татарстанды таңдап алды. Қазақстанға БК(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімі және оның жауынгері «Правда» газеті төрт-бес жыл қатарынан табанды түрде жұмыс істегені архив құжаттары арқылы дәлелденіп отыр. Соның ішінде ұлттық мамандардың ұясы – ұлттық ғылыми ойдың мәйегі енді ұйып келе жатқан Ғылым Академиясы мен жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың ұлттық тарихи көзқарасының қалыптасып, ғылыми тұрғыдан бекіп қалмауы үшін іріткі салуды мақсат етті. БК(б)П Орталық Комитеті тарапынан жүргізілген жазалау жұмыстарына дайындықтың қалай жүргенін түсіндіру үшін қысқаша шолу жасай кетеміз.
1950 мамыр-маусым айларында БК(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімі нұсқаушылары П.Апостолов, Б.Н.Митрейкина және партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы А.Петровский «ССР Ғылым Академиясындағы саяси көзқарасы жат мамандармен нығыздала толтырылғаны» туралы «Правданың» Алматыдағы тілшісі Черниченко мен Т.Шойынбаев ұйымдастырған арызды тексеру үшін Қазақстанға келді. Олар өздерінің «әшкерелеуші қорытындысын» 1950 жылы 29 маусым күні БК(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Г.М.Мальенковқа жолдады. Онда академияға қарасты барлық мекемелер тексерілді. Черниченко мен Т.Шойынбаевтің ықпалының күшті және тексеруге тікелей ықпал жасағанын комиссияның Академияны қаралауды Е.Бекмаханов пен Кенесары қоғалысына қатысты айыптау мен жер аударылудан қайтып келген «халық жауларының» қызметін анықтаудан бастағанынан-ақ аңғаруға болады. Біз қоғамтану, оның ішінде тарих пен әдебиетке қатысты тұжырымдарға қысқаша ғана тоқталамыз. Онда:
«Жазылған арызда: Қазақстанның ғылымы мен мәдениет саласында ұлтшылдық көріністерінің орын алып отырғаны, Қазақ ССР Ғылым Академиясында кадрларды таңдауда және орналастыруда большевиктік принциптің бұзылып отырғаны, сынға қысым көрсететіні көрсетілген. Көрсетілген фактілер тексеру барысында негізінен расталды.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті өзінің қаулыларында: Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы кейбір ғылыми қызметкерлері өздерінің еңбектерінде зиянды және идеялық жағынан қате мәселелерді дәріптеп көрсетілетіні, хандар мен байларды марапаттауға жол беретіні, революцияға дейінгі қазақ ауылдарындағы таптық күресті көмескілеп көрсететіні, буржуазияшыл-ұлтшыл идеяларды өткізіп жіберетіні және орысқа қарсы көзқарасты қоздыруға ұмтылғаны – бірнеше рет аталып өткен болатын. Алайда көптеген ғылыми қызметкерлер аталған қателіктер мен бұрмалауларды қайталаумен келеді және оған Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің тарапынан тиісті дәрежеде баға берілмей отыр.
Мысалы, «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітаптың авторы Бекмаханов Кенесары Қасымовтың көтерілісінің маңызы мен сипаты жөніндегі жалған көзқарасты әлі де қасарыса қорғаумен келеді. Ол өзінің осы еңбегінде қазақ халқының тарихына қатысты сенімді дерек көзі ретінде Әлихан Бөкейхановтың – контрреволюциялық «Алаш» партиясының көсемінің еңбегін насихаттап отырғанын, осы кітаптың алғысөзінде «айдаудағы троцкишіл», Бекмахановтың кітабінің редакторы Варшавскийге «ерекше ықылас білдіргенін» жасырып отыр. Коммунист Бекмахановтың троцкишілмен сыбайлас болуы жалғыз бұл емес...
... Әдебиет пен өнер саласында да өрескел қателер қайталанып отыр. Қазақ әдебиетінің орта мектептің ҮІІІ класқа арналған оқулығында Жұмалиев (1948 ж.) «қырық адамның ақылы бар» хандар мен сұлтандарды мадақтайды. Оқулықта ХІХ ғасырдағы реакцияшыл ақындар Мұрат пен Шортанбайдың идеялары обьективті бағытта баяндалады, олардың Шығыстың мұсылмандық мәдениеті мен өткендегі хандықты жырлайтын өлеңдері насихатталады. Мұқановпен бірігіп құрастырған Жұмалиевтің ІХ класқа арналған оқулығында татардың контрреволюциялық жазушысы, пантүркістік идеяның көсемі Гаспиринский мен 1930-жылы кеңеске қарсы әрекеті үшін сотталып кеткен (Ыбырай, Үкілі Ыбырай – Т.Ж.) Сандыбаевтің аты жүр. ...
Қазақ ССР Ғылым Академиясы 1950 жылы Ақышеваның «Қазақстандағы ірі байлардың мал мен мүлкін тәркілеу» атты кітабын шығарды. Кітапта байлардың өшпенділікке толы, кеңеске қарсы пікірлері топтастырылып берілген, байлардың бандиттік көтерілісіне қатысқан кедейлердің көптеген жағымсыз пікірлері мен мысалдары келтірілген. Оның саяси зиянды екеніне байланысты Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті оны таралымнан алып тасталды.
Сол сияқты 1950 жылы жарық көрген Погорельскийдің «Көшпелілердің отырықшылануы және Қазақстандағы мал шаруашылығының дамуы» атты таралымнан алынып тасталған кітабында автор: «көшпелілердің рулық құрылымы біз білетін Маркс-Энгельс айтқандай емес, керісінше, Радловтың жазғанындай»,– деп дәлелдеген. Қазақтардың көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа көшу мәселесіне байланысты партия мен кеңес өкіметінің орынын жоққа шығарған, керісінше, халық жауы Байтұрсыновтың пікірінен (ашаршылық туралы – Т.Ж.) сілтеме келтірген.
Орталық өлкетану мұражайындағы көрмелер орысқа қарсы рухта тәрбие беретін, феодалдық-рулық құрылымды дәріптейтіндей етіп қойылған. Патшалық өкімет емес, керісінше, орыс халқы қазақ халқының қанаушысы етіп көрсетілген...
... Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі Жұбановтың идеялық жағынан зиянды кітабында ұлтшылдықтың бағыты ашықтан-ашық баяндалған. Ол кітапта («Замана бұлбұлдары» – Т.Ж.) фольклорлық мұра дегенді бүркеншік етіп, революцияға дейінгі «әншіл», «күйшіл» қазақ тарихын орыстарға қарсы ұстанымдағы «әнмен» баяндайды... Сол кітабі үшін Жұбановқа диссертация қорғамастан өнертану ғылымының докторы атағы берілді.
... Республика театрларының сақаналарындағы көптеген пьесаларда, операларда, балеттерде де зиянды идеялар мен образдар орын алған. Көптеген драматургиялық шығармалардың авторлығына партиядан шығарылған ұлтшыл Мүсірепов ие болған. Оның және басқалардың пьесаларында («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қамбар мен Назым») Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті 1950 жылы айыптаған феодалдық-патриархалдық сарындағы, аңыздағыдай жомарт хандар мен байлардың тұрмысы дәріптелген поэзиялық шығармалар пайдаланылған...
Мысалы, «Алашорда» партиясының белгілі көсемі Халел Ғаббасовтың туған інісі А.М.Ғаббасовты – Сәтбаев Шөлейттану институтының директоры етіп тағайындаған...
Тарих саласында ұлтшыл, Сәтбаевтің күйеу баласы Әлкей Марғұлан тасаланып жүр. Филология ғылымдарының докторы бола тұрып ешқандай пайдалы ғылыми өнім берген емес. Оның 1939-1940 жылдардың арасындағы жалғыз еңбегі Едіге туралы мақала. Марғұлан бұл мақаласында орыс және қазақ халқының дұшпанын мадақтап, Едігені қазақ халқының ең озық өкілдерінің бірі, оның қорғаушысы етіп көрсетеді. Марғұлан өзінің бұл мақаласын БК(б)П Орталық Комитетінің қаулысында Едігенің реакциялық сипаты әшкереленген соң жариялап отырғанын айта кету керек.
...Ұзақ уақыт бойы Сәтбаев төрт отбасынан тұратын байдың тұқымдары, ағасы көрнекті контрреволюционер, алашордашы болған Ермековтерді қолтығының астына алып келді...
Академияның президенті Сәтбаев басқаратын Геология институты саяси тұрғыдан барынша күдікті адамдармен нығыздала толтырылған. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің Академияның жұмысы туралы қаулысынан кейін 1950 жылы осы институттан бұрынғы троцкийшіл, кеңес әскерінің қашқындары, шет ел барлауының агенттерінің, бұрынғы «Алашорда» буржуазияшыл-ұлттық партиясының белсенді мүшелерінің балалары, жиыны 10 адам жұмыстан шығарылды...
Академияның Президенті Қ.И.Сәтбаев аса ірі байдың отбасынан шыққан. Оның екі ағасы кеңес өкіметін мекемесі тарапына репрессияға ұшыраған. Сәтбаев өзінің 1917-1919 жылдары «Алашорда» контрреволюциялық партиясына белсенді қызмет еткенін партиядан жасырып келген...
... Тексерудің материалдары таяу арада Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросында талқыланатын болғандықтан да Қазақ ССР Ғылым Академиясының басшылығын ауыстыру туралы ұсыныс қойылғаны жөн болар еді – деп есептейміз».
Міне, Орталық Комитеттің нұсқаушыларының саяси өресі қандай дәрежеде болған және қандай «ірі ғылыми мәселелермен» айналысып, анықтаған. Анығы, бұл «Қорытындыны» жазуға Черниченко, Шойынбаев тікелей атсалысқан және ... Б.Н.Митрейкин де тікелей мүдделі болған. Өйткені, ол СССР Ғылым Академиясының филиалдары мен базаларының ғалым хатшысы болып жүрген кезінде Қ.Сәтбаевпен қас-қабағы жараспапты. Қ.Сәтбаевтің осы «Қорытындыға» берген 25 тамыздағы Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов пен БК(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасары В.С.Кружковқа берген түсіндірмесінде: «Ол (Митрейкин – Т.Ж.) 1941-1945 жылдары Қазақ филиалына немкетті қарады, тіпті өзінің саруайымшыл күңкілімен оның өсуі мен дамуына кедергі жасады. Сол жылдары Қазақ филиалында құрылған кез-келген жаңа ғылыми институт Митрейкин жолдастың тарапынан үнемі «штыкпен» қарсы алынды, «қалай болып қалар екен» деген жалтақтыққа жол берді»,– деп жазуы Митрейкин мен Сәтбаевтің екі арасы «ежелгі жау дос болмас» деген жағдайда екенін байқатады. Өз кезегінде В.С.Кружков мәселені БК(б)П Орталық Комитетінде тезірек талқылауды жүзеге асыру үшін «Правда» газетіне тапсырма беріп, Қазақ ССР Ғылым Академиясы жөнінде сын материал жариялауды тапсырды. Ал олар «дайын тұрған» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы жазылған Е.Бекмахановтың кітабін оққа байлады. «Қазақстан тарихы туралы кітаптағы бұрмалаушылықтарға қарсы» деген сыни мақала ұйымдастырып, «Правда» газетінің сын және библиография бөлімі редакторының орынбасары В.Озеровті Ж.Шаяхметовке жолығып, оның пікірін біліп келуге жіберді. Бүкіл қазақ елін «жау шапты» деп атойлатуға мүмкіндік берген екеуара әңгіменің жазбасы мынадай:
«1950, қазан. Сұрақ (мақала мен өзге де құжаттарды екі рет оқып шыққанан кейін): – Біздің әңгімемізді қалай түсіндіруге болады және Сіздің пікіріңізді қалай жеткізу керек?
Жауап: – Ең басты мәселені бөліп алып жауап кереу: Кенесарының қозғалысы реакциялық қозғалыс болды ма, әлде прогрессивтік қозғалыс болды ма? Біз оны осы уақытқа дейін прогрессивті деп есептеп келдік. Шәріповтің мақаласы Орталық комитеттің пікірін білдіреді. Егер «Правда» қалай да бұл мәселе жөнінде пікір білдіруді қажет деп шешсе, егерде бұл мәселе пісіп-жетілді деп есептейтін болса, онда бұл мәселені одан әрі талқылау барысында тұғыр етіп алу үшін мақаланың өктем мәнерін (об изменении тона) өзгертуді ойластырған жөн шығар. Біздің да атқарған жұмыстарымызды атап өту керек, Шәріповтің мақаласын, сонымен қатар өзге де құжаттарды жариялату арқылы Орталық Комитет дұрыс бағытта жұмыс істеді ғой.
Сіздің мақаланың авторлары жөніндегі сұрағыңызға жауап ретінде айтарым мынау: бұл мәселені көтерудегі өздерінің орынын дұрыс түсінбей, Орталық Комитеттің басына шығып, масайрап кетпес үшін мақаланы мұнда қолы қойылған адамдардың атынан бермегендеріңіз дұрыс. Бүркеншік атпен, ең дұрысы орыс фамилиясына ұқсас келетін атпен бергендеріңіз жөн. Әйтпесе, қазақтың астарлы фамилиясының артында кімнің жасырынып тұрғанын іздеп бүкіл Қазақстан шабылып жүрмесін. Мақаланы маған көрсетіп, сенім білдіргендеріңізге өте ризамын»,– деп екіұштылау жауап беріпті Ж.Шаяхметов жолдас.
Ж.Шаяхметовтің бұдан басқа мазмұнда жауап беруі мүкін бе еді? Әй, қайдам. «Мақаланы екі рет оқыған соң», «Қалай да бұл мәселе жөнінде пікір білдіруді қажет деп шешсе», «мәселені көтерудегі өздерінің орынын дұрыс түсінбей», масайрап кетпес үшін» деген сөздер Кенесары Қасымов қозғалысы мен Е.Бекмахановтың соңына түскендердің де табанды күресін, талыс сүйенішін танытады. Осы уақытқа дейін оларға Ж.Шаяхметов тосқауыл қойып келсе, енді оған «ризашылығын білдіру» ғана қалған еді.
Бұл мәселенің «беті кері қайтпайтындай теріс бағып кеткенін» 1950 жылғы 12 желтоқсан күнгі «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичевтің БК(б)П Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, әлемге «коммунистік идеологияның сұр кардиналы» деген аты шыққан М.А.Сусловқа тақырыбы «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деп қайтадан өзгертілген қызмет бабындағы мәліметтік жазбасы анық дәлелдейді. Мұнда сол кездегі Қазақстандағы саяси көзқарас ахуалынан және ұлттың адал азаматтарының ұстанған пікірінен толық мағлұмат берілетін болғандықтан да, тұтас келтіреміз:
«Кенесары Қасымовтың қозғалысына дұрыс баға бермеген Е.Бекмахановтың мәселесі туралы әр кезде бірнеше адам: мәскеулік тарихшы Якунин мен Х.Ғ.Айдарова, қазақ тарихшысы Шойынбаев, «Правданың» меншікті тілшісі Черниченко редакцияның алдына арнайы мәселе ретінде қойып келді. Якунин мен Х.Ғ.Айдарованың, Шойынбаевтің бірігіп жазған мақаласы редакцияның алқа кеңесінде үш рет талқыланды. Кенесарының қозғалысы туралы мәселені П.Кузнецов («Правда»), Морозов пен Лихолат (БК(б)П ОК үгіт-насихат бөлімі) жолдастар арнайы қарастырып шықты. Олардың барлығы да Е.Бекмахановты айыптаған бұл мақаланы жариялау жөнінде ұсыныс білдірді. Мақала жариялауға қабылданды.
Е.Бекмахановтан жедел хат алған соң және сіздің нұсқауыңызбен қосымша тексеру жұмыстары жүргізілді. Правда» газетінің сын және библиография бөлімі редакторының орынбасары В.Озеров арнайы Алматыға барып қайтты. Қазақ тарихшыларының көпшілігі Е.Бекмахановтың ұстанымына қарсы екені, оны буржуазиялық-ұлтшылдық деп бағалайтыны анықталды. Қазақ ССР Ғылым Академиясының басшылығы (Сәтбаев жолдас) және орталық комитеттің қызметкері (Омаров), (иә, олар үшін Орталық Комитеттің хатшысы жай қызметкер – Т.Ж.) Кенесары Қасымовтың қозғалысына реакциялық қозғалыс ретінде баға берілген жарияланымға үзілді-кесілді қарсы екендіктерін мәлімдеді.
Мақаламен Шаяхметов жолдас та танысып шығып: оның өзі қозғалысты реакцияшыл деп есептемейтінін, егерде мәселе пісіп-жетілді деп есептеп, «Правда» мақаланы жариялауға бекінсе, онда оған кейбір өзгерістер енгізу керектігін білдірді. Өзгерістер енгізілді.
Бұдан басқа, «Правда» редакциясының сын және библиография бөлімі арнайы кеңес шақырды. Онда мақала әр түрлі көзқарас иелерінің талқылауына ұсынылды. Мақалаға қарсы Бекмаханов пен Вяткин жолдастар (кітаптің редакторы) қарсы сөйледі, олар Бекмахановтың соңғы хатының рухында, бірақ бұрынғыдай өктем емес, пікір білдірді. Якунин, Х.Ғ.Айдарова және Қазақстаннан арнайы келген Б.Сүлейменов – Е.Бекмаханов кеңестің назарына ұсынған құжаттарды жоққа шығарды.
Содан кейін мақала редакция алқасында төртінші рет талқылауға қойылды, тағы да Морозов пен Лихолат жолдастардың қарауына жіберілді. Олар: басылсын – деген ортақ пікір білдірді.
Е.Бекмахановтың соңғы хаты, оның бұрынғы ұстанымын ақтауға тырысуымен ғана емес, сонымен қатар күш көрсете баяндаған өктем мәнерімен (угрожающим тоном), сондай-ақ бірқатар жалған айыптауларымен және қарама-қайшылықтарымен назар аударады.
Е.Бекмаханов мақала авторларын (олардың аттары оған белгісіз болатын) дұшпанның қолшоқпары деп атады. Оның ойынша, мақала: «қазақ халқының жаулары – буржуазияшыл-ұлтшылдар мен космополиттер қасақана қуана қолдап отырған жалған пікір» екен. Сөйтіп ол мақалада айтылмаған тұжырымдарды дәлелдеуге тырысты.
Мысалы, Е.Бекмаханов: авторлар Кенесары мен Шәмілдің арасын салыстырады,– деп көрсетеді, ал мақалада Шәмілдің аты да аталмайды.
Бекмаханов мақала авторларына: «...(ХІХ ғасырдың) 30-40 жылдары қазақ еңбекшілері отаршылдық езгіні басынан кешірген жоқ – деген пікір айтады. Мұндай тұжырымдар патшалық реакциялық-отарлаушылық саясатын тікелей қорғау болып табылады»,– деп кінә тақты. Ал мақалада: «Қазақстанның Россияға қосылуы «прогрессивтік сыпат алды» – деп көрсетіле отырып, бұдан әрі «сонымен қатар, патшалық өкімет, ХІХ ғасырдың 30-жылдарында қазақ даласы мен Орта Азияға басып кіруі арқылы еңбекші бұқараға ауыр езгі жүргізді. Орыс патшалығының отарлау саясаты, зорлық пен тонаушылық қазақтардың заңды қарсылығын тудырды»,– деп көрсетілген болатын.
Е.Бекмахановтың хатының өзінде тікелей қайшылықтар бар. Мысалы, ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Орта Азиядағы ағылшын-орыс қатынастарының шиеленісуін жоққа шығарады (16-18 беттер). Ал Бекмаханов сол кітабінің ішінде орыс әкімшілігі жүйесінің Қазақстанға енгізілуі үрдісі жөнінде: «... бұл үрдіс 30-жылдары ағылшын-орыс қатынастарының бәсекесіне байланысты бұрынғыдан да кең түрде шиеленісе бастады... Орта Азия бірте-бірте орыс-ағылшын бәсекесінің негізгі күрес майданына айналды»,– деп жазды (114-бет).
Е.Бекмахановтың хаты – тек қана өзінің теориялық ұстанымын табанды түрде қорғау ғана емес, сонымен қатар мақаланың жариялануы мәселесін шешуге көрсетілген қысым болып табылады.
Сондықтан да мақаланы жариялаған жөн болар еді деп есептейміз.
Л.Ильичев».
Мұның өзі Кенесары қозғалысын теріс бағалау арқылы қазақтың ұлт-азаттық идеясын мәңгілік өшіруге бағытталған «идеологиялық жазалау» саясатының, С.Сәдуақасовтың салыстырмалы бағасымен айтсақ, «патшалық отарлаудың» – «коммунистік – колонизаторлық» жүйесіне ауысудан басқа ештеңе емес» екенін танытады. Әрине, «сұр кардинал» Суслов сумаңдаған жіңішке, арық, салалы саусақтарымен сондай бір сүйінішпен сүйкете қол қойғаны анық. Реті келгенде айта кетейік, ол араға тура отыз бес – отыз алты жыл өткен соң қазақ тарихын тағы да жоққа шығаруға ұмтылып, Олжас Сүлейменовтің «Әліп пен ақын» кітабіна тура осындай қаулығы қол қоюға тапсырма берді. «Сұр кардиналдың соңғы жазалау жарлығы» орындалмай қалды. Уақыттың екпіні мен ырғағы өзгерді, оның бойындағы «коммунистік-колонизаторлық» қуаты да сарқыла бастап еді.
Сонымен, 1950 жылы 26-желтоқсан күні партия мен кеңес өкіметі қазақ халқына аса қуатты әрі жазалаушы, халық жауларын әшкерелеулер мен алаауыздыққа итермелеген, сөйтіп, ұлттың мәйегін іріткен арандатушы «жолдауы» арқылы жаңа жылға (тосын сый тартты».
Ал Қазақстанда бұл ерекше екпін алып, құйындата жөнелді. Сөйтіп, «қызыл өңешке сүйенген» жандайшап әшкерелеулер жаныға қарқын алды. Басында ғылыми мекемелерде ғылыми немесе шығармашылық мәселе ретінде талқыланған «идеясыздық» пен «буржуазияшыл, феодалшыл ұлтшылдықтар» зиялылардың жеке басын қатерге тігіп, сотталып, қуғынға ұшыратты. Қазақстанда солардың алғашқысы болып қарауылға Мұхтар Әуезов және оның осыдан жиырма жылдай бұрын жазылған «Хан Кене» пьесасы ілінді. Соңы қызылкеңірдекке ұласып, ұлт көсемдері дәрежесіне көтерілген тұлғалардың өзі бірін-бірі көрсете бастады.
Қазақстан зиялылары жаппай және жағаласа жау іздеуге көшті. Мақаладағы басты пікір: Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі қазақ халқын орыс халқына қарсы қойды, ол хандықты көксеген қозғалыс, қазақ ғалымдары мен шығармашылық иелері Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде әсіре мадақтайды– дегенге сайды. Онда:
« (...) Известно, что национальный вопрос в разные времена служат различным интересам и принимает различные оттенки, в зависимости от того, какой класс и когда выдвигает его. Кенесары Касымов и окружавшая его феодальная верхушка, увидев как невыгодно было им потерять старые привилегии и могучество начали борьбу за возрождение средневекового ханства. Все исторические данные говорят о том, что движение Кенесары не было ни революционным, ни прогрессивным. Это было реакционное движение, которые тянуло казахский народ назад, к укреплению патрихально-феодальных устоев, и реставрации средневековой ханской власти, и отрыву Казахстана от России и великого русского народа»,– деп (әдейі түпнұсқалық мәтін алынды) пікір білдірді.
«Правданың» мақаласы – сот үкімінен де пәрменді еді және Орталық Комитеттің бірінші хатшысы да оның күшін жоя алмайтын. Сол үкім енді Қазақстанның тағдырын ұршықтай иірді. Бұл жолы да «әйгілі жүйрік», Қазақстан қоғамдық ғылымдарының бас идеологі Сақтаған Бәйішев «жау шаптылап» шықты. Орталық Комитеттің алдағы күндердегі найзағайлы дүлейінің (смерчь) жойқын екпіні мен шабуылдар майданының ауқымын белгілеп, «барлай отырып атой салған» бұл мақалаға сол кездегі «Социалистік Қазақстан» гезетінің бас редакторы Қасым Шәріпов пен Орталық Комитеттің сол кездегі нұсқаушысы, тарихшы, кейіндері осы жолдардың авторына КПСС тарихынан дәріс оқыған А.Қайыргелдин қол қойды.
1951 жылы 21-ақпанда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған бұл мақала «Ғылымдағы идеясыздық пен бисаясаттыққа жол берілмесін» деп аталды. Онда Тіл және әдебиет институты өзіне бөлінген қаржының барлығын ел арасына арнаулы экспедицияларын шығарып, күмәнді қолжазбалар мен жырларды жинауға Бекмаханов жұмсағандығын алға тарта келіп:
«... Алайда Тіл және әдебиет институты өткен дәуірдің мұрасын жөндеп игере алмады. Бұл әдеби материалдардың көпшілігі әлі зерттелмеген, олардың қаншалықты бағалы екендігі белгіленбеген. Ал кейбір шығармалардың ( «Есім хан», «Телағыс», «Жәнібек», «Ақалық» және басқалары) өткен дәуірдің ақындарының ауыздарынан шыққандығы күмәнді. Өйткені бұл шығармаларды қазіргі замандағы ақындар жинаған және бұл шығармалардың қайдан шыққандығы документ бойынша көрсетілмеген. Қазіргі замандағы ақындар жазған осы қиссалардың кейбіреуі өткен дәуірдің жырларына жатқызылған, ал, екніші жағынан, қазіргі замандағы жинаушы ақындардың өз шығармалары деп есептелген. Әрине, өткен дәуірдің әдеби мұраларын жинап, жариялау ісіндегі мұндай теріс әдістің түбінде қазақ әдебиетінің тарихын фальцифакациялауға апарып соқтыратыны даусыз», – деп шырғы тастады.
Сонда, іргесі жаңадан құрылған Тіл және әдебиет институтының қолжазба қоры болмаса, фольклор мен ауыз әдебиетінің үлгілері, эпостық мұралар мен қисалар, айтыстар мен халық ақындарының жырлары, тарихи оқиғалар мен шежірелер жиналмаса, онда қандай ғылыми тақырыппен айналысуы мүмкін? Араға жарты ғасыр өткеннен кейін бұл мұраны 100 том шығуына негіз қалаған да сол тұстағы ғылыми экспедициялар жинақтаған мұралар екенін ескерсек, жоғарыдағы үш ғалымның, соның ішінде мақаладағы материалдарды жинақтап берген С.Бәйішевтің бұл пікірі – пікір емес, арандатуға құрылған жалған жала екенін аңғару қиын емес. Бірақ та С.Бәйішевтің бұл пікірсымағы дұрыс емес деп өзгені былай қойғанда М.Әуезовтің өзі де қарсы шыға алмайтын. Ал ол мұралар жинақталмаса қалай ғылыми тұрғыдан «қаншалықты бағалы екендігі қалай белгіленбек»? Ал «фальцифакациялауға апарып соқтырғандар» туралы:
С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Тіл және әдебиет институты және оның ғылыми қызметкерлері өткен дәуірдің материалдарына, әсіресе бұл материалдарды жинаушыларға сын көзімен қарау дегенді мүлде қойған. Ескі мұраларға осындай бипартиялық көзбен қарау салдарынан, жиналған материалдардың бәрі халық шығармасы деп танылған, ал материал жинаушылардың бәрі халық ақыны деп есептелген. Институттың халық ақыны деп жүрген адамдарының бірі Шәкір Әбенов ХІХ ғасырдың ақыны Дулаттың барлық өлеңдерін жазып берген; сөз ырғағының бәрі қазіргі заманға сәйкес келетіндігіне қарағанда, бұл өлеңдердің Дулаттікі екендігі өте күмәнді. Немесе, ХХ ғасырдың белгілі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туысы Шаймерден Торайғыров Сұлтанмахмұттың өлеңдерін өз қолымен қайта өңдеп, буржуазиялық-ұлтшылдық сарындағы шығармаларын қазіргі заманға сәйкестірген; осының нәтижесінде Сұлтанмахмұт Торайғыров ешбір қайшылығы жоқ, социалистік реализм бағытындағы таза совет ақыны болып шыға келген»,– деген жорамал жасайды.
Шындығында, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың екі томдық шығармаларының қолжазбасын Машһүр Жүсіппен ақылдаса отырып жинақтаған, баспаға дайындаған Жүсіпбек Аймауытов болатын. Ол қолжазбаны Ілияс Жансүгіровтің жары Фатима Ғабитова сақтап қалған мұрағаттардың ішінен алып, ғылыми айналымға түсірген Бейсенбай Кенжебаев еді. Ол кезде Ілиястың атын атауға тиым салынғандықтан да Шаймерден Торайғыровтың нұсқасының арасына кіріктіріп пайдалануға мәжбүр болды. Ал күні бүгінге дейін анда-санда басы қылтиып қалатын Дулат мұрасын толықтай жинақтап өткізуші, тура осы жылы бесінші рет түрмеге қамалған Шәкір Әбеновпен арадағы бауырлық базынамызды пайдаланып, шындығын айтуын сұрағанымызда, Дулаттың өлеңдері мен дастандарына еш қиянат жасамағанын, оны осы көркемдік кестесі мен тілдік тазалығы үшін Абайдың ұстаз тұтқандығын, тек өзі жазған жалғыз өлеңді тұтқындалар алдында ішіне тығып кеткенін уәде бере айтып еді. Бұл пікір оның көзі тірісінде баспасөзде жарияланған болатын. Кейінгі толқынның қаперінде жүрсін деген ниетпен түсінік арасына кіргізіп отырмыз. Өйткені, бұл бопсаларға сенгенсіп, пікір қозғағансығандарың қазір де қылт ете қалып жүргені алаңдатады.
С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Тіл және әдебиет институтының ескі мұраларға арналған материалдарының бәрінде де қазақ халқының өткендегі тұрмысы дәріптеледі, қанаушы таптардың өкілдері, хандар, билер мақталады; қазақ халқының бүкіл тарихы сыңаржақ көрсетіледі, қазақ ауылдарындағы тап күресі бүркеліп қалады. Институттың ғылыми қызметкерлері қазақтың феодалдық-рулық құрлысының тарихымен әуестеніп, соның сарынына түсіп кеткен. Институттың ғылыми қызметкерлерінің жеке еңбектерінде, сонымен қатар баспаға дайындалған «Қазақ әдебиеті тарихының» І томында қазақтың түрлі хандарының – Абылай, Кенесарының басқаларының заты асыл, данышпан адамдар еді деп дәріптейтін ертегілер, өтірік-аяң сөздер бар. Соқыр сенімдегі надан адамдардың бір кезде ойдан шығарған осындай жалған ертегілерін институттың ғылыми қызметкерлері халық шығармасының үлгісі деп таныған.
ҚК (б)П Орталық Комитеті өзінің қаулысында былай деп жазды: Тіл және әдебиет институтының еңбектерінде, бірсыпыра ғылыми қызметкерлердің диссертацияларында «әдебиетті қоғамның материялық тұрмыс жағдайларынан ажыратушылық бар, қазақ ауылдарындағы тап күресін бекерге шығару немесе бүркемелеу бар, бұрынғы феодалдық-рулық құрлысты дәріптеушілік бар. Революциядан бұрынғы ақындардың ауызша шығармаларын, билердің шешендік сөздерін талдағанда олардың шығармаларының әлеуметтік мәні мүлде ашық көрсетілмеген. Тарихта белгілі феодалдар – Кеңгірбай, Қараменде, Шорман жән басқалар сияқты бұқара халықтың жаулары – халықтан шыққан данышпандар, халықтың қорғаушылары еді деп мақталады».
Қазақстандағы көрнекті тіл мамандарының бірі Кеңесбаев жолдас Қазақ ССР Ғылым Академиясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде былай дейді: «Қазақстанның тіл мамандарының алдында тұрған кезекті міндет – ертедегі тіл мамандарының – түркологтардың зерттеулерін қорыту, түріктердің (қазіргі қолданылып жүрген «түркі» ұғымы мағынасында – Т.Ж.) жазба мұраларын зерттеу жөніндегі түркологтардың бағалы еңбектері қазақ тілінің тарихын жасаудың негізі болуға тиіс» (астын сызған біз). Қазақстанның әдебиетшісі Әуезов жолдас та өзінің «Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу мәселелері» туралы баяндамасында тегінде осыны айтты.
Әрине, әдебиет пен тіл тарихын зерттеуге, арғы замандағы түрік тұқымдарының әдебиет тарихы мен тіл тарихын зерттеулеріне ешкім де қарсы емес, бірақ біз Кеңесбаев жолдас пен Әуезов жолдасқа мынадай сұрақ қояр едік: қазіргі заманғы қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің негізгі мәселелері осы ма, қазіргі тұрмысымыздың өте қажетті, кезекті міндеті осы ма? Бұл жолдастар мынадай даусыз фактыны елемей отыр: қазақтың жазба әдебиеті, қазақтың мемлекеттік әдеби тілі шынында Ұлы Октябрь Социалистік революциясынан кейін туып, өркендеді».
Бұл пікірлер алдағы уақытта әшкереленетін панисламизм, пантүркизм, әдебиеттің тапсыздығы, фольклор мен эпос туралы «ұйымдастырылатын тақырыптарға» көрсетілген нұсқау болатын.
С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Өте сауатсыз жазылған диссертациялық еңбектің бірі – Ә.Қоңыратбаевтің «Лироэпос» («Ғашықтық жыры») деген еңбегі Диссертант өзінің еңбегінде қорытылмаған шикі материалдарды жинай берген, осы мағынада бұл еңбекті ғылыми еңбек деп атауға болмайды. Қоңыратбаевтың диссертациясы идеясыздықтың, бисаясаттықтың, бипартиялықтың үлгісі болып табылады. Қоңыратбаев жолдас өзінің еңбегінде көрінеу саяси қателер жіберген. Ол маркстік методологияны қолданудың орнына, бір кездерде буржуазияшыл ұлтшылдардың қатарында болып, солардың идеологиясын насихаттаған кейбір совет әдебиетшілерінің теріс, қате, зиянды пікірлерін қолдаған, саяси сезім дегеннен айырылғандықтан, автор буржуазиялық-ұлтшылдық былықтарды тарихқа енгізуге тырысқан. Сонсын, өзінің еңбегінде автор адамзат тарихының қоғамында болған өндірістік қатынастардың негізгі түрлерін шатастырып, қазақ өмірінде «бақташылар қоғамы», «көшпелі қоғам», «бектік қоғам» және осы сияқты ерекше қоғамдар болған деп былжырайды».
Алдындағы ағаларының барлығы халық жауы атанған Әуелбек Қоңыратбаевты басына сөйлеуі оңтайлы тәсіл. Бірақ «кімнің былжырағанын» тарих өзгеше көрсетіп берді.
С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Б.Кенжебаев жолдастың «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы» деген еңбегі де қатеден сау емес. Кенжебаев жолдастың диссертациясында революциядан бұрынғы қазақ ауылындағы таптық жіктелу жоққа шығарылған, осының салдарынан ол ХХ ғасырдың басындағы бірсыпыра әдебиет өкілдерін жалпы ұлттық, жалпы халықтық қайраткерлер есебінде сипаттайды. Шығармасында талай қайшылықтар кездесетін демократ ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровты автор диалектикалық материализм позициясындағы, ғылыми коммунизмді таныған философ деп есептейді. Бұл, әрине, Торайғыровтың шығармаларын тым асыра бағалау болып табылады. Осындай бірсыпыра қателері бар диссертациялық еңбектердің жақсы бағалануы ғылыми қызметкерлер арасында принциптік сынның жоқтығын, қайта шірік либерализмнің бар екенін көрсетеді».
Иә, «шірік либерализм» мен «вульгарлық социалигизмнің» бірін-бірі жақтыра қоюы мүмкін емес. Ал өз дегенінен қайтпайтын Б.Кенжебаев араға бес жыл өткен соң Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық мұраларын әдебиет тарихына қайта енгізді.
С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Тіл және әдебиет институтында ғылыми кадрлардың мамандығын арттыру ісі жолға қойылмаған. Институтың қызметкерлігіне немесе аспиранттығына кездейсоқ адамдар алынған. Институттағы ғылыми қызметкерлер мен аспиранттардың жалпы білім дәрежесі төмен, олардың бірде-бірі большевизм теориясы мен тарихын шындап үйреніп жүрген жоқ. Бекбергенов, Тәжібаев, Тұрысбекова, Нұрмағамбетова және басқалар сияқты көп аспиранттар марксизм-ленинизм негіздері мен ағымдағы саясаты жөнінен әліп-би мәселелерді де айыра алмайды... Филология ғылымдарының кандидаттары Шалабаев, Қоңыратбаев, Нұртазин сияқты институттың бірсыпыра басты қызметкерлері Сталин жолдастың шығармаларының бір томымен де таныс емес. ... Олар Маркстің: «Ғылымда даңғыл жол жоқ, кім де кім жалықпастан ғылымның тасты соқпақтарына түсіп тырмысса, тек сондай адам ғана ғылымның сәулелі шыңына жете алады», – деген данышпандық нұсқауын ұмытқан. Олардың мұны ұмытқан себебі – институтта бипартиялық, идеясыздық күшті болған, бірінің қатесін бірі көрсетпей, кемшілікті жасыра түсу жұмыстың стиліне айналып, кейбіреулердің еңбексіз ғалымдыққа жетуіне жол ашылған. Осындай ғалымдардың бірі Ә. Маметова өзінің «Қазақтың шешен билерінің сөздері» деген диссертациялық еңбегінде халық мұңын қорғаған бір бидің сөзі еді деп мынаны айтады:
«Ауыл құты – бәйбіше, ру құты – ақсақал, аймақ құты – би, ұлт құты - хан».
Институттың басшылары мен оппоненттер Маметова жолдастың еңбегін мақтағанда, осы былығын көре тұрып мақтады ма екен! Өзінің тарихи дамуында талай заманды артта қалдырып, Советтік Отанымыздың саясында өсіп өркендеген қазақ халқына керегі – бұрынғының әдет-ғұрпы мен салт-санасы емес, бүгінгі күннің тіршілік мұқтажы екендігі Тіл және әдебиет институтындағы жолдастарға түсінікті емес пе екен!»
Қазақ ұлтының рухани мұраларының ғылыми тұрғыдан байыпты зерттелуінің қажеттілігі Тіл және әдебиет институтының ғалымдарына түсінікті болатын. Ал солардың бұл дұрыс ниетін:
«Мұның бәрін білімнің аздығынан, тәжірибесіздіктен кеткен кездейсоқ қате деуге бола ма?».
Болады екен. Өйткені:
«Бұл – қате ғана емес, бұл – теріс бағыт. Мұның негізі – қазақтың бұрынға феодалдық құрылысын дәріптеу, өткен дәуірдің түрлі өкілдерін мақтап, кейбір реакцияшыл элементтерді ақтап алу, қазақ ауылында тап күресі болғанын жоққа шығару», – екен – міне, сондықтан да ғылым, әдебиет және көркем өнер қайраткерлері жайлысында жасаған баяндамасында ҚК(б)П Орталық Комитетінің секретары Шаяхметов жолдас: «Тіл және әдебиет институтының кейбір қызметкерлері, тілесе де, тілемесе де, әлдеқашан қиратылып, ұмытылған жергілікті ұлтшылдыққа өздерінің қателері арқылы есік ашты»,– деп өте дұрыс айтты. Қазіргі заманның тақырыбынан қашқақтау, әдебиет пен тіл мәселелерін большевиктік партияның саясатынан – советтік құрылыстың тіршілік негізі болып табылған саясаттан бөлек алып қарау, шынында да, буржуазияшыл-ұлтшылдық идеологияны жандандыруға, идеясыздық пен бисаясаттыққа жол ашады. Өйткені ұлы Ленин айтқандай, бипартиялық дегеніміз – буржуазиялық идея, ал партиялық дегеніміз – социалистік идея. Сондықтан да Қазақстан коммунистер (большевиктер) партиясының Орталық Комитеті ғылым мен әдебиеттегі бисаясаттық фактілерін елеусіз қалдыра алмады, халықтың рухани тілектерін орындауда өздерінің борыштары мен міндеттерін ұмытқан адамдарға қарсы күресін бәсеңдете алмады. ҚК(б)П Орталық Комитеті «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысында БК(б)П Орталық Комитетінің идеология мәселелері жөніндегі нұсқауларына толық сүйене отырып, әдебиетшілер мен тіл мамандарының таяудағы міндеттерін көрсетіп берді. Біздің әдебиетшілеріміз бен тілшілеріміз партияның нұсқауларын толық қолданып, идеологиялық жұмыстағы саяси қателер мен бұрмалаушылықтарды тереңнен ұға білулері керек, ол қателердің зардабын жоя білулері керек, сөйтіп, ғылым мен әдебиетте идеясыздық пен бисаясаттыққа жол бермеулері керек. Ғылым мен әдебиетте партиялық күшейсін! Партиямыз бен халқымыздың қазіргі талабы осы. Бұл талап коммунистік қоғам орнату жолындағы күрестің алдыңғы қатарындағы идеология майданының барлық қайраткерлерінің жұмысына негіз болуға тиісті»,– болды.
Мұндағы айтылған әр «нұсқау» алдағы үш жыл бойы тікелей саяси нақуандық қызметке айналып, әр сөз, әр орам, әр адам жеке-жеке әшкереленіп, жеке-жеке талқығы түсті. Ал жазушылар өздеріне тиесілі қызыл сөзді барынша саяси тұрғыдан қырнап, «батылдандырып» (С.Мұқанов), неғұрлым әсерлі орамдармен түрлендіріп, «өздерінің жұмысына негіз етіп алды». Ұстазымыз А.Қайыргелдин марқұм, осы жайларды: «Біз не істемедік...»,– деп қызулана сөйлеп келіп, қолын бір-ақ сермеумен аяқтайтын. Зады өзінің де осы мақалаға қол қойғаны және оның «мәдениет майданында» салған ылаңы есіне түсіп кететін болса керек.
Ал Мұхтар Әуезов «өзіне не істемеген, ойына келгеннің бәрін істеген» Марксизм-ленинизм институтының директоры Сақтаған Бәйішевті
«Мен өзімнің тарапымнан, бағана бір айтып өткенімдей, С.Б.Бәйішевтің Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы біздің академиктердің қатарынан орын алуы барынша мақсатты және қажеттілік екендігін терең құрметпен сезіне отырып, толық сеніммен оның кандидатурасын қолдаймын. Оның барлық ғылыми-зерттеулері мен қоғамдық қызметтерін қорытындылай отырып, Сақтаған Бәйішұлының жеке тұлғасының көптеген белгілері осы кандидатураға толық лайық келеді. Онда ғалымға аса қажетті ішкі адалдыққа қоса – талапшылдық, табанды қайсар адамның мінезі бар. Мұның барлығы ғылым Академиясына дәл бүгін аса қажетті, септігін тигізетін мінез. Ғылым Академиясы өзінің қатарын лайықты академикпен толықтыруы қажет. Менің ойымша, Сақтаған Бәйішұлы арқылы Ғылым Академиясы сондай кандидатпен толығатынына сенемін»,– деп академиктік атаққа қуана-қуана қолдады.
Осы ретте замандастарының: «Әуезов көргісі келмесе – тауды да көрмейтін, алғысы келсе – өзіне өмір бойы қастандық жасап келген адамды да жойдаусыз мақтай жөнелетін»,– деген пікірі ойға оралады. Бұл пікірді айтуға қандай ішкі мүдде мәжбүрлік етті, кім білсін, бірақ ақ тілегі еді деп тағы да айта алмаймыз. Әлде әдеттегідей Орталық Комитет мәжбүр еткендіктен алдағы үмітті күндердегі алар сыбағасына алаңдамас үшін осындай қадам жасады ма. Бұл, әрине, кез-келген ұлы адамның бойындағы қайшылық. Бір анығы, әйтеуір, «партиялық әділ принциптен» тумағаны шындық. Ал тура сол кезде М.Әуезов «терең құрметпен сезіне отырып, толық сеніммен» қарайтын, бойынан «ғалымға аса қажетті ішкі адалдыққа қоса – талапшылдық пен табанды қайсарлықты» көрген» С.Бәйішев өзге бір пиғылдағы идеологиялық майданның саяси комиссары ретінде «табандылық пен қайсарлық» танытып жатқан болатын.
«Жазалау саясатының» екпіні мен пәрмені бәсеңсіп қалмас үшін «Правда» газеті өзінің тілшісі А.Черниченко арқылы түрлі қостау пікірлерін (отклик) ұйымдастырып, Қазақстандағы әр бір әшкерелеуді «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичевқа, ал ол өз кезегінде М.А.Сусловқа жеткізіп отырды. Сөйтіп, бүкіл Қазақстанның идеологиясы тікелей Кремльдің қадағалауын көшті.
Жаппай науқан 1951 жылдың 11-12 наурызы күндері Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтында басталды. Онда «Правда» газетіндегі мақала толықтай мақұлданып, Кенесары және тарихшы Е.Бекмаханов «қазақ халқының жауы» болып жарияланды. А.Черниченко оның есебін «Правданың» бас редакторына жіберді, ал ол 13 наурыз күні Ильичевтің ілеспесімен Сусловқа жеткізіліпті. Сусыманың мазмұны мынадай:
«Правданың» мақаласын талқылауға арналған Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтының жабық партия жиналысы екі күнге созылды. Жиналысқа 30 адам қатысты. Жарыссөзде 11 коммунист сөйледі. Онда кеңейтілген қаулы қабылданды. «Правданың» мақаласы өте дұрыс деп табылды. Газеттің жарияланымы «Правданың» Қазақстан ғылымының дамуынан жасалған қамқорлық деп бағаланды. Қаулының әшкерелеуші бөлімінде: Кенесары қозғалысын феодалдық-реакциялық, монархиялық қозғалыс. Кітап авторы Бекмаханов – буржуазияшыл-ұлтшыл, троцкишіл Варшавскиймен ауыз жаласқан, екеуі бірігіп идеология майданына зиянкестік келтіріп отыр – деп бағаланды.
Ал қаулының шешім қабылдайтын бөлімінде: Бекмахановтың партиялық мәселесі ол Москвадан қайтып келген соң талқылансын. Оны ғылыми дәрежесі мен атағынан айыру мәселесі көтерілсін. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінен оның кітаптарына тиым салу өтінілсін. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымын жүзеге асыру мәселесі ұсынылсын. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Омаров жолдастың Бекмахановты қолдай отырып, оның қарсыластарын қуғынға ұшыратып, ғылымға аракчеевтік (қарабайлық) қысым көрсеткен партияға жат мінезі Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің назарына ұсынылсын. Сонымен қатар, Бекмахановтың өзге де қолдаушылары мен қорғаушыларының, атап айтқанда, университеттің ректоры Тәжібаевтің, Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің бұрынға орынбасары Жұмағазиннің, сондай-ақ Әділгереевтің, Жиреншиннің т.б. партияға жат мінездерін де қарау мәселесі де қойылсын. Қазақстанның тарихын баяндауда маркстік ілімге қарсы ұстанымды өткізіп жіберген партия мүшесі, профессор Вяткиннің партияға жат мінезі Ленинград қалалық партия комитетіне хабарлансын,– деген шешім қабылданды».
Осы жабық партия жиналысының және сол жылы 21 тамыз күні өткен, президент Қ.Сәтбаевтің өзі төрағалық еткен Қазақ ССР Ғылым Академиясы Президиумы кеңесінің қолжазба хаттамасын ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында, осы мақаладан кейін 38 жыл өткен соң Кенесары қозғалысы мен Ермахан Бекмахановқа қазақ тарихы мен қазақ тарихнамасынан өз орынын беріп, оларды ақтау туралы «Жұлдыз» журналында тарихшылар мен әдебиетшілердің басын қосып, пікір алысу өткізгенімізден кейін академик Кеңес Нұрпейіс пен тарихшы Бүркіт Аяған бізге танысуға беріп еді. Онда қозғалыстың прогрессивті болуының себептерін орнықтыруға тырысқан Т.Тәжібаевтің, Әділгереевтің, Ділмұхамедовтің, Елеуовтің, Жиреншиннің, Нүсіпбековтің пікірлері мен соларды «халық жауы, ұлтшыл, буржуазияшыл, орысқа қарсы қастандық идеясын өршітуші» ретінде көрсеткен Шойынбаевтің, Х.Ғ.Айдарованың, Тұрсынбаевтің, Сүлейменовтің, Покровскийдің әшкерелеулерін ғана бүкіл қазақ тарихшыларының пікірі ретінде М.А.Сусловтың назарына ұсынған.
Ондағы пікірлерді саралап талдаудың өзіне бір монография аздық етер еді және ол тарихшылардың еншісі болса керек. Ал біздің мақсатымыз тарихи тұлғалардың тағдыр талқысын ашу және дәл осы арада бұл науқанның ұйымдастырушы «Правда» газетінің арандатуын көрсету болғандықтан да, сол «Правданың» Сусловқа жолдаған жоғарыдағы «сусымасының» жалғасын берумен шектелеміз. Ал мұнда осы жарияланымға байланысты алдағы уақытта кімдердің қуғынға ұшырауы мүмкін екені алдын-ала белгіленген және осы Бекмахановқа қарсы арандатуды қазақ тарихшыларының ішінен кімдер өршіткені туралы мағлұмат беріледі.
А.Черниченко (жалғасы): «Жиналыста сөйлеген коммунистер Бекмахановтың қателіктерін баса сынады.
Тарих ғылымының кандидаты Тұрсынбаев: – Кенесары – Қазақстандағы барлық контрреволюционерлердің туы болды. Ол ашалордашылардың да, 1930-жылдардағы байлардың Созақтағы көтерілісінің де, 1937-1938 жылдары әшкереленген контрреволюционерлер тобының да туы болды. Бекмаханов – ғалым емес, оның ұстанымы жоқ, ол ұлтшыл және троцкишіл Варшавскийдің көмегімен шимай-шатпақ кітап жазды. Оның кітабі қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы достыққа іріткі салады.
Бекмахановтың барлық қарсыластары Омаров жолдастың тарапынан арандатуға және қуұғынға ұшырады. Олар жоғары оқу орындарына дәріс беруден шеттетілді, ғылыми кеңестің құрамынан және әр түрлі басылымдардың алқақұрамынан шығарылды. Көптеген оқулықтар Бекмахановтың ұлтшыл идеясымағымен тығындалған. Бұл идеясымақтармен студенттердің идеологиясы уланып жатыр. Университеттің ректоры Тәжібаев Бекмахановтың барлық қарсыластарын университеттен қуып шықты, Қазақстан тарихынан дәріс беретін олардың орынын оның (Бекмахановтың – Т.Ж.) жақтастарына айырбастады.
Біздің партия ұйымымыз «Правданың» мақаласын талқылауға рұқсат бергенде Бекмаханов Москваға зытып (удрал) кетті, кеткенде де депутаттарға арналған поезбен кетті, әрине, кейбір басқарушы жолдастардың көмегінсіз бұл мүмкін емес еді».
Өзіне-өзі сенімді, шалқақ жүретін, кездескенді кеудесімен басып жібергесі келіп тұратын, университет пен тарих институтының ғылыми кеңестерінің және барлық тарихи басылымдардың алқа мүшелігіне қолы жеткен осынау тұлға жетпісінші жылдардың ортасына дейін, қашан көз жұмғанша кенесарышылар мен бекмахановшыларды бет қаратпады. Бірақ тарихи уақыт оның да үкімін шығарып, ғылыми ой сақнасынан ысырып тастады. Міне, жарты ғасырдың көлемінде оның еңбегіне сүйенген сілтеме ешбір ғылыми еңбектен кездеспейді. Бұл да тарихтың үкімі шығар.
Келесі кезек «Правданың» редакция алқасында Кенесары мен Бекмахановты көкпарға салып берген тарихшы Бек Сүлейменовке берілді. Шындығын айтайық, осындай әшкерелеуші партиялық ұстанымның тізгінінен ұстаған, «Правданың» сөзін сөйлеуші тарихшының да қуғынға ұшырап, жиырма бес жылға жер аударылып кетуі бізге еш түсініксіз көрінді. Себебін де анықтаудың реті келмеді. Қ.Мұхамедханов: «Мінезінен тапты. Ойнақтап жүріп өзі қақпанға түсті»,– дегеннен басқа сыр ашпады. Біздің ойымызға, осы «Алашорда» тергеу ісі бойынша куәлікке тартылып, соңынан олардың өзі ату жазасына бұйырылған Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің сорлы тағдыры оралды. Бек Сүлейменов те соның керін құшқан болуы мүмкін. Ал оның төмендегі келтірілген сөзі өзінің де, өзгенің де тағдырының шәт-шәлекейін шығарды.
А.Черниченко (жалғасы): «Тарих ғылымдарының кандидаты Сүлейменовтің сөзі: – Буржуазияшыл ұлтшыл Бекмаханов туралы Қазақстан тарихшылары қаншама рет мәселе көтерді десеңші, бірақ соның бір де бірін қолдамады. Керісінше, мұндай маңызды мәселені кім көтерсе, сол адам қүғын мен арандатуға ұшырады. Омаров жолдас менің Бекмахановтың кітабінің зиянды екені туралы БК(б)П Орталық Комитеті мен СССР Ғылым Академиясының алдына мәселе қойғанымды білген соң, ол мені шақырып алды да дөрекі сес көрсетті. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінде өткен тарихшылардың республикалық кеңесінде сөйлеген менің сөзімді Шаяхметов жолдас бірнеше рет бөлді. Ол осы мінезімен отырғандардың бәрінің Бекмахановқа тиіспеуі керектігін аңғартты.
Шәріпов пен Әділгереев бірнеше рет Бекмахановтың жолбикелері (ходатаями) ретінде мемлекет есебінен Мәскеуге жіберілді. Бұл жолбикелер Мәскеудегілерді: Қазақстан тарихшыларының барлығы да Бекмахановтың ұлтшыл идеясымағымен келіседі-міс,– деп сендірді. Іс жүзінде ешқашанда ондай болған емес. Өз кезегінде Панкратова, Вяткин әуелі Әбдіхалықовқа (сол кездегі ҚК(б)П ОК-нің хатшысы –Т.Ж.), содан кейін Омаровқа Бекмахановтың кітабі туралы Мәскеуде қандай сөз айтылып жатыр, соның барлығын жеткізіп тұрды. Бекмаханов үшін Қазақстанда ерекше жағдай жасалған. Ол сын атаулыдан берік қорғалған, өзінің ойына не келсе, соны істейді. Омаровтан басқа, ал мен Омаровты әлі жетілмеген партия қызметкері деп есептеймін, Бекмахановты Сауранбаев, Тәжібаев, Нүсіпбеков, Жиреншин қорғайды.
Мені бұрынғы СССР-дің Жоғары білім министрі Кафтанов жолдастың әрекеті таңқалдырады, ол бір қолымен Бекмахановтың зиянды еңбектерін университетте оқытпау туралы әділ бұйрыққа (айтпақшы, Қазақстанда бұл бұйрықты жұртшылықтан жасырылды), екінші қолымен Кафанов жолдас дәл осы зиянды еңбегі үшін Бекмахановқа жеделдете ғылым кандидаты және ғылым докторы дәрежесін беру туралы бұйрыққа қол қояды. Барып тұрған принципсіздік деген осы емес пе?».
Иә, Сүлейменовтің бұл сөзінен оның Кенесары үшін емес, отыз жастан асар-аспастан ғылым докторы дәрежесін алған Ермахан Бекмахановтың көтерілген бағы қатты күйіндіргені анық аңғарылады. Ал Ілияс Омаровтай адамды «жетілмеген партия қызметкері» деуі, ол адамның өзінің де тарихшы ретіндегі тарихи ойлау жүйесіне күмән келтіреді. Осы ретте Бек Сүлейменовтің тура осы мәселеге байланысты 1948 жылғы 8 қаңтарда Қ.Сәтбаевқа жазған «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымындағы өрескел қателерді әшкерелеп жазған хатын еске алсақ, оның бұл мәселемен табанды түрде төрт жыл қатарынан айналысқанын танытады.
А.Черниченко (жалғасы): «Институт директоры Покровский: жиналыста сөйлеген сөзінде өзінің қателігін мойындады. «Қазақ ССР тарихының» екінші томындағы қателіктер Омаровтың, Панкратованың, Вяткиннің аракчеевтік үстемдігі мен зорлығының нәтижесінде жіберілгендігін айтты. Содан кейін ол буржуазиялық – ұлтшыл көзқарастарды өткізіп жіберген Бекмахановтың барлық еңбектерін сынады, Кенесарыны әшкерелейтін көптеген архив құжаттарын мысалға келтірді. Бекмаханов ол құжаттарды қолдан өңдеген, одан Кенесарыны қолдайтын мағына беретін жекелеген тіркестерді ғана оқшау қолданған.
Ғылым Академиясының партком хатшысы Ефимов: «Правданың» мақаласын талқылауға Орталық Комитет көпке дейін рұқсат бермеді. Тек таяуда ғана ҚК(б)П Орталық Комитетінің екінші хатшысы С.И.Круглов жолдас оған рұқсат берді. Академияның президенті Сәтбаев, академик Сауранбаев Бекмахановты әшкерелеуге барынша кедергі келтіріп бақты. 1949 жылы партия ұйымы Бекмахановтың мәселесін қарамақ болғанда әр түрлі телефон соғылды. Алматы обкомының хатшысы Жанғозин жолдас ешқашанда академияның өміріне назар аударып көрген жоқ, назар да аудармай келеді, міне, сол кезде ол телефон шалып, Бекмахановтың мәселесін қоюға үзілді-кесілді тиым салды. Тура сондай тиым бұрынғы қалалық партия комитетінің хатшысы, өзінің байдың тұқымы екенін жасырғаны үшін БК(б)П қатарынан шығарылған С.Жүсіпбековтің тарапынан да жасалды. Омаров жолдас: Бекмахановтың қателігін ұлтшылдық емес, саяси қателік деп қараңыздар,– деп мені үгіттеді».
Бұл мағлұматқа қарағанда Кенесарыны әшкерелеу – партиялық емес, ұлттық сыпат алғанын байқатады. Өйткені, Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов, идеология жөніндегі хатшы І.Омаров, Алматы Обкомының идеология жөніндегі хатшысы Д.Ж.Жанғозин, Алматы қаласының бірінші хатшысы Т.Ысқақовтың, идеология хатшысы С.Жүсіпбековтің, Университеттің ректоры Т.Тәжібаевтің, Тарих институты партия ұйымының хатшысы А.Нүсіпбековтің Кенесары қозғалысы мен Е.Бекмаханов туралы жағымды пікірін жоққа шығарып, оған қарсы күресушілер – Академияның партия ұйымының хатшысы С.Я.Ефимов, Тарих институтының директорлары (кезегімен), академиктер С.В.Юшков, С.Н.Покровский, Қазақстан КП Орталық Комитетінің екінші хатшысы (Мәскеу үшін бірінші хатшының есебінде) С.И.Круглов, «Правданың» Қазақстандағы тілшісі А.Черниченко, «Правданың» қызметкерлері П.Кузнецов пен В.Озеров, «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичев, БКП (б) Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің қызметкерлері Морозов, Лихолат, Апостолов, А.Митин, Митрейкин,бөлім меңгерушісі В.С.Кружков, БКП (б) Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, сұр кардинал М.А.Суслов екенін ескерсек, онда көзқарас қайшылығының астары Кенесары мен Бекмахановта емес, ұлтшылдық пен шовинизмнің мүдделі қақтығысында жатқанын байқаймыз. Әрине, өмір сүріп отырған өктем империяның дегені болатыны анық. Академик А.Панкратованың: «... Грузиннің, тағы басқа ұлттардың тура осындай оқиғаларға қатысты кньяздарының қозғалысы прогрессивті болады да, неге қазақ хандары рекционер деп бағаланады, мен соны түсінбеймін»,– деген мағынадағы Ілияс Омаровқа жазған хатындағы сұрақтың жауабына ешкім де бас қатырып жатпады. Тарихи шындық пен тарихи көзқарас шындығы тура осы арада жатыр еді.
А.Черниченко (жалғасы): «Жиналысқа қатысқандар, әсіресе жастар: «Кенесары үшін неге күрес жүріп жатыр, аз ғана сауаты бар адам үшін оның реакционер екені белгілі емес пе. Кенесары кімге, не үшін керек? Мәселенің мәні неде?»,– деп сұрақ қойды.
Әуелде баяндама жасаған, кейіннен қорытынды сөз сөйлеген (институттың – Т.Ж.) партия ұйымының хатшысы, тарих ғылымының кандидаты Нүсіпбеков өзінің қателігін толық мойындады. Тарих ғылымының кандидаты Ділмұхамедов: әр түрлі мақалалардың әсері ықпал еткендіктен, Кенесарыны қазақ халқының көсемі деп қабылдағанын айтып, қатесін мойындады.
Осы жиналысқа қатысқан республикалық «Казахстанская правда» газетінің насихат бөлімінің меңгерушісі Рачков жолдас үзіліс кезінде Покровскийдің бөлмесінде бірнеше адамның көзінше:
– Осы жиналысқа МҚК-нің (Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің – Т.Ж.) қызметкерінің қатыспағанына қатты өкінемін. Ол көптеген нәрселерді өзінің қаперіне алған болар еді,– деді,–деп жазды «Правданың» тілшісі А.Черниченко».
Әрине, Рачков жолдас бекер алаңдаған, өйткені осыны ұйымдастырып, арандатып отырған мекеменің өзі – сол Мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігі болатын. Оған Ж.Шаяхметовтің жолдаған «құпия бұрыштамалары» дәлел. Жаңағыдай империяның қуатты идеологтары кіріскеннен кейін Қазақстан К(б)П Орталық комитеті бюросының қаулы шығаруы ғана қалды. Ол Қаулы 10 сәуір күні «Правда» газетінде басылған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала туралы» деген атпен барлық мерзімдік баспасөздерде жарияланды. Онда (қысқаша мазмұны):
«Правда» газетінде 1950 жылы 26 декабрьде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаланың хан Кенесары Қасымовтың реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалысына баға берерде Е.Бекмахановтың жіберген өрескел саяси қателерін дұрыс ашатындығын Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті атап көрсетті» (...)
«Ф.Энгельс 1851 жылы 23 майда К.Маркске жазған хатында «Россия Шығыс жөнінде шын мәнінде прогресшіл роль атқарып отыр... Россияның үстемдігі Қара теңіз бен Каспий теңіздері және Орталық Азия үшін, башқұрттар мен татарлар үшін цивилизацияландырушы роль атқарып отыр...» деп жазды (Шығармалар, ХХІ том, 211-бет)».
«(...) Мұның өзі қазақ еңбекшілерінің патша отаршылары мен қазақ феодалдарына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының өсуін тудырды; бұл қозғалыс езілген орыс шаруаларының күресімен тығыз байланысты болды».
«(...) Сонымен Кенесары қозғалысы халықтық қозғалыс та емес, бұқаралық қозғалыс та емес, азаттық қозғалыс та емес, реакциялық қозғалыс болды».
«(...) Ғылым және партия жұртшылығы Е.Бекмахановтың саяси қателерін оған сан рет көрсетті. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуын әзірлеу туралы» 1945 жылы 14 августтағы қарары ол үшін үлкен ескерту болуға тиіс еді. Бірақ Е.Бекмаханов ғылым және партия жұртшылығының пікірімен санаспады және партияға қарсы, буржуазиялық-ұлтшылдық позицияларда қасарысып қалып келеді.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті мынаны да атап көрсетті «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1945 жылғы 14 августтағы қарарын орындамады және хан Кенесары Қасымовтың қозғалысына баға беруде кітаптың бірінші басылуында жіберген саяси қателерді тағы да жіберді.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген 1950 жылы 26 декабрьде басылған мақаласын дұрыс деп таныды және маркстік-лениндік ілім негізінде Қазақстан тарихын терең және шын баяндауды, совет дәуірінің тарихын жасауға айрықша көңіл бөлуді, қазақ халқының тарихын, оның ұлы орыс халқымен берік достығының тарихын бұрмалауға тырысқан әрекеттің қандайына болса да қарсы батыл күрес жүргізуді республика тарихшыларының алдында өте маңызды міндет етіп қойды.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті Қазақ ССР Академиясының Президиумын мына жұмыстарды істеуге міндеттеді: «Қазақ ССР тарихының» бірінші томы түзетіліп, 1952 жылы қайта басылсын, онда бұл кітаптың екінші басылуында жіберілген саяси қателер жойылсын; Қазақстандағы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ұлттық қозғалыстар туралы мәселе халықтық, азаттық қозғалыстарды реакциялық, феодалдық-монорхиялық қозғалыстардан айыру тұрғысынан шешілсін;
Кенесары Қасымов қозғалысының реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалыс екендігі туралы мәселе «Қазақ ССР тарихының» көп томдығында, «Қазақ әдебиетінің тарихында» және басқа да кітаптарда көрсетілсін.
Қазақ ССР Академиясының тарих, археология және этнография институты мен тіл және әдебиет институтының директорларына, республикалық газеттер мен журналдардың редакторларына Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысын әшкерелейтін бірнеше мақалалар әзірлеп, басып шығару тапсырылды.
Қазақстан К(б)П облыстық комитеттеріне, аудандық комитеттеріне және қалалық комитеттеріне «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласын Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бұл мәселе жөніндегі қаулысын республиканың жоғары оқу орындарының пария ұйымдары мен барлық орта оқу орындарының педогог коллективтерінің ашық жиналыстарында талқылау тапсырылды.
Осы жылдың апрель айында Алматы қаласы мен облыс орталықтарында интеллигенцияның жиналысын өткізіп, ол жиналыста «Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндау туралы» баяндама жасау белгіленді...» («Лениншіл жас»,1951, 21 сәуір).
Осыдан кейін 20-сәуір күні жазушылар одағында «Кенесары – халықтың қас жауы» атты тақырыпта партия ұйымының ашық жиналысы өтті. Онда одақтың жауапты хатшысы Қ.Жармағамбетов көлемді баяндама жасап, қазақ әдебиетіндегі Кенесары бейнесінің сомдалуы тарихына барынша кең тоқталып өтті. Ол:
«Кенесары Қасымовтың реакцияшыл қозғалысын әдебиетте дәріптеудің жаңа толқыны 1939-жылдардан басталады. Бұл мәселеге ССРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының сол кездегі әдеби секторы ұйытқы болды да, сол сектордың сол кездегі басшысы Е.Исмаилов ұйымдастырушы болды. Е.Исмаилов 1940 жылы Кенесарының қырғыз халқына жасаған басқыншылық шабуылын ақтап, арнаулы монография жазды. Әдебиет секторының сол кездегі ғылыми қызметкері X.Бекхожин «Әдебиет және искусство» журналының 1941 жылғы 5 номерінде «Қазақ әдебиетіндегі Кенесары мен Наурызбай бейнелері» деген мақаласын жариялады, Исмаилов пен Бекхожиннің бұл еңбектерінде Кенесары Қасымовтың реакцияшыл-монархиялық қозғалысы прогрессивтік, ұлт-азаттық қозғалыс деп танылып, Кенесары мен оның төңірегіндегі қарақшылары – халық батырлары дәрежесінде дәріптелді. Дәлірек айтқанда, Кенесары жөніндегі ұлтшыл-алашордашылардың ескі сандырағын қайталады.
1940 жылы Исмаиловтың басшылығымен Кенесарыға арналған поэмалар мен өлеңдерден жинақ құрастырылып, 1941 жылы Қазақтың Мемлекеттік Баспасына өткізілді. Исмаиловтың басшылығындағы әдебиет секторы бұл шараларға да қанағаттанбай, Кенесары мен оның нөкерлері туралы ақындарға шығармалар жаздырды. X.Бекхожин «Науан батыр» деген поэма жазып, қандыбалақ Наурызбайды халық батыры деп көтермеледі. А. Тоқмағамбетов Кенесарының әскери басшыларының бірі, қырғыз халқына қарсы басқыншылық соғыста жауыздығымен көзге түскен Бұқарбай туралы поэма жазды. Қ.Аманжолов «Көкшетау» деген поэма жазып, Кенесарының Көкшетауда болған кезін аңсайтындығын баяндады. Исмаиловтың тапсыруымен халық ақындары Саяділ Керімбеков, Доскей Әлімбаев, Иманжан Жылқайдаров Кенесарыны мақтап поэмалар шығарды. Бұл поэмалардың бәрін де әдебиет секторы сатып алып, Исмаиловтың басшылығымен Кенесары туралы екінші кітап әзірленді.
Исмаилов 1944 жылы «ССРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының хабарларында» жарияланған «Соғыс жылдарындағы қазақ поэзиясының жайы мен міндеттері» деген (53-бет) мақаласында Шамиль мен Кенесарыны бояулы сөздермен мадақтай келіп, олардың тарихтағы орнын Суворов, Кутузов, Амангелді, Щорс, Чапаевтарға теңейді.
