- •1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
- •«2. Мәдениет майданы
- •1. Әдеби шығармашылықтағы жетекші және ықпалды орын бұрынғысынша алашордашылар мен алашордашыл мамандардың (Әуезовтің, Ермековтің, Жансүгіровтің) қолында қалып отыр.
- •Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:
- •1.Устряловшылдық1. Бұндай әдіс бізде – Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды.
- •2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер.
- •1. 1916 Жылғы көтеріліс туралы жазылған «Түнгі сарын» пьесасы. Мұндай тарихи оқиғаны автор кеңес жазушысының көзқарасымен бейнелейді және оны кемелденген суреткер ретінде үлкен шеберлікпен суреттеген.
- •2. «Шекарада», пьеса, 1937 жылы шекаралық аудандардың колхоздарындағы қастандық әрекеттерді әшкерелеу тақырыбына арналған. Ол академиялық театрда қойылды, кезінде үлкен табысқа ие болды.
- •2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.
- •2. М.Әуезов жазған өмірбаяннан біз алдына үлкен ұлттық мақсат қойған алып Абайды көре алмаймыз, керісінше, жігітекпен күрескен, бірде жеңген, бірде одан жеңілген Айдос табының ру жетекшісін көреміз.
- •3.Әр ұлтта қанаушы және қаналушы тап бар. Қазақта да мұндай таптың барын Абай жақсы түсінген, ол езуші тапқа қарсы күрес жариялай отырып, оларды қанаушылардан қорғады:
- •4. Абайдың өзімен замандас қазақ ақындарынан озып кетіп, Еуропаның классиктерімен қатар тұруының бір себебі, оның орыс әдебиетімен сусындауы. Өмірбаянда бұл мәселеге жауап берілмеген.
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •1944 Жылғы «Шеру» жинағына енген қазақ жауынгеріне арналған өлеңінде:
- •1944 Жылы шыққан «Шеру»атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин кеңес армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :
- •1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ сср Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.
- •2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.
- •3 Ерекше іске тіркелетін ескерту.
- •7)Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді.
- •Менің қателерім жайында
- •1) Егерде Әуезовтің осы тақырыпқа орай айтылған пікірі дұрыс боса, онда бұл дастанның халықтығы туралы дискуссияны бастаудың қандай қажеті бар?
- •2) Егерде м.Әуезовтің қателіктері болса, онда баяндамашы ол туралы неге үндемейді?
- •3)Егерде автордың өзіндік көзқарасы болмаса, онда осыншама көлемді баяндаманы жазудың не қажеттілігі бар, ол кімге керек?
- •1) Жырдың шығу кезеңін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының барлық нұсқаларын салыстыра отырып анықтау қажет. Бір ғана нұсқаға жүгіну дұрыс емес.
- •«Литературная газетаның» редакциясына ашық хат.
- •3) Енді «Октябрьге» келген түрі, мына «Дос – бедел дос». Бүйтіп карикатуралық түрде келгені құрысын!..
- •Қосымша
- •Менің қателерім жайында
- •Қосымша бывшие виднейшие руководители алаш-орды
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •XVIII ғасырдың 30-жылдарында Кіші жүздің қазақтары өз еркімен Россияның кол астына қарап, Қазақстанның Россияға қосылу процесін бастады. Бұл процесс XIX ғасырдың 60-жылдарында аяқталды.
Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:
– Бiздiң тарихи алғашқы кездесуiмiз осындай орында болды ма?, – дедi. Болат айқайын қоймады. Мен, киiмiмдi шешiп, Болатты емiзбек болдым. Тергеушi:
– Шешiнбеңiз, бес-ақ минут уақытыңыз қалды, – дедi.
Мен, көкiрегiмдi ашып, сүтi ағып бара жатқан емшектi Болаттың аузына салдым. Күн ұзын ашыққан жас нәресте қомағайланып еме бастады. Iлияс мен отырған орындықтың артынан келiп, Болаттың шашалып, қоймағайланып емген түрiне қарап тұрып:
– Бұл ұлымыз етiкшi болсын, етiк тiгуге үйрет бұл ұлды, – дедi.
Тергеушiнiң: «Өзiңiздей жазушы болар», – дегенiне Iлияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етiкшi болып еркiн өмiр сүрсiн», – дедi.
Бес минут болды ма, болмады ма, тергеушi маған: «Ендi шығыңыз», – дедi. Пропускаға қол қойып, қолыма ұстатты да, Iлиясты НКВД-ның қорасындағы түрмеге айдай жөнелдi... Болатты емiзген қалпымда бауырыма басып, НКВД-ның үлкен есiгiнен шығып, комендатураға келдiм. Гүлжамал тосып отыр екен: «Жөндi сөйлесе де алмадық »,– деп Болаттың жылағанына ренжiп, Гүлжамалдың қасына отыра кеттiм. Гүлжамал сықылықтап күлiп: «Болат жарайды, жылағаны жақсы, өскенде жайларыңды табамын деп тепсiнгенi ғой ол Болаттың «,– деп, әлденелердi сөйлей жөнелдi...
Мен, Iлиястың Болат жайлы бiрiншi айтқанын орындадым. Ал, екiншi тапсырмасын орындай алмадым... Ендi Болаттың өз еркi. Геолог бола ма, етiкшi бола ма? Өмiр алдында...»
Болат әке арманын орындап етiкшi де, геолог та болмады. Өнер жолын қуды. Бұл өзге әңгiменiң арнасы. Тек Iлиястың соңғы бейнесi көз алдыңа елестеп, жүрегiң сыздап сала бередi. Шындық осы. Ащы да аянышты. Мұндай әдiлетсiздiк қалай туды?
Ақиқат – айтыс, пiкiр таласы арқылы аңықталады. Ал айтысты тудырған ақиқаттың өзi ақиқат па? Лысенковшылардың «жалған ғылымын» ақиқатқа балап, дәлелдемейтiн шындық деп түсiнудiң өзi адастыру емес пе? Солай. Ендеше, жоқ нәрсенi бар, жаланы шын деп неге қабылдамасқа. Өкiнiшi сол, «зауалды жылдары» жағдай дәл осылай болды. Мәселе тура бүйiрiнен қойылды. Шындық – әдебиетпен, соның төңiрегiндегiлердiң таласымен ашылмайды. Әрине, нағыз жазушы бүгiнгi өмiрдi талдайды, сол арқылы пiкiр қорытып, ертеңгi күндi болжайды. Халыққа тура жеткiзбесе ыммен, ишарамен меңзейдi. Әйтеуiр үндемей қалмайды. Андре Моруаның:
«Кез келген билеушi үшiн ең қауiптi адам – жазушы»,– деуi сондықтан.
Алайда, отыз жетiншi жылғы қасiрет тұманы ешкiмдi мамандығына, лауазымына, атағына қарап таңдап жатпады. Зауал жалпыға жалпағынан төндi. Солардың қатарында қазақтың адал перзенттерi, оның iшiнде Ленинмен бiрге қызметтес болған Тұрар Рысқұлов iспеттi большевиктер де қоса iлiндi. Алғашқылардың бiрi боп жауапқа тартылды, яғни тұңғыш құрбандардың легiнде кеттi. Бұлар – сол кездегi интеллигенцияның қаймағы едi. Олардың ұсталуы жазушылардың көңiл күйiне тiкелей әсер еттi. Күйiндiрдi де, өкiндiрдi. Және бұлардың ұсталуы Сәкен мен Iлиясқа, Сәбитке, Мұхтарға тiкелей қауiп төндiрдi.
Алғашқыда «Социалды Қазақстанда», iле 13-тамыз күнi «Қазақ әдебиетiнде» басылған «Ұлтшыл фашистерге өмiр сүргiзбеймiз» деген мақала баршаның төбе шашын тiк тұрғызды. Бұл – жаңа өрттiң, апат өртiнiң лап ете қалғанының белгiсi едi. Қарғысқа лайық сөздiң бәрi сол азаматтарға бағытталды. Бас-бастарын түгендеп тұрып:
«Ұлтшыл-фашистердiң басшылары – Рысқұлов, Қожанов, Нұрмақов, Құлымбетов және олардың артынан ерген ат төбелiндей бiр топ қана сұрқия жөлiктер партия билетiн тек өздерiнiң екi жүздiлiк бетiн бүркемелеу үшiн пайдаланып жүрдi. Олар еш уақытта да адал ниетiмен большевик болған емес. Рысқұлов – рысқұловшылар жауыздық арам iстерiн пантюркистiк контрреволюциядан бастады. Қожанов – қожановшылар алғаш шыққанның өзiнде-ақ ұлт буржуазиясы мен интервенттердiң туын көтере шықты. Садуақасовшылардың, нұрмақовшылардың көздегенi де осы. Бұлардың қай-қайсысы болса да ұлтшылдықтан бастап, бара-бара троцкизммен, оңшылдармен ым-жымын бiрiктiрiп, Жапония мен Германияның ең белсендi шпионына айналып кеттi»,– деп үкiм шығарды.
Қайдағы Германия, қайдағы Жапония? Оларға бұлардың қандай қатысы бар? Ол елдердi көрдi ме? Оған ешкiмнiң шекесi қызған жоқ. Интеллигентi аз, әлi толық ұйып болмаған халықтың ең жанды жерiне қылбұрау салып, осал тұсынан ұстады. Жабылған жаланың бiр тармағы дәлелденген күннiң өзiнде өмiрмен қош айтысуға мәжбүрлiгiн сезiнер едi. Айғақ табылмаса ше? Оны кiм iздейдi? Мәселе айғақта емес, мүлдем басқа кiлтипан едi. Социализмнiң күш алып келе жатқан кезiнде Қазақстандағы жергiлiктi халықтың миллиондап аштан қырылып қалуы Сталин үшiн жақсы атақ әкелмейтiн. Бүгiн ол туралы ауызды аштырмағанмен, ертең бәрi бір ашыларын бiлдi. Сондықтан да оған кiнәлi адамдарды iздедi және тапты да. Бадырайтып тұрып:
«Бұл ұлтшыл – фашистер, өздерiнiң фашист қожайындарының разведка орындарының тапсырғандарын орындап Қазақстанда кулак-байлардың көтерілiсiн ұйымдастырды. 1929-1932 жылдары арасында болған перегибтердi, көшпендiлiктi осылар ұйымдастырғандығы қазiр әбден айқындалып отыр»,– деп жазғырды.
Жұртшылық бұған сендi ме? Бәрi емес, бiрақ, нанушылар да кездестi. Себебi оба ауруынан да қатты зардап шектiрiп, түңлiгi ашылмай қалған мұқым ауылды көзiмен көргендердiң өксiгi басыла қоймаған едi. Демограф, академик Бромлейдiң СССР халықтарының дамуы туралы монографиясындағы кестесiнен қазақ халқының 1939 жылғы саны 1926 жылмен салыстырғанда 26 процент кемiп кеткенiн көруге болады. Ал бұл осы он үш жыл iшiнде бiр де бiр сәби тiрi тумады. Ересектерi тек өлумен болды деген сөз. Ендеше мақаладағы:
«Совет халқы, оның iшiнде қазақ халқы, бүкiл Қазақстан еңбекшiлерi өзiнiң большевиктiк қырағылығын бұрынғыдан да күшейтiп НКВД орындарына көмектесiп, ұлтшыл-фашистердiң бiрiн қоймай әшкерелеп, көзiн құртады»,– деген үндеуге кiм иланбайды.
Қайта, «қара ниеттi қарақшылардың» ақыры табылғанына қуанып, жазалауды талап етпей ме? Логикалық жағынан алғанда «қиыннан қиыстырылған» саясаттың «сарасы» ғой. Ешқандай ақау жоқ. Халық ойланбастан сенетiн-ақ сылтау. Сендi де. Iле, сол «сұмырайлардың сыбайластары» әдебиетшiлердiң де арасынан табылды. Бейiмбет пен Iлияс мақала жарияланысымен-ақ Тұрардың «етегiнен ұстап» кеткен болатын.
Жоғарыдағы үндеудi келесi беттегi: «Әдебиеттегi троцкист-бухариншiл-фашист зиянкестерiн жерiне жете құрту керек» деген мақаланы жазған белгiсiз автор (жалпы кiм екенiн жорамалдап бiлуге болатын сияқты) одан әрi дамытып, әдебиетке жақындатып:
«Көркем әдебиетте троцкист-бухариншiл фашист агенттерi – Авербахтың iстерi ашылып жатқанда, жазушылар ұйымы, оның кейбiр бастықтары (Мұқанов, Сейфуллин, Жансүгiров) қазақ әдебиетiндегi авербахшылдықты жерiне жете ашуға өте шабан қимылдайды... Сәбит өзiнiң шығармаларында: «Адасқандарында» байды мақтап, 1932 жылы басылған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетiнде» халық жаулары алашордашылардың объективтi революцияшылдық ролi бар деген қателерi үстiне, соңғы кезге шейiн халық жауларына (Уәлиахметов, Айсарин, Жұмабаев, Асылбековтерге) көрiне ымырашылдық жасады. Өзiнiң шығармаларын халық жаулары Досмұхамедов, Малдыбаевтарға аудартуға бердi, Жұмабаевты қызметке орналастыруға ниеттенгенi, тағы басқалары – Сәбиттiң жай ғана қатесi емес, үлкен саяси қателескенiн Сәбит те, оны «аяушылар да» уақытында түсiнiп, толық мойындап, ол қатесiн жоюға батылдықтары жетпедi»,– деп қалшылдап уытын төктi.
Ашынған жылан шақпай қоймайды. Қапысын табады, оңтайына келтiредi. Белгiлi партия қайраткерi Абдолла Асылбеков тергеу кезiндегi қорлыққа шыдамай «тағылған барлық айыпты мойындаймын» деп қол қойды. Ол тергеудiң есебi «Сәкен – бiздiң басшымыз» деген атпен Қарағанды газетiнде жарияланған. Қол қойдыру – Вышинскийдiң заң ғылымына қосқан «үлесi». Егер де, «халық жауы» қолын қойса, онда сол сұрақ-жауаптың iшiнде аты аталған адамдардың барлығы да «шпион» боп шығады. «Үш айғақтың» бiрiне жарайды. «Сәкеннiң аманаты» атты пьеса жазу барысында Сейфуллиннiң ең соңғы сәттерi жөнiнде көптеген тың деректер жиған жазушы Әлжаппар Әбiшев:
«Сәкендi айыптауға себепшi болған «айғақтың» бiреуi – осы Асылбековтың Қарағанды газетiнде жарияланған тергеу iсi. Екiншiсi – «Сәкен – жапон империализмiнiң агентi» деген мақала. Үшіншісі өзінің ауыл жағынан келген хат. Тергеу осы үшеуiне сүйенiп жүргiзiлiптi. Тергеу iсiнде солай жазылған »,– деп едi оңаша бiр сырласқанда.
Сәбит те Абдолланың досы едi. Ал Мұхтар жиырмасыншы жылдардың басында бiрге iстеген үзеңгiлес, ниеттес, ескi көз көргендердiң бiрi-тiн. Яғни, сыншының қамшысының ұшы оған да тиiп жатқан.
Расында да, ол тұста баспасөзде пiкiрiн ашық бiлдiргендердiң бәрiне «қоңырау тағып», күмбiрлете қағу – әбестiк. Әбестiк емес – әдiлетсiздiк. Соның бiрi – Қалмақанның хаты. Ол барлық кiнәнi өз мойнына ала отырып, өзiн де қарауылға iлiндiре отырып, мойнын iлгерi созады. Жазаға өз еркiмен бой ұсынады. Сол 13-тамыз күнгi жарияланған: «Бiзде болған қателер» деген «Қазақ әдебиетiнiң» редакциясына жолдаған хатында Қалмақан:
«Мен, екi жылдан аса партия ұйымының ұйымдастырушысы болып келсем де, осы былықтың ортасында отырып алдын-ала қателiктiң бетiн аша алмадым, подхолимдiк, ымырашылдыққа белшемнен баттым. Шынында, бiздiң жазушылар ұйымының айналасында партия ұйымының жұмысы жәй ғана қосалқы ұйым тәрізденiп келдi. «Бiздiң мiндетiмiз жазу, бiзден партия жиналыс, саяси сабақ қалай жүрiп жатқандығын сұрамайды, роман сұрайды, поэма сұрайды», – деу ұйымның бастығы Сәбиттiң екi сөзiнiң бiрi болды, екi жыл бойында жүрген пропагандистiк мiндетiн орындамады... Ақырында, Жұмабаевтi шақырып алып, оған аударуға кiтап бергiздi... Екiншi, бiр айта кететiн сөз, Мұхтар совет жазушыларының қатарына кiргелi 5 жыл болды. Совет жазушысына iстелетiн жәрдем, оған түгел берiлдi де, Мұхтар үш-төрттеген тәуiр еңбек те бердi. Сонымен қатар ескi уақытта ұлтшыл, алашордашыл пiкiрде жүрiп жазған зиянды шығармаларын жинақ қып бастырып отыр. Ол туралы өзi жұмған аузын әлi ашқан жоқ. Сонымен қатар, бұрынғы алашордашыл ұлтшылдар фашизмнiң агентi болып бетi ашылғанда солардың сырын ашарлық iс iстемей, үндемей отыруының өзi күдiк. Бетi ашылған жаудың тамырын қопара ашуға Мұхтар ат салысуы керек едi. Бiрақ, оны Мұхтар атқармай отыр »,– деп жалғастырды.
Бұл пiкiрде жала, қасақана арандату жоқ. Өзiнiң «кiнәсiн» шын мойындаған адамның және сол «жазықты боп қалғанына» сенген аңғал жанның ойы. Басқаша құбылтамын десе, қолында тұр едi.
3.
Дүние көшiнде адамзат қаншама рет ақыл азабын шектi десеңiзшi. Солардың барлығының да жарасы әлi де жаныңды сыздатады. Қасiреттiң iзi ешқашанда өшпейдi. Шексiз билiкке ие болған әмiршiлердiң психологиясының да ұқсастығын ашқан ғалымдар, бiр тұжырымға тоғысады. Цезарь да, Кромвель де, Грозный да, Петр бiрiншi де, Наполеон да... Сталин де өздерiнiң арының тазалығына, әрекетiнiң дұрыстығына, өзгелерден әлдеқайда биiк екендiгiне ешқашанда күмәнданбапты. Қысқаша қайырғанда, өздерін құдай деп, құдай болмаса – құдайдан былай емеспiн деп түсiнген. Құдай да жалғыз, олар да жалғыз. Сол жалғыздықтан жапа шегiп, iшкi жан күйзелiсi шарасынан асқанда адамды адамға айдап салып, азаптан рахат табады екен. Сәл ғана суық көзқарастың өзi жан алғыш әзiрейiлдей елестеп, дереу жазаға тартуға, қиналуға, үрей тудыруға ұмтылатын көрiнедi. Лениннiң «Съезге хатындағы» өзiнiң қаталдығы туралы ескертуiне: «мен жауларыма ғана қаталмын»,– деп жауап беруi өктемдiкке, үстемдiкке құмарлық Сталиннiң бойында бұрыннан-ақ бар екендiгiн аңғартады. Оған бұл жылдары ешкiм де мән бермедi. Ол – Каменевтiң ұсынысы бойынша Бас секретарьлыққа сайланды. Орталық Комитеттiң мүшелерi Сталинге «орташа ғана қабiлетi бар» кадр ретiнде қарады. Демек, шыңыраудан көтерiлiп келе жатқан аса қуатты күштi жете бағаламаған. Дөрекi әрi қарапайым, жан-дүниесi тұңғиық, қатал адам өз тұстастарының барлығын жолынан ысырып тастап, дара тұлға, тiптi, көсем атанды. Социализм құрлысы алға қарай жылжыған сайын тап күресi бұрынғыдан да шиеленiсiп, ушыға түседi деген қате пiкiр ол тұста «ұлы қағида» есебiнде қабылданды. Бiр адамды екiншi адамға айдап салып, арандатуға негiз қалады. Зауал науқаны сәт сайын өршiген дүлей (смерчь) сияқты жаппай отауға көштi. Оны тоқтату мүмкiн емес едi.
Бұл – адамзат тарихындағы кезектi азап белдеуi, социалистiк қоғам тұсындағы инквизиция соты едi. Фейербахтың:
«Тарихқа көз салу – жүрекке ине шаншумен бiрдей», – деуi де сондықтан.
Отыз жетiншi жылдың ең қатерлi кезеңi, қауiптi зауал шағы қыркүйек, қазан айына тура келдi. Авгуске дейiнгi әшкерелеулер алғашқы «барлау», қарашадан соңғы науқан – «алғашқы соққының» екпiнi сияқты едi. Қыркүйектiң басында барлық газеттерде iрi-iрi партия қайраткерлерiнiң арасындағы «халық жауларының» тiзiмi берiлiп, алды ату жазасына бұйырылды. Дүлей құйын күшiне ендi. Ол науқан Жазушылар Одағында да өз дәрежесiнде өттi. Сәкен де, Iлияс та осы толқынның құрбаны болды. Қандай күйiнiштi күз едi десеңiзшi.
Аспанның бұлтынан көңiлдiң бұлты басым болған күйiнiштi күздi басынан кешкендердiң бiрi...
Мұхамеджан Қаратаев: «Ешкiм де ондай апат кезеңi туады деп ойлаған жоқ. Бәрiмiз де ертеңiмiзден үмiттенiп мамыражай қалыпта, той-тойлап, қызық көрiп, қызмет харакетiмен жүргемiз. Мен 1936 жылы күзде Ленинградтың аспирантурасынан қайтып оралып, Жазушылар одағының жауапты секретарьлығына бекiтiлдiм. Екi жылдай Сәкенмен, Бейiмбетпен, Iлияспен, Сәбитпен, Ғабитпен, Мұхтармен аралас-құралас жұмыс iстедiм. Мұхтардың ұсынысымен отыз алтыншы жылы ноябрьде бiр топ жазушы Семейге бардық. Құрамында Тайыр, Жақан, Ғали, Павел Кузнецов бар. Қуанышты оралып, көрген-бiлгенiмiздi секретариатқа мәлiмдедiк. Мұхаң: «Қызметiңдi Абайға тағзым етуден бастағаның дұрыс! »,– деп ризашылық бiлдiрдi. Сәду Машақов, Төкен Әбдiрахманов сияқты жас таланттарды тауып қайттық. Отыз жетiншi жылды Пушкиннiң қайтыс болғанына жүз жыл толуын атап өту қамымен бастағамыз. Оған Жамбылдың ақындық өнерiнiң 75 жылдығын тойлау қызығы ұласты. Сөйтiп алабұртып жүргенде, көктемгi найзағаймен қоса заман найзағайы да ойнап қоя бергенi. Әдебиет ортасында да ешкiмге түсiнiксiз, алай-дүлей жағдай туды. Үрей, жаманшылықты көздеген пиғыл өршiдi. Ақыры не болатынына ешкiмнiң көзi жетпедi. Мұндай зобалаңның себептерiн де ешкiм бiлмедi. Мұхтарды да қорқыныш билеп, қабағы жиырылып жүрдi. Ол кiсi де жұрт қатарлы пiкiр айтты. Алайда творчестволық iзденiстерге, адамның бойындағы жағымсыз мiнездерiне, бюрократтық кесiрлiктерiне тоқталған. Ал «халық жауы», «ұлтшыл» деген сөздерден қашып, аузына ала бермейтiн. Ол кезде мынадай әдіс бар едi: кiм де кiм ұстала қалса, соның ертеңiнде газетке қаралау мақала басылатын. Сондайлардың iшiнде Мұхтардың да сөзi жүрдi, тек қаралаған кiсiнiң жеке басындағы мiнез-құлқына болмаса, саяси айып тағуға жоламайтын. Мiне, мына кiтапты көршi. 1934 жылы шыққан. Қазақстан жазушыларының өмiрбаянының анықтамасы. Солардың қатарынан қазiр екi-үшеумiз ғана бүгiнгi күнге жетiппiз. Сұмдық қой. Бұлардың барлығынан бiр жазда айырылдық. Кiмдi-кiм кiнәлағандай едi. Түсiнiктi ғой. Сөзге де, бұйрыққа да, қорқытуға да көндiк...»
Иә, кешкен ғұмырдың қызығын еске алу – рахат та, аласапыранын ойға оралту қандай азап. Түсiнесiң. Түсiне тұрып амалсыздан амалсыз сол күндердiң куәгерiне жүгiнiп, қинала сауал қойып, қылпылдай отырып жауап күтесiң. Екi жаққа да ауыр. Кiм жастық шағының жарқылдап, жарқын көңiлмен өткенiн қаламайды. Алайда төрелiктi уақыт айтады, заман билейдi. Оған мойынсұнбай көр – мойның үзiледi.
Егер де үлкендi-кiшiлi, белгiлi-белгiсiз жазушылардың ешқайсысы талқылауларға қатыспады, пiкiр айтпады десек, жалғандыққа жатады. Бәрi де айыптауға қатысқан. Мәселе – сол сөздi қастандықпен айтты ма, жоқ, көлеңкесiн қорғап, уақыт көшiне iлестi ме, әлде, қарсы шықты ма – сонда. Үш түрлi көзқарастың үшеуi де кездескен. Әрине, соңғы, үшiншi топқа жататындар бiрен-саран ғана. Мұхтар ортаңғы лектен табылған. Себебi: науқанға қарсы тұруға қақысы жоқ-тын. Ондай ерлiкке бiр рет барып, басын тiккен. Ендiгiсi, тек өзiн-өзi өлiмге итермелеу екенiн түсiнетiн. Құрбы- құрдастары да тым тез сиреп бара жатты. Қыркүйектiң онына дейiн аға буын өкiлдердiң барлығы да темiр тордың iшiне түсiп үлгiрдi. Оны, 7 қыркүйек күнгi жазушылардың жалпы жиналысынан аңғару қиын емес. Назар салыңыз.
«Алматы қаласындағы жазушылар жиналысы.
Осы жылы 7 сентябрь күнi қазақ педагогика институтының үйiнде Алматы қаласындағы жазушылардың жиылысы болды. Жиылыста қаладағы жазушылардан 35 адам қатысты. Жиылыста «Көркем әдебиеттегi зиянкестiктiң зардабын жою және тәрбиелеп өсiрiп, көтеру шаралары туралы» Қазақстан жазушылар союзының жауапты секретары Қаратаев баяндама жасады.
Халық жаулары Тоғжанов, Жансүгiровтердің және олардың ұялас күшiктерiнiң көркем әдебиетке iстеген зиянкестiгi жөнiнде баяндамашы ашып айтты. Қазақ жазушыларының арасында, әсiресе, басты жазушыларда болып келген саяси бейғамдық, есуастық, дерттi, либералдықты айтты.
БК(б)П Орталық Комитетiнiң февраль – март пленумы бiзге қырағы болуды, саяси бейқамдықтан, есуастық дерттен арылуды тапсырды. Халық жауларын тани бiлудi, капиталистiк қорғауды бiр минут естен шығармауды, большевизмге жетiлудi үйреттi.
БК(б)П Орталық Комитетiнiң февраль – март пленумының осы нұсқауын орындауға ойдағыдай кiрiскен болсақ, халық жауларының сырын әлдеқашан ашып, оларды бұдан бұрын әшкерелеген болар едiк, – дедi баяндамашы.
Баяндамашы, көркем әдебиетте болған зиянкестiктiң зардабын тезiнен жойып, көтеру шараларын айқындап айтып, жазушыларды, Сталин жолдастың нұсқауларын бұлжытпай орындауға, қырағылықты күшейтуге, халық жауларының сiлiмтiктерiн күнбе күн әшкерелеп отыруға, жауларға оқ боп тиетiн, халық сүйiп оқитын құнды шығармалар беруге шақырды. Жарыс сөзге шығып сөйлеген жолдастар, жеке жазушылардың дара басындағы кемшiлiктерiн сынады, сын, өзара сынды күшейту керектiгiн айтты.
Жиылыста сөйлеген Малдыбаев жолдас: Жазушылар ұйымында әлi нақты iстен сөз басым болып келдi. Ұйымның басындағы Мұқанов жолдас өз басында болған қаталарды әлi ашып айтқан жоқ. Ұйымның басшылары Алматы қаласындағы жазушыларды ғана бiледi. Оларға басшылық етудi әлi ойдағыдай қолға алған жоқ. Бiз жазушылар ұйымынан, оның басшыларынан облыс, аудандардағы қаулап өсiп келе жатқан жастарға нақтылы басшылық етудi талап етуiмiз керек,– дедi.
Әуезов жолдас: Халық жаулары Жүргенов, Тоғжанов искусство жұмысына қырсығын тигiзiп, зиянкестiк iстедi. Қазақтың советтiк искусствосын жоққа шығармақшы болды, өздерiн әдебиеттiң, искусствоның «генилерi» етiп көрсетуге тырысты, сол дұшпандардың сiлiмтiктерiнен тез арылуымыз керек – дедi» «Қазақ әдебиетi», 10 қыркүйек).
Иә, оның да төзiмi жұқарып, тiкелей жала жаппағанмен, көшке үн қосқан тұсы болыпты. Олай демеуге лажы да қалмаған. Сұрапыл толқын қақпайлап ерiксiз соған ілестіріп жіберген. Екiншiден, алғашқы екi адамның тағдыры әлдеқашан шешiлiп қойған. Зады, мынадай көзге көрiнбейтiн заңдылық байқалады. Белгiлi бiр саяси ағым, не науқан туралы кiм бiрiншi боп баспасөз арқылы пiкiр бiлдiрсе, сол ең алдымен «қара тiзiмге» iлiнiп, «тап жауының» қатарына қосылған.
Мұхтар неге сөйледi, сөйлесе де дәл осылай нығыздап айтуы нелiктен? Әлде, «дұшпандардың сiлiмтiктерi» деген тiркестер газетке есеп жазған адамның «творчествосы» ма? Қазбалап жатпаймыз мұны. Басы ашық мәселе – Мұхтар өзi сөз сұрасын, жоқ оны әдейi сөйлетсiн, бәрiбiр, қалайда осы сарында пiкiр бiлдiруi қажеттiлiк едi. Өйткенi оның әрбiр қылығы, қимылы, сөзi қатаң қадағаланып, жiпке тiзiлiп жүрген. Өзi де сынауы керек, оған да сын айтылуы керек. Дәл сол жиналыста Мұхтардан кейiн сөз алған Дихан Әбiлевтiң сөзiнен бұл жағдай анық аңғарылады. Себебi: кiнәсiз адам, күдiксiз кiсi болуы тиiстi емес-тiн.
Мәжiлiс былай өрбiдi:
«Әбiлев Дихан жолдас: Қазақстан көркем әдебиетi баспасының бұрынғы директоры Жаманқұлов жас жазушылардың шығармаларын баспай тастап отырды. Жастардың шығармаларын басуды соңғы кезекке қойып, кейiнгi планда қалдырды. Бiз Мұхтар жолдастан құнды шығармалар берудi талап етемiз. Мұхтар өзiнiң «Ескiлiк көлеңкесiнде» деген қате әңгiмелер жинағын бастырып iрi қате жасады. Бұл қатасын Мұхтар iсiмен түзеуi керек. Халық жаулары аударма жұмысында да зиянкестiк iстегенi мәлiм. «Евгений Онегиннiң» аудармасын қайта қарау керек»,– дедi.
Осы пікір туралы Дихан Әбiлев бізге мынадай естелік айтып берді
«Дәл осы сияқты пiкiр айтып, жиналыстарда сөйлеу – ол кезде пәлендей оғаш көрiнбейтiн. Әрине, саяси айып тағып, әшкерелеудiң жөнi басқа. Бiр-бiрiмiзбен қырғи қабақ күн кешкен күннiң өзiнде ондайға дәтiң шыдар ма. Рас, мен Мұхтарды екi рет ренжiтiп алдым. Қаншама қимастықпен, сыйластықпен қарасаңда күнделiктi тiршiлiкте жиi араласқан соң бiрде болмаса бiрде жағдайдың еркiне бағынасың. Отыз жетiншi жылғы жоғарыдағы пiкiрден кейiн үй-iшiмiзбен бiрге демалыс орнында жаттық. Бұл сөздiң Мұхтардың көңiлiне ренiш ұялатпағанын содан-ақ бiлерсiздер. Әлi есiмде, 1939 жылы жазушылардың пленумы болды. Мен одақтың председателi ретiнде баяндама жасадым. Сөз арасында, жоғары жақтың арнайы нұсқауымен «Ескiлiк көлеңкесiнде» атты жинақты тағы да сынауға тура келдi. Шынын айтқанда, бұл жолы Мұхтар менi жақтырмай қалды. Ал, айтпасқа амалың қайсы. Арада жылдар өттi. Қайтадан араласып-құраласып кеттiк. 1949-1950 жылдары «Жұлдыз» журналының жұмысы талқыланып, мен кезектi баяндама жасадым. Сынадым. Сөз арасында «толыққанды, тың шығармаларды басудың орнына кейде «қыстырмалар» кiрiп кетедi» – дедiм. Журналда «Абай» романының екiншi басылымына қосымша ретiнде кiрген переселендер туралы тарау басылған. Соны мегзеп ем. Ел-жұрт «ол қандай қыстырма ?» – деп ерiксiз айтқызды. Мұхтар қолын бiр-ақ сермедi. Арада тағы да жылдар өттi. Москвада бес-алты ай паналаған Мұхтар елге қайтуға қамданды. Сондай қуанышты. Әңгiме арасында «Алтай жүрегi» романымның жайын сұрады. Әлi машинкаға бастырмағанмын. «Түнде оқып шығамын. Әкел»,– дедi. Ертеңiнде мәз болып қарсы алып: «Москва баспаларына пiкiрдi өзiм жазып берейiн. Көркем дүние. Ал, ендi қайтадан достасамыз ғой», –дегенi күлiп. Мен әлдеқашан ұмытып кеттi ғой деп жүргем. Ұмытпапты. Мұхтардың ол мақаласы жиырма томдық шығармалар жинағында бар. Мiне, өмiр шындығы солай».
Калашников жолдас: «Жазушылар ұйымының жанындағы орыс секциясын кездейсоқ адамдар басқарып келдi. Жас жазушылардың еңбегiн ешкiм бағаламады. Ұлтшыл-фашист халық жаулары – орыс жастарын тiзгiндеп, қазақ жастары мен орыс жастарының арасында араздық өртiн салмақшы да болды. Ендiгi жерде орыс секциясының жұмысын жандандырып, өсiп келе жатқан жастардың шығармаларын басуды тездету керек,– дедi.
Қалмақан жолдас: Халық жауы Тоғжанов көптен-ақ мәлiм едi, бiрақ оған мезгiлiнде соққы бере алмадық. Тоғжанов қатардағы қазақ жазушыларын тiзгiндеп отырды, «сынағансып» соққы бердi. Көркем әдебиет баспасының бұрынғы бастығы Жаманқұлов Жансүгiровтің түкке тұрмайтын «Жолдастар» деген романын басып шығарды,– дедi.
Шығып сөйлеген Тайыр, Саин, Хамза, Шашкин тағы басқа жолдастар да сын және өзара сын негiзiмен сөйлеп, жазушылар ұйымын қатал сынады. Өздерiнiң нақты ұсыныстарын айтты».
Ол қандай ұсыныстар? Ендi олардың мазмұнын бiлу үшiн әсте мүмкiндiк туа қоймас.
Сырттай көзге шалына қоймағанымен, жиналыстың барысынан-ақ оған қатысушылардың бойын билеген шарасыздық, суға кеткен тал қармайдының керiн құшқан дегбiрсiздiк аңғарылады. Сөйлеген адамдардың арасында Мұхтар Әуезовтен басқа «көсем жазушылардың» бiрде бiреуi жоқ. Тек Тоғжанов Ғаббастың есiмi «халық жауының» қатарына қосылуы ғана iстiң мәнiн ашады. Бейiмбеттiң, Iлиястың атын Мұхтар неге атамайды? Демек, аузы бармаған, дәтi жетпеген. Нағыз жау екенiне сенбеген. Мұны iштей қарсылық, келiспеушiлiк деп түсiну керек. Жарайды, ендеше мәжiлiске Сәкен, Сәбит, Ғабит неге қатыспаған? Себебi, үшеуi де күдiктi күй кешiп, жанталаса жабығып жүрген қатерлi күндер болатын. Әсiресе, Сәкеннiң басына бұлт төнiп-ақ тұрған. Әр қилы деректiң қиюын өзара қиыстырғанда Сейфуллиннiң ұсталған күнi 6 қыркүйектiң түнi мен 26 қыркүйектiң арасына тура келедi. Ал тура 26 қыркүйекте ұсталды дегендi Ә. Әбiшев, С. Қирабаев сенiмдi дерек ретiнде көрсетедi. Нақты мезгiлiн анықтап, көшiрмесiн көзге көрсететiн азамат та туар. Тек Iлияс сол күндерi түрмеде жатып, екi шумақ өлең шығарып, ретiн тауып сыртқа жiберткiзiптi. Ашыну, ыза, қорлық, жеккөру сезiмi от шашып тұр. Әр сөзi тотияйын сияқты ойып түседi.
Усойқы, шойқы, майқы, ақсақ,
Әңгүдiк, шыжың, сiдiк бетқап.
Сарысу ми, сарынға ұшқан соқыр қарға,
Шелегi қарамайдың қойған боқ сап.
Сен итке сөзiм шығын, жалтақтаған,
Итсiң көрiнген кеп айтақтаған.
Үре бер, көрiнгенге, тіфу, арсыз,
Қаншықтай құйрығы қатып, сатпақталған.
Қапастан да саңылау тауып, үзiлiп жеткен осынау жолдардан Iлиястiң жан дауысы естiледi. Теңеудi де төкпелетiп, қарғысын да аямаған. Әр сөздiң көбесiн сөгiп, сол арқылы арандатушының портретiн жасамай-ақ қояйық. Асыл азаматтың әсiрелей жаққан қара бояуына да, теңеуiне де, сөз саптасына да кешiрiммен қарайық. Жаны қылбұрауға түсiп, қиналған шағында жазықсыз күйдiрген жантықтарға одан артық балама таппаған да шығар.
Бұл шумақты жиналысқа қатысқандар, әрине, бiлген жоқ. Бiлуге тиiстi емес. Олардың көңiлiн сыздатқан күбiрткi – кеше түнде, не бүгiн таңертең ұсталып кеткен, не ертең, не бүрсүгiнi қолды болуға тиiстi Сәкен тағдыры едi. Әлдебiр жайды бүгежектеп айта алмауларынан сондай шарасыздық, үнсiз күйiнгендiк аңғарылады. Ал, қазан айының басында, барлығы да «орын орнына қойылып» жөнiн тапты. Ең соңғы «қызыл сұңқар», революцияның Еркебұланы, қазақ ақындарының аққуы – Сәкен, Сәкен Сейфуллин де заман торына түстi.
Мұхамеджан Қаратаев: «Бұрынғы сұмдық сұмдық па, нағыз сұмдық ендi басталды. Кiмге сенерiңдi бiлмейсiң. Сәкен ұсталысымен Орталық Комитеттен арнайы бұйрық келдi. Кiм екенiн ұмытып қалдым. Телефон арқылы жарлығын жариялады. Бөлiм меңгерушiсi Жанайдар Садуақасовтың өзi де «ғайыпқа айналғандардың» қатарына қосылған. Және жиi-жиi ауысып, қайшыласып жатқан кез. Бiзде де ес жоқ. Қайсы бiрiн ойда ұстағандайсың. Сол адам маған баспасөздерде Сәкен туралы «үн қосуды» ұйымдастыруды тапсырды. Амалың қайсы, көнесiң. Одан Сәбит те, Ғабит те шет қалмады. Мен де, жаздым... Көрдiң бе, бiздi сондай сұмдыққа итермеледi. Сәкенмен байланысты деп Сәбиттi орнынан алып, партиядан шығарды. Бос орынға менi қойды. Iле, араға аз жыл салып мен де кеттiм. Ғабит екеумiз партиядан 1938 жылы 5 августа бiр күнде шығарылдық. Алты күннен соң мен ұзақ әрi ерiксiзден болған «сапарға» аттандым. Ғабит аман қалды. Қайран асыл жылдарым текке рәсуа, қор боп кеттi-ау».
Расында да жан ауыртатын сөздер. Еске алудың өзi қорқынышты. Қайтемiз, заман ағымының сарыны. Ағысқа қарсы жүзсең өзiңдi қоса алып кетедi. Сол тасқыннан Мұхамеджан Қаратаев та құтылмады. Жиырма жылғы сергелдеңнен соң ғана қайтып оралды.
«Қазан тумай қар жаумас» дейдi дала даналығы. Қазан туды. Қар, табиғаттың ақша қары жауды ма, жаумады ма, қайдам. Ал әр адамның өмiрiн аяз қарып, үмiтi үсiкке ұшырады. Нақты дәлелi, анық айғағы жоқ айыптаулар қарша борады. Кiм айтып жатыр, оны сұрауға мұрша да жоқ. Дау-дамай, арандатулар адамды қыстан бетер қыспаққа алды.
Кiлең кiжiнуден, қоқан-лоқыдан, бопсалаудан тұратын сондай мақаланың бiрi «Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын бiр жола құртайық» деген «Қазақ әдебиетiнiң» 8-қазан күнгi санында жарияланды. Әрине, жазған адам аты-жөнiн көрсетпеген. Бұл мақаладан прокурор Вышинскийдiң терминдерiнiң бiраз қазақша «сәттi баламаларын» да табуға және ендiгi кезек кiмдiкi екендiгiн де бiлуге болады. Онда Iлияс та, Сәкен де нағыз «ұлтшыл-фашист» ретiнде аталады. Ал, Бейiмбет қайда? Оның себебi келесi мақалада ашылады. Ал әзiрше мынаған көз қырын салайық: қос дүлдүл не үшiн ұсталды дейсiз бе? Мiнекиiңiз:
«Октябрь революциясының нұрлы сәулесiмен жаңарып, қайта түлеген қазақ даласының өркендеп өскен қазақ совет әдебиетiндегi және Қазақстан жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист халық жаулары Тоғжанов, Жансүгiров, Сейфуллиндер бет пердесi сырылып, әшкереленгенге шейiн партияға қарсы өздерiнiң қара ниеттерi мен жаулық, ұлтшылдық-фашистiк iстерiн iстеуге тырысып келген, бұл жаулардың әдебиетте iстеген зиянкестiк зардабы аз болған жоқ. Құлымбетов, Жүргенов, Садуақасов сияқты жаулар шаруашылық, саяси өмiрiмiздi қандай зиянкестiк зардабын iстеуге тырысса, Тоғжанов, Сейфуллин, Жансүгiров, Жаманқұлов сияқты фашист күшiктерi де қазақ совет әдебиетiне өздерiнiң контрреволюциялық зиянкестiгiн тигiзуге тырысты. Олар өсiп, өрбiп келе жатқан совет әдбиетiне бөгет жасамақшы болып, жас жазушыларды өсiрмей, қақпайлап отыруға тырысты. Сын, өзара сын мәселесiн бұрмалап, өзара сын күшейiп өркендеуiне бөгет жасап, сонымен қатар өздерiнiң контрреволюциялық бұзақы қылықтарын, жаулық қара ниет беттерiн аштырмауға тырысып, өздерiн қазақ совет әдебиетiнiң «классигi» етiп көрсетуге тырысты. Бұлардың ұлтшылдық-фашистiк бет пердесiн кезiнде айқындап ашу жөнiнде не жазушылар ұйымы, не жазушылар ұйымының жанындағы бастауыш партия ұйымы еш нәрсе iстей алмады, ол жаулармен дұрыстап большевикше күресе алмады. Ол жауларға күресу былай тұрсын, жазушылар ұйымының басында отырған Мұқановтың өзi жаулармен күресудiң орнына, сол жаулардың құшағында болып, солармен ауыз жаласып, солардың айтқанын iстеп, ол ұлтшыл-фашистердiң қолшоқпары болып, бiле тұра солардың зиянкестiк, жаулық амалдарын үдетуге себеп болып, партияға, үкiметке қарсы iс iстеуге тырысқан жаулардың зиянкестiгiне толығынан қосылып, олармен табақтас, қанаттас болып келген. Мұқанов он жетi жыл бойы партияда болып келсе де, оның ешқашан да партиялық бетi болған емес, ол 23-жылдан берi осы күнгi халық жауы болып әшкереленiп отырған ұлтшыл-фашист Сәкен Сейфуллиннiң партияға қарсы ұлтшыл контрреволюциялық жiгiнде болып келген. Ұлтшыл-фашист Сейфуллин не iсте десе, соны Мұқанов қалдырмай iстеп отырған, Сейфуллиндi көтермелеп, оны мақтап, соның ұлтшылдық идеясын пропаганда етiп келген. Мұқановтың жазған шығармалары бастан аяғына дейiн ұлтшылдық, партияға қарсы пропаганда болып отырған, оның «Сұлушашы» ескi феодальный тұрмысты мақтап көрсеткен шығарма, «Адасқандар» дейтiн романы байдың жырын жырлайды, оның «Мырзабегi», «Темiртасы» контрреволюционный идеяда жазылған зиянды шығармалар. Сонымен қатар, Мұқанов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетi» деген кiтабында қарғалған халық жаулары Дулатовтарды дәрiптеп, оларды мақтап, оларға трибуна берiп, жұртшылықтың көзiн бояуға тырысқан барып тұрған зиянды контрреволюциялық шығарма, жауды пропаганда жасаған шығарма, Мұқанов өзiнiң өмiрiнде халық жауларымен еш уақытта қатынасын үзген емес. Ол әшкереленген халық жаулары Асылбековпен, Сейфуллинмен, Рысқұлов, Нұрмақовтармен табақтас болып келген. Өзi жазушылар ұйымына бастық болып тұрған кезде ұлтшыл Жұмабаевты жұмысқа алуға тырысқан. Соны сүйемелдеген, оған жаны ашыған, соған қызмет еткен, көмек берген. Партия ұйымының парторгi Әбдiқадыров Қалмақанды алсақ, о да Сейфуллин, Тоғжанов, Жансүгiров, Жаманқұлов сияқты ұлтшыл-фашистердiң зиянкестiк батпағына белшесiнен батып, солардың жетегiнде жүрiп, олармен ауыз жаласып, олар не iсте десе соны тапжылтпай iстеп келген».
Мiне, үкiм осы. Тергеу iсiнiң қорытындысындағы айыптаудан бiр сөзi артық, бiр сөзi кем болар. Осы да осал «қылмыс» емес. Кiмнiң де болса басын мүжуге жетiп жатыр. Ал жазықсыз жандардың жапа шеккенiн, жаланы мойындамай қасарысып тұрып алғандағы көрген қорлығына қалай төзерсiң. Осынау жолдарды оқып бергенiмде, өзге-өзге, дiлi қатты, сырласына да сыр алдырмайтын қасқайып-ақ жүретiн Сафуан Шаймерденовтың жанарынан жас парлап, сөйлей алмай қыстығырылып, өксiп жiбергенiн көргенiмде, сол жылдардың адам жүрегiне салған жарасының әлi де сыздатып жүргенiне, өксiктерiнiң әлi де басылмағанына iшiм езiле, өзегiм өртене отырып иландым. «Бiтпейтiн дауды жаңғыртып қайтем»– деген ойымнан бас тартып, бiлген-естiгенiмдi, оқығанымды жасырып қалмауға серт бердiм. Сол серт, жас балаша еңiреген ағаның бейнесi екiншi бiр уәденi бұзуға мәжбүр еттi. Сiз де кешiрiңiз, отағасы. Мейлi есiмiңiздi атамайын. Бiрақ ендi бүге алмаймын. Аты-жөнiн сұрап сiздер де қинамаңыздар. Мәселе, Шындықта ғой.
Отағасының өзi: «Мұны таспаңа (магнитофон) жазба. Есiңде жүрсiн. Кiм бiледi, көлеңкемiз қысқарып келедi... тергеу камерасында жатқанымда қасыма бiреудi әкеп қосты. Өскеменнiң омарташы орысы екен. Ол да ұзақ жатыпты. Жөн сұрастық. Сонда Сәкендi есiне алды... Менен бұрын сол кiсiмен бiр камерада болыпты. Ол: «Мен өзiм орнатқан өкiметтiң жауы емеспiн»,– деп ұзақ қасарысыпты. Бар қорлыққа шыдапты. Бiр күнi тергеуге кеткен Сәкен кiрiп кеп: «Мен бiттiм, төзбедiм қорлыққа!»,– деп айғайлап сөйлеп, төсекке етпетiнен жата кетiп, солқылдап жылапты. Талай қыспаққа салғанда қайыспаған Сәкеннiң морт сынуына сенбеген омарташы себебiн сұрайды. Сонда Сәкен: «Бәрiне шыдар ем ғой. Жас ұрпақты бiзге қарсы қойғанына қалай шыдармын. Орындыққа отырғызып қойды да, қазақтың екi жас баласын алып келiп, екеуiне екi құлағымды создырып: «Ой, әкеңнiң аузын... Сейфуллин, ой шешеңдi... Сейфуллин! Сен халық жауысың!»,– дегiзген де шыдамадым. Қорлық қой. Олардың көзiне жексұрын боп көрiнгенше өлгенiм жақсы. Қағазына қол қойдым,– дептi».
Бар шындық, мүмкiн көп шындықтың бiреуi осы. Сол Сәкеннiң серiгi Сәбит жөнiнде:
«Қазақстан жазушылар ұйымының жанындағы бастауыш партия ұйымы өзiнiң жуық арада болған жиналысында халық жауларының жазушылар ұйымында болған зиянкестiк зардабын құрту туралы және Мұқанов туралы мәселе қаралды. Жиылыста сөйлеушiлердiң бәрi де Мұқановқа саяси жағынан сенбейтiнiн бiлдiрдi. Оның барлық зиянды қылықтарын бетiне басты. Жиылыс БК(б)П қатарынан шығарды, жазушылар ұйымының бастығынан алуды тиiстi орынның алдына қойды. Жиылыста Жүсiпбеков Хамза, Әбдiқадыров Қалмақан, Бекенов Елжастың көп қаталарын сөйлеушiлер көрсете айтты. Партия жиналысы олар туралы да мәселе қарауға керек деп тауып, комиссияға тапсырды»,– деген қаулының алынуы онша таң қалдырмады.
Демек, тиiстi жерде Сәбит Сәкендi қорғап сөйледi деген тұжырым жасатады. «Кедей таптың жаршысы» Сәбиттiң өзi сергелдеңге түскенде Ғабиттiң аман қалуы мүмкiн бе? Оның үстiне сонау көктемнен берi Бейiмбеттi қорғап, қасарысып келгеннiң бiрi де сол едi.
Дүние – кезек дейдi. Сол кезектi, зады, жаманаттың өзi де мойындайтын болуы керек.
Бақ пен сордың арасы – бiр-ақ елi, ерлiк пен ездiктiң арасы – бiр қадам. Қадым заманнан дала бесiгiнде тербелген осынау қанатты ұғымның мағынасын қалай түсiнуге болады? Серiлiк пен сорлылықтың арасы неге жақын? Бақыт дегенiң соншама айнымалы ма? Әлде, ар мен арамдықтың ара жiгiндегi көрiнбейтiн түссiз перде ме? Мүмкiн, тағдыр тасырлығы мен тәлкегi ме? Ал ерлiк пен ездiктiң арасындағы өлшем неге алыс? Зады, кез-келген адамның өлiмге басын тiге бермейтiндiгiнен бе? Қалай толғасақ та, Ғабит Махмұтұлы Мүсiреповке Ер атағы тегiн берiлмеген. Ол екi рет Ерге лайықты қатерлi де қасиеттi мiнез көрсеттi. Бiрiншiсi – Ел басына ашаршылық апаты төнгенде Сталинге шындықты ашына баяндаған хатқа бес адамның бiрi боп қол қоюы. Екiншiсi – «Бейiмбет жау болса, мен де жаумын!»,– деп мәлiмдеме жасауы. Екiнiң бiрi түгiл, егiздiң сыңары – бiр-бiрiн түрткiлеген шақта, ақылға сыймайтын тәуекелдiлiк. Көзсiз ерлiк. Себебi оған сенетiн және қолдайтын кiм бар? Арашалай алмасын бiле тұрып, қалай айтты? Iлиясты, Сәкендi қорғап қалмаған шындық Би-ағаңа тосқауыл қояр ма? Үш ай бойы қасарыса қорғауының мәнiсi не? Мәнiсi – ар мен парыз да едi. Ғабит Бейiмбеттi «қанатының астына алуы арқылы», оған қарсы болуы арқылы әдiлетсiздiкке, айналасындағы арандатушыларға, айқайға iлесушiлерге сес көрсетiп, дүниеде адамгершiлiк, адалдық, ақиқат, ақыл дегенiң бар екенiн, ертең сол ар сотының алдына жауап беруге тура келетiндiгiн ескертiп, салқынқанды сабырлыққа шақырды. Өзге ұлттардың арасында да осындай ер-азаматтар болған шығар. Болды. Ана сүтiмен ар иiсi сiңген ұл мен қыздарға адамзат қашан да қарыздар. Солардың аты өшпесiн.
Ондай ары үшiн жанын садаға еткендер бұрын да болған, қазiр де бар және ұлы ұлттарда да, аз халықта да кездеседi. Мың рет айғақ келтiрсек те дәлел табылады. Раскольниковтың Сталинге хаты соның бiр үлгiсi ғана. Ғабит Махмұтұлының жазушылық тағдырына қатты әсерiн тигiзген Виктор Гюго тек Квазимода арқылы ғана ықыласын аударған жоқ, «бостандықтың ғашығы» ретiнде жеңiмпаз ақынды пiр тұтты. Екiнiң бiрiн таңдайтын қысылтаяң шақта парламент құрылтайының төрағасы Дюпен:
«Заңнан тыс заңның шешiмiне қарсы шыққан адам қылмыскердiң сыбайласы болып есептеледi»,– деп шүйлiккен сәтте:
«Мен, төрағасы Дюпен мырзаға мынаны ескерткiм келедi: мың сегiз жүз он бесiншi жылы сотталған маршал Неяны заң орындары қылмыскер деп тапты. Ал, ол менiң көз алдыма батыр боп елестейдi, мен үшiн нағыз батыр сол, бiрақ мен оның сыбайласы емеспiн ғой»,– дептi Виктор Гюго.
Ғабит те дәл сондай әрекетке барды. Бейiмбет – ол үшiн нағыз азамат едi. Ал оны қорғағаны үшiн қалай «тап жауы» болуға тиiстi. Гюго жоғарыдағы сөзiнен соң Францияның ар-ожданының пайғамбарына айналды. Ал Ғабит ше?
Ол – Алматы қаласының тұрғындарының алдында «масқараланып», қылмысты атанды. «Қазақ әдебиетiнiң» 15 қазан күнгi «жазушылардың қалалық жиналысы» туралы хабарына зейiн қойсақ, келесi «халық жауының» кiм болатындығы да көзге шалынып қалады.
«Осы жылы 11-12 қазан күндерiнде Алматы қаласындағы жазушылардың жиналысы болды. Жиналыста: халық жауларының әдебиеттегi зиянкестiк зардабын түп тамырымен құрту туралы БК(б)П Орталық Комитетiнiң агитация, пропаганда бөлiмiнiң бастығы Қабылов жолдас баяндама жасады.
Жиналыста Мүсiрепов Ғабит туралы көп сөз болды, шығып сөйлеген жолдастар Мүсiреповтің шығармаларындағы ұлтшылдық концепциялары туралы, халық жауы Майлиндi қорғап келгендiгi жиында дұрыс сыналды. Бiрақ Мүсiрепов өзiнiң сөзiнде қаталарын толық, дұрыс мойнына алудың орнына, «Социалистiк Қазақстан», «Каз. Правда» газеттерiнiң ол туралы айтқандарын және жұртшылыққа көптен берi мәлiм фактiлердi тiзiп, солардың айтқан сынына қосылған болып мәймөңкелеп өте шықты. «Бұл қаталар саяси бейғамдығымнан болды» деп мөнтеңдедi. Мүсiреповтен жиылыс, өзiнiң қаталарына большевикше мойындауды, халық жауы Майлиндi қорғап келгендiгiн, өзiнiң шығармаларындағы ұлтшылдық идеяларының себебiн толық айтуды күтiп едi. Бұған қарамастан Мүсiрепов, өзiнiң қаталарын толық ашып айтпады. Оған большевиктiк ерлiгi жетпедi.
Жиылыста шығып сөйлеген жолдастардың сөздерi онша қанағаттанарлық болған жоқ. Практикалық iс жөнiнде, жазушылар ұйымын саяси жағынан әбден сауықтыру жайында, жастарды iркiлмей батыл жоғарылату жағында не iстеу керектiгi жөнiнде конкреттi ұсыныстар шамалы болды. Сөйлеушiлердiң көбi бұрын айтылып жүрген фактiлердi, көптен сөз боп жүрген әңгiмелердi айтты.
Мысалы Ысмайылов Есмағамбет жолдасты алайық, ол басқаларды сынап, ұзақ сөйлесе де өзiнiң қаталарын, өзiнiң бiр кезде халық жауы Сейфуллиннiң ықпалында болғандығын, сын мәселесiндег iстатьяларындағы және шығармаларындағы ұлтшылдық қаталары жайында үндемей кеттi. Ол тек өзiнiң «заслугаларын» айтып көрсетпекшi болды.
Саин жолдас бұрынғы болған жиналыстарда талай рет сөйлеген сөзiн қайталап айтумен болды, жастар секциясының жұмысы неге жолға қойылмайды, соңғы кезде iстелген практикалық жұмыстар қайда? Мiне, бұл жөнiнде Саин бiр ауыз сөз айтқан жоқ.
Ескендiров Iзiм жолдастың сөзi де онша қанағаттандырарлық болмады. Ол өзiнiң шығармаларындағы ұлтшылдық идеясын айқындап айтып бере алған жоқ. «Бұл бiлiмнiң аздығынан болған қаталар едi»,– деп өзiнiң күнәсiн жеңiлдетуге тырысты.
Жиылыста Әуезов Мұхтардың қаталары жайында көп сөз болды. Бiрақ Әуезов өзiнiң сөзiнде: шығармаларындағы көптеген қаталарын, құнды шығармалар бере алмағандығын айқын айтудың орнына: «Менiң шығармаларымды жұртшылық кезiнде сынады »,– деп орынсыз дәлелге жармасты.
Жиылыс Әуезовтің шығармаларындағы қаталарын мейлiнше дұрыс сынады. Әуезов 32-жылдан берi Совет жазушыларының қатарында келе жатыр, жұртшылық Әуезовтің творчестволық қызметiне жағдай жасады. Бiрақ ол заманымызға сай құнды шығарма берген жоқ. Жиылыс Әуезовтен қаталарын түзеп, құнды, сапалы шығармалар берудi талап еттi.
Орманов Ғали жолдас өзiнiң қаталарын толық айтпады, халық жауы Жансүгiровтің ықпалында болғандығын, бүкiл творчестволық жолында Жансүгiровке елiктегендiгiн, шығармаларын соған арнағандығын ашық айтпады. «Жансүгiровтің жау екендiгiн бiлмедiм»– деп өте шықты.
«Мүсiрепов халық жауы Смағұлов Ғазиздi жақтап, оны «Социалистiк Қазақстан» редакциясының аппаратында ұстады. Белгiлi жулик Айсаринмен тығыз байланыс жасады, оны партия қатарында қалдыруға әрекет еттi. Мүсiреповтың «Өмiр ертегiсi» деген әңгiмесiнiң геройы белгiлi өтiрiкшi, қашқын, жулик Мәмбетбаев едi», – дедi өзiнiң сөзiнде Тәжiбаев.
«Правданың» статьясы және ол статья туралы ҚК(б)П Орталық Комитетiнiң қаулысы жазушылардың белсендiлiгiн мейлiнше көтердi. Жиылыс жазушылар ұйымын саяси жақтан сауықтыру және халық жазушыларының әдебиеттегi зиянкестiгiнiң зардабын түп тамырымен құрту жайында нақты шаралар белгiледi. Жазушылар союзының төтенше пленумын (шақыру) кадр, правленияның жаңа составын сайлауды жазушылар ұйымына тапсырды. Көркем әдебиеттiң барлық жанрларына шығарылған кiтаптарды қайта қарап, қорытынды жасау үшiн, секциялардың жұмысын көтеру үшiн бригадалар құрды. Проза, сын, поэзия, драматургияның әр қайсысына жеке-жеке бригада құрылды. Бригадалардың составына жазушылардың жақсы күштерi енгiзiлдi.
Жиылыс, жазушы Мүсiреповке саяси жағынан сенбейтiндiгiн бiлдiрiп, оның жұмысын қарау – тиiстi орындардан сұралсын дедi.
Жиылыс, Мұқанов Сәбиттi жазушылар ұйымының басшылығынан алу жөнiндегi қаулыны бекiттi, Мұқановты жазушылар союзының мүшелiгiнен шығарды».
Аңғарған адамға бәрi де түсiнiктi. Тiптi қиналатын да ештеңе жоқ. Сәбит Мұқанов қарауылға iлiндi. Тек шүрiппенi басу ғана жетпей тұр. Ғабит Мүсiреповтiң де «базары тарқады». «Басты жазушылардан» қалғаны жалғыз Мұхтар... Бұлқынып шығып кетпей тұрғанда оған бұғалық тастап қою керек едi. Бiр жақсысы, құрық қолдарында. Қашан тартса да кеш емес. Басқаны қайдам, «ажал тұзағын құрып» отырған арандатушының дәл осылай ойлағаны анық. Жиналыстың есебiмен қоса, Ғабиттi әшкерелеген «үн қосуды» дер кезiнде жариялады, ұмытпады. Неткен ұшқырлық десеңiзшi.
Iле, сол мәжiлiстiң есебiмен бiрге «Халық жауларының жетегiндегi жазушы» деген мақала екi бетке жалғаса жарияланды. Түгелiн тiзiп шығу мүмкiн емес. Iшiнара Ғабит Мүсiреповке айып есебiнде тағылған тұстарды ғана ұсынамыз:
«Жаулармен табақтас болып келген, шығармаларында халық жаулары, алашордашыларға көрiне трибуна берген, большевиктiк сынға, өзара сынға мейлiнше қысым жасаған, өзiнiң қызмет орнын пайдаланып жазушылар ұйымының жұмысына бөгет жасап келген жазушы Мүсiрепов Ғабит туралы да көптеген фактiлер келтiруге болады.
Мүсiрепов Ғабит қазiргi әшкереленiп отырған халық жаулары Сейфуллин, Жансүгiровтердің тұсындағы «өзгермейтiн бас жазушының» бiреуi болған адам.
...Шынында Мүсiрепов жаудың батпағына батып, аздаған адамдардың қойнына кiрiп, құшақтасып кеткен адам...
...Мүсiрепов халық жауы Майлиннiң жан аяспайтын досы. Онымен достасып, құшақтасып, бiрге тұрып, бiрге жүрген адам. Сондықтан да Мүсiрепов халық жауы Майлиндi қанатының астына алып, қорғап келдi. Майлиннiң бұрын алашорданың офицерi болғандығы, совет өкiметiне қарсы күрескендiгi, большевиктерге оқ атқандығы, шығармаларындағы контрреволюциялық концепциялары жайында жазушылар ұйымының жанындағы партия ұйымы мәселенi дер кезiнде көтерсе де, Мүсiрепов өзiнiң қызмет орнын пайдаланып Майлиндi жанын салып қорғап келдi. Майлиндi аман алып қалуға тырысты. Соңғы кезге шейiн ашықтан ашық сүйеп келдi.
«Қазақ әдебиетi» газетi осы жылы 9-көкек күнгi номерiнде Майлиннiң шығармаларындағы контрреволюциялық пiкiрлердi әшекерелейтiн статья басыларда Мүсiрепов: «Бұл статья Майлин туралы өте қатты айтылыпты, сондықтан статьяны қайта қарап, сынды жұқалау керек»,– деп, газеттiң сол номерiн өзi қарап, Майлин туралы жазылғанды өз қолымен «түзетiп», номердi бұзып қайта жасатты. Содан асқан жауға либералдық, жаудың өмiр сүруiне мүмкiндiк беру бола ма? Контрреволюцияшыл алашордашыл Майлиндi Мүсiрепов осылай қорғап келдi.
Жазушылар ұйымының жанындағы партия ұйымының жиналысында Мұқановтың iсi қаралғанда, Майлин туралы көп сөз болды. Коммунистер Майлин туралы мәселенi сол жиналыста қарауды дұрыс көрдi. Алайда жиылыста болған Мүсiрепов Майлиндi қорғап, «Майлиннiң мәселесi кейiнге қалып, бөлек қаралғаны жөн» – деген «ориентировка» бердi. «Мен Майлинмен жақын жүрсем, оның кiм екендiгiн бiлген соң жақын жүрдiм»,– дедi. Шынында Мүсiрепов Майлиннiң кiм екенiн бiледi. Майлин де, Мүсiрепов те бiлмейтiн сыр жоқ. Мүсiреповтың саяси бетiн осының өзi-ақ көрсетедi... Халық жаулары Сейфуллин, Жансүгiров, Тоғжановтармен де Мүсiрепов тығыз байланыста болды. Олармен сөз жүзiнде араз болғансып, iс жүзiнде ауыз жаласып, дегенiн iстеп келдi. Ол, бiр кезде халық жауы Сейфуллиннiң партияға қарсы жiгiнде болды. «Алашорданың революциялық ролi болды»,– деген зиянды «теорияны» таратушылардың бiрi болды. Оның бұл зиянды пiкiрi шығармаларынан айқын көрiнiп отыр... Бiздiң жазушылар жұртшылығы жаулардың қалдықтарынан арыла отырып, өзiнiң қатарын табансыз, тұрақсыз адамдардан мүлде тазартуы керек».
Ендi бұған не дауыңыз бар.
Әрине, «Мүсiрепов Майлиннiң кiм екенiн бiлдi». Бiлген соң, адалдығына көзi жеткен соң нақақтан күйiп бара жатқан адамға араша түсiп отыр ғой. Ал соны әлгi белсендiлер бiлмедi ме? Бiлдi. Бiрақ олардың өзi тiрi жүруi үшiн де өзгенi жарға итермеледi. Жаңағы мақала:
«Сталиншiл Нарком Николай Иванович Ежов жолдас бастаған қырағы НКВД орындары қазақ халқының қас жаулары ұлтшыл-фашистердiң қылмысын әшкерелеп қолға түсiрдi. Жапон-Герман фашизмiнiң жалдамалы төбеттерi, кiсi өлтiргiш сұмдардың, қарғыс атқан күшiктердiң шiрiк ұясы талқандалды.
Қазақстанның совет көркем әдебиетiне кiрiп кеткен ат төбелiндей зұлым иттердiң күлi көкке ұшырылды. Олардың сiлiмтiк қалдықтарын да құртады. Қайта туған қазақ халқының ежелгi жаулары Тоғжанов, Сейфуллин, Жансүгiров, Майлин сияқты ұлтшыл-фашист сұмырайлар қылмысы әшкереленiп қолға түстi. Халық жауларымен ауыз жаласып, олардың жетегiне ерiп кеткен, өзiнiң партиялық, моральдық пiкiрiнен айырылған, буржуазияның жырын жырлаған Мұқанов партия қатарынан шығарылды»,– деп хабарлады.
Бұл да «Қазақ әдебиетi» газетiнен алынды. Сонда Тайыр Жарокұлы қол қойған осы газет қана «халық жауын» әшкерелеумен шұғылданған ба деген сауал туады. Жоқ, мүлде олай емес. Мейлi, орталық, мейлi республикалық басылым болсын, бәрi бiр, олардың материалдарының мазмұны мен сөздiк қорының айырмашылығы жоқтың қасы. Айыпкердiң аты басқа, айыптаушының есiмi бөлек. Бiз басқа басылымдарда жарияланған жазушыларға қатысты материалдардың барлығы «Қазақ әдебиетiнде» көшiрiлiп басылғандықтан да негiзiнен соған сүйендiк. Аударылмай дербес күйiнде қалған мақалалар да қаншама. «Каз. Правдада», «Социалистiк Қазақстанда» шыққан «Сәкен Сейфуллин – Жапон империализмiнiң агентi» iспеттi байбаламдар да жеткiлiктi. Бiрақ мазмұны, сөз қолдану тәсiлi бiреу. Мысалы, «Каз. Правданың» қазан айының 11 күнгi санындағы Ғабит Мүсiреповке қатысты жоғарыдағы мәселенi жұртшылыққа мағлұмдаған:
«Две-три месяца назад в республиканской печати появились статьи разоблочающие национал-фашистскую агентуру, орудовавшую в союзе советских писателей Казахстана. Писатель коммунист Габит Мусрепов бывши в то время заведующим кульпросвет отделом ЦК К(б)ПК, бия себя в грудь, заверял тогда партийную группу правления союза советских писателей Казахстана в том, что он несет полную ответственность и ручается за политическую благонадежность своего соавтора Беимбета Майлина. Б.Майлин разаблачен как подлый предатель Родины, как один из соучастников национал-фашистской банды»,– деген мақаланың алдыңғы «үндесуден» қандай айырмашылығы бар.
Журналистер де «уақыттың» тiлiмен сөйледi.
Сонымен, «жапон-герман фашизмiнiң жалдамалы төбеттерi, кiсi өлтiргiш сұмдардың, қарғыс атқан күшiктердiң шiрiк ұясы талқандалды». Олар – Сәкен Сейфуллин, Iлияс Жансүгiров, Бейiмбет Майлин, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов... едi. Тек бұл тiзiмге Мұхтар Әуезовтің есiмi жетiспей, шолақ қайырылып тұр.
Иә, ол неге оқшау қалды?
Әр адамның маңдайында кездейсоқтықпен астасып жатқан бақ жұлдызы, белгiсiз қорғаушысы бар деген диалектиканың мойындап-мойындалмайтын заңдылықтарының бiрi осы. Мұхтардың бақытына орай «кезегi келген кезде» сол кездейсоқтық күтпеген жерден тағы да «жанын олжаға» сыйлады. Екi-үш айдың iшiнде қазақ мәдениетiнiң барлық белдi қайраткерлерiнiң саны күрт сиреп, өнер орманы асқан шапшаңдықпен оталып, жалаңаш қалды. Әр жерде бiр қарауытқан емендердiң де түбi босап, құлауға шақ тұрған. Ендi сәл кешiгiп барып тiзгiн тартса, орны толмас өкiнiшке ұшырарын аңғармау мүмкiн емес-тiн. Басқа адамды қайдам, Мирзоян сияқты жандар ол қасiреттiң орны толмасын бiлген.
Мұхамеджан Қаратаев: «Мұхтар қалай аман қалды дейсiң бе? Мен оның анық-қанығын бiлмеймiн. Әйтеуiр, қатты торығып, қалтырап, үреймен күнелткенi рас. Сәбиттi де, Ғабиттi де, Мұхтарды да ұстамақшы болып әрекеттендi. Анық-қанығына дәл көзiм жетпейдi, бiрақ, Мирзоян осы мәселеге орай арнайы Москваға барып, Сталинге жағдайды түсiндiрiп: «Егер де осы бетiмен кете берсе, онда қазақ мәдениетiн өркендететiн тiрi жан қалмайды. Өнер отының мүлде өшiп қалу қаупi төнiп тұр. Бұтақсыз, қорғансыз ағаш сияқты боп қалды. Ендiгiлерiн мәдениет үшiн, халық үшiн аман сақтайық. Қолда ұстайық «,– дептi-мыс. Қазақ әдебиетiндегi аты аталған осы үшеуi болыпты», – дегендi естiдiм. Шындық болуы да. Әйтеуiр олардың аман қалуына сондай әңгiменiң себебi тиген »,– деп тосын жақсылықтың нышаны қай жақтан келгенiн мегзедi.
Тағы бiр жай: жиырмасыншы жылдың басында Мұхтар Әуезов пен Ежов Губкомда бiрге iстеген. Топ боп түскен суреттерi де бар. Осы таныстық септiгiн тигiзбедi ме екен деп те жорамал жасауға болады. Әуезов пен Ежов екеуінің алғашқы таныстығы Николай Ановтың «жөнсіз сүйткетпесінен» басталыпты. Ол туралы Н.Анов:
«Менің Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен танысуым үлкен керіспен аяқталды. Бұл 1924 жылы жаз айында өтті, онда екеуміз де Семей қаласында тұратынбыз. Мен орыс тілінде шығатын «Степная правда», ал Мұхтар «Қазақ тілі» газетінде істейтінбіз. Қыста ол Ленинград университетінде оқитын да, жазғы демалыста өзінің туған қаласына келіп, губерниялық газеттің редакторы Тоқжігітовке қолқабыс ететін. Жаңылмасам Мұхтар қаладағы жалғыз студент болатын. Жап-жас, келбетті, қалың бұйра шашты, өзінің «астаналық» сән үлгісімен – көк күнқағары бар студенттік фуражкасымен ерекшеленетін. Оның иесі: «Мен тек қана студент емеспін, мен үшін ғылым басты мақсат», – деп тұрғандай еді.
Комсомол-студенттер кепкі ғана киетін, көбінесе жалаңбас жүретін. Өйткені, ол кезде галстук таққан немесе шалбарына бастырыла үтіктелген жолақ жүргізген жігіттер мен қыздарды комсомолдан шығарып жіберетін. Сондықтан да Мұхтардың студенттік фуражкасын семейлік журналистер жақтырмай қабылдады. Ол тұста Семей – әдеби қала болып табылатын: қазақ тілінде «Таң» журналы шығып тұратын, ал орыс жазушыларының бірлестігі «Шахта» деген жұқалтаң мұқабаша шығаратын. Менің «Айдағанның сегізінші тоқалы» деген бір әңгімем сонда басылды.
Мұхтар Әуезовпен екеуміздің арамыздағы керіс, міне, осы «сегізінші тоқалдан» басталды. Оған себепкер мен болдым. Қазақ халқының тұрмысын білмегендіктен де, мен өзімнің әңгімемде қазір де есіме алсам бетім қызарып сала беретін «қиянпұрыс қиялға» жол беріппін.
Мұхтар әңгімені оқып шығып қатты ренжіді. «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоғжанов «сегізінші тоқал» басылған журналды алды да, Әуезовті өзімен бірге ертіп губкомның партия хатшысы Николай Иванович Ежовқа кірді, сол кезде оның кабинетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Туриков отыр еді. Хатшы Мұхтардың сөзін үнсіз тыңдай отырып, үш бетке басылған кесірлі әңгімені көзімен жүгіртіп шықты.
Әрине, Ежовқа мырзасынған қазақ ұнаған жоқ. Әуезовті ол үстірт қабылдап, мына шыжық-быжықтың неден өршігенін түсінбеген сыңай танытты. Мұхтар барынша жанығып, барған сайын бастырмалата сөйлей берді. Ежов оны:
– Тоқта, тоқта... Өзіңе не керек?,– деп тоқтатты.
– Қазақстан туралы мұндай сандырақты жариялауға болмайды. Бұл әңгіме емес, барып тұрған қияли өтірік. Қазақ – мұсылман халық! Ал ислам шариғаты бойынша мұсылмандар төрт әйел алуға ғана құқылы. Сондықтан да қазақтардың сегіз әйел алуы мүмкін емес!
Ежов қабағының астымен Мұхтарға қарады да:
– Журнал орыс тілінде шығады. Оны оқитындар да орыстар. Олар шариғаттың заңын білмейді, білуге міндетті де емес. Мысалы, сендердің неше әйел алатындарың маған да белгісіз. Ал істің анығына көшсек, төрт әйел ала ма, сегіз әйел ала ма, бәрібір емес пе. Өзің айтшы, мұның қандай айырмасы бар?
Мұны естігенде Мұхтардың көзі шарасынан шығып кетті.
– Бұған қоса айтарым, Айдаған деген кім? Бай! Мыңғырғын қойы бар. Соны пайдаланып қой қорасын тоқалға толтырған екен. Ал ол тоқалдар кім және қайдан келді? Әрине, кедейдің қыздары. Бұған, міне осылайғ таптық тұрғыдан мағына берсек, бәрі де дұрыс дұрыс болып шығады.
Губком хатшысы кенет «сізге» көшіп, жымия қарап::
– Кигеніңіз студенттік фуражка, ал мәселенің түп тамырын ажырата алмайсыз,– деді.
Алайда, Мұхтар оңай берілгісі келмеді. Мұны байқаған Ежовтың бетіндегі күлкі белгісі дереу суый қалды. Ол орындықтан тұрды да әдеттегісіндей жирен шашын желкесіне қарай ысыра қайырып:
– Мен жұмыспен келген екен десем, қайдағы бір құлақ сасытатын болымсыз әңгімені қозғайсың. Православтардың заңы бойынша олар бір-ақ әйел алуы тиіс, ал шындығына келгенде орыстардың әйелі мұсылмандардан аз емес. Бәрі де анық және түсінікті емес пе, – деді.
Содан кейін Ежов «Қазақ тілі» газетінің редакторына мойынын бұрып:
– Осыны да өзің түсіндіріп бере алмадың ба? Редакторлығыңа болайын, – деді.
Олар кабинеттен шығып кеткеннен кейін Ежов темекісін тартып тұрып үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісіне:
– Осындай қырт шаруамен губкомға келудің өзі ұят емес пе,– деді.
Әуезов пен Ежовтың арасындағы бұл кездесу туралы кейіннен менімен жақсы достасып кеткен Николай Арсеньевич Туриков егжей-тегжейлі айтып берді.
Мұхтардың реніші ешқандай да нәтиже бермеді, бәрі де өз орында қалды, алайда, менің көңілімде терең дақ түсірді. Қатты мазасызданған мен редакцияға келгеннен кейін Мұхтардың алдында өзімнің кінәмді мойындадым»,– деп, есіне алады.
Ал бұдан кейінгі олардың арасындағы байланыс қалай дамыды, ол жағы бізге беймәлім. Әрине, достасып кете қоймаған. Алайда губкомның төрағасы, Қазаткомның саяси хатшысы міндеттерін атқарған қайраткермен есептесуіне тура келгені анық. Кеңсесіне шақырып, естелікке суретке түсуі, отыз алтыншы жылдары Семейді есіне алып, «Мұса ақынды» (Исаны) іздетіп, оны орденмен марапаттауы соған сендіреді. Дегенмен де Мұхтардың өзi теңеген «жетi басты жалмауыздың» бетiн қайтарған Мирзоян дегенге иланғымыз келеді. Өкiнiштiсi, оның қолынан жазықсыз жәбiрленгендердiң барлығын аман алып қалу, арашалау келмедi. Ол мүмкiн де емес-тiн.
Ал сонша адамды құрбандықтан сақтап қала алатындай адам бар ма едi? Бар едi. Ол – Сталиннiң өзi болатын. Оның көсемдiк атына көлеңке түсiргiсi келмегендер: «Сталин iстiң нақты барысын, ауыртпашылығын кеш бiлдi »,– деп лақап таратты. Иә, лақап, бiрақ шындық емес. «Дақпырт пен қасiрет» атты монография арқылы Сталиннiң саяси портретiн жасаған Д.А.Волкогоновтың пайымдауынша, Жоғары Соттың председателiнiң орынбасары В.В.Ульрих пен Вышинский екеуi сот процесi мен үкiмнiң орындалу барысы жөнiнде тұрақты түрде Сталинге (сонымен қатар Молотов пен Ежовқа) мәлiмдеп отырған. Өндiрiлген көмiр мен астықтың мөлшерiмен қоса жазаға тартылған адамдардың санын да Сталин күн сайын есепке алыпты. Партияның ХХ съезiнде жасаған баяндамасында Н. С. Хрущев бұл қасiреттi:
«Бiзге оның iстеген әрекеттерiн шектен шыққан деспоттың әрекетi едi дей алмаймыз. Ол партияның, еңбекшi бұқараның мүддесi үшiн, революцияның жеңiстерiн қорғау үшiн осылай iстеу керек деп түсiндi. Ең басты қасiрет осында!»,– деп негiзгi мәселеден аулақтатқысы да келдi.
Қандай мақсатты көздесе де, ол – сол партияны құрған большевиктердi, сол еңбекшi бұқараның өкiлдерiн құрбан етуге ешқандай да қақысы жоқ болатын. Күнделiктi баспасөздегi халық жауын әшкерелеген тергеу жұмыстары туралы хабарларға көзi түспеуi мүмкiн емес-тiн. Тiптi, «зиянкестiкпен егiн ектiрiп, зиянкестiкпен мал бақтырды» деген сөздiң астарындағы арандатуды аңғару үшiн ойланудың өзi артық.
Сондай тергеудiң бiрi Қазақстанда да өттi. Тергеу – Семей облысы Үржар аудандық партия комитетiнiң хатшысы мен атқару комитетi председателiнiң және басқа да колхоз басқармаларының үстiнен жүргiзiлдi. Бұл ауданның ерекше назарға iлiгуiнiң басты себебi – кезiнде өкiмет комиссиясының құрамында Халық Комиссарлар советi председателiнiң орынбасары Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллиндер осында келген екен. Тергеудiң Сәкенді айыптауға тiкелей қатысы болғандықтан да сәл ғана үзiндi келтiремiз. Ешқандай бұрмалауға ұрынбас үшiн әдейi түпнұсқаға иек арттық. Тергеу iсi «Процесс антисоветской национал-фашистской банды в Урджарском районе» деген атпен «Казправданың» бiрнеше санына жарияланды. Тергеудiң сұрақ-жауабын жариялаудағы мақсатын газеттiң өзiнiң бас мақаласында:
«за них спиной стоят гнуснейшие убицы, Японские шпионы – Кулумбетов, Жандосов, Садвакасов, Ж. Нурсейтов, Сәкен Сейфуллин и другие... Всех, кто поднимает руку на нашу прекрасную Родину, мы будем беспошадно уничтожать, как бешеных собак»,– деп түсiндiрдi.
Зады, айыптаушылардың iшкi ыза-запыраны шарасынан аса көпiршiсе керек, «бидай егуге нұсқау бердi» дегеннiң өзiн «зиянкестiкпен iстеттi» дейдi. Мүмкiн, қолдан жасалған жала шығар. Сонда да жалпы жағдайдан толық мағлұмат алу үшiн де аса қажет. Тергеу iсiнен:
«Председательствующий: И вы завербованы в контрреволюционную организацию националистов?
– Да, – Нурсеитов сказал, – что в состав организации входят Кулумбетов, Джандосов, Нурсеитов. Позднее я узнал от Джандосова что Жургенов, Молдажанов, Садвакасов Жанайдар, так же являются членами организаций входит Сакен Сейфуллин, добавив при этом, что о других членах организаций ничто сказать не может, в виду необходимости сохранить строжайшую конспирацию».
Прокурор: Чем он (Кулымбетов – Т. Ж.) у вас занимался?
Матчанов: – Главным образом интересовался постановкой вредительской работы в нашем районе, побывал в колхозах, где его заданием был произведен вредительский посев хлебов и уничтожался обобществленный скот. Там же познакомился с нашими людьми, занимавщимся вредительством.
Прокурор: Известно ли Вам что сказал Кулумбетов Елемесову?
Матчанов: Кулумбетов обещал ему перевести 10 тысяч рублей якобы для ремонта школы. Кроме того, Кулумбетов дал задания Жунусову раздать обобществленный скот в личное пользование колхозников. Это задание нами частично было выполнено в колхозе «Елтай» («Каз. парвда», 30. IХ. 37 г.).
Шыдамның да шегi бар, төзiм де тозады. Сот төрағасының, прокурордың сұрақтарының өте дәлдiкпен қойылып, айыпкерлердiң еш күмәнсiз ығына жығыла жауап беруi қаншалықты шындыққа жақын – оны сарапқа салмай-ақ қоялық. Бiрақ та; «побывал в колхозах, где по его заданием был произведен вредительский посев хлебов», «там же он познакомился с нашими людьми, занимавшимся вредительством», «Кулумбетов обещал ему перевести 10 тысяч рублей якобы для ремонта школы» деген сөйлемдердi: «Ол тұқым сеуiп егiншiлер арасында болды», «сол арада маңдай терiн төгiп жүрген бiздiң адамдармен танысты», «Мектептi жөндеуге 10 мың сом бөлуге уәде бердi» деп өзгертсе, шындық өз орнына келер едi. Бәрiн бүлдiрiп жүрген «зиянкестiк» деген жалғыз сөз.
Жалғыз-ақ сөз. Бiрақ қандай жексұрындық мiндет атқарып тұр десеңшi.
Тергеушiлердiң өз күшiне сенгендiктерi сондай, егiн егу де қылмыс боп шыққан. Сонда олардың өздерi немен күн көрерiн, нанның қайдан келетiнiн бiлмегенi ме? Зады, Ярослав Гашек те мұндай пародияны Швеиктiң аузына сала қоймаған шығар. Бұл жерде жазушының қиялына тергеушiнiң қаламы шаңын да iлестiрмей кеткен.
Өмiр мысқылы, өмiр әжуасы деген осы. Мұндай соттан қандай әдiлеттiлiктi күтуге болады? Ешқандай.
Қасiреттiң ең үлкенi сонда.
4.
Күйiнiшi мол көңiлсiз әңгiменi осымен де доғара салуға болар едi. Қараша, желтоқсан айларында арандатушылардың байбаламы сәл толастап, «апырмау, бiз не iстедiк осы» – дегендей саябыр тапты. Ендi өзара майданға шықпаса, әшкерелейтiн «жау да» қалмап едi. Әсiресе, жазушылар одағының арасында Сәбит, Ғабит, Мұхтардың тергеу iсi тоқтатылуы олардың көңiлiне де күдiк ұялатты. Кенет алдыңғыларын да ақтап шығарса ше? Онда қай беттерiмен кiсiге көрiнбек?
Өте қауiптi ойын және күдiк те орынды.
Бiрақ әшкерелеу науқаны күрестiң ең нәзiк жерiне кеп тiрелген едi. Ер де, есер де есiн жия бергенде, Сталиннiң: «Әкесi үшiн баласы жауап бермейдi» – деген атақты қағидасы шықты. Алдыңғылардың барлығы ересектердiң «ермегi» болса, ендiгi кезек жастарға берiлдi. Бұл – әкесiне баласын қарсы қойып, туған анасынан бас тартқызуға мәжбүрлiк жасаған ең сұрқия арандату болатын. Сәкен Сейфуллиннiң құлағын созып, қорлағандар да сондай қасиетсiздердiң бiрi шығар. Әкесiнiң атынан безгендер қаншама. Әлi де фамилиясына көше алмай жүргендер бар ғой. Қателiгiн кеш түсiнiп, әке-шешесiнiң бетiн бiр көруге зар боп өткен талай адамның көз жасының төгiлгенiне куә да табылды арамыздан. Жалғыз-ақ мақсатты ұстанды:
Ол: «адамның арасындағы ең қасиеттi мейiрiм ұясы семьялық жылылықты бұзғысы келдi, әке мен бала арасындағы кәдiмгi қарым-қатынастың тас-талқанын шығарып, болмашы ренiштiң өзiнен үлкен өшпендiлiк тудырып, сол арқылы бала ешкiмнен именбестен әкесiнен бас тартып, өз әкесiн өзi аяққа таптап қорлауын тiледi. Сөйтiп, туыстық мейiрбандықтан айырып, жалғыз қалдыру арқылы өзiнiң қатiгез билiгiнiң алдында қалтырап тұруын армандады».
Философ hам жазушы Фазил Искандер осылай түсiндiредi. Бұл адам шындықтың дәл үстiнен түсiп отыр. Басқаша бағамдау мүмкiн емес.
Ал ұстағанын уысында уататын тағдыр шiркiн мұндайда тiптi құтырынып шыға келмей ме. Қиыннан қиыстырып, ең бiр нәзiк сезiмдердiң өзiн қорлап, аяққа таптады. Кеше ғана көз алдында ойнақтап, мойныңа асылып жүрген ұлыңның бүгiн әкесiнiң көзiн шұқып, «сен жаусың» деп сұқ саусағын жүрегiңе найзадай шаншып тұруы, не құлағыңнан жұлқа тартып ата-бабаңнан, әке-шешеңнен тартып сыбап шығуы, не тергеудiң тезiнен тәнiн қинап әзер өткен ата-анаңа «мен сендерден бас тартамын» деп өз балаңның өзiңнен жерiп, өкпе-бауырыңды суырып алуы қандай сұмдық. Бұны тағдырдың тәлкегi деу аз. Одан да қатыгез, одан да аяр, айтып жеткiзе алмайтын қасiрет. Тағдыр тәлкегi адамның бiр сәттегi кешкен күйiнiң мұң-шерiнен, шарасыздығынан ушығады. Ал, мынау, әдейi жасалған кесiрлiк. Бiр сәтке мұндай суреттi, суреттi емес, өмiр өксiгiн елестетiп көрiңiзшi. Әкесi, ақын әкесi түрмеде азап шегiп, қиналып жатқанда оның тұңғыш баласы «Ақын өлiмiне» арналған өлеңдi оқып, сыйлық алып жатады. Сәби жүрек не iстеп тұрғанын сезбесiн, ал соның барлығын көрiп-бiлiп отырған ересектер ше?
Өкiнiшке орай бұл долбар емес – шындық. Ауыр да ащы ақиқат. Iлияс Жансүгiровтің өкiл ұлы Жәнiбек Бiләлұлы Сүлеев «халық жауының күшiгi» деген айыппен он үш жасында, иә, он үш жасында! – абақтыға қамалып, бiр жылдан соң Сталиннiң «әкесi үшiн баласы жауап бермейдi» деген сөзiнен кейiн бостандыққа шықты. Сол «сенiмсiз күшiк» он жетiге толар-толмасында жасын өтiрiк жаздырып майданға аттанып, ерлiкпен қаза тапты Оның құрдасы Бейiмбеттiң ұлы Мереке ше? Заманның сол ызғары сәби ғұмырына салқынын тигiзiп, әкесi Омардан көз жазып қалған тiрi жетiмнiң бiрi, ақиық ақын Олжас Сүлейменов:
«...37-жылы елiмiзде ең бiр айтулы әдеби оқиға – Пушкиннiң қаза табуының жүз жылдығы аталып өтiп жатты. Алматы мектептерiнде Лермонтовтың «Ақын өлiмiне» атты өлеңiн үздiк орындаушыларға арналып бәйге жарияланды. Маған бұл жайды, сол кезде 13 жасқа жаңа толған Бейiмбет Майлиннiң ұлы айтты. Ол осы бәйгеге қатысып, әйтеуiр бiр жүлделi орынға ие бопты. Сол сәтте ол бiздiң салтанатымыздың құнын бағалай алмады, сол бiр қанқұйлы шақта кiмге қарсы қол көтергенiн де ол бiлмедi. Бұл кезде – царизмге қарғыс жаудыра отырып, Пушкиннiң шәкiрттерi мен iсiн жалғастырушыларды, ақындарды өлiмге байлап берiп жатқан. Сондай сойқанның тұсында Мұхтар Әуезовтің қалай аман-есен құтылғанына, Сәбит Мұқановтың, Мүсiрепов пен Мұстафиннiң тiрi қалғанына таңдануға да болады»,– деп ашына жазды.
Расында да таңданатын, сөйте тұрып соған да шүкiршiлiк ететiн жай. Олардан да көз жазып қалудың мүмкiндiгi бар едi ғой және қандай оңтайлы мүмкiндiк десеңiзшi. Ең ауыры – алданған ұлдың өкiнiшi ғой. Әкесiнiң қазасы (ақынның тағдыры ортақ) туралы өлеңдi оқып, бәйге алу – ардан аттағандық емес. Бiрақ мына тұста ол мүлдем басқаша, әкенi де, баланы да қорлау үшiн жасалып отыр ғой.
Мақсат – бәйгеде емес, әке мен баланы өштестiруде.
Мереке Бейiмбетұлы Майлиннiң бар қабiлетiн көрсете алмай, iшiндегi өкiнiшке ертерек өртенiп кетуiне де сол «бәйгенiң» кесiрi тиген шығар. Қаншама жас ғұмырдың өмiрi үсiкке ерте шалынды десеңiзшi.
Ұрпақтардың арасындағы ол жарықшақ әлi бiткен жоқ. Бiрiн қиюластырса, екiншiсi сықырлап шетiней бастайды. Оның дауасы да осалдықпен табылып, асқынған дертке оңайлықпен ем қона қоймас. Қазiргi жiкшiлдiкте сол «қағиданың» сарқыншағы бар десе – қателескендiк емес.
От басы, ошақ қасында осындай берекесiздiк әкелген бұл «қағида» қоғамдық өмiрге де кесiрiн тигiздi. Әсiресе, әр ұрпақтың арасындағы қайшылық жайшылықтың өзiнде бiлiнiп қалатын өнер саласында, тiптi ушығып кеттi. Төрдегi орын онсыз да ойсырап бос қалғанмен, ол да аздық еттi. Ашықтан-ашық аға буынның бетiне топырақ шашты. Оны «Любовно выращивать молодых казахских писателей» деген әп-әдемi тақырыппен берiлген мына мақаладағы:
«Маститые» бандиты заглушали инциативу литературного молодняка. Враги народа, долгое время сидевшие в союзе писателей, насаждали ложное мнение о якобы «незаменимости» небольшой «избранной» кучки писателей, так называемой «пятизвездочки», куда входил на положении «неповторимого дяди» казахской поэзии и Джансугуров. ...Так было и писателями более или менее оформившимися и претендовавшими на определенное место в литературе. Вредительскими руками Джансугурова был сорван в 34-году намеченный юбилей 10-летия творчества молодого талантливого писателя комсомольца Аскара Токмагамбетова, а сам писатель был оклеветан»,– деген пiкiрден-ақ («Каз. Правда», 12. IХ. 37 г.) аңғаруға болады.
Құрметтi қаламгерлер «кәнiгi қарақшыға» айналып шыға келдi. Солардың қатарында Әуезов те аталды. Адам бойындағы ең қасиеттi сезiмнiң бiрi – инабаттылықтың, кiсi сыйлаушылықтың қадiрi кеттi.
Мұндай арандатуды ата жауына да тiлемес ешкiм. Әрине, Асқар Тоқмағамбетовтiң он жылға толған творчестволық жолын атап өтуден, не кейiнге қалдырудан әдебиет өспейдi де, өшпейдi де. Қалмақан Әбдiқадыровке ондай құрмет көрсетiлген. Бiрақ арзан өкпеге Iлиястай азаматты, ақынды қорлау – әдепсiздiктiң нағыз өзi. Бұл жолдарды жазған, не жаздырған адам Асқардың өзi ме, әлде долбар ма? Ендеше шын авторы кiм?
Әмәнда бет-пердесi ашылмаған, қылмысы анықталмаған адам қауiптi. Ал осы хабар жарияланғаннан кейiнгi Iлиястың үй-iшi мынадай күй кешiп едi.
Фатима Ғабитова: «1938 жыл, апрель, № 25 ер балалар мектебiнде (сабақ берiп) оқытып жүрмiн. Бұл мектепке жақында ғана орналасқам. 6 «б» класында класс жетекшiсiмiн. 19 «халық жауы» атылғаны туралы үкiм газетте жарияланғанда, завуч барлық класс жетекшiлерiне ол жауыздардың халыққа iстеген қиянаттарын оқушыларға түсiндiрiп, тиiстi жазаларын алғандықтарын айтуымыз керектiгiн айтты. Маған бұл завуч ертеден таныс. Жанына жақындап, ақырын ғана: «Мен айта алмаймын»,– дедiм. Ол, төмен қараған күйi (бетiме қарамай); «Мен сiздiң халыңызды түсiнемiн, сiздiң класқа өзiм айтамын»,– дедi де, менi iлестiрiп класыма келiп, оқушыларға «халық жауларының» жағдайын түсiндiрдi. Сол күннен бастап завуч маған басқаша қарайтын болды... Әзiр сол завуч қайда екен? 1937-1938 оқу жылындағы завучтар жайлы сұрасам, табар да едiм. Менiң халiмдi сол күндерi түсiнушiлердiң бiрi – сол завуч едi... Ол, Біләлдi де, Iлиясты да жақсы бiлетiн Алматының ескi орыс мұғалiмдерiнiң бiрi едi.
Мен бүгiн ол завуч туралы жазбақшы емес едiм, тек есiме түскен соң жазылып кеттi. Менiң бүгiнгi жазуға ниеттенген уақиғам, өз өмiрiмдегi ең қорқынышты, аса қауiптi күнiм жайлы едi. Сондықтан да сөз басында сол қарғыс атқан күннiң болған числосы апрельдi жаздым. «19 жау» апрельде емес, мартта атылған болатын. Және олар атылған түнi бiздiкiне, ұлын ерткен Iзтiлеу Жақанов (немере сiңілiмнiң ерi) балаларға алма, түрлi тәттiлер алып келген едi. Iзтiлеу баласымен бiздiң тар бөлмемiзге орналасқанда, өте ақырын есiктi еппен ашып Ғұсман Жылқыбаев (немере iнiм) келiп кiрдi. Бұл екеуi де атылған 19 адамның маған қалай әсер еткенiн, менiң халiмдi бiлу үшiн келгендер едi. Бiрақ екеуi де ол уақиға жайлы ләм-мим демедi. Мен де ештеңе демей, шәй-пәй берiп, оларды – жанашырларды ұзатқам.
Қанды марттан соң қаhарлы апрель келдi. Күнде құт ұшарлық жаңа хабар. НКВД-ның есiгiн құрғатпаймыз. К-нiң (комендатураның – Т. Ж.) ерiмiзбен көрiстiруiн сұрап С-ге (следовательге – Т. Ж.) звонит етемiз... «Қатындарын да айдайды екен, балаларын балалар үйiне алады екен»,– деген хабар зәремiздi алды... Және де: «Әйелдердi балалармен қызыл вагондарға салып алыс жаққа жiбередi екен», «Кавказдықтардың семьялары қызыл вагонда Қазақстанға келiптi. Ауырған балалары вагонда өлiптi. Тiптi суға да зар болып, барлығы қиналыпты» – деген хабар үрейдi ұшырады. Апрельдiң соңғы күндерiнде с-тель (тергеушi – Т. Ж.) ерiмiзбен көрсетуден бас тартты. «Ерiңiз менiң қарамағымнан кеттi, ендi маған звонить етпеңiз!»– дедi және сол күнi менiң өзiмдi алуға екi орыс, бiр маржа келдi. Қызыл вагоннан қорыққанымнан үш баламды өзiмнiң туып-өскен қалам Қапалға жiберiп едiм. Ол балаларға бас-көз болып алып кеткен, нағашы апам – Хұппи болатын. Үлкен ұлым Жәнібектi де бiр жылға түрмеге қаматқан едi НКВД. Жәнiбек түрмеге түскенде 13 жасар бала едi. НКВД менi алғалы келгенде қолымда төрт айлық Болатым ғана қалған болатын.
Ымырт жабыла мектептен қайттым. Үйде қызметшi әйел Болатты ұстап отыр екен. Шешiнiп, дайындаған тамаған iшiп, Болатымды қолыма алдым. Елегiзiп отырғанымда, сау етiп үш сұмырай жетiп келдi. Есiктен кiре бiреуi: «Вот, так. Откуда это ребенок?»,– деп бақырая бетiме қарады. Мен: «Өзiмнiң балам», – дедiм. «Туған куәлігін әкеліңіз»,– деді. Мен: «Әзiр үйдi тiнтесiз ғой, сонда өзiңiз тауып аласыз!», – дедiм де, Болатты өзiм отырған диванның бұрышына тастай салып, диван астында жатқан кiшкентай өткiр балтаны қолыма алып: «Жақындамаңдар, балама! Алдымен баламды өлтiремiн, онан соң қайсың келсең соныңды өлтiремiн! »,– деп айбар шектiм. «Баламды тiрi қолдарыңа бермеймiн!»,– дедiм. Расында да солай бекiнген едiм. Емшектегi жас нәресте әлбетте қолына түссе өлер едi. «Балам түрмеде қай күйде өлдi екен?!» – деп, қасiрет тартқанша, өз қолымнан өлтiрейiн де, өзiм де өлейiн, бұл адам төзбес азаптарды көргенше»,– деп те ойлап едiм. Ерiм қамауда, 13 жасар ұлым түрмеде, ендi өзiмдi емшектегi баламнан ажыратып алғалы келiп отыр. Үш сәбиiмнiң тағдыры және белгiсiз... Не деген озбырлық?! Не деген зұлымдық?! Не кiнәмiз бар едi?!
Менiң қаным қашып, бала ұстап тұрған түрiмдi көрген НКВД-лiктер маған: «Балаңыздан айырып сенi алмаймыз. Кеше балаларыңызды жiберiп пе едiңiз? Мына распискаға қол қойыңыз да паспортыңызды берiп, балаңызбен отыра берiңiз!», – дестi. Расписканы оқып, қол қойдым. «Алматыдан НКВД-ның рұқсатынан басқа бiр жаққа да шықпайсын» делiнген екен.
Ертеңiне мектептен келгенiмде бiр қызыл әскер НКВД-ға шақырған қағаз алып келдi. Болатты мықтап орап алып, НКВД-ға бардым. Қағазда көрсетiлген түрмеге кiрдiм. Орта бойлы, 30 жастардағы қара қазақ есiктен енгенiмде: «Балаңмен неге келдiң?»,– деп айқайлап жiбердi. (Мен сорлы баласыз келсем, қамап тастар деген оймен баламды ала келiп едiм). Iргеде тұрған екi орындықтың үстiне ұйықтап жатқан баламды жатқызбақ болдым. Ол «арс» еттi. «Қолыңа алып отыр!»,– дедi. Амалым қанша, айтқанын орындап, Болатымды алдыма алып отырдым.
Сұрақ басталды. Аты-жөнiм, жасым, қай жылда не iстегенiм, туыстарым – барлығы, барлығы жазылды. Iлиясқа көп келетiн жақын жолдастары жайлы сұраққа екеумiз айтысып қалдық. Мен бiреудiң де атын атамауды тiледiм. «Iлиястың есiгiн баққан есiк күзетшiсi емес едiм, мұғалiммiн. Кiм келiп, кiм кеткенiн қайдан бiлемiн. Тегi бiздiң үйден қонақ арылмайтын. Түсi таныс емес адамдар да көп келетiн»,– деген сияқты сөздер айттым. Қара иттi менiң жауабым ызыландырды. «Қылжақтамай дұрыс жауап берiңiз! Өзiңiздiң қайда отырғаныңызды ойлаңыз!»,– деп, жұдырығымен үстелдi қойып-қойып қалды. Мен жайлап: «Мен қайда отырғанымды бiлемiн. Және сiздi де сенiмдi араның сенiмдi қызметкерi деп ойлаймын. Соншама тәрбиесiз түрде маған неге ақырасыз? Мен болсам 18 жыл мұғалiм болған, неше мыңдаған жастарды тәрбиелеген адам емеспiн бе?», – дедiм. Ол абалауын тоқтатпады. «Шешенсiнбей дұрыс жауап бер!»,– деп ақырды. Мен: «Ендi мен сiзге жауап бермеймiн, бiлгенiңiздi қылыңыз!»,– деп, отырып алдым. Iшкi есiктен жуандау сары орыс шықты. Ол (Иванов – Қарағандылық едi): «Неге бажылдайсыңдар?»,– деп сұрады. Қара ит оған жайды өзiнше түсiндiрiп жатты. Болат жылады. Баламды алып, аузына емшегiмдi салдым. Сұмырайлар өзара сөйлестi. Иванов iшкi бөлiмге кеттi де қара ит маған абаламай жай ғана: «Мынаған қол қойыңыз да, үйiңiзге бара берiңiз»,– дедi. Жазғандарын оқып шықтым. Сұмдық, сұмдық... Өмiрде мен ойламаған сөздер жазылған екен... Әсiресе, менiң жанымды қатты ренжiткенi: «Бiздiң үйде ұдайы үкiметке қарсы жасырын жиындар болып тұрыпты. Сол жиындарда хатшылықты мен атқарыппын. Машинкада үкiметке қарсы жарналар басып таратуда да менiң көмегiм мол болыпты. Осындай жолдарды оқығанда өз-өзiмдi тыя алмай, ақырып жылап жiбердiм. «Iлияс, жан досым Iлияс! Мына иттер босқа күйдiрдi ғой, босқа күйiпсiң ғой, асылым!»,– деп жыладым.
Дұрысын айту керек. Менде жүрiп жатқан саяси жағдайға қарап, бiрдеңе бар ма екен деген күдiктен сау емес едiм. Бiрақ ол бiрдеңенiң ұйымдастырушыларының бiрi – Iлияс емес, тек сол бiрдеңенi естiп, айтпаған, тыңшылық iстемеген болуы мүмкiн деп, ойлайтын едiм. Ешбiр айыпсыздан айыпсыз соншама адамды жауып, кейбiреуiне ату жазасын кесу ақылға сыймайтын хал едi... Ендi, өзiме жабылып отырған жаланы көргенде, бiр жылдан берi мазасызданған уақиғаның бет-пердесi сыпырылғандай, нақақтан-нақақ талай жандардың жазаланғаны мәлiмденгендей болды. Өксiгiмдi баса алмай, өзiмдi-өзiм тыя алмай жылай бердiм. Өмiр не деген улы едi?! Ол күнi менi тарғыл қара ит ептеп НКВД-ның есiгiнен шығарып салды. Ертеңiне және шақыру қағаз алып, қара иттiң алдына келдiм. Бүгiнгi күн ол менiмен тiптi тату сөйлестi. Жауап жазылатын қағазды өзiм толтыруға рұқсат еттi. Өз қолыммен барлық сұрақтарға жауап жаздым. Көп жерлерiн, әсiресе ақ жерлерiн сыздым. Сөйтiп, қолымды әр парағына қойып, бұл азаптан азат болдым. Бiр-екi күн өткен соң тағы шақырылдым. Бұл жолы басқа адам қарсы алды. Мен сияқты бiрнеше ерлерi алынған әйелдер жиналған екен. Iшiнде Сәкеннiң әйелi – Гүлбаhрам да бар едi. Ол орыстың бiзге естiрткенi: ерлерiмiз он жылға алыс Сiбiр айдалыпты. Бiздiң де екi жылға тiлеген жерiмiзге Алматыны тастап, балаларымызбен кетуiмiз керек екен. «Ертең келiп, баратын жерлерiңдi айтып, бiзден справка алып, жол қаражатын, билет алып жолға шығасыңдар», – дедi. Ғұсмандармен ақылдасып, Семейге баратын болдым. Семейдi таңдау себебiм: «Үлкен қала, бiр жерден болмаса, бiр жерден қызмет табылар»,– деп ойладым. Қапалдағы балаларымды Семейге әкелiңдер деп, шақырып хат жазып, Семейге Болатымды алып аттандым...»
Бұл – талай жылға созылған сергелдеңнiң басы едi. Фатима да, Гүлбаhрам да, Гүлжамал да сол сыннан өттi. Балапандары үшiн аузына жем тiстеген құстай болып жүрiп балаларын да жеткiздi. Әрине, Фатимаға Мұхтардың да қолқабысы тимей қалған жоқ. Ал Гүлжамал Майлинаға қашан көзi жұмылғанша Ғабит Мүсiреповтің қамқорлық жасап тұрғаны барша қауымға мәшhүр.
Кетер адам – кеттi. Өлгеннiң артынан өлмек жоқ. Ойсырап орны қалған азаматтардың рухын жоқтатпау да парыз. Ең бастысы – әдебитеттi өлтiрiп алмау ғой. Одақтың мүшелерiнен бес-алты-ақ адам тiрi қалыпты. Солардың «кетiгiн толтыру үшiн» тиiстi шара қолданудың да қажеттiлiгi туды. Қазанның орта шенiнде одақта ұйымдық мәселе қаралған мәжiлiс өткiзiлдi. «Жазушылар ұйымына жаңа мүше, кандидаттар алынды» деген («Қ. Ә.» 27 қазан, 37 ж.) төмендегi хабар сол бiр ауыр күндердегi жылт ете қалған жақсы лебiз едi. Мұнда да тұздығы ащы сөздер ұшырасады. Онсыз хабардың дәмi де келмес едi. Ең бастысы – күйiнiштi емес, сүйiнiштi жеткiзуiнде. Құлаған бәйтеректердiң орнына өскен қуат-күшi мол жас теректер кiмдер екен. «Ат тұяғын тай басар» дейдi. Бұл да үлкен жаңалық. Хабардың ұзын-ырғасы былай:
«Халық жаулары Сейфуллин, Тоғжанов, Жансүгiровтер, совет жас ақын-жазушыларын да, халық ақындарын да ауыздықтап, шет қақпай ғып, оларды тұқыртып ұстауға тырысып келген. Әдебиеттiң тұлғасы «өзiмiз» ғана деп көрсетуге тырысқан. Сондықтан ол сұмырайлар – совет жазушылар ұйымының есiгiн жастарға да, халық ақындарына да ашпаған. Оларды шеттеткен, құбыжық етiп көрсеткен. Соның зардабынан совет жазушылар ұйымында бүкiл Қазақстаннан 15 мүше... 14 кандидат қана бар екен.
Соңғы уақытта Қазақстан совет жазушылар ұйымы жас ақын-жазушыларды және халық ақындарын өсiру, оларды тәрбиелеу, ұйымға тарту iсiн қолға ала бастады. Октябрьдiң 14 күнi жазушылардың ұйымының жанындағы комиссияның мәжiлiсiнде бiрсыпыра халық ақындары, жас ақын-жазушылар совет жазушылар ұйымының қатарына алынды. Жазушылар ұйымына мүшелiкке алынғандар: халық ақындарынан – Жанғабылов Елеусiз, Оңғарбаев Өтеп, Әзiрбаев Кенен, Тайманов Сеттiғұл, Терiбаев Қуат, Керiмбаев Саядiл, Байрабеков Орынбай, жас ақын-жазушы, сыншылардан мүшелiкке алынғандар: Қаратаев Мұхамеджан (кандитаттықтан мүшелiкке), Хасанов Қадыр, Камалов Сағыр, Кузнецов П.Н., Әбiлев Дихан, Саин Жұмағали, Әбiшев Әлжаппар, Өтепов Құлмырза, Сәрсенбаев Әбу, Еркiмбеков Дүйсембек. Жазушылар ұйымының кандидаттығына алынғандар: Қалауова (колхозшы – оқушы ақын), Сатыбалдин Қапан, Омаров Сейтжан, Мейiрбеков Қанабек, Құлбаев Рақымбай, Адамбеков Ықылас, Шалабаев Белгiбай, Лекеров Асқар, Калашников И.П., Қожахметова Раиида, Сланов Ғабдол, Бектемірова Мәриям, Малқаров Омарбай, Әбдiрахманов Төкен».
Тағдыры әлi белгiсiз, қыл үстiнде тұрған «Үш бәйтеректi», қолтығынан демеп, жүгi ауған әдебиеттiң көшiн түзеу, мiне, осыларға сенiп тапсырылды. Олардың денi көркем сөз өнерiнiң туын тiк ұстап, келер күнге аман-есен аманаттады. Бiразы Отан үшiн жанын пида еттi. Iшiнара тағдырдың сергелдеңiне түскендерi де бар. Өйткенi науқан әлi басылмап едi. Солардың арасында: Iлиясты, ал 1937 жылы 30 желтоқсанда Мағжанды ұстатқан, Iлияс ақын түрмеде жатып:
Жақсыларға жанасып,
Жүз құбылып күнiне,
Жетерсiң әлi сен ақсақ,
Талайлардың түбiне.
Мен келермiн оралып,
Күндердiң бiр күнiнде
Сен өлерсiң жүзқара,
Қор болып түптiң түбiнде, –
деген сөз тасығыш жансыздар да жүрдi.
1938 жылы қаңтарда БК(б)II Орталық Комитетiнiң пленумы «Партия ұйымының коммунистердi партиядан шығарудағы қателiктерi, БК(б)II-ден шығарылғандардың шағымдарына формальдi-бюрократтық көзқарас туралы және бұл кемшiлiктердi жою жөнiндегi шаралар туралы» қаулы қабылдады. Ежовтың iс-әрекетi, қылмысы әшкерелендi. Оның өзi халық жауы ретiнде ұсталды. Орнына Берия келдi. Ақиқат үстемдiк алатындай көрiнгенiмен, қатерлi құйын мүлдем басқа бүйiрден кеп килiктi. Ендi, «сол қателiкке жол бергендердiң» басына бұлт үйiрiлдi. Бұл – екiншi соққы едi. Үшiншi, ең шешушi соққы – 1938 жылы наурызда «ССР Одағының Прокуратурасының» Бухарин бастаған «оңшыл-троцкийшiл блогы туралы» шығарған үкiмi арқылы берiлдi. Әр толқынның өз құрбандары болды. Оларды туғызған құпия да қатал күштiң шығу тегiн, себеп-салдарын ашып беру – тарихшылардың еншiсiне тиесiлi. Мүмкiн парызы да болуы.
Оқыстан соққан қара дүлей жазушылардың да басына осал әңгiр таяқ ойнатқан жоқ. Тоғыз ай бойы зiркiлдеп, зықыларын да шығарды. Күйiнiші – ең аяулы бәйтеректердi отап әкеткенi. Аз ғана жұбаныш – бүгiн мен ертеңнiң арасын жалғастыра алатындай екi-үш тұлғаны арт жағында қалдырғаны.
Сол да үлкен медет. Оларға да зар болып қалуымыз әбден мүмкiн едi. Ендi, оны қайта қозғап жатудың өзi де артық.
5.
Табиғаттың тауқыметiн ерте тартқан қуатты емендер қашанда шыдамды, дауылға қарсы қасарысып тұрып алады. Сол сияқты Мұхтар да сан шайқалып барып қайта қалпына келдi. Бiрақ жапырағын желге тонатқан жапандағы жалғыз түп ағаштай айналасы үңiрейiп бос қалды. Қатарлас құрбы-құрдастарының сиреп қалғанына өкiнген Виктор Гюго:
«Мен қазiр өзiмдi-өзiм бiрнеше рет қатарынан оталған ормандағы аман қалған ағаш сияқты сезiнем»,– деген екен.
Бұл сөздi Мұхтардың да өзiне қарата айтуына болатын. Ешқандай әсiрелеусiз айтылған шындық ретiнде қабылданар едi. Сондықтан да шығар, көпке дейiн көңiл сарайы құлазып, қоңылтақсып жүрiптi.
Ол да бiр өткен өмiрдiң татқызған кермек дәмi. Мұхтар бұл жылы тура қырық жасқа толды. Алдағы жиырма төрт жыл өмiрiнiң жиырма жылын Абайға арнады.
Қуанышын да, жұбанышын да содан тапты.
Мұхтардың шын мәніндегi екiншi өмiрi басталды.
Өкiнiшке орай, заман мен тағдыр талқысы мұнымен аяқталмады. Мұхтар Әуезовтiң «қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымына» қатысқандығын дәлелдей алмаған «идеологтар» 1943 жылы Мұхтар Әуезовтi ресми түрде ақтауға келiсiмiн бердi. Бiрақта араға төрт жыл салып бұл «сыбағаны» Әуезовке тағы да тартты.
«Демек, бiздiң бас бостандығымыздың өлшемi – тiкелей түрмеге түспегенiмiзбен ғана өлшенедi: соның өзi өзiмiздi толық азат адамбыз, не iстесек те өз еркiмiзбен iстедiк, не ойласақ та ерiк өзiмiзде деп алдарқатуға жетiп жатыр... Бiрақ та, менiң бас бостандығы туралы түсiнiгiм бұған керiсiнше аса қуатты, тегеурiндi де төзуге болмайтын ызалы идеямен тiкелей байланысты, менiң бас бостандығымды қылмысты әрекеттердi жүзеге асыру үшiн пайдаланып отыр және ол тек қана өшпендiлiктi өршiтуге қызмет етуде, бұған мен де сондай сезiммен жауап беруге мәжбүрмiн»,– деп П. Я. Чаадаев айтқандай, Әуезов те рухани тәуелсiздiктен құтылу үшiн өзiнше ақыл-ой қайратымен қарсы тұрды.
Бұл оның тағдырлы ғұмырындағы ең ауыр талқы едi.
ҮШІНШІ ТАРАУ: ТҰЛҒАЛАР ТАЛҚЫСЫ
(Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов)
1.
Өнер адамдарының арасындағы қарым-қатынас, достық тілек-ниеттер әртүрлі жағдайда қалыптасып, өмір өзегіне айналады. Тіпті, қиын-қысталаңы мол, қарбалас күндердің өзінде де көзқарас алшақтығына, өзара қарым-қатынастарының кірбіңіне қарамастан жомарт таланттар бір-біріне қол ұшын беріп, қолтығынан демеп жатады. Мағжан итжеккенде жүргенде және қайтып келген соң С.Сейфуллин мен С.Мұқановтың сондай ізгі қадамдары жан сүйсінтеді. Алайда тұлғаларға тән даралық пен мінез, көркемдік көзқарас, тіршілік танымы үнемі ұштаса бермейді. Әсіресе, өнер адамдарының жолы өзге мамандықтың иелеріне қарағанда бұралаңы мен бұрмасы көп, «соқтықпалы, соқпақсыз» болып келеді. Бұл барша өнер психологиясына тән табиғи құбылыс. Ондай қақтығыстар кейде аса күрделі өнер қақтығысына да алып келеді. Егерде тұлғалардың бұл қайшылығы қоғамдық құрылым мен мемлекеттік саясат тұрғысынан сыпат алса, онда бұл ерегестің соңы ұлт үшін де, жеке бастары үшін де трагедияға айналуы мүмкін. Айлалы қоғам, айлакер саясаткер, арандату құрылымдары тұлғаларды өзара қақтығыстыру арқылы үнемі өз ұпайын түгендеп отырды.
Қазақ руханияты тарихындағы Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов та сондай тұлғалар болды. Сәбит Мұқанов кеңестік идеологияның төл туындысы, таптық көзқарастың ту ұстары, ең бастысы жеңген мемлекеттің үстем табының өкілі болды. Сондықтан да үнемі өктем сөйледі. Ал Мұхтар Әуезов болса «ығысқан идеологияның, жойылған таптың, жазаға тартылған үкіметтің» сарқыты, өмірін «несиеге алған» қалпақ астындағы сынақ тұлғасы еді. Ол еңсесін көтеріп, тік жүруге, ашық та еркін өмір сүруге, пікірін тура айтуға еркі шектеулі мүсәпір пенденің сулығын жамылып жүруі тиіс сияқты көрінді. Кез-келген қоғам дәбірі кез-келген бұрышта оны сұқ саусағымен көрсетуге қақы бар сияқты сезінді. Ал екінші жақтан алғанда екеуі де ұлттық мәдениеттің мәйегі (носителей культуры) болатын.
Әуелі де сол кездің талабына сай құрылған өзара сыннан басталған бұл өкпе-наз кейіннен біраз түсініспеушілікке итермелеген. Кейбір мәжілісте, отырыста Сәбит те шалған. Ол Мұхтарға таптық күрес пен социализмнің теориясын үйретумен болған. Мұхтар да қарымтасын қайырған. Бірақ бұл реніш екеуінің өзара жеке бастарының кірбіңінен асқан жоқ деуге тағы келмейді. Көзқарас қайшылығына, ашық текетіреске де, топтық қоянқолтыққа да барған. Соның нәтижесінде екі тұлғаны шарпыстырып, нәпақа айырған кәсіби мәтібилер де болған. Оларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Аттарын атамай-ақ қояйық, бірақ тұлғалар тағдырымен айналысқан қырық жылдың ішіндегі біз білген шындық соған жетелейді. Және көбінің аты қазір ұмытылған, еске түсірудің өзі қиын, кім екені белгісіз жандар.
Сол «Пәлен мен Түгеннің» бірінші тобына ресми мемлекеттік тыңшылар жатады. Кеңес өкіметі тұсында әр мекемеде міндетті түрде құпия тыңшы ұсталып, ол адам қауіпсіздік комитеті тарапынан материалдық, қызметтік көмек алып отыратын. Тұлға дәрежесіне көтерілмесе де сұғанақтың сұқ саусағы тұтқалы есіктен табылатын. Олар түрме әфсанасындағы Әбдірахман Байділдин, Шаймерден Тоқжігітов сияқты тікелей мемлекеттік мекемедегі басшылық орында істеп, тұлғалардың арасындағы «қақтығыстарды» ұйымдастырып, арандатып, ресми мәліметке жақын жалған ақпараттар тарататын. Мұндай адамдардың арасынан ірі тұлғалар да шықты, классик атанғандар да бар. Екінші топтағылар, сол мекеменің, сол саланың заңды тұлғасы болып табылатын «қызметсіз қызмет» істейдіндер. Бұлардың дені әлдебір мінезімен өкіметке жақпай қалған немесе таланты әлсіз, талабы зор, пәле іздеген қатардағы қызметкер. Олар ешқашанда қызметтен шығып қалмайды, оның есесіне, барлық мәліметті құпия түрде жеткізіп отырады. Халық ауызындағы кәдімгі салпаңқұлақтар. Үшінші топ ең сүйкімсіз топ, яғни, жақын дос-жараның, араласың, ағайының. Олар тұрақты тыңшы емес, «қызық үшін» қызмет етеді. Айқын Нұрқатовтың:
«Кешке жақын Мұхтарды пәлен мен түген қисайтып кетеді, оны таңертең ана адам барып қайта түзейді», – деген қанатты мысқылы соларға арналған.
Бұл үш топ та мемлекеттік жазалау жүйесінің құрамдас ең өнімді, ең сенімді тетігі болып табылды. Соның ішіндегі ең қауіптісі, ең сұрқиясы кеше де болған, бүгін де бар, ертеңгі сықпыты да көмескіленіп көрініп тұрған соңғы топтағы «пәлен мен түгендер». Әсіресе идеологиялық майданда олардың адамдарға кесірі көп тиді. Атын атап тарихта қалдырғымыз келмейді. Бірақ солар араласқан тұсқа екпін бере баяндаймыз. Оларды біз де біліп, көріп жүрдік. Кез-келген дастарханның шетінен кетпеуші еді. Біздің қатарластарымызда да «оқшантайлы оқпандар» болды, бірақ олардың «оқтаушысы мен дәрісінің» күші кеткен кез еді.
Сондай-ақ, сол «пәленше мен түгеншелер» кейін кешірім өтініп, алдарынан өткен және олардың ұрпақтарының бетіне шіркеу түсіру – шындыққа жаны ашығандық деуге де жатпайды. Уақыт оларға өз үкімін шығарып үлгерді. Ал, әркім оқиға ілігінен «пәленшені» танып жатса ақтап ала алмаймыз. Өйткені бықсық әңгіменің біразы әлі өшкен жоқ. «Түгеншенің» арасынан:
Но ненавистникам Шекспира
Я был лишь только оттого,
что был завистникам Шекспира
И современником его, –
дегендей (Л.Васильева), өзін-өзі жазғырып, мойындаса, талай шындық қалпына келіп, дүние көші ауған теңін түзер еді-ау.
Осыдан жиырма жыл бұрын сол пәленше мен түгеншенің соңғы тұяқтары тірі кезде: «Ол үміт әлі ақталған жоқ. Ақталар ма? Оны, сол «пәленшелер мен түгеншелердің» ар-ұятына тапсырамыз»,– деп жазып ек. Тіл қатпады, қайта алаш ардагерлері ақталған тұста батагөй боп алдан шықты.
Сондықтан да қазақтың екі ой алыбы – Мұхтар мен Сәбиттің бір-біріне деген пейіл-ықыласының кейде риясыз ашық болуы, кейде көлеңке түсіп отыруы заңды. Біздің ойымызша, ол үшін қос дегдардың бірін қаралап, екіншісін ақтаудың реті жоқ. Олардың әр қайсысы өзінің өмірлік мұратын, өнердегі ілхамын қорғады. Қазір: «Мұхтар мен Сәбит үнемі айтысып келді. Олар – бітіспейтін дұшпандар еді»,– дегенді жиі естиміз.
Ал шындығында, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов бітіспейтін ашық та, «құпия да» дұшпандар емес-тін. Олар мінберге қатар шығып, ашық сөйлесті. Өйткені олар заман ағымындағы, уақыт екпініндегі өтпелі жайларды екі түрлі көзқараспен қабылдаған, алайда мақсаттары ортақ халықтық тұлғалар еді. Қысылған сәттерінде қол ұшын беріп, бір-бірін демеп отырған. Сондықтан да Мұхтардың өміріне көлеңке түсіріп, жүрегіне жара салғандардың әрқайсысының атын атап, түрін түстемей-ақ, халқымыздың тауып қойған «пәленше мен түгенше» деген емеуірін есімін пайдаландық. Қисынсыз қазымырлықтан, орынсыз алакөзділіктен арылып, ой желісінен адасып кетпес үшін жинақтап алдық.
2.
Ашығын айтсақ, олар өздерінің қатар өткізген отыз жылғы ғұмырында бір-бірімен тіл табысуға ұмтылыпты. Соның бір кепілі – араларына салқындық түскен кезде өзара жазысқан хаттары. Хат жазушы – Сәбит. Барлық хаты Сәби Мәскеуден жолдаған.
Соның ішіндегі ең маңыздысы – 1932 жылы Мұхтар түрмеден шыққаннан кейінгі Сәбиттің жолдаған достық сәлемі. Өзге-өзге, бұл ізгі тілек Мұхтарды ерекше қуантып, серпілткені анық.
Өйткені, сол кезде Мұхтарға ауыр соққан жайдың бірі – ұзақ жылдар бойы өмірдің ащы-тұщысын татқан достарынан, пікірлестерінен көз жазып қалуы еді. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынов сияқты рухани ұстазы, Жүсіпбек пен Мағжан іспетті абзал жандардың орынын кім баса алсын. Дегенмен де, өзге жазушылардың барлығы оны сыртқа тепті десек – шындыққа қайшы келеді. Соның ішінде он жылдай газет беттеріндегі мақалалары арқылы айтысып келген Мұхтар түрмеден шыққаннан кейін оған Сәбит Мұқановтың өзі жәрдем қолын созды.
Сәбит ол кезде Мәскеуде оқуда болатын. Сонда жүріп Мұхтарға хат жазды. Өзге емес, тура Сәбит Мұқановтың достық көңіл бөлуінің маңызы ерекше болатын. Өйткені, Қаз АПП-тың көсемі болған Сәбиттің беделі үлкен және оның пікірімен өкімет те, өнер иелері де санасатын. Әрине, уақыт талабы, өнерге деген көзқарас өзгерді. Мұхтар да, Сәбит те «ет қызуымен» айтылған пікірлерінен қайтып, қателіктерін мойындады. Сәбит, Абайдың қаралаушысынан – насихаттаушысына, зерттеушісіне айналды. Мағжанды да, Мұхтарды да мойындады. Оған 1933 жылы 21-ақпанда Мұхтарға, 1934 жылы қарашаның екісі күні Мағжанға жазған хаттары дәлел. Екі хатта да Сәбит пікір таластыра отырып ойын ашық айтады. Біз осы кездегі саяси және әдеби ортаның жай-күйін толық білдіру мақсатымен хатты қысқартпай, сол қалпында келтіреміз. Және Мұхтарға тағылған айыптардың біразы осында қамтылған. Сондай-ақ, екі алыптың қарым-қатынасы жөнінде орынды-орынсыз, дәлелді-дәлелсіз айтылып жүрген қауесетті анықтау үшін де керек. Сәбит өз өмірінде үш рет Мұхтарға хат жазыпты. Соның ең біріншісі 1933 жылы 21 ақпанда Москвадан жолдаған хат:
«21 февраль, 1933 ж. Москва.
Мұхтар!
Бұдан бірер жыл бұрын біз екеуміз екі таптың жыршысы ек. Марксизм объекті мен субъектіні бірінен бірін айырмайды. Объективно тап тартысында бір-бірімізбен майдандасқан адам болғандықтан, сені білмеймін, менің өз қара басымды алсақ, сені субъективно да ұнатпайтын ем. Сөйткен саған менің осы хатты жазуымның өзі көлденең қараған адамға ұқпайтын нәрсе сықылды көрінуі мүмкін. Өйткені тап тартысы біз майдандасатын кезде күшеймесе кеміген жоқ. Таптар біткенмен, тап өкілдерінің татулығы болу мәселесі әлі ерте. Және қарсы таппен біз татуласып жақындаспаймыз, жоямыз.
Сенің газеттерге жазған хатыңды, Жазушы ұйымының жиналысында айтқан сөзіңді оқыған адам, марксизмге таныс адам, әрине, бұл хаттағы жазылғанға таңданбайды. Бұл заңды хат. Адам тас емес. Адамның дүние тануы тұнған су емес. Бүгін дұрыс деп санаған пікір ертең қата болуы, қата пікірден адамның қайтып, жаңа, дұрыс пікірге көшуі адамдық қасиетіне сыйымды нәрсе. Марксизмнің идеализмнен, дөкір (грубый) материализмнен айырмасы: әр нәрсені қозғалыс ретінде (в движении) алады, ой-сананы тұрмысқа, материалды өмірге тірейді. Адам баласының өмір тануы ретінде өзгермейтін ең соңғы (ғылым) – ғылыми марксизм болатын себебі де осы. Марксизм өмірді танудың дұрыс әдісі (метод). Сондықтан ол: барлық өмірдің өркендеуін диалектикалық материализм көзімен танығаны сияқты, өзінің өркендеуін де осылай таниды. Марксизмді ленинизм өркендетуі, ленинизмді Сталиннің ілгерілетуі осы дұрыс әдіс, дұрыс ғылымнан туған нәрсе.
Олай болса, сенің хатыңды, сөзіңді көріп марксшіл адам таңданбайды. Бұл заңды, табиғи нәрсе деп табады. Бір таптың жоқшысы боп жүріп, екінші тапқа көшу, тарихта бірінші рет болған нәрсе емес. Әрине, мұндай көшудің екі түрі бар:
