- •1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
- •«2. Мәдениет майданы
- •1. Әдеби шығармашылықтағы жетекші және ықпалды орын бұрынғысынша алашордашылар мен алашордашыл мамандардың (Әуезовтің, Ермековтің, Жансүгіровтің) қолында қалып отыр.
- •Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:
- •1.Устряловшылдық1. Бұндай әдіс бізде – Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды.
- •2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер.
- •1. 1916 Жылғы көтеріліс туралы жазылған «Түнгі сарын» пьесасы. Мұндай тарихи оқиғаны автор кеңес жазушысының көзқарасымен бейнелейді және оны кемелденген суреткер ретінде үлкен шеберлікпен суреттеген.
- •2. «Шекарада», пьеса, 1937 жылы шекаралық аудандардың колхоздарындағы қастандық әрекеттерді әшкерелеу тақырыбына арналған. Ол академиялық театрда қойылды, кезінде үлкен табысқа ие болды.
- •2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.
- •2. М.Әуезов жазған өмірбаяннан біз алдына үлкен ұлттық мақсат қойған алып Абайды көре алмаймыз, керісінше, жігітекпен күрескен, бірде жеңген, бірде одан жеңілген Айдос табының ру жетекшісін көреміз.
- •3.Әр ұлтта қанаушы және қаналушы тап бар. Қазақта да мұндай таптың барын Абай жақсы түсінген, ол езуші тапқа қарсы күрес жариялай отырып, оларды қанаушылардан қорғады:
- •4. Абайдың өзімен замандас қазақ ақындарынан озып кетіп, Еуропаның классиктерімен қатар тұруының бір себебі, оның орыс әдебиетімен сусындауы. Өмірбаянда бұл мәселеге жауап берілмеген.
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •1944 Жылғы «Шеру» жинағына енген қазақ жауынгеріне арналған өлеңінде:
- •1944 Жылы шыққан «Шеру»атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин кеңес армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :
- •1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ сср Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.
- •2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.
- •3 Ерекше іске тіркелетін ескерту.
- •7)Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді.
- •Менің қателерім жайында
- •1) Егерде Әуезовтің осы тақырыпқа орай айтылған пікірі дұрыс боса, онда бұл дастанның халықтығы туралы дискуссияны бастаудың қандай қажеті бар?
- •2) Егерде м.Әуезовтің қателіктері болса, онда баяндамашы ол туралы неге үндемейді?
- •3)Егерде автордың өзіндік көзқарасы болмаса, онда осыншама көлемді баяндаманы жазудың не қажеттілігі бар, ол кімге керек?
- •1) Жырдың шығу кезеңін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының барлық нұсқаларын салыстыра отырып анықтау қажет. Бір ғана нұсқаға жүгіну дұрыс емес.
- •«Литературная газетаның» редакциясына ашық хат.
- •3) Енді «Октябрьге» келген түрі, мына «Дос – бедел дос». Бүйтіп карикатуралық түрде келгені құрысын!..
- •Қосымша
- •Менің қателерім жайында
- •Қосымша бывшие виднейшие руководители алаш-орды
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •XVIII ғасырдың 30-жылдарында Кіші жүздің қазақтары өз еркімен Россияның кол астына қарап, Қазақстанның Россияға қосылу процесін бастады. Бұл процесс XIX ғасырдың 60-жылдарында аяқталды.
7)Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді.
8)Ендігі сөз Кәкітай Т.Ысқақов туралы. 1909 жылы шыққан Абайдың 6ipiнiшi өлендер жинағын құрастырып бастыруда Кәкітайдың еңбегі болғаны рас. Бipaқ, жинаққа басылған «Абайдың өмірбаяны» оның еңбегi емес, 1907 жылы, «Записки Семипалатинского отделения Западно-Сибирского отдела, императорского русского географического общества. Выпуск — ІІІ» деген атпен шыққан кітапта, ұлтшылдардың атаманы Әлихан Бөкейханов жазған мақаланың дәлме-дәл аудармасы. (1-8 немесе 156-164-беттер). Сондыктан да мақалада байшыл-ұлтшылдықтың исі айқып тұрады. Бұлардан басқа «Кәкітай жазыпты» деген eкi өлеңінің не автордың шығармалық бетіне куә боларлық, не қазақ әдебиетінің тарихына ешкандай пайдасы тиерлік құны жоқ. Сондықтан, Абай өлеңдерін жинап бастырғанын атап айтып, шығармалық eшбip бeтi жоқ Кәкітайды «Абай шәкірттері» деген тізімнен шығарған жөн.
9)Биографтардың айтуынша, Мағауия, «Абайдын тапсыруымен» үш поэма жазған: «Шамиль», «Еңлік-Кебек», «Медғат-Касым». Биографтар «Шамиль» сақталмаған деседі. «Сондай поэма болыпты-мыс» деген мәліметті Әуезов жолдас әр жылдарда жазған мақалаларында айтып жүр. Осы мақалалардың бәрінде де Мұхтар Әуезов Шамильді:«Кавказ елдерінің бостандығы үшiн күрескен халық көсемі еді» – дейді. Шамильдің ағылшын разведкасына агент болғанын, көтерілісті сол разведканың тапсыруымен жасағанын, сондағы ұраны панисламистік пен пантуркистік болғанын 1949 жылы большевиктік баспасөз бетінде жарияланған мақалалар ашып берді. Содан кeйін баспаға берілген «Абай шәкірттері» деген жинаққа жазған кipicпe сөзінде профессор Әуезовтің:«Мағауия Абайдың мәслихатымен және материал бepyiн пайдаланып, бірнеше поэма жазды. Ол жазған поэмалары – «Еңлік-Кебек», «Абылай», «Шамиль» және «Медғат-Қасым». Шамиль поэмасы жоғалып кеткен (қолжазбаның, 14-6eтi)»,– деуі eшбip ақылға сыймайды.
10) Абай шәкірттері аталатындардың ішінде Көкбай Жанатаев та бар. Бұл адам 1862 жылы туып, 1925 жылы, совет тұсында, 63 жасында өлген. Биографиялық материалдарға қарағанда, Көкбай жас күнінен, совет өкіметі құрылғанға дейін, мешіт ұстап, өзі сонда жиырма жылдай имам боп, мешіт қасынан діни медіресе ашып, өзі сонда дін сабағынан жиырма жылдай дәріс оқыған адам.
11) Әріп Тәңірбергенов (1856-1924). «Абай шәкірттері» деген тізімге оны қосып жүрген Мұхамедханов. Біз Әріппен де таныспақ боп, жиналған шығармаларын түгел оқып шықтық, олардың біразы «Абай шәкірттері» деген жинаққа қосылған, біразы қолжазба күйінде, Ғылым Академиясының архивында сақталған. Солармен танысқаннан кейін келген қорытындымыз: шығармаларының не идеялық, не көркемдік жағынан оның Абаймен ешбір байланысы жоқ. Ол өз бетімен өрістеп жүрген ақынның бірі көрінеді.
12) Біздің заманның Абайды зерттеушілері өнебойы турадан-тура ислам дінінің үгітшісі болған Көкбай, Әpiп, Әсет сияқты барып тұрған керітартпа адамдарды дәріптеп, XIX ғасырдағы казақтың ең прогресшіл ақыны Абайдың қауымына қосқысы келеді. Бұл - өтпейтін жарлық. Бұған қазақтың «өтпес жарлық, бойға қорлық» деген мақалы тура келеді.
13) «Абай шәкірттері» аталып жүрген консерваторлар мен реакционерлердің шығармалары совет баспасөзінің бетінен орын ала алмайтынын, соларды жоқтаушылар түсінген сияқты да, бар шығармаларын бастыруға болмағанымен, біраз шығармаларын майлап өткізуге көп жыл даярлық жасаған сияқты. Большевикше турасын айту керек, осы даярлық жасаудың алдында Әуезов жолдас жүреді. Осыған сенудің кесірі Хажым Жұмалиев пен, мен қол қойып, 1950 жылы орта мектептің 9-класына арнап шығарған әдебиеттік оқу кітабына да тиген. Кітаптың алғашқы жартысын (107-бетке дейін) жазған Жұмалиев жолдас, кітаптың 6, 36, 83-беттерінде Ақылбайды, Мағауияны, Көкбайды «Абайдың шәкірттері» дейді, «Абай оларға тема берген еді» дейді. Сонда Әуезов жолдастың мәліметіне сүйенген. Әуезовтің мәліметтерін первоисточник қып сүйенетіндер тағы да толып жатыр.
14) Әуезов: «Абайды Қарамола съезінде сабатады, бұл жаулардың өceгi, саяси қате», – деп Жиреншинді кіналайды, өзi «Абай» пьесасында – Абайды сахнада сабатады, «Абай» киносында – экранда сабатады, «Абай» Шығармалары толық жыйнағының 1932 жылы, 1940 жылы, 1945 жылы шыққан кітаптарында жазған мақалаларында сабатады. Рецензияда солардың бәрін ұмытады. «Акын аға» романының 6ipiнiшi кітабының алғашқы 6ip редакциясы Абайды сабатумен бітетінін, Абайдың құнын әпереміз деп, сол маңдағы рулардың барлық «игі жақсылары» Семейде жиналатынын, бұлай жазудың категе соғуын Мұстафин, Әбішев сияқты жазушылар дәлелдегеннен кейін, Мұхтар Абайды сабатқан беттерін алып тастағанын, ... Базаралы бастаған кедейлер қырып алған Тәкежан жылқыларының құнын жоқтап, кедейлерден үш есе ғып төлетіп беретінін де, Әуезов Жиреншиннің кітабына жазған рецензиясында ұмытқан болады.
15)«Қазақ әдебиеті тарихының» екі томында рушыл-феодалдық ескі өмір дәріптелсе, «Абай шәкірттері» деген мәселенің төңірегінде ескілік дәріптелсе, ескілікті дәріптейтін бірнеше ғылми диссертациялар мақталса, осылардың басында жолдас Әуезов отырса, бұлай дәріптеулер бір емес, бірнеше жылға созылса, Әуезов жолдас олай деп ойласын, ойламасын, мұның аты ұлтшылдық, бұрмалаушылық, ал мына аталған залалды шығармалар халқымыздың, әсіресе, жастардың сана-сезімін улайды.
Бұл былықтан қалай аршыламыз? Әрине, большевиктік қатаң, әділ сынның жәрдемімен ғана аршыламыз. Ондай сын болды ма? Әрине, болды. Соңғы бес-алты жылдың ішінде, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті 1945 жылы «Қазақ ССР тарихының» екінші рет басылуы туралы, 1947 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет институтының жұмыстарындағы саяси өрескел қателіктер туралы қаулы алды. Осы қаулыларда байшыл-ұлтшылдық идеологиялық көріністері большевиктік тұрғыдан қатты сыналып, оларды түзетудің жолдары көрсетіледі.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің тілі «Социалистік Қазақстан» газетінің 1947 жылғы 14 наурыздағы 52-санында С. Бәйішев жолдас «Профессор М. Әуезов өткендегі қателіктерінің шырмауында» деген атпен мақала жазып, Әуезовтің 1932 жылы басынан кешкен саяси кателігін баспасөз бетінде мойнына алғаннан кейін де, ecкi қателіктерінен шырмалып шыға алмай жүргені талассыз документтермен дәлелді. Біз Әуезов жолдасты да, оны бұл мәселеде қолдаушыларды да кателігін большевикше мойындап, түзетудің шарасын қарастыруға шақырамыз.
Түзетудің жалғыз-ақ жолы бар, ол – барлық еңбекте де марксизм-ленинизм ғылымына сүйену. Кімде-кім осы ғылымға бepiк сүйенбесе, оның кателікке ұшырауы даусыз. Бұл жөнінде Сталин жолдастың төмендегі сөздерін естен шығармауымыз керек: «Дәрігер маманның, – дейді Сталин жолдас, – онымен қатар, физика немесе ботаника маманы болуының, иә, оның кepiciншe болуының қажеті жоқ. Біpaқ ғылымның бip саласы бар, ғылымның бұл саласын білу, ғылымның барлық салаларындағы большсвиктерге міндетті болуы тиic, ол – қоғам туралы, қоғамның даму заңдары туралы, пролетариаттық революцияның заңдары туралы, социалистік құрылыстың даму заңдары туралы, коммунизмнің жеңуі туралы марксистік-лениндік ғылым» (Ленинизм мәселелері, Қазақтын мемлекеттік баспасы, 1940 жыл, 511-бет). Осы ғылымға сүйенсек, біз зерттеу жұмысында да, творчестволық жұмыста да қателіктерді жоя отырып, тек өсу жолында боламыз» (Әдебиет және искусство», 1951, № 7).
Бұл дәлденіп көзделген қарауыл болса да, оғы бытыра еді. Кейін бұл бытыра қайта құйылып, қорғасынға айналды. Өзге де шешендер сөйлегенімен, олардың демеушілік қана демі бар еді. Сондықтан да бұл шешендердің сөздерін келтіріп жатпаймыз.
М.Әуезов «Енді Абай мектебі мен оның шәкірттері туралы мәселеге тоқталайын. Тоқтала отырып: баяндамашы бұл мәселені күн тәртібіне дұрыс қоя алмады, яғни, баяндамашы Мұхамедхановтың Тіл және әдебиет институтында қорғаған дессертациясы кезіндегі жанығу мен даңағазаны қайталай жаңғыртуға тырысқанын мәлімдеймін.
Әйтпесе, алпыс жыл өмір сүрген Абайдың өз ортасын қалыптастырғанына күмәндануға бола ма? Меніңше, бұған күмәндануға болмайды. Оның ақындық мектебі туралы мәселе дәл қазір тар шеңберде ғана күн тәртібіне қойылып отыр, яғни, оның өзінен кейінгі ақындар мен қазақ әдебиетіне әсері қозғалып отырған жоқ. Соңғы мәселе өте ауқымды және бұдан кейін де айтыла бермек. Ал шәкірттеріне келетін болсақ, бұл нақты және қарапайым ғана мәселе. Дәл қазіргі әңгіме – оның айналасындағы және өзі жақын араласқан әр деңгейдегі шығармашылық тұлғалар жөнінде қозғалып отыр. Алайда ұстаздың жөні бір басқа, шәкірттің жөні бір басқа. Олар Абайдың өзі сияқты талантты да емес, шығармалары Абаймен салыстырғанда әлдеқайда төмен, егерде Абаймен теңдесетіндей болса, онда шәкірт емес, олардың өзі жаңа бір мектептің ұстазы ретінде танылар еді, бірақ олар бұл деңгейге көтерілген жоқ, сол шәкірт күйінде қалып қойды.
Сіздер: олардың кейбіреуінің қателескені үшін, идеялық, саяси қайшылықтары бар туындаларды жазғаны үшін шәкірт қатарынан шығарып тастап, сол арқылы Абайды қорғағыларыңыз келетін сияқты. Шындығына келетін болсақ, мұндай қайшылықтар мен кемшіліктер, идеялық-саяси қателіктер Абайдың өз басында да болғанын назардан шығарып алғансыздар. Біз Абайды бір жақты емес, оның жеке басындағы кемшіліктерді көрсете отырып, жан-жақты зерттеуіміз керек. Маркстік ойлау жүйесіне дейін өмір сүрген барлық ақындар сияқты Абай да қоғамдағы өмірді өзгертетін басты фактор – адамгершілік бастауы деп білді, Абайдың өз діні болды, тағы басқа да қателіктер жіберді.
Әрине, оның шәкірттері үлкен-үлкен қателіктер жіберді. Мысалы, Көкбай Кенесарыны мақтап дастан жазды. Дәл қазір бұл оның басты кінәсі және Абайдың да қателігінің түп тамыры ретінде қаралып отыр. Алайда Көкбай Кенесарыны жырлаумен тоқталып қалған жоқ, бұдан өзге де дүниелер жазды.
Жазушы-зерттеуші жолдастар, сіздер Көкбайдың өзге шығармаларын біле бермейсіздер, басқасын былай қойғанда, Абайдың өзі оған 4 өлең арнады және өзінің төл шәкірті деп есептеді, қоғамдық өмірдің өзге де құбылыстарына арнап көптеген өлеңдер жазды. Абай көтерген мәселеге арнап оның шәкірті Әріп те өлең жазды. Мысалы, соңғы аталған шәкірт (Әріп) Абай қозғаған тақырыпты жалғастырып, еңбек, әйел тағдыры, орыс мәдениеті туралы жазды. Көкбай да, Әріп те контрреволюцияшыл, ұлтшыл Дулатовты өлеңмен сынады, бұдан кейін және ең бастысы Әріп В.И.Ленин туралы бірнеше өлең мен дастан жазды. Әріп 1924 жылы маусым айында қайтыс болды. Сондай-ақ Көкбай да өзінің соңғы өлеңін Ленинге арнады. Ол 1923 жылдан бастап төсек тартып ауырып, 1926 жылы дүниеден озды.
«Абайдың шәкірті Мағауия Шәміл туралы дастан жазды», – деген сөз қазір сондай үрейлі естіледі. Алайда, құр аталып өткені болмаса, нақты ештеңе жоқ, өйткені ол дастан із-түссіз жоғалып кетті. Анығына көшсек, 90-жылдардан бастап Шәміл туралы жаппай жазылып келді, кезінде Лев Толстой да қалам тартқан болатын.
Сонда, өткен ғасырдың 90-жылдары Көкбай Кенесары туралы немесе Мағауия Шәміл туралы дастан жазды деп, оларды бүтіндей сызып тастауға бола ма, сонымен қатар Абай мектебін жоққа шығаруға бола ма? Анығын айтсақ, қазақ кеңес жазушылары мен зерттеушілері күні кешеге дейін Кенесарыны мадақтаған, таң қалған ыңғайда еңбектер жазып келді, сонда оларды да мәңгілікке біржола сызып тастаймыз ба?
Жоғарыдағы айтылғандарды негізге ала отырып, Абай мектебі мәселесін ойланып барып, Кенесарыға араластырмай дербес қараған жөн. Бұл мәселені кеңінен кеңесіп, кімді Абайдың шәкіртінің қатарына қосу керек, кімді сызып тастау керек – деген мәселені олардың шығармаларын талдай отырып шешу керек. Әрине, Абайдың айналасында өте жағымсыз адамдар да болғанын ескеруге тиіспіз. Бұл мәселелердің барлығын Кенесарының қозғалысымен араластырмай, пайымды түрде жеке зерттеу қажет».
Иә, бұл келешектегі Абай төңірегінде қозғалатын бетбұрысты талқылардың басы, Абайға емес, жеке М.Әуезовке бағытталған үлкен саяси науқанның екінші соққысының желқағары болатын. Мұнда абайтанушы Әуезов әлі де Абайдың шәкірттен тұл емес екеніне, ол шәкірттерінің мүлдем оңбаған емес екеніне, С.Мұқанов ишара еткен тастүлектердің ұшатын бағытынан жаңылмағанына сенім бар, сондықтан да қорғай сөйлейді.
Мәжіліс қорытынды шығаруға ойысады.
Нұрышев: «Абайдың бұл өлеңдерінің мұндай дәрежеге көтерілуінің себебі, ол тұпнұсқадағы автордың идеясын пайдаланған. Абайдың кейбір аударма өлеңдері бар, онда Лермонтовтың көзқарасының ықпалымен Абай өзінің туындыларынан да да биік деңгейге көтерілген.
Әуезов: Мұны үйрену дейді. Ол өте дұрыс.
С.Нұрышев: Бұл – орыс әдебиетінің ықпалы неден көрінді деген тура бізге керекті мәселенің бір саласы. Қаныш Имантайұлы Ғылым академиясының біріккен президиумында біге берген нұсқауында: осы талқылаудың қорытындысы бойынша Абайтану» туралы барлық мәселенің шешімінің жобасын 1-шілдеге дейін Президиумға әкеп беріңдер деген. Алайда ол шешімді 15 шілдеге дейін созатын болса, онда бұл мәселе күзге ысырылып қалады. Ал кім де кім бұл мәселенің күзге қалғанын қаласа, ол адамның шешімді аяқсыз қалдыруға тырысқаны, сондыықтан да ол адам бұл мәселенің созыла беруін табандап талап ететін болады. Менің ойымша, Ғылым академиясының біріккен президиумындағы басшылыққа алу керек. Ал абайтану бойынша талқының қорытындысы бойынша әрі қарай жұмыс істей беруі мүмкін. Қаныш Имантайұлы шешімнің жобасын 1-шілдеге дейін беруді тапсырған. Қаныш Имантайұлы: «Саяси шапкасын кигізіп беріңдер»,– деген болатын. Соның ішінде мектеп мәселесі мен Мұхамедхановтың диссертациясы және тағы да бірқатар мәселелер туралы шешім анық көрсетілуі тиіс деген.
Дәл қазір осы мәселелерді жеке-жеке талқылауға көшу керек. Ал Абай мұражайын тексеру үшін: онда жұмыс қандай жолға қойылды, ол Абай мұражайында Абайдың шығармашылығын қандай деңгейде бұрмалап үлгерді, ол қанша мөлшерде жалған құжаттарды жинап, оны насихаттап үлгерді, қаншама сұлтандар мен хандардың портреттерін ілді, осының барлығын білу үшін арнайы арнайы адам жіберу керек, үлкен комиссияның қажеті жоқ.Бұл мәселені осы арада талқылап, бір шешімге келеміз.
Мәтін мәселесі жөнінде де қысқа уақыт ішінде бір шешімге келеміз. Абайдың мерейтойы мәселесі туралы комиссия 1954 жылы Абайдың бір томдығын шығаруды ұсынды. Бұл мәселелер пәлендей қарсылық туғызбайды, біз бір шешімге келеміз.
Мені қатты алаңдататыны – Абайдың ақындық мектебі туралы мәселе. Ақылбайды Абайдың ақын шәкірттерінің қатарында қалдыруға болар. Ол принципті мәселе емес. Ең басты принципті мәселе – сіздің (М.Әуезовтің – Т.Ж.): тарапыңыздан жүргізіліп келген Абайдың ақындық мектебі туралы түсінікті маркстік тұрғыдан зиянды бағыт деп шешім қабылдауымыз керек және оны тереңдете қайта қарастырып, Абайдың дәстүрін зерттеуге тиістіміз. Мұны Абай мектебі деп атамау керек, ол дауысқа салу арқылы емес, ғылыми негізде мүлдем жабылуы керек. Біз тек Абайдың ескі мектебі туралы мәселені шешіп алып, ол мектепті әшкерелей отырып, Әріптің тағдырын шешуіміз керек. Оларды..
М.Әуезов: Мен де ол мәселені комиссия шешсін деп отырмын.
С.Нұрышев: (Әріпті, Көкбайды) хрестоматияға қосу керек пе? Комиссия: мына шығармалары хрестоматияға қосылсын, мына шығармалары қосылмасын – деп айта ала ма? – Бұл алдағы зерттеулердің міндеті. Олардың көзін жоғалтсын деп кім айтты? Көкбайдың архивінің көзі жойылсын деп кім айтты?. Мәселе, Біздің мектептерде дәріс ретінде өтіліп, Абайдың шығармашылығын дұрыс игеруде үлкен идеологиялық зиян келтірген ақындық мектептің антимаркстік-идеологиялық бағытын әшкерелеуде. Міне, шешетін мәселе осы. Беделді мүшелерден құрылған комиссия аса жауапкершілікпен қатаң түрде қарап, мұндай құбылыс қалай пайда болды деген сұрақтың жауабын анықтау үшін осы мәселелердің барлығын саяси тұрғыдан жүйеге түсіріп, теориялық тұрғыдан кеңейтіле талдануы тиіс. Бұл зиянды теория жиырма жыл бойы қалай мектептерде оқылып жүр, бұл жалған теорияны ойлап тапқан кім, оны таратып жүрген кім, әлі де сол танымды ұстанып, насихаттап жүрген әдебиеттанушы ғалымдар кімдер?
Міне, менің ойымша, комиссия осы мәселені нақты шешуге дәл қазірден бастап айналысуы керек. С.Мұқановтың: Абай мектебі шәкірттерінің шығармаларын орыс тіліне аудартып, содан кейін комиссияда талқыға салайық дегеннің астарын Мүсірепов пен Уәлиев жолдастар түсіне алмай-ақ отыр. Оның мәнісі – ескі, жалған идеяны қалдырайық, сол идеяны жалғастыру үшін жаңа бір әдісін табайық – дегенге әкеп тірейді».
Бұл арада С.Нұрышев Қаныш Сәтбаевқа сүйеніп: «шешімге келеміз» – деп бұйрық райда түйіп тастап, жеки сөйлеу арқылы Әуезовті халық жауы ретінде әшкерелеу туралы ұсынысты қаулыға кіргізуге тырысып отыр. Шешім кейінге қалдырылса, мәселенің басқаша бет бұрып кетуі мүмкін. Абайдың ақындық мектебінің авторы кім? Әрине, Әуезов. Ендеше, соны қаулыға кіргіз, сөйтіп, соттатып жіберейік деген емеуірін. Қауіпсіздік комитетінің тапсырмасы да, күткені де, Қ.Мұхамедхановты тұтқындап: «Қалайда Әуезовті әшкерелеп бер», – деп (Қ.Мұхамедханов) бопсаға салып жатқан тұсы да осы күндер еді. Әуезов те жандәрмен сұрақ қойып үлгереді:
«М.Әуезов: Жаңа ғана сенің өзің зерттеуді жалғастыру керек дедің емес пе?
С.Нұрышев: Зерттеу керек, бірақ ол үшін Ақылбай, Әріп сияқты қарабайыр ақындармен Фадеевтің басын ауыртудың қажеті жоқ. Мәселе оларда емес, олардың шығармаларын дұрыс бағытта талдауда. Міне, солай жұмыс істеу керек.
Ғ.Мұстафин: Аға (халықтың – Т.Ж.) әдебиеттанушыларынан үлгі алайық. Александр Сергеевич Пушкиннің жасы Абайдан үлкен емес пе. Орыс әдебиеті де жас қазақ әдебиетіне қарағанда әлдеқайда көне, бірақ ұлы Пушкиннің еңбектері туралы орыс әдебиеттанушылары мұндай дау көтеріп жатқан жоқ қой, Мұқанов: Абай мектебі деп емес, Абайдың айналасындағы ақындар – деген атауды алайық дейді. Егерде орыс әдебиетіне сүйене отырып тағы бір шолып өтсек, мұндай бағыттағы еңбектерді таба алмаймыз. Қырқыншы жылға дейін, ұлы отан соғысына дейін Пушкиннің шығармашылығы туралы пікір таластары болған. Ол орыс топырағынан нәр алды ма, әлде Батыс Еуропа әдебиетінің ықпалы болды ма?Соның ішінде Байронның Пушкинге, Лермонтовқа әсері тиді ме? – деген... Мысалы, А.С.Пушкинді 1920 жылы жазған атақты «Ода» өлеңі үшін патшалық үкімет қуғынға ұшыратты, патшалық аракчеевтік реакция декабристерді қуғындады,ал оларды Пушкиннің шәкірттері деген жоқ қой. Әрбір қоғамдық көзқарас, қоғамдық құрылым өзінің таланттарын, өзінің өкілдерін алға шығарады, алайда олардың барлығын ақынның бір мектебіне тіркеуге болмайды ғой, бұл Абайдың беделіне нұқсан келтірмейді. Сондықтан да Абайдың ақындық мектебін және оның Ақылбай, Әріп, Көкбай, Мағауия сияқты шәкірттерін айта отырып, бұл мәселені кейінге қалдырмай, күн тәртіне қоя отырып, шешуіміз керек.
Қаныш Имантайұлы комиссия құруды ұсыныпты. Комиссия құрып, жұмыс істеп, пікір алысуды қостаймын. Мен Нұрышевтің ұсынысымен келісемін. Абайдың ұлылығын дәріптеу үшін біреуіне екіншісі бөгет жасамайды. Бірінші шілдеге дейін (Абай мұражайына – Т.Ж.) лайықты бір адамды жіберейік, комиссия да жұмыс істей берсін, Ғылым Ауадемиясының президиумына ұсыныс жасау кезінде тиісті адамдар қатыса алатындай болсын.
Қ.Жармағамбетов: Мұқановтың бұрын Абайдың шәкірттерінің қатарында аталып келген 4 шәкірттің шығармашылығын түбегейлеп зерттейік деген ұсынысына келсек, онда шығармаларының 99,99 пайызы ислам дінін насихаттаған Көкбай туралы мәселе анық, оны талқылауға салмаймыз. Көкбайды Абайдың мектебінің қатарына жаңсақ қосылған деп есептеу керек. Ал Әріпке келсек, оған тереңдеп көз жеткізгіміз келсе, онда мәскеулік жолдастардың келгенін күтпей-ақ қояйық, комиссияның бірнеше мүшесіне тапсырайық, олар Әріптің шығармалары туралы пікірін айтсын.
Қ.Жұмалиев: Мен қарап шығайын.
Қ.Жармағамбетов: Егерде талас туа қалған жағдайда біз өзіміз нақты шешім қабылдайтын боламыз. Оны, мысалы, Мүсірепов жолдасқа, Әбішев пен Т.Ысқақовқа тапсыруға болар еді, сөйтіп, комиссияның келесі отырысында нақты ұсыныстарын айтсын.
Мүсірепов: Бұл сонша шұғыл емес қой.
Қ.Жармағамбетов: Тіпті шұғыл бомаған күннің өзінде, бұл екі ақынның шығармаларын (Ақылбай мен Мағауия) сандықтың түбінде жасырып қалуға болмайды.
Мүсірепов: Менде екі түрлі ұсыныс бар. Бірінші ұсыныс – Абайтану туралы талқы осымен аяқталды деп есептелсін. Екінші, ұсыныстарды хатқа түсіру үшін арнайы топ құрылсын. Әйтпесе бәрі бос сөз боп шығады.
Мұқанов: Мен бұл мәселені анықтағым келеді. Абайтанудың талқысы аяқталды дейсің бе, онда Абай мектебі мәселесі қайда қалады?
Әуезов: Әңгіме ақындық мектеп туралы болып отыр.
Мұқанов: Жекелеген адамдар Әріп пен Ақылбайдың шығармаларымен танысып шықсын дегеніміз қайда қалады?
Әуезов: Жеке комиссия құрылсын.
(Орыннан дауыс): Бұл мәселемен комиссия емес, комиссияның жеке бір мүшелері айналыссын.
Жұмалиев: Абай мектебіне қатысты нақты анықтама беруге ешкім де қарсы шықпайды, тек бұл мәселеге қай бағыттан келу керек. Оған қорғалған диссертацияны да қосу керек. Енді Әріп пен Ақылбайдың шығармалары туралы: онымен айналысатын адамдарды бөлейік, олар екі-үш күнде танысып шығып, комиссияға ұсыныс жасасын, содан кейін ол жобаның дұрыс-бұрыстығын комиссия шешсін.
Мұқанов: Әріп те, Ақылбай да менің жеке басымның жауы емес екенін баяндамамда айттым. Мен оларға өзгелермен бірдей қараймын, алайда менің баяндамамдағы дәлелді деректерге ешкім де қарсы шыға алған жоқ. Бізде Кенесары туралы талқылау өтті. Басында үлкен-үлкен саяси айыптар тағылды, содан кейін жалпақшешейлік таныттық. Ол биыл басымызға тиіп отыр. Осындай жалпақшешейлікті кейбіреулер осы мәжілісте де көрсетіп отыр. Сіздердің әр қайсыларыңыз тыңдағанда риза боласыздар да, алайда осы Абай мектебі мәселесі жиырма жылдан бері ұсынылып келеді, әр қайсыларыңыз саяси жақтан сауатты адамдарсыздар, мен бұл арада нақты Әуезовті, не басқаларды мекзеп отырғамын жоқ, тағы да алдыңғы талқының кебін құшып жүрмесін. Мұның саяси зиянды, ғылымға жат екені анық. Мұны қалай сылап, сипаса да жалтарып кете алмайсың, партиялық мәселе – бәрінен жоғары екенін ескеру керек. Осы уақытқа дейін Көкбай (стенограммада Әсен деп жаңылыс жазылған сияқты – Т.Ж.) сияқты дін ұстазын, исламнің мұғалімін және Кенесарының жыршысын айтып келдік, бұлар – жағымды бір жақсылығы жоқ адамдар. Олардың еңбегі, оқуы туралы айтылғандардың барлығы да жалаңаш деректер, одан өзге ақтап аларлық ештеңе де жоқ.
Менің баяндамадағы ұстанымдарыма ешкімде қарсы дерек келтіре алмады, келтіре де алмайды. Мен тағы да комиссия құрып, тағы да тексеріп шығуға қарсы емеспін, алайда ол комиссияда тура осындай шешімге келетіні анық, өйткені шындық жеңеді, дәлел жеңеді, ол адамдардың реакционер және консерватор екені анық. Бұл дәлелденген нәрсе. Мен Әуезовке қарсы емеспін, әңгіме – осы мәселеге саяси жүйелі баға беруде. Бұл мәселенің түбіне жету комиссияға тапсырылсын, алайда тағы да сылап, сипап кетпейік.
Әуезов: Бұл дұрыс қой. Бірақ та сенің баяндамаң абайтанудағы істелген үлкен жұмыстарды жоққа шығарды, өте ауыр айыптар тағылды. Бәріне, оқулықтарға дейін, басқа ешкім емес, тек Әуезов кінәлі боп шықты.
Нұрышев: Бәрін де қосамыз, Мұқановты да қосамыз.
Мұқанов: Федоровты да, Тимофеевті де қосу керек.
Әуезов: Сенің баяндамаңда: Әуезовтің айыбы Бекмахановтан да сорақы – деген біржақтылық басым болды, осы кеңестің өзінде сөйлеген адамдар да, Сәтбаевтің аталған сөзінде де, бұл қателіктерден басқа,бүкіл ел білетін жетістіктерді де ескермедің. Сенің қорытындыларыңда бұлардың бір де біреуі айтылмады, сыңаржақ кеттің. Сен Әуезовті Бекмахановтан да арғы алыс түкпірге жібердің.
Мүсірепов: Комиссияның ондай шешім шығаратынын сіз қайдан білдіңіз?
Т.Шойынбаев: Қазір абайтану мәселесі жөніндегі шешім шығаратын комиссия құрамын шешейік.
Жұмалиев: Комиссия құрамына Ғабдуллинді, Нұрышевті, Покровскийді ұсынамын, жауапты, мәселеге терең және принципті түрде қарайтын адамдар.
Т.Шойынбаев: Ғылыми кеңесте Абай мектебі мен Мұхамедхановтың диссертациясын бірге қарауды ұсынамын.
Ғабдуллин: Мұхамедхановтың диссертациясын қоспаймыз, ол ғылыми кеңесте жеке талқыланады.
Жұмалиев: Мұхамедхановтың оппоненты болғандықтан ғана Әуезов пен Сильченконы комиссияға қоспау ыңғайсыз.
Жармағамбетов: Мен де солай ойлаймын. Абай мектебі мен Абайдың ғылыми өмірбаяны туралы комиссияның құрамына Ғабдуллин (төраға), Сильченко, Мұқанов, Әуезов және Мүсірепов кірсін.
Т.Шойынбаев: Бұл жөнінде арнайы ғылыми кеңес құрайық, бірлескен ғылыми кеңеске ұсыныс жасасын.
Сильченко: 2-3 күн бұрын Академиядағы талқылауда ашық пікірлер айтылды, ал қазір оның қандай шешім қабылдағанын ешкімде тура айта алмайды. Меніңше комиссия шешеді.
Жармағамбетов: Комиссияның ішінен комиссия құрылмайды. Әр мәселе жөнінде жеке топ құрып, нақты ұсыныстар жасауды соған тапсырамыз.
Ғабдуллин: Абайдың ақындық мектебі мен шәкірттері туралы комиссия мүшелері мыналар...
Мұқанов: Мен ол кезде болмаймын, менің орыныма Нұрышевті қосыңдар.
Ғабдуллин: Нұрышев енгізілді».
Бұл мәжілістің қорытындысы С.Нұрышев пен М.Ғабдуллиннің 1953 жылғы атақты баяндамасымен аяқталды. Пікір қайталаулары болмас үшін біз оны кейінге қалдырдық.
Осы айтыстарды тыңдап отырған аспирант М.Дүйсенов тура сол мәжілстен кейін өзінің «Күнделігіне»:
«11.06.1951 ж. Менің көзім анық жеткен бір жай: көбісі Абайды қолшоқпар етіп, өзінің дұшпандарын мұқату үшін пайдаланбақ. Абайды сондайдың құрбаны етпек. Бірақ Абай олардың бәрінен жоғары тұрғандықтан да, қара тақтаға жазып, қаралағысы келгендерге көнбейді, тазарып шыға береді. Бұл жолғы айтыстан да соны көрдік. Мұхтар Әуезовті мұқату үшін Нұрышевтер қанша әрекет жасады, оны қолдаушылар да аз болған жоқ. Бірақ Абайдың жырын жырлаушылар көп екен.»,–деп жазыпты.
Шындық та осы шығар, сірә. Дегенмен де тікелей Әуезовке қатысты жағдаймен тағдыры тауқыметке түскен Қ.Мұхамедхановтың кандидаттық диссертациясының қорғауы кезіндегі мына архив құжаттарын назарға ұсынамыз.
Сәбит Мұқанов: «1951 жылы 6 көкек күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі» деген Қайым Мұқамедхановтың диссертациясына Әуезов мақтап пікір айтады, соның ішінде Тұрағұл да мақталып жүр… Әуезов жолдастың Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де оған мейірімді көзбен қарауы, ең жеңіл тілмен айтқанда ұят… Осындай жолда өлген адамды да 1951 жылға дейін Әуезов жолдастың, оны қуаттап Жиреншин мен Мұхамедханов жолдастың дәріптеуіне қайран қалдым”.
Әрине, Әуезовтің айналасындағы “әдебиетшілерді, ұлтшылдарды” тазартып алған соң, кезек әуелі Әуезовке, содан кейін тура Мұқановтың өзіне келетінін жазушының өзі де кеш түсінді. Өзіндік ойлау жүйесі бар зиялылардың түрмеге қамалуы оларды бұрынғыдан бетер “арқаландырды”. Ғылымда ізі де, еңбегі де, аты да қалмаған С.Нұрышев сияқты қара сүйел жандар Әуезовтің соңына шырақ алып түсіп, барлық жаланы үйіп-төгіп:
“…Жоғарыда келтірілген дәлелдер М. Әуезовтің әдебиеттанушы ретіндегі ұсқынын толық әшкерелеп береді, бұл оның 30 жыл бойы әдебиеттану саласындағы әрекетінің саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтан құралатындығын көрсетеді… Өзінің қастандық идеялық позициясын нығайта түсу үшін М. Әуезов қазақ әдебиеттану ғылымына өзінің ғылымға қарсы “концепциясын” сіңіруге тырысты. Осы мақсатқа жету үшін ол “Абайдың әдеби мектебі” туралы Қ. Мұхамедхановтың диссертациясын сондай ұқыптылықпен дайындады, мұнда Әуезовтің өткендегі қателіктері мен қасақана бұрмалаушылық көзқарастары тұжырымды түрде түйінделіп берілген. Диссертация ашық және бүркемеленіп берілген антимарксистік материялдарға сықап тұрған боп шықты. Алайда бұл жолы Әуезовтің жолы болмады. Мұхамедхановқа ғылыми дәреже беруі туралы шешім қабылдаған ғылыми кеңестің ұйғарымы, ал оның иесі халық жауы ретінде әшкереленді. Осы диссертацияның тарихи төңірегінде ұстанған Әуезовтің позициясы оның бет-бейнесін ашып берді. Ол мұндай зиянды жұмыстың идеялық шабыттандырушысы мен жетекшісі ғана болып сөйлеген жоқ, оның нағыз қорғаушысы да болды. М. Әуезов диссертанттың әрі жетекшісі, әрі оппоненті міндетін бірдей атқарды. Ол оны (Қ. Мұхамедхановты – Т. Ж.) Әдебиет және өнер институтының секторында да, институттың ғылыми Кеңесінде де және Қаз ССР Ғылым Академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің біріккен ғылыми Кеңесінде диссертация қорғаған кезінде де жақтап сөйледі. Міне, бұл М. Әуезовтің дәл осы жаулық пиғылдағы диссертацияны дайындағанында және оны сүйреп алып шыққандығында оның жеке басының аса мүдделі болғандығын айтпай-ақ байқатады. М. Әуезов тек қана аса ауыр қателіктері мен бүлдірушілігі үшін ғана айыпты емес, сонымен қатар, дәл осы пиғылының насихатшысы болғандығы үшін де айыпты. Өйткені ол өзінің айналысына ылғи да идеялық тұрғыдан тұрақсыз, саяси көзқарасы соқыр адамдарды топтастырып келді және қазір де топтастырып жүр”, – деп өршелене өрекпіді.
Ал Қажым Жұмалиев диссертацияның қорғалу кезінде:
“Абайдың ақындық мектебі деген жоқ. Ол Әуезовтің айтқаны. Қ. Мұхамедхановтың жазғаны сандырақ. Арандатушы халық жауы ретінде әшкереленсін – (біз стенограмманы жұмсартып келтіріп отырмыз)” – деп екі рет қатарынан үкім шығарды.
Қ. Жұмалиев пен С. Нұрышевтің пікірлерінен Қайымның сескенбеуін өтінген профессор Усанович:
“Жас ғалым, бұл сіздің өміріңіздегі ең жауапты да, бақытты сәт. Күндердің күнінде ондаған ғылым кандидатын дайындаған қартаң тартқан ғалымның бұл сөзін есіңізге алып жүргейсіз, мен сіздің диссертацияңызбен танысып шығып, мынадай жөн сілтеймін: зерттеуіңіз өте құнды, ғылымға қосылған үлкен үлес болып табылады. Тек жасымаңыз, қайтпаңыз” – деп қорғау үстінде батасын берді.
Қазақ ССР Ғылым Академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының Президиумы арнайы қаулы қабылдап:
“1951 жыл көкекте Қазақ ССР Ғылым академиясының гуманитарлық біріккен ғылыми кеңесі Қ.Мұхамедхановтың “Абайдың әдеби мектебі туралы” деген саяси зиянды диссертациясын қабылдап, оны қорғауды жүзеге асырды. Бұл диссертацияда Совет өкіметі дәуіріне дейін өмір сүріп, оның бас жауларына айналған буржуазияшыл-ұлтшылдар да Абайдың “шәкірттері” деп мадақталады” – деп бағаланып, Қайымның ғылым кандидаты атағы алынып тасталды.
1951 жылы 11 желтоқсанда Жазушылар Одағының мүшелігінен шығарылып, ісі тергеуге берілді.
Сонымен, жалпылама әшкерелеудің дабылы даңғараға ұласты. «Жау мен даудың» атойын бастап берген бұл жыл (1951) 26 желтоқсандағы «Қазақстан К(б)П УІІІ пленумының қараларының орындалу барысы және Қазақстан К(б)П сьезінің көркем әдебиет саласындағы қаулыларын жүзеге асыру шаралары» атты жазушылар Одағының Ү пленумымен аяқталды. Бас баяндаманы, әрине, тағы да Қайнекей Жармағамбетов жасады. Ол бір жарым сағатқа созылды. Бұдан кейін тақыстанған тәсіл бойынша кезек-кезегімен шыққан шешендер кезекті «өрескел саяси-идеологиялық қателіктер мен ұлтшыл-буржуазияшыларды» әшкерелеуге кірісті. Біз осы бір кезеңдегі зиялы қауымның санасын билеген психологиялық үрей мен тобырлық жанталасты көрсету үшін мәжілісхаттың мазмұнын қысқаша үзінділермен баяндап беруді орынды санадық. Сонымен, Қ.Жармағамбетовтің баяндамасы қазақ әдебиетіндегі жарық көрген шығармаларды атап өтуден басталады да саяси-идеологиялық қателіктер мен ұлтшыл-буржуазияшыларға, реакциялық идеялар мене орыс халқына қарсы жаулыққа қарай ойысады. Әрине, оның «бісмілласы» М.Әуезовтің «идеологиялық-саяси қылмыстарын» санап беруден басталды.
Қ.Жармағамбетов: «М.Әуезовтің шығармашылығының алғашқы кезеңіндегі ұлтшыл қетеліктері кеңестік Қазақстанның барлық жұртшылығына мәлім. Ол мәселе жазушылардың өзарасында 1932 жылы талқыланған болатын, сондай-ақ М.Әуезовтің еңбектерінде соңғы жылдары жіберген ұлтшылдық қателіктері Шаяхметов жолдастың 1947 жылғы Алматы қаласының зиялыларының жиналысындағы және Қазақстан К(б)П УІІІ пленумында сөйлеген сөздерінде бірнеше рет атап көрсетілді. Абайдың шығармашылығы туралы оның 1934, 1940, 1945 жылдары жарияланған мақалаларында М.Әуезов Абайдың әдеби мектебі болды-мыс деген жалған ғылыми теория ұсынды, онымен қоймай, Абайдың шәкірттерінің қатарына Шәкерім Құдайбердиев, Тұраш Құнанбаев, панисламисшіл Көкбай Жанатаевт, Әсет Найманбаев сияқты контрреволюцияшыл-ұлтшылдарды қосты. Әуезовтің ғылымға қарсы, лениндік ілімге қарсы Әуезовтің бұл тұжырымдары оның редакциялық жетекшілігімен 1948 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томынан орын алды. Көріп отырғандарыңыздай, Әузовтің алашордадағы қайраткерлігімен тікелей терең тамырласып жатқан оның ғылымға қарсы ұлтшыл тұжырымдары қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуде жүйелі көзқарас ретінде жүзеге асты.
Өзінің ұлтшыл тұжырымдарымен ондаған ғылыми қызметкерлердің санасын улағаны үшін де Әуезовтің кінәсі бұрынғыдан да ауырлай түседі. Әуезовтің қолынан өткен ондаған диссертациялық және дипломдық жұмыстардың тағдыры сіздерге белгілі. Тәптіштеп жатпай-ақ, дәлелге жүгінейін:
1.1934 жылы «Әдебиет майданы» журналының №11-12 сандарында жарияланған «Абайдың ақындық мектебі» атты мақаласында Абайды орыс әдебиетінің классиктері Пушкинге, Лермонтовқа қарсы қойды, көптеген принципті мәселелерді бұрмалады. Сол мақалада 1951 жылға дейін дұстанып келген Абай мектебі туралы мәселені көтерді.
2.1944 жылы халық мүддесін қорғаған «әділ билер» туралы ұлтшыл идеяны көтерген Мәметованың диссертациясын мақтап пікір білдірді.
3.1940 жылы Әуезовтің жетекшілігімен 1930 (негізінде 1931) жылы кулактардың көтерілісі кезінде атылған халық жауы Шәкәрім Құдайбердиннің шығармалары баспаға дайындалды. 1939 жылы осы бандиттің «Қалқаман – Мамыр» дастаны бойынша балеттің либреттосын жазды.
4.1946 жылы Әуезовтің редакторлығымен Крыловтың мысалдар жинағы басылды, ол бұл жинаққа алашордашылардың атаманы Байтұрсыновтың аудармаларын қасақана саналы түрде кіргізіп жіберді.
5. Сондай-ақ Әуезовтің Кенжебаев пен Қоңыратбаевтың, халық жаулары Саманчиннің (қырғыз ғалымы – Т.Ж.), Исмаиыловтың, Мұхамедхановтың және басқалардың шірінді, ұлтшыл диссертацияларына мақтау пікір білдіргені бәрімізге аян»,– деп санамалап шығады да өзге әдебиетшілерге көшеді.
Осы баяндамада қамтылған және санамалап берілген әр бір «саяси-идеологиялық қателіктер мен ұлтшыл-буржуазияшылар бұрмалаушылықтар» келесі жылдың «азығына айналды». Ал ондай «ырыздықты» Қ.Жармағамбетов жомарттықпен дастарханға санамалап тұрып салып берді. Көкек айындағы деректерін өзгеше қырынан толықтырып, енді жазалай үкімінің баптарына қарай бейімдеді. Әдебиетіміздің тұлғалары қандай тауқыметті тағдарды басынан кешірді, қандай идеялар мен шығармалар империялық қысымға ұшырады? Мұның барлығы М.Әуезов пен С.Мұқанов арқылы ұлттық тұлғаларды тұншықтырудың тұзағы еді. Сондықтан да тақырыптан тысқары көрінсе де, тікелей қатысы бар деген уәжбен, енді кім мұның барлығын жинақтап, жүйелеп, бірге қашан түсіреді деген алаңмен, мысалдарды толық мазмұндап өтеміз. М.Әуезовпен қасарыса қақтығысуы Қ.Жұмалиевті қазақ әдебиеті мен ғылымындағы екінші тізімге іліктірді.
Қ.Жармағамбетов: «Келесі бір әдебиеттанушы Қ.Жұмалиев өзінің 1940-1950 жылдары аралығында орта мектептің оқулығына арнап шығарған оқулықтарында және «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томындағы «Батырлар жырының» тарауында, Махамбет Өтемісовтің шығармашылығы және Абай шығармаларының тілі туралы еңбектерінде, қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелерін зерттеу барысында өзінің жүйеге түсірілген ұлтшылдық тұжырымдарын өткізіп отырды.
Біріншіден, Жұмалиев тарихи шындықты бұрмалап, Кенесары мен Наурызбайды ұлттық қаһарман дәрежесіне көтерді, ал сарай ақындары Нысанбай мен Досқожаны халық мүддесін жоқтаушы жырау деңгейіне көтерді.
Екіншіден, еңбекші бұқарасының зұлым дұшпаны, қазақ феодалдарының сарай ақындары тудырған реакциялық-феодалдық «Едіге», «Қобыланды», «Орақ», «Қарасай-Қази», «Тарғын» эпостарын буржуазияшыл-ұлтшыл Жұмалаиев сандаған ғасырлар бойында халықтың өзі тудырған халық шығармашылығы, халық қаһармандарының мұрасы ретінде кеңестік мектептің оқулығына енгізді.
Үшіншіден: өзінің оқулықтары мен өзге де мақалаларында, институтқа арналған әдебиет бағдарламасында Жұмалиев ҚК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына қарамастан, Бұқардың, Шортанбайдың, Мұраттың, Дулаттың, Нысанбайдың өлеңдерін кіргізу арқылы, олардың халыққа қарсы туындыларына жол ашты. Одан да зоғысы, соңғы уақытқа дейін контрреволюциялық «Алаштың партиясының Бөкей ордасындағы мүшесі Шәңгерей Бөкеевті ашық насихаттады.
Төртіншіден, арнайы мақала жазу арқылы («Әдебиет және искусство», 1940, №3) «Едіге» эпосын насихаттап қана қоймай, 1944 жылы «Едіге батыр» атты пьеса жазып, орыс жерін қанға бояп, өрт жіберген Алтын Орданың ханы Едігенің бейнесін сомдады.
ҚК(б)П Орталық Комитетінің ҮІІІ пленумының қарарында аталып өткеніндей, Жұмалиевтің осындай ұлтшылдық бұрмалаушылықтары кездейсоқ қате болудан әлдеқашан қалған, керісінше, оның көзқасының жүйелі ұстанымы болып табылады.
Әдебиеттанушы Кенжебаев та өзінің мерзімді баспасөздегі мақалалары арқылы жастардың санасын одан кем улаған жоқ. Қазбалап жатпай, бірнеше мысал келтірейін:
1. 1940 жылы «Әдебиет және искусство» журналының №7-8 санында Кенжебаев «Едіге батыр» жырын дәріптеп мақала шығарды.
2. Сол 1940 жылы сол «Әдебиет және искусство» журналының №12 санында Кенжебаев «Қобыланды батыр» эпосы туралы мақала жариялап, Қобыланды түрікмен жұртына шапқыншылық жасаған деген жалған қисын келтіріп, сол ерлігі үшін Қобыландыны қазақ халқының даңқты батырларының қосады, сол арқылы кеңестік туысқан халықтардың арасына ұлттық өшпенділіктің уын сепкен.
3. 1941 жылы тағы да сол журналдың №5 санында барып тұрған түрікшіл Ақмолда Ғұбайдуллин туралы мақаласында: «Ақмолданың есімі біздің әдебиетімізде Шоқанмен, Ыбыраймен, Абаймен қатар орын алуға тиісті демократ-ағартушы», – деп қорытынды жасаған.
4. 1940 жылы шілде айында «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақ әдебиетінің хрестоматиясы туралы» мақаласында реакцияшыл ақындар: «Шортанбай мен Мұрат халықты қарулы көтеріліске шақырған нағыз ержүректер,– деп шектен тыс асыра бағалайды.
5. 1942 жылы қаңтарда, кеңес халқы неміс-фашист басқыншыларына қарсы қаһармандықпен соғысып жатқанда, Кенжебаев «Абылай хан» атты кітапша шығарып, Абылайдың Ресейге, орыс халқына қарсы жүргізген сатқындық саясатын әшкерлейтін деректерге қарамастан оны прогрессивті қайраткер деп бағалады. Кітапшасында, сонымен қатар, Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысында мадақтаумен сыпаттаған.
6 Ақыры, өзінің «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты кітапшасында және «Сұлтанмахмұдтың поэзисы» атты кітабында (1949) алашордашылардың баспасөзі «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттері мен «Абай» журналын ашық насихаттап, Торыайғыровтың ұлтшыл туындыларын бұралап пайдаланған. Ол өзінің пайымдауларында Торыайғыров 1918 жылы ғана алашордашылардың жолына түсті, ал өзінің ұлтшылдық қателіктерін 1917 жылы жазылған «Жүрек» атты өлеңінде сынаған болатын деген көзбояушылыққа дейін барады.
Ал нақты шындыққа тоқталайық. 1917 жылдың басында жазылған «Жүрек» өлеңінде Торыайғыров алашордашылардың ұстанымына немкетті қарағаны үшін өзін кінәлайды. 1917 жылдың соңында «Алаш ұранын» жазды, ал 1918 жылы алаштың барлық атамандары мен көсемдерін мадақтаған «Таныстыру» атты дастанын жазды. Сол, 1918 жылы ұлтшыл «Алаш» партиясының сол қанатына ауысады («Үш жүз») да «Үш жүз» партиясынның атынан құрылтай жиналысына депутаттыққа түседі. Тағы да сол 1918 жылы «Абай» журналына (№3) «Социализм» атты мақала жазып, «Үш жүздің» солшылдар қанатын уағыздайды. 1919 жылы Торыайғыров «Кедей» дастанында қазақ ұлтшылдары австровенгерлер мен бундестерден алған ұлттық-мәдени автономияның бағдарламасын баяндайды, соңы «Алаш» партиясының күйрегенінен түңілген пессимизммен аяқталады. Ол:
Жол қайсы құдай салған, шайтан салған,
Білмеймін осы арасы маған арман...», –
деп кедейлерді азат етудің жолын Ұлы қазан төңкерісі орнағаннан кейін үш жылдан соң іздейді және оны таба алмайды.
Көріп отырғандарыңыздай, Торыайғыровтың шығармашылығында көптеген қайшылықтар бар, менің ойымша, Торыайғыровтың шығармашылығы туралы талқылау өткізу мәселесі пісіп-жетілген сияқты. Әдебиеттанушы Кенжебаев жолдас партиялық сыннан қорытынды шығармады, еш жерде өзінің өрескел қателігін мойындап сөйлемеді, үндемей құтылып, өзінің ұлтшыл көзқарастарын Қазақ мемлекеттік университетінің аудиториясына таратып жүр.
Бір мәселені әр уақыттағы еңбектерінде әр түрлі ұстаныммен жазған Сәбит Мұқанов та қазақ әдебиеттануын әбден жаңылыстырды.
1. 1923 жылы «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер» атты мақаласында Мұқанов Кенесары Қасымовтың қозғалысын реакциялық қозғалыс деп баға берді, тура сол 1923 жылғы «Жайлауда» атты «Қызыл Қазақстан» журналының № 22 санында жарияланған өлеңінде Мұқанов:
Кешегі ер Наурызбай, Кенесары,
Қазақтың ерке, ардақты батырлары,–
деп жырлады.
1930 «Қазақ әдебиетінің дәуірлері» туралы «Жаңа әдебиет» журналының №10 сананда Мұқанов Кенесарыны тағы даьреакционер етіп көрсетті. Ал 1942 «ХУІІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде» өзінің Кенесары қозғалысы жөніндегі бұрынғы пікірлерінің қате екендігін мойындап, «Қазақ әдебиетіндегі Кенесары мен Наурызбайдың бейнесі» деген тұтас тарау енгізіп, қарақшы Кенесары мен Наурызбайды мадақтайды, олар ұйымдастырған реакциялық-монархиялық қозғалысты ұлт-азаттық қозғалысы еді деп бағалайды. Оның бұл пайымдаулары ұлтшыл Бекхожиннің «Әдебиет және искусство» журналының 1941 жылғы №5 санында жарияланған «Кенесары мен Наурызбайдың бейнесі» атты мақаласымен мазмұндас. Екеуі жарыса жазған. Бұл ұстаным осындай нақты мәселе туралы айтылған Мұқановтың соңғы ұстанымы, сондықтан да оны Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысының насихатшысы және жақтаушысы деп айтуға толық қақымыз бар.
2. 1932 жылы Мұқанов «ХХ ғсырдың басындағы қазақ әдебиеті» атты кітап шығарды, бұл шын мәніндегі буржуазияшыл ұлтшылдық пен халық жауларының шығармаларының бағдарламасы және оқулығы болды. Халық жауларынның зиянды туындыларын мақтайды, идеялық жағынан Жұмабаевті сынай отырып, оның өлеңдерінің «өресі биік» еді, Дулатовтың дастандарының «композициялық құрылымы ширақ ед», «Байтұрсыновтың аудармалары шебер еді» деп таңданады.
3. Мұқановтың өзі құрастырып, редакторы болып, алғы сөзі мен түсініктемесін жазған, 1939 жылы баспадан жарық көрген «Батырлар жырының» көлемді басылымында жіберген қателіктерінің астары оның кінәсін бұрынғыдан да тереңдете түседі.
Біріншіден, өзінің алғысөзі мен түсініктемесінде Алтын орданың патшалары мен мырзаларының атын атағанда Едігеден бастап, Қарасай – Қазиға дейін халық қаһармандарының қатарына жатқызады.
Екіншіден, томды «Едіге» эпосынан бастауы және сол сияқты зиянды туындыларды шығарған сарай ақындарының шығармаларына орын беру арқылы, буржуазиялық ұлтшылдардың идеологі ретінде көрінген.
4. Жұмалиевпен, Бекхожинмен бірігіп жазған 9 класқа арналған оқулықта және 8 кластың хрестоматиясында бірнеше жыл бойы Мұқанов Асан, Бұқар, Дулат, Мұрат, Досқожа сияқты орысқа қарсы ақындардың, түріктің реакцияшыл буржуазиялық әдебиетінен енген Қорқыт туралы аңызды, Хиуа хандығымен ауыз жаласа отырып Қазақстанның оңтүстігін Ресейден бөліп әкетуге тырысқан қарақшы Жанқожа Нұрмағамбетов туралы белгісіз автордың өлеңін кіргізіп, оларды насихаттады.
Соған қарамастан, Мұқанов бұл қателіктерін толық мойындаудан жалтарады, тіпті ҚК(б)П Орталық Комитетінің ҮІІІ пленумында айтылған сыннан кейін де ол партиялық сынға қарсы шықты. Осы пленумда жолдас Шаяхметов тарихи тақырыпқа рналған кейбір пьесалар мен опера либреттоларын қайтадан қарауды бізге міндет етіп қойған болатын. Біз мұндай маңызды мәселені әлі талқылағамыз жоқ, «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» опералары мен «Қобыланды» және басқада пьесалардағы қателерді әлі анықтай алмай келеміз. Осы нұсқауға сәйкес «Казахстанская правда» газеті қазақ эпосы туралы орынды мәселе көтерді. Осы уақытқа дейін халық шығармашылығының қатарына жатқызылып келген эпикалық және лирикалық эпостар терең талдауды және шынайы ғылыми тұрғыдан дұрыс бағалауды талап етеді. Бізге, Әуезов, Жұмалиев, Марғұлан, Мұқанов, Кенжебаев және басқалар сияқты феодалдық эпостардың фальсификаторлары мен апологеттерін батыл әшкерелеп, айып тағатын кез келген сияқты».
Ол бұл мақсатына да жетті. Эпос пен фольклор туралы арнайы талқылаулар өтіп, «Қамбардан» басқа эпостардың барлығы да оқулықтардан алынып тасталды. Сөйтіп, жеті жылға жуық жас ұрпақтар эпоссыз тәрбиеленді. Алдағы болатын жан алып, жан берген әшкерелеулердің қай бағытта өршитіндігін аңғарта кету үшін Қ.Жармағамбетовтің «Қобыланды жыры» туралы пікірін назарға ұсына кетеміз.
Қ.Жармағамбетов (жалғасы): «Осыған байланысты екі эпосқа тоқтала кетемін. «Казахстанская правда» өзге де нұсқаларының бар екенін ескерте келе «Қобыландының» Марабай нұсқасының барлығына сенімсіздік танытады. Оқиғалары ортақ, бірақ кейбір оқиғалар мен кісі аттарына өзгеріс енгізген, өз бетінше дербес шығарма болып табылатын жырдың бес нұсқасы бар. Марабай нұсқасында – қазынаға ие болу үшін Қобыланды Қазанды басып алады. Мергенбайдың нұсқасында – Марабай нұсқасы толық қайталанды, тек Қобыландының Құртқаға үйленуі кеңінен баяндалады. Айса Байтабыновтың нұсқасында Қобыланды қалмақ ханы Алшағыр мен оның бауыры Қазанға қарсы соғысады. Мұнда да Мараба нұсқасының көп жері қайталанады. Ал сол Айса Байтабыновтың екінші нұсқасында Қобыландының тұрмыстық өмірі, үйленуі, Жанкісі атты ұлының тууы баяндалады. Нұрпейіс Байғаниннің нұсқасында Қобыланды қырымның мырзасы қартқожамен одақтасып қалмақ ханы Алшағырмен, Барыспен соғысады. Көріп отырғанымыздай «Қобыланды батыр» эпосының өзге нұсқалары Марабай нұсқасын қайталайды. Осының барлығы Қобыландының Алтын орданың мырзасының қатарына жататындығын көрсетеді.
Марабай мен Мергенбайдың нұсқасында Қобыланды Орақ батырмен бірге оның ағасы Мамайға қарсы соғысады. Айса Байтабыновтың екі нұсқасында да Қобыланды Орақтың ұлдары Қарасай, Қазимен достасады. Байғаниннің нұсқасында Алтын орданың қол астындағы қырым хандығымен одақтасады. Академик Радлов жазып алып, өзінің 1896 жылы шығарған «Түркі тайпаларының ауыз әдебиетінің үлгілері» атты көптомдық еңбегінің 3-кітабына енгізген «Қобыландының» ең соңғы алтыншы нұсқасында, Алтын орданың ханы Мамайдың досы сарай батыры, Ұарасац мен Қазидың досы ретінде баяндалады. Демек, Қобыланды Алтын орданы қорғаушы, қазақ және орыс халқының жауы болғандығына еш күмәне тумауы тиіс.
Кенжебаевтің 1940 жылғы мақаласындағы, Әуезовтің «Қобыланды» пьесасындағы, Марғұланның докторлық диссертациясындағы, Ғабдуллиннің «Қобыланды» эпосын ғылыми зерттеу мәселелері» және Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті» тарихының бірінші томындағы эпос таралы тарауындағы Қобыланды парсы ханы Ғазанмен соғысты дегені тарихи деректерді тұп-тура фальсификациялаудың өзі болып шығады. Біріншіден, алты нұсқада да Алтынорданың қараұшылары Мамаймен, Орақпен, Қарасай, Қазимен бірігіп «кәпірлерге», яғни, орыстарға және басқа да халықтарға қарсы соғысады. Мамайдың 1380 жылы 8 қыркүйекте Күликов шайқасында жеңілгені белгілі. Орақ, Қарасай мен Қази Ресейге қарсы ХІҮ ғасырдың соңында, ХҮ ғасырдың басында соғысты. Ал парсы ханы Ғазан Орақ пен Мамай қоғамдық сақнаға шықпас бұрын 1295-1348 жылдары тақта отырды. Екіншіден, «Қобыландыда» қызылбас деген кәпірлер, яғни, исламнан бас тартқандар жиі кездеседі. Исламның софылық, шейіттік және өзге де ағымдары болғаны белгілі. Арабтардың билігіне қарсы Шейіттердің шарулар қозғалысы ҮІІІ – ІХ ғасырларда орын алды. Қызылбастар деп осы шейіттерді атаған. Алтын орданың тарауының қарсаңында шейіттік ағым Кавказдағы Әзірбайжан мен Дағыстанға тарады. Алтынордалықтар бұл аймақты бірнеше рет шапқыншылыққа ұшыратты. Демек, «Қобыланды» эпосындағы қызыл бастар – өзге емес, Қап тауындағы бауырларымыз», – деп енді «Ер Тарғынға» ауыз салды.
Қаншама эрудит, алғыр, шешен болса да Қ.Жармағамбетовтің эпос туралы білімі тура осы тақырыпты ондаған жылдар бойы арнайы зерттеп келе жатқан М.Әуезовтің, Ә.Марғұланның, Қ.Жұмалиевтің, Б.Кенжебаевтің, М.Ғабдуллиннің деңгейінен биік әрі терең болмаса керек. Ет қызуымен айтылса да түйсіктен тыс тұжырымдар бұл.
Ендігі кезекті алысымен Т.Жароков тура көктемдегі әшкерелеуші екпінмен:
«Қалижан Бекхожиннің өлеңсымақ шимайлары мен кейбір туындылары баяғыдан бері ұлтшылдықтың уымен суарылып келе жатқаны анық. Оған ең алдымен 1940 жылы жазылған «Батыр Науан» дастаны куә. Бұл дастанда ол қазақ пен қырғыз халқын, өзге де халықтарды тұншықтырушы, қанқұйлы қарақшы – адам етін жейтін нағыз реакционер хан Кенесары Қасымовты және оның бауыры Науанды, олардың тонаушы, қанқұйлы жорықтарын сүйсіне жырлайды»,– деп лепіре әшкереледі.
Әруақтардың өзі кешірсін, бұл пікірді жалғастырмаймыз да, түсінік те бермейміз. Қазақтардың тым қатты кеткеніне таң қалған Дм.Снегин
«Кеше өзінің баяндамасында, Қ.Жармағамбетов, Қазақстан кеңестік Жазушылар одағына өзі келіп, аса жауапты – жауапты хатшылықтың міндетін тапсырып алған кездегі көріністерді соншама көргісіз етіп баяндап берді. Жармағамбетов жолдастың баяндамасын тыңдап отырып, ол келгенше Жазушылар одағында кеңес адамдары істемеген сияқты, жазушылар одағы жуындыда қалған мекеме сияқты әсерде қаласың, – деп басу айтыпты.
Мінбеге Ғабит Мүсірепов шығып, өзінің бұрынғы пікірлерін жаңа орамдармен емеуірін таныта айтып, М.Әуезовті шымшып өтті, С.Мұқановтың атын атамай, одақтың басшылығының ісін мүлдем жоққа шығарды.Біз тек саяси бағалауын ғана аударып береміз.
Ғ.Мүсірепов: «Буржуазиялық ұлтшылдықтың жеке жазушылар мен ақындардың шығармаларынан көрініс бергеніне дау айтуға болмайды, өйткені жазушы-ұлтшылдардың жас кеңес әдебиетімен белсенді күресі тұсында оның тарихи-теориялық тұрғыдан тереңдеп кеткен тамыры осы уақытқа дейін өзінің улы жемісін беруді жалғастырып келеді. Кімде кім өзінің ұлтшылдығын түзеткісі келсе, онда ол мұны ертеде өткендігін сылтауратып бетін жылтыратып майлап қоймай, ең алдымен осы тамырды аршып алып, отап тастауы керек. Менің ойымша, большевиктік сын мен өзара сынның ең басты және бағыттаушы маңызы осында. Сонымен қатар, біздің Қазақстанның кеңестік жазушылар одағы және оның Төралқасы мен басқарма мүшелері, буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы күресте, социалистік реализмнің негізгі бағытынан ауытқушылықпен күресте, жауапсыздықпен және халтурамен, демек, жазылған шығарманың биік идеясы мен көркемдік сапасы жолындағы күресте қатаң да талапшыл партиялық ұстанымды көрсете алмады.Соңғы уақытта, баяғы әдетімізше, шынайы шығармашылықтан көрі мағынасыз ішкі қырқылжың мен пайдасыз ұсақ-түйекке көп көңіл бөлінді. Қайран уақыт босқа кетті. Жоғарыдағы партия ұйымдары да Жазушылар одағында не болып жатқанын жақсы біле тұра, оған немқұрайлы, кейбір жағдайларда ымырашылдықпен қарады. Міне, біздің ащы шындығымыз»,– деп өзінің екі жүзді қанжар екенін танытып өтті.
Өйткені, «тамыры тереңге кетіп, өз тамырын өзі аршымай, өз тамырын өзі отап тастамай, құр бетін жасырып» жүрген адам жалғыз, ол – Мұхтар Әуезов болатын. Ал «ішкі қырқылжыңға» жол берген адам, әрине, Сәбит Мұқанов. Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы І.Омаров ауысып, орынына «сұр кардинал» Сужиков келген. Демек Орталық Комитетті де сынауға болатын. Ең бастысы, осы жолы ұйымдық мәселе қаралатын. Бір ауыз сөзбен үш жолбарысты бір оқпен атып, үшеуіне де тигізіп отыр.
Сол арада Қасым Аманжолов сөзге араласып:
«Орталық партия комитетінің қаулысында және ҮІІІ пленумның қарарында менің қателіктерім көрсетілді, мен оны мойындадым, ең бастысы сыналып та жатыр, бірақ Кенесарыға қатысты аты аталғандардың ішінде тағы да мен жүрмін. Бұл дұрыс емес қой. Алғашында Бекхожиннің ұсынысымен бір нашар дастансымақ жазғаным рас, ол адамдардың санасын улап үлгерген жоқ (жарияланбаған – Т.Ж.), оны өзім де ұмытып қалдым. Сондықтан да мені Кенесарышылардың тізіміне қосқаны дұрыс бола қоя ма екен?», – деген ұсыныс айтты.
Төраға: Бұл ұсынысқа қалай қарайсыздар? Кенесарышылардың қатарынан сызылсын ба? Кенесарышылардың тізімінен сызып тастау туралы ұсынысты мен де қолдаймын.
Дауыстар: Дұрыс.
Төраға: Демек, Пленумның шешімдерінің жобасынан оның атын сызып тастауға қарсылық жоқ қой?
Дауыстар: Жоқ.
Бір ауыздан қостап дауыс берілді» (Сонда, 230 іс).
Жарыссөзде М.Ақынжанов, А.Шарипова, С.Омаров, Ғ.Сланов, Т.Әлімқұлов сөйлеп, Қ.Жармағамбетовтің баяндамасын және жоғарыдағы аталған адамдарды, соның ішінде Қ.Бекхожинді батыра сынады. Пленум ұйымдық мәселе қарап, Жазушылар одағының төрағалығына сол кездегі Гурьев облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ә.Жаймурзин сайланды.
Одақ үшін де, оның жаңа хатшысы үшін де ең бір ауыр жылдар күтіп тұрды. Өйткені саяси жазалау науқаны енді ғана көрігін қыздырып, тікелей жазалауға көшкен еді.
Жоғарыда «әшкереленген саяи-идеологиялық, ұлтшыл-буржуазияшыл бұрмалаушылықтар мен қателіктерді» жіберген академик М.Әуезов Ғылым Академиясы президиумының 1951жылғы 14 қыркүйектегі № 577 қарарымен жалпы жиналыстың шешіміне орай Президиум мүшелігінен босатылды. Бұл сүркілдің басы еді. Енді оны ешкімде қорғап қала алмайтын. Өйткені сол күндері осында сілтеме жасалып отырған Ғылым Академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтің өзінің үстінен де құпия тергеу жүріп жатқан болатын. Парасатты зиялы Ілияс Омаров сол тұста қудалауға түсіп жүрген Қаныш Сәтбаевқа:
«Қаныш аға! Сақ жүрмейсіз бе.Тым сенгішсіз. Әр кімге сыр ақтара бересіз»,– деген екен.
Сонда Қаныш ғұлама:
«Әй, Ілияс-ай! Табиғатта керексіз зат жоқ қой. Құзғынды да құдай жаратқан. Бәрі қыран боп кетсе, қарғалар қайтып күн көреді. Оларға да жұмыс керек қой»,– депті (жиені Н.Жармағамбетовтің мәліметі).
Соның нәтижесінде ол 1951жылы 23 қарашада осы орыннан дәмегөй, аса қуатты қолдау мен күшке ие, геология, тау-кен саласындағы орыс және өзге ұлттардың өкілдерінің (М.Сәрсекеевтің «Қаныш Сәтбаев», «Нартұлға» атты кітаптарын қараңыз) қасақана арандатуымен, С.Бәйішев пен Н.Сауранбаевтың саяси жетекшілігімен, С.Нұрышев пен Ә.Тәкежановтың сумаңдығымен Қ.Сәтбаев: Ғылым академиясында кадрларды іріктеу мен қаржы-қаражат пайдалану саласында өзімшілдікке жол берді, Академияның партия ұйымын менсінбеді, жершілдік пен рушылдыққа жол берді – деген желеумен қызметінен босатылды. Академиктер М.П.Русаков пен Ахмет Жұбанов ғылыми атақтарынан айырылды. Бұған Құдайберген Жұбановтың кенже ұлы Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың қолындағы құпия мекемеге арнап жазылған хаттың көшірмесі дәлел.
1951 жылы 11 желтоқсан күні Қайым Мұхамедханов «әшкереленген халық жауы» ретінде жазушылар одағынан шығарылды. Демек, бұл кезде абайшыл, әуезовшіл ғалым түрменің ыстық, суық камерасына кезек қамалып, «сыннан» өтіп жатыр деген сөз. Сонымен Қайым жиырма бес жылға кесіліп, маршал Жуковтың штабындағы генералдармен бірге “сыбаға бөлісіп” шыға келді. Қ.Мұхамедхановтан сұрағаны: “Маған бұл тақырыпты Әуезов зорлап зерттетті”– деген жалғыз-ақ сөз. Соны жазып берсе бостандықта жүрмек, ғылыми атағын да сақтап қалмақ екен. Түрмедегі ыстық, суық камераны, әртүрлі қорлаулар, қоқан-лоққыларды, алдау-арбауды басынан кешірсе де Қ.Мұхамедханов М.Әуезовті ұстап бермеді.
Сөйтіп, Мұхтар Әуезов те өзінің сенімді достары мен шәкірттерінің көмегінен қол үзіп қалды. Егер Қ.Сәтбаев Президент болып тұрса, онда М.Әуезовтің «қолды болуы» да екіталай екенін партиялық жазалаушы жауынгерлер білді. Біз осында аты аталған, Қ.Сәтбаев менсінбеген «бастауыш партия ұйымының мүшесі» Ә.Тәкежановпен бір неше ай сұхбаттас болғанымызда байқағанымыз, осынау тік мінезді, тау ішіндегі саяжайында қалған өмірін жалғыздықпен өткізген тапшыл тарихшы сол науқан қайтып келсе, тағы да «атойға шыға келуге» дайын сияқты көрінетін. Өкінішке орай С.Нұрышевпен әңгімелесудің еш орайы келмей-ақ қойды. Оған өкінген де жоқпыз.
3.
Бұл қызылкеңірдек науқан тағы да екі жылға созылды. Алғашқы қарбалас «әшкерелеу науқанына» қарбалас кіріскен жалғыз қазақ жұртшылығы емес еді, буржуазияшыл, ұлтшыл, реакционер, монархияшыл, феодалшыл, байшыл, манапшыл, алашордашыл, махношыл, муссауитшіл, дашнякшыл, кньязшыл, құрбашыл, ұлы орыс ұлтының проерессивті отарлауы мен жазалау саясатына қарсы панисламистер, пантүркистер, жойытшылдар, идеясыздар, сана ағымының сары уайымшылдары, жалған ғалымдар мен жалған ғылымның емшегін сорушылар және олардың идеясын жасырын өткізушілер мен насихаттаушылар кеңестік идеологияның саяси жазалау үрдісіне сай асқан бір бауырмалшылдық-интернационалистік өрлеумен барлық республикаларда қарышты қарқынмен, екпінмен құйындатып жатты. Бірі ауыр, бірі жеңіл, біреудің күні туып, біреудің мысы басылып, бірі жер аударылып, бірі түрмеге қамалып, аласапыран болды кетті.
Өзінің жұртындағы дау мен дамай, айып пен жала, сатқындық пен табалау, басыну аздай, Мұхтар Әуезовке осы 1951-1953 жылдардың аралығында қырғыз ағайынның «алақандай намысын алып беруге» («Манастағы» Ер Ағыштың сөзі) атсалысуына тура келді. «Атаң көрі, қоқи» деп бір кіріссе, оңайшылықпен екпінін баспайтын шағын елдің талқысы да оңайшылықпен өткен жоқ. М.Әуезовтің шәкірті ретінде әшкереленген Жамғырчинов жер аударылып тынған. Алайда олар өзінің ең ұлы ұлттық мұрасы, ұлттық ұйытқысы, қырғыз ұлтының екінші мағынасы «Манас» эпосының тағдыры тәлкекке ұшырап, содан айырылып қалу қаупі туды. Неге екені түсініксіз, осы эпостың дауы ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін созылды. Кейде өз тағдырын өзі өртке салуды әдетке айналдырған осындай қозғалыс біздің халықтарға ғана тән бе деген күбірткі күдік те қылт ете қалады.
Қырғыздар үшін сондай бір талмауытты тұста «Манас» эпосының тарихилығы мен халықтығы қақындағы Бүкілодақтық көлемдегі СССР Ғылым Академиясы ұсынған талқы өтуге тиісті болды. Эпос пен фольклор туралы қорытынды тұжырым жасауға тиісті бұл жиналысқа ең таңдаулы шығыстанушылар мен түркологтар, фольклоршылар, әдебиеттанушылар, тарихшылар, жазушылар қатысу жоспарланды. Егерде осы жолы «Манастың» беті теріс қайырылып кетсе, қырғыз халқы ғана емес, әлем жұртшылығы өзінің ұлы эпостық мұрасын зерттеуге, оны басып шығаруға кемінде елу жыл кенжелік танытар еді. Қазақ эпостары мен фольклоры да соның кебін құшар еді.
Өз елінде басы бәйгеге тігіліп жүргеніне қарамастан Мұхтар Әуезов 1952 9-11 маусым аралығында Фрунзе (Бішкек) қаласында өткен «Манасты» зерттеу мәселелері» жөніндегі ғылыми сессияға қатысты. Сол сессиядағы тағдырлы талқы иелері А.Тоқымбаевпен, Т.Сыдықбековпен, Ш.Айтматовпен әңгімелескенімізде: «Манастың» бар тағдырын Әуезовке тапсырдық. Үміт тек сол кісіде ғана болатын. Бүкіл қырғыз елі ауыл-ауылдан атпен келіп, сессия өткен театрдың ғимаратын қоршап тұрды. Сыртқа лаба қойдырып, содан Әуезов мінбеге көтерілгенде Манас пен «Шоң қазақтың» тілеуін тілеп айғайлап тұрды»,– деген сөзді бір ауыздан мақұлдады. Өйткені ол кезде одақ көлеміндегі ғалымдардың Орта Азия аумағында санасатын жалғыз адамы –Мұхтар Әуезов қана екен. Сондықтан да қолындағы қамшысын, тақымындағы ертоқымын қысып, ширығып тұрған халық Мұхтар Әуезов созылыңқы дауысымен:
«Күн нұрына бөленген, социалистік қырғыз ұлтының ұлы да ғажайып тарихы...»,– деп сөзін бастағанда «тайкемайлап!» ұран салды.
Өзі де толқуын баса алмай иіріліп келген күрделі ойларын түйдектете төгіп, сессияға мүлдем басқаша рең берді.
«Бір адамның ғана өмірімен өлшенетін мезгілдегі ұрпақтардың өмірінде, Октябрьге дейін өмір сүрген әкелер мен шешелердің, Отябрьден кейінгі ұлдар мен қыздардың тағдырын салыстыратын болсақ. олардың арасындағы айырмашылықты ондаған жылдардың бедерінен ғана, ұрпақтардың жаңғыра түлеуінен ғана байқамайсың, бейне бір бұл екі арада ғасырлар өткендей, бұрынғы халық жаңа халықпен ауысқандай толысуды аңғарасың. Қырғыздың күндей күлімдеген өспірімдерінің балалығы басқаша бір дәуірде – шексіз еркіндікпен, жастықтың асқақ арманымен, биік ойлы санамен, еркін құлшыныспен, теңдікпен және әкелік пен аналықтың кемел ақылы мен мейрімі аясында өтті.
Кей шақтарда, кемел жасыңа келген кезде, бәрін анық та қанық түсінген, сабырлы да салиқалы көзқараспен өткенді шолып шығатын сәттерің болады, сонда алыста қалған балалықты өзгеше бір көрінісі көз алдыңа келеді, ал есіңе түскен сол елестер ен далада алыстан жылтырап көрінген шоқ құсап маздап, жылдар, оқиғалар, адам бейнелері мен аттары көз алдыңнан көшіп өтеді,сол арқылы аңғал өміріңнің бастауы мен қуаты толысқан шағыңның арасын көрінбейтін, бірақ жаныңмен жалғасқан байланысты қалпына келтіретіні бар – тура сол сияқты кеңестік қырғыз халқы да осы сәтте өзінің өткен рухани өміріне көз салып отыр. Иә, бұрылып қарады, бұрылып қарады да, өткеннің түгелін түгендей алмаса да, бұрынғы санада сараланған ойлардың мәйегін бүгінгі күндегі көтерілген кемелденген сыни сана баспалдағының деңгейінде саралауға ұмтылып отыр.
«Манас» эпосын талқылауға арналған қазіргі жағдайдың барлығы мені тура осындай көңіл-күйге жетелеп отыр. Бұл, осы талқылау, партия-кеңес баспасөздеріндегі пікірталасынан басталды. Әділін айту керек, соңғы төрт айдың ішінде республика баспасөзі үлкен жұмыс атқарды, тек «Советская Киргизия» мен «Қызыл Қырғызстанның» беттерінде 15-тен артық мақала жарияланды.
Біздің осы конференциямыз да сол басылымдардағы талқының табиғи жалғасы болып табылады. Мен көтерілген мәселелердің негізіне тоқталмас бұрын, мұндағы қалыптасқан жағдайға және оның жұмыс барысында назар аудармасқа болмайтын жайларды айта кеткім келеді. Соның ішінде мен біздің талқылап отырған мәселемізге қалың жұртшылықтың аса зейін қойып, үлкен назар аударып отырғанын айтпай үнсіз қала алмаймын. Соның бір дәлелі, анық дәлелі, осы залды толтырып отырғандар тек қана ғылыми қызметкерлер, жазушылар, жыраулар, мұғалімдер, студенттер ғана емес, сонымен қатар министрліктердің, облыстық атқару комитеттерінің, Мемлекеттік жобалау мекемесінің жауапты қызметкерлерінің, Қырғыздың партия және үкімет басшыларының қатысып отыруы.
Баспасөз беттерінде және осы конференцияда тек ғалым-зерттеушілер ғана пікір білдіріп қойған жоқ, сонымен қатар кеңестік қырғыз халқының барлық жетекші жазушылары да белсене атсалысты. Сондай-ақ, «Манас» мәселесі туралы талқылауға тек Қырғызстанда ғана көңіл бөлініп қойған жоқ, сонымен қатар Мәскеу де аса мүдделілік танытып отыр, Бүкілодақтық Ғылым Академиясы біздің конференциямыздың байыпты шешімін күтіп отыр, олар өздерінің өкілдерін, көрнекті ғалымдарын жіберді, солардың ішінде СССР Жазушылар Одағының өкілі де осында отыр.
Жоғарыда айтылғандар нені байқатады? Біріншіден: біздің жұртшылығымыздың біздің ғалымдардың еңбегіне зейінмен қарайтынын байқатады. Екіншіден, бұл «Манастың» – біздің халықтарымыздың эпосы мен фольклорының арасындағы қатардағы құбылыс емес, одан тыс шығарма екендігін көрсетеді. Егерде Багиров жолдас жаңылыс айтпаса: «Дәдем Қорқыт» әзірбайжан халқына белгісіз»,– деді, ал мұнда мүлдем керісінше, «Манас» кеңестік қырғыз халқының арасына өте кеңінен танымал. Мұның барлығы, біздің, баяндамашылардың, қосымша баяндамашылардың, сонымен қатар әр түрлі бағытта кеңінен пікір толғап сөйлеушілердің қандай жауапкершілікті мойынымызға көтеріп отырғанымызды аңғартады.
Ендеше, жоғарыда аталып өткен, бәріміз де құрметпен қарайтын біздің жетекші жұртшылығымыз бізден не күтіп отыр? Олар бізден: осында айтылған барлық пікірлердің анық та нақты нәтижесі болғанын және «ұзақ жылдардан бері «Манастың» айналасына үйіріліп алған шиырлау мен бұзылған шырық доғаруды күтеді. Егер де, біздің барлық сөзімізден кейін соңымызда – бірікпеген пікір, өзара кикілжің, қостау мен жоққа шығару, тарих алдымызға қойып отырған міндеттің шешілмеген, белгісіз түйіндері қалатын болса, онда өте өкінішті болар еді.
Демек, ең алдымен конференциядан, соның ішінде, ең бірінші баяндамашылардан, қосымша баяндамашылардан, содан кейінгі сөйлеушілерден «Манасқа» байланысты қойылып отырған бүгінгі мәселеге анық, тармақталған, негізді жауап күтеді. Нақты жауап күтіп отырған жоғарыдағы шешілуге тиісті міндеттер қандай? Оларды, менің ойымша, үш мәселенің айналасында тұжырымдауға болады:
Бірінші: Кеңестік қырғыз халқына «Манас» эпосы керек пе, жоқ па?
Екінші: Оның жинақтала құрастырылған нұсқасын жасау мүмкін бе, жоқ па?
Үшінші: Егерде ондай нұсқа қажет болса, онда оны қалай жүзеге асыру керек?
Содан кейін барып, екінші кезекте, «Манасты» зерттеудің жолдары мен міндеттері, эпостың туу дәуірі туралы мәселе қоюға болады.
Мен бұл мәселені екінші кезекке қойып отыруымның себебі, өтіп кеткен өткелді еске алмай, алдағы күннің міндеті тұрғысынан қарасақ: зерттеу туралы сөз қозғамас бұрын сол зерттеу обьектісін анықтап алуымыз керек қой, яғни, «Манастың» нақты жарық көретін нұсқасын жасап алуымыз қажет, ал эпостың туу дәуірі туралы зерттеулерді бекітілген мәтін бойынша жүргізу керек.
Сонымен, менің осы сөзімдегі ең басты міндетім, жоғарыда атап көрсетілген үші сұраққа жауап беру болып табылады.
Алайда мен, жүйелі түрде болмаса да, «Манастың» кейбір нұсқаларын зерттеуге белгілі бір дәрежеде қатысым болғандықтан да, «Манас» жөніндегі өзім атқарған сол жұмыстарды қысқаша еске сала кеткім келеді».
Оның осы сөзінің өзі-ақ «Манастың» тағдырының қалай шешілетінін анықтап бергендей еді.
Шындығында да «Манас» эпосын жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап зерттеп, жинақтай бастаған М.Әуезов сол тұста өзінен басқа тәжірибелі де беделді манастанушының жоқ екенін және оның қырғыз халқының өмірінен қандай орын алатынын білді. Сонымен қатар отызыншы жылдардан бастап СССР Ғылым Академиясының аясында зерттеуге қатысып, ғылыми мақалалар мен зерттеулер жазды. Оның бір данасын біз 2000 жылы Санкт-Петербургтағы Кунсткамераның архивінен көріп едік. Бұл туралы М.Әуезовтің өзі осы сессиядағы сөзінде:
«Мен «Манасты» 30-жылдардың басынан бастап зерттей бастадым да 1935 жылы өзімнің зерттеуімнің алғашқы нұсқасын жаздым, содан кейін 1937 жылы өңдедім, ал 1942-1943 жылдары оны осы арада менсіз өңдепті, алайда 1944 жылы мен оны қайтадан өңдеп шықтым да соңғы нұсқасын Тіл, әдебиет және өнер институтына ұсындым. Айта кетейін, жоғарыдағы зерттеулердің негізінде жазылған менің жекелеген газеттік мақалаларым болмаса, менің жұмысым толығымен ешқандай редакцияда жарияланған жоқ. Сол жылдары, яни, отырзыншы жылдардың басы мен аяғында Сағымбайдың нұсқасынан басқа бір де бір өзге нұсқа болған жоқ. Қаралаевтің нұсқасы 1936 жылы жазылып алынды, мен ол жазбаны оқып шықтым, ал бітпей қалған жерлерін оның өз орындауында тыңдадым, бірақ Молдбасанның нұсқасын оқығамын жоқ.
Сонымен, тек қана Сағымбайдың ғана толық нұсқасын алдыма қойып, сол арқылы өзімнің зерттеулерімді жүргізуімнің нәтижесінде, мен оның нұсқасын ғана емес, мұқым «Манас» жырын феодалдық деп таптым. Рас, «Эпостың жазылу жағдайы» деп өзім атаған тарауда одан қайтқаным да бар, бірақ негізінен сол кезде бүкіл эпосты феодалдық идеологияның көрінісі деп есептедім. Оның үстіне ол кезде бұлай айтуымның үлкен себептері де болды, сол себептер мені қате пікірге жетелеп әкелді, ал ол себептің мәнісі, сол кезде халық эпостарына жаппай феодалдық, кеньздық-жасақтық, боярлық ортаның мұрасы деген қате пікір үстемдік алып тұр еді. Ол кезде буржуазиялық фольклор ілімінің елесі сақталып қалған, веселовщинаның дүрілдеп тұрған кезі еді. Бірақ, кейін, Камералық театрдағы Д. Бедныйдың «Батырларының» қойылымы туралы БК(б)П Орталық Комитеті мен «Правда» газетіндегі батырлық быльиналарды халықтық мұралардың қатарына жатқызған пікірден кейін мен де өзімнің «Манасқа» деген бұрынғы көзқарасымды өзгерттім. Мен: Сағымбай өзінің нұсқасына барлық феодалдық көріністерді, халыққа жат панисламистік, пантүркистік және контрреволюциялық-ұлтшыл сарынды эпосқа күштеп кіргізгенімен де, соның барлығының астарында, ұжымдық шығарма ретінде, Сағымбайдан бұрын, оның өзі жаттап алған, ғасырлар бойы айтылып келе жатқан көптеген жырлардың түбінде халықтық негіз жатқанына сенімді болдым. Сыни көзбен қарай отырып, Сағымбайдың ертегілік қоспалары мен оны айтқызғандарды, Сағымбайдың кейбір бұрмалауларын әшкерелей отырып, эпостың ескі, тұрақты желісін халық мұрасы деп таныдым. Халық эпосы жөніндегі бұдан кейінгі ізденістерімді кеңестік фольклористиканың тәжірибесі ғана емес, сонымен қатар туысқан республикалардың Мәскеуде өткен онкүндікте көптеген халықтардың эпостық шығармаларының көрсетілуі одан әрі нығайта түсті.
Осында жасалған Климовичтің баяндамасында, мен өзімнің бір еңбегімде пайдаланған пародияны ескертіп өтті. Бұл пародияны келтіру деген сөз – мұқым «Манасты жоққа шығару деген сөз емес, соның ішіндегі феодалдық, манаптық нұсқаны жоққа шығару болып табылады. Мүмкін, мұнда сол әжуа-әзіл арқылы эпосқа жапсырылған жалған манасшыл қасиеттерге халықтың көрсеткен қарсылығы жатуы мүмкін.
Өзімнің «Манас» туралы жұмысыма анықтама дәрежесіндегі сөзіме қосымша, мен мынаны мәлімдеймін: «Манас» туралы талқылаудың барысында конференцияның, алдыңғы қатарлы жұртшылықтың қабылдаған қорытындылары мен нәтижесіне сүйене отырып, мен өзімнің ертеректегі зерттеулерімдегі кейбір қате пайымдауларды қайта қарауға, өзгертуге дайынмын.
Енді мен осы конференцияның міндеттері ретінде көрсеткен негізгі мәселеге қайтып ораламын»,– деп ойын бір қайырып тастады.
Өз елінде осы пікірлері үшін қудалау мен әшкерелеуге ұшырап жүріп мұндай батыл пікірді айтуға М.Әуезовті не мәжбүр етті? Жалаңтөс баһадүрліктің заманы өткен, жалаң жақсыатанудың уақыты емес, қырғыз ғылымының іші де мамыражай емес болатын. Оған бірінші себеп, әрине, қырғыз халқы мен «Манастың», сол арқылы өз ұлтының халықтық мұрасының алдындағы парызы өтелетін. Екінші, жиырма жетінші жылғы «Күнделік» қатирасындағы жырдың жазбасынан бастап осы баяндаманың мәтінін қағазға түсірген сәтіне дейінгі аралықтағы ғылыми кешулерінен кешірім өтінбесе, отыз жетінші жылғы мақаланың мазмұнынан хабардар сессияға қатысып отырған қазақ, қырғыз ғана емес, одақтық ғалымдар оның «құбылып түсіп», халыққа бет беруін театрдың іші-сыртын кернеп, қамшысын білеп тұрған «алдыңғы қатарлы жұртшылықтың» алдындағы көпшілдікке бағалауы заңды еді. Сонымен қатар, Азақов пен Қазақбаев сияқты өзі жақсы араласатын республика басшыларының, Аалы, Түгелбай, Қуанышбек сияқты достарының құпия қолдауы да қолтығын демегені анық. Бұл мәселеге қазақ зиялылары мен ғалымдары да, өзге республикалардың жұртшылығы да назарын тігіп отырған.
Егерде «Манастың» жолы кесілсе, онда кеңес одағының барлық ұлттары өзінің мұрасынан кемінде ширек ғасырға көз жазып қалары анық еді. Мұны Мұхтар Әуезов те, өзгелер де түсінді, әсіресе, қырғыздардың жанына қатты батты. Өйткені, «Манас» эпосының қырғыздың рухани өмірінен алатын шешуші, тағдырлы, рухани орынына ұлттық құрмет ретінде 1945 жылы Қырғызстан К(б)П Орталық Комитеті мен Қырғыз ССР Үкіметі «Манас» жырының 1000 жылдық мерекесін өткізуге қаулы қабылдаған болатын. Алайда «Едіге» жырының феодалдық-монархиялық, реакциялық, орысқа қарсы эпос екендігі туралы БК(б)П-ның қаулысы оны екінші қатарға ысырып жіберді. Соған қарамастан 1947 жылы «Қырғыз халқының батырлық эпосы «Манастың» мерейтойын өткізудің жоспары жасалып, Мұхтар Әуезов комиссияның басты жауапты тұлғасы ретінде аталды. Мұндай ұлы шараны негіздеуге М.Әуезов те пікір қосқандықтан да, тұжырымдамадан қысқаша ғана мағлұмат бере кетуді жөн санадық.
«Манас» эпосының бір бөлімінің көлемінің өзі 400.000 жол, ол «Шаһнамеден» 5 есе, «Илиада» мен «Гомерден» 40 есе көп. Ал «Манастың» 11 нұсқасының көлемі 1миллион 200 000 жол. Ең ұлы қасиеті – бұл халық ішінде әлі де орындалатын тірі эпостың қатарына жатады. Манастың тарихи негізі мен прототипі ретінде Бартольдтің, Әуезовтің, Бернштамның зерттеулерінде мөлшерлеген 840 жылғы қырғыздардың Яғлақар ханының екінші біріккен түрік қағанатын құлатқан оқиғасы алынды. «Манастың» 14 томдық толық басылымын қырғыз тілінде (алқа мүшелері М.Әуезов, С.Е.Малов, В.М.Жирмунский, А.Н.Бернштам, К.Юдахин), 1-3 томдығын орыс тілінде шығару (аудармашылары С.Липкин мен Л.Пеньковский, көркемдеуші В.А.Фаворский), СССР Ғылым Академиясының деңгейінде ғылыми конференция өткізу белгіленді. Ақыры той түгілі «Манас» жырын тарихтан ысырып тастау науқанына ұласты. Бұл – қырғыздың қолқасын суырып алумен бірдей еді. Сондай қарбаласты күндерде қырғыздың Тіл және әдебиет институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, Б.Жамгерчинов 1951 жылы 12 мамырда:
«Мұхтар Омарханұлы! ... Қырғыздың тіл, әдебиет және тарих институты қыркүйектің аяғында «Манасқа» байланысты Фрунзе қаласында ғылыми сессиясын өткізбек. Сессияның жұмысы туралы жобаны ұсына отырып, Сізден белгіленген баяндаманы қарап шығуға келісіміңізді беруді, әрі сессияны шақырудың уақыты мен күн тәртібі жөніндегі пікіріңізді ұсынуыңызды өтінемін»,– деп жеделхат жолдаған еді.
Сессияда М.Әуезов «Манас» эпосының негізгі нұсқасы» туралы баяндама жасауға келісімін берді. Алайда Қазақстандағы «қара құйынның» ұшығы қырғыздарды да ширықтырса керек, сессия бір жыл кейінге қалдырылды, мұның соңы Бүкілодақтық пікір таласына ұласып кетті. Ағалық пікір айтуға тиісті Климович, Богданова сияқты игі тілекті ғалымдардың өзі «Манастың» тамырын қопсытып тастады. Ал Боровков пен Балтин, Нұров сияқтылар «Манастың» түбірін қопсытып әуреге түспей-ақ, бірден тамырына балта шапты.
Ұйымдастырушылар осындай қауіпті беталысты байқап, олардың бетін қайыру үшін Мұхтар Әуезовті сессия мәжілісінің ең ширыққан қорытынды тұсындағы кезекке қойды. Өз кезегінде М.Әуезов сөзді: қырғыз халқына «Манас» керек пе, жоқ па? – деген көкейкесті сұрақтың жауабынан бастады. Әуезовтің шешендігі аңызға айналған шындықтың бірі, алайда біз пайдаланған жүзге тарта сөздің ішіндегі қисыны мен қиыстыруы жағынан, сөз бен ойдың қабысуы мен қарпыса қабаттасуы тұрғысынан, ең бастысы жанға тиерлік ішкі емеуірінді мысы мен тыңдаушысымен терең байланыс орнатқан сырлы әсері және ширақтығы орайынан алғанда «Манас» туралы сөзі оның ең озық шешендік толғауының бірі болып табылады. Мұнда шешендік өнердің барлық шарттары мен заңдылықтары ғажайып үндестік тапқан:
«Сіздердің өздеріңізге мәлім болып отырғанындай, біздің жағдайымыз бен саралауларымыздың басын бірден ашып алу үшін, мен: «Кеңестік қырғыз халқына «Манас» эпосы керек пе, жоқ па?»,– деп бірінші мәселені турасынан қойдым. Өйткені бұл сұрақ конференцияға да, баяндамашыларға да, қосымша баяндамашыларға да бет пе бет қойылып, нақты жауабын талап етіп отырған негізгі мәселе болғандықтан да, бұл сұраққа бірінші сөз алған бас баяндамашы Боровков жолдастың қалай жауап бергенін еске түсіре кетпесек болмайды. Өзінен өзі: біз жоғарыда қойылған сұраққа баяндамдан, қосымша баяндамалардан жауап ала алдық па, жоқ па?– деген сауал туындайды. Мойындауымыз керек, өкінішке орай, ондай жауапты біз ести алмадық. Ал оған нақты жауапты баспасөздегі талқылаулар мен жолдас Жәкішевтің баяндамасы және қосымша баяндамалар берді, ал Боровковтың баяндамасындағы жауабы не ол емес, не бұл емес болып шықты. Оның баяндамасының 99% Сағымбай нұсқасының әсеріне құрылғанын бәріміз біліп отырдық. Баяндамашының талдаулары тек қана жағымсыз, дөрекі, халыққа жат көріністерден алынған үзінділерге құрылған. Оның есесіне эпостың өзінің бойындағы негізгі оқиғалардың желісіне құрылған халықтық көріністер тиісті дәрежеде іріктеліп алынбаған. Сөйтіп, баяндамашы «Манасты» зерттемеген, тек «Манасқа» жапсырылған жамаулардың барлығын жөргеп шыққан.
Соның нәтижесінде, жағымды көріністерге бір-ақ пайыз орын берілген, өзінің қолында бар материалдың негізінде эпостың тууы туралы мысқалдап қана пікір білдірген. Боровковтың баяндамасының осы соңғы тұжырымы дұрыс әрі маңызды. Егерде, бәрі де шындығында да осындай болып шықса, өзінің баяндамасындағы тұжырымның дұрыстығына сенсе, онда баяндамасының құрып кеткенде тең жартысын соған негіздеуі керек еді. Әйтпесе, эпосты жағымсыз жағынан көрсеткен ұзақтан да ұзақ келтірілген үш үзіндіден кейін оның бұл қорытындысы тосын әрі өзара қарама-қайшы пікір боп шықты.
Ал, «Манастың» кеңестік қырғыз халқына керек екендігі айдан анық. Мұны: кеңестік қырғыз халқының ойы мен сезімін жеткізген жазушылар мен ғалымдар ғана емес қолдап отырған жоқ, сонымен қатар, қырғыз халқының өзі де социалистік дәуірдегі түлеген тарихы мен мәдениеті арқылы соған үнін қосып отыр. Міне, бұл ретте кеңестік қырғыз халқының 34 жылдан бері «Манасты» пайдаланып келе жатқанын қалай еске алмайсың? Ол баспасөзде, мектепте, әдебиетте, өнерде насихатталды. Қырғыздардың онкүндігінде мәскеуде Сталин жолдастың өзіне көрсеткен «Айчүректі», көптеген мақалаларды, кітапшаларды, жинақтарды, эпостан үзінді берілген оқулықтарды еске алайықшы, оларды қайда жібереміз, есептен қалай шығарып тастаймыз? Рас, Климович жолдаспен басқа да шығып сөйлеушілер дұрыс көрсеткен идеялогиялық қателіктерді де атап өту керек. Алайда сонымен қатар, кеңестік Қырғызстанның «Манасын» қай совхоз, қай колхоз, қай өндіріс білмейді?
Сонда осы уақытқа дейін панисламизм, пантүркизм насихатталып келген бе, сонда олар «Манасты» буржуазиялық ұлтшылдардың рухымен айтып, жырлап келген бе? Халықтың өзі «Манасты» кеңес заманында барынша дәріптеп, барынша халықтық етіп көрсетіп, көптеген жамау-жасқауды алып тастады емес пе.
Кеңестік дәуірдің болмысына кіріккен «Манас» оның бойын жапсырылған жұғымсыздықтан әлі тазарған жоқ па? Қазір «Манастың» қай жерінен пантүркисті, панисламисті немесе ғазауаттың шейіті болған «Манасты» қайдан көрдіңіз? Әлде, бүгінгі кеңестік қырғыз халқының бойы мен ойында батыр Манас емес, хан Манас жүр дейсіз бе, Қырғыз халқының бүгінгі «Манасқа» деген назары бұрынғы нағыз халықтық негіздегі Манасқа – халықтық қасиетті бойына тоғытқан батырға ауып отырған жоқ, ерлік, намыс, адамгершілік, ізгілік, отанға деген махаббат сияқты қасиеттерді үлгі тұтады. Одан басқаша болуы да мүмкін емес.
Төңкеріске дейін қырғыз халқының төл жазуы жоқтың қасында болғанын еске алайықшы, онда феодальдар мен феодалдарға тәуелді бұқараның арасында эпос үшін күрес жүріп жатты, әсіресе, төңкерістің қарсаңынан он жыл бұрын тіпті шиеленісіп кетті. Ал кеңес халқы қарама-қарсы идеялогияның күресін бейнелейтін мұраға иелік ете отырып, өзінің бүгінгі толыққанды тұрмысына сай үндес келетін тұстарды іріктеп алуы керек болды.
«Манас» кеңес халқына керек пе, жоқ па, деген мәселені шеше отырып, біз аса маңызды өзге бір жайтты есте ұстауымыз керек. Қырғыз халқының өткендегі рухани мәдениетінің бірден бір мұрасы ретінде, мұнда халықтың поэтикалық рухани мәдениетінің, сөздік қоры мен сөйлеу мәнерінің өте құнды қазыналары шорлана жинақталған. Мұнда социализмге жол тартқан қырғыз халқының әдеби тілінің көп ғасырлық қалыптану, қалыптасу, даму үрдісі көрініс тапқан. Өзінің классикалық жазушылық үлгісі жоқ, немесе жоққа тән, өзгедей шығармалары да көп емес халықтың тілінің орасан зор әдеби-бейнелі жібі тоқылған, лексикалық, синтаксистік, поэтикалық қазыналы қордан қандай лингвист бас тартып, қолын сермей алады? Сонымен қатар поэтикалық мәдениеттің ғасырлар бойғы даму қайнары осыдан бастау алады. Жоғарыда айтып өткенімдей, мұнда мифтер, аңыздар, нақыл сөздер, тұрмыстық, отбасылық, қоғамдық, экономикалық қарым-қатынастар көрінісі де жинақталған. Мұнда халықтың көп дәуірлі сатыларындағы, тек қана ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қырғыз – қалмақ соғысы емес, одан бұрынғы, яғни, монғол шапқыншылығы тұсындағы, одан да бұрынғы қырғыз халқын жұтатқан түрік қағанаты, ежелгі үйсін патшалығы кезіндегі тарихы баяндалған.
Айтылғандардың барлығы, «Манас» эпосының қырғыз халқына өзінің өткен тарихының құнды мұрасының ескерткіші ретінде керек екендігін аңғартады. Сондықтан да «Манас» эпосы басылып шығуы керек, оқылуы керек. Өткен онжылдықтардың тәжірибесімен шектеліп қалуға болмайды. Ол қандай сапалы деңгейде басылып шығуы тиіс? Оған жауап беру үшін екінші мәселеге көшемін».
Сөйтіп, ең басты мәселені айтып қана қоймай, оны қорғап та қалды. Мұндай қисынды да мағыналы, намысты сөзге қарсы шығу – мұқым қырғыз ұлтына рухани ғазауат жариялау болатынын ғалымдар да, коммунистер де, олардың партиясы түсінді. М.Әуезов бұдан кейін «Манастың» жиынтық нұсқасын жасаудың әдіс-тәсілдеріне, нұсқалардың мазмұнына, қажетті, қажетсіз көріністерді іріктеуге, басылым шарты мен көлеміне қатысты ғылыми мәселелерді көтерді. Бір ғалымның пікірін қостап, сынап, кеңес берген тұстары да бар. Біз Мұхтар Әуезовтің сондай қысылтаяң тұста барынша қанаттанған ғылыми ойының қисыны мен толысқандығын, «Манасты» соншама терең білетінін аңғарту үшін осында айтылған пікірлерін қысқаша мазмұндай түйіндеп береміз.
«Осы орайда: жиынтық нұсқаның жасалуы мүмкін бе? – деген сұрақ қойылып жатты. Баяндамашылар мен өзге де сөйлеушілердің пікіріне қосылып, мен де: Иә. Мүмкін, ол нұсқаны міндетті түрде жасау керек – демекпін. Ал оны қалай жасау керек? Бұл сұраққа жауапты бірінші боп: үш манасшының орындауынының негізінде өзінің нұсқасын жасап шыққан Радлов жауап беріп кеткен болатын. Манас жырының ортақ өлшемі, бейнелеу мәнерінің өзіндік ерекшеліктері, әдетте барлық манасшыға ортақ болып келетін оқиға желісі, тақырыбы мен құрылым тұтастығы эпостың радловтық нұсқасын жасауға мүмкіндік берді. Әр орындаушы «Манастың» авторы, әр нұсқаның өзіндік ерекшеліктері, поэтикалық бейнелеу әдіс-тәсілі, мәтіндік бояулары сол орындаушыға ғана тән – деген ғылымға жат пікірден бас тарту керек. Барлық нұсқалардың ортақ тұстары бар, бұл тек эпикаға тән триадалық қайталаулар мен жалпы қалыптануында ғана кездеспейді, сонымен қатар бәріне ортақ жырлардың өзінде де болмашы ғана поэтикалық-сөздік айырмашылық ұшырасады. Сондықтан да сөйлеушілердің барлығы да: Радловтың нұсқасы пен кейінгі нұсқалардың арасындағы, Сағымбай мен Қаралаевтің, Сағымбай мен Шапақовтың, Қаралаев пен Шапақовтың нұсқаларының да ұқсастықты атап өтті. Бұлар өзара идеялық-тақырыптық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар кеңінен таралған сюжеттік-поэтикалық, бейнелеу-мәнерлік жағынан да қарайлас келеді. Сондықтан да, жырдың мазмұнын Сағымбайдың нұсқасы мен кейіннен Сағымбайға еліктеп айтушылардың нұсқасының арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар – деп талдау дұрыс емес, керісінше, мұны ғылыми тұрғыдан, өзіміздің жазба әдебиетінің емес, ауызша жеткен поэтикалық өнімді салыстырып отырғанымызды есте ұстай отырып, кейінгі жазба нұсқаларды – өзгертілген, жасанды, эпосты бұрмалап, ойдан қосқан Сағымбайдың нұсқасымен салыстырмау керек, керісінше, Сағымбайдың және басқалардың жазба нұсқасын баяғыдан бері халық арасында кеңінен сіңген «Манастың» негізгі, тұрақты желісімен салыстыру керек. Егерде жинақталған нұсқаны құрастыруда барлық жазбаларға осындай талаппен келсек, онда барлық жамаулар өзінен өзі бөлініп шыға келеді, ал негізгі желінің ұқсатығынан көрі айырмашылығының өте аз екені байқалады, ол айырмашылықтардың басым көпшілігі жырдың басы мен соңында шоғырланған, онда эпик жыршылар эпикалық баяндаудың желісінен тыс өзінің ойын, сезімін, түйгенін жеткізіп отырған. Дегенмен де, Сағымбайдың реакциялық нұсқасында, менің «Манас» жөніндегі алғашқы зерттеулерімде байқағанымдай, жыршының жырға енгізген қоспалары тек қана басы кіріспесі мен аяғында ғана кезікпейді, сонымен қатар жекелеген жағдайларда шектен шығып, оқиғаның желісі мен кейіпкерлердің бейнелерін суреттеуге де араласып кетеді, алайда мұндай «өрнектерді» жалпы халықтық негізден оңай ажыратуға болады. Жалпылама соғыс майданын, майдан басталғанға дейінгі және майдан аяқталғаннан кейінгі көріністерді, ерекше ұзақ баяндалатын батырлардың жекпе-жегін, әр тұлғаның бейнесі кейіптенетін суреттерді, ерлікті және кейіпкерді астындағы аттарының барлық қасиеттерін жырлайтын тұстарды еске алыңыздаршы, сонымен бірге тағы да табиғаттың барлық құбылыстарын, жерді, елдерді, халықтарды суреттейтін тұстарды, тұрмысты, отбасын, қоғамдық көріністерді, халықтық сайысты баяндау барысындағы тапқыр, күлкілі жағдайлардың барлығын естеріңізге түсіріңіздер, оған қоса тағы да босанған кездегі, үйлену сәтіндегі, жерлеу рәсіміндегі салт-дәстүрді бейнелеген тұстарда аналық сезімнің мейірімі, жеке достықтың қадірі, үлкенді сыйлаудың ізеттілігі жөніндегі халықтық ұғымның көріністерін еске алыңыздар, немесе жақсылық пен жамандық, феодалдық-рулық отбасылардың арасындағы тартыс, жөніндегі халықтық түсінікті еске алыңыздар, осылардың барлығы, адамның өмірі мен табиғаттағы көптеген тылсым құбылыстарды түсіндерудегі ғажайып қиял байлығы, бәрі де кең тараған халықтық эпостың оқиға желісі, даму қозғалысы, нақты оқиғалық желісіне айналған. Бұл көріністердің барлығы да негізгі нұсқаларда бір-біріне төркіндесе кең көлемде орын алған, ең бастысы, осы құбылыстардың барлығы халықтық түсіну рухында баяндалған.
Уақыттың тарлығынан мен әр түрлі нұсқаларға ортақ осындай поэтикалық көркем кестелердің барлығын тізіп шыға алмаймын, алайда, өздері талдаған нұсқалардағы халықтық үлгілерді зеректікпен дәл тауып, көрсетіп берген Жәкішев жолдастың баяндамасына және «Манастың» тамаша білгірлері Маликов, Тоқомбаев, Сыдықбеков жолдастардың, сонымен бірге Валитованың сөзіне иек артамын. Бұл жолдастар өздерінің тиянақты пікірлерімен, зерек зерделеуімен жинақы нұсқаға тиесілі іріктеуді бастап кетті деп ойлаймын».
Соңғы сөз – сенімнің сөзі. Сенімді сөз. Түйін сөз. Енді: «Манас» керек пе, жоқ па?»,– деген күдіктің күбірткісі ешкімді мазаламайтыны анық. Басқа республикалардан, тіпті, қырғыз ғұламаларының өзінің біразына бейтаныс 1 миллион 200 00 жолдан тұратын ұланғайыр эпос қалай реттеп, жинақтау керек? Мақсаты айқын, міндеті анық, жұмысы ауыр, намысты іс.Бұл «жұмыстың да жоспарын» кейінге қалдырмай осы тағдырлы ғұламалық сөзінде Мұхтар Әуезов шешіп, онымен кімдердің айналысуы тиіс екенін де айтып кетті.
«Сонымен біз, кез-келген нұсқаға ортақ көріністердің ондап емес, жүздеп, мыңдап саналатынына көз жеткіздік. Сондықтан да әр нұсқадағы жекелеген жырларды, бөлімдерді, яғни, әдетте 25-30 беттен тұратын, бір жолда жырланып бітетіндей көлемдегі жазбаларды жекелеген жолдар мен үзіктер арқылы емес, тұтастай алып салыстырып, мәтіндік тұрғыдан іріктеп кітапқа кіргізу керек. Ол жырдың басындағы, соңындағы қосымшалардың кейбіреуін ғана болмаса, әр жыршының өзі қосқан тұстарын алып тастау керек. Сонда өзіндік оқиғасы, поэтикалық-сөздік негізі, өлеңдік құрылымы, тұтаса біткен мәнері ұқсас жырлар өзінен өзі іріктеліп шыға келеді. Сол жырлардың өзі-ақ, көптеген жырларды шығарған оны айтып отырған манасшы емес, оның алдында өткен сандаған жыршылардан жатталып қалғанын айтып береді, міне, ғасырлар бойы өмір сүрген, ұрпақтан-ұрпақ ауызша жалғастырып келген, біз жалпы халықтық негіз деп атап отырған ұжымдық орындаушыларға тән эпикалық поэзияның мәні осында.
Жоғарыда айтылғандардың негізіне сүйене келіп, осы арада: жинақталған нұсқаға іріктеп алатындай ортақ оқиғалық желі жоқ – деген пікір білдірген кейбір жолдастар қателеседі деп ойлаймын. Ортақ желі бар. Баяғыдан бері қалыптасқан сол желіні негізге ала отырып әр орындаушы сол тақырыптық, құрылымдық жүйе бойынша тыңдаушыларға жеткізген. Оған нақты мысал ретінде әрі осы мәселе жөніндегі кейбір жолдастардың күдігін сейілту үшін, бізге берілген уақыттың шектеуін алып тастап, осында отырған Исақ Шайбеков, Молбасан, Ыбырай, Саяқбай және тағы да басқа бірнеше манасшыны жарыстыра «Манасты» түгел айтқызып шығуға мүмкіндік бар, тіпті олардан бүкіл шығарманы емес, әр қайсысы бір-біріне жалғас жекелеген жырларды ғана орындауын өтінсек те, олардың барлығы да «Манастың» тұтас сюжетін толығымен ауызша айтып шыққан болар еді. Олар: халыққа жат, бір кезде Сағымбайдың зиянды қиялынан қосылған жамауларды жырдың желісінен алып тастап, ауызша айтылуы арқылы халыққа белгілі желіні жырлап берер еді. Сонда: өлеңдік мәнер мен өлшемнің, бейнелік-мәнерлік жүйесінің, сөздік қорының, баяндау тәсілдерінің, диалогтар мен монологтардың құрылымының, тұтастай алғанда, олардың өзара стильдік сабақтастығының ортақтығына нақты мысалдар арқылы біздің көзімізді жеткізер еді. Бұл ұқсастықтардың өзі жинақталған нұсқаның мүмкін екендігіне сендіреді.
Енді осы жинақталған нұсқа туралы айта кетейін. Әрине, эпостың құрамындағы кейбір қатпарларды ерекшелеп атап сынаған кейбір манасшылардың пікірлерін ескере отырып, бұрынғы методологиялық және идеялық қателіктерден бас тарту керек. Бұл қатпарларды олар: ертедегі аңыздық-әсіреәфсаналық, көне тарихи және кейінгі тарихи дәуірлер – деп атады. Бұл орайдан алғанда, Маррдың ұстанымына жүгінген мұндай дәуірлік жіктеулерді жоққа шығарған Боровковтың пікірі дұрыс.
Осы мәселеге байланысты жинақталған нұсқа жөніндегі ұсыныстарымды нақтылай келе айтарым, алдын-ала ешқандай бір нақты нұсқаға, мейлі, Қаралаевтікі болсын, мейлі Шапақовтікі болсын, бәрібір, басымдық бермеу керек, алайда Қаралаевтің, Шапақовтың, бұған мен Радловты да қосар едім, нұсқаларын назарға ала отырып, осы үш нұсқаны бағыт етіп ұстау керек. Қажет кезінде өзге нұсқаларды да пайдалана отырып, осы негізде жинақталған нұсқаны құрастыру керек. Сонымен қатар, мен халық арасында табиғи түрде өмір сүріп келе жатқан нағыз халықтық нұсқаларды мұқият іздестіріп, жазып алуды ұсынамын.
Өзімнің ұсынысымды одан әрі нақтылай түсіп, мен редакциялық құрамның іскер де, жетекші тобына «Манастың» нағыз және беделді білгірлері Тоқомбаев, Маликов, Сыдықбеков сияқты көрнекті ақындар мен жазушылардың кіруі аса қажеттілік деп санаймын, өйткені олар «Манастың» мәтінін және оның әрбір иірімін өзгелерден әлдеқайда терең біледі, дәл осы жағдайдағы шешуші сөз де соларға тиесілі».
Ол бұдан кейін миллион жолдан асатын «Манас» жырының толық және қысқартылған нұсқасын жан-жақты, мазмұнды, дәлелді ғылыми түсініктермен жарыққа шығаруды ұсынды. Сондай-ақ конференцияда өзіне қаратыла айтылған пікірлерге:
«Манастың» туу дәуіріне байланысты мен профессор Климовичке мынаны ескерте кетемін: «Манастың» көне тамырын осы арадағы біздің көбіміз бірінші рет естіп отырған ІХ ғасырдағы анадолы түріктерінен іздеуді алғаш рет ұсынған адам – сіздің өзіңіз жиі-жиі сілтеме жасаған, «Манасты» Орхон жазуымен салыстыра зерттеуді қажет деп есептейтін марқұм Фалев болатын. Ал Сіздің өзіңіз қазір зорлықпен тықпалап отырған, «Манастың» дәуірін тек ХҮ –ХҮІІІ ғасырдағы дүнген-қалмақ соғысымен байланыстырған идеяның иесі, сіздің өзіңіз оны осы уақытқа дейін табанды түрде жоққа шығарып келген Жирмунский болатын. Соған қарамастан мен бұл мәселені дәл қазір бір ғана пікірге бағындырып қоюға мүлдем болмайды, бір дәуірді ғана көрсеткен өзінің пікірін зорлап таңатындай, адам сенерлік қана емес, сол деректің өзі сендіретіндей дәлел ешкімде жоқ. Ал Бартольдтан алынған, оның өткендегі қалмақ дәуірін еске алуы керектігі жөніндегі тым жалпылама пікірі негізсіз, өйткені Бартольд «Манас» жөнінде пікір білдірмеген, себебі ол, оны білген жоқ және фольклортанушы, осы мәселенің маманы болмағандықтан да бұл арада оның беделі жүрмейді»,–. деп жауап бере кетті.
Бұдан әрі осы ойын жалғастырып, «Манас» эпосы мен көне түркі «Күлтегін», «Тоныкөк» жазба ескерткіштеріндегі қырғыздарға қатысты деректерді салыстырып, жырдағы тарихи дәуірлерге қатысты пікірін дамытып, жырдың қырғыз-қалмақ дәуірінде пайда болғанына күдіктене ой қозғады. Ол сөзінің соңын:
«Эпостың туу дәуірін анықтауда, міне, осындай жағдайлар ескерілуге тиісті, бұл реттен алғанда өзінің баяндамасында: эпоста көне заманның көріністері бар –деп пікір білдірген Л.И.Климовичтің айтқаны дұрыс, алайда осы шындықты мойындау үшін де өзіңнің пікірлеріңнің жүйелі болғаны дұрыс, әйтпесе, «Манастың» көне дәуірде пайда болғаны туралы болжам айтуға батылы барғандардың барлығын соншама қаталдықпен қаймықтырудың жөні жоқ.
Сөзімнің соңында пікір таластырудің әдісі мен әдебі, яғни, «Манасқа» байланысты таласқа қатысқандардың тәртібі қақында екі ауыз сөз айта кеткім келеді. Әрине, пікір таластыру керек, бірақ та өзіңнің қарсыласыңды, сол арқылы талқыланған мәселені масқараға айналдыруға ұмтылмау керек. Бұл тек қана сыңарезулік болып қана табылмайды, сонымен қатар біздің жұртшылығымыз соншама зейінмен көңіл бөліп отырған біздің барлық бастамалы ұмтылысымызға көрсеткен көргенсіздік болып табылады. Біз өзіміздің барлық күш-қуатымызды жұмсай отырып, халықтың дүниесін – халыққа қайырып беруіміз керек, оны халыққа жат жұққан кірден тазартып, нағыз қасиетті «Манасты» қайтадан тірілтуге тиіспіз»,– деп аяқтады.
Мұның соңы – театрдың ішінде шапалақтың жаңғырығына, ал сыртта қамшысын білеген қырғыздардың «Манас! Шоң қазақ!» – деген ұрандауына ұласты.
Жиналыс төрағасы Т.Алтмышбаев кешкі сағат жетіге дейін үзіліс жариялауға мәжбүр болды.
Әрине, «Манас» эпосы туралы аса шиеленісті өткен талқының мың беттік хаттамасын келтіру не талдау біздің міндетімізге жатпайды. Анығы, сол «Манас» жырында Қаныкей өзінің қайнысы Ер Ағышқа айтқан: «Алақандай қырғыздың, ар-намысын алып бер»,– деген намысты өтінішін ХХ ғасырда Мұхтар Әуезов орындағандығы. Ерліктің де, ерлік туралы жырдың да, ақыл-ойдың да намысын қырғыздарға алып берді.
Туы қайта желбіреген «Манастың» жинақталған нұсқасын іріктеудің жолын көрсетіп берген Әуезовтің көмегіне қырғыз ағайындар әлі де мұқтаж еді. 1952 жылдың қараша айында СССР Ғылым Академиясы Қазақ ССР Ғылым Академиясының жаңа президенті Д,А,Қонаевқа: «Манастың» басылымын іріктеуге көмек көрсету үшін академик Мұхтар Әуезовті Қырғыздың Тіл, әдебиет және тарих институтына ұзақ мерзімге жіберу туралы өтініш білдірді. Оған 22 қараша күні: Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1953 жылдың 1 қаңтарынан бастап СССР Ғылым Академиясының Қырғыз бөліміне көмекке баруына рұқсат етілсін,– деп Д.А.Қонаев бұйрық берді.
Бірақ ол бұйрық орындалмады. Өйткені М.Әуезовті «Манастың» жырын емес, өз басын қорғайтын, тіпті, қорғай алмайтындай шамырқанулы күндер күтіп тұрды. «Манастың» кезекті конференциясы 6 шілдеге қойылды. Тура сол күндері «Абай» мен «Абай жолы» романдарының тас-талқанын шығарған мақаланың әлегімен басы дауға шырмалып жүрген еді. «Манастың» бұл дауына қатыса алды ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім.
Реті келгенде айта кетейік, 1954 жылы 11 наурыз күні ол өзінің көптен күпті боп күткен еңбегінің өтеуі ретінде А.Дәулеткелдиевтен:
«Құрматті Мұхтар Омарханұлы! СССР ҒА Қырғыз академиялық филиалы сізге «Манас» эпосының жинақталып, іріктелген трилогия жобасының үш бөлімін жолдап отыр. Мүмкін болса, наурыздың аяғына дейін өзіңіздің қорытындыңызды жазбаша жіберуіңізді өтінеміз»,– деген хат алды.
«Абай жолын» аяқтап көңілі көтеріліп жүрген шалқымалы тұсына тап келген бұл хаттың жауабы тез қайырылуы да мүмкін. Тек қырғыздардың мынандай рухани ерлікке барып жатқан кезінде қазақ эпостарының қапасқа қамалып, жариялануына тиым салынуы жүрегін бір шымшып өткені анық. Ол 1956 жылы 3 шілде күні «Манастың» басылымын жүзеге асыру жөніндегі кеңейтілген редакциялық мәжіліске қатысып, өзінің осыдан төрт жыл бұрынғы пікірлерінің орындалу барысымен танысып, төрт кітаптан тұратын «Манас» жырының соңғы нұсқасының бекітілуіне қолын қойды. Қазақ тіліндегі аудармасына алғысөзді, әрине, оның өзі жазды.
Өзгесін былай қойғанда, Мұхтар Әуезовтің «Манас» эпосының тағдырын шешкен осы еңбегінің өзі-ақ оның есімін әлемдік руханият тарихында мәңгі қалдыруға толық татитын ерлікке пара-пар оқшау оқиға еді.
Әрине, мұндай көсемдік парасатты кеңестік идеология кешірмейтін. Сондықтан да олар Мұхтар Әуезовке қарата шұғыл да шөгел жазалау шарасына кірісті. Әрине, бірінші болып партияның «көксемсерлі жауынгері» «Правда» жаза зүлфүһарын көтерді.
ХХХ ХХХ ХХХ
Сталиндік кеңестік дәуірдің соңғы жихад дауылы 1953 жылы 13 қаңтар күні соқты. «Халықтар көсемінің», «ұлттардың әкесінің» ми қан тамырларының жұмысы бұзылып, дауасыз дерті мизаялыққа ұласып, емделуден күдер үзе бастағанда ғаззауаттың бас сұрқылтайы Берия өзін ақтап қалудың амалына көшіп, жаңа лаң бастады. Сол күні барлық ТАСС жүйесі мен «Правда» газетінде «Бір топ дәрігер-зиянкестердің тұтқындалуы» туралы дүрбелең хабар басылды. Бұл соңғы үш жылдың ішіндегі жүргізілген саяси жазалау мен қастандықты әшкерелеуге нүкте қоятын, Мұхтар Әуезовтің өзі «жеті басты жалмауызға» теңеген айдаһардың жетінші басы еді. Онда:
«Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекеттік қауіпсіздік мекемесі өздерінің алдына зиянкестік емдеу арқылы кеңес өкіметінің белсенді қайраткерлерінің өмірін қысқартуды мақсат етіп қойған бір топ дәрігерлердің террористік тобын әшкереледі. Бұл террористік топтың қатарында: профессор Вовси М.С.; емдеуші-дәрігер, профессор Виноградов В.Н.; емдеуші-дәрігер, профессор Коган М.Б.; емдеуші-дәрігер, профессор Коган Б.Б.; емдеуші-дәрігер, профессор Егоров П.И.; емдеуші-дәрігер, профессор Фельдман А.И.; дәрігер отоляринолог, профессор Этингер Я.Г; емдеуші-дәрігер, профессор Гринштейн А.М., дәрігер-невропатолог; емдеуші-дәрігер Майоров Г.И.
Деректік құжаттар, медициналық экспертизаның зерттеулері мен қорытындылары, тұтқындалғандардың көрсетіндісі бойынша, қылмыскерлер, жасырынған халық жаулары ауруларды қасақана зиянкестікпен емдеп, олардың денсаулығын бұзған. Тергеу жұмыстары мынаны көрсетті: террористік топтың мүшелері өздерінің дәрігерлік құзыры мен аурулардың сенімін пайдалана отырып емделушілердің денсаулығына қасақана зиян келтіріп, зерттеу барысында нақты анықталған дертке жалған диагноз қойып дауасын өзгертіп, шипасына сай келмейтін ем жасады. Қылмыскерлер, Жданов жолдастың сырқаттығын пайдаланып, оның жүрек талмасы бар екенін біле тұра мұндай ауыр дертке қарама қарсы әсер беретін ем қолданды, сөйтіп Жданов жолдасты қасақана өлтірді. Тергеу барысында қылмыскерлер А.С.Щербаков жолдастың да өмірін қысқартты, оны емдеуде аса күшті дәрілерді қолданғандықтан да ол кері әсерін берді, оны осындай жағдайда өлім ауызына әкелді. Дәрігер қылмыскерлер ең алдымен кеңестік әскери жауапты басшыларының денсаулығына зиян келтіріп, оларды қатардан шығарып, отанымыздың қорғанысын әлсіретуге тырысты... Бұл, кісі өлтіруші дәрігерлердің, ғылымның қасиетті туын таптаған, ғылым қайраткері деген атты қорлаған адам кейпіндегі қанішерлердің – шет ел барлауының жалдамалы агенттері екені анықталды... Тергеу таяу уақытта аяқталатын болады»,– деп (Я.Рапопорт. «Дәрігерлер ісі» туралы естеліктер, Дружба народов, 19886. № 4) атой салынған.
Иә, біз әдейі келтіріп отырған бұл мәтіндердің бәрі де таныс сөз тіркестері. Отыз жетінші жылы да дәл осындай «шет ет барлауының жалдамалы шпиондарының» тергеуі жаппай ату жазасына бұйырылумен аяқталған болатын. Енді, «ашынған халық» пен еңбешілердің, жұмысшылар мен оқшантайдағы зиялылардың «ашу-ызаға» толы хаттары мен мәлімдеулері жаппай жамырай басылатын.
Әбден тақыстанған әдіс көп күттірмеді, бүкіл кеңес зиялыларының ішінен «халық жауларын», халықаралық еврей қауымдастығының астыртын мүшелерін, ал республикалардан буржуазияшыл ұлтшылдарды іздестіріп, тауып, әшкерелеу сүркіні жүрді. Олардың әр қайсысының басына түскен талқы жеке адамның тағдыры болудан қалып, ұлттық, тіпті, жалпы кеңес халқына ортақ зауалға айналды. Енді Қ.Сәтбаевқа, М.Әуезовке шындап қауіп төне бастады. С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ә.Тәжібаевтардың арасындағы кикілжің де тиылмады. Т.Жароков оларды сыдырта әшкерелеумен болды. Әр жиналыста, жазушылардың пленумдарында бет жыртысу жалғаса берді. Үш жылдан бері шайқалып барып түзелетін бәйтеректің (М.Әуезов) де түбі босап, енді құлауға бет алды. Бұрын жалғыз бәйтеректің тамырын қопсытатын, енді екеу болды.
Қазақ әдебиеті мен тарихына, сол арқылы зиялыларына кеңестік ғазауат жариялаған Мәскеу мен оның жандайшабы «Правда» газеті Қазақстандағы бұл майданды жеңіспен аяқтау мақсатымен, соңғы, шешуші шабуыл ретінде 1953 жылдың 30 қаңтары күні, яғни, «дәрігерлер ісі әшкереленгеннен кейін» 17 күннен кейін шұғыл түрде П.Кузнецовтың «Сынау орынына мадақтағандық» атты мақаласын жариялады. Бұған себеп болған З.Кедринаның «Мұхтар Әуезов», Т.Нұртазиннің «С.М.Мұқановтың творчествосы туралы» зерттеу кітаптарының орыс тілінде жарыса жарық көруі еді. Мақаланың мұндай шұғыл ұйымдастырылуына бір кездері «Звезда» журналы туралы қаулыға орай Алматыға келіп баяндама жасап, қазақ әдебиетін «дұрыс жолға» қойып кеткен, соның ішінде М.Әуезовке де «кеңес берген» сол кездегі Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісінің орынбасары, ал елу үшінші жылы «Правданың» бас редакторы Н.Н.Поспелов болатын. Ол М.Әуезов пен С.Мұқановтың өзара бақталасын да, мақаланы кім жаза алатынын да жақсы білетін.
«Правдада» сыналған республиканың ғылым мен әдебиеті, ондағы жекелеген адамдар туралы мадақтаған монографияның жаряланып жатуы «аға басылымның» шамына тисе керек. Жарияланған сын мақалаға іліккен адамдар жиырма бес жылға сотталып, жер аударылып жатса, керісінше, Қазақстан тарихы мен Кенесары көтерілісі туралы мақаладағы басты кінәлінің бірі М.Әуезов марқайып, мардымсып отыр. Бұл төзбейтін мәселе еді. Өйткені...
П.Кузнецов: «Әдебиет зерттеушілері мен сыншылар әдебиет пен искусствоның идеялық және көркемдік дәрежесін арттыру үшін сүреңсіздік пен шалағайлыққа қарсы, совет халқына жат идеологияның қандай да болса көріністеріне қарсы белсене күресуге міндетті. Біздің әдебиетіміз – бүкілодақтық әдебиет. Туысқан республикалардың бірінің жазушысы жазған шығарманың табысы бүкіл совет әдебиетінің табысы болып табылады. Және мұның керісінше, жазушының творчествосында сәтсіздікке ұшыраруы немесе идеялық олқылыққа түсуі көп ұлтты совет әдебиетін өркендетудің ортақ ісіне зиян келтіреді. В.Сосюраның «Украинаны сүй» деген идеялық жағынан зиянды өлеңіне берілген сын бүкіл жазушылар жұртшылығы үшін, идеологиялық майданының барлық қызметкерлері үшін сабақ алатын сын болды. Әрбір әдеби-зерттеу немесе әдеби сын еңбегі біздің бүкілодақтық әдебиетті өркендетудегі оның маңыздылығына қарап, («Правданың» пікіріне сәйкестендіріліп – Т.Ж.) бағалануға тиіс»,– болатын.Сондықтан да П.Кузнецовтың – «Осыған байланысты қазақ жазушыларына арналған екі кітапқа Т.Нұртазиннің «С.М. Мұқановтың творчествасы туралы» (Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы қаласы) және З. Кедринаның «Мұхтар Әуезов» («Советский писатель» баспасы, Москва қаласы) деген кітаптарына назар аударуға тура келді».
Шындығында да «Правданың» тәжірибесінде мұндай оқиға партиялық принцип пен ішкі партиялық тәртіпті өрескел бұзу болып табылатын. Әрине, «Правда» газеті редакциясының қызметкерлері кітаптың шығып жатқанынан бимағлұм екені анық, демек, бұл оқиғаны жеткізіп отырған адам республиканың өзінің ішінде, оның ішінде қазақы пәленшелер мен түгеншелер емес, бақылау мекемелері мен олардың идеология саласындағы сақшылары. Әйтпесе, бас жазудан қолы тимей жүрген П.Кузнецовтың өз еркімен «шабыттануы» неғайбыл. Отызыншы жылдары бүкіл Қазақстанды шулатып, көкте де, жерде де жоқ халық ақыны туралы «Правдаға» мақала жазып, Жамбылдың жырын аударып «жүрегін жалғап жүрген» П.Кузнецовтың сондайлық бір қадірі жоқ болатын. Мұны 1953 жылы 23 ақпанда өткен Жазушылар одағындағы жиналыста Ғ.Орманов П.Кузнецовтың өзіне жұрттың көзінше ашық айтты. Бірақ қадірсіздің қадірі Ғылым академиясына жүріп тұр еді.
Сонымен, 1953 жыл. Жиырма үшінші ақпан. «Шұғыл түрде» ұйымдастырылған» Жазушылар одағының төралқа мәжілісі. Ол кезде Жазшылар одағын: «партияның қатал тізгінін ұстап, екі алыпты ауыздықтап, сабасына түсіруге жіберілген, әйтпесе, олардан сөзсіз айырылып қалатынын ескертіп, тәртіп орнатуға тапсырма алған» (өз сөзі) тура мінезді Ә.Жаймурзин басқаратын. Ол талқылаудан бұрын өткен партия жиналысында өзара қатынасы әбден асқынып кеткен, енді жалғаса берсе, бірін бірі арандатып тынатынын ашық айтып, алдын-ала ықтырып алып еді. Онсыз әуелі Әуезовтен, содан кейін Мұқановтан көз жазып қалу қаупі төнгенін Орталық Комитеттің І.Омаров сияқты ұлтжанды идеологтары ескерткен екен. Оны жазалауға емес, дауды доғартып, сақтандыруға жіберіпті.
Бұл тұста «дәрігерлер ісі бойынша» жауапқа тартылғандарды Мәскеудің Лубянка түрмесінде күндіз-түні тік тұрғызып қойып, түнгі он бірден таңғы алтыға дейін тергеу жүргізіп, таң атқан соң, қайтадан камерада тағы да тік тұрғызып қойып ұйықтатпай, келесі кешкі тергеуге «есінен тандырып» апарып:
«Не сіз бізге қажетті көрсетіндіні беретін боласыз, онда осында қаласыз, демалыс үйі болмаса да ептеп-септеп күн көруге болады, ал қасарыса берсеңіз, онда сізді арнайы режиммен тергейтін жерге ауыстырамыз... Сіз ақылды адамсыз, бірақ өзіңізді нақұрыстың қатарында ұстайсыз... Мұның барлығы жоғарыдан түсіп жатқан пәрмендер. Сондықтан да өміріңізді сақтап қалуға тырысыңыз. Бәрібір жазасыз құтылмайсыз. Ату жазасына кесілулеріңіз де мүмкін. Халық соны талап етуі де ғажап емес »,– деп (сонда) қинап жатқан болатын.
Үш тәуліктен кейін адамның жүйкесі ұйқысыздықтан жындануға жеткен тұста түрме бақылаушылары олардың төбесінен суық су құйып жіберіп, әлсін-әлі есін кіргізіп тұрыпты. Бұған көнбесе, онда қолын кісендеп, біресе ыстық, біресе суық камераға салып, «асып қойыпты». Кіресілі-шығасылы есі барлар бұл азаптан құтылу үшін басын қабырғаға соғып, өзін-өзі жаралайды екен. Я.Рапопорттың айтуынша, ең ауыры өзіңнің әріптесіңді ұстап беру көрінеді. Ал қазақ зиялылары ешқандай тергеушісіз-ақ «сын және өзара сын» деген партиялық принципті ұстана отырып, бірін-бірі ашық көрсетіп берді. Баспасөз беттерінде де қысылып-қымтырылмай бірін-бірі белсенді түрде әшкереледі. Бұл қинаулар мен «халықтың ашу-ызаға толы талабы» М.Әуезовке таныс болатын. Мұндай азаптан сақтану мақсатында «Менің қателерім жайында» деген Ашық хат жазып, соны талқылауда кеңейте оқып берді.
Әбдірахым Жаймурзиннің баяндамасы қатқыл және ашық пікірге құрылып, өзі одаққа келгенде тап болған «қазақы тап тартысын» қатты сынға алды. Алайда саяси айып тақпай, партиялық принципті алдыға тартып, жазушылардың бәріне ортақ мәселені нақты қойды. Бас баяндамаға қарсы бір адамнан басқа ешкім қарсы пікір білдірмегендіктен де және оның негізгі мазмұны қорытындыда берілетін болғандықтан да бұл арада тоқталып жатпаймыз. Біз, тақырыпқа қатысты тұсын ғана пайдаландық. Алдыңғы қатарда сөз алған С.Бақбергенов бірден:
«Жаймурзин жазушылар одағына төраға болып келгенде әділ сот болады, сөйтіп, Әуезов пен Мұқановтың топтарының көзі құртады деп сеніп едік. Ол былай істей алмады, оның өзі Әуезовтің ықпалына түсіп кетті»,– деп Жаймурзиннің жағасынан алды.
Зады, осы сыннан кейін М.Әуезов пен С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин аман қалмайды деп ойлады ма, кім білсін, әлде, шынымен қитығына тиген қытымырлық болды ма, деректі шығармалары енді ғана жариялана бастаған Сәуірбек Бақбергеновтің сөзінің мазмұны дәл қазіргі күннің өзінде жағаңды ұстатады.
С.Бақбергенов: «Әуезовтің тобы Жаймурзинға сүйеніп алып ашық қорқыту мен арандатуға көшті. Мысалы, бірде, «Гүлден, дала!» – деген пьесасын сынағаным үшін Тәжібаев маған тап берді. Ол маған: «Байқа, өзі ештеңе жазбайтын адам ғана осылай сынайды»,– деді сес көрсетіп.
Біреулер Әуезовті Алексей Толстоймен қатар қояды. Бұл теңестіруді байсалды және ақылды пікір деуге әсте болмайды. Өйткені, кеңес жерінің аса ірі жазушысы Алексей Толстой кеңес әдебиетіне көп нәрсе берді, Ленин мен Сталиннің бейнесін және ұлы орыс адамдарының бейнесін сомдады. Ал Әуезов бізге «Абайдан» басқа не берді және оның өзі идеялық қателіктен сау емес!».
Ал керек болса! Абайдан артық ұлы тұлға қазақта бар ма? Әуезовті былай қойғанда, Абайды менсінбейтіндей көркемдік пайым Сәукеңе – Сәуірбек Бақбергеновке кемел жасқа жеткенде де біткен жоқ болатын. Бұдан кейін оның сөзіне де, мына болмысына да теріс қарап, қолжазбасының бетін жаба салуға болатын еді. Тек кейін хаттамаға байланысты қажет болғандықтан да сәл үзінді келтіреміз.
С.Бақбергенов (жалғасы): «Сондай-ақ, Жаймурзин өзінің мақаласында біздің әдебиетіміздің «алтын қорына» Мұстафиннің «Қарағанды» романын қосады. Ал осы «алтын қордың» өзі қандай екенін көрейік. Міне, қызық деп осыны айт. Осыдан он төрт жыл бұрын «Әдебиет және искусство» журналында сол кезде әлі аты белгісіз жазушы Ғ.Мұстафиннің «Өмір мен өлім» атты романы жарияланды. Бір жылдан кейін роман жеке басылып шықты. Мұндай айқайлаған ат өзін ақтап шыға алмады. Бұл туындыдан оқырман ешқандай жаңалық, ешқандай жақсылық, ешқандай пайдалы нәрсе таппады. Ол тез арада ұмытылып кетті, көркемдігі нашар, мазмұны сұйық бұл романның бірнеше кейіпкерлерінің аты ғана есте қалды. Біраз уақыт өткеннен кейін, яғни, былтыр, баяғы сол «Әдебиет және искусство» журналында сол автордың «Қарағанды» деген романы жарияланды.
...Анығында бұл жаңа атпен жарияланған бұрынғы роман. Әрине, кейбір сәтті, сәтсіз жаңа тараулар қосылған, жаңа кейіпкерлер бар, қысқасын айтқанда, роман қампиып шыққан. Мұның барлығы романның ескі сюжеті мен композициясын өзгертпеген. Оқығанда аты өзгерген ескі кейіпкер есіңе түседі. Журнал таралып болмай жатып бұл роман баспадан жеке кітап болып 25 мың данамен шықты да аяқ астынан жоғалып кетті. Сөйтсе, романда түзетуге келмейтін авторлық бұрмалаушылықтар кетіпті де кітап алынып тасталыпты. Сонда қаншама адамның еңбегі еш кетті, осы басылымды шығаруға кеткен қағаз үшін мемлекеттің қаншама қағазы мен қаржысы рәсуа болды десеңші... Үш айдан кейін роман сапалы қоңыр, мазмұнына сай емес салтанатпен қайта басылды. Бесінші басылымының өзінде көптеген шындықты бұрмалаулар, идеялық-саяси қателер, теріс баяндаулар, буржуазиялық-ұлтшыл көріністер орын алған... Феодалдық-байшыл ескі қазақ өмірін мұқият, ойдан шығарып, көркемдеп баяндайды... Қазақ байларын ешқандай қанаушы емес, момын көшпенді етіп көрсетеді... Автор халықтар достығын мазақ етеді, ұлт араздығын тудырады...Бондаренко мен Жұмабайды ылғи төбелестіріп қояды. Бондаренко: «Калбит», «қырғыз», «мал» десе, Жұмабай оны: «кедей хахол, сенің жерің бұл емес» – дейді. Беті-аузы қан болған Жұмабайға басқа бір қазақ: «Міне, көріп тұрсың-ғой, орыс ағаңның қалай үйрететінін»,– дейді... Романда жағымсыз кейіпкерлер көп... Олар кеңестік Қарағандының көркін бұзады... Орыс кейіпкері Щербаков мәдениетсіз, әдебиет оқымайтын сауатсыз адам болып суреттелген... Отызыншы жылдарға дейін Қарағандыда кеңес өкіметі болмаған... Бұл – Қарағандыдағы кеңес өкіметі мен саяси мекемелердің орынын жоққа шығарған өрескел саяси қателік...
Бұдан да өзге өрескел қателер романда толып жатыр. Сол қателер туралы Қазақстан кеңестік жазушылар одағы Президиумының төрағасы Жаймурзинге айтып едім, оның жауабы мені қанағаттандырмады.
Жаймурзин жолдас менің өте салмақты ескертпелерімнің бар екенін біле тұрып роман Сталиндік сыилыққа ұсынылған төралқаның мәжілісіне проза секциясының мүшесі болсам да мені қатыстырмады, менің ескертпелерімнің хаттамаға кіргізуден қорықты... Бәрібір, романның алты беті баспаханада жыртылып алынып тасталды. Мұндай роман неге Сталиндік сыилыққа ұсынылды? Өйткені Жаймурзин жолдас өзінің автормен сыбайластығын танытып, романның кемшіліктері туралы табанды түрде жұмған ауызын ашпайды...
Осының барлығына қарамастан, жазушы Әуезов өзінің «Литературная газетаға» берген сұқбатында (1952 жыл, 16 желтоқсан) Мұстафинді негізсіз мақтайды. Ол Мұстафиннің өткенді суреттеген, қаракесек, сармантай, мұрат руларын мадақтаған тұстарын жағымды бағалады. Тіпті Әуезов роман Мұстафиннің өзінің руластары туралы жазылған – деп қалды. Әуезов романды орынсыз мақтаса да: «Қарағандының өнеркәсіп өмірін жақсы біле тұрса да кей тұстарда жалаң баяндап кетеді»,– деп ескерту жасады. Әуезовтің осы «кейбірінің» астарында өрескел кемшіліктер мен идеологиялық қателіктер жатыр...
Жаймурзин жолдас басқаратын кеңестік жазушылар одағына кадрлар өздерінің сыбайластық қарым-қатынасына, жағымпаздығына, жеке басының берілгендігіне қарап қызметке алынады. Мысалы, Тесов деген кім? Қандай қасиетіне қарап әуелі одақты проза бөлімінің сектор меңгерушілігіне, содан кейін «Әдебиет және искусство» журналының редакторлығына тағайындалды? Жазушы ма, журналист пе? Менің ойымша ол ешкім де емес, әдебиеттің айналасында жүрген кәдімгі хальтурщик...Алаяқ Тиесов Жаймурзинге жағымпаздығымен ұнаған... Турасын айтқанда, Жазушылар одағында сынның орынын салтанат пен мақтау алмастырған. Одақтың басшылығы, соның ішінде Жаймурзин мен Тиесов сынды сүймейді де, сыйламайды да, сынаған адамды қуғындайды. Біз оларға Андрей Александрович Ждановтың: «Өзінің жұмысын сынаудан қорыққан адам, ол жеккөрінішті қорқақ, халық тарапынан сыйлауға татымайтын адамдар»,– деген сөзін олардың есіне түсіреміз».
Шындығында да, Әуезовті мұндай басынып сөйлеген адам бұрын-соңды болған емес. Тіпті Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің өзі дәл осылай бөзек етпеген. Ал Мұстафинге шабуыл жасауы да бірінші рет емес. Кейін М.Тиесовтің: жеке басымды қорлады – деген арызына орай С.Бақбергенов одақтың мүшелігінен шығарылды. Әрине, ол ұсынысты Әуезов те, Мұқанов та, Мұстафин де қолдағаны кәміл. Ал талқыланып отырған П.Кузнецовтың мақаласы мүлдем назарынан шығып кеткен.
Ғали Орманов өз кезегінде П.Кузнецовтың өзіне жекіре сөйлеп алады да, «Правдаға» ауысқанда сыпайылыққа көшеді.
Ғ.Орманов: «Правда» газетінің «Сын орынына мадақтау атты мақаласында Нұртазиннің кітабы мен Кедринаның монографиясының идеялық, зиянды кемшіліктерін дұрыс көрсеткен және мына екі көңілжықпастар соншама жасырып баққан Әуезов пен Мұқановтың қателіктерін де ашып көрсеткен. Бұл екі жазушы біздің әдеби өміріміздегі шешуші буын болып табылады. Олар Жазушылар одағының төралқа мүшесі, қалған жазушылар оларға сеніммен, құрметпен қарады, ал қазір бәрі де басқаша болып шықты.
Нұртазиннің кітабінің шығу тарихы туралы бірер сөз айтайын. Ол кезде мен баспада қызмет істеп жүргемін. Бұл кітапты төралқа мүшелері екі рет қайтарып жіберді, соған қарамастан, көзге көрінбейтін бір күшті қолдың демеуіімен бұл кітап шығып кетті, ал ол кезде Мұқанов жолдас Жазушылар одағының басқарма төрағасы болатын. «Бұл кітаптың шығуына ешқандай қатысым болған жоқ»,– деп сендірсе де, мені мына жағдай алаңдатып еді. Біз Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының қайта басылымының келісім шартын бұздық, кейін қарасақ, ол шарт қайта жасалыпты, сонда ғана білдім, мұның аудармашысы Нұртазин екен, содан кейін таңғалғалуды тоқтаттым. Мұқанов жолдас Одақтың төрағасы ретінде бұл еңбекті бір емес, бірнеше рет талқылатуға моральдық та, саяси да мүмкіндігі бар еді. Нұтазин екеуінің арасы жақын болғандықтан да, Мұқанов бұл кітапты мінсіз жаздыруға керемет мүмкіндігін жіберіп алды.
Менің ойымша, Әуезовке Кедринаның көмегінің еш қажеті жоқ еді, оған «Абай» романы үшінСталиндік сыилықты берген мемлекеттік қолдаудың өзі жетіп жатыр еді. Әуезовтің өзі 1932 жылы көптеген туындыларынан бас тартқаны белгілі, ал енді Кедрина сол туындыларды шығармашылықтың шыңына теңйді. Мұны оқып отырғанда сенгің де келмейді және екеуінің пікірі бір-бірімен қиыспайды. Біз сіздің, жолдас Әуезов, аттап басқан әр қадамыңызды білеміз, соған қарамастан сіз Кедринаның мақтауын қабыл алдыңыз.
Дегенмен де айта кетейін, Әуезов пен Мұқанов өздерінің топшылдықтарын әлі тастаған жоқ, Моргун айтқандай, кеңес әдебиетіне еш қатысы жоқ, Гогольдің Иван Ивановичі мен Иван Трофимовичінің кебін кешіп жүрсіздер. Мұстафиннің романы тақыланғанда Мұқанов та, Әуезов те оған қатысқан жоқ. Бұл дұрыс емес, әділеттілік емес, өзіңнің жалған жарылқаушылық сезіміңе алданып, айналаңның мүддесін ұмытуға болмайды. Бұл ретте тағы да Абайдың: «Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз, жалғандықтан жасалған көңіл жібі»,– деген сөзі еске түседі.
Бұл жолдастар, өздерінің қателіктерін мойындайды және біздің қазақ кеңес әдебиетін жан-жақты дамыту үшін нағыз шығармашылық қайраткерлік өмірлерін одан әрі жалғастырады – деп айтуға толық негіз бар».
Жиналыстың қарсаңында осыншама алашапқынға шырға салған бүкіл қазақ әдебиетіне кекесінмен қарайтындай қадірі жоқ П.Кузнецовтың бетінен жасқағаны да ақындық мінезге жататын. Ал әшкерелеуші партиялық жиналыста партия ұйымының хатшысының мынадай: «Бұл екі жазушы біздің әдеби өміріміздегі шешуші буын болып табылады», «қазақ кеңес әдебиетін жан-жақты дамыту үшін нағыз шығармашылық қайраткерлік өмірлерін одан әрі жалғастырады» – деген ақ тілек білдіруі замандастарының: «Ғ.Орманов – С.Мұқановқа, М.Әуезовке, Ғ.Мүсіреповке, Ғ.Мұстафинге тура, еркін сөйлейтін және оларды аса құрмет тұтатын адам болды. Үлкендер де одан сескенетін әрі сыйлайтын. Өйткені әділ адам еді. Әділетсіздігін байқаса Орталық Комитеттің өзіне қарсы шығатын»,– деген пікірдің шындығын дәлелдейді. Оның мұндай мінезі осындай әшкерелеуші хаттамалардан анық аңғарылады.
Бірақ мына талқылаудың жөні басқа, беті суық, қазақ тарихына қатысты талқылаудың «биік саяси дәрежеде» өткеніне масаттанып, БК(б)П Орталық Комитетіне мәлімет беріп тұрған «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичевтан бастап Қазақстандағы «қалам жауынгері» және осының бәрін ұйымдастырушы меншікті тілшісі А.Черниченконың, Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің екінші хатшысы С.И.С.И.Кругловтың, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Храмковтың тікелей ұйымдастыруымен және бақылауымен жүргізіліп отырған болатын. Тура осы кезде аталған «оқшантайлар» «Правда» газетімен біріге отырып Қ.Сәтбаевтің үстінен Мәскеуден арнайы комиссия шақыртып, қауіпсіздік мекемелерін араластырып, оған жаңадан қызметке тұрған Н.Жанділдинді «айдап салып», өздері қызығына қарап отырған. Шындығын да бұл қазақ ұлтының мәйегін ірітуге бағытталған науқан еді. Қайталап айтамыз, оның басты ұйымдастырушысы «Правда» газеті, оның Қазақстандағы «жандайшаптары» А.Черниченко, С.И.С.И.Круглов, Храмков, Жанділдин, Т.Шойынбаев, Х.Ғ.Айдарова, ал «жандайшаптардың жандайшаптары» Ғылым академиясының академиктері С.Бәйішев, С.В.Юшков, өздері де жиырма бес жылға сотталып кеткен корреспондент-мүшелері Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов және С.Нұрышев, Ғұмарова, Якунин, Тәкежанов сияқты ақмылтықтар еді. Оларды бұл бетінен Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшылары Ж.Шаяхметов те, І.Омаров та, бөлім меңгерушіңлері мен қалалық хатшылар Жұмағазин де, Жүнісбеков те, Т.Ысқақов та, Қ.Сәтбаев та қайыра алмапты. Міне, осыны біліп отырған М.Әуезов пен С.Мұқановтың жанұшыра қоғанудан басқа амалы да жоқ еді.
Сондықтан да осы жиналыстағы М.Әуезов пен С.Мұқановтың сөзін түгелдей келтіреміз. Иә, үзінді ұзақ. Бірақ амал жоқ. Өйткені мұнда бізге аяулы екі тұлғаның кісінеген жан дауысының жаңғырығы бар. Жалыққан оқырман бұл беттерді жауып кетуіне еркі бар. Сондықтан да бұл емеуірінді сесті үнсіз түсінген М.Әуезов өзіне көрсетілген мұндай «ілтипатты» қуана қарсы алып:
М.Әуезов жолдас (стенограмма бойынша аударылды): «Правда» газетінің осы жылғы 30-ақпандағы «Сынау орнына мадақтағандық» атты мақаласы Қазақстанның жазушылар қауымының талқылауына ұсынылып отыр, ал бұған оның бар жағынан алғанда да өмірлік, заңдық, саяси-идеялық негізі бар. Осы мақаладағы пайымдаулардың басты обьектісі ретінде, әрине, бұл талқылаудан мен де тыс қала алмаймын. Сонымен қатар, жалпы мақала туралы өзімнің көзқарасымды анықтай отырып, ең алдымен мынаны мәлімдеймін: менің түсінігімше «Правданың» мақаласы – партияның, кеңес халқының бізге бағытталған үні. Және ескерту берген, обьективті сынаған, әділетті дауыс. Аталған мақаланы көп рет қайтара оқығандағы менің алған әсерім осындай.
«Правданың» бұл сөзін онда көтерілген мәселелердің, менің шығармашылығыма қаратыла айтылған сыни ескертпелердің шеңберінде ғана түсінуге тырысқамын жоқ, керісінше, кең ауқымда терең түсінуге ұмтылдым, өйткені осы мақала арқылы біздің қоғамдық пікірімізді қалыптастыратын мұндай беделді мінбенің бүкілодақтық көлемді деңгейде менің қайраткерлігіме назар аударғанына құрмет көрсетіп, лайықты бағалауға мен міндеттімін.
Мен шын асылды қадірлей білуге тиіспін және онда жанашыр-жақындықпен, батыл, негізді айтылған сөздердің ішінен өзімнің алдағы іс-әрекетіме пайдалы пікірлерді барынша іріктеп алуға міндеттімін, бұл сөздер – жетістіктерді сызып тастап, жазушының жеке басына үкім шығару үшін айтылмаған, қайта сол жазушының еңбегін барынша құнды, барынша пайдалы ету жолында кедергі келтіретін қателіктерден арылту үшін айтылған.
Мұның барлығы тұтастай алғанда қазақ кеңес әдебиетіне, оның идеялық тазалығына деген асқан қамқорлықты көрсетеді, соның ішінде маған – кеңес суреткеріне деген, кеңес жұртшылығының маған деген үлкен сенімін ақтасын деген қамқорлықты сезініп отырмын. Мұның барлығы: Ленин-Сталин партиясының маған, кеңес қазақ жазушысы ретіндегі тағы бір нақты қамқорлығы екенін түсінбесем, онда мен кеңес жазушысы деген атқа лайық болмаған болар едім»,– деп сөзін бастады.
Сөйтіп, «кеңес қазақ жазушысы ретінде» «Правданың» сынау арқылы назарына алғанын оның өзіне көрсеткен «тағы да бір нақты қамқорлығы екенін түсінді.
П.Кузнецов: «М.Әуезовтің творчествосы туралы москвалық сыншы 3.Кедринаның кітабынан да оқушы жеке бастың немесе жеке топтардың жақтайтын көзқарасына байланыссыз принципті, объективті пікірлер мен бағаларды таба алмайды. Бұл кітап та көкке көтеріп мадақтаған сөздерге толы. Бет-жүзіне қарамайтын сын керек болған жерлерде жазушы Әуезов не мадақталады, немесе оның қателіктерін жеңілдетуге әрекет жасалады...»
Кеңес жазушысы деген атқа лайық болмай қалмау үшін»:
М.Әуезов (жалғасы): «Осындай алғышарттарды алғай отырып З.Кедринаның мен туралы кітабына мақалада көрсетілген мен туралы көзқарас тұрғысынан қараймын. Бұл кітап – менің де, қазақ кеңес әдебиетіне де пайдасын тигізу үшін жазылмаған, бұл – жазушыға және оның шығармашылығына кеңестік принципті бұқаралық сынның қазіргі талабы тұрғысынан жауап беретін кітап емес. Кітап жалаң мадақтауға құрылған, ол «Правданың» мақаласындағы: «М.Әуезов, өзге де кеңес жазушылары сияқты, оның жетістіктері мен кемшіліктерін көрсететін принципті әділ сынға зәру», – деп әділ айтқан негізгі талабына жауап бермейді»,–«ризашылығын» білдірді.
Мұқым жазушылық өмірі сыннан көз ашпаған М.Әуезов осындай сынға шынымен «зәру» ме еді? Жоқ. Бірақ оның бұлай айтпасқа амалы да жоқ болатын. Өйткені:
М.Әуезов (жалғасы): «Көзі тірі жазушы туралы газет, журналдағы кез-келген мақала, кез-келген оқулықтағы, жинақтағы, арнайы монографиялардағы, қыл аяғы диссертациялардағы пікірлерді оның жеке басы мен жеке шығармашылығының жылнамасына айналдыруға қақы жоқ, тірі авторға ескерткіш қоюға тырысуға да құқы жоқ. Зерттеп отырған авторын өмір сүріп жатқан замандастарынын, жазушылардың ортасынан бөліп алып, жеке тұғырға шығаруға ұмтылған Кедринаның ұмтылысы әбестік. Оның үстіне отбасылық, тамыр-таныстық, топтық пиғылдың мүддесін көздеп бір авторды екінші автордан жоғары қою – орынсыз дәріптеу, ұятты және зиянды талпыныс болып табылатын».
П.Кузнецов: «Т.Нұртазин С.Мұқановтың творчествасын ғана емес, сонымен қатар қазақ совет әдебиетінің өркендеу процесін де сын көзімен зерттеуді өзіне мақсат етіп қойған. С.Мұқанов көптеген жақсы өлеңдер, әңгімелер мен повестер жазды. Бірақ оның творчествасында, әсіресе, роман жанрында және әдебиет зерттеу саласында елеулі идеологиялық кемшіліктер мен сәтсіздіктер де болды. Әрине, арнаулы зерттеуден принциптік сын, осындай идеялық кемшіліктер мен қателіктерді тудырған себептерді талдаған зерттеу тапқың келетіндігі заңды нәрсе. Оқушы Нұртазинның кітабының бүкіл үш жүз бетінен осы міндетті қалай шешілгенін табамын деп текке әуре болады. Кітаптың алғашқы тарауларынан бастап-ақ жүрек айнырлық жағымпаздық сарынның лебі келеді. «Негізін қалаушылардың бірі», «бастаушы», «қазақ халқы Мұқановты өзінің ой-пікірін білдіруші деп атады», «Мұқановтың «30-жылдардың өзінде айтылған ой-пікірлері бүгінгі күнге дейін зор маңызы бар», «Мұқанов өзінің творчествосымен қазақ оқушыларының рухани дүниесіне тереңнен енді», «Қазақстандағы ең көп жазатын жазушы, ол сонымен қатар, ең әйгілі, қазақ оқушыларының ең сүйікті авторы», «С.Мұқановтың ондаған жылдар бойы талдап шешкен программалық ой-пікірлері», міне, бүкіл кітап осындай шектен асқан мадақтауларға лық толған».
Сөйтіп, «кәдімгі С.Мұқановқа» одақтық деңгейде бұрын-соңды естіп көрмеген, естимін деп ойламаған саяси сын айтылды.
П.Кузнецов: «Жағымпаздық әуеніне түсіп алған сыншы С.Мұқановты қазақ әдебиетшілерінің патриархы, тіпті айта берсең бірден-бір тәрбиешісі деп көрсетумен ғана тынбайды, оның үстіне мүлде таңданарлық жағдайға дейін барады: көрдіңіздер ме, С. Мұқановтың «өзінің творчествосында баса көңіл бөлген мәселелерінің маңыздылығы сондай, бүкіл Қазақстанның тағдыры (!) осы мәселелердің дұрыс шешілуіне байланысты болды». Кейде кітаптың авторы түкке тұрмайтын мүлде мағнасыз қайдағы бірдеңелерді айтуға дейін барады. Мысалы, ол мынадай жаңалық ашады: «қазақ совет әдебиеті советтік өмір шындығын көркемдік жағынан бейнелеу болып табылады деген қағиданы Мұқанов теория жүзінде дәлелдеп берді». Және, сонымен қатар, жазушы «отыра қалып еңбек жаза салады» деп мәз-мәйрам болады»,– деп «большевиктіктерше турап» тастады.
Біз де «большевиктерше турасына» көшсек, екі алыптың ортасында ызыңдап жүрген бөгелек осылай оларды уын жая шағып алды. Әрине, арандатушы идеология қызметкерлері мәжбүр етпесе П.Кузнецовтан мұндай деңгейдегі көсемдік шықпайтыны анық болатын.
Ұзақ жылдар бойы бірін-бірімен ырғасып келген екі тұлғаның да жеке басына шынымен қауіп төнгені енді анық болды.
П.Кузнецов: «Т. Нұртазинның Мұқанов жайындағы пікірлері, әдетте, әлсіз, дәрменсіз және көп реттерде қате. Жазушының «Балуан Шолақ» деген повестіне баға бере келіп, Т. Нұртазин бұл повестің елеулі идеялық қателіктері (повестің казақ тілінде жарияланған вариантында қазақ халқын тұншықтырған Кенесары Қасымов дәріптелген болатын, сыншы бұл туралы жұмған аузын ашпайды) «жазушының социалистік реализм әдісінен шеттеуінің тікелей салдарынан болды» дейді. Әдіс туралы мәселе, сөз жоқ, маңызды мәселе, бірақ шығарманың мазмұнына айқын саяси баға бермей, тек осыны айтумен ғана тыну өрескел қате болған болар еді».
Ал бұрын мұндай «партиялық айыптауды» естіп те, оқып та көрмеген С.Мұқанов есеңгіреп қалса керек, өзінің қысқа сөзінің соңында ғана:
«Президиумның осы мәжілісінің алдында бұл мәселе жабық партия жиналысында талқыланды. Онда бұдан да қатаң және әділетті пікірлер айтылды, менің шығармаларымдағы жекелеген кемшіліктер қатты сыналды. Жекелеген адамдар мұны пайдаланып Мұқановтан есе қайырғысы келіп жүр. Мен – кеңес адамымын, мен партиядағы адаммын, сондықтан да «Правданың» мақаласына жауап беретін шығарма жазатын күш-қуатты бойымнан табамын – деп ойлаймын»,– деп жауап қайырды.
Әрине, бұрынғы кез болса, тізгінін тартпайтыны анық.
П.Кузнецов: «С.Мұқановтың Жұмалиевпен бірігіп жазған революция алдындағы қазақ әдебиетінің тарихы туралы орта мектепке арналған оқулығын Т.Нұртазин мақтайды. Бірақ ғылымға жат «бірыңғай тасқын» теориясын насихаттап, оқулықта нағыз реакцияшыл қараниеттілердің ұлтшылдық шығармаларын мадақтап келген ұлтшыл Жұмалиевті Қазақстанның совет жұртшылығы әшкереледі. С.Мұқановтың саяси жағынан шалағайлығын пайдаланып бұл жалған ғалым қазақ мектептеріне арналған оқулықтарға ұлтшылдық бықсықты тықпалап келген болатын. Сыншы Т.Нұртазин осындай «достық ынтымақты» С. Мұқановтың сіңірген еңбектерінің бірі деп есептейді».
Мұндай сүйкете соққан, «С.Мұқановтың саяси жағынан шалағайлығын» атап көрсеткен сынға С.Мұқанов:
«Мен – кеңес адамымын, мен партиядағы адаммын, сондықтан да «Правданың» мақаласына жауап беретін шығарма жазатын күш-қуатты бойымнан табамын – деп ойлаймын»,– деп түйіп жауап берді.
С.Мұқановтың бұл сөзі – шын сөз. Өйткені оған басқадай кез-келген айыпты тағуға болса да, кеңестік коммунист екендігіне ешкім де күдік келтіре алмайты. Тіпті «Правда» газетінің өзі де. Сондықтан да П.Кузнецовтың:
«Т.Нұртазинның зиянды кітабының жарыққа шығуы қазақ жазушылары арасында әлі де жойылмай отырған жікшілдік пен семьяшылдық жағдайында ғана мүмкін болды, міне сондықтан да мұндай кітаптың зыяндылығы ерекше сезіледі. Москвадағы әдебиет зерттеуші М.Ритман-Фетисовтың осы кітапты редакторлығына алып, оның осыншалық айқын кемшіліктерін жоймағаны тіпті таңқаларлық іс»,– деген сөзін жауапсыз қалдырды.
Мұндай мүмкіндік М.Әуезовте жоқ болатын. С.Мұқановтың басын осылай қайырып алып, енді М.Әуезовке шүйлікті:
П.Кузнецов: «З.Кедрина М.Әуезовтің творчествосындағы идеялық қателіктер туралы талай рет айтқан, бірақ оның айтқандарының бір-біріне қайшылығы, бір-біріне жанаспайтындығы соншалық, мұның өзі оқушыны тек шатастыруы ғана мүмкін. Мысалы, біз кітаптың бас кезінде М. Әуезов әдеби қызметінің алғашқы жылдарында (ал бұл қызметі 1917 жылдың өзінде-ақ басталған) «революция ісіне пайдалы адам болуға шын ниетімен ұмтылғанын» көреміз. Бірақ, көп ұзамай, бұған қарама-қарсы келетін сөз оқыймыз: Әуезов ескі құрылысты қорғаушыларға қарсы күресте «тиянағы жоқ позиция» ұстаған. Ал осыдан кейін тағы мынаны көреміз: «контрреволюцияшыл алашордашылар белгілі уақытқа дейін «Әуезовтің қаламын өз ықпалына бағындырып алды». Мұндай қайшылық бүкіл кітапта көп кездеседі.
Әуезовтің творчествосында болған бірсыпыра идеялық қателіктер туралы сөз қылып өткеннен кейін, З.Кедрина принциптік қорытынды жасаудан бой тартып, оның орнына лирикалықпен, кешірім сұрап, кейін шегіншектейді, ал содан кейін масаттана былай дейді:«...М.Әуезов бұрын оның идеялық-көркемдік жағынан өсуіне кедергі болып келген буржуазияшыл-ұлтшылдық тенденцияны жеңе білді...», «М.Әуезов революциядан бұрынғы қазақ даласының тұрмысын тарихи жағынан дұрыс маркстік-лениндік тұрғыдан, Лениннің – Сталиннің революциялық іліміне сәйкес баяндайды», «...М.Әуезов өзінің қате көзқарастарын батыл қайта қарап, өз творчествосын дамытуда өзгеріс жасай білді», тағысын тағылар.
Ұлтшылдық бұрмалаушылықтарға қарсы күрес енді өткен кезең деп ойлауға болмайды. 1952 жылғы сентябрьде Қазақстан Коммунистік партиясының VI съезінде былай деп атап көрсетілді: «әдебиетшілер мен искусство зерттеушілері – Жұмалиев, Әуезов, Мұқанов, Жармағамбетов – өз шығармаларында буржуазиялық-ұлшылдық сипатты қателіктер жіберді», «марксизм-ленинизм позициясынан және социалистік реализм әдісінен алыстады, кейбір реакцияшыл хандарды және олардың сарай ақындарын дәріптеді. Қазақстанның Россияға қосылуының ұлы прогрестік маңызын дұрыс көрсетпей, бүркемеледі, орыс халқы мен қазақ халқының қасиетті достығының мүдделеріне зыянын тигізді».
Әрине, монографиялардың жарыса шығуының өзі де кездейсоқтық емес болатын. Өзге-өзге, М.Әуезов пен С.Мұқановтың қазақ халқының алдында да, қазақ әдебиетінің алдында да мұндай ілтипатқа бөленуге толық құқы бар болатын. Бірақ тура соған қасақана жасағандай баспада үш жылдан бері кезек күтіп тұрған З.Кедринаның да монографиясы тізгін таластыра жарық көре қалуы кеңестік идеология сардарларына да, қазақстандық зиялы сарбаздарға да ұнамады. Олар бұдан М.Әуезов пен С.Мұқановтың арасындағы баяғы бақталастықты көрді. Әйтпесе, жөн де, жол да осы екеуінікі еді.
П.Кузнецов: «3.Кедринаның бұлтақ және сонымен бірге жүзге жағымды сыны жазушыға көмектеспейді. Барлық совет жазушылары сияқты. М.Әуезов те мадақтауды, мақтау өлеңдерін емес, қайта оның табыстарын да, кемшіліктерін де атап көрсететін принципті, әділ сынды күтіп отыр. Т. Нұртазин мен 3. Кедринаның кітаптары бізде совет жұртшылығының жаршысы болмай, топтардың, санаулы адамдардың жаршысына айналып отырған, әдебиетке прициптік, мемлекеттік көзбен қарамайтын сыншылардың әлі де бар екендігін көрсетеді».
Енді Т. Нұртазин мен 3. Кедрина үшін екеуінің жауап беруіне тура келді. М.Әуезов монографияның жазылу тарихына:
«З.Кедринаның кітабына байланысты менің кінәм – одан менің шығармашылығымды талдау барысында обьективті бағыт ұстанып, сыни тұрғыдан талдап, пайымды тұжырымдама жасауды қатаң талап етіп, ескерту жасамағандығым. Бұл қолжазбаны 1950 жылдың басында оқып шыққаннан соң, мен оған: менің 1932 жылға дейінгі шығармашылығымды зерттеудің қажеті жоқ, егер қажет бола қалса, өткенімді сыни тұрғыдан қарастыр, – деген болатынмын.
Осы әңгімеден кейін қалғандарының барлығын Кедринаның өзіне сеніп тапсырдым. З.Кедрина – маған жауапты, байсалды сыншы боп көрінгендіктен де, оған сеніп қалуым да менің қателігім болып табылады, оның үстіне З.Кедринаның кітабін Москвадағы Кеңестік жазушылар одағының президиумының қолдауымен «Советский писатель» баспасының өзі жоспарға енгізген еді. Ол кітап Сталиндік сыйлықтың лауреаттары туралы басылымдардың қатарында 1949 жылы, яғни, мен сыйлық алған жылы жариялануға тиісті еді. Бұл сериямен шыққан кейбір кітаптар, мысалы Е.Мозольковтың «Якуб Коластың шығармашылығы», Брайнинаның «К.Фединнің шығармашылығы» туралы кітаптар бүгінде Сталиндік сыйлыққа ие болып отыр», – деп амалсыз түсіндірме берді.
Әрине, мұнда тұрған ешқандай әбестік жоқ. Ал отызыншы жылдары түрмеден шыға салысымен танысқан сыншыны тіптен жат етіп көрсету сенімсіздік тудыратын. Сондықтан да жауапкершілікті З.Кедринаны өзіне аудара отырып, идіріп тартып:
М.Әуезов (жалғасы): Маған белгілісі, З.Кедринаның кітабі Қазақ әдебиетінің Москвадағы онкүндігінен кейін іле жазылып, соңғы уақытқа дейін ұсталып тұрғаны. Бұл кітаптың өзінің жеке редакторы бар, ал Москвадағы баспалармен менің ешқандай да байланысым, өзара ықпалым болған емес. Мұнымен қоса, белгілі сыншы ретінде З.Кедрина туысқан республикалардың көптеген жазушыларының шығармашылығы жөнінде орталық баспасөзде пікір білдірді және қазір де ол аса кең таралған және беделді басылым «Литеретурная газетаның» туысқан республикалар әдебиеті бөлімін басқарады. Ол тек қана Әуезовтің шығармашылығы туралы емес, сонымен қатар Мұқановтың, Мұстафиннің, Мүсіреповтің, т.б. шығармашылығы жөнінде журналдық, газеттік мақалалар жазды. Менің шығармашылығым жөнінде, соның ішінде менің «Абай», «Абай жолы» романдарым туралы 1949 жылы осы «Правда» және 1951 жылы «Известия» газеттерінің беттерінде мақала жариялады.
Мұның барлығын айтып отырған себебім, жеткілікті дәрежеде дербес пікірі бар қуатты сыншы, сондықтан да өзінің мақалалары мен кітаптарына өзі жауап бере алады, бұған қоса айтарым, менің шығармашылығым туралы бұл зерттеуін декада кезінде мен жөнінде жазылған, жарияланған материалдардың, тыңдаған баяндамалары мен пікірлерінің, менімен ғана емес, Қазақстанның өзге де жазушыларымен жүргізген сұхбаттарындағы пікірлердің негізінде жазды.
Шындықты қалпына келтіру мақсатында келтіріп отырған бұл мағлұматтардың өзі бұл кітапты Кедрина менің қолпаштауыммен, арбауыммен, қитұрқылығыммен және менің топшылдық ұмтылысыммен жазбағанын анық көрсетеді, З.Кедринаның өзім туралы кітабын сынай отырып, оны жақтамай, керісінше, міней сөйлеуімнің себебі де, міне, сондықтан»,– деуге мәжбүр болды.
Бұл мәселеге С.Мұқанов та жауап беруге тиісті еді. Оның сөзінің аңғарына қарағанда, өзінің 50 жасқа толуы қарсаңында пәленшелер мен түгеншелер оның құлағының түбіне ызыңдап: Кеңес өкіметін қолымен құрған, сол үшін ұлтшылдармен жағаласып келе жатқан С.Мұқанов туралы моногрфия әлі орыс түгілі қазақ тілінде жарияланған жоқ. Ал ұлтшыл-алашордашыл М.Әуезов туралы Мәскеуден (!) монография шығып жатқан көрінеді. Бұл қалай, неткен әділетсіздік! Сіз де қалыспаңыз, Сәбе! Елу жасыңыз ескерусіз қалмасын. Ана қудалаудан келген, орысша сауатты Темірғали Нұртазин қызметсіз, қаражаттан қысылып, Мұхтардың романын орысшаға аударып жүр. Оның қолынан келеді. Масқарадан сөйтіп құтылайық, Сәбе!,– десе керек. Сөйтіп, С.Мұқановтың 50 жасқа толуы құрметіне арналған ол кітап та тез жазылып, жарыса басылады. Қазақ сыны «масқарадан» сөйтіп құтылыпты. Бұл туралы С.Мұқанов:
«Нұртазиннің кітабі жарық көрген соң жауапты бір қызметкер менен: «Нұртазин Сіздің туысыңыз емес пе?,– деп сұрады. Оның менімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ екенін ашық мәлімдеймін»,– деп түсініктеме берді.
Алайда «Правда» мен П.Кузнецовтың пиғылы тым әріде жатыр еді. Өздері шығарған Кенесары қозғалысы туралы шудың басылып бара жатқаны «аға газеттің» көңіліне келсе керек, мақалада соны қайта жаңғыртады:
П.Кузнецов: «3.Кедринаның кітабында партия баспасөзінің сын мақалаларында жазушының кемшіліктері, ол кемшіліктерді жазушының жоюға тиіс екендігі қалай атап көрсетілгендігі айтылмаған. Таңданарлық іс: кітаптың соңында бірсыпыра газеттер мен журналдардың жазушы туралы мақалаларын тізіп көрсете келіп, 3.Кедрина ол жайында Қазақстан баспасөзінен бірде-бір мақала келтірмеген. М.Әуезовтің жұртшылыққа кеңінен мәлім болып, совет оқушылары мақұлдап қарсы алған және Сталиндік сыйлық берілген «Абай» романының бірінші және екінші кітаптары жазушының творчестволық өмірінде өзінің бұрынғы идеологиялық позицияларын қайта қарауға, буржуазиялық-ұлтшылдық адасулардан арылуға елеулі әрекет жасағандық болды.
Осы романның үшінші кітабы – 1951 жылы «Знамя» журналында жарияланған «Абай жолы» әлі де жете талдап шығуды керек етеді (очеркте ол туралы жанамалап қана айтылған). Қазір жазушы біртұтас циклдің төртінші кітабын жазуда М.Әуезовтің ірі шығармасы әлі аяқталмаса да, сыншы ол шығармадағы кемшіліктерді, автордың жете айтпағанын немесе оның теріс айтқанын көрсетуге міндетті еді. Мұндай көмекті, объективті бағаны М.Әуезов сыншыдан алған жоқ. Мұның орнына 3.Кедрина шығарманы «көшпелі қазақ даласының тарихы, этнографиясы, экономикасы және правосы жөніндегі күрделі ғылми еңбек» деп жариялауға асыққан. Мұндай сөздердің тек таңдандыруы ғана мүмкін, ал роман авторының өзін қолайсыз жағдайда қалдыруы ықтимал. Мысалы, қазақ және орыс халықтарының қас жауы Кенесары ханның он жыл бойы қан төгіп ойран салғаны сияқты Қазақстан тарихындағы қасіретті кезең М.Әуезовтің романында бейнеленбегендігі жұртқа мәлім. Ал шынында мұның өзі романдағы басты кейіпкерлердің бірі, Абайдың әкесі – Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын».
Сыншы П.Кузнецов «Абай жолы» романдарында Кенесарының бейнеленбегеніне шын өкініп отыр ма, жоқ, жорта арандатқысы келген бе? Өйткені осының алдында ғана шығармада Кенесарының аты аталғаны ғана үшін ұлтшыл саналып, ол тұстарды қысқартқан болатын. Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов 1951 жылы қазан айында өткен пленумда:
«М.Әуезов отызыншы жылдардың өзінде «Хан Кене» деген ұлтшылдық пьесасында Кенесары Қасымовты және оның қозғалысын жақтады. М.Әуезовтің 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында басылған «Ақындар ағасы» деген жаңа романында да Кенесары Қасымовтың өз басын біраз дәріптегендік болды. С.Мұқанов 1923 жылы «Жайлауда» деген поэмасында Кенесары мен Наурызбайды «өткен заманның батырлары», «қазақ халқының сүйікті және зор құрметті батырлары» деп атады. С.Мұқанов Кенесары қозғалысын 1942 жылы шыққан «Балуан Шолақ» деген повестінде де дәріптейді» – деп ескертіп те өткен.
Егерде М.Әуезов Кенесарыны романда Құнанбаймен қатар суреттесе, онда бұл шығарманың жолы кесілетін еді. Сондықтан да М.Әуезов (жалғасы):
«Мақалада көрсетілген менің шығармашылығым жөніндегі нақты ескертпелерге келетін болсақ, мен ең алдымен Абай туралы романдарға тоқталамын. Мақаладағы: романда Абайдың және бұқара жұртшылықтың Кенесары Қасымовтың халыққа қарсы рекациялық қозғалысына көзқарасы екіұшты емес, нақты және анық көрсетілуі тиіс – деген пікір өте орынды. «Ақын аға» кітабында Кенесары мен Көкбайдың дастанын бағалауда кеткен идеялық-саяси қателіктерімді айтқанда, бұл мәселе жөніндегі өзімнің әдеби шығармашылығым мен зерттеулерімде ұзақ уақыт адасқанымды ескере келіп, оған жадағай мәлімдеме арқылы емес, шығармашылығыммен, нақтырақ айтсам, «Абай жолы» атты кітабымда, Абайдың Кенесарының өзін де және оның қанды жорықтарын жырлаған феодалдық реакционер ақын Көкбайды да қатты сынаған көзқарасы арқылы жауап беруге ұмтылдым. Абайдың Кенесарының монархиялық-реакциялық қозғалысына көзқарасын «Правданың» мақаласында көрсетілген талаптар тұрғысынан білдірдім және мұны Абайдың бала кезіндегі өткен оқиғаларының қатарында емес, кейінгі, ойшыл, қайраткер Абайдың ауызымен жеткіздім, онда тек Кенесары мен Наурызбайды сынап қана қоймайды, сонымен қатар орыс халқымен арадағы достықты терең толғаныспен, айнымас сеніммен айтады.
Романның осы тұсынының әділ сыналғанын мойындай отырып, мен бұл мәселе жөніндегі өз қайшылықтарымды «Абай жолы» романының соңғы кітабында ескеретін боламын. «Правданың» мақаласында көрсетілген романдағы тағы бір кемшілікті ескерсек, ол – өткенді дәріптейтін тұстарға қатысты. Осы мәселе жөнінде романның бірінші кітабына айтылған сыншылардың дауысына құлақ түре келіп, кезінде «Абай» романының екінші кітабіна – ауылдағы таптық тартысты күшейте көрсететін бірнеше көріністер қостым. Оны кезінде біздің сыншылар да, Шаяхметов жолдас та өзінің сөзінде атап өтті»
3.Кедрина М.Әуезовтің творчествосындағы феодалдық-рулық ескілікті дәріптеу және революциядан бұрынғы қазақ ауылында болған таптық қайшылықтарды жуып-шаю сияқты кемшіліктерді бүркемелейді. Материалдарды атүсті зерттеу және олардың мағынасын нашар түсіну сыншыны қате немесе күмәнді қорытынды жасауға әкеліп соқтырады. Мысалы, 3.Кедрина феодалдық дәуірдегі қазақ ауылындағы ру таластарының бір белгісі болып табылатын «барымта» мен орыс шаруаларының помещиктерге қарсы көтерілістері арасында ұқсастық бар деген қисынсыз теңеу жасауға тырысады; Абайдың «Ғақлиялар» жинағы қазақ халқының орыс мәдениетін үйрену қажеттігі туралы идеяны тұңғыш рет ашты деудің ешқандай жөні жоқ сияқты.
3.Кедрина М.Әуезовтің Абай шығармаларының орыс тілінде басылғандарына жазған кіріспе мақалаларын оның зор еңбегі деп көрсетеді. Алайда, сыншы бұл мақалалардағы өте өрескел қателіктер жайында бір ауыз сөз айтпайды, ал бұл мақалаларда, атап айтқанда, Мағауия мен Көкбайдың халықты тұншықтырған жауыздар – Шәміл мен Кенесары туралы нағыз ұлтшылдық поэмалары дәріптеліп, уағыздалған».
Саяси-идеологиялық тұрғыдан сауатты тағаланған Мұхтар Әуезов өзінің сөзінде бар зар-мұңын арыла төкті. Біздің ойымызша, бұл оның мінбедегі ең шешен, ең аңғарлы, ең шынайы, «Абай» романын тәргіден аман сақтап қалуы үшін өзінің өмірлік көзқарасы мен ғылыми қайраткерлігінен бас тарта сөйлеген жан айқайы еді. Әрі үш жыл бойғы кешкен азап жолынан арылу үшін ұмтылған соңғы бір мүмкіндігі еді.
М.Әуезов: «Дәл қазір, ХІХ ғасырда өмір сүрген біраз ақындардың шығармашылығының халыққа қарсы, реакциялық мәні ашылған соң, «Абай» романының бірінші кітабінің соңғы басылымы тұсында өзіміздің «Мемлекеттік көркем әдебиет» баспасының басшыларымен ақылдаса отырып, бұрын өзім дәріптеген Дулат, Шортанбай сияқты халық ақындарына байланысты түбірлі өзгерістер енгіздім. «Абай жолының» соңғы өңделген нұсқасында Абай Кенесарының қарақшылық қозғалысының маңызына мүлдем жағымсыз баға беретінін жоғарыда айтып өттім. Алайда тек мұнымен ғана, сегіз баспа табақ көлеміндегі өңдеумен шектеліп қалғамын жоқ, сонымен қатар жұртшылықтың абайтану жөніндегі талқыда айтылған сындары мен пікірлеріне орай да өзгерістер енгізілді.
Абай мектебі жөніндегі өзімнің қателіктеріммен қоса біздің оқулықтарда жіберілген қателіктерді сезіне отырып, романда бейнеленген Абайдың айналасындағы образдарды суреттеулеріме қатаң шығармашылық сын көзімен қайта қарадым; Абайдың ықпалы үшін күрескен, мақсаттары қарама-қарсы, өзара идеялық тұрғыдан жау екі топтың: біріншісі – өткеннің дәріптеушілері Шұбар, Көкбай сияқты панисламшыл-реакционерлер тобының, екінішісі – Абай арқылы Россиямен жақындасуды барынша жақтайтын Әбіш, Дәрмен, тағы да басқа жастар тобының тартысын суреттедім»,– деп «Абай» романын қорғауға мәжбүр болды.
Сондықтан да М.Әуезов (жалғасы):
«Әр тілде жарияланып, жылы қабылданып, соншалықты жоғары бағаға ие болған «Абай» туралы романымнан біздің әділ, сыншыл, принципшіл жанашыр оқырмандарымыз бұдан да басқа менің қателіктерімді табуы мүмкін екенін мен өте жақсы білемін. Міне, «Абай» романының бірінші кітабінің жарық көргеніне де он жыл өтті. Біздің өміріміздің кейбір құбылыстарына қаншама жаңалық енді, біздің көркем шығармашылық өнімдерімізге байланысты халықтың идеологиялық саяси, мәдени-тарихи талаптарына орай қаншама маңызды, құндылықтарды өмірлік тарихи тұрғыдан қайта бағалайтын өзгерістер жасалды десеңші? Сондықтан да біздің жұртшылығымыз өзінің сыни ескертпелерін, пікірлері мен тілектерін әлі де айта бермек. Осы принципті әділ сындардың ішінен менің романдарыма байланысты құнды да, сенімді де шынайы ойларды іріктеп ала отырып мен өзімнің кітаптарымның келесі басылымын өңдеу кезінде пайдаланамын. Сонымен қатар бұл тілектер мен талапты орындауды өзіме міндет ретінде ала отырып, оны социалистік реализм өнерінің міндеттерін лениндік, сталиндік ұстанымға сай қоғамдық көріністерді ең сенімді даму қозғалысын суреттейтін жаңа кітаптарыма жаңа ой ретінде енгіземін»,– деп уәде берді.
Кеңестік идеология өзінің дегенінің дұрыстығын мойындатпай, уәде бергізбей тынбайтынын және өзінің қандай кеңестік «әділ соттың алдында тұрғанын жақсы білетін М.Әуезов:
«Мен сонымен қатар қатал да әділ, принципті, жолдастық сотқа тек қана сөзбен және уәдемен емес, іспен жауап беретінімді ашық мәлімдеймін, мен мұны осы уақытқа дейін шама-шарқымша теориялық тұрғыдан жүзеге асырып та келдім», – деп сот алдында есеп бергендей мәлімдеме жасады.
Ал кез-келген кешірімнің өтемі болуы тиіс. Сондықтан да ол бұрынғы тәжірибесіне сүйеніп М.Әуезов (жалғасы):
«Мен өз шығармаларымның көзі тірі авторы ретінде өмірдің, заманның, тарихтың тірі дауысына құлақ аспау мүмкін емес, ол дауыс маған көмек ретінде үн қататынын білемін және сенемін. Маған қаратылған сыни ескертпелерде жақсыны жақсы деп танитынын, ал кемшілігімді көрсеткенде менің бойымдағы сол жақсылықты мейірімге айналдырып, бұрынғыдан да құнды кеңес беретін кеңес халқы бұған өзінің адамгершілік жетістігі ретінде қарайтынын білемін және соған сенемін. Егер де мен өмірдің дауысын, барлық жазушыларға ұлы шабыт беруші Сталин жолдас басқарған партияның дауысын тыңдамасам, онда мен ең сорлы өзімшіл топас, дарынсыз көбік, қыңыр, қазақ кеңес әдебиетінің күншіл күйігі, ең соңында тынысы біткен бақытсыз жазушының өзі болған болар едім».
«Правда» мен П.Кузнецов осы арада әбден кәнігіленген империялық тақыстыққа басып, «бөліп ал да билей берге» салып, қазақы күрестің ең оңтайлы тәсілін пайдалынып, бірін мақтаған, бірін даттаған, бірін ақтаған болып отырып, жазушыларды өзара арандатуды ар санамаған, сыншыларды сынағансып, өшпенділіктің отын өршіте түскен.
П.Кузнецов: «Кітап сыншының жазушыларды бір-бірімен қағыстырғысы келген, М.Әуезовті барлық қазақ жазушыларынан жоғары көрсететін әлдеқандай бір тұғырға отырғызғысы келген зиянды пыйғылын байқатады. Мысалы, М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» пьесасын барынша мақтап З.Кедрина бұдан кейін осы пьесамен бір кезде С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» дейтін зиянды повесті жарыққа шыққанын атап көрсетеді. Ал осыдан кейін біз мынадай қорытынды жасалғанын көреміз: «С.Мұқановтың, методологиялық қателіктері басқа жазушылардың да прозасына азды-көпті мөлшерде тән нәрсе». Осыдан кейін іле-шала Ғ.Мұстафинның, Ғ.Слановтың, тағы да сол С.Мұқановтың шығармалары сыналады, ал М.Әуезов тек мадақталады.
Мәселен, Ғ.Мүсіреповтың «Қыз жібек» пьесасына баға бергенде, 3.Кедрина пьесадағы кейіпкер қыздың өлімін жаза отырып, әмеңгерлік масқара заңға, феодализмнің ауыртпалық сарқыншағына қыздың берілгендігін дәріптеген авторды айыптайтын қатал сөздер тапқан. Әмеңгерлік заңы бойынша, қалың малға сатып алынған әйел күйеуінің семьясының меншігі деп есептеледі, ал егер ері өлсе, мирас бойынша бұл әйел өлген кісінің ең жақын туысқанына мүлкімен бірге ауысады. Ал 3. Кедринаның енді М.Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасына берген бағасына келейік. Бұл пьесада жазушы Ғ.Мүсіреповтің қателіктеріне ұқсас қателіктер жіберген, бірақ сыншы бұл қателіктер туралы басқаша, мақпалдай майда, жұмсақ үнмен айтады. Әуезовтің пьесасындағы «сүйген жары өлгеннен кейін, Қыз жібек сияқты және халық эпосындағы басқа да көптеген кейіпкер қыздар сияқты, жартастан құлап өлетін» кейіпкердің өлімін дәріптегендікті 3.Кедрина «ескірген дәстүрді тұтқандық» деп түсіндіреді. Баяндалып отырған жайлар іс жүзінде бір-біріне ұқсас, ал шығарылған қорытындылар мен берілген баға, көріп отырсыздар, – әр түрлі. Жазушыларға осындай бөле-жарып қараушылық мысалдары кітапта аз емес».
Бұл ерегескен екі тұлғаны да тығырыққа әкеп тығу еді. Бұдан шығатын жалғыз-ақ жол бар. Ал ол жол екеуін де түрменің есігіне бастап баратын. Мұны С.Мұқановтан бұрын М.Әуезов тез аңғарды. Аңғарды да ең соңғы қорғанысқа шықты.
М.Әуезов: «Иә, мен тек қана өткенді суреттейтін романдарымда ғана емес, сонымен қатар бүгінгі тақырыпқа қатысты маған қойылып отырған талаптарға творчестволық тұрғыдан жауап беруге ұмтыламын. Бұл орайдан алғанда партияның ХІХ съезінің шешімдерінен туындайтын және Қазақстан КП Орталық Комитетінің театр репертуары туралы желтоқсандағы шешіміне жауап ретінде мен қазір «Алуа» атты – кеңестік қазақ әйелі, райкомның хатшысы, социалстік еңбек ері, ғылым кандидаты, тарих ғылымындағы буржуазиялық ұлтшылдықты әшкерелеген кеңестік қазақ әйелі туралы пьесамды жазып бітірдім. Мен бұл тақырыппен бір жарым жыл бойы жұмыс істедім, бұл пьесаны бітіргеннен кейін де өзімнің алдыма қойған басты мақсатым партия жетекшісінің образын сомдау. Өткен жылдардағы менің жіберген қателіктерімді көрсеткен сынға жауап ретіндегі менің бұл мақсатымның жүзеге асуына көпшіліктің достық қолын созуын тілеймін. Менің аса үлкен идеялық ойымның абыроймен жүзеге асуына көмектесулеріңізді өтінемін. Біздің қазақ кеңес әдебиетінің бүгінгі күнгі тақырыпты игерудегі жетістікке жету жолындағы күрделі мәселені жүзеге асыруды қолдауларыңызды сұраймын »,– деп «ағынан жарылды».
Ал С.Мұқанов өзінің әдеттегі еркіндігінен айырылып қалды. Ол бұл мәселеге ақталып емес:
«Неге екенін білмеймін, соңғы жылдары Мұстафин екеуміздің арамыз ашылып кетті. Оған дейін ол менің ең жақын досым болды. Мен оған өте көп көмектестім. Оның романында көптеген кемшіліктер бар. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» – деген. Мен Мұстафин жолдасты, сол арқылы мұқым Жазушылар одағын қатты соққыдан құтқарып қалдым деп есептеймін. Себебі ол, алашордашылар мен олардың пікірлеріне кең жол ашып қойды. Мен оны ұлтшылдықты дәріптейді деп айтып отырғамын жоқ. Мысалы ол: «Өнеркәсіп ауыл шаруашылығын жұтып қояды» – дейді. Мұстафинді партиялас жолдасым және қаламдас досым деп есептеймін. Ұзақ жылдар дос болдым, жазушы ретінде өсуіне көмектестім. Сондықтан да оның романында бұғып жатқан қателікті арылттым»,– деп мақтанып сөйледі.
Исі қазақ ұлтының ұлттық мақтаныштарын мінбеде «зарлатып қойған» мақаласын П.Кузнецов:
«Совет Одағының туысқан республикалары жазушыларының творчествосы туралы кітаптар өте қажет. Бірақ мұндай кітаптар тым аз, ал ұлт әдебиеттері тақырыбында жұмыс істейтін адамдар сирек. Осы маңызды істе артта қалған участоктер әлі де бар. Мұндай участоктерде көп реттерде барлығын білем дейтін монополистер, шатыстырушылар, күмәнді «білгіштер» мен «консультанттар» және жауапсыз редакторлар орналасып жүр. Совет жазушылары одағының аса маңызды міндеті Совет Одағының туысқан халықтарының әдебиеттерін терең зерттеуге, осы әдебиеттер және олардың аса көрнекті өкілдері туралы құнды, жоғары идеялы кітаптар жазуға көрнекті совет жазушыларын, сыншыларды, әдебиет зерттеушілерді кеңінен және батыл қатыстыру болып табылады»,– деп ділмәрси қорытады.
Ал көзі көргендердің айтуына қарағанда, империяға сүйенген маскүнем ақын осы сәтте «Правданың» көтеріңкі қаламақысымен басын түзеп, елітіп отырыпты.
Мұндайдағы ең оңтайлы тәсіл «өзіңнің өткендегі қателеріңді» мойындап құтылу. Әйтпесе қу жаныңа тыныштық болмайтын. Сондықтан да М.Әуезов бар «кінәсінан арыла» сөйледі:
М.Әуезов (жалғасы): «Менің қазақ және орыс тілінде жарияланған мақалаларым мен зерттеулерімдегі буржуазиялық ұлтшылдықты дәріптеген қателерім «Правданың» мақаласында орынды аталып өткен. Олардың саны мақалада көрсетілгеннен де көп. Олардың біразына 1951 жылғы Кенесары Қасымовтың қозғалысына байланысты «Правданың» мақаласын талқылау тұсында тоқталып, өзімнің өткендегі және кейінгі жылдардағы қателіктерімді мойындаған болатынмын. Қазақ ССР ғылым академиясы коллективінің мәжілісінде, жазушылар одағы мен Тіл және әдебиет институтының жиналысында, сонымен қатар, Алматы қаласы интеллигенттерінің жалпы қалалық жиналысында сөйлеген сөздерімде өзімнің әдебиеттану саласындағы өрескел қателерімді мойындаған болатынмын. Осы жиналыстардағы және біздің республикалық баспасөздердегі әділ сындарды ести отырып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің VІІІ пленумындағы Шаяхметов жолдастың баяндамасында және республика партия ұйымының V және VІ съезінде менің өрескел идеялық саяси қателерімнің көрсетілгені есімде және оны білемін.
Ғылыми зерттеу саласындағы қателерімді қайта қарау барысында мен қазір Абай туралы монография жазу үстіндемін. Мен онда өзімнің және басқа да зерттеушілердің абайтанудағы жіберген идеялық саяси қателерін түзеуге тырыстым. Қазақ ертегілері туралы зерттеуімді кеңес фольклористикасының талаптарына сай маркстік-лениндік түсініктің негізінде қайта жазып шықтым».
Сол тұста «маркстік-лениндік түсініктің негізінде» өзгертуге түскен бұл басылымдар қазір де сол күйінше жарияланып келеді. Оларды алғашқы түпнұсқасымен салыстырып жариялаудың реті келе ме, жоқ па, кім білсін. Иә, бірі кем дүние.
М.Әуезов (жалғасы): «Қазақ эпостары, лиро-эпостары, тарихи жырлар туралы өзімнің бұрынғы және кейінгі кездегі қателіктерімді де білемін және есімде. Осы аталған еңбектердің әрқайсысындағы жіберілген қателіктерге дәл қазір тиянақты түрде талдауға мүмкіндігім болмағандықтан да, сол кемшіліктердің барлығына ортақ және ең бастысына ғана тоқталамын. Оның басты себебі, мен әдебиеттануға нағыз ғылыми тұрғыдан үлкен біліммен емес, әсіресе, әдебиеттану саласында маркстік-лениндік тұрғыдан дайындықсыз келдім».
Иә, «маркстік-лениндік ілімді» игеруге гимназияның, университеттің, аспирантураның білімі, ғылым докторы атағы, профессор мен академик лауазымы жеткіліксіздік жасапты. Қандай кішіпейіл қорлық!
М.Әуезов (жалғасы): «Отыз жылдан бергі өмірімнің әр тұсында әрқандай мақалалар, сөздер, зерттеулер жаздым. Дәл қазір анық түсінгенім – 1938 жылға дейінгі буржуазиялық ұлтшыл идеялық ұстанымым мен кейінгі мұндай өрескел көзқарастан идеялық, творчестволық тұрғыдан жырақтап кеткен кезімде де, бәрі бір мен ұзақ уақыт бойы марксизм-ленинизм философиясына сүйенген шынайы ең сенімді әдебиеттану ілімін бойыма сіңіре алмадым. Сондықтан да біздің кеңестік вуздардың оқулықтары мен ғылыми зерттеу мекемелеріндегі бағдарламаларын идеялық-методологиялық қате тұжырымын кеңестік ғылымының жетістігі ретінде бағалап келдім. 1932 жылдан кейінгі өзімнің кейбір қателіктерімді бұрынғы және қазіргі қазақ әдебиеттанушыларының барлығына ортақ қате деп есептеймін. Бұл орайдан алғанда мен кейбір әдебиеттанушылардың, «Правда» газетінде жалған ғалым деп дұрыс баға берген, өзінің және оның достарының қателіктері кездейсоқ қате деп сендірген (ол қателіктері бір емес, екі емес, жиырма рет қайталанса да), ал сол мәселе жөнінде, сондай мазмұнда тура өздерінің пікірі сияқты Әуезовтің қателігі – қасақана қателік, яғни Алаш Орданың идеясы дегісі келген Жұмалиев сияқтылардың пікірлерін мойындамаймын және жоққа шығарамын».
Тағы да: Иә! Иә! Иә! Ол өзінің профессорлық, академиктік атағынан бас тартуға дайын, бірақ Қ.Жұмалиевті ешқашанда кешіре алмайтын! Бұл оның шындық сөзі және пенделік пиғылы еді.
М.Әуезов (жалғасы): «Мен бұл өзін өзі ақтауға ұмтылған жалған ғалымдардың – топшылдардың, өздерінің қателіктерін өзінен өзі түсінікті мәселе деп жортақтатып, біреудің қатесін ауырлатып, бір мәселе жөнінде айтылған біртектес пікірлердің иесінің бір тобын ақтап, екіншісін қаралайтын мұндай топшылдарды бұрын да әшкерелеп келгенмін, қазір де әшкерелеймін. Олардың ойынша қарапайым адамдар үшін бір бөлек, таңдаулылар үшін бір бөлек қателік бар сияқты. Партияның сын және өзара сын туралы міндеттері мен жалпыға ортақ идеясына осы қылық та сай келе ме? Бұл топшылдардың осындай сорақы өзгертімдері партияның ұранын мазақтау емес пе? Иә, бұл жекелеген сорлы, өзімшіл адамдардың өз кемшілігін жасыруға ұмтылғандығы, жекелеген жазушылардың өрескел қателігі. Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Шаяхметов жолдастың ауызымен Жұмалиев пен Мұқановтың және менің де буржуазиялық ұлтшыл қателігімді көрсеткен партияға рахмет. Менің қателіктеріме қоса және менімен бірге Мұқановтың қателіктерін күн тәртібінде талқылауға себеп болған – «Правдаға» рахмет. Сондай-ақ, Жаймурзин жолдастың баяндамасынан бастап Әбішев жолдастың және де басқа да жолдастардың біздің қателіктерімізді тең дәрежеде көрсетуіне мүмкіндік берген осы мәжіліске де рахмет».
Бұған С.Мұқанов сөз арасындағы:
«Мен Мұстафин жолдасты, сол арқылы мұқым Жазушылар одағын қатты соққыдан құтқарып қалдым деп есептеймін. Себебі ол, алашордашылар мен олардың пікірлеріне кең жол ашып қойды. Мен оны ұлтшылдықты дәріптейді деп айтып отырғамын жоқ... Ал қазір онымен Әуезов жолдас жәмпейлесіп жүр»,– деген астарлы емеуірінмен жауап берді.
Шым-шымдап болса да шымшып кетті. Шіркін, тістескен есіл өмір-ай десеңші! Енді М.Әуезовтің ақтарылмаған несі қалды? Қаламы қалды, қаламынан бас тарту ғана қалып еді. Ол тілекке де жеткізді.
М.Әуезов (жалғасы): «Жалпы алғанда өзімнің ғылыми зерттеу жұмыстарым туралы айта келіп, таяу жылдардағы творчестволық міндеттерімді іріктеп, саралай келіп, мынандай шешім жасағанымды айтып өткім келеді: бір мезгілде аса ауқымды көркем шығармашылық жұмыспен қатар ауыр еңбекті қажет ететін әдебиеттану саласындағы ғылыми жұмысты қатар алып жүру өте қиын, мүмкін де емес және осы уақытқа дейін оларды қатар алып жүруге тырысқаным құр әурешілдік сияқты.
Ғылым бәйбіше-тоқалдықты көтермейтін кірпияз сала десек, көркем әдебиет одан да өткен қызғаншақ кәсіп.
Мен қазір жиырма бес, отыз жаста емеспін. Қызмет істей алатын он-он бес жыл ғана уақыт бар, ендеше өзім үшін ең қолайлы, ең сенімді (әрине, ғылым саласындағы педагогикалық қызметімді сақтай отырып), тек кәсіптік тұрғыдан барынша дайындығым күшті, күнделікті шығармашылық тәжірибем қалыптасқан көркем шығармашылықпен айналыссам деймін. Сонымен қатар ғылым мен әдебиеттанудағы менің сыншыларымның да көп екенін ұмытпауларыңызды өтінемін. Өйткені, әдебиет тарихы ғылымының кейбір мәселелері, өткенге қатысты кейбір тақырыптарды мен өзімнің ұзақ жылдар айналысқан жазушылық қызметімнен кейінгі, көркем шығармаларымнан кейінгі екінші, кейде үшінші мәселе ретінде қарастырдым. Менің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қобыланды» пьесаларыммен және «Правда» осы мақаласында жоғары бағалап, объективті түрде баға берген он екі жыл бойы жазып келе жатқан «Абай жолы» романын еске алыңыздаршы. Фольклорлық тарихи тақырыптарға жазған барлық шығармаларымда идеялық көркемдік тұрғыдан дұрыс баяндауда ғалым-зерттеуші ретінде емес, жазушы ретінде табыстарға жеттім. Тақырыпты көркем тұрғыдан игеру барысында мен маркстік диалектиканы творчестволық тұрғыдан терең меңгере алдым.
Ең бастысы мен қазір бүгінгі күнгі біздің өміріміздің өткір шындығын бейнелейтін пайымды да, көлемді көркем шығарманы дүниеге әкелемін деген сеніммен үмітті өмір сүріп келемін. Өзіме-өзім: алып та жығатын, шалып та жығатын шабытты өмірімнің ең жасампаз кезеңіне қадам басқандай сезінемін.
Сондықтан да мен сіздерге: менің алға басқан қадамымыды өткен дәуірде жазған «Абай» романымен өлшемеңіздер, мені сол романдарда жеткен жетістігім мен шыққан биігіммен ғана өлшемеңіздер. Біздің әділ де, талапшыл принципті сынымыз сол кітаптардағы кемшілігімді жоюға көмектессін, маған және біздің мұқым қазақ әдебиетіне көмектесе отырып, менің алдағы уақыттағы ең басты мақсатыма – біздің кеңестік адамдар туралы – коммунизм құрылысшылары туралы біздің кеңестік бұқараның өміріне сай, партияның талабына сай жақсы жазуыма, шын мәніндегі үлкен полотно тудыруыма қол үшін берсін.
Сөзімнің осы бөлімін аяқтай келе, Одақтың төралқасынан менің осы мәлімдемемді республикалық баспасөзде жариялауға көмектесуін өтінемін».
Бұл дегеніңіз – өмір сүруге рұқсат сұрау, жеке басының бостандығына, өміріне қауіп төніп тұрғандығын осы ашық хат арқылы республика жұртшылығына хабарлау, жан қысылғандағы жан дәрмен сөз еді. Қандай жан талас!
Осымен М.Әуезовтің үйде жазып, дайындап әкелген қағаздағы сөзі аяқталады да әрі қарай мінбедегі еркін сөзі басталады. Онда сол күнгі саяси оқиғаның ықпалымен өзін күні кеше ұсталып кеткен саяси тұтқындармен арасын ажыратып алғысы келген. Онсыз тағы да болмайтын. Артқа қалдырған күдік түбінде күйдіріп тынатын.
М.Әуезов (жалғасы, стенограмма): Жолдастар, жазушылар одағындағы жікшілдік және оған менің қатысым туралы мәселе де талқыға ұсынылып отыр. Өткен жолғы үзіліп қалған жиналыста Жароков жолдас менің тобым-мыс делінетіндердің қатарында қазір саяси қылмыстары әшкереленіп отырған Сүлейменов пен Мұхамедханов бар-мыс деп дәлелдеуге тырысты. Бәрінен бұрын айтарым, біріншіден, мен дәлелсымақтың шындығы мен қисынына тоқталайын. Мен Жазушылар одағының ішіндегі жазушылардан топ құрғаным шын болса, онда өз тобыма мүше етіп жазушыларды емес, неге сырт адамдарды тартамын? Сүлейменовтің де, Мұхамедхановтың да жазушы емес екені бәріңізге белгілі емес пе. Ендеше жазушылық шығармашылыққа қатысы жоқ, жазушылардың ортасымен байланысы жоқ адамдардан құралған жазушылар одағындағы қайдағы топ? Алайда бұл адамдарды менің тобымның, немесе мені олардың қылмыстық, дұшпандық тобының мүшелерінің қатарына қосып жүр. Әр нәрсені атымен атасақ, онда кейбір адамдар жер бетіндегі барлық күнәні маған үйіп-төгіп, мені тура осылай көрсетуге дайын тұр!
Мен мұндай ауыр айыптаудан түбегейлі бас тартамын, бас тартып қана қоймаймын, мені бұлай тұздықтауын ызамен айыптаймын. Сүлейменовтен бастайын. Осы жерде отырғандардың көпшілігі оны кезінде көзіміз көріп, құлағымыз естіген әрекеті арқылы қандай деңгейде білсе, мен де оны сондай дәрежеде ғана білемін. Оның ішкі пиғылы қандай еді, халық жауының элементі ретінде не ойлап, не бүлдірді? Оның бұл жағы сіздерге қандай белгісіз болса, маған да сондай көмескі. Әрине, ол қашан тұтқындалғанша мен оның жаулығын аңғарғамын жоқ. Онымен қосылып ешқандай жұмыс жасағамын жоқ, ешқандай шығармашылық ой бөліскемін жоқ, сондай-ақ менің шәкіртім де емес, мен – филологпын, ол – тарихшы.
Сондай-ақ Мұхамедханов туралы да айта кетейін. Абайтану жөніндегі талқылаудың нәтижесінде анықталған, менің баяғыдан бергі қалыптасқан Абай мектебі туралы қате көзқарасымды негізге алған оның жұмысын қолдағаным рас, бұл менің қателігім. Оның сол кезде Абайдың отанынан жинақталған, маған бұрын белгісіз жаңа материалдардың негізінде жүргізген зерттеу жұмысын тұтастай алғанда қолдау арқылы тағы да бір жас кеңес ғалымының өсуіне көмектестім деп ойладым. Ал Исмаиыловтың диссертациясының қорғалуына менің ешқандай да қатысым жоқ. Алайда анықтама, бұл тұрғыдан алғанда ерекше анықтама бере кетейін, профессор – филолог дәрежесі бар адам болғандықтан да, ондай мамандардың тапшылығына байланысты, мен көптеген диссертациялардың қорғалуына қатыстым, егер ол адамдардың барлығын менің шәкіртімнің немесе жақтасымның қатарына қосса, онда докторлық немесе кандидаттық дәреже алғандардың өзі 24-25 адамға жетеді, солардың ішінде әшкереленген, жау адамдардың саны екеу, оның біреуі – қырғыз Саманчин, екіншісі – қазақ Мұхамедханов. Әрине, бұл екеуінің де болмағаны дұрыс еді. Олардың кім екенін алдын-ала білсем, оларды көпшіліктен көрі көбірек білсем, олардың ортасында көбірек болған болсам, онда біздің қоғамға жаулықпен қарайтын, қылмысты адамдарға сөзсіз қолдау көрсетпеген болар едім.
Осы себепке байланысты, Сүлейменов пен Мұхамедхановқа қатысты, менің олармен әшкерелік байланысым жөнінде сөзімді қорытындылай келе, айтарым мынау: анық көрініп тұрған нәрсеге көзді жұмып қарау – анықты танық деу болса, менің атымды мұндай оңбаған қылмыстық типтермен байланыстырып, мені де ағаш атқа теріс мінгізу де сондай ақылсыздыққа жатады. Намыс пен абырой туралы, менің жеке басымның абырой-намысы туралы болмаса да, жеке тұлғаның, тым құрығанда еңбекші қазақ халқының социалистік кеңестік мәдениетінің қандай да бір жетістікке жетуіне септігі тиген жауапты қазақ кеңес жазушысының абырой-намысы туралы да ойлаған дұрыс».
Иә, бұл оның ең соңғы жан айқайы еді. Қайым Мұхамедханов дегдардан: «Өзіңіз қорғап, жиырма бес жыл бас бостандығыңызды қиған адам Сізден бас тартып, «халық жауы» деп танығанда қандай пікірде болдыңыз? Араларыңызға сызат түскен жоқ па?»,– сұрағанымда:
«Жоқ. Қандай да сылтау айтпасын, бізге Әуезовтің бостандықта қалғаны керек еді. Егер Әуезов қамалса, онда күніміздің мәңгі батқаны еді. Алатын жазамызды алып, сотталып кеткеміз. Кейін түрмеден бірден үйіне шақырып, өзі вокзалдан тосып алды. Бір ай сыйлап, киіндіріп, ғылыми мәселемді, жұмысымды шешіп, киіндіріп қайтарды. Сонда: «Мен аман қалсам, сендер қапаста ұзақ қамалмассыңдар деп, айтқан сөзім ғой. Сол сөз болмаса, мен де қастарыңа барар едім. Өзіне нақты қауіп төнгенін Сәбит сонда бір-түсінді. Оны «саяси тәсіл» дейді», – деп күлді», – деп жауап қайырды.
Қайбір жетіскеннен қолданған «саяси тәсіл» дейсің. «Өлместің амалы» деп қазақ осындайды айтса керек.
М.Әуезов (жалғасы): «Топшылдық мәселесі жөнінде тағы да мынаны айта кетейін: маған Қазақстан жазушыларынан басқа жақын орта, олардан жақын адам, олардан артық тығыз араласқан дос менде жоқ. Олардың арасында менен жасы үлкендер де, 20 жылдан астам уақыт бойы таныс жазушылар да бар, мысалы, Қалмақан, Жақан, Сапарғали, Асқар, Ғали, Әбділдә, Тайыр, мен сендерден сұрап тұрмын, айтыңдаршы, Мұқанов жолдасқа қарсы топ құру үшін мен сендерді қандай бір кезде болмасын, үгіттедім бе, жолдарыңнан тайдырдым ба? Біздің қатарымызда жас жағынан алғанда кіші: Жұмағали, Әлжаппар, Әбу, Дихан, Дмитрии Снегин, Леонид Макеев, Хамит, Мұқан, Сейтжан, Жұбан және көп, көп жазушылар да бар, қане сендер де айтыңдаршы, Мүқановқа қарсы күресуге сендерді қайрап салдым ба, тіпті, бір ауыз сөзбен емеуірін таныттым ба? Жоқ! Ондай оқиға болған емес! Соған қарамастан жікшілдік болды, бұл жөнінде бүгін осында сөйлеген жолдастар дұрыс айтты. Біздің осы қырғи қабақ қарым-қатынасымыз, жікшілдігіміз біздің оқырман қауымының да «тілін емізіп» жүр. Егерде бұл туралы «Правданың» өзі жазып отырса, онда шынымен де асқынып кеткен екен».
Кеңестік идеологияның үшкіруімен ушығып, шеменнен дертке ұласып, екі тұлғаны да осы күнге жеткізген, ақыры өздерінің басын қатерге тіккен осынау бақталастық психологиясының қасіретін екеуі де түсінді. Енді шіміркенбесе кеш қалатын. Сол екпінімен М.Әуезов іштегі қоясын сыртқа шығарды.
М.Әуезов (жалғасы): Ал топқа бөліну үнемі шығармаларды талқылау барысында басталады, ондай топшылдық менің де, Мұқановтың да басында бар. Өзінің шығармашылығын қызғыштай қоритын мұндай табиғи ұмтылыстың соңы дертке айналды. Өзіңнің ішіңдегі пиғылдан азат болмай, таза сана, нәзік сезім, жарқын ойлы шығарма тудыра алмайсың. Ал бұл пиғыл сөзсіз сені өзімшілдікке, қызғанышқа, тағы да басқа ішмерездікке алып келеді. Алайда, осындай көріністермен қатар, біздің арамызда өзімізге аса қажетті обективті, талапшыл, нақты, шынайы жазушылық сынның да бар екенін айта кету керек. Соңғы пікірге орай менің айтарым мынау, әрине, тырнақшаның ішінде, иә, мен топ құрып келдім, тобымды көбейте беремін, алдағы уақытта да ол топты нығайта беремін, менің бұл тобым – нашар шығармаларды аяусыз сынайтын болады, өкінішке орай, Мұқановтың ішінара шығармалары сондай болып шығатыны бар.
Менің ойымша, біздің бұл арадағы кезекті әдеби күлдібадамдар туралы пікірлеріміз, бағалауларымыз бір жерден шықты ғой деп ойлаймын.
Әрине, мұндай жағдайда мен өзімнің пікірімді барлық жазушыларға бірдей ашық білдіре бермеймін, ең алдымен өзім жақсы араласатын, өмірдегі дос адамдармен көзбе көз отырып пікір бөлісемін. Ал мұның барлығын мен сынап отырған автор: өзіне деген менің дұшпандық ұстанымым деп, сол авторға деген, тіпті кеңес құрылымына деген жаулығым деп, ол аздай алашордашылдың дұшпандық қастандығы деп баяндайды. Ал осы авторды біреу сынай қалса, егерде оның өзіне жақын дос-жар адамы болмаса, онда бұл адамдарды мен әдейі қайрап салды, оны қасақана ұйымдастырған мен деп тон пішеді, көп жылдан бері орын алып келе жатқан, тым асқынып кеткен мұндай әшкерелі шеңберден, тұңғиық тұйықтан қалай шығарымды білмедім.
Бұл мәселені талқылап, шешіп берулеріңізді өтінемін, бұл дертті – қауымдық негізі әрі тәуелсіз, әрі таза, әрі қуатты, әрі намысты нық екенін сеніммен айта алатын біздің ұйымымыз бірлесіп емдесін».
Бұдан асқан арылу, арыздасу бола ма?!. Сірә, бола қоймас. Ол екеуін де бір үкім күтіп тұрғанын, екеуінің де бір үкімнің үкімін бөліп өтеуіне тура келетінін білді. Соны мегзей С.Мұқановқа:
«Ал жолдас Мұқановқа қарата мынадай ұсыныс жасаймын: біздің жалпы жұртшылығымыз жаппай әділетті сынап отырған мына масқара қылықты екеуміз де доғарайық, мен сізді біздің ұлы Отанымздың игілігі үшін шабытты шығармашылықтың жарқын жолындағы творчестволық еркін жарысқа шақырамын!», – деп (сонда, № 78 – іс, 32-45 беттер) ұсыныс жасаумен сөзін аяқтады.
Бұдан артық ашынғаннан шыққан ыстық жас бола қоймас, сірә! Түсінік берудің өзі артық. Ендігі кезек Сәби Мұқановтікі еді. Бұған Сәбит Мұқанов:
С.Мұқанов: «Шындығында да, осының барлығын қойып, ол жазушы маған дос па, жоқ, дұшпан ба, оған қарамастан оның жақсылығын ашық, кемшілігін бетіне айтайық (Әуезов: Дұрыс!)... Мен Сіздің ұсынысыңызды қабылдаймын және бізді сыйлайтын осы аудиторияның алдында: топшылдықты доғарып, өзімнің шығармашылығымды дұрыс жолға қоямын, – деп мәлімдеймін»,– деп жауап берді.
Иә, «кәдімгі Сәбит Мұқановтың» жүні жығылған, сөзі пәс, үні әлсіз. Соның өзінде екі-үш жерде М.Әуезовті шымшып өтеді. Өзінен күштің кеткенін, жүктің Әуезов жаққа ауғанына нәумез болып қалғаны анық байқалады. Отыз жыл бойы атойлаған Алаш идеясы да оған бұл жолы азық бола алған жоқ.
Уақыт лебі солай. Бұл бір белгісіздіктің тылсым маусымы болатын. Ә.Жаймурзин өзінің қорытынды сөзін:
«Мен қорытындыны созып жатпаймын. Өйткені сөйлеген жолдастар дертті мәселелер жөнінде өте нақты пікірлер айтты және өте дұрыс айтты. Әуезов пен Мұқанов жолдастар өздерінің қателіктерін мойындады, олардың сөзін барлықтарыңыз тыңдадыңыздар, менің ойымша, бұл сөздердің шындығы іс жүзінде сыналады. Бұл жолдастар өздерінің сөздерінде тұрады және уәделерінің шынайылығы мен ақиқатын дәлелдеп береді – деп сенемін. Өзге жолдастардың сын пікірлеріне ескертпелерім жоқ, тек бір адамның сөзіне ғана қысқаша жауап бере кеткім келеді. Ол – С.Бақбергеновтің сөзіне қатысты. С.Бақбергенов жолдас партиялық баспасөздің қызметкері болғандықтан да, оның маған таққан айыптарына жауап беруге міндеттімін.
Бірінші: әдебиетшінің немесе оның теоретигінің орынына ешқашан көз сүзгемін жоқ. Мен еш жерде: өзімнің бойымда жоқ қабілетімнің орынын қызметпен толтырамын деп айтқамын жоқ. Мен өзімді жоғары білімі бар кеңес интеллигенциясының қатарына жатқызамын.
Екіншіден: Гурьев облыстық газетінің өтініші бойынша мақала жаздым. Сол мақаламда әдебиеттегі жағымды көрініс ретінде – Мұқановтың «Ботагөз», Мұстафиннің – «Қарағанды», «Миллионер», Мүсіреповтің – «Қазақ солдаты», Әуезовтің – «Абай» романдарын атадым. Жолдастар Әуезовті тым артық мақтап жіберіпсің – дейді. Егер жолдастар солай десе, оны тексеремін, бірақ олары дұрыс емес деп ойлаймын.
Үшінші: Мен өзімнің ешқандай топқа қосылмайтынымды ашық мәлімдеймін. Бәріне бірдей тең қараймын, тең қарауға тырысып бағамын. Әзірше мені біржақтылығым үшін ешкім де көзіме түрткен емес. Мен он жылдан бері басқару жұмыстарында істеп келемін, ешқашанда партияның ұстанымынан ауытқып кеткемін жоқ. Мені мұнда Орталық Комитет топшылдықты күшейту үшін емес, жағдайды түзеу үшін жіберді. Егерде топшылдар мені өз жағына тартқысы келсе, онда олардың бұл талпынысы сәтсіздікке ұшырайтыны анық. Болмағанды – болды деп дәлелдеген оқиға тарихта болған емес.
Бақбергенов: Мен оны әшкереледім және тағы әшкерелейтін боламын.
Жаймурзин: Иә, егерде ол туралы мұндай мәжілісте партиялық баспасөздің ресми өкілі айтып отырса, онда тиісті мекемелер бұл айыптаулардың дұрыстығын тексеруі тиіс – деп ойлаймын.
Дауыс: Бақбергенов Кеңестік Жазушылар одағының мүшесі ретінде сөйледі.
Жаймурзин: Оның пәлендей маңызы жоқ. Ол – республикалық партиялық газеттің қызметкері, ол ресми сөз алды, ал мен түсініктеме беріп тұрмын, ол енді өз кезегінде өз сөзіне жауап беруге тиісті.
Төртінші: Кадрларды таңдау мәселесі туралы. Мен: кадрды сыбайластығына, жағымпаздығына және жеке берілгендігіне қарап таңдайды – деген айыпты жоққа шығарамын. Бұл арада менің ешқандай жақындарым жоқ. Тиесеовке қатысты айтарым: ол бұрынғы партия қызметкері, біздің әдебиетімізге көптен бері араласып келеді. Бұл қызметке оны Орталық Комитет тағайындады. Ол істі бүлдірген жоқ, қайта журналдың жұмысын жақсартты. Оның қызметтегі кемшілігін көрсету керек, сынау керек, бірақ та оны кездейсоқ адам деуге болмайды. Ал жұмыстағы кемшілік әркімде бар. Бұдан әрі қарай біздің қателерімізді түзетуге осындай талап тұрғысынан қарайтын боламыз», – деп тұжырымдады.
Біз осынау шағын ғана денелі, кесіп, нықтап сөйлейтін Әбдірахман Жаймурзинмен үйінде де, түзде де ұзақ-ұзақ әңгімелестік. Тура пікірлі адам партиялық тапсырмамен жазушылар одағын басқаруға келгендегі ең басты мақсаты – екі алыптың айтысын тоқтатып, арасын қиюластыру болғанын, осы жиналыс арқылы соған уақытша тоқтау салғанын талдай отырып айтты. Әсіресе, С.Мұқановты ығынан қайыру, М.Әуезов қолды болса, мұның өзін де аман сақтап қалуға шамасы жетпейтініне сендіру өте қиынға соғыпты. Партия жиналысында мұны ашық ескертіпті, әйтпесе, оны партиядан шығару туралы мәселе қоятынын айтқанда ғана, шарасыз қалыпты.
Ал партиядан шығу деген сөз – түрмеге қамалумен бірдей еді. С.Мұқановтың жоғарыдағы сөзінің пәс шыққанында да осындай астар бар еді.
Алдыңғы мәжілістерден бұл мәжілістің ерекшелігі – кеңес өкіметінің дұшпаны мен ұлтшыл-буржуазияшыл элементтер әшкереленген жоқ, барлық назарды, шындығында да соған дейін асқынып келген «топшылдыққа, жікшілдікке», нақтылап айтқанда, Әуезов пен Мұқановтың арасындағы қарым-қатынасқа аударып, «Жаймурзин жолдастың баяндамасының негізінде төмендегідей қаулы қабылдады (мазмұны):
«1953 жылы 30 қаңтарда «Правда» газетінде жарияланған «Сынау орынына мадақтау» атты мақалада Нұртазиннің идеядан ада «Сәбит Мұқановтың шығармашылығы» кітабі мен мәскеулік сыншы З.Кедринаның қате пайымдауларға орын берілген зиянды «Мұхтар Әуезов» монографиясы орынды сыналған. Мұндай кітап тек топшылдықтан, отбасылық мүддеден әлі де арылмаған кейбір қазақ жазушыларының ықпалымен ғана шығып отыр. Төралқа мынаны атап өтті:
Мұқанов өзінің Жазушылар Одағының төрағасы кезінде алаяқ және жалған сыншы Нұртазиннің жазушылар одағына өтіп кетуіне, сөйтіп, Нұртазиннің идеялық жағынан зиянды халтурасының – шимай-шатпақтарының (стряпни) баспасөзде жариялануына мүмкіндік жасап, сол арқылы көзжұмушылық танытып, жалпақшешейлікке жол берген.Жазушылар қауымы осы кітапты қатал сынға алғаннан кейін де Мұқанов жолдас одан тиісті қорытынды шығармады және оны қорғауын жалғастырып келеді;
З.Кедринаның «Мұхтар Әуезов» кітабында жазушының шығармашылығы принциті түрде жан-жақты бағаланбаған, керісінше, Әуезовтің шығармашылығы туралы жалған түсінік беретін, тек қана зиян келтіретін көптеген жаңылысты және қате бағамдаулар орын алған. Сыншы Әуезовтің шығармашылығындағы идеялық қателіктер мен құлдыраушылықты жасырады да оны қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі ретінде көрсету үшін басқа жазушыларға қарсы қояды, сөйтіп, жекелеген жазушыларды бір-біріне өшіктіру бағытын ұстаған.
Мұқанов пен Әуезов жолдастар өзгелерге партиялық принцип пен жолдастық өзара ынтымақтастықтың негізінде шығармашылық достықтың үлгісін көрсетудің орынына, міне, он бес жылдан бері қазақ әдебиетіндегі жетекші орынға ие болуы үшін өзара принципсіз, жікшіл күрес жүргізіп келеді, ол күреске өзге де жазушыларды тартты, олардың арқасын қалқалаған халтурщиктерді, жағымпаздарды айналасына топтастырды. Мұндай топшылдық жазушылар арасындағы батыл, принципті партиялық сынның өрістеуіне кедергі келтіріп келді, әдебиетші жастардың идеялық және шығармашылық тұрғыдан зиянын тигізді және бүкіл қазақ әдебиетінің дамуына кесірін тигізді.
Төралқа: топшылдық күрестің осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқанының басты бір себебі – Жазушылар Одағының кейбір басқарма мүшелері топшылдықтың кесірінің зиянкестігіне дер кезінде мән бермеді, Әуезов пен Мұқановтың арасындағы дауды шешуде қатаң талап пен принципті талдау көрсете алмады, тіпті, олардың өздері де солардың жетегіне еріп кетті. Жекелеген жазушылар Әуезов пен Мұқановтың көңілін жықпас үшін олардың беделін көтеруге тырысты, бұл жазушыларды сынаудан жалтарды, қысқасы жалтақтық танытты – деп есептейді.
Осыған байланысты Қазақстан Кеңестік Жазушылар одағы Қаулы етеді:
1. Қазақстан жазушыларының кейбір топтарының арасындағы зиянды, өзара жалпақшешей топшылдықтың, сыбайлас байланыстың, отбасылық мүдденің орын алғандығы жөніндегі «Правданың» сыны дұрыс деп табылсын.
2. Кеңес жазушысы деген жоғары атаққа сай келмейтін, өзара бақталастық бәсекеге орын беріп келгені үшін және топшылдықты ұйымдастырғаны үшін Мұқанов пен Әуезов жолдастардың әрекеттері қатаң сыналсын. Нұртазин мен Кедринаның кітаптары – кеңестік қоғамның көзқарасын емес, жекелеген топтың, үйірменің, жеке тұлғаның көңілін табу үшін жазылған идеялық тұрғыдан жат және зиянды – деп табылсын.
3. Жазушылардың арасындағы кез-келген топшылдыққа, отбасылық мүддеге және сыбайластыққа қарсы күресті күшейту Жазушылар Одағының басшыларына, шығармашылық бөлімшелерге міндеттелсін және ондай мінез көрсеткендер – ескі буржуазиялық моральді жұқтырушы деп есептелсін.
4.Республикадағы әдеби сынның дәрежесі тиісті деңгейге көтерілсін. Ол үшін мына шаралар жүзеге асырылсын:
а) Жазушылар Одағының аппаратында әдебиет теориясы мен сын комиссиясы құрылсын;
б) «Әдебиет және искусство» мен «Советский Казахстан» журналдарының сын және библиография бөлімдері күшейтілсін.
5.Жазушылар одағындағы шығармашылық секциялар және республиканың барлық жазушылары туындыны талқылаудың деңгейін көтерсін, идеялық-көркемдік тұрғыдан сапасы нашар, зиянды шығармаларды қатаң түрде қарап, қайтарылып тасталсын.
6. «Әдебиет және искусство» мен «Советский Казахстан» журналдарына: өздерінің беттерінде теориялық, әдеиеттанушылық және сыни мақалалар жариялау арқылы марксизм-ленинизм идеясы насихатталсын, сондай-ақ партияның ХІХ сьезіндегі нұсқауларының негізінде қазақ кеңес әдебиеті шешуге тиісті мәселелерді көтеру және оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жарияланымдарды ұйымдастыру міндеттелсін.
7. Мұқанов пен Әуезов жолдастардың: өздерінің идеялық қателіктерін мойындаған және топшылдықты тоқтататыны туралы уәде берген өтініштері ескерілсін».
Осы, соңғы бап үшін бүкіл қазақ жазушылары, оның ішінде Әуезов пен Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин қаншама жанталасқа түскені, осы тараудағы талқының хаттамаларынан анық байқалады. Мұхтар Әуезов осы талқыда:
«Сөзімнің осы бөлімін аяқтай келе, Одақтың төралқасынан менің осы мәлімдемемді республикалық баспасөзде жариялауға көмектесуін өтінемін»,– деген еді.
Ауызекі тілде сөйлеумен, ойланып жазған сөздің астарынан көңіл-күйдің ғана емес, адамның түйсігіндегі психологиялық күйзеліс пен үміттің де табы аңғарылатыны анық. Басты мақсатымыздың бірі – құжаттарды сөйлету болғандықтан да біз «Менің қателерім жайында» атты баспасөзде жариялауға дайындалған «Ашық хатты» тұтастай келтіре отырып, ондағы өз шығармаларынан бас тартуларының астары мен нәтижелеріне қысқаша түсінік берумен шектелеміз.
