Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
раным - Алаш 3.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.05 Mб
Скачать

2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.

3. Әлі де тәжірибесі аз жастар, олар іштерінен мені сыйласа да «жағдайға» бейімделіп, өз көзқарасына қарсы болса да «сын айтқансыған болды»,– деп түсініктеме береді.

Сонды екі топтың түп тамыры жоғарыда біз келтірген «үштіктен» еш айырмасы жоқ болатын. Айырмашылығы олардың Сәбит Мұқановша жіктелуі ғана. Сәбит Мұқанов осынау сойқанды жазалауларды шындығында да «халық жаулары» істеп отыр деп сенеді және сол тұстағы өзіне айтылған жалақорлардың арандатуларын өзінің кінәсі, қателігі ретінде мойындайды. Бұған қарағанда Сәбиттің өзі де «қара құйынның» артындағы арыстанның тырнағын байқамаған, не ол науқанның әлеуметтік астарын толық түсінбеген, дәлірек айсақ, түсінгісі келмеген. Сондықтан да әуел бастағы бағытын өзгертпеген, еш күмәнсіз солай болуға тиісті деп сенген.

Әйтпесе, 1937 жылға дейін, өзі есептен шығарып тастаған Әуезовтен басқа, тірі жүрген және ашық жауласатын қайдағы алашордашылар? Бар болса, олар кімдер? С.Мұқановтың бұл пікірін ежелгі екпінмен «ежелгі жауды еске түсіру» ғана.

«Мен коммунист, нағыз совет жазушысы, партияшыл болғандықтан да осыншама қиындыққа төзіп бақтым, бірақ, кінәм де болды. Ол кінәлар менің жандүниемнен шыққан ақыл-ойымның жемісі емес, менің сыртқы түсініктерімнің қателігінде жатыр. Қалай екенін білмеймін, мен 1937 жылға дейін саясат әлемінде адамдардың екі ғана тобы бар, олар қарама-қарсы екі топтың мүддесін қорғау үшін бір-бірімен саналы түрде ашық айтысқа шығады,– деп есептедім. Егер де адамның саясат жағынан сауаты жоғары болса, ол мейлі жау болса да, ойындағысын жасырмай ашық күреске түсетініне сенімді едім. Міне, мен өзімнің осынау қате түсінігім үшін сүріндім, ол пікірімнің терістігіне өзім қатты таяқ жеген соң ғана көзім жетті. Бұл құлауымды достарым мен жауларым сан-саққа жорыды. Достарым: (мен нағыз совет адамдарын айтамын): саяси күресте әлсіздік жасағаны үшін Сәбит Мұқановты аямай соғу керек, бірақ өлтірмеу керек, оның өз қатесін түзетуге мүмкіндік берейік,– десті. Ал жауларым – өлтіруді тіледі. Ол оңбағандардың бұл ісі жүзеге асқан жоқ» («Заман талқысы» тарауында бұл адамдар туралы емеуірін жасалды – Т.Ж.).

Бұл үкімді кім шығарып отыр? Зады 1937 – 1938 жылдары М.Әуезовтің жинағына алғысөз жазғаны және М.Жұмабаевқа көмектескені үшін өзін «халық жауы» ретінде әшкерелеген адамдарды мекзеп отырған сияқты.

«Мен осының бәрін түсіндім, түсіндім де октябрь күндерінен бері атсалысқан ісіме көзсіз белсене араластым. Өзімнің бүкіл болмысыммен біте қайнасқан партиядан тыс жұмыс істеу (ол жылдары Сәбит Мұқанов партия қатарынан шығып қалған – Т. Ж.) психологиялық жағынан маған ауыр соқты. Бірақ та мен өзімнің ішкі ренішіммен қасарыса күрестім, ол өкпенің маған творчестволық жағынан кесір тигізбеуін ойластырдым.

Жұмысыма еш зияны тимеді. Қайта, тырнақша ішіндегі «партиядан тыс өмірімде» мен бұрынғыдан да көп жұмыс істедім.

Мен өзімнің және бүкіл елдің алдында сынақтан өттім. Мені бұрынғыдан көрі қатты сынағысы келетін достарымның бар екендігін білемін. Бірақ та өз қатемді өзім сезіне отырып ежелгі әдетімдегідей большевикше еңбек етемін».

Өзінің идеялына осыншама көзсіз сенген адамдар аз. Олар, «жасырын жаудың» барлығына шын сенді. Тіпті, күдіктенбейді де. Қателіктері де сонда.

Ал, ол репрессияның тарихи-әлеуметтік себебі мүлде басқада екені қазір айқындалып отыр. Сәбитті ол үшін де жазғыруға болмайды. Басты себебі – Сәбиттің ақ жүректілігінде, ұстанған идеялға деген шүбәсіз сенімінде. Кей кезде жан-жағына байыппен қарамай, тәуекелге бел шешіп кірісіп кетуінде. Мүмкін, оның өзі адамның бойға біткен мінезімен де ұштасып жатуы.

Сөзінің соңын: «Мен совет өкіметінсіз тамаша өмір сүруге болмайды. Совет өкіметінің өмір сүруін мен тек идеологиялық тұрғыдан ғана емес, жан-тәніммен қалаймын»,– деп аяқтайды.

Сәбит Мұқанов бұл сертінен өле-өлгенше айныған жоқ.

Әрине, машинкамен басқанда 15 беттік бұл хаттағы әрбір уәжді талдап шығудың ыңғайы да жоқ, қажеті де аз шығар. Бірақ қалайда айтылуға тиісті. Өйткені екі ұлы адамның арасындағы түсінбеушіліктің себебін білудің өзі де – сабақ. Таным тағылымы. Екіншіден, Мұқанов пен Әуезовтің арасындағы қарым-қатынасты әр саққа жүгіртіп, дақпырт таратып жүргендердің сыпсыңына тыйым да салар деген үміттеміз.

6.

Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас көңіл кірбіңімен араласа жүріп азаматтық қасиеттерге жыға негізделген. Олардың шағымды сәттерде жеке бастарының ренішінен халықтың, өнердің мүддесін жоғары қоюға дәттері жеткен. Өкпеге қиса да өшпенділікке қимаған. Осы хаттан кейін олардың өзара түсініскені аңғарылады. Ашық жаулыққа жүріп жатқан соғыстың қасіреті де мүмкіндік бермегені анық. Соның бір айқын мысалы, Сәбит Мұқановтың Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хатындағы:

«Өзіңе белгілі – 1943 жылы Орталық Комитет маған тағы да Жазушылар одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру»,– деген пікірі.

Сәбит Мұқанов өзінің бұл уәдесін де орындады. Жазушылар одағына келе салысымен Мұхтар Әуезовке тағы да өтініш жаздырды. Істің беті түзелгеніне сенімі артқан Мұхтар өтініш пен өмірбаянын қайталап өз қолымен жазып шықты. Алдыңғы өтініштің бірер сөзін қайталағаны болмаса, мұнда өзінің ішкі ілхамын жеткізе баяндаған.

«Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің президиумына

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі азамат Мұхтар Әуезовтен

Мен 1930 ОГПУ мекемесі тарапынан қазақ ұлтшылдарының ісі бойынша тергеуге тартылып, тергеу біткенше түрмеде отырдым, тергеу аяқталғаннан кейін үш жылға шартты түрде кесіліп, босатылдым. Үкімнің күші 1933 жылы аяқталды.

Өзімнің өткендегі ұлтшыл қателігімді мойындай отырып, тергеу орындарынан мені кеңес мәдениетінің сенімді қайраткерлерінің, жазушылардың ортасына оралуға мүмкіндік жасауын, сөйтіп Қазақстанның партия-кеңес жұртшылығының алдында өзімнің сөзімнің шын және нақты екенін көрсету үшін мәдениет майданындағы шынайы да табанды еңбегіммен дәлелдеуге мүмкіндік беруін өтіндім. 1932 жылы Қазақстан жазушыларының ортасына қайтып оралдым. Содан бері жазушы ретінде драматургия, проза жанрында еңбек етіп келемін. Социалистік мемлекеттің құрылысына арналған қазіргі тақырыпты қамтитын оншақты пьеса жаздым. Сондай-ақ қазақ кеңес әдебиетінің соңғы жылдардағы жетістігі ретінде аталып өткен бірнеше тарихи пьесаның да авторымын. Осы жылдары «Абай» романы сияқты прозалық шығармамен қатар зерттеу еңбектері де жазылды.

Өмірімнің бірден бір мақсаты коммунистік партияның басшылығындағы өзімнің социалистік отаныма қызмет ету екенін көріп те, сезініп те жүрмін. Мен Жоғарғы кеңес президиумынан менен «сотталған» деген айыпты алып тастауды, сол арқылы менің азаматтық арыма түскен дақты кетіруді өтінемін.

Жазушы М.Әуезов.1943 ж., 25-ақпан».

Бұл өтініштен М.Әуезовтің қоғамда өзінің жоғары орыны бар екеніне сенімі анық аңғарылады. Сонымен қатар қаралатын іске жазушының өз қолымен жазылған «М.Әуезовтің өмірбаяны» да қоса тіркелген. Қаламгердің өз қолымен жазылған әр өмірбаяны құнды. Сондай-ақ мұнда кейбір соны өмірлік деректер де бар. Сондықтан да түгелдей келтіреміз.

«Мен 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей облысының Шыңғыс болысында (қазіргі Абай ауданы) көшпелі шаруа отбасында тудым. Менің атам Әуез (мен сол кісінің атын алып жүрмін) және әкем Омархан араб әліпбиі бойынша кітапшіл-сауатты адамдар еді. Әкем Омархан 1909 жылы қайтыс болған соң мен бүтіндей Қасымбек ағамның қамқорлығына көштім. Екеуміз де жер басқармасының стипендиясымен оқыдық. 1915 жылы қалалық училищені бітірген соң мен Семей мұғалімдер семинариясына оқуға түстім.

Алғашқы әдеби тәжірибем өлеңнен басталды. Бірақ олар сол кезде де, кейін де баспа бетінде жарияланған емес. 1917 жылы «Еңлік-Кебек» пьесасын жаздым. 1918-19 жылдары «Абай» журналында әдеби-сын мақалаларым жарияланды, сондай-ақ «Ел ағасы» («Попечитель народа»), «Бәйбіше-тоқал» (Жена-соперницы») пьесаларын жаздым. Екеуі де қолжазба күйінше ел арасында кең таралды, әсіресе соңғысы төңкерістің бастапқы жылдарында Қазақстан мен Түркістанның бірнеше қаласында, Семейде, Шымкентте жастардың драма үйірмесінде қойылды. Онда театр жоқ болатын, сондықтан да бұл үйірмелер өздерінің шығармашылық күшімен және репертуарымен қазақ драма театрының негізін қалады. Сөйтіп, 1926 жылы тұңғыш қазақ драма (кейіннен академиялық драма театры деп өзгертілген) театрының шымылдығы менің «Бәйбіше-тоқал» (нағында «Еңлік – Кебек» – Т.Ж.) пьесаммен ашылды.

1919 жылы Семей мұғалімдер семинариясын бітірісімен, сол жылдың аяғында Батыс Сібірде (Семей қаласында) кеңес өкіметі орнасымен мен өзімнің алғашқы қоғамдық-саяси қызметімді бастадым. Губаткомның қазақ бөлімін басқардым. 1922 жылға дейін мен Семей губаткомының президиум мүшесі және губаткомның төрағасы, Қазаткомның президиум мүшесі (Орынборда) сияқты жауапты қызметтер атқардым. Революцияның алғашқы жылдарындағы ұлттық республикаларда қызмет істеудің қиыншылықтары мен сол кездегі партия-кеңес аппараттарындағы әр түрлі ұлтшыл топтар маған кері ықпалын тигізді. Жауапты қызметкер ретінде қалыптаспай жатып ұлтшылдықтың ықпалына түстім, сөйтіп, 1922 жылы ұлтшылдық қателіктерім мен партиялық тәртіпті сақтамағаным үшін мені партиядан шығарды.

1922 жылы күзде мен өзімнің аяқталмаған білімімді жалғастырдым. 22/23 жылы қыста Ташкент университетінде оқыдым, сол жылы күзде Ленинград университетінің тарих-филология факультетіне (ол кезде этнолого-лингвистика, кейіннен Ямфак деп аталды) ауыстым. Ленинград университетін 1928 жылы бітірдім, Ташкентке ауысқаннан кейін Шығыстану факультетінің аспирантурасында білімімді одан әрі жалғастырдым, Таяу шығыс әдебиеті мамандығы бойынша мамандандым.

Университетте марксизм-ленинизмнің негізімен танысуым (1926-27 жылдардан бастап) менің бұрынғы ұлтшыл қателіктерімді жеңіп, одан арылуға ықпал жасады, 1932 жылы РАПП таратылғаннан соң өзімнің бұрынғы идеялық ұстанымдарымды батыл сынап, Қазақстан жазушыларының қатарына өттім. Содан бері «Октябрь үшін», «Тартыс», «Айман-Шолпан», «Түнгі сарын», «Тас түлек», «Алма бағында», «Шекарада», «Ақ қайың», «Абай» пьесаларын жаздым. «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан», «Шекарада», «Абай» және ертеректе жазылған «Еңлік-Кебек» пьесалары Қазақстанның барлық орталық және барлық облыстық театрларында үзбей қойылып келеді. 1932 жылдан бастап қазіргі кеңестік Қазақстан туралы әңгімелер мен повестер жаздым.

Сонымен қатар қазақ әдебиетінің тарихы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамын. Қазақ орта мектептеріне арналған бірнеше оқу құралдары жазылды. Қырғыз эпосы «Манас» туралы зерттеулерім бар. Соңғы жылдары аса ірі тұлға, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаев туралы көлемді роман жазудамын. Бұл романның алғашқы кітабі қазақ тілінде 1942 жылы жарық көрді.

Ұлы отан соғысы жылдары «Сын сағатта», Әбішевпен бірге «Намыс гвардиясы» атты пьесалар жаздым. Бұл пьесаларда өзінің социалистік отанын қорғаған Қазақстан жауынгерлерінің батырлық ерліктері көрсетіледі, олар да қазақ театрларының сахнасында жүріп жатыр.

М.Әуезов (Қолы)».

Иә, Мұхтар Әуезов те өзінің әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңнен бастапты. Бұл бұрын айтылмаған дерек.

Міне, осы арада Сәбит Мұқанов өзінің уәдесін орындауға ресми түрде кіріседі. «1943 жылы 4 наурызда Қазақстан кеңестік жазушылар одағының Президиумы бекіткен СССР жазушылар одағының мүшесі жолд. Әуезов Мұхтар Омарханұлына Мінездеме» берді. Кейбір сөз бен сөз тіркестері және жалпы мазмұны қайталанғанымен де мұндағы пікірлер «таптық, партиялық принциппен» жазылғандықтан да ұсынуды жөн көрдік.

«1932 жылы жолд.Әуезов «Казахстанская правда» газеті арқылы өзінің саяси қателерін ашық мойындап, ол өзінің бұрынғы ұлтшыл көзқарасынан түбегейлі бас тартатынын, өзінің шығармашылық еңбектерін кеңес жазушысының ауанына лайықтайтынын мәлімдеді.

Содан бастап ол қазіргі тақырыпта мынадай пьесалар жазды:

1. «Октябрь үшін», онда Қазақстандағы азамат соғысы кезіндегі тап тартысын баяндаған, ұлтшылдарды келеке етеді, большевиктердің өскелең күшін көрсетеді.

2. «Шекарада», біздің отанымыздың шекарасын бұзушылармен күрескен шекарашылар мен шекаралық колхоздардың таптық күресін көрсеткен.

3. «Сын сағатта», Ұлы отан соғысы кезіндегі майдан мен тылдың бірлігін көрсетеді.

4. «Намыс гвардиясы», Ә.Әбішевпен бірігіп жазған, Панфилов атындағы сегізінші дивизияның даңқты ерліктері суреттеледі.

Аталған пьесалардан басқа Әуезовтің қаламынан шыққан, бүгінгі күн тақырыбына арналған «Тастүлек», «Алма бағында», «Ақ қайың» пьесаларында саяси қателік жоқ, бірақ көркемдігі төмен туындылар.

Әуезов тарихи тақырыпта төмендегі пьесаларды жазды:

1. «Айман-Шолпан», осы аттас дастанның негізінде, революцияға дейінгі ең жақсы әйелдердің ақылы мен қабілеті баяндалады.

2. «Бекет», ХІХ ғасырдағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерінің біреуі туралы.

3. «Түнгі сарын», 1916 жылғы азаттық көтерілісі туралы.

4. «Абай», ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтің өмірі мен қайраткерлігі туралы.

Тарихи тақырыпқа арналған жоғарыдағы пьесаларының бәрін де Әуезов кеңестік жазушы ретінде жазған, халықты қанаушыларды әшкерелеген, қалың бұқараның бостандық пен тәуелсіздікке ұмтылысын бейнелеген.

Таяуда ғана жарық көрген «Абай» романы (бірінші бөлімі) оның тарихи тақырыптағы тұжырымды еңбегі болып табылады, мазұны жағынан да, формасы жағынан да кеңестік оқырмандарды қанағаттандырады.

Жазушылар одағы тапсырған қоғамдық тапсырмаларды Әуезов адал орындайды, белсенділік танытады және жауапты әрі тыңғылықты қарайды.

Қазақ ССР Кеңестік Жазушылар одағы Президиумының төрағасы – С.Мұқанов (Қолы). 5/ІІІ-43 ж.».

Міне, бұл «Мінездеменің» жолы болды.

«Аса құпия. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының І шақыруының жабық кеңесінің хаттамасы және оның қосымшалары. 1943 жылы 17-ақпан күні басталып 12-көкек күні аяқталды. 1943 жылғы 2-наурыз күнгі Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының жабық мәжілісінің №30 хаттамасы.

Төраға – А.Қазақпаев. Қатысқандар – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің орынбасарлары – И.К.Лукьянец, Ш.Ермағамбетова, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиум мүшелері – Н.А.Скворцов, М.Омаров, Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы – Н.Оңдасынов, ҚК(б)П ОК хатшысы – Ж.Шаяхметов, шақырылды – М.Әуезов».

Қабылдау бөлмесінде ұсыныс жасап, кепілдік беруші мекеменің төрағасы ретінде Сәбит Мұқанов, жауапкер ретінде Мұхтар Әуезов екеуі қатар отырғаны анық. Онсыз мәселе қаралмайды. Сонда екеуі бет-бет отырғанда өткен өмірлерін, соның ішінде осыдан екі жыл бұрын жазылған хатты және онда көтерілген мәселелерді естеріне алып, қандай ойға келді екен? Бұрынғы қаралаушы – ақтаушыға, «сотталған қылмысты» – толық құқылы азаматқа айналып, қас-қағым сәттен кейін екеуінің де құқы теңелмек. Бұдан кейін Мұхтар Әуезовтің шылбыр ұшы ұзарып, тұлғалар талқысында мысы басыңқы тарта бермек.

Иә, тұлғалар өз тағдырын өздері талқыға салған шағымды шақ еді бұл.

Сол отырыста қабылданған қаулының мәтіні мынадай:

«Өзінің сотталғаны туралы үкімді алып тастау туралы Мұхтар Әуезовтің өтініші қаралды.

«1930 жылы қыркүйек айында ПП ОГПУ-дің Қаз ССР-дегі өкілдігінің шешімі бойынша «Алашордашыл қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты ұлтшылдық әрекеті үшін (58 баптың 7, 10, 11 тармақтары бойынша) тергеуге тартылып, 1932 жылдың көкек айында – 1930 жылдың қазанынан бастап үш жылға шартты кесіммен үкім шығарылған, ол үкімнің күші 1933 жылы қыркүйекте аяқталған Мұхтар Әуезовтен сотталғаны туралы үкімді алып тастау туралы ұсыныс қаралды.

Әуезов Мұхтар Омарханұлы 1897 жылы Семей облысы Шыңғыстау болысында (қазіргі Абай ауданы) көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген, жоғары білімді, әлеуметтік жағдайы қызметкер. 1932 жылы Қазақстан кеңестік жазушылар одағының қатарына өткен, 20 жылдан астам уақыт әдебиет саласында жазушы драматург, прозаик және әдебиет тарихшысы ретінде еңбектеніп келеді.

Мұхтар Әуезовтен сотталғаны туралы үкімді алып тастау туралы ұсынысты Қазақстан Кеңестік Жазушылар одағы аса жағымды мінездеме бере отырып қолдайды.

Мұхтар Әуезовтен сотталғаны туралы айыпты алып тастау туралы ұсыныс қанағаттандырылсын және одан «сотталған» деген айып алынсын.

Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы – А.Қазақпаев (Қолы).

Президиумның хатшысының орынына – Х.Байұзақов (Қолы)».

Осы қаулы арқылы Мұхтар Әуезовтің барлық азаматтық құқы қалпына келтірілді. Содан кейін барып Мемлекеттік, Лениндік сыйлықтарға ұсынылуға, депутаттыққа, академиктікке сайлануына жол ашылды. Ол туралы 1957 жылы Сәбит Мұқанов Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хатында өзінің баств мақсаты:

«... со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру. Бұл тілекті өкімет пен партия қабылдады да, Жоғары совет председателінің кабинетіне бүкіл президиум боп жиналып, азаматтың бетіндегі қара күйені сүртті »,– деп жазды.

Бұл – Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезовке жасаған азаматтық парызы мен мәрттік мінезі еді. Ендігі қадам жасаудың кезегі Мұхтар Әуезовке келетін. Сол қадам, өкінішке орай, жасалмай қалды.

Күн бар жерде – көлеңке түспей тұрмайды. Тек, соның барлығына адамгершілік, азаматтық тұрғыдан қарау керек. Сонда ғана адам өмірі мағыналы өтпек. Сәбең мен Мұхтардың, Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовтің бір тағылымы осы болса керек.

7.

Бірақта бұл тағылымның астарында да тұлғалардың пенделік тартысы жатты және ол бопса бұрынғыдан да ығырлана берді де, жанжүйе жанығына ұласып отырды. Идеологияның өзі күдік пен күмәнға құрылған мемлекеттік машина және оның жандайшаптары тұлғалардың татулығын жақтырмады. Олардың арасындағы қыжырды үнемі үйкеп, жанып, жанықтырып отырды. Бұған қарама-қарсы екі идеяның екі өкілінің өмірлік және көркемдік ұстанымдарының түйсік танымы да тоғыса бермеді. Идеологияны былай қойғанда, кез-келген ірі таланттардың арасындағы дүниені көркем тану, көркем қабылдау, көркем ойлау, көркем бейнелеу жүйесі тудыратын қайшылықтардың өзі «татуды араз, досты жат қылуға» (Абай) толық жарап жататын.

Ал «жалғандықпен жалғанған көңіл жібін» (Абай) үзуге соның өзі жетіп артылатын. Мұхтардың бетіне жағылған «қара күйе» (С.Мұқанов) алынып тасталған сол бір желпіністі күндерде, 1943 жылы 27 көкекте «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесасы талқыланды. Бұл М.Әуезов үшін – жауынгерлік тақырыпқа арналған өзекті шығарма, кешірімге жасалған жауап ретінде қабылдануы тиіс туынды болатын. Әрине, батырлардың әруағын шақырып, ұрандатып жатқанда Қобыландыға қарсы шыға қоятындай ләм табыла қоймайтын. Сөйлеушілердің барлығы да Көкіланның бейнесін сынға алды. Ал М.Әуезовтің драматургиялық шығармаларының барлығындағы ең сүйікті әдеби тәсілі – мифтік бейнелер, психологиялық елестер болатын. Талқылауды С.Мұқанов басқарды:

С.Мұқанов: «Пьесаны бір оқығанда ойда қалмайды екен, бірнеше рет оқығанда ғана түсінікті, мәселені шешуге мүмкіншілік болатыны рас екен. Мысалы анадағыдай емес, қазіргі оқығанда біраз ойландырды. Кемшілігін көрсете айтсақ оған автор ренжімес деймін. Өйткені анада Әбішевтің пьесасын оқығанда біз театрға ұсынсақ та, артынан жоғарғы орын алып тастады ғой. Сондықтан бұдан былай қаттырақ қарамасақ болмас, жолдастар. Осы пьесада ойыны көп кісі – Көкілан. Сыйқыршы кемпір Көкіланды ұйықтатуға ешбір (себеп) жоқ сияқты. Фантазия атымен болмасын демеймін, бірақ Көкіланның ролі көбейіп кеткен, ойлану керек. Сонымен қатар Құртқаны Көкіланның қызы деуге қимайды кісі. Қобыландының бытовой жағы, махаббат жағы көрінсе де, героический жағы әлі еркін берілмеген. Патриотизм дегенде, ел үшін, отан үшін күресу жоқ, жетпей жатыр. Осыны дәлелдеу керек. Мұнда күрес өте жіңішке алынған сияқты. Отан үшін күресті көтеріңкіреу керек».

Талқылауда алғашқы сөзді Ғали Орманов алып, Қобыландының тарихи тұлғасына тоқталды. Бұдан кейін:

«Қ.Жұмалиев: Көкіланды мүлдем алып тастау керек. Басы артық. Көкілан алынып тасталмаса, пьесаны сақнаға жіберуге болмайды. Идеологияға қарсы;

Ғ.Мұстафин: Бәрін бүлдіріп тұрған Көкілан;

Ш.Құсайынов: Көкілан зиянсыз кейіпкер, жүре берсін;

Е.Имсайылов:Жарсып та тұр, жараспай да тұр. Режиссер шешетін мәселе;

Ә.Әбішев: Оқиға Құртқадан басталып, Құртқамен аяқталады. Ішінара өңделгені жөн. Дауды азайту үшін Көкіланды қысқарту керек. Сондай-ақ иран сөзін сызып тастау керек;

С.Мұқанов:Жолдастар, драматургиямызға бір жаңа нәрсе келген сияқты, оған сөз жоқ. Менің ұсынысым “Қобыландыны” автор әлі де айтылған кемшіліктерді еске ала отырып, режиссермен бірге істеп болған соң, тағы президиумда қарасақ, сонан кейін театрға ұсынсақ деймін.

Тәжібаев: Осы пьесасының оқылуы жеткілікті болды. Негізінен алғанда пьеса жаман емес, қай жағынан алсақ та. Сондықтан авторға режессермен бірігіп істеуді тапсырып, театрға ұсынсақ деймін.

М.Әуезов: Пьесадағы геройлар әлі дәлелденбеген. Көкіланды басқаша көрсету керек, Иран мәселесін алып тастау керек, – деген сияқты пікірлер айтылды. Дарматургияның заңы бойынша бір тітіркендіруші желі болуы тиіс. Мен бұл арада Көкіланды сол тұтастандырушы бейне ретінде алдым. Оны алып тастаса, пьесадан ештеңе қалмайды. Бұл ұсыныспен мүлдем келіспеймін Және героизмді күшейту қажет – деді сөйлеген жолдастар. Осылардың барлығын пьесаны қабылдап ала отырып, қосымша айту керек еді. Өздеріңіз жазушысыздар, даматурігсіздер, қай уақытта болса да жазушылар ұйымы пьесаны окончательно редакциясымен алмайды ғой. Пьеса сахнаға қойылған соң барып алынады. Оқиғаны күшейту де театрмен істескенде жөнделеді. Пьеса жөнінде сіздермен дауласамын. Бұл пьеса тарихи емес. Бұл эпос-драма. Бізде бұлай жазу бұрын болған жоқ, біз соны жазуымыз керек. Өйткені адам баласының мәдениетін алатын болсаныздар эпостан жоғары әдебиет жоқ. Эпоста реалистический элемент көп. Осы пьесада махаббат, достық, араздық бәрі бар. Сонымен қатар бүгінгі күнге сай нәрсе деймін. Мен бұл жөнінде Ғабиттің қарсы пікірлері өте әрі емес деймін. Біз дүние жүзінің әдебиетін қуымыз керек. Пушкин батыс әдебиетін оқыды, Абай орыс әдебиетін оқыды. Солай болатын болса мен Шекспирден бастап Гогольді, бүгінгі Жамбылға дейін оқыдым.

Көкіланды көп айттыңыздар. Ондағы мақсат сол заманның тілін көрсету ғой. Сіздер қазақ халқының ұғымындағы тарихи дейсіздер, ол дұрыс емес деймін. Жолдастар, мен бұл пьесада жаңалық іздедім. Бұл шығармам патриоттық шығарма. Менімше тарихқа аудар деген сөз, ол жазба деген сөз. Театрда оқығанда пьасаны жақсы деп едіңдер, енді отвергайт етіп отырсыңдар. Шынында жазушылар ұйымында оқығында соңғы редаксиясы болмайды ғой. Сондықтан айтылған замечанияларды театрмен, режессермен түзеуге тапсырып, пьесаны неге қабылдамайсыздар? Көкіланды түзеймін, Құртқаны да қараймын. Қобыландының ролін күшейтінкіреймін.

Ұсыныс: Жолдас Әуэзовтің “Қобыланды” атты пьесасындағы көрсетілген кемшіліктер тағы да түзетуді керек еткендіктен, театрмен істесіп қарап шығу авторға тапсырылсын. Содан кейін Жазушылар ұйымынын Президиумында қаралатын болсын»,– деген пікірлер айтылды (194 іс).

Ал осы хаттаманың 1943 жылы 27 күні көкек орыс тіліндегі нұсқасында нұсқасында «Қобыланды батыр» пьесасының сюжеті мен тілін мақұлдай келіп, Жазушылар ұйымынын Президиумы туындының идеялық-көркемдік сапасын төмендететін мына кемшіліктерді атап өтті:

а) Қазақ халқының ең сүйікті батыры Қобыланды батыр лирикалық-тұрмыстық сыпатта суреттелгендіктен де оның өз ұлтын қорғаған ерлігіне нұқсан келген;

б) Орта Азия халықтарының үнемі өзара қақтығыса беруінің қоғамдық шындығы ашылмаған, тек әйел үшін арпалысқа құрылған, сондықтан да лтанды жаудан қорғау идеясы ашылмаған.

в) Эпостық батырға тәне емес мифтік бейне Көкіланды енгізуі және оның бүкіл сюжетке тікелей аралысып отыруы батырлық жырдың құнын түсірген. Жазушылар ұйымынын Президиумы мұны дұрыс емес деп шешті.

г) Қыпшақ пен иран арасындағы шайқасты ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дұшпандық ретінде көрсетілуінің қажеттігі жоқ деп есептейді.

д) Қобыландының сүйікті әйелі Құртқаның бақсы кемпір Көкіланнан тууы, ат пен қару-жарақты халықтың қолынан емес, диуанадан алуы шындыққа жанаспайды.

Е) Драмалық шығарма ретінде Орақ батырдың, Қарлығаштың, Құртқаның бейнелері солғын шыққан, Көбіктінің, Алшағырдың, Қазанның Қогбыландымен күресі бірсарынды боп шыққан.

Жазушылар ұйымынын Президиумы М.Әуезовке: «Қобыланды батыр» пьесасына жоғарыда айтылған ескертпелерге сай түзету енгізіп,, қайтадан талқылауға ұсынсын – деген шешім қабылдады.

Бұл қарама-қайшы шешімдердің қайсысы дұрыс? Сақнада қойылған спектакльге қаратылған пікірлерге және жазушының қолжазбасына жүгінсек, бұл бағытта елеулі түзетулер енгізілмегені байқалады. Аралары жаңа ғана жөнге келіп, сотталғандығы туралы айыптау үкімі алынып тасталған осынау кезеңде С.Мұқановтың төралқа шешімін қадағаламауы да мүмкін.

Дегенмен де осы арада бір кілтипан бар.

Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовтің арасындағы көңіл жықпас жылы лептің барлығы 1943 жылы 22 қараша күні өткен жазушылар одағының ІІ пленумындағы сөздерінен аңғарылады. Мұнда бұрынғыдай түйілген астарлы қабақтан көрі ашыла бастаған көңіл кірбіңі аңғарылады. Скворцов, Шаяхметов сияқты республика басшылары қатысқан пленумды С.Мұқанов кіріспе сөзбен ашты.

М.Әуезов жуырда ақындар айтысы туралы толғана сөйлей келіп:

«Мұқанов проза саласында тамаша образдар жасады. Оның өзіндік баяндау мәнері бар, қазақ прозасы үшін көп еңбек сіңірді, алайда оның негізгі табысы поэзияда. Сондықтан да мен оған қиналып жазатын прозадан көрі поэзияға баса көңіл аударуды ұсынар едім. Ішкі дайындығы пісіп жетілмеген соң романдардың көбі үстірт жазылады. Сондықтан да ішкі иірімдері таныс поэзия оңтайлы болмақ. Пушкин данышпан сияқты поэзияны да, прозаны да, драматургияны да керемет игерген таланттар сирек кездеседі. Прозағада қалам тартқан дұрыс, алайда Мұқановтың өзекті таұырыпқа арнаған шығармаларының көптеген беттерін қайта қарап, жазып шығуды қажет етеді. Шашылып, жайылып кетуге болмайды. Мұндай жайлып кетушілік Тәжібаев та да бар. Тек Орманов пен Жароков қана бір жанрды нықтап қстанып отыр...»,– деп сипай қамшылап өтті.

Бұған жауап ретінде Сәбит Мұқанов сол мінбеден «Абай» мен «Еңлік-Кебекті» жоғары бағалай келіп, кейпкерлер дайын күйде сақнаға шығады, әйелдер образы әлсіздеу дей келіп:

«Мұхтар, менің білуімше, екеуміздің арамызда ешқандай түсініспестік жоқ сияқты. Мен сізді жазушы, үлкен талант иесі, мәдениет қайраткері ретінде силаймын, бірақ, драматургиядағы жаңа тақырыпты игере алмай жатқанда, ал бұл аса үлкен мәселе, ол аспан мен жердің арасында ілініп тұрғанда, қашан жаңа тақырыпты қамтитын шығарма жазғанша, бұл бізге, әсіресе, оқиғаны жақсы құра алатын, жақсы бейнелер жасайтын, тілі тұщымды драматург саған кешірім жоқ. Тіл жөніне келсек, сен маған көптеген сын-ескертпелер айттың, бұл жағынан алғанда сенің бүгінгі күннің тақырыбына арнап жазған пьесаңның оқиғасы да, ондағы адамдардың бейнесі де, тілі де өте жұтаң. Бұл ретте Мүсіреповтің жетістігі бар. Бірақ сіз «Орыс адамдары» мен «Майдан» сияқты пьесалардың деңгейіне жеткен жоқсыз. Өйткені бұл пьесалар «Орыс адамдары» мен «Майдан» сияқты біздің драматургиямыздың үлгісі болып саналмайды. Ал сол тақыптас пьесалардың тілі жұтаң болып келеді (Бұдан кейін қазақшаға көшеді). «Абай» пьесасы әдебиетіміздің тарихында жақсы орын алатын пьеса. Мұнда Мұхтар байшыл жазушыларды негізді адам етіп алмайды... Сон соң Мұхтарда шарықтап кетушілік жоқ. Үлкен адамдардың кескіні жаңа (тақырыпқа арналған) пьесаларда көрінбейді. Қысқасы, Мұхтарда бес-алты пьеса бар. Бірақ көп жасай алмайды (жазбай жүр)... Мұхтардың тарихи пьесалары тіл жағынан шалқып жатады, қазіргі (тақырыпқа арналған) пьесалары тілге нашар, кедей. Маған Мұхтар: тілің нашар,– деді. Мен оны ұарсы аламын. Бірақ Мұхтардың өзі де оңып тұрған жоқ-ау деймін. Өйткені, Мұхтардың пьесалары бәйге алғанда, менікі де (менің де пьесам бәйге) алды. Сондықтан да қатарласпын ғой деймін (күлкі)», – деп тыныс алып барып, содан кейін – «бірақ та өткендегі ұлтшылдық сананы жеңе алмай жүрсіз» – дегенді (сонда, №198 іс, 87-бет) қыстырып қойды.

Сол күннен бастап С.Мұқанов М.Әуезовті мақтай, жақтай сөйлеген сөздерінің өзін де осыған саятын пікірмен түйрей отырып сөзін аяқтайтауды әдетке айналдырды. Қалжың да азая берді.

Сол бір жылылықты Қ.Сиранов жасаған драматургия туралы қосымша баяндамасы суытып жіберді. Ол әдебиет пен театрдағы барлық кемшілікті түйдектете төкпелей келіп:

«Кейбір жазушылар екінші бір қателікке ұрынды. Олар тар шеңберді шырмауына шырматылып алып, өздері әлдилей ардақтайтын тарихи тақырыптың айналасынан шиырлап шыға алмай жүр. Мысалы, Әуезов жолдас Абай туралы талантты шығарма жазды. Өкініштісі, Абай – бұл жазушының көп жылдан бергі жалғыз ғана тақырыбы болып келеді. Ол «Абай» пьесасын, «Абай» романын, «Абай» сценариін, опера үшін «Абай» либреттосын жазды. Ал М.Әуезов жолдас қазіргі тақырыпқа арнап ештеңе де жазған жоқ. Оның «Шекарада», «Тас түлек», «Намыс гвардиясы» пьесалары жалаң ұранға, схемаға құрылған, оқиғасы сендірмейді», – деп барып тоқтады.

Бұған қарамастан 1943 жылғы Қазақстан Жазушылар одағы президиумы мұрағатының іс қағазында «Абай» романы туралы» деген бір жарым беттік орыс тілінде жазылған хаттама жатыр. Онда романның идеялық-көркемдік , таптық сыпаттарына тоқталып, Абай мен Зеренің образына баса көңіл аудара келіп:

«Бұл роман бүкіл кеңес әдебиетінің, оның ішінде қазақ кеңес әдебиетінің 1942 жылғы үлкен табысы, сондықтан да қазақ кеңестік Жазушылар одағаның президиумы оны Сталиндік сыйлыққа ұсынады», – делінген (сонда, №78 іс, 189-бет).

Бұдан анық байқалатын жай мыналар: «Абай романының бірінші кітабі сыйлыққа ұсынылуға дайындалған. Алайда ол тек ниет күйінде қалып қойған. Оның себебі: біріншіден, бұл ұсынысты сол кездегі президиум төрағасы Әбділдә Тәжібаев жалпы жиналыстадауысқа салмаған. Екіншіден, романның әлі орыс тіліне аударылмағаны сыныққа сылтау болған. Бұдан басқа ешқандай тосқауылдың болуы мүмкін емес. Анықтаманың дайындалуы – дайындалған да, тиісті қолдау таппаған. Өйткені ол туралы мәлімет бір де бір хаттамаға түспеген. Сөйтіп, тартпадан шығып, архив сөресіне жөнелтілген.

Мұның басты бір себебі, осының алдында ғана 1943 жылы 11мамырда «Абай» романы туралы «Абай және роман» деген тақырыпта үлкен талқылау өткен болатын. Онда «Әдебиеттің даму жолындағы романның маңызы», «Абай» романы – ХІХ ғасырдағы қазақ тарихының айнасы ма?», «Құнанбай мен Абай», «Романның көркемдік ерекшелігі туралы», «Абай» романымен байланысты кейбір міндеттер» деген тақырыпта Е.Ысмайылов, М.Ақынжанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов баяндама жасады. Бұл талқылаудағы Ғ.Мүсіреповтің:

«Абай» тарихи-қоғамдық тартыстарға құрылған, шын мағынасындағы қазақ халқының бір дәуірдегі шын өмірін, елдігін түгел көрсете алатын роман. Ел өмірін көрсетем деген еңбектер, қай дәуірді алса да, осындай терең, осындай шын, осындай ақылды, осындай нәзік сезіммен жазылатын болсын. Қазақтың әр жазушысы «Абай» арқылы әдебиетіміз жаңа бір сатыға көтерілгенін ескеріп, қолына қалам алғанда, сол сатыға көтерілуді, сол саты арқылы одан да жоғары көтерілуді арман етсе екен деймін!»,– деген қорытынды сөзі «Абай» романының қазақ әдебиетіндегі орынын ғана емес, алдағы уақыттағы тағдырын да анықтап берді.

(Бұл талқылау біздің «Құнанбай» атты монографиямызда барынша кең талданғандықтан да және негізгі тақырыбымыз саяси талқыға арналғандықтан да, тек атап өтумен ғана шектелеміз).

Ал таусылмайтын саяси науқандар таланттарға тән табиғи талқыны одан әрі ушықтырып, көзқарастардың қақтығысында жақтастар іздеуге мәжбүр етті. Өйткені М.Әуезовтің өзі айтқандай ол тұстағы сыншы шешендер өзінің талдауын:

«Шығармадан бастап, автордың жеке басына» әңгі таяқ ойната жөнелетін «және сөзінің соңы міндетті түрде авторға қылмыстық айып тағумен аяқталатын».

Сондықтан да бұл майданда жеңіліп қалуға болмайтын, жеңілген адам жентектеліп қана қоймайды, түрмеге қарай бет алатын.

8.

Ұлы Отан соғысының алғашқы ауыр кезеңінде кеңес көсемі «ұмытқан құдайын» есіне түсіріп, әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран таста ды.Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарының әруақтарынан қолдау іздеді. Осындай намысты тұста М.Әуезов те «ескі тақырыбын еске түсіріп» «Науан» атты пьеса жазуға ынта қояды. Театрға берілген тапсырыстың түсініктемесінде:

«М.Әуезов. «Науан». Тарихи-ерлік рухты тақырып етіп алған «Науан» пьесасында Науанның (ХІХ ғасырдың 40-жылдары сұлтандарға қарсы ұйымдастырылған халық көтерілісінің көсемі Сарының ( Кенесарының – Т.Ж.) кенже бауыры) соңына түскен өз туысы отыз сұлтанмен және байлармен күресі бейнеленеді. Науанның дұшпандары оған тұтқиылдан – жалынды да өжет, әрі батыр, әрі ақын жас бозбала өзінің сүйіктісі Қаншайымның ауылында сауық құрып жатқан кезінде шабуыл жасайды. Алайда ержүрек Науан шешуші сәтте аса шиеленіскен рулық тартыста да, қарулы шайқаста да жеңіп шығады. Науан мен оның жасауыл серіктері өздерінің күрестері арқылы сатқындардан, зорлықшылардан және халықтың кәнігі дұшпандарынан отанды қорғау керек – деген жарқын идеяны паш етеді. М.Әуезовтің «Науан» пьесасы өзінің жазылу мәнері жағынан романтикалық-ерлік рухтағы музыкалық туынды болып табылады»,– деп көрсетілген.

Алайда бұл туынды толық аяқталмай «тапсырысты орындауға ұмтылған» ниет күйінде қалған сияқты. Оның орынын Ә.Әбішевпен бірігіп жазған «Намыс гвардиясы» толықтырды. Шындығына көшкенде, «Науанның» жазылмай қалғанына да тәубә. Өйткені 1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң кеңес идеологтары ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, әдебиет пен мәдениет саласына бағытталған жаңа жазалау саясатын ойластыра бастады. Одан қаперсіз СССР Ғылым академиясының қазақ бөлімшесі «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының көтерілісі туралы» кеңес өткізді (баяндамашы Б.Сүлейменов). М.Әуезов Е.Ысмайыловтың Кенесары көтерілісінің әдебиеттегі көрінісі жөніндегі диссертациясы туралы:

«Кенесары Қасымовтың көтерілісінің алғышарттары туралы тарау тым шұбалаңқы, Кенесары Қасымовтың көтерілісіне тікелей қатысы жоқ, тақырыптан тысқары мәселені қамтыған ұзақ сілтемелер келтірілген. Қазақ халқын патшалық отарлық қанауынан бастау керек еді. Негізгі мәтінді шектен тыс басы артық қалмақтар мен экспедицияның жасақталуы туралы деректермен қампитудың қажеті жоқ еді, сондай-ақ Алексей Михайловичтің патшалық құруының тарихының да керегі жоқ, оларды басты өзекті тақырыпты игеруге бөгет жасайды...»,– дей келіп, кандидаттық миниумды тапсырмастан қорғауға жіберілсін деген ұсыныс айтты.

Ұсыныс қабылданды. Е.Ысмайылов кандаидат атанды. Алайда оның қызығын толық көріп үлгермеді. 1944 жылы «Едіге» жыры» мен Шамбек Накиннің «Едіге» пьесасы туралы СОКП-ның Орталық Комитетінің қаулысы шығып, әдебиет пен өнердегі ұлтшыл-патриоттар әшкереленді. Тіпті Бауыржан Момшыұлы мен Мәлік Ғабдуллин сияқты майдандағы батырлардың хаттарына дейін қарғыға ілінді.

Мұндай науқаннан шығармашылық одақтар тыс қала алмайтын. Ерікті-еріксіз Сәбит Мұқанов 1944 жылы 9 қыркүйек күні өткен жазушылар одағының пленумында «Қазақ әдебиетінде көрініс берген кейбір мәселелер туралы» баяндама жасады. «Едіге» дастаны туралы Қ.Жұмалиевтің зерттеулеріндегі «тарихи қателіктерді» сынай келіп, Л.Соболев пен М.Әуезовтің «Қазақ әдебиеті мен фольклоры» туралы бірігіп жазған қырқыншы жылғы мақаласына баса тоқталып, әдеттегісіндей «саяси айып тағумен» аяқтады.Б.Кенжебаев – хандардың қорғаушысы, Е.Исмаиылов – С.Торыайғыров, Ғ.Қарашев, Б.Күлеев сияқты алашордашыл ақындардың ақтаушысы, М.Әуезов – солардың дем берушісі ретінде «жарлық» шығарды. Енді ғана «қарғыстың қарғыбауынан» құтылған М.Әуезовке бұл қатты соққы боп тиді, алдыңғы жақсылықтың ізін көмескілеп жіберді әрі алдағы күдікті күндердің көмескі күмәнін елестетті.

С.Мұқановтың бұл банядамасының қолжазба нұсқасы архив сөресінде қалғандықтан да, тақырыпқа қатысты жерлерінен барынша толық үзінділер келтіреміз:

С.Мұқанов «...Біз орыс халқын өзіміздің аға туысқанымыз ретінде есептейміз. Сондықтан да БК(б)ПОК-нің қаулысын біздің одағымыздың халықтарының қасиетті мүддесі ретінде қабылдаймыз және одақтың басқа да жазушыларын осындай зиянды қателіктерден дер кезінде сақтандырған шара деп қабылдаймыз.

Едіге бейнесін көрсетуде біздің қазақ әдебиетімізде де қателіктер бар. Өткен жылы жазушы жолдас Қажым Жұмалиев «Едіге» атты пьеса жазды. Бұл пьесаны жазушылар одағы мен өнер комитеті қолдады. БК(б)ПОК-нің аталған қаулысы бұл пьесаға қолдау көрсетудің қате екендігін ашып берді. Жолдас Қажым Жұмалиев өзінің «Едігесін» жазуда өте жақсы мақсатты жетекшілікке алды. Жазушының мақсаты: тамыры сонау ХІV ғасырдан басталатын қазақ пен орыс халықтарының достығын көрсету, олардың сол дәуірдегі ынтымағын бейнелеуге ұмтылу және орыс пен қазақ халықтарының бұл достығы арқылыолардың неміс басқыншыларына қарсы күресін ашу болып табылатын. Қажым Жұмалиев өзінің осындай жақсы ниетін жүзеге асыру барысында мынадай тарихи және саяси қателіктер жіберді:

  1. Оның бірінші қателігі: Алтын Орданы қазақ ордасы ретінде көрсету. Ол қазақ ордасы емес, қазақ жерін жаулап алған және оларды құлдықтың құрсауында ұстаған Монғол-Татар ордасы.

  2. Тарихтағы Едіге қазақ батыры емес Алтын Орданың батыры.

  3. Алтын Орда мемлекеті орыс халқын ешқашанда жаудан қорғаған жоқ, керсінше орыс халқын құлдықта ұстаған мемлекет.

  4. Орыстар немістердің тефтон орденін Алтын Орданың көмегімен жеңген жоқ, олар (орыстар) ит-немістерді өздерінің күшімен жеңді. Бұл шайқаста орыстарды басқарған Едіге емес, оған Александр Невский басшылық еткен болатын.

Қажым өзінің «Едіге» атты пьесасында Едігені тарихи шындыққа қарама-қайшы, орыстардың одақтасы мен қорғаушысы етіп суреттейді. Оның образын осындай жақсы мақсатта көрсетуі – саяси қателік.

Жазушылар одағы мен өнер комитеті бұл пьесаны қолдау арқылы саяси қателік жіберген. Қажым Жұмалиевтің бұл саяси қателігін Әлкей Марғұлан да қайталады. Жолдас Марғұлан Едіге мен Алтын Орданы мадақтап мақала жазды. Мұндай көзқарастармен аянбай күресу қажет, олардың қайталануына жол беруге болмайды.

«Едіге батыр» туралы шығарылған қазақ эпосы туралы да айта кетейік. Бұл эпосты осыдан 103 жыл бұрын қазақтың белгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов Жұмағұл ақынның аузынан жазып алған және оны өзі орыс тіліне аударды. Эпостың мазмұны Алтын Орданы мақтауға емес, Алтын Орданы қолдау туралы да емес, керісінше оған қарсы күрес пен оны құлатуға ұмтылған құлшынысты баяндайды. Бұл эпоста халық жағына шыққан Едіге Алтын Ордаға қарсы күреседі. Қазақ халқының Алтын Ордаға қарсы күресінің себептерін мен 1939 жылы жарық көрген «Батырлар жырының» І томдығында ашып көрсеткен болатынмын. Бұл арада оны қайталап жатпаймын. Бұл эпоста Едіге халық мүддесін қорғайды және Алтын Орда мен Тоқтамыс ханның қарсыласы ретінде көрсетіледі! Мен дәл қазір эпостағы Едіге тарихи тұлға ма, әлде халық қиялының жемісі ме дегенге, нақты жауап айта алмаймын. Бұл мәселе тер төгіп зерттеуді қажет етеді.

Ұлы Отан соғысын бейнелеуде жіберілген татар әдебиетшілерінің ұлтшылдық қателікері қаулыда мынадай дерекпен аталып өткен: татардың бір жазушысы Ұлы Отан соғысы кезіндегі біздің ақ финдермен күресімізді көрсетуге арналған пьеса жазыпты. Пьесада біздің халқымыз жеңіске жеткен бұл майданда тек татарлар ғана көрсетіліпті. Пьесадағы 23 кейіпкердің 22 татар. Ал онда жалғыз ғана орыс бар. Ал ондағы жалғыз орыстың өзі сатқын болып шыққан.

Ұлы Отан соғысын бұлай көрсету, әрине, дұрыс емес. Бұл соғыста татар халқы және біздің одағымыздың өзге де туысқан халықтары өзінің кеңестік отанын шын жүрегімен қорғады. Дұшпанмен күресте бар күш-қуатын, бар ақыл-ойын жұмсады. Бұл шындық және татар мен өзге де туысқан халықтардың арасынан кеңес одағының батыры атағына ие болған даңықты ерлердің де шыққаны шындық. Алайда, соған қарамастан соғыстың негізгі ауыртпашылығының ұлы орыс халқына түскеннін көрсетпеу, әрине, қателік!...».

Осыдан кейін Сәбит Мұқанов өзінің баяндамасында ауыз әдебиеті мұраларына тоқтала келіп, үйреншікті және қалауына қолайлы автор – Мұхтар Әуезовке көшеді.

Сәбит Мұқанов: «… Мен өзінің бүгінгі баяндамамдағы фольклор туралы мәселеге қатысты пікірімде Мұхтар Әуезов пен Леонид Сергеевич Соболевтің орыс тілінде жазылған және «Литература и исскуство» журналының 1939 жылғы тамыз және қыркүйкек айларындағы сандарында жарияланған «Эпос және фольклор» атты еңбегіне тоқталғым келеді. Содан кейін Москвадан шығатын «Литературный критик» журналының №10-11 сандарында жарық көрді. Кейінгі басылым нұсқасының алдыңғысынан айырмашылығы сол, мұнда біраз көркем шығармалардан мысалдар келтірілген.

Бұл еңбектің жағымды жағы, мұнда өзге де халықтар сияқты қазақ халқында да фольклордың бар екендігінің көрсетілгендігі, өзге халықтардың фольклоры сияқты қазақ халқының фольклорының да әртүрлі сыпатта дамығандығының дәлелдене баяндалуы. Бұл сыпаттар аталған авторлардың ғана сіңірген еңбегі емес. Қазақ фольклорына қатысты мұндай ойларды оларға дейін де Радлов, Потанин және басқалар айтқан болатын. Әуезов пен Соболев жолдастар өздерінің бірігіп жазған еңбектерінде алдыңғыларға қарағанда фольклор туралы біршама кең пікір білдірген. Бірақ мәселе, осы талдаулардың қалай жүргізілгендігінде.

Алайда бұл сұраққа жауап бермес бұрын фольклордың қалай дүниеге келу тарихына қысқаша да болса толқталып өткен жөн деп есептеймін. Бұл менің сіздердің алдарыңызда өзімнің білімпаздығымды көрсету емес, фольклорды зерттеу барысындағы қателіктерді естеріңізге сала отырып, осы қателіктерді түзетуге көмектесуден туған ұмтылыс болып табылады... ».

Бұдан кейін фольклор мен оның шығу тарихына байланысты, фольклор мен көркем әдебиеттің ара қатынасына және фольклордың таптық тегіне қатысты ұзақ толғай келіп, қайтадан Әуезов пен Соболевке қарай ойысады.

Сәбит Мұқанов: «Біздің аға бауырымыз болып саналатын орыс халқының фольклорын зерттеуде олар марксизмнің әдіс-тәсілдеріне сүйенді. Қазақ фольклорын зерттеу барысында Әуезов пен Соболев жолдастар осы тәсілге сүйенді ме, жоқ па? Бұл мәселеге тоқталмас бұрын Әуезов жолдас пен Соболев жолдастың арасындағы айырмашылықты ажырата кеткім келеді. Леонид Соболев жолдас өзінің қазақ әдебиетінің досы екенін іспен көрсетті. Өзінің қазақ халқына, оның мәдениетіне және оның әдеби мамандарына деген шынайы ықыласына біздің көзімізді жеткізді. Қазақ халқының мемлекеттігін, оның мәдениетін, соның ішінде бізді бүкіл кеңес одағының халқына таныстыру ісіне ол үлкен еңбек сіңірді. Мұның бәрі де дұрыс, алайда қазақ фольклорының нәзік мәселелерін түсінуде Соболевті Әуезовпен қатар қоя алмаймыз. Егерде біз қазақ фольклоры саласында Әуезов білгеннің жүзден бірін ғана біледі десек бұл Л.С.Соболевтің беделін түсіргендік емес, өйткені біздің фольклорлық мұраларымыздың жүзден бірі ғана орыс тіліне аударылды десек, қателеспейміз. Соболев жолдас қазақ тілін білмейді. Ол қазақ фольклорының орыс тіліне аударылған бөлімін ғана біледі. Осыған орай қазақ халқының мұқым фольклоры туралы нақты пікір білдіруі өте қиынға соғады.

Ал Әуезовтің жағдайы мүлдем басқа. Ол қазақ фольклорын Соболев жолдас сияқты орыс тіліне аударылған материалдардың деңгейінде ғана білмейді, Әуезов қазақ фольклорын қазақ фольклористтердің көбінен жақсы біледі, қазақ фольклорының қайнарынан тікелей сусындай алады. Сондықтан да Әуезовтің кемшіліктері мен қателіктері оның материалдармен жеткіліксіз таныстығынан туындап отыр деп ешкімде айта алмайды. Сондықтан да Әуезовтің қателігі материал мен тілді білмеуінен туындап отырған жоқ, керісінше оның қателіктері материалды зерттеу кезінде біздің заманымыздың талабынан туындап отырған маркстік әдісті қолданбауынан туындап отыр. Фольклор материалдарын игеру жөнінен Әуезов пен Соболев жолдастардың арасында үлкен айырмашылық бар екенін жоғарыда айтып өтсек те, «Эпос және фольклор» атты аталған очеркке екеуінің қолы қатар қойылғандықтан да, бұл мәселе жөніндегі бұдан кейінгі пікірімізде олардың фамилияларын қатар атаймыз. Әуезов пен Соболев жолдастар журналдың 24 бетін алған, яғни 52 бағанға берілген көлемді очеркінде қазақ фольклорында баяндалатын тап тартысы туралы бір ауыз сөз айтылмаған, егерде журналдың 92 бетінде: қазақ фольклоры социалистік мәдениет тұсында ғана лайықты баға алды, өзге тілге аударылып, бүкіл әлемге белгілі болды (қазақ тілінен орыс тіліне аударылу арқылы) – деген аудармашының ескертпесін есепке алмасақ, бұл очеркті кімнің жазғаны туралы деректі кеңес тарихшыларының білуі қиынға соғар еді. Бұл очеркті басқа біреу жазды деп те жорамалдауға болатын еді. Өйткені очеркте фольклорға қатысты маркистік көзқарас жөнінде ештеңе айтылмаған, автордың өздері де марксизмге жүгінбеген. Егер де осы очерктегі талдауларға сенсек, авторлар талдап отырған фольклорлық мұралардың түрлері тап тартысынан тыс жағдайда өмірге келген, өткен дәуірдегі қазақтардың өмірі біржақты және романтикалық таңғажайып күйде өткен.

Өмірде шынымен де осылай болып па еді?

Әрине олай емес, олай болуы мүмкін де емес. Өйткені барлық ұлттардың тарихы тап күресінің тарихы. Демек, қазақ тарихы да – тап күресінің тарихы болып есептеледі. Егерде барлық ұлттардың фольклоры тап тартысының айнасы болса, онда қазақ фольклоры да тап тартысының айнасы болып табылады. Бірнеше мысал келтірейік:

Құдандалық жырлыры атты 1 – 13 тарауда Әуезов пен Соболев жолдастар (таптық көріністі) төмендегідей жолдарда жалпылама және ешқандай мағынасыз тіркестермен баяндап өте шыққан: «Қалың мал, көп әйел алу, теңіне ұзатпау, бесік құда болу, әмеңгерлік сияқты салт-дәстүрлердің нәтижесінде әйелдер қиын жағдайға тап болды». Әуезов пен Соболев жолдастар байлардың қалың малды қоздырушы дерт екені, оның қазақ әйелдерінің бақытсыздығының басты себебі болып табылатындығы және олардың көп әйел алатындығы, осы таптан шыққан кәрі шалдардың қалың мал беріп жас қызға үйленетіндігі туралы бір ауыз сөз айтпайды. Очерктің авторлары жар-жар, сыңсу, беташар сияқты халықтың өзі шығарған жырларда әйелдер өздеріне көрсетіліп отырған қорлыққа ішкі қарсылығын білдіреді.

2. Ертегілерде еңбекші халықтың қанаушы тапқа деген көзқарасы мен қарым-қатынасы Алдар көсе, Жиренше, Тазша т.б. кейіпкерлердің ісі арқылы білдіріледі. Олардың аты аталған ертегілердің барлығында да байлар мен билер, хандар мазақ етіледі. Халыққа қасірет әкелетін қанауды, зорлықты, өктемдікті аяусыз сынайды және оларға тән зұлымдықты әшкерелейді. Әуезов пен Соболев жолдастар ертегіге тән мұндай ерекшелік туралы үндемейді. Тек олардың мазмұндарын сыдыртып қана баяндап өтеді. Тек Алдаркөсеге келгенде ғана «әлеуметтік» маңызы бар», «нағыз халықтық» деген сөздерді үстірт қолданады. Олар өздерінің зерттеулерінде шынайы халықтық кейіпкердің тегі мен алғышарттарына тоқталмайды.

3. Таптық қайшылықтар ашық көрінетін фольклорлық жанрдың бірі мақалдар мен мәтелдер болып табылады. Мысалы: «Бай мен бай құда болса – арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса – арасында дорба жүреді, бай мен кедей құда болса – зорға жүреді». Тағы бір мақалды алайық. Мысалы: «Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық», сондай-ақ: «Аузы сасық болса да байдың ұлы сөйлесін». Тағы да бір мысал келтірейік: «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда». Тағы да: «Байдың әйелі өлсе төсегі жаңғырады, кедейдің әйелші өлсе басы қаңғырады», «Байға мал қайғы, кедейге жан қайғы». Осыдан асырып таптық қайшылық туралы айту мүмкін бе? Әуезов пен Соболев жолдастар бұл мәселені де айналып өтеді.

4. Батырлар жырында отанды қорғау желісімен қоса таптар арасындағы қайшылық та жүріп отырады. «Қамбар батыр» дастанында таптар күресі тікелей бейнеленеді. Дастан бойынша, Қамбар ең алдымен «тоқсан үйлі тобырдың» батыры. «Ер Тағын» дастанында ханның ит тілеуі мен Тарғынның жоғары адамгершілігі баяндалады. Өзге дастандарда да тап қайшылығы ұмыт қалмаған. Әуезов пен Соболев жолдастар бұл мәселені де ашып көрсетпейді.

5. Айтыс өнері – таптық қайшылық пен таптық күрес ерекше көзге түсетін фольклор жанрының бірі. Айтымтың маңызы туралы баспасөз бетінде өзімнің ойымды тиянақты түрде баяндағанмын, сондықтан да бұл арада қайталап жатпаймын. Әуезов пен Соболев жолдастар бұл жанрға өзге жанрлар сияқты романтикалық көзқараспен ғана қараған.

Қысқасын айтқанда, қайталап айтсам, егерде Әуезов пен Соболев жолдастардың пікіріне сенетін болсақ, онда қазақ фольклоры таптық күрестен дербес, одан тыс жағдайда қалыптасқан. Бұл жолды орыс фольклористикасы осыдан жүз жыл бұрын басынан өткергенін мен өзімнің баяндамамның басында айтқан болатынмын.

Қазақ фольклорын талдау барысында Әуезов пен Соболев жолдастар марксизмнің деңгейі түгілі сыншыл реализмның деңгейіне де көтеріле алмаған. Соболевпен бірге жұмыс істеген Әуезов жолдас мұны оған ескертуі тиіс еді...»,– деп олардың еңбегіне «маркстік сыншыл реализм» тұрғысынан баға береді.

Өзінің әлеуметшіл сыншыл көзқарасын дәлелдеуге келгенде, өзін Мұхтар Әуезовтің орынды ұстазы дәрежесінде сезінетін Сәбит Мұқанов, бұл арада әдеби көзқарасы мүлдем басқа деңгейде қалыптасқан Л.Соболевті де қосақ арасына қыстырып жіберді. Ал қазақ әдебиеттанушыларына келгенде онша именбестен тіпті еркін көсілді. Қиыннан қиыстырып, оларды Әуезовке әкеп көгендеу С.Мұқановқа онша қиындыққа соқпайтын.

С.Мұқанов: «... Ал Исмаиылов жолдастың қазақ фольклоры туралы зерттеуі Әуезов пен Соболев жолдастардың очеркінің конспектісі ғана. Тек Есмағамбет Исмаиылов жолдастың жанынан қосқаны « ақындар қанаушыларды сынаған» деген бір ауыз сөз ғана. Есмағамбет Исмаиылов жолдас фольклордың өзге жанрлары жөнінде неге осындай тұжырымдар жасамайды? Мектеп бағдарламасы өте жауапты құжат. Біздің қазақ мектептерінің оқушылары, әсіресе, жоғары сынып оқушылары Исмаиыловтың фольклор туралы бағдарламасын пайдаланса, онда Әуезов пен Соболев жолдастардың теориялық материалдарына сүйенген болар еді, мәселенің шиі сонда шықпай ма?

Шыққанда да ши емес, тікен болып шығар еді! Фольклор тарихына қатысты зерттеулерінде ғана емес, жазба әдебиеті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі еңбектерінде де Әуезов жолдас марксизммен онша жанаса бермейді. 1934 жылы құрастырған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің хрестоматиясында Әуезов өткен дәуірді үнсіз айналып өтіп, Махамбетті, Шортамбайды, Шерниязды, тағы да басқа ХІХ ғасырдағы барлық ақындарды кіріктіріп, «феодалдық таптың жыршылары» деп жариялап, әдебиеттің бір жағалауынан екінші жағалауына барып соқтыққан. Мұндай бояманың орынсыз екендігі туралы кезінде баспасөз бетінде айтқан болатынбыз, оны қазір қайталап жатпаймын.

Соңғы жылдары Мұхтар Әуезов жолдас ХІХ ғасырдағы ақындардың ішінде Абаймен көбірек айналысып жүр. Әділдіктен аттап кетуге болмайды, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, М.Әуезовтің Абай туралы көркем шығармалары біздің кеңес әдебиетіне қосылған бағалы үлес болып табылады.

Мен бұл жолы тек Мұхтар Әуезов жазған Абайдың өмірбаянына ғана тоқталып өтемін. Бұл өмірбаян 1940 жылы жарық көрген Абайдың ІІ томдық шығармалар жинағында басылды. Бұл еңбекте кездесетін М.Әуезовтің кемшілктері мыналар:

1. Абайдың өмірі мен шығармашылық қайраткерлігі біте қайнасып өткен замандағы экономикалық және саяси алғы шарттар қамтылмаған. Бұл алғышарттарды анықтамайынша маркстік көзқарас тұрғысынан ақынды тану мүмкін емес.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]