Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
раным - Алаш 3.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.05 Mб
Скачать

1. Әдеби шығармашылықтағы жетекші және ықпалды орын бұрынғысынша алашордашылар мен алашордашыл мамандардың (Әуезовтің, Ермековтің, Жансүгіровтің) қолында қалып отыр.

(Орындаушы Рудовский)

ПП ОГПУ-дің ҚАССР бойынша өкілетті өкілі (Миронов).

ПП ОГПУ-дің саяси тергеу бөлімі бастығының орынбасары (Павлов)».

Иә, таныс тергеушілер. Тек қызметтері өскен. Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровті, Ғабит Мүсірепов пен Темірбек Жүргеновті алашшылдардың қатарына қосуына қарағанда, олардың ішкі саяси-барлау қызметінің қайда, қалай бағытталғанын емеуірінсіз-ақ білуге болады. Соның ішінде бірлесіп аударған шығармаларға қойылатын ортақ ныспыларды жасырын шифрға санап: «Жансүгіровтің өзінің алашордашыл шығармаларын жанама есіммен басып шығарғаны, Әуезов өзінің еркі бойынша шығармаларын бүркеншік атпен жариялауы ұйым жиналысында талқылануы»,– күдіктің күбірткісінің толық кетпегенін танытады.

Дәл осы тұста Қужақтың қайрағымен жанылған Мироновтар мен Павловтардың кесірінен өнер саласында да тазалау жүріп, театр жабылуға шақ қалып еді.

1933 жылдың 8, 9 және 20-қыркүйегінде Қазақ АССР Өлкелік партия комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің және Халық ағарту комиссариатының:

«Ұлт өнерін дамыту шаралары жөніндегі» Қаулылары іркес-тіркес шықты. Сол кеңесте Халық Ағарту комиссариаты: «1. Маман режиссер шақырғанға дейін жаңа пьеса қойылмасын, репертуарда бар пьеса ғана ойналсын. 2. Актерлар білімі мен мәдениетін көтеру мақсатында өнер секторы белгіленген программамен оқу жұмысын жүргізу театрға міндеттелінсін. 3. 1933 жылдың басында қазақ театры жанынан 40 адамдық театр студиясы ашылсын, ол үшін қабілетті өнерпаздар, драм-кружок, техникум, рабфак, орта мектептерден таңдап алынсын»,– деп қаулы шығарылды.

Шарасыздықтан берілген бұл бұйрық өнерді өрге бастырғанша біраз уақыт өтті. Голощекиннің қасірет тұманын сейілткен, қазақтарға жан жылуын сыйлаған Л.И.Мирзоян да санадағы үрейді айықтыра алмады. Өйткені ол Қазақстанға келген соң Сталин:

«Ұлыорыстық шовинизммен тек қана жергілікті партия ұйымдары ғана күресіп жатқан жоқ, бәрінен бұрын БК(б)П Орталық Комитеті жаппай шұғылданып отыр. Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі – ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес. Бұқараны интернационалистік тұрғыдан тәрбиелеу жұмысы Украинаға қарағанда Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатыр деп айтуға болмайды. Қайта керісінше шығар. Егерде, бұған қарамастан, дәл қазіргі кезеңде Қазақстан үшін ұлтшылдық басты қауіп болмаса, оның басты себебі – Украинаға қарағанда қазақ ұлтшылдарының шетел интервенттерімен байланыс жасауының қиындығында. Алайда Қазақстан үшін қолайлы мұндай жағдайға қарамастан қазақ коммунистері қазақ ұлтшылдығымен және оларға іштартушылармен күресті босаңсытпауы тиіс. Керісінше, қазақстандық ұлттар бұқарасының санасына лениндік интернационализмді сіңіруге барлық жағдайды жасау үшін жергілікті ұлтшылдықпен күресті барынша ауқымды түрде күшейту қажет. Басшылықа алу үшін БК(б)П Орталық Комитетінің Тәжікстан туралы қаулысын жолдап отырмыз», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 442-бет) тапсырма беріп еді.

Мұндай нұсқау кезінде Қужаққа да – Голощекинге де беріліп, алашордашыларды жаппай жазалау науқаны басталған болатын. Мирзоян да сол жолдан ауытқыған жоқ.

«Алашорданың» контрреволюциялық іс-әрекетін әшкерелейтін жинақ құрастыртып, 1933 жылы 8-29 желтоқсан аралығында Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған ғылыми кеңесте С.Асфандияров:

«Дау тудыратын мұндай айғақсымақтар бізге пайда әкелмейді. 1905 жылдан бергі ұлт-азаттық қозғалыс туралы Брайниннің баяндамасында методологиялық қателіктер жіберілген. Бұлардың тұжырымымен келісу дегеніміз – Қазақстан халқы өзінің бостандығы үшін күресті деген тарихи шындықтан бас тарту, демек, бұл – Қазақстан мен Орта Азиядағы Қазан төңкерісін қызыл армияның штыгіне сүйенген тек орыс пролетариатының бір өзі ғана орнатты деген тұжырыммен келісу. Қазақстанның отарлық қанауда болғанын, империалистік елде буржуазия ешқандай да төңкерісшіл әрекетке бармайтынын, ал отар елдердегі буржуазия белгілі бір межеге дейін революциялық іс-қимылға баратынын ұмытпау керек... Ұлттық қозғалыс неден басталады?.. Қазақстанда қалай басталды? Әуелі буржуазия пайда болды. Жадидизм пайда болды, бұл – мектеп үшін, әдеби тіл үшін күрескен жалпыға ортақ қозғалыс»,– деген пікір білдірді.

Бұл кеңестің басты мақсаты «Алашордашылардың» атын өшіре отырып, сонда айтылған пікірлерді тасқақяша қағыстырып, болашақ алашордашыларды, яғни, «барған сайын шиеленісе түсетін таптық күрестің барысында» алдағы уақытта анықталуға тиісті алашордашылардың үшінші толқынының тізімін жасау үшін құрылған сияқты әсер қалдырады. Өйткені осы келеңсіз келеге қатысқандардың барлығы да төрт жылдан соң «алаш идеясын жүзеге асыру үшін құрылған астыртын ұйымның мүшесі, жапонияның барлау қызметінің агенті» болып шыға келді. Ал төрт жыл өткен соң Мирзоянның өзін де ажал сыбағасы күтіп тұрды. Жеме-жемге келгенде бұл Мұхтар Әуезовтің де үстінен жүргізілген саяси сот еді. Қалайда сол күндері жаны кеудесіне қонақтамай зуылдап жүргені анық еді.

Сондай қысылтаяң шақта тұңғыш рет басқалармен тең дәрежеде тұңғыш рет жазушы ретінде интервью берді. Ол «Мен не жазып жатырмын» деген атпен «Казахстанская правда» газетінің 1934 жылғы 8 қаңтардағы санында жарияланды. Жай ғана кезекті интервью емес, үлкен саяси мәні бар, жазушылардың жетістіктерін халық алдында паш ету үшін арнайы ұйымдастырған қос беттің ортасынан ойып орын берілуі де көңілді тоғайтатындай кәдімгідей елеулі оқиға болатын.

Ол тұста кез-келген жағымды-жағымсыз құбылыстар туралы барша жұрт еститіндей етіп «айқайлап айту», «бадырайта көрсету» салты орныққан, санаға сіңген үгіт-насихат тәсілі еді. Ешкім де сыбырламайтын. Ымдау, өзара күбірлесу – қоғамдық орындарда жат мінезге саналатын. Сөйлейсің бе – даусың қарлықса да айғайлап бақ. Үгітші, насихатшы екенсің – ең бірінші, сөйлей біл. Өзіңді-өзің көрсете біл. Өзгенің назарын өзіңе аудар. Жеңістер мен жетістіктерді дер кезінде бар дауыспен айт. Баспасөз бетінде де күн сайын сондай рапорттар үздіксіз басылып жатты. М.Әуезовтің де соған бірте-бірте бойын үйретуіне тура келді. Жаңа жыл күндерінде өнер қайраткерлерінің шығармашылық жеңісімен қалың қауымды таныстыруды көздеген «Казахстанская правда» газетінің редакциясы әдебиетшілерге қос бет арнады. Ол бет «Біздің творчестволық жоспарымыз туралы» деген атпен берілген бір топ жазушының Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің бірінші секретары Л. И. Мирзоянға жолдаған рапортымен ашылды. Онда социалистік өнердің қарыштап алға басқандығы өршіл үнмен баяндала келіп:

«Сонымен қатар біз осыдан біраз уақыт бұрын әдеби өмірімізде кездескен кемшіліктерімізді де атап өтпей тұра алмаймыз, үстірттік, бытыраңқылық және жалаң үгітшілдік әдебиет майданындағы асыра сілтеушілікке әкеп соқтырды, олар біздің қазақ совет әдебиетінің идеялық және сапалық тұрғыдан өсуіне кедергі келтірді. Орталық Комитеттің 1932 жылғы 23 көкектегі әдеби мекемелерді қайта құру туралы қаулысы идеялық және көркемдік тұрғыдан жаңа белеске көтерілуге шешуші тың серпін берді, сондай-ақ әдебиет майданындағы біздің творчестволық күшімізді біріктіруге жағдай жасады. Бірақ та бұл шешімді орындау туралы нұсқауды қағаз жүзінде ғана қабылдаған бұрынғы басшылықтың тұсында дер кезінде жүзеге асырылмаған шараларды жаңа басшылық қолға алып, творчестволық ойдың шарықтай өсуіне көкжиектің есігін кеңінен ашып жатыр»,– деп жазды.

Осы жолдардағы айтылған пікірлердің барлығы да нағыз шындық еді. РАПП-тың тұсындағы жіктелушілік, жалаң әлеуметшілдік, жалған даурықпалар қазақ әдебиетінде, тіпті, мұқым өнер саласында Орталық Комитеттің қаулысынан кейін де тоқталмады. Бұрынғы бірінші хатшы Голощекиннің онымен айналысуға зауқы да соққан жоқ, мән де бермеді. Республикадағы ашаршылықтың тауқыметі де салқынын тигізді. Ал Левон Исаевич Мирзоянды халықтың «Мырзажан» деп еркелете, жақсы көре атауы тегін емес еді. Ол – ел өміріне де, өнерге де жылы сәуле, шуақты жақсылық әкелді. Жазушылардың жаңа басшылыққа халық атынан ризашылық білдіруі заңды болатын. Хат, сол жылдарға тән социалистік құрылысқа кедергі келтірген жауларды әшкерелейтін леппен:

«Бізге, ең басты қатерлі қауіп қазір өмір сүріп отырған, формасы жағынан ұлттық мәдениеттің дамуын жоққа шығаратын ұлыдержавалық шовинизм және бұрынғы езілген ұлттардың пролетариат диктатурасының тәртібіне бағынуын қаламайтын күні өткен таптың көлеңкесі іспетті жергілікті ұлтшылдар, олар СССР халықтарының еңбекшілерінің бірлігіне нұқсан келтіреді, сөйтіп «интервенттердің» мүддесіне жығып беруге тырысуда» (Сталин). «Садуақасовшылардың, ходжановшылардың, меңдешовшылардың, Қасаболатов сияқты ұлтшыл-демократияшыл элементтердің қалдығымен күрес күшейе түсуі керек»,– деп аяқталып, аяғына Жансүгіров, Майлин, Сейфуллин, Мүсірепов, Жароков, Тоқмағамбетов, Әбдіқадыров, Баталов, Әуезов, Хасанов, Тәжібаев қол қойды.

Мұхтар осы рапортта жазушы ретінде бірінші рет қатарға ілікті. 1934 жылы 27 мамыр күні жаңадан құрылған Кеңес жазушылар одағының қабылдау комиссиясының төрағасы С.Сейфуллиннің жүргізуімен алғашқы отырысы өтті. Онда:

«№1 хаттама бойынша Кеңес жазушылар одағына мүшелікке өтуге берілген жазушылардың өтініштері қаралды. Қаулы бойынша: Майлин, Мүсірепов, Әуезов, Жароков, Сейфуллин, Сыздықов Жақан жолдастар кеңес жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды».

Бұл шешім оның осыдан кейінгі тағдырында шешуші орын алды. Тығырыққа тірелгенде – тыныс берді, қатерден де құтқарды. Әлемдік кеңістікке жол ашты. Шынымен де бұрынғы саяқ қалатын сенімсіздіктен арылғаны ма? Әлде, С.Мұқановтың «Есею жылдарындағы» естелігінде айтылғанындай, қуғын-сүргіннің алғашқы құрбандарын естігенде:

«Социалистік жүйеде мұндай болу мүмкін емес!»,

деп есінен танып қалған М,Горький бастатқан зиялы қауымның есін жиғызудың, жұбатудың айла-шарғысы ма?

Бара-бара қол қою да М.Әуезов үшін үйреншікті әдетке айналды. Алғашқы мадақты да ести бастады.

«Жақсы кітап, жақсы спектакль оқушыны өзі-ақ табады. Бірақ сол шығарманы жасау керек. Оған керекті күш пен талант бізде бар. Бірақ күшке сенбеушілікті тастаңдар. Біріккен күшпен, берік сеніммен партия көрсетіп отырған жолменен алға басыңдар... Халықтың қуанышын тұсауға болмайды»,– деген Л. И. Мирзоянның сөзі «қуанышты қайрат бітірді, жаңа тарихқа мұрындық болды» (М.Әуезов).

Ортақ мақсат жолында – өзара «өкпелерін де» ұмытты. Сол екпінмен «Хан Кене» де сахнаға жол тартты. Өкінішке орай, салтанатқа емес, талқы мен табаға жол тартты («Хан Кене» трагедиясына қатысты барлық идеологиялық қысым «Бесігіңді түзе!..» атты монографияда дербес қамтылғандықтан да бұл арада тоқталмаймыз).

9.

Шығармашылық көркем ойдың түлеуі мен тұтастығы алғаш рет 1934 жылы 17-тамызда ашылған жазушылардың Бүкілодақтық тұңғыш съезінде ашық айтылды. Мұнда бірінші рет партияда жоқ жазушылардың мүддесін қорғап, олардың еңбегіне лайықты баға берілді. Олардың шығармашылық істен шеттетіліп келгені, түрлі таптардың тегіне қарап қасақана сыртқа қақпайлағаны қатты сыналды. Көркемдік тәсілдерді, оқиға тартысындағы адамдық факторды, түрлі формалық құбылтуларды мойындамай, жағымды-жағымсыз кейіпкерлердің арасын қара сызықпен бөліп тастаған «тапшылдықты» желеу етудің нәтижесінде 1926-19З4 жылдардың арасында әдебиет деңгейінің күрт құлдырап, сұрқай кітаптардың шығуына әкеп соқтырғанын сынай келіп баяндамашы Максим Горький:

«Осыдан екі жыл бұрын әдебиеттің сапалық өсуіне назар аударған Иосиф Сталин жазушы коммунистерге: «Көркем жазуды партияда жоқ қаламгерлерден үйреніңдер»,– деген еді. Коммунист қаламгерлердің партияда жоқ қаламгерлерден не үйреніп, не қойғанына тоқталмай-ақ қояйын, бірақ партияда жоқтар пролертариатша ойлай білуді жаман меңгерген жоқ… Бұдан былай «партияда жоқ әдебиетші» деген ұғымның тек шартты түрде ғана айтылуына осы съезд шешімі анық көз жеткізді, олардың әрқайсысы өздерін бар ішкі жан дүниесімен партияда жоқ әдебиетшілердің ары мен жұмысына дер кезінде сондай ғажап сенім артып, Бүкілодақтық съезге қатысуға рұқсат берген лениндік партияның мүшесімін деп есептейді»,– деп мінбеден атап айтты.

Осы бір сенімсіздік көптеген тәжірибелі жазушылардың тағдырына кері әсерін тигізіп, оларды қоғам өмірінен бөліп тастап, күдікпен күнелтуіне әкеп соққызып еді. Оларды кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген мақалада сынауға болатын және қандай пікір айтса да өзін-өзі қорғай алмайтын, сондықтан еріксіз келісуге мәжбүр ететін, еріксізден еріксіз «тартыншақ жазушы» атанатын.

Жазушылар сол күдікті сылып тастады. Бұдан былайғы әдеби топшылдықтың бәрін де ысырып, тек коллективті шығармашылық мақсат жолында бірігуді ұсынды. Максим Горький:

« Жазушылардың съезі не үшін ұйымдастырылды және болашақ одағымыз алдына қандай мақсат қойып отыр? Осыған жауап беріңіздерші. Егер де әдебиетшілердің тек қана кәсіби мүддесін ойлайды десеңіздер қателесесіздер, онда осыншама тер төгіп, өрісімізді кеңейтіп қажеті жоқ еді. Менің ойымша, одақ тек әдебиетшілердің жекелеген кәсіби мүддесін қорғаумен қанағаттанбау керек, бүкіл әдебиеттің мүддесін ойлауы тиіс.Мен сіздерді жолдастар, бір-біріңнен үйренуге шақырам — ойлай білуді, еңбектенуді үйреніңдер, майдан даласындағы жауынгерлер бір-бірін қалай бағаласа, сіздер де бір-біріңізді сыйлап, бағалай білуді үйреніңіздер, тарихтың өзі сіздерді ескі дүниемен аяусыз күреске шақырып тұрған кезде, түкке тұрғысыз ұсақ-түйекке бола бар күштеріңізді босқа сарп етіп, өзара қырқысқандарыңызды қойыңыздар»,– деп мүлдем тың бағыт берді.

Ыдыраған күштердің басын біріктіріп, олардың барлық қуат-күшін бір мақсатқа – көркем әдебиеттің деңгейін көтеріп, беделін асыруға жұмылдырды. Жікшілдікке, өзара шеттетілушілік пен жікшілдікке тыйым салынды. Ұлттық әдебиет қақында: «Бізге одақтық республикалардың өткен тарихын білу керек»,– деді Горький. Бұл: төнкерістен бұрынғы тақырыпты қозғаған тарихи шығармалардың қажеті жоқ, бізге жат деген үғымның қате екендігіне тойтарыс беру еді. Шығармашылық мүмкіндігін толық көрсете алмай, Абай туралы романына іштей дайындалса да батыл кірісуге батылы жетпей жүрген Мұхтар съездің «ұраны мен аңғарынан» қанаттанып, тың күш қосьш, өз күшіне өзі сеніп, мақсатының орындалуына мүмкіндік туғанына қатты әсерленіп, шабыты шалқып қайтты.

Тың аңғар – әдебиеттің тарихы, көркем шығармаларға қойылатын талаппен, оған берілген бағалар туралы сыңаржақ пікірді қайта қарауға мәжбүр етті. Қателіктер қалпына келтірілді. Мұхтардың да жиырмасыншы жылдардағы шығармалары қайтадан санатқа қосылып, «Ескілік көлеңкесінде» деген атпен барлығынын басы біріктіріліп, жеке кітап боп шықты. Оған іле күн тақырыбына арналған әңгімелерінің басын құраған «Тастүлек» жинағы басылды. Бір жылда қос кітаптың жарық көруі үлкен әсер етті. «Сөз түзелді, жазушы сен де түзел» деп шарт қойды. Ол қанатты көңілімен:

«Одақ әдебиетінің биылғы жылы ерекше жыл болды. Өзіміз де жүрдік, көрдік. Ой-сезімімізді жел желпіп, күн еміренткендей. Дәл бүгінгі күннің құлақ күйіне барлық ішек-пернемен әзірленген сияқтысың. Көрген мен сезгеннің бәрін терінейік, іріктеп екшейік. Роман боларлық адамдарымыз бірлі-жарым, бесті-онды ғана емес. Бірі ілгері, бірі кейін болғанымен, барлық қауымымыз сонау үлкен Мәскеудей, қайта туу, шын түлеудің дәуірінде. Ендеше, аңғар, бағыт белгілеуден соңғы екінші үлкен түйін осы өмір материалына батыл араласып, молынан алу шарт. Бұрынғы жазушылар ісінің жеңілдігі осы жерде тайқи соғып, шет пұшпақтау болса, біздің міндеттің қызықтығы да, қиындығы да бата кіріп, әрі кең, әрі терең қармануда, сапа түбі осыдан шықпаққа керек. Үлкен әдебиет болатын үлкен прозаны осы сарынмен іздесе дейміз. Сонда ғана біздің қазақ әдебиеті жалпы одақ әдебиетінің көлемінде қойылып отырған ұлы табыс міндеттеріің шебіне араласады. Кенжелемей, шабандамай жай ғана Қазақстанның сыртқы суреттерін ғана көрсететін этнографиялық әдебиетші болмай, тең түсетін әдебиет болуын проблема қып қойсақ болады. Мұрат қылатынымыз осындай табыс», деп серпіле қалам тербеді.

Қаламгерлердің құрылтайы қақындағы «Социалды Қазақстанның» 1934 жылғы 29-қазандағы «үзінділерінде» («интервьюінде – Т.Ж.) тұңғыш рет болашақ «Абай жолы» эпопеясын жазуды қолға алғандығын емеурін ретінде білдіреді. Оның өзінде ашып айтпайды.

«Сонымен бір-бір романның соңындамыз. Мен осы жұмысыма жалпы әзірлік ретінде... биылғы жазда жалпы мәдениет дүниесінің екінші бір шетіне де көз салған едім»,– деп ишара жасайды.

Демек, ұлы Абай образын жүрегіне ұялатып, тура жиырма жыл көкірегінде шайқапты. Ең соңғы төртінші кітапты 1954 жылы 18-ақпанда тамамдап, «сүйікті кейіпкерлерімен» қош айтысқан еді. Толғауы ұзақ ғұмыры да мәңгілік Абай бейнесі – отыз төртінші жылдан бастап Мұхтардың екінші өміріне, жан дүниесінің құлақ-күйіне айналды. Қайда жүрсе де бүйірінің бір түкпірінде бүлкілдеп, үміт шоғын үрледі. Оңашада сырласар тәтті арманының бесігін тербетті. Ең қасиетті сезімін, ең асыл сөзін соған арнап, жан сарайына ірке берді.

Ол сыр-сандығының пернелерінің неғұрлым көп, мол үнді, сиқырлы сазды әуенге кенелуін қалады. Әр ішекті еппен шертіп, ұзақ баптады.

Әрине, бір кезеңде айып боп тағылған әңгімелердің қайта басылуы «ұйымсыз жазушының» съезге қатысуы ешқандай кедергісіз, күдіксіз, өздігінен жүзеге аса салған жоқ. Оған да талай тосқауылдарды жеңіп, күйініштер мен сүйініштерді бастан кешуге тура келді. Ренішті күндер де аз болған жоқ. Қазан айының соңына қарай айтылған қуаныштың лебі ескен жоғарыдағы сөздердің алдында тұнжыраңқы тартқан көңілсіз шақтарының бір сәті, Мұхтардың ішкі толғанысы сол кездегі Ленинград университетінің студенті Темірғали Нұртазиннің есінде қалыпты. 1934 жылы тамыз айында Мұхтар Нева жағалауындағы қалаға келіп, комедия театрына барыпты. Үзіліс кезінде өзін айналсоқтап жүрген бозбаланы аңғарып:«–Бала, қазақпысың?»– деп жылы ұшырай сұрайды. Өмір жолы сан рет ажырасып, қайта тоғысқан шығармашылық ілтипат, өзара ықыласы мол ынтымақтастық сол кештен із тартады. Ленинград кеші. Әңгіме-сұхбат. Соңы сырласуға ұласады. Аты қанық тағдыры беймәлім қаламгердің жанын ауыртатын бір сұрақты албырт жас жігіт оқыстан бүйірлей қойып қалды. Істін, мәнісі мынадай:

Темірғали Нұртазин: «Жазушылардың Бүкілодақтық съезі ашылғалы жатыр. Таврия сарайында Ленинград жазушыларының жиыны болды. Мұқаң қонақ ретінде қатынасты. Үзіліс кезінде Мұқаңнан Бүкілодақтық съезге қашан жүретінін сұрадым. Жазушы тіксініп, өңі түнере қалды. Бірер минуттан кейін жылы шырайланып, жайды айтты. 1932 жыл. Газетте жарияланған хат. Сан қилы сөз, өсек-аяң, болжаулар, бопсалар... Ақыры Мұқаң съезге бармайтын жағдай болыпты. «Оны қойшы...», деп жазушы сөз соңын кілт үзді»,– дейді.

Иә, саналы өмірін мақсатты түрде шығармашылыққа арнаған адам үшін санатқа кірмей, сырттап жалғыз қалуы – үлкен рухани қорлық. Демек, ол өзін керек кезінде қайыққа отырғызып, қажетін өтеген соң жағаға ысырып тастайтын салынды шақты сезініп, шарасыздығына қатты қапаланған. Ішкі наразылығының сыртқа буырқанып шығып, тағы да басына пәле тілеп алудан сескеніп, дау-дамайдан алыс жүруі үшін Ленинградқа тартып кетуі де ықтимал. Әрі осындағы қаламгерлердің жиналысына қатысып, істің барысын, болашақ съездің бағыт-бағдарын аңдау мақсаты да болса керек. Анық мәселе сол – Мұхтар съезге делегаттыққа сайланбаған. Бірақ «Социалды Қазақстан» газетіндегі сұхбатының мазмұнына қарағанда құрылтайға қатысқан. Демек, «ұйымсыз жазушы» есебінде, қонақ ретінде баяндамалар мен жарыссөздерді тыңдаған. Дауыс беру қақысына ие болмаған.

Бұл — Мұхтар Әуезовтің әлі де саяси сенімсіз адамның қатарындағы тізімінен аты сызылмады деген сөз.

Бірақ ол күдік жазушылардың съезінен соң сейілді. Ресми түрде қаламгерлер сапына қосылды. Сондықтан да, бұрынғы шығармаларын қайта жариялаудың қажеттігі туды. Ондай мүмкіндіктің ретін табу да қиын, ал барлық жауапкершілікті бір адамның мойнына алуы – одан да қиямет еді. Соған қарамастан, Сәбит Мұқанов «бәйгеге басын тігіп», редакторлықты өз мойнына алды. Әңгімелердің қайта басылуының мақсатын оқырмандарға түсіндіру үшін екі бірдей алғы сөз жазуға тура келді. «Ескілік көлеңкесінде» атты шағын жинаққа «Жазушыдан» мынадай түсінік, дәлірек айтсақ, «өзін-өзі ақтау» сөзі берілді.

«Бұл әңгімелер менің 1925 жылдарға шейін әр кезде әр түрлі журнал, газеттерде басылған еңбектерімнің бір тобы еді. «Ескілік көлеңкесінде» деген жинақ, бұрынғы Қазақстан тарихында болған рушылдық, феодалдық ескілігінің көлеңкесінде, қойны-қонышында әр алуан көріністің азды-көпті елесін береді. Сол ескіліктің еркінде боп, көлеңкесінен шыға алмай, сезім-санасы болған жеке адамдар, жас-кәрілер, еркек-әйелдердің бір қауымы бар. Ой-санасы тұтқында, шырмауда. Сондықтан бір алуаны сол ескіліктің әрі құлы да, әрі ерікті, не еріксіз сүйеушісі, жоқшысы да. «Ескілік көлеңкесінде» тағы бір қауым бар. Ол, сол ескіліктің езгісінен әлі шыға алмаған қоғамдық шаруашылдың таптық қалі ескілікте. Бұлардың қол-аяғын тұсап беріп қойған қауым.

Жинақтың мақсаты осындай мазмұндағы бұрынғы шығармаларымның біразын бір араға топтау еді.

Өткен уақыттағы жазушылық жолым қандай сатымен, қай кезеңдерді басып өтті, оны бүгінде өзім де қостамайтын, ақтамайтын болсам да, шашылып, ұмытылып қалмай, сол кездегі өз тұлғаңды жұртшылықтың анық тани отыруы үшін болса да, бір топтап жарыққа салу теріс болмай ма деймін.

Ескілік көлеңкесінен әр түрлі уақиға, әр түрлі адамды суреттеумен қатар, сол кезде жазушының өз басы да, өз ой-санасы да сол тұсаудан, сол ескілік ығынан ұзап кетпегендігі, айналып-үйіріліп, шырмала, кейде сүйсініп тәуір көріп, соның кілемінің түсін суреттеумен қатар, мінеймін деген кезінде де бата шабуыл жасай алмай, тайқып соққан жерлері де жоқ емес. Бұл жайлар менің кейінгі уақытта мойынға алған мінім, қаталығым болатын. Сондықтан өз ескілігімді бүгінгі жұртшылық, бүгінгі жас буынға ұсынғанда, көбінесе сол бұрынғы қалпынан өзгертпей, өзінің сол күнгі тұлғасымен көрсетуді тарихи дұрыстыққа тән болар деп білдім. Бұл жинақта, бұрын жазылған әңгімелердің әңгімелік желісі, адам пішіндері өзгертілген жоқ. Жаңалық болса, көбінесе, әңгімелердің сыртқы күйі сөз кестесі сияқтыларға кіргізген редакторлык жаңалық қана. Оным: өткен уақыттағы істерімнің сынын жасырмайын, енді кеп жауып-жасқамайын дегендік.

Бұрынғы дәуірдің көрініс-қалпын зерттеумен қатар менің де бұрынғы қалпымды білгісі келген жас болса, ол кездегі шығармаларым бір арадан, осылай топтау пішінінде табылатын болсын дедім.

Мұхтар. Алматы, 1936 ж. Май».

Сөйтіп, бұрын әр кезде, әр түрлі газет-журналда жарияланған әңгімелердің басы тұңғыш рет бір мұқабаның ішінен орын алды. Кітапты әзірлеу барысында көп мін тағылып, талқыға түскен талайы қиын шығармалар пәлендей өзгеріске ұшырамады.

Ерлікті тәуекел тудырады. «Тәуекел түбі жел қайық өтесің де кетесің» дейді халық даналығы. Дұрыс пайымдау. Алайда, заман көшіндегі тарихи қажеттілікпенен шыңдалған осы сөз сол кездегі идеологияньң түсінігіндегі ескірген термин еді. Мемлекеттік саясаттың қатпары қалың, торабы тоқсан тарау. Әрбір тұжырым, ұғым, еркін пікір өте нәзік талданған. Істің, сөздің мың түрлі астары суыртпақталып шығады. Соны көре, біле тұрып, автордың өзі кібіртіктеп, тосырқай ұсынған қолжазбаға редактор болып, оны барлық «айыбынан» ақтап алу – адал достық еді. Бұл Мұхтардың алдын орап, «айналып-үйіріліп шырмала берген» «ескішіліктің» шапанын жамылып, Сәбиттің өзі де «қара тақтаға жазылуға» бел буды деген сөз. Араға екі жыл салып сол «ерлігі үшін» «халық жауының қалпағын киерін» білген жоқ, әрине. Ол үшін ең басты мақсат халықтың аяулы азаматын қатарға қосып, әдебиетті Мұхтарсыз, Мұхтарды әдебиетсіз қалдырып, жетімсіретпеу еді. Міне, Сәбит Мұқановтың, Сәбиттің, Сәбеңнің азаматтығы осында. Сол үшін Мұхтар Әуезов, Мұхтар, ұлы Мұхаң оған қарыздар. Себебі – сол бір отамалы тұста Мұхтар бері өтпей, ескі жағалауда қалып қойса, онда кейінгі шығармашылық тағдырдың желкені көтерілмей, алыста қол бұлғап қала берер еді. Бүгінгі күнге, яғни, келешекке кешігіп жеткен рухани кеменің бірі ғана боп қалу қаупі төніп тұрды. Сондай сынақ шағында Сәбит қол ұшын беріп, жағаға шығарып алды. Заман ағысының толқынына ағып кетпес үшін Мұхтарға «бір-екі сөз», жылы сөз жетпеді. Сол лебізді «Ескінің көлеңкесі» жинағының беташары ретінде Сәбит Мұқанов білдірді.

Екі алыптың арасындаға адамдық, пендешілік байланыстар қақындағы алып қашты сөз, тіпті, өсек-аяң да көп. Бірақ, олардың бір-біріне жасаған азаматтықтары туралы айтуға келгенде сараңси қалады. Баспасөз, хат-қағаз беттері де бұл ретте жомарттық танытпайды. Сондықтан да, «өзгеге қиса да өлімге қимаған» иықтас жандардың иірімі мол өміріндегі шуақты шақтарының белгісі есебінде жазылған Сәбит Мұқановтың «Бір-екі сөзін» толықтай келтіруді парыз деп санадық.

Ондағы сынның да, сырдың да астарын, зиялы жан «ішпен сезер...». Сыртқа итергенсіп отырып, бауырына тарту да қырғи қабақты, көлденең көзді алдамсыратқан өзінше «із тастау» еді. Онсыз мақсатқа жете алмайтын. Сол «із тастау» мынадай:

«Жолдас Мұхтар Әуезұлының бұл жинағына төңкерістің бастапқы кезінде жазған әңгімелері кірген. Идеология жағынан бұл шығармалар тұрмысқа пролетариат көз қарасымен қарап жазылған шығарма деп айта алмаймыз.

Дегенмен бұл әңгімелерді басу қажет. Үйткені өткен өмірдің мұраларынан пролетариат түгел жерімейді, «адамның ақылы тапқан заттардың бәріне сын көзбен қарап, керектісін алады» (Ленин). Мына әңгімелер де сондай сын көзбен қарап, бүгінгі өмірдің пайдасына жарататын құралдың бірі. Олай дейтін себебіміз: бұл әңгімеде Мұхтар тұрмысқа байлар, феодалдар табының көзімен қарай отыра, солардың идеологиясына арқа тірей отыра, сол кездегі бірсыпыра шындықты ашады.

«Қорғансыздың күніндегі» қараниет болыстың әлсізге істеген айуандығы, «Оқыған азаматтағы» «ақ жүрекпін» дейтін оқыған жігіттің барып тұрған қара жүректігі аз да болса сол заманның шындығын ашқандық. Әрине, Мұхтар ол кезде, болыс пен оқығанды сынап, шірігін ашқанда, қиянатшылды жою, түбірімен құрту, солар сүйенген негізді құрту керек деген қортынды айтқысы келген жоқ. Осы кемістіктерді көрсетіп, шіріген тұрмысты бүтіндегісі, өңдеп жамағысы келді. Бірақ әңгіме Мұхтардың мұндай субъектілік пікірінде емес, объектілік шындықта.

«Лев Толстой орыс төңкерісінің айнасы» деген тарихи еңбегінде Ленин: «Егер шын суретші болса, төңкерістің ең болмаса белгілі бұтағын көрсетпей отыра алмайды», деген. Шекспир, Гете, Пушкин сықылды жер жүзіне атақты классиктердің пролетариатқа қасиеті идеологиясында емес, дәуірлерінің шындығын аз да болса көрсетіп кеткендігінде. Пролетариат өткен өмірінің біраз шындығын солардың шығармалары арқылы біледі. Өткен өмірінің шындығын дұрыс ұғумен бұрынғы өмірдің күресі тығыз байланысты.

Олай болса, идеология жағынан пролетариаттық болмағанмен, Мұхтардың бұл әңгімелері арқылы ескі ауылдың кейбір шындықтарын, қанағыш таптың еңбекшіге істеген зорлығын аз да болса көреміз. Қанағыш тапты бүгін жойып жатқан бізге бұл әңгімелер объективно жәрдем істейді.

Бұл әңгімелер пролетариатқа қандай сабақ болса да, жазушы Мұхтардың өзіне де сондай сабақ. Мұхтар қазір байшылдық бағыттың залалдығын түсініп, кеңес тілегіне көшіп отырған жазушы. Осы басып шығарған әңгімелер болсын, басқа еңбектері болсын, идеологиясын былай қойғанда, Мұхтардың ірі суретші екеніне айқын дәлел. Сондай ірі талантын бұдан бірнеше жыл бұрын шірік тұрмысты түзетуге жұмсаса, енді нағыз, жас, күшті, келешегі бай тұрмысты құрысуға жұмсауға тиісті.

Сондықтан өткен қатасы мен бүгінгі түзелуін салыстырып, содан сабақ алуға, бұл әңгімелер Мұхтардың өзіне де көп көмек істеуге тиісті.

Сәбит Мұқанұлы. Алматы, 8.VІ. 35 ж.»

Міне, осындай «үкілеумен» жарияланған «Ескілік көлеңкесі» кітабы екі жылдан соң Мұхтар мен Сәбиттің өзіне көлеңкесін түсіріп, сілікпесін шығарды. Оған, бұл жинаққа ілесе, 1936 жылы басылып шыққан «Қараш-Қараш оқиғасындағы» әңгімелер де үстемелей қосылды.

Ол қыспақты кезеңнің талқысы туралы әңгіме дербес тараудың еншісі.

Үлкен үмітпен, құтты қадаммен бастаған отыз жетінші жылдың күншуағы тез суып, дүлей тағдырдың дауылы соқты да кетті. Жеке басқа табынушылықтың кесірінен халық ең асыл ұлдарынан айрылып қалды. Оның екпіні Мұхтардың да тағдырын қатты шайқалтты. Үміттің орнына үрейді жолдас етіп, ұзақ түн көз ілмей, әрбір тықырға елеңдеген түндерді басынан өткізеді. «Сен әзірге жүре тұр. Әуелі аналардың шаруасын бітіріп алайық »,– деп сұқ саусағын сұстана шошайтып, сес көрсеткен жандармен қатар, өмірінің сонына дейін бірде тату, бірде қату боп, қатар жүрем деп ойлаған жоқ. Күні кеше ғана тел өскен үш бәйтерек құсап қатар жайқалған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің бетін тырнап:

«Қазір әшекереленіп отырған Тоғжанов, Жансүгіров сияқты ұлтшыл-фашист сілімтіктерінің, сол тектес жапон шпиондарының қолымен жас қазақ әдебиеті тұншықтырылды... Бандит Тоғжанов «сыншы» есебінде ұлтшыл-фашизмнің жансызы Жансүгіровті қазақ әдебиетінің «әкесі» етіп көрсетті»;

«Осыдан бір-екі ай бұрын ол (Сейфуллин Т. Ж.) өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» деп аталатын «тарихи роман» деп әспеттеген қайта басылған шығармасында өзін батырсымақ қып көрсетеді және контрреволюциялық алаштардың деректерін келтіріп, халық жауларын суреттейді. Өзінше дұшпандық энциклопедия!»;

«Қазіргі совет жазушылар одағының председателі Сәбит Мұқанов Сейфуллинді ауыздықтай алмады, оның өзі буржуазиялық ұлтшылдықтың айқайшысы, тірегі боп отыр. Өзінің ұлтшылдықпен уланған «Бай баласы» атты зиянды шығармасымен, қазақ әдебиетінің тарихын алашорданың көзімен баяндауымен Сәбит Мұқанов өзінің бағытын доғаша иіп барады. Ол енді контрреволюциялық, ұлтшыл кітаптың редакторы боп отыр. Контрреволюциялық, ұлтшылдықтың иісі аңқыған алашорданың белді қайраткері және идеологы болған кезінде жазған Әуезовтің әңгімелер жинағының алғы сөзінде, «егерде идеялықты есепке алмасаң Әуезовтің бұл әңгімелері мен басқа шығармалары оның үлкен шеберлігін танытады», деп жазады.

Бұл әңгімелердің идеясын ескермеу бір тамшы партиялық ұяттың, бір шымшым большевиктік қырағылықтың қалмағандығы, демек қазақ совет әдебиетінің есігін ұлтшыл контрабандаға кеңінен ашу екендігін Сәбит Мұқанов неге түсінбейді. Жазушылар одағындағы былыққа Орталық Комитеттің ағарту бөлімінің меңгерушісі, жазушы Мүсірепов жолдас та жауапты. Мүсірепов жолдас қауіпті бағыт ұстап отыр. Әдеби өмірден жақсы хабардар, жазушылардың арасындағы ұлтшыл-фашистік жалдамалылардың күшті ықпалын біле тұрып, ол қасарыса үнсіз отыр »,– деп көкіген мақаланы оқығанда, мінбеде отырып Сәбит пен Ғабитті еңірете жылатып, партиялық билетін тапсыртқанда, жан-жүрегі суынып, тітіркенген.

Онысын қойшы, сол жайсаңдардың аяғы ауыр әйелдерін боқырауынның қарлы-жаңбырында үйлерінен қуып шығып, панасыз қалдырғанын көргенде мүлдем түңілген. Сол үйге мұны қонаққа шақырып, жең ұшынан тартқандар да болды-ау. Болды. Және олар ұзақ өмір сүрді.

Тағдыр дауылы көтерілгенде Мұхтар Ақсайдағы саяжайда еді. Алғашқы суық хабарды сол кездегі жас әдебиетші Темірғали Нұртазин мен Мұхаметжан Қаратаев жеткізіпті. Ашық күнде найзағай ойнағандай болған сол бір күнді «Біздің Мұхтар» атты естеліктер жинағындағы сөзінде Мұхаметжан Қаратаев:

«Отыз жетінші жылдың август айы еді. Бір күні Ақсайдағы семьяма барып қайттым. Сонда жатқан Мұхаңды, Тайырды, Сағыр Камаловты көрдім. Олар менен қала жаңалығын сұрады. «Құлагер» авторының Құлагер жолын құшқанын тұспалдап жеткіздім. Үшеуінің де түсі құбыла қалды.

Қой, жай бір қате болар, деді Мұхаң бір мезетте ауыр әсерді шайып-жуғандай болып,мүмкін емес... Мына аңызақ жел сықылды кездейсоқ бірдеңе шығар... Ақиқатына келеді ғой.

Бұдан кейін мұндай тақырыпқа мүлдем сөйлеспейтін болдық. Үнсіз алақан ашып, иық қимылдатамыз да қоямыз. Ол жылы да, келесі жылы да алақан аз ашылған жоқ, иық аз қимылдаған жоқ. Бұл тұстарда Мұхаң тұнжыраңқы жүрді, бірақ басқамыздай еш жерде тіс жарып, сөйлеген емес, жауқаттылап атой да салған жоқ»,– деп өкінді.

Бұл да шындық. Бірақ өкінішті шындық және ол өкініштердің орны қайтып толмайтын еді.

Мұндай қоғамдық пікірдің алапат тасқынына жалғыз адамның, оның ішінде тағылған «қоңырауы» алынып үлгермеген Мұхтардың қарсы шығуы мүмкін емес-тін. Ең қатерлі кезең 1937 жылдың мамырынан басталған болатын. Қыркүйектен қарқын алған қара дүлейдің құйыны 1938 жылдың көктеміне дейін ұйтқыды. Күндіз-түні күдікпен күн кешіп, есіктің әрбір тықырына елегізіп қараумен жүрді. Өзінің арыз-аманатын айтып, отбасымен қоштасып қойды. Кезегін тосты. Бақытына орай ол «кезекке» ілінбеді. Сәбит Мұқанов Жазушылар одағының билетін қолынан шығармай: «Қаламымды қалдырыңдар!»,– деп көзінен жасы ыршып кеткенде: «Пошел вон!», деген сөзді естіген күні Мұхтар әйелі Валентина Николаевнамен ұзақ бақұлдасып, іш киімдерін, сабын мен орамалын дайындатып, сақал-мұртын қырып, шашын алдырып, моншаға барып, тастүйін дайындалып отырыпты. Демек, Мұхтардың «жалмауыздың» аузынан аман-есен қалуы – тағдырдың кездейсоқ сыйына жатады.

Ал Мұхтар сол тұста өзін-өзі қалай ұстады?

Бұл арада сәуегейлік жүрмейді. Кез келген пенденің ғұмырын үлгі етуі не сол құбылыстың астарын, тарихи қажеттілігін, не қоғамдық құрылыстың мүдде-жүйесімен сәйкессіздігін түсіндіріп беру – қиынның қиыны. Тарих талқысы мен тағдыр тауқыметін таразылау дербес әңгіменің арқауы, яғни, келесі тараудың еншісіне тиесілі оқшау тақырып болмақ.

ЕКІНШІ ТАРАУ: ЗАМАН ТАЛҚЫСЫ

1.

Қандай қиыншылыққа қарамастан азаматтық арын таза ұстау – адам атаулының өмiр бойы мақсат етiп, тiршiлiк кешетiн асыл арманы. Бұл ретте, кез-келген пенденiң ғұмырын үлгi ету, не сол құбылыстың қатпарлы астарын, тарихи қажеттiлiгiн, не қоғамдық құрылыстың мүдде-жүйесiмен сәйкессiздiгiн түсiндiрiп беру қиынның қиыны. Сәуегейлiк бұл арада жүрмейдi. Тарих талғамы мен таразысы тұрғысынан талдау – қоғам тану ғылымының еншiсiне тиесiлi.

Алайда бiр мемлекеттiң даму тарихындағы күрделi де күрмеуi қиын қатерлi кезеңдi басынан кешiрген Мұхтар сияқты дана адам сол кезде өзiн-өзi қалай ұстады, қандай пендешiлiк кештi, қандай көзқараста болды деген сұрақтар ерiксiз алдыңды орайды. Шындығында да назарға ерiксiз iлiгерлiк, орынды қойылған сауал. Бұған бiр сөзбен мәмiле айту ағаттық. Сол бiр аласапыранның қалай басталғанын, қатерлi дауылдың қалай тез күш алып, өртеңге қойған өрттей қаулағанын мемлекеттiң iшкi-сыртқы жағдайынан тыс қарау мүмкiн емес. Троцкийдiң және оны жақтаушылардың толықтай талқандалуы Сталинді жеке дара көсемдiк дәрежесіне көтерді. Қатаң тәртiпке негiзделген әкiмшiлiк қалыптасты. Сондай салтанатты кезде «халық жауы» деген сөз бұлтты күнгi найзағайдай әсер еттi.

Француз саясаткері Бенжамен Констанның:

«Тек бір ғана адамның батырлығымен жеңіске жеткен мемлекеттің бақыты ұзақ болмайды, тіпті сол адамның көмегімен де алысқа бара алмайды; оған бас июдің өзі ағаттыққа соқтырады»,– деген сөзінің кері келді.

Жаңа қоғамның экономикалық-саяси жетiстіктерi тек Сталиннiң есiмiмен байланыстырылды. Жеке басқа табынушылық асқындап барып жазықсыз жандарды құзға құлатты. Шындығында да бiр адамның «қатал еркiне» бағынған ұлы мемлекеттiң iшкi өмiрiне қауiп төндi. Ал, көсемнің өзінің оны көруге құлқы болмады. Мүмкiн, әдейi көргiсi келмеген болуы да ғажап емес.

Бұл «науқанның» фашизмнiң бас көтеруiне байланысты қырағылық пен сақтықты, патриоттық сезiмдi оятуға психологиялық жағынан септiгi тигенiмен, сүйiнiшiнен гөрi күйiнiшi басып кеттi. 1936 жылдың аяғында орталық газеттерде, завод-фабрикаларда, транспорт саласында, жауапты қызметкерлер мен әскери бөлiмдер арасында «бүлдiрушiлiк, арандатушылық, шпиондық» әрекеттер жүргiзген бiр топ адамдардың үстiнен жүргiзiлген сот iсi, сұрақ-жауаптары күн сайын жарияланып жатты. Социализмнiң қас жаулары ретiнде халықтың делебесiн қоздырды. Кәсiпорындарда, колхоз – совхоздарда, артельдерде оларды айыптаған мәжiлiстер өттi. Үкiм айтты. Бiрте-бiрте екпiн алып, өрiсiн кеңейтiп, жалпы жұртшылықтың арасына үрей, сенiмсiздiк туғызды. Ендi, сол халық жауларының тегi қайдан шықты, олар кiмдер және мақсаты не едi деген сұрақтар туды. Сталин оған:

«Совет мемлекетiнiң қуат-күшiнiң өсуi өлiп бара жатқан таптың қалдықтарының қарсылығын өршiте түсетiндiгiн есте ұстау керек. Олар өлiп бара жатқандықтан да соңғы күндерiнде жанталасып бағады, олар бiр бұлтақтан екiншi бұлтаққа көшiп, жұртшылықтың артта қалған қауымын үгiттеп, оларды совет өкiметiне қарсы қоюға ұмтылып, бұрынғыдан да батыл азғыруға кiрiседi. Бұрынғы адам деген атынан айырылғандардың Совет өкiметiне жасамаған қастандығы, жаппаған жаласы жоқ және керітартпашыл элементтердi бiрiктiрiп қарсы қоймаған әрекетi жоқ. Бұрынғы контрреволюциялық оппозициялық элементтердiң де тiрiлiп, жан бiте бастауы мүмкiн. Бұл, әрине, қорқынышты емес. Бiрақ егер бiз осы элементтерден тез әрi үлкен шығынсыз құтылғымыз келсе, онда осының барлығын естен шығармауымыз керек»,– деп жауап бердi.

Бұл сөз сол кезде тілдің тиегіне айналды.

Аса қиын әрi күрделi iшкi-сыртқы саясаттың психологиялық шиеленiсi шегіне жетті. «Фашизм» батыстан бас көтерiп келе жатты. Ол «жалмауыз» Еуропа мен Африкадағы мемлекеттердiң бiрiнен соң бiрiн жұтып, сонау Америка құрлығына да аранын ашты. Ал оның, ерте ме кеш пе, бетiн берi бұратыны – еш күдiк тудырмайтын. Алапат апаттың алдындағы қарбалас – үлкендi-кiшiлi аласапыран, арандатулар туғызатындығы шындық. Сондай психологиялық шиеленiстi мұқым ел, барша адам, Сталиннiң өзi де басынан кешiрдi. Троцкийдiң платформасының талқандалуы сенiмдi күшейттi. Фашистiк барлау орындары да қарап қалған жоқ. Барын салып, оқиғаны ушықтыра түстi. Бұл адамдардың бiр-бiрiне күдiкпен қарауын тудырды. Жаудың – «шын халық жауы» екендiгiн мойындатты. Қанымен, жан-тәнiмен берiле орнатып жатқан қоғамға деген шексiз сүйiспеншiлiк, кiршiксiз сенiм – заңды ашу-ыза қоздырды. Жеккөру, шындыққа күмәнсiз илану, фашизмнiң дұшпандық қимылының түпкi жауыздық жоспарын алдын ала бiлу – халықтың белгiлi бiр мөлшерде жүйкесiне әсер еттi және ақыл-ой парасатын тұмандандырды. Әуелiде белгiлi бiр мақсатпен жүзеге асырылған арандату әрекетi бiрте-бiрте қатерлi «жалмауызға» айналды. Қызған темiр суығанша талай тағдыр жазықсыз жазаланып үлгердi.

Қазақстан баспасөзiндегi «халық жауларын» әшкерелеу қақындағы алғашқы теориялық мақаланың авторы Т.Жүргенов те өзiнiң «Казахстанская правда» газетiнiң 1937 жылғы 11 қаңтардағы «Мәдениет майданын талқандалған ұлтшылдықтың қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартайық!» деген мақаласына Сталиннiң жоғарыдағы сөзiн тілге тиек етiп алды. Ойлы, елiне шын жаны ашыған, қазақ өнерiн дамытуға жанкештiлiкпен еңбек еткен азаматты жаманшылыққа қию – қиянат. Оның өзi де сол жылы сол науқанның алғашқы құрбанының бiрi болды. Барынша әдiл пiкiр айтуға ұмтылған автор ұлтшылдықты әшкерелей келiп:

«Қазақ халқының «болашағы жоқ» деген «идеяның» негiзiн қалаушы Шоқан Уәлихановтың бiрiншi рет патша шпионы ретiнде Батыс Қытайға барып келгендiгiн ескерте кетемiн»,– деп те «сiлтеуге» мәжбүр болды.

Өнер, оқу ағарту, мектеп саласындағы «ұлтшыл адамдарды» сынай келiп:

«Өткендi, қазақ халқының тарихын бағалауда ұлтшыл көзқарастарды өткiзiп жiберу тәсiлi соңғы кезге дейiн орын алып келдi. Қазақ театрының сахнасынан «Хан Кене» пьесасын алып тастау туралы сөз қозғағанда, дәл осы мәселе жөнiнде әңгiмелендi»,– деп астарлы түрде Мұхтарды ишара еттi.

Iле идеология, өнер саласындағы қайраткерлер «халық жаулары» мен «ұлтшылдарды» әшкерелеуге көштi. Алғашқы үш-төрт айда жалпылама, сипай қамшылады. БК(б)П Қазақстан өлкелiк комитетiнiң бюро мүшесi, Қазақ ССР-нiң халық ағарту комисары Темiрбек Жүргеновтің мақаласындағы «Хан Кене» және басқа да оқу ағарту, әдебиеттану, театр мәселелерiне байланысты айтылған сында Мұхтардың аты аталмаса да, белгiлi бiр дәрежеде астыртын айып тағылды. Оған Мұхтар өзара сын ретiнде ресми түрде жауап беруге мiндеттi едi. «Казахстанская правда» газетiнiң 28 қаңтар күнгi санында жарияланған Мұхтар Әуезовтің «Жалмауыз сөзсiз жаншылады!» деген репликасы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң 5 ақпан күнгi санында «Сақтық күшейiп, көрегендiк артсын» деген атпен аударылып басылды. Онда ешкiмнiң атын атап, түсiн түстемейдi. Газеттердегі «халық жауын» әшкерелеген хабарларға сүйенiп, жалпылай тiл қатады. Бұл екi репликадан оның «тарихи жағдайдың» ырқына көнгендiгi, мойынсұынғандығын танылады және сол кездегi көңiл күйiнен, елегiзуiнен хабар да бередi.

Әлқисса, бұл арада сәл түсiнiк бере кету қажет. Екi газет те «халық жауларының» әшкереленгенiне, олардың қылмыстарын «мойындағанына» орай арнайы қос бет ұйымдастырып, реплика орыс және қазақ тiлдерiнде басылды. Солармен бiрге он үш адамды атуға, қалғандарын бас еркiнен айыруға бұйырылған үкiм де орын алды. «Халық жауларына» қарсы «халықтың наразылығын бiлдiрген» үн қосулардан жазушылар одағы да тыс қалмады. Қаламгерлердiң «үндеуiне» Сейфуллин, Мұқанов, Жансүгiров, Әуезов, Өтепов, Қаратаев, Орманов, Тәжiбаев, Жароков қол қойды. Iлияс, Жақан, Өтебай, Қалмақан, Тайыр мақала жазды. «Сақтық күшейiп, көрегендiк артсын!» деген Мұхтардың репликасы да сонда басылды. Мазмұны мынадай:

«Сақтық күшейiп, көрегендiк артсын!

Халық фольклоры, адам ұрпағына жау болған жауызды жетi басты жалмауыз деген бейнемен суреттеп едi. Ертедегi ескiлiктiң заманындағы адамға қарсы тұрған қараңғы әлемнiң барлық сұм, сорақы белгiсiн бiр араға жиған жиынтық-кескiн осы болатын. Бұл ең жыртқыш, жауыз, ең нас-сұрқия. Осыған ұқсаған екiншi бiр кескiн бар. Ол, шын дүние туындысы. Мұны тапқан зоология ғылымы. Бұл сұмырай «құбыжықты» теңiз кезген кемешiлер көрiп, атын сегiз аяқ – спрут деп қойыпты. Оның өзi адамға ұмтылғанда қайыс аяқтарын бiрiнiң артынан бiрiн жұмсап кеп орап алмақ болады. Сол кезде ылай судан, батпақты шыңыраудан сұм жайынның басы шығып, ұстаған затын жемекке ұмтылады.

Мiне, осындай лас сұмырайлардың арты әлi күнге арылмаған екен. Бiрақ ендiгi кескiнi ертегi дүниесiнде емес, адам ортасында боп отыр. Олар, мына бүгiн тарих сотының үкiмiмен қара таңба басылып шыққан сұрқия жаулар. Бұлар да жаңа тарих адамына, герой адамға қарсы тұруға ойлаған спрут туыстас, кейiптестерi секiлдi көп басты дұшпан.

Фашистiк лас-жауыз, обыр қарынмен астасқан әлденеше құзғын бастың аттары: Троцкий, Пятаковтар, неше түрлi «оң» мен «солдар», диверсант контрреволюцияшыл ұлтшылдар. Осы жауыздардың қайыс аяқтары, герой адамның тұтасып бiте қайнасқан бiр денесiн, сом денесiн шырмамақ болған, ол қара жүздi сұмырай жыртқыштар, әдiл соттан үкiм алып қырқыла-қырқыла ұрылды. Жалмауыздардың қалып қойған әр басындағы осындай қыр табандарды ұрып, тапжылдырмай қиып түсiрiп, құртып отыру үшiн әлде де мықты сақтық күшейiп, көрегендiк арта түссiн».

Бұл жолдарды Мұхтар өз еркiмен жазды ма, жоқ па, мәселе онда емес. Себебi: «сенiмсiз адамның» төрт жарым жыл бұрын ғана дәл осындай «жалмауыздың» бiреуiне саналған «халық жауының» айып сөз алуы – жауапқа тартылғандардың қылмысының шындығына көз жеткiзетiнiн, күдiкке орын қалдырмайтынын баспасөз де, басқа орындар да бiлдi. Ұсыныстан бас тартса, сол өзі айтқан «қыр табаннан ұрып, тапжылдырмай қиып түсiрілуге» тиісті «жалмауыздың қалып қойған бір басы» өзінің басы екенін Мұхтар анық аңғарды. Ол үшiн асқан көреген болудың қажетi шамалы едi. Мәселе «жалмауызды жаншуға» бағытталған қара дауылдың сұрапыл күшiн, орасан зор зардабын iштей сездi ме жоқ па, сол «жалмауыздың» аузынан өзiнiң де жұтылып бара жатып, «дер кезiнде қимылдап, сақтық пен қырағылық көрсеткен» адал да батыл жандардың арқасында аман қалатынын болжай алды ма, жоқ па – гәп осында.

Өзiн тауып айтқан теңеуiнiң астарын, кейiнгi зардабын Мұхтардың бiлуi мүмкiн бе едi? Бiле тұрып, өзiнiң басына төнген қауiптi ысырып тастау үшiн алдын ала қамданған әрекетi ме едi? Қалайда «ел аман, жұрт тынышта» жазылған «жалмауыз сөзсiз жаншылады!», «Сақтық күшейiп, көрегендiк артсын» атты шағын сөздер мәжбүрлікпен жазылғаны анық. Себебi: 1936 жылдың желтоқсанынан бастап Л.Сперинскийдi, В.Вегердi, В.Высоцкийдi, П.Зридовскийді, Б. Лаврентьевтi, М.Резенковты, Г.Федоровты халық жаулары деп таныған, бүлiншiлiк әрекетерiмен шұғылданып, қылмыс үстiнде ұсталынды деп жарияланған Радектiң, Пятаковтың, Сокольниковтың, Мураловтың, Дробинстiң үстiнен жүргiзiлген сот iсiнiң барысы, сұрақ-жауаптары, олардың шахтада, транспорт орындарында, әскери қызметте жүрiп iстеген өз қылмысын мойындаған сөздерi барлық баспасөз атаулыда күнделiктi басылып тұрды. Бара-бара бүкiл халықтық науқан алды. «Қылмыстылардың» да қатары көбейе бердi. Мұхтардың «Жалмауыз сөзсіз жаншылады!» деген репликасы жарияланған беттегi мына хат халықтың тобырлық санасын жеткiздi. Онда:

«Бiз, Алматы облысы Кеген ауданындағы Киров атындағы артельдiң коллективi ұлы социалистiк Отанымыздың сатқындары – Герман фашизмi мен жапон империализмiнiң агенттерi Радектiң, Сокольниковтың, Серебряковтың, Мураловтың, Дробинстың капитализм мен кулактардың құлдығын қайта орнатуға тырысқан арам ойлы пиғылдарын қарғыспен, жеккөрiнiшпен қабылдаймыз. Олардың тағылық, пасықтық қылмыстары туралы оқығанымызда жүрегiмiз айтып жеткiзгiсiз ашу-ызаға толды. Бұл қаскүнемдер сондай қиыншылықпен қол жеткiзген бiздiң барлық қазынамызды, туған жерiмiздi, байлығымызды тартып алмақ болды, адам ретiнде бақытқа кенелткен колхозымызды тарқатпақ болды... Мұндай опасыздар мен сатқындарға тек өлiм жазасы лайықты. Бiздiң советтiк сотымыз миллиондаған совет халқының, оянған Қазақстанның еңбекшiлерiнiң барлық сұрқия сатқындарды ату жазасына кесу туралы тiлегiн ескередi деп сенемiз. Бiз өзiмiздiң үкiметiмiзден шет ел итаршылары жiберiп отырған агенттер мен шпиондарға қатты соққы беру үшiн, сондай-ақ алдағы уақыттарда бiздiң елiмiзге олардың тiмiскiлеген мұрнын сұққызбауын өтiнемiз. Егер Отанымызды қорғау қажет болса, бiздiң бәрiмiз де қолымызға қару алып, жауға қарсы тасыған селдей екпiнмен аттануға дайынбыз!»,– деп жазылған.

Бұл хаттың мазмұнынан халықтың «айыптыларға» деген жеккөрiнiшінiң қандай патриоттық сезiммен астасып жатқанын, ең қасиеттi ұғымды – Отанды арандату құралы ретiнде пайдаланғаны аңғарылады. Қалай дегенменде, «жетi басты жалмауызға» жұртшылықты күмәнсiз сендiру үшiн адамның, оның iшiнде жаңа қоғам үшiн күресушiлердiң нәзiк те осал тұсын дәл басқан. Үкiмдi халықтың өзiне шығартқан.

«Қазақ әдебиетiнiң» 1937 жылғы 18 қаңтар күнгi санында жарияланған қазақ көркем әдебиет баспасының бастығы Рахымжан Жаманқұловтың «Қырағылықты күшейтейiк» атты үн қосуында автордың дұшпанды жасырып қалғанын бетiне басқан сын шықты. Онда:

«Қазақстан совет жазушыларының органы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бетiнен кейде шын мәнiнде түсiнiксiз құбылыстарды байқайсың. Бұл жолғы мәселе өзара сын мен жапон империализмiнiң агентi – контрреволюциялық қазақ ұлтшылдығымен күресу жолдарына байланысты», - делiнедi де Р. Жаманқұловтың «Әдебиет энциклопедиясындағы» алашордашыл халық жауларының творчествосы туралы мақалаларды сынағаны келтiрiлiп: «Бiздiң бiр жолдас - жазушымыз (?!) ұлтшылдар қазақ халқының мүддесiн қорғайды деп айтуы арқылы контрреволюциялық пiкiр таратты» – деген жерiне шүйiле тоқталады. Жақша iшiндегi леп және сұрақ белгiсiнiң қатар қойылуы және «Бұдан әрi автор әдеби жаттығу ретiнде: «бiздiң бiр жолдас – жазушымыздың» ұлтшылдардың қазақ халқы алдындағы еңбегiн дәлелдеуге арналған сөзiнен үзiндi келтiредi»,– деген қайталауы арқылы Р.Жаманқұловты «жолдас-жазушының» атын атамағаны үшiн «халық жауын жасырды» деп айыптайды.

Бұл тегiн кеткен жоқ. Ең алғашқы «халық жауының» легiнiң iшiнде баспа директоры Р.Жаманқұловтың есiмi жүрдi. Шындығында да әлгі емеуірін етілген жазушы кiм едi?

Әрине, нақты көрсетiлмегендiктен де атын сенiмдi түрде атай алмаймыз. Бiрақ, емеурiнiнен тануға болады. Сол кезде әдебиет саласында «ескiден қалған ескiшiл» екi-үш қана жазушы еңбек ететiн. Оның бiрi – Мұхтар. Одан өзге Мағжан сияқты «ескiшiл жазушыларға» өз пiкiрiн ашық айтатындай еркiндiк әлi берiле қойған жоқ болатын. Демек, ақылға жүгiнсек «жолдас жазушының» орнына жазылуға тиiстi жалғыз фамилия қалады. Ол – Әуезов!.. Ал газет редакторының ашықтан ашық мұны мегзей отырып, сол бетке Мұхтардың өз мақаласын беруi қалай? Мұның астары не? Түсiнiктi де, түсiнiксiз де.

Мүмкiн, Мұхтардың өзiне де жұмбақ күйiнде қалуы ғажап емес.

Түсiнiктi дейтiн себебiмiз, содан төрт ай бұрын, яғни «Казправданың» 1936 жылдың 22 қазан күнгі санында Ғаббас Тоғжановтың «Абай» атты монографиялық кiтабына Сәбит Мұқановтың «Абайды алашордашылар қатарына қосуға тырысып баққан» атты мақаласы басылған. Онда жазушы өзiн-өзi сынай келiп:

«Ұлы пролетарлық социалистiк революциясынан кейiнгi совет өкiметiнiң қамқорлығының арқасында қазақ халқының ұлт болып қалыптасқаны белгiлi. Осы жолдардың авторының өзi де «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетi» деген кiтабына Сталин жолдастың ұлт туралы анықтамасын революцияға дейiнгi қазақ өмiрiнiң шындығына жалаң түрде орайластырып көптеген қателiктер жiбердi. Ол алашорда көсемдерiнiң ұлт-азаттық күрестегi алатын орындарын асыра бағалап, революциялық қозғалысқа дейiнгi қазақ өмiрiнде олардың маңызы болды – деп есептедi. Тек Октябрь революциясынан кейiн ғана қазақ ұлтының қалыптасқанын ол кезде түсiнбедi»,– деп жазды.

Демек, жоғарыдағы жат пiкiрлi «жаулардың» қатарына Ғаббас Тоғжанов пен Сәбит Мұқановтың да қосылуы мүмкiн.

Мұхтар аталмыш екi репликаны түпкi мақсаты мен зардабын бiле тұрып жазған тұста қандайда бiр топшылауларды санаға салып, екшегені анық. Оған Iлияс, Сәкен, Бейiмбеттердің ұсталғанын естiгенде: «Мүмкiн емес. Олар ақталады. Өйткенi олардың өмiрi маған қарағанда таза, жарқын емес пе»,– деп Темiрғали Нұртазинге мұңын шағуы куә. Шын тебiренген көңiл-күйiне қарап Мұхтар арына кiр келтiрмедi, бетiне шiркеу түсiрмедi деп сенемiз.

Ол өзiн осындай аласапыран кезiнде қалай ұстапты?

2.

Шындығында да Мұхтар өзiн-өзi қалай ұстауға мiндеттi едi? Мұндай сұрапыл аласапыранның тұсында қандайда бiр мiндеттi мойнына алуға қақысы болды ма? Соның өзi мүмкiн бе едi? Өте маңызды және заңды сауал. Бiрақ оған кiм жанын жалдап, адалдығына ант-су iшiп жауап бере алады? Кiм? Және сол адам сөзiнiң растығына иландыра ала ма? Сол бiр «қилы заманның» бұлжытпас деректерiнiң ХХ ғасырда қолға түсiп, айғақтың ашылуы неғайбыл. Түптiң түбiнде екiнiң бiрiне белгiлi болатын жағажайлы күндер де туар. Алайда оған дейiн қаншама ұрпақ ауысып үлгерер екен? Ол – болжаусыз болашақтың еншiсi. Ертеңге қол жайып, қарап қалу да әдiлетсiздiк. Мән-маңызы, қасiрет уайымы, өкiнiш-ренiшi күнтiзбенiң жаңа бетi парақталған сайын алыстан мұнартатын сағымға айналар. Мүмкiн, бүгiнгi ұрпақ орта ғасырдағы инквизиция сотына қалай немқұрайлы, болуы мүмкiн емес шындық деп қараса – ертеңгi ұландар да иығын қомдап қана қояр. Таңданатын құбылыс емес. Тарих тағылымы солай. Бiрақ, Галилейдiң отқа өртенгенi рас. Ол – ұмытылмайды.

Ал отыз жетiншi жылы адамзаттың ақыл-ойының даму жолындағы өсу кестесiне аты жазылуға тиiстi қаншама зерделi перзенттер жазықсыз құрбан болды?

Әрине, қазақ сөз өнерінің бақытына Мұхтар тiрi қалды. Бұл – рухани өмiрiмiздегi сәтiн салған несiбелi бақыт. Ондай «олжатай» сәттiлiк халқымыздың маңдайына сирек бiткен.

Егер соған шүкiрлiк жасап, тәубеге келетiн болсақ, онда бұл жылдардың көрпесiн жылы жауып қойып: «Аман қалыпты ғой. Ендi қазымырланып, түбiн қазып қажетi қанша?»,– деп аттап өтiп кетсек те, айып тағылмас едi. Мүмкiн, әлдекiм қуанар, әлдекiм өкiнер. Кiмнiң көңiлiнен шыққандайсың? Анығы – шымырлаған шымқай шындық әр ұрпақтың жүрек сүзгiсiнен өтiп, келесi толқынға жетуi керек. Ол – келесi ұрпаққа аманат етсiн. Азаматтық парыз, қасиеттi борыш. Мұхтар сияқты ұлы адам өмiр сүрген дәуiрдi түсiну үшiн де қажет. Дәуiр – Мұхтарды сынады. Мұхтар – дәуiрдiң аңдысын бақты.

Кiм күштi? Қайсысы дұрыс? Тiптi әр пенде, ол кездi есiне алғанда өзiнше ақталып қалуға тырысады? Не үшiн?

Оны ешкiм де ашып айтпайды. Бiрақ жорамалдап түсiнуге, болжауға болады.

Адамзат тарихындағы қасiреттiң барлығы – саналы түрде өршiткен белгiлi бiр кесiрлi-кесепат топтың өлермендiк әрекетiнен ушығады. Сол сияқты халықтық репрессияның да өз «жалдамалылары» мен арандатушылары болды. Бұлтсыз күнгi найзағай сияқты шатынаған жай оғынан үрейлену – жалпы елдi сескендiрдi. Көңiлдi күдiк билеп, күбiрткiдей жей бастады. Он үш адамды ату жазасына бұйыру туралы үкiм – дауыл алдындағы көкжиектен күркiрi мен жарқылы ғана көрiнiп-естiлген қара дүлей – смерчьтiң төнiп келе жатқанын сездiрдi. Адамдардың оған қарсы күресуге дәтi шыдамады. Сондықтан, шарасыз жанталас басталды. Әркiм өз басын қорғауға тырысты. Бiрiн-бiрi айыптады, күмән тудырды, қауесет таратты, арандатты да, қысқасы, кiмнiң кiм екенi ашыла бастады. Мұндай аласапыран шақтағы жан арпалысы Мұхтарға да тән едi. Ол осындай апат алдындағы қарбаласты:

«Шынайы күрделi, қиын қақтығыстар тұсында ғана адам сезiмiнiң, талайының, талабының, мiнез-нәрiнiң, тағдырдың барының баршасы түгел ашылып, тартыс қатал айқасқа айналды... Адам мен адам арасындағы терең жардай, өткелсiз шыңырау қарсылықтарды, әр жаратылыстың барынша терең шыңын түгел ашады. Сол шыңнан: шынайы көздiң жасы да, сағыныш, өкiнiш те, қам-қайғы, қасiрет те, трагедиялық айрылыс, үзiлiс те және неше алуан моральдық жан-тән катастрофасы қаза да, саза да туады»,– деп бейнелей жеткiздi.

Мұндай сынаққа шыдайтын пенде атаулы сирек едi. Адамның жүйкесi тозып, көрiнбейтiн зерде жiбiне iлiнiп тұрды. Апат ұзақ күттiрмедi. «Жалмауыз – тағдыр» басын көтердi. Мемлекеттiк қауiпсiздiк машинасы iске қосылды. Мұхтар оны сезген. Сезген соң барып секемшіл тартқан. Бойын үрейге жеңдіргені сондай, өзінің рухани пірі Әлихан Бөкейхановтың жолдаған хатын почтадан кері қайтарып жіберіпті. Оған Әлкей Марғұланның:

«Бірде барғанымда Әлекең: Мұхтар менің хатымды алмай қойыпты, – деп қоңырайып отырды»,– деген естелігі дәлел.

Мұның шындығын Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың:

«Мұхтар ағаны көрмегеніме 5-6 жылдай уақыт өтіпті. Отызыншы жылдары ұсталып, т.рмеде отырғанын білетін едім, босап шыққанын естімеппін. Екеуміз аяңдап қатарласып келеміз, менен үй-ішімнің амандығын сұрады. Бұрынғыдай еркелете сөйлейтін жылы лебізін бұл жолы ести алмадым. Өзім туралы қысылмай бәрін баяндай бастадым... Сөзімді үндемей тыңдап келе жатқан Мұхтар аға кілт тоқтады, мен де бетіне қарадым, өңі сұрланып, қабағы түсіңкі, денесі бір түрлі еңкіш тартып, кішірейгендей көрінді. Менің бетіме тура қарамастан қарлығыңқырап, булыққан дауыспен жайлап: «Қарағым Гүлнар, енді келешекте кездескенімізде бір-бірімізді танитын кісілерше амандасып, сөйлеспейтін болайық»,– дегенін естігенімде денеме суық су құйылғандай өне бойым мұздап, шошып кеттім. Сөзін әрі қарай жалғастыра бергенінде қолымды бір сілтеп, тыңдамай, тез бұрылып жүріп кеттім»,– деген («Шындық шырағы», 135-бет) жазбасы да растайды.

Жалпы репрессия кезеңiнiң науқандық әрекетiне байырқалай қарасақ, ол өте тереңнен, жан-жақты ойластырылған, үлкен-үлкен құрбандықтарға барып, асаулардың басын жерге тұқыртып иетiндей айла-амалмен, пәрменi күштi үгiт-насихаттың желiгiмен және темiр тәртiппен – күшпен жүзеге асырылғаны байқалады. Арғы-бергi тирандардың барлық жазалау, арандату, үрей тудыру, күш көрсету, ұрып-соғу тәсiлдерiн меңгерген. Атом жарылысының iркiлiп соғатын толқыны тәрiздi – бiр науқанның күшi әлсiреген сәтте екiншi толқын керi қарай соққан. Алғашқы Пятаков пен Радектiң компаниясы – дүлейдiң ядросы, тұтандырғыш шақпағы едi. Оларды «мойындатып», «қаралап алған» соң, халықты сендiрген соң нағыз науқан басталды. Бұл – тоғыз айға созылды. 1938 жылғы қаңтарда:

«Бiздiң адал адамдарымыз да ұсталып кеттi. Соларды ұстап бергендердiң өзi – «халық жауы», – деген желеумен екiншi «соққы» берiлдi.

Бұл куәларды құртудың ең тиiмдi «тәсілі» едi. «Қырағы нарком Ежов» та, «ежовшылар да» аман қалмады. Ең соңғы, шешушi, қауiптi толқын – отыз сегiзiншi жылдың көктемiнде «ұрды». Бухарин туралы үкiм шықты. Бұл – партияның басшыларына шабуыл едi. Солардың қатарында Мирзоян да кеттi. Орджоникидзе кабинетiнде өзiне-өзi қол салды. Өзге-өзге, бұл адамның адалдығына Сталиннiң жеке басының күдiгi жоқ едi. Бiрақ ол тым шыншыл, беделдi коммунист-тiн. Демек, Сталин үшiн аса қауiптi «қарсылас» едi. Олардың кезектi пленумда сөз алуы – өзiнiң әшкереленуiне әкеп соғуы мүмкiн. Бұл арада Ежовтың орынына келген Берия да «қырағылығын» көрсетiп бақты. Сол үшiн де сенiм көрсеткенiн ол бiлдi. Нәтижесiнде тиран – тиран күйiнде «кабинетiнде» қалды. Ендi «бас көтеретiн асаулар да» бiтiп едi. Тiрiлерi онша қауiптi емес-тiн. Сондықтан iле тыныштық орнады.

Ол жай тыныштық емес, сырты жап-жадағай, бiрақ iшiн күбiрткi жеп, сыздап тұрған тыныштық едi. В. И. Лениннiң:

«Сталин тым дөрекi, өз ортамызда, өзiмiздiң, коммунистердiң арасындағы қарым-қатынаста әбден төзуге болатын бұл кемшiлiк бас секретарь қызметiнде төзгiсiз болып келедi. Сондықан мен жолдастарға Сталиндi осы орнынан ауыстырудың жолын ойластырып көрудi және бұл орынға басқа адамды тағайындауды ұсынамын, басқа жақтарының бәрiн алғанда ол адамның Сталин жолдастан тек бiр ғана артықшылығы болатын болсын, атап айтқанда, неғұрлым iлтипатты болсын, қыңырлығы аз болсын, т. т.»,– деп (Ленин. Шығармалар толық жинағы, 45-том, 348-345 бет) берген мiнездемесi дәл шықты.

Пролетариат көсемi бұл қауiптi тым ерте көрiптi. Өкiнiшке орай, көсем өсиетiнiң орындалмаған жалғыз тiлегi бұл ғана емес болатын.

Мұның барлығы қазiр әбден жария етiлген шындық. Бiрақ сол шындықтың зардабы толық ашылып бiттi ме? Араға уақыт салып барып төрелiк жасау оңай. Одан жеңiл не бар? Бiрақ сол аласапыранда, ендi ғана саяси және мәдени аренаға көтерiлген, мәйегi ұйып келе жатқан қазақ интеллигенциясы өзiн-өзi қалай ұстады? Ақыл-ой иелерi қандай күйiнiштi күй кештi? Санадағы феодалдық, рулық сарқыншақтарды жеңе бiлiп, таза идея жолындағы күреске түстi ме? Рухани бiрлiктi, мәдени тұтастықты сақтай алды ма? Өзгенi былай қойғанда, Жазушылар Одағындағы қас-қабақтың қағысы қалай едi? Мұны бiлмей Мұхтарды да, оның жан күйзелiсiн, қуанышын да тани алмаймыз. Бiр өкiнiшi, сол кез туралы күнделiктердiң, жазбалардың сақталмауы. Iшiнара қағазға түсiрген арамдардың өсиет-хаттары кейде мәжбүрлiктен пештiң көмейiндегi күлге айналған. Сондықтан да баспасөздегi тасқа басылған «таңбаларды» қанағат тұтуға тура келедi.

Сонымен Жазушылар одағы бұл науқанды қалай өткiздi?

Алғашында оқшау, тосын оқиға көрiнген, ешкiмнiң ойына «дауылға» ұласады-ау деп күтпеген қауiп-қатер Сталиннiң 1937 жылғы наурыз айының 3 күнi БК(б)П-ның Орталық Комитетiнiң пленумында жасаған баяндамасынан кейiн нақты шындыққа айналды. Сталин социализмнiң жетiстiгiнiң өзiнен «халық жауын» iздедi. Сөздiк қоры аз, бiрақ әр буынын нығарлап, қайталап, бұйыра айтатын, логикалық тұрғыдан өте нақты, түсiнiктi етiп жеткiзетiн мақамымен:

«Әңгiме мынада: партиялас жолдастарымыз шаруашылық науқандарға, шаруашылық құрылыс майданындағы орасан зор табыстарға берiлiп кеткендiктен, большевиктердiң ұмытуға правосы жоқ аса маңызды кейбiр фактiлердi ұмытып кеттi. Олар СССР-дiң халықаралық жайынан туатын бiр негiзгi фактiнi ұмытты, партия беделiн бетке ұстап, большевик болғансып көрiнген қазiргi зиянкестерге, шпиондарға, диверсанттарға, қанiшерлерге тура қатысы бар аса маңызды екi фактiнi байқамай қалды және қазiргi троцкизм – дұшпандық, күрес әдiсiн өзгертiп... қазiр шет мемлекеттердiң шпиондық орындарының тапсырғанын iстейтiн зиянкестердiң, диверсанттардың, шпиондардың және кiсi өлтiрушi жауыздардың принципсiз қанiшер бандасына айналғанын сезбедi»,– деген сөзі бүкiл халыққа үкiм боп естiлдi («Қазақ әдебиетi», 16 көкек 1937 ж.).

Тиранның тирандығы сол – оларға ешкiм де қарсы шығып көрген емес. Ол – күрделi, қайшылығы мол тұлға. В. И. Лениннiң «Съезге хатындағы» Сталинге берген:

«Бұл жағдай болмашы ұсақ нәрсе боп көрiнуi мүмкiн. Бiрақ менiң ойымша, жiктелiстен сақтандыру тұрғысынан қарағанда және Сталин мен Троцкийдiң жоғарыда мен жазған өзара қатынасы тұрғысынан қарағанда, бұл ұсақ нәрсе емес, немесе мұның өзi шешушi маңыз алып кетуi мүмкiн ұсақ нәрсе»,– деген (Ленин. Шығармалар толық жинағы, 45-т., 384 бет) мiнездемесi дәл келдi.

Троцкийдiң саяси платформасының талқандалуы Сталиннiң алдына орасан зор мүмкiндiк ашты. Оған қарсы тұрған теңдес қайраткер жоқ едi. Ол – жалғыз. Ол – көсем. Ол – құдiреттi күш. Оны мұндай сый-сияпатқа, қошеметке көтерген – халықтың өзi. Луи Наполеонның (император Наполеонның немересi – Т. Ж.) президенттiкке сайлануына бар қуат-күшiн жұмсаған, бiрақ шаhзада Республиканы, халық мүддесiн сатқан кезде:

«Бiз Наполеонға дауыс бергенде бұрынғы Наполеонның атақ-даңқына табынғамыз жоқ, бiз түрмеде жатқан, кедей таптың мүддесiн қорғап тамаша кiтаптар жазған адам үшiн, зерделi саясаткер үшiн дауыс бердiк... Бiз оған үлкен үмiт арттық. Бiздiң сол үмiтiмiз ақталмады, алданып қалдық»,– деп мiнбеден айқай салған Виктор Гюго сияқты шындықты Сталиннiң бетiне тура айтқан, айтқанда да дауысы жететiндей ғып, сендiре айтқан азамат табылмады.

Керiсiнше бар дауыспен: «Арамыздағы халық жауын әшкерелейiк!»,– деп ұран тастап, адамдардың бiр-бiрiн мүйiздеуі басталды. В.М.Молотовтың «Троцкий басқарған зиянкестерге, диверсанттарға, шпиондарға қарсы күресуге мiндеттерiмiз» деген мақаласы газеттердiң үш бетiне тұтас басылды. Онда халық жауларын анықтаудың әдiс-тәсiлдерi, жолдары айтылды. «Кадрларды тәрбиелеу», «Қызметкерлердi iрiктеу», «Басшылық етудiң әдiстерi туралы» деп берiлген тараулардың аттарынан-ақ не туралы әңгiме болғандығы оңай аңғарылады. Нұсқау берiлдi. «Күрес теориясы» жасалды. Кешiктiрместен, ойланып-толғанбастан жаппай iске кiрiсiп кеттi. Сырт көзге елуiншi жылдардың соңында Қытайдағы торғайлар мен тышқандарға қарсы «табиғат зиянкестерiне соғыс ашқан», «шаруашылықтың үнем шараларын» еске салғанымен де, бiр ұлы державаның өмiрiндегi трагедия, рухани апат басталды. Мұнда, торғай емес, адамдарды аулауға тиiстi болды.

Бұрын да жiгi ажырап, әзер ұстап тұрған қазақ интеллигенциясының арасы, оның iшiнде ҚазАПП-тың тұсында «жерiне жете жiктелген» жазушылар ортасы кiлт бұзылып, қиюы тез қашты. Саяси қайраткерлердiң iшiндегi сәдуақасовщина, ходжановщина, сейфуллинщина, меңдешовщина iспеттi «щиналар» қайтадан тұтанып шыға келдi. Тiптi, саяси науқан – жүздiк, рулық бәсекенi де қоздырды. Әдебиет төңiрегiндегi пiкiр таластары ендi «арзан ұлтшылдыққа» ауысты. Естiп-бiлмеген «жапон империализмiнiң шпиондары» шықты. Қазақ жазушыларының iшiнен сынның найзасына ең бiрiншi iлiнген адам – Бейiмбет. «Большевиктiк сын және өзара сынды биiк сатыға көтерейiк» деген мақала тiкелей соған арналып:

«1936 жылы Қазиздат басып шығарған Бейiмбеттiң» «Ел мектебi» деген пьесасының iшiнде халық дұшпаны, жауыз Троцкийдiң жексұрын атының жүруi оны көре тұра редактор Әлiбаевтiң баспаға жiберуi барып тұрған контробандалық», – деген («Қ. Ә.», 1937 жыл 9 көкек.) үкiм шығарылды.

Ғабит Мүсiрепов ол кезде Орталық Комитеттiң насихат және үгiт бөлiмiн басқаратын. Мақаланы қарап шығып, басылуға қарсы болды. Ақыры тоқтата алмайтынына көзi жеткен соң, өз жауапкершiлiгiне алып, «қол тигiзiп, жұмсартқан». Жоғарыдағы үзiндiден соң газет бетiнiң бiраз жерi ашық қалған. Бұл – баспасөз тәжiрибесiнде кездеспейтiн әдiс. Зады, кейiн Ғабиттiң «сызып тастаған» жерiн көрсету үшiн әдейi қалдыруы да ғажап емес.

Редакция атынан жазылған бұл мақаладағы әңгiме негiзi мынада. Сол жылдары Бейiмбеттiң көп томдығы жарияланды. Соның iшiнде 1935 жылдары жарияланған «Ел мектебi» пьесасындағы оқиға өткен тұстағы партия қайраткерлерiнiң бiрi Троцкийдiң аты кейiнгi басылымда сызылмай кетiптi. Сыныққа сылтау оңай табылды және сол есiм оның түбiне жеттi.

Екi иығынан дем алған белсендiлер бұған да қанағаттанбады. Сол мақаламен қатар орналасқан «Көркем әдебиеттегi қаталар және сапасыздықтар туралы» атты редакциялық ескертуде бұл:

«Әлдеқалай, жеңiл-желпi қате емес, iрi қате. Ол пьесада халықтың дұшпаны Троцкийдiң аты Лениннiң атымен қатар жазылады. Мұны көре отырып, партиядан қуылған алаш ордашыл Әлiбаев Абат қасақана әдейi жiберген»,– деген кiнәнiң батпан бояуын қалыңдата түседi.

Ал сол газетке қол қойып отырған редактор Б.Майлиннiң тағдырының әрi қарай қандай күйге түскенiн айтпай-ақ түсiнуге болады. Бұған қоса Сәкеннiң «Қызыл сұңқарлары», Iлиястың «Жолдастар» романы «қара перде» жамылып шықты.

Сөйтiп, алғашқы соққы Би-ағаңа берiлдi. Байқаусызда сызылмай қалған Троцкийдiң есiмi екi-үш ай бойы баспасөз бетiнен түспедi. Қайырылып келiп басына қамшы боп үйрiлдi де тұрды. Әрине, «жалғыз ағаш – орман емес». Отаған соң бәрiн де қамтыған дұрыс және «жығылсаң – нардан жығыл» деген. Арандатушылар тәуекелге бекiнiп, «басты жазушыларға азуын бiлейдi. Кезек Iлиясқа, Мұхтарға, Сәкенге келдi. «Социалистiк Қазақстан» газетiнде «Жинақтар туралы немесе алашордашы контрабанданың тағы бiр түрi туралы» мақала жарық көрдi. Ол «Қазақ әдебиетiнiң» 1937 жылғы 14 шiлде күнгi санында екi бетке көшiрiлiп басылды. Түгелдей келтiрудiң мүмкiндiгi жоқ, қажетi де шамалы. Бiрақ та аласапыран шақтағы оқиғаның даму бағдарынан, оттың еселей қаулауынан хабардар ету мақсатымен және Мұхтарға тiкелей қатысы болғандықтан үзiндi келтiремiз. Мақала авторы белгiсiз. Шындық үшiн ол есiмнiң анықталғаны лазым. Бiр есептен бiлмегенiмiздiң өзi дұрыс та шығар деп ойлайсың. Расында, кiм болуы мүмкiн? Ешкiмдi жаманатқа қиғың келмейдi. Ал, ол кімдердің басын бәйгеге тiккен десеңшi! Былай деп жазудан именбеген:

«Социалистiк Қазақстан» бұдан 3 ай бұрын Майлин Бейiмбеттiң толық шығармаларындағы, әсiресе, оның IV томы туралы, онда үлкен сорақы қаталықтар кеткенiн жазып едi. Оның немен аяқталғаны оқушыларымызға мәлім. Қарастыра келгенде, «Толық шығармалар жинағын» бастыру басты жазушылардың арасындағы салт екендiгi анықталып отыр. Жақсы нәрселерiн жинастырып басса бiр сәрi-ау, алғашқы кездегi брактарын да, идеология жағынан мүлде жат, саяси жағынан қата, көркемдiк жағынан құнсыз шығармаларын да жинап шығаруды әдет қылып алған. Бұл жөнде төменгi үш жинақты алуға болады. Бiрi – Мұхтар Әуезовтiң «Ескiлiк көлеңкесiнде» деген әңгiмелер жинағы. 1935 жылы басылған. Екiншiсi – Сәбит Мұқановтың толық жинағы. I том. 1934 жылдың аяғында басылған. Үшiншiсi – Iлияс Жансүгіовтіңң толық жинағы, II том. 1933 жылы басылған.

Әуезов беташар сөзiнде былай дейдi: «Өткен уақыттағы жазушылық жолың қандай сатымен, қай кезеңдердi басып өттi, оны бүгiнде өзiң қостамайтын, ақтамайтын болсаң да, шашылып, ұмытылып қалмай, сол кездегi өз тұлғаңды жұртшылықтың анықтай отыруы үшiн болса да, бiр топтап, жарыққа шығару терiс болмай ма деймiн... Сондықтан, өз ескiлiгiмдi бүгiнгi жас буынға ұсынғанда, көбiнесе сол бұрынғы қалпынан өзгертпей, өзiнiң сол күнгi тұлғасымен көрсетудi дұрыстыққа тән болар деп бiлдiм».

Мұқанов өзiнiң шығармаларындағы бет ашарында: «Кейбiр өлеңдер маңызсыз болса да, менiң өсу, өркендеуiмдi көрсетуге материал болатын сықылды болған соң енгiздiм»,– дейдi.

Жансүгiров өзiнiң беташарында: «Жазылған өлеңдер әр мезгiлдiң кезiнде жазылғаннан түзетiлмей, өзгертiлмей, басылған күйiнде қалдырылды. Өлеңдi оқушыға, жазушыны сынауға мүмкiн қатар материал беру үшiн жазушының бүгiнгi бағытына, пiкiрiне қарсы келетiн, көркемдiк жағынан нашар өлеңдер де кiргiзiлдi»,– дейдi.

Сөйтiп, бұл жазушылардың қай-қайсысы болса да жинақтарын баспаға берерде қарап тексерген, мұнда өзiнiң бүгiнгi бағытына, саяси жолына қарсы келетiн зиянды шығармалар бар екенiн әбден бiлген, бiрақ, бiле тұра жұртшылыққа пайдасыз, зиянды шығармаларды баспаға жiберген. Қата, залалды шығармаларды жинаққа кiргiзудегi бұлардың бiр-ақ дәлелi бар, ол – өздерiн жұртшылықтың о жақ-бұ жағынан толық сынауға жеткiлiктi материал беру. Бұлардың «теориясы» бойынша советке қарсы, ұлтшылдық идеялы, iрiк-шiрiк пiкiрлi барлық шығармаларды әдейi басып шығарып, соны сынау керек көрiнедi. Бұл нағыз зиянды «теория», зиянды пiкiрге жол бергендiк, жат идеологияға трибуна бергендiк деп осыны айтады».

Мiне, мәселенi қайда әкеп тiреп отыр. Ол өзiнше «контрабанданың» жаңа түрiн әшкерелеп, науқанға барынша пайдалы болуға тырысады. Әдебиетке жаны ашығансығанымен, оның көздегенi мүлдем басқа нысана. Яғни, Iлиястың, Мұхтардың, Сәбиттiң өмiрiн қарауылға iлiндiрген. Шүрiппенi басатындар басқалар ғой. Әрине, Бейiмбеттiң тағдырының «немен аяқталғаны» сол кездегi оқырмандаға ғана емес, кейiнгi ұрпақтарға да мәлім. Яғни, осы шiлде айында Би-ағаң «қолды болған». Белгiсiз сыншы пiкiрiн одан әрi былай жалғастырады.

«Әуезовтің жинағына 1921-25 жылдардың арасындағы жазған әңгiмелерi кiрген. Қай әңгiмесiн алсақ та, қазақтың, ескi ауылдың ақсақал, байлар билеген рушылдық тұрмыс-салты өзгермеген қалпын суреттегенiн көресiң. Осы ескi ауылды суреттеп жазғанда, Әуезов өткеннiң азғын, жауыздық, әдiлетсiздiк қылықтарын әшкерелеп, бүгiнгi күннiң сотына тартып, бүгiнгi жұртшылықты сол өткеннiң оңбағандық қылықтарынан жирендiре жазбайды, әңгiменiң барлық жерiнде сол ескiлiктi көксейдi, арман етедi, қазақ байларының феодалдық тұрмыс-салты, олардың салтанаты Әуезовке өмiрдiң ең бақытты «ұжмағы» сияқты. Әуезовке совет тұрмысындағы жаңалықтың бәрi жат, совет заңының сәулесi қазақ даласына жетпеген, дала жынданған, құтырған боран астында жансыз өлiк сияқты. Әуезов ол кезде даланы былай таныған:

«Дала жайылған кебiнге ұқсайды, алыстағы биiк жота жұмырланған пiшiнмен тiршiлiктi көмген молаға ұқсайды... Ақ дала меңіреу болып түнеруде. Қайғылы сары бел боран әкелiп тұрған ақ киiмiн қымтай түсiп жата бердi» (58-60 бет)».

Бұл арада мақала авторы Мұхтардың бұл әңгiмелерiнде революциядан бұрынғы қазақ даласы суреттелгенiн «ұмытып кетедi». Көркемдiк талдауда шаруасы жоқ. Өйткенi бұл үзiндi мына пiкiрдi айту үшiн керек болып тұр ғой:

«Қазақ даласын совет келгеннен берi қара пәле қаптаған деп суреттеу, ақ боран астындағы өлiктей етiп суреттеу ұлтшыл жазушының шығармаларындағы негiзгi идеялық мотивi болатын. Әуезовтің бұл әңгiмесiнiң сарыны да сол iзбен кеткен сарын. Совет үкiметiнiң жолына, саясатына қарсы жазылған бұл әңгiмелердiң бүгiнгi жұртшылыққа қаншалықты керек екенiн автор Әуезов те, кiрiспе сөз жазған Мұқанов та, редактор Жаманқұлов та түсiнсе керек едi. Бiрақ практикада бұлай болмай шықты, ұлтшыл бағыттағы әңгiмелердi басып шығарды.

Әуезовтің бұл жинағына кiрiспе сөз жазған Мұқанов жолдас былай дейдi: «Олай болса идеология жағынан пролетариаттық болмағанымен, Мұхтардың бұл әңгiмелерi арқылы ескi ауылдың кейбiр шындықтарын, даналықтарын, еңбекшiге iстеген зорлығын аз да болса көремiз... Осы басып отырған әңгiмелер болсын, басқа еңбектерi болсын, идеологиясын былай қойғанда Мұхтардың iрi суретшi екенiне айқын дәлел (5-бет). Өзi идеология жағынан жат, зиянды болсын, сүйтсе де, ол бiзге пайдалы, керек нәрсе»,– дейдi. Осындайда жауапсыз, сүрiнiп жығылған пiкiр бола ма екен? Мұқановтың бұл сөзiнiң баяғы Сұлтанбек Қожановтың алашорда ақыны Жұмабаевтің контрреволюцияшыл өлеңдерi жинағына жазған сөз басынан несi кем?

Егер, шығарма пiкiр, идея жағынан бiзге қарсы, залалды болса, ол шығармада ешбiр шындық жоқ, ондағы көркемдiк жат идеяға бағынулы болады. Идеясыз, пiкiрсiз ешбiр көркемдiк – көркемдiк болып танымайды. Мұқанов жолдас Әуезовтің шығармаларының зиянды пiкiрлерiн ашып, алдын ала жұртшылыққа ескертiп айтамын деп, өзi терiс пiкiрлер ұсынып отыр. Мұқанов шын қырағы болса, Әуезовтің бұл әңгiмелерiн бастырмауы керек едi. Бiрақ, бұған Мұқановтың да, Жаманқұловтың да большевиктiк батылы жетпеген. Жазушылар ұйымы бұл сорақылықты да көрмедi, бұл жайында жұмған аузын ашпай отыр».

Мынадай айыптаулардан кейiн «жұмған ауыздар» ашылмай қоймады. Сыншы-идеолог өзiне қажеттi сөздердi де дәл тауып, логикалық тұрғыдан сондай шебер қиыстыра бiлген. Бұл да «мақсат жолындағы күрестiң» бiр оңтайлы тәсiлi. Ең пасық, опасыз түрi. Әуезовтің «шаруасын бiтiрiп» алған соң, Iлиясқа, Сәбитке ауысып, Р.Жаманқұловтың сыбағасын бердi. Оларға тағылған айыптың құны тым қымбатқа түстi. Iлиястың өлеңдерiнiң идеялық «контрабанда» екендiгiн дәлелдей келiп:

«...«Жау» деген өлеңiнде, Әуезовтің әңгiмелерiндегiдей, ескi феодалдық ауылды көксеп, арман қылды»,– деп тұжырым жасады.

Бұл мақала – Iлияс пен Рахметолла Жаманқұловтың қылмысын әшкерелеген, олардың «жапон империализмiнiң агенттерi» екендiгiн дәлелдейтiн «үш айғақтың» бiрi ретiнде тiркелiп, үкiм есебiнде қабылданды. Сәбит Мұқановтың партиядан шығарылуына «септiгiн» тигiздi. Бұл да аздық жасап, «үшеуiнiң» кесiрлi кеселiнiң себептерiн:

«Үш жинақтың кескiнi, мiне, осындай. Бұл жинақтарда болып отырған қаталықтардан қандай қорытынды шығаруға болады? Қорытынды сол – бұлар өсiп, iргелi жазушы болу дегендi кiшiпейiлдiлiк деп түсiнбейдi, менменсiну, өр көкiректiк деп түсiнедi. Олар өздерiн өлген Гейне, Гете, Пушкин, Толстой санайды. Соның үшiн достарына жазысқан хаттарына дейiн бастырып шығаруға асығады. Бұлар өздерiнiң атағын зорайтып, өздерi жайында жұрт ылғи айтып жүруiн сүйетiн сияқты... Бұлар көсемшiлдiк ауруына ұшыраған... «,– деп, даңққұмарлықтан iздейдi.

«Үшеуiнiң» даңғойлығына езу тартып, әжуә еткiсi келедi. Мысқыл – өнердегi ең уытты, құрметтi, қажеттi қасиет. Ол – алдаспан тәрiздi сұлу да суық қару. Кейде жарасып, жайнап кетедi. Кейде орны толмас өкiнiшке қалдырады. Мәселе, мысқылда емес, сол сөз алдаспанды ұстаған адамның тектi, тексiздiгiнде. Ал арандатушының қолындағы қарудан қауiптi нәрсе жоқ. Әйтпесе:

«Кейбiр жазушылар, әсіресе, осы жолдастар, жұртшылық сынына, газеттердiң сигналына құлақ қойғысы келмейдi. Өйткенi осы жинақтағы көп жеке шығармалардың нашар екендiгi кезiнде баспасөз бетiнде айтылған»,– деп есепсiз еркiндемес едi.

Кемшiлiксiз, кем-кетiксiз пенденi ұшырату қиын. Таланттардың да тағдыры – бәйге аттың тағдыры. Бiрде аққан жұлдыздай зымырайды, бiрде тосылып қалады. Не бабы келмейдi. Мұхтар мен Сәбиттiң өз шығармаларын өңдеуге кейiн мүмкiндiк туды-ақ делiк. Ал Ілияс сол шығармаларымен классик, туған әдебиетiнiң көсемi болып қалды. Сонда, барды жойғысы келген адамның өзi «көсемшiлдiктен» дәме етпедi ме екен? Оның өзiнiң шығармасын оқыр ма едi? Әрине, ол оған бас қатырып жатпаған. Пiкiр – үкiмiн сенiммен:

«Қысқасы: бұл сияқты зиянды ұлтшыл контрабанданың сол уақытқа дейiн конфескеленбей елiмiзде таратылып жүргенi әдебиет майданында сақтықты көтерген үстiне көтере түсудiң керек екендiгiн көрсетедi. Большевиктiк сынды, өзара сынды барынша өрiстете отырып, әдебиет майданында алашордашыл контрабандаға жол берiлмей, бiздiң жазушыларымыздың бүкiл творчестволық инициативасын ұлы отанымыздың игiлiгiне жұмсауымыз керек. Жоғарғы айтылғандар сияқты зиянды «жинақтардың» түке керегi жоқ»,– деп түйiп тастады.

Иә, бұл адам – өзiне өзi сенген адам. Ақыры айтқанын iстетiп тынды. Кiтаптар конфискеленiп, сөрелерден алынды. Олар жертөледе шiрiдi, не отқа өртендi. Ол үкiм жиырма жыл бойы күшiн сақтады.

Зады, «халық жауларын» табан астында: шұғыл түрде «әшкерелеп» қауырт кiрiскенiне Сталин жолдас сүйсiнген болуы керек. «Үкiмет тапсырған жұмыстарды орындау жөнiнде НКВД орындарына басшылық ету iсiндегi асқан iрi табыстары үшiн» Н.И.Ежов, (17 шiлде де) және «революциялық заңдылықты және прокуратура орындарын нығайту жұмысын ойдағыдай жолға қойғаны үшiн» А.Я.Вышинский (20 шiлдеде) Ленин орденiмен наградталды.

«Бас чекист» пен «Бас прокурор» тың «шабытпен» науқанға белсене кiрiстi. Ол «шабыт» миллиондаған адамның өмiрiне балта шапты.

Бұл екi адам қақында талай-талай шындықтардың тарих қалқып, Талейран сияқты арандатушылығымен аты шыққан саясаткерлердiң «мираскерлерi» ретiнде әшкереленiп, кiтап та жазылар. Жазылады да. Себебi: өткендегi қатерлi асулар мен қасiреттi кезеңдер келер ұрпақтың алдынан шықпауы тиiс. Адам зердесiндегi «ақтаңдақ» әмәнда мәңгүрттiкке жетелейдi. Қандай да қайраткер болмасын арының алдында тағзым етедi.

Мемлекет және ар. Бұл мәселе тек бүгiн ғана көкейкестi мәнге ие болып отырған жоқ. Бiз, Цезарь, Едiл – Атилла, Ескендiр Зұлқарнайын, Шыңғысхан, Грозный, Темiр, Наполеон туралы ойлағанда да олардың өз арының алдындағы кiрiптарлығын еске аламыз. Сол арқылы баға беремiз. Бүкiл Француз Республикасының тағдыры қыл үстiнде тұрғанда Виктор Гюго бар даусымен жанұшыра айқайлап:

«Бiз әр жолы ар-ождан деген сөздi қолданғанымызда, бұл ұғымның ең қасиеттi мәнiне салмақ сала ишара жасаймыз, бiрақ өкiнiшке орай бұл сөз аса iрi саяси қайраткердiң езуiне мысқыл үйiредi. Алғашқы кезде осынау ұлы қайраткерлер бiзге үмiттене қарайды, олар бiз ұшыраған ар-ұят деген дерттен жазылып кетедi деп жаны ашығансиды, өйткенi мұның барлығы мемлекеттiк қажеттiлiктен туды деп сендiредi. Ал, егерде бiз табандап жатып алсақ, онда зығырдандары қайнап шыға келедi; бiздiң мемлекет iсiнен ештеңе түсiнбейдi, саяси түсiнiгi жетiлмеген, дәйектi ойдың адамдары емес және... қалай айтсам екен... несi бар, айтайын. Олар бiздiң бетімізге түкiрiп, аузына келген сөзбен қарғап-сiлеп, балағаттайды: олар бiздi ақындар деп кемсiтедi»,– деген еді.

Мемлекеттi басқара бiлу де – өнер.

Байсалдылық пен шешiмталдық та, ақыл мен ерлiк те, парасат пен iскерлiк те бiр адамның бойынан табылуы тиiс. Ең бастысы – адамгершiлiкке суарылған ар тазалығы. Азуын айға бiлеген әкiмнiң жеке басындағы жағымды-жағымсыз мiнездерiне осы екi қасиет тоқтау салып отыруы тиiс. Қазақ ертегiлерiндегi Аяз би сияқты тәубесiн ұмытпағаны жөн. Сталинге дәл осы қасиет жетпедi. Барлық сыпайылық сырт қалып, Гюго айтқандай, тек қана «балағаттау», «қарғау» әдетке айналды. Оған да тоқтамай жазалау саясаты басталды. Мемлекеттiк айыптаушы А.Я.Вышинскийдiң аузынан шыққан: «контрабанда», «қан iшерлер», «сiлiмтiктер», «адам кейпiндегi шаяндар», «сұрқия жөлiктер», «Жапония мен Германияның белсендi шпиондары, итаршылары», «ұлтшыл – фашистер», «есуас», «фашист – күшiктер», «сүмелектер», «азғындардың қойнына кiрген», «ит құсап ауыз жаласқан», «жалдамалы төбеттер», «кiсi өлтiргiш сұмырайлардың қарғыс атқан күшiктерiнiң шiрiк ұясы», «зұлым иттер», «баскесерлер» – деген анықтамалар мен қарғыстар мемлекеттiк терминге айналып, баспасөздiң үйреншiктi сөздiк қорынан берiк орын алды. Сондықтан да төменде келтiрiлген үзiндiлердегi шенеулер мен теңеулерге пәлендей таңдана қараудың райы жоқ.

Бұл «қарғап-сiлеудiң» барлығы да ол кезде заңды тiркестер боп есептелдi. Зиялы оқырманнан кешiрiм сұрай отырып, оғаш тiркестер мен сөлекеттеу сөйлемдердi сол қалпында қалдырдық. Қайтемiз, уақыт зауалы солай.

Сонымен... Мұхтар өзiн-өзi қалай ұстады? Қалай ұстау керек? Ол да пенде. Әшкереленiп жатқан, немесе әшкереленуге тиiстi жазушылар қатарында қалайда пiкiр бiлдiруi заңдылық. Үндемесе – «халық жауының қамқоршысы» боп шыға келедi. Мәселенi, жағдайды, сол сәттегi Мұхтардың көңiл күйiн жан-жақты әрi тереңiрек бiлу үшiн көзге шалынып, қолға түскен деректердiң барлығын назарға ұсынамыз. Әрбiр жиналыс сайын халқымыздың маңдайына бiткен перзенттерiнiң тағдырына «қарғыс таңбасы» басылды. «Шпиондардың», «ұлтшыл – фашистердiң» тiзiмiне қосылған тың есiмдi оқысаңыз, бұл адам «қырағы нарком Ежовтың сақшыларының» темiр құрсауына iлiндi деп есептей берiңiз. Бұл хабарларды жазықсыз жандар туралы берiлген «некрологтың» бiр түрi деп те қабылдауға болады.

Газеттi ашып жiбергенде түнде ғана құшақтасып айрылысқан досыңның «халық жауы» екенiн бiлесiң. Iле өзiңе қарсы шабуыл басталатын. Бейiмбет Майлиннiң «мәселесi шешiлгеннен соңғы» аз уақыттың iшiнде Әдiлбек Қоңыратбаев, Темiрбек Жүргенов, Айсарин, Рахметолла Жаманқұлов ұсталды. Сондай жиналыстын бiрi төмендегiдей: әңгiме – ақын Әбдiлда Тәжiбаев туралы. Мақаланы толық келтiруiмiздiң себебi – мұнда Мұхтардың да сөзi басылған. Талқылау – Әбдiлдә ақынның шығармашылығына қарай ойыса берген екен. Екiншiден: сол уақыттың салқын лебi анық есiп тұр. Әрине, бұл талқылаудағы адамдарды кiнәлай қарап, жазғыру ағаттық. Олар «айыпкерге» саяси жарлық тағудан гөрi, әңгiменi шығармашылығына қарай бағыттауға тырысқан. Ол – белгiлi дәрежеде өз мақсатына жеткен. Зады ақындық қасиет деп шындыққа тура қарауды айтсақ керек. Әбдiлдә Тәжiбаев та «Жылдар, ойлар» туралы толғанысында сол бiр қиын сәттi жасырмай еске алыпты. Арқасыз – ақын болмайды. Өз буына өзi бусанған жастық шақтың қызуы шыдата ма және тетелес ақындардың бiр-бiрiне қызыға, қызғана қарауы да сирек ұшырасатын құбылыс емес. Оны да түсiнуге болады. Бiз газет мақаласы мен Әбдiлда Тәжiбаевтiң естелiгiн жарыстыра беремiз.

«Қазақстан Жазушылар ұйымында» («Қазақ әдебиетi», 14-шiлде 1937 ж.): «Маусымның 24 күнi Қазақстан Совет жазушылары ұйымының правление жиылысы болды. Бұл жиылыста «Лениншiл жас» газетiнiң 24 июньдегi номерінде жарияланған «Тәжiбаев Әбдiлда және оның достары» деген мақала талқыға салынды. Жиналысқа қатысушы ақын-жазушылар Тәжiбаевтiң қателiктерiнiң түп тамырының қайда жатқандығын айқын ашуға тырысты. Шынында да Әбдiлданың көптен бергi жазған өлеңдерiнiң темасы «өз үйiнiң төңiрегiнде» тар көлемде болып, саяси темадан қалып қойғандығы айқындалды.

Әбдiлда бұл жиналыста сөйлеген сөзiнде қатасын мойнына алудың орнына, өзiн-өзi ақтай, «осы бетiм дұрыс» деуге тырысты. Өзiнiң қате позициясын мақұлдап қасаруы былай тұрсын, немiстiң қуғынға ұшыраған атақты ақыны Генрих Гейненiң творчествосына жала жауып: «оның лирикасын – саяси лирика емес едi, мен де сондай лирикпiн» – дегiсi келдi. Гейненiң творчествосының ең күрделi жағы саяси лирика едi, сондықтан да ақынның өткiр тiлдi өлеңдерiн сол дәуiрдегi бүкiл буржуазия боп жек көрiп, қатты өштестi. Кейiннен шығармаларын фашистердiң қазiр отқа жағып жатқаны да сондықтан. Контрреволюцияшыл-алашордашылардың ықпалында кетiп, советтiк шындықтан, советтiк ұлттық идеядан, советтiк таза мiнез-құлықтан кейiндеп кеткендiгiн Әбдiлданың ұғынғысы келмедi. Жазушылар ұйымының жиналысында «Лениншiл жас» газетiнiң көрсеткен фактiлерiнiң бәрi де дұрыс екендiгi ашылды».

Мәселе неден ушықты, авторы кiм едi? Бұл араға түсiнiк беру артық. Ең дұрысы «кiнәлi» адамның өзiне беру:

Әбдiлда Тәжiбаев: «Басылған бiрiншi мақаланың авторы «Лениншiл жаста» менiң лирикама жақсы баға бердi. Оны әдебиеттегi «жаңа леп» деп таныды. Мұндай мақаланы Исамылов, әсiресе, Өтепов Құлмырза көп жазды. Мен осыларға сүйенiп әжептәуiр еркiнсiп кеттiм. Өзiммен құрбы, тетелес ақындарға қораздана қарайтынды шығардым. Сөйтсем, осының бәрi дерлiктей бекершiлiк екен. «Лениншiл жас» газетiнiң сол жылы 24 июньдегi номерiнде «Тәжiбаев Әбдiлда және оның достары» деген атпен ақын Саин Жұмағалидың газеттiң бiр бетiн түгел алған мақаласы шықты. Бұл мен үшiн бомба жарылғандай әсер еткен оқиға болды. Сол күнi түсте Қазақстан Жазушылар ұйымында газет материалын талқылайтын арнаулы жиналыс өттi. Онда мақаланы ұйым хатшысы Қаратаев Мұхаметжан дауыстап оқыды да, редакция пiкiрiн қуаттайтын пiкiрiн айтты. Одан өзге Мұқанов Сәбит, Әбдiқадыров Қалмақан, Әуезов Мұхтар, Сыздықов Жақан, Саин Жұмағали тағы басқалар сөз сөйледi. Маусымның 29 күнi осы жиналыстың материалдарын «Лениншiл жас» тағы басты. Өзiнiң бас мақаласын осы оқиғаға арнады. Бiрсыпыра жолдастардың сөздерi түгел дерлiктей жарияланды».

Ал енді «Қазақ әдебиетiндегi» есепке жүгiнеміз. Кiм не айтты?

«Мұқанов жолдас жиылыста сөйлеген сөзiнде Әбдiлданың мұнан екi-үш жыл бұрын тым тәуiр жазып, қоғам тұрмысынан қашықтап, көпшiлiктен сырттай бастағанын, партия жұмысынан алыстап, өндiрiстен қол үзiп, «өзiндiк-жекелiк» жолға түсе бастағанын айта келiп, соның бәрi кемшiлiктi кезiнде қатты сынамағанымыздан,– дедi. Жаман адамдармен, бiзге жат адамдармен жақындасып, ауыз жаласып, сондай аса үлкен кiнәсін бiреуге жаба салам деуi – дұрыс емес. Алдағанға көнетiн ол бала емес. Сондықтан, Тәжiбаевтiң ондай қылықтарының зор қате екенiн ашық айтуымыз керек. Әбдiлдадан мен үмiт үзген адам емеспiн. Бiз оны сынай бiлсек, ол сынды көтере бiлсе, өз қатесiн мойнына алып түзей бiлсе, өсуiне мүмкiндiк бар. Ол – кедейдiң баласы, совет мемлекетiнде оқып, жоғары дәрежелi бiлiм алған совет жiгiтi. Кемшiлiгiмен бiрге аздап еңбегi де бар. Әбдiлданың большевизмге үйренбей жүргенi рас, ол классиктердi оқығанмен, соны өз басының елегiнен өткiзе бiлмейдi. Партия жиылысына, саяси сабаққа қатыспайды. Егер, осы бетiн түземесе, оның жау болып кетуiне мүмкiншiлiк көп. Сондықтан Әбдiлда түзелемiн десе, ең алдымен большевизмге жетiлудi алдына ең басты мiндет етiп қоюы керек. Ол үшiн большевиктiк сынды түсiнсiн. Қоғам, әлеумет жұмысына белсене қатыссын, актуальный темаға көңiл көбiрек бөлсiн»,– дедi.

Әбдiлда Тәжiбаев: «Сәбең менi сыбаған боп жатты. Бiрақ «Әбдiлда өзiмiздiң адам» дегендi әлденеше қайталады... «Социалистік Қазақстандағы» бiр сыншы жолдас: «Сәбе, мұныңыз сын емес, мақтау боп шықты,– дедi. – Мен айта алмасам өзiң айт!»,– деп Сәбең оған шытынай бiр қарап қойды».

Жалпы, кез-келген жағдайда тiкелей үйiрiле кететiн, кiнәлi-кiнәсiз болса да, бар пәленiң бәрi соған жабыса кететiн өнер адамдары болды. Қазақ топырағындағы ондай тұлға – Сәбит Мұқанов. Кiмнiң шығарғаны, кiмнiң айтқаны белгiсiз, әйтеуiр, ымдап-жымдап өз ойын күрмеп, емеурiнмен жеткiзген талай сыбырды естiдiк. Естiп те жүрмiз. Бiрақ ол кiсiнiң адалдығына Әбдiлда ақынды арашалағаны көз жеткiзедi. Өзге-өзге, Сәбиттiң бiр ауыз сөзi кiмдi де болса, «ұшырып жiберуге» жетiп жатыр едi ғой ол тұста. Ал ол қорғап қалды. Әрине, амалын тауып барып орайын келтiрдi. Ол жақсылықты Әбдiлда ақын да ұмытпаған.

«Қалмақан жолдас Тәжiбаевтiң кемшiлiгi әлдеқандай жай кемшiлiк емес екенiн, оның тап жауларымен ауыз жаласып отырғанын, соның салдарынан соңғы кезде қоғам жұмысындағы және әдебиеттегi белсендiлiгi жойылып, үйiнен шықпайтын болғандығын айта келiп:

Уалиахметовтер жапонның шпионы болып кетiп отыр. Уалиахметовтен iргенi аулақ салу керек екенiн мен Әбдiлдаға да, өзге жолдастарға да ескертiп едiм. Бiрақ ол сөздi Әбдiлда ескермедi. Әбдiлда жазушылар ұйымында тұрғанда Қоңыратбаев оны билеп, сыртынан қол қойып, 10 мың сомды банкеден алған. Осы сияқты жаулармен Әбдiлданың ауыз жаласып келуi кешiрiлместiк ауыр қылмыс. Қателiктерiн мойынына алып, өз басындағы былықты ашып, мойындап, оны түзеуге тырысуы керек,– дедi».

Әбдiлда Тәжiбаев: «Ендi кезек Мұхтар Әуезовқа тидi. Ол өзгелер сияқты газет мақаласын «тұтас алғанда» қостап шықты. Тәжiбаевқа жақсы қараудың бiрден бiр жолы сын жолы болу керектiгiн де ескерттi. Бiрақ Мұхаң менi «жаулармен байланысты» деген сөздерге аялдаған жоқ. Кiрiспе сөзден кейiн тура Тәжiбаевтiң оқу-үйренудегi кемшiлiктерiн, творчестволық мiндеттерiн талдауға көштi».

Шындығында да – үлкен сын. Жалтара алмайсың. Жан-жағың жар. Айналаңда аңдыған көз. Ақынға тән, мүмкiн қажет еркiндiктi кiм түсiнер? Мұхтардың түсiнбеуi мүмкiн емес.

«Мұхтар жолдас жазушылар ұйымында, комсомол ұйымында Тәжiбаевқа өте жұмсақ қараған, қатесiн кезiнде көрсетпеген, көрсе де ескермеген, бейқамдыққа, өзi бiлерлiкке салынған: Тәжiбаевқа жұмсақ сөзге семiрiп, өзiн-өзi ұмытқан, өзiн-өзi көрмеген, – дей келiп:

Әбдiлда классиктердiң жазғандарын көп оқығаны рас. Бiрақ оқығанда және солардан үлгi алып жазғанда, механикалы жолмен кете бередi. Дұрыс түсiнуi жеткiлiктi емес. Классиктердiң лирикасын Әбдiлда солар көрсеткен түр, мазмұнда ғана алады. Ол совет ақынына лайық жол емес. Бұлай кеткен соң, жазушылық еңбегiннiң құр ғана елiктеуге, терiс жолға кеткенi. Әбдiлда бүгiнгi күннiң саяси өткiр, мазмұнды тақырыбына ат салмай, ескi ақындар үлгiсiне жалтарғанда, бiрiншi – өзiн өрлетiп, өсiретiн соны жаңалықтан қалып қойып отыр; екiншi – ескiге барғанда да керексiз iздердi қайта басып, өзiне залал келтiретiн шиырларды аралап кеттi. Осы ретте дарашылық, «меншiлдiк» сияқты сары жұрттарға қонақтап барады. Әбдiлданың өлеңдерiнiң iшiнде Мағжанның өлең жолдары да кездесiп қалатыны сондықтан. Барлық ой-сезiмiнiң кiндiгi үнемi «меннен» шығып жатқаны қоғамдық баға, сапа тудырмайды. Қоғамдық лирика болмай, мынандайға салынған лирика осы күнде жүрек айнытады. Мұның жұртшылыққа да зиян келтiретiн жағы да бар. Әбдiлда ақынның жастарға әсерi болмай қоймайды. Колхозда, ауданда жазып жүрген жазушының кейбiрiнiң байқауынша – Әбдiлданың осы жағынан терiс үлгi алып, бiраз елiктеушi болып та бара ма деймiн. Классиктен үлгi алып, меңгерудi интеллигенттiк, өз басындық күйлерге салмау керек. Шиллер, Гейненi, әрине, оқу керек. Бiрақ олардың сол заманға лайықты боп құрылған мазмұн, жөндерi бар, оны байқау керек. Сен өз қоғамыңа олар атынан зиянды әсер әкелме. Оқуың, өсуiң керек. Бiрақ оқып алған бiлiмiңдi сыртқа шығара бiлудiң көп мәнi бар. Бүгiнгi айтылып отырған сынның барлығын достық сын, түзеушi, жәрдемшi сын деп қарсы алуың керек. Сенiң алғашқы сөзiң мойындау емес, қиялаған дау боп шықты. Оған қанағат қылуға болмайды», – дедi».

Мұхтардың басқаша сөз айтуға амалы бар ма едi? Жоқ. Иә, жоқ болатын. Бiрден-бiр түзу нысана сол. Тым құрығанда «Гейне мен Шекспирдiң жаласынан» арашалап қалуды көздедi.

Әбдiлда Тәжiбаев: «Менiң екi ағам осылай сөйледi. Олар кейбiр ащы сөздi де пайдаланды. Өйтпеске амалы да жоқ едi. Бiрақ әдiл сөйлеуге, сынаған күнде де өздерiнiң сенiмдерiн айтуға тырысты, менiңше, Сәбит пен Мұхтардың «классиктерден қалай оқу керек едi? » – деген пiкiрлерi бүгiн де жастар үшiн пайдалы, ақылды кеңес деп бiлемiн. Мұхаң «меннiң» өзiмшiлдiк тұрғыдан айтылған түрiнiң зиянды екенiн баса сөйледi, менiң солай қарай ауып кетпеуiмдi қатал ескерттi. Бiрақ маған пәлен өлеңi зиянды деп атап көрсеткен жоқ. Мұхаң да, Сәбең де «жауабыңа қанағат қылмадық» деп бiтiрдi сөздерiн. Олары өзгелердi (менi тек кiрлеу, кiнәлау үшiн келген сөзуарларды) шамдандырмас үшiн айта салғандары ғой деп түсiндiм. Қазiр де солай ойлаймын».

Ақынды «тәубесiне түсiрдi» демейiк. Бiрақ шүкiршiлiк етуге толық татитын пiкiр. Мәжiлiс:

«Бұлардан басқа Мәжит, Өтебай, Тайыр, Сыздықов Жақан тағы басқа ақын-жазушылар шығып сөйлеп, Тәжiбаевтiң қателерiн қатты мiнеумен бiрге, бұл бетiнен қайтпай шеттей берсе, тап дұшпандарының батпағына жығылатынын қатты ескерттi. Жазушылар ұйымы Тәжiбаевтiң қателерiн мойындап қана қоймай, тез түзетуiн, түзелгендiгiн iсiмен көрсетуiн талап еттi».

Әбдiлда Тәжiбаев: «Сол жиналыста мен де сөйледiм... Осыдан соң Саин Жұмағалимен дауласамын деп, дәл сол жиналыста айтылмаса да болатын сөздердi айтып кеттiм. Өткен жылғы көктемде екеумiз Жазушылар Одағында ерегiсiп қалғанда, оған: – Мен не жазсам, соны жазасың, сөйтiп жүрiп менi жақтырмаған боласың, – дегенмiн. Мына жиналыста сол дауды қайта қозғаған, үлкен принципиальды мәселенi жеке әңгiмесiне айналдыруды ойлаған болып шықтым. Әлгi Мұхаңның маған «сөзiң мойындау емес, қиялаған дау болып шықты» дегенi де сондықтан едi. Жиналыс соңындағы көлемдi де салмақты ойларды менi әшкерелеген бiрiншi мақаланың авторы Жұмағали айтты. Оның бұл сөзi де «Лениншiл жастың» осы номiрiнде түгел жарияланды».

Мiне, ойыннан от шықты деген осы. Екеуi де халық қадiрлеген ақын. Олардың өлең өлкесiнде өз орны бар. Жұрт сыйлайды. Ал бiр-бiрiн жоққа шығаруға тырысқандарын қалай түсiнемiз. Кәдiмгi қызғаныш па? Оны да жоққа шығармайық. Құрбы-құрдасының «тым еркiнсiп кеткенiн» көтере алмағандық па? Бұл – бiз төрелiк ететiн iс емес. Олардың өздерi кезiнде жауап берген. Ол жауапты ешкiм де өзгерте алмайды. Әдiлдiк үшiн Жұмағали Саинның сөзiн толық келтiремiз.

«Жұмағали жолдас – Тәжiбаевтың адамдық бейнеден айрылған тап жауларымен дос болып, ауыз жаласқандығын, олармен ерiп маскүнемдiкке салынғандығын, жексұрын жаман мiнездерге түскендiгiн, халық жауы Уалиахметовтiң екi рет соның үйiнен ұсталғандығын, Тәжiбаевтiң оны қорғауға тырысқанын, Жазушылар үйiнiң биылғы пленумында да сондайлармен бiрге арақ iшiп мас болып келiп, тәртiпсiздiк iстегенiн айта келiп, оның шығармаларындағы саяси iрi қателерге тоқталды: «Ұлы пролетариат жазушысы М. Горькийдiң өлiмiне арнап жазған өлеңi совет идеясымен жазылмай, зиянды, терiс боп шықты. Бұл Тәжiбаевтiң шығармалық бетiнiң терiс кетiп бара жатқандығын көрсетедi. Оның тағы бiр қатесi – ақын, жазушы болған адамға саясат пен заманның игiлiктi iсiмен, өмiрiмен танысып араласудың керегi жоқ, тек, Гейне, Шекспир, Шиллер, Сервантес, Пушкиндердi жастанып, үйiнде жата берсе болатын сияқты. Мұнысы адасқандық, саяси соқырлық. Совет ақыны, совет жазушысы өмiрмен, саясатпен араласа отырып, өз дәуiрiнiң алдыңғы қатарынан орын ала отырып, өсуi керек, шығармасы социализм өмiрiнiң сыры болуы тиiстi. Тәжiбаев осыны ұмытты. Ол қазiрдiң өзiнде де қатесiн түгел мойындамай, көпшiлiк сынынан бас тартып отыр. Тәжiбаевтан: қатеңдi мойныңа ал, тап жауларының сырын ашып, зұлымдық iстерiн жұртшылық алдында жайып сал; өзiң – өмiрмен, саясатпен тығыз байланыс, қатеңдi жөндегенiңдi, совет ақыны екендiгiңдi көрнектi iспен көрсет, – дедi».

Жүректi ауыртатындай ашты сөздер. Бұл «пайымдаушылардың пiкiрлерiнiң кермек дәмi жуықта таңдайыңнан кете қоймайтыны белгiлi! Ұзаққа созылғаны да түсiнiктi. Бiрақ шын таланттар өз тағдырын өзара шешедi.

Әбдiлда Тәжiбаев: «Саин Жұмағалидың да маған жасаған «сындары» үшiн өкпелеуге болмайды. Ол сол шақтың тұрғысынан қарағанда менi шын көңiлмен, шын сенiммен кiнәлады. Жұмағали майданнан жаралы болып келген соң қинала жүрiп, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Мен оның жақсы жырларын көрсем, шын көңiлден қуандым. Қасымдар қатарлы оның да тәуiр өлеңдерiн мақтап жазатын болдым... Бұл мақалаларды «Қазақ әдебиетiнен» оқыған Жұмағали телефон соқты. «– Әбдiлда, – дедi ол жарқын дауыспен еркелей сөйлеп, – бiз Катя екеумiз өмiрде есiгiн ашпаған бiр үйге барғалы отырмыз. (Катерина - әйелi) Түсiндiң бе?,– дедi күлiп. «Түсiндiм, келiңдер»,– деп мен де күле жауап бердiм. ...Жұмағали туралы мақалалар жазғаныма, оның бiздiң үйге келiп дәм татқанына, қайтарында құшақтасып қоштасқанына, ең ақырында ауруханада жыласып, сүйiсiп айрылысқаныма осы күнге дейiн қатты қуанамын. Арыздасар, айырылысар себеп көп. Кейде күннiң жарығы, мұхиттың суы жетпестей жағаласып жүремiз. Өзi бiреудi жамандап сөйлегенi жетпейтiндей, тағы бiреудi жамандасуға әзiрлейтiндер де аз емес. Татуласар, достасар себептер iздеген жөн ғой, ағайын».

Кешiрiмдi болғанға не жетсiн. Бiрақ сол кешiрiмнiң құны тым қымбатқа түссе қайтедi? Өтiрiк өрге баспайды. Жала жерде жатпайды. Дәл нықтап айтылған нақыл. Нақыл емес – шындық. Қаhарын төгiп, қатал басталған қауырт iстiң арты «тәттi» аяқталды. Әбдiлда ақын тiрi қалды. Ал жала ше? Жала жабу оңай да, жаланың «iсiн жабу» қиын. Кiбiртiктемей ашығына көшейiк, өз өмiрiндегi ауыр кезеңдi ашық айтқан ақын түсiнуге тиiстi, мынадай дүдамал бiлдiргендер де кезiктi. Неге бiрiншi боп Жұмағали хабарласады? Демек оның да өкпесi болғаны ғой. Ол да кешiрiп отыр ғой? Ендеше...

Тiлдi қышытып тұрған сол баяғы «еруліге қарулы» қайтарды ма, жоқ па, деген түртпек сөз. Бұл – жанбай жатқан су қурайды отқа ысырып, бықсыта үрлеу. Оған жауапты әр азаматтың ар-ожданы бередi. Ал Саинның соңынан сумаңдаған суық хабар естiлген емес. Мұндай пiкiрдi әркiм айтты. Тiптi, Әбдiлда ақынның өзi 1937 жылы 2 қараша күнгi мәжiлiсте сөйлеген кезiнде оның да аузынан: «Бiздiң драматургтерiмiз Әуезов, Әбiшев, Сағыр Камалов жолдастар мешеулеуден шыға алмай жүр», – деген сөздер шығып кетiптi. Тере беру табандылыққа жатпайды. Ол – негiзгi мақсаттан ауытқытып жiбередi. Мүмкiн, күнделiктi тiршiлiктiң бiр күйбеңiнен аспайтын пендешiлiк шығар. «Бiрақ бұл – перiште боп туып едiм, бүгiн де перiштемiн» деген сөз емес, нәрестелiктен кәрiлiкке дейiн жеткен адамды уақыт өзi билеп, өзi басқарады, тоңдырып сынайтын да, жандырып сынайтын да осы уақыт» , –деген Әбдiлда ақынның толғанып қиналуының да өзiндiк себептерi бар екен. Ол:

«Мен 1930 жылы «Еңбекшi қазақта» Iлияс Жансүгiровті пролетариат жазушысы емес, «жолбике ақын» деген етектей мақала жаздым». «Тiптi, сонау 1930 жылдың өзiнде-ақ Бейiмбеттiң «Жасырын жиылыс» деген пьесасын сынап, «Әдебиеттегi ауа жайылушылықтарға қарсы» деген айқай атпен көлемдi мақала жариялағанмын («Еңбекшi қазақ», 1930 жыл,13 қазан). «Бейiмбеттiң бұл пьесасында, – деппiн мен мақалада, – пролетариат үстемдiгiн дұрыс ұқпаушылық, тап тартысын ойламаушылық бар. Бейiмбет партия басшыларын да бүркеп тастап кеткен. Партия басшылығындағы қолқанат комсомол, жәрдемшi мұғалiмдердi де жiптiң ұшынан сыққан бұзықтар қылып қойған. Мәселенiң бәрi жалғыз өкiлге байланысты болған. Жоғарғы партия орындары мен өкiметтiң халықпен байланысын нығайтатын жалғыз өкiл. Партия ұялары, ауылдық кеңес орындары атымен жоқ. Қысқасы оңшылықтың (байшылдық) тасын өрге домалатқан да отырған». Мiнеки, көрiп отырсыздар, мен осындай мақалаларды әлдеқашан жазған адаммын»,– деп ағынан жарылды.

Мойындау да – ерлiк. Жұмағали Саин да жалақор емес. Тура, кiрпияз мiнезiнiң салқыны бұл. Әдетте, арандатушы ойын айқайлап айтпайды емес пе.

Әрине, дәл осындай қағаз жүзiнде беттестiру – әдептiлiкке де жатпас. Бiрақ шындық. Шындықты да бетке айтып үйрене бiлуiмiз керек. Онсыз тарих таразыланбайды. Ал ақындар ақиқаттан қашпайды. Өйткенi олай болған күнде – ол ақын емес. Жай пенде ғана.

Ой толғағы осылай иiрiлiп, иiрiмделiп шыңырау шұңғылына тарта бередi, тарта бередi. Сонда да өмiр – иiрiм емес. Ертеңінен дәмелi адамға қалайда бұлқынып шағатын күш табылады. Ол үшiн сәл ғана нәрсе жетiп жатыр. Қапасқа қамалатынын, өзiнiң бүкiл өмiрi зынданда өтетiнiн бiлiп, күйiнiштен жарыла жаздап келе жатқан Виктор Гюгоның көңiлiн әрi көңiлдесi, әрi өмiрлесi Жюльетте Друэнiң жалт еткен жанары жадыратып жiберiптi. Осы ару ажалдан да алып шықты емес пе? Әбдiлда ақын да «жолсыз» болмапты. Ару емес, ағалары шығыпты алдынан.

Әбдiлда Тәжiбаев: «Бұл жиналыстан қызық тарқастық. Әсiресе, маған iш тартып жүрген кiсiлер орындарынан үндеспей тұрып, тiлдеспей шыға бастады. «Ал жүрiңдер. Бiрге қайтайық», – дейтiн әдеттегi сөздер естiлген жоқ. Кәдiмгi жаназадан тараған жұртқа ұқсадық та қойдық. Мен оны-мұны сылтауратып, барлығынан кейiн шықтым. Өзiмнен үркiп, терiс бұрылатындар болса, көрмейiн деп ойладым. Жазушылар одағынан шыға берiсте, оң жақта темiр скамейке болатын, сонда Мұхаң мен Сәбит отыр екен. «– Ой, сен неге шықпай қойдың? - деп Сәбит түрегелдi, – Ленин көшесiмен бiрге көтерiлейiк»,– деп Мұхтар шегiп отырған шылымын лақтырып жiбердi».

Адам мен адамның, талант пен талантың тағдыры қанша ұқсап тұрса да, бiр-бiрiмен мүлдем қабыспайды. Тағдырды салыстыру арқылы ақиқатты дәлелдей алмайсың. Әрқайсысының жiгi басқа. Дегенмен де, қуаныштың аты қуаныш. Бұл ретте Гюгоға қарағанда Тәжiбаевтiң бақ-талайы ырыстырақ тәрiздi. Қанша iзет сақтағанмен, Сәбит – Сәбит, Мұхтар – Мұхтар емес пе.

Сол бiр лақтырып жiберген шылымының түтiнi қандай ащы әрi тәттi болды десеңiзшi! Өйткенi өмiрдiң сыйы да күн мен түн сияқты алмасып отырады ғой.

Кейде жаныңды ауыртатын күйiнiштер мен қоса тағдырдың тосын сүйiнiш сыйлайтыны да бар. Сондай сирек кездесетiн оқиға күтпеген жерден Мұхтардың еншiсiне бұйырды. Өзiнiң терiс көзқарастарын драматургия жанрындағы шығармаларында да «түзету үшiн» зауалды кезеңнiң қарсаңында жастардың өмiрiнен «Тартыс», «Тастүлек», «Алма бағында» атты пьесалар жазған болатын. Олардың денi жоғары оқу орындарындағы студенттердiң арасындағы таным тартысын, өзара таптық күресiн, махаббаттарын бейнелейтiн. Әрине, өзiн-өзi әшкерелеудi қатты мақсат етiп қойған Мұхтар бұл пьесаларда ұлтшылдықты да бiр қырына ала сынайды. Тiптi, «Тартыста» ол оқиғаның негiзгi мәйегiн ұйытты. Көркемдiк қуат-күшi жағынан соншалықты биiк дәрежеде, әйгiлi Әуезовтің деңгейiнде тұрмағанымен, белгiлi мөлшерде қажеттiлiктi өтедi. Оның творчествосына деген саяси сенiмдi туғызды. Дүние буырқанып, театрдың репертуарының шаңын сiлкiлей қағып жатқан тұста сахнада қойылатын шығарма қалмады. Бейiмбеттiң, Сәкеннiң, Iлиястiң, Ғабиттiң де пьесалары сызылып қалды. Олардың атын атаудың өзi адам өмiрiне қауiп төндiре бастады. Осы мезетте Мұхтардың аталмыш дүниелерi еске түсiп, сахнаға шықты. Iле, сол кезде тура жиырма жасқа толған бозбала Қапан Сатыбалдиннiң: «Алма бағында» кiмдердi көремiз?» деген шағын мақаласы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң 1937 жылғы 30 шiлде күнгi санында жарияланды. Бұл – Мұхтардың қабағындағы кiрбiңдi жадырататындай жылы леп боп естi.

«Мұхтар өмiрдi терең түсiнiп, кеңiнен толғап жазатын ойы өрiстi, бiлiмдi жазушылардың бiрi. Мұхтардың басқадан гөрi көбiрек күш жұмсаған, өзiнiң әдеби күшiнiң салмағын көрсететiн жанры – драматургия. Ол қазақтың советтiк драматургиясына көп еңбек сiңiрдi: «Түнгi сарын», «Тастүлек», «Еңлiк – Кебек», «Айман – Шолпан», «Алма бағында» сияқты мазмұнды пьесалар Мұхтардың қаламынан туды. «Тастүлекте» де, «Алма бағында» да Мұхтар өркендi өмiрдегi мәдениеттi, бiлiмдi қазақ жастарын көрсетедi. Олардың өмiрiн осы күнгi жалпы қазақ жастарына үлгi қылуға тырысады. «Алма бағында» пьесасындағы жастардың бет ажарынан күлкi көремiз. Тұйықтық, ренiш, қайғы оларға мүлдем жат. Бәрi де өмiрiн сүйген зерделi жастар»,– деп Қапан Сатыбалдин тiлекке тiлек, ниетке ниет қосты.

Мұхтардың өзi теңей айтқан «Жетi басты жалмауыз» басын көтерiп, «тиiстi сыбағасын» шетiнен тырнағына шеңгелдей iлiп жатқан тұста, мұндай шуақты пiкiр есту, жағымды баға алу – бақыт, зор бақыт. Ұзақ жылғы созылған қақпайлаулар мен көрген қағажулардың қарымтасын қайтара алатындай шұрайлы несiбе едi. Жеке кейiпкерлерiнiң жүрiс-тұрысына, мiнез-құлқына, олардың моральдық бет-бейнесiне қаратыла бiлдiрiлген ескертулер көңiлге қаяу салмайтын. Өзiнiң адалдығын, жастық отын, өжеттiгiн байқатқан жеткiншек Қапан Сатыбалдин осы мақаласы арқылы исi қазақ әдебиетiнiң келешегi үшiн үлкен жақсылық жасағанын, «саяси сенiмсiз адамға» сенiм бiлдiргенi үшiн өз өмiрiн де қатерге тiккенiн бiлдi ме? Бiлмеуi мүмкiн емес. Жетелi адамның түсiнiгi алдамайды. Бұл пiкiрдiң маңыздылығы сонда, ол: «Мұхтардың шығармалары жастарды тәрбиелеуге белсене қызмет етiп жатыр. Бағыт-бағдары дұрыс. Оны алдыңғы қатарлы студенттер қауымы қолдайды»,– деген пiкiр қалыптастырды. Қапанның мақаласының соңынан Кәрiжан Дәукенов дегеннiң пiкiрi берiлiптi. Жалпы ниетi дұрыс. Ол:

«Пьесаның сөздерiнде де оғаштық бар ма деймiн. Дәукең бiр сөздiң ретiнде Раяға қарап: «Сен комсомолдың уставына тиемiсiң?», дейдi. Тап осы сөздi айтқызбаса да болады »,– деп кiбiртiктеп сыни пiкiр бiлдiредi.

Несi бар, сүйiндiретiн сөз. Жас жiгiтке пьеса ұнаған. Пiкiрiн де жасырмаған. Бұл да белгiлi дәрежеде тәуекелге бел буған. Бiрақ сол тәуекел өзiн-өзi ақтады ма? Қайдам. Әдебиетте, өнерде есiмi ұмытылып кеткен осынау адамға ұрпақтардан айтылар алғыс шексiз болар едi-ау, әттең... Газеттiң сол санының үшiншi бетiндегi (реплика 4-бетке берiлген – Т. Ж.) «Жансүгiров Iлиястың жинағы туралы» «Барып тұрған зиянды контрабанды» – деген атышулы мақаланың соңындағы «Кәрiжан Даукенов» деген қолдың қойылғанын көргенде жүрегiң мұздап сала бередi. Iлиястiң «көзiн жою үшiн» Мұхтарға араша түсудiң, не керiсiнше, Әуезовті аман сақтау үшiн Жансүгіовтің оқтың ұшына байлаудың қандай қажеттiгi болды екен? Осы мақаласыз да жыр дүлдiлi Құлагердiң тағдырын құшар, құшпас. Алайда, аз әбiгер әкелген жоқ. Қаралауға, тергеуге мұрындық беретiн «үш айғақтың» бiрi ретiнде iске тiркелмегенiне кiм кепiл. Iлиястың өзiне тiкелей бағытталған баспасөздегi екiншi материал бұл.

Ал үшiншi куә кiм? Ол адам да «көп күттiрмептi». Себебi, келесi санда Iлиясты «халық жауларының» қатарына қосып, әшкерелей бастады. Демек, ол «Қақпанға» iлiккен. Бейiмбет екеуiнiң тағдыры орлайлас. Тамыз айының ортасынан былай олар көз жаздырып кеттi.

Мәңгiге.

Адамның тағдырында да кездейсоқ құбылыстар жиi кездеседi. Iлиясты көзi тiрiсiнде ең соңғы рет көрген жазушы – Мұхтар Әуезов екен. Ол екеуiнiң қылаусыз достығы қос семьяның арасындағы тосын да күрделi байланыстың жалғасуына, дос адамның үй iшiне деген қамқорлықтың өзге арнамен де дамуына ықпалын тигiзген сияқты. Әрине, оның әдiп-астарына төрелiк айтуға ешкiмнiң қақысы жоқ. Заман байлаған түйiншектiң жiбiн тек сол заман ақиқатының үкiмi ғана шешедi.

Фатима Ғабитова – ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясына тиiстi бақыт пен сорды қатар басынан кешкен ер мiнездi әйел. Осынау адамның тағдыры өзiнше жыр. Дара тақырып. Бiз көкейкестi ойымызға дәйек ретiнде Фатима Ғабитқызының балаларының рұқсатымен ол кiсiнiң күнделiгiнен үзiндi ұсынып отырмыз. Мұнда бiрталай тағдыр тауқыметi ашық айтылған. Белгiлi себептермен кей жерiн, кiсi аттарын қысқарттық. Шындықтың барлығы әдебиеттiң, адамдар арасындағы қатынастың бiрлiгiн нығайтпайды. Екiншiден: сол ақиқатты айту үшiн де жазушы болу аз, заң жүзiнде де тиiстi мұрагерлiк баптарға сәйкес құқың болу керек. Ондай өкiлдiк бiзде жоқ. Ең бастысы Iлияс Жансүгiровтің бимәлiм тағдырынан мағлұмат аламыз. Бiзге қажетi де сол.

Фатима Ғабитова: «1937 жылы жазғы демалысымызды екiге бөлiп, алғашқы кезде Алматы мен Фрунзе аралығындағы Дегерес жайлауында болып, қалған уақытта Тәжiкстанның Орджоникидзеабад ауданында өткiзбек едiк. Өйткенi, жыл сайын жазда демалатын орнымыз Алматыға жақын болғандықтан қонақтан-қонақ болып, еркiндеп демала алмайтынбыз. Және жұмыс iстеуге де қолайсыз едi. Iлиясқа мұндай жағдай, тiптi, ұнамайтын.

Октябрь мерекесiнiң 20 жылдығына арнап қазақ драма театры «Исатай – Махамбеттi» дайындауы себептi, Iлияс жайлауға кешiгiп, бiзден 20 шақты күннен соң, тек июльдiң орта кезiнде ғана келдi. Ол бiрнеше жылдар бойы жазып жүрген «Бақытты Жамал» дейтiн поэмасын өзiмен ала келген болатын. Сол Дегерес жайлауында «Бақытты Жамалды» баспаға дайындадық.

Августың он бiрiнде Жазушылар Одағының парторгi Әбдiқадыров Қалмақанның Iлиясты Алматыға шақырған «бұйрығын» алдық. Августiң 13-i күнi, таң қылаң бергенде, Алматыға балаларымызбен тұтас көшiп келдiк. Жол соқты боп барлығымыз да шаршап қалған екенбiз. Жайлаудан қайтқан жүктердi түсiре салып, төсегiмiзге құладық.

Бiраз демалған соң бөлмемнен шыққанда Iлияс үйде жоқ едi. Ол өзiнiң бұрынғы әдетiмен сағат төртте ғана қайтты. Жанында Мұхтар бар едi. Тамақ алдында үшеумiз жайлаудан алып қайтқан қымызды iштiк. Түскi тамақтан соң Мұхтар мен Iлияс өз бөлмесiне кеттi. Мен балалардың жанында болдым. Кешқұрым шайдан соң Iлияс екеумiз Мұхтарды бiраз жерге шығарып салдық. Үйге қарай беттегенiмiзде мен Iлиястан: «Қалмақанды көрдiң бе, неге соншама тығыз шақырыпты?»,– деп сұрадым. Ол: «Ғаббас алыныпты (ұсталыпты – Т. Ж.), сол туралы шақырыпты», – дедi. Тағы бiрталай алынғандардың аттарын атады. Үйге жақындағанымызда бiздiң есiктiң алдында қараңдаған бiрнеше кiсiнiң тұлғасын байқадық. Үйге кiргенiмiзде олар да бiзге iлесiп iшкерiге кiрдi. Шикiл сары бiреуi Iлиясқа ордерiн ұсынды.

Барлық бөлмелер түннiң жарымы ауғанша тiнтiлiп, Iлиястың кабинетiндегi барлық қолжазбаларды, кiтаптармен бiрге алып кеттi. Тек террассадағы архивтер сақталатын үлкен сары шкаф жайлаудан қайтқан жүктермен жабылып, көрiнбей, тiнтiлмей қалыпты»,– дейдi.

.Сондай зауал шақта:

Қара түн дүние тұман басқан,

Албасты тұншықтырып уын шашқан.

Күркiреп, көк жөтелiп жасын атса,

Шарт етiп сатыр – күтiр жарылды аспан, –

деп 1937 жылы булыққан жыр дүлдүлi Iлиястың Құлагердiң тағдырын құшқан күн – 13-тамыздың түнi, 14-тамыздың таңы екен.

Бұл зауал таңы қазақ поэзиясы үшiн де қаралы таң едi. Кейiнгi өмiр жолының ауыр-ауыр белеңдерiнен өтiп, бес бiрдей баланы бетiмен қаңғытып жiбермей, басын қосып адам ғып тәрбиелеуiнiң өзi осынау батыл тұлғалы әйелдiң өжеттiгi ғана емес, ерлiгi де едi. Ананың ерлiгi. Осындай қасiреттiң дәмін татқан ананың азап арқалап, уайыммен кешкен ғұмырының «себепкерлерi» туралы ашына есiне алуы да заңды. Төмендегi естелiгiн он ойланып, тоқсан толғанып адам аттарын өзгертiп барып жариялауға бел будық. Мәселе – жекелеген адамның күнәсiнiң ауыр-жеңiлдiгiнде емес. Мүмкiн, күдiк пен жан ашуының екпiнiмен өзiн-өзi тежей алмай, артық-ауыс сөздердi қосып жiберуi де. Басты мәселе – сол ауыртпалықты абзал ана, нәзiк жанды әйел қалай жеңе бiлдi, гәп сонда. Алпысыншы жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы «ар алдында тазару» мақсатымен ашық партия жиналысын өткiздi. Сонда Фатима Ғабитова да сөйледi. Бiз күнделiкке жазылған сол сөздi қысқаша келтiремiз. Iлиястың семьясының бұдан кейiнгi тағдырынан, Мұхтардың өмiрiнен мағлұмат бередi.

Фатима Ғабитова: «Мен бұл мәжiлiсте халықтың шын ұлдарына, партияның айнымас мүшелерiне жала жауып, ардақты, ғазиз жандардың жазықсыз жаза тартуына, үй-iштерiнің жәбiрленулерiне, тiптi, жазықсыз сәбилердiң көшеге лақтыруларына себепшi болған және Iлиястың қолжазбаларының жағылуына, орны толмайтын асқақ үндi ғажайып «Көбiк шашқан», «Құрманғазы», «Мақпал» дейтiн поэмалардың рәсуа болып жұлмалануына себепшi болған, сталиндiк зорлық-зомбылықтың аса рақымсыз арандатушысы туралы сөйлемекпiн.

Мен – Iлияс Жансүгіовтіңң әйелiмін, отыз жыл мұғалiм болдым, осы күнi дербес пенсионермiн. 20 жыл «халық жауының әйелi» деген жексұрын атпен өмiр сүрдiм. ХХ партия съезiнен кейiн ғана менiң семьям ол жексұрын аттан азат болды.

Мына бүгiн ХХII партия съезiнен кейiн көрген (бұрынғы – Т.Ж.) жәбiрлерiмдi айтуға, жәбiрлеушiлердiң атын атауға мiнбеге шығып отырмын. Өйткенi Майлин, Сейфуллин, Жансүгiровтердің ажалына себепшi болғандар жаза тартпай, әлi де жауапты қызметтерде болғандықтан, бiздiң граждандық правомызға қол сұғып, бiзбен есептеспей келедi. Мысалы: ерлерiмiз ақталған күннен бастап алатын пенсиямызды үш жылдан соң әрең алдық. Сыртымыздан заңсыз түрде Қазақ Совет Министрлiгi авторлық правомызды сатып алды. Тағы-тағы сондай көргендерiмiз толып жатыр. Бiрақ мен бұл мәжілісте пенсиялар, авторлық праволар жайлы айтпақ емес едiм, тек ыңғайы келген соң айтылып кеттi. Менiң бүгiнгi айтарым – түлкi терiсiн жамылған қорқау қасқыр туралы.

1937 жылдың 13/VIII – сында Iлиясты НКВД алып кеттi. Iлияс алынған соң бiр-екi күн өтiсiмен ...евтiң Iлиясты қаралаған мақаласы газет бетiне жарияланды. Мен, әзір осы мәжілiсте ...евтың Iлиясты қаралап жазған мақаласын қандай материалдарға сүйенiп жазғанын естiгiм келедi. Ешбiр материалға сүйенiп жазбай, тек НКВД: «Қаралап, жала жауып жаз!» – деген соң жазса, бұл адам бейнесiндегi жыртқыш неге сталиндiк зорлық зомбылықшылар қатарында жазасын тартпайды?!. ...евтiң екi жүздi, табансыз, адамгершiлiгi өте төмен адам екенiн дәлелдейтiн мына бiр жайларды да бұл мәжілісте айтып кетудi лазым көремiн.

Iлияс алынысымен ...ев менiң квартирама көшiп келдi. Төрт бөлмелi квартирамның үш бөлмесiнде ол, бiр бөлмесiнде 4 баламен, ауру анаммен мен қалдым. Күнде ...ев: «Квартираның ордерi менде, басқа жаққа көшiңдер» – дейтiн болды. Мен ол күндерде аяғымды әзер алып жүремiн, босанар мезгiлiм де таяп қалған кез едi. Өзiмнен басқа көшiп-қонуға жәрдемдесетiн жан жоқ. ...евты бала күнiнен бiлушi едiм. Алғашқы оқуға орналасарында жетпегенiн жеткiзiп, өзiм нағашысы Мұстафаға жәрдем берiп, оқуға орналастырып едiм. Бұл 1925 жылы Қызылордада болған жай.

...евтан: «Мен босанып больницадан қайтқанша балаларым осы бiр бөлмеде тұра тұрсын. Больницадан келiсiмен бiр жерге көшермiз, тiлеуiң берсiн...», – дедiм. Сонда ...ев: «Сiздің балаларыңыз бен бiздiң балалар бiр есiктен қалай кіріп-шығып жүредi? «,– деп, бетiме ежiрейе қарады. Және сол күнi союздың жүк таситын машинасымен Гүлжамалдың ауыз үйiне көшiрiп тастады. (Гүлжамал Бейiмбеттiң әйелi). Ауыз үйге өзiмiз алты жан ептеп сыйсақ та, жүгiмiз сыймады. Заттарымыз далада шашылып жатты. Гүлжамал екеумiз төсенiштердi екiншi этаждағы ауыз үйiмiзге шығардық. Менi ұйқысыз толғақ қысты. Гүлжамал екеумiз босанатын жерге жаяулап бара жатырмыз. Больницаға жетпей көшеде босандым. Алматыға бiрiншi қар жауған едi. Врачтар он күн бұрын босанғанымды айтты.

Больницада он күн жатып, ұлымды алып қайтып келемiн. Үйге жете бергенде есiгiмiздiң алды қағазға толғанын көрдiм. Байқап қарасам, Iлиястың қолжазбалары. Есiм шықты, ептеп жиыстырып алдым, көбi су болған, жыртылған. Мен больницада жатқанда ...ев террасада қалған бiрнеше қолжазбалармен толы ящиктердi де есiгiмiздiң алдына төктiрген екен. Сонда «Мақпалдар», «Құрманғазылар» рәсуа болды.

1947 жылы, жаз айларында жанында үлкен ұлы бар ...ев Меркеде 10 жылдық қазақ мектебiнде завуч болып тұрғанымда маған келдi. Тiлi соншама майда: «Менiң сiзге көрсеткен жәбiрлерiмдi кешiңiз, мына балаңызды алдыңызға алып келдiм», – дедi. Тағы менiң қара басымдағы қасиеттерiмдi тiзiп, ендi менiмен бiр туыстай болып өмiр сүруге бел байлағанын айтты. Ғажап, бұл маған не үшiн келдi екен деп ойландым. Есiме Мұхтар түстi. Бұл сұм менiң Мұхтармен жақсы екенiмдi бiлiптi де, Алматы барып Мұхтардың қанатының астына кiру үшiн алдымен менiмен татуласуды ойластырғанын сездiм. Сол күндерде өзiмнiң күнделiк дәптерiме мына бiр сөздердi жазып қойыппын. «Кешiрiлмейтiн кiнә»:

Жаралы жолбарыстай, мен амалсыз.

Отырмын Iлияс кеттiң, сен хабарсыз.

«Алдыңызға кеп тұрмын, кешiр», – дейдi,

Қара иттей ...ев неткен арсыз?!

Iлияс ақталғаннан кейiн ...ев Iлиястың комиссиясына кiрмек болды. Мен Ғабитке айтып комиссияға енгiзбедiм. Бiрақ Мұхтарға «Эпопея, эпопея» деп жалынып жүрiп Академия шығарған сборникке Iлияс жайлы жазуға рұқсат алыпты. Мұны бiлген мен, Мұхтарға қатты ашуландым. Сонда маған Мұхтар: «Фатима, осы өте саяз жүзесiң, жазсын. Iлиястың бiрiншi қаралаушысы да ...ев және бiрiншi мақтаушысы да ...ев болсын. Келешекте тарих өзiнiң әдiл бағасын шығарар!», – дедi.

Сөзiмнiң соңында айтарым: соншама екiжүздi, арам, өзiнiң қара басының ғана қамын ойлайтын, асыл жандардың өлiгiн таптап мақсатына жететiн адам партия қатарында қалай жүре алады?!».

Жартылай айтылған шындық – жабылған жаладан да ауыр. Сондықтан, Фатима апайдың тағы бiр естелiгiн келтiрудi жөн көрдiк. Ол – Iлиястың бұл өмiрден көрген соңғы қызығы, көшеде дүниеге келген Болат Iлиясұлы Жансүгіовтіңң белi бесiктен шықпай жатып түрме есiгiн ашқан «сәбилiк тағдыры». Ілиястың ерінi соңғы рет тиген, әкелiк мейiрiмiн соңғы рет егiлдiрген де осы Болат. Және бұл үзiктен Iлиястың соңғы сөзiн де естимiз. Сол тұстағы Мұхтардың көңiл күйi де аңғарылады. Өйткенi оның өмiрi осы семьяның тағдырымен тiкелей сабақтас.

Фатима Ғабитова: «1937-iншi жыл. Апрельдiң аяқ кезi. Iлияс Совнаркомның таудағы демалыс үйiнде «Исатай» дейтiн пьесасын жазып жатқан кез. Мен 12-iншi мектептiң 5-7 кластарына тiл және әдебиет пәнiнен сабақ беремiн. «5» а класының жетекшiсiмiн. Және мектеп бойынша әдебиет үйiрмесiн басқарамын. Тағы да алдағы сайлауға депутаттыққа ұсынылған кезiм едi. Газеттерден тiлшiлер келiп, менiмен әңгiмелеседi. Суретiмдi түсiрiп алады. Сөйтiп, халқыма қадырлы оқытушы болып, арымай қызмет еткен күндерiмде Болаттың бойыма бiткендiгiн байқадым. Алдында ағалары (Жәнiбек, Азат, Саят), тәтелерi (Үмiт, Ильфа) бар. Мен босанғанда әрдайым Iлияс қатты қуанатын. Сонда ол: «Мен – баламыз болды деп қуанбаймын, сен аман қалды деп қуанамын», – дейтiн.

Бiрiншiден, қызметiмдi қимағандықтан, қызықты болғандықтан; екiншiден, бала соншама таңсық та болмағандықтан, мен Iлиясқа телефонмен барлық жайды айттым... «Тiкенiмдi алдырсам қайтедi?»,– дедiм. Ол ұзақ жауап бермей тұрып: «Жоқ жаным, алдырма! Өзiңе зиян келуi мүмкiн»,– дедi. Және: «Топ баланың ортасында ол да өсер»,– дедi. Сонымен Болат дүниеге келетiн болды.

1938-жыл. Февраль. Күндiзгi сағат екiде (мектептен қайтқанда) НКВД-ға соқтым. Телефонмен Iлиястың тергеушiсiмен сөйлестiм. Ол: «Сағат үшке келiп үлгiрсеңiз бүгiн тамақ та алайын және көрiстiруiме де болады», – дедi. Менiң арманым – туғалы көрмеген Болатымды Iлиясқа көрсету. Жүгiре басып үйге келе жатырмын. Жолда Гүлжамал жолықты. Гүлжамалды ерте сала үйге келдiм. Болатым бесiгiнде тәттi ұйықтап жатыр екен. Iлиясқа деп дайындап қойған заттарымды Гүлжамалға берiп, Болатты өзiм алып НКВД-ға қарай желе жортып келе жатырмыз. Жол бойы тыныш ұйқысы бұзылған Болатым айқайлап жылап келедi. Оны уатуға уақыт жоқ...

Комендатураға келiп жеттiк... Болатымды Гүлжамалға бере тұрып, өзiм тергеушiмен сөйлестiм. Ол: «Тосып отырмыз, жылдам кiрiңiз! Пропускаңыз дайын», – дедi. Болатымды жөндеп орап та ала алмай, емiзiп тыныштандыра да алмай, бақырған бойымен алып кiрiп кеттiм.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]