Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
protsess.docx
Скачиваний:
4
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
190.02 Кб
Скачать

63. Т.Ахтанов прозасы.

Белгілі әдебиеттанушы ғалым Сәмен Құлбарақтың «Тахауи Ахтановтың көркемдік әлемі: прозасы мен драматургиясы» (2003) атты монографиясы да көрнекті жазушының қаламгерлік шеберлік әлемін қазіргі уақытқа сай тануға бағдарлайды.

Монографияның «Тахауи Ахтановтың жазушылық шеберлігі» атты бірінші бөліміндегі тарауларда («Дүниетаным және шығармашылық», «Жазушы және әдеби үдеріс», «Кейіпкер диалектикасы және қаһармандық», «Соғыс шындығы және көркемдік таным», «Психологиялық драматизм және әлеуметтік талдау», «Ой ағымы, полифонизм және сюжеттік-композициялық ерекшелік», «Жанр және жазушылық шеберлік», «Дәстүр және даму») көрнекті қаламгердің прозалық туындылары талданған. Шығармашылығының басталуындағы поэзиялық туындыларындағы («Майдан лирикалары» топтамасы),әңгімелеріндегі («Алыстан жеткен сарын», «Тауап»), романдарындағы («Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін»), әдеби сын саласындағы алғашқы мақалаларындағы («Өсу жолында», «Ізденіс жолында», «Көркем аударма көркі», «Ыстық жүрек керек», «Сөз азабы») қазақ ауылының, екінші дүниежүзілік соғыс қасіретінің, қазақ сөз өнері дамуының өзара сабақтас бітім-болмысын жазушылық және сыншылық дүниетаныммен бағалауының алғашқы кезеңде болғандығы дәйектеле түсіндірілген.

Зерттеудегі Тахауи Ахтановтың романдарына ортақ қайраткерлік пен суреткерлік ұстаным тұтастығын ашып көрсеткен бағалау пікірі назар аударарлық: «Ахтанов суреткерлігінің даралығы қоғамдық-әлеуметтік жағдайдың бұрын айтыла қоймаған көлеңкелі тұстарына алдыңғы лекте батыл бара алды. Туындыларында заман шындығын, адам жанының күрделілігін, заман-адам қатынасының терең сипаттарын бейнеледі. Сол себепті мұндай өткірлікті қабылдай алмаған ортада оның туындылары әдеби айтыстың өзегіне айналды» [31-бет].

Тахауи Ахтановтың суреткерлік дүниетаным әлемінің поэтикалық ерекшеліктері (әдеби тілдік қорының байлығы, кейіпкерлер ішкі сырларының психологиялық тереңдіктері, психологиялық портрет, психологиялық шиеленіс пен психологиялық көңіл күй, монолог, диалог, түптұлға (прототип) мен көркем бейне, пейзаждың поэтикалық қызметі, т.б.) жазушының прозалық туындылары мәтіндері бойынша саралана көрсетілген. Қазақ сөз өнеріндегі оқырмандар ықыласын иеленген туындылардың әлем әдебиеті классиктері шығармалары (Э.Хемингуэйдің «Қош бол, қару!», М.Шолоховтың «Отан үшін от кешкендер» романдары) бейбіт өмірдегі адам болмысы мен қасіреті, ешқашан мезгілмен, мекенмен санаспайтын еркек пен әйел махаббатының күрделі қайшылықты сипаты мәселелері бойынша сабақтастырыла, салыстырыла талданған.

Сыншыл суреткер Тахауи Ахтанов прозасындағы сырты бүтін, бірақ ішкі жан ділі бойынша атаққұмар, сатқын («Қаһарлы күндердегі» – Уәли Молдабеков), дарынсыз, ынсапсыз, әйел махаббатын тәлкек етуші («Махаббат мұңындағы» – Нияз), өктем билеу жүйесінің озбырлығы мінез-құлқын өзгерткен солақай, әділетсіз басшы («Борандағы» бұрынғы адал командир, қазіргі аудан басшы Қасболат), қызметін жеке бас пайдасына жаратқан сырты адал, іші, ісі зұлымдық иесі («Борандағы» – жауыз белсенді Жаппасбай), т.б. – бәрі де сыншыл суреткердің туындыларындағы өмір шындығының қарама-қайшылықты сипаты психологиялық талдаулар жүйесімен аңғартады. Зерттеушінің «Боран» романы бойынша жасалған талдауларынан туындаған тұжырымы да әлеуметтік психологияның көркем прозадағы бейнеленуіне берілген шынайылығымен баурайды:

«Романның идеялық-көркемдік бітімінде табиғат ортасы мен мінезі, жер-су көрінісі, құбылған ауа райы айрықша қызмет атқарады. Қысқы даланың үскірік аязы мен ақ түтек бораны – шығарманың басты кейіпкерлеріне үлкен қиындық әкеліп, әрқайсысының жан дүниесіне қозғау салады. Сыртта табиғат дүлейі ысқырына соқса, кейіпкерлердің ішкі әлемі де мазасыз: ішкі-сыртқы аласапыран бірін-бірі толықтырып, күшті тартыс арнасын құрайды.

…Жазушы табиғат құбылысын осындай көркемдік мақсатта, әдеби фон ретінде алады.

Боран – әрекет, қимыл-қозғалыс.

Боран – характердің ашылу кілті.

Боран – символ кілті.

Табиғат үскірігі – бір кездері халыққа ауыр тиген заман ызғырымен де астарлас секілді. Қырылған қой – бір кездегі солақай саясат салдарынан боса көшкен бүтін бір халықтың тағдырынан да елес беріп өткендей»[145-бет].

Жазушы шығармаларындағы басты кейіпкерлердің («Қаһарлы күндердегі» – Ержанның, «Бо­рандағы» – Қоспанның, «Шырағың сөнбесіндегі» – Нәзираның, «Махаббат мұңындағы – Ләзаттың, т.б.) – бәрінің де көркем шындық поэтикасымен сомдалуынан әлеуметтік ортадағы күрделі тағдырлы, өнегелі адамдар тұлғаларының өнер психологиясы заңдылығымен жазылғанын танимыз.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]