- •Абай бейнесі
- •Әке мен бала
- •Құнанбай бейнесі
- •Халық бейнесі
- •«Әуезов әйелдері»
- •Табиғат бейнесі
- •Айтыс, оның түрлері мен көркемдік ерекшеліктері
- •Айтыстың өзіне тән ерекшеліктері
- •Айтыстың көркемдік ерекшелігі
- •Қазақша өлең: Дулат Бабатайұлы (Аягөз, қайда барасың?)
- •«Жазушы келбеті»
- •1952-1970 Жылдар аралығында «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында түрлі қызметтер атқарды.
- •Туып-өскен ортасы
- •Ғұмар – журналист
- •Ғұмар және Алашорда
- •Ғұмар – ұлттың көсемі
- •Неден қорқам?
- •Қазақ ертегілерінің қалыптасуы
- •Жүсіпбек Аймауытов, «Ақбілек» романы
- •1970 Жылы Жұбан Молдағалиевтың таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрді.
- •1967 Жылы "Жоқ, ұмытуға болмайды!" атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- •Көне түркі ескерткіштері туралы қазақша реферат
- •2001 Жылы Күлтегін ескерткіштерінің көшірмесі Астана қаласындағы л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне қойылды.
- •2003 Жылы Санкт-Петербургтің «Славия» баспасында «Прапамять» атты үлкен бір томдығы орыс тілінде басылып шықты.[3]
- •1904 Жылы 23 июньде өзі де қайтыс болады. Сүйегі өзінің ата қыстауы Жидебай деген жерде қойылған.
- •"Батыр Баян" поэмасы
- •2010 Қазақстан пошта маркасы
- •1925-1928 Жылдары Ленинград университетінде оқып жүрген кезде «Қаракөз», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» 1928 жылы повестерін жазады.
- •Әңгімелері
- •2002 Жылы он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған.
- •Аласапыран
- •Қайырлы таң, достарым!
- •Балалық шағы
- •Шалкиіз жырау
- •«Шығанақ» жайлы бірер сөз
«Әуезов әйелдері»
Қазақтың сөз өнеріндегі «Әуезов әйелдері» деп атауға болатын айырықша әсем образдар галереясы ұлы эпопеяның жан тебірентер ғажайып жаңа бейнелерімен толықты да молықты. Төрт кітапта үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты жүзге тарта әйел кейіпкерлер бар. Романның буларға арналған беттері оқырманның көзі мен көңілін қатар жаулап, жан-жүрегін қоса баурайды. Бұлар жүрген жерлер кейде шетсіз-шексіз мұхит бойын түгел жайлаған шарапатты жылы ағыс (Гольфстрим) секілді, кейде қиырсыз кең-байтақ құрылықтың ойы-қырын тегіс сәулелендіре шүлен шұғыласына бөлеген күн нұры тәрізді, кейде көк жиекті керіп әкеткен кербез теңіздің көз жеткісіз көк айдынына сән берген аппақ ақ шағалалар сияқты...
Әйел-ана ма, жар-жұбай ма, бұла-бойжеткен бе... Әйтеуір қияпаты бөлек қазақ қызының мінез-құлқын, іс-әрекетін, сыр-сезімін, қимыл-қылығын дәл, терең, нәзік суреттеуге келгенде шіркін шебер алдына жан салмайды. Сонда әр бейненің тастан қашалғандай бе¬дер табатыны сондай, әрқайсысы - бір адам ғана емес, бір топ адамның жиынтық бей¬несі боп оқырманның көз алдында турады да, есінде қалады. Сонда әр кейіпкер - тип; әркімнің қашанғы таныс-бейтанысы боп шығады. Сонда бар ожданы тап-таза иманнан құйылғандай мейірім-шафхатқа толы Зере - әжелердің үлгісі; салқын қанды, сарабдан, сабырлы ақыл иесі Ұлжан - аналардың үлгісі; «сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен» бар сыры мен назын Абайға ғана құпия баян ететін «ақ еті атқан таңдай аппақ» ару Тоғжан - алыстан қарайлайтын қол жетпес арман секілді махаббат таңының үлгісі; әні сәніне, сәні әніне астасқан асыл, аяулы Әйгерім - жас жігіттің нақ сүйер сұлу жарының үлгісі...
Табиғат бейнесі
Теңіздің сырын тамшыдан тануға болатыны сияқты, эпопеяның көркемдік ерекшелігін, әсіресе тілін тану үшін бір ғана пейзажға тоқталсақ та жетіп жатыр. Пейзажды біз, әдетте, көркем шығармада суреттелген табиғат көріністері дейміз. Рас, пейзаж - табиғат. Бірақ бұл жеткіліксіз. Нағыз пейзаж - поэзия! Мінез! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауынан, сезіну-түйсінулерінен, көңіл күйінен тыс табиғат суреті - пейзаж жоқ. Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал стиль - адам. Пейзаж образ сырын ашады. Ал образ - адам. Дәл осының дәлелі - Әуезов эпопеясындағы пейзаж (Алдымен, бұл неткен бай табиғат!). Кітаптың әр бетінде әр түрлі тіршілік дүниесі бар. Мұнда қазақ даласының хош иісті гүлі, қызыл шымқай қызғалдағы, қошқыл-кермек жусаны, сида-бұта шиі, домаланған қаңбағы, шиыр-шалғыны, кербез тауы, көк тіреген шыңы, түпсіз тұңғиық құзы, күлкішіл өзені, ақ айдын көлі, жасыл майса көгалы, торғын аспаны, шудаланған бұлты, сіркіреген жаңбыры, ақ ұлпа қары, асау бораны, ерке желі, тентек құйыны, шымыр сызы, шымшығыш ызғырығы, сұлаған бел-белесі, ойшыл орманы, тынысты тоғайы, ақ ару айы, жымыңы көп жұлдызы, мөлдір шығы, тұнжыр тұманы, алдамшы сағымы... - күндізі, түні, - қысы, жазы, күзі, көктемі... - бәрі, бәрі бар. Осының бәрі жан тебірентер ғажап, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар - тұтас бір образ, адам мекені, халық мекені - дала образы! Және, Әуезов пейзажы - бай палитраның түрлі-түсті бояуларымен келістіре салынған сурет қана емес, шынында да құдды жанды адам: дем алады, қозғалады, жадырайды, жабырқайды, күледі. Жылайды - дәл адамша әрекет етеді. Бұл шебер мелшиген қара тасқа тіл бітіріп, сөйлетіп, ән салғызады. Жел сызғырған бір түп қуқыл шиге немесе селдір қияққа шежіре шерткізіп, ертек айтқызып қояды. Суды кейде сылқаласысылқ күлдіреді. Кейде ызаға булықтырып, бұлқынтып байлап тастайды. Тауы сыздап, тұнжырап, ызғар шашады. Кейде қаңқаласықаңқ етіп сізге наз айтады. Аспаны мен жерінде не ғажап сыр бар. Айының оң қылығының бірін алып қараңызшы: сізбен жасырынбақ ойнап, бірде бетін баса қап, бірде көзін сығырайтып, күле қарап, құлдырап болады: Енді бірде аппақ адал пейілімен, бар ықыласымен ғашықтар жүрегінің лүпіліне үнсіз куә болады... Мынау не деген сырлы поэзия, сонымен бірге не деген терең философия: «Көптен қаладан шықпаған Абайға жаңа көктем енді ғана өзінің келе жатқанын баян етті. Сол жақта, алыс көкжиекте, көкшіл мұнар ішінде Семейтау көрінді. Қардан о да арылыпты. Кесек, жұмыр бір ғана қатты толқын бүктетіліп, түйіліп кеп, мәңгіге мелшиіп, қатып тұрып қалғанға ұқсайды. Айнала, сардала ортасында оқшау бітіп, оқыс тұрып қалған бір үзік тау. Мәңгі бақи жым-жырт боп, жәй созылған сахараның бір заманда әлденеден булығып, лықсып шыққан ереуіл толқыны ма? Ашу-қажыры ма? - сол бейнелі бөлек тау. Абай тау ажарынан осындай оқшау бір бітім көріп, қадала қарап отырып тымағын алды. Пысынаған басына, бетіне Семейтаудан ескен қоңыр жел кеп, леп тиді. Абай жер көркін, өз көңілін еркін өлең етіп кетті » Не деген әсер, эмоция! Осыны енжар, селқос оқу, тебіренбей, толқымай оқу мүмкін бе? Бұл - төрт кітаптағы табиғаттың мың суретінің бірі. Тіл қандай, бояу, ажар қандай? Жанды қимыл, мағыналы символ қайда жатыр? Шеберлік сыры неде? Осы проза ма? Жоқ, прозадағы поэзия! Нәзік те терең лиризм. Бұл - жансыз табиғат суреті емес, адамның жан толқыны, жүрек лүпілі, сан иірім сезім тіл тапқан. Қысқасы, кітаптың пейзажды беттері - қағаз емес, нақ тірі табиғаттың өзі. Адамды үйден шығарып алып кетеді. Бір жерде ақ кірпік боранға адасып кетеміз, енді бір жерде ауадағы дымқыл сыз бетке тиеді, тағы бір жер¬де ай нұрына малынып, тоғайда жүреміз, енді бірде маңдайымыздан шақырая қадалған күнге қолымызды қалқалаймыз... Бұл не нәрсе, бұл? Бұл - біріншіден, Әуезов құрғақ, сылдыр сөйлем құрмайды, ең әуелі өзі тебірене толқып алады да, сол тілсіз сезім тілімен сөйлейді; екіншіден, Абай емес-ау, алдымен Әуезовтің өзі анық ақын: тұтанбай, ұшқындамай, лапылдамай, өртенбей жаза алмайтын нәзік діріл, сыршыл ақын; үшіншіден, Әуезов - суретші, нағыз художник - қағазды, кітап парақтарын аспанға, жерге, құбылысқа, дүние-тіршілікке айналдырып жіберетін шебер; төртіншіден, Әуезов - терең психолог, оқырманның жан дүниесін сілкіп-сілкіп жіберетін күш! Демек, «Абай жолы» секілді ғасырлық туындыны тек осындай қабілет пен қасиеттің адамы ғана туғыза алады.
Ұлы жазушының ұлы туындысы
«Абай жолының» энциклопедиялық сипаты туралы академик Қ. И. Сәтбаев аса әдемі айтты: «Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі бұл кітапты жанап өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілі мен сөздігінің қаз басуы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф қазір көне заманмен қоса көнерген небір тұрмыстық белгілер мен өмір құбылыстарын біледі. Құс салып, саят құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық картиналарының әрқайсысы жеке-жеке-ақ ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге парапар; ғалым-экономистер Қазақстанның XIX ғасырдағы халық шаруашылығының құрылысынан дәлме-дәл нақты мәлімет алады, ондағы тап қайшылығының өзіндік ерекшелігімен танысады; ғалым-юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң-жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды». Классикалық эпопеяда жан тебірентер көркемдік күшпен жинақталған өмірдің жиынтық шындығы ғылымның әр саласындағы маман адамдар үшін осындай таным-тағылым қайнары болса, қалың оқырман үшін Абайдан Дәрменге дейінгі барлық басты кейіпкерлер ақыл мен сананың, арман мен ойдың сарқылмас кені секілденеді. Демек, шығармаға ауадай керек нәрсе - парасат (интеллект) десек, «Абай жолын» оқыған адам өмірдің өнерге айналған академиясынан өткендей болады. Задында, таланттар тарихы мен тағдырын барлай қарасақ, басты жазушылардың бәрі ғұмыр бойы өзінің бас кітабын жазу мақсатында әрекет еткен және солардың талайы жазып үлгіре алмай кеткен. Туған халқына мәңгілік мура болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек қадау-қадау ұлылардың ғана үлесіне тиген. «Абай жолы» - ұлы жазушының ұлы туындысы - бас кітабы, ол өзінің өлшеулі ғана ғұмырында өлшеусіз шығармашылық ерлік жасап, өзінің осынау мәңгілік кітабын жазып үлгіріп кетті. Дананың өз ортасынан әрқашан озық, оқшау тұратын даралығы да осы арада жатыр.
«Абай жолы» эпопеясы дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған (1993).
Кітап кейіпкерлері
Абай - (Ибраһим) Құнанбаев (Құнанбайұлы) (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.
Құнанбай - би, аға сұлтан, Абайдың әкесі, көрнекті қайраткер. Құнанбай жасынан палуан, найзагер болды, қатал да әділдігімен ерекшеленіп‚ әкесі Өскенбайдың тәрбиесінде ел билігіне араласты.
Зере - (1785 – 1873) – Абайдың әжесі. Өскенбай бидің бәйбішесі, Құнанбай қажының анасы. Азан шақырып қойған аты – Тоқбала. Өскенбай би 5 әйелінен 10 бала сүйген. Зереден Құттымұхамбет (жастай қайтыс болған), Құнанбай, Тайбала туған. Зерені Ырғызбай тұқымдары, барша ауыл адамдары “кәрі әже” деп атаған. Қартайған шағында құлағы естімей қалған Зере немерелеріне дұға оқытып, үшкіртеді екен. Абай әжесін өлеңмен үшкірген. Ақылды, зейінді, мейірімді Зере немерелерінің ішінде Ибраhимді ерекше жақсы көріп, оны Абай деп еркелеткен. Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізген.
Ұлжан - Құнанбайдың екінші әйелі, Абайдың анасы.
Біржан сал — Әйгілі қазақ ақыны, сазгер.
Еркежан - Оспанның бәйбішесі. Күйеуі елген соң, әмеңгерлік жолымен інісінің орнын баспақ болған қайнағасы Тәкежанға кеңілі толмайды, Абайдың ез басын кепілдікке апуды етінеді. Сұлу, қылықты, мінезді, көзі ашық Еркежан тіршілікте Абай үшін көп жақсылық жасаған адам. Байсалды, жарасты көңілмен кейін олар ерлі-зайыпты өмір сүрген.
Ділда - Абайдың бірінші әйелі.
Базаралы - Абайдың әкесі Құнанбаймен тартысып, айтысып өткен адам. Қауменнің баласы
Шөже - шыншыл жыршы, ақын.
Бөжей - Жігітек руының билеушісі
Тоғжан - алыстан қарайлайтын қол жетпес арман секілді махаббат таңының үлгісі; әні сәніне, сәні әніне астасқан асыл ару.Тоғжан тазалығы, сұлулығы, пәктігі Абайдың әсемдік мұратының биік нысанасы секілденіп кетеді, ол қанша ұсынса қолы жетпес алып тұғыр, мәңгі тарқамас ұлы сағыныш, орны толмас арман секілді.
Қуандық - ақын қыз
Салтанат - Абайдың досы, ақын қыз, Абай Семейде істі болғанда кепілдікке алып, көмек қөолын созған.
Әйгерім - жас жігіттің нақ сүйер сұлу жарының аяулы үлгісі...
Үмітей - жас қыз, Әмірдің сүйгені
Керімбала - жас қыз, бойжеткен, сауыққұмар, әнші
Дәркембай - кедей жатақтардың бас көтерер адамы, намысшыл,
Мәкен - Абайдың келіні, Әбдірахманның жары, шын аты Мағрипа
Ербол - Абайдың жан досы; екеуінің арасында өле-өлгенше сызат түспеген тамаша достық болды.
Тәңірберген - Абайдың ағасы, Құнанбайдың үлкен баласы, романда Тәкежан деп атаған
Өскенбай Ырғызбайұлы - (1773-1850) - Абайдың атасы, тобықты руының атақты биі болған. Өскенбай заманы тәуелсіз қазақ хандығы мен Ресей империясының отаршылдық заманында өмір сүрген.
Жұмабай - Құнанбайға қадірі бар және Абайды Ахмет Риза медресесінен алып келген кісі
Байтас - Абайды медреседен алып келген адам
Майбасар - Құнанбайдың тоқал шешесінен туған інісі
Қалиқа - Жұманның әйелі
Тобжан - Ызғұттының әйелі
Айғыз - Құнанбайдыңі тоқалы, Абайдың екінші анасы
Тонтай - Абайдың нағашысы
Қамысбай - Майбасардың атшабары
Байсал - Құнанбайдың сенімді адамдарының бірі
Қаратай - ел ісіне араласатын Құнанбайдың сенімді адамы
Сүйіндік - Құнанбайдың туысы
Жиренше - Байсалдың немере інісі, Шоқаның баласы, Абайдың досы
Оспан - Абайдың кіші інісі
Тәкежан - Абайдың ағасы
Қодар - жақыны жоқ, жалғыз үйлі бір Борсақ
Сағит - молданың үйіне барғанда кедергі жасаған сотқар бала
Солтабай төре - Сыбан елінен шыққан, Құнанбайға Қодар мен Қамқа жайын бетіне басып айтады
Қамқа - Қодардың келіні, Құтжанның әйелі
Құтжан - Қодардың баласы
Жәмпейіс - Қодардың жиені және бірге тұрады
Бектен көсе - Сүйіндіктің Қодарға жіберген кісісі
Жетпіс - Жексеннің інісі
Жексен - Қодардың аталас ағайыны
Әйтімбет - Қодар мен Қамқа ісінің мән-жайын білуге көмектеседі
Жұмағұл - айбасардың атшабары
Байкөкше - Барластың шәкірті, жыршы
Барлас - Абайдың ауылына келген ақын
Беркімбай - Зере мен Ұлжан үйінің жылқышысы
Жарқын - Зере мен Ұлжан үйінің жылқышысы
Түсіп - Ділдәнің әкесі, Жігітектің Бөжейден соң басты адамы
Күңке - Құнанбайдың үлкен бәйбішесі
Таңшолпан - Құнанбайдың тоқал шешесі
Бопай - Құнанбайдың кәрі жеңгесі
Ақбердінің шешесі
Ырсайдың шешесі
Жортайдың шешесі
Құдайберді - Құнанбайдың Күңкеден туған баласы
Жақып - Құнанбайдың тоқал шешесінен туған
Үркер - Құнанбайдың әкесімен туысқан ағасы
Мырзатай - Құнанбайдың әкесімен туысқан ағасы
Жортар - Құнанбайдың әкесімен туысқан ағасы
Сүгір - Бөкенші руының адамы
Асылбек - Сүйіндіктің үлкен баласы
Құлыншақ - Құнанбайды қонысымен құтықтап келуші, Торғай руының басы, "Бес қасқаның" әкесі
Байдалы - Жіігітек адамы
Үркімбай - Жігітек адамы
Қаумен - Бөжейдің жақыны
Қараша - Бөжейдің жақыны
Наданбай - Құлыншақтың ұлы
Манас - Құлыншақтың немересі,Тұрсынбайдың ұлы, Бесқасқаның бірі
Жұман - Ырғызбай адамы
Төлепберді - Ырғызбай адамы
Көтібақ - Шыңғыста қыстауы бар кіші ауыл басшысы
Балағаз - Қауменнің баласы
Абылғазы - Қарашаның баласы
Бейсембі - Жігітектен Құнанбайға қарсы шыққан адам
Әбділда - Жігітектен Құнанбайға қарсы шыққан адам
Оралбай - Жігітектен Құнанбайға қарсы шыққан адам
Қожақан - Бөжей мен Байсал қарамағындағы жігіт
Пұшарбай - Бөжейдің құрдасы, досы
Кәмшат - Айғыздың қызы, Абайдың қарындасы
Смағұл - Айғыздан туған, Оспанмен түйдей құрдас бала
Қалел - Айғыздың үлкен баласы
Ғабитхан - әскерден қашып келген татар жасы
Қазағуар - Қарқаралыдағы татар саудагері
Қарабас - Майбасардың атшабары
Алшынбай - Абайдың қайын атасы, Ділдәнің атасы
Тіленші би - Алшынбайдың әкесі
Майыр - Құнанбайдың оң қолы
Қасқа - Майырдың қазақ тілмашы
Құсбек - бұрынғы аға сұлтан
Жамантай - бұрынғы аға сұлтан
Хасен молда - мешіт имамы
Балта - Алшынбайдың қасында жүретін ақын
Әділбек - Сүйіндіктің баласы
Көжекбай - Жамантайдың баласы
Қанатжан - Сүйіндіктің әйелі, Тоғжанның анасы
Масақбай - жылқышы
Мұңсызбай - Бесқасқаның бірі
Тұрсынбай - Бесқасқаның бірі, Манастың әкесі
Садырбай - Бесқасқаның бірі
Чернов - орыс-казактарды Қарқаралыдан бастап келген шенеунік
Ырсай - жиынға қатысушы қарт
Байғұлақ - Тоғалақ ішіндегі мықты
Мырзахан - Құнанбайдың Қарқаралыға барарында жанына ерткен сенімді адамы
Құсбек - Қарқаралының жаңа аға сұлтаны
Тінібек бай - Семейдің үлкен саудагері
Мәкіш - Құнанбайдың қызы, Абайдың әпкесі
Көккөз - Алшынбайдың пысық жігіті
Сергей - Майырдың Керекудегі жақын ашынасы, көпес
Мишка - Сергейдің пысық дабернайы
Қатша - Ділдәні айттыруға барғанда Ұлжанның қасына еріп барған әйел
Қадырбай - Бөжейдің асына келген ақын
Қапа - Керімбаланың жеңгесі, Әкімқожа әйелі
Ақылбай - Абайдың Ділдәдан туған баласы
Күлбадан - Абайдың Ділдәдан туған қызы, Абай оны "Сарышаян" деп атайтын
Қаражан - Тәкежанның әйелі
Абылғазы - Қарашаның баласы
Әділхан - Қарашаның баласы
Нұрғаным - Құнанбайдың тоқалы,төртінші әйелі
Қарашаш - Асылбектің келіншегі
Шәкәрім (Шәке) - Құдайбердінің баласы
Шұбар - Құдайбердінің екінші баласы
Нұртаза - Құдайбердінің үшінші баласы
Ақбас - Облыстың үлкен адвокаты
Көгадай - Қодардың інісі
Дәрмен - Көгадайдың баласы
Өңдірбай - Құнанбаймен меккеге баратын адам
Дарқан - Оспанның досы
Көшір - Ұлжанмен Қарқаралыдан қайтқан кісі
Бекей - Абай тоқтаған үй иесі, Шекейдің бауыры
Наймантай - Бекейдің баласы
Еламан - Бекей-Шекей күйеуі
Мағжан - Абайдың ең жақсы көретін баласы (Мәкіш)
Әбдірахман - Абайдың баласы (Әбіш)
Баян - күтуші әйел
Есбике - күтуші әйел
Сақыш - Есбикенің қызы
Бәшібек - Есбикенің күйеуі
Бүркітбай - бие сауушы
Баймағамбет - Бүркітбайдың көмекшісі
Ағай - Бүркітбай баласы
Байсүгір - қозы бағушы бала
Байторы - Байсүгірдің әкесі
Зылиқа - Ұлжан жанындағы әйелдердің бірі
Әмір - Абайдың інісі, Құдайбердінің баласы
Балбала - Базаралының көршісі, Әнет қызы
Әкімқожа - Сүгір баласы
Оралбай - Әкімқожа інісі
Көшпесбай - Балбаланың туған қайнысы
Бесбесбай - Көшпесбай ағасы
Базар - Топай кісісі
Даданбай - Торғай адамы
Күнту - Бөкеншінің білімді жігіті
Жабай - Бөжейдің баласы
Марқабай - Бөкенші мықтысы
Құндыз - Марқабай ұнатқан қыз
Кішкене молда - Абай балаларын оқытушы
Мақұлбай - Тәкежанның баласы
Дәндібай - Абайдың бұрыннан танысы, Ералы ауылының тұрғыны
Еренай - Абайдың бұрыннан танысы, Ералы ауылының тұрғыны
Тентек ояз - сайлауға дайындыққа келген адам
Лосовский - советник
Андреев - Абайдың адвокат досы
Михайлов - Орыс жерінен Семейге айдалып келген кісі, Абайдың досы
Сергей - каталашкадағы күзетші
Николай - каталашкадағы күзетші
Хомутов - каталашканың надзирателі
Әлдеке - Салтанаттың әкесі,саудагер
Кошкин - Абайды тергеуге қатысқан, ең үлкен сот орны,окружной суд бастығының күйеуі
Қауменов - уезд начальнигі
Кәрім - Абайдың абақтыдан шыққан соң түнеген үйі
Киізші Дүйсеке - Салтанаттың нағашысы іспеттес жақын адам
Ысқақ - Қызылмоланың болысы, Абайдың бір анадан туған інісі, Құдайбердіге еріп, Күнкенің қолында өскен
Төре - белгілі қорашы ұста
Тұраш - Абайдың Әйгерімнен туған баласы
Кузмич - Михайлов кітаптарды беріп жіберетін адам
Дәмелі - Ерболдың әйелі
Ысмағұл - Ерболдың баласы
Дүтбай - Алатай баласы, Көкше Қаратайдың туысы
Әмір - Үмітейдің сүйген адамы, Абайдың інісі
Мұхамеджан - Әмірдің досы, жас әнші,ақын,сері
Кенжеқан - Нұрғанымның бауыры
Мырзағұл - Әмірдің жолдасы
Бәшей - мерген, Шәкемен еріп келген жас жігіт
Тұрғанбай - Абалармен аңшылыққа шыққан ең үлкен бүркітші, саятшы
Әділ - Бөжейдің тоқалынан туған баласы
Дүйсен - Тоғжан отырған ауылдың қонақ күтуші ағайыны
Молда - Дүйсеннің қасында жүрген жігіт
Найман - Тоғжанның қайын атасы
Аққозы - Тоғжанның күйеуі
Сыртқы сілтемелер
Абайдың қара сөздері
Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі - қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған.
Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.
Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Қара сөзде айтылған ой
Абайдың "Жетінші сөзінде" ұшырасатын "жанның тамағы" деген күрделі философиялық ұғым бар. Оны Абай біздің санамыздан тыс өмір сүретін объективті дүниенің санада сәулеленуі нәтижесіңде пайда болатын ғылым, білімнің жинақталған қоры ретінде қарайды.
Осы себептен де Абай: "... құмарланып, жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді",— деп қайыра түсінік беріп отыр...
Абайдай ұстаз ақынның бұл "Жетінші сөзде" көздеген мақсаты адамның бойыңда туа пайда болатын жан құмары арқылы өз ұрпағының санасына тек қана жанның пайдалы тамақтарын сіңдіру еді. Міне, Абайдың ағартушылық көзқарасының тамыр алған бір саласыныңқайнар көзі осы жақта жатыр.
Абай бұл бағыттағы ойларын өзге сөзбен "Ғылым таппай мақтанба" т.б. өлеңдерінде айтқан. Мұнда ол "жанның тамағы туралы" ұғымды өз заманынын тұрғысынан келіп, "адам болу" үшін қажет көп керектермен ауыстырады. Ақын толық адам болу туралы өзінің жүйелі де қалыптасқан көзқарасының тезисін ұсынады. Онысы:
Адам болам десеңіз...
Бес нәрседен қашық бол...,—
Бес нәрсеге асық бол, - деген жолдарда жатыр.
Ақынның бүкіл шығармаларындағы негізгі бір тұтас тақырыпта өзекті идея болған. Абайдың пікірінше, ішкі рухани казынамыздың молығуы тікелей өзіміздің қолымыздағы іс. Осы реуішті пікір Абайдың "Он тоғызыншы сөзінде" де қайталанады. Абайдың дүние танымы бойынша сананың, ақылдың пайда болуы күнделікті өмір тәжірибесінің нәтижесінен ғана туындайтын табиғи құбылыс. Соңдықтан да Абай "Он тоғызыншы сөзінде":
"Адам ата-анадан туғаңда есті болмайды: есітіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады... Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, соңда іске жарайды, сонда адам десе болады", — деп жоғарыдағы өлең үзіндісендегі ойын осы сөзіңде одан ары кеңіте отырып дамытатынын көруге болады.
Абайды публицист ретінде қарастырған ғалым-зерттеушілер, олар көп емес — саусақпен санарлық қана, негізінен қарасөздеріне тоқталып, солар жөніндегі пікірлері мен пайымдауларын білдірумен шектеледі. Мәселен, тамаша ғалым М.И.Фетисов «Национальное и жанровое своеобразие публицистики Абая Кунанбаева» деген мақаласында әңгімені «Абаю Кунанбаеву и по стилью цикл назидательных рассуждении под общим названием «Гаклия», деп әңгімені бірден қарасөздерден бастайды. Ол Абайдың публицистік сипатын ең алғашқылардың бірі болып ашып көрсетті. Әйткенмен, бұл ғалым Абайдың қоғамдық ой-пікірлерін білдіретін шығармаларына тек қарасөздерін ғана жатқызумен жаңсақтыққа ұрынды деп есептейміз. Аталған зерттеушінің еңбегінде Абай қарасөз жазбаса публицист болмас та еді деген пайымдаулар бой көрсетеді.
Абайды публицист деп ең алғашқылардың бірі болып атап айтқан Х. Бекқожин де өз зерттеуіне қарасөздерді өзек етеді: «Стиль, идеялық мазмұны жағынан алғанда Абайдың қара сөздері — нағыз публицистикалық шығарма» дейді ол. Біздіңше, осы пікірлердің барлығы да «Абай –публицист» деген анықтаманың толық дәйектемесі бола алмайтын сияқты.
Абайдың публицистігі туралы әңгіме қозғағанда ел естімеген жаңалық ашуды мақсат етіп отырған жоқпыз.
Өйткені, адамзат ардақтысының публцистік қыры – қазіргі таңда дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Әйкенмен қазақ аудиториясында публицистиканы кемсітетін, оны әдебиеттен көш төмен қоятын теріс көзқарас қалыптасқанын айтуға тиіспіз. Біз «Абай — публицист» деп сипаттама беріп, осы тұрғыдан өз ой-пікірімізді ортаға салар болсақ, кейбір әдебиеттанушы ғалымдарымыз ұлы тұлға өзінің ақындық, ойшылдық тұғырынан түсіп қалатындай көріп, бұл сөзді оның төңірегіне жолатқысы келмейтіні шындық.
«Абай – публицист» деп соқырға таяқ ұстатқандай ашып көрсетпесе де ұлы Мұхтар: «Жалпы қара сөздерден мазмұн, тақырып жағынан өзгешерек тұратын — қырық алтыншы сөз.Ол тарихтық мақала — очерк тәрізді» деген пікірімен, Абайдың публицист болғанын аңғартады. Егерде Әуезов «Абай – публицист» деп астын сызып жазбаса, оның да өзіндік себеп-салдары бар деп ойлаймыз. Оның ең бастысы — публицистика деген атаудың төңірегінде күні бүгінге дейін қызыл-кеңірдек пікір сайысы жүріп, дау-дамай өрбіп» дәл анықтамасы берілмеуінде деп білеміз. Бірақ бір анық нәрсе: қоғам дамуына үн қосып пікір білдіретін дәуір тынысын танытатын шығарма — публицистика. Ал ондай шығармалар Абай мұрасының негізгі бөлігін құрайды.
Мұхтар Абай публицистикасына баса ден қоймауына ақынның өз тұсындағы мерзімдік басылымдармен байланысы жөніндегі деректердің жеткілікті анықталмауы да себеп болуы мүмкін.
Соңғы отыз бес жылдай мерзімде Абайдың публицистік болмысына тоқталып, оның. шығармаларының публицистік сипатын көрсеткен ауыз тұщытатын еңбек дүниеге келген жоқ десек, шындықтан аулақ кетпейтініміз анық. Тіпті Абайдың — публицистігі жайлы әңгіме қозғаған кездің өзінде оның мұрасы тар ауқымда зерттеліп, ой-пікірлер тек қарасөздер жайлы айтылды. Ал біз публицистік сарынды Абайдың.. бүкіл шығармасынан қарастырып, мәселент кең көлемде зерделеген жөн деп есептейміз.
Абай — публицист. Оны публицист еткен өзінің ортасы, Абай дәуірінен көп бұрын басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан сананың мешеулігі, ұлтының талайсыздығы мен ұлтының талапсыздығы еді. Сондықтан да М.Әуезов оның қарасөздері жайлы әңгімелей келіп:
«… Абайдың өз тұсындағы күнделікті өмір шындығына қолма-қол қатынасып, жәрдем етсем деген талабын көрсетеді. Өлеңдік шығармаларында өз заманының шындықтарымен қолма-қол байланысты болып, онны сынау арқылы пайдалы іс етемін деген ақын, жаңағы қарасөзінде сол әлеуметтік, әкімшілік қалпына нақтылап араласқысы келеді» дейді.
Бұл біздің Абай жаратылысынан публицист, оның ақындық құдіреті публицистік болмысынан бастау алады деген ойымызды нақтылай түседі.
Белгілі ғалым Т.Қожакеев: «Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да» дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Менсінбеуші ем наданды», «Қайғы шығар ілімнен», «Қарашада өмір тұр», «Бойы бұлғаң» деген өлеңдерінде де ел ішінің бұзылуы, ондағы жікшілдік, баққұмарлық, алауыздық, өтірікшілік, өсекшілік, пайда іздеу ұрлық қылу, сұмдық-сұрқиялық істеу сияқты қасиетсіздіктерге қарғыс таңбасы басылған» дейді. Міне, бұлар қоғамға, оның мүшелеріне баға беретін, сын айтатын шығармалар. Олай болса, публицистика дегеніміз осы. Бұл пікірді сәл өзгертіп ұлы Мұхтар да айтқан: «Абай өскенде, ортасынан асқанда осы сияқты тарихтық, қоғамдық қайшылықтарды терең аңғарып танып барып өседі… барлық ақыл ойын мынау ортаны мінеп, шенеп, нәрсіздік, құнсыздығын ашуға жұмсайды». Осыдан кейін Абайдың публицист болмасқа амалы да жоқ еді.
Абай бір-ақ күнде, тек қарасөздерін жаза бастаған сәттен бастап публицист болды деудің қисыны келмейді. Әлемдік өркениеттің қайнаған ортасынан тысқары қалған жартылай көшпелі елдің топырағында кіндік қаны тамған болашақ классиктің көзін тырнап ашқаннан көргені көк бөрідей жұлқысқан, тіршілік үшін жаға жыртысқан айқастар еді. Оны таразылап, терісін-теріс, оңын оң деп обьективті баға беруге Абайдың ақылы тек орыс демократтарын оқығаннан кейін ғана жетті дегеніміз де ағаттық болар. Оның табиғи дарынын үстеуге Мұхаң көрсеткен үш арнаға қоса қоғамдағы әралуан қайшлықтар да белгілі дәрежеде ықпал жасағаны хақ. Ислам әлемінің үлкен қайраткерлерінің бірі Әли ибн Әби Талиб «Мен өзімнің ұзақ өмірімнің барысында адамдардың туған әкелерінен гөрі өздері өмір сүрген заманға көбірек ұқсайтынын жиі байқадым» деп айтуы тегін емес. Сөйтіп Абайға ең алдымен заманы ықпал жасап, публицист етіп өсірді. Оған дәуірдің ызалы, ащы сөзін айтқызды.
М.Әуезов: «… Жаманшылықтың жайын жалтарып айтпай, Добролюбов үгіттеген жол бойынша ызалы шабытпен, тура шабуылмен айту керек деп ұғынады. Сондықтан өз бойындағы ажуа мен сатираға толып келген ызалы, толқынды ойларын Абай мысалсыз –ақ ашық, анық өлеңдерімен шығарады» десе, ол да Абайдың-публицистігін ашық мезгегені.
Бұл арада М. И. Фетисовтың «Абаевские назидательное рассуждения представляют классический образец нациальной публицистической прозы. Закладывая основы казахской демократической литературы, Абай чуткий по всем современным народным запросам, не мог, естественное, миновать и оперативных жанров не мог не использовать их для активного воздействия на сознаниее своих современников, на общественную жизнь в Казахстане» деген пікірін келтіріп жатудаң өзі артық болар. Әңгіме болып отырған оперативті жанрларға тек Абайдың қара сөздері ғана емес, сонымен бірге, уақыт, қоғам тынысын білдіретін өлеңдері де жатады.[1]
Ағынды менің Ақсуым,
Ақырып әлі ағасың,
Ақиланған ашумен,
Ақтарды асқар сабасын.
Тас тарпуын, шапшуын,
Қарасаң қайран қаласың,
Жалғыз жазғы бір кеште,
Жағаладым жағасын.
Тұнжыраған торғын түн,
Төндім сұлу суына.
Таңырқап тау-тас тамсанып,
Жымиды жұлдыз мұңыма.
Сүмиген сүңгі сұрша тал,
Шомылды таудың суына.
Таймандаған тайпақ ай,
Желегі ме, туы ма?
Шүйке шарбы бұлтты
Қалқалай қалды қылмия.
Аспанды, ай алтын құшағы,
Қусыра қайың құшады.
Қарамай қайың, қалайша
Қаужиған құшсын бұтаны?
Қайың мен сәуле сүйіссін,
Сүймегенді нысабы:
Итмұрыны меңіреп,
Қудырлап қоңыз ұшады.
Бауырлаған ағынның,
Сумаңдап суы сылдырайд;
Қудиған қоңыр құрақтың
Саусағы суда судырайд;
Суға төнген бір шыбық
Дірілдейд, суда сырылдайд;
Оған қонған бір шымшық
Шиқ-шиқ етед, шырылдайд...
Аймауытов, Жүсіпбек (1889—1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы.Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер екен.
Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үйренген. 1907 ж. бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады.
1911—1914 жж. ауылда мұғалім болып істейді.1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады.Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ. Сәтбаевпен, М. Әуезовпен танысады.
Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919). Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920). Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы.
Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922—1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924—1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926—1929) қызметтерін атқарады.
1929 ж. басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.
Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты.
Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, қүнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген.
Бұлардың сыртында «Тәрбиеге жетекші» (1924 ж.), «Психология» (1926 ж.), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926 ж.), т.б. ірі ғылыми еңбектері бар.
Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге, оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының сонылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ.
***
Жүсіпбек Аймауытов (1889ж., Павлодар обл., Баянаулы ауд., Қызылтау мекені, — 1913) — аса көрнекті қазақ жазушы. 1907!1913ж. Баянауыл, Кереку (Павлодар) мектептерінде, 1914-1919ж. Семей мұғалімдер семинариясын оқыған. 1920-1921ж. ҚазССР халық ағарту комиссариатында бөлім бастығы, коллегия мүшесі. 1921-22ж. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып істеген. 1922-1923ж. Қарқаралыда мектеп мұғалімі, 1923-1926ж. «Ақ жол» газетінің редакциясында (Ташкент) бөлім бастығы. Ташкент институтында мұғалім, 1926-1929ж. Шымкент пед.техникумында директор. 1929ж. «Қазақстандағы ұлтшылық ұйыммен байланысы бар» деген сылтаумен тұтқындалып, 1931ж. атылған.
Аймауытовтың әдебиетпен әуестенуі 1910ж. басталады. Оның алғашқы өлеңдері мен әңгімелері, мақалалары «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде, «Абай» журналында жарияланып тұрады. 20-жылдар ішінде респ. Газет-журналдар бетінде шығармалары көп басылған. «Қартқожа» романы (1926), «Ел қорғаны» (1925), «Мансапқорлар» (1925), «Қанапия мен Шәрбану» (1926), «Шернияз» (1926) пьесалары, «Нұр күйі» поэмасы (1929) және бір топ аударма кітаптары жарық көрген. Аймауытовтың жаңа дәуірдегі қазақ прозасын, әсіресе, роман жанрын бастаушы есебіндегі орны үлкен.
«Қартқожа» — қазақ кеңес романының басы, онда 20 ғасырдың басындағы әлеум.революциялар кезінде тартыс жолыннан өтіп, қоғамдық шындықты түсінуге ұмтылған қазақ жасының өмірі суреттеледі. Аймауытовтың екінші романы «Ақбілек» кітап болып басылып үлгермеді. Үзінділері «Әйел теңдегі» журналында жарияланған «Ақбілек» тақырыбы жағынан «Қартқожамен» үндес. Алдыңғы романда жазушы жаңа қоғамдық жағдайда азаттық жолына шыққан қазақ жасын көрсетсе, соңғы романда осы әлеум.өзгерістер легінде қазақ әйелінің теңдік жолындағы ізденістерін суреттейді. Аймауытовтың үлкен проза саласындағы тағы бір елеулі еңбегі — «Күнікейдің жазығы» повесі.
Ол «Жаңа әдебиет» жарналында жариланған. Кітап болып басылып үлгермеген. Бұл шығарманың тақырыбы да әйел теңдігі, негізі кейіпкерлері — кедей қызы Күнікей. Аймауытовтың ырғақты прозасы — қазақ әдебиетінде ақ өлең үлгісін туғызуға жол бастады. Аймауытов драмалық шығармалар жазұға ерте талпынған. Ол Семейде оқыған жылдары жастардың ойынсауак үйірмелеріне белсене қатысып, домбыра тартып, ән салып, спектакльдер қойған, өзі басты рольдерде ойнаған. Аймауытовтың пьесаларының негізгі тақырыбы да халықтың азаттағы идеясы. Ол ескі өмірдің мешеу көріністерін сынай отырып, халықты оқуға, өнерге, білімге үндейді.
Ел адамдарын оятып, жаңа тіршілікке шақырады «Рәбиға», «Қанапия мен Шәрбануда», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар». Аймауытов пьесалаларының ең елеулісі — «Шернияз». Мұнда жазушы қайшылықты қоғамдық ортада күрделі өмір кешкен өнер адамдарының тағдырын бейнелейді. Аймауытов — әдеби творчествосын өлең жазудан бастаса да, кезінде жинақ бастырмаған. Оның өлеғдері күнделікті баспасөз бетінде сақталған. Өлең — үлкен проза мен драматургияға ден қойған жазушының алғашқы тәжірибесі сияқты. Бұлардың көбі ескі өмірдің келеңсіз суреттері мен жаңару идеясын жырлайды.
«Нұр күйі» поэмасында анасынан соқыр боп тұған баланың өнерпаз, күйші болып өсуі, дәрігердің көмегімен көзінің жазылуы суреттеледі. Аймауытов «Интернационал», «Жас әскер» сияқты революция дәуірінде кең тараған күрес жырларын қазақшаға аударған. Жазушының балаларға арнап жазған «Жаман тымақ», «Шал мен кемпір», «Көк өгіз», «Үш қыз» атты суретті кітапша ертегілері бар. Өмірінің көбін баспасөз маңында өткізген жазушы үлкен публицист есебінде де белгілі. Сол кездегі мерзімді баспасөз беттерінде ол жазған мақалалар, оқшау-фельетондар, хат-хабарлар көп.
ХХ ғасырдың басында ұлттық әдебиеттің барлық жанрында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгерлердің қатарында ақын әрі прозашы, драмашы әрі аудармашы, сыншы әрі публицист Жүсіпбек Аймауытовтың есімі айрықша орын алады. Әдебиеттің әр алуан жанрларында қалам сілтей жүріп, ол қазақ әдебиетінің жаңа өріске шығуына мол еңбек сіңірді.
Өмір жолы. Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Он бес жасына дейін туған ауылында болған ол әуелі ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Бұдан кейін де әр түрлі молдалардың алдын көріп, ескіше едәуір білім жинайды. Соның нәтижесінде ауыл арасында өзі де азды-көпті молдалық құрады. 1907 жылы молдалықты тастап, Баянауылға барып орыс-қазақ мектебіне түседі. 1911 жылы Павлодардағы екі сыныпты орыс-қазақ мектебіне түсіп, оқуын жалғастырады. 1914-1919 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқиды. Семейде жүріп алаш қозғалысына қатысады,» Абай» журналын шығаруға ат салысады.
1919 жылдан бастап Жүсіпбек Семейде, Павлодарда кеңес өкіметінің жұмыстарына араласады. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы болады. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі болады. 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің редакциясында істейді. 1926-1929 жылдары Шымкенттегі педагогикалық техникумға директор болады. Ара-арасында әр түрлі саяси жұмыстарға араласады. 1929 жылы жазықсыз тұтқынға алынып, «халық жауы» деген жаламен 1931 жылы өлім жазасына кесіледі.
Ж. Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы бұдан кейінгі алпыс жыл бойы ауызға алынбайды. Кеңес өкіметі түсында ол туралы айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Тек кеңес өкіметі ыдырап, коммунистік идеологияның құрсауы босағаннан қейін ғана қаламгер мұрасы халқына жете бастады. 1989 жылы бір томдық кітабы жарық көрді. Зерттеу жұмыстары қолға алынды. 1997 жылдан бастап Жүсіпбек шығармаларының бес томдық жинағы басылды.
Шығармашылық мұрасы. Сан қырлы талант иесі Жүсіпбек Аймауытовтың артында қалған шығармашылық мұрасы аса бай. Оның ішінде көптеген өлеңдер, «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» хикаяты мен «Әнші» секілді бірқатар көркем әңгімелері, «Рәбиға», «Мансапқорлар», «Қанапия мен Шәрбану», «Ел қорғаны», «Шернияз» пьесалары, «Нұр күйі» поэмасы, сондай-ақ бірсыпыра сын мақалалар мен аудармалары бар. Газет беттерінде жарияланған публицистикалық мақалаларының өзі бір төбе.
Жүсіпбек шығармашылығы әуел баста өлең жазудан басталады. Өзінің деректері бойынша ол тұңғыш өлеңін 13 жасында жазған. Оның ақындық жүрегінен туған «Жазушыларға», «Неғып отыр?», «Ах-ха-ха-хау», «Ұран», «Еңбекшілер ұраны» секілді өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасында ақын бұрынғы өмірдің келеңсіз жақтары мен өз дәуірінің көріністерін ақындық сезімталдықпен жырлайды. Ол құбылыстарды жанды да нанымды суреттер арқылы көрсетуге ұмтылады. Мәселен, «Көшу» өлеңінде қазақ ауылындағы көш суреттері, көштің сән-салтанаты көрінсе, «Ұршық» өлеңіндегі ұршық иірген кемпірдің монологы арқылы қарапайым өмір көрінісі бейнеленеді.
«Нұр күйі» поэмасы 1929 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылады. Онда адамның көңіл күйі, қуанышы мен мұңы жырланады. Поэма жастарды өмірді сүюге, қиындыққа қарсы тұра білуге шақырады.
Жүсіпбек Аймауытовтың әдеби мұрасының ең салмақты саласы — прозалық шығармалар. Кішігірім әңгімелерден бастап жазушы қаламынан «Қартқожа», «Ақбілек» романдары туды.
«Қартқожа» романы 1926 жылы Қызылордада кітап болып басылып шықты. Роман жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ еңбекшілерінің, олардың әлеуметтік аласапыран тұсындағы тағдырын бейнелеген алғашқы күрделі шығармалардың бірі болды. Онда 1916 жылғы Ресей патшасының қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығы кезіндегі аласапыран, патшаның тақтан құлауы алдындағы қазақ ауылының көрінісі, адамдар психологиясы көркем бейнеленген. Жазушы осы тартыстар арқылы қазақ кедейінің қоғамдағы теңсіздіктің сырын ұғуы, әлеуметтік әділетсіздіктің себептерін түсінуі секілді ояну процесін көрсетуге ұмтылады.
Романдағы оқиғалар бас кейіпкер Қартқожаның басынан өткен нақты жағдайларға негізделген. Сол арқылы жазушы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы мен оның патшаны тақтан құлатқан 1917 жылғы ақпан төңкерісіне ұласуы, қазақ азаматтарының ел ішіндегі әлеуметтік тартысқа араласуы, алаш қозғалысының өмірге келуі, ақтар мен қызылдардың соғысы, қазан төңкерісі, азамат соғысы тұсындағы жайларды баяндайды. Осы оқиғалар тұсында роман кейіпкері Қартқожа да есейіп, ес жинайды, алға қарайды, болашаққа бет алады.
Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романы кезінде кітап болып шыкпаған. 1927—1928 жылдары баспасөзде жарияланған. Тақырыбы жағынан ол «Қартқожа» романымен үндес. «Қартқожада» көтерілетін күрес, азаттық идеясы «Ақбілекте» одан әрі жалғасады.
Романда ескі ортадағы жікшіл тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының төңкерістен кейінгі жаңа сипатты заманның мүмкіндігіне сай өз құқығы үшін күресу жолы баяндалады. Шығарманың бас кейіпкері Ақбілек өшіккен адамдардың кесірінен ақ әскерлерінің тұтқынына түсіп, неше қилы қорлық көреді. Елінде де алуан қиындыққа жолығады. Кейін төңкерістен соң қалаға кетіп, оқу оқып, өз бақытын табады.
Ақбілектің басынан өтетін осы оқиғалар арқылы Жүсіпбек сол бір қилы-қыстау кезеңдегі қазақ ауылдарындағы өмір шындығын, адамдардың қилы-қилы тағдырын кең бейнелейді. Роман кейіпкерлері заман өзгерістерімен ілеседі, қоғамдағы өз орындарын іздейді. Түптің түбінде дегендеріне жетеді.
Қысқасын айтқанда, «Ақбілек» романы — бір ғана қазақ қызының күрделі тағдыры негізінде әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының өзгеру процесін суреттеген алғашқы қазақ романдарының бірі.
Сол кезеңдегі әлеуметтік әділетсіздік пен қазақ әйелінің трагедиялық тағдыры Ж. Аймауытовтың 1928 жылы жазылған «Күнікейдің жазығы» атты хикаятына да арқау болды. Хикаяттың бас кейіпкері Күнікейдің тағдыры арқылы жазушы ел өмірін, көшпелі жұрттың еш нәрсеге бас қатырмай, жайбарақат кешіп жатқан тіршілігін көзге елестетеді. Шарасыздықтан, әрекетсіздіктен сақтандырады. Ескіге қарсы күресу идеясын көтереді.
Хикаяттың бас кейіпкері Күнікей кедей қызы болса да, еті тірі, пысық. ПІығарманың басында оның ұсқынсыз күйін, қараңғы үйде жатқанын көреміз. Маңында адам жоқ. Өзі ауру.
Жазушы осы тұста шегініс жасап, Күнікейдің өткен өміріне үңіледі. Қыздың өскен ортасы, отбасының жұпыны тіршілігі суреттеледі. Әкесі Құлтума—байдың малын баққан момын адам. Шешесі Шекер — үй тұрмысын берік ұстаған ширақ әйел. Күнікейдің жаратылысы да ешкімнен кем емес. Өрелі, өнерлі жас болып өседі. Тұрмыстың ұсақ-түйек етекбастылығынан өзін жоғары сезінеді Арын таза ұстайды. Сөйтіп жүргенде арам ойлы қаскүнемдердің қастандығына тап болып, кеудесін ашу мен ыза, намыс пен кек кернейді. Өзі үшін күресе жүріп, ұзатылған жерінен қашып кетіп, сүйген жігітіне қосылады. Бақытына енді қолым жетті дегенде, сүйген жігіті Байман да опасыздық жасайды. Күнікейді ауру еткен осы жағдайлар болатын.
Күнікейдің басынан өткен бұл жайларды жазушы сол дәуірдің тарихи-әлеуметтік шындығымен сабақтастыра суреттейді. Ескіліктің бұғауын бұзып, қыздың ұзатылған жерінен қашып шығуын, сүйгені Байманға қосылуын баяндау арқылы жазушы сол кезеңдегі адамдар санасында оянған азаттық, бостандық идеясын жеткізуге тырысады. Бірақ әлі де болса шын бостандық жоқ, қазақ ауылына шынайы азат өмір жеткен жоқ еді. Күнікейдің соңғы тағдыры, Байманның опасыздығы осыны аңғартады.
Өзін осылайша талантты прозашы ретінде танытқан Жүсіпбек Аймауытовтың қаламынан бірқатар көркем әңгімелер де туды. 1918 жылы жазалған «Бетім-ау, құдағи ғой» атты әңгімесінен бастап, 1927 жылы жазылған «Ханалар тарихына» дейінгі аралықта өмірге келген «Елес» (1924), «Әнші» (1925), «Боранды болжағыш әулие» (1926) тәрізді әңімелерінің қай-қайсысынан да өзі өмір сүрген дәуірдегі елдің тұрмысын, ой-арманын, заман тынысын жетік білетін әрі оны көркем тілмен, парасатты оймен өрнектеп жеткізе алатын тамаша прозашының қолтаңбасы айқын байқалады.
“Боранды болжағьпп әулие» әңгімесінде қазақ ауылының қыстың бір боранды күніндегі өмірі суреттеледі.
… Сақылдаған сары аяз. Қарадан қарап тұрып бірдеме шарт ете түседі. Не терезенің шынысы шатынайды, не жер, не мұз қақ айырылып, ырсиып қалады. Жермен бірге мұздақ қар да жарылып кетеді. Ақырында сары аяз мұрныңды қариды. Жеңіңнен шығарсаң, қолың илікпей, тас боп қалады. Түнде пешке қойып кептіріп алған етік, биенің бір сауымында ағаштай қақиып, таяқпен қақсаң сақ-сұқ етеді. Осындай күндерде біз мал жаямыз.
Қыстың аязды күнін жазушы осылайша дәл әрі көркем тілмен суреттейді. Бұдан әрі ұйтқып соққан боран, ыққан мал, адасқан малшылар жайында баяндайды. Сол боранда бірқатар мал қырылады. Әңгіме кейіпкері: «Шіркін, бұлай боларын алдын ала болжап білсем-ау», — деп армандайды. Кейін қалаға барып барометр туралы естиді. Соған қолым жетсе деген арманға беріледі.
Шағын ғана әңгімеде автордың өмір көріністерін суреттеудегі тамаша шеберлігі байқалады. Жазушы ұсынып отырған суреттер тура өмірдегідей қарапайым әрі түсінікті. Шын таланттың қаламынан туғаны байқалады.
Жазушының «Әнші» әңгімесі де дәл осындай нақты оқиғаға, өмірде болған тарихи адамның төңірегінде құрылған.
…Жетішатыр — жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы-қысы—қымыз, ойын-сауық— «кататься». Айт, той, құдалық, ат жарыс, күрес. Маскүнем. Төбелес. Үй қыдырған көлең-көлең ақ жаулық… Жаз шықса— пароход, паром, желқайық, жасыл арал, қалың орман… Көкке шыққан, гуләйт соққан, масайраған шат көңіл… Сырнай-керней… Қызық думан… Қайткенмен сергек қала.
Әңгіме Ертістің жағасындағы Жетішатыр қаласының өмірінен алынған осы суреттермен басталады. Қала тұрғындарының күнделікті тіршілігі осындай қысқа-қысқа образды ұғымдармен берілген. Адам туралы бір ауыз сөз болмаса да, қала адамының жай-күйін әбден жеткізіп тұр.
Одан әрі қымыз дастарқаны. Қымыз құюшы қыз Шекет, қымызға құмартқан қалалықтар. Осындай бір сәтте дастарқанға әңгіменің бас кейіпкері әнші жігіт Әмірқан келеді. Ән салады. Кейін Әмірқан қала жастары дайындаған спектакль-концертке қатысып, көпшіліктің қошеметіне бөленеді.
Оқиға желісі әңгімені баяндаушы мен Әмірқанның арасындағы достыққа ойысады. Екеуінің сырласуы, Әмірқан мен сұлу қыз Ақтамақтың арасындағы ғашықтық хикаясы, жігіттің қызды алып қашуы, орта жолда қолға түсіп, сүйгенінен көз жазып қалуы, әншінің көз жасы, жабырқаған сәті баяндалады.
Әңгіме оқиғасы өтетін Жетішатыр қаласы — Семей, ал әнші Әмірқан — қазақтың жезтаңдай әншісі, әйгілі Әміре Қашаубаев еді. Жазушынын көркем бейнелеу шеберлігі Әмірқан — Әміренің әншілік кұдіретін, ән айтқан кездегі сипатын суреттеуге келгенде аса ғажайыптанып көрінеді. …Ұшатын құстай қымтанып, қомданып алды, Отырғандар аузын ашып аңырды. Әнші жіберді. Бір бірауыздан ән салды, Азда болса бірегей болды.
Сүмірейте, қылмита соқты; желдете құтырта соқты. Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді; бойды шымырлатты.
Бұл — ән айтып отырған әншінің бейнесі. Жазушы қаз-қалпындағы әсем сурет жасайды. Әншіні асыра мақтамайды, дәл бағасын береді. Ж. Аймауытовтың суреттеуіндегі Әмірқан елден оқшау тұрған ерекше адам емес. Көппен бірге тыныстап, айналасына өнерін сыйлап, ойын-сауық құрып жүрген қарапайым жандардың бірі. Оның қуанышы да елмен ортақ, өзгенікі секілді өзіне жетерлік арман-мұңы да бар.
Тұтастай алғанда, Жүсіпбек Аймауытовтың көркем әңгіме жанрындағы еңбегі қазақ әдебиетінін көркемдік-эстетикалық көкжиегін кеңейте түскен құбылыс болды.
Драмашы ретінде Жүсіпбек Аймауытов ерте танылды. Семейде оқып жүргенде жастардың ойын-сауық кештеріне қатысып, өнер көрсеткен, басты рөлдерде ойнаған. 1917 жылдың аяғында оның «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рәбиға» атты тұңғыш пьесалары жазылып, сахнада қойылды. Кейінірек 1925 жылы «Ел қорғаны», «Мансапқорлар», 1926 жылы «Қанапия мен Шәрбану», & laquo;Шернияз» атты драмалық шығармалар жазады. Жүсіпбектін драмалық шығармаларына қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтар негіз етіп алынады. Олардың негізгі тақырыбы — азаттық, бостандық идеясы. Халықты оқу-өнерге шақырады. Ел азаматтарын белсенді қимылға үндейді. Әйелдердің теңдігін қорғайды.
Жүсіпбек Аймауытов — өз дәуірінің келелі мәселелерін көтерген көптеген мәнді мақалалардың авторы. Кезінде «Абай» журналында, басқа да басылымдарда жарияланған мақалаларында ол аласапыран өзгерістер заманының шындығын насихаттауға ұмтылды. Сонымен бірге, әдебиет мәселелері төңірегіндегі мәселелерді қозғап, бірқатар әдеби-сын мақалалар жазды. 1918 жылы М. Әуезовпен бірігіп жазған «Абайдан соңғы ақындар», 1923 жылы жазған «Мағжанның ақындығы туралы», 1925 жылы жазылған «Сұңқар жыры», «Аударма туралы» атты мақалалары арқылы ол әдебиет сыншысы ретінде танылды. Оларда Жүсіпбектің әдеби шығарманы жазушы өмір сүрген дәуірмен, тарихи кезең ерекшеліктерімен байланыстыра отырып талдау шеберлігі айқын байқалады.
Жүсіпбек Аймауытов оқу-ағарту мәселелеріне қатысты бірқатар ғылыми еңбектер де жазды. Оның халыққа білім беру орындарында ұстаздық, жетекшілік қызмет атқара жүріп жазған жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу, жаңаша білім беру мақсатын көздеген «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926) атты елеулі кітаптары мен оқу құралдары кезінде халық тағдыры үшін ерекше рөл атқарған еңбектер болды.
Жүсіпбек Аймауытов кезінде аудармашы ретінде де танылды. Ол аударған А.С. Пушкиннің, Н.В. Гогольдің, А. Дюманың, Дж.Лондонның, Г. Мопассанның, В. Шекспирдің, К. Берковичтің, С. Чуйковтың шығармалары жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ аударма өнерінің өрісін қаншалықты кеңейтсе, жазушының әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын қазақ тіліне аударудағы тамаша аудармашылық талантын да соншалықты айқын танытты
Айтыс — ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы.[1] Айтыс — синкреттік жанр, ол тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, келе-келе ақындар айтысына ұласқан. Айтыста осыған орай лирикалық, эпикалық, драмалық сипаттар мол ұшырасады. Сол арқылы бұл жанр ауыз әдебиетінің өзге түрлерімен қанаттаса дамып, бір-біріне елеулі әсер-ықпал жасап отырған. Батыр және лиро-эпос жырларына да әсерін тигізіп, өзі де арнасы кең мол салаға айналған.[2]
