- •Абай бейнесі
- •Әке мен бала
- •Құнанбай бейнесі
- •Халық бейнесі
- •«Әуезов әйелдері»
- •Табиғат бейнесі
- •Айтыс, оның түрлері мен көркемдік ерекшеліктері
- •Айтыстың өзіне тән ерекшеліктері
- •Айтыстың көркемдік ерекшелігі
- •Қазақша өлең: Дулат Бабатайұлы (Аягөз, қайда барасың?)
- •«Жазушы келбеті»
- •1952-1970 Жылдар аралығында «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында түрлі қызметтер атқарды.
- •Туып-өскен ортасы
- •Ғұмар – журналист
- •Ғұмар және Алашорда
- •Ғұмар – ұлттың көсемі
- •Неден қорқам?
- •Қазақ ертегілерінің қалыптасуы
- •Жүсіпбек Аймауытов, «Ақбілек» романы
- •1970 Жылы Жұбан Молдағалиевтың таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрді.
- •1967 Жылы "Жоқ, ұмытуға болмайды!" атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- •Көне түркі ескерткіштері туралы қазақша реферат
- •2001 Жылы Күлтегін ескерткіштерінің көшірмесі Астана қаласындағы л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне қойылды.
- •2003 Жылы Санкт-Петербургтің «Славия» баспасында «Прапамять» атты үлкен бір томдығы орыс тілінде басылып шықты.[3]
- •1904 Жылы 23 июньде өзі де қайтыс болады. Сүйегі өзінің ата қыстауы Жидебай деген жерде қойылған.
- •"Батыр Баян" поэмасы
- •2010 Қазақстан пошта маркасы
- •1925-1928 Жылдары Ленинград университетінде оқып жүрген кезде «Қаракөз», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» 1928 жылы повестерін жазады.
- •Әңгімелері
- •2002 Жылы он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған.
- •Аласапыран
- •Қайырлы таң, достарым!
- •Балалық шағы
- •Шалкиіз жырау
- •«Шығанақ» жайлы бірер сөз
1904 Жылы 23 июньде өзі де қайтыс болады. Сүйегі өзінің ата қыстауы Жидебай деген жерде қойылған.
Абайтану ғылымының өміршең, мықты болып қалыптасуы үшін ең алдымен ұлы ақын Абайдың өмірі, өмірбаяны, сондай-ақ ғылыми өмірбаяны түзілуі керек, осы жолда М.Әуезов өлшеусіз үлес қосты, орыс және қазақ тілдерінде қилы-қилы зерттеулер жазды. Ендігі бір назар аударатын бөлім «Абайтанудың арнаулы курсы десе де болғандай.
Ғалым-зерттеуші М.Әуезов «Абайтанудың арнаулы курсында» бірнеше мәселелерді қамтиды, атап айтқанда: «Абай өмір сүрген дәуір — ол дәуірдің ерекшеліктері», «Абай шығармалары», «Абайдың Пушкинге баруы», «Абайдың ақын шәкірттері», «Абайтанудың арнаулы курсы» қамтитын мәселелер өте көп, енді Әуезовтің кейбір ойларына тоқталып, дерек көздеріне үңіліп көрейік. М.Әуезов «Абай өмір сүрген дәуір — ол дәуірдің ерекшеліктерінде» былай деп атап көрсетеді.
«Абайды да сол дәуір, қоғамдық жағдай туғызды. Абай 1845 жылы туды. Осы кездегі, алдыңғы кезеңдердегі ерекшеліктері қандай еді? Бұл кезде Қазақстан Россияға түгелдей қосылып біткен. Сондықтан осы мәселеге жауап беру үшін 30-50 жылдардағы бүкіл Қазақстанның жағдайын айту керек. Ол кездердегі халық көтерілістерінің (Исатай-Махамбет, Бекет) кейбіреулері нағыз халықтық форманы сақтап отырды. Дегенмен ол көтерілістер бұқаралық (крестьянский) жұмысшы күшіне сүйенбеген көтерілістер болып, жеңіліс тауып отырған жайы да болды» /4.187/.
Абай дүниеге, келгенде бұл мәселелер аяқталып біткен болатын, бірақ отарлау мәселесі әлі аяқталмаған еді. Орыс крестьяндары жер жетіспегендіктен, қайыршылықта болатын. Олар патша отаршылдары тарапынан Қазақстанға жіберіле бастайды. Солай ету арқылы Россия ішіндегі ереуіл, қайшылықтан құтылу мақсатын көздейді. Сонымен бірге патша үкіметі өзінің атқан оғы, шапқан қылышы казачестволары да қазақ жерлеріне, тек жақсы, шұрайлы жерлерге орналастырылған.
Қазақ сахарасын билеуге патша үкіметі түрлі әдістер қолданып отырды. Абай өмір сүре бастаған кезде Қазақстан ішкі Россияға сәйкес административтиік жүйеге сай бөлінген еді. Алты облысқа (Семей, Жетісу, Торғай, Сырдария, Орал, Ақмола) бөлінген еді. Әр облыстың басында военный губернатор (жандарал) түрған. Әр облыс бес-алты уезге бөлінген. Ал уезд болыстарға (волость) бөлінген. Бір уезде жиырма-жиырма бестен болыс болған. Ал әр болыс ауылнайға (старшинство) бөлінетін. Бір болыста мың я бес жүз үй болатын. Әр жүз үйден бір ауылнай сайланған. Болыстың басында (волостный управитель) болыс сайланып қойылатын. Ал болыстықтан жоғары әкімшілік қазаққа берілмеген. Болыс үш жылда бір сайланатын. Оларды халық емес, елубасылар (әр елу үйден бір адам) сайлайды. Осы елубасылардың тасын алу үшін, бүгін сайлама салып үш жыл бойы талас жүргізілетін. Бұл жағдайлар Абайдың өлеңінде сықақпен айтылып отырады. Сөйтіп, әкімшілікке ылғи үстем шонжарлар сайланып отырған. Ал, облыстар үш генерал-губернаторларға бөлінді. Мәселен, Семей-Ақмола Омскі губернаторына қарады. Қазақтар осы генерал-губернаторларды «корпус» деп атайтын. Уездный начальниктерге қазақтан тілмаштар болған.
Абайтанудың дәрістерінің дерек көздеріндегі келесі бір зерттеу «Абай шығармалары» деп аталыпты. Бұл бөлімнің де абайтану ғылымына қосар үлесі өте көп деуге боады. Абайдың әр алуан үлгідегі, әр алуан тақырыптағы шығармаларының әрқайсысының шығу тарихына талдаулар жасайды, түсінік, түйін айтады. Мысалы: «Абай шығармалары туралы көп зерттеулер бар. Әр тақырыпты болуы да заңды. Өйткені, Абай шығармалары жан-жақты, өте көп. Сан жағынан басқа классиктерден аз. Ал сапа жағы жеткілікті. Бірақ осылай кесіп, бөліп тексеру керек емес. Шығармаларын өсу жағынан, жылма-жыл, тұтас, эволюциялық жолын аша тексеру керек» деп баға береді, жол көрсетеді.
Абайдың өмірлік программасы, жаңа Абай екенін көрсететін өлеңі 1885 жылғы «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі, ұлы ақынның өкініші. Мұнда үлгілі, жемісті өкініш айтылады. Кейінгілерге үлгі ретінде айтылады. Бұл сол замандағы барлық саналы ата-ананың өкініші еді.
«Бұл мақрұм қалмағыма кім жазалы?» дейді. Бұл «мақрұм» қалған Абай сол кезде Пушкин, Лермонтов, Толстой, С.Щедрин, Крылов т.б. біледі. Сонда да білген сайынғы білімге қомағайлықты көрсетеді. «Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегенде дін медресе емес, басқа оқу жүйесін айтады. Шен алуды Абай сол 1885 жылы-ақ жек көрген, патшаға қызмет етіп, «жанбай жатып сөнуден» сырт тұрады.
1886 жылы Абай ақындық жолға біржолата құлай беріліп, үлкен-кішілі 18 өлең жазған. Бұл жылда програмды үлкен өрісті ақындық жеміс беру кезеңі көрінеді. Бар буын түгел қамтылады. Әуелі ата-аналар болып, кейін жігіттерге арнайды. Енді «Интернатта оқып жүр» деп балаларға оралады. Өлеңді қоғам тіршілігін көрсететін құрал екенін түсінеді. Абай мораль тәрбиесімен қауымды түзеуге болады деп түсінген. Бұл Маркстен бұрынғы ойшылдардың түсінігі еді. Осы 1886 жылы Абай халқымды түзеймін деп кіріседі, әрі келешек Абайдың әр жақтылығы көрініп қалады. «Жаз» деген пейзажды өлеңін жазады. 1886 жылғы өлеңдерінен Абай үлкен, жан-жақты ақын екенін көреміз.
Әрине, «Абайтанудың дерек көздерінің дәрістерінде» қамтылған, айтылған мәселелердің бәріне бірдей талдау жасап, айтып шығу мүмкін емес, оған диплом жұмысының көлемі де көтермейді. Ұлы Әуезовтің абайтану ғылымын қалыптастыруға ролі өлшеусіз деп жоғарыда айттық. Соның дәлелі ретінде келесі бір еңбекті айтуға болады. Бұл еңбектің де құрастырушысы, алғы сөзін жазушысы филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы. Кітап «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» (Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы» деп аталып, оқу құралы ретінде ұсынылған. Бұл кітаптың өзіне тән ерекшелігі бар, дәлірек айтқанда кітаптың атауына сәйкес Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы, яғни Әуезов қаламынан туған Абай өмірбаянының төрт түрлі нұсқасы жүйеленіп берілген. Кемеңгер, данышпан Абай ақынның өмірі мен шығармашылығын 20 жылдардан бастап ғұмырбойы зерттеген абайтанушы Әуезов ұлы ақынның ғылыми өмірбаянының алғашқы нұсқасын 1933 жылы түзген екен. Уақыт өте келе жаңа, тың деректермен толықтырып 1940 жылы екінші нұсқасын, ал 1945 жылы ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толу мерекесі қарсаңында үшінші нұсқасын жазған екен.
Сондай-ақ Абай жөніндегі алғашқы екі кітабын аяқтағаннан кейін, Абай жайындағы көркем шығарма жазып жүрген ғалым 1950 жылы ақын өмірбаянының ең соңғы төртінші нұсқасын жазған екен және бұған сол кезеңдегі қоғамдық-саяси ахуалы тарих талқысы, тағы да қайтадан жаппай етек алған қуғын-сүргіннің де әсері аз болды деп айта алмаймыз. Бұл кітап екі бөлімнен тұрады, Бірінші бөлімде Мұхтар Әуезов және Абай әлемі (алғысөз орнына), Мұхтартану және Абай ғұмырнамасы деген екі зерттеу берілген, бұл екі зерттеудің авторы Мекемтас Мырзахметұлы, ал екінші бөлім жоғарыда айтқандай Абай ғұмырнамасының төрт нұсқасы жайында айтылған ол жөнінде сәл кейінірек, толығырақ тоқталамыз. Енді Мекемтас Мырзахметов зерттеулерінің кейбір ерекшеліктеріне тоқталып көрелік. М.Мырзахметұлы «Мұхтартану және Абай ғұмырнамасы» деген еңбегінде былай дейді: «Қазақ әдебиетінің теңдесі жоқ ұлы классигі Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың өмірбаянын толығырақ білу тілегі мен қажеттілігі ойшыл ақын қайтыс болған соң-ақ, көп ұзамай қолға алынды. Жалпы қазақ ақындарының арасында тұңғыш рет Абайға ғана баспасөзде арнайы өмірбаяндық деректер беріле де бастады.
Бұл салада Абайдың тұңғыш биографы — Кәкітай Ысқақұлы. Кәкітай ұлы ақынның немере інісі болуы себепті 12 жасынан бастап тікелей Абай тәрбиесінде өсті. Ес біліп есейген шағынан бастап Абай өмір сүрген ортаның сыры мен қырын танып, ақын өмірінде орын алған елеулі оқиғалардың бәріне де тікелей араласты. Көптеген Абай шығармаларының дүниеге келу сыры мен жазылу себептерін де өз ортасында кімнен болса да анағұрлым жетік білді. Абай өлеңдерінің қай жылы жазылғанын анықтау жолында да көп еңбек сіңірді.
Кәкітай Ысқақұлы жазған Абайдың тұңғыш қысқа түрдегі өмірбаяны өз заманында елеулі қызмет атқарып, соңыра абайтану тарихынан лайықты орны мен бағасын алды да» /5.5/.
20-жылдардың басында Абай мұрасын зерттеу саласында талантты көркем шығармаларымен, әдебиет тарихын зерттеудегі еңбектерімен үздік таныла бастаған М.Әуезовтің араласуы абайтануға үлкен зерттеушінің келіп қосылғанын бірден аңғартты. Жас таланттың ерте қанаттанып, өз ортасында даралана бастаған қазақ әдебиеті тарихына байланысты зерттеушілік қадамын жете тани білген Семей губерниялық Атқару Комитетінің 1925 жылғы 20 маусымдағы Ленинград университетінде жолдаған ресми қатынасында «…М.Әуезов қазақ әдебиетіне қызығуы мен осы саладағы өз бетінше жүргізген зерттеулері арқылы техникумда қазақ әдебиетін оқытатын лектор ретінде бірден-бір кандидатура болып табылады» — деп көрсетуі шындық еді. 1924-1925 жылдар аралығында Семейдегі оқу орындарында Абай мұрасынан дәріс оқып, «Таң» журналында ақын шығармаларын жариялап, Абайдың өмірбаяны жайлы деректер мен шығармаларын толықтыра түсу жолында тынымсыз әрекет етіп жүрген М.Әуезовті көреміз. Ол бұл кезде көлемді монографиялық еңбегін жазу үстінде болатын. Абайды көзі көрген ақын замандастарына естелік жаздырып, ел аузынан Абай өмірбаяны мен сол заман шындығы жайлы деректерді қағаз бетіне түсіріп қалуға асыға кірісті.
Кейін Абай еліне деректер іздестіру мақсатымен дүркін-дүркін соғып отырған. Тек баспасөзде жарияланған деректерге ғана сүйенгеннің өзінде: 1936 жылы Абай туралы жаңа деректер жию мақсатымен барса, 1943 жылы арнайы ұйымдастырылған экспедицияны өзі басқарып барады. 1944 жылы Е.Ысмайылов бастаған экспедицияны ұйымдастыруға ат салысса, 1945 жылы Абайдың жүз жылдық юбилейі қарсаңында Семей өңірінен басқа Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан тарапынан да арнайы экспедиция шығару мәселесін мерейтой комиссиясы алдына қояды. Абайдың жүз жылдық юбилейі қарсаңында жазылған Абай өмірбаянының үшінші нұсқасын даярлау үстінде «Тіл-әдебиет институты Абайдың өмірін, шығармаларын зерттеу жөнінде екі экспедиция ұйымдастырып (1943ж М.Әуезов басқаруымен, 1944 жылы Е.Ысмайыловтың басқаруымен) Абайдың өміріне, шығармаларына байланысты жаңа материалдар тапты. Бұл осы жинаққа кіріп отырған жаңадан жазылған ғылыми өмірбаян, естегі сөз, ескертулерде толық пайдаланылды», — деп хабарлайды. Әрі Абаймен бірге болған, ақын өмірінің ең жемісті түрінда жазылған шығармаларының дүниеге келу сыры мен көп оқиғаларға куәгер болған тірі архив иелерінің естеліктерін дер кезінде түгел, сарқа жазып ала алмай, көз жазып қалғанына, соңыра қатты өкініш те білдірген еді.
Абайтанудың алғашқы негізі де М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянында жатқаны мәлім нәрсе. Абай өмірбаянын ғылыми негізде жаза отырып М.Әуезов абайтану саласындағы бірнеше күрделі мәселелерді тұтастай қарастыруды бірден қолға алды. Бұлай етпейінше Абай өмірбаянын жазуға кірісудің өзі қиынға соғары мәлім еді.
Абай өмірбаянын қалпына келтірудегі басты әдіс — ауызша сұрау, тірі архив иелерінің естеліктерін жинау, жариялау. Ең бастысы Абай өлеңдеріндегі негізгі әлеуметтік сарындарға сүйену арқылы биограф көп шындықтың сырын ашады. Осы арқылы М.Әуезов Абай мұрасының зерттелу жолына зор үлес қосты.
Абайдың ғылыми өмірбаянын ойдағыдай жазып шығару арқылы М.Әуезов келешекте абайтану саласында зор көлемде жүргізер зерттеу жұмыстары үшін табан тірер ғылыми негіздегі ірге тасын жасап алды. 1924 жылдың өзінде-ақ М.Әуезов Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағын құрастырып, Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын анықтап алуға ұмтылды. «Абай», «Шолпан» журналындағы ақын жайлы пікірлері мен Орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімінің Абайға арналған салтанатты кешіндегі «Қазақ әдебиетіндегі Абайдың орны» деген баяндамасы — осы әрекеттің айғағы. Бұл бөлімдегі келесі бір зерттеу де назар аударатындай, ол зерттеу «Абайтанудың бірегей зерттеушісі» деп аталады. Мекемтас Мырзахметұлы мұхтартану саласында да, абайтану саласында да жемісті еңбек етіп жүрген білгір ғалым. Сол себепті ғалым Мырзахметовтің әрбір пікірі салмақты, тиянақты, ойлы болып келеді. Мысалы: «Үдере даму үстіндегі қазақ кеңес әдебиетінің ірі саласына айналып отырған абайтанудың негізін қалаушы ғұлама ғалым М.Әуезовтің Абай мұрасы туралы ұлан-ғайыр ғылыми зерттеулері туған әдебиет тарихында ерекше орын алатын бірегей қайталанбас құбылысқа айналып та үлгірді. Ұлы ақын мұрасының сыры терең болмысына бойлай еніп, ғылыми зертетулерімен бірге тарихи шындықты бойына дарытқан суреткерлік құдіретімен, көркемдік шындыққа айналдыру арқылы көркемөнердің көптеген жанрында теңдесі жоқ қайталанбас туындыларымен рухани жан дүниемізді айтарлықтай байытты» /6.52/.
Белгілі ғалым М.Мырзахметов М.Әуезовтің Абай мұрасы жайлы ұзақ жылдарға созылған шығармашылық ізденістері мен ғылыми зерттеулерін, көркем туындыларын бір-бірімен тығыз байланыста алып төрт түрлі іргелі салаға бөле отырып қарастыру қажеттігі сезіледі. Оларды бас-басына жеке түрде атап өтеді, санамалап көрсетеді.
1. Абайтанудың іргелі саласына айналып отырған ақын шығармаларының текстологиясы жөніндегі аса қиын да күрделі проблемаларын тұтас қамтитын Абай өлеңдерін жинау, екшеп толықтыру, тұңғыш толық басылымдарын дайындау, түсініктер жазудағы ізденістері мен осы саладағы арнаулы зерттеулерін қамтиды.
2. Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазу үстінде алғашқы биограф, тарихшы ретінде көптеген ақын замандастарымен бетпе-бет кездесіп, тікелей тілдесу, жүзбе-жүз әңгімелесу арқылы естеліктер жинау, жаздырып алу, соларға орай тарихи деректер көзін іздестіру әрекеті жатады.
3. Абайдың әдеби мұрасы жайлы арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарын, негізінен сегіз түрлі проблема шеңберінде жүргізе отырып, әр жылдар айтылған ой-пікірлерін қорытындылау және де ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында абайтанудың арнайы курсы мен арнайы семинар сабақтарын өткізумен айналысу. Абай мұрасы жайлы зертетулерге басшылық ету, аспиранттар мен ізденушілерге жетекшілік ету өз алдына дербес бір мәселе.
4. Жоғарыда айтылған әр саладағы зерттеулердің ғылыми нәтижесіне сүйене отырып, Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы көркемөнер саласының әрқилы жанрында жазылған туындылары өз алдына бір әлемді құрайды. М.Әуезовтің ұлы ақын өмірі мен әдеби мұрасын зерттеу саласындағы бірегей табысы әрине XX ғасырдың көркем ойындағы қол жетпес шыңына айналған атақты «Абай жолы» эпопеясында жатыр.
Абайтану саласындағы бұл іспеттес орасан зор ғылыми шығармашылық ізденістердің сәтті аяқталуына айта берсек себептер көп. Бірақ осылардың ішіндегі елеулі буынның бірі – Абай мұрасы жайлы сан жылдарға созылған азабы мен қызығы мол ғылыми зерттеу еңбектері деп қарасақ, бір жағынан, Абай өмір кешкен әлеуметтік ортада туып, сол ортаның сыры мен шындығына жастайынан қанығып қалыптасуы да айтарлықтай орын алған. Балалық балдәурен шағында-ақ Абаймен дос-жаран, сыйлас болған атасы Әуез сүйікті немересінің рухани жан дүниесін Абай шығармаларымен ауыздандырып, ақын өлеңін түгелдей жатқа оқытып өсіруінде де біраз себептердің сыры жатса керек-ті. Өзі ұшқан ұясының Абаймен тікелей достық, туыстық қарым-қатынаста болуы, әсіресе атасы Әуездің Абай жайлы ел іші оқиғаларын толғайтын ұзақ сонар әңгіме-естеліктерінің бала Мұхтар санасына тайға таңба басқандай ізі қалып, өшпес әсер беріп отыруының айтарлықтай маңызы бар рухани қайнарға айналғаны да мәлім нәрсе. Бала жастан сырына қанығып өзі өскен әлеуметтік ортада Абайға қатысты қым-қуыт оқиғалар сыры ел арасында ұзақ жылдар бойы ұзын сонар әңгімелерге желі тартып, таралып жататын-ды. Осы әңгіме-естеліктерді елти тыңдаушылардың арасында бала Мұхтар да сол әңгімелер желісіндегі нелер бір ғажап ой-пікірлерді ой зердесіне тоқи жүретін. Жастық шақтағы әсер естен кетпей ұзақ сақталаныты себепті, Мұхтардың Абай мұрасының сыры мен ақын өміріне қатысты оқиғалардың терең мәні мен шындығын кейіннен Абай мұрасын зерттеушілердің бәрінен де жетік білуі, үздік дараланып шығуы да заңды еді. Бұл жағдайлар, бір жағынан, Абай мұрасын жинап, тереңдей зерттеуіне әрі Мұхтар Әуезовтің әлем әдебиетінің алтын қорына олжа салған ұлы туындысының сәтті аяқталуына зор септігін тигізді. Және де осы танымдары сол тұстың саяси-әлеуметтік сан салалы өмір болмысының тарихи негізі ретінде суреттеліп, жанданып жатты.
«Абайды білмек парыз ойлы жасқа» деп аталатын монографиялық еңбектің екінші бөлімі «Абай ғұмырнамасы» деп аталып, жоғарыда атап көрсетілгендей төрт түрлі нұсқаны қамтиды. Енді осы «Абай ғұмырнамасы» жайлы да кейбір мысалдар, дәлелдер келтіре кеткенді жөн деп таптық. «Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасы» (1927-1933) бірнеше тақырыпшаларды қамтиды, атап айтқанда «Абайдың туысы мен өмірі», «Абай туралы Көкбай ақсақал мен баласы», «Тұрағұлдың естегілері», «Абай жазған кейбір өлеңдердің қай кезде, не себепті айтылғаны туралы түсіндіру қосымшалар» деп аталады. «Абайдың туысы мен өмірінде» Абайдың өмірі, шыққан тегі, өскен ортасы жайында көп деректер бар, соның ішінде ұлы ақынның әкесі Құнанбайға қатысты ғана бірер пікірді келтірсек, себебі күні кешегі кеңестік кезеңде Құнанбай жайында мүлдем теріс пікірде болғанымыз рас. Сол себепті М.Әуезовтің Құнанбай жайындағы дерек көздеріне назар аударсақ. «Бүгінгі Семей уезіне қарайтын Тобықты Құнанбай тұсында Қарқаралы өкірігіне қарайтын. Приказ шыққаннан бергі салт бойынша бұл өкіріктің аға сұлтаны ылғи төре тұқымынан болып келген. Құнанбай тұсында аға сұлтан болған төрелер Бөкей нәсілінен: Құсбек, Жамантай, Абылай нәсілінен: Тобықты ішіндегі Шалғымбай деген төрелер болған.
Құнанбай Тобықтының бас кісісі болып өрлеп келе жатқанда қазақ ортасында төре мен қараның жігі ашылып қалған уақыт болады. Әрбір елдің қарадан шыққан Құнанбай сияқты басты жуандары: «Төре қазақтың әрекесін тілейді, берекесін тілемейді» дей бастаған кездері болады» /7.104/.
Көп рудың қалың ортасынан шыққан жуан аталары өз ауданында төреден салмақсыз болмайды. Төре дегендердің ру басшыларының қолдауымен жуан шығып жүргенін сезе бастайды. Оның үстіне әуелде хан мен төрені ұстанған патша үкіметі, енді қалың елді ұстау үшін, ру басыларын қолға ұстау керек деген саясатқа ауған кез болады. Осындай екі жақты себептермен әр рудың Құнанбай сияқты жуандарына төрені сөз қылып, төрені түртпектеу салт сияқты болып тарай бастайды. Бұл туралы көп рулардың, көп басшылардың ынтымағы болуға да мүмкін. Сонымен ел-елдің ортасында: «Қазақ әрекелі болса оңбайды, төре берекелі болса оңбайды» деген төреге қарсы қозғалыс белгісі көп жайылады.
Осы кезде Қарқаралының аға сұлтаны болып тұрған Құсбек төре мен бұрын аға сұлтан болған Жамантайдың партиясы басталады. Ол кезде приказ сайлауына тас салуға жарайтын екі түрлі сайлаушылар болған. Бірі — пәлен сомада алым төлейтін бай да, екіншісі — төре тұқымдары болатын. Төренің 25 жасқа жеткені түгелімен тас салу құқығына ие. Сонымен Жамантай өзі сұлтан бола алмайтынына көзі жеткен соң өзіне қараған тастарды Құнанбайға салғызып, Құсбек жеңіліп, Құнанбай сұлтан болған.
Құнанбайдың осы сайлаудан кейін қанша уақыт аға сұлтан болғаны белгісіз. Қалайда болса Қарқаралы өкірігіне қараған қазаққа қарадан алғашқы рет сұлтан болған Құнанбай. Сондықтан бұл оқиға Құнанбайдың даңқын көпке жайып жіберуге себеп болған көрінеді.
Бұрын хан-төренің туы жығылып өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес болып жүрген ру жуандары, Құнанбайдың болуын Құсбек Жамантайдың партиясынан, орыс саясатынан дегісі келмей, қазақтың артықтығынан, Құнанбай басының қасиетінен деңкіреп кеткен сияқты.
Сол кездегі ел аузындағы аңызға қарағанда: Құнанбай «Қарадан хан болған» деп аталады. Мұның мысалын мына сияқты берер сөзден байқауға болады. Сыбан Кеңесбай деген кісі Жарқымбай деген баласына өлерде өсиет айтқанда: «Төремен ел болса, екінші ел арасында сөз болса Сабырбайға ақылдаспай іс қылма, басыңа орыс орманнан үлкен іс келсе, қарадан хан туған Құнанбайға ақылдаспай істеме» депті.
Одан соң 1850 жылдарда Өскембай өліп, соған Құнанбай Көкшетауға барып ас бергенде Балта ақын:
Атың шыққан Үрімнің қақпасындай,
Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай.
Кешегі өтіп кеткен би Өсекем,
Алтынын тастап кеткен ат басындай.
Үш жүзіңді жиып ас бердің,
Келістіріп сәйкесін.
Арғынның өзін биледің,
Алшысы мен тәйкесін.
Келсең-келде кез болдың,
Кейи де беріп қайтесің! — депті деген сөз бар.
Бұл келтірілген деректерден Құнанбайға қатысты қызықты мәліметтер, сол кезеңдегі қоғамдық өмір, ел билеу жүйесі т.б. қызықты деректер бар екеніне көзіміз жетеді, мұның бәрі де абайтанудың бір белестері. «Абай өмірбаянының екінші нұсқасы» (1940) деп аталатын еңбек «Абайдың өмірбаяны», «Абайдың өмірбаянына қосымша материалдар», «Көкбай әңгімелері», «Тұраш әңгімесінен», «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Архәм т.б. айтқан әңгімелері», «Мұсылманқұл Жиреншиннің әңгімесі», «Абайдың ата-тегі туралы» дейтін бөліктерден тұрады екен, әрине мұның бәріне тоқталып, талдау жасауды мақсат етпей-ақ, ең алғашқы «Абайдың өмірбаянынан» ғана аз-кем айтып өтсек. «Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы Ырғызбай. Бұлардың барлығы да ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар.
Өскембай – Ырғызбайдың өзге балаларының ішінде ең дәмелісі болды. Сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқан, іні-баласының бәрінен пысық, епті болыпты. Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді! /7.181/.
Өскембай өзінің ел меңгеру әдісінде ең алдымен Кеңгірбайдың көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашаңдау ұстауға тырысқан көрінеді. Ру басылар ортасында сақталып қалған сөздің бәрінде: «Ісің адал болса, Өскембайға бар, арам болса Ералыға бар» деген сөз бар. Бірақ осындай болумен қатар, Өскембай елді күшпен, зорлықпен ықтырып аламын деп, асқақ мінезді көп қолданған. Мысалы, бір уақыт ауылына жүгініске келіп отырған Мәмбетай деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп алған сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел.
Өскембай орта жасқа келгенде баласы Құнанбай ер жетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Құнанбайдың шешесі Зере, кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі.
1850 жылы 72 жасында Өскембай өледі. Зере күйеуінен кейін көп жасаған. Ол бертін келіп: 90-ға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі Абайдың бала, бозбала күнінде ауылының бәрі Зерені «кәрі әже» дейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болды. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әжесінің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.
Абай әкесі Құнанбайдың 41 жасында туған. Ақынның өз шешесі -Ұлжан. Тегі Құнанбай көп қатынды болған. Үлкен әйелі қыздай алған — Күнке. Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжан — ол Құнанбайдың інісі Құттымұхаметке айттырылған қалыңдық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі — Айғыз. Одан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. «Атадан алтау, анадан төртеу» дейтін Абай өлеңінің мәнісі осында. Төртінші әйелі – Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.
Абайдың өзі бұл өлімнен бұрын да қажып, талып, ендігі тіршілігін артық нәрседей санай бастаған еді. Өз сынынша ажарсыз, мағынасыз, өткен дәурені жалғыздық дертімен құлазытып, жүдетіп, тоздыруға айналып еді. Соның барлығының үстіне Мағауия өлген соң Абай бір алуан ауруға айналады. Төсек тартып жатпаса да, отырып ауырады. Ешкіммен сөйлеспейді де, ешнәрсемен өзін жұбайтпайды. Ауруын емшіге де көрсетпейді де. Мұның бәрін керексіз деп біледі. Сонымен Мағауияның өлімінен кейін 40 күн отырып, 23 маусымда 1904 жылы 60 жасында қайтыс болады. Абайдың сүйегі Жидебайда Еркежан қыстауының жанына қойылады.
Бұл келтірілген дерек көздерінің бәрі де ұлы Абайды тануда, танытуда көп септігін тигізері сөзсіз.
Абайтану ғылымына ерекше үлес қосқан ғалымдардың бірі де, бірегейі де академик Зәки Ахметов. Әйгілі ғалым зерттеулерінің ішінде ерекше орын алатын еңбегінің бірі «Абайдың ақындық әлемі» /8/. Академик Ахметов өзінің бұл еңбегінде ұлы Абайдың ақындық тұлғасын, адамгершілік мұраттарын бүгінгі заман ұғым-түсініктері деңгейінде жан-жақты, толық сипаттай отырып, оның шығармашылық мұрасының танымдық, эстетикалық, көркемдік, тағылымдық мәнін жүйелі түрде ашып көрсетуді мақсат еткен ғалым зерттеулері өте құнды, тәрбиелік мәні күшті, абайтанудың биік бір белесі деп тануға болады. Кітаптың аңдатуында автор былай деп бір түйеді.
«Абайдың ақындық әлемі дегеніміз мағыналық ауқымы өте кең ұғым. Абай поэзиясы — өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселесін қозғаған, толғаған поэзия. Оның өлеңдерінде, қарасөздерінде қазақ өмірінің көркемдеп бейнеленген телегей теңіз шындығы бар. Абай шығармаларының қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өрісі аса биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемін ашқаны даусыз. Абайдың ақындық әлемі деп соны айтамыз» /8.3/.
Ақын творчествосы жайлы түйінді пайымдаулар жасау, ой қорыту оңай емес. Жеке бір өлеңді алып баяндау, талдау онан да қиын. Өйткені өлең деген басқадай жай, жадағай сөзбен айтып беруге көне қоймайды. Шынайы шабыттан туған нағыз поэзиялық туындының мағыналық сыйымдылығы, көркемдік әсері де өлшеусіз ғой. Әр адамның өз жан-дүниесі неғұрлым бай болса, өлеңнен алатын әсері де соғұрлым мол болады.
Абайтану да ақын сөзін оқудан, тоқудан басталады. Қуанғанда немесе мұңайғанда оқыса, адамның ішкі сезімімен жалғаса кірген сөз жүрекке берік ұялайды, қайталап оқығанда, еске түскенде, толқытпай қоймайды.
З.Ахметов өзінің бұл еңбегінде, яғни «Абайдың ақындық әлемінде» көптеген мәселелерді тереңінен қарастырады, атап көрсеткенде «Абайтану белестері», «Ақын тұлғасы, адамгершілік мақсат-мұраты», «Әлеуметтік әуендер», «Ғылым-білім, ақыл-парасат жайлы ойлар», «Махаббат сарындары, сұлулық сымбаты», «Ақындық өнер мен ән-күй туралы толғаныстар», «Поэмалардың сыр-сыпаты», т.б. болып келеді. Енді осы еңбектерді кейбіреулері біршама деңгейде тоқталып өтсек. Ең алдымен ақын Абайдың ең үлкен құдіреті оның өз заманындағы әлеуметтік мәселелерді дер кезінде көріп, танып-біліп, соның бәрін өлең үлгісінде суреттеп бере білуінде. Зәки Ахметов осы жайттардың денін өзінің «Әлеуметтік әуендер» дейтін тараушасында жан-жақты ашып көрсетеді. Ғалым былай дейді: «Ақындық өнерді өзіне өмірлік зор мақсат етіп, өз өлеңдерін қағаз бетіне түсіруге Абай тек 80-жылдардың ортасында жұмыла кіріседі. Бұл Абайдың айналасын болжап, әлеуметтік құбылыстарды терең бағалап, кей ойлай алатын, көргені мен түйгені тәжірибесі молайған, әбден кемеліне келген шағы болатын. Ақынның осы тұста (1882-1886 жылдары) жазған өлеңдері идеялық және көркемдік қасиеттері жағынан аса мағыналы, жаңа сапалы, және ұзақ өнімді ізденістерінің қорытындысы, нәтижесі болып табылады. Бұл жылдардағы шығармаларындағы тұжырымдалған идеялар мен тақырыптардың өрісі негізінен ақынның соңғы жиырма жылдағы өмірін қамтитын бүкіл творчествосына үзілмес арқау болып, үнемі тереңдеп, дамып отырады» /8.46/.
Абайдың орасан зор ақындық қуат-күші өз шығармаларында қазақ өмірінің ең маңызды әлеуметтік мәселелерін көтере білуінен, қоғамның алдыңғы қатарлы өкілдерінің ой-арманын, түбегейлі мүддесін терең ұғып, сезіне білетіндігінен айрықша айқын көрінеді. Ақынның «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Сегіз аяқ», «Ғылым таппай мақтанба», «Болыс болдым, мінеки» секілді таңдаулы көркемдік туындыларының қайсысын алсақ та оларға идеялық арқау болатын келелі мәселелер — білімге, адал еңбекке, әділеттілікке шақыру, надандықты, артта қалу кесапатын айыптау, алауыдық пен керіс-тартысты, өкімет билігін теріс пайдалануды әшкерелеу екені бірден байқалады. Және осы идеялар ақын шығармалары тақырыбының ең басты, күрделі мәселелеріне жалғасып, солармен тұтасып, халықтың тағдыры, бүгінгісі мен кешегісі, поэзияның өмірдегі алатын орны туралы ойларымен сабақтас өріледі. Өйткені Абай поэзиясының басты тақырыптары, идеялық нысанасы ұлы ақынның әлеуметтік прогресс үшін, халықты өнер-білімге жеткізу үшін күресу мақсатынан туады. Халықтың ауыр тағдырын, өмір-тұрмысын ерекше шеберлікпен, нанымды көрсете отырып, Абай халықты қоғамдық асыл мұраттарға жетуге ынталандырады.
Абайдың адам мен қоғам жайындағы концепциясы — қазақ топырағындағы жаңа концепция. Абай адамды белгілі қоғамдық өмірдің жемісі, нәтижесі ретінде қарады, оның қимыл-әрекетін, психологиясын, моральдық келбетін өмірге, әлеуметтік тұрмысқа байланысты көріп, бағалап бейнеледі. Мысалы, Абай өлеңдерінен неше түрлі болыс-байлардың әлеуметтік тұлға дәрежесіне көтерілген, жинақталған бейнесін бүкіл іші-сыртымен көз алдымызға келтіреміз. Солардың бірі — «өз малын өзінікі дей алмай, күндіз күлкі, түнде ұйқысы» бұзылған бай. Бұл — кәдімгі бір жағынан билеуші чиновниктер, екінші жағынан, ел ішіндегі әкім, төрелер тарапынан екі жақты қыспаққа ұшырап, есі шығып өз малын өзі билей алмай, әлекке қалып, жапа шегіп жүрген бай. Немесе, Абайдың болысын алайық. Бұл да Абаймен замандас, 80-90 жылдардың болысы. Ол ата-бабасының ел билеген феодал, шынжыр балақ шұбар төс емес, малын шашып, билікке қолы жеткен, байлығынан гөрі қулығына сенетін болыс. Оның ел билеу тәсілі, адамдармен қатынасы алдау-арбауға, әлдіге келгенде шалқайып, әлсізге келгенде қырындауынан танылады. Абай мұндай ел билеушілер үлкен көркемдік шындық, идеялық түйін ретінде ұсынады. Абай адам бейнесін қоғамдық орнына, мүддесіне, сол мүддеге жету жолындағы ішкі сезімі мен айла-тәсіліне байланысты жасады. Ол өз заманындағы сан түрлі әлеуметтік топтардың барлығын да осы тұрғыдан терең зерттеп көре де, бейнелей де білді. Қожа, молда, ауылнай, жүзбасы, еңбексіз мал таппақшы пасық, амалын тауып күн көрмек епті, «бұзылса елдің арасы мал таппаймын демейтін» қулар, қулықты ат-шапаннан кем көрмейтін даңғой, дарақы той-думаншыл бозбала, еңбексіз еріншектер т.б. ақын шығармаларынан кең орын алып, өздеріне ғана тән типтік жағдай, типтік мінезімен көрінеді.
1886 жылы жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман», «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» өлеңдерінде Абай замана жайын толғап, әр топтардың өкілдері, әр алуан адамдардың мінезі, іс-әрекетіне көз жібереді. Осы шығармалардағы айрықша өзгешелік — айту тәсіліндегі, стиліндегі қарапайымдылық, пәлендей әдемі дерлік, әшекейлі сөздерді қолдануға ұмтылмаушылық. Сонда осы өлеңдердің артықшылығы неде? Олар алдымен ақын ойының тереңдігімен, еркін төгіліп отыратын оралымдылығымен, қоғамдық өмір құбылыстарының мәнін ашып, алаламай анық, айқын бағалап, талдап беруімен тартымды. Және бір назар саларлық жай — Абай «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сияқты өзінің қамыққан, қажығандай көңіл күйін осы өлеңдердің бастапқы жолдарында ғана айтады. Осылай барып, ішкі сырын ақтаратын рай көрсетеді де, одан әрі бірыңғай айналадағы өмір, әр түрлі адамдардың іс-әрекеттері, қылық-мінездері туралы айтуға ойысады.
Ұлы Абай шығармашылығын, абайтану мәселелерін жан-жақты сөз еткенде назар аударатын мәселелер бар, ол Абайдың ақын шәкірттері, Абайдың ортасы, ақындық мектебі тәрізді құбылыстар. Мүның бәрі абайтану мәселесін тек тереңдете түсетіні сөзсіз. Бұл жайында академик Зәки Ахметовтің келесі бір пікірін келтіре кеткенді дұрыс деп санадық.
«Абайды ұлы ізашар ақын деп қарағанда, оның шығармашылық дәстүрлерін дамытып жалғастырған ізбасар ақындар деп қазақ поэзиясының бір туар аса көрнекті қайраткерлерінен Шәкәрім, Сұлтанмахмүт, Мағжан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовты алдымен айтамыз. Әрине, бұл топқа басқа бірталай ақындарды қосуға болады. Тікелей шәкірті болған балалары Ақылбай, Мағауия, немесе Абайдың айналасында болған, жақын жүрген Әсет, Көкбай ақындар туралы бұрынды-соңды айтылмай жүрген жоқ. Бұл — өз алдына мәселе. Кең мағынасында Абай дәстүрлерін дамытқан деп, мысалы, Сәкен мен Ілиясты да, ал жеке бір қырларынан келсе М.Әуезовті де, кейінгі атақты ақындардың қайсысын болса да алып қарауға мүмкін екені талассыз. Біздің сөз етпегіміз — нақтылы мәселе, қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрлерінің ұлы ақыннан кейінгі дәуірде тікелей жалғастық табуы, одан әрі өрістеп, дамуы. Абайдың ақындық дәстүрлерін тікелей жалғастырған осы ірі тұлғалар туралы ғана айтсақ та, ұлы ақын өмір сүрген XIX ғасыр мен оның өнерпаздық өнегесін өркендетіп, дамытқан XX ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін талдап баяндауға толық мүмкіндік туады. Абай дәстүрлері дегенде жеке тақырып, сарындар, өлең өрнектері мен сөз қолданыстарындағы жақындық, ұқсастықтар жайында айтумен шектелу аздық етеді. Олардың да мәні бар екенін жоққа шығармай, керекті жерінде тиісті мөлшерде назар аудара отырып, алдымен тарихи-әдеби процесті тұтастай алып қарастыру, әдебиет майданына Абайға ілесе шыққан ізбасар ақындардың шығармашылық тұлғасын анықтау жағынан, олардың әр қайсысы қай бағытта ізденіс жасап, қай қырынан келіп әдебиетке жаңалық әкелді, өзінше жол тапты деген тұрғыдан сөз қозғау ұтымдырақ екені талас тудырмаса керек» /9.28/.
Осы жағынан келсек, Абайдың өз шығармашылық тұлғасы жан-жақты екені бірден ойға оралады. Ондай әрі ойшыл, әрі сыршыл лирик, әрі суреткер әр қырлы дарын иесі болған кесек тұлғалы ақын сирек кездесетіні даусыз. Жаңа реалистік жазба әдебиеттің негізін салған, ұлттық сөз өнеріміздегі жаңа дәстүрді бастаушы болған ақын тұлғасы осындай жан-жақты болуы да тегін емес дейміз. Сонда оған ілесе шыққан аса көрнекті ақындардың — Шәкерім, Сұлтанмахмүт, Мағжан, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қайсысы болсын алдындағы ізашар ақынның дәстүрлерін өз шығармашылық өнерінің өзгешелік сипатына сәйкес өзінше жалғастырғаны заңды құбылыс болып шығады. Сонда біз Шәкерімді Абайдың оқу-білім, ғылымды, адал еңбекті, талаптылықты, адамгершілікті уағыздау өнегесін фәлсапашыл ойшылдығын өзінше өрістеткен ақын десек, Сұлтанмахмүтты әсіресе әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын нақтылы түрде, үлкен сыншылдықпен ашып көрсетуі жағынан Абай дәстүрлерін дамытуда өзіндік тың, жаңа өріс тапқан дей аламыз. Ал Мағжанды айтсақ, ол теңдесі жоқ лирик ақын ретінде Абайдың өз көңіл күйін және жалпы адамның жан дүниесін, ішкі сезімін суреттеудегі дәстүрлерін өзінің сыршылдық шеберлігіне тірек етіп, өзінше жалғастырған деу орынды.
А.Байтұрсынов Абайға қоғам өмірінің бірталай маңызды мәселелер жайлы толғана айтуы және мысалшылдығы жағынан, ал М.Дулатов әсіресе сөз өнерін халықтың санасын оятудың, қоғам көшін алға бастаудың бірден бір күшті құралы деп санаған ағартушылық өнегесі жағынан үндес екенін айтамыз. Және Ахмет те, Міржақып та Абай бастаған ағартушылық, демократиялық идеяларды жаңа заманның тілек-талаптарымен терең ұштастыра алғанының мәні зор дейміз. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетіндегі ағартушылық, демократиялық идеялар қоғам өміріндегі ілгерішіл ізденістерге орай кең өріс алғандықтан Абай дәстүрін жалғастырушылар тобы да молая түсті.
Абайдың ақын шәкірттері жайында сөз еткенде белгілі абайтанушы, ұлы Абай мұрасының шән мәніндегі жанашыры, қамқоршысы, жинаушысы Қайым Мұхамедханұлының еңбектерін айтпай кетуге болмайды. Енді бұл ғалымның «Абайдың ақын шәкірттері» деп аталатын кітабынан қысқаша ғана кейбір пікірлерін келтіре кетсек. Аталған кітаптың алғы сөзінде автор былай деп бастайды: «Абайдың ақын шәкірттерінің» 1993 жылы басылған бірінші кітабына: Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, 1994 жылы басылған екінші кітабына Кәкітай, Көкбай және Уәйіс ақындар енген еді. Мына үшінші кітабына: Әріп, Әсет, Мұқа және Әубәкір ақындар кіргізіліп отыр.
Осы үшінші кітапқа кіріп отырған Абайдың ақын шәкірттері туралы М.Әуезов қысқаша қорытып айтқан ой-пікірлерінің, бұрын жарық көрмеген қолжазбалары, «Абайтанудың жарияланбаған материалдар» атты кітапта («Ғылым» баспасы, 1988ж) жарияланды. Әріп ақын жайында Мұхтар былай дейді: «Абай мектебінің кейіннен қосылатын елеулі ірі талантты, үлкен ақынның бірі Әріп…».
«Біз Абай мектебінің ақындарын айтқанда, сол Абай шәкірті деген атаққа лайығы бар тағы бір топ ақындар жайын әзірше жазғамыз жоқ. Бұл қатарда алдымен аталатын Әріп ақын және Әсет сияқты әнші ақындар қатарынан шыққан, халық ақындарынан құралған бір топ әдебиет, көркемөнер қайраткерлері бар екені даусыз» /10.7/.
Бұл жөнінде мысалы — Әріптің Көкбайға ұқсаған және одан гөрі де молырақ, таланттырақ шығармалар тудырған бағалы еңбектері бар екенін білеміз.
Бұл ақынның да сан өлеңдерінде Абай аты аталып, үлгі-өнеге осыдан тарап отыратыны, әсіресе, әріп жазған өлеңдердің көп мазмұны — ғылым туралы, еңбек туралы, әйел халі туралы және әсіресе, елді зорлаушы жуан содырлар туралы жазылған сыншыл, сатиралық шығармалардан құралады. Осындай мұраларының бәрінде де Әріп Абайға аса жақын келіп, ой-сана жағынан да, шеберлік, стиль, үлгі жағынан да ұлы ақынның реалистік дәстүріне үнемі нық сүйеп отыратындығын сездіреді», — дейді.
Сөйтіп, Мұхтар Әріптің ақындық өнерін жоғары бағалай отырып, оның Абай дәстүрін берік ұстанған, ұлы ақынның нағыз шәкірті екендігін дәлелдеп береді.
Әсет және Мұқа туралы пікірін де ашып айтады:
«Ақындық ерекше үлгілері Абаймен аса жақын түйісіп отыратын тағы бір белгілі ақын Әсет болатын. Оның да Абай атын айтқан, өзіне соны үлгі етіп сөйлеген сөздері аз емес. Бұл алуандас шығарманы біз әнші ақын Мұқадан да кездестіреміз», — дей келіп, осы аталған ақындарды зерттеу мәселесі туралы өзінің ой-пікірін М.Әуезов былай қорытындылайды: «Әзірше осы соңғы аталған: Әріп, Әсет, Мұқа сияқты ақындарды Абайдың әдебиеттік айналасын зерттеп, шолуда қоса тексеріп, тану керек деген пікірді түгел қуаттаймыз. Болашақ арнаулы ғылыми зерттеулерде бұл адамдар да Абаймен байланыстары жағынан толық тексерілуі керек деп білеміз», — деген.
М.Әуезовтің: Әріп, Әсет, Мұқа ақындар туралы осы айтылған ой-пікірлерін, 1940-жылы, оның аузынан естіп, ұғынған болатынбыз. Және Мұхтардың мәслихаты бойынша жоғарыда аталған ақындардың өмір тарихы мен әдеби мұраларын арнайы зерттеп, 1950 жылы аяқталған, «Абайдың әдебиеттік мектебі» деп аталған еңбегімізге кіргізгенбіз. Одан кейінгі жылдарда да Абайдың ақын шәкірттері туралы зерттеу жұмысы толастаған жоқ. Кейінгі жылдарда табылған шығармалары қосылып, толықтырылып отырды.
Абай саласының қиын да күрделі бір арнасы ол — сөз жоқ, Абай шығармаларындағы Шығыстық қайнар көздер.
Абай мұрасының шығысқа қатысы жайлы баспасөзде алғаш жарияланған пікірлер Кәкітай Ысқақов пен «Уақыт» газетіндегі (1908, №388) мақала еді.
Осы тұрғыда Абай шығармаларының Шығысқа қатысы жайлы түбегейлі қарастырып, ғылыми деңгейге көтерген М.Әуезовтің әр уақыт оралып соғып, жаңа таным, соны пікір ұсынып, мәселені тереңнен зерделеп отырғаны белгілі. Абайдың Шығысына байланысты М.Әуезов пікірлері үздіксіз, жанды ізденіспен толығып, байып, дамып отырды.
Абай мұрасының шығыстық белгілері жайлы абайтану саласында М.Әуезов ең алғаш мақсатты түрде мәселені қойды.
Осы ретте XIX ғасыр әдебиеті жайында оның ішінде Абай Құнанбаев шығармашылығына тереңдеп барған ғалым Қ.Мәдібай зерттеулерінен қысқаша үзінді келтіре кетсек.
«Қазақ әдебиеттану ғылымыда болсын, абайтануда болсын ұзақ жылдар бойы Шығыс және қазақ әдебиеті мәселесі елеулі зерттеулерге айналмай, айнала алмай келгендігі белгілі. Оның түрлі себептері болды.
Абайдың ақындық әлеміне Шығыстың әдеби мектебі тигізген әсер, ықпал жөнінде зерттеулер болды. Оларда белгілі бір дәрежеде көптеген өзекті мәселелер қамтылып, қарастырылады. Күні бүгінге шейін Абайдың өлең өрнегіне, тіл кестесіне, дүние танымына Шығыс әдебиеті қаншалықты әсер етті деген мәселе бір шама қарастырылды» /11.193/.
Абайтанушы ғалым М.Мырзахметов өзінің «М.Әуезов және абайтану проблемалары» (1982) монографиясындағы «Абай» мұрасының Шығысқа қатысы М.Әуезов зерттеуінде» деген тарауда былай дейді: «М.Әуезовтің Абай мұрасының Шығысқа қатысы жайлы зерттеулері, ондағы ғылыми ойының қорлану, жетілу, жаңа сапа тауып түрбірлі пікірлерге бет алу жолына ой жіберсек, әр кезеңде әр түрлі таным тұрғысынан айтылған ой толғаныстарын да көреміз».
Осы пікірді тек М.Әуезовке қатысты емес, жалпы абайтанудағы Абайдың Шығысының зерттелу тарихына да қатысты қолдануға болар еді.
Абайдың Шығысы туралы ой өрісінің тұтас шолып қарағанда, әр кезеңде, уақыт озған сайын бұл мәселенің түрлі ауқымда ашылып, қозғалып отырғанын көреміз. Назар аударарлық бір мәселе: не дегенде де қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында Абай және Шығыс әдебиеті жайлы мол, тың таныммен құнарлана түскен зерттеулердің қарасы басым.
Соған қарамастан, Абайдың Шығысы тереңнен қопарып зерттеуге әлі де зәру. Абай поэзиясындағы шығыстық үлгілерді тұтастай, өзіндік айырым-белгілерімен, атап айтқанда Абайға араб поэзиясының әсері, парсы поэзиясы және Абай өлеңі, ортағасырлық, түрік әдебиетінің, жазба тілдің Абай шығармашылығындағы көріністері, XIX ғасырдағы кітаби тілдің, шағатай тілінің Абай шығармашылығындағы көріністері, мәселелерінәлі де арнайы зерттеулермен толықтыру қажет. Абайдың дін тануы, дүниетанымы мәселесі, нақтылы исламиятқа қатысы, соның ішінде сопылық поэзия мен оның Абай поэзиясына қатысы жайлы нақтылы зерттеулер қажет. Абайдың ақындық айналасы, Абай ақындығының бастау бұлақтары мәселесінде сөзсіз елеулі орны бар Шығыс әдебиетінің Абай поэзиясымен сабақтастық желілерін арнайы зерттеу – абайтану арналарын ғылыми негіздеуді орнықтыруда елеулі мәселе.
Бұл тұрғыда тек бір ғана М.Әуезовтің Абайдың Шығысы туралы айтқандарының өзінен әлі де толып жатқан қисындарды тауып, таратуға болар еді. Әрине, Абайдың өзінен өз бетімізше іздеп табарымыз да аз болмаса керек.
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтанудың өрісін кеңейткен, өзіндік үлес қосқан тұлғаның бірі, сөзсіз Сәбит Мұқанов. Академик жазушы, қазақ әдебиетінің тарихы жайында көптеген еңбектер жазған ғалым Мұқановтың абайтану саласында да аз еңбек етпегенін келесі бір еңбектерден байқаймыз. С.Мұқанов жазған «Халық мұрасы» атты кітаптың қамтитын ауқымы кең.
«Шежіре және тарих жайында» деп басталатын бірінші бөлім, «Жазба әдебиет белестері» деп аталатын бесінші бөліммен аяқталады. Ал енді осы бесінші бөлімде ұлы ақын жайында «Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904)» деп аталатын көлемді еңбек берілген. Кез-келген мәселені кең ауқымда қамтитын жазушы Абайдың өскен ортасын, шыққан тегін қамтып өтеді. Мысалы: «Абай – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, оның алғашқы классигі, бұрынғы Қарқаралы дуанына қарасты Шыңғыс тауының бауырында туған. Руы – Арғын ішіндегі Тобықты. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы сол маңайдағы қазақ ауылдарының ішіндегі байыны, биінің беделді адамының бірі болады. Білетін адамдардың, әсіресе он тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысында Батыс-Сібірге саяси қылмыспен жер ауып келіп, Құнанбаймен таныс-біліс болған поляк офицері А.Янушкевичтің сипаттауына қарағанда, Құнанбай өз заманының ақылды, білгір, көреген, тапқыр, шешен адамының бірі болған. Сондықтан да патша өкіметі оны сол ғасырдың орта тұсындағы бір сайлауда Қарқаралы дуанының аға сұлтандығына да бекіткен. Оған дейінгі және сол тұстағы аға сұлтандар «ақ сүйек» аталатын хан тұқымынан ғана қойылған. «Қара сүйек» дейтін қазақтардан бірінші рет аға сұлтан Құнанбай болғандықтан халық оны «қарадан хан болған» деп дәріптеген» /12.287/.
С.Мұқанов Абай Құнанбаевтың тек қана өскен ортасы, шыққан тегі жайында ғана емес, оның ақындық өнері жайында да кеңінен сөз қозғайды. Ұлы Абайдың әлеуметтік мәселелерді қозғайтын ойшыл өлеңдерінің астарына терең үңіледі. Кейбір пікірлерін келтіре кетсек.
«Абай қазақ арасындағы берекесіздіктің және басқа кемшіліктердің түп тамыры надандығында, оқымағандығында деп түсінеді де, халқының «көңіл көзін», яғни сана сезімін жетілдіру үшін қазақ жастарын оқуға, білім алуға шақырады. Ол:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,
Көкірегі сезімді, ойы орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, — деп бар үмітін оқуға талапты жастарға жүктейді. Өзі туралы айтқанда:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, — дейді де, оқыған өз балалары жайында:
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, — деп, оқығанда әкім болу үшін емес, ғалым болып дүние тану үшін оқу керек екенін еске салады» /12.298/.
Молдадан үш-төрт жыл оқыған Абайдың сабаққа зеректігі байқалған соң, әкесі Семей қаласындағы мұсылман имамы Ахмет Ризаның медресесіне апарып оқуға орналастырады. Ол — «мүтәкәллимин» аталатын дін сабақтарына тарих, поэзия, математика, философия, дүниелік білім салаларына қоса оқытуды қажет тапқан ағымның өкілі болады. Соның медресесінде төрт жыл оқыған Абай мұсылмандық шығыстағы араб, иран және Орта Азия әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысып, соларға еліктеп қысқаша өлеңдер жаза бастайды.
Сонымен, С.Мұқанов сынды әйгілі жазушы да абайтану ғылымына мол үлес қосты, еңбек жазды. Абайтану ғылымы жыл өткен сайын өркендеп, дамып келеді.
«Ұлы ақын мұрасын тану, зерттеу саласында алда тұрған уәзипалар жөнінде пікір қозғауды орынды көреміз. Абайтану бойынша құнарлы еңбек еткен ғалымдар, ақын, жазушы зерттеулерін ел біледі, сол үшін біз оған кең тоқталмаймыз. Дегенмен, солардың ішінен көрнекті зерттеушілерді атасақ, М.Әуезов, С.Мұқанов, Х.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, М.Сильченко, Ә.Тәжібаев, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, Ә.Жиреншин, З.Ахметов, Х.Сүйінішәлиев, М.Мырзахметов т.б. есімдерін айтар едік.
Ұлы ақын өмірі мен шығармаларын ғылымның бұған дейінгі жетістіктеріне сүйене отырып, тереңдеп тексеретін сала-сала тақырыптар бар.
Ол тақырыптардан бірқаншасын ұлы жазушы, үлкен ғалым М.Әуезов өзінің еңбектерінде ертелі-кешті айтып, ескертіп отырған, негізгі ойлар мен желілерді тізіп көрсеткен.
«Дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры. Екінші бір қол артқан қазынасы -араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшінші, үлкен өнер, мол азық алған зор саласы — орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін әрі жаңа тарих, жаңа дәуірдің басы, әрі кең майдан келешек еді» /13.173/.
Қамар Cұлу
XX ғ. басындагы қазақтың іріп-шіріген билеуші табының өскен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн көтерген "Қамар сұлу" шығармасы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы - оны қазақ әдебиетіндегі демократтык әдебиеттің ірі өкілі етті. «Қамар Сұлу » романындағы Қамардың бейнесін автор:
Жіңішке сымға тартқан әні қандай,
Балауыз балбыраған тәні қандай.
Ақыл, ой, мінез, көрік түгел келіп,
Толықсып толып тұрған сәні қандай? –
деп ақын Қамардың «Ойы көркіне сай» қазақ қызын бейнелейді. Ал Қамардың бет-ажар сұлулығын бейнелегенде:
Еріткен іші-баурыңды көзі қандай,
Бал тамған майда бұлбұл сөзі қандай. Жұп-жұмсақ, бып-биязы ішке кіріп, Жайтаңдап жан күйдірген кезі қандай! Күлгенде көзіңді алып кірсіз тісі, Қайнамас оны көріп кімнің іші? Алмас қылыш жүзіндей аударылған, Сүйгізіп көлеңкесін әрбір ісі. Нұрлы жүз жан-жағына сәуле шашып, Бойының мінсіздігі оның асып. Өзгеден сып-сыпайы һәм сүйкімді, Ең арты жүрсе-дағы аяқ басып.
Осылайша автор қазақ қызына тән барлық қасиеттерді жырлайды. Қамардың бойына барлық қазақ қыздарының түрлі қасиеттерін біріктіреді. Қамардың бейнесін ашқанда жоғарыдағы асты сызылған күрделі эпиеттерді қолданған.
Қамар мен Ахмет
Ахметтің Қамарға бірінші жазған хатында:
...Амалсыз арды түйіп қалам алдым,
Кеткен соң ғашық оты бойымды алып...
...Шығаршы жүректегі шын сырыңды, Жаутаңдап екі көзді мөлдіретпей. деген өлең жолдарында С.Торайғыров Ахметтің жан-күйін сипаттағанда ғашық оты; шын сыр; жаутаңдаған көз сияқты эпитеттер қолданған.
Талпынып, қол сермедім ұшқан құсқа, Болса да жетер ме деп қолым қысқа Негізінен «Қамар сұлу» романынды қазақ салт-дәстүрлері сынға алынған. Ең көрнекті көрсетілген мәселесі қазақ қыздарының қалымға сатылуы, қыз-әйел баласының өмірде алатын орны болып табылады. Ал жоғарыдағы келтірілген шумақта кедей Ахметтің байдың қызы Қамарға «қолы қысқа болса да, ұшқан құсқа қол сермеуі» деп мәселенің түп-төркінің дөп басқан. Ұшқан құс, қысқа қол эпитеттеттерін қолдана отырып сол кездердегі әлеуметтік –теңсіздік мәселесінің қозғалғанын байқаймыз.
Қамардың Ахметтің хатына жазған жауап хаты:
Қарасам, сүйгендіктен қарамаймын,
Сүйсем де, сол сөзіне жарамаймын. Арыстан айға шауып мертігіпті, Секірме, қолың жетпес көктегі аймын. Сен шыда, күйіп тұрсың, бір-ақ отқа, Болсаң да қандай қызу жалын шоқта. Аузың айтып, ар жағың біліп тұр ғой Екі оттың арасында тұрғам жоқ па?! Деп Қамар Ахметке қатал да, ойлы хат жібереді. Мұндай хаттың жолдауының себебі «Аш бала мен тоқ бала ойнамайды» дегендей. Және Ахметтің кедей отбасынан шыққаның ескерсек онда Қамардың данышпандығына сүйсінуге болады. Бұны өлең жолының бірінші шумағынан байқауға болады.Ол өзінің махаббатын болашақта Ахметтің амандығына қияды десе де болады. Бұл хатты алған Ахметтің толғанып Қамарға жазған екінші хаты:
Ол рас менен гөрі малың тәуір... Не шара, айтқан сөзім ем болмаса, Сұңқар мен сұқсыр үйрек тең болмаса Сен үшін мұнша қапа болмас та едім: Алды-артым бәрі қысқа кем болмаса.
Өз жағдайын осылай бағалайды, бірақ өзінің шың махаббатынан қол үзбейді. Екеу арасындағы сезімдерін ашқан ақ хаттар осылай өтіп жатады. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді ғой қазақ , бірін-бірі сүйген жандардың тағдырына бірге болу жазбаған. Жол айрықта екі жаққа айырылғанмен махаббатары еш өшпейді. Қамарға жорға Нұрым деген бір шал көз салып, оны:
Ататай, болдым ғашық мұрыныңа, Көк бурыл иектегі құрымыңа. Кірпідей аяқ-қолы жиырылған, Қосылар күн болар ма тұлыбыма? Қамар сарказммен осылай суреттейді. Бұны сатиралық түрдегі мысқыл да секілді.Бірақ бұл өмірдің қайда апарарын білмейсін ғой. Солай да Қамарды он бепс жасында жорға Нұрымға тұрмысқа шығарады.Кейін Қамар қатты ауыруға шалдығып, күннен-күнге халі нашарлайды. Жорға Нұрым өзінің надандығынан әртүрлі сөзі майлы бақсыларға сеніп, Қамардың жағдайын одан бетер ауырлатады. Қамардың қалған соңғы күндерінде Ахмет Қамарға келеді. Сонда Қамардың айтқаны:
Қазақта қыз туған жоқ менен артық,
Құлпырдым он бескеше бағым артып, Майысып пісіп тұрған дер кезімде, Малды шал анталады иттей тартып.
Ғибрат ал мен сорлыдан, қазақ қызы!
Түйрейтін мал менен шал-саған бізі. Оңбайды бұл әдетпен қазақ халқы, Бол себеп ақырында қалмасқа ізі. Естіп жанында тұрған Ахмет естіген сайын өнбойы шымырлап, үзіліп кете жаздағандай болып, егіліп жылап отырып мынаны айтады: Сені кім отқа салған шырылдатып, Қойыпты тамағыңды қырылдатып. Құтырған көк төбеттей арс-ұрс етіп, Бақсыны кім әкелген ырылдатып. Келіп ем көзі барда көрейін деп, Көрген соң, күйігіңнен өлейін деп. Шыдамай бұл қорлыққа мен отырмын, Өзімді сенен бұрын көмейін деп Ахмет бұл әділетсіздік өмір күресіне қате жол таңдап, жорға Нұрымға қол салады. -Қарағым Қамар, міне сенің үшін жаным, қасықтай қаным, қош!-деп Ахмет соңғы сөзін айтады. Бұл өмір шындығы. Қазақ тарихының ұйқыдағы қазағымның ұзын да ұзақ қаралы жолы.
Қожа Ахмет Ясауи
Қожа Ахмет Ясауи (1093 ж.ш., кейбір деректерде 1103, 1041, Сайрам (Исфиджаб) — 1166 ж. Түркістан (Ясы)) — түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының, байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орыны бар ұлы ақын, пәлсапашы.
Өмірбаяны
Қожа Ахмет Ясауи–1093жылы тулыған түркістандық ғұлама, әулие. Қожа Ахмет Ясауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі –Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Ясауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады. Қожа Ахмет Ясауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. 9 ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Ясы, Сауран, Сығанақ Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағыда басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған болса, 10 ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Ясауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабта исламдық фикһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Ясауи ілімі осы саяси-әлеуметтік, тарихи шарттарға байланысты қалыптасты. Қожа Ахмет Ясауи ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Кашифи “Рашахат-ул айн-ил хайат” атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жылы қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Ясауидың “Диуани хикметінде” де Арыстан баб жиі ауызға алынады. Қожа Ахмет Ясауидың өмірі мен қызметі туралы Жазба деректерде (Хазини, “Жауаһир-ул Абра Мин Амуаж-ил Биһар”) оның Юсуф Хамаданидың шәкірті екендігін көрсететін деректер болғанымен, соңғы зерттеулерде оны теріске шығаратын тұжырымдар айтыла бастады. Қожа Ахмет Ясауидың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр Ата, екінші шәкірті – Сайид Ата Хорезми, үшінші шәкірті – Сүлеймен Бақырғани. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі – Бақырғани (Хакім Ата) (Кашифи, “Рашахат-ул айн-ил хайат”). Тағы бір танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышменди сопы Қожа Ахмет Ясауидың “Мират-ул Қулуб” атты мұрасын хатқа түсірді. Сондай-ақ Садр Ата, Бадр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шейх Лұқпан Перенде сияқты тұлғалар да Қожа Ахмет Ясауидың шәкірттері саналады. А.Беннигсон Қожа Ахмет Ясауидың Шопан Ата және Зеңгі Баба атты да шәкірттерінің болғандығын айтады. Ясауи шәкірттері жөнінде Фуат Көпрулу: “Мутасаууфтардың (сопылардың) өмірбаяны жайлы еңбектерде Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген сопылардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Ясауи тариқатының шейхтары еді” дейді. Ахметтің әкесі діндар, құдай жолын ұстаған атақты шайкылардың бірі болған секілді. Бұлай дейтін себебіміз, ақынның 149-хикметінде оның шыққан тегі туралы төмендегі сыр шертеді[1]:
...Ысқақ баба жұрыны, шейх Ибраһим Құлыны,
Машайықтар ұлығы - шейхым Ахмет Ясауи.
….Ясы оның арасы, жатыр гауһар парасы,
Машайықтар сарасы - шейхым Ахмед Ясауи. Ахмет Бұқар қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алғаннан кейін, Түркістанға келіп, сол кезде Орталық Азиядакең тараған сопылық, діни-тақуалық идеялардың ірі насихатшысына айналады. Ахмет Ясауидің ержете келе Түркістанға келуі дінге байланысты болса керек. Ақын өз өлеңдерінде Түркістанға келгені жайында былайша баяндайды:
...Он жетімде Түркістанда тұрдым, міне
Он сегізде Шілтеменеи шарап іштім,
Рузы қылды, Жәннат кезіп қорлар құштым,
Хақ Мұстафа жүздерін көрдім, міне.
«Диуани Хикмет»
Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы — «Диуани хикмет/ Диуани Хикмат» (Хикмат - жинақ). Бұл шығарма алғаш рет 1878 ж. жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылады. Соның бірі 1901 ж. Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын.Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.«Диуани Хикметтен» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады.
Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Ясауи «әзіреті сұлтан» аталып, басына 14 ғ. аяғында атақты Ақсақ Темір күмбезді сағана орнаттырады.Жалпы дәстүрлі түркілік сопылық рух пен Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы “Диуани Хикмет”, “Мират-ул Қулуб”, “Пақырнама” сияқты мұраларынан көрінеді. Қожа Ахмет Ясауи сопылық ілімінің, дүниетанымы мен философиясының негізін моральдық-этикалық және сопылық хикметтер деп жіктеуге болады. Ясауи іліміндегі парасат ұғымы адамның адамгершілік ахлақи мәртебесіне және “инсани камил” дәрежесіне жету мәселесін қарастырады. Қожа Ахмет Ясауидың дүниетанымдық тұжырымдамасының теория негізін шариат пен мағрифат құраса, ал тәжірибелік негізін тариқат белгілейді. Қожа Ахмет дүниетанымының мәні – “адамның өзін-өзі тануы” арқылы “Хақты тануы”. Бұл жолдың алғашқы мақамы (басқышы) – “тәуба”, соңғысы “құлдық” (убудийат, абд). Бұл жолдағы адам “жаратылған – мен” екендігінің ақиқатына, жаратылыс сырына көзі жеткенде, өзінің адамдық парызы – “Алла мен адамның және адам мен қоғамның” арасында “көпір – жол” болу екендігін ұғынады.[2]
Ясауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Адам “кемелдікке” жетуі үшін қажетті білімді игеруі керек. Бұл білімнің қайнары – хикмет. Хикметтерде адам жаратылысы – Жаратқан иенің ұлылығын көрсететін, көркемдігі жағынан ең жоғарғы кейіпте жаратылған болмыс екендігі айқын көрсетілген. Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде адамның табиғаты Құранда айтылғандай – су мен топыраққа телінеді. “Асылың білсең су уа кил (топырақ) және килге (топыраққа) кетер йа” – дейді ол. Сопылық мағынада “топырақ” – адамның жаратылыс табиғаты, парасаттылық пен қарапайымдылық. Ал, нәпсіқұмарлық, менмендік,өркөкіректік – адамды адамшылықтан кетіретін қасиеттер. Қожа Ахмет Ясауидың кейбір хикметтерінде өзінің бүкіл болмысымен топыраққа айналғандығын білдіретін символдық ұғымдар қолданылады: “Басым топырақ, өзім топырақ, тәнім топырақ; Хаққа қауышар ма екем деп – рухым муштақ”. Бұл сопылық мағынада “уисал” (Хаққа қауышу) мақамын білдіреді. Топырақ болу, нәпсіден арылу – Хаққа қауышудың бірінші шарты. Осыдан кейін адам ақиқатқа жетіп, инсани кәміл дәрежесіне ұласып, өзінің Хаққа бастар “жол” екендігінің мәніне қанығады. “Топырақ болғыл әлем сені басып өтсін” дегендегі мақсат осыған саяды. Өйткені сопылық атауда әулиелер мен пірлердің қабірін де “топырақ” дейді. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында әулие – даңғыл жол, өйткені ол – халқына жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның арасын айыруға жөн сілтейтін, Алла рақметінің қоғамдағы көрінісі болып табылатын дана тұлға.
Қожа Ахмет Ясауи ілімі
Қожа Ахмет Ясауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Ал, халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кемелдікке жету үшін адамда ашқ (қуатты махаббат) пен дерт болу керек дейді. “Дертсіз адам адам емес, мұны аңла; Ашқсыз инсан хайуан жынысы, бұны тыңда”. Осы хикмет жолындағы “дертсіз адам” адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан. “Ашқсыз адам” – илаhи фитраттан, яғни Алла тарапынан адамға берілген құдайлық сыйдан мақрұм қалған, өзінің адамдық қадірін бағалай алмайтын, парасаттылыққа ұмтылмайтын, өзін қоршаған әлемге, адамға, табиғатқа, осының бәрін Жаратушы иеге мән бермейтін жан. Дертті адамның Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде “Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май” болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ашқ отына түсіп, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді. Шынайы ашққа осы дерт арқылы ұласады. Ал ашқ кемелдікке жетелейтін күш-қуат көзі. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ибадат), ол “Сізді, бізді Хақ жаратты ибадат үшін” – дейді. Бұл ибадат (убудийат) – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Құдайлық ашқты, Аллаға деген махаббатпен тұтастықта көретін Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы Алла жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеуді парыз деп қарайды. “Сүннет екен кәпір де болса берме азар, Көңілі қатты ділазардан Құдай бизар” деген хикмет адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет (жүйе, заң, қағида) ретінде танытады. Өйткені Қожа Ахмет Ясауи ілімі – дін, мәзһаб аясына сыймайтын шексіз ашық (махаббат) жолы. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында “дертті адам”, “топырақ адам”, “кемел адам”, сондай-ақ, “ғарип адам” тұлғалары да дәріптеледі.
Ғарип адамды кемелдік мәртебесіне жеткізіп, пайғамбардың қоғамдағы өкілі, ізбасары ретінде бағалайды (қ. Сопылық). Қожа Ахмет Ясауи өзін де ғарип ретінде көрсетеді: “Ғариппін ешкімім жоқ, бейшарамын hәм пақыр, Сенен басқа кімім бар, рақым ет Сен (Алла) таң сәріде” – деп рақымды тек Алладан ғана күтеді. Өйткені оны Алладан басқа шын ұғатын, қолдайтын ешкім жоқ. Оны ғарип қылып, жалғыздыққа итермелейтін күш оның дүниеге деген көзқарасы, илаhи ашқ – Хақ жолына деген ұмтылысы мен махаббаты. Ғариптік – адамның өз-өзімен іштей күресіп, санасын сансыратқан мәселелердің шешімін табу жолында рухымен тілдесу, өз әлімен ғана ләззат алу сияқты көңіл-күйді білдіретін психологиялық хал. Сондықтан да Қожа Ахмет Ясауи “Қай жерде ғарип көрсең һем дем болғыл” дейді. Яғни оларға дем бер, қолдау көрсет, қасынан табыл, құрметте дегені еді. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында өмір мен өлім мәселесінің мәні өзгеше. Ғазали “өлімнің ақиқатын түсіну үшін, өмірдің мәніне жету керек, ал рухты білмей тұрып, өмірді тани алмайсың” дейді. Оның ілімінде нәпсі – жамандықтың, рух – жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Жақсылық пен жамандық секілді нәпсі мен рухтың да қатар өмір сүруі мүмкін емес. Рухтың өмір сүруі үшін нәпсінің өлуі шарт. Өйткені өмірдің мәні рухтың тазалығында, яғни көңіл айнасының сафтығында жатыр. Рух тазалығын мақсат тұту “ашқ” мәртебесіне ұласып, Хақ дидарын көру болып табылады. “Муту қабла ан тамуту-топырақ болмақ; Ашқтар өлмес бұрын өледі екен...” “Құл Қожа Ахмет, нәпсіні тептім, нәпсіні тептім, Өлмес бұрын жан берудің дертін шектім, Дидар тілеп тәрк етсем масиуаны; Өлмес бұрын болмысыңды айла фәни...” Бұлар – “өлмес бұрын өлу” философиясына тән хикметтер. Қожа Ахмет Ясауи мұнда масиуаны (Хақтан басқа барлық дүниені) тәрк ету арқылы шынайы өмір мәнін ұғынуға шақырады. Оның көзқарасы бойынша, “шынайы өмір” деп, рухтың нәпсіден арылып, илаhи нұрлармен шайылуын айтады. Бұл ілім негізінде адамдарды “өлілер” және “тірілер” деп қарауға болады. Бұл жердегі “өлі” және “тірі” ұғымы рухқа байланысты. “Өлілер” – дүниеде нәпсінің құлы болып өткендер, олар тірі болса да өлікпен тең. “Тірілер” – нәпсілерін жою арқылы рухтарына “өмір” сыйлағандар, олар өлсе де мәңгілік өмірмен қауышқандар, бақи мәртебесіне жеткендер. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында физикалық өлім жоқ. Ол жай ғана рухтың тәннен айырылып, басқа бір халге ауысуы. Аллаға құлшылықтың ең жоғарғы халі – еркіндік. Рухани өмір ішкі рухқа қатысты болғандықтан,Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі еркіндік мәселесі де адамның “ішкі еркіндігі” шеңберінде қарастырылады. Ішкі еркіндікті ислам ахлағында “моральдық еркіндік” дейді. Яғни, Хаққа толық құл болған адам ғана толық еркін, азат. Демек, Алладан басқа барлық нәрседен тазару шынайы еркіндікке ұласады. Сопы Хақ алдында құл, халық алдында азат, еркін. Рухани өлімнің нәтижесінде нәпсі үстемдік құрып, адамды өзіне құл етеді. Адам өзінің жаратылысын, табиғатын жатсына бастайды. Нәтижесінде рух еркіндіктен айырылады. Қожа Ахмет Ясауи әдісі бойынша, рухты еркіндікке қауыштырудың жолы – зухд Қожа Ахмет Ясауи ілімінде ішкі еркіндікке жетудің дәрежелері мен басқыштары айтылады. Бұлар сопылық дүниетанымдағы “халдер” мен “мақамат” категорияларының рет-ретімен жалғасуы арқылы жүзеге асады. Ішкі еркіндік жайындағы мәліметтің негізі – дін. Ал дін адамзатқа “ішкі құлдықтан” құтылу және “ішкі еркіндікке” жетудің жолын көрсететін Алла тарапынан берілген илаhи жолдағы Қожа Ахмет Ясауи ілімі бойынша, “өлілер” мен “тірілер” ұғымына сәйкес, еркіндік мәселесінде де адамдарды екі топқа бөліп қарауға болады. Бірінші топ – “еркіндікті аңсаушылар”. Бұлар тек қана Хаққа табынып, құлшылық етеді. Екінші топ – “еркіндіктен қорқатындар”. Бұлар – нәпсі, мансап, байлық, атақ, дүние, адамға, т.б. табынып, құлдық ұрады. Хикметтің басы – Алланы бар және бір деп білу.
Қожа Ахмет Ясауи адам баласы осы шындықтан бейхабар қалғанда өзінің негізінен алыстай бастайтындығын айтады. Осы ақиқатты адам баласына ескертіп, тікелей еске салып отыратын таным көзі – Құран деп біледі. Сонымен қатар, Алланы танудың негізгі сыры адамның өзінде екендігін айтады. Адам – микрокосмос болса, рух, бүкіл әлем, болмыс – макрокосмос, Алланың аяттары, яғни белгілері. Адам – рух әлемінде Алламен болған сұхбат-антты бұзбай “Зікір” арқылы үнемі есте сақтаушы. Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі зікір, уажд (экстаз), сама сияқты әдістер Алламен болған сертті ұмытпау үшін қолданылған. Адамның арабша “инсан”, яғни “ұмытшақ” екендігін ескергенде, Құранның бір аты болып табылатын зікір (еске алу) адамдық болмысты толықтырып, кемелдендіріп отыратын әдіс екендігі белгілі. Осы тұста “қалу бәла” серті (“...мен сендердің Жаратушың емес пе едім” деген Тәңірінің сұрағына рухтардың “Иә, әлбетте” деген жауап-серті) мен рух әлеміндегі онтол. және туыстық бірліктің адамзат арасында осы кезге жалғасып, сақталуына деген ұмтылыстың, тілектің жатқандығын байқау қиын емес. Жалпы сопылық дүниетанымға тән бұл теориялы-тұжырымдамалық ұстанымды Қожа Ахмет Ясауи түркілік дүниетаным негізінде жаңғыртты. Ислам тарихында дінді ұғынудың, қабылдаудың ерекше түрі ретінде пайда болған “сопылық ағым” ресми діндегі (қалам мен фикһ) қасаңдыққа қарсы бағыт ретінде бой көрсетті. Сол секілді Қожа Ахмет Ясауи ілімі де түркілік дүниетанымның негізгі категориясы болып табылатын әмбебаптыққа сай дамыды. Тәңірді жазалаушы, қорқыныш иесі ретінде ғана емес, Тәңірді сүю және оның үкімдерін құрметтеу арқылы Аллаға махаббатпен қауышу-ұласу әдістерін қалыптастырды. Өйткені сопылық дүниетанымда Алла – ғашық (сүюші), мағшуқ (сүйілуші) әрі ғашықтықтың өзі болғандықтан да, ғашықтық болмыс жаратылысының ең негізгі мұраты. Бұл адам бойында махаббат, жауапкершілік сезімді, иман, т.б. асыл құндылықтарды қалыптастырады. Адам хикмет арқылы, оның нәтижелі жемістерінің негізінде ғана мәнді, мағыналы өмір, “адамша тіршілік ету өнерін” меңгере алады (қазіргі “Диуани хикмет”). Қожа Ахмет Ясауи ілімінің танымдық тірегін құрайтын адамгершілік қағидалардың өзегі – ахлақ (мораль). Ахлақ – хикметтің нәтижесінде қалыптасқан рухани құндылықтар жиыны. Адам ахлақ арқылы адамдық болмысқа, мәнге ие болады. Яғни, адам ахлақтық-рухани құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана “шындыққа”, “жан тыныштығына” қауышады. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде “жан тыныштығы”, “шындыққа жету” адамгершілік қасиет пен сипатқа ұласу арқылы тариқатта жүзеге асады. Аллаға қауышудың жолы қоғамға, адамға қызмет ету – тікелей ахлақтық кемелдену арқылы өтеді. Нәтижесінде рухани тазалыққа, өзін өзі меңгеруге қолы жетіп, “Кемел адам” тұрпаты қалыптасады. Көшпелі түркі қауымын имандылыққа шақыру арқылы Қожа Ахмет Ясауи ілімі барша түркі халықтары мәдениетіне үлкен өзгеріс енгізді. Дәстүрлі түркілік дүниетанымның негізі сыршылдық (мистика) дін екендігін ескерсек, сопылық танымның түркі мұсылмандығының ең маңызды ерекшелігін қалыптастырудағы себептерін ұғыну қиын емес. Бұл құбылыстың табиғилығын дін феноменол-сы тұрғысынан қарасақ, діндердің таралуындағы ескі ұстындардың толығымен жойылмайтынын, жаңалары сол құндылықтар, түсінік, ұғымдар негізінде өз орнын табатынын көруге болады. Көбінесе діндерде ескі ұстындар мистикалық институттармен тұтасып, “халық діндарлығы” түрінде тіршілігін жалғастырады. Бұл құбылыстың көрінісін Қожа Ахмет Ясауи дың сопылық-моральдық ілімінен көруге болады. Оның “құрма” символизмі арқылы Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарға байлануы, осы құбылысқа Арыстан бабтың “себеп” болуы, өмірін пайғамбар өміріне ұқсатуға тырысуы, пайғамбарға ұқсаудың ишараты ретінде ұлының атын Ибраһим қоюы, пайғамбар жасына келгенде тірідей “жерасты мешітіне”, яғни қылуетке түсуі, осының бәрі оның іліміндегі көшпелі түркілерге исламды таратудағы маңызды әдістемелік, құбылыстық ерекшелік әрі жаңалық болып табылады.[3]
Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. “Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады” деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығармашылық әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Ясауише хикметжазу дәстүрге айналды. Кіші Азияда Қажы Бекташ, Жүніс Әміре, Сүлеймен Бақырғани хикметтерінен Қожа Ахмет Ясауи сарыны байқалды. 12 ғасырдан бері түркі халқының дүниетанымына елеулі ықпал еткен Қожа Ахмет Ясауи сарыны Асан Қайғыдан Абайға, сондай-ақ, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапқан.[4]
Қуандық Төлегенұлы Шаңғытбаев (21.03.1925 - 19.02.2001) — Қазақстанның халық жазушысы, ақын. Қазіргі Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданында туған. 1937 жылы Қуандықтың 12 жасында әкесі Төлеген "халық жауы" ретінде он жылға айдалып кетеді[1]. Төлегеннің ағасы Жоныс[2] пен Қуандықтың нағашы ағасы Сауда[3] атылады. Бала Қуандықты пионер қатарынан шығарады.
Он бес жасында үздік оқыған Қуандық Алматыға келіп, Қазақтың мемлекеттік университетінің филологияфакультетіне оқуға түседі. Сол 1940 жылы бірінші курстың студенті Қуандық Шаңғытбаевтың тұңғыш кітабы шығады. Ол кітап ұстазы Мәулен Балақаевпен (кейіннен профессор, ҚҒА корреспондент-мүшесі) бірге жазылған қазақ тілінің оқулығы болған. Алғашқы қаламақысын 16-дағы Қуандық итжеккенде жүрген әкесіне жасырын (қазыға тығып) жібереді. 1942 жылы 2-ші курстың студенті Қуандық Қазақтың мемлекеттік баспасына жұмысқа алынады (ол кезде Қазақстандағы жалғыз баспасы). Тұңғыш өлеңдерін жаза бастаған болашақ ақын Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, Әбу Сәрсенбаев секілді тұлғалармен танысады. 1942 жылы Қуандық "Қазақ жүрегі" атты (кейіннен "Ар") бірінші өлең жинағын баспаға тапсырады. Сол жылы редактор Қуандыққа бастығы Бейсембай ағасы Мұхтар Әуезовтың "Абай" романының қолжазбасын редакциялауға жасырын береді. Партия орталық комитетінің адамдары кітаптың шығуына қарсы болғасын, Кенжебаев пен Шаңғытбаев "Абайды" ешкімге білдірмей жарыққа шығарады, және 1942 жылдың 26 шілдесінде "Соц. Қазақстан" газетінде бірігіп рецензия жазады. Одан кейін Бейсембай Кенжебаев бас редакторлық қызметінен "өз еркімен" кетуге мәжбүр болады, ал 3-ші курстың үздік студенті Қуандық, Нұрпейіс Байғанинге қатысты партия қауылысы шыққаннан кейін, Ақтөбеге, Байғаниннің әдеби хатшысы ретінде, кетеді. "Ар" баспадан шығалмай қалады. Және тәкәппар жас ақын (итжеккенде жүрген "халық жауының" баласы!) сол тұңғыш жинағына "Мен — қазақ!" деген өлеңін кіргізеді.
Сталиннің кезінде олай жазу — ерлік болды. "Ар" өлеңінде Шаңғытбаев:
"Тәңірім — ар, соған ғана бағынам,
Жалбарынам, жалғыз соған жалынам.
Патша тәжі жолда жатса, қайырылмай,
Теуіп өтіп, алдыңа кеп табынам", — деп, жазады.
"Астанадан қуғындалған талантты жас ақын үшін партияның белсенділерімен күреске қазақ тарландарының "ауыр артиллериясы" кірісті" [4]. 1943-ші жылы Мұхтар Әуезов Ақтөбеде жүрген Қуандықтың баспада жатқан "Қазақ жүрегі" ("Ар") кітабына алғысөзін жазады. Қаныш Сәтбаев Қуандықты 3-ші курстан жаңа ғана құрылған Қазақ ғылым академиясының аспирантураға экстернат етіп бірден көшіру туралы шешім шығарады, шешімге соғыс кезінде Алматыда тұрған белгілі ғалым С.И. Малов қол қояды.
1945 жылға дейін Қ. Шаңғытбаев Ақтөбе педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі болып істейді. Қуандық Шаңғытбаевтың "Ар" атты түңғыш өлеңдер жинағы М.Әуезовтың алғы сөзімен 1945 жылы жарық көрді. Келесі кітабы "Аққу өні" 23 жылдан кейін ғана жарық көрді (1968).[5]
Облыстық "Актюбинская правда" газетінде тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1955—73 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Жұлдыз" журналында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының секретары, "Қазақфильм" киностудиясы сценарий-репертуар коллегиясының бас редакторы, "Мәдениет және тұрмыс" журналының жауапты хатшысы, қазақ радиосының әдеби хабар бөлімінің бас редакторы болды. 1974 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының консультанты. Қуандық Шаңғытбаевтың "Ар ма, республикам" (1974), "Лирика" (таңдамалылар, 1976), кітаптарын шығарды. 1980—1987 жылдар аралығында "Жыр жаһаны", "Гүлтолқын", "Саршатамыз", "Жыл құсы" атты лирикалық шығармалары жарық көрді. Ол Қ.Байсейітовпен бірігіп "Беу, қыздар-ай" (1960), "Ой, жігіттер-ай" (1967), "Құтырғаннан қүтылған" (1976) пьесаларын, "Алтын таулар" (1960, музыкасы Қ.Қожамьяров пен Н.Тілендиевтікі), "Айсұлу" (1963, музыкасы С. Мүхамеджановтікі) операларының либреттосын жазды. Қуандық Шаңғытбаевтың көптеген өлеңдеріне ән шығарылған. Ол А.С.Пушкиннің "Евгений Онегин" романын, М. Ю. Лермонтов, Р. Бернс лирикаларын, Омар Һайямның рубаяттарын, М.Горькийдің "Қыз бен ажал" поэмасын т.б. қазақ тіліне аударды.
Қазақстан Республикасының Халық жазушысы Қуандық Төлегенұлы Шаңғытбаев — зиялы, талғамшыл, талапшыл, зергер лирик ақын еді.[6]
«Құтадғу білік» (Құтты білік) — Жүсіп Баласағұни (Баласағұн) шығарған дидактикалық поэма.
Бұл көне түркі тілінде жазылған, түркі тектес халықтардың ортақ қазынасы.
Көптеген зерттеушілер бұл поэманы саясат, мемлекет басқару, әскери іс жөніндегі философиялық трактат деп жүр. Шындығында да, бұл жалаң әдеби дүние емес. Бұл бүтін бір тарихи кезеңнің мінез құлқын бойына сіңірген, қоғамдық саяси, әлеуметтік бітімі қанық, моральдық этикалық, рухани қазынамыздың негізі, арқау боларлық дүние. Ондағы бүгінгі тілімізге, ой толғамымызға төркіндес, етене жақын орамдарды көргенде, қазақ әдебиетінің солармен тікелей сабақтаса жалғасқан дидактикалық поэзия мен шешендік сөздердің, билердің орағытып, ой тастайтын кең тынысты толғамдарының дәстүрлі бірлігі «мен мұндалап» тұрады. Жүсіп Баласағұнның мемлекетті басқару қағидалары мен принциптерін, елге билік жүргізудің ережелері мен тәртібін, қоғам мүшелерінің мінез-құлық және әдеп-ғұрып нормаларын жыр еткен этикалық-дидактикалық мазмұндағы көркем туындысы.
Жүсіп Баласағұни «Құтты білікті» 1069—1070 жж. Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Қоғамдық әлеуметтік мәні терең, халықтың моральдық этикалық бағдарламасы іспеттес бұл еңбегін Қарахан мемлекетінің сол кездегі билеушісі Табғаш Арслан хан Боғратегінге тарту еткен.[1]
Құтадғу Біліг [2]– Жүсіп Баласағұнидың еңбегі. Түркия ғалымдары 1942–43 ж. «Құтадғу Білігтің» үш нұсқасын да Стамбұлдан үш томдық кітап етіп шығарды. Дастандызерттеу ісіне, әсіресе, түркі ғалымдары Р.Р.Арат, М.Ф.Кепрюлд және А.Дильгар, т.б. көп еңбек сіңірді. «Құтадғу Біліг» дастаны орта ғ-ларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Қарахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған.
Aудармашылар
Оны Қ.Каримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), А.Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (Пекин, 1984) тәржіма жасады. Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде ұлан-ғайыр өлкені алып жатқан осы мемлекеттің басқару тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді.
Дастан
Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Баласағұн өзінің «Құтадғу Біліг» дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата Заң (Конституция) қызметін атқарған. Баласағұн дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез-құлқы, білім дәрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Дастанда елдегі барлық лауазым, кәсіп иелеріне қойылатын моральдық-этик. талаптар сипатталып көрсетілген.
Дастанның идеясы
Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеум. рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады. Баласағұнның «Құтадғу Білігінде» өмір мәні пайымдалып, жалпыадамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған.
Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы (25 маусым 1893, Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасы – 19 наурыз 1938, Алматы) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы өкілі.
Өмірбаяны
Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905 – 1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін,Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.
Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға” деген өлең жазды. 1910 – 1913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия”медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады.
Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. “Садақ” журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды.
“Бірлік” ұйымы жұмысына белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, Қазақ газетіне өз өлеңдерін жариялайды.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.
“Алаш” партиясының Ақмола облысының комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті.
1918 – 1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919 – 1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана”журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады.
1923 – 1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады.
1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Жұмабайұлының 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салды.
Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Бұл қаулы “Еңбекші қазақ” газетінің 1925 жылы 14 ақпандағы санында басылды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын “Сәлем хат” деген өлең жазды.
Ол “Тілші” газетінде жарияланды. “Еңбекші қазақ” газетінің 1924 жылы 19 желтоқсанындағы санында С.Мұқановтың “Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына” деген ескертпемен “Сәлемге сәлем” деген жауап өлеңі басылды.
Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты нақтылы өлең жазбаса да, “уралап айқайламадың” деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Жұмабайұлы қатаң сынға алынды. Жұмабайұлы 1927 – 1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады.
1929 жылы Жұмабайұлы “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылыМ.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады.
Петропавл қаласыннда мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда Жұмабайұлы Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
Мағжан шығармашылығы
Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны “хакім” деп атады, ұлы ақынның “мың жыл жұтса дәмі кетпес” сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Жұмабайұлы ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтерді (“Шын сорлы”), халқын өнер-білімге шақырды (“Ләззат қайда?”, “Жазғы таң”, “Өнер-білім қайтсе табылар”, “Балалық шақ”, “Қазағым”, “Қарағым”, “Осы күнгі күй”, “Мен сорлы”).
Бірқатар өлеңдерін махаббат тақырыбына арнады (“Жас келін, “Зарлы сұлу”, “Сүйгеніме”, “Алданған сұлу”). Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан бастап ақтық демі біткенге дейін Жұмабайұлы ұлт азаттық тақырыбын үзбей толғанды, оны өз поэзиясының өзегі етті. Бүкіл халықты тап, топқа жіктемей, Қазақ елін әлемдік мәдени жетістіктерге қол жеткізуге қандай күш кедергі деген сауал қойып, оған басты кедергі – отаршылдық деген шешімге келді.
Бастапқы кезде бұл тақырып туған жердің табиғатын тамашалаудан барып қайран жердің ендігі күні не болады деген уайым-қайғыға ұласады, ақыры келіп кіндік қаны тамған нулы, сулы өлкені жаулап жатқан қара шекпенді отаршылдыққа қарсы наразылық оты болып тұтанды (“Туған жерім – Сасықкөл”). Ақын халқымен бірге күйзелді, осыдан келіп романтикалық әуенге бөленген жорық идеясы туды (“Жарыма”, “Есімде... тек таң атсын”, “Жаралы жан”, “Мен жастарға сенемін”, т.б.).
Жұмабайұлы шығармаларындағы романтикалық сарын, әсіресе, оның символистік арнада жазған өлеңдерінен айқын көрінеді. Ақын символизмі болашақ пердесін ашатын жаңа мифология туғызды, келешек суретін салу саясатшылардың емес, ақындардың қолында деген сенімге айналды (“От”, “Пайғамбар”, “Күншығыс”, “Жаралы жан”, “Айға”, т.б.). Ақын дыбыс-буынның соны үндестіктерін тауып, қазақ жырын байыта түсті (“Шолпы”). Жұмабайұлы поэзиясындағы құнарлы арнаның бірі – түркі тақырыбы. Түркі халықтарының бірлігі тақырыбы Жұмабайұлы поэзиясының әуелден қалыптасқан алтын арқауы іспетті.
Ақын дүниетанымына Қызылжардағы Бегішев медресесінде оқуы көп ықпал етті. Ол жас өрен жүрегіне түрікке деген бауырмалдық сезім туғызды. “Шолпан”жинағындағы “Орал тауы” өлеңінде:
“ |
“Қосылып батыр түрік балалары, Таптатпа, жолын кесіп тізгінге орал” |
” |
, – деп жазды. Ерекше атап өтетін бір жәйт – Жұмабайұлының түрік халқының шет ел басқыншыларына қарсы азаттық қозғалысына үн қосуы. Мұнда реалистік, романтикалық сарындар бір-бірімен астасып, бірге өріліп отырады.
Түрік тақырыбы қазақ халқының ұлт-азаттық тақырыбына ұласып, отаршылдыққа қарсы күреске алып келді (“Орал тауы”, “Алыстағы бауырыма”, “Жер жүзінде”, “Қазақ тілі”, “Тез барам!”, “Түркістан”, “Орал”). Сондай-ақ, Жұмабайұлы “Пайғамбар” өлеңінде “Ғұн – түріктің арғы атасы” десе, “Түркістан” атты өлеңінде “Түркістан – ер түріктің бесігі ғой” деп асқақ рухпен жырлады.
түрікшілдік сезімі 1919 – 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған түрік халқының азаттық соғысына арналған “Алыстағы бауырыма” атты өлеңінде айрықша байқалады. Оның бұл өлеңін Мұстафа Шоқай “Яш Түркістан” журналында (1930, №1) жариялай отырып, оны түрікшілдік күресі үшін ең қымбатты және ең пайдалы өлең деп бағалады.
Мағжантану ғылымы
Жұмабайұлы – философ ақын. Ақынның философиялық көзқарасы өз өлеңдерінде жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік тәрізді қарама-қайшылықты философиялық ұғымдарды шебер шендестіре білуінен байқалады. Ол дүниені біртұтас құбылыс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде суреттейді. Табиғатсыз, жаратылыссыз адам жоқ. Ал табиғат адамсыз да күн көре береді. Бірақ сана оған бағынбайды, дене бағынса да сезім бағынбайды. Сондықтан ол бұлқынады, серпінеді, үстем болғысы келеді (“От”).
Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білуде ақын, ең алдымен, ненің болса да мән-мазмұнына үңіледі, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, табиғаттың өз заңына ғана бағынатын құбылыстардың ішкі құпия астарын ұғынғысы келеді. Жұмабайұлының ойынша ақын деген болжап білмес жолға сапар шеккен пір, кейде жын, кейде бала, сол сапарда ол қиындықты қайыспай көтеретін, не дүниені тәрк етіп, бәрінен безінетін жан (“Қиял құлы мен бір ақын”). Ақын“Қорқыт” поэмасында философиядағы мәңгілік тақырып – өмір мен өлім мәселесін Қорқыт пен ажалдың аңдысуы түрінде суреттейді. Ажал – хақ, сондықтан да өмір жібінің түйінінде өлімді болмай қоймайтын өмір ақиқаты ретінде қабылдау қажет деп санайды ол.
Мағжан поэзиясы
Жұмабайұлы қазақ лирикасының сыршылдығын тереңдетті, адамның нәзік сезімдеріне тіл бітіре білді. Бұл қасиет оның, әсіресе, махаббат лирикасына тән (“Сүй, жан сәулем”, т.б.). Жұмабайұлы – әлемдік поэзияда экологиялық тақырыпты алғаш жырлаушылардың бірі (“Айда атыңды, Сәрсембай”, “Шойын жол”). Ол техикалық прогреске қарсы болған жоқ, оның ұлттық-мәдени, рухани дәстүрлерді бұзуына қарсы еді. Техника жетістіктерін қызыға жырлай отырып, туған жердің әсем табиғатынан айырылып қалмауға үндеді.
Мағжан поэмалары
Жұмабайұлы қазақ поэмасының баяндау стилін, шешендік мәнерін өзгерту қажет екендігін алғаш айтқандардың бірі болды. Қазақ поэмасын суреткерлік арнаға бұрды. Адам жанының, психология әлемінің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын шеберлікпен кестелеп өрнектей білді. Жұмабайұлы поэмаларына лирикалықтереңдік пен эпикалық кең құлаштылық бірдей тән.
Жеке адам мен ұлт тағдырын драм. сюжетте үйлестіріп, көркемдік зор қуатпен жырлай білді (“Батыр Баян”, “Оқжетпестің қиясында”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Өтірік ертегі”, “Шын ертегі”).
Ақын шығармашылығының үлкен бір арнасы – халыққа білім беру, педагогика саласы. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап “Педагогика” (1922, 1923), “Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні” (1925) еңбектерін жариялады. Ақан сері, Базар жырау, Әбубәкір Диваев туралы зерттеу еңбектер жазып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға жәрдемдесті.
Мағжан публицистикасы
Жұмабайұлы аударма саласына үлкен мән берді. И.Гете, Г.Гейне, Әбу Фирас, А.В. Кольцов, М.Ю. Лермонтов, А.А. Фет, И.И. Дмитриев, И.П. Мятлов, А.А. Блокөлеңдерін, А.М. Горький, В.В. Иванов, Д.Н. Мамин-Сибиряк, т.б. әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Таңдаулы прозалық шығармалар аударумен қоса Жұмабайұлы“Шолпанның күнәсі” әңгімесі арқылы қазақ әдебиетіне психологиялық талдау, сана ағымы әдістерін енгізді.
Мағжан прозасы
Шығармалар
Қазақтың көңіл күйі, өлең, “Үзік” жинағында, Орал, 1912;
Шолпан, өлеңдер, Қазан, 1912;
Өлеңдері, Қ.-О., 1922;
Өлеңдері, Таш., 1923;
Шығармалары, А., 1989;
Таңдамалы, А., 1992;
Шығармалар, 3 т., А., 1995.
Мағжанның әйгілі өлеңдерінің бірі "Мен Жастарға Сенемін" болып табылады.
Мағжанның өлеңдері
Мағжан Жұмабаевтың алғашқы өлеңдері ағартушылық сарында жазылды. Ол түсінікті еді. Мағжан өмір сүрген уақыт қаншалықты күрделі саяси, қоғамдық тақырыптарды алға тартқанымен, оның алдындағы Шоқан, Ыбырай, Абайлар бастап кеткен ағартушылық ой-пиғыл бұл кезең әдебиетінде басымдау жатты. Мағжан да Абай дәстүрінде жыр жазды, ұлы ұстаз үлгісін жалғастырды. Алғашқы өлеңдерінің бірін "Алтын хакім Абайға" деп атауының өзінен ақынның ұлы Абайды ерекше құрмет тұтқаны сезіледі. Өз өлеңдерінде қазақ арасындағы әр түрлі келеңсіз мінез-құлықты, әрекетсіздік пен жалқаулықты, сауатсыздықты сынайды. Елін білім алуға, өнер үйренуге шақырады. "Жазғы таң", "Өнер-білім қайтсе табылар", Қазағым", т.б. өлеңдерінде ақын осы тақырыпты көтереді. Мағжанның ағартушылық сарындағы өлеңдерінің арасында ел мен жер тағдырына алаңдаушылық жатады. Ақын туған елін сүйді, туған жерінің әрбір пұшпағын жүрегіне жақын тұтты. Ол:
Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр,–
дей келіп, қазақ арасында мұндай ұмтылыстың әлі де жоқ екеніне өзегі өртенеді. Қолында дәулеті бар деген бай-болыстар да, азын-аулақ оқыған төрелер де өз басының қамын ойлаумен жүр. Халықтың жайына алаңдайтын ешкім жоқ. Оқудағы шәкірттерге де дұрыс білім берілмейді. Қыз балалар малға сатылуда. Өзара дау-жанжал, айтыс-тартыс көп. Міне, Мағжанның өкініші – осылар.
Дегенмен Мағжанның ойлары мұнымен шектелмейді. Бір ұлттың өз халқының мүддесін ойлаумен ғана қалып қоймайды. Мағжанның азаматтық парасатынан туындаған арман-мақсаттар бұдан әлдеқайда биік. Туған халқы туралы айтқанда, оның кешегі өткен жолын еске алады, оны бүгінгі жағдайымен салыстырады. Онымен де шектелмей, ақын жалпы түріктік идея көтереді. Түркі тектес халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтеді, жалпы Шығысты пір тұтады. Бұл қатарда ақынның "Пайғамбар", "Күншығыс", "Түркістан", От", т.б. тәрізді бірсыпыра өлеңдерінде түптің түбінде жақсылық атаулының бәрі де Шығыстан келмек, Батыстан торлаған қою қара бұлтты Шығыстың жарық сәулесі ғана талқандамақ. Бұл өлеңдерінде ақынның туған жерге, өз топырағына, Шығысына деген ғажайып сүйіспеншілігі, перзенттік патриотизмі айқын көрінеді. Күншығыс өлеңінде:
Қисық көзді Күншығыс,
Бұл тұруың қай тұрыс?
Серпіл енді, алыбым! –
деп, Шығыс елдеріне ұран тастай отырып, өз ойларын әйгілі "Пайғамбар өлеңінде былайша жалғайды :
Күншығыстан таң келеді – мен келем,
Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!
Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры!
Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы.
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:
Мен келемін, мен – пайғамбар, Күн ұлы.
Өлеңде ақын шабытының ғаламат күші қаншалықты сезіліп тұрса, ақынның Шығысқа, оның ұлдарына деген махаббаты мен мақтанышы да соншалықты жарқырап көрінеді.
Мағжанның бұл тақырыптағы өлеңдерінде заман шындығы халықтың басынан өткен тарихи белестерді ойға алу арқылы түсіндіріледі. Ол Шығыстың, оның ішінде түркі елдерінің кешегі тарихына көз жібереді. Бір кезде жайлаған мекенін еске алады. "Түркістан" өлеңі соның айқын айғағы.
...Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой–
деп басталатын өлең жолдары кешегі тарихқа жетелейді. Ертеде Тұран аталған бұл жерді мекендеген ата-бабаларымыздың өмірінен елес береді Ақын Тұранның жері мен суын, көлі мен шөлін, өзен-суларын, тауларын, Теңізі мен Аралын, Ыстықкөлін, Жейхун мен Сейхун дарияларын, Тянь-Шаньдай, Памир мен Алтайдай тауларын ғажайып көркемдікпен суреттейді. Тұранды мекен еткен ер түріктің билері мен батырларын, ғұлама ғалымдарын, ел басқарған хандарын еске алады. Міне, осылайша бірлікте өмір сүріп, іргесін жауға бермеген түрік дүниесі бүгінде бірнеше елге бөлініп кеткен.
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? –
деп, Мағжан қазақты да сол ер түріктің бір мұрагері санайды.
"Тұран", "Түркістан" деген образды бейнелер арқылы Мағжан осылайша Шығыс әлемін, бүкіл түркі дүниесін мақтан ете жырлайды. Оның бүкіл өткен жолына шолу жасай отырып, тарихтың небір ерлікке толы, бейбіт өмір жайлаған беттерін парақтайды. Оларды өз заманымен салыстырады. Көп нәрсеге көңілі толмайды. Бір кезде Тұранды мекен еткен ер түріктің бүгінде бірлігі азайған. Бас-басына ел болған, жеке халықтарға бөлініп кеткен. Шығысты дәріптейтін өлеңдерінде Мағжан осынау түркі халықтарын бірлікке шақырады. Сонда ғана Батыстан келген қиянатқа, Ресей патшасының отаршыл саясатына қарсы тұруға болатынын ұқтыруға тырысады.
Бұған дәлел – ақынның "Орал тауы" атты өлеңі. Өлең кейіпкері – Орал тауы. Мағжанның бейнелеуінде ол – бүкіл түркі дүниесінің символы.
...Аспанмен таласқан көкпеңбек таулар. Қарағай, шыршасы сыңсыған, бауырында не түрлі аңдары жортқан, қойнауында алтыны мен алмасы тұнған Орал тауы. Тау табиғатының әсем суретін сала отырып, ақын Мағжан сөзін ары қарай жалғайды:
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.
Қорықпайтын таудан, тастан батыр түрік
Қойыныңа жайыменен кіріп еді.
Ер түрік ен далаға көрік еді,
Отырса, көшсе, қонса – ерік еді.
Тұрғанда бақыт құсы бастарында,
Іргесі жел, күн тимей, берік еді.
Мұндағы ақынның "ер түрік" деп отырғаны – түркі дүниесі, түрік, қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар, башқұрт, т.б. халықтардың жиынтық бейнесі. Бір кезде ен даланың көркі болған осынау халықтардың бүгінгі халі қандай? Мағжан соған үңіледі.
Оралдай атамекен жерлеріне,
Қасиетті атаның көрлеріне,
Аузы түкті шет елдер ие болып,
Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне, –
деп, ақын тарихи шындықты баяндайды. "Аузы түкті шет елдері" – Ресей патшалығы. Соның қысымымен бір кездегі асқақ Оралдың да жүзіне қаяу түскен. Өлеңнің соңын Мағжан бүкіл түркі жұртын бірлікке шақырумен аяқтайды:
Анамыз бізді өсірген, қайран Орал,
Мойның бұр тұңғышыңа, бермен Орал!
Қосылып батыр түрік балалары,
Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал.
Туған халқының, түркі дүниесінің басындағы ауыр халді, мұңдана баяндаған өлеңдерінің өзін Мағжан айрықша оптимизммен қорытып отырады. Ақынның лирикалық кейіпкері – аса батыл, нені болса да кесіп айтатын өткір жан.
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте – бұлт, жерде желмін гулеген,
Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар? –
деп басталатын "Мен кім?" атты өлеңінде Мағжан өзінің лирикалық кейіпкерінің дәл осындай айбатты да қайратты, адал да қайсар бейнесін ашып береді. Ақынның "мені" өзін көктегі күшке, түпсіз теңізге, кызуы мол жалынға, жүйрік тұлпарға теңейді. Патшадай қаһарлы, казыдай әділ, бидей шешен де өзі. Олай болса, оған қарсы тұрар күш бар ма?
Өзім – тәңірі, табынамын өзіме,
Сөзім – кұран, бағынамын сөзіме!
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,
Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе, –
деген лирикалық кейіпкер сөзінде алапат күш-жігер мен шынайы шындық қатар өрілген.
Ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастарды да "арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" қалыпта көргісі келеді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш –жастар. Олай болса, өмір бойы "алаш" ұранын көтеріп өткен Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Өзінің "Мен жастарға сенемін" деп аталатын өлеңінде ол жас жеткіншектерге үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан кыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен сүйкімді мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Соған мақтанады. Шабыттана жырлайды. "Мен жастарға сенемін!" деп асқақтай сөйлейді.
Мағжан өлеңдеріндегі ең басты тақырып – ел мен жер тағдыры. О бастан-ақ халқына азаттық өмір тілеген ақын туған елінің өткен тарихына үнемі көз жіберіп отырады. Сол арқылы тарихи шындықтың бетін ашады.
Атап айтқанда, "Өткен күн" атты өлеңінде Еділ мен Ертістің арасын жайлаған қазақтың бір кездегі жайнаған даласы мен көкорай шалғынды жайлауын, айна көлдері мен алаңсыз күн кешкен тұрмысын, қаһарман батырлары мен әділ билерін, ел тұрмысының сәні болған ұлттық салт-дәстүрлерін мақтан ете отырып:
Өткен күнді ойласам,
Ойға терең бойласам,
Кешегі қайран қазақтың
Сәулеті мен дәулеті
Көз алдыма келеді, –деп, бұдан ары қарай осы тіршіліктің шырқы бұзылғанын баяндайды. Өткенді аңсап емес, қолда бар асылынан айырылғанын өкіне баяндайды.
Оның себебі неде? Бейбіт өмір неге қара түнекке айналды?
Қазақтың қазіргі күйі қандай?
Күшің кеткен баяулап,
Жүрсің атсыз жаяулап,
Ит надандық желкеңде
Шабайын деп аңдып тұр
Қылышын ұстап таяулап, –
деп, ақын сол заманның шындығы арқылы әлгі сауалдарға жауап береді.
Қазақ даласындағы 1917 жылғы төңкерістер тұсындағы жағдайды жырлауда да ақын дәл осындай шыншылдықтан жаңылмады. "Бостандық'', "Есімде... тек таң атсын", т.б. өлеңдерінде ақынның халқының тәуелсіздігі жолындағы жанын құрбан етер ерекше қайраты сезіледі. "Бостандық" өлеңінде:
...Көк есігі ашылды,
Жұмақ нұры шашылды.
Келді ұшып бостандық, –
деп қуанады, бостандықты ізгі періштеге теңейді.
Ақын өлеңдерінде бостандықты аңсау сезімі аса күшті. Екі дүние алмасып, аласапыран болып жатқан тұста өмір сүрген ол халқына тәуелсіздік күнінің жақындағанын сезеді. Әйтсе де оған жету оңай емес. Сенімінен гөрі үміті басымырақ акынның. Осындай көңіл күйде жазылған Мағжан өлеңдерінің бірі – "Сағындым". Өлең абақтыда отырған ақынның жан дүниесінен хабар береді.
Қабырғасы қара тас абақты іші қара көлеңке. Сасық иіс қолқаны атады. Кіп-кішкене терезеден келіп жететін жарық та, таза ауа да шамалы. Осындай тар қапаста отырған ақын сары даласын, алыстағы анасын, туған елін, құрдастарын, сүйген жарын сағынады. Содан соңғы сағынары – бостандық.
Бостандыкта өткен күнді сағындым,
Желдей зулап кеткен күнді сағындым.
Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,
Ойдағыны өткен күнді сағындым, –
деп адам баласының еркін өмір сүруін аңсайды. Сол еркіндікке жету жолында абақтының азабын тартып отырғанын ақын өлең жолдарына түсіреді. Онда мұңнан гөрі жеке адамның көңіл күйіндегі кейбір толғанысты сәттердің суреті басымырақ. Ақын жырында болашаққа сенім мол.
Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! –
деген жолдарда Мағжанның ұлтына, халқына деген шексіз махаббаты сезілсе, одан кейінгі:
Қалың елім, қалың кара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер, алашым!
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын, –
деген жолдардан оның ертеңгі болашақтан үміті, қалай болғанда да осы қиындықтың артында азат күндердің келеріне деген сенімі көрінеді.
Өмірге құштарлық, айналасындағы адамдарға, туған табиғатқа, жер-анаға ғашықтық туралы ойлар – Мағжан өлеңдерінің басты сипаттарының бірі. Ақын нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.
"Сүйемін" атты өлеңін ақын қартайған анасына, күнделікті тұрмыстың жетегінде жүрген қарапайым жарына деген сезімін суреттеуден бастайды. Өлеңде өмірдің жүрекке жылы, көзге таныс суреті бар. Ана да, жар да әркімге қымбат екенін есіңе қайта салғандай. Одан кейін ақын:
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін.
Сағым сайран кұрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс – ақ кебін, жаз – сары.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы,
Сарыарқа деген жерім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол Арқамды сүйемін! –
деп, өзінің туған елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін жайып салады.
Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Бір өлеңінде анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырып жатса, енді бір жырларында сол табиғаттың асыл жемісі – адамды бәрінен жоғары кояды. Бұған дәлел – "Сен сұлу" өлеңі.
Өлеңде сұлулықтың көркіне көз тоймай, айналасына таңырқай көз салған ақынның бейнесі бар. Ол айрықша тебіреніс үстінде. Оның көңіліне қуаныш, мактаныш сезімін ұялататын кең даланы гүлге ораған көктемнің арайлы күні, күміс табақтай көкте жүзген сұлу Ай, жібектей есіп, жанды жадыратар Жел, асқар тау, көлде жүзген аққулар, көк аспанда нұрын шашын тұрған Күн. Ақын осы көріністің тамаша картинасын жасайды. Табиғаттың әр құбылысынан, туған жердің әр тынысынан сұлулықтың тамаша белгілерін көреді. Сонда да болса, дүниедегі ең сұлу жаратылыс Мағжан үшін бұл емес. Сұлудың сұлуы – оның жүрегі қалаған сүйікті адамы.
Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,
Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу!
Мағжанның таза махаббат тақырыбына арналған лирикасы – аса көркем мұра. Табиғатынан жаны сұлу сыршыл ақын адамның ең асыл сезімін жеткізуге келгенде ғажап шеберлік танытады. "Сүй, жан сәулем", "Сен сұлу", "Жұлдызды жүзік, Айды алқа қып берейін", "Шолпы", т.б. өлеңдерінде Мағжан адамға тән осынау ұлы сезімді аса биікке көтере жырлайды. Ақынның лирикалық қаһарманы үнемі ғажайып сезімнің кұшағында жүреді. Шын сүю – Мағжанның ұғымында әрі ләззатты, әрі азапты күй. Қуанышы да мол, азабы да аз болмайтын сезім. Ақынның сезімі кіршіксіз мөлдір. Сонымен бірге, ол махаббатқа шексіз адал. Сүйген жанының бір сәттік қуанышын ол патшаның тағына да, дүниенің малына да айырбастамайды. Сүйген жары үшін не қиындыққа да төзуге даяр.
"Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін" өлеңі дәл осындай кіршіксіз махаббаттан туған шығарма.
Сүйгеніне қол созған ғашық жан:
Кел, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін, –
деп, жүрек сырын ақтарады. Оның ғашығы – сөзі сиқыр, шашы толқын, күлкісі күміс табақтай сыңғырлаған ғажайып сұлу. Ақын осы сұлулыққа жету жолында бәрін де құрбан етуге даяр ғашық жанының бар сезімін тамаша суреттермен, бейнелі кестелермен береді. Лирикалық кейіпкерінің "көз жасынан меруерт тізіп", тіпті аспандағы жұлдызды жүзік, айды алқа етіп ғашығына сыйға тартқызады.
Мағжан – қазақ өлеңінің көркіне көрік қосқан, саздылығы мен әуезділігін әсемдеген ақын. Жоғарыдағы өлеңдерінің бәрінде де ол қарапайым өмір кұбылыстарын әсем суретке айналдыра жырлайды. "Толқын", "Шолпы", т.б. өлеңдерінде Мағжан өлеңдеріне тән ерекше бір әуезділігі айқын көрінеді. Мысалы: "Шолпы" өлеңіндегі:
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Қанымды қайнатты кұрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпәра талқан боп сыңғыр, –
деген жолдардағы қазақ қызының шашына таққан шолпысының сыңғыры әркімнің құлағына қазір де жетіп тұрғандай әсер береді.
Ал "Толқын" атты өлеңінде ақын өмір философиясы туралы толғанады.
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысады, –
деп, ақын айтқандай, өмірдің өзі бірін-бірі қуған, жарысқан осындай толқындардан тұрмақ. Өмір ағысы осындай.
Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жартасын,
Сүйіп сылқ-сылқ күледі.
Жылағаны – күлгені,
Күлгені оның – өлгені,
Жылай, күле өледі.
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын тынады.
