- •Сот шешендігінің жер дауындағы сипаты
- •Сот шешендігінің жесір дауындағы көрінісі
- •Сот шешендігінің ар-намыс дауындағы көрінісі
- •Xviiі-XIX ғғ Француз заңгерлерінің соттық сөйлеуі
- •Ресейдегі сот шешендігі
- •Қазіргі кездегі сот шешендігі
- •Қылмыстық және азаматтық істер бойынша сотың бірінші сатысындағы прокурор мен адвокаттың сөйлеулері
- •Прокурорлық немесе айыптаушылық сөз
- •Қорғаушылық немесе адвокаттық сөз
- •Қылмыстық және азаматтық істер бойынша соттың екінші сатысындағы прокурор мен адвокаттың сөйлеулері
- •Сот шешендігінің алқаби институтын енгізудегі қажеті
- •Сот шешендігін жетілдіру негіздері
- •Сот сөйлеу сөзінің құрылымы
- •Сот шешендігінің этикасы
- •Судьяның сөйлеу әдебі
- •Айыптаушының сөйлеу әдебі
- •Қоргаушының сөйлеу әдебі
Прокурорлық немесе айыптаушылық сөз
Прокурордың айыптау сөзі оның қызметімен тікелей байланысып, өзара қабысып, астасып жатыр. Яғни, прокурор сөзі оның негізгі атқарар қызметінен туындайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабының 1-4 тармақтарына, 1995 жылдың 21-желтоқсан күнгі Елбасының заңды күші бар «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Жарлығына, Қазақстан Республикасы ҚІЖК 62-бабына сәйкес: «Соттың қылмыстық істі қарауына қатысушы прокурор айыптауды қолдау жолымен мемлекеттің мүддесін білдіреді және Мемлекеттік айыптаушы болып табылады. Мемлекеттің мүдделерін қорғап талап қоюға құқылы».
Айыптаушылық сөз — қылмыстық іс бойынша жарыссөзге қатысады, мемлекет атынан айыптауды қолдаған, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерге талдау жасаудан тұратын, жасалған қылмысқа баға беріп, сараптайтын, соның негізінде жазалау шарасын тағайындайтын, басқа да заң тұрғысынан негізгі үкім шығаруда маңызы бар, азаматтарды құқықтық, адамгершілік жағынан тәбиелейтін прокурордың сөзі.
Қылмыстық істің түйінін шешуде сотқа қосалқы көмек беретін, мемлекет атынан айыптаушы міндетін атқаратын прокурордың сөзінің қылмыстық сот жүргізу ісінде алар маңызы ерекше. Орыс заңгері Р. А. Руденко сотта мемлекеттік айыптаудың қылмысқа қарсы күресте қоғамдық пікірді қалыптастырудағы орнын айрықша бөліп айтқан еді.
Айыптаушылық сөздің мазмұны белгілі бір іс бойынша сөйлейтін прокурордың азаматтық позициясымен, төрелік айтар сөздің мәнімен өрнектеледі. Қазірде халық арасында прокурор сөзін алдағы сот шығарар үкімнің әуелгі негізгі жобасы санайтын жаңсақ пікір етек алған. Ендеше бұдан қорғаушы сөзі де алдын ала белгіленген үкім жобасының негізінен шығады деген ұғым туындауы да мүмкін. Осы екі жобаның қисынға келер бірін ғана соттың таңдауы керек деген жорамал айтады. Бұл тіпті де олай емес. Соттағы төрелік айтар сөзде үкім шығару үшін қарастырылар барлық мәселе тілге тиек болады. Прокурор болашақ үкім жобасын емес, қылмыстық іске деген өзінің ой-шешімін ғана айтады. Шынтуайтында заң бойынша прокурор былай тұрсын соттың да сот процесіндегі жарыссөзден кейін кеңесу бөлмесінде болмаса, алдын ала үкім шығаруға құқысы жоқ.
Прокурор өз позициясын іс материалдары бойынша әрі соттағы процессуалдық қызметіне қарай айқындайды. Бүгінгі тандағы ғылыми әдебиетте прокурордың істегі процесуалдық қызметі туралы екі түрлі көзқарас қалыптасқан: бірі — кей авторлар оны мемлекеттік айыптаушы деп біледі, екінші біреулері — заңның дұрыс жүргізілуін қадағалайтын бақылаушы органның өкілі деп таниды. Негізгі мазмұнының өзегінде көптеген мәселелер қамтылатын айыптаушылық сөз бір ғана айыптаумен шектелмек емес. Прокурор өз сөзінде қылмыс жасауға түрткі болған себептер мен жағдайларға тоқталып, соттың назарын заңның өрескел бұзылуына аударады, орын алған қылмыстық іске қоғам тарапынан бағасын береді. Сондай-ақ бұл тәрбиелік, адамгершілік аспектілерді де қозғай кетеді. Осылайша соттың айыптауын қолдауы — айыптау сөздің негізгі желісін құраса да, ол бір бөлігі ғана. Ол заң талабын дұрыс та бұлжытпай орындауды керек ететін прокурордың Конституциялық және процессуалдық қызметінен келіп шығады.
Айыптау ұғымы туралы ғылыми пікір-көзқарастарда бірізділік жоқ, ала-құла. Айыптау — белгілі бір іс жүргізу түрімен анықталған белгілі бір тұлғаның қылмыс жасағандығының көрсеткіші, қылмыс жасаған қылмыскерді анықтауға бағытталған, қылмыстық әрекетті дәлелдеудің дұрыстығын әйгілейтін сот ісін жүргізудің бір түрі. Егер прокурор соттың қарау барысында қылмыстық жауаптылыққа тартылған тұлғаның қылмыс жасағандығына анық көз жеткізсе, айыптау тұрғысынан іс материалдарын қорыта отыра, өзінің сөзін көпішілік алдына көлденең тартады. Алайда бұл міндетті түрде айыптау қорытындысының шешімдерін қолдайтын, айыптау үкімі туралы қаулы шығару деген шарт емес. Прокурорлар соттаулышыны кінәлі деп тапқан талай қылмыстық, азаматтық істерге тоқтау салынып, не ақталып жатуы, сөз жоқ, олардың кәсіби деңгейіне күмән туғызады. Оның артында адамдардың заңды құқығын бұзу, сот төрелігі мүддесіне қайшылық, заңның сақшысы ретіндегі прокурор беделіне нұқсан келтіру деген көзқарас, пікір қылаң береді. Прокурор көпшілік алдына шыққан кезде өзінің заңның сақшысы, әділдіктің жаршысы, мәмілеге келе бермейтін тұлға, сөзі мен ісіне табанды жан екенін ұғынуы қажет. Прокурор сөзінде айыптау жағы басымдау болғаны ләзім. Бірақ бұл қоғамға қауіпті жасалған іске атүсті жеңіл-желпі қарау, шындық, ақиқатқа қайшы келетін әрекетке бару деген сөз емес.
Қазірде іс жүзінде талапқа сай келмейтін айыптаушылық сөздер аракідік болса да кездесіп қалады. Мысалы, бұзақылық туралы қылмыстық істе прокурор мынадай сөз айтқан: «Құрметті сот төрағасы, болған іс бәрімізге түсінікті. Сотталушы К гүлзардың гүлін жұлған. Әйел мен балаларға балағат сөздер айтып, төбелес шығарған. Қылмыстық істе төбелестің ұрыс-айғайдың болғанын дәлелдейтін мағлұматтар бар. Сотталушыны кінәлі деп тауып, үш жылға бас еркінен айыруды сұраймын». Мұндай сөздерде қылмыстық іс жан-жақты тексеріліп, объективті баға берілген деп айтпас едік.
Қазақстан Республикасының ҚІЖК айыптаушылық сөз элементтерінің неден тұратынын белгілемейді. ҚР ҚІЖК 317-бабының 4-тармағында: «Прокурор дәлелдерді ұсынады және оларды зерттеуге қатысады, сотқа айыптаудың мәні бойынша, сондай-ақ сот талқылауы кезінде ондаған басқа да мәселелер бойынша өзінің пікірін баяндайды, сотқа қылмыстық заңды қолдану және сотталушыға жаза қолдану туралы ұсыныс айтады» делінген. Алайда тәжірибе жүзінде соттағы дауларда бүгінгі таңда айыптау сөздің құрылымы қалыптасып үлгерген деуге әбден болатындай. Айыптау сөзінің құрылымы мынадай элементтерден тұрады:
1) қылмыстың қоғамдық бағасы;
2) істің мән-жайын баяндау;
3) іс бойынша жиналған және сот тексерген, зерттеген дәлелдемелерді талдап, бағалау;
4) қылмысты саралауды негіздеу;
5) сотталушыға, ал кейде жәбірленушіге мінездеме беру;
6) жазалау шарасы және азаматтық талап бойынша өз ой-пікірін білдіру;
7) қылмыстың жасалуына түрткі болған жағдайлар мен себептердің көзін ашу және оларды жою туралы ұсыныстары.
Сотталушының, ал кей жағдайларда жәбірленушінің, басқа адамдардың мінездемесі соталушы сияқты жеке тұлғаның жауапкершілігін негіздеу үшін ғана емес, сондай-ақ қылмыстың субъективті жағын анықтап, дәлелдемелерді бағалау үшін де керек. Құрылымының негізгі бөліктерін міндетті түрде сақтап отыру қажет те емес. Өйткені айыптаушылық сөздер бір-бірінен аумайтын егіздің сыңарындай, тұщымсыз, татымсыз шығып, тәрбиелік мәнінің жойылуына әкеліп соғар еді. Мәселен, Қарағанды облыстық сотта қаралған № 9816129 азамат Н-ны ҚР ҚК-нің 96-бабы І-бөлімімен айыптау туралы қылмыстық істегі айыптаушының сөзі: «Құрметті сот төрағасы! Сот мәжілісінде сотталушының ҚР ҚК-нің 96-6. І-бөлімімен айыпталған іс қаралып отыр. Алдын ала тергеу барысында айып дұрыс дәрежеленген. Нураскаров сөзге өгей әкесі Абдрахманов Отанмен келіспей қалып, төбелесіп, жанжалдасқан. Миына зақым келіп, өкпесіне қан құйылған, қабырғалары сынған. Іс құжаттарымен, сараптама қорытындысымен, сотталушының жауабымен айып толық бекіп отыр. Ауыр дене жарақатын алып, осы ауыр дене жарақаты салдарынан қайтыс болған. Сотталушыны ҚР ҚК-нің 96-бабы І-бөлімімен айыпты деп тауып, 8 жылға бас еркінен айыруды, жазаны қатаң режимде өтеуді, бас шарасын өзгеріссіз қамауда қалдыруды сұраймын». Айыптау дәлелдермен толық анықталса да, сөз қан-сөлсіз шығып отыр. «Н. сөзге өгей әкесі - А.-мен келіспей қалып, төбелесіп, жанжалдасқан. Миына зақым келіп, өкпесіне қан құйылған, қабырғалары сынған» деген сөздің стильдік құрылымында тіпті жәбірленген адам емес, сотталушы қайтыс болғандай көрінеді. Қылмыстық істің қоғамдық бағасы берілмеген. Біздің пікірімізше, айыптау тактикасы бойынша құрылымның қатып қалған шаблонын емес, ойдың бірізділігін сақтау жөн. Егер айыптау дәлелдермен толық анықталған болса, оған көп көңіл бөліп, тоқтаудың қажеті шамалы дейміз. Қылмысты саралау (квалификациялау) дау туғызатындай пікірталасқа әкелер болса, оған заң тұрғысынан негіздеуге көбірек көңіл аударған ләзім. Егер айыптау жанама дәледемелерге ғана құралса, анық болған істі тәпіштей баяндап, дәлелдемелерге тиянақты түрде талдау жүргізу тән.
Айыптаушылық сөзде сот тергеуінің қорытындылары келтіріліп, істің барлық материалдары анықталады, дәлелдемелер мемлекеттік айыптау тұрғысынан талданады. Прокурор мемлекет атынан сөйлейтіндіктен оған қатаң талаптар қойылады. Әрбір айыптаушылық сөзде қарастырылып отырған істің қоғамдық бағасы беріледі, жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілігі келтіріліп, қандай да қылмыстық іспен ұсақ-түйегіне қарамай қарсы күрес жүргізуіне үндеп, қылмысты жасаудың алдын алу көзделеді.
Прокурордың айыптаушылық сөзіне этикалық талаптар да қойылады. Соның ішінде ең бастысы — істің қарау барысында прокурордың өз позициясын айқындап, анықтап алу жатады. Оның шешімдері мен тұжырымдары заңға қатаң сәйкес болуы — шарт. Сотталушыға тән қылмыс жасалған сәттегі, іс-материалдарына қажетті белгілерді таба білуі керек. Сотталушының толық мінездемесін келтіру міндетті емес. Маңыздысы — қылмыскердің моральдық бейнесінің, мінез-құлқының қоғамға қауіпті әрекетіне қатысы барлығын айтуда. Қаралып отырған қылмыстық іске қажетсіз болған жағдайда көпшілік алдында оның өмірінен арына кір келтіретіндей дерек іздеу, өмірінен мәліметтер айту тіптен де адамгершілікке жатпайды. Сотталушыны келеке қылу, намысына, арына тиіп сөйлеу — прокурорға жат қылықтар. Кей сәттерде жәбірленушіге де мінездеме беру шарт. Оған жабылған жаладан, негізсіз айыптаудан қорғап қалуы керек. Жәбірленушіге теріс мінездеме берілсе, ол барынша негізді, ұстамдылықпен, байсалдылықпен айтылуы тиіс. Қылмыс жасалған кездегі жәбірленушінің құқыққа қарсы әрекетін, адамгершілікке жатпайтын қылықтарын да назардан тыс қалдырып, сөз етпей кетуге болмайды. Прокурор айыптаушылық сөзінде біржақты пайымдаудан қашқаны абзал. Оның айыптауы соттың айыптауы емес. Ол сот процесінде шығып сөйленде көпшілік оның сөзінен сотқа деген қадірін, құрметін сезінуі керек. Ұстанған позициясы мейлінше айқын, дұрыс екенін сотқа сездіруі шарт.
