Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекция-риторика.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
360.96 Кб
Скачать

Қазіргі кездегі сот шешендігі

Классикалык тұрғыдан жіктегендегі шешендік өнердің негізгі тектеріне жататын — сот шешендігі біздің қазіргі қоғамымыздың сот жүйесінің ажырамас бөлігі. Сонау XIX ғасырдың екінші жартысынан бері Ресей империясының қазақ сахарасындағы әділқазылық төрелік қызметін атқарған билер соты институтына өзгерістер енгізіп, оны заңдастырылған құқықтық нормалармен біртіндеп ауыстыруға ұмтылудың нәтижесінде Ресейлік сот жүйесі қалыбының өзіміз ғұмыр кешіп отырған қоғамымызда түпкілікті белең алуына әкеліп соқты. Ендеше, риторика ғылымындағы сот шешендігі бізге де жат емес.

Сот шешендігі — шешендік тарихындағы көне де болса жаңа бағыт. Айта кетерлігі бұл жоталы сала бойынша отандық ғалымдарымыздың ішінде қалам тербеп жүргендер өкінішке қарай ауыз толтырып айтарлықтай көп емес, бірді-екілі Г. Гиздатов, С Негимов есімдерімен ғана тұйықталады. Қазақстан Респбликасында қорғаушы-адвокаттар сөздерінің орыс тіліндегі жинағы өткен ғасырдың 70-жылдары ғана жарық керген. Осындай игі дәстүр кейіннен жалғасын таппады.

Өзінің бастау көзін сонау антикалық дүниеден алатын сот шешендігі көне жіктеме бойынша, айыптаушылық (немесе прокурорлық), қорғаушылық (немесе адвокаттық), айыпталушының өзін өзі қортайтын сөзі болып үлкен үш түрге бөлінеді. Айыптаушыға да, қорғаушыға да керегі — қылмыстық сот жүргізу ісінде қажетті деңгейде ұтымды сөйлей алу.

Жалпы, отандық сот жүйесінде діттеген деңгейде сөйлей білу шеберлігін керек ететін қызмет саласының бірі — сот процесі. Ол дауласқан екі жақтың жасындай жарқылдаған пікір-таластарынан, қисынды дәлелдерден, нақ та дәл, көрікті де көркем сөйлеуден тұратын кеңістікті құрайды. Мұндағы төрелік айтар тілмарлықтың мазмұны мен түрлерінің негізгі өзегі болған қылмыстық жағдайды тәпіштей анықтау, екі ұдай пікір туғызбайтын дәлелдер келтіру, ойды бейнелеп жеткізер амал-тәсілдерді қолдану арқылы белгілі бір ақиқатқа көз жеткізіп, көпшілікті иландыра алу секілді қисындардан тұрады.

Әсілінде, сот процесінде сөйленер сөздің мақсаты мен қисынын бажайлауға, ойын дәл, нақты етіп жегкізуге баулуға, көптің алдына шығып сөз сөйлер шешеннің тек өзіне тән ерекшелігін көрсете алу мәселелеріне арналған заңгерлер үшін қылмыстық-процесуальдық ғылыми еңбектер біздің топырақта жоқтың қасы. Ұлттық мәдениетіміздің тұтас бір бөлігін құрайтын шешендік өнерден арна тартып жатқан төрелік айтар соттағы тілмарлықты, тіл мәдениетін үнемі назардан тыс қалдырмайтын көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауым қашан да жоғары бағалаған. Сот мінбесі — тарихтың өзі көрсеткендей, талай ғасырдан бері әрі қазірдің өзінде де идеологиялық, адами, құқықтық ықпал-әсер ету құралы болып келеді. Сондықтан қазіргі кезде ойлау үрдісін, сөз қадірін білер сот шешендеріне үлкен талаптар қойылып отыр.

Сот шешендігі — прокурорлық, адвокаттық қызметтің алтын діңгегі. Олай дейтініміз сот төрелігін жүзеге асыруда сотпен бірге прокуратура, адвокатура органдарының маңызды орын алатыны айқын. Олар сот қарастыратын қылмыстық және азаматтық істерге тікелей араласуға құқылы. Қылмыстық істі тергегендегі прокуратураның міндеті: фактілердің дәлдігін, қылмыстың жасалуын, объективтік негіздер бойынша сотталушының кінәлілігін дәлелдеуге келіп сайса, адвокат қызметінің негізгі желісі: қылмыстық жауаптылыққа тартылған кісіге оның азаматтық құқығын қорғау үшін заң тұрғысынан қолдау, білікті ақыл-кеңес беруден тұрады. Екеуі де өздерінің көзқарастарын сот алдында ауызша сөйлеу түрінде жалпыға паш етеді. Адам тағдыры таразыға салынар жүргізіліп жатқан сот процесінде бұл бөліктің қылмыстық істі қарап, шешім шығарардағы алатын орны алабөтен ерекше.

Сөзімізді жүйелеп айтсақ, олардың жарыссөзге шығып сөйлеуі сот тергеуінен кейін басталады. Жарыссөз кезінде прокурор мен адвокат айыптаушы, қорғаушы тұрғысынан сот тергеуінің қорытындысын шығарады. Сот барысында істің мән-жайлары қарастырылғаннан кейін, өз дәйектемелерін келтіріп, сот мәжілісінде зерттелген іс материалдарын тереңірек, кеңінен түсінуге ұйытқы болады. Осылайша екі жақтың пікір-таластары ақиқатты ашуға, заңды тұрғыда әділ үкім шығаруға негіз береді.

Өз сөйлеуінде айыптаушы мен қорғаушы болған қылмысты жан-жақты тексеріп, оның қоғамға қаншалықты қауіптілігін анықтап, күнәкерге тиісті бағасын айтуы тиіс. Сайып келгенде, мұның сотталушыға да, сот залындағы қатысып отырған халыққа да тәрбиелік мәнінің әсерін жоққа шығаруға болмайды. Азаматтарға қылмыстық әрекеттің салдарын түсініп, дұрыс қорытынды шығаруға түрткі болады. Ендеше соттағы сөз сөйлеудің үлкен тәрбиелік, ғибраттық тәлімі бары сөзсіз демекпіз.

Сотта сөйлеудің маңызы мұнымен ғана шектелмесі анық. Қылмыстық істі қарау барысында айыпталушы мен қорғаушы оның сипаты мен орындалу амал-тәсіліне, мақсаты мен ниетіне терең талдау жасап, жасалған қылмыстың сурет-сүлбесін, яғни болған жағдайды, оқиғаны толық қайта қалпына келтіреді. Олардың жасалған жеке бөлікгеріне тиісті баға беріп, көпшілік алдына сарапқа салуы сотқа қатысушы тұлғалардың талқыланып отырған істің мазмұнын терең түсінуге, көңіл зердесінен өткізуге түрткі болып, шығарылған үкімнің қаншалықты әділдігіне көз жеткізуіне мүмкіндік алады.

Сөз жоқ, жоғары талап деңгейінен шыға білген айыптаушының не қорғаушының сөзі — Қазақстан заңнамасын насихаттауда, мәртебесін көтерудегі қарудың бірі. Әйтсе де сот шешендері сөздерінің барлығы дерлік тап-тұйнақтай мінсіз шыққан десек, қателескен болар едік. Солардың ішіндегі сәтті шыққаны — нақты бір жүйеге құрылған, мән-мазмұнға бай, сауатты сөйлеген сөз ғана сот төрелігінің мейлінше әділ шығарылуына кепіл бола алатыны анық.

Соттағы «.. қорғау жеміссіз болмауы тиіс. Қылмыстық қорғау — ауыр да, адами тұрғыдан келгенде жауаптылығы мол іс» — дейді қорғаушы-адвокаттың жауапкершілігі жайында өткен ғасырдың әйгілі сот қайраткері, сот шешендігінің теоретигі П. С. Порховщиков. Егер «осы мамандықты өмірінің мәні деп ұққан адам сотталушыға қолынан келген бар қайранын жасауға ұмтылмаса, өзінің ар-ожданының алдында қылмысқа барады. Сотталушыға адал болу қасиеті бойына дарыған адвокат қана қызметінде кеп жетістіктерге қолы жетеді; егер ол сотта сұлу сөйлеп, атақ-даңқ көздеген пайдасыз құмарлық, ақша табумен шектелген болса, бұнысынан өмірінің соңына дейін қанағат таппасы анық»— дейді әйгілі сот қайраткері.

Қазіргі сот төрелігі тілмарлығының негізгі желісі — сонау антикалық заманнан бері келе жатқан кене грек-рим шешендік дәстүрінің амал-тәсілдері және ұлттық төл шешендік тәжірибесі негізінде құралады.

Дарынды, белгілі заңгерлердің төрелік сөздері (судебные речи) терең психологиялы болып келеді, өйткені шешендер сот алқасы мен сотқа қатысушылардың ой-сана, сезімдеріне әсер етуге тырысқан. Осы күнгі төрелік сөздердің өзегінде психологиялық жағынан гөрі құрғақ дәлелдемелер жағы басымырақ. С. Негимов «Шешендік өнер» атты кітабында: «Қазіргі айыптаушылар мен қорғаушыларлар сөзінде ойдан гөрі айтыс-тартыс басым. Түйінді сөз айтуға ұмтылмайды. Әр күн сайын тілді дамытып отыруға, әңгімелесу үстінде естіген соны сөздерді жазып, көңілге тоқуға машықтану дұрыс. Шешеннің сөзі күн айнаға қалай түсіп жататыны секілді, сондай дәл, ап-анық болғаны жөн» — деп ескертеді.

Сотта сәтті сөйлеу үшін процеске тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Ол коммуникативтік фазаны қалыптастыруға дейінгі бірнеше кезең-сатылардан тұрады. Бұл - іс материалдарын зерттеу; іс бойынша процессуалдық позицияны анықтау; сөйленер сөздің композициялық құрылымын ойластырып, жоспар жасау; оны әдеби қалыпқа түсіру.

Жүріп жатар сот процесі — шешендік өнер тағлиматында, бұлттар соғылып, найзағайлар шарпысқан пікір-талас, сөз жарыстыру кеңістігін құрайды. Сотқа қатысар екі жақтың мақсаттары мен міндеттері, айыптаушы, қорғаушы сөз тезистері, төрелік сөздің атқарар қызметі, түрі мен мазмұны — аталған кеңістіктің негізгі бөліктері болып табылады.

Соттық пікір-талас, сөз жарыстыру кеңістігінде сотқа қатысушы екі жақтың іскерлік-дағдысын жетілдіруге керекті нәрселерге: ақиқатқа жетердегі бірден бір айқын жол — диалектикалық бәсеке түрінде өтетінін ұғыну; қарсыластардың қисынды дәлелдерінің біртіндеп қомақты дәлелдемеге айналатынын, олардың ерекшеліктері мен өзгешеліктерін жете сезіну; сот шешендік кеңістігін дау-дамайлы алаңға айналдырмай, қарсы жақтың ақылға сыйымсыз даукестік мінез-құлқы белгілерін көре білу, оған қарсы қолданар иінді тәсілдер ойлап табу талаптары жатады.

Заңгердің қаперіне алар басты қағида — пікір-талас, сөз жарыстыру кеңістігінен абыроймен шығу жолдарын алдын ала іздестіре қарастыру; процесс үстінде күтпеген дағдарысқа ұшырап қалмау; ұзаққа созылған дауда сөз бейнелілігіне кепіл боларлық көркемдік құралдарды орнымен пайдалану.

Кезінде осыдан екі ғасыр бұрын сот тілмары атанған әйгілі П.С.Пороховщиков «Искусство речи на суде» аты еңбегінде сөйлеудің айқындылығы мен тазалығы, сөз байлығы мен пәнді білу, ой мен сөздің қарапайымдылығы мен қуаттылығы, әуезділігі мен ырғақтылығы, шешеннің рухани еркіндігі, жазба жұмыс пен импровизацияның қарым-қатынасы, тыңдаушының ынта-ықыласы, түсініксіз ойлар мен шұбалаңқы сөйлемдер жайында іргелі, күрделі пікірлер айтқан. Ол пікірлер әлі күнге өз құнын жойған жоқ. Оның пайымдауынша, шешен әр сөзін өзі қалай түсінсе, тындаушыға да солай ұғынықты ету керек. Сотта сөйленетін сөз өте-мөте анық болуы шарт. Тындаушылар еш қиындықсыз қабылдауы қажет. Сөз жоқ, мұндай шеберлікке жету үшін стильдің тазалығы мен дәлдігі және пән мен тілді терең меңгеру ләзім екендігін айтқан. П. С. Пороховщиков сөйленер сөзге жазып дайындалу дұрыстығын қалайды. Сөйлеген кезде жатқа айтасың ба, өзің білесің. Алғыр шешен күні бұрын тыңдаушының көңіл күйі мен ойларын өткір сезінеді. Ол аса сақтықпен сөйлейді, әбден сөзіне бағындырып алған соң, олардың сезім күйлерін билеп әкетеді деп түйіндейді. Сотта сөз айрықша анық айтылуы қажет. Нақтылық пен айқындылық шынайы стильге тән, құбылысты барынша түсініп тану және тіл құбылыстарын жүйрік зердемен зерттеу құба-құп болар еді. Стильдің аса көркем өрнектері қарапайымдылықтан туындағанда табиғи сипатқа ие болады. Мінбеге шыққан шешен сөз туралы ойламау керек, ол рет-ретімен өзі тізіледі. Тыңдаушылар шешеннің өз ойымен өзі болып, яғни толқынды, құйынды ойларының ырқына бағынғандығының куәгері болуға тиісті. Кез келген ой өзіне тән сөздерді пайдаланады, сонда ғана табиғи сұлулыққа бөленеді, деп жазады ғалым. Әдетте сот шешендігі үш түрге: прокурорлық немесе айыптаушылық, адвокаттық немесе қорғаушылық және айыпталушының өзін-өзі қорғау сөзі болып бөлінеді. «Айыптау мен қорғау — бір-бірімен өзара байланысты құқықтық институт. Бұларсыз бірде-бір қылмыстық іс қаралмайды, сондықтан бұл екеуі заңда катаң түрде өз орнын табуға тиіс».