Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Жана КИКБ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.92 Mб
Скачать

6. Қазақстан Республикасындағы сақтандыру компаниялары және олардың қызметін басқару

6.1. Қазақстан Республикасындағы сақтандыу қызметінің ұйымдастырылуы.

6.2. Сақтандыру компанияларының қызметін басқару және реттеу ерекшеліктері

6.3. Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығының даму перспективалары

6.1. Қазақстан Республикасындағы сақтандыу қызметінің ұйымдастырылуы.

Сақтандыру дегенiмiз, сақтандыру ұйымы өз активтерi есебiнен жүзеге асыратын сақтандыру төлемi арқылы сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру жағдайы немесе өзге де оқиғалар туындаған кезде жеке немесе заңды тұлғаның  заңды мүліктік мүдделерін қорғауға  байланысты қатынастар кешенi. Сақтандыру шарты бойынша бiр тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттенедi, ал екiншi тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде өзiнiң пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн төлеуге мiндеттенедi.

1. Сақтандыру нысандары:

1) мiндеттiлiк дәрежесi бойынша - ерiктi және мiндеттi;

2) сақтандыру объектiсi бойынша - жеке және мүлiктiк;

3) сақтандыру төлемiн жүзеге асыру негiздерi бойынша жинақтаушы және жинақтаушы емес болып табылады.

Міндетті сақтандыру - егер сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, талаптары тараптардың келісімімен айқындалатын, заңнамалық актілердің талаптарына орай жүзеге асырылатын сақтандыру.

Өз өмiрiн немесе денсаулығын сақтандыру мiндетiн азаматқа заң актiлерiмен де, шартпен де жүктеуге болмайды. Мiндеттi сақтандыру сақтанушының есебiнен жүзеге асырылады.

Мiндеттi сақтандыру кезiнде сақтанушы, егер сақтандырудың осы түрін реттейтін заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, тараптардың келісімімен айқындалған талаптар бойынша сақтандырушымен шарт жасауға мiндеттi.

Мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырудың осы түрiн жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалады. Сақтандырудың міндетті түрін реттейтін заңнамалық актілерде тәртібі мен талаптары белгіленген міндетті сақтандыру шартын жасасу, егер осы заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, жоғарыда аталған сақтандырушы үшін міндетті болып табылады.

Ерiктi сақтандыру - тараптардың еркiн бiлдiруiне орай жүзеге асырылатын сақтандыру.

Ерiктi сақтандырудың түрлерi, шарттары мен тәртiбi тараптардың келiсiмi бойынша белгiленедi.

1. Азаматтардың және заңды тұлғалардың, соның ішінде:

1) азаматтардың белгілі бір жасқа дейін немесе сақтандыру шартында белгіленген мерзімге дейін өмір сүруіне, өліміне, азаматтардың өмірінде белгілі бір оқиғалардың басталуына;

2) жазатайым жағдайлардың және өзге де оқиғалардың, аурулардың салдарынан азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілуіне;

3) мүлікті иеленуіне, пайдалануына және оған билік етуіне;

4) басқа тұлғаларға, соның ішінде шартты (міндеттемелерді) бұзу салдарынан келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты кез келген мүліктік мүдделері мүліктік және жеке сақтандыру объектілері бола алады.

Сақтандырудың мiндеттi түрлерi бойынша сақтандыру объектiсi заң актiлерiмен айқындалады.

Азаматтың өмiрiн, денсаулығын, еңбекке қабiлеттiлiгiн және жеке басына байланысты өзге де мүліктік мүдделерiн сақтандыру жеке сақтандыруға жатады. Жеке сақтандыру шарты бойынша сақтанушының өзi, сондай-ақ шартта аталған басқа (сақтандырылған) адам сақтандырылған болуы мүмкiн.

Мүлікті және оған байланысты мүліктік мүдделерді сақтандыру мүліктік сақтандыруға жатады.

Сақтандыру жағдайы туған кезде, соның ішінде сақтандыру шартында белгіленген кезең не олардың қайсысының бұрын туындауына байланысты сақтандыру шартында көзделген өзге оқиға аяқталғанда сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру жинақтаушы сақтандыру болып табылады.

 Туындауының ықтималдық және кездейсоқ белгілері бар сақтандыру жағдайы туған кезде ғана сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн сақтандыру жинақтаушы емес сақтандыру болып табылады.

1. Сақтанушы - сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға. Заңды тұлғалар мен азаматтар сақтанушылар бола алады. Сақтанушы сақтандырудың ерiктi де, мiндеттi де нысандары бойынша сақтандырушыны таңдап алуға ерiктi.

Сақтандырушы - сақтандыруды жүзеге асыратын, яғни сақтандыру жағдайы пайда болған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта айқындалған соманың (сақтандыру сомасының) шегiнде сақтандыру төлемін жүргізуге мiндеттi тұлға.

Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген және сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар заңды тұлға не Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес өзара сақтандыру қоғамы ғана сақтандырушы бола алады.

Сақтандырылған адам - өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтанушы бiр мезгiлде сақтандырылған адам болып табылады.

Заңнамалық актілермен сақтанушыға үшiншi тұлғаны сақтандыруды жүзеге асыру мiндетi жүктелуi мүмкiн. Өз еркiмен сақтандыру кезiнде сақтанушы үшiншi тұлғаны сақтандыру шартында сақтандырылған адам ретінде айқындай алады. Бұл жағдайларда сақтандырылған адамның жеке басы және соған байланысты оның мүдделері (сақтандырылған адамды жеке сақтандыру) не сақтандырылған адамның мүлкі және мүліктік мүдделері (сақтандырылған адамның мүліктік сақтандырылуы) сақтандыру объектiсi болады. Мүлiктi сақтандыру кезiнде сақтанушы болып табылмайтын сақтандырылған адам бұл мүлiктiң сақталуына мүдделi болуға тиiс.

Сақтанушыға үшiншi тұлғаны сақтандыру мiндетi жүктелген жағдайда, аталған тұлға сақтанушыдан бұл мiндеттiң орындалуы туралы есеп талап етуге, ал заң актiлерiнде көзделген жағдайларда - оның сақтандырылған адам болып табылатындығын дәлелдейтiн құжатты алуға құқылы. Үшiншi адамды сақтандыру сақтанушының есебiнен жүзеге асырылады.

Сақтандырылған адам шартқа сәйкес өзiне тиесiлi сақтандыру төлемiн алудан бас тартқан жағдайда сақтандыру төлемiн алу құқығы сақтанушыға көшедi.

Сақтанушы болып табылмайтын, оған қатысты мұндай жағдайды көздемейтiн жеке басты сақтандыру шарты жасалған сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе шартта сақтандырылған адамды ауыстыру көзделмесе, бұл шарт тоқтатылуға жатады.

Егер сақтандырылған адамның қайтыс болуы сақтандыру шартында көзделген сақтандыру жағдайы болса, бұл шарт онда көзделген талаптармен орындалады.

Сақтанушы болып табылмайтын, оған қатысты мүлiктiк сақтандыру шарты жасалған сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда, сақтандырылған адамның құқықтары мен мiндеттерi сақтанушының келiсуiмен, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сол мүлiктiң және сақтандырылған адамның мүлiктiк құқықтарының мұрагерлерiне ауысады.

Егер сақтанушы қайтыс болған сақтандырылған адамды ауыстыруға келiспесе не мұрагерлер оның сақтандыру шартынан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн қабылдауға келiспесе, бұл шарт тоқтатылуға жатады.

Пайда алушы - сақтандыру шартына немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiне сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға. Заңды тұлға да, азамат та пайда алушы бола алады. Пайда алушы жеке де, мүлiктiк те сақтандыру бойынша тағайындала алады.

Сақтандыру жағдайы - басталған бойда сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтiн оқиға.

Мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру жағдайының түрлерi мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiмен, ал өз еркiмен сақтандыру бойынша - тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.

Жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша көзделуi мүмкiн оқиғаларды қоспағанда, cақтандыру жағдайы ретiнде қарастырылатын оқиға, оның басталуының ықтимал және кездейсоқ белгiлерiне ие болуы тиiс.

Сақтандыру жағдайының басталғандығын, сондай-ақ ол келтiрген зияндарды дәлелдеу сақтанушының мiндетiне жатады.

Сақтандыру сыйлықақысы - сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру шартында көзделген мөлшерде сақтандыру төлемiн жүргiзу мiндеттемесiн қабылдағаны үшiн сақтанушы сақтандырушыға төлеуге мiндеттi ақша сомасы.

Сақтандырушы сақтанушыдан алған сақтандыру сыйлықақылары оған меншiк құқығымен тиесiлi болады.

Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi кезiнде олар заңнамалық актілермен белгіленеді.

Сақтандыру сыйлықақыларын төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi бойынша олар заңдармен белгiленуi мүмкiн.

Тараптар сақтандыру шарты бойынша төленуге жататын сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерiн айқындау кезiнде, сақтандыру объектiсi мен сақтандыру тәуекелiнiң сипатын ескере отырып, сақтандыру сомасы өлшемiнен өндiрiлетiн сақтандыру сыйлықақысының ставкасын белгiлейтiн сақтандырушы әзiрлеген сақтандыру тарифiн қолдана алады.

Шартта сақтандыру сыйлықақысын мерзiмдiк сақтандыру жарналары түрiнде бөлiп-бөлiп төлеу көзделуi мүмкiн.

Егер сақтандыру шартында сақтандыру сыйлықақысын бөлiп-бөлiп төлеу көзделген болса, шартты мерзiмiнен бұрын бұзуды қоса алғанда, шартта кезекті сақтандыру жарналарын белгіленген уақытта төлемеудiң зардабы айқындалуы мүмкiн.

Егер сақтандыру жағдайы енгiзу мерзiмi өтiп кеткен белгiлi бiр сақтандыру жарнасын төлеуден бұрын басталған болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiнің мөлшерiн айқындау кезiнде мерзiмi өтiп кеткен сақтандыру жарнасының сомасын есепке алуға құқылы.

Сақтандыру сомасы - сақтандыру объектiлерi сақтандырылған адам және сақтандыру жағдайы басталған кездегі сақтандырушы жауаптылығының шектi көлемiн бiлдiретiн ақша сомасы.

Сақтандыру сомасының мөлшерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi кезiнде олар заң актiлерiнде белгiленген мөлшерден кем болмауы керек.

Сақтандыру төлемi - сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру жағдайы туған кезде не жинақтаушы сақтандыру шартында белгiленген мерзiм туған кезде сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы.

Аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру төлемі біржолғы төлеммен жүзеге асырылады.

Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау тәртiбi шартта белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi кезiнде сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.

Топтық сақтандыру кезiнде бiр сақтандыру шартымен бiр мезгiлде өздерi пайда алушы болып табылатын бiрнеше сақтандырылған адамдар қамтылады.

Топтық сақтандыру адамдардың белгiлi бiр санаттарын қамтитын жеке де, мүлiктiк те, дербестендiрiлген де, иесiздендiрiлген де болуы мүмкiн.

Иесiздендiрiлген сақтандыру кезiнде сақтандырылған адамдар тобы сақтандыру шартында бұл оның әрбiр сақтандырылған адамға қатысты зардабын және оған тиесілі сақтандыру төлемiнің төлеу мөлшерiн дараландыру үшiн қажеттi шамада нақтылануға тиiс. Жұмыс берушiлердiң өз қызметкерлерiн ұжымдық сақтандыруы тек жеке сақтандыру түрiнде ғана болуы мүмкiн.

Сақтандыру объектiсi бiрнеше сақтандырушы (ортақ сақтандыру) бірлескен бір шарт бойынша сақтандырылуы мүмкін. Бұл орайда шартта әрбiр сақтандырушының келiсiлген үлестердегi құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын талаптары болуы тиiс.

Егер мұндай шартта әрбiр сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi айқындалмаған болса, олар сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн сақтанушының (пайда алушының) алдында ортақтасып жауап бередi.

Iрi немесе аса iрi тәуекелдердi бiрлесiп сақтандыру үшiн ортақ сақтандырушылар бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде жай серiктестiктер (сақтандыру пұлдары) құра алады.

Франшиза - сақтандырушыны сақтандыру талаптарында көзделген, белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату.

Франшиза шартты (шегерілмейтін) және шартсыз (шегерілетін) болады.

Шартты франшиза кезінде сақтандырушы франшизаның белгіленген мөлшерінен аспайтын залалды өтеуден босатылады, бірақ егер оның мөлшері осы сомадан көп болса, залалды толық өтеуге тиіс.

Шартсыз франшиза кезінде залал барлық жағдайларда белгіленген сома шегеріле отырып өтеледі.

Франшиза сақтандыру сомасына қатысты процент бойынша не абсолютті мөлшерде белгіленеді.

Қазақстан Республикасының сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес сақтандыру 2 саласы бар: өмірді сақтандыру және жеке сақтандыру.

Өмірді сақтандыру сақтандырылушы қайтыс болған жағдайда немесе сақтандыру мерзімі аяқталғанға дейін не жасқа байланысты сақтандыру шартымен анықталған жағдайларда сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді.

Өмірді сақтандыруға сақтандырудың мынадай түрлері кіреді:

  1. өмірдің ақырғы мерзіміне дейін өмірді сақтандыру;

  2. қайтыс болған жағдайда өмірді сақтандыру;

  3. өмірді жинақтап сақтандыру.

1. Өмірдің ақырғы мерзіміне дейін өмірді сақтандыру

Өмірдің ақырғы мерзіміне дейін өмірді сақтандыру - бұл сақтандырушының сыйлықақы төлеудің орнына егер сақтандырылушы аталған мерзімге немесе жасқа дейін өмір сүрсе пайда алушыға сақтандыру төлемін жасауды міндетіне алады. Осы сақтандырумен жабылатын тәуекел бұл сақтандырылушының кірісті кеміту мүмкіндігі факторын ескере отырып, айрықша өмірінің ұзақтығы тәуекелі.

Өмірдің ақырғы мерзіміне дейін өмірді сақтандырудағы сақтандыру жағдайы болып қайтыс болу емес, өмірдің ақырғы мерзімі алынады, сондықтан медициналық тексеру, сақтандырылушының денсаулық жағдайы туралы өтініш тапсыру міндетті емес. Сақтандырылу немесе сақтандырылмау жөнінде таңдауды сақтандырылушының өзі жүзеге асырады, өйткені денсаулығы нашарлаған адамға сақтандырылу тиімді емес.

Өмірдің ақырғы мерзіміне дейін сақтандырудың негізгі түрлері:

Баяулатылған сақтандыру төлемі бар сақтандыру;

Дереу өмірлік рентасы бар сақтандыру.

Баяулатылған сақтандыру төлемі бар сақтандыру. Сақтандыру сомасын төлеу белгілі бір уақыт кезеңінен басталған кезде сақтандыру баяулатылған болып табылады. Сөйтіп, егер сақтандырылушы аталған сақтандыру мерзіміне дейін өмір сүрген болса, онда сақтандыру төлемі сақтандыру шартында көрсетілген белгілі уақыт кезеңі аралығында жүзеге асырылады. Егер сақтандырылушы сақтандыру шартында көрсетілген күнге дейін өмір сүрген болса, онда сақтандырушы баяулатылған сақтандыру капиталы арқылы пайда алушыға сақтандыру сомасын төлеуді міндеттенеді.

Сыйлықақыларды сақтанушы сақтандырудың барлық мерзімі аралығында немесе сақтандырылушы қайтыс болған күнге дейін төленеді.

Баяулатылған сақтандыру төлемі бар сақтандырудың екі түрі бар: сыйлықақыны өтеу арқылы және сыйлықақыны өтемей жасалатын.

Сыйлықақыны өтемей жасалатын баяулатылған сақтандыру төлемі бар сақтандыруда егер сақтандырылушы сақтандыру мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болса, төленген сыйлықақылар сақтандырушының билігінде қалады. Сақтандырудың бұл түрі тек жинақтық болып табылады, өйткені оның мақсаты – сақтандырылушының кәртаюына жинақ жасау.

Сыйлықақыны өтеу арқылы жасалатын баяулатылған сақтандыру төлемі бар сақтандыруда егер сақтандырылушы сақтандыру шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болса, онда төленген сыйлықақылар пайда алушыға төленеді.

Қалыптағы жағдайда сақтандырылушы шартта көрсетілген жастан ұзақ өмір сүрген жағдайда сақтандыру рентасын жасау арқылы белгілі бір соманы төлем жасауға сақтандырылуға ұмтылады. Төлем жасалатын сәттеге қатысты ренталар шұғыл және баяу жасалатын болып бөлінеді.

Шұғыл өмірлік рента – бұл өздерінің қалған күндерін қамтамасыз ету үшін капитал салымын салғысы келген егде жастағы адамдар үшін тиімді сақтандыру. Баяу жасалатын өмірлік рентаның екі түрі бар: сыйлықақы өтелетін және сыйлықақы өтелмейтін. Сыйлықақы өтелетін баяу жасалатын рентаны сақтандыру кезінде сақтандырылушы белгіленген мерзім аяқталғанға дейін қайтыс болған жағдайда сақтандырушы төленген сыйлықақыларды пайда алушыға қайтарады. Сыйлықақы өтелмейтін рентаны сақтандыру кезінде сақтандырылушы белгіленген мерзім аяқталғанға дейін қайтыс болған жағдайда сақтандыру жойылды деп есептеледі, және сыйлықақылар сақтандырушының билігінде қалады. Баяу төленетін рентамен сақтандыру – бұл қосымша зейнетақымен қамсыздандыру жөнінде қамкөңілдік танытып отырған адамдар үшін тиімді. Ол әлеуметтік сақтандыруға қосымша ретінде қызмет етеді.

Өмірдің ақырғы мерзіміне дейін өмірді сақтандыруға байланысты төленуге тиісті сақтандыру сомаларын анықтау әдістемесін қарайық.

Сақтанушы не сақтандырылушы сақтандыру сомасын алу үшін соңғы жарналарын төлеу орны бойынша сақтандыру ұйымына сақтандыру куәлігін және егер онда ақшаны банкке аудару жөнінде өтініш бар болған жағдайда төлем жасау туралы өтінішін беруі тиіс. Егер жарналар сақтандыру агентіне түбіртектер арқылы қолма-қол төлеген болса немесе банкке есеп кітапшасы бойынша жасалған болса, онда соңғы жарнаны төлеген түбіртек немесе есеп кітапшасының түбіршегі беріледі.

Төлем жасаудың негіздемесі болып сондай-ақ тиесілі сақтандыру жарналарының толық төленгенін көрсететін сақтанушының белгіленген нысандағы жеке шоты табылады.

Аталған құжаттарды талдау кезінде барлық жарналарды төлеудің толықтығы, барлық құжаттардағы сақтандырылушының фамилияларының, атының және әкесінің атының ұқсастығы тексеріледі. Егер соңғы үш жыл ішінде жекелеген жарналардың төленбегендігі анықталған болса, онда төленетін сақтандыру сомасынан ұсталуы тиіс болады. Артық төленген жарналар сақтандыру сомаларымен бірге қайтарылады.

Төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін негізінде тікелей ақша төленетін белгіленген нысандағы төлемге есеп жасалады.

Сақтандырылушының өмірінде тартымды жағдайдың пайда болуына байланысты өмірдің ақырғы мерзіміне дейін өмірді сақтандыру төлемдері өмірді сақтандыруды танымал етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан уақтылы төлем жасау - сақтандыру сомаларын төлеу және өмірді сақтандыруды одан әрі дамыту арасындағы кері байланысты бекітуге ықпал жасайтын маңызды фактор болып табылады.

Сатып алу сомасын алу құқығы бар сақтанушы өмірді сақтандыру шартын мерзімінен бұрын бұзу кезінде өтініш, сақтандыру куәлігін, сондай-ақ соңғы жарнаны қолма-қол ақшамен төлегені туралы түбіртекті (есептеу кітапшасының түбіртегінің түбіршегі) береді. Осы құжаттардың және сақтанушының жеке шоты негізінде сатып алу сомасының есебі және төлемі жасалады.

2. Қайтыс болған жағдайда өмірді сақтандыру

Қайтыс болған жағдайдағы өмірді сақтандыру жеке сақтандыру түрінің қатарына жатады. Оның мейлінше жиі қолданылатын түріне мыналар жатады:

  • мерзімді сақтандыру;

  • өмірлік сақтандыру.

Сақтандырудың осы түрлерімен жабылатын тәуекел – сақтандырылушының қандай да болсын себеппен қайтыс болуы (науқастану, жарақат немесе жазатайым жағдай).

Мерзімді сақтандыру кезінде сақтандыру сомасы пайда алушыға сақтандырылушы қайтыс болғаннан кейін бірден төленеді, егер ол шарттың қолданылу мерзімі ретінде көрсетілген мерзім ішінде қайтыс болатын болса. Тек сақтандырылушы шарттың қолданылу мерзімі ішінде қайтыс болған жағдайда ғана сақтандырушы сақтандыру сомасын төлейді. Бұдан басқа жағдайда, яғни егер сақтандырылушы шарттың аяқталу мерзіміне дейін өмір сүретін болса, онда ешқандай капитал төленбейді, ал төленген сыйлықақылар сақтандырушының билігінде қалады.

Мерзімді сақтандырудың негізгі сипаттамаларын келтірейік:

Мерзімді сақтандыру шартының құны мейлінше төмен, өйткені шарттардың мұндай түрлері үшін сатып алу сомалары болмайды, сондықтан сақтандыру сомасы мейлінше жоғары болуы мүмкін.

Әдеттегідей мерзімді сақтандыру шарты 60-65 жасқа дейінгі тұлғалармен жасалады, сөйтіп сақтандыру жағдайының жастары 65-тен жоғары адамдар үшін пайда болу ықтималдығы өте жоғары.

Қайтыс болу жағдайына байланысты төленуі тиіс сақтандыру сомаларын анықтау әдістемелерін қарайық.

Сақтанушының немесе сақтандырылушының қайтыс болуына байланысты сақтандыру сомасын төлеу жеке сақтандырудың сол немесе өзге түрлері бойынша сақтандыру жауапкершілігінің тиісті көлемінің болуына себепші болады. Осы көлем ұлғайған сайын сақтандыру сомасын анықтау әдістемесі және төлем жасау тәртібі жеңілдейді немесе керісінше.

Сақтандыру сомасын алушы тиісті сақтандыру ұйымына төлем жасау туралы өтінішті, сақтандыру куәлігін, қайтыс болу туралы куәлігінің нотариатта куәландырылған көшірмесін, егер жарналар төленген болса, өмірді сақтандыру бойынша қайтыс болған күнгі кезекті жарнаны төлеу жөніндегі түбіртекті беруі тиіс. Сақтандыру ұйымы сонымен қатар егер сақтандыру талаптары бойынша қажет болған жағдайда қайтыс болу құқық бұзушылықпен байланысты болған жағдайда сот-тергеу органдарының құжаттарын сұратады және алушының өтінішіне бар сақтандыру құжаттарын қоса береді. Егер алушылар заңды мұрагерлер болып табылатын болса, онда олар мұрагерлік құқығы туралы куәлікті ұсынады.

Егер өмірді жинақтап сақтандырудың алғашқы алты айы ішінде қайтыс болу жүрек-қан тамырлары немесе қатерлі ісік ауруларымен, өзіне-өзі қол салу негізінде және басқа сақтандырылмайтын себептерге байланысты болса, онда сақтандыру талаптарына қатысты тиісті құжаттарды ұқыпты түрде талдағаннан кейін сақтандыру төлемін жасау немесе сатып алу сомасын төлеу не төлем жасаудан бас тарту туралы шешім қабылданады.

3. Өмірді жинақтап сақтандыру

Өмірді жинақтап сақтандыру - өмір жағдайы мен қайтыс болу жағдайына байланысты сақтандыру комбинациясы. Жинақтап сақтандырудың артықшылығы мынада, ол сақтандырылушыға аз бағаға тәуекелді жабу және шарттарды қайталап жасаудан қаша отырып, бір ғана полистің көмегімен жинақты қамтамасыз ету шартын жасауды ұсынады. Сақтандырушы сақтандырудың осы түрі арқылы мыналарды міндеттенеді:

  1. егер шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан бұрын сақтандырылушы қайтыс бола салысымен дереу сақтандыру сомасын төлеу;

  2. егер сақтандырылушы өмір сүруді жалғастырған жағдайда шарттың қолданылу мерзімі аяқталған сәтте сақтандыру сомасын төлеу.

Жинақтап сақтандырудың мынадай бірқатар қасиеттері бар:

Белгілі бір уақыт аралығында қайтыс болуы мүмкін адамдардың санына және белгілі бір жасқа дейін өмір сүруі мүмкін адамдардың санына объективті түрде баға беру мүмкіндігі;

Cыйлықақы өтелмейтін баяулатылған сақтандыру зардаптарына душар ететін ыңғайсыздықтарды жою керек болады, өйткені сақтандырылушы шарттың қолданылу мерзімі аяқталардан бұрын қайтыс болған жағдайда осылайша сақтандыру сомасын алуға кепілдік беретін мерзімді сақтандыру іске кіріседі;

Капиталы тұрақты түрде кеміп отыратын мерзімді сақтандырудың сай келуі және осылайша тұрақты өсіп отыратын жинақтың немесе резервтердің екі компоненттерінің сомасы сақтандыру сомасына теңестіріледі;

Кепілдік берілген құқықтарын (сатып алу, кепілдік беру) ұсынады.

Сақтандырушы жинақталған сақтандыру арқылы сақтандырылушымен шарттың қолданылу мерзімі аралығында сақтандырылушы қайтыс болған жағдайда немесе сақтандырылушы осы уақытта әлі тірі болып, шарттың қолданылу мерзімі аяқталған кезде пайда алушыларға арналған капиталды төлеуге кепілдік береді. Сыйлықақыны төлеу сақтандыру шартының мерзімінің аяқталуымен немесе егер сақтандырылушы осының алдында қайтыс болған болса, онда соған байланысты тоқтатылады. Сақтандырудың осы әртүрлілігі – мерзімді сақтандыру комбинациясынан және ұзақтығы және сақтандыру сомасы бірдей сыйлықақыларды өтемейтін капиталға баяулатып төлем жасау жөніндегі сақтандырудан артық емес.

Жинақталған сақтандырудағы қайтыс болу және өмірді сақтандыруға байланысты төлем жасау мөлшері әр уақытта бірдей болғандықтан, сақтандыру компаниялары жинақтан гөрі тәуекелді көбірек өтеуге келісім жасауға мүмкіндік беретін бірнеше комбинацияларды таңдауға мүмкіндік ашады және керісінше. Бұл комбинациялар сыйлықақылар мөлшерінің арақатынасын реттейді.

Сонымен қатар, өмірді жинақтап сақтандыру бойынша банктік қызмет көрсетуге ұқсас басқа да қызметтер бар. Сақтандыру ұйымы өмірді жинақтап сақтандыру заемдарын бере алады, яғни Сіз 10 жылға сақтандырылған болсаңыз, сіз осы 10 жыл ішінде сақтандыру ұйымынан жинақталған сома мөлшерінде заем ала аласыз. Заемдар кез-келген мақсаттар үшін беріледі, сыйақы мөлшерлемесі мынадай шектерден құралады: құнсызданудан немесе кепілдік берілген инвестициялық кірістер және 2% тұрады. Қазіргі сәтте сыйақы мөлшерлемесі жылдық 9%-дан тұрады, бұл әрине екінші деңгейдегі банктер ұсынып отырған пайыздан қомақты түрде төмен. Болашақта заем бойынша сыйақы мөлшерлемесі 9%-дан төмендейді, өйткені мемлекет құнсыздануды кеміту жөнінде бірқатар бағдарламалар әзірледі. Егер сақтандыру компаниясы заемды кепілдік берілген инвестициялық кіріс мөлшерімен ұсынып отырса, онда құнсыздану инвестициялық кіріс мөлшерінен төмен деген сөз, өйткені сақтандыру компаниясы сақтанушыға заемды құнсыздану немесе кепілдік берілген инвестициялық кіріс шегінен жоғары сыйақы мөлшерлемесі бойынша беруі тиіс.

Егер сақтанушы жинақтаушы сақтандыру шартын шарт жасаған күннен бастап он төрт пен отыз күн аралығында біржақты тәртіппен бұзған жағдайда сақтандырушы сақтанушымен жинақтаушы сақтандыру шартын жасау кезіндегі сақтандыру сыйлықақы сомаларының жиырма пайызынан аспайтын сақтандырушыға келтірілген шығыстарды шегере отырып, сақтанушыға алынған сақтандыру сыйлықақы сомаларын қайтарып беруге міндетті.

Аннуитеттік сақтандыру

Сақтандыру аннуитеті - сақтанушы бірмезгілде немесе мерзімін ұзартып өмірді сақтандыру жөніндегі сақтандыру компаниясына белгілі ақша сомасын салатындығын білдіретін сақтандыру ренталары мен зейнетақылардың барлық түрлері туралы ұғымды қорытындылайды, соңынан бірқатар жылдар бойы немесе өмір бойы тұрақты кіріс алады. Былайша айтқанда бір жолғы сыйлықақыға төлем жасау үшін бір жолғы сыйлықақыға төлем жасау үшін өмірді жинақтап сақтандыру, өмірдің ақырғы кезеңіне дейін немесе жинақталған зейнетақы қаражатынан алынған жинақтау сомалары пайдаланылады. Былайша айтқанда сақтандыру аннуитеті – белгілі бір кезең ішінде тең үлеспен немесе сақтандырылушы өмір сүріп отырған кезең ішінде төленген сақтандыру сомасы. Егер өмірді сақтандыру шарты егер сақтандырылушы өте ерте қайтыс болған жағдайда адамды қорғайтын болса (яғни оның мұрагерлерін) онда аннуитет адамды қорғайды, ал сақтандырылушы өте ұзақ өмір сүрген жағдайда сақтандыру компаниясы адамнан аннуитетті сатып алғандықтан адамның барлық өмірін сақтау жөнінде өзіне міндеттеме алғандықтан оны қорғайды. Мысалы, егер адам зейнеткерлікке шығар сәтте жинақтаушы зейнетақы қорында белгілі қаражатты жинақтаған жағдайда ол құнсыздануды ескере отырып, осы қаражат көлемінде зейнетақы алады. Бірақ онда өз жинақтаған қаражаты «оның өмірінің аяғына дейін жетпейтіндігі» тәуекелі бар. Сондықтан ол зейнетке шығу сәтінде өзінің зейнетақы үшін жинақтаған қаражатын өмірді сақтандыру компаниясына аударып, оған аннуитет сатып алуына болады, осыдан кейін ол зейнетақы немесе былайша айтқанда барлық қалған өмірі үшін тіпті зейнетақы шотындағы қаражат таусылып, ол зейнетақы мерзімінен артық өмір сүрген жағдайда да рента алатын болады. Сонымен қатар, аннуитет – 20 жыл және одан артық ұзақ мерзімге арналған өнім, сіздің тікелей енгізген сомаңыздың бөлігінен басқа, сіз шоттағы өз ақшаңыз жасаған кіріс арқылы инвестициялық тұрақты түрде пайда алып отырасыз.

Аннуитет бойынша сақтандыру сыйлықақысын анықтау үшін жалпы халық үшін қайтыс болу кестесі пайдаланылады, ал денсаулық көрсеткіші жоғары халық құрамы үшін тиісінше қайтыс болудың мейлінше төмен коэффициенті пайдаланылады.

  1. Жай өмірлік аннуитет – сақтанушының барлық өмірі ішіндегі тұрақты төлемдер мөлшерімен белгіленген аннуитет.

  2. Кепілдік берілген төлем кезеңі бар өмірлік аннуитет– Сақтанушының өмір сүруі мен қайтыс болуына қатысы жоқ кепілдік берілген кезең ішіндегі белгіленген төлемдері бар аннуитет. Егер сақтанушының өмірі кепілдік берілген кезеңнен асып кететін болса, төлемдер өмір бойы жалғасады.

  3. Кепілдік берілген төлем кезеңі бар мерзімді аннуитет – Сақтанушының өмір сүруі мен қайтыс болуына қатысы жоқ кепілдік берілген кезең ішіндегі белгіленген төлемдері бар аннуитет. Егер сақтанушының өмірі кепілдік берілген кезеңнен асып кететін болса, төлемдер аннуитет шартының мерзімі аяқталғанға дейін жалғасады.

  4. Сатып алу сомасы бар өмірлік аннуитет – сақтанушының барлық өмірі ішіндегі және егер осы айырма оң болған жағдайдағы (шарттың қолданылу кезеңі ішіндегі инвестициялық кіріс қосымша төлем мөлшерімен есеп айырысу кезінде ескерілмейді) бастапқы сыйлықақы мен сақтанушы қайтыс болғанға дейін жүзеге асырылған жай сома арасындағы айырмаға тең қайтыс болу сәтіндегі қосымша төлемдері бар аннуитет.

  5. Бірлескен өмірлік аннуитет – егер сақтанушы жұбайынан (зайыбынан) бұрын қайтыс болған жағдайда жұбайына (зайыбына) төленетін аннуитет

  6. Құнсыздану төлемдеріне индекстелген өмірлік аннуитет.

  7. Ауыспалы аннуитет – төлем мөлшері сақтанушы таңдаған инвестициялық портфельдің нақты кірістілігіне (акциялар, облигациялар және басқа қаржы құралдары), қатысты аннуитет. Сақтанушы өзіне жай аннуитеттік кіріс төлемдерімен салыстырғанда тұрақты сатып алу қабілеттілігін қолдайтын кірістер төлемі жасалатындылығына үміттеніп, өзіне инвестициялық тәуекелді алады, сонымен бірге сақтандырушы ретінде өзіне тек шығыстар тәуекелі мен актуарлық тәуекелді алады. Тәртіп бойәынша мұндай аннуитет барынша төмен төлемге (немесе барынша төмен кепілдік берілген кіріске) кепілдік береді, бірақ барынша төмен кепілдік беру мөлшері жоғары емес. Бұл инвестицияның тәуекел портфелінің кірістіліктің біресе түсіп, біресе көтеріліп, аса жоғары ауытқушылықта болып отырғандығына себепші болады.

Өмірдегі белгілі оқиғаның пайда болуына байланысты сақтандыру

Сақтандырудың осы сыныбы сақтандырылушының өмірінде осының алдында айтылған оқиғаның пайда болу жағдайларындағы белгіленген сомадағы сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды көздейтін жинақталған сақтандыру түрлерінің жиынтығын білдіреді. Сақтандырудың осы өнімі бойынша сақтандыру жағдайы өмірдегі белгілі бір оқиғаның пайда болуы болып табылады, яғни сіз сақтандыру компаниясында белгілі бір соманы некеге отыру, нәрестенің дүниеге келу, ЖОО оқуға түсу және басқалар есік қаққанға дейін жинақтай беруіңізге болады. Өмірдегі белгілі бір оқиғаның пайда болуы болып табылатын сақтандыру жағдайы пайда болған кезде сақтандыру компаниясы сақтандыру төлемін, яғни жинақталған соманы беруге кепілдік береді.

Сақтандырушының инвестициялық кірісіне сақтанушыны қатыстыру арқылы өмірді сақтандыру (Unit linked).

«Unit linked» шарттары мынаны негізге алады, осындай өнімдер бойывнша төлемдердің белгіленген сипаты жоқ, олар толық немесе ішінара инвестициялау нәтижесіне қатысты болады.

Өмірді сақтандыру бойынша дәстүрлі өнімдерде тәуекелді сақтандырушы алатын «Unit linked» шарттарымен инвестициялық тәуекел жағдайында ол сақтанушыға ауыстырылады (орайында сақтандыру сомасына қатысты қандай да бір кепілдіктер болуы мүмкін). Мұндай шарттар ұзақ мерзімді инвестициялар ретінде өте тартымды болып табылады, өйткені рыноктың ауытқуы ұзақ аралықтағы мерзім ішінде қалпына келетін болады.

Осындай өнімді сатып алатын сақтанушы одан келіп түскен сақтандыру сыйлықақылары есебінен құрылған белгілі бір қаржы құралдарын инвестициялау үшін олардың кірістілік және тәуекелділік шаралары арқылы сақтандырушыны қалыптастырған қорды таңдай алады. Сақтандыру ұйымдары тәуекелділік жағдайына байланысты, мысалы, мейлінше төмен тәуекелді, тәуекелді және мейлінше жоғары тәуекелді қорларды қалыптастыра алады. Бірнеше қорларға қатысуға жол беріледі және соңынан сақтанушы қатысып отырған қорға ауысуға болады.

«Unit linked» сақтандыру бағдарламасының басқа артықшылықтары бірмезгілде тікелей сақтандыру қорғанысын және инвестициялық кірісті алу мүмкіндігі болып табылады.

Соңында «Unit linked» өнімдерінің бір артықшылығы акцияларға салым жасаудан түскен тарихи пайда белгіленген пайыздық мөлшерлемесі бар қаржы құралдарының кірістілігінен асып кететіндігіне негізделеді. Осы ұзақ мерзімді асып кету жалпы алғанда 0,5-1% тәртіпті құрайды. Әрине, бұл айырма онша үлкен болмаса да, сөз ұзақ кезеңдер туралы болған кезде жеткілікті түрде қомақты болып көрінеді. Нәтижесінде «Unit linked» өнімдері көптеген еуропа елдерінің сақтандыру рыногында маңызды роль атқарады: кейбір елдерде оның үлесі барлық өмірді сақтандырудың 50%-нан асады.

Сөйтіп, «өмірді сақтандыру» саласында қызмет атқаратын сақтандыру ұйымдары, және атап айтқанда «Unit-linked» өнімдерін ұсынушылар өз ұлттық рыноктарындағы ірі институционалды инвесторлардың бірі болып табылады. Ең негізгісі, сақтандыру ұйымдарының активтерін ұзақ мерзімді жобаларға (тұрғын үй құрылысына және басқалар) салынуына, инвестициялық ережелердің икемділікпен инвестициялану мүмкіндігіне себепші болады.

Қазақстан Республикасында «Unit-linked» шарттарына сақтандырылушының сақтандыру компаниясының инвестициялық кірісіне қатысу тәртібін анықтайтын арнайы және нақты әзірленген нормативтік құқықтық кесім қолданылады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]