- •Дәрістер кешені
- •Профессор қ.Жұбановтың ата-тегі, шежіресі туралы хронологиялық кесте;
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Жаратылыс → адам → даму → ой→ тіл → дыбыс // дауыс→ әуен → сөз → еліктеу → қимыл // би → саналы әрекет → күй
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеуінің «Абай және халық әдебиеті» аталатын 3 тарауында айтылған тұжырымды пікірлердің құндылығын студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.А.Яссауйдің ақындығы туралы зерттеулерге шолу жасай отырып, қ.Жұбановтың яссауйтанудағы өзіндік бағалы орнын студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың проза жанрында жазылған шығармаларының басты тақырыбы мен идеясын, көркемдік құндылығын, жанрлық ерекшеліктерін студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың баспа бетінде жарияланған және ұзақ жылдар мұрағатта сақталып, ғылыми айналымға енді түскен мақалаларымен таныстыру.
- •Қ.Жұбанов еңбектеріндегі қоғам және заман көрінісі
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
Ұсынылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиеттер:
Из истории порядка слов в казахском предложении. // Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Ғылым, 1999. – 581бет.
Қазақ тілінің жоғары курсы. Дәрістер. // Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Ғылым, 1999. – 581бет.
Қосымша әдебиеттер:
М.Қаратаев. Патриот профессор. // Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. Алматы: Өнер, 1990. - 208 бет.
Ә.Дербісалин. Ұстаз-ғалым. // Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. Алматы: Өнер, 1990. - 208 бет.
С.Негимов. Құдайберген Жұбанов және қазақ фольклоры. // Қазіргі заманғы гуманитарлық ғылымдарының өзекті мәселелері бойынша өткен республикалық «Жұбанов тағылымы» конферецияларының материалдары. Ақтөбе, 1998. – 210 бет.
№7 лекция
Тақырыбы: Этнографиялық суреттерге құрылған өлеңдері
Мақсаты: Қ.Жұбановтың шығармашылық стилін, қаламгерлік қарымын қалыптастырған өлеңдері туралы теориялық мағлұмат беру, негізгі туындыларымен таныстыру. Студенттердің интеллектуалдық қабілеті мен танымдық қызығушылығын арттыру, ғылымдағы гуманистік көзқарасқа ұмтылдыру.
Кілт сөздері: сәлем хат үлгісінде туған өлеңдер, этнографиялық суреттерге құрылған өлеңдер.
Негізгі мәселелері мен мазмұны:
Сәлем хат үлгісінде жазылған жыр шумақтары.
Қолжазба журналдардағы өлеңдері.
Этнографиялық суреттерге құрылған өлеңдері.
Зерттеуші-ғалымдардың берген бағалары.
Лекция тезисі.
Құдайберген Жұбановтың әдебиет зерттеушісі ретінде танылғанға дейінгі ізденіс жолында санаулы болса да бізге жеткен бірер поэтикалық шумақтарының өзі ғалымның қаламгерлік шеберлігінің шыңдалуына негіз болғандай. Біздің мақсатымыз, Құдайберген Жұбановты теңдесі жоқ айтулы ақын ретінде таныту емес, Қ.Жұбановтың фольклор мен әдебиет зерттеушісі ретінде қалыптасқан сөз саптасының шеберлікпен шыңдалуына негіз болған өлең-жырларына баға беру болып табылады. Ақындық пен жазушылықты басты нысана етпеген тума таланттың өзіндік өлең өрнектерінен халық поэзиясының, ел әдебиетінің ізін тани отырып, нәр алған қайнарының бірі − фольклорлық бай қазына екендігін танытпақпыз. Әрбір сөзінің астарына терең мән берген, асқан сыншы Абайдың ақындық шеберлігіне тәнті болған, сөйтіп, қажы Құнанбайұлын – классик деп қаймықпай атап, ол жайындағы ғылыми зерттеуін айдай әлемге ұсынған Құдайберген Жұбановтың қай еңбегін алсақ та, қара сөздің өзі жымдасып, өлең болып өріліп тұрғанын көреміз.
Түгел сөздің түбі бір екенін тани білген оқырман Қ.Қуанұлының ғалымдығының өзі қаламгерлік шеберлігімен шендесе, үндесе жатқандығын да білер еді. Осы ойымызға дәлелдеме іздер болсақ, Қ.Жұбановтың қолда бар кез-келген шығармасынан тілдік әсемдік бас көтеріп шыға келетіндігі даусыз. Мәселен, «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы» очеркін алып қаралық: «Бері келе әдебиет жанрлары жетісіп, бірінен-бірі бөлініп, қарасөзді әңгіме, өлеңді әңгіме, содан кейін өлең бөлек-бөлек жанр болып шыққаны сияқты, күйде де, жаңағы сюжетті әңгіме мен күйдің ішінен қарасөз бөлініп, әдебиетке кетіп, сөз құралып, дауыс қосылып айтылғандар ән болып шығып, түрлі дыбысты, түрлі қозғалысты суреттейтін жерлері бөлініп, күй болып кетсе керек». Бұл үлкен ойды беріп тұрған бір ғана сөйлем. Бірақ, ой төркіні әр тұстан көтеріліп, шашырай орналасқан ештеңесі жоқ. Негізгі әңгіме бірімен-бірі тетелесе, кезекпе-кезек құйылып жатыр. Жай, беталды айтылып жатқан жоқ, жүректерге шымырлай сіңіп, әдемі әуендей үндесіп тұр. Ал, бұл шын шеберлік емей, немене?
Қаламгерлік дарынының басым жағын тіл қызметіне түгелдей жұмсап, ғылымға дендеп енген біртуар тұлға оқу-білімнен көп кенжелеп қалған халқына бойындағы біліми қазына атаулының бәрін беріп кетуге жанталасқандай. Ол тұста қазақ еліне ең алдыменен ғылым қажет еді, сондықтан тілге көбірек мән берді. Әйтсе де, әдебиеттің оған дарыған қаламгерлік қуатын рухани бай жан дүниесінде тұншықтырып тұмшалай алмай мезгіл-мезгіл жанартаудай атылып отырды.
Шығыс классикалық поэзиясының биік шынары атанған сыршыл ақын, әрі дарынды математик, астроном, ғұлама ойшыл, ғалым Омар һайямның өзі де әдеби еңбекті басты нысана етпеген. Кей-кейде көңілі соққанда ғана қағаз қиқымына жазып кеткен рубаяттары оны ғалымдығымен қоса, теңдесі жоқ ақын деп бағалатты. Сол секілді әдебиеттен де гөрі шын беріліп қолға алғаны тіл ғылымы болып, соны орнықты тұғыр еткен Құдайберген Қуанұлы арагідік өлең, фельетон, памфлет, әңгімелер жазуға көңіл бөлмелеп, іште тұнған шабыт шалқары оянған сәтте оларды қағазға түсіпген. Бірақ бос қиялдан жасалған қуыршақ өкіметтің тұсындағы қысталаң заманда көкіректе қайнаған асыл сөздерді түгел сыртқа шығаруға мүмкіндік жоқ еді. Өмір жасы «саяси» тағдырдың бұйрығымен еріксіз қысқарған, жан біткенге жарасатын әдемі қарттық өзіне бұйырмаса да, ғылыми еңбектерінің арқасында ғасырға бергісіз ғұмыр кешкен Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың сегіз қырлы, бір сырлы таланты бүгінгі ұрпағын таңдантпай қоймаса керек.
Қазіргі өскелең таным Құдайберген Жұбановтың тілге шешендігін, сөз зергері екендігін ғалымның биік өресінен де көріп отыр. Сан қырлы таланттарының бір көрсеткіші – өлең сөзге де шеберлігін тану қажет десек, онда ғалым атаның бүгінгі ұрпағы Қ.Қуанұлының «қағаз қиқымына» жаза салған поэтикалық шумақтарына да қол созары сөзсіз. Осы орайда белгілі ғалым Р.Сыздықованың пікірін еске алсақ: «Құдайбергенннің көбіне қасында болып, тіпті тәлім-тәрбиесін алып өскен інісі академик Ахмет Жұбановтың айтуына қарағанда, Құдайбергеннің жас бала кезніің өзінде-ақ құрбы-құрдастарына, жеңгелеріне әзіл өлең шығару, ел аузындағы толғау-жырларды жаттап алу қабілеті күшті болады. 17-18-дердегі жас шағының өзінде «Наурыз құтты болсын» деп өлең жазып, баспаға жариялаған ол кейіннен «Жаңа рамазан батасы» сияқты саяси-әлеуметтік үні бар өлеңдерін шығарады» [46, 43-44].
Қ.Қ.Жұбановтың шешендік шебер тілінің қалыптасуына сөзсіз әсер еткен, қаламгерлік бастауының бір тұнығы – халықтың ауыз әдебиеті болғандығы, ертеректе жазылған өлең шумақтарынан да анық аңғарылады.
Ғалымның жұбайы Раушан Жұбанова өз естелігінде былай дейді: «Құдайберген алыста оқуда, немесе ұзақ мерзім жолаушылап, іс-сапармен жүргенде маған хат жазатын, не қатар-құрбылары арқылы өлең шығарып, сәлем айтатын. Сол өлеңдердің бір шумағы әлі күнге есімде жүр:
«Сәлем айт, барғандарың, Раушан қызға,
Өзгені теңгермеймін ол шандозға!
Өзгеден өзгелігі болғаны ғой, -
Болмаса, сәлем айттым қай Қырғызға?» −
деген».
Махаббат лирикасының «Сәлем хат» түріндегі тәуір үлгісі болып табылатын бірер ғана өлең шумағында екі жастың сүйгеніне деген ыстық ықыласы, жүрегін өртеген сағынышы, ардақтау сезімі қатар астасады. «Дос - өзің үшін басқалардан ерекше адам – деген қағида еркіңнен ырықсыз туындаған ой тұжырымы пайда болады. Көргеннен көңілі ұнатып, махаббат ұшқыны жүрекке түскеннен соң, сол жырға толған жүрегі ғашық жанды ақын етіп, өзгеге теңгермейтін шандозына ынтықтыра түседі.
Қазақтың «қара өлең» деп айтатын өлеңдерінің барлығы да үш бунақты 11 буыннан құралды емес пе? Айнымас адал махаббаты Раушанға арнап жолдаған Құдайберген атамыздың өлең шумақтары 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Және бұл шумақтар Құдайберген Жұбановтың қаламынан өрілгенде өзге мән-мағынаға ие болып тұр: өзін қоршаған қауымның ішінде көпшіліктен ерекше Раушан қызға деген асықтығын білдіре, ашық түрде айтып жеткізу жаңа заман лебі әкелген соны үрдіс еді. Жалпы, Құдайберген Жұбановтың ғылым жазғыштық қабілетінің сөзсіз шыңдалуына, тілдік шеберлігінің қалыпасуына оның баспасөз бетімен үзбей байланыста болуы да әсер еткен. Зерттеуші ғалымның туған бауыры, қазақ мәдениетіндегі орны аса зор тұлға Ахмет Жұбанов «Өнегелі өмір» мақаласында: «Білімі терең, адамгершілігі мол, халқын сүйген жақсы адам – тек біздің, туысқандардың ғана емес, бүкіл қазақ жұртының мақтанышы еді», дей келе: «Кедей», «Еңбекші қазақ» газеттерінде Құдайбергенің әлденеше әңгіме, фельетондары басылды. Ол өлеңді де көркем жазатын», - деп еске алады.
Қазақ баспасөзінің түпкілікті дұрыс жолға түсіп, өркендеп кетуіне барынша күш салған Қ.Жұбанов «дайын асты» күтіп отыра бермей, тынымсыздықпен толассыз еңбек еткен. Құдайберген Жұбанов әдебиет әлемінде қаламгерлік қабілетімен ғана емес, қайраткерлік қабілетімен де ерекшеленеді. Ол 1917-1918 жылдары Күйікқалада (Елецкая защита) оқып жүргенде «Тез» аталатын қолжазба журнал шығаруға ұйтқы болады. Журналдың атына сәйкес жас ағартушы ел-жұртын өркениетті өмірге ұмтылдырып, сауат ашып, хат тануға шақырады. Халқының жүрер жолы, басар қадамы түзу болсын, ауа жайылмасын деген ізгі ниеттен туған «Тез» атаулының сыры да «қисықты тезге салу» деген мәтелге саяды. Қазақ «тез» деп үй бастырғанда уық, кереге ағаштарын тиісті қалыпқа келтіретін қондыр-ғыны атаған.
А.Беркінов «Зейінді шәкірт еді ол» деп еске ала отырып: «Құдайберген Күйік аласында оқып жүрген кезінде «Тез» атты қолжазба журнал шығарды. Журналдың атын «Тез» қою себебі халық арасындағы ескі қалдықтарды тезге салып түзету еді. Сол журналда Құдайбергеннің «Ит әулие», Жиенғали Тілепбергеновтің «Намазға» және менің «Жазықсыз жандар» атты қысқа әңгімелеріміз шыққан-ды».
Академик Ісмет Кеңесбаев ғұлама ғалымның алғашқы жарияланымдары туралы түсінік беріп өтеді. «Өз қаламының құдіретін ерте байқатқан алғашқы өлеңдері мен фельетон, мақалаларын Қазан төңкерісінен бұрынғы басылымдарда Құдайберген «Шекті», «Қараша бала» деген лақап атпен жариялаған болатын. Сонымен қатар Қ.Жұбанов жас қазақ зиялылары машық еткен бірнеше қолжазба журналдың шығуына ұйытқы болған көрінеді. Мәселен, Күйік қалада жүріп, ол «Тез», ал Темірде «Ай» деген қолжазба журналдар шығарған. ... Қ.Жұбанов журналдың беташары етіп жазған шағын ғана «Ай» деген өлеңнен бұл журналдың көздегені − халықтың көзін ашып, көңілін ояту сияқты асыл іс екені елес береді. Толған айдай боп Отанның бір түкпіріне өз жарығын түсіру – журналдың символикалық бейнесі есепті».
Халқының мәдениетін көтеру ниетін бойына мықтап сіңірген Қуанұлы қай жерде жүрсе де қол қусырып қарап отырмайды. Ол 1920 жылы Темір қаласында уездік оқу бөлімінің нұсқаушы-әдіскері бола жүріп, «Ай» атты қолжазба журналдың шығуына жетекшілік етеді. Жалпы, қолжазба журналдар шығарып, солардың редакторы болуының өзі Құдайберген Жұбановтың әдебиет пен өнердің қамқоршысы, әдеби ортаның ұйтқысы болғандығын танытады.
«Тез», «Ай» журналдарының жарық көруіне басшылық етіп қана қоймай, өз атынан және бүркеншік атпен өлең, әңгіме, фельетон, пьеса, мақалалар жазып тұрған. «Ай» қолжазба журналының эпиграфын (арнау сөзін) өлеңмен жанашыр жан өзі келтіреді. Шын шеберліктің бір белгісін осыдан да байқауға болады. І.Кеңесбаев «Ұстаздардың ұстазы» атты мақаласында: «Құдайберген ақындық-жазушылық өнермен де шұғылданып... «Ай» журналының алғы сөзі, беташары ретінде «Ай» деген өлең жазады...», – деп атап көрсеткен еді [48, 105]. Сол тұстағы қазақ қоғамы үшін қолжазба журналдардың жарық көріп тұруы − әдебиет пен мәдениеттің дамуына игі әсерін тиізген елеулі құбылыстардың бірі болғаны даусыз. «Қараңғылық түнегінен» жаппай қашып шығуға ұмтылған қазақ елі үшін мерзімдік баспасөздің берер мүмкіндігі мол болғанымен, баспа ісінің өркендей қойғаны да шамалы болатын. Осындай жанталас дәуірде елдің бар жақсылары «қолдан келер қайран жоқ» қарап отыры бермей, қолжазба журналдар шығару дәстүрін тез арада қолға алды. Қ.Жұбановта қолжазба журналдарды ұйымдастырушы белсенді қызметкерлердің бірі болды, әрі қай тақырыпқа да қалам тербеуден бас тартпаған жазғыш авторлардың бірі еді. Бір «әттеген-ай!» деп өкіндірер жайт, қолжазба журналдарда жарияланып тұрған шығармалары сақталмай қалған екен. Қ.Жұбановтың өмірдеректері мен шығармашылығы туралы мәліметерді жинап, жариялаған ғалымдарымыздың бірі Р.Сыздық: «Баспасөздің мұндай қолтума «органдарының» аты қандай бейнелі, астарлы болса, мазмұны да мейлінше мәнді, әлеуметтік үні, эстетикалық сипаты бар шығармалар болды. Құдайберген «Айдың» бас мақаласы ретінде беташар өлең жазады» [46, 44]. Қазақтың ұғымында «ай» сұлулықтың, ерекше көріктіліктің де символы. Халықтың сөздік қорында сұлу қызды «айдай сұлу, көркем» дейді. Кенетттен, тосыннан шыға келген, сөйтіп жұртты тамсантқан сұлулықты «айдай жарқ етті» дейді. Осы образды Құдайберген Жұбанов сәтті қолданған, қараңыз:
Сұлуларды мақтаса жұрт айдай дер,
Болмаса еді нағыз айдай, бай-бай, - дер.
Арыстан да айға ұмтылып мерт болған,
Осыған жету қайда бізге, ойбай, - дер...
Соныменен, халыққа әбден түсінікті, жасандылықтан аулақ «Ай» атымен журналды ашып, эпиграфында «Ай» ұғымының семантикасын түсіндіру жай емес болса керек. Қаламгер әуелі «ай» деп, оқырманын елеңдетіп алып, бұлай атау себебім мына мақсаттан туып еді дегендей шұбалаңқы, қарабайыр түсінікпен төңіректі көп шарлап, сөздің құнын кетіріп отырмай-ақ, түпкі ойын өлеңмен өрнектеп:
Жарық қылдың, сиқырладың жер жүзін,
Сен сұлудан айырмайды ел көзін.
Бір қараңғы түкпірге әкеп туғыздым,
Ал, нұрландыр, ал, қызықтыр, кербезім, – дейді.
Қ.Жұбановтың «сұлу айды қараңғы түкпірге әкеп туғыздым» деуінде, қазақтың байтақ атырабын біліммен қаруландыру, «қараңғылықты» жою, «теңіздің тамшыдан құралатындығындай», «білім, ғылым шашатын айдың» нұрлы сәулесі Ақтөбенің бір түкпіріне төгіле бастаса да, мәдениет ұрығы дүйім қазаққа жайылар еді деген арман жатқандығы сөзсіз. Жарық дүниенің, жарқын өмірдің нышаны болып көрінген «айдың нұры білім сәулесі», - біздің қазақтың өмір-тіршілігінен сан ғасырлар бойы алшақтап, аулақта жарығы түспей жүрді. Сол суретті ғалым атамыз мынадай штрихтармен беріп өтеді, қараңыз:
Көп заманнан көкте жүзді жылысып,
Тудың, баттың, жүздің ақырын ығысып.
Ақ кіреуке - әсем көрік, дөңгелек
Келбетіңе қызығып дүние тым ыстық...
Соншалықты әсерлі көрініс, сырлы сезім... Кеш келіп, ел басына бақыт боп қонатын «жаңалық, жақсылық белгісін – айды әкеп туғызушы» мемлекетімен халқының өсіп өркендеуін арман еткен ірі қайраткердің сөзі бұл. Қ.Жұбановтың фольклортанушылығына, әдебиетшілігіне қатысты зерттеу мақалалары әр кезде жарық көріп жүргенімен, оның қаламгерлік қырының қалыптасуына әсер еткен суреткерлігі турасында нақты ғылыми да сыни баға беріле қойған жоқ. «Жайлауда» деп аталатын өлеңі де баспа бетінде соңғы жылдары ғана жарияланған-ды. Нақтырақ айтсақ, бұл өлең «Ғалым-азамат» аталатын кітапта Р.Сыздықованың түсінік беруімен жарияланды. Р.Сыздықова осы өлеңді бүгінгі күнге жеткізген Ахмет Жұбановтың айрықша қызметіне ризашылығын білдіреді. Академик А.Жұбановтың айтуымен берілген Қ.Қуанұлының көптеген өлеңдерінде Р.Сыздықованың айтуынша: «... юморы мен өлеңдік көркемдігі күшті әзіл-оспақ шумақтар бар, белгілі бір картинаны суреттейтін, мазмұны мен көркемдігі де әп-әсем ұзынды-қысқалы өлеңдер де бар» - дей келе, «Жайлауда» өлеңі туралы бірер сөзбен пікір білдіреді. «Бұл – жаз басында жайлауға шыққан ауыл суретін берген, өзі бір этнографиялық материал сияқты өлең. Әрине, бізде ұлы Абайдан бастап мұндай картинаны берген туындылар бар-ақ (және дәл осы өлеңде Абайдың да тікелей әсері жоқ емес сияқты), дегенмен профессионал ақын емес адамның қаламынан шыққан бұл өлең көңіл аударарлықтай әсем тәрізді». Ахмет Жұбанов осы өлеңнің жазылу тарихын Есет Құдайбергенұлы Жұбановқа айтқан екен: «Өмірдің қиын сәті басына тап келіп, ауыл-елі бір үлкен жұтқа ұшырыап, жаз жайлауға көше алмай қалғанда тарығып жүргенде жазғаны еді». Жаз жайлауды, қыс қыстауды мекен еткен қазақ тұрмысын көзге елестеткен «Жайлауда» шығармасының ішкі мазмұндылығына тәнті бола отыра қыр елінің той-думаны бір сәт еске түссе де, жазылу тарихын білгенімізде, Құдайберген атамыздың «бей-жай болып», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бұрынғы тұрмысты аңсауынан туған әлеуметтік сағыныш сазы құлағыңа келгендей бола ма, әйтеуір бір элегиялық сәттегі жан-дүниесінің күйзелісін сезіндік. Асыра сілтеп, халықтың дархан көңілін бір тарының қауызына сыйдырған зәрезап заманнан жаны түршіге азап тартарын сезінді ме екен деген сауал санамызда қылаң береді.
Жаздың айы келгенде
Қызғалдақ, түрлі жапырақ,
Көрінбей жерден топырақ,
Өсіп, көрік бергенде.
Көшуші еді тамам ел
Түрлі жайлау жерлерге, -
деп, бағзы замандардан бері көш-керуен сәні болған, қарлы боранда – қыстауында, жадыраған жазда – жайлауында өмір кешкен халқымыздың бейбіт тірлігін суреттейді. Салғаннан-ақ, жайлауға көшіп қонған ауылдың шексіз қуанышы шынайы бедерленген.
Тоғыз-оннан түйе артып,
Түйеге өңшең үй артып,
Асушы еді белдерге
Жас балалар тай мініп,
Нені ойласын қайғырып,
Жұмыртқа іздеп тергенде.
Бір аймақты қыстап, өңге өлкеде жаз жайлатып, қасиетті жер-ана мал тұяғына өнемейін тапалмай тыныс тапсын деп, қазіргі ұғыммен қарасақ, экологиялық апаттан аман ақтаған халқымыздың даналығы таңқалдырады. Жерді тани білген ақсақалдарымыз үнемі көш басында:
Ақсақалдар ілгері
Қоныс іздеп оңады.
Көш келгенде жақындап
Құрығын шаншып тұрғаны.
Қ.Жұбанов өзінен кейінгі ұрпағының бір кезеңдерде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты ұмытып, жамандықпен «жадыланып» қалғандай күй кешерін болжап біліп, тарихи-ұлттық сананы естен шығармасын деп ескертіп жазып кеткендей:
Бұрын қонған ауылдан
Қыз-келіншек киініп.
Үй тігісе келеді,
Бағылан сойып, бас салып,
Ерулік берер сүйініп,
Қонағын күткен бәйбіше
Сақина-жүзік салады...
Жайлауға көшу – ата-бабамыздың аса ұлы қуаныш әкелетін тойларының бірі. Өлең жолдары осынық анық аңғартады.
Қыз-бозбала жиналып
Көтеріп көңіл, сергіп ой.
Палуан түсіп күресіп,
Мереке сәні айқай ғой.
Келіншек, кемпір, жігіт, қыз
Қалушы еді бір жасап,
Әңгіме шертіп тынымсыз.
Этнографиялық суреттерге құрылып, жыр үлгісімен жазылған «Жайлауда» өлеңінің өн бойынан әлде бір сағыныш сазын, мамыражай қазақы дархан көңіл, кең пейіл тірлікті аңсаған ұяң тілек танымды танығандай боламыз. ығармада әруақты атаның ақындық шабыты төгіле, жыр нөсері құйылғандай. Жазба әдебиеттің болат қаламын қару еткен ол тіл семсерімен өзіндік өрнек салады:
Кешкітұрым болғанда,
Жел басылып тынғанда,
Қыбырлаған адамзат
Сауық-сайран құрады.
Қыздың арғы жағынан
Дауысы шешен сыбызғы.
Үндеріне қосылып,
Малшының үні шығады
Тамылжыған бұлақ ауасы
Кім-кімге де ұнады...
Өлең жолдарынан туған жұртын, өз өлкесінің табиғатын сүйген, әдет-дәстүріне бас иген дала перзентінің адамдық махаббатын танимыз. Қаламгер үшін қазақтың бірі жақын, дос, туыс. Осы ой Қ.Жұбановтың «Наурыз құтты болсын» өлеңінде жалғасын табады.
Қасиетті ұлттық мейрам –
Наурызың,
Құтты болсын, қазақұлы, достым-ай...
Бұл өлең Ташкенттен шыққан «Алаш» газетінің 1914 жылғы №14 санында «Қараша бала» деген бүркеншек есіммен жарияланған.
Шығыс халықтарының жаңа күн келер мерекесі – «ұлыстың ұлы күнінде» қазақ баласы төс түйістіре көрісіп, «жасың құтты болсын» деген тілегін айтады:
Құтты болсын жаңа жасың, қарағым,
Жасқа берген қойсын мынау азабың!
Адам болып, улап-шулап,топыралап,
Қызыл-жасыл тарқатылсын базарың.
Қазақтың басында алауыздық, бітіспес ерегес болса, оның туындауының басты бір себебі, «бөліп ал да, билей бер» деп, округ, облыс, үйез, болыстарға жіктеп, хандық біртұтас құрылымды жойған патшалық өкіметтің отарлау саясаты кінәлі.
Берекесін, елдің көркін, дәулетін –
Бәр-бәрін де залым-кәпір кетірді...
Патшалық орыс өкіметі құрығынан босады деп, алдағы болашаққа үміт артқан суреткер:
Қуанышын ала келіп бұл Наурыз,
Ашсын, қазақ, күңгірт басқан бетіңді!
Қалыпқа түсіп базар тыныш, ел бейбіт,
Салсын ана елге рахым-назарын.
Ерегес бітіп, керек іс бітіп осылай,
Мәз болса халық, басқа жоқ менің жазарым!
Әлеуметтік тақырыпқа қалам тартқан, сөйтіп, азаматтық үнін қазаққа жеткізген Құдайберген Жұбанов жоғарыда талданған өлеңдері арқылы айтулы ақын болып танылмаса да, бұл шығармалардың тіл шеберлігінің шыңдалуына түсуіне әсер еткендігі сөзсіз.Сонау 1919 жылдар шамасында қырдағы белсенділердің «қырағылық» танытуымен тоғыз ай абақтыға жабылған қысталаң кезеңде Қ.Жұбанов «Ауылға хат» деген өлеңін жазған екен. Зобалаң заман жан біткенді «екі есті» етіп, бұл не боп кетті?! – деп түбірлі ойлантуға мұрша бермейтін күн туғанда:
Әркім де аз ауылға болған адам,
Қоттиып, қоразданып басқан қадам.
Бұл күнде тасқан қайтып, толған солып,
Кез болды басымызға мұндай заман, −
деп күмәнді ойы мен көп күдігін білдірген екен. Әйтсе де, халық қалаулыларын жаппай қыру науқанының алғашқы жылдарында, «бұл зұлматтың ғасырлық қырғыға айналуы мүмкін», - деген ой Құдайберген Жұбановтың басына әсте келмесе керек.
Бір басты, екі аяқты біз бір адам
Кез болмақ бірде жақсы, бірде жаман.
Кемді күн қолға түсіп тарыққанмен,
Кірмейді көңіліме еш бір алаң, −
деуі үміт күткен, «бұлай кете бермес, бір жаңсақтық болар», - деген ойдың ізі еді.
Ойламаң «су түбіне кетті енді» деп,
«Қайтпайтын сағатына жетті енді» деп.
Құдайым өміріме саулық берсе,
Жақсылық күн барына етпеймін шек.
Мәңгілік бұлт болмайды ашылмайтын,
Тасқанмен көңіл болмас басылмайтын.
Аспанда ай тұтылса, күн тұтылса,
Кезі жоқ нұры олардың ашылмайтын, −
деген жолдар адам өмірін табиғи әлеммен, материямен, дамумен біртұтас үзілмес байланыста алып қараған Қ.Жұбановтың философиялық көзқарасын танытады. Өмір жанды тіршілік сықылды мәңгілік қозғалыста, қатып қалған ешнәрсе жоқ.
... Жас шақта көрген бейнет еш нәрсе емес,
Шыққан соң ұмытылар бәрі де әлі-ақ, -
деп, ол кезеңдік қиындықтың жарасы түбі жазыларына сенеді.
Күн болар мықтылармен кездесетін,
Қатарға біз де келіп шендесетін.
Басынып, бассыз ауыл көріп жүрген,
Күн болар құрбылармен теңдесетін, −
десе де, мәдениеті биік ұлы жүректі жан, «басынып жүрген» шолақ белсенділерге сөздің оғын қадап, көздеріне шұқып, «сен – сондайсың!» - деп жерініп отырған жоқ. Адамшылықтың ұлылығы жалпақ жұрт туралы жаппай жаман ойлаудан аулақ болудан басталады. Қ.Жұбановтың өрелі биіктігінің өзі де оның әр сөзінің нәзік иірімін тани білгенге меңзейді.
Профессор Құдайберген Жұбановтың эпистолярлық жанрда жазылған «Ауылға хат» өлеңінен қиял мен арман құшағында жрген жалын жастың ой-санасын өмірдің мәні неде,адамшылық деген не, екіжүзділіктің себебі неде деген ғұмырнамалық, фәнилік сұрақтардың жаулағандығын байқаймыз. Қаламгердің бұл шығармасынан құр босқа кеуде қағып, асыра сілтеп жүрген бастықсымақ пен жандайшаптардың, «бассыз ауыл көріп жүрген» көңілі соқыр, көкжиегі тарлардың мәңгілік ел басқарып қалмайтындығына сенетіндігін байқаймыз. Аумалы-төкпелі өмір көші бағытын түзер, желбуаз, бақырма, бос айғайшылардың үні құрдымға сіңер. Халықтың рухани құндылықтарға, ғылымға жүгінетін кезі келер деп, келешек күндерге үміт артады ол. Адал жүректің рухани алыптарының бірі, жарқын күннің, тәуелсіз таңның туарына сенеді. Осы сөздер Құдайберген Жұбановтың болашаққа арнаған аманат хаты секілденеді.
Академик Ісмет Кеңесбаев: «Ол кезде ағарту қызметінде жүрген кісілерге тыңдаушы көпшіліктің көкейіне тез қонатын асыл сөз, өткір қару керегін сезген, халық көпшілігінің жүрегіне жол іздеген Құдайберген сықақты, фельетонды жиі жазатын болған. Ол шығармаларының көпшілігін қолжазба журналдарда басып, кейбірі сауық кештерде айтылып жүрсе, кейбіреуі «Еңбекші қазақтың» бетінде жарияланған. Мысалы, «Жаңа Рамазан батасы» атты сықақ өлеңі 1926 жылы басылды» - деген дерек айтады. Зерттеуші Р.Сыздықова да Қ.Жұбановтың бойындағы ақындық, журналистік, жазушылық талантын «әдемі қасиет» еді деп жоғары баға береді. «Қатар өскен інісі, академик Ахмет Жұбановтың айтуына қарағанда, Құдайбергенде жас бала кезінің өзінде-ақ өлең шығару, ел аузындағы жақсы толғау-жырларды, жеке адамдардың өлеңдерін қағып алып, жадында сақтау қабілеті күшті болған. Ауылдағы қазақ жастарының салтымен өзінің құрбы-құрдастарына, жеңгелеріне бір-екі ауыз әзіл өлең шығаруды Құдайберген де машықтайды. Өзінің өлең шығаруға қауқары жоқ үлкенді-кішілі замандас-құрбы жігіттері бұған өлең шығартып алады екен. Жасөспірім кезіндегі осындай әуесқойлық өнері жігіт бола келе белгілі бір мақсатқа – жаңа өмірге н қосуға жұмсалады. Оның өлеңдері енді облыстық, республикалық газеттерде жарияланады. Солардан әзірге біздің қолымызда бір-екеуі ғана бар. Бұл өлеңдердің біреуі – «Жаңа рамазан батасы» деп аталатын саяси тақырыпқа жазылған пародия. ... Бұл – 1920 жылдар үшін, саяси қоғамдық мәні зор, әрі аса қажет әдебиет түріне жататын өлең». Ғалымның пародия түріндегі бұл өлеңінде қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтар басындағы жағдайларды көркем сөзқұдіретімен көрсете отырып, кейбірін келемеж етсе, қайсыбіреулеріне мүсіркеу сөз айтады.
Ізгілікке, иманға шақырудың орнына, ел ішінен жем іздеп, өлім-жітім қайда болса, сол жаққа елеңдеген қожа-молдларға мынадай жолдармен келеке соққы береді:
Молда болсаң өле бер,
Ораза мен намаздың
Игілігін көре бер.
Бақсы болсаң бақырған,
Жыныңды іздеп шақырған,
Ауыра бе сауықпай,
Жазады ғой болса да,
Түкірген, я қақырған.
Дүмше діндарларды осылай сынаса, қарапайым бұқараға жол сілтейді:
Мезгілмен істеп жұмысты,
Демалыс күні жатыңдар.
Шаруа болсаң малың бақ,
Күнелтетін азық тап.
Саудагер болсаң, зиян қол,
Оннан алып, бестен сат.
Бұл пародия өлең жеңіл әзіл, сынау, мінеу түрінде көрінгенімен, астарында сол кезең үшін айтылмаған талай сыр жатқан секілді. Қ.Жұбановтың өленің тақырыбын «Жаңа Рамазан батасы» деп атауының өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Осы кезеңде қызыл-қырғынды ұйымдастырушы дүмше фанаттар жаңа заманға жетудің жолы – барлық ұлттық асыл дәстүр-салттан безу деп тапса, Ресейде Пролеткулттің белең алған уақыты еді. Ғалым халық танымына сәйкес, ел ұғымының шеңберінде ел ішінің кейбір келеңсіз жәйттерін шағын шығармаларда да әшкерелей білді. Әрине, Құдайберген Жұбановтың фольклор мен әдебиет мәселелеріне арналған еңбектерін санаулы ғана деп, жадағай қарап өту – бүгінгі ұрпағына зор қателік болар. Мықты зерттеушінің әдебиет жайы қарастырылған ізденістеріне көзжұмбайлықпен қарау да ғылыми-рухани тұрғыда қиянат болмақ. Қорытындылай келе, зерттеуші еңбектерінде тұжырымдалған бағалы ой-пікірлерді ескере отырып, ғалымды фольклор зерттеушісі ретінде танытатын негізгі ғылыми тұжырымдарын санаттап өтсек: Біріншіден, Қ.Жұбанов – қазақ фольклорын саз өнері ретінде қарастырды. Екіншіден, Қ.Жұбанов – қазақ фольклорын сөз өнері деп тұжырымдады. Үшіншіден, зерттеуші, фольклорды – классикалық әдебиет пен өнердің қайнар бастауы деп таныды.Төртіншіден, профессор Қ.Жұбанов фольклорды – тілдік қор қазынасы концепциясы тұрғысынан зерделеді. Бесіншіден, Қ.Жұбанов, фольклорды – тарихи-тілдік дерек көзі ретінде бағалады.
Иллюстрациялық және үлестірмелі материалдар:
Тақырыпқа қатысты дайындалған слайд;
Өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктерін талдаған кеспе қағаздар.
