- •Дәрістер кешені
- •Профессор қ.Жұбановтың ата-тегі, шежіресі туралы хронологиялық кесте;
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Жаратылыс → адам → даму → ой→ тіл → дыбыс // дауыс→ әуен → сөз → еліктеу → қимыл // би → саналы әрекет → күй
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеуінің «Абай және халық әдебиеті» аталатын 3 тарауында айтылған тұжырымды пікірлердің құндылығын студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.А.Яссауйдің ақындығы туралы зерттеулерге шолу жасай отырып, қ.Жұбановтың яссауйтанудағы өзіндік бағалы орнын студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың проза жанрында жазылған шығармаларының басты тақырыбы мен идеясын, көркемдік құндылығын, жанрлық ерекшеліктерін студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың баспа бетінде жарияланған және ұзақ жылдар мұрағатта сақталып, ғылыми айналымға енді түскен мақалаларымен таныстыру.
- •Қ.Жұбанов еңбектеріндегі қоғам және заман көрінісі
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
Ұсынылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиеттер:
Жұбанов Қ.Қ. Мұра-хаттар. Турки әдебиеттер тілінің танымы//Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер.Алматы «Ғылым» 1999.
Қаратаев М. Ағайынды Жұбановтар//Көргенім мен көңілдегім. Алматы «Жалын» 1982.
Келімбетов Н. «Қорқыт ата кітабы» // Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы, «Ана тілі» 1991.
Боровков А.К. Очерки по истории узбекского языка // Советское востоковедение. Москва, Ленинград.Издательство Академии Наук СССР, 1948.
Қосымша әдебиеттер:
Жаксылыков А. Просветление Ахмеда Яссави // «Таңшолпан» журналы. №5, 2003ж.
Наджип А.Н. Исследования по истории тюркских языков ХІ-ХІҮ вв. 1989.
Жұбанов Есет. // Жұлдыз. 8 тамыз, 1999 жыл.
Жармұхамедұлы М. Қожа Ахмет Иасауи және Түркістан. Алматы: Ғылым, 1999. 128 бет.
Пугаченкова Г. «Күмбез», 1998., №1.
№12 лекция
Тақырыбы: Қ.Жұбанов – түркі тілдес халықтар әдебиетінің білгір зерттеушісі
Мақсаты: Қ.Жұбановты түркі тілдес халықтар әдебиетінің терең білгір зерттеушісі туралы теориялық мағлұмат беру, негізгі туындыларымен таныстыру. Студенттердің интеллектуалдық қабілеті мен танымдық қызығушылығын арттыру, ғылымдағы гуманистік көзқарасқа ұмтылдыру.
Кілт сөздері: әлеуметтік қөзқарас, көркем шығарманың тілі, т.б.
Негізгі мәселелері мен мазмұны:
Қ.Жұбанов Яссауйдің армандары мен әлеуметтік көзқарасын тануға ұмтылуы.
«Мұра-хаттар...» тілі туралы тұжырым.
Профессор Қ.Қуанұлының ақын шындығын таңбалауы.
Қ.Жұбанов ақын шығармашылығының тақырыптық-мазмұндық құрылымы туралы.
Лекция тезисі. Қ.Жұбановтың фольклор мен әдебиетші ретіндегі басты еңбегі, халық әдебиеті мен жазба әдебиеттің ерекшеліктерін атап көрсетуінде. Нақтырақ тоқталар болсақ, қазақ халқының ауызекі әдебиетіне тән белгілерді «Абай − қазақ әдебиетінің классигі» еңбегінде ғылыми тұрғыдан атап, жанрлық жігін ашып көрсеткен ғалым, «Мұра−хаттар. Түрки әдебиеттер танымы» зерттеуінде «жазба әдебиет» атауының ұғынылу дәрежесіне анықтама бере, жалпы әдебиеттің нақты белгілеріне қайта-қайыра нықтай тоқталып өтеді. «Жазба әдебиет дегеніміз белгілі уақытта, белгілі бір адам тарапынан жазылған, белгілі бір дәуірдегі адам тарапынан жазылған, белгілі бір дәуірдегі қоғамның өмір-тіршілігін көрсететін көркем сөзді шығарма деп түсініп жүрген жоқпыз ба? − Иә, солай түсініп жүрміз.Яғни, ол әдебиет сол қауымның саяси құрылысын, мәдениет халін, дүниетану көзқарасы дәрежесін, әдет-ғұрпын, қысқасы нені жақсы, нені жек көретінін бізден жасыра алмайды. Міне, сондықтан біз: «Диуани хикметтің» сөзі де сол өз дәуірінің қоғами тіршілігін суреттейді», − деп білуіміз керек» − дейді Қ.Жұбанов.
Қазақ халқының өмірінде сөз сарасының алатын орны күшті, алабөтен ерекше болды. Сөз сүйегінде елдің тоқсан тараулық тарихы, халықтың ой-толғамы, өмірлік көзқарасы, табиғаты, ұлттық тарихы жатыр. Сөзді, тілді – қарым-қатынас құралы ғана деп шартты түрде біржақты қарауға болмайды. Соныменен, әдебиет − қоғамдық мәні зор әлеуметтік құбылыс. Әдебиет − асыл сөз, өнер болуымен бірге, ол − халықтың ұлттық жаны. Міне, сондықтан да Қ.Жұбанов, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың
Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?
Оны жасырар адамныңкүші бар ма?
«Біреу − сөз, біреу − пішін, біреу − күймен,
Көрсетпейтін жүректің іші бар ма?» −
деп келетін өлең жолдарын және ата-бабамыздың даналықпен айтқан «аузыңды ашсаң, көмейіңді көремін» дейтін шешендікпен айтқан философиялық толғамын таңдап тауып дәлелге келтіреді. Және өткен дәуіріміздегі халық жадында немесе жазба мұра күйіндегі сақталған шығармаларымыздың қай-қайсысын да «тәуірі жоқ» деп жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, өткен заманнан бүгінгі дәуірге келіп жеткен туындыларымыздың нашары болса, әдебиет пен тарих аренасынан өзінен-өзі шығып қалары белгілі еді. Халық пиғылымен үйлеспейтін шығарманы тарихтың өзі де жойып жіберіп ортырмақ. Бұл – өмір заңдылығына үйлескен қоғам шындығы. Сондай-ақ, бұрын өтіп кеткен дәуірдің шығармасын қабылдай білген халықты да – өркениетті ел қатарынан сызып тастай алмас едік. Жалпы тарихтың да, жағымды, жағымсызы болмайды. Қандай қылығы болса да, өткен күннің бәрі – тарих. Міне, сондықтан да, Қ.Жұбановтың «Ал, Хожа Ахмет кезіндегі қауымды: «олар – қауым емес», – еді деп айтуға біздің қандай хақымыз бар? Сонымен бірге, біз: - «Диуани хикмәт» бізге ешнәрсе бермейді, тексеруге тұрғысыз, өйткені сол кездегі қауымның ешбір тұрмыс-тіршілігін, дүниеге көзқарасын бізге бейнелеп көрсетпейді», – деп айта аламыз ба? Жоқ, айта алмаймыз, ескісі болсын, жаңасы болсын – қандай әдебиет болса да бәрібір – ілгеріде өткен қауымның өмір тіршілігін біздің көзімізге елестетпей қоймайы. Яғни ол әдебиет сол қауымның саяси құрылысын, мәдениет халін, шаруашылық күйін, дүниетану көзқарасы дәрежесін, әдет-ғұрпын, қысқасы нені жақсы, нені жек көретінін бізден жасыра алмайды. Өйткені, біз: қандай адам болмасын, ол – сол бір кездегі туған, өскен орталығының, әлеумет пен қоғам орталығының жемісі еді, - деп білеміз» - деуі де өте заңды еді.
«Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» еңбегін зерттеушілер тек қана тарих пен философия мәселелерін ғана көтерген деп біржақты бағалай қоймас. Әдебиет өкілдерін зерттей отырып, тарихи, қоғами деректерге көбірек қол созу себептерін, ғалымның мына сөздері түсіндіре түскендей: «... «Диуани хикметтің» сөзінің мазмұнын сол өз заманының құбылыстарымен, жалпы қоғам тіршілігінің жалпы жағдайларымен байланыстыра тексеруіміз керек. Қазақтың данышпан Абайы: «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, Әр нәрселерге өзіндей баға бермек, – дейді. Бұл Абайдың: «бір құбылысты тексергенде, ең соңғы шегіне шейін, егжей-тегжейіне дейін қалдырмай тексер және оны өз жағдайымен байланыстыра тексер», – дегені емес пе?».
Қазақ тіл білімінің негізін қалаған профессор Құдайберген Жұбановтың фольклор мен әдебиет мәселелерін шешуге тырысуы да тегін емес. Алдыменен, айтар едік, Қ.Жұбанов – жан-жақты білім көзін пайдаға жарата білген ұлы ғұлама. Тілші тек тіл проблемаларымен ғана айналыссын деп жазылған жоба жоқ қой. Тума талантты үлкен ғалым, ізденімпаз зерттеуші қазақ халқының өркениетті ел қатарына қосылуын, халықтың әрбір азаматының білім алуын көздегендіктен, ел кәдесіне жарайтын біліннің қайнар бұлағының бар нәрлісін өз тарапынан да ұсынуға тырысты. Қай шығармасын алсақ та, біреуге бірдеме білгізсем деген адал ниеттің ұшқынын аңғарамыз. Қ.Жұбанов: «Тарихи әдебиеттердің деректері түрткі болып, Хожа Ахметтің «Диуани хикмәтін» тауып оығаннан кейін, қазіргі жастарымыз үшін ол туралы бірнеше пікір айтуға мәжбүр болдық. Міне, осы баяндалып отырған жайлар солардың біріншісі болмақ» деп толғанады.
Қ.Жұбанов әдебиеттің тарихилығын негіздемек жолда, алдыменен Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» тарихи құнды дерек ретінде көрсеткіш бола алатынын айтады. Ол Хожа Ахмет Яссауи толғауларында суреттелген қанды қырғынның туу себептерін, шапқыншылық зардаптарын түсіндіреді. 95-толғауға негіз болған оқиғаны автор тарихи деректермен түсіндіреді. Бұл тарихи оқиға 12 ғасырдың алғашқы ширегінде Орта Азияға қара қытайлардың басып кіріп, Амудария, Сырдария өзендерінің бойын мекен еткен халыққа көрсеткен шапқыншылық әрекеттер еді. Осы тұстағы тарихтың қанды парақтары Қожа Ахмет Яссауидің 95-толғауынан көрініс тапқан деп, Қ.Жұбанов толғаудың қазақ тіліндегі нұсқасын береді.
Әрбір сөздің астарынан тарихтың терең тамырын табуға тырысқан ізденімпаз зерттеуші, ақын толғауларындағы кейбір бейнелі сөздерге былай деп түсінік береді. «Бесіншіден, «Ботадай аңырап қалған боздайды олар» деген бейнелі сөз бен ұл, қыздарына «қозым», «ботам», «құлыным» деп тіл қатуларына, ат берулеріне қарағанда, ол кездегі Қожа Ахмет елінің күн көрісінің негізі ауыл шаруашылығы, мал өсіру болғаны байқалады» – дейді Қ.Жұбанов. Ақын дегенмен де, бар үмітін арман қанатына байлаған ел қиын-қыстау шақтан шығар жол бар деп біледі. Ертегілер мен батырлық жыр-дастандар дәстүрімен көркемдік дәстүр жалғастығын тапқан жазба әдебиет мұрасында да «қыспақтан құтқарар ержүрек батырдың күні ертең қол ұшын созарына» сену бар.
Зерттеуші: «Алтыншыдан, толғауда: «Ардақталып өскен есіл ғана сәулелерім-ай! Қайтейін, жаудан қорыққаннан жүректерің ұшып кетті−ау!» деген сөздер мен «Жанымнан артық көрген жан сәулелерім−ай! Қайтейін, дінсіздердің қолына түсіп қор болдыңдар-ау!» − деп іші-бауыры елжіреп, ұлдардан айрықша, жаудың қолына түскен қыз бен әйелдерді шын жүрегімен есіркеуі − сол кездегі адамдардың әйелге деген көзқарасының қандай дәрежеде екендігін көрсетеді», − дейді. Жалпы, Шығыс, Орта Азия халықтарының ішінде әйел жынысты өкілге байланысты шығармалар – өз алдына бір алуан тақырып болып келеді. «Әйел – ер адамның қабырғасынан жаратылған» дейтін ұғымдағы түркі тектес халықтардың түсінігі Хожа Ахмет Яссауй шығармаларында жоққа шығатын секілді. Қ.Жұбановтың айтуы бойынша, әйел баласына «төмен етекті» деп қараушылық, ислам діні күштеп енгізілген араб басқыншылығын кейінгі уақытта қалыптаса бастаған. Ал көне заман тұсында, яғни «ертедегі ата-бабаларымыздың ескі салт, көне дәстүрінде әйелдерге кемсітушілік көзбен қараушылық болмаған тәрізді». Әйелге – ақылшы, кеңесші ретінде қарайтын ізгі дәстүр көрінісі «Қорқыт ата кітабында» да кездеспейтін бе еді? Бұл тұрғыда зерттеуші Н.Келімбетов: «Қорқыт ата кітабы» – түркі тектес халықтардың ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін танытатын әпикалық, әрі тарихи мұра, – деп баға береді. Және «Қорқыт ата кітабындағы» Дерсеханұлы Бұқаш туралы жырдан әйелге көрсетілер зор құрмет туралы дәлел келтіреді.
Қ.Жұбанов ақын толғауларына қарап, әйел адамға деген оң көзқарастың, яғни абзал ана, адал жар, қадірменді қарындас ретінде сыйластықтың сарыны Яссауи тұсында алабөтен ерекше екендігін, бұндай аяушылықпен ардақтау сезімі 12 ғасырдан бұрынғы өткен тарихта да, Бұхар жырау тұсындағы заманда да болмағандығына ерекше көңіл аударады. Дегенмен де, ғалым Бұхар жырау тұсында әйел адамға қатысты айтылатын жыр-толғаулардың да аз кездеспейтіндігін мүлдем жоққа шығармайды. Өйткені, Бұхар жырау толғауларынан мысал келтіріп, «Хожа Ахметтен 600 жыл шамасындай кейін өткен Бұхар жырау: ...Ардақтап жүрген бикешің, Жылай да жесір қалмасқа, -
деген жырында, аз да болса, ерлердің әйелге жыныстық көзқарасы туралы пікір жоқ емес. Мұнда: «ердің өзінің өлгенінен де, әйелінің соңында жылап қалғаны ауыр», - деген пікір бар. Бұхардың тұсындағы қазақ еркектерінің әйел туралы бұл пікірі – Яссауй тұсындағы халық ерлерінің әйел хақында түйген пікірлерімен ұқсас. Ал енді бірде Бұхар жырау: «Әйел ерді хұлқымен күйдіретін, назы-бояуымен сүйдіретін болсын», – дейді. Мұнысы Оқтябрь революциясының алдындағы қазақ ерлерінің әйел затына деген көзқарасына бір табан жақындай түсетін тәрізді», – дейді.
Зерттеуші әдебиетіміздегі әйелге қарым-қатынас мәселесін әр заманнан дерек келтіріп, түрлі көзқарас тұрғысынан тексере білген. Әдеби шығармаға – қоғам шындығын ашушы дерек көзі ретінде қараған ғалым, ХХ ғасыр басындағы қазақ әйеліне деген қатынастылық сипатын тағы да көркем туындыдан тауып, ақын С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» поэмасынан қоғамдық шындықтың ізін табады. Төңкеріске дейінгі уақытта «жас жігіттердің әйел-қыздарға айтатын ғашықтық арнауларының жалпы сарыны мынадай болатын деп Сұлтанмахмұт шығармасындағы кейіпкер басынан мысал келтіреді. Автор көне дәуірден Қазан төңкерісіне дейінгі замана шындығын көркем шығармалардан іздей отырып, өзіндік тұжырым жасайды. Әйел адамға құрметпен қараушылық, әйел-қызды еркекпен тең көріп, қыз басына еркіндік берудің кейбір көріністері көне дәуірдегі ата-баба дәстүрінен байқалады. Шындығында да, қазақ халық ауыз әдебиетінің кейбір жанрлық түрлерінде, мәселен, «Аяз би» ертегісінен біз білетін Меңді сұлу, шешендік сөздердің айтушысы Жиренше шешеннен ақыл-парасаттылығы кем түспейтін Қарашаш, эпостық жырлар желісіндегі ақылына көркі сай, қыз қылығымен даналық дәстүрлерін бойларына қатар сіңірген, қажет кезінде батырлық пен ержүректілікті де таныта білген ару қыздарымыздың жұлдызды шоғырының ізі - өткен тарихымызда жоқ емес, әрине, бар. Халық аузында «Әйелдердің жолы үлкен», «Қыздың жолы – жіңішке» деп бекерге сақталмаған болар. Ал одан беріде «Әйелдің шашы – ұзын, ақылы – қысқа» деген көзқарастың пайда болуы да ақиқат. «Әйел адамның ақылы шолақ» деп қараушылық, Қ.Жұбановтың көзқарасынша, ислам дінінің біртіндеп халық санасына сіңісуімен байланысты болса керек. Зерттеуші 14 ғасырлардан тарихи деректі мысалға келтіреді. Арабтың атақты араб жиһангері Ибн Батута дешті қыпшақтың өзбек хандығындағы әйелдердің еркіндігін көріп таңқалғандығын жасырмайды дейді. Ислам дінін қабылдаған мұсылман санатындағы қазақтар арасында да әйелдерге «қоғамның кем мүшесі» ретінде қараушылық біртіндеп дәстүрге сіңісіп кеткен. Қ.Жұбанов өз зерттеуінде әйелдерге қарым-қатынастың түрлі деңгейде болғандығын көркем шығармалардан мысалмен дәлелдеуге тырысқын. Яссауй тұсында әйелге адамшылық көзқарас басым болды. Тіпті Хожа Ахметтің өзі «суфылық жиналыстарына ерлермен бірге жас әйелдер мен қыздарды да қатынастыратын болған» дей отырып, «Соның үшін Хожа Ахмет Баба Мәшіннен 500 қамшы жеген болатын» – дейді. Ия, шындығында да, Яссауй шығармаларында әйелге деген сыйластықтың терең ізі анық байқалғанымен, бұндай көзқарасты барлық қоғам түгелдей қабылдай алмаған. Расында да, Бұхар жырау тұсында қазақ әйелдеріне екіжақты көзқарастың қатар жүргендігіне, Сұлтанмахмұт заманында қыз бала мен әйелдерге адамшылық қатынастың жоққа жуық болғандығына тарих куә. Ал тарихтың жүріп өткен жолы осы үш ақынның көркем туыныларында жосылып жатқан секілді. Зерттеуші атап өткендей: «...біз қазақ тарихының үш дәуіріндегі үш кісінің аузымен әйелдер туралы айтылған бұл үш өлеңнің бір-бірінен азды-көпті мазмұндық басқалығына таңырқарлық ешнәрсе жоқ деп білеміз».
Профессор Қ.Жұбанов толғаудың мазмұндық желісі бойынша топшылаулар жасай отырып, Қожа Ахмет Яссауидің тек діншілдік сарында жазған мистик ақын еместігін, тарихи тағдырды тап басып жаза білген ақын деп бағалап, және оның шығармаларының халықтың өмірлік халін танытуда аса зор маңызы барлығын дәлелдейді. «Кейбіреулер Хожа Ахметті: «Ол кісі мистикаға салынған, бұл дүниеден қол үзген адам. Сондықтан, біздің қазіргі өміріміз үшін «Диуани хикмәттің» сөзінің ешбір керегі жоқ», - дегісі келеді. Негізінде бұның өзі дұрыс пікір емес. Бұл Хожа Ахметті ғана дұрыс танымағандық болмайды. Сондай-ақ, бұл тек Хожа Ахметті ғана дұрыс танымағандық болып қалмайды, сонымен бірге бұл адам қоғамының өсіп, өну тарихын түсіне алмағандық та болып табылады» – деген күшті айтылған, ұтымды пікірін білдіреді. Сөйтіп, Қожа Ахмет Яссауи шығармасының қоғамдық тарихилығын орынды атап көрсеткен профессор, өз тұстастарының ішінде бірінші болып әдебиеттің – әлеуметтік деректілігін, оның ішінде өзге жұрт «Яссауи әлемі – діни тұман» деп сыртқақпайлап жүрген Қожа Ахметтің ақындығын дәлелдей тауып айтады.
«Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» зерттеуінің «Қожа Ахмет Яссауидің 95-толғауы туралы» тарауындағы тағы да бір келелі ой сарыны, Яссауидің «Екінші дүниеге ынта қою себептеріне қатысты өріледі». «Әлі жетпеген ақыретшіл!» – дегендей, өз заманының қоғам құрылысындағы теңсіздікке наразы болған, бірақ өз қолымен әлеуметтік теңдік орнатуға күші жетпеген Қожа Ахмет бұл дүниедегі өмір тіршіліктен, қоғам өміріне көңілі суып, ақыреттен «мәңгі қызық» іздейді. Өзім де, өзіне ерген басқаларды да сол «екінші дүниедегі» мәңгі бақытқа жеткізудің жолын көксейді. «Екінші дүниедегі» мәңгі бақытқа жетудің ең төте жолы – пақыр мен міскенге, жетім мен жесірге, ел ішіндегі аздар мен әлсіздерге, қиякелді қара қарындар мен мусафир – жолаушыларға жәрдемдесу, қоғам әлеумет арасында әділетті тәртіп орнату деп түсінеді, басқаларға да солай түсіндіреді.
Әлем әдебиетіндегі діни-идеялистік бағыттағылардың басын біріктіретін танымал ақындармен Қожа Ахметті біртұтастықта қарастырып «нақты дүниеден» безушілік сарынында жазылған өлеңдердің «қоғам тіршілігін көрсететін құрал болғанын да ұмытпау керек» және бұл сарын «олардың халықаралық әдебиет қазынасына үлес қосқан ірі ақын болушылықтарына ешбір нұқсан келтірмейді, келтіру де мүмкін емес» – деп тұжырымдайды Қ.Жұбанов.
Ахмет Яссауй шығармашылындағы дін мәселесі – ең басты тақырыптарының бірі. Ақындық шеберлігін діни уағызбен көркемдеген Хожа Ахмет Яссауй шығармаларының құндылығы еш уақытта да жойылған емес. Қазақ тарихындағы ислам дінінің күретамыры – Яссауй хикметтерінен бастау алады десек, артық айтқандық болмас. Айтар ләзімі – халық құлағына жат болмағандықтан да, ел санасына ғұмырлық сіңісті болды. Ақынның сөзі мен ісі қатар қабысып, елді имандылыққа шақырып, Алланың құлы болуға үндеген қасиетті сөздің иесінің өзі де, шын мәнінде Жаратқанның шын сенген құлы болды. 63-ке келгенде, пайғамбар жасынан аспаймын деп, қылуетке кірді. Алланың құдіреті тұла бойындағы тұнған талантты өшірткізбей, туған жұртына мәңгілікке бағыт алған хикметтерін жаратқызды. Бұл хикметтер – халқының бағына бола аман сақталды.
ХХ ғасырмен бірге келген «қызыл топалаң», «қанды қырғын» Яссауй хикметтерінің құдіретін жойып жібере алған жоқ. Жүрген жерінің бәрін «атеизм» аталатын «жаңа дінмен» жалмап жатқан төңкерісшіл заманда, Құдайберген Жұбанов секілді ғұлама ғалымдардың арқасында жаңа жұрты Хожа Ахмет Яссауйді қайта таныды. Қара киім киіп, «қаралы хабарды» жасанды жолмен жасай жүріп, жай жатқан халықты жанкештілікпен өмір сүруге мәжбүр қылған, дін атаулыны еріксіз құртып жіберуге ұмтылған өткен ғасырдың «сталиндік зұлматында», «құдай берген» ғұлама – Жұбановқа діндар да, ділмар ақын Яссауйді дәріп тұтқан зерттеуді жазғызған қандай құдірет десеңізші? «Діннің өзін – адамшылық діні» етуге үндеген Қожа Ахмет Яссауйдің жан дүниесін тым тереңнен танып, бар әлемнен Яссауйлермен үндес жұлдыздар шоғырын табуға талпыныс жасап, іргелі зерттеу жүргізген Қ.Жұбановтың азаматтық болмысында қаншама ірілік жатыр...
Қожа Ахмет Яссауйдің кім екендігін танытуға тырысып бағып, құдіретті ақынның ата-тегін таратып айтып, ғұмыр кешкен қоғамының ақиқат шындығын әлеуметке ашқан, асқақ арманы мен кісілік көзқарасын ажыратып түсіндірген, Жаратқан Алланың атын жан-тәнімен сүйген, ақиқаттың ақ-қарасын ашпақ болып, көзі тірісінде қараңғы көрдің көлеңкесінен де қорықпастан, «жер ұжмағын» табуға ұмтылған жанның «Диуани хикмет» атты даналық дүниесін халқымен қайта табыстырмақ мақсатпен «Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» еңбегін зерттеген Қ.Жұбановтың «Яссауйтануға» қосқан үлесі қисапсыз. Дінді уағыздай отырып, Хожа Ахмет Яссауй – қара халықтың жақтаушысы болды, мал мен байлық жиюды ғана ізгі мақсат еткен пасықтарды жек көрді, көкірегіне нан піскен, адамшылық жолын ұмытқандардың мүддесін құптамады. «Ұлық болсаң кішік бол» деп халқымыз қағидалап кеткендей, «тәккабарлықты» ешқашан жөн көрмеді. Міне, Қ.Жұбановтың Яссауй жайлы зерттеуін оқи отырып, осындай терең толғаныс туды. Зерделі жанның сөзге зергерлігі арқасында «Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» деп аталған ғылыми еңбек – Хожа Ахмет Яссауйдің «Диуани хикмәті» сынды күні бүгінге дейін мәңгілік өміршеңдігін жоғалтпады.
Ахмет Яссауй мен 14-15 ғасырларда өмір сүрген Шығыс шайырларының арасында біртұтас үзілмес ойлы көзқарас желісінің жатуы да негізсіз емес. Шығармаларында бұл дүниенің ләззәтын татқаннан, о дүниенің рахатын көру арманы жиі кездесіп отыратын Яссауй мен Науаи, Фзули, Сағди, Хожа Хафиздарды ортақтастырған «діншілдік сарындар мен нақты дүниеден безушілік идеялары...» – «олардың халықаралық әдебиет қазынасына үлес қосқан ірі ақын болушылықтарына ешбір нұсқан келтірмейді, келтіруі мүмкін де емес», – деп бағамдайды Қ.Жұбанов.
Түркі тілдес халықтар әдебиетінің білгірі Қ.Жұбанов Шығыс классикалық әдебиетінің жарық жұлдыздарының шығармашылықтары жайында да жан-жақты талдау жасарлық, кең диапозонды ғылыми зерттеушілік талантын танытады. Аталған еңбекте Әлішер Науаи, Мұхаммед Фзули, Сағди, Хожа Хафиз Ширазилардың барлығына ортақ тақырып – Аллаға ғашықтық идеясына үндеген шығармаларына талдау жасайды. Автор өз зерттеуінің Ахмет Яссауй мен шығыс классиктері арасындағы үндестік мәселесін бағамдауда да терең білгірлік танытқан. Аллаға сүйіспеншілік сезімі мен адамгершілік әлемі қатар астасқан діндар ақынның жүрегін тербеген сан алуан сезімді терең иіріммен түйсініп қабылдай білген профессор Құдайберген Жұбанов, Яссауй үнін шығыс шайырларынан естігендей болған-ау деген ой туындайды. Өйткені, Ахмет Яссауй пендешілігі басым жарық дүниенің бар қызығынан баз кешіп, Жаратқанның елшісі Мұхаммет пайғамбардың жасынан аспаймын деп, Алласына біртабан жақын болмақ ниетпен, тірі күйінде өлінің кебін кешсе де, бар бақытқа қолы жеткендей күйге түскен. Өмірдің бар қызығынан ада бола отырып, мәңгілік ризалыққа қолы жеткен Хожа Ахмет Яссауйдің танымы Әлішер Науаиде таңбаланғандай. Қ.Жұбанов, енді бірде Ахмет Яссауйдің о дүниеге үміт артқан, бұл дүниенің пендешілік қылықтарына тойынған, сөйте тұра, адам баласын түгел гуманизмге үндеген, ізгілікке толы жандүниесінің рухын шығыс ақыны М.Фзулиден танығандай болады.
Кеңес өкіметінің төңкерісшіл қоғамы енді орнығып, салтанат құра бастаған «Алла сөзін» аузына алғандарды қызыл қырғынға орап жатқан қысылтаяң уақытта, Хожа Ахмет Яссауй туралы сөз қозғамақ түгілі, іргелі зерттеу жүргізу, тіпті Яссауймен үндес шығыс шайырларының «құдайшыл» өлеңдерін халыққа жеткіземін деген мақсаттағы Құдайберген Жұбановтың ерлігіне «тәңірі таңдай қағар!». Қ.Жұбанов Хожа Ахмет Яссауй тармағының терең бір тамырын «иранның атақты ақыны» Хожа Хафизден табады. Хафиздің мағыналы жырларын мысалдатады. Міне, осылайша, профессор Қ.Жұбанов Хожа Ахмет Яссауй мен шығыс классиктерінің шығармашылығындағы ортақ тақырыпты табудың үздік үлгісін бізге көрсетіп беріп кетті. Діни-идеалистік көзқарастары арқылы бір тыныспен дем алған түрлі дәуір мен түрлі қоғамның мықты ақындарын талдай келе, тың тұжырымды ұсынады: «...нақтылы дүниеден безіп, екінші дүниеге ынта қоюшылық жалғыз Хожа Ахметтің басында ғана болған уақиға емес екендігін, бұндай ұғым-түсінік – Хожа Хафиз, Сағди, Науаи және Фзули сияқты шығыстың атақты ақындарының да басында болған жағдай екенін көреміз. Сол дәуірдегі қоғамның әлеуметтік, шаруашылық, саяси құрылысымен байланысты туып, ислам дінінің әсерімен одан әрі күрделене түскен осынау идеалистік дүниетаным екендігі де белгілі.
Батыста болсын, шығыста болсын дүниеден өткен бұрынғы атақты ақындардың әрі де идеалистік-діни көзқараста еді. Міне, олай болғандықтан, Хожа Ахметті өз тұсындағы қоғамнан және өзінің алды-артында ғұмып кешкен араб шығысындағы, Орта Азиядағы басқа ақындардан бөліп қарауға болмайды. Сонымен бірге әдебиет әлемінегі ескі шығармалардың өз кезінде қоғамның өмір-тіршілігін көрсететін жақсы құрал болғанын да ұмытпау керек». Ия, «қандай мазмұнды толғау болса да, оның келіп тоқтар жері – құдайға ғашықтық», тақырыбы Яссауиге ғана тән емес, Орта Азия, Шығыс халықтарының ақындарының бәріне де ортақ дәстүр екендігін Құдайберген Жұбанов зерттеуі танытты деп білеміз. Бұдан шығатын қорытынды, Орта Азия, Қазақстан, Шығыс елдерінің әдебиет өкілдерінің көрнекті туындыларының бәріне де тән белгілі бір тақырыптардың көтерілуі, ізгі әдеби жалғастықты танытады.
Қ.Жұбанов «Хожа Ахмет Яссауйдің армандары» деп санаттаған тақырыпшада жеке тұлға мен қоғам арасындағы байланыс мәселесіне қатысты тұжырымды ой-пікірлерді түйіндейді. Жеке адам қиял кезіп, арман сарайына қонақтаған пенде ғана емес, ар-ожданы мен сана сезімінің шақыруына орай, ірі кісілік қасиеттерді орындай алатын басты тұлға болып табылады. Қоғам мен сол қоғамның мүшесі – адамды бір-бірінен бөлім алып қарамаған жөн. Сондықтан да, ізгі мақсаттағы адам баласын өзі өмір сүріп отырған заманынан тыс алып қарастыруға әсте болмайтындығы жөнінде Яссауи дүние-толғамы арқылы Құдайберген Жұбанов тұлғалы тұжырым жасайды. Ақындар қай уақытта да асқақ рухты адамдар ғой. Хожа Ахмет Яссауй – алдыменен, ақын, шебер ақын. Ақындар, қашаннан елінің ойымен үндес, жүрегімен сырлас. Оларға кіршіксіз адалдық керек. Ал адалдық, әділдікпен егіз емес пе? Ал ақын Ахмет Яссауй – адалдық пен әділдікті әсем арманның қиясына қонақтатқан. Қолы жетпеген арманын діни әлемнің періштедей пәктігінен тапқан.
Қ.Жұбанов: «Хожа Ахмет қатынаста әділдікті арман етеді. Өз заманындағы әлеуметтік құрылыстың теңсіздігін көріп ызаланады. Қоғам, заман жайы, елді әділетті билеу идеясында жазылған шығармалар түркі тектес халықтар әдебиетінде бұрыннан келе жатқан тақырыптардың бірі. Мәселен, бұл сөзімізге данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші, ақын Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактаты дәлел. «Діннің өзін адамшылық құралына айналдыруды» әдемі арман еткен Яссауилер мектебі, «азабы мол өмірдің көп шиыры көңілдерін күрт түсіріп», ақындық-балаң жүрекпен, «о дүниеде әділет бар», деп уағыздау арқылы халқының қобалжулы жан – пернелерін қалыпқа түсіре үміт отын оятады.
Қ.Жұбанов аталған зерттеуде «кәпір» ұғымына түсінік беріп отырады. Бұл сөз – араб сөзі екендігіне көңіл аударып, беретін мағынасы, «құдайдан безген», немесе, «құдай – бір» дегенді жоққа шығарушылық, жалпы «дінсіз» деген мәндегі сөз. Зерттеуші ақынның: «Сүннет ерміш кәпір болса берме азар, Көңілі қатиқ діл азардан хұда бизар» - деген жолдарын «Кәпір болса да, ешбір адамға азар берме. Үйткені, жазықсыз жанның көңілін қалдырған қатыгез пиғылды адамнан құдай безеді» деп қазақшалайды. Қ.Жұбановтың айтуынша, қасиетті Құран кәрімнің өзінде «кәпірлерді тапқан жерде өлтіре беріңдер» делінсе де, Ахмет Яссауй құранда жоқ нәрсені ойлап тапқан. Қаншама жерден діндар болса-дағы, бір жағынан ақын болғасын жерде ме, әйтеуір Яссауйдің арман-тілегі жалпы жұрттың түгел тыныштығының үстінде. Бұл арада, мұсылман болсын, мейлі кәпір болсын, жазықсыз қан төгілмесін деген көзқарасты ұстанады. Осындай арман тілегі құранда айтылмаған «кәпірді өлтірме» қағиданы ойлап тапқызып, әлеуметке үгітін жүргізеді. Зерттеушінің пікірінше, Хожа Ахмет Яссауй – ағартушылық идеялардың авторы. Оның ағартушылық идеясы өзінің арман-тілегі өрнектелген өлең жодарынан көрінеді. Яссауйдің басты арманы - әділ үкімет пен әділ патша, момын қази елге билік етсе. Өзінің тарапынан, ел арасында адамгершілік ғылымын насихаттауды мақсат етеді. Осы мақсатты іс жолында аянбай қызмет ететіндігіне ел-жұртты сендірмекші болады. Хикметтерінің бір парасында елге зорлық жасап отырған, ақиқат жолынан тайған жандар «о дүниеде» тозаққа түспек десе, енді бірде батасы теріс жүрген әулиесымақтар мен кері кеткен шайхтардың кесірінен қарапайым халықтың басына былық төнді деп қайғыға батып, ашынады. Қайшылығы көп қоғамда діндар ақынның басты міндеті – ел ішін жақсылыққа үндеген үгіт сөзін айту деп біледі. Профессор ҚЖұбановтың «Хожа Ахмет Яссауйдің армандары» деп тақырыптаған тараушадасын оқи отырып, біздер де ақын көкірегіндегі көкйтесті арман-мүддесінің шынайылығына көзіміз жетті. Ақынның өлеңдер топтамасынан зергер зерттеуші Яссауидің армандары таңбаланған 128, 102, 32, 69, 70-ші хикметтерді талдайды. Аталған хикметтерді Яссауи шығармаларынан тақырыптап талдап, түркі тіліндегі нұсқасын қазақша мағыналап береді.
Ешбір қоғамда заң жүйесі болып қабылданбаса да, адамдар арасындағы сыйластық қарым-қатынастардың жемісі, өмір сүрудің басты бағыты болып табылатын – адамшылық заңы қашаннан да бар. Адамшылық заңына қайшы келетін әділетсіздіктің жасаушысы да адамдардың өздері болады. Адамшылық қылыққа жатпайтын ақымақтық істердің жоюшысы да – адамдар. Өмірдің күрес болатын себебі де сондықтан. Адамгершілікке жат болып келетін істердің бір көрінісі – шындығында да, зорлықшыл болу, кісі ақысын жеу, қанау. Ал, Яссауй арманына негіз болған асыл істер де, адал жолмен ғұмыр кешу. Ол жұртты жарлап шақырған өзінің ізгілік идеясына көнбестік білдіргендерді, амалсыздың күнінен «махшар күнімен» қорқытпақ болады. Дін жолына уағыздаған адамның өзі де, ұстанған дініне берік, Алланың жолына шын берілген, ақ жүрек жан болғаны жөн. Қ.Жұбанов Яссауйден көрсетіп берген 32-хикметтегі: «Әулие, шайхтардың батасы қабылдығы болмады. Міне, осылардың арқасында қара халық үстіне түрлі бәле жаууда, достарым-ау!» деген сөз асылының нәзік иіріммен берілген түп негізінде, ақынның «балық – басынан шіриді» дегендей, алла сөзін аузына алғандардың кейбірінің «аңқау елге арамза молдасымақ» болып жүргендеріне «қарыны ашқан» ақынның көңілі сазғандығын аңғарғандаймыз.
Яссауйдің 69-хикметін талдау талқысына алған зерттеушінің «хал ғылымы» деп аударған қолданысы ерекше көрінеді. Сол қолданысты мысалдап келтірсек:
«Қаю ерде ғазизларның жамғи болса,
Ошал иерде хал ғылымни айғум келур,
Аларни сухбатни хошласам мән
Өзімні өзлариға қатқум келтүр», –
деп жырланатын жолдарды Қ.Жұбанов «Қай жерде ізгі адамдардың жиналып отырған тобын көрсем, солардың арасына барып хал ғылымын, яғни адамгершілік ғылымын айтқым келеді. Егер менің сөзім оларға жаққандай болса, яғни оларды қызықтырғандай болса, өзімді солардың арасына бергім келеді» - деп мағыналапты. Қазақта хал сөзінің қажетті тұста айтылуы, мәселен, «хал-жағдай сұрасуда» қатар келетіндігін ескерсек, бұл ұғымның мәнісі – амандық білу деген түсінікті білдіреді. Адамгершілікің ең түпкі көрінісінің бірі, әрине, адамдардың бас амандығы емес пе? Хожа Ахмет Яссауйдің де хал ғылымын, яғни адамгершілік ғылымына теңестіруінің өзінде зор мағына бар. Яғни, бұл арада ақын түсінігіндегі адамгершілік – амандықпен байланысты.
Ақынның әдеби мұрасын бағалау үшін зерттеу жүргізген Қ.Жұбанов, тілші-ғалым болғандықтан да, әрбір сөздің астарына ерекше үңіледі. Ахмет Яссауйдің 70-хикметтен үзінділеп берген жыр жолдарын «Қолыма достық таяғын алып, иініме ізгілік шапанын жамылып, махаббаттың қауырсынымен құстарша қанаттанып, ғылым-білім бұтағына қонып алып, халық үшін, адам баласы үшін жағым түскенше сайрасам» деп маржан сөзбен тәржімалап береді. Және «Достық таяқ, ізгілік шапан, махаббат қауырсыны деген тіркестер – ескі теңеу сөздер» екендігін айтып өтеді. Соныменен, «Мұра-хаттар. Түркі әдебиеттер тілінің танымы» зерттеуіндегі «Хожа Ахмет Яссауйдің армандары» қандай деген сауалдың жауап сөзін Құдайберген Жұбанов былай деп тұжырымдаған: «Міне, бұл келтірілген мысалдадан біз, Хожа Ахметтің жалпы адам баласы үшін ізгі ниетті, әлеуметшіл ағартушы болағанын байқаймыз. Өйткені ол ел-аймақта әділ үкімет болуын тілейді. Адам баласының бір-біріне мейірімді болуын арман етеді. Осы жолда өзі аянбай қызмет етуге даяр екендігін мәлім етеді. ...Міне, осы айтылғандардың бәрі де Хожа Ахметтің дүнияуй армандары еді».
Хожа Ахметтің әлеуметтік көзқарастары туралы келелі сөз қозғаған профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов, бұл тұста да өзінің де гуманистік идеясын қоса танытады. Жалпы, төбеден төнген сырттай ақыл ешқашан елдің санасына сарайлаған емес, сондықтан да халықпен бірге. Сөз сонда ғана өтімді, міне, діни поэзияның өмірге келу сырының әлеуметтік себептері де осы болуы керек. Бұндай тұжырымды ойымыздың түйінделуі Қ.Жұбановтың «Мұра-хаттары...» зерттеуінен соң да беки түседі. «Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» аталған осы еңбектегі терең ойшылдық, Қ.Жұбановты мұсылмандардың санаулы философтарының қатарына қосқызады. Қожа Ахмет Яссауидің, оның «Даналық кітабынан» тек дін төркінін іздеп қана қоюдың қателік болатындығын, олай етсек әдебиетіміздің тарихына балта шабатын өзіміз болатындығын білгізген Қ.Қ.Жұбанов туралы айтылар ой толғақтың таусылар түбі жоқ-тай.
Зерттеуші Б.Г. Нұрдәулетова былай деп жазады: «Қ.Жұбановтың «Диуани хикмет» зерттеуінің маңыздылығы, оның әдеби танымы мен тілдік табиғатында ғана емес, сонымен бірге мұндай жәдігерліктердің халқымыздың өткеніне бойлау үшін белгілі бір дәуірде ата-бабаларымыз өмір сүрген қоғамның тарихи-саяси, әлеуметтік күй-жайын бағдарлау үшін де маңызы зор екендігін атап көрсетеді». Ия, шындығында да, орта ғасырлардағы түркі шығыс әдебиетіндегі дәстүрге айналған тақырыптардың бірі – жетімдер мен қара халыққа жәрдем беру, қайырымдылық қолын созу мәселесі еді. Бұл дәстүрдің ізгі көрінісі Қожа Ахмет Яссауиде де жатыр. Қ.Жұбанов ақынның хикметтерінен ізгілік идеясына шақыратын мысалдар келтіреді. Таптық қоғамның айқасында ақындар – халықтың сөзін сөйлеп, сойылын соғушы қоғамның негізгі тұлғалары болды. «Қайыршылықтың қырыққбатына» шырматылып жүрген мүскіндерді әлеуметтік жағынан жылы сөзімен болса да жұбатып, көмек қолын шқыруда үгіт-насихат әңгімесімен жалпақ жұртты ұйытқан жандар – ақындар еді. Хожа Ахмет Яссауй де гуманистік қоғамның қалыптасуын қалаған әлеуметтік көзқарасты иемденді. Зерттеуші Қ.Жұбанов «ғарип» сөзінің этимологиялық негізін іздейді. Арабтардың «ғарип» деп туған жерінен жырақта, өзге елде кірме болып, келімсектеніп жүрген жандарды атайтынына тоқталып өтіп, әдеби шығармадан тарихи деректің ізін аршуға тырысады. Ол тұста ру мен ру арасындағы тартыстарың жиі болуы себепті, қақтығыстардың қырсығынан «қара қарындардың» қаптап кету көрінісін Яссауй хикметтерінен көретіндігін жазады. Яссауйдің ізгілікті орнатуға ұмтылған арманын Асан қайғының еліне «жер ұйық» іздеген әрекетімен байланыстырады. Екі ақынды табыстыратын арман жеке басына бақыт сұрап сансыраған пенделік мүдде емес, бірі – төменгі топ өкілдеріне, әлсіз адамдардың қолын «құдайдың құдіретімен» әлеуметтік теңдікке жеткізу болса, енді бірі әлеуметтік теңдік аңсаған қарапайым халық қоныстанатын «жер ұйық» жерді өзі іздеп табу арманы. Асан қайғының есімі аңыз әңгімелер арқылы ел санасына әбден сіңісті болған. Яссауйдің «дүнияуй» арманының сырын түсіндіруде елдің ертеректен жақсы танып білгені Асан қайғының әрекетімен байланыстыра отырып ұғындыру тәсілін зерттеуші оңтайлы келтірген.
Қ.Жұбанов «Хожа Ахметтің шындық іздеуі» туралы тарауында әлеумет пен қоғам, замана арасындағы ақын тануға тырысқан «шындық елісін» зерделеуді мақсат етеді. Аталған тарауда Қ.Жұбанов Ахмет Яссауйдің тұлғасына тән басты қасиеттерді адамзаттық белгілермен ұштастырады. Зерттеуші: «Хожа Ахмет қараңғы бөлмеге кіріп алып, құр жылаумен бос қарап жата берген адам емес, ол ізденген ойшыл адам: ол адам баласының бақыты үшін шындық жол іздеген адам», – дейді. Ахмет Яссауйге берілген бұл бағаның мәнісін Қ.Жұбанов былайша түсіндіреді: «Әлеумет – қоғам ішіндегі әр түрлі теңсіздікті Хожа Ахметтің көзі шалады. Ол алдымен панасыз жүрген, шерлі көкірек жетімдерді көреді. Қайғылы қара борбай кедейлерге, күштілерден күнде езіліп, зорлық-зомылық көріп жүрген әлсіздер мен аздарға көзі түседі, оларға жаны ашиды, оларды есіркейді. Бірақ одан әрі қолынан келер жәрдемі болмайды. Ахметке жәрдемдесетін кісі де болмайды. ...Бірақ Хожа Ахмет өлшеулі өмір тарихында бұл мұратына жете алмайды, сандалады, әлденеше түрлі жан азабына түседі, торығады». Шындығында да, халықтың төменгі тап өкілдерінің әлеуметтік теңдігі үшін жанын азапқа салып, жол іздеген, Құайынан жәрдем тілеген Хожа Ахмет Яссауй – өте батыл адам. Оның ерлігі ереуіл жасаумен емес, жарық дүниенің бар қызығын артқа тастап, көзі тірісінде-ақ қараңғы көрдің есігін аттауымен танылады. Ахмет Яссауи – расында да, ойшыл адам. Оның ойшылдығы, тіршілік бесіінен безе, қылует төрінде отырып адамгершілікті уағыздауы, рухани тазалыққа үндеуі.
Профессор Қ.Жұбанов тап көрсеткен Ахмет Яссауйдің келесі қасиеті: «Ол адам баласын бақытқа жеткізерлік шынайы жолды көктен де, жерден де іздеп таба алмаған соң, тарығып, түрлі хиялға түскен. Хожа Ахмет Мұқамбет сияқты тәсілқой емес, түптеп келгенде ағынан жарылатын – ақкөкірек адам» дейді. Жарық дүниеден айнала іздеп жауабын таппай, сонда да әділетті іздеу идеясынан арыла алмай, басын тауға да, тасқа да соққан ақынның пұшайманға түскен халі суреттелген хикметтерді дәл тауып талдайды. Тірі жаннан қайыр көрмей, әділеттілікті жарат деп Жаратушысына жалбарынған жанның хикметтерінен тарығу көрген зерттеуші, ақынның хикметтерінен мысалдар келтіре отырып түсіндіреді. Қ.Жұбановтың Ахмет Яссауйге берген ендігі мінездемесі: «Хожа Ахмет: «адам баласы өзі аңсаған мұрат-мақсатына жету үшін, сол мақсатын алдына махаббаты қойып, ең соңғы мүмкіндігі қалғанша жан аямай, шын беріліп, іс істеу керек!» – деген идеяны уағыздаған адам. Бақытқа жету үшін үлкен қиыншылықтарды бастан кешіруден орықау керек деген батыл пікірді қолдаған адам». Хожа Ахмет Яссауйдің махаббаты – Аллаға деген шексіз махаббат. Алланы танудың көріністері адамның жақсылық ісімен, жетім-жесірге жасарлар мейірманшылығымен байқалмақ деп білген ақынның көзқарасын, профессор Қ.Жұбанов 120-хикметін талдау арқылы түсіндіреді. Хожа Ахмет Яссауйдің «ғашықтық жолы», «сүйеріңе жету үшін», «сүйер жар», «сүйген жарсыз өмір» деген сөздерін тура мағынасында ұғып, таяз түсінгендер, ақынның «ғашықтығын» – бұл дүниедегі әйел затыныа ғашық болу деп білулері де ғажап емес. Шын мәнісінде, ақынның ғашықтығы – Аллаға деген сүйіспеншіліктен туып отыр. Жаратушыға ғашық болу сезмінің сырын профессор Қ.Жұбановтың 110-хикметті талдаған жолдарынан да байқауға болады.
«Мұра-хаттар. Түркі әдебиеттер тілінің танымы» еңбегінің ендігі бір келелі тарауы «Диуани хикметтің» жалпы мазмұны мен тілі туралы бірер ауыз» деп аталады. «Диуани хикмәттің» жалпы мазмұны мен тілі туралы бірер ауыз сөз» тарауында Қ.Қуанұлы, «Даналық кітабын» мазмұндық құрылымы жағынан бірнеше тақырыптарға саралап өтеді.
Діни сарындағы үгіт-насихат толғаулары және оған қатысты тарихи оқиғалар.
Адамгершілікті дәлелдейтін насихат толғаулары.
Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік және әділетті құрылысты аңсау.
Бақсылардың сарыны тәріздес толғау.
Құдайға құлшылық ету арқасында келетін бақытты тұрмыс.
Яссауи хикметтрінің тілін ұзақ жолдары бойы зерттеген көрнекті совет ғалымы А.К.Боровковтың пікірі бойынша «Даналық кітабы» оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген әдеби туынды. Кезінде ол өлеңдер өте қарапайым, көпшілікке түсінікті тілмен жазылған. Ақын Орта Азиядан бастап, Еділ жағалауына дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде көшіп-қонып жүрген түркі тайпалының бәріне де түсінікті болатындай ауызекі сөйлеу тілінде жырлағаны дау тудырмайды. Бірақ бертін келе жинақты көшірушілер оған өз тарапынан көптеген араб-парсы сөздерін қосып жіберген сияқты». А.К.Боровков «Очерки по истории узбекского языка» еңбегінде Яссауи хикметтерінің тілі жөнінде әр алуан мынадай пікірлерді келтіреді: «О языке хикматов Ахмада Ясеви уже высказывались самые различные предположения. Один узбекский историк литературы, автор «Общего обзора среднеазиатской и узбекской литературы», не искушенный в специальных лингвистических вопросах, выразился в том духе, что «появление узбекского диалекта в письменной литературе можно возвести ко времени Ахмада Ясеви – это значит сказать, что самое старое произведение, написанное на узбексом диалекте, «есть хикматы Ясеви», отсюда явился вывод, что язык «хикматов» не был связан с «карлукско-уйгурским» языком «Кудатгу – билиг». А.К.Боровков «Хикметтің» тіліне байланысты професор П.М.Мелиоранскийдің пікіріне де сүйенеді: «Свое время заметил, что «язык Ахмада (Ясеви ) в доступных нам рукописях и в печатных изданиях позднейшими переписчиками модернизирован. С этой точки зрения большое значение и для нас приобретает характер архаизмов в хикматов, по которым мы можем восстановить хотя бы приблизительную исходную картину». А.К.Боровков «Очерки по истории узбекского языка» еңбегінде Яссауи хикмәттерінің тілі жөнінде әр алуан пікірлерді келтіреді. Яссауи өлеңдерінің ауызша және қолжазба түрінде таралуына байланысты көптеген көшіріп жазушылардың қолынан өткен. Сондықтан да, тарих көші жылжи келе, Яссауи хикмәттерінің түп бастағы өзіндік тілі біркелкілігінен айрылған, - деген ойдамыз.
Түркі тектес халықтардың жеке ұлт ретінде бөлшектене бастаған уақытына дейінгі кезеңде, «Өзбек», «Қазақ», «Қырғыз», «Түрікпен» секілді халықтар, ғұндар, сақтар, үйсіндер, қаңлылар тайпалары болып аталып, ортақ бір тілді пайдаланды. Тіл тарихының қыр-сырын жете зерттеген ғұлама Құдайберген Қуанұлы Жұбанов сондықтан да… ескі түркі халқының сол кездегі өзара туыстас ұлылы-кішілі… рулардың тілдер азды-көпті жергілікті өзгешеліктеріне қарамастан, бәрі бір-ақ сөзбен «түркі тілі» деп аталушы еді»,- дейді.
Ахмет Яссауиді «Ретті жерінде тайсалмайтын, көңілдегісін істеп тастай беретін батыл адам болған», деп бағалаған Қ.Жұбановтың өзіне де өткірлік, батылдық ешқандай да жат емес. Жалпы, ғылым әлемінде батыл түрде пікір айту өз күшіне сенген нағыз білімдінің қолынан келер қасиет екендігін, және бұндай ғылыми батылдық Қ.Жұбановтың бойынан сөзсіз көрінетіндігін көпшілік еріксіз мойындайды. Қ.Жұбанов, «Диуани хикмәттің» тілі қай тіл деп пікір таласушыларды бір мәлімге келтіргенде, «…біздің «Диуани хикмәт» – турки тілімен жазылмаған!- деп айтуымызға ешбір негіз жоқ, хақымыз да жоқ. Қысқашалап айтқанда, Ахметтің тілі (Диуани хикмәттің тілі) – Түркістан да Ислам діні бел алып, араб қатынастары күшейген кезде пайда болған түрік ғалымдарының стандартты, көпке ортақ тілі еді деп, батыл айта аламыз» – дейді Қ.Жұбанов.
Яссауидің хикметтерінде айтылатын имандылық мәселесі төңірегінде Г.Абдуллаева былай деп өз ойын білдіреді: «Құранда имандылық адамгершіліктің тұтқасы, негізгі көзі ретінде түсіндірілген. Имандылықтан туатын құндылықтарды әділеттілік, турашылдық, ар-ұят, намыс, сабыр, төзімділік, жомарттық, шыншылдық, мейірімділік, ата-анаға құрмет, отансүйгіштік, қанағатшылдық, тазалық махаббат, адамды сүю деп тізіп, жалпы парасат құндылықтарына, ал имансыздықтан туындаған зұлымдық, жалғандық, екіжүзділік, опасыздық, менмендік, риякерлік, қорқақтық сияқты жаман қылықтарды масқаралық сипатына жатқызып, бұлардан аулақ болуын ескертеді».
Құдайберген Жұбанов – ғалым, ғұлама-профессор десек, еш көлгірсусіз риясыз айтылар шындық екендігі даусыз. Тек ғылымның ғылымилығын түсінер көңіл көрсоқырланбасын. Даналығы қазақтан асқан ақын Абай «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел»,- деп бекерге айтпаған болар. Сөзімізді түйіндей келе, түйіндейтін негізгі мәселе, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов – қазақ тіл білімінің негізін салушы, аса көрнекті түркітанушы және білгір әдебиет зерттеушісі. Сондықтан да, Қ.Жұбановтың ғылыми еңбектерінің құндылығы тіл білімі саласында ғана емес, түркітану мен фольклортануда да өзіндік қолтанбасын қалдырған зерттеулер екендігін танытуға тырыстық. Қ.Жұбановтың «Мұра-хаттар.Түрки әдебиеттер тілінің танымы» атты негізгі еңбегін ғылымилығы күшті ірі зертеу ретінде алып, талдауға тырыстық. Осы аталған еңбек негізінде Қ.Жұбановтың Яссауи тағылымының тарихи мәні, тарихи тұлғасының қалыптасуы және де «Диуани хикметті» мазмұндық-тақырыптық құрылымы жағынан зерттеуі, Яссауидің әлеуметтік көзқарастары туралы айтылған тұжырымдарын жан-жақты талдап қарастырдық. «Диуани хикметтің» тілі туралы және оның түркі тілінде жазылуның өзі түркі өркениетінде аса маңызды бетбұрыс болғандығын алғаш батыл айта білген де Қ.Жұбанов болды. Шын мәнісінде, Қожа Яссауи тәрізді ұлттық руханиятымыздың бастау көзі болған жәдігеріміздің жадымыздан сүртілмей аман қалуы, дер кезінде танытылып, қоғам игілігіне айналуы Қ.Жұбанов тәрізді зиялы да зерделі ғалымның өлмес, өшпес еңбегі екендігін үнемі қайталап айтып отырсақ артық болмас еді.
Иллюстрациялық және үлестірмелі материалдар: Тақырыпқа қатысты дайындалған слайд
