Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекциялар ЖУБАНОВ.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
282.36 Кб
Скачать

Дәрістер кешені

1 лекция

Тақырыбы: Қ.Қ.Жұбановтың шығармашылық ғұмырбаяны. Зерттелуі

Мақсаты: Профессор, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, фольклор және әдебиет зерттеушісі Қ.Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы, зерттелуі туралы теориялық мағлұмат беру, негізгі туындыларымен таныстыру. Студенттердің интеллектуалдық қабілеті мен танымдық қызығушылығын арттыру. Ғылымдағы гуманистік көзқарасқа ұмтылдыру.

Кілт сөздері: лингвист, түркітанушы, фольклортанушы, әдебиет зерттеушісі, шығармашылық ғұмырбаян.

Негізгі мәселелері мен мазмұны:

  1. Кіріспе. Пәнді оқытудың мақсат-міндеттері.

  2. Профессор Қ.Жұбановтың өмірбаяны.

  3. Жұбановтанудың кезеңдері. Зерттелуі.

  4. Дарынды тұлғаның таланттылық қырлары.

Лекция тезисі. Профессор Қ.Жұбанов – қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, аса көрнекті тілші ғалым, түркітанушы, әрі фольклор мен әдебиет зерттеушісі. Еуропалық деңгейдегі білімдар тұлға, қазақтың тұңғыш профессоры ретінде филология ғылымында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қ.Жұбанов қазіргі Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданының (бұрынғы атауы – Ақтөбе губерниясы, Темір уезі) тоғызыншы ауылы, Ақжар деген жерде 1899 жылдың 19-желтоқсан ында өмірге келген. Білімнің бұлақ бастауын алдыменен мұсылманша саутты, ептеп орысша сөйлеп, хатын да тани білетін әкесінен алады. Одан кейін білімге құмар баласын әкесі Оспан ишанның мешітіне беріп, 3-4 жыл оқиды. Кейіннен Жұрынға келіп, 2 кластық орыс мектебінің бірден 4-5 класына түсіп, бұл жерді де үздік тәмамдайды. 1914-1916 жылдары Орынбордағы «Хусайния» медресесінде оқуын жалғастырады. 1917-1918 жылдары Күйік (Елек) қаласындағы орыс училищесінің ақырғы курсына қабылданып, орта білім алып шығады.

Қ.Жұбановтың еңбек жолы 1918 жылдан басталады. Осы жылдың қазан айынан 1920 жылдың сәуіріне дейін Темір ауданындағы Құлжа-Темір болыстығында алдыменен хатшы, кейін төраға қызметінде болады. 1920-1922 жылдары Темір аудандық бақылау комитетінің басқармасында, 1922-1923 жылдары атқару комитетінде (РИК мүшесі), 1923-1925 жылдары Темір уездік оқу бөлмінде инспектор қызметтерін атқарады. 1925 жылдан 1928 жылға дейін Ақтөбе губерниялық оқу бөлімінде нұсқаушы методист болып еңбек етіп, осы жылдан еңбек жолы орталықта жалғасады. Осы жылы білімі мен іскерлігін қатар танытқан, әрі тәжірибелі Қ.Жұбановты Халық ағарту комиссариаты сол кездегі астана – Қызылордаға қызметке шақырады. Бірақ бұл жерде ұзаққа қалмайды.

Ғалымның білім алған ірі сатысы 1928 жылдан басталады. Осы жылы Ленинградтың Шығыс тілдері институтын экстерн түрінде бітіріп шығады. 1929-1932 жылдары Ленинградта аспирантурада оқиды. Оның ішінде 1929 жылдың ақпанынан 1930 жылдың қыркүйегіне дейін, яғни 1,5 жыл Шығыс тілдері институтында түрік тілдері мамандығы бойынша білім алса, 1930 жылдың қазан айынан 1932 жылдың қыркүйек айына дейін СССР Ғылым Академиясының Тіл және ойлау институтында аспирантурада оқиды. 1932 жылы аспирантураны аяқтап, жолдамамен Алматыға оралған ол 1937 жылға дейін Қазақ педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі ретінде қызмет етеді. 1937 жылдың 19-желтоқсанында «халық жауы» деген жаламен ұсталып, қамауға алынады. 1938 жылдың 25-ақпанында ату жазасына кесіліп, қаза табады. 1957 жылдың 3-қазанында Қ.Жұбановқа азамат аты қайта оралды.

Қ.Жұбановтың өмір деректері туралы толық мәліметтерді Р.Сыздықова «Ғалым-азамат» кітабында жақсы көрсеткен. Аталған кітапты автор «Қ.Жұбановтың өмірі мен қызметі», «Қ.Жұбановтың ғылыми мұрасы», «Қ.Жұбанов – ағартушы, педагог», «Қ.Жұбанов – ұстаз, азамат, дарын иесі» – деп тараулап берген.

Қ.Жұбанов – математика, физика, химиядан орта мектептерде сабақ берген, психология, логика, философия, физиологияны зерттеген, көп тіл білген полиглот. Араб, парсы, неміс, ағылшын, француз, көне түркі тілдерін жақсы меңгерген. «Жас кезінен бастап-ақ Құдайберген әдебиет пен көркем өнеге бейім болды. Ауыл арасындағы ескінің қалдықтарын, қожа-молдаларды мазақ етіп, қысқа-қысқа өлеңдер жазатын. Құдайберген сурет өнеріне де өте шебер болды. Ол майлы бояумен, қарындашпен, тіпті көмірмен де тіпті әдемі суреттер сала беретін», − дейді Қ.Жұбановты алғашқы білім нәрімен сусындатқан қадірменді ұстазы А.Беркінов. Ал Есет Жұбанов болса, әкесінің ою-өрнек, тас қашаудағы қолтаңбасы Темір, Жұрын маңындағы қорымдардан көптеп кездесетіндігін, Қуан атамыздың құлыптасын Құдайберген Жұбанов өз қолымен ойып қойғандығын айтатын еді. Бала шағында сауатын арабша ашып, шығысық жыр-қиссаға, халықтық өлең-жырға сусындап өскен Құдайберген балаң жігіт шағында-ақ ауылдың алтыауызын айтар серілердің бірі болған.

Фольклор мен әдебиеттану ғылымын зерттеу ісінде сан тарау талданған еңбектердің оң бағытын терістеп, кері жолға бұруды дұрыстыққа шығарған қоғамда ХХ ғасырдың 20-30 жж. әділетті пікір айтудың өзі мүмкін де болмай қалғаны ешкімге жұмбақ жайт емес. Оқу-білім, баспасөз бен басылымдар, әдебиет пен мәдениет, өнер аясынының аумағы бір «таптық қалыпқа» түсіп, шегі қусырылған сайын ғылым өрісінің де тарыла түскеніне тарих куә. Осы тауқыметтің нағыз орныққан кезеңі 1937 жылдардың зұлматына құрбандық болған текті мәдениеттің ең алғашқы қалыптасу кезеңі – 1920 мен 1936 жылдар аралығында тиянақты зерттеулер аз болған жоқ. А.Байтұрсынов, М.Әуезов сынды ғылымды зерттеу мен жазушылықты тең ұстаған ғұламалардың қатарында Қ.Жұбанов та бар. Қ.Жұбановтың әдебиеттануға қатысты жазылған зерттеулері жөнінде әділ баға мүлдем берілмеді дей алмаймыз. Дегенмен де, фольклордағы синкретизм мәселесіне қатысты жазылған «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» атты зерттеуді «тек өнертанушылар үшін құнды еңбек» деп біржақты бағалау немесе «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» аталатын аяқталмай қалған еңбектегі халық әдебиетінің жанрлық белгілерін нақты атап көрсеткен ізденіске әділ баға берілмеу, «Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» очеркіндегі Қожа Ахмет Яссауйдің ақындығын танытқан әдеби зерттеуге толыққанды талдау жасамаушылық күні бүгінгі дейін орын алды. Академик І.Кеңесбаев 1966 жылы былай деп жазған екен: «Қазақ тіл білімінің дүниеге келуі мен оның қалыптасуын ауызға алғанда бар өмірін, күш жігерін отандық ғылымға сарп еткен жандардың есімін зор ізет, құрметпен еске аламыз. Осындай есімдердің бірі – 20-30 жылдарда қазақ филологиясы саласында табысты еңбек еткен профессор Қ.Жұбанов болатын. Қазақ лингвистикасының негізін салған деп ауыз толтырып айтарлық ғалымдарымыздың қатарындағы терең білімдарлық пен зор дарын иесі, ірі оқымысты, әрі қоғам қайраткері осы бір жанды елдің бәрі бірдей біле бермейді» – деді. Сол тұста елдің бәрі бірдей Жұбанов Құдайбергенді білмеген болса, білгізбеген заман мен қоғам еді. Р.Сыздықова «Қ.Жұбанов – қазақ тілі біліміндегі аса зор тұлға» атты мақаласында ғұлама ғалымды ұзақ жылдар бойы танытуға күш салмаған қоғамның құпия сырын көпшілікке ашып: «Қазіргі оқушы жұртшылықтың аға буыны мен орта буынына әбден таныс, әрі қадірлі, әрі аяулы бұл есімді алғаш рет 1957 жылы ғана естіді. Бұған себеп 20-30 жылдарда қазақтың балаң ғылым дүниесіне жарқ етіп келіп, қыруар мұра қалдырып кеткен бұл ғалымның жеке адамға табыну дәуірінде жазықсыз құрбан болған еді» – деп жазды.

Қ.Жұбановтың тіл біліміндегі ізденістері сан қырынан талданды. Қ.Жұбанов ғылымдағы орны мен оның шығармашылығы және әдебиетті зерттеуі жайында М.О.Әуезов, А.Жұбанов, М.Қаратаев, Х.Есенжанов, Ғ.Орманов, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Ә.Дербісалин, Р.Сыздық, Б.Уахатов, М.Мырзахметов, А.Сейдембек, С.Негимов, Ә.Молдаханов, С.Байменше, М.Жармұхамедұлы, А.Мектеповтер мақалалар жазды. Жас ғалымдар А.Жұбанова, Ж.Тектіғұлова, Н.Садуақас, Ә.Оралбай, А.Омарова, М.Мировтер Құдайберген Жұбановтың тілі білімі мен публицистикалық қырын арнайы қарастырып, зерттеді.

Иллюстрациялық және үлестірмелі материалдар: