Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Курстық жұмыс( орта гасыр тарихы).doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
199.68 Кб
Скачать

2.3. Меровинг дәуіріндегі франк қоғамының әлеуметтік жіктелуі.

Франктердің арасында әлеуметтік жіктелудің бастамаларын «Салий ақиқатының» өзі-ақ көрсетіп берді. Бұл бастамалар халықтың әр түрлі категориясының құны әр түрлі мөлшерде болуынан ақ көрінеді. Мысалы, қарапайым ерікті франк үшін төленетін құнның мөлшері – 200 солид болса, ал корольдің жасақшылары немесе корольдің қызметін атқарушы, қызмет адамдары үшін төленетін құнның мөлшері 600 солид болып белгіленді. Сірә, корольдің жасақшылары мен оның қызметіндегі адамдардың тобына жаулап алудың барысында франктердің рулық ақсүйектері де қосылып кеткен болса керек, өйткен, «Салий ақиқатында» олар туралы ешқандай еске алушылар жоқ. Бір ерекше жағдай, франктердің жаулап бағындырған римдықтарының арасынан біреу-міреуді өлтіргені үшін төленетін құнның мөлшері, франктердің арасынан өлтіргеннің құнынан анағұрлым төмен болғандығы еді. Ерікті халықтың жоғарыда көрсетілген категориялардан басқа , «Салий ақиқаты» сонымен қатар жартылай ерікті – литтарды да атаған. Бұлардың өмірі үшін белгіленген құнның мөлшері небәрі – 100 солид-ақ болды. Франктердің құлдары да болды, бірақ олар үшін құн төлеушілік мүлдем болмады. Құлды өлтіруші тек оның қожасына келтірілген зиянын ғана өтеді.

Франктерде құлдықтың дамуына Галлияны жаулап алушылық пен құлдың санын мейлінше молайтқан келесі соғыстар да үлкен себепкер болды. Кейіннен құлдардың санын көбейтудің көзі - кедейленген ерікті адамдардың кіріптарлыққа ұшырап қалушылығы болып табылады; төлеуге шамалары келмей және сол үшін өлім жазасына тартылуға тиісті қылмыстылар да қара басының бостандықтарынан бас тартып құлдыққа айналуға мәжбүр болды. Олар көбінесе өздері үшін құн ақысын немесе сот айыптарын төлегендердің құлына айналды. Алайда құл еңбегі , Рим империясындағы сияқты, франктердің өндірісі негізі бола алмады. Құлдар тіпті ірі иеліктерде, әсіресе қатардағы франктердің шаруашылығында , көбінесе үй малайлары немесе қолөнершілері ретінде ғана темір ұсталары және алтын заттарының зергерлері болып істеді. Олар кейде бақташы және бағушылардың да қызметін атқарды, бірақ ауыл шаруашылығындағы негізгі жұмыс күші болып саналмады.

Франк қоғамының ішіндегі негізгі категорияның – ерікті қауымдастардың ешқандай юристік жағынан межеленіп, жіктелінушілігі «Салий ақиқатында» ашып айтылмағанымен де , онан және ҮІ ғасырдың басқа да деректерінен франктердің арасында мүліктік жіктелудің болғандығы жөніндегі мәліметтерді табуға болады. Бұлар тек руластардың арасындағы жіктелушілік жөнінде жоғарыда келтірілген мағлұматтар ғана емес, сонымен қатар франк қоғамының ішінде қарыздар мен борыш міндеттемелерінің кең таралуы жайындағы деректер болып табылады. Сол кездердегі деректерде, бір жағынан , бай және ықпалды «жақсы адамдар» туралы, екінші жағынан – кедейлер туралы және тіпті мүлдем айып төлеу қабілетінен де жұрдай болып айырылып, орман-тоғайлар ішін кезіп, король қызметкерлерінің қуғын-сүргініне ұшырап жүргендер туралы да үнемі айтылып отырған-ды.

Аллодтың пайда болуы жай қарапайым қауымдастардың арасындағы әлеуметтік жіктелуді бұрынғыдан да гөрі тереңдетіп, ірі жер иелігінің шығуына негіз болды. Ф.Энгельстің айтуынша: «Аллод пайда болған кезден бастап, еркін бөгделенетін жер меншігі, товар ретіндегі жер меншігі, ірі жер меншігінің туу тек уақыттың мәселесі болып қалды».[1- 120 б]

Үлкен ірі жер иеленудің өсуі әсіресе қауымның ішіндегі аллодтың дамуына байланысты күшейе түсті. Жер иеліктерінің шоғырлануы енді жерді тек бір ғана корольдіңтаралғы-тартуға үлестіріп беруінің нәтижесінде емес, сонымен қатар қауымдастардың бір бөлігінің екінші бөлігінің есебінен баюы арқылы да жүргізілді. Олардың мұралық аллодтарынан лажсыз айырылуының, ірі жер иелерінен көрген озбырлықтарының, шіркеудің жасаған зорлық-зомбылығының, корольдің қызмет адамдарынан көрген қысымдарының нәтижесінде ерікті қауымдастардың күйзеліп, кедейлену процесі басталды.

Үлкен ірі жер иеленудің өсуі ірі жер иелерінің жеке билігінің өсуіне әкеліп соқты. Бұл жеке билік экономикадан тыс зорлау құралы ретінде жаңадан қалыптаса бастаған феодалдық құрылысқа тән болды.

Үлкен ірі жер иелері мен корольдің қызмет адамдарының жасаған қысымы және олардың ерікті адамдардың жерлеріне қол сұғып озбырлық жасауы, бұларды өздерінің жеке тәуелсіздігінен бас тартып, ақсүйектер мен ірі діни жер иелерінің «қамқоршылығына» берілуге мәжбүр етті. Сөйтіп, бұл ірі діни жер иелері мен ақсүйектер олардың сеньорлары бола бастады. Біреудің жеке қамқоршылығына кіру актісі «коммендация» деп аталынды. Бұл коммендация іс жүзінде көбіне жер жағынан тәуелді болуымен, ал жерсіз адамдардың бірте-бірте крепостнойлыққа айналуымен қоса жүргізілді. Коммендация сонымен қатар үлкен ірі жер иелерінің саяси ықпалын барынша күшейтіп, рулық одақтастармен қауымдық ұйымның түпкілікті ыдырауына да жағдай жасады.

Франк қоғамында ҮІ ғасырдың аяғынан басталған феодалдандыру процесі тек франктердің өз ортасында ғана емес, бұл процесс сонымен қатар Галлия-Рим халқының арасында онан да гөрі тезірек өтті. Феодалдық қатынастардың элементтері Галлияда ІІІ-ІҮ ғасырларда колонат түрінде ірі жер иелерінің жеке биліктерін күшейту және тағы сол сияқтылар түрінде де пайда болды. Варварлық жаулап алушылықтар құл иеленушілік құрылыстың негізін жойды және бір жағынан ірі жер иеленушілікті де , әсіресе, Оңтүстік Галлияда , әлсіретті. Мұнда бұрын бургундар мен вестготтар жер бөлісін жүргізіп, жергілікті халықтың қарауындағы жердің көбірек бөлігін басып малған еді. Алайда, олар жерге жеке меншікті жойып жібере алмады. Мұндай үлес жүргізілмеген Оңтүстікте болсын және әсіресе Солтүстік Галлияда болсын, барлық жерде де жерге тек ұсақ шаруалардың меншігі сақталып қана қоймай, сонымен қатар тіпті ірі шіркеулік жіне ақсүйектік жер иелену де сақталып қала берді. Бұлардың иеліктері бөтен біреулердің жерлерінде отырған жерсіз, бойынша колондарға жақын тұрған, адамдарды қанау негізінде құрылды.

«Салий ақиқаты» галлия-рим халқын үш категорияға бөлді: біріншісіне – «корольдің дас тархандастары» жатты. Бұларға галлия-римдік топтың ерекше жеңілдіктерге ие болған корольдің ең жақын көретіндері, сірә, ірі жер иелері кірсе керек; екіншісіне – «поссесорлар» жатты. Бұларға ұсақ поместиялы және шаруалар типіндегі жер иелері кірді; үшіншісіне – міндеткерлікті өтеуге тиісті адамдар кірді. Сірә, бұлар бөтен біреудің жерін белгілі бір шартпен пайдаланатын адамдар болса керек. Жергілікті галлия римдік халықтың арасындағы мұндай сатылық «Бургундия ақиқатында» да көрсетілген еді.[1- 122 б]

Жерге әлдеқашаннан бері жеке меншік өмір сүріп келе жатқан галлия римдіктердің көршілестігі, әлбетте, қауымдық қарым-қатынастардың ыдырауы мен франк қоғамының феодалдандыруын жеделдетті. Бұл Оңтүстік Галлиядан ерекше көрінді. Галлия римдік және германдық қоғамдық қарым-қатынастар синтезінің жинақталуының процесінде жаулап алушылар мен жергілікті халықтың арасындағы праволық айырмашылықтар да бірте-бірте жойылды. Бургундиялық заңдар мен «Салий ақиқаты» да жергілікті халықтың бас июшілік жағдайын баса көрсетеді, Бірақ ҮІ ғасырдың аяғынан бастап -ақ тарихи деректер франктер мен галлия римдіктердің арасындағы елеулі ерекше бір айырмашылықтарды көрсетпейді. Ходвигтің ұлдарының тұсында әскери жасаққа қатынасу міндеті корольдіктің барлық тұрғындарына, соның ішінде галлия римдіктерге де жүктелінде. ҮІ ғасырдың екінші жартысында Франк корольдері Рим империясынан бері сақталып келе жатқан және әуелгіде тек галлия римдік халықтан өндіріліп алынған жер және жан басы салықтарды франктер жаулап алушыларға да салуға талаптанды. Король өкіметінің осы саясатына байланысты Галлияда әлденеше рет көтерілістер шығып қала берді. Олардың ішінен ең ірісі 579 жылы Лиможде болды. Король Хильпериктің жер салығын жоғарылатқанына ашу-ызалары кернеген халық бұқаралары алым-салықтардың тізімдерін тартып алып өртеп жіберді және корольдің салық жинаушысын өлтіргісі келді. Бірақ та Хильперик көтерілісшілерді қатаң түрде жазалап, Лимож халқына бұрынғыдан да гөрі тым ауыр салық салды. Алайда халық бұқарасының әлденеше рет қайталай берген көтерілістері де Меровинг мемлекетінде тұрақты мемлекеттік салықтың жүйесін орнатуға қалай да үлкен бөгет жасады.

Франк мемлекетінде этникалық айырмашылықтар мен жергілікті галлия римдік халық пен жаулап алушы – франктердің арасындағылар бірте-бірте жойылып, барған сайын әлеуметтік айырмашылықтар алдыңғы қатардан орын ала бастады: енді бір жағынан, галлия римдік және франктік жер иесі шонжарлардың өзара; ал екінші жағынан – франктік және галлия-римдік шаруалардың өзара жақындасушылдығы барған сайын ұлғая түсті. Болашақ феодалдық қоғамның негізгі таптары қалыптасуға айналды. Бұл қоғам галлия-римдік және германдық - франктік қоғамдық қарым-қатынастар қайшылықтарының бір бірімен соқтығысып және бір біріне көмектесе әрекет жасау процесінде өріс алып дамыды.

Алғашқы қауымдық құрылыстың даму процесінің ең жоғарғы сатысына тән және әскери демократияның басқарушысы органдары ретінде сипатталатын басқару органдары, өздерінің орнын бірте-бірте әскери көсемнің күшейіп, нығая түскен өкіметіне босатып бере бастады. Ал енді бұл көсемнің өзі жаңадан құрыла бастаған мемлекеттің уәкілі ретінде ел-жұрттың мойындап таныған короліне айналды. Бұл айналушылықты жаулап алу фактісінің өзі жеделдетті. Оның үстіне жаулап алынған территорияда франктерге таптық қоғаммен кездесуге тура келді. Бұл қоғамның бұдан былайғы өмір сүруі, франктердің жойып жіберген құл иеленушілік мемлекеті аппаратының орнына, қоғамдық өкіметтің жаңа басқару органдарын құруды талап етті.

Жаулап алуға байланысты, Энгельстің айтуынша: «Әскер басыларының өкіметін король өкіметіне айналдырудың кезі жетті, сонымен оның өкіметі король өкіметіне айналды да».[1-123 б]

Бұрын тек әскери көсем ретінде ған көрінетін король, енді мемлекетті басқару функцияларының бәрін де өз қолына жинап шоғырлады. Мұның орталығы король ордасы болды. Корольдің өзі мемлекет ішіндегі ең дөкей жер иесі болды және өзіне шынайы берілген сансыз көп жасақты басқарды. Оның өкіметі міне осы жағдайларға негізделінді. Ол мемлекетті жеке өз басының шаруашылығы ретінде басқарды және ең жақындарының жеке меншігіне жерді сыйлыққа тарту жолымен үлестіріп берді, алым-салық пен айыптар және сауданың баж салығы ретінде түскен мемлекеттің табыстарын өз бетімен оңды-солды есепсіз жұмсай берді. Король өкіметі жаңа қалыптаса бастаған ірі жер иелері табына арқа сүйеді, ал бұлар ірі жеке меншікті көздің қарашығындай сақтап, күйзеліске ұшырап әбден кедейленуге айналған шаруалардың наразылығын жаныштап басып отыруға, сондай-ақ жаңадан жаулап алушылықты ұйымдастыруға мүдделі болды. Өзінің алғашқы дүниеге келгенінен бастап мемлекет осы әлеуметтік топтың мүдделерін қорғау саясатын жүргізіп, қалыптаса бастаған феодалдар табының негізін барынша нығайтты және ерікті қауымдастарды мейлінше күйзелтіп, кіріптар етуге мүмкіндік туғызды.

Үлкен ірі жер иелерімен санасып отыруға мәжбүр болған франк корольдері ең көрнекті алпауыттардың жиналыстарын мезгіл-мезгіл шақырып, оларда жалпы мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылап шешіп отырды.

Франк мемлекетінің бір орталықтан басқарушылығында, өткендегі рулық алғашқы қауымдық ұйымның «Март алаңдарында» жыл сайын өткізілетін әскери байқауы түрінде тек көмескі жұрнағы ғана сақталып қалды. Меровинг дәуіріндегі франк қоғамының негізгі халқының дені әлі ерікті қауымдастардын құрылып, олардың жалпыға бірдей әскери жасақ ұйымдастырылғандықтан Март алаңдарында бүкіл ересек ерікті франктер бас қосып жиналып отыратын болды. Алайда бұл жиналыстардың алғашқы қауымдық құрылыстың жалпы халықтық жиналыстарына қарағанда, енді ешқандай саяси маңызы болмады.

Ежелгі алғашқы қауымдық тәртіптердің жұрнақтары франк мемлекетінің жергілікті басқаруында қала берді. Дегенмен мұнда да нақты саяси өкімет билігі бірте-бірте корольдің қойған қызмет адамдарының және жергілікті ауқатты жер иелерінің қолдарында шоғырлана бастады.

Графтықтар және ежелгі франктер тайпалары бөлімшелерінің жүздіктері Галлияны жаулап алғаннан кейін территориялық әкімшілік өлшемдеріне айналды. Графтықтар басқару билігі бүтіндей король тағайындап қойған қызмет адамының – графтың қолында болды. Ол графтықтағы ең басты судья болып , сот салатын айыптардың үштен бірін корольдің пайдасына өндіріп алып отырды. Ал тым ұсақтау территориялық бір бірліктерде – жүздіктерде – бұрынғыдай халықтық жиналыстар – барлық ерікті адамдардың жиналыстары шақырылып тұрды. Бұлар көбінесе соттың функцияларын атқарды және сайланған адамның – «тунгиннің» басқарылуымен өткізіліп отырды. Бірақ мұнда да король әкімшілігінің уәкілі- жүзбасы қатысып, жиналыстың әрекетін бақылап отырды және айыптардың король пайдасына тиісті үлесін жинаумен айналысты.

Франктердің арасындағы әлеуметтік жіктелі дами түскен сайын бұл жиналыстардағы жетекші роль неғұрлым ауқаттылау және ықпалдылау адамдардың қолдарына көше бастады. Олар жүздіктердің жиналыстарында «рахинбургтердің» немесе «қайырымды адамдардың» тобы болып саналады.[1-125 б]

Үлкен ірі жер иеленудің және ірі жер иелерінің жеке биліктерінің өсушілігі Хлодвигтің ұлдарының тұсында-ақ король өкіметінің әлсіреуіне жеткізген еді. Жерді жұртқа аямастан үлестіріп берудің және өздерінің жеке меншікті жер иеліктері табыстарының едәуір бөлігінен айрылып қалуының салдарынан франк корольдері, үлкен ірі жер иелерінің бөлектенушілікке бойұрғыш ниеттерімен күресте мүлдем дәрменсіздіктерін көрсетті. Сөйтіп, Хлодвинг өлісімен-ақ басталған франк мемлекетінің бөлшектенуі ұзаққа созылған өзара бақталастық күреспен қоса жүргізілді.

ҮІ ғасырдың аяғынан франк мемлекетінің құрамында үш дербес аймақтың оқшаулануы көрінеді: Нейстри аймағы – орталығы Париж болған солтүстік батыс Галлия: Автразия аймағы – франк мемлекетінің солтүстік шығыс жақ бөлігі. Бұған Рейн мен Массаның екі жақ жағалауындағы ежелгі Франк аймақтары кірді. Бургундия аймағы – Франк мемлекетінің құрамына енген бұрынғы бургундар корольдігінің территориялары. ҮІІ ғасырдың аяғында Нейстри аймағының құрамынан оның оңтүстік бөлігі – Аквитания бөлініп шықты.

Франк мемлекетінің негізін құрған бұл төрт аймақтың араларында, халықтарының этникалық құрамы мен әлеуметтік құрылысының ерекшеліктері және ең алдымен феодалдандыру дәрежесі жағынан да, әжептәуір елеулі айырмашылықтары болды.

Нейстри аймағында, франктердің жаулап алу кезеңі қарсаңында романданушылық тым күшті болды және жауланып алынғаннан кейін де халықтың ең күрделі бөлігі болып табылған галлия-римдықтар корольдіктің басқа аймақтарындағыларғақарағанда жаулап алушы франктермен тіпті ертерек араласып, сіңісіп кетті. Мұнда ҮІ ғасырдыңаяғына қарай ҮІІғасырдың бас кезінде ірі шіркеулік және ақсүйектік жер иеленушілік үлкен маңыз алып, ерікті шаруалардың жойылу процесі тездетілді.[1- 126 б]