
- •Лекция № 1 Тақырыбы: Өсімдік анатомиясы және морфологиясы пәні, әдісі
- •Өсімдіктер әлемінің негізгі даму кезеңдері (в.Г.Хржановскийден)
- •Лекция № 2 Тақырыбы: Өсімдіктердің клеткалық құрылысын зерттеудің тарихы.
- •Лекция № 3 Тақырыбы: Ядроның бөлінуі. Митоз. Мейоз.
- •Бақылау сұрақтары:
- •Лекция № 4 Тақырыбы: Ұлпалар туралы жалпы түсінік.
- •Лекция № 5 Тақырыбы: Ұлпалар туралы жалпы түсінік.
- •Лекция № 6 Тақырыбы: Органография. Өсімдіктердің вегетативті мүшелері.
- •Лекция № 7 Тақырыбы: Тамыр және тамырлар жүйесі.
- •Лекция № 8 Тақырыбы: Өркен және өркендер жүйесі.
- •Лекция № 9 Тақырыбы: Жапырақ және оның құрылысы.
- •Лекция № 10 Тақырыбы: Сабақ.
- •Лекция № 11 Тақырыбы: Өсімдік органдарының метаморфозы. Өсімдіктердің көбею жолдары
- •Лекция № 12 Тақырыбы: Гүл. Гүлдің құрылысы. Шығу тегі
- •Лекция № 13 Тақырыбы: Тұқым. Жемістер туралы жалпы түсінік.
- •Лекция № 14 Тақырыбы: Тұқымдар мен жемістердің таралу жолдары. Гүлшоғы. Гүлшоғының классификациясы
- •Лекция № 15 Тақырыбы: Өсімдіктердің экологиялық топтары
- •Лекция № 16 Тақырыбы: Ылғалды қажет етуіне байланысты өсімдіктердің экологиялық топтарға бөлінуі
- •Лекция № 17 Тақырыбы: Өсімдіктердің жарықты қажет етуіне байланысты экологиялық топтарға бөлінуі. Лианалар. Эпифиттер. Жастық тәрізді өсімдіктер.
- •Лекция № 18 Тақырыбы: Жоғары сатыдағы симбиотрофты, сапрофитті, паразитті және жартылай паразитті өсімдіктердің морфологиялық ерекшеліктері.
- •Лекция №19 Тақырыбы: Өсімдіктердің тіршілік формаларын жүйелеу. Сүректі жартылай сүректі, шөптесін өсімдіктердің бір-бірінен айырмашылықтары. Ағаштар және шөптесін өсімдіктердің алуантүрлілігі.
- •Лекция № 20 Тақырыбы: Гүлді өсімдіктердің онтогенезі монокарпты және поликарпты өсімдіктер. Өсімідіктер тіршілігіндегі маусымдық құбылыстар.
- •Қолданылатын әдебиеттер тізімі
Лекция № 6 Тақырыбы: Органография. Өсімдіктердің вегетативті мүшелері.
Жоспар:
1. Метаморфозға ұшыраған (түрі өзгерген) мүшелер.
2. Негізгі вегетативті мүшелер.
1. Жоғарғы сатыдағы өсімдіктер жер шарында кең тараған, және сол ортаның тіршілік жағдайларына қарай бейімделген. Олардың бір-бірінен құрылысы, атқаратын қызметі жағынан айырмашылығы бар жер асты және жер үсті мүшелері болады.
Осы жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің атқаратын қызметі, морфологиялық құрылысы әр түрлі болып қалыптасқан мүшелерді вегативтік (латынша vegetatio - өсу, даму) және репродуктивтік ( немесе генеративтік латынша genereare – жасап шығару) деп екі топқа бөледі. Вегетативтік мүшелер өсімдіктің денесін түзеді және оның тіршілік әрекетінің негізгі қызметін атқарады. Тіптен вегетативтік жолмен көбеюуін де жүзеге асырады. Оларға тамыр, сабақ және жапырақ жатады. Жапырағы және бүршігі бар сабақты өркен деп атайды. Репродуктивтік (генеративтік) мүшелер тек жыныстық жолмен көбеюді қамтамасыз етеді. Жабық тұқымды өсімдіктерде оларға: гүлді және оның өнімдері болып табылатын дәні мен жемісті жатқызады.
Өсімдіктерде олардың өсуі мен вегетативтік мүшелерінің қалыптасуында әр түрлі зандылықтар тән. Атап кетсек өсімдіктердің симметриялылығы және қарама-қарсылық (полярность) құбылыстары.
Симметрия. Егер өсімдіктің мүшесі арқылы тек бір ғана көлденең симметрия жүргізуге болатын болса, онда мұндай мүшені моносимметриялы деп атайды (мысалы жапырақ). Ал егер өсімдіктің мүшесі арқылы бірнеше симметрия жүргізуге болатын болса, онда мұндай мүшені полисимметриялы деп атайды (мысалы сабақ, тамыр). Егерде тең екіге немесе тең бірнеше бөлікке бөлуге болмаса онда мұндай мүшелерді ассимметриялы деп атайды.
Қаpaмa-қарсылық, (полярность) деп – кез келген өсімдіктің денесінің физиологиялық қасиеттері жағынан айырмашылығын айтамыз. Вегетативтік органның немесе оның бөлігінің екі полюсі болады: терминальды (үстіңгі) және базалъды (төменгі). Терминальды бөлігінде тек сабақтар, ал базальды бөлігінде тамырлар пайда болады. (36-сурет).
Геотропизм. Бұл өсімдіктердің мүшелерының кеңістікте белгілі бір бағытта өсуге қабілеттілігі. Өсімдіктің дәні топырақта қандай жағдайда жатпасын, тамыр барлық уақытта төмен қарай (дұрыс геотропизм) өседі. Өстік мүшелер сабақ және тамыр жердің бетіне вертикаль бағытта (ор-тотропты мүшелер), ал жапырақ — белгілі бір бұрыш жасап орналасады (плагиатропты мүшелер). Үлкен өсімдік қалыпты жағдайдағы өсу бағытынан қандайда бір сыртқы күштің әсерінен ауытқығанның өзінде де, ол өзінің жас бөліктерін кеңістікте бұрынғы қалпын сақтайтындай етіп иеді. Астық тұқымдастары сабақтары жатып қалғаннан кейінде, түгелімен қайта көтерілуге қабілетті болып келеді. Өйткені олардың меристемалары сабақтың буындарында орналасады.
36-сурет. Талдың қалемшесінің полярлығы:
А-морфологиялық жоғарғы ұшымен жоғары қарай ілінген қалемше; Б-морфолгиялық жоғарғы ұшымен төмен қарай салбырап ілінген қалемше: 1-өркендері; 2-қосалқы тамырлары.
Метаморфозға ұшыраған (түрі өзгерген) мүшелер. Бұл мынадай мүшелер, өскен ортасының әсеріне байланысты немесе белгілі бір қызмет, атқаруына байланысты тұрақты түрде ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын, қалыптасқан бір функцияның артуы. Әдетте ол формалардың күрт өзгеруімен және кейбір функцияларының жоғалуымен жалғасады. Метаморфозға ұшыраған мүшелер, бейімдеушіліктің эволюциясының реальды түрде жүзеге асуының бірден бір көрінісі болып табылады. Оларды аналогиялық және гомологиялық деп бөледі. Аналогиялық деп құрылысы жағынан ұқсас және атқаратын қызметтері бірдей, бірақ шығу тегі әртүрлі болып келетін мүшелерды айтады (37-сурет).
Мысалы, бөріқарақаттың (барбарис) тікендері жапырақтан, ал долананың (боярышник) тікендері бұтақтан пайда болған, сол секілді ас бүршағының мұртшасы жапырақтан, ал жүзімнің мұртшасы сабақтан жетіледі. Гомологиялық деп, шығу тегі бір мүшелерді айтады (38-сурет). Олар құрылысы жағынанда ұқсас болуы мүмкін, мысалы раушанның (шиповник, роза) және қарлығанның (крыжовник) тікенектері (екеуі де сабақтың сыртқы ұлпаларының өсінділері). Алайда көп жағдайда олар ұқсас бола бермейді, мысалы пияздың баданасы және картоптың түйнегі (екеуіде сабақтан пайда болады).
37-сурет. Ұқсас (анологичный) мүшелер-тікенектер:
А-бөріқарақаттың (барбарис) жапырақтан пайда болған тікенектері; Б-ак ақацияның (рябиния) қосалқы жапырақшалардан пайда болған тікенектері; В-долананың сабақтан пайда болған тікенектері.
38-сурет. Өркеннен пайда болған гомолокты мүшелер:
А-қактустың өркені; Б-гледичияның тікендері; В-лалагүлдің
(лилия) пиязшығы.
2. Вегетативтік мүшелер. Негізгі вегетативтік мүшелердің бастамасы дәннің ұрығында болады. Қолайлы жағдай туысымен, яғни қажетті температура, ылғал және ауа жеткілікті болған кездерде тұқым бойына су тартып, ісініп өне бастайды. Алдымен тамыр өседі, ол спермодерманы жарып шығып, топыраққа енеді (39-сурет). Нәтижесінде жас өскін топыраққа бекиді де, одан су мен онда еріген минералды тұздарды бойына сіңіреді. Тамырдың ізінше өркен өсе бастайды. Алғашында ол иілген болып келеді және өзінің бұрылыстарымен топырақты екі жаққа ығыстырып отырады, содан соң барып біртіндеп түзуленіп жердің бетіне тұқым жарнақтары мен бүршікті көтеріп шығады. Тұқым жарнақтары көк түске боялып және біраз уақыттар бойы жапырақтың қызметін атқарады. Бүршік жоғары қарай тік өсуін жалғастыра отырып, сабақты және алғашқы жапырақты береді. Алғашқы жапырақтың формасы толық қалыптасқан өсімдіктің жапырағынан басқаша болады (жас жапырақтар). Тамыр мен тұқым жарнағының шекарасын тамырдың мойны деп атайды.Тамырдың мойнымен тұқым жарнақтарының арасындағы сабақтың бөлігін гипокотиль (тұқым жарнағы асты аяқша) деп атайды. Ал тұқым жарнақтары мен алғашқы нағыз жапырақтың арасын эпикотилъ (тұқым жарнағы үсті аяқша) деп аталады.Кейбір өсімдіктердің (мысалы емен ағашының) сабағы өскен кезде иілмейді, ал топырақты қалың қабыршақтармен қапталған бүршіктің өзі ығыстырып отырады. Барлық өсімдіктердің бірдей тұқымжарнақтары жердің бетіне көтеріліп шықпайды. Кейде гипокотильдің қысқа болатындығы сонша түгелімен жердің астында қалып отырады (ас бүршағының, емен ағашының).
39-сурет. Фасольдің тұқымы (А) мен бидайдың дәнінің (Б) өсуі:
1-кендік тамыр; 2-жанама тамыр; 3-косалқы тамыр; 4-гипокотилъ; 5-эпикотилъ; 6-тұқым жарнағы; 7-алгашқы жапырак,; 8-бүршік; 9-колеоптиль.
Астық тұқымдастарында негізгі тамырдан басқа, сабақтың базальды жағынан бірден қосалқы тамырлары пайда болады. Өне бастаған кезде жалғыз тұқым жарнағы тұқымның ішінде қалады да, эндоспермдегі қоректік заттарды бойына сіңіреді. Топырақты ұрықтық жапырақпен (колеоптиле) қоршалған бүршік жарып шығады. Алғашқы нағыз жапырақ колеоптиленің жарықшағы арқылы сыртқа шығады.
Бақылау сұрақтары:
1. Өсімдіктердің органдарының қандайларын вегетативтік,қандайларын репродуктивтік деп атайды?
2. Өсімдіктердің органдарында қандай симметрия болады?
3. Полярлық,геотропизм дегендер не?
4. Қандай органдарды аналогиялық және гомологиялық деп атайды?