- •Студенттің тақырыпты меңгергенін өзі тексеру үшін қайталау сұрақтары:
- •Тірек ұғымдар:
- •1. Қазақ тілінің стилистикалық ресурсын толық меңгермеудің салдарынан болатын қателер:
- •2. Тілдік стилистикалық талғамының төмендігінен болатын қателер:
- •3. Функционалдық стиль нормаларын ескермеуден жіберілетін қателер:
- •4. Контекстік мағынаны ескермеуден болатын қателер:
- •2.Дәстүрлі парадигмалык әдіс
- •3. Семантикалык, өріс әдісі
- •4. Лексика-семантикилык, топтар /лст/ бойынша тпалдау әдісі
- •5.Компонентік талдау
- •Қазақ тілінің стилистикалық құралдары.
- •Лексика-фразеологиялық стилистика.
- •Синоним, омоним, антоним, паронимдер.
- •Сөзжасамның стилистикалық құралдары.
- •2. Морфологиялық тұлғалардың жеке стиль түрлеріне қатысы.
- •3. Сөз таптарының стильдік қолданысы. Зат есімнің стильдік мүмкіншіліктері.
- •Синтаксистік стилистика.
- •2. Сөйлем мүшелері, оның инверсиялануы.
- •Қазіргі қазақ әдеби тілінің функционалды стильдері.
- •Стилистиканың негізгі ұғым, категориялары
- •Ауызекі сөйлеу стилі.
- •Студенттің тақырыпты меңгергенін өзі тексеру үшін қайталау сұрақтары:
- •Ресми іс қағаздар стилі.
- •Студенттің тақырыпты меңгергенін өзі тексеру үшін қайталау сұрақтары:
- •Публицистикалық және көркем әдебиет стилі.
- •Студенттің тақырыпты меңгергенін өзі тексеру үшін қайталау сұрақтары:
- •Студенттің тақырыпты меңгергенін өзі тексеру үшін қайталау сұрақтары:
Синтаксистік стилистика.
Сөз тіркестері және олардың түрлерінің стилистикалық сапалары. Жай сөйлем стилистикасы. Бір құрамды және толымсыз сөйлемдердің стилистикасы. Сөздердің орын тәртібі мен күрделенген сөйлемдердің стилистикалық қолданысы. Құрмалас сөйлемдердің стилистикасы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Балақаев М., т.б. Қазақ тілінің стилистикасы. А., 1974, 149-185-6.
2. Сыздықова Р. Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы. А., 1970, 7-4, 151-154.
3. Серғалиев М. Синтаксистік конструкциялардың синонимиясы (методикалық нұсқау) ҚазМУ. А., 1987, 3—9-6.
4. Кәрімов X. Қанатты тіл. А., 1995. 71-106-6.
5. Серғалиев М. Синтаксис және стилистика. А., ҚазМУ, 1997, 18-40, 117-146-6.
6. Хасанова С., Жексембаева Ғ. Қазақ тілінің стилистикасы. А., 1998, 124-154-6.
7. Солганик Г. Я. Синтаксическая стилистика. М., 1973, с. 3— 98.
Синтаксистік стилистика туралы жалпы түсінік.
Тілдік құралдардың стилистикалық жұмсалу мүмкіншіліктері өте кең. Ғалымдардың пікірінше, синтаксистің стилистикалық мүмкіндігі өте мол. Өйткені тілдік қарым-қатынас сөйлем, оның әр түрлі үлгілері, түрлері негізінде жасалатыны белгілі. Сондықтан сөйлемнің құрылымдық, мақсаттық түрлері, сөйлем мүшелерінің әр түрлі қолданысы, инверсияланып жұмсалуы, жай сөйлем, құрмалас сөйлемнің түр-түрі, синонимдік қатарлары — бұлар бай стилистикалық ресурстардың қатарына жатады. Сөйтіп, стилистика синтаксистік тұлғалардың да жұмсалу аясын, экспрессивтік мағынада қолданылу ерекшеліктерін тіл жұмсау шеберлігі тұрғысынан қарастырады. Яғни сөйлеуде не жазуда сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, сөйлемнің құрылысы арқылы берілетін әр түрлі стильдік рең, мағына-бояуларды, оны дұрыс пайдалану тәсілін зерттейді.
Сөйлеу тілінде де, жазуда да ой айқындылығы шарты сақталуы керек, ол үшін сөйлем жатық құрылуға тиіс. Өзара логикалық, әрі синтаксистік байланыстағы сөйлемдерде ой дәлдігі, сөз образдылығы болса, оның эстетикалық әсері айрықша, әсіресе, көркем шығармаларда сөйлем түрлері, инверсия, сөйлем мүшелерінің қайталануы стильдік мақсатта жиі қолданылады. Ал сөз бен сөздің байланысу тәсілдерінен, сөз тіркестерінен, сөйлем құрастырудан жіберілген кемшіліктер стильдік-синтаксистік қате боп танылады (Интернатқа Бораштың апасы келіп, апасы оны көріп, сүйтіп, айқайлап жылап, кұшақтады).
Стильдік мақсатта жұмсалған синтаксистік құрылымдарға назар аударалық:
Мысалы, Алтайдың аязды қысында, суық автобуста тоңып отырған екі жас жолаушының диалогі төмендегідей:
«Менің осындай мүшкіл халімді сезді ме, қыз:
— Пима киіп шықпаған екенсіз,— деді.
— Сол құрғырың жоқ қой.
— Не? Ақша ма, пима ма?
— Түрмеден босап шығып па едіңіз?— Әзілдеді ме, шыны ма — айыра алмадым…
Не десем екен… Алматы жылы болған соң…
Ә,түсінікті. Бұдан былай есіңізде болсын, Алтай, Алматы емес, қатал.
— Өзің қайдан келесің?
— Мен де Алматыдан.
— Оқисың ба?
— Иә.
— Қайда?
— Қыздар институтында.
— Факультеті?
— Тіл-әдебиет.
— Қайда барасың?
— "Өркен" аулына. (О. Бөкеев. Ән салады шағалалар).
Бұл жерде диалогтің қысқа сөйлемдермен (көбі толымсыз деп аталатын бастауыш, баяндауыш немесе өзге сөйлем мүшелері түсіріліп айтылған конструкциялармен) берілуі, біріншіден, тоңып, берекелері қашып отырған адамдар үшін нанымды болса, екіншіден, әңгімелесушілердің бірі журналист (қысқа сұрақтар қойып, сұхбат алып үйренген) болғандығына байланысты.
Синтаксистік құрылыс және стильдер жүйесі
Синтаксистік стильдік қызметі, стильдік амал-тәсілдері көркем шығарма жүйесінде молынан көрінеді. Орыстың тіл маманы А.И.Ефимов: "Стиль дегеніміз — құрылымдық-синтаксистік категория"— деп айтады. Өйткені көркем сөз үлгілерінде авторлық баяндау, ондағы кейіпкерлердің сөйлеу мәнері, баяндаудағы экспрессивті-эмоциялы бояулар да, оқиғалар желісі де — бәрі көркем туындылардың синтаксистік құрылыс арқылы беріледі.
Ал стильдер жүйесінде кез келген синтаксистік өлшемдерді жалпы синтаксистік заңдылықтарын сақтай отырып, орнымен дұрыс қолданса, олардың бәрінің стильдік өңі, стильдік қызметі болады. Мәселен, ғылыми мәтіндердегі синтаксистік құрылыс, ондағы сөйлем құрылымы ауызекі сөйлеу стиліндегі ерекшеліктермен бірдей емес. Ғылыми мәтіндегі ойды нақты, түсінікті, жүйелі беру үшін, көбіне, құрмалас сөйлемдер қолданылады, Мәтінде берілетін мол мәлімет пен күрделі ой өзара сабақтасып, келесі ойдың жалғастық табуына ықпал етуі тиіс. Көп ретте ғылыми мәтіндегі ой ереже, формулаға, анықтамаға, дәлелдемеге негізделеді. Мұндай жағдайда құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдердің өзара байланысуы шылаулар арқылы жүзеге асады. Яғни жалғаулықты құрмаластардың атқарар қызметі мол (демек, және, сондықтан, себебі т. 6.).
Ресми іс қағаздары стилінің де сиитаксистік құрылымы,тілі ғылыми стильге ұқсас. Бұлардың әрқайсысына лайықталып тұрақталған белгілі сөз орамдары, дайын сөйлемдері болады. Оларға эмоциональдық немесе экспрессивтік қуаты бар сөз оралымдарын араластыруға болмайды (қаулысы бекітілді, ұсыныс енгізілді, қуатын арттыру көзделді, жаңа технологиялық прогрестер өндіріске енгізілді, есеп берілді т. б.). Экспрессиялық қуаты күшті сөз орамдары, көбінесе, көркем әдебиет стилінде жұмсалады. Мысалы, Ал саған сай жігіт киіз туырлықты қазақ баласында Әбіштен артық туған да жоқ, тумақ та емес (М. Әуезов). Мұнда болымсыздық мағынаға үзілді-кесілділік мән беру үшін екі түрлі аналитикалық формалы болымсыз баяндауыштың тіркесі стильдік қызметте жұмсалып тұр. Бұдан функционалды стильдердің әр түрінің өзіне тән синтаксистік құрылысы болатындығы аңғарылады.
Экспрессивтілікті білдірудің синтаксистік тәсілдері
Ойдың мазмұнын күшейтіп, әсерлі (мәнерлі) түрде жеткізілуін сөйлемнің экспрессивтілігі дейді.
Оқулық авторларының көрсетуінше, экспрессивтілікті білдірудің синтаксистік тәсілдері әр түрлі, бастылары мыналар:
1. Экспрессивтік мағына дауыс ырғағын мазмұнға сай құбылту арқылы пайда болады (интонация).
"Абай жолы" романындағы мысқылдап күлген чиновникке Абайдың айтқаны: "Чиновник мырза, түйе кірсе несі бар, мұнда ол түгіл есек те отырыпты ғой!— (М.Әуезов) ойнақы, көтеріңкі дауыс ырғағы арқылы жеткізіледі.
2. Бір ойды білдіретін болымды сөйлемнің орнына болымсыз мәнді сөйлемді жұмсау арқылы оған экспрессивті мағына үстеуге болады. Салыстырыңыз: Мен институтты бітіремін — Мен институтты бітірмей қоймаймын (алдына қойған мақсатқа жету мәні сезіледі).
3. Баяндауыштың 1 жақтық жіктік жалғауын -мен (-ман), -бен (-бан), -пен (-пан) түрінде жұмсау арқылы сөйлемнің мағынасын экспрессивті етуге болады. Мұндай болымсыз сөйлемдер қайсарлықпен үзілді-кесілді айтылған ойды білдіреді. Мысалы:
Алдыңа келіп тұрмын деп,
Ар-намысымды қашырман!
Бұлтқа жетпей шарт сынбан,
Айта келген сөзім бар,
Не қылсаң да жасырман! (Махамбет)
4. Сөйлемнің баяндауышын, кейде сөйлемнің түрін мәндес басқа сөздермен не басқа сөйлем түрімен ауыстырып айту арқылы да оған экспрессивті мағына үстеуге болады. Көп білген жақсы — көп білгенге не жетсін! Ол сөйлей бастады — Ол сөйлей жөнелді.
5. Сөйлемде етістікті баяндауыштардың қайталануы арқылы да, синтетикалық және аналитикалық формадағы болымсыз баяндауыштардың да қатар қолданылуы арқылы экспрсссивті мән жасаудың синтаксистік амалдары болады. Мысалы: Есіл, Тоғжан, ұмытпаспын, ұмытпаспын! (М.Әуезов). Есебім былғанған да жоқ, былғанбайды да!— деп жауап қайтарды (Ғ.Мүсірепов).
6. Инверсиялық қолданыс та сөйлемге экспрессивтілік мән үстейді: Оны білген Құнанбай жоқ (М.Әуезов). Оның сөзіне құлақ асқан мен жоқ.
Сөйлемнің әртүрлі конструкцияларының стильдік өңі
Мақсатына қарай сөйлем түрлерінің де (хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті) жұмсалуы мен мағыналық жағынан ерекше қызмет атқаратындығы белгілі.
Хабарлы сөйлемнің мазмұнының әртүрлігіне қарай болымды және болымсыз деп стилистика тұрғысынан оқулық авторлары екіге бөліп қарайды. Болымды сөйлемде өмір құбылыстары шындық күйінде баяндалып, сөйлеушінің субьективті көзқарасы қоса жеткізіледі. Аспанды бұлт торлай бастаған екен — хабарға айтушының көзі жетіп баяндалғаны аңғарылады. Осындай сөйлемде айтылған ойға айтушының субьективті көзқарасын білдіруін тіл ғылымында сөйлемнің модальдігі дейді. Болымды сөйлемнің модальді мағынасы көбінесе баяндауыштар құрамын түрлендіру арқылы құбылып отырады.
1. Ол ауылдан кеше келді.
2. Ол ауылдан кеше келген екен.
3. Ол ауылдан кеше келіпті.
4. Ол ауылдан кеше келген шығар.
Бір модальділік мағынаның осыншама көп синонимдерінің болуы қазақ тілі сөйлемдерінің стильдік мүмкіншілігінің молдығын, болымды сөйлемдердің стильдік бояуларының әр алуан екенін көрсетеді. Бұларды таңдап, талғап өз орнында жұмсай білу керек.
Ал қазақ тілінде болымсыз сөйлем жасаудың бірнеше амалдары болатындықтан, оларды талғап жұмсаудың стильдік мәні бар, өйткені болымсыз мағынаның эмоциональды-экспрессивті реңктері күшті сезіледі. Зерттеу еңбектерде мұндай реңктегі болымсыз сөйлемдердің негізгі тәсілдері төмендегідей деп көрсетіледі:
1) аналитикалық тәсіл арқылы;
2) лексикалық тәсіл арқылы;
3) интонация арқылы.
Айтпа, айтпа деймін, анаған!— болымсыздық мағынаның аналитикалық тәсіл арқылы берілуі, болымсыз мағынада күшейту мәні басым. Үйіне келгелі әлі түк бітірген жоқ — лексикалық тәсіл арқылы жасалуы. Бұл сөйлемде түк болымсыз есімдігі бітірген жоқ болымсыз баяндаушпен тіркесе отырып мағынаны күшейтуге қызмет етіп тұр. Жо-о-оқ! Мен жай кетпеймін – сөйлемінде сөйлемнің экспрессивтілігі, болымсыздықтың күшейтілуі интонация арқылы жеткізіліп тұр. Мұнда болымсыз формада айтылған сөз стильдік талапқа сай эмфативті екпінмен айтылады.
Болымсыз тұлғалы сөйлемдерді болымды етіп айтудың да стильдік қызметі ерекше: Мен енді айтамын — мен енді айтпай тұра алмаймын. Мұндай жағдайда айтылатын хабар өткір тілді, эмоциялы сезімі күшті болады.
Кейбір сұраулы сөйлемдер кісінің әр түрлі модальді көзқарасын, күмәнін, түрлі көңіл-күйін білдіріп, сұраққа жауап алу мақсатын көздемейді. Бұлар — кейіпкер ойын мәнерлі түрде әсерлі етіп айтудың өте ұтымды амалы. Мұндай көркемдік амалды ғылымда риторикалық сұраулар дейді (Хабарлауға тиісті ой сұраулы сөйлем түрінде баяндалады.).
Арғымағың жамандап,
Тұлпар кайдан табарсың?
Тұйғыныңды жамандап,
Сұңқар қайдан табарсың ? (Асанқайғы)
Бұйрықты сөйлемдердің де мазмұны бірдей бола бермейді. Себебі бұйрық қалай, қандай жағдайда, қандай мақсатта айтылғанына байланысты, соған қарай бұйрықты сөйлемдердің интонациясы, баяндауыштарының құрамы, сөйлемде орналасу тәртібі де әр түрлі. Мысалы, Көзіме көрінбей жоғал! дегенді Жоғал көзіме көрінбей! деуге болады. Екеуі де бұйрықты сөйлем. Бірақ екеуінің стильдік мағынасы бірдей емес: бірінші сөйлем жай кейіспен айтылған ойды білдірсе, екіншісі қатты ашумен айтылған қатал бұйрықты аңғартады. Айтылуы да екі түрлі. Бірі — бәсең дауыспен, екіншісі — қатал, көтеріңкі дауыспен жеткізіледі. Осындай айырмашылықтарды дұрыс танып, әр түрін өз орнында дұрыс пайдалана білу керек.
Лепті сөйлемдер кісінің түрлі көңіл-күй, сезімін білдіру үшін көбінесе көркем әдебиет стилінде жұмсалады. Олар таңырқауды, таңдануды, қорқуды, жаны ашуды, армандауды, өкінуді, сескенуді жеткізеді. Мұндай мәндегі сөйлемдердің эмоциялық мағыналарын түсініп жұмсай білудің стилистика ғылымы үшін мәні зор.
Қап, мен де кешігіппін! Апырай, аман болғай-ақ та! Стилистика талаптары түрғысынан біршама аяқталған ойды толымды сөйлеммен де, толымсыз етіп те беруге болады.
Толымды сөйлемнің сипаттамасы — белгілі ойға керекті сөздердің сөйлем ішінде түп-түгел айтылатындығы. Мен көрдім ұзын қайың құлағанын (Абай)— деген сөйлем толымды, ойға қатысты сөздердің барлығы қатыстырылған, оны басқаша өзгертіп не түсіріп айтуға болмайды. Өйткені Абай өлеңінің сол сөйлемінде "мен" деген бастауышқа ой екпіні түсіп, сол сөз басқа сөзден басым мағынада айтылған. Кей жағдайда ойымызды нақты, дәл, ықшам етіп жеткізуде толымсыз сөйлемдерді жұмсаймыз. Мұндай сөйлем түрлерін контекст ішінде қалай қолдануға, қандай мақсатпен жұмсау ерекшеліктеріне байланысты пайдаланамыз. Ой дәлдігін сақтау, стиль түрлерін ажырату амалдары ретінде де қарастырамыз. Мәселен, толымды сейлемдер ғылыми әдебиет стилінде жиі қолданылады, өйткені баяндалатын ой толық, жүйелі болуы шарт. Ал толымсыз сөйлемдер ауызекі сөйлеу тілінде, көркем әдебиеттегі диалогтерде жиі қолданылады. Мұнда кейіпкер тілінде жұмсалатындықтан, сұрақ-жауап түрінде көбінесе сөйлемдері қысқа, жалаң, толымсыз болып келеді, ой тұжырымды, әсерлі етіп беріледі:
— Қарағым-ай, қазақпысың?
— Иә, казақпын...
Сөйтіп, сөйлемнің толымсыз болуы оның жұмсалу жағдайымен, ойдың мақсатына қарай, басқа сөйлемдермен қатысына байланысты болады.
Сөздерді, кейде грамматикалық тұлғаларды ортақтастыру — сөйлемдерді тұжырымды, ықшамды етіп құрудың тәсілі. Бұл тәсілді дұрыс түсініп, жазуда дұрыс пайдалана білу үшін оның мынадай орындарға ортақ бола алатынын білу керек:
1. Екі іргелес сөйлемді бір баяндауышқа ортақтастырып айтуға болады: біресе қар жауады, біресе жаңбыр жауады — біресе қар, біресе жаңбыр жауады.
Мұны синтаксисте "сыйыса құрмаласу" деп үнемдеу құбылысына жатқызады. Экспрессивтілігі жағынан бір емес. "Қоянды қамыс өлтірер, ерді намыс өлтірер" дегендегі екі сөйлемді сыйыстыруға болады. Бірақ екеуінің мәні бір емес: алдыңғыда экспрессивті мағына бар да, соңғыда ол солғын.
2. Қатар айтылған сөйлемдердің алдыңғыларында аталған мүшелерді соңғы сөйлемдерге ортақ етіп толымсыз сөйлем құрауға болады! Орал — кәдуілгі үлкен қала, оның үстіне көркем де қала (Ғ. Мүсірепов.)
3. Сөз мағынасы ортақ толымсыз сөйлемдер сөйлеу стилінде, кейіпкердің диалогтерінде жиі кездеседі:
— Уа, көш көлікті болсын!
— Айтсын, аға!
— Отауларың, әне, тігулі тұр,
— Кешке келіңіз.
— Жоқ ...
4. Жіктік жалғаулары сөйлемдегі бастауыштың, тәуелдік жалғаулары ілік жалғаулы анықтауыштардың қай жақтық екені белгілі болатындықтан, ол мүшелерді түсіріп, сөйлемді толымсыз етіп жұмсау көп стильге тән:
Мен ырзамын - Ырзамын. Менің айтатын сөзім көп — Айтатып сөзім көп.
Құрмалас сөйлемдердің де, күрделі синтаксистік тұтастықтың да өзіндік жұмсалуында стильдік ерекшеліктер болады. Мәселен, ғылыми стильде күрделі ой логикалық жүйелі баяндалатындықтан, сөйлем құрылысы күрделі әсіресе, сабақтас құрмалас сөйлемдер арқылы, ол құрмаластың бірінші жай сөйлемінің (бағыныңқының) баяндауышы көбінесе шартты рай формасы арқылы жасалады, екінші сөйлемі ойды тиянақтап, дәлелдеп, тұжырымдап тұрады: егер дене оларды өзіне тартатын болса, ол дененің электрленгені (Физика).
Күрделі синтаксистік тұтастық – стильдік амал ретінде көркем шығармалар жүйесінде жиі орын алады. Синтаксистік тұтастық – бірнеше сөйлемдер тізбегінен жасалып, мағыналық және құрылымдық жағынан тұйықталған, белгілі бір күрделі ойды білдіретін синтаксистік бірлік. О.Бөкеевтің «Қар қызы» повесінде үш кейіпкердің әрқайсысының ойлары күрделі синтаксистік тұтастықпен берілген «Қасаттанған қардың үстінде де, шикі таулардың ішінде, қар астында жатып, өткен шақтарын елестете ойлаған ойлары...» осындай синтаксистік конструкциялардан тұратын мәтінде жүзеге асады (36-48-беттер).
