- •1.ХХғасырдың 60-шы жыл-ғы драма жанрының дамуы
- •1.20 Ғасырдың 60-шы жылдарынан кейінгі кезеңдегі әдеби сынның даму ерекшелігі
- •2. З.Шашкин «Доктор Дарханов» романы
- •3. С.Жиенбаевтың поэзиясы
- •20 Ғасырдың 60-шы жылдарынан кейінгі әдебиеттану ғылымының даму ерекшеліктері
- •2. Х.Есенжанов «Ақ Жайық» романы
- •3. Т.Айбергенов лирикасы
- •Қазақ прозасында тарихи тақырыптың көркем игерілу себептері
- •2. Т.Жароковтің эпикалық шығармалары
- •3.Т.Нұрмағамбетов әңгімелері
- •Ғабит мүсірепов. Жаны толы жыр еді (ғ.Мүсіреповтың мақаласы, яғни Ғали Орманов туралы айтқаны).
- •"Үркер" романы
- •Сырбай Мәуленов
- •1960-2000 Жылдардағы өнер адамдарының бейнесі
- •2. Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» роман диалогы
- •1960-2000 Жылдардағы эпистолярлық жанр
- •С.Жүнісов «Ақан сері» романы.
- •Ж.Әбдірәшев поэзиясы
- •1. Драмадағы мінез және драмадағы тартыс
- •14.2 Оралхан Бокей повестері мен әңгімелері
- •1. Абайдың жұмбағы р.Тоқтаров
- •2. Жұбан Молдағалиев поэмалары
- •3. И.Сапарбай драмалары жалпы шығармашылығы
- •3) Есенғали Раушанов өлеңнің қара бауыр қасқалдағы
- •20Билет
- •Күтумен кешкен ғұмыр
- •Қалтай Мұхамеджановтың комедиялары
- •Ұлықбек Есдәулет шығармашылығы
- •Көздеріңе ғашықпын...
- •1.Дихан Әбілов шығармашылығы
- •2.Б.Момышұлы шығ – ғы соғыс көрінісі
- •3. Сағат Әшімбаевтың әдеби сын еңбектері
- •25 Билет!
- •26 Билет
- •27 Билет
- •Өмірбаяны[өңдеу]
3. Т.Айбергенов лирикасы
“Қанағат қарын тойғызады”. Қанағат бiткен жерден ашкөздiк, ашқарақтық, дүниеқоңыздық басталады. Бұл — бәрiмiз бiлетiн мораль. Бiрақ қанағат шығармашылық адамы үшiн, өнер қуған жан үшiн мүлде керек емес қасиет. Егер өнер адамы болдым, толдым деп тоқмейiлсiп тоқтар болса, онда оның бiткенi. Мүрдем кеткенi, Өнерiнiң де, өзiнiң де күйрегенi. Өйткенi шын өнер адамы жазған сайын жазсам, қазған сайын қазсам деп қана өмiр сүре алмақ. Өйткенi шын өнер адамы өмiрге ғашық адам. Ал өмiрге ғашық адам ешуақытта тоқмейiлсу, болдым-толдым дегендi бiлмейдi. Ондай адам, қашан көрсең де, тағат таппастан әлденеге тiленiп, жұтынып, алқынып, демiгiп, шыдас берместей өлiп- өшiп тұрады.
Төлеген Айбергенов дәл осындай ақын. Бiз бiлетiн, анық таныған Төлегеннiң бастау көзi “Өмiрге саяхат” кiтабынан басталады.
О, менiң байтақ мекенiм,
Жанымның қаршығасы сен.
Шырқағым келiп кетедi
Жазбаған ән шығарсың сен.
Қызығың тербеуде менi,
Тарқамас той шығарсың сен.
Тулаған тар кеудедегi
Тумаған ой шығарсың сен.
Ай маңдай алуан дарынның
Терi боп тамшылайсың сен.
Сан жүйрiк армандарымның
Тұлпарын қамшылайсың сен.
Ұзақ жылдар бойы қомақталып, қордаланып жиналған, ақырында кемерiн кернеп-кернеп сiрескен тоғанды бiр-ақ лақтырып лақ етiп ақтарылған сел-көшкiндей бiр қуатты күш жұрттың бәрiн өзiне жалт қаратқандай едi. Тағы да бұл өлең ел мен жұрт алдында сөз бергендей программалық өлең болатын.
Сен десе толған ағыстан
Қалайша ақтарылмайын.
Сағынып салған алыстан
Солдаттың хаттарындаймын.
Жауыңды кескiлермiн де,
Қас етпен ешкiмдi ешкiмге мен.
Бағың боп естiлермiн де
Сорың боп естiлмеспiн мен.
Жүрек жарды сөз ғой бұл! Өзiне осыншалықты мiндет арқалатқан бұрқақ бұла күш қой бұл! Кенеттен бүкiл қазақ даласындағы сиқырлы коммуникациялық желiлер өз-өзiнен сарт та сұрт iске қосылып қуатты бiр дауыс саңқылдап сөйлеп кеткендей болады. Тағы да ол серттей сенiмдi, анттай берiк дауыс боп естiледi.
Төлеген Айбергенов әдебиетке келген кез – оқырман қауым талғамының әбден өскен, талабының әбден қатайған кезi едi. Атақты алпысыншы жылдар ғой ол. Алдымен, сәл ертерек Тұманбай, Сағилар, оларға iлесе едел-жедел келген Жұмекен Нәжiмеденов, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаевтар тамырларын тереңге жiберген қарағайлардай нық орныға бастаған-ды. Несiн жасырамыз, ол кезде ондай-ондай iрiлердiң қатарынан орын ала қоям деу не әпендiлiк, не әумесерлiк сияқты болып көрiнетiн. Оның үстiне әлгiндей тегеурiндi таланттар тұрғанда өзгеше өрiс ашам деу мүмкiн еместей едi. Өрiстiң бәрi игерiлiп, төрт құбыламыз түгенделiп қойғандай болатын. Сөйтсек, олай емес екен. Өнер дегенiңiз ешуақытта түгел игерiлмейдi де, ешуақытта түгенделмейдi де екен ғой. Ол қайта жаңа биiкке, жаңа тереңдiкке, жаңа кеңiстiкке ұмтылумен өтетiн, ол жолда ындыны бiр қанбайтын, ынсабы бiр қайтпайтын перi мiнездi дүлейлi құбылыс болып шықты.
Сонымен қазақ поэзиясына өмiрге деген құштарлығы алапат, тарпаң болмысты, дарқан жүректi бiр ақын кеп қосылды. Тағы да ол ақын соншалықты шалт, соншалықты дегбiрсiз, бәрiн-бәрiн сол сәтiнде көрiп, сол сәтiнде бiлмесе жаны байыз таппайтын, әйтеуiр не нәрсеге де ентелеп, емiнiп, емешегi езiлiп тұрған ақын боп шықты. Оның тiптi “көзiме сыйған дүние, сөзiме сыймай тұр менiң” деп өзiне-өзi разы болмай қынжыла кiжiнетiнiн қайтерсiң?! Мiне шығармашылық қанағатсыздық! Тек өзiне-өзi разы болмау ғана өнер адамын жаңа асуларға, жаңа өрiстерге шығарса керек.
Бiрақ ол үшiн, ең алдымен өзiне-өзi үңiле бiлген ақын ғана өмiрге үңiле алмақ. Өйткенi ақын өзiн танымай тұрып, өмiрдi тануы мүмкiн емес. Егер олай етпедi ме, онда ол өмiрдiiң тек сыртқы құбылыстарын ғана тамашалап қалмақ.
Төлеген Айбергенов те дәл осы кезде, өзiнiң кiм екенiн, нендей-нендей құндылықтарға ие екенiн ұққысы келгендей өзiне үңiлiп бағады. Үңiлiп қарайды да, табады.
Өмiр ғашық, бүкiл әлем мас маған,
Көзiм заңғар күн сияқты қырағы.
Менiң денем Менделеев ашпаған
Металдардың қоспасынан тұрады.
Қойны кенге толы таудан аумаған
Кеудем шексiз қазыналар Отаны.
Сондықтан да айқайласам тау маған
Жаңғырығып жауап берiп тұрады.
Ақын ендi айқайласа, таудың өзiн жаңғыртып, одан жауап ала алатын күшке ие екенiн ұқты. Өн бойында қаншама қазыналар жатқанын сездi. Әрине, ол қазыналарды, өз iшiнде, өз бойында бола тұра, оп-оңай “өндiрiп” ала қою қиын. Өте қиын. Өйткенi ол алапат қарсылыққа ие. Адамға өзiн-өзi жеңу қандай қиын болса, өз бойындағы қазынаны алып шығу да сондай қиын. Қиын болғанда да қиямет-қайымдай қиын. Ол үшiн қуатты талант, қайратты жiгер, мол iлiм-бiлiм керек. Өмiрдi бұрынғыдан да ұға түсуге ұмтылу керек. Оны ұңғыл-шұңғылына дейiн зердеңмен зерттеп, пайым-парасатыңмен таразылап байқау қажет.
Сондықтан да Төлеген ақын бұл өмiрдi ұғып қана қоймай жыға танығысы келдi. Содан болса керек, ол өзiнiң бұл кiтабын “Өмiрге саяхат” деп атапты.
Бұл жолда ол өмiрдiң ащысынан да, тұщысынан да дәм татты. Аптабына күйдi, аязына тоңды. Адамдардың ыстық құшағын да, мекiренiп тұрып мекерлiк жасайтынын да көрдi.
Өмiрге бүкiл жан-тәнiмен, сұмдық бiр қуатты құштарлықпен ұмтылған адам алдында қашанда кедергiлер де, кесапатты пәле-жалалар да кездесетiнi сөзсiз.
Ұнатпасын тұрсам дағы сезiне,
Ұнамасын тура айтамын көзiне.
Бәрi соның — алғанымды өзiнен
Қайта апарып беру үшiн өзiне.
Оның күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан қалып, арпалысып, алысып жүргенiнiң бәрi адамдар үшiн ғой. Тiптi менi ұнатпай-ақ қойсын! Ұнатпаса, атамның ар жағына! Бәрi бiр солар үшiн! Өйткенi ол адам бiткеннiң бәрi шетiнен қаны қатқан қатыбас, шетiнен мейiрiмнен жұрдай, қайырымнан ада қатыгез деп ойламайды. Сондықтан да ол:
Ақжүректi Адам!
Мәрттiк пен Ардан жасалған,
Мен сендер үшiн көз жұмбай барам құрбанға.
Ешқашанда мен құлайтын шыңнан қаша алман
Құлағаныма қуанбас жандар тұрғанда —
дей алады.
Өмiрдiң iшкi әлемiне саяхат жасап, елiнiң атаулы-атаулы жерлерiн аралап жүрген ақын айналасынан тек қана жақсылықты, тек қана қуанышты мезеттер мен сәттердi, тек қана көңiл мен көздi арбайтын сән-салтанаты келiскен шат- шадыман тiршiлiктi көредi. Тiптi асырып, әсiрелеп көредi.
Көз алдым менiң гүл қызыл,
Көз тiккен үйлер биiктен.
Аспанның бүкiл жұлдызын
Көтерiп тұрған иықпен.
Көз алдым менiң қаһарлы
Ескерткiш өскен алаңдар.
Жырлайды мынау шаһарды
Шыңылдап лирик бағандар, —
деп көне Түркiстанды таңғажайып ертегi қалаға айналдырып жiбередi. Түркiстанда туып-өскен мен, осы жолдарды алғаш оқығанда, Құдай-ау, менiң Түркiстаным қандай керемет деп таң-тамаша қап таңғалып, бiр тамсансам, менiң жатаған Қаратауыммен кездескенде
Есен-сау бармысыңдар, армысыңдар,
Армысыңдар, қария қарлы шыңдар.
Төсiнен керуен-керуен көш өткен тау,
Сен менiң керуен-керуен алғысымды ал, —
деп омырауын айқара ашып, аңғардан соққан желдей есiп аңқылдап амандасып ап, —
Мұнша мал,мұнша дария, мұнша баумен,
Тұрсың сен дүние көзiн тұмшалаумен.
О, шiркiн, тусам- ау мен биiк болып,
Өзiңдей жер менен көк боп тұрсам- ау мен,
деп толғанып-толқығанын көрiп екi тамсанғаным бар.
Ақын есейiп келе жатты. Апыр- ау, есейген жан, әдетте, сабыр етiп, байыз тауып, сәл- пәл болса да аял жасамас ма?! Жоқ, Төлеген ақын олай етпейдi. Қайта шабысына шабыс, екпiнiне екпiн, жарқылына жарқыл қосып бұрынғыдан да үдетiп жiбередi. Бұл мiнезi оның, әсiресе, жастық шағымен, жиырма бесiн есiне алғанда анық сезiледi. Оның “жиырма бесiн желпiнбей айтатындар — бұл дүниеге босқа кеп қайтатындар” деуi — дәл осы кез. Ол үшiн:
Жиырма бес — станоктардың
Зырылдап жатқан ұршығы.
Бәйгеге қосқан аттардың
Тұяқтарының дүрсiлi.
Үздiксiз жеңiп талқысы
Бiр шыңнан кейiн бiр шыңды ап,
Жиырма бес—
Вагон тартысы
Тепловоздардың ырсылдап.
Арынды ақынның тоқтайтын да, толас табатын да түрi жоқ. Әйтеуiр, алып бара жатқан бiр дүбiлiс, алып бара жатқан бiр үдерiс. Айналаның бәрi дүбiр мен дүрбелең. Ендi оның лирикалық кейiпкерi (“Шабандозбен әңгiме”) тiптi қара жер үстiнен шығандап шығып бұлттармен араласып бара жатады.
Өкшелесiп өзiң теңдес жас кiлең,
Зуладың да жұлдыздардың астымен,
Кес-кестеген сан аңғардан қарғып- ақ
Кеткен шығар сенi ап ұшқан арғымақ.
Қапталында қаптап қалып гүл қалың
Шарбы бұлттан шаршы орамал бұлғадың.
Шабандоздың астындағы ат арғымақ емес, қанатты пырақ сияқты. Зулаған қалпы аспанға шығып кеткен Төлеген кейiпкерiнiң жойқын шабысын көрiп отырып, ерiксiз пай- пай десiп, қол соғып қошемет көрсетiп өз-өзiңнен мерейiң өсiп, мәртебең биiктеп бара жатады. Рухтанасың!
Оның Отанға деген шексiз махаббаты мен ыстық сүйiспеншiлiгi де өзгелерден өзге. Ол Отанын әдеттегiдей “сүйемiн, күйемiн” деп айналып толғанып жатпайды. Ант- су iшiп, қарғанып- сiленбейдi де. Ол өзiнiң Отанға деген сүйiспеншiлiгiн айнала тiршiлiктегi әр бiр әуен мен әуезден, үндер мен дыбыстардан, саздар мен сарындардан, тылсым пернелер мен сиқырлы иiрiмдерден, күн нұрымен жалт- жұлт еткен шағылыстар мен сан тарапқа самаладай боп жамырап ағылған сабылыстардан табады. Құлағыңа соншалықты жағымды, көзiңе соншалықты ыстық, жаныңа соншалықты жақын.
Жанардың отты жарқылындасың,
Көгiмде мәңгi маздар күн,
Шағалалардың шаңқылындасың,
Қаңқылындасың қаздардың.
Құрышы қанбас құлақтардасың,
Құрақтардасың ән шерткен.
Дауыстап жатқан бұлақтардасың
Алқынып келем аңсап мен.
Саусағындасың күйшi бiткеннiң,
Аңсауындасың құрбымның.
Шалғынындасың бишi көктемнiң
Таңдайындасың бұлбұлдың.
Қызғалдақ қамал қырларымдасың,
Сырларындасың атаның.
Жанымның барлық ырғағындасың
Аяулы менiң Отаным.
Отан туралы нөсер боп төгiлiп тұрған бұл жолдарды сен, әрине, тебiренбей, емiренбей оқи алмайсың. Өн бойыңды өрттей ыстық сезiм үрлеген көрiктей кернеп, қан тамырларыңды қып-қызыл найзағайлар аралап сiлкiнтiп алып бара жатады.
***
Көп ұзамай- ақ, өз даусын, өз жолын әбден бекiтiп, шегемдеп алған Төлеген Айбергенов, дүниеге өмiрiндегi ең басты кiтабы, шығармашылығының алтын өзегi — “Құмдағы мұнараларды” алып келдi. Ол “Өмiрге саяхаттан” басталған тау өзендерiндей сарқырап төгiлген асау ағысты жырларын бұрынғыдан да күшейтiп, бұрынғыдан да қуаттандырып жiберген едi.
Оның ендi тұла бойын жарып жiберердей кеулеп, кернеп бара жататын сезiм бұрқаныстарының құйынды құйылыстары қалыпты буын-бунақтарды да, кәнiгi ырғақтарды да тас-талқан еткен едi. Өлеңнiң бүкiл ереже-шарттарын күйретiп, бүлiк сап бұзып-жарып жеткен ол өлеңдердi жұрт бiткен ешқандай жатырқап-жатсынбай, қайта көптен күткен айрықша бiр жақсылықтай құшақ жая қарсы алған-ды. Әдетте бiздiң буын мен бунақ, иiрiм мен ырғақ сәл бұзылса бүкiл үйлесiм мен жарасымдылық бiткенге жазылмастай жарақат түскендей жанымыздың шығып кете жаздайтыны бар. Қате түсiнiк. Бiздiң ойымызша, үйлесiм мен жарасылымдықтың басты өзегi де, бастау көзi де — табиғилықта. Өлең неғұрлым табиғи болса, ол соғұрлым әрi үйлесiмдi, әрi жарасымды. Етiмiз бен сүйегiмiзге әбден сiңiп кеткен өлеңге қойылатын ереже-шарттардың да, өлшем-қалыптардың да бiразын бүлiншiлiкке ұшыратып, арқырап-сарқырап, ентелеп жеткен Төлеген өлеңдерiн бiрде бiр адамның жатырқап- жатсынбауы, оның сол табиғи қуатында.
Бұл жерде бiр айта кететiн жайт, қандай бiр жаңалық болсын өзiнiң туған топырағына тереңнен салған тамырдан көктеп шығады. Олай болмады ма, онда сiздiң әкелген жаңалығыңыз ебелек сияқты, жел бiр лүп еткенде-ақ домалап-төңкерiлiп, тығылатын сай iздеп лағып кетедi.
Сол реттен қарайтын болсақ, онда Төлеген Айбергенов әкелген жаңалық — өзiнiң дәстүрлi топырағынан өсiп шыққан жаңалық дей аламыз.
Яғни Төлеген поэзиясының арғы топырағы — көшпелiлердiң жыраулық поэзиясы. Түп тегi осы. Әрине, Төлеген оны сол қалпында көшiрмей өзiнше илеп, өзiнше игерiп, өзiнше қорытқан. Сондай- ақ ол жыраулық позия мен Төлеген өлеңдерiнiң мiнез-құлқы да, атқарар қызметi де әр тектi. Жыраулық поэзиядан, негiзiнен, кiл бiр “қалқандардың қаңғырлағаны, семсерлердiң жарқылдағаны” сес көрсетiп, тұяқ дүбiрлерi мен ат үстiнде тартысқын арсы- күрсi алыс-жұлыстың алқынған демi мен аптыққан лебi шарпылып жатса, Төлеген өлеңдерiнде көбiне-көп адам жанының ерек бiр құштарлыққа, айрықша ықылас-ынтазарлыққа толы емiренiстерi мен тебiренiстерiнiң уiлi мен гуiлi естiлiп тұрады. Кей сәттерде үлбiреген үкiлi сәукеле киген, шолпылары сылдырлап, бiлезiк-жүзiктерi жалтылдаған салтанатты шаттықтың үнi мен сарынын құлағыңыз шалады. Бейне бiр мақтаныш пен марапатқа толы ғажап бiр ода тыңдағандай боласың. Ода дегендi аузыңа алсаң-ақ, алдымен американдық ақын Уолт Уйтменнiң еске түсерi сөзсiз. Бiрақ Уйтмен өз одаларында Американың аста-төк байлығы мен табиғаттың өзi үйiп-төгiп бере салған молшылығын шат-шадыман, байтақ ауқыммен, барынша мақтанмен жырласа, ал Төлеген адам бойындағы туған жерге деген сағыныш сияқты ардақты, қасиеттi, асыл байлықты бар дауыс, бар үнiмен, асқақ сезiммен жырлайды.
Әрине, Төлеген Айбергеновке дейiн де талай-талай ақындар туған жерге деген сағынышын жырлаған. Ондай өлеңдердi, сөз жоқ, Қасымнан да, Сырбайдан да, Жұбаннан да, Ғафудан да, Тоқаштан да т.б.табуға болады. Сондай-ақ ол тақырыпқа Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай, Сағи, Өтежан, Сабырхан, Дүйсенбек, Кеңшiлiк, Жұматай, Жарасқан, Дәуiтәлiлер де аз жазбаған. Мен бұл жерде, аруақтары жар бола көргiр, о дүниелiк болып кеткен ақындардың бiрсыпырасын ғана ауызға алып отырмын. Көзi тiрi ақындардың да бұл тақырыпқа бармағаны жоқ. Тағы да ол өлеңдердiң көбiсi көңiлiңдi желдi күнгi желдей толқытып, көзiңе ерiксiз жас үйiрiлтерi сөзсiз.
Дейтұрғанмен, бұл тақырыпты дәл Төлегендей тебiренiп, дәл Төлегендей қотара көтерiп, дәл Төлегендей емiренiп, оның бүкiл тамыр-талшықтарына дейiн қан жүгiртiп, өн бойыңа үзiлiп кетердей боп үздiккен дiрiл толтырып, әрбiр пернесiнiң астына естi алатын жұмбақ гәп сыйдырып, әрбiр шалт бұрылыстарына бiрде елiктiрiп,ендi бiрде арбап алатын сиқырлы қуат кiргiзген ешкiм жоқ деп кесiп айта аламыз.
Сағынбай барсаң теңiз де сенiң тебiренбес
жастық шағыңдай.
Бұлбұлдың даусын есiте алмайсың бауларға
кiрсең сағынбай.
Сағынбай барсаң таулар да сенiң алдыңнан
шықпас асқақтап.
Ойлауың мүмкiн дүниенi мынау кеткен екен деп
тас қаптап...
Үмiтке толы, арманға толы әр жерде бiр түп қарағай,
Сағынбай жүрсе қалуы мүмкiн жамырасуға жарамай.
Биiкте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған,
Сенi мен менiң ғасырлап күткен сағынышымнан оянған.
Бабалар бiздi сағынған, жаным, арманның аңсап биiгiн,
Әжелер бiздi сағынған, жаным, талдырып асқар иығын.
Неткен телегей-теңiз тебiренiс! Неткен дүрк көтерiлген жаппай үдерiс! Апыр-ау, сөз дегенiңiздiң бәрi дерлiк алып кеңiстiкте шудалары желкiлдеп жөңкiлген керуен-керуендерге, түтiндерi будақтап жер апшысын қуырып заулаған эшалон-эшалондарға, аспан астын қаңқылдаған, сұңқылдаған, тыраулаған үндерге толтырып жiберген қаздар мен аққу, тырналарға айналып кеткендей. Оқысаң-ақ, жүрегiң кеудеңе симай атқақтап, тұла бойыңды керiп кеткен сезiм селдерiнен қаншама замандар бойы қаңсып, қасаң тартып қалған әлденелер сетiнеп, сөгiлiп, әлденелер өз-өзiнен жымдаса бiрiгiп жатқандай болады. Сағыныштың осыншалықты алапат қуатын сенiң бүкiл болмыс-бiтiмiңе құйып жiберген, жетi атасына, үрiм-бұтағына нұр жауғыр, Төлеген ақынға қалай ғана риза болмассың.
Сағыныш деген алдыңда тұрған ақ ала басты
көк заңғар,
Бақытың сенiң бағытын солай бара жатса алып
пәк жандар.
Заманым менiң жанарымда алып сағыныш
болып жарқылдап,
Ағады тынбай күңiренiп-сыңсып аэропорттар
мен вокзалдар.
Ал әйтпесе! Олай демей, ендi не дерсiң?! Сағыныш деген селдi көшкiнге iлесiп, басқа- басқа аэропорттар мен вокзалдардың өзi ағып бара жатса!
Айналасын өзiнiң толассыз құйған нөсерлi жауын-жаңбырлардай өлеңдерiмен шулатып, дүрлiге көшiп жеткен Төлеген Айбергеновтi оқырман қауым неге осыншалықты көптен күткен аңсарындай ет-бауыры езiле, емiне қарсы алды? Оның өлеңдерiн әп дегеннен-ақ неге осыншалықты таңдайлары тақылдап, көмейлерi толып, алқымдары iсiнiп жатқа соғатын болды. Өйткенi Төлеген өлеңдерiнiң, мақаламыздың бас жағында айтып өткенiмiздей, табиғилығынан едi. Оның болмысының табиғаттың стихиялық құбылыстарына жақындығынан болатын.
Төлеген өлеңдерiн оқыған кездерде жан-жағыңызда сұрапыл қысым-қуатынан фонтандар атқылап, тас төбеңiзде қара бұлттардың бауырын қақ жарған қып-қызыл найзағайлар жарқылдап, ормандардың шаштарын алба- жұлба етiп желдер жұлқылап, буырқана лықсып аққан өзендерде сөгiлген сеңдер бiрiнiң үстiне бiрi мiнгесiп сатырлап, күтiрлеп, опырылып сынып жатқандай болады. Яғни, Төлеген — табиғаттың өзiнен туа салған стихиялық құбылыс!
Содан ба, ол мына өмiрге өзi де таңғалып, оған жұртты да таңғалтып өткен ақын.
Оның өлеңдерiнен жекелей бiр дән де, жекелей бiр мән де iздеудiң қажетi жоқ! Ол тұтас құйылады, тұтас төгiледi.
Оның тiптi байыппен, байсалмен-ақ жеткiзетiн сөздiң өзiн өжеттене, өршелене айтпаса, айызы да, мерейi де бiр қанбайды-ау, бiр қанбайды. Табиғаты солай.
Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтiрiп,
Қаралы мойнын қайтадан
артқа бұрмастай халге келтiрiп,
Жерiне тартып отырады екен
моншақтап жасы боздаумен
Омырауын шерге толтырып.
Апталап-айлап таңдайын мейлi
тасбауыр шөлдер құрғатсын,
Қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгiлiк
тiптi күн батсын.
Туған жер төсiн аңсаумен өткен аруна — бауыр дүние
Сен маған осынау ақ жүрегiңмен қымбатсың.
Ол өз өмiрiнде толассыз толқып, толассыз тебiренiп өткен ақын. Ол өзi өмiр сүрген айнала тiршiлiктен де тек толқу мен тебiренiстердi ғана көрген ақын. Ол атамекенiнiң серпiлмеген күнiнен де кереметтей серпiн көредi. Оны айтасыз, ол тiптi жалғыз тамшының өзiнен де тасқын табады. (“Мен сенiң жалғыз тамшы тасқыныңмын”).
Төлеген Айбергенов поэзиясының тағы бiр маңдай тiреп сөйлейтiн тұсы — оның “Маңғыстау саздары” дер ек. Әрине, өндiрiстi өлеңге көшiру оңай шаруа емес. Қалай көшiрерсiң?! Қара темiрден тебiренiстi сезiм табу кiмнiң қолынан келе қояр дейсiң?! Бiраз уақыт мұнай барлау экспедицияларында жұмысшы боп iстеген мен, оны жақсы түсiнем. Үстiнен май сорғалаған арбиған-арбиған алып мұнараларды, жерге тұмсығын сұғып жiберiп, қан сорып жатқан алып масалардай, мұнай сорып жатқан качалкаларды, апанды үңгiрлердей ұзыннан ұзақ созылған құбырларды өлеңге көшiру, оны оқырманның игiлiгiне айналдырам деу үлкен тәуекелге бел буумен бiрдей. Осы тәуекелге Төлеген ақын, оны тәуекел деп ойламай-ақ, аңқылдаған ақжарқын қалпында жайраң қағып осы тақырыпқа кiрiп барады.
Көзiм менiң!
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлдi барады қыр ап қашып.
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда
Мұнаралар басына шырақ тасып.
Қалайша мен, жаным-ау, тұра аламын,
Көңiлiмнiң сыңсытпай шынар әнiн.
Табанымның астында қара дария,
Тас төбемде тайгасы мұнараның.
..............................................................
Бiлмедiм мен кеудемнен ашты ма кен,
Омырауы осынау тасқын әлем.
Күн көтерiп барады Маңғыстауда
Мұнаралар аспанның астыменен.
Маңқиған мұнараларға емес, тәңiр жаратқандай ғажап көрiнiске есiң кете таңғалып қарайсың да қаласың! Төлегеннiң бiр кереметi кез келген нәрсенi әрекетке кiргiзiп, қозғалысқа түсiрiп қоятыны. Бетонмен құйылып мызғымастай етiп бекiтiп тасталған мұнараларыңыздың өзiн аспанның астымен күн көтертiп жүргiзiп қояды. Ақын қиялының қуатына ерiксiз сүйсiнесiң. Тәнтi боласың.
Мұнаралар тайгасының iшiнде жүрген ақын кенеттен “ мен қара төспiн, қайғыдан бақыт жасаған” деп жар салып шыға келетiнi бар. Құдай-ау, қайғының өзiнен бақыт жасаған, бұрын-соңды бiз кермеген неткен iрiлiк бұл! Осыдан кейiн-ақ оның тарпаң асаулықтан тұратын қай iсiне де шүбә келтiрмейсiң.
Мен қара төспiн шойынды саздай илеген
Құлаштап соқсаң күйге енем.
Жаңғырта алмайды жапанды
Жаңғырығымды сүймеген.
Отыма менiң ұқсайды барлық ұрандар.
Қанатын малып ұшады соған қырандар.
Мен қара төспiн, соқсаң да — қанша шаршаман.
Қып-қызыл шоқ боп үскiрiктерге қарсы ағам.
Шеге боп енем үйлердiң
Қабырғасына қаусаған.
Отына қанатын малып ұшатын қырандар мен үскiрiктерге қарай қып-қызыл шоқ боп қарсы ағып бара жатқан оның орасан ғаламат екпiнiне қайран қалмасқа лажың жоқ. Оқыған сайын оқи бергiң келедi...
...Қазiр де оның өлеңдерi дүниенiң үстiне көтерiлiп жалт ойнап, жасын сiлкiлеп тұр. Айналаның бәрi керемет тебiренiске түсiп тербелiп тұрғандай...
Төлеген Айбергенов өзiнiң қысқа ғұмырында азаматтық, ақындық мiндетiн де нық белгiлеп кетiптi. “Ақын боп өмiр кешiру оңай деймiсiң, қарағым, Аузында болу бұл өзi сыздаған барлық жараның”. Бұл сөздердi естiген Сiз де, ақынмен бiрге, тебiренiп бара жатасыз..
6-билет
