Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Билеттин жауаптары.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
572.49 Кб
Скачать

3. И.Сапарбай драмалары жалпы шығармашылығы

Исраил Сапарбай (15.5.1941 жылы туған, Өзбекстан, Самарқанд облысы Кушрабад ауданы) – ақын. Шымкент педогогикалық институтының филология факултетін бітірген соң бірнеше жыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген. Алматы Жоғары партия мектебін бітірген (1975). 1976 – 83 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарып, 1983 жылдары «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысқан. 1984 – 85 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1985 – 92 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары, 1997 – 98 жылдары Сыртқы істер министрлігі ТМД елдері бойынша департаментінің 1-хатшысы, 1998 – 99 жылдары Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде 2-хатшы қызметтерін атқарды. Алғаш бір топ өлеңдері «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрді (1975). Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. Сапарбайдың «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр. Түркі поэзиясы Халықараралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйл., Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты.[1]

Аққу арман. А., «Жалын», 1976; Раушан ғұмыр», А., «Жалын», 1978; Бозқараған. А., «Жалын», 1980; Қызыл-жасыл дүние. А., «Жалын», 1984; Жүре гі ме ұя салған қарлығаш. Өлеңдер. А., «Жалын», 1986; Қызыл жел. Өлеңдер. А., «Жалын», 1998; Ғашықтың тілі. Өлеңдер, А.; Бармақтай бақ. Өлеңдер. А., «Рауан»; Махаббат пен Ғадауат. Өлеңдер. А., «Атамұра»; Тар төсекте төсіңді. А., «Дала».

17-билет.

  1. Хамит Ерғалиев (1916 —1997) (14.10.1916 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Новобогат селосында туған) — қазақ ақыны. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыған. Ұлы Отан соғысына қатысты (1941-45). Тұңғыш өлеңдері Гурьевтің облыстық газетінде 1936 жылы жарияланды. Ол көптеген өлеңдер, публицистикалық мақалалар, эпикалық поэмалар, прозалық шығармалар жазды. Epғалиев 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1945-50 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері, 1950-57 жылы Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі, 1958-59 жылы Қазақстан мемлекеттік әдебиет баспасы поэзия редакциясының меңгерушісі болып қызмет атқарған. Epғалиев - 30-ға тарта жыр жинақтарының, «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің», «Оралдағы отты күн», «Аңыз ата», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Жылдар, жылдар» деп аталатын поэмалардың авторы. Ол - Қазақстан Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1981), екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» және 1, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Epғалиев Қаныш Сәтбаевты үш рет жақыннан көргені туралы естелігінде («Беделіндей елімнің биік еді») ұлы ғалымның қарапайым әрі кішіпейілділігіне тәнті болады. 1949 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының Үлкен Алтай проблемасы жөніндегі көшпелі сессиясы Өскемен қаласында өткен кезде, сессия барысынан күн сайын хабар ұйымдастыру үшін «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Epғалиевтің журналистік жұмысына академиктің өзі кеңесші болып, көмек көрсеткенін еске алады. Epғалиев ұлы ғалымның рухына арнап, «Ғарыштағы Қаныш» деген баллада («Социалистік Қазақстан». 1989, 12 сәуір) жазды. Хамит Ерғалиев — 20-дан астам кітаптың авторы. Ақын шығармашылығының тақырыбы әр алуан. Ол қазақ халқының өткен өмірін, Октябрь революциясынан кейінгі азат заманның, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан мен тылдың бірлігін, жауынгерлердің ерлігі мен тыл адамдарының еңбегін, соғыстан кейінгі коммунизмге қарыштай қадам басқан бүкіл халықтық қозғалысты жырлады. "Әке сыры" (1947) поэмасында ақын совет адамдарының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ересен ерлігін, халықтардың бейбітшілік жолындагы жанқиярлық күресін жырлады. "Үлкен жолдың үстінде" (1949) поэмасында социалистік өмірді жаңа қарқынмен орнатып жатқан жұмысшы табының қажырлы еңбегін суреттеді. Хамит Ерғалиевтің бұл поэмасында Мойынты-Шу темір жол құрылысындағы еңбек адамдарының ерлік істері, рухани өскендігі бейнеленген. "Біздің ауылдың қызы" (1950), "Сенің өзенің" (1953) поэмаларында қуаңшылық жайлаған шөл даланы суландырған, жасыл орман өсіріп, сол даланы гүл-бақшаға айналдырған адамдардың еңбегі суреттелген. Бүл төрт поэма да— эпикалық екпінмен жазылған, қазақ поэзиясында белгілі орын алған көркем туындылар. "Оралдағы отты кун" (1956) поэмасында азамат соғысында аты аңызға айналған Чапаевты, оның майдандас серіктерін жырлады. "Аңыз ата" (1965) поэмасын украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченкоға арнады. Ал "Құрманғазы"(1962) поэмасында қазақ халқының ұлы композиторы Қ.Сағырбаевтың, "Күй дастан" (1970) поэмасында академик композитор А.Жұбановтың бейнесін жасады. "Жылдар, жылдар" (1966) дастанында коммунистік дәуірді жырлады. X.Ерғалиев көркем очерк, публицистикалық мақалалар арқылы заманымыздың көкейкесті мөселелеріне үн қосып отырады. Таңдамалы прозалық шығармалары "Шындық шырқайды" деген атпен 1966 жылы жеке кітап болып шықты. Ақын аударма саласында да еңбек етеді. Д.Байронның, В.Шекспирдің, П.Неруданың, Н.Хикметтің, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, А.Некрасовтың, В.Маяковскийдің, Д.Бедныйдың, А.Сурковтың, Р.Ғамзатовтың таңдаулы шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қырғыздың "Манас", қарақалпақтың "Қырыққыз" эпостарын қазақ тіліне аударушылардың бірі болды. Ерғалиевтың негізгі шығармалары орыс тіліне, басқа да туысқан халықтар мен шетел тілдеріне (чех, венгр) аударылды.

  2. Бала Тұрардың төкерістің ғана емес, қаймана қазақтың «Қызыл жебесі» болғаны, жеке басқа табынушылық қарқынды жүріп жатқан кездің өзінде жұрт көзінше: «Сталин қателеседі!» - деп көсемнің өзіне қаймықпай айта алғаны қанындағы тектілікпен қатар, Рысқұлдың берген тәрбиесінен еді. Бұл шығарма ат үсті қараған адамға белгілі қоғам қайраткерінің өміріне арналған ғұмырнамалық бес томдық роман-эпопея болып көрінуі мүмкін, бірақ мұнда қазақтың ертеден келе жатқан тектілік, ата тәрбиесі, рух мәселесі сынды қасиетті ұғымдарының әлеуметтік, қоғамдық-саяси, мәдени-әдеби мән-мазмұны ашылған. Жазушы көзге көрінбей жалғасын тауып жататын тек – тәрбие – рух үштігін Рысқұл – Тұрар – Ескендір арқылы айқындап береді. «Тұрар, жағаңды кірлетпе!» Бір ауыз сөз. Байдың қарамағында жүріп күн кешіп, итжеккенге айдалып кеткен Рысқұл ұлына тек сыртқы тазалықты ғана өсиет етіп пе?.. Осы бір ауыз сөз бала Тұрардың болашақ өмірін, ондағы мақсатын, сол ұлы арман жолындағы күресін, бәрі-бәрін шешіп бергендей. Ол тіпті түрмеде азап шеккен күндерінде де екі түрлі мағынаға ие осы бір ауыз сөздің аясынан алыстамай өмірден озды. Әкенің келесі бір айтқаны: «Аузың қанаса, бүлдірген жедім де!» - еді. Тұрар да, оның қорлық пен азапты көп көріп, өмірмен тым жас күйінде қош айтысқан жалғыз ұлы Ескендір де ата өсиетіне адал болып өтті. Аумалы-төкпелі кезеңде өмір есігін ашып, балалықпен достығы ұзаққа бармай, соқпасы көп өмірдің ауырлығын ерте көрген әкесіндей Ескендір де ұйытқып соққан желді, адам адастырар боранды һәм тұманды өмірмен айқасқа ерте араласты. Отыз жетіден кейінгі қырық-елуінші жылдардағы қудалаудың екінші толқынына ілінген кейбір қоғам қайраткерлері мен әдебиетші, тарихшы ағалардың естеліктерінде түрмедегі, тергеудегі адам жаны төзбес ауыр азаптар айтылады. Ал жасы жиырмаға жетпеген Ескендір отыз жетінің зұлматында қандай қорлық көрмеді, қандай азап шекпеді?.. Тырнақ астына ши жүгіртіп қинаса да әкесіне: «Мен үшін өзің жасамаған істерді мойыныңа алма!» - деп өтінбеп пе еді... Текті атаның рухы биік тәрбисін көріп өскен ер жігіттің жауабы осындай болған-ды. Ескендір күні атпаған қараңғы түнектей аз ғана өмірінің өзінде бір адамның басына артығымен жетерлік қорлық пен зорлықты көрсе де, Миша Гавриловтай бойындағы ағып жатқан қанын сатпады. Кекті ата, намысты әкеден туған арлы ұлдың тәні күлге айналып кете барды. Құдайсыз қоғамда ұлының сүндеттелгені үшін де ұлтшыл деп айыпталған «халық жауының» жастық жігерін сарп етіп, алғашқы махаббатынан ажырап, ұлын анасынан айырып жүріп орнатқан мемлекетіндегі көрер күні басқаша болса керек-ті... «Жұлдыз көпірде» Түркістанда кеңес үкіметін орнатқан халқының аяулы перзенті Тұрар қаһарлы отызыншы жылдар тақап қалған кезде Мәскеуде ұлт мәселесі жөніндегі Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасының орынбасары болса, қазақ басына үйірілген қара бұлтқа жайбарақат қарай алмаған ол «Қыл көпірде» азуы алты қарыс арыстандай Сталинге қарсы шығып, елі үшін отқа түсіп шыр-пыр болып, жай-күйі шарасыз боп жаны күйзелген еді. Алты алашқа ортақ туған азамат заманының сұрқия шындығын ашуға талпынып, «Тамұқта» да ұлт үшін күресті. Тұрарлардың күресі өмірін ат үстінде жүріп ел мен жер үшін күрескен батыр бабалардан еш кем емес! Тұрар, Тұрар сынды талай азаматтарымыз дәуір үніне өз үндерін қосып, өздері өмір сүрген кезеңінің жоқтаушысы һәм жоғының жамаушысы бола білді. Олар өз заманына сенді. Бірақ артқан сенім ақталмады. Тұр тұлғасы келіскен, нұрлы көзі көзәйнектің арғы жағынан да от шашып талай мүйізі қарағайдай мықтыларыңды қаймықтырған өжет, батыл Т. Рысқұловқа Қазақстанның халық жазушысы Ш. Мұртаза отыз жыл ғұмырын арнап, іңкәр көңілі мен ыстық махаббатынан кесек те қабырғалы, оқырманын бей-жай қалдырмайтын, тек тарихтан ғана сыр шертіп қоймай, адамгершілік пен азаттықты, ұлттық рух пен ұлттық сана, ұлттық мүддені дәріптейтін, мұқалмайтын, кетілмейтін, тасқа қашалған асыл сөзден ескерткіш ортантты.

  3. Иранбек Оразбаевтың жазып қалдырған мұралары 2006 жылы 13 томдыққа жинақталып топтастырылды. Алғашқы томдарына Иран-Ғайыптың өлеңдері, балладалары, дастандары енгізілсе, 5-томында «Хайуандық комедия» атты 13 ғасырдың 1-жартысындағы Шыңғыс хан заманынан сыр шертетін трагедиясы кіргізілген. Тура осы трагедия соңғы 13-томында орыс тілінде «Звериада» деп берілген. Сонымен қатар 5-томда: «Күшігінен таланған» трагедиясы 14 ғасырдың аяқ кезіндегі Ақсақ Темір жайлы болса, «Бөшке» драмасында б.з.б 404-323 ж.ж. Македониядағы Ескендір патша мен Диоген қарым-қатынасы суреттелген. 6-томындағы «Жәбек-Шаған» драмасында қазақ батыры мен қалмақ батырының қызының арасындағы махаббат сөз болады. Ал осы томдағы «Махамбет» трагедиясына кеңірек тоқталып өтсек: академик З. Қабдолов: «Махамбет! Бұл есім – өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты есім. Көзі ашық, көкрегі ояу қазақтың бір де бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды», - деп бағалаған батыр жайындағы трагедия 19 ғасырдың ортасында БҚО, Бөкей бөлігінде болған оқиғалардан сыр шертеді. Бар қазаққа ортақ трагедия 1846 жылы Орынбор қазақтарының батыс бөлігінің билеушісі сұлтан Баймағамбеттің патшаға адал қызмет етуге берілгендігін дәлелдеу үшін «бүлікші» Махамбетті өлтірудің жоспарын жасағаннан басталған. Б. Айшуақов атақты ақынның өзін тірілей қолға түсіріп әкелген адамға патша ақшасымен 1000, ал басын кесіп әкелген адамға 500 сом төлейтінін жария етеді. Мұндай қылмысты жүзеге асыратын адамдарды да таба білген. Қаруланған 15 адам бір күнде Махамбет отырған айдаладағы киіз үйге ойда-жоқта сау ете түседі. Оның ішінде тама руының старшыны Ықылас Төлеев, беріш руының Есенқұл бөлігінен Жүсіп Өтеулин, сондай-ақ Жаңаберген Боздақов, Төрежан Тұрымов және Махамбеттің туысы Мұса Нұралин болған. Бір деректерде Ақжайық өңіріндегі бұл қанды оқиға 1846 жылдың 20 қазанында болған десе, Махамбетті зерттеген жазушы Әнес Сарай: «Ақынның қаза тапқан күні 19 қазан», - деген тұжырым жасайды. Осы бір қайғылы оқиғаны жазушы Әнуар Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романында өзінше суреттеген. Махамбеттің өмірі мен заманы туралы көркем шығармалардың ішінде Тәкен Әлімқұловтың «Қараойы» айрықша дара тұрады. Өмірде «сенген жаны көп те, сенімін ақтағаны аз» ақынның ел аузында қайтыс боларынан екі күн бұрын түс көрген екен деген әңгіме бар. Онда ол өз басымен өзі қоштасып тұрғанын көреді. Ой, тағдыр-ай, десеңші! «Түс түлкінің б…» десе де, өкінішке қарай ақынның сол түсі өңінде де айнымай солай қайталанған екен. Осы оқиғаны ақын Мұхтар Шаханов «Нарынқұм зауалы» поэмасының «Махамбеттің соңғы сөзі» атты бірінші бөлігінде көркем суреттеп береді. «Мың күн жанған шырақ бір-ақ күнде сөнгенімен», дауылпаз ақынның өмірі мен шығарма­шылы­ғын, Махамбет тұлғасын бедерлеп бейнелеуде қазақ қаламгерлері аз болған жоқ. Барлық жанрда, үлкенді-кішілі туындыларда Махамбет тағдыры шығарма өзегіне айналды. Алдымен қазақ поэзиясындағы Ж.Молдағалиевтің «Кек», Ж.Нәжімеденовтің «Жаңғырық», Ә.Кекілбаевтың «Махамбет», Ф.Оңғарсынованың «Алмас қылыш немесе Махамбетпен қалай кездестім» поэмалары, Қ.Бекқожиннің «Махамбет қабірінің басындағы тебіреніс» атты толғауы, ақындар Х.Ерғалиев, О.Сүлейменов, М.Мақатаев, Т.Медетбек, Ұ.Есдәулет, т.б. әр жылдары жарық көрген туындылар Махамбет тұлғасын әр қырынан сомдауға арналды. Бұл қатарға сонымен бірге Ә.Таразидің «Махамбет» атты туындысынын, т.б. қаламгерлердің драмалық шығармаларын қосуға болады. Әсіресе І.Жансүгіровтің отызыншы жылдары дүниеге келген «Исатай-Махамбет» атты трагедиясы сол тұстағы әдебиетіміздің шоқтықты туындыларының бірі болды десек, қателеспейміз. Ал ақын Қадыр Мырза Әлі Махамбеттің соңғы күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты драмасын жазды. Осы шығармасы үшін ақын 1997 жылы М. Өтемісұлы атындағы сыйлыққа ие болды. 1995 жылы Махамбеттің қайтыс болғанының 150 жылдығына орай оның жерленген жері Қараойда үлкен кесене тұрғызылды. 2003 жылы ақынның туғанына 200 жыл толу мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде кең түрде аталып өтті. Келешекте Астана мен Алматы қалаларында Махамбетке ескерткіш тұрғызылса, әрі ақын, әрі батыр бабамыздың рухы риза болар еді. Заманымыздың ойшыл жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Махамбет кәдімгі он екі жілік, бір мығым жұмыр басты пенденің ертегідегідей аңызға айналуының, тек ертегіде ғана кездесетін ғажайып ерлердің қайтадан шындыққа айналуының таптырмас бір мысалы», – деп жазған. Бұл сөзге алып-қосарымыз жоқ.

18-билет.

  1. Серікқалиұлы Зейнолла (1938–2004) - 10 ақпанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау ауылында туған. Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология (журналистика) факультетін (1960), Абай атындағы Қазақ педагогика институтының аспирантурасын (1968) бітірген, «Қазіргі қазақ тарихы романының кейбір мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған (1969). «Пионер», «Жұлдыз» журналдарында, Жазушылар одағында, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жауапты қызметтер атқарды (редактор, бөлімдер меңгерушісі, жауапты хатшы, т.б.), ҚазМҰУ-да арнаулы курстар жүргізді. «Қазақстан» баспасының, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас редакторы, ҚР Парламентінің бөлім меңгерушісі болып істеді. 2001 жылдан «Раритет» баспа компаниясының Бас редакторы болды. Жарық көрген негізгі ғылыми-зерттеу, сын кітаптарында қазақ әдебиеті, көркемөнері, мәдениеті мәселелері, ғылыми және көркемдік дүниетаным ерекшеліктері талданды. «Дүниетану даналығы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнаулы бағдарламаларына енгізіліп (1994), жоғары оқу орындарына – мұғалімдерге, филология, журналистика, өнер факультеттері студенттеріне оқу құралы ретінде ұсынылған. Жекелеген мақалалары неміс, татар, орыс, түрік тілдерінде жарияланған. Р.Ролланның «14 шілде», А.Штейннің «Толас», Н.Мирошниченко мен Э.Бобровтың «Қара маржан» пьесаларын (Қызылорда, Семей, Торғай, Жамбыл облыстық драма театрлары сахнасында қойылған), В.Г.Короленконың әңгімелерін, венгр әңгімелерін аударған, көп томдық «Өнердің ықшам тарихын» (Б.И.Ривкин. «Антик өнері», 1988), «Мәдениет және өнер» сөздігі терминдерін (2000) қазақ тіліне аударушылардың бірі. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі (X, XІ, XІІ съездерде сайланған), Сын кеңесінің төрағасы. Жазушылар одақтарының Халықаралық қауымдастығы Тексеру комиссиясының мүшесі (М., 1992–1999), Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі (1992 жылдан), Біріккен Ұлттар Ұйымына жәрдемдесу Қоғамдастығы басқармасының мүшесі болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (2002) және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1994), Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті професоры (2000). Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен (1988), «Тәуелсіздіктің он жылдығы» медалімен марапатталған. 1997 жылы Семей (Шығыс Қазақстан) облысы, Абай ауданының Құрметті азаматы атағы берілген. «Интеллектуалды ортаның әлсiздiгi дүмбiлездiкке  даңғыл жол ашады...» Өткен ғасыр гуманизмінің соңғы могикандарының біріндей хас сыншы Зейнолла Серікқалиұлы осылай дейді. «Өнер адамы көзі тірісінде өзінің  парасат зердесі мен ар-ожданын пір тұтып, артында қалдырар жазбаларымен келешек ұрпақ алдында да жауапты екенін ешқашан естен шығармауы тиіс».  Бұл да Серікқалиұлы. Ол осы талапты ең алдымен өзіне қойды және осы биік талап үдесінен шығып күн кешті.   Көзқарақты қауым біледі: бұлай күн кешу, бүкіл ғұмырын  туған әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуі жолындағы еңбек -  әдеби сынға қалтқысыз арнау оңай емес. Ол арнады. Өйткені ол өнерді қорғау арқылы адамды,  қоғамды қорғауға боларын әу бастан-ақ терең түйсінген еді.  Және де ақтық демі шыққанша осы ұстанымынан айныған жоқ.

  2. Ақсу – жер жаннаты” (“Қара орманның” жаңа нұсқасы) романы – қазақ әдебиетіне қосылған елеулі туынды. “Ақсу – жер жаннатын” жазушының шынайы өмірден таңдап алған құбылысы ретінде сенімді баяндалады. Жазушы Қ.Ысқақовтың “Ақсу – жер жаннаты” романындағы Бекет дүниені, өмірді, адамды танып-білсем деп талпынған азаматтың бірі. Романның кейіпкерлері Бекет, Жанжігіт шал, Ситан, Сарқыт, Әбдіжапар, Лексей Лексевич, Әсем, Бесемпір т.б. Алуан түрлі кейіпкерлер, олардың тіршілігі, қым-қуыт тағдырлары және романның проблема етіп көтеріп тұрған мәселесінің маңыздылығы – бәрі-бәрі шығармаға кең тыныстылық қана беріп тұрған жоқ, сонымен қатар әлі де жалғасын табар, әлі де жазылар сұлбасын танытқандай. Оқырманның жазушы шеберлігіне тәнті болып, одан әлі де болса туынды күтері сөзсіз. Адам өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тыс тұра алмайды. Мәселе адамның сол қоғамның заңдылығын үнсіз мақұлдап, ессіз орындауында немесе қоғамдағы қарама-қайшылықтарды терең түсініп, оның өміріне үнсіз бас шұлғудың орнына, өз пікірін, өз ойын іркілмей айтып, қайыспай қарсы тұруында болса керек. Тереңірек үңілсек, Қ.Ысқақов романының мазмұны – сұлу Алтайдың әсем табиғатын қалай да болашақ ұрпаққа бүлдірмей, мұра-мирас етіп қалдырамыз деген ниеттен туындап, пішініне адамдардың арасында кездесетін түрлі драмалық жағдайлары, тебіреніс, толғанысын бейнелейтін психологиялық, философиялық сипаттар арқау болған. Балалық балғын шақ, бәрінен бұрын, адамның табиғат – анамен байланысының ең бір берік кезеңі, ол кезең шындық пен қиял арасына қойылатын шекараның бәлендей байқалмайтын сәтімен ерекшеленеді. Сондықтан да сюжеттік желідегі әр қаһарманның сонау алыста қалған сол бір қимас кезеңіне үн қатуы, сонымен жүздесуі, қиял дүниесіне енуі лирикалық шегіністермен ұтымды берілген. Ал мұның өзі романның пішініне лирикалық сарын енгізген. “Ақсу – жер жаннатындағы” қаһармандарды да бірін Алтай табиғатының жанашырлары деп, бірін табиғатты таптап, ақшаның, табыстың көзіне айналдырғысы келгендер деп қарау керек. Осы жайттан бастау алған тартыс сюжеттік желіге арқау болған. Жазушы Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жанаты» романы әрқилы адамдардың тағдырынан сыр шертетін, бүгінгі күні де күн тәртібінен түспей отырған өзекті проблемалардың бірі – экология мәселесін арқау еткен кең тынысты туынды. Бұл романның ең бағалы тұсы – Алтайдың таза табиғаты, табиғат сурттері мен адам тағдыры қатар өрілген, оқиға желісі қызғылықты, оқушысын жетелеп әкететін, композициясы орнықты роман. Алтай өңірін мекендеген бірнеше ұлттардың қатар, тату-тәтті өмір сүріп жатқан жұртшылықтың кешегі, бүгінгі өмірімен қоса болашағы да болжанады, ертеңіне деген жазушы жүрегінің алаңдаушылығы шындыққа қыранша биіктен қарайтын көрегендігіне куә боламыз. Қалихан Ысқақов әрбір сөзі мен сөйлеміне жауапкершілікпен қарайтын, шындыққа жанасымды шығармаларды өмірге алып келген, жұртшылықтың өскелең талғамынан шығатын туындылар беріп келе жатқан сарабдал жазушы әрқашанда табиғат пен адамды өз шығармаларына арқау етті.

  3. Қазақ поэзиясындағы лирико-публицистикалық поэманың жасқы үлгілерін тудырған Ж.Молдағалиевтің «Мен – қазақпын», Х.Ерғалиевтің «Жылдар, жылдар» шығармаларының ізімен жанрдың көркемдік дәстүрін М. Айтхожинаның «Алатаудың Ақбатасы», «Абылайхан даңғылы», «Сағыныш», «Жетісу суреттері» поэмалары жалғастырды. Өзінің эпикалық құлашымен, терең лирикалық тебіренісімен берілген толғау-сырлары арқылы туған елдің, тұтас бір ұрпақтың, дәуірдің бет-бейнесін танытудағы бұрынғы көркемдік дәстүрді жалғастырған автор өзіндік, соны шығармашылық ізденісін көрсетті. Лирико-публицистикалық поэманың шарттарына сай келетін бұл поэмалардың тақырыбы ортақ. Ол – қазақ халқы ертеден аңсаған Тәуелсіздік. Тәуелсіздікке жету жолында еңбек сіңірген тұлғаларды үш поэмаға да өзек етіп алған. «Алатаудың Ақбатасы» поэмасында елбасына деген сенімін жырласа, «Абылай хан даңғылы» пoэмасында: «Тәуелсіз қазағыңның Нұрсұлтанын,

Ел болып, Абылайлап, хан көтердік!.. – деп ақындық шабытпен шаттана жырлайды. Лирико-публицистикалық поэмаға тән лирикалық шалқулар, лирикалық шегіністер де бұл шығармаларда жиі кездеседі. «Алатаудың Ақбатасы» поэмасында Жаңа дәуір – Тәуелсіздік таңын жырлай келіп, Кенесары жайлы сөз қозғайды. Жалпы жеке адамның өмірі емес, тұтас бір халық туралы ой толғайды. Елордамызды көшіруі, Ақмоланың Астана атануын тебірене жырлайды. Ақын жыл емес, күн сайын дамып, құлпырып келе жатқан Астананың кереметтілігін жердегі Күнге балау арқылы шабыттана суреттейді. «Абылай хан даңғылында» да Тәуелсіз мемлекеттің әрбір таңын қуанышпен атыратын лирикалық кейіпкер бейнесін көреміз. Ақын тарихи адамдардың тағдырын суреттеу, олардың ұлт азаттығы, бостандық жолындағы күресін еске алу арқылы халық санасына әсер етіп, ел тарихының өткеніне арнайы тоқталуы аталмыш поэмаларында  айқын көрініс тапқан. М. Айтхожинаның «Сағыныш» поэмасы дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қым-қуыт тағдыры мен жер-жерде тамаша өмір сүріп жатса да, атажұртын аңсаған жандардың арманы суреттеледі. Бұл ақынның елден естігені емес, өзінің сол алапат сезімді басынан кешірген елдің ортасында өскен тағдыры. Өзіндік өмірлік ұстанымы болып келген туған жер мәселесі М. Айтхожинаның «Жетісу суреттері» поэмасында жалғастық тапқан. «Жетісу суреттері» лирико-публицистикалық поэмасында тартысты оқиғадан гөрі публицистикалық сарын, лирикалық толғаныс басым. «Құсбегі», «Тау қызы», «Талдықорған» атты бөлімдерден тұратын поэмада ақын атақонысы Жетісудың табиғаты мен сол елден түлеп ұшқан қырандары жайлы жырлайды. Сағыныштан туған шығармада М. Айтхожина елдің төл тумаларын бос мадақтаудан аулақ. Ол жыр жолдары арқылы тарихи шындықты негізге ала отырып суреттейді. Автор қоғам өміріне деген көзқарасын жинақтап, ой түйіндейді. Сезім дүниесі, сырлары, жанын толқытқан өмір көріністері жинақталып жырланғандықтан да, поэмада лирикалық шегініс, толғаныстар кең орын алған. Поэманың лирикалық қаһарманы – Жетісу. Табиғат көріністері, барлық оқиға-жағдайлар, көркем образдар Жетісудың құдіретін айқындай түсетін тұлғалар. Абай, Ілиястарды оқып өскен ақын табиғатты образды, шынайы бейнелеуімен де ерекшеленеді. М. Айтхожина поэмалары кез келген тақырыпты жырлағанда, оқиға болған жердің табиғатын толық игеріп, өз ойын жеткізу тәсіліне айналдырып отырады. «Жетісу суреттері» поэмасында алып тұлғалы ел азаматтарының образын жасауда сол жердің биік тауларының суреттерін қолданған. Ақын өзінің сезімдеріне ерік беріп, жырларымен жан дүниесін ақтарады. Ертеде Жетісу жерінде дүниеге келген өнер иелері мен бүгінгі күн дарындыларын өзінше сабақтастыра отырып, ақын сол топырақтың қасиеттілігін, ата-баба салтын  осы күнге дейін сақтаған елдің құдіретін мақтанышпен жырлайды.  Арғы-бергі тарихты көркемсөзбен шебер суреттеген ақын жас ұрпақ жүрегіне намыс отын жағу мақсатында «Аңырақай» шайқасы мен жоңғарлармен болған соғысты тілге тиек етсе, сол жолда жеңіске жеткен ерлердің қасиетін туған жер топырағының құдіреттілігімен сабақтастырады. Поэманың соңғы шумақтары Тәуелсіз Қазақстан даласын, бүгінгі күн саңлақтарын, ақын-жазушыларын, өнер қайраткерлері мен ғалымдарын жырға қосып, гүлденген еліне сүйсіне қараған ақын толғауымен аяқталады. М. Айтхожина жырында халықтың салт-дәстүрі берік сақталған ауыл көрінісі, «елі мен ерлерін жүдетпеген» аналар образы, «қажымас қарт емендей болған» қарттар бейнесі, сұлу табиғат картинасы – барлығы қамтылып, көркем кестеге түскен.  Халықтық шығармашылықты бойына сіңіре білген ақын поэмада жаңа ізденістерін танытқан. Жаңа бағытта мазмұнды қолданыстар жасай отырып, халықтық, саяси-әлеуметтік, философиялық мәселелерді әр қырынан қозғаған. Лирикалық толғанысқа құрылған поэмада тарихи тұлғалар образы өз деңгейінде ашылмаған. Шығармада ақын олардың тарихи бейнесін сомдауды мақсат етпеген де сияқты. Поэмадағы ақындық мақсат – жеке адамдар тағдырын емес, жалпы халықты негізгі қаһарман етіп, ел өмірінің елеулі кезеңдерін көрсету, туған жер тынысын таныту.

19билет

1 Көркем әдебиеттегі мазмұн мен пішін бірлігі.

Мазмұн мен пішін – күрделі мәселе, іргелі философиялық ұғым. Мазмұн мен пішін – тек өнер ғана емес, өмірдегі ақиқат шындықтағы кез келген затқа және құбылысқа тән нәрсе.

Мазмұн мен пішін ең алдымен бір – бірінен айрылмас байланыста, бірлікте ; бірінсіз бірі жоқ, яғни мазмұнсыз пішін жоқ, пішінсіз мазмұн жоқ. Пішінді алайық. Пішін дегеніміз – бір нәрсенің пішіні ; басқа ережесі жоқ. Осының енді ішкі қасиеті, анықтамасы бар, ол – мазмұн. Мазмұнды алайық. Мазмұн дегеніміз – бір нәрсенің мазмұны ; басқа ережесі жоқ. Осының енді сыртқы қасиеті, анықтамасы бар, ол – пішін.

Мазмұн мен пішіннің бірлігі осының өзінен – ақ анық көрініп тұрғандай. Мазмұн пішіннің ішкі қасиеті, пішін мазмұнның сыртқы анықтамасы болғанджа ғана әрқайсысы өзін - өзі айқындай алады. Жалғыз – ақ осынау мазмұн мен пішіннің бір – біріне ауысу, көшу процесінің негізінде мазмұн жататынын ұмытпау керек. Қандай жағдайда болсын, әуелі мазмұн туады да, өзін анық айқындау үшін өзіне пішін іздейді. Демек, мазмұн мен пішінні мызғымас бірлігінің негізінде мазмұнның пішіннен басымдығы (примат) жатады деп ұққан жөн.

Әдебиеттегі мазмұн мен пішін деген не ?

Бұл арада тағы да біз сөз өнерінің қоғамдық санаға қатысын, әдебиеттің обьектісі - өмір, предметі – адам екенін, өмір шындығынан тыс, адам тағдырынан сырт өнер туындысы болмайтынын еске түсіреміз. Сана – шындықтың сәулесі болса, адам санасының мазмұны – сол адам таныған шындық екені мәлім. Сонда әдеби шығарманың мазмұны - өз эстетикалық идеалының тұрғысынан суреткер таныған ақиқат өмңр де, пішін – осы шындық тұтатырыла жинақталған көркем образдар жүйесі, яки әдеби қаһармендар өмірі екенін түсіну қиын емес. Сонымен, әдебиеттегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеніміз сөз өнеріндегі орасан зор маңызды заңдардың бірі, өнер туындысының көркемдігі үшін ауадай қажет жағдай бболып табылады. Көркем шығармадағы мазмұн мен пішіннің бірлігі – оның етене бүтіндігі, эстетикалық бағалылығы. Әдебиеттегі мазмұн мен пішін дегенді белгілі бір көркем шығармадағы затты деректерге көшірсек, былай болар еді : шығарманың мазмұны – оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да, пішіні - әдеби қаһармандардың өзара қарым – қанынасына, тағдыр тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы – суретті сөзі, яки көркем шығарманың тілі.

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОВЕСТЕРІНІҢ ПРОБЛЕМАТИКАСЫ ЖӘНЕ ХАРАКТЕР МӘСЕЛЕСІ  1.1 1970-1980 жылдардағы қазақ повестерінің тақырыбы  Нағыз жазушы заманның көзі мен құлағы ғана емес, сонымен бірге оның ары мен иманы да. Ол өзінің өмірден көзімен көргенін, құлағымен естігенін баз бір дәл-дүріштер секілді мықшыңдап ақ қағазға көшіре бермейді, ең әуелі сол көргендерінің ең мәнділерін, жүрегі мен рухын толғантқандарын өз ары мен иманының сүзгісінен өткізіп, таразысына салып безбендейді, миы мен жүрегінің «мың градустық домнасында» (С.Мұқанов) балқытады. Суреткер кейде характер арқылы тақырыпты табады, ал тақырып пен характер өз кезегінде идеяға жол бастайды. Кейде көркем идеядан тақырып пен әдеби характердің, типтің туындауы да мүмкін. Көркем шығарманың қалай өмірге келетінін соны жасаушы суреткерден артық кім білуі мүмкін. Ал, егер сол суреткерлердің өздеріне сөз берсеңіз, бұл хақында әркилы қисын айтып, сан-саққа жүгіртеді. Біреулерге болашақ көркем шығармасының нобайы түсіне енетін көрінеді, ал екінші біреулердің басына ол ойда жоқта, мысалы, автобус аялдамасыңда көлік тосып тұрғанда, немесе өзінің қадірлі таныстарымен бірге алансыз түстік ас ішіп отырғаңда caп ете калған болып шығады. Болашақ шығарманың осылай ойда-жоқта оның иесінің көкірегінде жарқ ете түсуі, бір қарағанда, сәті түскен кездейсоқтық болып көрінгенмен, әрине, бұл кездейсоқтық та, ойда жоқта пенденің басына қона кеткен тосын бақ та, бақыт та емес. Жоқтан бардың пайда болмайтыны секілді, көркем туындының тақырыбы мен идеясы, ондағы басты характерлер мен типтер суреткерге ешқашан өз аяғымен келмек емес. Себепсіз салдар жоқ, ендеше әлгі суреткердің санасына caп ете қалған характерлер мен идеялар, сол характер мен идея белгілеп берген тақырып оны бір кезде толғантып, толқытқан әлеуметтік ситуацияның, не өз басынан өткерген интимдік жайлардың арада сан күндер, жылдар өткенде жаңа мазмұнмен, мол өмірлік тәжірибемен байып барып, оқыс бас көтеріп, қайта жаңғыруынан басқа түк те емес.  Тақырып пен характердің көркем тип пен идеяның, бір сөзбен айтқанда, көркем шығарманың анасы — қоғамдық өмір, сол шығарманы жасаушы суреткердің сол қоғамдық өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп жинаған адамдық тәжірибесі. Бұл хақында көркемсөздің майталман шебері, аса терең, әрі нәзік көркемдік талғам иесі А.П.Чехов былайша ағынан жарылады: «Если я врач, то мне нужны больные и больница; если я литератор, то мне нужно жить среди народа, а не на Малой Дмитровке... Нужен хоть кусочек общественной и политической жизни, хоть маленький кусочек, а это жизнь в четырех стенах без природы, без людей, без отечества, без здоровья и аппетита - это не жизнь» (122).  Иә, дәрігерге өзінің мамандығын терең, жан-жақты игеру үшін аурулар мен аурухана қандай кажет болса, әдебиетшіге қоғамдық өмірді білу соншалықты кажет, ол үшін әдебиетшінің, халықтың қайнаған тіршіліктің ортасында жүруі шарт. Әдебиет сыншыларының жазушылардың шығармаларын талдағанда олардың ең әуелі өмір шындығын көрсетуін талап ететіні сондықтан. Өмірлік тәжірибесі бай жазушының шығармасы да бай, шыншыл. Шындық пен шыншылдықты А.П.Чехов көркем әдебиеттің синонимі ретінде ұсынған. Ұлы суреткер шындық, шыншылдық жоқ жерде көркем әдебиет те жоқ деп білген. Бұл жөнінде ол: «Я правдиво, то есть художественно (астын сызған біз - С.А) опишу вам жизнь, и вы увидите в ней то, чего раньше не видали, не замечали: ее отклонение от нормы, ее противоречия» (122) - дейді.  Бұл тұста «Осы неге жазушылар мен әдебиет сыншылары шыншылдыкқа құмар, онсыз да тіршілік ете беруге болмай ма?» деген қиямпұрыстау сұрақтың тууы мүмкін. Олай болатын себебі шындық жоқ жерде - әділет, әділет жоқ жерде — бақыт жоқ. Ал, адамзаттың ең, көкейтесті арманы бақытқа жету емес пе? Ендеше көркем өнердің ақ шаңқан кемесінің, алдынан жанып тұратын мәңгілік шырағы әр кезде де тек қана осы шындық пен шыншылдық болып қала бермек.  Тақырып дегеніміз не? Бұл туралы әдебиет теориясы: «Тақырып - әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы, айтылатын жай- жағдайлардың бағыт-бағдары».  Шығарманы жазудағы автордың ой-ниеті тұрғысынан алғанда тақырып -алдымен болашақ туындыға арқау болатын мәселелер, қамтитын жағдай, оқиғалардың суреттелетін өмір құбылыстарының шеңбер-шегі. Ал, шығарманы талдау тұрғысынан қарасақ, тақырып — ол шығарманың мазмұнының негізгі бір құрамды бөлшегі, айтылған, суреттелген жайлардың қоғамдық өмірдегі маңызды мәселелер дәрежесіне көтеріліп, көркемдік шындыкқа айналған қалпы» (8, 193) — дейді. Бұл - ғалымның, академик З.Ахметовтың берген анықтамасы. Расында да солай, «тақырып - әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе», айтылған, суретгелген жайлардың қоғамдық өмірдегі маңызды мәселелер дәрежесіне көтеріліп, көркемдік шындыққа айналған қалпы». Жазушыны не нәрсе қатты толғандырса, толқытса, сол түптің түбінде оның болашақ шығармаларының тақырыптарына айналады. Осыны дәл байқаған атақты қырғыз жазушысы Ш.Айтматов бұл ұғымды метафора тілімен былайша қысқа түйіндейді: «Тема — это ты сам, твоя судьба» (2,389).  Өмірдің мазмұны сан алуан тақырыптарға толы, алайда оны көре білетін көз керек. Көз болғанда да ол — тіршіліктің қарапайым көріністерін характерлер мен образдар арқылы көре білетін суреткерлік көз болуға тиісті. Өзіне: «Маған бір тақырып тауып беріңізші, қалғанын қатырамын» деп өтініш жасаған жас жазушыға көреген авар ақыны Р. Ғамзатов: «He говори. Дайте мне тему. Говори: «Дайте мне глаза» (29,65) — деп, кеңес берген екен. Иә, көпті көрген тарлан ақын мәселені мергендікпен дөп басып отыр, өмірде тақырып көп, тіпті ол тіршілікте жыртылып айырылады десе де болады, бірақ соны көре білетін көзді, соған толғана білетін жүректі айтыңыз. Жазушының «Мынау бір жақсы, актуалды тақырып екен өзі, осыны жазып тастай қояйыншы» деп жазу үстеліне алаңсыз жайғасқанынан түк шыкпайды, өйткені жүректі толқынтқан, жаныңды сан күйге бөлеп, ширықтырған тақырып кана жақсы, сол ғана актуалды. Тақырыптың актуалдысы мен актуалсызы, жақсысы мен дегендері болмайды, тек оның жүректен шыққаны, немесе жүректен шықпағаны болады. Осы тұрғыдан келгенде Р.Ғамзатовтың жаманы қолына жаңадан қалам алған жас жазушыларға берген мына бір ақыл-кеңесі өте орнымен айтылған. Ол тақырыпты қалайша жан-жақты ашып көрсетуге болатынын айта келіп, жас әріптесіне: «He ломай дверь — она легко открывается ключом» (29, 65) — деп ескертеді. Бұдан шығатын қортынды мынау - суреткер тек өзінің түн ұйқысын төрт бөлгізіп тапқан тақырыбын ғана кілтпен оңай аша алады, ал кілті табылмаған есікті тек балталап бұзуға ғана шамаң жетпек, ендеше кілті табылмаған есікті қозғамағаныңыздың өзі абзал. О-о!.. Осы бір алтын кілтті табу жолында жер жүзінің талай талантты суреткерлері қаншама тер төкті, қаншама тандарды таңға ұрып, қаншама жаңа шығып келе жатқан күндерді кірпік ілмей қарсы алды десеңізші!..  Қазақ әдебиетінде 1970-1980 жылдар аралығында дүниеге келген тандаулы қазақ повестерінің авторлары осы принциптерді ұстанды. Олар болашақ шығармаларының тақырыптарын өз көзімен көрген, жүректерінен өткізген өмір құбылыстарынан іздеді, сол ізденіс жолында тақырыпты ашатын жоғарыда біз кеңінен тоқталып өткен сиқырлы алтын кілтті тапты да. Олардың шығармаларынын басты тақырыбы - қырда жатқан қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігі болды. М.Мағауиннің «Тазының өлімі» мен «Қара қызы», Ә.Кекілбаевтың «Шыңырауы» мен «Автомобилі», С.Мұратбековтың «Жусан исі» мен «Үшқарасы», Т.Әбдіковтын, «Ақиқаты» мен «Әкесі», «Оралуы», Б.Нұржекеевтің «Кінәлі махаббаты», Д.Исабековтың «Тіршілігі» мен «Дерменесі», О.Бөкеевтің «Қар қызы» мен «Қайдасың, қасқа құлынымы», Т.Нұрмағамбетовтың «Түпкірдегі ауылы» мен «Қош бол, атасы», Ж.Түменбаевтың «Ауыл шетіндегі үйі» секілді қазіргі профессионалдық прозаның әлемдік стандарттарына толығымен жауап бере алатын повестері нақ осы тақырыпқа — ауыл өміріне арналған болатын. Бұл авторлардың осы тақырыпқа деген ерекше сүйіспеншілігінің себебі неде? Біріншіден, бұлардың барлығы дерлік қазақтың байтақ даласының түпкірлеріндегі ауылдардан шыққан кешегі қыр баласы еді. Сондықтан олар бұл өмірді, осы қоғамдық ортаның тіршілігін басқа такырыптарға қарағанда әдлеқайда жетік білетін. Ол кездері қазақ халқы әлі де болса урбанизацияның терең иірімдеріне тартыла қоймаған болатын. Қазақтардың басым көпшілігі әлі де болса ауылдарда, немесе тіршілігі, өмір сүру салты, әлеметтік жіктелуі жағынан ауылдарда пәлендей айырмашылығы жоқ шағын қалаларда, кенттерде (поселкелер) тұратын. Ал Алматы, Қарағанды секілді ірі урбанизация орталықтарындағы олардың саны 10 проценттен аспайтын және олардың көпшілігі осы қалаларға әлеуметтік, ұлттық тамырын жайып үлгермеген, жартылай маргиналданған, жартылай басқа ұлтпен, негізінен орыстармен және орыстанған басқа да этнос өкілдерімен ассимиляцияға түскен адамдар болатын. Сондықтан да жаратылысы жағынан ұлттық категорияға жататын көркем әдебиет шығармаларының бұлардың өмірінен ұлттық көркемсөзге азық болатын тақырып пен мазмұнды табуы қиындау еді. Жоғарыда аты аталған прозашыларымыз бен олардың қазак, көркемсөзіндегі тұстастарының ауыл өмірін суреттеуге құштар болуының бұл екінші себебі болатын.  Үшіншіден, ауыл туған халқымыздың әдет-ғұрпының, өмір сүру салты мен ұлтгық психологиясының, ана тілі мен халыктык төл философиясының бастауы, алтын бесігі, осы қадір-кдсиеттердің бәрін каймағын бұзбай ғасырлардан ғасырларға сақтап келген алып рухани қоймасы секілді еді. Айтыңыздаршы, ендеше ұлттық көркем әдебиет осыншама құңды қазынаға қызықпай, ынтықпай тұра алар ма? Әрине тұра алмайды. Сондықтан да қазақ жазушыларының бұл толқыны ауыл өміріне тән ситуациялар мен әрбір детальды ерекше ыждағатгылықпен зерттеді, әсіресе қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқан, енді бір он-жиырма жылдан соң мүлде жер бетінде қалмауы мүмкін абзал қазақ қарттарының образдар галереясын бір-бірімен таласа айырықша сүйіспеншілікпен ақ қағазға түсіріп жатты. Себебі, егер ауылды қазақ халкының ұлттық қадір касиетінің баға жетпес қоймасы десек, күннен күнге, жылдан жылға сиреп бара жатқан қазақ карттарының алдыңғы қатарлы өкілдері сол қадір-қасиеттің мәйегі, ұлттык философия мен психологияның алтын діңгектері болатын. Егер 1970-1980 жылдары жарық көрген қазақ көркем әдебиет туындыларында «қара шалдар мен ақ кемпірлер» (А.Сүлейменов) көптеп кездесетін болса, соның бәрі жоғарыдағы жағдайдың әсері еді. Д.Исабековтың «Дерменесіндегі» Тоқсанбай, «Сүйекшісіндегі» Тұңғыш, «Тіршілігіндегі» Қыжымкүлі, Т.Әбдіковтың «Әкесіндегі» Сейсен, «Қыз Бәтіші мен Ерсейітіндегі» Қожабек, Ж.Түменбаевтың «Ауыл мен Алматының арасындағы Балмейрам». «Ауыл шетіндегі үйіндегі» Омарғали т.б. секілді қарттар осындай могикандардың соңғы тұяқтары секілді асылдың сынықтары-тын. Бұл қариялар адамгершілік пен имаддықтың ғана емес, күннен күнге, жылдан-жылға деформацияға ұшырап, қоғамдық өмірден шетгетіліп, өндіріс орыңдары мен үлкен қалаларда мүлде қолданылудан қалып бара жаткан ана тіліміздің көзі бітелмеген қайнары да еді, сондықтан қазақ жазушыларының бұл толқыны үшін олар тідді жетілдірудің, үйренудің қайталанбас мектебі болды. Бұл хақында осы буынның талантты өкілдерінің бірі, белгілі прозашы Т.Нұрмағамбетов былай дейді: «Тіл демекші, көпшілігі өмірден кетіп үлгерген ауылымыздың сауатсыз қарияларының тілдерінің шұрайлылығы мен көркемдігіне мен кәзір де танданып отырамын. Ал, бала кезімізде біз оларды тындап өстік. Тыңмасқа амалымыз да жоқ еді. Балалар бөліне қоятындай бөлек бөлмесі жоқ үйде ол кісілердің әңгімелерін тыңдамағанда қайда барасың? Бағыңа тырайып ұйықтап калсаң жақсы, ұйықтамасаң, түн жарымына дейін кейде қызық, кейде мезі етердей болып керінетін сол гүрің-гүрің әңгімелердің қасиетін біз кейін ұқтық. Аңсадық» (114).  1970-1980 жылдары өмірге келген таңдаулы қазақ баяндарының авторлары да өздерінің ана тілдеріне де осындай зор жауапкершілікпен, перзенттік сүйіспеншілікпен қарайды. Қазақ прозасын Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов, Б.Соқпақбаев т.б. секілді көркем сөз зергерлерінен кейін жаңа биіктерге көтерген Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Мұратбеков, Т.Нұрмағамбетов т.б. секілді талантты жазушылар жөнінде ешбір кымсынбай айтуға болады: егер Мұхтардын (Мағауин), Сайыннын, Әбіштің, Тынымбайдың тілдері болмаса, олардың шығармалары да болмас еді. Егер олардың туындыларындағы қызғылықты сюжеттер мен мінсіз композициялық құрылымдардың өзі сол шығармалардың тілі жансыз, жалынсыз болса, жалған бірдеңелер, мазмұнсыз конструкциялар болып шығар еді.  1970-1980 жылдардағы таңдаулы қазақ повестерінің басты тақырыптарын шартты түрде бес блокқа бөліп жіктеуге болады. Олар — жоғарыда біз кеңірек тоқталған 1) ауыл 2) қала, 3) тарих, 4) шетел өмірі деп аталатын тақырыптар.  Күні кешеге дейін қазақ халқының басым көпшілігі ауылдар мен қам-қарекеті мен әлеуметтік жіктелуі сол ауылдарға ұксас шағын қалаларда тұрып келгенімен, туған жұртымыздың белгілі бір бөлігі осы жылдары республикадағы үлкен өркениет орталықтарына қоныс теуіп үлгерген болатын. Олар алыс ауылдар мен кенттерден оқу іздеп келген шәкірттер, ғылыми-техникалык революция дәуірінде жаңадан пайда болған мамандыққа бейімделіп кәсіп қуған жастар, сондай-ақ астанада, немесе облыс орталық-тарында қызмет бабымен қалып қойған мемлекеттік, партиялық чиновниктер, интеллигенция өкілдері болатын. Бұлар, негізінен, маргинал тұлғалар-тын: оларды әлі ауылдардан біржола қол үзіп кеткен нағыз қалалықтарға жатқызу қиындау еді, екінші жағынан, істеп жүрген кәсіптері мен тұрып жатқан тұрақты саяси-әлеумеітік, қоғамдық орталарына қарап, қалалықтарға жатқызбау да қиянат болатын.  Қала тақырыбына жазылған қазақ повестерінің негізгі кейіпкерлерді, ондағы басты-басты характерлерді негізінен, міне, осындай типтер кұрады. Қ.Мұханбетқалиевтың «Ескі достарындағы» Нұралхан, Д.Исабековтын «Қарғынындағы» Жасын мен Сәргел, М.Мағауиннің «Қара қызындағы» Бексейіт Атахановтарды кейіп-керлердің нак осы тобына жатқызуға болады. Бұлардың бәрі де қазіргі қалалық қазақ зиялыларынын өкілі бұлардың бәрі де күні кещегі қыр балалары, бұлардың бәрі де қазір жайлы қалалық пәтерлерде тұрады, бұлардың бәрі де азды-көпті өмірлерінде махаббат, достык, қызғаныш, сатқындық секідді пенделік сезімдерді басынан өткерген жандар, бірақ соған қарамастан олар бір-бірлеріне тұр-түсі, адамдық темпераменті, талғамы, қоғамдық, интимдік көзқарастары жағынан мүлде ұқсамайды: инженер Нұрал-хан жаны жайсаң, ақкөңіл жігіт, бірақ мансапқорлықтан да құралақан емес, тарихшы Бексейіт Атаханов - қабілетті, бірақ сатқын, ғалым Сәргел — мәймөңке, жылауық, ал Жасын - Жасын десе Жасын, барып тұрған турашыл, жазушылығына қоса шектен шыққан максималист.  Қазіргі қазақ жазушыларының калалықтар өмірінен калам тартқанда интеллегенция өкілдеріне ерекше мән беруі тегін емес, өйткені суреткерлердің бұл толқыны қоғамымыздың, осы әлеуметтік тобымен қоян-қолтық араласта болғандықтан, басқа әлеуметтік топтарға қарағанда олардың өмірін жақсырақ, тереңірек білді, сондықтан бұл кейіпкер бастарынан кешкен күйлерді белгілі бір дәрежеде өз бастарынан өткерді, нақ сол типтер ұшырасқан қоғамдық тартыстар мен ситуация-лардың ыстығына күйіп, суығына тоңды. Осы арада белгілі ғалым, профессор Р. Нұрғалиевтың мына бір пікірін келтіре кетуді жөн деп білеміз. Ол: «Жазушының обьектіге келуі оның өмірлік жолымен, өз пешенесіне жазылған тағдырымен сабақтас» ,(75-144) - дейді.  Әдебиетке үлкен дайындықпен келген бұл жазушылар сол кездегі көпшілік қазақ романдары мен повестеріндегі өз кейіпкерлерін олардың мамандықтарына таңып тастап, персонаждарды олар атқарып жүрген күнделікті қызмет, тікелей өндірістік жұмыс процесі үстінде ғана көрсетуге күш салатын социалистік реализмнің технократтық әдістерінен бойын аулақ салды. Олар: «Ұлы Толстой эстетикасы мен ұлы Чехов поэтикасынан кейін біржола қалыптасқан заманды адам арқылы, адамды мінезі арқылы, мінезді іс-әрекеті арқылы танытуды» (54,371) түпкі суреткерлік мақсатқа айналдырды.  Жауап беру демекші, жалпы көркем әдебиеттің күрмеуі қиын қоғамдық-әлеуметтік, рухани-моральдық толғақты мәселелерге жауап беруі керек пе, жоқ әлде, оларды дер кезінде күн тәртібіне қоюы қажет пе деген сауал күні бүгінге дейін әдебиетшілер арасында дау туғызып келеді. Көркем сөз шеберлерінің басым көпшілігі әдебиет мораль жөніндегі ғылым емес, сондықтан коғамның өзекті саяси-әлеуметтік, рухани проблемаларына біржақты жауап беру оның міндетіне жатпайды, көркем-өнердің міндеті сол толғағы жеткен мәселелерге дер кезінде қоғамның назарын аудару деп біледі.  Асылы, дұрыс пікір, даусыз шындық - осы. Көркем әдебиет моральдық кодекстер жиынтығы да, Құран да, Інжіл де емес. Ол ең алдымен өнер, эстетикалық категория, ендеше оның басты міндеті қоғамның көкейтесті мәселелерін шешіп беру емес, соған ең бірінші болып әлеуметтің назарын аудару, алғашқы болып дабыл қағу. Бұл жағынан ол барлаушыларға ұқсас. Айталық барлаушылар ұрыс тағдырын тікелей шешетін командирлер мен оның қарамағындағы жауынгерлер. емес, бірақ сол ұрыстың түпкі нәтижесінің қалай аяқталуы олардың қырағылықтарына, байқағыштықтарына көп байланысты.  1970-1980 жылдардағы қазақ повестерінде жан-жақты көтерілген тақырыптың бірі — тарихи тақырып болды. М.Әуезовтың әлемге әйгілі атақты «Абай жолы» эпопеясынан кейін бұл тақырыпқа арналған романдар мен повестер, поэмалар мен әңгімелер, драмалық пьесалар жазғы нөсерден соңғы саңыраукұлақтардай қаптады. Тарих қойнауларына үңілу қазақ жазушылары үшін жаппай сәнге айналды: кітапханалардағы, музейлердегі, архив қоймаларындағы шаң басып, сарғайып жатқан мол мұраға қаламгерлер тарапынан жаппай «шабуыл» басталды. Соның нәтижесінде іштерінде шіп-шикі дүмбілезі бар, тым шикі болмағанмен шикілі-пісілі ортақолдаулары бар талай дүниелер республикалық баспаларда том-том болып жарық көріп жатты. Бұл арадағы әңгіме ондай шығармалар туралы болмақ емес, әрине. Қашан да халтураның жаны сірі, ол қай заманда да болған. Алайда, бағымызыға орай, көне тарихқа бағышталған көп дүниенің ортасында хас суреткерлердің қанымен, жанымен жазылған озық үлгілері де өмірге келген еді сол тұста. Олар Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер», І.Есенберлиннің «Қаһар», Х.Есенжановтың «Ақ жайық», М.Мағауиннің «Аласапыран», Қ.Жұмаділовтың «Соңғы көш», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» секілді романдары, өзіміз сөз еткелі отырған Ә.Кекілбаевтың «Ханшадария хикаясы», «Күй», «Бәсеке», «Шыңырау», А.Сүлейменовтың «Бесатар», Қ.Мұханбетқалиевтың «Ежелгі дұшпан» секілді талантты баяндары болатын.  Төл тарихынан ажыраңқырап қалған қазақ оқырмандары бұл шығармаларды қызу интузиазммен қарсы алды: олардың озық үлгілері студенттік аудиториялар мен көпшілік бас қоскан жиындарда, оқырмандар конференцияларында қым-қиғаш айтыс-тартыстардың, интеллектуалдық ой жарыстарының басты обьектілеріне айналды. Сөйтіп жазушылардың бұл әдеби туындылардан күткен басты үміті артығымен ақталды.  Осы қайта өрлеу дәуірінің белді өкілдерінің қатарына жататын Әбіш пен Асқардың, Қажығалидың ілгеріректе біз аттарын атап өткен «Күй», «Ханшадария хикаясы», «Бәсеке», «Шыңырау», «Бесатар», «Ежелгі дұшпан» атты повестері де тарихи тақырыпқа жазылған үздік әдеби туындылардың қатарынан берік орын алады. Әсіресе, тарихи тематиканы игеруде Кекілбаев шығармашылығының орны ерекше болғанын айта кетуіміз керек . Көне аңыздар мен мифтер, маңызды, мәнді тарихи тұлғалар, оқиғалар күні бүгінге дейін Әбіш шығармашылық өнерінің ең басты стихиясы болып келеді. Ол ақ бас тарихтың көне шежіресінен бүгінгі күніміздің рухани мүддесіне сай келетін мазмұн таба білді. Ол сонымен бірге сол ескі күндердің тұрмысын тар ұлттық шеңбермен тұйықтап тастаған жоқ, оны адамзатқа ортақ этикалық, эстетикалық, философиялық өрістерге шебер ұштастыра білді. Сондықтан да Кекілбаев суреттеген Шыңғыс пен Ақсақ Темір, Жөнеуіт хандардан бастап қарапайым құдықшы Еңсепке дейінгі тарихи кейіпкерлер галереясы тек қазақтарға ғана емес, басқа да талай азиялық жұрттар мен мүлде өзге саяси-әлеуметтік менталитет иелері европалықтарға да түсінікті болды. Мысалы, бұл жөнінде ГДР-дің «Фольк унд вельт» баспасында екі рет қайта басылған совет жазушыларының тандаулы повестері туралы жазған мақаласында белгілі неміс сыншысы Герберт Кремпиен былай депті: «Адайлар мен түрікмендер арасында жүздеген жылдарға созылған алауыздықтан хабардар ететін осы оқиғалар көшпенді халықтарда бұрын тарих болмады» деген қауесетті жокқа шығарды, мұндай қауесет бұрын қазақтарға да таңылып келген еді... Сонымен қатар Орта Азия даласында өткен кішігірім қақтығысты суреттеу арқылы да үлкен қоғамдық мәні бар гуманистік хикая жасауға болатынын дәлелдейді. Қазак, жазушысы ертедегі ұлттық тарихқа үңілсе де, бүгінгі заманда, мысалы, Африка халықтары үшін айрықша мәні бар өте көкейкесті жайларды қозғайды. Бұл - германиялық неміс сыншысының пікірі, ал өзіміздің «қазақ немісі», белгілі әдебиетші, қазақ көркемсөзінің білгірі Г.Бельгер бұл ойды былайша өрбітеді: «Өзге замандас жазушылары секілді Әбіш Кекілбаев та өз халқының ежелгі әдет - ғұрып, дәстүр - тағылымдарын егжей - тегжейлі кейде қызыға суреттеуге құмбыл. Ол көшпенділер өмірінің қазір ұмытыла бастаған этнографиялық детальдарына ерекше мән береді, бірақ арзанқол экзотика жетегінде кетпейді, сол детальдардың әлеуметтік, философиялық мән - мағынасына үңіліп, халық өмірін, адам жанының ішкі иірімдерін ашуға тырысады.  Ә.Кекілбаев, жалпы алғанда, өмір құбылыстарына байсалды ой парасат көзімен қарауға шақырып, өткен мен бүгіннің ажырамас диалектикалық бірлігін тереңірек түсінуге көмектеседі. Бұл проза қазақ тілінің ауызша, жазбаша озық өнегелеріне арқа сүйейді, сонда да философиялық, интеллектуалдық мағыналарға бай болып келеді» (53, 14).  Әбіштің тарихи тақырыпқа жазылған баяндарының ең мойны озықтарының бірі — «Ханшадария хикаясы». Мұнда алып-жұлып бара жаткан қым-қиғаш сюжет те, сол себепті «мені көр, мені көр» деп тұрған аса қызғылықты оқиғалар да жоқ. Повесть фабуласының ұзын-ырғасын бес-алты ауыз сөзбен тәмәмдауға болады. Жарты әлемді аузына қаратқан ұлы әмірші Шыңғыс хан қартайған шағында таңғұттардың астанасының ойран-ботқасын шығарып, бүткіл еркек кіндіктілерінің бәрін қырып салады. Ең соңғы болып олардың ханы Шидүргінің басы алынады. Таңғұрттар Отаны қан сасып, қаңырап қалады осылайша. Енді бүткіл таңғұт төменетектілері монғол әміршісінің қарауында: ашса - алақанында, жұмса жұдырығында. Оның ішінде ай десе - аузы, күн десе - көзі бар Шидүргінің әйелі Гүрбелжін ханша да бар. Кәрі Шыңғыстың есіл-дерті осы ханшада. Сұлуды қалай да өзіне қаратып, кұмарынан шықпақ. Алайда жүрегін туған елі мен өзінің адал жарына деген махаббат кернеген сұлу ханшаны Шыңғыс қаһары бағындыра алмайды. Гүрбелжін қойнында жатқан әміршіні жарып өлтіреді, сонан соң өзі де мерт болады. Енді каһарымен дүниенің жарымын тітіркенткен, қатыгез қаған да, сұлулығымен жұртты аузына қаратқан ханша да жоқ бұл тіршілікте. Арттарында тек аңыз ғана қалады сөйтіп. Жай ғана көп аңыздың бірі емес, тағлымы ғасырдан ғасырға ұласатын әфсана.  Кекілбаев зұлымдықтың, қара күштің әділет пен сұлулықтың алдында түптің түбінде бәрібір жеңілетінін жеріне жеткізе дәлелдеп береді бұл баянда. Жазушы қара күштің жеңісінің уақытша ғана екенін, оның ешқашан түбегейлі бола алмайтынын аңғартады. Түпкі жеңіс Гүрбелжін ханша жағында. Сөйтіп, бүткіл жарты әлемнің еркектерінің шамалары келмеген әміршінің сазайын тал шыбықтай бұралған бір ару береді. Өктем күшті ауыздықтауға соның ғана шамасы жетеді.  Гүрбелжін ханшаға осыншама күш дарытқан оның бойындағы өз жұрты мен жарына деген шексіз сүйіспеншілшік, махаббат еді. Мұндай асқан тектілік, мол қайрат пен қайсарлық тек осындай жанның ғана қолынан келетін. «Ханшадария хикаясының» өлмес сабағы, міне, осындай. Егер Достоевский «Әлемді сұлулық кұтқарады» десе, жоғарыдағы хикаяны оқып болғаннан кейін осы бір даусыз пікірді «Әлемді сұлулык және әйел жүрегінің адал махаббаты құтқарады», деп толықтырғыңыз келіп кетеді.  А.Сүлейменов пен Қ.Мұханбетқалиевтың әдеби қолтаңбалары Әбішке мүлде ұқсамайды. Егер әрбір жазушыны өзінше әлем десек, олардын шығармашылық өнерінің өздерінің дарынды тұстастарына ұқсамауы, әрине, Қажығали мен Асқардың кемшілігі емес, жетістігі ретінде ұғынылуға тиіс. Қазақ көркемсөзінде лингви-стикалық прозаның негізін қалаған А.Сүлейменов кейіпкерлерді мінез жағынан даралауға катты мән береді, ол сондай-ақ сюжетті негізінен оқиғаға емес, адамдардың арасындағы психологиялық тартыстарға құруға көбірек бейім. Мысалы, оның әйгілі «Бесатар» баянының оқиғалар желісін бес-алты-ақ сөйлеммен айтып беруге болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің Қазығұрт аймағындағы басшыларының бірі Төрехан мен оның Ташкентте оқып жүрген ұлы Сәуар ақ патшаның жазалаушы отрядының командирі Крейгельдің тұтқынына түседі. Ал, Тереханның бостандықтағы үзеңгілес серіктері Мұқағали мен Өтеп болса, керісінше орыс офицері Иноземцевті қамауға алады. Оны кейіннен Терехан мен Сәруарға айырбастау үшін. Бірақ олардың бұл ойлары жүзеге аспайды: Крейгель Қазығұрттың баурайында әкелі-балалы қос боздақты оққа жығады. Көлемді повестің сюжеттік желісінің негізгі ұзын-ырғасы - осы. Алайда бастан-аяқ Крейгель-Сәруар-Терехан ұштағынының арасындағы психологиялық тартысқа құрылған бұл көркем туынды оқырманды ешбір жалықтырмайды: жазушы кейіпкерлерінің миы мен жүйкесінде жүріп жатқан арпалыстарды шебер, білгірлікпен суреттеу арқылы оқырманың да, әдеби персонаждарын да үнемі ширықтырып, кейде тіпті ышқындырып отырып, уысынан бір босатпайды. Бодан елдің. намысты ұрпақтарының бостандыққа ұмтылған ұлы арманының ащы жеңілісін аяусыз шыншылдықпен бейнелеген бұл шығарманың, міне, басты жетістігі де, қазақ прозасы үшін тосындығы да осында.  Ал Қ.Мұханбетқалиев болса, Махамбет батыр мен Баймағамбет сұлтан арасындағы қақтығыстың диалектикасын егжей-тегжейлі ашуға құрылған өзінің «Ежелгі дұшпан» аталатын баянында көпшілікке бұрыннан таныс осы оқиғаны мүлде басқаша қырынан ашады. Ақыры Баймағамбет көптен көкейінде беріш болып жүрген басты арманына жетеді - сүлтанның арамза жансыздары халық қамқоры Махамбетті абайсызда қолға түсіріп, оның кесілген басын жоғары мәртебеліге алып келеді. Әне, өзіне өмір бойы тыныштық бермеген ежелгі дұшпанының, ата жауының басы енді оның алдында домалап жатыр. Халық батырын арулап жерлейді. Баймағамбет енді бақытты, жайлы өмірдің қытықшыл қызығына біржолата беріліп, алаңсыз тіршілік кешпек. Бірақ мына парадокске қараңыз: сұлтанның бұрынғыдан бетер тынышы кетеді, ол үшін мына өмір мәнсіз, маңызсыз, күйкі бірдеңеге айналады. Ақыры сүлесоқ күй кешіп жүріп, ойда-жоқта өзінің бұрын мүлде басына келмеген сұмдық бір жаңалықты ашады. Апырау, оның бүткіл тіршілігінің мәні бұрынғы ата жауы Махамбет екеуінің арасындағы күресте жатқан екен ғой» Ендігі сол Махамбет дүниеден өткен шақта сұлтанның да асау, қызу қанды өмірінің мәні жойылыпты. Енді ол кіммен күреспек, кіммен бақ, таластырмақ?! Мына өзінің аяғын жалауға бар айналасындағы жағымпаз, жалтақ, айтқан сөз бен шертілген сырдың парқын ұқпайтын, жәдігей, надан тобырмен бе? Махамбет бұған жау, ежелгі дұшпан болса да бұл өмірдегі жалғыз теңі екен ғой, енді ол - Баймағамбет сұлтан — жалғыз!..  Белгіліден белгісізді, айдай анықтан бұрын көзге шалынбаған жаңа бір шындықтарды табу — дарындылықтың бір белгісі. Жоғарыда біз қысқаша болса да талдап өткен Қ.Мұханбеткалиевтың «Ежелгі дұшпаны» осы ойдың бір дәлелі болса керек. Рас, оның бұл баяны Кекілбаев шығармаларындағыдай этнографиялық детальдарға, экзотикалық бояуларға бай емес, ол сондай-ақ Әбіш секілді авторлық эпикалық баяндауға аса ауыр салмақ артпайды, сонымен бірге А.Сүлейменов секілді кейіпкерлерінің психологиясының ықпыл-жықпылын аралап, жақсы мағынада айтқанда, шұқшиып отырып алмайды, оның шығармашылық кредосы мен стихиясы - пропорция, тепе-теңдік. Қ.Мұханбетқалиев шығармаларындағы баяндау мен психологиялық портреттер де, кейіпкерлердің диалогтары мен монологтары да белгілі бір шек пен шамаларға бағынады, қай нәрсенің де кемерінен шығып, асып төгілуі оған жат. Бұл оның шығармашылық өнерінің кемшілігі де, елден асқан артықшылығы да емес, - ерекшелігі.  Көркем әдебиет — бір заманды екінші заманға, бір ұрпақты оның келесісіне жалғастырып, табыстырып отыратын рухани алтын көпір. Егер Б.Майлиннің таңдайынан бал тамған аса көркем әңгімелері мен повестері болмаса 1920-1930 жылдардағы еліміздегі советтік коллективтендіру дәуірінің, М.Әуезовтің шешен де шерлі «Абай жолы» эпопеясы болмаса, XIX ғасырдың екінші жартысындағы қырдағы қазақ өмірінің тұтас бір алып панорамасын бүгінгі ұрпақ көз алдына толық, жан-жақты елестете алмас еді. Сондықтан көркем әдебиетте сол әдебиеттің иесі, мұрагері болып табылатын ұлт өміріндегі мәнді кезеңдер мен тақырыптардың жан-жақты, толық қамтылуы тек көркем өнер үшін ғана емес, халықтың тарихи танымы мен санасы үшін де аса маңызды.  Бұған дейін біз 1970-1989 жылдары жарық көрген тандаулы қазақ повестеріндегі қамтылған тақырыптарды төрт блокка а) ауыл, ә) қала, б) шетел өмірі) бөліп талдадық. Әрине, бұлайша бөлудің шартты болатыны өз-өзінен түсінікті болса керек. Өйткені повесть секілді біршама ауқымды прозалык шығармаларда басты тақырыптармен қоса бірнеше қосымша, толықтырушы тақырыптардың болатынын көркем әдебиет жанкүйерлерінін кез-келгені жақсы біледі. Айталық, достық, махаббат тақырыбына арналып жазылған шығармаларда қызғаныш немесе саткындық секілді такырыптар параллель дамып, сол шығарманың негізгі тақырыбымен бірге қамшының сегіз өріміндей жымдасып өмір сүре береді. Бұл — жоғарыдағы тақырыптарды блоктарға топтастыруымызды шартты деуіміздің екінші себебі. Қалай дегенде де, қазақ повестерінің жиырма жылдық біршама ұзақ кезеңін зерттеуге арналған бір еңбекте осы шығармалардағы барлық тақырыптарды егжей-тегжейлі талдап жату мүмкін де, әрі қажет те емес деп білеміз. Сондықтан да енді осы авторлардың көркем туындыларындағы характер мен тип, идея проблемаларын шешудегі ізденістеріне тоқталалық. 

2) Мағжанды өлтіргендер мен құмда қалған кемелер i.kitapta бар 20-ак беттен оқып алыңдар если что

«Жібек жолы» романы – тарихи көркем пәлсапалық шығарма. Орта ғасырдағы Отырар қаласының бай салтанаты перзенттік сүйіспендікпен суреттеледі. Өркениеттің биік сатысына көтерілген қаланың күйреп кету себебі – баршылыққа, тоқшылыққа масығу, ашкөздікке салыну, нәпсінің құлы болудан деген идеяны қозғайды. Бір заманда мұхитқа батып кеткен Атлантидаға ұқсап Отырар өркениеті өз перзенттерінің ашкөздігі, көзқамандығы, нәпсінің құлы болуынан бордай тозады. Романның шымыр фабуласы, шиыршық атқан сюжеттік желісі – шетелдің қызығушылығын туғызды. Шығарма орыс, украин, неміс, мадияр, монғол, пұштын тілдеріне аударылып жарық көрді. Кітап желісімен Ардақ Әмірқұлов «Отырардың күйреуі» атты екі бөлімді көркем фильм түсірді.

Күн сайын қаламғажүгіну мінезіне айналған. Дүкенбай Досжан «Отырар», «Фараби», «Жібек жолы»(1965-66) шығармалары арқылы «тарихи тақырыптың пионері» аталды. «Әл-Фараби»хикаяты ғұлама бабаның өмірін өзек еткен. Хикаят кезінде орыс, неміс, мадияр,ағылшын, монғол, украин, түрік тілдеріне аударылып, жеке жинақ болып басылыпшықты.    Ұлттыққауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабулы архивіне алғаш енген ДүкенбайДосжан сот құжаттары желісімен «Абақты» (1992) дерекнама кітабын және 1986жылғы желтоқсан қырғынының ізімен көркемделген «Алаң» (1993) романын жазды.

Зерттеушілер Д.Досжан шығармашылығын үш салаға бөліп жазып жүр. Бірінші: көне ғасыр қойнауынанер түрік рухын тірілткен 60-шы жылдар басындағы тарихи тақырыптағы - «Жібекжолы», «Отырар», «Фараби» шығармалары жатады. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктертепкісі зардабынан мінез экологиясына ұшыраған өмірзая ұрпақтар образдарыныңгалереясы - «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі»,«Кісі ақысы» кітабынан табылады. Үшінші: ғажайып адамдар ғұмырын көркем тілменсөйлеткен сериялар тобына «Мұхтар жолы» (1988), «Абайдың рухы» (1994, 2008),«Алыптың азабы» (1997) деген кітаптары енеді.

Дүкенбай Досжандүниені суретпен, ешкімге ұқсамайтын бояу-белгімен көреді, тірі сөзбен суретсалады.  Магиялық реализм тәсіліне жиіжүгінеді, ой ағынымен жазады, кейіпкердің жан әлемін сөйлетуге машық. 21ғасырдың ғажайып кейіпкерлерін сомдап жүрген бірден-бір қаламгер.Тәуелсіздігіміздің тарихын көркем кестелеген «Ақ Орда» («Елорда» баспасы, 2005жыл) романын оқырмандар жылы қабылдады. «Астананың бас архитекторы» дегендеректі хикаяты «Роман-газета» (2007 жыл) басылымына жарыққа көріп, оқырманжүрегіне жол тартты.

Соңғы жылдарыжазушының «Үш тағдыр» (2005); «Балалықпен тілдесу», «Диолог с детством» (2005,1-2 том); «Жан тәтті» (2006, хикаяттар); «Жазмыштың формуласы» (2008, жетіхикаят); «Абайдың рухы» (2008, ғұмырнамалық-ойтолғау) кітаптары жарық көрді.Астанадағы «Фолиант» баспасы тақауда ашқан «Оқырманы қисапсыз жазушы» айдарымен«Терезенің жарығы» (2009) және орысша «Самый читаемый писатель» айдарымен«Когда я умирал» (2009) кітаптары А.Ким мен Г.Бельгердің аудармасымен көптаралыммен оқырмандар қолына тиді. Төрт томдық таңдамалы шығармаларыӘ.Кекілбаевтің алғысөзімен «Өлке» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен басылыпшығуда.