- •1.ХХғасырдың 60-шы жыл-ғы драма жанрының дамуы
- •1.20 Ғасырдың 60-шы жылдарынан кейінгі кезеңдегі әдеби сынның даму ерекшелігі
- •2. З.Шашкин «Доктор Дарханов» романы
- •3. С.Жиенбаевтың поэзиясы
- •20 Ғасырдың 60-шы жылдарынан кейінгі әдебиеттану ғылымының даму ерекшеліктері
- •2. Х.Есенжанов «Ақ Жайық» романы
- •3. Т.Айбергенов лирикасы
- •Қазақ прозасында тарихи тақырыптың көркем игерілу себептері
- •2. Т.Жароковтің эпикалық шығармалары
- •3.Т.Нұрмағамбетов әңгімелері
- •Ғабит мүсірепов. Жаны толы жыр еді (ғ.Мүсіреповтың мақаласы, яғни Ғали Орманов туралы айтқаны).
- •"Үркер" романы
- •Сырбай Мәуленов
- •1960-2000 Жылдардағы өнер адамдарының бейнесі
- •2. Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» роман диалогы
- •1960-2000 Жылдардағы эпистолярлық жанр
- •С.Жүнісов «Ақан сері» романы.
- •Ж.Әбдірәшев поэзиясы
- •1. Драмадағы мінез және драмадағы тартыс
- •14.2 Оралхан Бокей повестері мен әңгімелері
- •1. Абайдың жұмбағы р.Тоқтаров
- •2. Жұбан Молдағалиев поэмалары
- •3. И.Сапарбай драмалары жалпы шығармашылығы
- •3) Есенғали Раушанов өлеңнің қара бауыр қасқалдағы
- •20Билет
- •Күтумен кешкен ғұмыр
- •Қалтай Мұхамеджановтың комедиялары
- •Ұлықбек Есдәулет шығармашылығы
- •Көздеріңе ғашықпын...
- •1.Дихан Әбілов шығармашылығы
- •2.Б.Момышұлы шығ – ғы соғыс көрінісі
- •3. Сағат Әшімбаевтың әдеби сын еңбектері
- •25 Билет!
- •26 Билет
- •27 Билет
- •Өмірбаяны[өңдеу]
3.Т.Нұрмағамбетов әңгімелері
Шығармаларының бәрі дерлік кейіпкерінің сырын, ішкі арман-қиялын нәзік лиризм арқылы жеткізуге ұмтылатын жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов деуге болады. Оның шығармаларындағы ерекшелік өмір тынысын өз жанымен сезініп, толғанудан туған ой сезімдерінің бейнеленуінде. Кез келген жазушы шығарманың өн бойында баяндаудың ерекше түрін қолданып, негізгі сюжеттік мағына мен кейіпкерлерін көрсету үшін әр түрлі әдіс-амалдар қолданады. Өз кезінің өзекті шындығын кесек образдармен елестетіп көрсетеді. Өз шығармаларында жаңа уақытқа үн қосумен бірге, оның аяқ алысын аңғарған Т.Нұрмағамбетов іс-әрекеті, мінез-құлқы нағыз табиғи қалыпта бейнеленген кейіпкер сомдауға талпынады. Сөйтіп, өмір шындығының нағыз қайшылықтарын толық мәнінде бейнелеуге тырысты. «Шығармадағы лиризм деп оқиғаны, іс-әрекетті сезім күйін жазушының баяндауы мен суреттеуіндегі стилистикалық нәзіктік, ырғақтылық, эмоциялық айтылса керек», - деп көрсетеді М.Әйтімов өз еңбегінде. Ал осының бәрін жазушының шығармаларынан табуға болады. Т.Нұрмағамбетовтің шығармаларының көбіне тән бір ерекшелік кейіпкердің жан әлемін бейнелеудегі нәзік сыршылдық, көңіл күйінің толқымалы құбылыстарын сезімталдықпен аша білу, шығармада парасат нышанының адамгершілік сипаттарымен үйлесімді дамуы болып табылады. Жазушының шығармаларында басты идея кейіпкердің іс-әрекеті, әлеуметтік тіршілігі арқылы ғана емес, тебіреніс-толғаныстары, қуаныш-сүйеніші, өмірге көзқарасы, әр түрлі сезім күйлері арқылы да көрініс табады. Мәселен, «Қош бол, ата» повесі – адамгершілік пен ізгілікті, сезім тазалығын, адам бойындағы асыл қасиеттерді кейіпкердің іс-әрекеттері, қарым-қатынасы арқылы шыншылдықпен бейнелеген шығарма. Бұл шығарманың терең психологизмі мен идеялық мазмұны оқырманды бірден баурап алады. Жалғыз баласы қызмет қуып, қарайламай кеткен Жөкең қарттың күні немере інісі Шәденге қарап қалады. Соның балаларының ішінен өзіне Көктембайды жақын тартады. Ешқашан көрмеген өз немересінің атын есіне түсіре алмаса да, баласын жамандыққа қимайды. Сол баласынан аз күнге соғып, немересін тастап кететінін айтып хат келгендегі қарттың көңіл-күйі, қимыл-қозғалысы шығармада табиғи, шынайы түрде бейнеленеді. Бұған дейін екі жыл бұрын шешесі қайтыс болғанда екі-үш күнге жалғыз өзі келіп кеткен еді. Сондықтан бұл шалға қатты әсер етеді. Жазушының оның сезімін әсерлі етіп жеткізгені соншалық, Толасбайға тасбауыр екен деп ренжіген оқырман да оны қартпен бірге тағатсыздана күтеді. Оның келуінен бір өзгеріс, жақсылық болатындай әсер береді. Ақыры сағындырып келген баласымен қарттың кездескен сәті шығармада былайша суреттеледі: «Шал баласын жібермей кеудесіне ұзақ қысты. Көзінен жас парлап, иегі кемсеңдеп тұрып, «айналайын, айналайын» деп әлсін-әлсін күбірлеп қояды. Сонан соң келінін құшақтап маңдайынан сүйді. Ал бойы Жорабайдан сәл ұзындау, маңдайына кішкене кекіл қойған, мұрыны Толасбайдың мұрыны сияқты қоңқақтау, бірінші көріп тұрған немересін құшақтай алып, Жөкең еңкілдеп жылап жіберді. Баланың бетінен, мойнынан, кішкене қолдарынан сүйіп-сүйіп, иіскеп ағыл-тегіл жылады кеп... «қайтсын-ай енді» деп Салжан да жаулығының ұшымен көзін сүртіп жатты». Осылай талай жылғы сағынышын басып, бір жасап қалған Жөкең қарт өмірінің жалғасы немересін айналып-толғанудан жалықпайды. Бұған кей кезде Көктембай іштей өкпелеп қалып жүреді. Шатастырып жүрген немересінің аты Шеген екен. Ал жалғызым деп бар мейірімін төккен Толасбайды әке жалғыздығы қынжылтпайды, тіпті, ойына кіріп шықпайды. Жазушы мұны әке мен бала арасындағы қысқа әңгімеге сыйғызады. Баласының елге келгенін қалайтынын, қартайғанда жалғыздықтың қиын екенін айтып, өлсе көмусіз қалам ба деген қорқынышын жеткізгісі келген әкесіне: «Мұнда да ел-жұрт бар ғой» деп берген жауаптан кейін әңгіме шарт үзіледі. Осы кішкене ғана диалог Толасбайдың болмысын одан да тереңірек ашып тұр. Повестегі жазушының өзгеше қолтаңбасы ауылға әртістердің келіп, «Еңлік-Кебекті» қойғаны мен Көктембайдың ондағы абызды атасына ұқсатуы мен өздерінше әртіс болып ойнауынан көрінеді. Және атасының өзіне атаған ақ қодығы тайқар болып қалғанда иемденіп кеткен Шодырдың әлімжеттігіне Көктембайдың ызасы келеді. Қанша танып тұрса да ыңғай бермеген Шодырдың өзінің әкесіндей адамға қол жұмсауы Көктембайды іштей ширықтыра түседі. Сол ойлары атасы қайтыс болған соң тіпті өршиді. Бала үшін үлкендердің өлген адамды тез ұмытып кететіні де түсініксіз. Бұл оқиғалардың бәрінен Көктембайды жақынырақ танып, оның жылы жүрегінің нәзіктігін сезуге болады. Атасы берген тайқарды қалай да алам деп Шодырдың шалғайына жармасқан Көктембай әкесінен таяқ жейді. Үлкендердің екіжүзділігіне ашынған ол қайтыс болған атасының басына келіп, өксіп тұрып жүректі шымырлатарлықтай сөздер айтады. Ал туған әкесінің өлігіне келіп бір уыс топырақ салмаған Толасбай бейнесі оқырманды ойға қалдырады, онан әрі түңілдіреді. «Арада жиырма күн өткенде барып Толасбай келді. Жалғыз өзі. Ол келгенде үйде Шодыр және бата қыла келген екі-үш шал отырған. Толасбай жылаған жоқ». Жазушы бар айтарын осы сөздер арқылы береді, одан артық ештеңе айтпайды. Осындай көріністер арқылы өз кейіпкерінің бар болмысын танытады, ал шешімді оқырманның өзіне қалдырады. Шығарманың соңында оқуға кетіп бара жатқан Көктембайды көреміз. Тағы да атасының басына келіп, өз ішіндегі сезімімен, ойымен бөліседі: «Мен оқуға бара жатырмын, ата, мен әртіс боламын. Ата, сені ұмытпаймын, жиі-жиі келем ғой. Келемін... Мен сені алдамаймын. Қош бол, ата! - Баланың көзінен шыққан жас тамшыларын жел іліп әкетіп жатты. «Мен кетіп барам. Ата, қош бол... Айтпақшы осыдан екі күн бұрын ақ тайқар үйге қашып келді. Ол қораны айналып қайта-қайта ақырумен болды. Енесін іздегені шығар. Бәлкім сізді де ата... - Ата. Ол әлі талай қашып келеді. Біржола келуі де мүмкін. Ал Толасбай көкем... - Оны білмеймін...». Баланың осындай сөздерінен ащы шындықты аңғарамыз. Жазушы шығармасының негізгі айтар ойы да осында жатса керек. Оның көңілі өзі мәпелеп өсірген қодығының өз қорасына айналып соғарына, тіпті, біржола келуіне әбден сенімді. Ал адамдардың, әсіресе, Толасбай сияқтылардың туған жерге, өскен ұясына оралуы күмәнді... Өз прозасында лиризмнің нәзік өрнектерін тап басып танып, кейіпкердің жан сұлулығын, арман-тілегін, сағыныш аңсарын, ұлттық мінезін, тұрмыс-тіршілігін тек шынайы суреттегенде ғана көркем шығарманың өміршең сипаты айқын ашылатынын терең ұғынған жазушының бұл повесіндегі кейіпкердің сөздері оқырманға қатты әсер етіп, жүрегіне мұң, жүзіне кірбің ұялатады. Қаламгердің осындай кейіпкердің жан әлемін толқытқан сезім шуағын, қуаныш-сүйінішін, қасірет-мұңын дәл өмірдің өзіндегідей айшықты суретке айналдырып, оқырманды баурап алатын шығармаларының қатарына «Қарлығаштың ұясы» повесін де жатқызамыз. Бұл туындының сыршылдығы өте терең. Мұнда адам тағдыры, қоғам өмірі психологиялық тұрғыдан көрсетіледі, идеялық мақсаты да терең. Шорман бейнесі арқылы жазушы өзінің эстетикалық мұратын танытады. Шығарманың сюжеттік желісі де осы кейіпкер бейнесіне қатысты өрбиді. Қарапайым ғана сөздер жан-жүрегіңе ерекше әсер етеді. Жазушы шеберлігіне таң қаласың. Осы орайда Т.Ақшолақовтың: «Өмірдің қай саласында болсын шынайы суреткер өзіндік орнымен, нақышымен көрінеді. Ақын-жазушы тек өзіндік қолтаңбасымен, даралық суреткерлігімен, өз стилімен айқындалады. Онсыз өнер иесі жоқ», - деген пікірімен келіспеуге болмайды. «Қарлығаштың ұясы» - терең психологизм мен лиризмге толы шығарма. Барлық көркемдік-эстетикалық көріністерде лиризм психологизмнің, психологизм лиризмнің ажырамас өрімі ретінде стиль түзушілік қызмет атқарады. Лирикалық прозаны зерттеуші ғалым Я.Эльсберг лирикалық проза мен психологизмнің туыстығын айта келіп: «Шын мәніндегі лирикалық стильдің тазасында өз ойлары, сезімдері мен тебіреністері немесе солардың кейбір қырлары мен қасиеттері туралы айтуына хақы бар адам тұруы шарт», - деген болатын. Бұл шығармада автор адамның жан-дүниесіне үңіле түсіп, өзінің шынайы психологиялық, романтикалық суреттеуге бейім ерекшелігін танытады. Шығарманың негізгі тақырыбы – панасыз жетім балапан тағдырымен ұқсас тірі жетім тағдыры. Лиризм нағыз махаббат, сағыныш, адалдықтан өрістейтіндігіне қарамастан мұндай ыңғайдағы туындыларға тіршіліктің көлеңке қалтарыстарына көз тігу де мүлде жат сипат емес. Рас, лиризм көңіл шуағынан қанат жайғаны дұрыс-ақ, алайда, біраз белгілі суреткерлер сияқты, Т.Нұрмағамбетов те айтылмыш стильдік арнаның бейнелеу мүмкіндігін өсіре түседі. «Қарлығаштың ұясы» повесінің басты кейіпкері – жеті жасар Шорман әжесінің қолында тәрбиеленеді. Кәрілік жеңіп, күні таянғанын сезген әжесі оны жақын ағайыны – Қиянбектің үйіне жібереді. Сандықтан көрші кемпірдің алып берген судай жаңа киімдерді киіп, Шоқатайдың тракторына мінуге асыққан Шорман еш алаңсыз. Үйге келе сала Шабаркүл кесек тасытып қойса да, тосырқамай қолынан келгенше көмектеседі. Автор шығармада баланың нұрлы жан дүниесі мен кіршіксіз сезімдерімен қоса, Қиянбек, Шабаркүл бейнелерінің тартымды жасалуына да мән берген. Бейтаныс ауылды жатсынбаған Шорманның таза көңілі мен әдемі қиялдарының астан-кестенін шығарған, жүрегін аяусыз тілгілеген оқыс жағдай - әжесінің қайтыс болғанын Қиянбек пен Шабаркүлдің әңгімесінен кенеттен естіп қалуы болды. Осылайша, өмірдегі жалғыз жанашыры мен тірегі болған әжесінің енді жоқ екенін, қаласа да, қаламаса да енді осы үйде тұруға мәжбүр екенін сезінген бала жалғыздықпен іштей арпалысады. Өз көзімен көрмегесін сенбеген ол «үйіме ала кет» деп Шоқатайдың тракторының соңынан жүгіреді. Ештеңеге көңілі соқпай, іштей егіледі. Шорман әке-шешесінің тірі екенін, әкесі - Есенжол, шешесі - Айбарша екенін бірнеше рет естіген. Мұның бәрі балаға қатты әсер етеді. Әжесінің айтқан ертегісі есіне түседі. Осы тұрғыда жазушы бала психологиясын тұнық күйінде жеткізу үшін балапанға Шорманның қамқорлық жасауын, онымен тілдесуі секілді нақты детальдарды – көркемдік детальдар ретінде шебер пайдаланып, авторлық суреттеу мен бейнелеу арқылы баланың рухани әлемін жан-жақты ашып, Шорман образы арқылы өмірдегі жағдайлардың көркемдік-эстетикалық, әлеуметтік мәселе ретінде бейнеленуіне күш салады. Кейіпкердің сезімге толы жан тебіреністері, іс-әрекеттері арқылы оқырманды баурап алумен қатар ойландырады да. Және бұл турасында өзінің тұжырымдарын ұсынады. Бар үміті ұшып бара жатқан қарлығаштың балапанында болып, соған үздіге қарап тұрған Шорман бірден оқырманның көз алдына елестеп, жан-дүниесін алай-дүлей етеді. Шабаркүлдің үйіне қызы мен Гүлжан есімді жиен немересі келгендегі бәйек болуы, өзгеше мейірім көрсетуі бала сезіміне үлкен әсер етіп, жабырқау тартады. Сәби көңілі аяулы алақанды, мейірім шуағын аңсайды. Қарлығашқа келіп айтқан сөздері еріксіз көзге жас алдырады. Сол арқылы өзінің тастап кеткен әкесі мен шешесіне сәлемін жеткізуін сұрайды, өкпесін, сағынышын айтады. «Екеуіне де айтшы. Сағынып жүр деші. Ең болмағанда бір күнге келіп көріп кетсінші. Бір күнге... Балапан бірте-бірте биіктеп, алыстап кетті. Бірақ оны енді Шорман көре алған жоқ. Көзін жас жуып кетті. Қырлы тастардың табанын тіліп кеткенін де елеген жоқ. Жүгіре берді». Шормандай тас тағдыр балалар өмірде аз емес. Соларға қарап отырып, олардың да өз қиялымен, арманымен арпалысып, шартарапты шарлап, ыстық алақан, мейірім іздейтіні жүрегіңді ауыртады. Жазушының өз шығармасында ертегіні қолданып, шығарманың тақырыбына, идеясына сәйкес көркемдік құрал ретінде пайдалануы да шығарманың лирикалық сипатын арттырып тұр. Бұл тұста профессор Ж.Дәдебаевтың: «Жазушының өмірде болған, нақты ақиқат алдында құбылыстарды ғана суреттеп қоймай, қажет болған жағдайда, құбылыстардың мәніне тереңдеп барып, оны жан-жақты ашып көрсету мақсатында, ақиқат деректер беретін шындықты өз мұратына орай өзгерген немесе толықтырылған түрде пайдалануы елеулі табыстарға жеткізеді», - деген пікірімен келісуге болады. Т.Нұрмағамбетовтың шығармаларын оқи отырып, бәрінде де нәзік лиризм басым екенін аңғару қиын емес. Оның кез келген туындысында кейіпкерлермен іштей сырласып, жүздесіп, сөйлескендей сезімде боласың. Жазушы өз кейіпкерлерінің жан дүниесін, нәзік сезімін, сырын ашуда жасандылыққа бой алдырмайды. Олар туралы кесіп-пішіп ештеңе айтпайды. Олардың іс-қимылы, сөйлеген сөздері, монологтары арқылы бар болмысын танытады. Оқырман сол арқылы қай кейіпкердің қандай екенімен таныс болып, өз бағасын береді. Шығарма кейіпкерімен бірге қуанып, бірге жылап, бірге қобалжып, уайымдап отырады. Мұның өзі жазушының өзіндік стилін анықтап, шеберлігін көрсетсе керек. Оның шығармаларының шынайылығы автордың кейіпкерлерінің психологиясын, сезімін өз көзімен қарап, жүрегімен сезініп барып оқырманға жеткізуінде болса керек.
7-билет
1.сұрақ.
Дәстүр мен жаңашылдық - әдебиет пен өнердің даму барысында сабақтастық пен жаңғыртуды, мұрагерлік пен қайта жасауды, бұрынғы мен соңғының байланысын білдіретін ұғым.Дәстүрге ғасырлар бойы қалыптасып, сұрыпталған әдет-ғұрыптар, жол-жобалар көзқарас түсініктер жатады. Жаңашылдық - өткен өмірдің, кешегі күннің тәжірибесі мен жемістерінің ішінде мән-мағынасы бай, дәрежесі жоғары заман талабына жауап беретін, бұрынғы-соңғының шеңберінен шығып, болашаққа кең жол ашатын аса маңызды ізденіс-әрекеттер. Ол жалпы өркениеттің дамуына әсер етеді, осы жолда туып, орнығады. Дәстүр мен жаңашылдық - диалектикалықбірлестікте болып, ескі мен жаңаны жалғастырады, тарихпен бірге дамиды, өндірістің базисі ретінде өзгеріске ұшырап отырады. Дәстүр мен жаңашылдық арасындағы заңды байланыс - материалдық және рухани мәдениеттің, өндіріс пен техниканың, философия мен әдебиеттің, өнердің барлығына тән. Жаңашылдық - әрқашан асқан шеберлік пен зор таланттың нәтижесі, ол әдебиет пен өнердің өрісін кеңейте түседі. Дәстүр мен жаңашылдық әдебиетте, өнерде ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, жаңа заманның талап-тілегіне сай келу қағидасын қажет етеді. Тұрмыстың, қоғамдық тіршіліктің өзгеруіне, адамның өмір танудағы жаңа ұғым-түсініктеріне байланысты әдебиетте мазмұн мен түр жағынан жаңашыл шығармалар туады. Бұл тұрғыда кейбір дәстүрлік әдіс-тәсілдер сақталумен қатар жаңаша суреттеу, бейнелеу, сөз қолдану амалдары пайда болады. Әсіресе жаңа өзгерістер мен құбылыстарды аңғаратын соны бейнелеу құралдары жасалады. Бұл - әдебиеттегі жаңашылдықтың белгісі. Дәстүр мен жаңашылдық тек түрді, сыртқы өзгерістерді білдірумен қатар, ішкі мазмұнды, мағынаны білдіреді, түр мен мазмұнды бірдей қамтып, шығарманың идеялық-көркемдік немесе ұлттық сипатын жаңа сатыда елестетеді. Енген жаңалық әдебиетке сіңіп, дәстүрге айналып кетуі мүмкін. Қазақ әдебиеті – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерінің асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерінің тегі әріден, түркі тілдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезінен басталады.
1960 – 90 ж. ішінде Қ. ә-нде тарихи тақырып ерекше қарқынмен дамыды. Ұлттар тарихына жасалған тұсау алынғаннан кейін қазақ жазушылары елдің тәуелсіздігі мен бостандық идеясын тарихи материалдарға сүйене отырып, көтеруге мүмкіндік алды. Бұл тұрғыда І.Есенберлиннің (“Қаһар”, “Алмас қылыш”, “Жанталас”, “Алтын Орда”), Мұртазаның (“Қызыл жебе”), Мағауиннің (“Аласапыран”), Кекілбаевтың, (“Үркер”, “Елең-алаң”) Ә.Әлімжановтың (“Жаушы”, “Ұстаздың орлауы”, “Махамбеттің жебесі”), Жүнісовтің (“Ақан Сері”), С.Сматаевтың (“Елім-ай”) тарихи романдары Қ. ә-нің қомақты табыстарына айналды. Тарихи романдар үлгісі бүгінгі күн тақырыбына шығарма жазушылар үшін де мектеп болды. Б.Соқпақбаевтың, Жұмаділовтің, З.Қабдоловтың, Тоқтаровтың, Ысқақовтың, Таразидің, т.б. жаңа романдары дәуір шындығының қайшылықты жақтарын кең ашып бейнелеуде, оқырманға заман мен адам туралы ой салуда едәуір әдеби-көркемдік жетістіктерге ие болды. Осы жылдарда театр сахналарында Ахтановтың “Әке мен бала”, “Жоғалған дос”, Әбішевтің “Нұрлы жаңбыр”, Жүнісовтің “Ай тұтылғанда”, Ысқақтың “Таңғы жаңғырық”, Исабековтің “Әпке”, “Мұрагерлер”, М.Хасеновтің “Пай-пай, жас жұбайлар-ай”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, Н.Оразалиннің “Шырақ жанған түн”, Р.Сейсенбаевтың “Түнгі диалог”, “Нартәуекел” пьесалары табыспен жүрді. 80-жылдардың соңына қарай, қазақ жазушылары бұрын айтылмай келген халық басынан кешкен аштық, қуғын-сүргін оқиғаларын жазуға мүмкіндік алды. Соңғы он жылдықтағы әдеби құбылыстар тақырыбы бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғауымен, тарихи ойымен, психологизм мен әлеум. ішкі өзара байланысымен, адамның ішкі жан дүниесіне, мінезіне үңіле назар аударуымен, экол., урбанизация, ғыл.-тех. жетістіктер көкейтесті, т.б. жайларға көңіл аударуымен ерекшеленеді. Тәуелсіздік жылдарының рухани нәтижесі Нұрпейісов (“Соңғы парыз”), Қабдолов (“Менің Әуезовім”), Мұртаза (“Ай мен Айша”), Мағауин (“Сары қазақ”), Жүнісов (“Аманай мен Заманай”), Нұршайықов (“Жазушы мен оның достары”), Ысқақ (“Ақсу туралы аңыз”), Тоқтаров (“Абайдың жұмбағы”), Сматай (“Жарылғап батыр”), С.Елубай (“Тағзым”), Мұратбеков (“Ай туар алдында”), Исабеков (“Ай-Петри ақиқаты”), Тарази (“Қара жұлдызға сапар”), Жұмаділов (“Тағдыр”), А.Жақсыбаев (“Тірек”), Қ.Исабаев (“Шоң би”), Д.Досжан (“Құм кітап”), Б.Мұқай (“Өмірзая”), Ә.Сарай (“Еділ-Жайық”), О.Сәрсенбай (“Шеңбер”), т.б. көрнекті жазушылардың роман, повесть, әңгімелерінде көрініс тапты. Әдеби онжылдықта Қ. ә-нің дәстүрлі жанры поэзияда ұлттық үн мен азаматтық әуен жоғары деңгейге көтерілді. Барлық уақыт қабаттарына барлау жасау, поэтик. қиялдың ауқымдылығы, лирик., баяндаушылық, публицистик. және сыншылдық көңіл-күйдің байлығы, суреттеу тәсілдері мен құралдарындағы батыл ізденістер осы жылдар поэзиясына тән болды. Мүшайра, айтыс, әдеби-поэтик. байқаулар шығарм. ізденістердің молаюына түрткі болды. 20 ғ-дың 90-жылдарында ұлттық драматургияның ең басты нысанасы болған Кекілбаевтың “Абылай хан”, Ш.Құсайыновтың “Томирис”, М.Байсеркеновтың “Абылай ханның ақырғы күндері” тарихи драмалары енді ғана тәуелсіздік алған елдің егемендігін сақтап қалудағы қиын күрестің тірегін іздеудің ерекше түрі іспетті болады.
Қ. ә. өзінің бүкіл даму барысында күрделі де қайшылықты жолдардан өтті. Бүгінгі қазақ ұлттық әдебиеті өсіп-өркендеген көп салалы, көп жанрлы, көрнекті авторлары бар, әлемдік әдебиет деңгейіне көтерілді.
2. Сұрақ.
“Аласапыран” роман-дилогиясы 1980-1982 жылдары жарияланды. Шығарма архитектоникасы бір адам, нақты тарихи тұлға бас қаһарман Ораз-Мұхамед сұлтанның өмір жолы, бастан кешкен сергелдеңді тағдырына негізделген. Алайда Ораз-Мұхамед куә болған, қатысқан, ұғынған дүние шындығынан ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы орыс, қазақ қоғамында орын алған қым-қуыт өзгерістер, күрт бұрылыстар сырын кең де айқын топшылау қиын емес. Роман-дилогияның орталық тұлғасына Дәшті-Қыпшақтың падишаһы Тәуеккел ханның қалғаны (орнын басушы адам), Ұзын оқты Ондан сұлтанның баласы Ораз-Мұхамедтің алынуы орынды. Ораз-Мұхамед қазақ өлкесі мен Ресей жерін жалғастырушы буын, рухани, дипломатиялық жақындықтың жанды көрінісі. Бар саналы ғұмырын Россия патшалығында өткізгендіктен ол туралы ғылыми еңбектердегі нақты мәліметтер де сенімді. Автор екі халық арасындағы тарихи достық, серттестік күйлерін жалған сүйіспеншілік, көлгір сый-сияпат, алдамшы күлкі арқылы аңғарылатын қалың ресми қатынастар немесе әй-шәйсіз ауыз жаласа кету сияқты кісі иланғысыз жағдайлар ауқымында шешіп, оңай “олжа” табуға тырыспайды. Көршілес жұрттар, бір халық, бір ру, бір ата тұрған, жекелеген адамдар арасындағы бірлік, ынтымақ жолдарының шынайы күрделілігі бұл тәрізді аса маңызды саяси-әлеуметтік мәселеге байланысты нағыз диалектикалық, барынша шыншыл суреткер көзқарасын талап етеді. М.Мағауиннің ішкі дүниесіне бар назарын сала тұрып, сыртқы орта, әлем қайшылықтарына ең алдымен көңіл бөледі, ал Ораз-Мұхамед сезіміндегі, ой орманындағы тылсым пернелер шектеулі мөлшердегі интроспекция тәсілімен ашылады. Қаламгер атақты Г.Флобер, О.Бальзак, Ф. Достоевский үлгісіндегі аналитикалық психологизм дәстүрі емес, өзі аса жоғары бағалайтыны анық байқалатын Г.Мопассан, А.Чехов, Э.Хемингуэй тәріздес дара сипатты классиктерге ортақ қасиет – ықшам суреттеме, бір тұсқа көп айналсоқтай бермейтін жүрдек сезгірлік, түйіп айтар өткір түйсік айшықтарына бейім динамикалық, яки синтетикалық психологизм принциптерін ұтымды санаған. Бұл аз сөйлеп, көп ұқтыратын, әр алуан қалтарыс-қатпарларды бірдей ақтарып салмай, жұмбақтың шешімін көрер көз, естір құлаққа қалдыратын суреттеу амалдарын молырақ пайдалануға тиіс стильдік аңсар. Мәселен, “Аласапыранның” бірінші кітабында жан-дүние тартысын түбірлей бедерлеу екіншісімен салыстырғанда аз. Тұтас алғанда ол кейінгі Ораз-Мұхамедтің дүниетанымы, көңіл әуеніндегі қарама-қарсы мезеттерді дайындаушы алғышартың, кең тынысты эпикалық прологтың ролін атқарған. Дәшті-Қыпшақтың 1588 жылы Созақ қаласында өткен Құрылтайынан басталатын бұл алғашқы үш бөлімде (“Қазақ даласы”, “Ібір-Сібір жұрты”, “Орыс елі”) негізінен сахара жұртындағы ұлттық дәстүр, тіршілік-ғұрып дағдылары, ел билеу рәсімі, аңшылық, саятшылық өнері, жауынгерлік ереже-салт, соғыс көріністері іспетті тұрмыстық-этнографиялық детальдар тарихи-көркем деректілікпен суреттеледі. Қалға сайлау, уәзір, би, бектерді тағайындау салтанатын, қыр өміріндегі ерекше дипломатия, айтыс, буынсыз тіл, ұшқыр сезім, ұтқыр ой сайысына айғақ құбылыстардың тамырын тап баса өрнектеу бар. Тәуекелдің хандық өлшемдегі әділеттігі мен парасаты, Томан, Сүтемген билердің жорамалға жүйрік сұңғыла жүрек, дәлескер ділмәрлігі, Қадырғали бектің салқын ақылы, Абалақ сұлтанның өршіл, тентек мінезі, кесек қылығы, тақтан үміткер бауырлардың мансап буына құныға тұрып, халық үні, хан үкімінен аса алмай, кішірейер әдеті сол кезеңде одақтасып, Бұхарадағы Абдолла ханның бүлікшіл ордасына қарсы бірге аттанбақ ниеттегі қазақ-қалмақ қауымының мәртебесі биік, мерейі үстем шағынан елес тастайды. Жау іздеп, өлкемен қабынғандықтан емес, өз ұлысының дербестігін сақтау жолындағы аттаныс, баяғы ата-баба жерін қайтару, есе алу, кек қайыру арқылы еркіндікке, жомарттыққа, дәулет-баққа жету мұраты жас Ораз-Мұхамедтің де көңілін тербеген. Ол Ораз-Мұхамед ойлап тапқан заң емес, қадым замандар қағидасы, тіршілік дәстүрі, қоғамдық қажеттілік. Ол қанаудағы қараңғы халық өкілі, сол төменшік жұрттың жоқтаушысы немесе ұлт-азаттық шаруалар көтерілісінің басшысы болған жоқ. ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ хандығында жеке бір мемлекет құру, жаңа этникалық, әскери-азаматтық бірлікті күшейтуден артық мүдде болмағаны хақ. Қалың еңбекқор, жауынгер халық тағдырдан ерекше жомарт талай күткен жоқ, кейінгі лықсыған бай-шоралар емес, қалыптасқан наным бойынша өзгеше туысы, генеалогиялық рәсімі соған сай ержүрек, ақылгөй жаратылысы арқылы өктем орынға иеленген қолбасшы, әкім, бек атаулыға ашық наразылық білдіре қоймаған. Осындай заманда Ораз-Мұхамед сияқты табиғи тәкаппарлығына батырлығы, зерек ұғымына әділдігі, турашыл, сенгіш, адал мінезі жарасқан сұлтанның қарапайым бұқара үшін де белгілі дәрежеде мұрат тұтып, жұмаққа жеткізер деп сенетін, жақсылыққа үміт артар жолбасшы кейпінде тарих сахнасына шығуы заңды еді. Тосын қайырым, дархан, батыл көңілімен жарқ етіп көрінген жас қалғаның кенет ғайып болуы қандай өкініш, арман болса, жат елде билікке қолы жетіп, жеңісті ұрыстарда өркениеттеніп, жарым патшалық құруы – соншалықты таңғаларлық ғажайып оқиға, аңызға бергісіз шындық. Ораз-Мұхамед Ресей жеріне өзі ғана кеткен жоқ, бүкіл ел аманатын, дос пейілін, бейбіт ықыласын ала кеткендей. Қазақ санасында Ораз-Мұхамед жайлы әр қилы жағымды естелік қиялдай әдемі, қиссадай мұңды сырдың ұзақ сақталуы да жоғарыдағыдай құбылыстың ұлттық шеңберден асып, жалпыхалықтық деңгейге ұласуына айғақ мән-мазмұнынан танылса керек. Сондықтан жазушы Ораз-Мұхамед бейнесін ұлттық қаһарман, орыс-қазақ халықтарының достық символы, екі ел көлеміндегі дипломатиялық алыс-берістің тұңғыш қарлығашы ретінде сомдауды көздеген. Алайда қаншалықты ізгі мақсат, ақыл, парасатына жеткен мансап, жеке тіршілікте көрген қуаныш, шаттығына қарамастан, ол – трагедиялық тұлға. Оның трагедиясы туған жерден алыстағы әйтпесе тіпті алмағайып кезеңдегі түңілу шақтарында ойға жиі келетін отансыздық туралы біршама рас, біршама жалған сенімі, күдіктену, күйреу сәттері. Бұған да кейіпкер кінәлі емес, аласапыран уақыт, қатігез замананың аумалы-төкпелі ахуалы.
Әрине, Ораз-Мұхамедтің өзі хандық құрған Хан-Кермен жұртын, тұтас Ресейді Отаны, туған ошағы санайтын мезеттері қаламгер тарапынан тапқыр психологиялық тарихтар нәтижесінде көрсетілген. Батырдың өлімі тұтқиылдан, жүзіқара жендеттен келуі де аянышты. Бір емес, екі рет ел-жұртынан, жар-жолдас, туыс-бауыр, бала-базардан айырылумен де ол адам ретінде өксікті, өкінішті шындыққа кепіл. Бірақ М.Мағауин тұғырнамасында Ораз-Мұхамед трагедиясы бүтін бір қазақ халқының қасіреті емес, орыс патшалығындағы аласапыран дүрбелеңнің салдары, Ресей зарымен сабақтас жағдай орайында суреттеледі. Шығарма оғзасынан айқын байқалатын ішкі драмалық кернеу, психологизм бастауы – Ораз-Мұхамедтің өткен күндеріне, қызықты, алаңсыз, сәнді, мағыналы тіршілігіне деген сағынышы. Барлық пен байлық, атақ, лауазымнан пенде емес Қасимов ханы, іргелі қолбасы, ақсүйек дворен атанған, әйтсе де қамаудағы орыс, күдікті саналатын кейінгі өміріне, бұлғақты жылдар талқысына наразылығы шынайы рухани атмосфера драматизмін кестелемек. Өзі Тобыл воеводасы Данило Чулковтың айла-шарғысына оңай түсіп, орыс еліне еріксіз бодан болған, соңынан Россия патшасы Федор мен ақта?? Бояр Борис Годуновтың мол қамқорлығын көрген шағынан бастап Ораз-Мұхамед туған қазақ халқын достық пен одақтастық жағдайға қарай бейімдеуге күш салады. Оған кепіл – Тәуекел ханның атынан ресми түрде елшілікке келетін Құл-Мұхаммед бидің әрекеттері. Келіссөз біршама нақты нәтижеге жетеді. Дәшті-Қыпшақ өлкесі Россия мемлекетімен анттас анда болуға уәделеседі. Хан-Кермен (Қасимов хандығы) мен Ораз-Мұхамед тағдыры бірінші, екінші жалған. Дмитрийлердің, алаяқ князь Василий Шуйскийдің таққа таласқан күндерінде сансыз сергелдеңге түседі. Ораз-Мұхамед белгілі бір уақытта халық көтерілісіне ұйытқы болған Болатниковпен тізе қосып, Шуйский әскеріне қарсы соғысқа да барады. Әрине, Болатников пен Ораз-Мұхамедтің көзқарасы толық үйлесімге келуі қиын.
Ораз-Мұхамедтің өз басы сансыз дағдарысқа ұшырап, адалдығы опасыздыққа, құлығы зиянға, жігері құмға айналатындай дәркүмән күйде жүріп, Айданақ атты кішкене қызынан өзге жақын-туыстан, екінші отаны – Хан-Керменнен айрылған, тағы да рухани жетімдік жағдайға түскен кезінде балалық дәурені өткен ата-баба даласын аңсауы сенімді. Рахатынан азабы көп, соқтықпалы-соқпақсыз 39 жыл ғұмыр кешкен Ораз-Мұхамед Екінші жалған Дмитрий-Кәззаптың жендеттерінен қапыда қаза табады. Айнымас досы, мәрт мінезді князь Петр Урусов кегін қайырса да, соңындағы елі үшін қамырық жеген азамат арманы көкейде кеткендей. Кездейсоқтық дауылына ұшыраған Россияның басы дауда қалған. Ораз-Мұхамед те аласапыран дауыл ұшырған тағдыр жаңқаларының бірі.
Романда ерлігі ересен жанкешті Қабан, Манақ батырлар, парасаты кең Қадырғали бек, өркеуде, өзімшіл, кекшіл, намысқой Есеней, адал сарбаз, қадірлі би Нұрұзақ, артын бағар айлакер Төбей мен Шәм сияқты қаһармандардың дара сипаттары бас кейіпкермен қақтығыс не келісім үстінде соның айқын бағасын ашық топшыламай, қиялай пайымдау сарынын бейнелейді. Орыс қалаларының архитектуралық пішіні, жасақтар, ақсүйектердің киім, сәні, салт-жаралғысы, жауынгерлік эпизодтар соншалық нақты тарихи этнографиялық штрихтармен айшықталған. Ораз-Мұхамед образындағы осы заманалық мән-маңыз, тартымдылық қасиет кейіпкердің тұтас халық өкілі, отан ұлы, рухани бостандық іздеуші қайраткер санатына өсуінде жатса керек.
3. Сұрақ
Ғ.Орманов – туындылары арқылы өз заманының шынайы көрінісін айшық бейнелей білген дарын. Сонымен бірге оның есімі Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің бірқатар шығармалары мен Толстойдың «Анна Каренина» романын аударумен танылған.
Ғ.Ормановтың алғашқы өлеңдері 1928 жылдан баспа жүзінде шыға бастады. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Шеңбер» деген атпен 1934 жылы жарық көреді.
Ұлы Отан соғысы жылдары «Халық-қаһарман» (1941), «Емен» (1944) деген өлеңдер жинағын ұсынды. Ақынның шұрайлы өлеңдері 1950 жылы шыққан Таңдамалы шығармалар жинағына енді. 1957 жылы Ғ.Ормановтың таңдамалы шығармалары жеке кітап болып шықты.
Ғали Ормановтың артында сөз қалды. Анығы өлеңі мен жырлары. Ол бір өлеңінде:
«Ұқсас ақын емеспін ешкімге мен,
Сырым осы сақтаған ішімде кең.
Ұқсасам тек ұқсармын Сахарама,
Өстім сонда ұдайы естіп өлең...
Айта берем сырымды әркімге мен,
Аз сөйлейді, көп меңзеп сабырлы өлең.
Түбінде тек тұтқиыл өкінбе өзің,
Етпегенмен сөзімді қазір елең», - деген.
Ия ол ешкімге ұқсамайтын ақын. Оған өлеңдері дәлел. Өзінше жырлайтын өзгеше ақын. Оны тағдыры ақын етті. Оның әр жылдарда жарық көрген: «Шеңбер», «Сәт сапар», «Ой қанаты», «От өзен», «Жер қызығы», «Жан қанаты» атты жыр-жинақтары сырға толы.
Ғали Орманов жөнінде: «Ғали – жақсы жыр жазуды өмір бойы армандап өткен және сол арманына жетіп кеткен ақын» - Ғ.Мүсірепов.
Ғалидай тебіреніп, рахаттана жырлаған қазақ ақындары бірен-саран.
«Қанша бақсаң, қозының
Қызығына тоймайсың.
Қимасындай өзіннің
Қырда бірге ойнайсың», - деген жолдарда ауылда өскен қазақ балаларының өмірінің бір бөлшегі жатқандай.
Ғали Ормановтың жастық, махаббат жайлы өлеңдері де өзінше бөлек. Ақын жырлары сол махаббаттай нәзік, сол махаббаттай ұяң.
«Сондағы кескініңді білем анық,
Алыстан ау жайыңды тұрдым бағып.
Көзіме көзің түссе, балғын жүзің
Құбылды бір қызарып, бір бозарып.
Жалт еткен жанарыңнан күндей ыстық
Кеудеме түсті менің бір шоқ ыршып.
Шарпымай өн бойыңды күндіз-түні
Ондайда қалай жатсын жүрек тыншып»
Бұл жыр бір оқығанда сылбыр, қарабайыр көрінгенмен, әрбір жыр жолдарында ғашықтық оты алыстан тіл қатқандай болады.
Ғали Орманов өлеңді тым қысқа жазады, бірақ сол өлеңнің бойына терең ой сыйғызды. Оның өлеңдеріндегі тәтті қиял, асыл ой, жылы сезім оқырманның өзіне тартып, еркіңе қоймай шаттық ауылына, жігіттік шағына жетелейді.
