- •Мазмұны
- •2. Жер бедерінің қалыптасуында эндогендік үрдістердің (жанартау атқылау, жер сілкіну) әсері
- •2.1 Жанартау
- •3. Жер бетінің қалыптасуында экзогендік үрдістердің (жел эрозиясы, су эрозиясы, физикалық үгілу, биологиялық шіру, химиялық ыдырау) әсері
- •3.1 Жел эрозиясы
- •3.2 Су эрозиясы
- •3.3 Физикалық, биологиялық, химиялық үгілу
- •4. Адамдар мен жер бедері туралы
- •5. Өзен эрозиясының үрдістері
- •6. Өзеннің жоғары, орта, төменгі аңғарлардағы пішіні
- •7. Меандрдың, ескі арна, атыраудың және аңғардың қалыптасу үрдісі
- •8. Бұлақтар мен арықтардың топырақты шаюы туралы тұжырымдама
- •9. Қар суының ағынынан пайда болған құмды, зандрлы жазықтардың қалыптасу үрдісі
- •Жалпы геоморфологиялық терминология
- •Тест тапсырмалары
- •Пайдаланылған әдебиеттер
Жалпы геоморфологиялық терминология
Жаңа атауларды игеруге арналған жүйелік жұмыс, оқушылардың өзіндік жұмыстарының құрамдас бөлігі болып табылады және материалдарды бекітуге мүмкіншілік береді. Төменде, оқушылар бірінші тоқсанда геоморфология пәнін оқыр үйренуде еркін игеруге қажет негізгі атаулар тізімдер мен анықтамалары берілген..
АБЛЯЦИЯ – 1) гляциялогияда – қардың еруі, булануы, желмен үрленуі немесе мұздың жойылуы (мұздықтың опырылуы, мұзтаудың бөлшектенуі және т.б.) нәтижесінде қар жамылғысының немесе мұздық массасының азаюы; 2) геоморфологияда – кейде «беткі шайылу» және «денудация» терминдерінің (үгілу өнімдерінің жойылуына әсер ететін процестердің жиынтығы есебінде) синонимі ретінде қолданылады.
АБЛЯЦИЯЛЫҚ МОРЕНА – еру моренасы, мұздықтың еріген кезінде беткі және ішкі мореналар материалдарының мұздық табаны мен түптік моренаның бағытына «бағдарланатын», сондай-ақ мұздықтың беткі моренасының «ағуына» сәйкес шөгетін моренаның типі.
АБРАЗИЯ – (лат. abrasio – қырып тастау, қырып кетіру) – жай толқындар мен соқпа толқындардың әсерінен мұхит, теңіз, көл және бөген жағаларының жеміріліп жырмалануы. Абразия су қоймаларда ондаған метр, мұхиттарда 100 м және одан да көп тереңдікке дейін тарайды. Абразияның әсерінен абразиялық жағаның әр түрлі пішіндері пайда болады.
АЛЛЮВИЙ, АЛЛЮВИЙЛІК ШӨГІНДІЛЕР (лат. alluvio – тосқын (тасынды), шайынды) - өзен аңғарларының жайылмалары мен террасаларын құрайтын арналық су тасқындарының (өзендердің, жылғалардың) шөгінділері. Пайда болуы жағынан таулық және жазықтық өзендердің аллювийі, ал шөгу жағдайлары бойынша арналық, жайылмалық, ескі арналық және т.б. деп бөлінеді. Түйірөлшемдік құрамы қойтастар мен малтатастардан бастап саздарға дейін өзгереді.
АЛЬПІЛІК БЕДЕР – қар сызығынан жоғары алқапта кең көлемді аумақты қамтитын, ұдайы мұз бен қар басқан биік тауларға, сондай-ақ плейстоценде мұз басуға ұшыраған тауларға тән жер бедерінің типі. Бұл тауларға үшкір шыңды қырқалар, терең тілімдену, жартастар мен қорымдардың және мұздықтық пішінді бедердің (карлар, цирктер, трогтар, карлингтер) кеңінен таралуы тән.
АМФИТЕАРТ (грек. amphitheatron, amphi – екі жағынан, theatron – төңірек, көрініс) – геоморфологияда – беткейлердің жарты шеңберленіп тұйықталуы. Пайда болуы жағынан мұздықтық (цирктер, карлар, морена шеттерінің белдері), жылжымалы (жылжымалы массаның үзілген шұңқыры) немесе жанартаулық (кальдерлер) болып бөлінеді.
АРИДТІК БЕДЕР (лат. aridus - құрғақ) – шөлдерге, шөлейттерге және құрғақ далаларға тән бедердің типі. Эолдық әрекеттердің, үгілудің, жазықтық шайылудың, мезгілдік ағыс сулардың және т.б. әсерінен қалыптасады. Қыраттарға, үстірттерге, тау алды өңірлер мен тауларға аридтік денудация және эрозия (тау алды жазықтары, педименттер, бедленттер және т.б.) пішіндері, ойпаттар мен жазықтарға тастақты шөлдердің әр түрлі типтері, сорлар мен көл ойпаңдары, тақырлары бар бедердің эолдық пішінді құмды шөлдері (шағылдар, қырқалы және ұяшық құмдар) тән.
БЕДЕР – көрінісі, мөлшері, пайда болуы, жасы және даму тарихы жағынан әр түрлі жер беті пішіндерінің жиынтығы. Қыраттарды түзетін оң пішіндерді және ойпаңдардан тұратын теріс пішіндерді құрайды. Масштабына қарай мынадай топтарға бөледі: планеталық (материктер мен мұхит шарасы), мегапішіндер (таулы жүйелер, жазық өңірлер), макропішіндер (тау жоталары, тауаралық ойпаңдар), мезопішіндер (төбелер, өзен аңғарлары, сайлар), микропішіндер (эрозиялық жырмаларкарст шұңқырлары), нанопішіндер (шалғындық томарлар, кеміргіштердің індері, жел иірімдері). Жер бетінде эндогендік және экзогендік процестер бірге әсер етуі нәтижесінде қалыптасады.
БЕДЕР ПІШІНДЕРІ – жер бетінің ойлы-қырлы, яғни оң және теріс бедер кескіндері. Өлшемі (мегабедер, макробедер, мезобедер, микробедер, нанобедер); пайда болуы (тектоникалық, жанартаулық, сулық-эрозиялық, мұздықтық, карстық, эолдық және т.б. сонымен қатар әр түрлі процестермен түзілген полигенетикалық бедер пішіндері) және басқа белгілері бойынша ажыратылады. Бедер пішіндері әдетте, өзара үйлесіп, Жердің бедер жиынтығын құрайтын бедердің типтеріне жіктеледі.
БЕДЕР ЭЛЕМЕНТТЕРІ – 1) бедер қаңқасын құратын, әр түрлі генезисті бедер пішіндерін шектейтін жеке жазықтықтар, сызықтар және нүктелер (мысалы жеке беткейлер, террасаның сыртқы жапсар сызығы, шыңдар); 2) қандай да бір аумақтың бедерін құрайтын (тау жұрнақтары, карст шұңқырлары) және оларды үйлестіретін (төбешікті құм массивтері, зандр алаңдары) әр түрлі өлшемді және генезисті литосфера бетінің пішіндері.
БЕДЕРДІҢ АККУМУЛЯЦИЯЛЫҚ ПІШІНДЕРІ – теңіз, өзен, мұздық, эол және т.б. шөгінділері мен жанартау атқылауы (күлі, лавасы және т.б.) өнімдерінің жиналуынан, сондай-ақ адамның шаруашылық қарекетінің салдарынан пайда болған жер бетінің бедер пішіндері. Бедердің аккумуляциялық пішіндерінің жер беткі (арна маңы белестер, друмлиндер, камдар, морена жалдары, шағылдар және т.б.) және су асты (теңіз жазығы, су асты жағалық белестер және т.б.) пішіндері кездеседі. Бедердің көптеген пішіндері аралас та болады (мысалы, эрозиялық-аккумуляциялық өзен террасалары).
БЕДЕРДІҢ ТЕРІС ПІШІНДЕРІ – құрлық бетінің немесе суқойма түбінің тереңдігі, ауданы және пайда болуы әр түрлі ойпаң бөліктері. Ойпаңдар, қазаншұңқырлар, аңғарлар, шатқалдар және т.б. жатады. Олардың өлшемі жүздеген мың шаршы шақырымнан (ірі мұхиттық қазаншұңқырлар) бірнеше метрге дейін (карст шұңқырлары, үңгірлер және микробедердің басқа пішіндері) болады.
БЕДЕРДІҢ ФЛЮВИЙЛІК ПІШІНДЕРІ – тұрақты және уақытша ағын сулар әрекетінен қалыптасқан бедер пішіндері (аллювийлік, аллювийлік-пролювийлік жазықтар, аңғарлар, сайлар, жыралар, террасалар, ысырынды конустар және т.б.)
БЕДЛЕНД, БЭДЛЭНД (ағылшын. badlands, сөзбе-сөз – жаман жерлер) – жауын – жашын көп жауатын кезде уақытша ағатын өзендердің эрозиялық әрекетінен өте тілімделген, өткізгіштігі қиын, көбінесе борпылдақ балшықты және саздақты топырақтардан тұратын, климаты семиаридті және аридті, егіншілікке жарамайтын тау алды және аласа таулы өңірлерде тараған жер бедерінің типі. Бедленд климаты қуаң болатын елдерде – Орта Азия елдерінде, Қазақстанда, Арменияда көп тараған.
БЕТКЕЙЛЕР – құрлықта (таулардың, қыраттардың шегінде, өзен аңғарларының бойында және т.б.), сонымен қатар теңіз бен мұхит түбінде, эндогендік және экзогендік процестер нәтижесінде қалыптасқан жер бетінің еңісті бөліктері. Беткейлердің сипаты оларды түзетін тау жыныстарының құрамына, құрылысына, жердің абсолют және салыстырмалы биіктігіне, беткейлік процестердің қарқындылығына, климат ерекшеліктеріне, өсімдік түрлеріне, беткейлер экспозициясына және табиғи ортаның басқа да құрамбөліктеріне байланысты. Қандай да бір түрінің гравитациялық қозғалыстарының басымдығы бойынша және бедер түзуші процестердің сипатына байланысты опырылымды, жылжымалы, солифлюкациялық, делювийлік, эрозиялық және т.б. деп бөлінеді. Белдеулердің маңызды көрсеткіші – олардың еңістігі. Таулы беткейлердің орташа еңістігі 20º-тан жоғары, ал жазық өлкелерде 2-3º шамасында. Уақыт өткен сайын беткейлердің пішіні мен еңістігі өзгеріп тұрады.
БЕЛ, БЕЛЕС – г е о м о р ф о л о г и я д а - енсіз, ұзын және аласа жер бедерінің пішіні. Толқын, өзен, мұздық, жанартау және сел әсерінен пайда болады. Жағалық, сағалық, мореналық, шеңберлі және селдік болып бөлінеді.
БЭР ТӨБЕШІКТЕРІ – көбінесе Каспий маңы ойпатындағы Жем және Құм өзендерінің арасында кездесетін ендікке таяу бағытта созылып жатқан сопақша қырқалар мен төбелер. Биіктігі 10 -45 метр, ені 200-300 метр, арақашықтықтары 1-2 шақырым болады. Кейбір қырқалардың ұзындығы 25 шақырымға дейін жетеді. Құм мен саздың ұсақ тығыз ұнтақтарынан түзілген, эолдық процестен пайда болуы мүмкін. Алғаш орыс табиғат зерттеушісі К.М.Бэр сипаттап жазды (XIX ғасырдың ортасы).
ВЛЕЙ (ағылшын. vlei, гол. Valley - аңғар) – Оңтүстік Африкадағы борпылдақ шөгінділер бетінде түзілген, дөңгелек немесе сопақша ойыстар. Көлденеңі бірнеше метрден бірнеше шақырымға дейін жетеді. Грунт сулары жер бетіне жақын жатуына байланысты өсімдіктері қалың өседі де, айналасындағы шөлді және шөлейтті аумақтардан бөлектеніп тұрады. Жазғы жаңбырлар кезінде Влейде таяз сулы көлдер мен батпақтар пайда болады.
ГАЙОТТАР (бірінші болып ашқан америкалық географ және геолог А.Гайоттың атымен аталған) - әдетте, жанартау атқылауынан пайда болған, оқшауланған жайпақ төбелі су астындағы таулар. Негізінен, Тынық мұхитта таралған.
ГЕНЕТИКАЛЫҚ БІРТЕКТІ БЕТТЕР – бедердің (мысалы, өзен жайылмасының, делювийлік баурайдың, денудациялық беттің) пайда болуының біртектілігін көрсететін жер бетінің телімі.
ГЕНЕТИКАЛЫҚ МОРФОЛОГИЯ – 1) бедердің пайда болуы мен дамуын зерттейтін геоморфологияның бөлімі. Синонимі – Морфогенез. 2) геологиялық құрылымына байланысты морфологиялық ландшафтылардың тарихын зерттейтін геоморфологияның бөлімі.
ГЕОАНТИКЛИНАЛЬ – геосинклинальдық ойыстарды бөліп тұратын, жер қыртысының көбінесе асимметриялы сызықтық көтерілімі (ені 50 – 150 шақырым, ұзындығы 2000 шақырымға дейін). Геоантиклинальдың жеке бөліктері – денудациясы ұзақ және қарқынды болатын зоналар. Мысалы, Орал таулары, Шыңғыстау.
ГЕОМОРФОЛОГИЯ (гр. ge - жер, morphe - пішін, logos - білу, тану) - бедердің құрылысын, жаралуын, даму тарихын және қазіргі динамикалық жағдайын зерттейтін ғылым. Демек, геоморфология зерттеуінің негізгі нысаны - бедер (француз тілінде reliev - дөңестілік) - құрлық беті және мұхит түбі пішіндерінің жиынтығы. Бедердің пайда болуына ішкі (эндогендік) және сыртқы (экзогендік) процестер әсер етеді. Эндогендік процестерге тау жаралу, жер сілкіну, жанартау әрекеті, тектоникалық құбылыстар т.б. жатады. Экзогендік процестер күн жылуынан қуат алады; бұған тау жыныстарының үгілуі, жел, ағынды су, мұздық, су толқыны, адам әрекетінің әсері жатады. Сондықтан бедер пішіндерін зерттеу үшін оларды құрайтын тау жыныстарының құрамын, қасиетін және оларға әсер ететін процестерді анық білу қажет.
ГЕОМОРФОЛОГИЯЛЫҚ КАРТАЛАР – морфометриялық және морфологиялық белгілері, пайда болуы, жасы және серпіні (динамикасы) бойынша Жер бетінің (құрлықтың және мұхит түбінің) бедерін сипаттайтын карталар. Геоморфологиялық карталарды жалпы, жеке, арнаулы деп бөледі. Геоморфологиялық карталар жер бедерінің қазіргі пішінінің және геоморфологиялық процестердің карталары, геоморфологиялық аудандау; жер бедері дамуының өткен кезеңдерін көрсететін; Жер бедері мен геоморфологиялық процестердің келешекте дамуы бейнеленген болжау карталары болып бөлінеді.
ГЕОМОРФОЛОГИЯЛЫҚ ЛАНДШАФТ - өзара генетикалық байланыстағы, кейде сырт белгілері бойынша алуан түрлі, бірақ заңды түрде қайталанатын топтарды құрайтын белгілерінің пайда болуы – ортақ бедер пішіндерінің кешені.
ГЕОМОРФОЛОГИЯЛЫҚ ФАКТОРЛАР – қандай да бір аймақта немесе бүкіл Жер шарында бедерді құрайтын эндогендік (тектоника, вулканизм) және экзогендік (эрозия, дефляция, карст және т.б.) процестердің жиынтығы. Терминді орыс геоморфологі И.С.Щукин ұсынды (1969ж).
ГРАБЕН, ОПЫРЫҚ ( нем. Craben-ор) – айналасындағы телімдерімен салыстырғанда құлама немесе тік жарықтар (айырылым) бойымен төмен түскен жер қыртысының ұзына бойы созылған телімі. Дүние жүзіндегі Г-нің ұлы жүйесі Шығыс Африкадағы сллтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатыр. (мыс. Шығыс Африканың рифтік жүйесі).
ДЕЛЮВИЙ (делювий шөгінділері) – жауын-шашынның немесе еріген сулардың әсерінен тау беткейлерінде, етегінде үгінді жыныстардың жиналуы.
ДЕНУДАЦИЯ (лат.denudatio-ашылма) –уатылған тау жыныстарының жер бетінің ойпаң бөліктеріне сырғу немесе тасымалдану (сумен, желмен, мұздықпен, ауырлық күшінің, тікелей әсерімен) процестерінің жиынтығы. Д-ның қарқыны мен сипатына тектоникалық қозғалыстардың тербелу шегі және
жылдамдағы әсер етеді. Тектогикалық көтерілудің нәтижесінен Д. Басым болса, онда әр аймақтың абсолют және салыстырмалы биіктіктері ұдайы үгіліп, жер бедері біртіндеп аласарып отырады. Соның нәтижесінде таулы аудандар белесті жазықтарға –пенепленге айналуы мүмкін. Д-ның қарқындылығын өзендермен ағып келіп жиналған тосқындардың мөлшерінен көруге болады. (мыс. Амазонка өзенінің алабының жылына 1 млрд т- нан астам тосын жиналады.)
ДЕНУДАЦИЯЛЫҚ БЕДЕР- денудациялық процестердің нәтижесінде түзілген бедер. қ. Бедердің денудациялық пішіндері.
ДЕНУДАЦИЯЛЫҚ БЕТКЕЙ –денудация агенттерінің әсері нәтижесінде түзілген беткей немесе оның бөлігі.
ДЕНУДАЦИЯЛЫҚ БЕТТЕР –денудациялық процестерден түзілген және тау жыныстарын бір деңгейде қиып тұратын жайпақ немесе біршама белесті жер беті. Д.б. тектоникалық әрекеттің әлсіреген кезіндегі денудация базисінің ұзақ тұрақтануы кезеңінде қалыптасады. Таулы аудандарда кейде денудация базисінің жиі өзгеруі кезінде әр жастағы Д.б. пайда болуы мүмкін және олардың ең байырғылары, әдетте, жеке бөліктер түрінде сақталады. Кейде «Д.б.», термині «тегістелу бетінің» синонимі ретінде қолданылады. қ. Бедердің денудациялық пішіндері.
ДЕПРЕССИЯ ( лат. depressio –жаныштау, төмен түсу, бату) -1) геоморфологияда- жер бетіндегі кез келген көбінесе тұйықталған ойпаңдар. Тар мағынада – теңіз деңгейінен төмен жатқан (құрғақ немесе су толған) ойыстар, қазаншұңқырлар (мыс. Каспиий теңізі мен оның шығыс жағындағы Қарақия, Жазқұрлы, Басқұрлы, Қауынды ойыстары); 2) метеорологияда- «бар депрессиясы» деген мағынаны білдреді; 3) гляциологияда- қар сызығының депрессиясы, төмендеуі.
ДЕПРЕССИЯ-1) депрессия деп, кең мағынада жер бетіндегі кез келген ойпат жерлерді айтады, ал тар мағынада, теңіз деңгейінен төмен жатқан ойыс; қазаншұңқыр сияқты рельефтің теріс пішініне Турфан, Сарықамыш құрғақ ойыстары немесе суға толған Каспий, Өлі теңіз ойыстары жатады; 2) тектоникалық депрессия деп жер қабығының ойыстана келіп, түгелдей немесе жартылай шөгінді толған түрін айтады. Мысалы, Тәжік депрецисы.
ДЕФЛЯЦИЯ (лат. deflation –үрлеу, ұшырау) – тау жыныстарының және топырақтың жел әсерінен бұзылуы үгілуі. Көбінесе шөлді жерлерде байқалады.
ДЕФЛЯЦИЯЛЫҚ ҚАЗАНШҰҢҚҰРЛАР (ОЙЫСТАР) – борпылдақ материалды желдің үрлеп әкетуінен пайда болған бедердің теріс пішіні. Беткейлерден еріген қар, нөсер, жаңбыр суларымен сілтіленген немесе ағып келген тұздардың жиналған жерінде пайда болады. Құрғаған сорларда тұзды-минералдар шаң түзіледі. Үрленген қазаншұңқырлардың көлденеңі бірнеше метрден ондаған км-ге, тереңдігі 150 м –ге дейін барады. Ең ірі және терең қазаншұңқырларды үгілу ойыстары деп атайды (мыс. Орталық Азиядағы Турфан ойысы).
ДӨНБЕКТАС(Валунник)-жақсы тегістеле келген, мұздықтардың және тасқын су әрекеті әсерінен жұмырланған тау жынысы. Д.Еуропада, әсіресе оның солтүстік және орталық бөліктерінде көп ұшырайды. Бұл жерде оның жиі кездесуі, бір кезде Еуропанының солтүстігінде түгелінен ұзындығы 0. 5-2 дейін барады.
ДРУМЛИНДЕР(ағылш.drumlins) –негізінен, материктік мұз басу атыраптарында тараған, өзгегі түпкі тау жыныстарынан немесе флювиогляциалдық құмдардан тұратын, үстінгі жағы мореналдық шөгінділерден түзілген созылыңқы эллипс пішінді төбелер. Ұзындығы жүздеген метрден 2-3 км-ге, ені 100-200 м (кейде 700 м), биіктігі бірнеше метрден ондаған метрге дейін болады. Байырғы мұздықтардың жылжыған бағытымен созылып жатады, жайдақ тегістелген беткей бұрынғы мұздыққа, ал тіктеу келген беткейі қарама – қарсы жаққа қарайды. Д. өбінесе мұз астындағы аккумуляциялық процестердің және мұздық эрозияның әсерінен пайда болды. Кейде Д. Друмлин далаларын түзеді. Олардың ең үлкенінің (АҚШ – тың Нью- Йорк штаты) ішінде 10 мыңға жуық Д. бар. Д. Эстония мен Латвия жерлерінде де кездеседі.
ЖАҒАЛЫҚ БЕЛ – теңіздің немесе көлдің толқындануы әсерінен пайда болған бедердің аккумуляциялық пішіні. Өзімен құралыптас жағалық сызықпен қатарлас созылып жатыр, биіктігі бірнеше сантиметрден бірнеше метрге дейін болады. Ж.б. құмнан, малтатастан, қиыршық тастан, ұлу тастардан тұрады, қимасы ассиметриялы, су жақ беткейі көлбеу болады. Жағалық бел су қоймаларының көлемдері мен деңгейлері өзгерулерінің көрсеткіштері болып табылады. Деңгейлері жиі өзгеріп тұратын кейбір суқоймаларда, әсіресе көлдерде су асты жағалық бел сақталған.
ЖАҒАЛЫҚ БЕТКЕЙ – суқоймалардың (мұхиттың, теңіздің, көлдің) жағалары жағына қараған, әдетте, биік және тік, құлама болып келетін құрлықтың беткейі.
ЖАЗЫҚТАР – жер шары бедерінің маңызды элементтерінің бірі; біршама тегіс бетінің үлкен атырабын алып жатқан, биіктік айырмасы өте аз (200 метрден аспайтын), сәл еңістеу келеді. Жазықтар басым көпшілігінде ежелгі жас платформада жайғасады. Құрлықтың әр түрлі биіктігінде, сонымен қатар мұхит пен теңіз түптерінде (су асты жазықтары, соның ішінде, абиссалдық жазықтар) болатын жазықтар. Құрлықта ойпатты жазықтар (0-200 м), қыратты жазықтар (200-500 м). Орогендік атыраптарда бір жағына қарай сәл еңістеу (тау алды жазығы) немесе ойысты (тау аралық жазықтар) болып келеді. Морфология жағынан тегіс, сатылы, белесті, жонды, жонды-төбелі болады. Экогендік бедер түзушң процестерге байланысты денудациялық (тұғырлы немесе қабатты) және аккумуляциялық (аллювийлік, көлдікғ мұздықтық, пролювийлік, эолдық және т.б.) жазықтарға бөлінеді. Жазықтар жалпы жер бетінің 15-20 пайызын алып жатыр.
ЖАЙПАҚ ТАУЛАР – биіктігі 1000 метр және одан да жоғары, тар және терең аңғарлармен тілімденген, төбесі біршама тегіс немесе белесті жайпақ, сәл деформацияға ұшыраған тау жыныстарынан құралған кең ауқымды биік таулы өлке. Жайпақ таулардың көбі таулы қыраттардың ішкі бөліктері болып табылады.
ЖАЛДАР - әр түрлі себептерден (эолдық, аллювийлік, мұздықтық, сулық-эрозиялық т.б.) пайда болған, енсіз жайпақ және ұзына бойы созылған қырат түріндегі жер бедерінің пішіндері. Кейде шоғырлар (жалды бедер) құрайды. Ұзындығы жүздеген метрден ондаған және жүздеген шақырымға жетеді, биіктігі 100-150 метр болады. Көбінесе Солтүстік Қазақстан,Батыс Сібір және Құланды далаларында таралған.
ЖАНАРТАУ ТАУЛАРЫ – жеке жанартаулардың қосылуы нәтижесінде түзілген оқшау тұрған жанартау конустары мен жоталары және жанартау таулы қыраты. Жанартау таулары тұтас таулы атырап құруы да мүмкін.
ЖАНАРТАУ ҮСТІРТІ – жер бетіне лаваның орасан үлкен массасы атқылаған кезде түзілетін үстірт. Мысалы Солтүстік Америкадағы Колумбия үстірті, базальттан тұратын Кавказ алды үстірттері, игнимбриттен тұратын Жаңа Зеландияның жанартау үстірті.
ЖАР – тасқын судың шаюынан пайда болған өзеннің тік биік не құлама жағасы, беткейі. Жаңа тектоникалық қозғалыстардың, абразиялық, эрозиялық т.б. процестердің нәтижесінде қалыптасады. Бұл процестер толастағаннан кейін құламалы жағалары гравитациялық қозғалыстар әсерінен бірте-бірте жайпақтала бастайды. Бэр заңына сәйкес Жердің Солтүстік жарты шарында жар көбінесе өзендердің оң жағаларында байқалады.
ЖАРҚАБАҚ – үстірт, суқойма және өзен аңғары мен терассасы тік беткейінің өзінің жоғары жатқан көлбеу немесе жазық бөлігінен төменгі жатқан тіктеу бөлігін ажыратып тұратын қыры, қабағы.
ЖАРЫҚТАР – тұтас тау жыныстарының әр түрлі себептермен жарылуы әсерінен бөлшектенген бөліктерінің араларында пайда болған ыдырау сызықтары. Пайда болу тұрғысынан тектоникалық жарықтар және бейтектоникалық жарықтар болып екіге бөлінеді. Тектоникалық жарықтарға тектоникалық айырылымдар, кливаж; бейтектоникалық жарықтарға үгілу жарықтары, опырылма жарықтары, жылжыма жарықтар жатады.
ЖЫРАЛАР – негізінен, уақытша су ағындары әрекетінен қалыптасп, тарамдарға бөлінген эрозиялық бедер пішіндері. Оған орман-тоғайлардың ұқыпсыз кесілуі, беткейлердің жыртылуы себепші болады. Ұзындығы бірнеше метрден бірнеше шақырымға дейін, ені мен тереңдігі ондаған метрге дейін жетеді, көлденең қимасы көбінесе V тәрізді болып келеді. Жоталы жазықтарға және оңай шайылып кететін түзілімдерден (лесс және лесс тәрізді саздақтар) құралған тау алды жазықтарға да тән.
ЗАНДРЛАР (исл. sandr, sand - құм) – ежелгі және қазіргі мұздықтардың шеттеріне таяу жерлерде шайылған және қайта шөккен мореналардан түзілген жазық беттер (негізінен, құмдардан, сондай-ақ шақпа тастардан, шала өңделген қиыршық тастардан тұрады). Белоруссия Республикасындағы плейстоцендік жамылғы мұз басу атырабында кең тараған. Польеседе, Мещера ойпатында, Ресейдегі Батыс Сібірде үлкен аудандарды алып жатады. Таулық мұздықтық өзендерде зандрлық терассалар түзіледі.
ЗОЛЛДАР (нем. Soll - ойпаң) – көбінесе термокарстық жолмен пайда болған, тереңдігі бірнеше метр, диаметрі ондаған метр, суға немесе шымтезекпен толы дөңгелек ойыстар. Плейстоцендік мұз жамылғысы дамыған атыраптарда, негізінен, байырғы мұздықтардың шеткі жақтарында (кейде үлкен топтар түрінде) кездеседі. Орта Еуропа жазығында көп тараған.
ИЛЛЮВИЙ (лат. illuvies- шайынды лай) – топырақтың жоғары қабаттарынан (гумустық және эллювийлік) жаңбыр және еріген қар суымен шайылып, төмендегі иллювийлік қабатта шөккен органикалық және минералдық заттар.
ИНВЕРСИЯЛЫҚ БЕДЕР – пішіндері геологиялық құрылымдарға қарама қарсы болатын эрозиялық-денудациялық бедер (мысалы, тау жоталары орналасқан орны бойынша синклинальдарға ал аңғарлар антиклинальдарға сәйкес келеді).
КАМДАР (нем. Kamm-қырқа) – соңғы материктік мұз басу дамыған атыраптардағы дөңгелек немесе сопақша пішінді күмбез тәріздес тік беткейлі төбелер. Бір-бірден немесе топтасып кездеседі, биіктіктері көбінесе 6-12метр, ең биігі 30 метрге дейін жетеді. Арасында қиыршық тас және жеке қойтастары бар құмдақ және саздақ материалдардан тұрады, үстінде мореналық жамылғысы болады. Балтық маңының, Ленинград облысының, Карелия Республикасының көптеген аудандарына тән.
КАРСТЫҚ БЕДЕР – негізінен, әктастардың, доломиттердің, гипстердің және т.б. тау жыныстарының суда еруі нәтижесінде қалыптасқан бедер типі. Жер бетінде каррлар, шұңқырлар, қазаншұңқырлар, ал жер астында құдықтар мен үңгірлер түрінде таралған бедердің тұйық және теріс пішіндері басым болады. Тропиктерде бедердің оң пішіндері (мұнаралар, конустар,күмбездер және т.б.) жиі кездеседі. Құрғауға жақын өзендер тән келеді.
КАРСТЫҚ ҚҰЗ – табиғи шахталармен басталып, горизонталь және көлбеу галереялармен алмасып келетін вертикаль карсттық қуыстарының жүйесі. Карстық құздың тереңдігі 1,5 шақырымға жетуі мүмкін. Дүние жүзіндегі ең терең карстық құз Франция мен Испанияның шекарасындағы Пиреней тауындағы Пъер-Сен-Мартен (1332 м), Франциядағы Савоя Альпісінің Жан Бернар (1298 метр), Францияныің Алдыңғы Альпісінің Сорнек үстіртіндегі Бержа (1141метр), Тәжікстандағы Зерафшан жотасының Қырықтау үстіртіндегі Киев ( 950метр).
КАРСТЫҚ ҮСТІРТ – карстық тау жыныстарының горизонталь жатысты немесе жылжымалы шөгінділерінен түзілген үстірт типі. Ол атмосфералық судың баяулаған ағынына және грунт суларының көлденең циркуляция зонасының күшті дамуына байланысты карстық пішіндердің көп болуымен сипатталады.
КЛИФ (ағылшын. kliff-тік жар, тік жартас) – теңіздің, мұхиттың абразиялық жағаларында соқпа толқындардың әрекетінен түзілген тік немесе сатылы жарқабақ, жағалық кертпеш. Ол біртіндеп құрлыққа қарай шегініп, абразиялық жағалық террасалардың енін кеңейтіп отырады.
КОРРАЗИЯ (лат. korrado - қырамын) – сумен, мұзбен, желмен тасылған немесе гравитациялық процестердің әсерінен төмен сырғыған сынық материалдардың (малта тас, қойтас, құм) тау жыныстарына механикалық денудациялық әсері. Корразия төселме тау жыныстарын тегістеу, майдалау, бұрғылау түрінде болады. Мұндай жағдайда сынықтар да өңделеді. Соның нәтижесінде, тау жыныстарының бетінде атыздар, қолаттар, сызаттар және басқа ойықтар пайда болады. Синонимі: эррозия.
КӨМПИМЕ ТӨБЕЛЕР – арасында мұз түзілу есебінен көлемі үлкейген ылғалданған тау жынысының қатуы кезінде пайда болған жер бедерінің пішіні. Көпшілігінің биіктігі 1-2 метр, ең биігі 30-40 метр (гидролаколиттер). Тобелері аяз ұрған радиалды жарықтармен бұзылған жайпақ, беткейлері тік болып келеді. Тундра мен орманды тундрада кездеседі. Бірнеше айдан бірнеше жылға дейін болады.
КҮМБЕЗ – 1) геоморфологияда – бедердің немесе тау жыныстары массивтерінің кез келген күмбез тәрізді пішіндерін белгілеу үшін қолданылатын жалпы термин. Күмбез бен тас тұзының, мұнайдың, газдың және т.б. кен орындары байланысты.
ҚАЗАНШҰҢҚЫР – бедердің дөңгелек немесе сопақша теріс пішні. Қазаншұңқыр тұйық немесе ашық (өзен ағып өтетін жағдайда бңр немесе қарама-қарсы екі бағытта) болуы мүмкін. Пайда болуы мен геологиялық құрылысы бойынша: тектоникалық, жанартаулық, эрозиялық, карстық, дефляциялық; морфологиясы бойынша: жайпақ түптік, тостаған тәрізді; ағын режимі бойынша: ағысты, ағынды және ағынсыз (аридтік зонада) болып бөлінеді. Жер беткі және су асты қазаншұңқыр деп те бөлінеді. Жер беткі қазаншұңқырлардың аумағы бірнеше метрден ондаған және жүздеген шақырымға (мысалы, тау аралық қазаншұңқыр) дейін барады. Су асты қазаншұңқырлар мұхит табаны бедерінің ең ірі теріс пішіндерін түзе отырып, жүздеген және мыңдаған шақырымға дейін созылады (мысалы, Тынық мұхиттағы Оңтүстік қазаншұңқыр). Қазаншұңқырларды кейде ойыс пен депрессияға да ұқсастырады.
ҚОЙТАС (Валун) – мұздықтардың және тасқын судың тасымалдау әсерінен тегістеле жұмырланған, көлденеңі 10 см-дей және одан да ірі тау жыныстарының сынықтары немесе жақпарлары. Пайда болуына байланысты мұздықтық, делювийлік, пролювийлік және аллювийлік қойтастар деп бөледі. Мұздықтық қойтастардың көлденеңі бірнеше метрге дейін жетуі мүмкін; олардың ең үлкендерін мұздық шығарындысы деп атайды.
ҚОЛАТ (Ложбина)– ұзына бойы созылған, жайпақ және жатаған беткейлері бар, түбі суайрық кеңістігіне білінбей ауысатын бедердің таяз (ондаған см-ден бірнеше метрге дейін) ойпаң пішіндерінің жалпы атауы. Ені ондаған метрден 150 метрге дейін, планда ирек, кейде анық байқалатын түрі болады. Төбелі жерлерге тән. Көбінесе ылғал сүйгіш өсімдіктері мол, көктемде қар еріген кезде суға толады. Қолат көбінесе эрозиялық (кейде карстық, эолдық және аралас) жолмен пайда болады.
ЛИНЕАМЕНТ (лат.lineamentum-сызық, кескін) – бедер мен құрылымдарда анық көрінетін, әдетте, жарылым зоналары ретінде байқалатын, планеталық мәнді сызық немесе доғал түріндегі құрылымдық элементтер. Линеамент жер қыртысындағы терең жарылымдардың көрінісі ретінде қарастырылады. Мысалы, Шығыс Еуропа платформасының оңтүстік-шығысындағы Карпинский сызығы мен Тұран плитасындағы оның жалғасы (Сармат-Тұран линеаменті), Транссібір көлденең дислокациясы. Терминді американдық геолог У.Хобс ұсынды (1904ж).
МААРЛАР(неміс. Maar-шұңқыр) – лавасыз газ атқылаған кезде жер бетінде пайда болатын шұңқыр немесе цилиндр тәріздес жанартаулық ойпаңдар. Маарлардың диаметрі 3,5 шақырымға, тереңдігі 300-400 метрге дейін болады. Кейде тау жыныстарының сынықтарынан түзілген сақина тәріздес белестермен қоршалады. Ылғалды климат жағдайында суға толады, оларды маар көлдері деп атайды.
МЕГАБЕДЕР-жер беті бедерлерінің ең ірі элементтері – материк көтерілімдері, мұхит ойпаңдары, таулы және жазық атыраптар, бедерде айқын көрінетін ұлы планеталық жарылымдар. Мегабедердің пішіндері эндогендік және экзогендік сипаттағы барлық басқа күштер мен жалпы планеталық күштердің өзара әрекетінен туындайды.
МЕГААНТИКЛИНАЛЬ – 1) платформа ауқымында пайда болған аралық типтегі қатпарлардан (тұтас және үзік) тұратын жайпақ көмпиме; 2) ірі күмбез тәріздес эпилатформалық көмпиме.
МЕГААНТИКЛИНОРИЙ – жоғары дәрежедегі бірнеше антиклинорий мен синклинорий топтары біріктірген жалпылай биік төбесі ортасында орналасқан күрделі қатпарлы құрылым (мысалы, Оралдың, Кавказдың қатпарлы құрылыстары). Әдетте, қатпарлық-геосинклинальдық жүйеге сәйкес келеді.
МЕЗОБЕДЕР(грек. mesos-орташа) – биіктігі бірнеше метрден артық ауытқымайтын (кіші өзен аңғарлары, сайлар, жоталардың қосалқы сілемдері, мореналық төбелер, жағалық шағылдар, лайлы жанартаулар және т.б.), көлемі бойынша макробедер мен микробедер пішіндерінің арасындағы бедердің орта пішіні. Көбінесе экзогендік процестердің (аккумуляция, эрозия, дефляция және т.б.)әсерінен пайда болады.
МИКРОБЕДЕР (грек. micros-кішкентай) – мөлшері, әдетте, бірнеше метрден аспайтын бедердің ұсақ пішіндері. Көбінесе экзогендік күштерден пайда болады. Бедердің ірі пішіндернің бөліктері іспеттес болып келеді (мысалы, дала көлдеулері, арна маңы белестері, полигональдық түзілімдер); кейде антропогендік іс-қимылдардың нәтижесінде пайда болады. «Микробедер » қғымына нанобедердің барлық пішіндері енеді.
МОГОТТАР (испан. Mogote-төбешік) – тропиктік карсттың конусты және мұнара тәрізді көмпимелерінің жергілікті (кубалық) атауы.
МОРФОГЕНЕЗ (грек. morhpo-пішін, genesis-пайда болу) – экзогендік және эндогендік факторлардың әсерінен жер бетінде бедердің әр түрлі пішіндерінің пайда болуы мен дамуы.
МОРЕНАЛЫҚ БЕДЕР – мұздықтардыі әрекеттерінен пайда болғанбедердің аккумуляциялық пішіндеріңнің жиынтығы. Жазықтардағы мореналық бедерді: негізгі моренамен түзілген жайпақ белесті немесе белесті мореналық жазық, төбелі соңғы мореналық қырқалар, друмлиндр бедері деп бөледі.
НЫҒЫЗДАЛҒАН БЕДЕР – үстіңгі жағы қатты тау жыныстарынан (әктас, құмтас, эффузиялық және т.б.) тұратын, ұзақ уақыт үгілуге, денудациялық басқа факторларына төзіп келген және төмен жатқан жұмсақтау тау жыныстарын бұзылудан сақтайтын таудың бөліктері, үстірттер, аралды төрткіл қыраттар. Оның қатты қатты нығыздаушы, ал беті нығыздалған деп аталады. Нығыздалған бедердің қалыптасуына эрозия базисінің тұрақты қалпы әсер етеді. Мұндай жағдайда суайрықтық кеңістік бүйірлік эрозиямен баяу бұзылады.
ОЙДЫМ – геоморфологияда, жер бетінің тұйық ойпаң пішіні. Тектоникалық, карстық, эолдық, эрозиялық және т.б. жолмен пайда болады. Ауданы мен тереңдігі әр түрлі, көбінесе су толы болады (көл немесе батпақ).
ОЙПАҢ – барлық жағынан тұйықталған, көбінесе тектоникалық процестердің нәтижесінде пайда болған жер бетіндегі ойпауыт. Көлденеңі ондаған және жүздеген (кейде мыңдаған) шақырымға дейін жетеді. Ойпаңдарды ағынды және ағынсыз деп ажыратады. Мұхит түбіндегі тар және терең ойпаңдар, әдетте, тереңсулық науалар деп аталады.
ОЙПАТ – құрлықтың теңіз деңгейінен биіктігі 200 метрден аспайтын жазық, кейде белесті бөлігі. Ойпатты жазық деп те аталады. Қыраттарға қарама-қарсы бедер түрі. Негізінен, горизонталь жайласқан борпылдақ тау жыныстарының қабаттарынан тұрады. Жер шарындағы едәуір ірілері: Амазонка, Атланд маңы, Үнді-Ганг, Тұран ойпаттары. Кейбір ойпаттар мұхит деңгейінен төмен орналасқан (мысалы, Каспий маңы ойпатының бөлігі). Ойпат таулы атыраптарда да болуы мүмкін (мысалы, Кура-Аракс ойпаты). Олар тектоникалық төмен аласару және ойыстардың борпылдақ континенттік және теңіздік шөгінділерімен қабат жасап толуы нәтижесінде түзіледі.
ОРОГРАФИЯ (грек. oros-тау, grahpo-жазамын) – жоталардың, қыраттардың, өзен аңғарлардың, қазаншұңқырлар мен бедердің басқа түрлерінің сырт бейнелерін және өзара орналасуын зерттейтін геоморфологияның саласы.
ПЕДИМЕНТ (ағылшын. pediment-баурай) – таулар мен қыраттардың құлама беткейлерінде; олардан алыстаған сайын баяу төмендеп жайпақталған сәл еңіс (3-5º), шамалы шымдалған түпкі тау жыныстарының үстінде қалыптасқан жазықтар. Горизонталь бағытта шегінуі арқылы қалыптасады. Жер қыртысының мобильді аймақтарында денудациялық цикл тектоникалық көтерілулермен үзілген жағдайларда кейде баспалдақты педименттер қалыптасады. Педимент аридтік және жартылай аридтік аймақтарға тән, мұнда олардың ені кейде он шақты шақырымға жетеді (мысалы, Африка мен Солтүстік Американың шөлді аймақтарында). Педименттеу процесі педипленнің түзілуіне апарып соғады.
ПЕДИПЛЕН (латын. pedis-баурай, plain-жазық) – ертеде таулы-қыратты бедердің орнында болған педименттердің бір-бірімен қосылуы нәтижесінде қалыптасқан сәл еңіс, түгелдей денудацияға ұшыраған жазық. Бұл жазықтың бетінде алғашқы жоғары деңгейде қалған құламалы беткейлі оқшау таулар көтеріліп тұрады. Олар қазіргі жазықтың 10 пайызын ғана қамтиды. Педиплен тым континенттік аридтік және семиаридтік климатты аймақтарға (мысалы, Африканың шөлдері мен саванналарына) тән.
ПЕНЕПЛЕН (лат. paene-дерлік, ағылшын. plain-жазық) – сәл толқынды, кейбір жерлері тегіс денудациялық-аккумуляциялық жазық. Пенеплен алғашқы едәуір тілімденген бедердің ұзақ уақыт тегістелуі кезінде тектоникалық дамуының өтпелі кезеңінде (орогендіктен платформаға) қалыптасады. Педипленмен салыстырғанда пенеплен ылғалды климат жағдайларында, эрозия базисінің тұрақты орналасуы кезінде және вертикаль денудация, яғни жоғары жағынан тегістелу басым болған жағдайларда қалыптасады. Мұнда бедердің тегістелуі тау беткейлерінің біртіндеп жайпақталуы және өзен аңғарларының кеңеюі арқылы жүзеге асады. Ақырында бұрынғы таулы өлке (оның кейбір аңғар бастауларының аралығында сақталған төбелер болмаса) жазыққа айналады. Пенеплен көбінесе қалыңдығы 100 метрден жоғары үгілу қабығымен көмкеріледі. Пенеплен Қазақстанда Сарыарқа даласында кездеседі, жаңа тектоникалық әрекет нәтижесінде олар едәуір биіктікке көтерілуі мүмкін (мысалы, Орталық Тянь-Шаньдағы «Сырт» деген қыратты жазықтар 3000 метрге дейін биіктікте кездеседі). Пенепленнің қалыптасу процесі пенеплендену деп аталады. «Пенеплен» терминін америкалық ғалым У.Девис ұсынды (XIX ғасырдың соңы).
ПЛАНЕТАЛЫҚ ГЕОМОРФОЛОГИЯ – көбінесе дистанциялық әдістер арқылы Жер бедерінің негізгі ерекшеліктерін планета ретінде және Күн жүйесіндегі планеталардың бедерін зерттейтін геоморфологяның бөлімі. Планеталық геоморфология пайда болуы және дамуы тұрғысынан бедердің ірі пішіндерін (мега және макробедер): материктер мен мұхит ойпаңдарын, жазық атыраптарды, орогендік белдеулерді, ірі-ірі тектоникалық жарылымдарды және т.б. зерттейді. Планеталық геоморфология кейде планетологияның құрамды бөлігі ретінде қарастырылады.
ПРОЛЮВИЙ (лат. proluo-жуып-шаю) – уақытша ағын сулар арқылы тасымалданған, таулы атыраптардың етектерінде ысырынды конус түрінде жиналып, көмкере жайылған борпылдақ тау жыныстарының жиынтығы. Тұрақсыз ағын сулары тау етегіне жеткен кезде көп тарамдарға бөлініп, олардың ағыс жылдамдығы күрт төмендейді. Сол себепті ағынды су таудан ағызып әкелген тау жыныстарының бөлшектері тау етегіне шөгеді. Пролювийді құрайтын борпылдақ материал қырлы және іріктелмеген болса да, оның тау жақ бөлігінде ірі қойтастар мен шала жұмырланған малтатастар жиналады.
ТЕГІСТЕЛУ БЕТТЕРІ – жер бетінің тегістеліп, бірдеңгейленген бедерлі көтеріңкі телімдерінің жалпы атауы. Платформалық және қатпарлы аймақтарда тектоникалық әрекеттің бәсеңдеуі және ұзақ уақыт бойы экзогендік (денудациялық, денудациялық-аккумуляциялық) процестердің эндогендік процестерден басым болуы кездерінде алғашқы тілімденген бедердің тегістелуі нәтижесінде қалыптасады. Тегістелу беттері Тянь-Шань, Саян және т.б. таулы атыраптарда дамыған.
ТӨБЕЛЕР – дөңгелек немесе сопақша келген нысандардан тұратын шағын қырат. Салыстырмалы биіктігі 200метрден аспайды. Беткейлері түйетайлы (30ºC-тан аспайды), шымданған, басы жұмырланған, етегі айқын шектелмеген. Берік тау жыныстарынан тұратын қыратты жазықтардың тілімделіп шайылуынан пайда болған төбелер шоқы деп аталады. Мұздық ысырып әкелген тау жыныстарының үйілуінен мореналық төбелер, жел әрекетінен әр түрлі құм төбелер түзіледі. Ұзынша келген төбелердің түрлерін қырқалар, жалдар және жонжар деп атайды.
ҮҢГІР - жердің үстіңгі бетіне бір немесе бірнеше саңылаулармен (жарық, тесік) ұштасатын жер қыртысының жоғары қатқабатындағы қуыс. Ерігіш тау жыныстарының (әктас, доломит, гипс, тас тұзы) сумен сілтіленуі және шайылуы арқылы, сондай-ақ суффозия, сазды карст, абразия және т.б. процестер нәтижесінде пайда болады. Неғұрлым ірі карсттық үңгірлердің ұзындығы ондаған километр болады. Үңгірді зерттейтін ғылым спелеология деп аталады.. Көптеген үңгірлер туристік обьекті болып табылады. Бірқатар елдерде үңгірлер емдік мақсатта пайдаланылады.
ҮРЛЕНУ, ДЕФЛЯЦИЯ (лат. deflation-үрлену, ұшу) – тау жыныстары мен топырықтың желдің әсерінен бұзылуы. Дефляция кезінде қатты бөлшектер кейде едәуір қашықтыққа тасымалданады. Көбінесе шөлде байқалады, бірақ басқа табиғи зоналарда да болуы мүмкін.
ҮСТІРТ – құрлықта төмендеу жатқан жазықтан анық байқалатын беткейлермен немесе ернектермен (кертпештермен) бөлінген көтеріңкі тегіс немесе белесті жазық үстірт көбінесе бір кездері горизонталь бағытта жатқан (шөгінді не жанартаулық) тау жыныстарынан құралған бедердің бұзылуы және тегістелуі нәтижесінде пайда болады. Ылғалды климатты аймақтарда терең каньондармен тілімделіп, борпылдақ түзілімдер жамылғысынан түгелдей дерлік айырылады. Құрғақ аймақтарда үстірт шегінде шақпатасты тегіс жазықтың үстінде оқшау таулар орналасады. Геологиялық құрылымына байланысты құрылымдық, жанартаулық немесе лавалық, денудациялық, қыратты түрлері ажыратылады. Гипсометриялық жоғары деңгейде орналасқан үстірт жайпақ таулар мен таулы қыраттардың құрамына кіреді. Су асты үстірт – құламалы беткейлермен шектелген тегіс бетті су түбінің көтерілімі. Олар орта-мұхиттық жоталар шегінде орналасады немесе материктік беткейлердің сәл еңіс баспалдақтарын түзуі мүмкін.
ЦИРК (лат. circus-дөңгелек) – таудағы ойыс бедер пішіні. Мұздықтық цирк – карлар және пластикалық тау жыныстарынан құралған құламалы беткейде жылжыма нәтижесінде қалыптасқан жылжымалы цирк деп ажыратылады.
ШҰҢҚЫРЛЫ БЕДЕР – Орта Азияның құмды шөлдерінде, әсіресе тау баурайындағы аудандарда таралған шағылды бедердің бір түрі. Құм ықтасын тау етектерін желдің ұңғылауынан пайда болады.
ШЫҢДАР (Ернектер) – көбінесе Қазақстан мен Орта Азияда үстірттерді, Бетпақдала мен Торғай төрткіл өлкелерін жан-жағынан шектейтін біршама тік кертпештер (ернектер) мен жарқабақтар. Биіктігі 300-350 метрге дейін баратын үстірттің айналасын көмкеріп тұрған тік беткейлер мен кертпештер және дараланған тік тұмсықтар төменгі жазықта мекендеген елге шың сияқты болып көрінген. Сондықтан үстірт немесе төрткіл өлкелерін шектеген тік немесе сатылы биік кертпештерді шыңдар, ал орыс тілінде қате «чинки» деп атап кеткен. Генезисі жағынан эрозиялық, денудациялық және тектоникалық болып келеді.
ЭЛЮВИЙ (лат. eluo-шаю) - өзінің түзілген орнында қалған түпкі тау жыныстарының үгілуінен, моруынан және ыдырауынан түзілетін борпылдақ өнімдері. Денудация процестері баяу көрінетін жазықтық беттерде не көлбеу беткейлерде қалыптасады.
ЭОЛДЫҚ БЕДЕР ПІШІНДЕРІ – көбінесе аридтік климатты аймақтарда, сондай-ақ теңіз, көл, өзен жағаларында жел әрекетінен пайда болатын бедер пішіні. Бедердің аккумуляциялық және аккумуляциялық-дефляциялық пішіндері, соның ішінде, құмды қырқалар, төбешікті құмдар, ұяшықты құмдар, шағылдар, жағалық шағылдар және т.б. көп кездеседі. Олардың морфологиясы мен көлемі, негізінен, басым желдің режіміне байланысты. Орыс ғалымы Б.Федоровичтің (1964жыл) жіктеуі бойынша тропиктік, аридтік шөлдерге тән (Сахара, Такла-Макан) жалаңаштанған жылжымалы құмдар, тропиктік шөлдерден тыс (Орта Азия, Аустралия) жартылай өсімдік өскен жылжымалылығы аз құмдар және шөлді аймақтардан тыс (Батыс Сібір, Солтүстік Америка) өсімдік өскен бекітілген құмдар деп бөлінеді. Өңделген (дефляциялық) пішіндерге үрлену қазандары, қуыстар, қолаттар, қазаншұңқырлар, ярдангтар, торлы құздар және әр түрлі үрлену жұрнақтары жатады.
ЭРОЗИЯ (лат. erosio- мүжу) – ағын судың әсерінен топырақ пен тау жыныстарының бұзылып шайылуы. Жер беті бедері қалыптасуының негізгі факторларының бірі.
