Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
tarihi_grammatika_umk.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
358.91 Кб
Скачать

Аналогия –

(грек. analogia – сәйкестік, ұқсастық, мөлшерлестік) - тіл бірлігінің формалды немесе семантикалық жағынан басқа тіл бірлігіне ұқсау процесі. Сөйлеу процесіндегі құрылымдық үлгілердің негізінде анология арқылы жаңа тіл бірліктері жасалады. Аналогия сөз формасының фонетикалық жолмен өзгеруінен басқаша. Аналогия тілде бұрыннан белгілі өнімді үлгілердің (модельдердің) жаңғырып қайталанып отыруына мүмкіндік береді.

Анлаут

(нем. Ап қасында, жанында, laut дыбыс) – сөз басы, басталуы.

Арабизм

Шет тілдік элементтер ретінде қабылданатын араб сөздері мен оралымдары.

Ата түркі тілі

Орыс. Пратюркский язык – барлық түркі тілдерінің түпкі ататілі; ежелгі түркі тайпаларының тілі, соның негізінде бірқатар өзгеріске ұшырап, кейін жеке түркі тілдері пайда болған. Ата түркі тілі салыстырмалы-тарихи әдіс арқылы қайта қалпына келтірілген немесе жаңартылған жағдайда ғана анықталады.

Ата тіл

(тектіл, төркін тіл) орыс. праязык. – диалектілері туыс тілдер тобының шығуына негіз болған тіл. Мазмұны жағынан басқа белгілі тілдер негізінде анықталған жалпы типологиялық заңдылықтарға сәйкес келетін, нақты кеңістікте, белгілі бір тарихи әлеуметтік ортада өмір сүрген тіл ретінде қаралады. Тегі бір тілдер дамуында ата тіл ұғымы нақты сипат алып, өзгеріп отырады.

Аффиксоид

қосымшаға айналған сөз (түбір сөз). Мыс.: -тын/ -тұғын жұрнақтары тұрған сөзінің ықшамдалуынан туған: -баратын -баратұғын -бара тұрған; -хана (парс. үй, ғимарат: кітапхана, асхана); -стан (парс. мекен, орын: Қазақстан, Өзбекстан); -кент (парс. қала: Шымкент, Ташкент) арқылы туған сөздер қазақ тілінде жеке қолданылмай, өздерінің қатысымен жасалған атаулардың құрамында жұрнақ ретінде сақталып қалған. -нау - анау сөзінің ықшамдалып, жұрнаққа айналған түрі: -осынау- осы анау, сонау - сол анау, мынау - бұл анау (м/б алмасуы); -еке (Омеке, Тілеке) аға/ақа (өзб.ака) сөздерінің жұрнаққа айналып кеткен түрі. Қ. Суффиксоид.

Байырғы сөз

(төл сөз) орыс. исконное слово – белгілі бір тілдің өзіне тән, лексикалық құрамының неғұрлым ескі қабатына жататын етене төл сөз.

Диахрония –

(грек. dia арқылы, chronos уақыт) – тіл жүйесінің тарихи дамуын тіл білімінің объектісі түрінде зерттеу; тілді оның уақыт көлемінде даму процесімен байланысты алып қарастыру. Тарихи тіл білімінде диахрония ұғымы талдауда оған қарама-қарсы аспректіні білдіретін синхрония ұғымымен тікелей байланысты.

Дивергенция –

(лат. divergo ауытқимын, ажырасамын) – екі не одан көп тіл құбылыстарының бір-бірінен ажырасуы. Дивергенция ұғымы Дивергенция бір дыбыстың бірнеше вариантқа ыдырауына негіз жасайды. Мысалы қазіргі кезде кей түбір сөз құрамында -дақ(-дек) (тастау, ардақ, құмдақ) қосымшасы мен сын есім тудырушы –лау(леу(-дау-деу) қосымшалардың тарихына көз жүгіртсек олардың бір негізден тарағанын көреміз.

Ескі қазақ тілі

Орыс. староказахский язык - орта ғасырлардағы (14-16 ғғ.) қолданылған қазақ тілі. Бұл кезде қыпшақ және басқа қазақ тайпалары Алтын Орда мемлекетінен бөлініп шығып, «қазақ» деген этникалық атпен өз алдында этнос болып қалыптасқан. Орта ғасырларда қоңырат, қыпшақ, алшын, үйсін, дулат, керей т.б. тайпалардың, олардың бірлестіктерінің ауызекі сөйлеу тілімен қатар жазба әдеби тілі болған, ол ауыз әдеби тілімен қатар өмір сүрген. Ескі қазақ тілінің негізінде қазақтың халық тілі, одан кейін қазіргі ұлттық тілі дамып қалыптасқан.

Ескі қыпшақ жазба ескерткіштері

Орыс. старокипчакские письменные памятники - қыпшақ тайпаларының және олармен біріккен басқа түрі тайпаларының тілінде 11 – 16 ғ. жазылған шығармалар. Бұлар ескі араб, ескі армян, ескі орыс және ескі готикалық әліпбилерде жазылған. Ескі қыпшақ жазба ескерткіштері жалпытүркілік әдеби тілде және жергілікті тайпалардың ауызекі сөйлеу тілінде жазылған.

Ескі қыпшақ тілі орыс. старокипчакский язык - Орта Азия мен оған шектес аймақтарды мекендеген бірқатар түркі тайпалары сөйлеген тілдерінің бірі. Ескі қыпшақ тілінің үлгілері 13 – 14 ғғ. жазылған қыпшақ ескерткіштерінде («Кодекс куманикус», «Мәмүлік қыпшақтары жазба ескерткіштері», «Армян колониясы жазба ескерткіштері», т.б.) сақталған ескі қыпшақ тілінде 8 дауысты дыбыс бар.

Жалпы түркілік

сөздер

Орыс. общетюркские слова – түркі тілдес тілдердің бәріне ортақ сөздер. Олардың түркі тілдеріндегі түр тұлғасында дыбыстық ерекшеліктер бар. Жалпы түркілік сөздер түркі тілдерінің негізі сөздік қорына кіреді. Мысалы: қазақша тіс, өзбекше тиш, тат. теш, ұйғ.тиш, чиш, туваша диш, хақасша тіс.

Конвергенция

Конвергенция латын тілінен аударғанда жақындасу, қосылысу деген мағына береді, яғни лингвистикалық болмыстардың жақындасуы немесе сай келуі. Мысалы, барыс, шығыс пен жарыс, сөйлес сөздерінің құрамындағы –ыс қосымшасы қазақ тілінде дыбыстау жағынан ғана емес, тіл қолданушылардың түсінігінде біртұтас тұлға ретінде қалыптасып қалған. Шындығында тарихи деректер бойынша сөйлес дегендегі -с ортақ етіс қосымшасы да, шығыс дегендегі -с қимыл есім қосымшасы. Сонымен, дыбыстардың акустикалық сапасы жағынан конвергенциялануы белгілі бір дәрежеде морфологиялық тұлғалардың сыртқы дыбыстық өзгешеліктерін жойып, бірыңғайлануына алып келген.

Консонантизм –

(лат. consonantis – дауыссыз дыбыс) тілдегі, диалектідегі, говордағы, тілдер тобындағы дауыссыздардың жүйесі.

Көне түркі жазба ескерткіштері

писменные памятники – б.з.д. 5-4 ғғ. мен б.з. 5-9 ғғ. арасындағы ойма жазулармен құлпы тастарға, жартастарға, сүйекке, қыштан, сазбалшықтан жасалған бұйымдарға, металға (алтын, күміс, қола), ағашқа т.б. көне түркі әліпбиімен жазылған руникалық жазба мәтіндер.

Көне түркі тілдері

орыс. древнетюркские языки –осы күнгі түркі тілдердің арғы тегі болып саналатын көне тілдер. Көне түркі тілдер қарым қатынастық қызметін жоғалтқан, тек түркі халықтарының жазба ескерткіштері тілдерін білдіретін шартты термин болып табылады.

Көне ұйғыр тілі –

Орыс. древнеуйгурский язык - ерте орта ғасырдағы түркі әдеби тілдерінің бір түрін шартты атауы. 9ғ. ортасынан 13 ғ.ортасына дейін Шығыс Түркістандағы Кочо ұйғыр мемлекетінің (Қытайдағы қазіргі Шыңжан –Ұйғыр автономиялық ауданы) ресми тілі болған. 19 ғ. соңы мен 20 ғ. басында Шығыс Түркістанда 8-18 ғғ. тән жазба ескерткіштердің ашылуына байланысты белгілі болған.

Лексика –

(грек. lexikos – сөзге қатысты) тілдегі сөздер жиынтығы, тілдің сөздік қоры.

Лексикология –

(грек. lexikos – тілге қатысты және logos – ілім) тілдің сөздік қоры мен тіл лексикасын зерттейтін тіл білімінің саласы.

Морфема –

(грек. morphe – форма) тілдің негізгі бірлігі.

Морфология –

(грек. morphe – форма, logos – ілім, сөз) 1) тілдегі сөз тұлғаларының құрылысы мен мағынасын айқындайтын тіл механизмдерінің жүйесі; 2) осы жүйенің қызметі мен дамуын зерттейтін грамматиканың бір саласы.

Түбір

Орыс. корень – сөздің өз алдына жеке тұрып мағына бере алатын, әрі қарай бөлшектеуге келмейтін түпкі формасы. Түбір негізгі түбір деп те аталады. Мысалы: сөздік, сөзсіз, сөзуар, сөзшең, сөйлем сөздерінің түбірі сөз. Бұлар бір түбірден шыққан түбірлес сөздер. Түбір әр сөзде міндетті түрде болатын негізгі морфема, сөздің лексикалық қазығы. Түбір сөздерінің ішінде қазір дербес тұрып қолданылмайтын, сол себепті әрқашанда айқын көріне бермейтін тарихи түбірлер болады. Мысалы: майысу, майыру, майысқақ, майып (болу), маймақ сөздерінің түбірі майы, май.

Кіріспе. Тарихи грамматика – тіл тарихы туралы ғылым. Тарихи грамматика курсының мақсаты мен міндеттері

Сұрақтар:

  1. Қазақ тілі тарихи грамматикасының зерттелуі

  2. Жетекші ғалымдар пікірі

  3. Қазақ тілінің тарихи негіздері

  4. Қазақ тілінің туыстас тілдермен арақатынасы.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: Алтай тектіл, ымтіл, әдеби тіл, диалекті, ауызекі тіл, номинатив, коммуникатив, экспрессив, кумулятив.

Дәріс мәтіні (тезис)

Тарихи грамматика немесе соның негізінде қалыптасқан тарихи грамматика пәні – тіл біліміндегі зерттеулердің бір саласы. Ол тілдің даму тарихын, өзгерістерін түрлі бағыттар (фонетика, лексика, грамматика) мен түрлі әдістер бойынша талдап, саралайды және зерттеу барысында қазақ тіліне тән барлық ерекшеліктерді назардан тыс қалдырмай, фактілер ретінде негізге алып отырады. Ол қатарға тарихи жазба ескерткіштердің, ауыз әдедиетінің, әдеби тілмен қатар, ауызекі сөйлеу тілі мен диалектілердің, сондай-ақ туыстас тілдердің материалдары т.б. жатқызылады.

Тарихи грамматика пәні туралы айтқанда, тілдің шығуы мен қалыптасу тарихы сандаған ғасырларды қамтитындығын еске аламыз. Осыған орай, кез-келген тілдік элемент пен құбылыстардың шығу, қалыптасу заңдалақтарының болуы да қисынды. Мысалы, «Қазақ – моңғол тілдерінің салыстырмалы тарихи граматикасының» авторы Б. Базылхан осы екі тілдің шығуын бір тектен таратады да, оны алтайлық тек тіл деп атайды. Сөйтіп, әуелгі ата тегіміз Ү (дауысты), СҮ (дауысыз) тұлғалы ыммен сөйлескен деген пікір айтады. «Бұл екі типті дауыс қазіргі түркі, моңғол, тұңғыс-манчжур, жапон, корей тілдерінің сөздік қорындағы әрбір сөздің ең басында тұрақты ұласып сақталған. Мен Алтай төркіндес тілдердің Ү, СҮ типті тіл дыбысын «Түбір морфема» деп атаймын» дейді (19 бет). Алтай төркіндес тілдерде осы екі типтегі морфемалардың сан шамасы жүз қырықтай. Б.Базылхан Алтай тектілдерінің қалыпсату дәуірлерін, 1. «Ымтіл дәуірі» – Ү, СҮ – қазіргі дербес сөздер болған жоқ. Дыбыс шығарып, ыммен сөйлесті; 2. «Келте сөз дәуірі» – Ү, СҮ, ҮСҮ, СҮСҮ, ҮСС, СҮСС, СҮС – бір және екі буынды түбір сөздер қалыптаса бастады, 3. «Күрделі сөз дәуірі» – Ү, СҮ, ҮСҮ, ҮСҮС, ҮСС, СҮС, СҮСҮ, СҮСС, СҮСҮС, СҮСҮСҮ – сөздік қорда заттық, қимылдық, сын-сипаттық және абстракт сөздер молая берді» деп үш кезеңге топтастырып көрсетеді. Сөйтіп оның алғашқысын біздің жыл санауымыздан бұрынғы 1750 мың мен 800 мың жылдар аралығы деп көрсетеді. Әрине олардың барлығын тілдік фактілермен дәлелдейді, ал оны бүгінгі тілмен салыстырып қарағанда өте үлкен алшақтықтардың барын байқаймыз. Демек осы аралықта (1750 мың мен 800 мың жылдар аралығы) және онан кейінгі дәуірлерде де, тілдің үздіксіз дамып отырғанына куә боламыз. Тілдің сол есте жоқ ескі замандардан бергі кезеңдерде қалыптасқан даму сатылары мен лингвистикалық жүйесі өзіндік табиғатының негізінде тарихи тұрғыдан зерделеніп, терең сырларын ашуға лингвистикалық тұрғыдан қадамдар жасалады.

Тарихи грамматика пәнінің мақсаты мен міндеттері

Тіл номинативтік, коммуникативтік, экспрессивтік, кумулятивтік қызмет атқару барысында дамиды. Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты, яғни тіл дамуының бірден-бір кепілі – оның қызметі. Сондықтан тілдің тарихи дамуында сөздің қызметі, сөйлемде қолданылу жүйесі, мағыналық сипаты маңызды рөл атқарады. Осыған орай, "Қазақ тілінің тарихи грамматикасы" пәнінің зерттеу нысаның аясына – тілдің бүкіл құрылымындағы тілдік бірліктер, олардың қалыптасу, даму жолдары мен тіл жүйесіндегі тарихи өзгерістер. Осыған орай оның алдына адамзат тілін даму сатысына қарай ең көне, ежелгі замандарындағы қалыбын да ретроспективті әдіс арқылы жобалап, бағдар жасау міндеті жүктеледі. Дамуы барысындағы төл дыбыстардың қалыптасу ерекешеліктері, дыбыстық өзгерістердің көрсеткіштері, құрылымдық жүйесіне тән белгілердің тұрақтану мәселелері т.б. үдерістердің барлығы осы мақсат аясында қаралады.

"Қазақ тілінің тарихи грамматикасы" пәнінің басқа лингвистикалық пәндер ортасында алатын орны ерекше. Пәнде негізінен, тілдің тарихи даму жолы мен қалыптасуы; заңдылықтардың орнығуы қарастырылғандықтан тілдік деректерді толық түсіндіріп, жүйелі баяндау үшін тарихи деректерді білудің маңызы зор. Сондай-ақ туған тілдің қазіргі табиғатын тану үшін де, оның құрылымынан өткен дәуірдің ізі мен жаңа дәуірдің жаңалықтарын ажырата білу парыз. Тарихи грамматиканы толық меңгеру нәтижесі – бүгінгі сөйлеу тіліміздің құрамы мен құрылысын, мағыналық дамуын да жете түсінуге жеткізеді.

Фундаментальды курс ретінде аталған пән қазақ тілінің арғы негізі саналатын рулар мен тайпа тілдері жөнінде мол хабар береді, қазақ тілін онымен туыстас басқа тілдерден ерекшелейтін тілдік белгілердің қалыптасу, жүйеге айналу тарихын түсіндіреді. Қазіргі тілімізде кездесетін "қайшылық" және жүйелілік құбылыстарының сырын ашып, омонимдік сыңарлардың пайда болу жолы мен сөзжасамның күрделі тарихын, сөзжасаудың жолы мен тәсілін, көпмағыналылық пен синонимдердің мағыналық дамудың нәтижесінде болатын құбылыс екенін байыпты саралайды.

Тарихи грамматика зерттеу бағыттарына байланысты, тарихи фонетика, тарихи грамматика, тарихи лексика болып бірнеше салаға бөлінеді. Бұл салалардың әрқайсысының зерттеу мақсаттары мен міндеттері бар. Оларға алдағы сабақтарда жеке тоқталатын боламыз.

Тұжырымдар

1. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы пәні тілдің пайда болу, даму, қалыптасу жолдары туралы мағлұмат беретін тілі білімінің саласы. Ол тіліміздің әр кезеңдегі грамматикалық болмысын сипаттайды, тілдік табиғатының өзіндік ерекешеліктерін түрлі салыстырулар арқылы саралайды.

2. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы төмендегідей міндеттерді жүзеге асырады:

- қазақ тілінің түркі тілдері арасындағы орнын айқындау;

- қазақ тілінің құрылымдық жүйесінің қалыптасу жолдарын саралау;

- қазақ моңғол тілдерінің қалыптасуындағы ортақ белгілерді айқындау;

- қазақ тілінің Алтай тілдері арасынағы орнын анықтау.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]