- •Калам ілімінің анықтамасы, тақырыбы
- •Калам ілімінің пайда болуы
- •Каламды дүниеге әкелген себептер
- •Ә) Исламдық теологияның дүниеге келуі
- •Калам ілімінде үкімдер мен дәлелдер
- •Әдістер
- •Каламның қайнарлары
- •Хадистер:
- •Әһли Сунна каламшыларына қарағанда иман мен амал қатынасы
- •Ижмали және тафсили иман
- •Куфр, ширк, иртидад және нифақ
- •Кабира (фисқ/үлкен күнә)
- •Иман негіздері
- •Алланың есімдері.
- •Алланың сипаттары
- •Ііі. Фиили сипаттар
- •Іү. Хабари сипаттар
- •Мазхабтардың хабари сипаттарға деген көзқарастары
- •Афалу-л-ибад (құлдардың әрекеттері)
- •Қаза және қадар
- •Нубууат (пайғамбарлық)
- •Нубууаттың мүмкіндіктері
- •Пайғамбарлықтың дәлелі және мұғжиза
- •Басқа ғажайып жағдайлар.
- •Ахирет жағдайлары
- •Жаңа калам ілімі
- •Османдық Түркия
Афалу-л-ибад (құлдардың әрекеттері)
Адам әрекеттері. Адамның екі түрлі әрекеті бар. Оның біріншісі - өз қалауы мен ықтиярымен істейтін әрекеттері. Ал келесісі – адамның қалауы мен ықтиярынан тысқары түрде пайда болатын әрекеттер. Мұның біріншісі «ихтияри» (өз қалауымен) әрекеттер, екіншісі «изтирари (міндетті) әрекеттер» деп аталады. Изтирари әрекеттерге адамның дем алуы, жүрек соғысы, асқазанның қорытуы сияқты әрекеттер жатады, бұған адам қалауының ешбір әсері жоқ екендігі даусыз. Бұлар – адамның қалауынан тысқары түрде жүзеге асып жатқан дүние. Изтирари әрекеттер жаратушысы Алланың ықтиярымен жүзеге асатындығы, адам қалауының мұнда ешбір қатысы жоқ екендігі жайлы ислам мазхабтары бір ауыздан қолдау көрсеткен. Ал жазу, кітап оқу, отыру, тұру сияқты әрекеттер адамның қалауы мен таңдауы арқылы жүзеге асады. Міне, өз қалауымызбен істеген осы әрекеттердің жемісіне сәйкес сауап алуға немесе азап шегуге адам лайықты болып табылады. Әһли сунна ғұламаларының көзқарасы бойынша адамды және оның жасаған әрекеттерін жаратқан – Алла Тағала. Бірақ, саналы түрде біле отырып, қалау, таңдау қабілеттерімізді жұмсап, жүзеге асырған әрекеттер адамның әрекеттері болып табылады. Бұл әрекет адамдық қалауды белгілі бір бағытқа қарай жөн сілтеумен дүниеге келеді. Міне, осы себепке байланысты адам жауапты болып табылады. Ал изтирари әрекеттерге адамдық қалау жұмсалмағандықтан, адам оған жауапты бола алмайды.
Адам қалауы және оның әрекеттегі рөлі (халқ және касб). Адамдар өз әрекеттерінде қалау еркіндігіне ие екендігі даусыз. Адам өз ішінен осыған үнемі куә болып, істеген әрекеттерінде өзінің еркін екендігін сезінеді. Адамның еркін болуы - өзінің еркіндігіне сенуі, өзін еркін сезінуі деген сөз.
Алла Тағала адамдарды қалау мен ықтияр иесі, қалағанын істей алатын болмыс етіп, өзіне лайықты күші мен құдіреті бар тіршілік иесі ретінде жаратқан. Осыған орай, адамдар өз қалауымен бір нәрсені жүзеге асыру немесе жүзеге асырмау, екі жолдың бірін таңдай алу қабілетінде. Сауап пен азабқа душар болуы, белгілі істерге жауапты болуы осы еркін қалауға байланысты. Жоғарыда баяндалғаны сияқты құл еркін қалауға ие және әрекеттің дүниеге келуінде осы еркін қалаудың әсері бар. Ал әрекеттің жаратушысы – Алла Тағала. Алла Тағала адамдардың қалауымен жасаған әрекеттерін адамның қалауы мен таңдауына сай қалайды және таңдайды. Мұның бұлай болуы Алла Тағаланың іс-әрекеттерді құлдардың қалауы мен таңдауына қарай жаратуға мәжбүр және жауапты болуына емес, «адатуллаһ» немесе «суннатуллаһ» деп аталатын әлемге қойған тәртібіне байланысты. Демек, әрекетті таңдау (касб) құлға, осы таңдауға сәйкес жарату (халқ) Аллаға тән (құл – касиб, Алла – халиқ). Құл жақсы мен жаманның бірін таңдап, қалауын осы екі жақтың біріне жұмсаса, Алла оны адамдық қалауға сай жаратады. Алланың берген қалаумен, ықтиярмен қандай да бір істі жүзеге асыруға немесе асырмауға еркін болып табылатын адам осы істеген ісіне жауап береді. Ол хайрды (жақсылық) істесе оның марапатын, ал шаррды (жамандықты) істесе, оның жазасын иеленеді. Адамда еркін қалаудың бар екендігін, осы қалауымен жүзеге асырған ісіне жауапты екендігін дәлелдейтін аяттар бар:
«اِنَّا هَدَيْنَاهُ السَّب۪يلَ اِمَّا شَاكِرًا وَاِمَّا كَفُورًا» (Расында оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкірлік (мүмін) қылсын, мейлі қарсы келсін (кәпір болсын) (Инсан 76/3).
«وَهَدَيْنَاهُ النَّجْدَيْنِ» (біз оған екі жол көрсеттік) (балад 90/10).
«قَدْ اَفْلَحَ مَنْ زَكّٰيهَا ﴿9﴾ وَقَدْ خَابَ مَنْ دَسّٰيهَا» (Расында нәпсісін таратқан адам құтылады, ал оны кірлеткен қор болады) (Шамс 91/9-10).
«كُلُّ نَفْسٍ بِمَا كَسَبَتْ رَهينَةٌ» (Әр адам өз қылмысына қарай жауап береді) (Муддасир 74/38).
«مَنْ عَمِلَ صَالِحًا فَلِنَفْسِه وَمَنْ اَسَاۤءَ فَعَلَيْهَا وَمَا رَبُّكَ بِظَلَّامٍ لِلْعب۪يدِ» (Кім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе де өзіне тән. Раббың құлдарына зұлымдық істеуші емес) (Фуссилат 41/46).
Әһли сунна ғұламалары құлдардың әрекеттерін олардың қалауына қарай жарататын Алла екендігін қуаттаған. Демек, адам еркін қалауымен бір әрекетті таңдайды, оған қажетті күшін жұмсайды, ал Алла адамның нені таңдағанын азали ілімімен біледі, осы біліміне қарай қалайды және қалауы аясында жаратады.
Ислам теологиясы тарихында адамның қалауы мен осы қалаудың ықтиярлық әрекеттегі рөлі турасында төрт түрлі көзқарас ұсынылған.
1. Жабрия мазхабы. Жахм бин Сафуан (ө.745 ж.) негізін қалаған жабрия мазхабына қарағанда адамның ешқандай да өз еркі мен қалауы жоқ. Адам Алла Тағаланың о баста белгілеп қойған тағдырына сай әрекет етуге мәжбүр. Адам – жел өтіндегі қаңбақ тәрізді. Адамның өзіне тән ешбір әрекеті жоқ. Адамның жеке құдіреті мен қалауын мойындамаған жабрияға қарағанда адамның әрекеттері толықтай Алланың жаратуымен дүниеге келеді. Әрекеттерді адамға тән деп есептеу – тек аллегориялық мәнде ғана. Ал осы әрекеттің шынайы іске асырушысы (фаил) – Алла. Жабрия мазхабы барлық әрекеттің Алланың білімімен, қалауымен жүзеге асатынын, барлық әрекеттің алдын ала белгілеп қойған қдайдың тағдырына сай жүзеге асатынын баяндайтын Құран аяттарын дәлел ретінде ұсынады:
«اَللهُ خَالِقُ كُلِّ شَيْءٍ وَهُوَ عَلٰى كُلِّ شَيْءٍ وَكيلٌ» (Алла барлық нәрсенің жаратушысы, Алла әр нәрсеге кепіл).(Зумар 39/62).
«وَكُلُّ شَيْءٍ عِنْدَهُ بِمِقْدَارٍ» (оның жанында әр нәрсе өлшеулі) (Рағд 13/8).
«اِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ» (шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық) (Қамар 54/49).
«قُلْ لَنْ يُصيبَنَاۤ اِلاَّ مَا كَتَبَ اللهُ لَنَا هُوَ مَوْلٰينَا وَعَلَى اللهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ» (Бізге Алланың жазғаны ғана болады. Ол - біздің иеміз. Мүміндер Аллаға тәуекел қылсын де) (Тәубе 9/51).
«مَنْ يَهْدِ اللهُ فَهُوَ الْمُهْتَدي وَمَنْ يُضْلِلْ فَاُولٰۤئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ» (Алла кімді тура жолға салса, сонда ол тура жол тапқан болады. Ал кімді адастырса, сонда олар зиянға ұшырайды) (Ағраф 7/178).
«وَمَا تَشَاۤؤُۧنَ اِلاَّۤ اَنْ يَشَاۤءَ اللهُ» (Сендердің қалауларың болмайды, Алла қаласа ғана болады) (Инсан 76/30).
Жабрилер адамда қалау еркіндігі бар екендігін баяндайтын аяттарға тауил жасауға тырысқан. Әһли сунна каламшылары мен мутазилиттер адамды қалауы жоқ, құдіретсіз, құдайлық қалаудың мәжбүрлеуімен, күштеуімен барлық әрекет жүзеге асады деген жабршылдық көзқарасты сынға алған. Өйткені, жабрияның қуаттағаны сияқты құл белгілі нәрселерді істеуге мәжбүр болса, адамның жүзеге асырған өз істеріне жауапты, сауап пен азабқа душар болмауы тиіс. Ал Алла құлдарды белгілі амалдарды орындауға жауапты етіп, құдайдың салған тиымдарын істегендер жазаланатынын ескерткен. Алла Тағаланың адамдарды қалауынан, қуатынан және құдіретінен тысқары түрде туындаған әрекеттерге жауапты етіп, жазалауы зұлымдық, әділетсіздік болып табылады. Негізінде Алланың зұлымдықтан пәк екендігі Құранда да баяндалады: «وَمَا رَبُّكَ بِظَلَّامٍ لِلْعَبيدِ» (Раббың құлдарына зұлымдық істеуші емес) (Фуссилат 41/46).
2. Қадария-Мутазила. Адамдағы құдіретті, қалау мен ықтиярды мүлдем жоққа шығарған және оны жансыз болмыстармен тең деп есептеген жабрия мазхабының жабршылдық идеясына қайшы түрде қадария деп аталатын алғашқы қадаршылдар мен мутазила ғұламаларының көпшілігі адамның толықтай қалауы мен ықтияры еркін екендігін, өзіне тән құдіреті мен қалауы бар екендігін, осыған орай жүзеге асырған істерінің жаратушысы екендігін қуаттады.
Жахм бин Сафуанның жабршылдық идеясына қарсы еркін ықтияр идеясын насихаттаған және қадаршылдық мазхабтың негізін қалаған теолог Ғайлан ад-Димашқи болып табылады. Сонымен қатар адамның қалау-еркі еркін екендігін, осыған орай, ол әрбір істеген амалына жауап беретінін жақтаған келесі алғашқы қадаршыл теолог Мабад әл-Жуханидің де есімін атап өткеніміз жөн.
Уасыл бин Ата тарапынан құрылған мутазила мазхабының өкілдері де осы тақырыпта қадаршылдардың идеяларын қуаттап, адам өз қалауымен, ықтиярымен істеген амалдарда тағдырдың рөлі жоқ екендігін алға тартқандықтан қадаршылдар қатарында орын алады.
Ғайланның пікірі бойынша адам жүзеге асырған істеріне мәжбүр емес, еркін. Ол қалаған ісін жүзеге асыруға немесе жүзеге асырмауға еркін, бір істі істеуге қауқарлы (қадир). Қадардың (тағдыр) адам қалауына немесе істеген амалдарына ешбір әсері жоқ. Хайрды да, шаррды да адам өз құдіретімен, қалауымен жүзеге асырады немесе оларды өз ықтиярымен істейді. Ал оған қайшы болса, адам жансыз бір жаратылыстан ешбір айырмашылығы болмай қалады және оны жауапты етудің, істеген амалдарына байланысты жазалаудың немесе марапаттаудың ешбір мәні болмайды. Уасыл бин Ата да «адамның істеген ісіне біреудің мәжбүр етпегендігін, керісінше еркін екендігін қолдап, қалауымен, ықтиярымен істеген амалдарының халиқы (жаратушысы) екендігін қуаттаған». Одан кейін келген мутазила көсемдері де осы идеяны қолдаған және осы пікірлеріне нақли дәлелдерден мысалдар берген.
Мутазилиттердің осы идеяға қолдау көрсетуі сыфатуллаһ тақырыбындағы көзқарастарының және Алла Тағалаға әділдік иесі деп сипаттама жасауының жемісі екендігі табиғи. Құдайлық әділеттің табиғи нәтижесі – құлдарды тек істей алатын және істеген амалдарына қарай жауапты ету. Алланың әмірлерін істеуге және тиымдарынан аулақ болуға мукаллаф болып табылатын адамның жауапты болуы әлгі адамның осы тәрізді әрекеттерді өз құдіретімен, қалауымен еркіндігімен жүзеге асыруына байланысты. Өйткені, Алла құлдарын жауапты етсе, бірақ, жауапты еткен нәрселерді орындауға құдірет бермесе, онда ұлы жаратушы залым болғаны. Ал зұлымдық, тіпті зұлымдықты қалау Алла Тағалаға мүлдем тән емес. Ол – абсолюттік әділдік иесі. Демек, құлдың жауапты болуы үшін жүзеге асырған амалдарын өз қалауымен, ықтиярымен жаратуы (дүниеге әкелуі) тиіс.
Демек, мутазилиттердің пікірі бойынша құл – құдірет, қалау (ирада) және ықтияр (ихтияр) иесі және издирари емес әрекеттердің жаратушысы (халиқы). Ал издирари әрекеттердің жаратушысы – Алла Тағала. Десек те әрекет Алла Тағаланың әлгі адам үшін жаратқан құдіретімен жүзеге асады. Яғни, адам Алла Тағаланың берген қалаумен (ирада) қалағанын таңдайды және берген құдіретімен оны жүзеге асырады. Құл Алланың берген құдіретпен дүниеге әкелгендіктен (жаратқандықтан), Алланың жарату сипатында оған серік болмайды. Мұны олар құлды істеген ісіне жауапты ету үшін ұсынған.
Қадария мен мутазила өкілдері осы тақырыптағы идеяларына түсініктеме жасағанда олардың нақли және ақли дәлелдерді ұсынғаны белгілі.
Нақли дәлелдер:
«مَنْ يَعْمَلْ سُوۤءًا يُجْزَ بِه» (Кім жамандық жасаса сонымен жазаланады) (Ниса 4/123)
«كُلُّ امْرِئٍ بِمَا كَسَبَ رَهينٌ» (Әр адам өз қылығы үшін жауапты болады) (Тур 52/21)
«فَمَنْ شَاۤءَ فَلْيُؤْمِنْ وَمَنْ شَاۤءَ فَلْيَكْفُرْ» (Қалаған иман келтірсін, қалаған жоққа шығарсын) (Кахф 18/29)
Қадарилер мен мутазилиттер жоғарыда баяндалған Құран аяттарын нақли дәлел ретінде ұсынып, жабрилердің дәлел ретінде ұсынған аяттарға тауил жасаған.
Әһли сунна каламшылары мутазила мен қадарияның «құл - әрекеттің жаратушысы, құлдың әрекетінде Алланың ешбір қатысы жоқ» - деген тезисін сынға алды. Себебі, Құран Кәрімде Алла Тағала жалғыз жаратушы өзі екендігін ескерткен.
«اَللهُ خَالِقُ كُلِّ شَيْءٍ وَهُوَ عَلٰى كُلِّ شَيْءٍ وَكيلٌ» (Алла барлық нәрсенің жаратушысы, Алла әр нәрсеге кепіл).(Зумар 39/62)
«هَلْ مِنْ خَالِقٍ غَيْرُ اللهِ» (Алладан басқа жаратушы бар ма? Фатыр 35/3)
Ақли дәлелдер:
1. Сұрақ: Әрбір адам өз күш-жігерін жұмсап, жоғары қарай шығуы мен ешбір күшін жұмсамастан, өз ықтиярынсыз төменге түсуі арасында айырмашылықтың бар екендігін біледі. Бір ауыр затты көтергенде, қиналғанда адам қолы дірілдейді, инсульт сырқатына шалдыққанда да қолы дірілдейді. Осы екі дірілді былай ажыратуға болады: екінші әрекет издирари, онда адамның қалауы мен ықтиярының ешбір әсері жоқ. Сондықтан, адам издирари әрекетке ешқандай да жауапты емес. Ал бірінші әрекет адамның қалауы мен ықтриярына байланысты. Міне, өз қалауымен істеген осы сияқты әрекетке адам жауапты оның сауабы мен жазасын көреді. Құлдың өз қалауымен, ықтиярымен істеген осы тәрізді амалдардың жаратушысы Алла емес, адамның өзі болып табылады. Ал оған қайшы жағдайда адам осы істі жүзеге асырғанда қалау жауапты бола алады?
Жауап: бұған әһли сунна каламшыларының жауабы былай: адамның мукаллаф және істеген амалына жауапты болуы үшін міндетті түрде оны жаратудың қажеті жоқ. Құлдың жауапты болуы үшін сол істі жүзеге асыруды қалауы, оған бет бұруы және оған қол жеткізуі (касб) жеткілікті. Құлды касиб емес, халиқ деп, құлды жаратушы мәртебесіне шығару Алладан басқа жаратушы жоқ деген көзқарасқа қайшы келеді және Алланың жаратушы сипатына серік қосу болып табылады. Ал бұл мүлдем дұрыс емес.
2. Сұрақ: егер Алла Тағала құлдың істеген амалдардың барлығының жаратушысы болса, онда құл істерінде ешқандай құдірет пен ықтияр иесі бола алмайды. Яғни еркін емес, мәжбүр болып қалады. Ал мәжбүр болса, мукаллаф иесі бола алмайды. Мукаллаф иесі бола алмаған адам істеген ісіне жауап бермейді және марапат пен жазаға ұшырамайды. Өйткені өз ісін өзі игере алмаған адам сол ісіне қалай жауапты болмақ? Негізінде адам өз қалауымен істеген амалына ғана жауапты бола алады. Міне, адамдардың кейбір әмірлерді орындауға, кейбір тиымдардан аулақ болуға жауапты ету (мукаллаф) қалауымен, ықтиярымен істеген амалдардың жаратушысы екендігіне дәлел.
Жауап: бұған әһли сунналық ғұламалар бастапқы сұраққа берілген уәжбен жауап берген: Адам құдайдың жаратқандарына ниетімен қол жеткізуі (касб) арқылы жауапты болып табылады.
Ашария мазхабы. Жоғарыда баяндалғы сияқты жабрия мазхабының өкілдері адамдағы құдіретті, қалау мен ықтиярды жоққа шығарып, адамның бір істі жүзеге асыруына мәжбүр екендігін қуаттады. Осы көзқарас бойынша адам ешнәрсеге жауапты емес, адам абсолюттік мәжбүрлікке бас иеді. Ол жансыз зат тәрізді.
Қадария мен мутазила осы тезисті түбірімен жоққа шығарып, адамды жаратушы дәрежесіне шығарады. Осылай Аллаға адамды ортақ қылады. Осыған орай, аталған екі мазхабтың жолдан адасқандығы белгілі. Себебі адам құдайдың өзге жаратылыстары сияқты әлсіз және қабілеті де шектеулі. Сондықтан, адам абсолюттік құдірет, қалау және ықтияр иесі емес және істеген амалдарының бірден бір жаратушысы бола алмайды. Өйткені жаратушылық мәртебесі – ұлы Аллаға ғана тән. Десек те адам өзге жан-жануарлар тәрізді қалау мен ықтиярдан мақрұм да емес. Ол кейде қалаған нәрсесін істей де, қаламаса бас тарта да алады. Олай болса, адамның құдіреті, қалауы және ықтияры бар. Осы себепті ол мукаллаф иесі және жүзеге асырған істеріне жауапты болып табылады. Демек, адамды жауапты ететін бір құпияның бары анық. Қайшы жағдайда ол мукаллаф иесі және істеген ісіне жауапты бола алмайды.
Ашариттердің пікірі бойынша құл жүзеге асыратын амалдарында еркін, яғни, оның қалауы мен құдіреті бар. Бірақ, оның құдіреті жүзеге асырған істеріне әсер ете алмайды. Өйткені, құлдың әрекеттерін жаратушысы – Алла. Алла – құлдың әрекеттеріне ықпалды күш, ал адамдық күш-қауқардың әрекетке ешбір қатысы жоқ. Құдайлық заңдылықтың жемісі ретінде Алла Тағала әлгі әрекетті құлдың ниеті мен шешіміне қарай жаратады. Бұл ниет құлдың қалауын әлгі амалға бағыттауымен, әлгі амалға қол жеткізуімен (касб) жүзеге асады. Демек, құл – жаратушы (халиқ) емес, касб (қол жеткізуші, иеленуші). Ал барлық нәрсенің жаратушысы – Алла. Десек те құл жүзеге асырған әлгі әрекетінің иесі болып табылады. Өйткені, ол сол істі таңдады және таңдауына қарай қол жеткізді (касб). Сондықтан, жасаған ісіне адам жауапты.
Демек, құлдың мукаллаф және жауапты болуына, істеген амалының халиқы (жаратушысы) болуы қажет емес екендігі белгілі. Міне, ашариттер осылай діндегі жауапты болу қағидасы мен Алла Тағаланың жалғыз ғана жаратушы екендігін үндестірген және жабрия мен қадария-мутазила мазхабтарының жіберген қателіктерге душар болмады. Алайда, құлдың құдіреті бола тұра, оның әрекетке ешбір әсері болмағандығы мәселесі өте күрделі түсінік болып табылады. Кейбір теологтардың пікірі бойынша ашария мазхабы адамды жабршылдық түсінікке жетелейді. Осыған орай, ашария мазхабы «жабр мутауассит» (жабрға жақын) деп аталған.
Ашариттердің нақли дәлелдері: «اَللهُ خَالِقُ كُلِّ شَيْءٍ» (Алла барлық нәрсенің жаратушысы) (Зумар 39/62).
«وَاللهُ خَلَقَكُمْ وَمَا تَعْمَلُونَ» (Алла сендерді және жасаған нәрселеріңді жаратты) (Саффат 37/96)
Ашариттердің ақли дәлелдері: 1. Барлық жаратылыстар (мумкинат) ешнәрсенің себебінсіз Алла Тағала тарапынан жаратылған. Адамның істеген амалдары да мумкинатқа жататындықтан, олардың да жаратушысы – Алла. Ал қайшы жағдайда Аллаға серік қосу болып табылады. Бұл – исламдық таухид сеніміне қайшы.
2. Егер адам істеген амалдарының жаратушысы болса, осы амалдарының барлық қыр-сырын, егжей-тегжейін толықтай білуі тиіс. Себебі, бір нәрсенің қалауымен және құдіретімен жаратушы оның барлық қыр-сырын меңгеруі тиіс. Мұны адам ақылы мен логикасына қисынды.
3. Кейбір әрекеттер құдайдың құдіретінен тысқары қалса, онда Алланың марапаты мен жазасына қалай сенім артуға болады?
4. Әрекеттер барлық жағынан адамға тән болса, Алланың ұлылығы мен құдіретіне сыза түседі.
Матуриди мазхабы. Ашария жабрияның абсолюттік жабр идеясы мен қадария-мутазиланың қалау еркіндігі идеясы арасындағы мутауассит (орта жолды) ұстанатын мазхаб болып табылады. Бірақ ашариттер қадари-мутазилиттерден қарағанда жабрияшылдарға анағұрлым жақын келеді. Осыған орай, олар «жабр мутауассит» деп аталады. Ал Имам Матуриди жабршылдық көзқарастағылар мен қалау еркіндігін қуаттайтындар арасындағы дәл орта жолды, үйлестіруші, үндестіруші қызмет атқарады.
Ашариттер сияқты матуридилер де құлдың ықтиярымен жүзеге асырған амалдарының жаратушысы Алла деп есептейді. Әрекеттердегі әсер етуші күш – Алланың құдіреті. Ал құлдың кұдіреті бар болғанның өзінде ол әрекетке әсер ете алмайды. Өйткені бір туындыға тәуелсіз екі ықпалдың әсер етуі мүмкін емес. Демек, құл – халиқ (жаратушы) емес, касиб (қол жеткізуші, иеленуді). Осы мәселелерде ашарит ғұламалары мен матуриди ғұламаларының ойлары бір жерден шығады. Осы екі мазхабтың жолдары айрылысатын жер – құлдың қалауы мен міндеті мәселесі. Ашариттердің пікірі бойынша құлдың қалауы құдіреті мен әрекеті сияқты Алланың жаратуына тәуелді. Ал Матуридилердің пікірі бойынша құлдың екі түрлі қалауы (ирадасы) бар: «ирада куллия», «ирада жузия». Ирада куллия – Алла Тағаланың жаратуымен болса, ирада жузия махлуқ емес, құлдың иелігіндегі қалау. Құлдың әрекеттері осы қалаумен байланысты болып, құлдың мукаллаф және жауапты болуы осы қалауға тікелей қатысты.
Кулли ирада – құдайлық ирада сипатының атауы. Ал міндеті – амалдың екі немесе одан көп варианты және осылардың бірін таңдай алу қабілеті. Ирада жузия – осы екі варианттың бірін өздігімен таңдауы, яғни, екі жақтың бірін таңдап, бекітуі. Жузия – таңдаған нәрсені нақтылау деген сөз. Өйткені, жузи сөзі әрбір нақты, белгілі нәрсеге берілген атау болып табылады. Демек, ирада жузия – ирада куллияның белгілі, анық бір жағын таңдап, оны сонда қолдану деген сөз. Демек, ирада жузия ирада куллияны белгілі, анық бір жағын таңдап, оны сонда қолдану деген мағынаны білдіреді. Ашариттердің пікірі бойынша ирада куллия – Алланың ирада сипаты, ал ирада жузия ираданың белгілі, нақты бір нәрсемен байланысы және сол байланысты әрекеттердің барлығын Алла жаратқан. Міне, ашариттердің жабршылдық көзқарасқа жақындығы осында жатыр. Матуридилер осындай жабршылдық көзқарастан аулақ болу үшін мынандай идеяны дамытқан. Құл ираданың белгілі бір жаққа қатысты болып табылатын ирада жузияға ие. Яғни, осы қатыстылық толықтай құлға тән. Міне, құл толықтай иелігіндегі ирада жузиямен, яғни, әлгі қалауды белгілі бір жаққа қолданумен белгілі бір іске қол жеткізеді (касб етеді). Осыған орай, ол жүзеге асырған амалына жауапты болады. Демек, құлдың қалау еркіндігі жағынан матуридилік ілім мутазиламен бірдей, бірақ, жарату құлға тән деген мутазилиттік көзқарасты теріске шығарып, матуридилер жаратудың Құдайға ғана тән екендігін қуаттады. «Құл - әрекеттің жаратушысы» деп жарату деген нәрсені жоқтан бар ету, жоқтан жарату мағынасындағы мутазилиттік көзқарасты теріске шығарып, матуридилер бар нәрсені бар қылу, Алланың құлға берген құдіретімен жүзеге асыру (касб) мағынасында қарастырған.
Адам әрекеттерінде құдіреттің (иститаат) рөлі. Әрекеттердің дүниеге келуін қамтамасыз ететін нәрсе «күш-қауқар» немесе «құдірет» деп аталады. Каламдық әдебиеттерде «иститаат», «қудрат», «тақат» және «вусат» сияқты әртүрлі атаулармен аталатын бұл қабілет туралы әртүрлі көзқарастар өрбіген. Жабрилердің көзқарасы бойынша адам әрекеттері – жансыз жаратылыстар тәрізді Алланың жаратқан әрекеттері жүзеге асуының көрінісі ғана. Сондықтан, адамның әрекетке дейінгі немесе әрекетпен бірге болатын құдіретін айтудың өзі дұрыс емес.
Мутазилиттердің пікірі бойынша құлдың иститааты (құдіреті) бар. Құл діни міндеттерге жауапты болған, ықтияри әрекеттерін дүниеге әкелген кезде, қажетті құдіретке, әлгі әрекетті жүзеге асыруға кіріспей тұрып ие болуы тиіс. Сонда құл әрекетін өзі жаратқан болып шығады, бұл әрекетте Алланың ешбір қатысы жоқ.
Әһли сунна ғұламаларына қарағанда екі түрлі құдіретті (иститаатты) атап өтуге болады. Оның біріншісі – құралдардың, дене мүшелерінің және себептердің ыңғайлы, аман-сау болу мағынасын білдіретін иститаат (саламату-л-асбаб уа-л-алат). Бұл әрекеттен бұрын адамда болады. Діни жауапкершілікке негізгі себеп осы болып табылады.
«وَلِلهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ اِلَيْهِ سَبيلاً» (Оған (Қағбаға) жол табу құдіретіне (иститаатына) ие болған адамға Алла үшін Қағбаға қажылық жасауы керек) (Али Имран 3/97) аятындағы иститаат құралдар мен себептердің сенімді, кедергісіз болуы тиіс екендігін көрсетеді. Екінші иститаат - әрекетті дүниеге әкелетін негізгі құдірет болып табылады. Әһли сунна ғұламаларына қарағанда ықтияри бір әрекетті жүзеге асыру үшін құлда болуы тиіс құдірет әрекет толықтай жүзеге аспай тұрып онда болмайды. Құл белгілі бір амалды істеуге шешім қабылдап, шешімі мен таңдауын әрекетке бағыттаған кезде, Алла Тағала оған жетерлік, қажетті құдіретті жаратып, адамға береді. Өйткені құлда болады деп қуатталатын құдірет араз болып табылады.
