- •Калам ілімінің анықтамасы, тақырыбы
- •Калам ілімінің пайда болуы
- •Каламды дүниеге әкелген себептер
- •Ә) Исламдық теологияның дүниеге келуі
- •Калам ілімінде үкімдер мен дәлелдер
- •Әдістер
- •Каламның қайнарлары
- •Хадистер:
- •Әһли Сунна каламшыларына қарағанда иман мен амал қатынасы
- •Ижмали және тафсили иман
- •Куфр, ширк, иртидад және нифақ
- •Кабира (фисқ/үлкен күнә)
- •Иман негіздері
- •Алланың есімдері.
- •Алланың сипаттары
- •Ііі. Фиили сипаттар
- •Іү. Хабари сипаттар
- •Мазхабтардың хабари сипаттарға деген көзқарастары
- •Афалу-л-ибад (құлдардың әрекеттері)
- •Қаза және қадар
- •Нубууат (пайғамбарлық)
- •Нубууаттың мүмкіндіктері
- •Пайғамбарлықтың дәлелі және мұғжиза
- •Басқа ғажайып жағдайлар.
- •Ахирет жағдайлары
- •Жаңа калам ілімі
- •Османдық Түркия
Іү. Хабари сипаттар
Хабари сипаттар – Құран Кәрім мен хадистерде орын алған және Алланың жаратылған болмыстарға ұқсайтын болып көрінген сипаттары. Бастауы нақл мен хабар болуына байланысты олар «хабари сипаттар» деп аталады.
Құран Кәрім мен хадистерде осы типтес сипаттарды кездестіруге болады. Олардың кейбірі мыналар:
1. Бет-жүз (وجه): «كُلُّ مَنْ عَلَيْهَا فَانٍ ﴿26﴾ وَيَبْقٰى وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الْجَلالِ وَالاِكْرَامِ» (Жер бетіндегі бәрі уақытша (пәни). Жоғары мәртебелі, әрі даңқты Раббыңның жүзі мәңгі қалады) (Рахман 55/26-27)
2. Қол (يد): «قَالَ يَاۤ اِبْليسُ مَا مَنَعَكَ اَنْ تَسْجُدَ لِمَا خَلَقْتُ بِيَدَىَّ اَسْتَكْبَرْتَ اَمْ كُنْتَ مِنَ الْعَالينَ» («Ей Ібіліс», - деді Алла. – Екі қолыммен жасаған адамыма бас июге не кедергі болды? Әлде бас июге өзімшілдігің жібермей тұр ма? Әйтпесе мәртебем жоғары деп тұрсың ба?»(Сад 38/75),
«يَدُ اللهِ فَوْقَ اَيْديهِمْ» (Алланың қолы олардың қолынан жоғары) (Фатх 48/10).
3. Көз (عين): «تَجْر۪ي بِاَعْيُنِنَا جَزَاۤءً لِمَنْ كَانَ كُفِرَ» (Ол кеме көздеріміздің алдында жүзіп отырды. Жалғанға шығарылған (Нухты) осылай жарылқадық) (Қамар 54/14).
4. Жаны (جنب): «اَنْ تَقُولَ نَفْسٌ يَا حَسْرَتٰى عَلٰى مَا فَرَّطْتُ في جَنْبِ اللهِ وَاِنْ كُنْتُ لَمِنَ السَّاخِر۪ينَ» (Адамның: Алланың жанында шектен асқаныма өкінемін. Мен оны мазақ етуші болыппын) (Зумар 39/56).
5. Нұр (نور): «اَللهُ نُورُ السَّمٰوَاتِ وَالاَرْضِ» (Алла аспан мен жердің нұры) (Нур 24/35)
6. Мекен ету (استوى): «اَلرَّحْمٰنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوٰى» (Ол Алла ғарышты мекендеді (меңгерді)) (Таха 20/5).
7. Келу (اِتْيِانٌ، مَجِيءٌ): «هَلْ يَنْظُرُونَ اِلاَّۤ اَنْ يَاْتِيَهُمُ اللهُ في ظُلَلٍ مِنَ الْغَمَامِ وَالْمَلٰۤئِكَةُ وَقُضِيَ الاَمْرُ» (Олар бұлттың көлеңкесінде Алла мен періштелер келіп, істің бітіп кетуін ғана күте ме?) (Бақара 2/210).
«وَجَاۤءَ رَبُّكَ وَالْمَلَكُ صَفًّا صَفًّا» (Раббың келген және періштелер сап түзеп тұрған кезде) (Фажр 89/22).
8. Жақындық (قُرْبٌ): «وَنَحْنُ اَقْرَبُ اِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ الْوَر۪يدِ» (Біз оған күре тамырынан да жақынбыз) (Қаф 50/16)
9. Уыс (قَبْضَةٌ): «وَالاَرْضُ جَميعًا قَبْضَتُهُ يَوْمَ الْقِيٰمَةِ» (Қиямет күнінде жер түгел Алланың уысында болады.) (Зумар 39/67).
10. Түсу (نُزُولٌ): «Расулуллаһ былай деді: «түннің жартысы немесе үштен екісі өткен кезде Ұлы Алла төменге түседі (нузул) де: не қалағаны бар? Оған қалағаны беріледі! Дұға жасайтын бар ма? Дұғасы қабыл етіледі. Кешірім сұраған бар ма? Кешіріледі! – деп айтады. Бұл таң ағарып атқанға дейін осылай жалғасады».
Мұнан басқа хадистерде бейне, саусақ, аяқ, күлу сияқты кейіп пен дене мүшелері Аллаға берілген. Осы сияқты ұқсату (ташбих) мағынасына алып баратын аяттар мен хадистердің мәні Аллаға тән бе әлде тән емес пе деген тақырып турасында мұсылман теологтары арасында тартыстар өрбіген.
Мазхабтардың хабари сипаттарға деген көзқарастары
А) Мушаббиха, Мужассима және Хашуия деп аталатын ағымдар сыртқы мағынасы ташбихтық түсінікке алып баратын осындай хабари сипаттарға сыртқы мағынасын сол күйінше қабылдағаны сияқты осыған ұқсас мағыналарға да түсініктеме жасауға тырысқан. Осы топтағылар антропоморфтық құдай түсінігін қолдайды. Осы идеяны жақтаушылар ретінде әһли хадис, ғулат шиилігі және каррамия өкілдерінің кейбірін және Муқатил бин Сулайман сияқты муржия ағымының теологтарын атауға болады. Муржия ағымына жатады деп есептелетін Муқатил бин Сулайман мен шиизмге жататын Дауд әл-Жауариби Алланың денелердің бірінен тұратынын, адам бейнесінде екендігін, ет пен сүйектен, қаннан және қылдан құралғанын, қол, тіл, аяқ, бас, көз сияқты дене мүшелері бар екендігін алға тартқан. әл-Жауарибидің жолын қуушылар Алланың аузынан кеудесіне дейінгі бөлігі бос, қалған бөлігі толы екендігін мәлімдеген. Сонымен қатар, әл-Жауарибидің «менен Алла жайында қынап пен сақал туралы сұрамаңдар, ойларыңа басқа не келсе оларды сұрай беріңдер» дегендігі баяндалады.
Шииттер арасында ташбихшіл адамдардың болғандығы жоғарыда баяндалды. Мысалы, алғашқы шиит каламшысы деп есептелетін Хишам бин Салим әл-Жауалики адамға тән деп есептелетін қасиеттердің көпшілігін Аллаға телігендігі байқалады. Алланың адам бейнесінде екендігін, бірақ, ол ет пен қаннан құралмағандығын, жарқыраған нұр екендігін, бес сезім мүшесіне ие екендігін, қолы, аяғы, аузы, мұрны, құлағы және қара шаштары бар екендігін алға тартты.
Каррамия мазхабы да тажсим мәндес идеяны қолдады. әл-Бағдадидің мәлімдеуі бойынша Мухаммад бин Каррам өзінің соңынан ергендерге құлдық ұрғалы тұрған құдайларын құдайлық дене ретінде қабылдауын насихаттаған. Оның пікіріне қарағанда құдайдың денесі, шегі, жағы мен соңы бар оның шегі құдай тағына барып тіреледі. Ибн Каррам Алланың тағына (арш) жақындағанын, арш оның мекені екендігін айтқан.
Ә) Мутазила Аллаға дене берген және адамға ұқсатқан мужассиманы, мушаббиханы түбегейлі жоққа шығарды. Олардың пікірі бойынша Алланың денесі болуы мүмкін емес. Егер Аллаға дене тән болса, жақындық, ұзақтық, бірігу және таралу сияқты кейіннен жаратылғандық белгілерінен ол қашық бола алмайды және әдеттегі денелер тәрізді ол да жаратылған болып қалады. Оған егер дене тән болса, денелер қажетсінгені сияқты денелерді біріктірген, форма берген, құраған бір болмысқа мұқтаж болуы тиіс және жеу, ішу, қажетсіну, нұқсандық және артықтық сияқты сипаттармен сипаталуы қажет болады. Мутазила «Алла – дене, бірақ, денелерге ұқсамайды» деген формуланы да қабылдамайды. Өйткені, егер ол солай болуы мүмін болса, индивидтер мен денелерге ұқсамағанымен Алланы индивид немесе дене деп сипаттама жасау және көрініп тұрған әлемде бейнелі, толық деп айту жайыз болуы керек болады.
Осыған байланысты Мутазила насстарда орын алған хабари сипаттарды ташбихтық пен тажсимдікке алып бармайтын кейіпте міндетті түрде тауил жасалауы қажет деп есептейді.
Мутазилиттердің пікірі бойынша Құран Алланың ешбір нәрсеге ұқсамайтынын айтқан. Осы мәселені ижма да бір ауыздан қуаттаған. Олай болса ташбихқа жетелейтін аяттарға тауил жасалу қажет. Атай кетер болсақ, «اَلرَّحْمٰنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوٰى» Ол Алла ғарышты мекендеді (истиуа етті) (Таха 20/5) аятының тауилі «ол ғарышқа құдіреті жетеді және үстемдікке ие».
«خَلَقْتُ بِيَدَىَّ» «Өз қолыммен жараттым (Сад 38/75)» аяты «менің жаратқаным» деген мағынаға сәйкес келеді. Алла осы тұста екі қолды баяндай отырып, осы әрекетті одан ары қуаттандырып отыр.
«وَجَاۤءَ رَبُّكَ» «Раббың келген (Фажр 89/22)» деген сөз «раббыңның әмірі келді» деген мағынаны білдіреді.
«تَجْر۪ي بِاَعْيُنِنَا» «Ол кеме көздеріміздің алдында жүзіп отырды» (Қамар 54/14)» дегендегі мағына «ол кетіп бара жатты, біз де олардың халін біліп отырдық» мағынасын білдірді деп түсініктеме жасаған.
Қорытындылай келе, мутазила мазхабы хабари сипаттарды захири мағыналарымен қабылдау Алла мен жаратылғандар арасында ұқсастыққа алып баратынын алға тартып, осы типтес насстарға тауил жасауға тырысқан.
Б) Салаф ғұламалары хабари сипаттарға діни насстарда қалай орын алған болса сол күйінше сенуді, оларға ташбихтық және тажсимдық түсініктеме жасамай, қандай да бір тауилге де бой алдырмай сол күйінше қабылдауды жөн деп білген. Олар осы сипаттардың сыртқы мағынасына иман келтіру қажет деп, адам ақылы олардың ақиқатын қабылдауға қауқарсыз екендігін қуаттаған, хабари насстардың мағыналары жайлы өз көзқарастарын айтпаған (тауаққуф) және оларды зерттеп, талдау жасағандарға қарсы шыққан.
Салафилер осы ұстанымында мына аятқа арқа сүйейді:
«هُوَ الَّذۤي اَنْزَلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ اٰيَاتٌ مُحْكَمَاتٌ هُنَّ اُمُّ الْكِتَابِ وَاُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ فَاَمَّا الَّذينَ في قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاۤءَ الْفِتْنَةِ وَابْتِغَاۤءَ تَاْويلِه وَمَا يَعْلَمُ تَاْويلَهُۤ اِلاَّ اللهُ وَالرَّاسِخُونَ فِي الْعِلْمِ يَقُولُونَ اٰمَنَّا بِه كُلٌّ مِنْ عِنْدِ رَبِّناَ وَمَا يَذَّكَّرُ اِلاَّۤ اُولُوا الاَلْبَابِ» (Ол Алла саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы (мухкам) аяттары бар. Солар кітаптың негізі, іргетасы. Өзгесі – мағынасы құпия (муташабих) аяттар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық істеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздеп соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ білімінде озат болғандар: бұған сендік, барлығы Раббымыздың қасында дейді. Мұны ақыл иелері ғана түсінеді.) (Али Имран 3/7)
В) Әһли Сунна каламшылары бастапқыда салаф ғұламалары тәрізді ойлап, хабари сипаттарға тауил жасауды дұрыс деп таппаған. Бірақ, әл-Жуайниден (1085 ж.) бастап, осы сияқты муташабих сөздерге тауил жасау әһли сунна каламшыларына да енген. әл-Жуайни Алланың өзге жаратылғандарға ұқсауына себепкер болып табылатын аяттарға тауил жасау қажеттігін айтқан. Оның пікірі бойынша итиқадта осындай қауіп-қатерге түсуден сақтанып, муташабих сөздердің тауилінен бет бұру қайшылыққа, қате түсінікке, халықтың қателікке бой алдыруына және сенім негіздерінде күмәндердің тууына жол ашады.
Каламшылардың көпшілігіне қарағанда насстарда Алла жайлы орын алған «истиуа», «қол», «жүз», «көз» сияқты сөздер метафоралар мен мысалдардан құралған. Мысалы, «истиуа» сөзі - «Алла үкімі астына алуды» немесе «ұлы Алланың ұлылығын сипаттауды»; «қол» - құдайлық құдіретті, «жүз» - оның бар екендігін, «көз» - оның көрегендігін білдіреді.
