- •Калам ілімінің анықтамасы, тақырыбы
- •Калам ілімінің пайда болуы
- •Каламды дүниеге әкелген себептер
- •Ә) Исламдық теологияның дүниеге келуі
- •Калам ілімінде үкімдер мен дәлелдер
- •Әдістер
- •Каламның қайнарлары
- •Хадистер:
- •Әһли Сунна каламшыларына қарағанда иман мен амал қатынасы
- •Ижмали және тафсили иман
- •Куфр, ширк, иртидад және нифақ
- •Кабира (фисқ/үлкен күнә)
- •Иман негіздері
- •Алланың есімдері.
- •Алланың сипаттары
- •Ііі. Фиили сипаттар
- •Іү. Хабари сипаттар
- •Мазхабтардың хабари сипаттарға деген көзқарастары
- •Афалу-л-ибад (құлдардың әрекеттері)
- •Қаза және қадар
- •Нубууат (пайғамбарлық)
- •Нубууаттың мүмкіндіктері
- •Пайғамбарлықтың дәлелі және мұғжиза
- •Басқа ғажайып жағдайлар.
- •Ахирет жағдайлары
- •Жаңа калам ілімі
- •Османдық Түркия
Куфр, ширк, иртидад және нифақ
Куфр – араб тілінен аударғанда «жабу», «бүркеу» деген мағынаға сәйкес келеді. Ал діни термин ретінде «куфр» - ардақты Пайғамбардың Алладан алып келген және бізге тауатир жолмен жеткен діни негіздердің бірін немесе бірнешесін жоққа шығару деген сөз. Иманға мазмұндық тұрғыда анықтама жасағандардың пікірлері осы мәнде болып табылады.
Ақиқат сенімді бүркемелеген және иман келтірмеген деген мағынаны білдіретін «кафир» сөзінің көпше түрі - «куффар» немесе «кафара». Ал әйел тегінде «кафира» сөзі қолданылады. «Икфар» мен «такфир» сөздері де адамның күпірлікке тап болғанын және кәпір болғанын білдіреді. Бір адам кәпір күйінде дүниеде өтсе, жаханнамда мәңгілік азапқа душар болады. Бұл турасында Құран Кәрімде мынандай бірнеше аяттардың бірін келтіре кетсек:
«اِنَّ الَّذينَ كَفَرُوا وَمَاتُوا وَهُمْ كُفَّارٌ اُولٰۤئِكَ عَلَيْهِمْ لَعْنَةُ اللهِ وَالْمَلٰۤئِكَةِ وَالنَّاسِ اَجْمَعينَ ﴿161﴾ خَالِدينَ فيهَا لا يُخَفَّفُ عَنْهُمُ الْعَذَابُ وَلا هُمْ يُنْظَرُونَ» (Күпірлік келтіргендер және сол күйінде өлгендер – кәпірлер. Алланың да, періштелердің де, адамдардың да – барлығының қарғысына солар ұшырайды. Тозақта олар мәңгілікке қалады, олардың мойнынан жаза жеңілдетілмейді, бұйрылған үкім кешіктірілмейді.) (Бақара 2/161-162).
Мұсылман теологтары қалыптасу себебі, түрі және орны жағынан күпірлікті төрт топқа бөлген:
а) Куфр инкари – Алланы, ардақты Пайғамбарды және оның Алладан алып келген діни негіздерді адамның жүрегімен қабылдамауы, тілімен де жоққа шығаруы деген сөз. Бұл топтағы кәпірлер туралы Құранда мынандай аят орын алады:
«اِنَّ الَّذينَ كَفَرُوا سَوَاۤءٌ عَلَيْهِمْ ءَاَنْذَرْتَهُمْ اَمْ لَمْ تُنْذِرْهُمْ لا يُؤْمِنُونَ» (Күпірлік жасағандар, қорқыт, қорқытпа, бәрібір, иман келтірмейді) (Бақара 2/6).
ә) Куфр жухуд – адамның жүрегімен Алланың құдай екендігін біле отырып, тілімен осы сенімін мойындамауы, сенім негіздерін қабылдаудан бас тартуы. Шайтан және атақты мүшірік Умаййа бин ас-Салттың күпірлігі осындай күпірлік түріне жатады. Алла Тағала осы топтағылар жайлы: «فَلَمَّا جَاۤءَهُمْ مَا عَرَفُوا كَفَرُوا بِه» (Міне, білген әлгі нәрсені (Құран) өздеріне келген кезде, оны жоққа шығарды.) (Бақара 2/89), - деген.
б) Куфр инади – адамның жүрегімен Алланы және ақиқатты біліп, тілімен де кейде жариялағанымен қызғаныштық, адасушылық, мансап, атақ-даңқ, шен-шекпен, рушылдық, ұлтшылдық сияқты себептермен исламды дін ретінде мойындамауы деген сөз. Ардақты Пайғамбардың немере ағасы Әбу Талибтің күпірлігі осы типке жатады.
Куфр Нифақ – адамның сенуі қажет діни негіздерге тілімен жариялағанымен (сенгенімен) жүрегімен иман келтірмеуі. Мұнафықтардың күпірлігі осыған жатады.
Ширк. Сөздікте «серік қосу» мағынасын білдіретін «ширк» - діни терминде Алланың құдайлық дәрежесінде, сипаттары мен әрекеттерінде теңі мен серігі болғандығын мойындау, онымен тең келетін бір болмыстың бар екендігін қуаттау деген сөз. Ширк пен куфр – бір-біріне жақын ұғымдар. Олардың арасындағы айырмашылық күпір кең, ал ширк тар мағынада қолданылады. Оның себебі, ширк Аллаға ортақ қосудан туындаса, куфр күпірлік болып есептелетін қандай да бір сенімдерді қабылдау деген сөз. Мысалы, мажусиліктегі тәрізді екі құдайды мойындау әрі күпірлікке, әрі ширкке жатады. Ал ахирет күніне сенбеу ширкке емес, күпірлікке жатады.
Аллаға серік қосу – күнәлардың ең үлкені. Ширк пен куфрдың Алла тарапынан кешірілмейтіндігі, Аллаға серік қосудың ең үлкен зұлымдық және әділетсіздік екендігі Құранда баяндалады: «اِنَّ اللهَ لا يَغْفِرُ اَنْ يُشْرَكَ بِه وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذٰلِكَ لِمَنْ يَشَاۤءُ» (Алланың кешірмейтін күнәсі - өзіне серік қосу. Одан басқа күәларды егер қаласа кешіреді.) (Ниса 4/48)
«اِنَّ اللهَ لاَ يَغْفِرُ اَنْ يُشْرَكَ بِه وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذٰلِكَ لِمَنْ يَشَاۤءُ وَمَنْ يُشْرِكْ بِاللهِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلالاً بَعيدًا» (Алла өзіне басқа теңеуді кешірмейді. Одан басқа күнәсі болса, ықыласы ауған адамын кешіреді. Кімде кім Аллаға серік қосса, барып тұрған азғын болғаны) Ниса 4/116).
Ғұламалардың пікірі бойынша ширктің бес түрі бар:
а) Ширк истиқлал – екі түрлі тәуелсіз құдайға сенгендердің ширкі. Мажусилер мен санауилердің (дуалист) ширктігі осы топқа жатады.
ә) Ширк табиз – Алла Тағаланың бір екендігін мойындағанымен оның құдайлардан тұратынына сену. Бұған христиан дініндегі үштік сенім жатады.
б) Ширк тақриб - әлемнің жаратушысы бір құдай екендігіне сенгенімен Аллаға жақындау мақсатында оған жетуге арашашы болсын деп Алладан басқа мүсіндерге, пұттарға табынғандардың ширкі. Жахилия дәуірі арабтарының ширктігі осы топқа жатады.
в) Ширк тақлид – жахилия дәуірі арабтары бұрынғы арабтардың сеніміне еліктеп пұттарға құдай ретінде табынуы.
г) Ширк асбаб - әлемдегі алуан түрлі заңдылықтың Алланың жаратуымен емес, нәрселердің өзіне тән қасиеттерімен пайда болғандығына және дамығандығына сенетіндердің ширкі. Натуралист және материалист философтардың ширктігі осы топқа жатады.
Иртидад. Сөздікте «қайту» мағынасына сәйкес келетін иртидад пен ридда сөздері бір мұсылманның діннен шығуы немесе исламнан басқа дінге өтуі деген сөз. Діннен шыққан адам «муртад» деп аталады. Кәпір мен муртад күпірлік ішінде орын алуы жағынан бір дәрежені иеленгенімен муртадқа кесілетін дүниелік үкімдер кәпірге берілетін үкімнен қарағанда өзгеше болып келеді. Имам Мауардидің (ө.1058 ж.) мәлімдеуі бойынша муртадтардың қатардағы мұсылман еместерден айыратын ерекшеліктері мынандай:
1. Муртадтармен бейбітшілік немесе бірігу келісімін жасауға рұқсат етілмейді. Ал әдеттегі кәпірлермен ондай келісімдерге тұруға болады.
2. Муртадқа мұсылман емес кәпірлер сияқты зымми (ислам мемлекеті ішінде өмір сүретін, жизия салығын төлейтін және мемлекеттің қорғауында болған ғайри муслим қауымы) статусын иеленуге жол берілмейді.
3. Муртадтың исламды қайта қабылдау немесе өлімді таңдау мүмкіндігінен басқа жол берілмегендіктен, оларды құлдыққа түсіруге, өмірін сақтауға рұқсат етілмейді.
4. Муртадтың дүние мүлкі ғанимат (олжа) ретінде бөліске түспейді. Ол тек мемлекет қазынасына ғана тән (Ханафилердің көпшілігінің пікірі бойынша мұра бола алады).
5. Соғыста тұтқынға түскен немесе ұсталған муртадтың діннен шығуына жол ашқан рухани себептер мен күмәндер болса, алдымен олардан айығуға талпыныс жасалады. Оның қайта ислам дінін қабылдауына насихат жасалады. Тіпті қажет болса, ойлануға уақыт та беріледі. Осылардың барлығына қарамай, қасарысқан муртад өлім жазасына кесіледі. Егер түрлі себептерге байланысты осы жаза жүзеге асырылмаса, ондай муртадқа сәлем берілмейді, бауыздаған малы желінбейді, мұсылман әйелмен үйлендіріуіне жол берілмейді және мұсылманға мұрагер бола алмайды. Ал дүниеден өтсе жаназасы шығарылмайды және мұсылман мазарына жерленбейді.
Нифақ. Сырттай мүмін, мұсылман болып көріну, ал жүрегімен Алланы, Пайғамбарды, және оның алып келгендерін мойындамау мағынасына сәйкес келетін «нифақ» жоғарыда баяндалғаны тәрізді күпірліктің бір түрі болып табылады. Жүрегімен сенбей, сырттай мұсылман сияқты көрінген адам «мұнафық» деп аталады. Дүниеде сырттай мұсылман сияқты көрінгеніне байланысты олармен мұсылманша қатынас жасалады. Ал жүректері имансыз болғанына байланысты ахиретте кәпірлер тәрізді мәңгілік азап шегеді:
«ذٰلِكَ بِاَنَّهُمْ اٰمَنُوا ثُمَّ كَفَرُوا فَطُبِعَ عَلٰى قُلُوبِهِمْ فَهُمْ لاَ يَفْقَهُونَ» (ауызша ғана иман келтірді, бірақ, одан соң жүректерімен кәпір болды. Сондықтан, олардың жүректеріне құлып салынды, сөйтіп олар түсінбеді.) (Мунафиқун 63/3)
«اِنَّ الْمُنَافِقينَ فِي الدَّرْكِ الاَسْفَلِ مِنَ النَّارِ وَلَنْ تَجِدَ لَهُمْ نَصيرًا» (Мұнафықтардың тозақтың ең астынғы қабатына тасталатыны даусыз, одан оларды құтқаратын медеткер табылуы мүмкін емес. ) Ниса 4/145).
Осы тақырыппен байланысты ислам теологиясына тән кейбір терминдердің мәніне тоқталып өткеніміз де жөн. Ислам дінінің келуімен заңды үкімі жойылған христиан мен иудаизм сияқты діндерге сенетіндер «китаби», уақыттың, материяның әуелден бері бар екендігін қуаттайтындар және барлық оқиғаларды уақытқа негіздегендер «дахри», Алланың бар екендігін мойындамайтындар «муаттыл», ардақты Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлығын жариялап, ислам сеніміне иман келтіргенмен күпірлігін іштей жасырын ұстағандар «зындық» деп аталады.
