Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Бөлшектеп сатып алу-сату шартының ерекшеліктері...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
415.23 Кб
Скачать

1.2. Бөлшектеп сатып алу-сату шартының түрлері

1. Тауарларды үлгілері бойынша сату

Бөлшектеп сатып алу-сату шарты сатып алушының сатушы ұсынған тауар үлгісімен (оның сипаттамасымен,тауарлар каталогымен және т.б.) танысуы негізінде жасалуы мүмкін.

Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, шартта көрсетілген жерге тауар жеткізілген кезден бастап, ал егер шартта тауар беретін орын белгіленбесе, азаматтың тұрғылықты жері немесе заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша сатып алушыға тауар жеткізілген кезден бастап шарт орындалған болып есептеледі.

Сатушы шартты орындау жөнінде әрекет жасалуына байланысты қисынды шығындарды өтеген жағдайда сатып алушы тауар берілгенге дейін шартты орындаудан бас тартуға құқылы. (АК 450-б.)

2. Автоматтарды пайдалана отырып тауар сату

Тауар сату автоматтарды пайдалана отырып жүргізілген жағдайларда автоматтардың иесі сатып алушыларға тауар туралы (атауы, саны, бір тауардың бағасы және т.б.) автоматқа орналастыру арқылы тауардың сатушысы туралы ақпарат жеткізуге немесе сатып алушыларға сатушының атауы (фирмалық атауы), оның орналасқан жері, жұмыс режимі, сондай-ақ сатып алушының тауар алу үшін жасайтын қажетті әрекеттері туралы өзге де әдістермен мәліметтер беруге міндетті.

Сатып алушы тауар алуға қажетті әрекеттер жасаған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледі.

Егер сатып алушыға ақысы төленген тауар берілмесе, сатушы тауардың сатып алушыға дереу берілуін немесе оның сатып алушының сол тауар үшін төлеген ақша сомасының қайтарылуын қамтамасыз етуге міндетті. (АК 451-б.)

  1. Сатып алушыға тауар жеткізіп беру туралы талап қойылатын шарт

Сатып алушыға тауар жеткізіп беру туралы талап қойылып шарт жасалған жағдайларда сатушы тауарды сатып алушы көрсеткен жерге шартта белгіленген мерзімде жеткізіп беруге міндетті.

Егер заң актілерінде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнінен туындамаса, сатып алушыға, ал ол болмаған кезде – шарттың жасалғандығын немесе тауарды жеткізіп берудің ресімделуін куәландыратын түбіртекті немесе өзге бір құжатты көрсеткен кез келген адамға тауар табыс етілген кезден бастап сатушы шартты орындады деп есептеледі. (АК 452-б.)

Элементтері (құрамалары). Сатушы тауарды көрсетеді (көрмеге қояды), үлгілерін көрсетеді, сатылатын тауарлар туралы мәліметтерді береді (бейнелеу, каталогтар, фотосуреттер ж.б.). Мәліметтер тауар сатылатын жерде беріледі, тауардың әрбір үлгісінде онда тауардың атауы, бағасы (бір келі, дана және тауардың өзге мөлшері үшін) салмағы көрсетілген қағазы болуы керек.

Іі. Бөлшектеп сатып алу-сату шартының: практикалық проблемалары және оларды шешудің жолдары.

    1. 2.1. Бөлшектеп сатып алу-сату шартының мазмұны, шартты орындау және тоқтатудың құқықтық проблемалары.

Бөлшектеп сатып алу-сату шартының мазмұны. Сатушының бөлшектеп сатып алу-сату шарттарында бірнеше ерекше міндеттері бар. Бөлшек сатып алу-сату шартын жасамақ алдында сатушы сатып алушыға тауар туралы қажетті және сенімді ақпарат беруі керек.

Азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек, косметика бұйымдарына (уақыт өте келе бұзылатын өнімдер) пайдалануға берілген мерзімі, пайдаланудан шығатын уақыты көрсетілуге міндетті.

ҚР АК 451-бабымен бөлшектеп сатып алу-сату шартының автоматтарды пайдалана отырып тауар сату сияқты бөлек түрі реттеледі. Автоматтарды пайдаланып тауарды сату негізінен сату кезінде автомат иесі (меншік иесі болу шарт емес) сатып алушыға тауар туралы ақпарат беруі керек (аты, саны, әр бірліктің бағасы т.б.). Сонымен қатар тауар сатушы туралы ақпарат та автоматты жүйеге енгізілуі қажет, оған сатушының атауы (фирмалық атауы), орналасқан жері, оның жұмыс кестесі туралы деректер жатады. Сол сияқты тауарды алуы үшін сатып алушы жасауы керек әрекеттер тізіліп аталады. Ақпарат автоматқа енгізуден өзге жолмен де берілуі мүмкін. Сатып алушының тауарды алу үшін жасалған әрекеттері аяқталғаннан кейін шарт жасалды деп есептелінеді.

Егер сатып алушыға ақысы төленген тауар берілмесе сатушы тауардың сатып алушыға дереу берілуі немесе тауар үшін төленген ақшалай соманың толық қайтарылуын қамтамасыз етуге міндетті.

Сатып алушының құқығы мен міндеттері. Сатып алушы сатып алынған тауардың ақысын төлеуге міндетті. Шартқа отыру кезі мен ақы төлеу кезі сәйкес келген жағдайда сатып алушының жалғыз міндеті затты қабылдап алу.

Бөлшектеп сатып алу-сату шарттары тауар ақысы алдын ала төлену міндеті бекітіліп немесе тауар кредитке, не ақысы бөлініп төленетін болып сатыла алады. Бұл жағдайда сатып алушы ақы төлеу мерзімін сақтауға міндетті.

Сатып алушының сатып алынған сапасы тиісті болып келетін тауарды айырбастап алу құқығы бар. Айырбас 14 күн ішінде жүргізілуі тиіс. Айырбасқа жатпайтын тауар түрлері заңмен бекітіледі.

Айырбасқа алтын, платин, күмістен жасалған бұйымдар, төсекқап, ішкиімдер, шұлықтар, парфюмерия және косметикалық бұйымдар жатпайды. Сатып алушы сатушы да қажетті тауар болмаған жағдайда оған тауарды қайтарып төлеген ақшасын қайтып алады.

Бөлшектеп сатып алу-сату шартын жасасу тәртібі. Кез келген басқа шарт сияқты бөлшектеп сатып алу-сату шартының да жасалуы бір тараптың оферта жіберуі және оны екінші тараптың акцепттеуі түріндегі екі сатыдан тұрады. Шарттың жария сипаты сатушының беймәлім адамдар тобына жария оферта ұсыну қажеттігін туғызады. Ұсыныс жасаушы жақтың кез келген хабарласушысымен ұсыныста көрсетілген жағдайларда шарт жасасу еркі көрінетін, шарттың барлық елеулі ережелері бар ұсыныс жария оферта деп танылады (АК-тің 395-б. 5-т.). Осы ережеден көрініп тұрғандай, жария деп танылу үшін оферта екі талапқа жауап беру керек: 1) ұсыныста оны жасаушының кез келген хабарласушысымен шарт жасасу еркі көрінуі керек; 2) ұсыныста шарттың барлық елеулі ережелері болу керек. Ал жарнама және беймәлім адамдар тобына жіберілген өзге де ұсыныстар, егер ұсыныста тікелей өзгеше көрсетілмесе, оферта жасауға шақыру ретінде қаралады.

Бөлшектеп сатып алу-сату шартына қатысты жария офертаның бар-жоғын анықтау, яғни оны тауарды сату барысында қолданыладын өзге де құралдардан ажырату сәл өзгеше жүргізіледі. АК-тің 447-б. 1-т. сәйкес тауарларды көруге қою, олардың үлгілерін көрсету немесе тауарлар сатылатын жерде сатылатын тауарлар туралы мәліметтер (сипаттамалар, каталогтар, фотосуреттер және т.б.) беру, сатушы тиісті тауарлардың сатуға арналмағандығын айқын көрсеткен жағдайларды қоспағанда, бағаның және сатып алу-сату шартының басқа да елеулі талаптарының көрсетілгеніне қарамастан, көпшілікке арналған оферта деп танылады. Тауардың оның жарнамасында, каталогтарында, сондай-ақ тауар сатылмайтын жерлерде тауардың беймәлім адамдар тобына арналған және тауардың сатып алу-сату шартының елеулі талаптары болмаған басқа да сипаттамаларында көрсетілген ұсынымы көпшілікке арналған оферта деп танылмайды (АК-тің 447-б. 2-т.).

Бөлшектеп сатып алу-сату шарты жасалу әдісі бойынша қосылу шартына жатады, соңғысы сатушы формулярларда немесе өзге де стандартты нысандарда біржақты тәртіппен белгіленген ережелерін сатып алушының қабылдауы арқылы ғана жасалуы мүмкін.

Бөлшектеп сатып алу-сату шарты, егер заң актілерінде немесе шарттың өзінде, соның ішінде сатып алушы қосылатын формулярлардың немесе өзге де стандарттық нысандардың тараптарында өзгеше белгіленбесе, сатушы сатып алушыға касса немесе тауар шегін немесе тауарға ақы төленгенін растайтын өзге де құжатты берген кезден бастап тиісті нысанда жасалған болып есептеледі. Аталған құжаттардың сатып алушыда болмауы оны шарттың жасалғандығын және оның талаптарын растайтын куәлік айғақтарға сүйену мүмкіндігінен айырмайды (АК-тің 446-б.).

АК-тің келтірілген бабының (446) мазмұны бөлшектеп сатып алу-сату шартын нақты шартқа айналдыратын сияқты, себебі оның жасалу уақытын сатып алушының сатып алу бағасын төлеу міндетімен байланыстырады, бұл өз кезегінде сатушының тауар не касса шегін немесе өзге де құжатты беруімен дәлелденеді. Шын мәнінде қарастырылып отырған шарт сатып алу-сату шартының бір түрі ғана болғандықтан, ол тек консенсуалды бола алады. Соңғысы ретінде тараптардың шарттың барлық елеулі ережелері бойынша талап етілетін нысанда келісімге келген уақытынан бастап жасалды деп есептелетін шарт түсініледі. Келісімге келу офертаны акцепттеу жолымен жүзеге асады. Бөлшектеп сатып алу-сату шартының ерекшелігі сонда, ол жария офертаны сатып алушының акцепттеуі арқылы жасалады. Сонымен бірге ол қосылу шарттарына жататындықтан, сатып алушы сатушының біржақты тәртіппен құрған шарт ережелерімен толық келісе отырып, өзінің акцептін шартқа қосылу жолымен ғана растайды. Сатып алушының сатып алу бағасын төлеу жөніндегі әрекетін бір мезгілде екі мағынада түсінген дұрыс. Біріншіден, сатып алушы аталған әрекетті жасау арқылы шартқа отыруға келісімін білдіреді. «... Сатып алушының әрекеті (өзіне-өзі қызмет көрсету дүкенінде тауарды таңдап алу, сатушының кассасына сатып алу бағасын төлеу, тауарды автоматтан алу үшін қажет әрекеттерді жасау және т.б.) - әрқашан стандартты тауарға қатысты сатып алушының шартты жасасуға еркін білдірудің жалғыз жолы (дәлірек айтсақ, шартқа оған қосылу арқылы кіру)». Осы тұрғыдан алғанда сатып алу бағасын төлеу шартты жасасу стадияларының бірі – акцепт болып табылады. Екіншіден, сатып алушы сатып алу бағасын төлеу арқылы шартты орындайды. Мұнда жасалған шартты орындау туралы сөз етіліп тұр. Ендеше АК-тің 446-бабы жасалу мен орындалу уақыты сәйкес келетін бөлшектеп астып алу-сату шартына арналған деген қорытынды жасауға болады.

Бұл норманың басты мақсаты – тараптардың екеуінің де мүдделерін қамтамасыз ету. Сатып алушының тауарды таңдап, оның бағасын төлеуі және бұл фактінің сатушының берген шегімен немесе өзге құжатпен расталуы шарттың жасалу уақытын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Ал соңғысының үлкен маңызы туралы айтып жатудың қажеті жоқ, тек осы уақыттан бастап тараптардың құқықтары мен міндеттері пайда болатындығын есте сақтау жеткілікті. 446-бап диспозитивтік норма ретінде жазылған, сол себепті заң актілерінде, тараптардың келісімінде немесе стандартты нысандардың ережелерінде өзгеше көзделген жағдайларда шарттың жасалу уақыты басқаша анықталуы мүмкін. Айтайық, автоматтарды пайдалана отырып тауар сату кезінде сатып алушы тауар алуға қажетті әрекеттер жасаған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледі (АК-тің 451-б. 2-т.). Бөлшектеп сатып алу-сатудың бұл түріне қатысты заң шығарушы шарттың жасалу уақытын сатып алушының сатып алу бағасын төлеуімен емес, одан мазмұны жағынан әлдеқайда кең тауар алуға қажетті әрекеттер жасаумен байланыстырады. Мұндай әрекеттер заң әдебиетінде конклюденттік деп аталып кеткен. Олар да сатып алу бағасын төлеу жөніндегі әрекеттер сияқты бөлшектеп сатып алу-сату шартын нақты шартқа айналдырмайды. В.В. Ровныйдың айтуынша, сатушымен оған тиесілі автомат контактқа түсіп отырған сатып алушы автоматтың ішіндегі нәрсені сатып алуға өз еркін тиісті әрекеттерді (мәнетті түсіріп, кнопканы басып және т.с.с.) жасамай басқаша білдіре алмайды. Сондықтан қарастырылып отырған шартқа қатысты тауар алуға қажетті конклюденттік әрекеттерді нақты шартты жасаудың бір сатысы емес, консенсуалды шартты жасауға тараптың (сатып алушының) ерік білдіру актісі ретінде түсінген дұрыс.

Аталған құжаттардың берілуінен гөрі сатып алушының сатып алу бағасын төлеуі шешуші маңызға ие болады, себебі бұл құжаттардың сатып алушыда болмауы оны шарттың жасалғандығын және оның талаптарын растайтын куәлік айғақтарға сүйену мүмкіндігінен айырмайды (АК-тің 446-б.).

Жасалу уақыты 446-баптағы ережеден өзгеше анықталатын бөлшектеп сатып алу-сату шартының тағы бір түрін келтіруге болады. Тауарларды үлгілері бойынша сату кезінде шарт сатып алушының сатушы ұсынған тауар үлгісімен (оның сипаттамасымен, тауарлар каталогымен және т.б.) танысуы негізінде жасалуы мүмкін (АК-тің 450-б.).