Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция ИГКЯ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
531.46 Кб
Скачать

3. Сөз тіркесінің дамуы

1950 жылдарға дейін қазақ тіл білімінде сөз тіркесі мәселесі жай сөйлемдер мен құрмалас сөйлем синтаксисі аясында қарастырылғаны болмаса өз алдына зерттеу нысаны болған емес.

1967 жылы шыққан «Қазақ тілінің грамматикасында» сөз тіркесіне мынадай анықтама берілген: «...синтаксистің басты, арнаулы объектісі екеу: бірі – сөз тіркесі, екіншісі – сөйлем... екі сөзді тіркестіріп жаңа сөз жасау үшін емес және де бір сөздің грамматикалық мағынасын дәлдеу, толықтыру үшін емес, қосымша, жаңа грамматикалық мағына тудыру үшін тіркескен сөздер тобы ғана сөз тіркесі деп есептеледі» Т.Қордабаев: «Қазақ тіл білімінің тарихына шолу жасау екі кезңге бөлініп құралады: бірінші кезеңі – арғы ғасырлардан бастап 1917 жылға дейінгі, екіншісі – Ұлы Қазан социалистік революциясынан кейінгі кезең,»- деп көрсетеді.

Ғалымның көрсеткен бірінші кезеңінде сөз тіркесі синтаксисі туралы айтылған ой-толғамдар, тұжырымдар кездеспейді. Синтаксис мәселелерінің кең көлемде зерттелуі 20-жылдардан басталады. Бұл кезеңдерде жарық көрген мақалалар мен оқулықтарда көбінесе жай сөйлем мен құрмалас сөйлемге қатысты нәрселер айтылған.

Орта мектепке арналған Қ.Жұбановтың авторлығымен 1936 жылы жарық көрген оқулықта ғалым жай сөйлемдерді мағынасы мен құрылысына қарай жіктейді. 1939 жылы шыққан С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулықтарында атаулы сөйлем туралы айтылып, сөздер тіркесі жөніндегі пікірлер де осы жылдардан бастап сөз бола бастады.

1940 жылдары Мәулен Балақаев жай сөйлем синтаксисімен терең айналысып, «Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем синтаксисінің негізгі мәселелері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғалым тілдік материалдарға сүйене отырып, сөйлем мүшелерінің байланысы ретінде қарастырылап келген сөз тіркесін терең де жан-жақты зерттеп, оны синтаксистің негізгі нысандарының бірі ретінде көрсетті. Ол кезде сөйлемнің өзін сөз тіркесінің бір түрі деген пікірлер де бар болатын. Орыс тіл білімінің өкілі М.Петерсон синтаксистің негізгі нысаны сөз тіркесі, ал сөйлем сөз тіркестерінің бір түрі деп есептеген. Қазақ тіл білімінде бұл пікірді М.Балақаев қолдады. Қазақ тілі материалдарының негізінде арнайы еңбек жазған Мәулен Балақаев зерттеулерінде сөз тіркесі мәселесі кеңінен қарастырылып, онда сөз тіркесінің құрылысы, өзіне тән белгілері, ерекшеліктері, сөздердің байланысу тәсілдері мен формалары және олардың тіркесу қабілеттері ашып көрсетілді. Сөз тіркесіне толық мәнді ереже шығарып, осы ережеге сүйене отырып, оның негізгі қағидаларын ашып көрсетеді.

Сөз тіркесі синтаксисі М.Серғалиев, Ә.Аблақов, Т.Сайрамбаев, С.Исаев, Р.Әміров, Г.Жаркешова т.б. ғалымдардың еңбектерінде сөз болды.

М.Серғалиев сөз тіркестерінің синонимиясын қарастырды. «Сөз тіркестерінің синонимикасында басыңқы сыңарларды бір түбірлі болу керектігін ескерсек және бағыныңқы сыңар қызметіндегі сөздер де бір түбірлі болып, соңғыларының тұлғалары әр түрлі болатындығына көз жеткізсек, синонимдік қатар жасаушы сөз тіркестерінің мазмұн-мағынасы жақын болатындығы өзінен-өзі түсінікті»,- деп атап көрсетіп, объектілік және пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестерінің синонимдігін мысалдар арқылы дәлелдеп береді.

Сөз тіркесі туралы құнды пікірлер, ой-тұжырымдар жасап жүрген Талғат Сайрамбаев өз еңбегінде күрделі сөз тіркестерінің жасалу жолына жан-жақты тоқталады. Ғалым күрделі сөз бен сөз тіркестерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарының ара жігін ашып көрсетеді. «Сөз тіркестерін құрауда сөз таптары басты элемент, бірақ сөз тіркестерінің түрлерін ажыратуда олардың да арақатынасы бірдей емес. Сөз тіркестерін құрауда зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, есімшелер затқа қатысты өрбісе, үстеу, еліктеуіш сөз, көсемше, сын есім, сан есім т.б. сөздер қимылға қатысты, яғни солармен тіркесуге қабілетті болып келеді. Бұдан қай сөз табының қай сөз табына қатысты екені айқындалады. Жалпы алғанда сөз тіркестерінің әрбір сыңары арқылы жеке сөз табын, оның морфологиялық өзгерісін, құрылымдық жүйесін, тіркесу қабілетін дербес мағынасы бар сөз бен дербес мағынасы жоқ сөздің рөлін т.б. айқындауға мүмкіншілік туады. Мұның өзі морфология мен синтаксистің тығыз байланыстылығын көрсетеді»,- деп, сөз тіркесі синтаксисінің морфологиямен өзара байланысын жіктеп көрсетеді.

Сөз тіркестерін диахрондық және синхрондық тұрғыдан зерттеп, әсіресе, меңгеру байланысын жан-жақты қарастырған – профессор Ә.Әбілақов. Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестерінің меңгеріле байланысқан етістікті тіркестерден өзіндік ерекшелігі барлығын, етістіктердің сөздердің белгілі бір септікте тұруын қажет ететінін, ал есімдердің ондайды қажет етпейтінін мысалдар арқылы дәлелдеп береді. Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестерінің меңгеріле байланысқан есімді тіркестерден бұрын пайда болғандығын көне ескерткіштер тіліне сүйене отырып дәлелдейді .

Сөз тіркесі синтаксисі туралы жинақталып, теориясы бір ізге түсіріліп, соңғы жаңалықтарды сараптап, сұрыптап берген еңбек - Ә.Аблақов, С.Исаев, Е.Ағмановтың авторлығымен 1997 жылы жарық көрген «Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі» атты тарихи-салыстырмалы негізде жазылған оқу құралы. Бұл оқу құралында ғалымдар сөз тіркесінің табиғатын ашып көрсетіп, сөз тіркесінің байланысу тәсілдері мен формалары жөнінде соны пікірлер айтады. Сөз тіркесі синтаксисі төңірегінде болып жүрген әр түрлі көзқарастар мен пікірлерді талдап, тіл фактілері негізінде дәлелдеп, саралайды. «...сөз тіркестері номинативтеніп, лексикалық бірліктер құрамына енуі де мүмкін, не болмаса предикативтеніп, аяқталған ойды білдірудің құралына айналуы мүмкін. Осылардың бәрі адамдар арасындағы қатынасты жақсарту мақсатымен және ойды барынша түсінікті, әсерлі жеткізу үшін тілдік мүмкіншілікті сарқа пайдалану қажеттігінен туындайды», - деп, сөз тіркестерінің дамуындағы басты тенденцияларды сұрыптап көрсетеді.

Сөз тіркесін зерттеген ғалымдардың бәрінің де сөз тіркесіне берген анықтамалары бір жерден шығып жатады да, ал оның байланысу тәсілдері мен түрлері, сөз тіркесіне ұқсас тұлғаларға келгенде пікір қайшылықтары кездесіп отырады. Бұл сөз тіркесі синтаксисінің кейінірек зерттелуіне және аталған тіркестердің үнемі даму үстінде болатындығынан болар.

Сөз тіркесіне, сөйлемге материалдық негіз болатын – сөз. Сөз тіл білімінде лексикология мен семасиологияның зерттеу объектісі болуымен қатар, грамматикада да әр түрлі ыңғайда қарастырылады. Сөздердің құрамы, тұлғасы, жасалу жолдары, олардың грамматикалық мағыналы топтары морфологияда қаралады. Ал сөздің сөз тіркесінің сыңары болуы, сөйлем мүшесі, кейде сөйлем қызметтерінде жұмсалуы синтаксисте қаралады. Сондай-ақ тіркескен сөз топтары да әр түрлі ыңғайда қарастырылады.

Сөз, негізінде, дараланған ұғымды, лексика – грамматикалық мағынаны білдіреді. Олар мағыналық үйлесімділігіне қарай тілдің синтаксистік ережелері негізінде әр алуан лексикалық және синтаксистік топ құрау арқылы сөйлем ішінде айтылады. Қарым-қатынас жасау үшін ойдың айтудың негізгі формасы сөйлем болса, сөзді сөйлем құраудың материалы деп білеміз. Сондықтан «Ас – адамның арқауы» дегендей, сөз – ой құраудың арқауы. Балықтың өмірі суда болатынындай, сөздің өмірі сөйлемде болады. Ол үшін сөздер өз ара тіркеседі, тіркесу арқылы сөйлемге енеді. Осыдан келіп сөздердің өз ара тіркесе алу қабілеттілігі олардың ең басты грамматикалық қасиетінің бірі болып есептеледі.

Сөздердің өзара тіркесу қабілеттілігі әрбір грамматикалық топтағы сөздердің мағыналық және грамматикалық ерекшеліктеріне негізделеді. Оның үстіне тіркескен сөздер тобының сапасы әр уақытта бір түрлі болмайды, әр алуан болады. Мысалы, екі, кейде одан да көп сөздер тіркесіп бір лексикалық түйдек жасалады (ақ қайың, боз торғай, кетіп бара жатыр); кейде екі не одан да көп сөз тіркесіп синтаксистік тізбек жасалады (қарлы тау, желсіз түн, жыл сайын көріну, саған бола келу).

Лексикалық және басқа түйдекті тіркестер «сөз тіркесі» деген категорияға жатпайды. Лексика – грамматикалық мағыналары айқын сөздердің біріне- брі сабақтаса бағынып барып жасалған синтаксистік тобы ғана сөз тіркесі деп есептеледі. Өз ара тіркескен сөздердің синтаксистік тобын сөз тіркесі деп тану үшін, оның мынадай белгілеріне қарау керек:

  1. сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болады;

  2. ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық және синтаксистік байланыста айтылады. Олар салаласа байланыспайды, тек сабақтаса байланысады.

  3. тіркескен сөздер анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынаста жұмсалады.

Сөйтіп, синтаксистік қарым – қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі

сөздің сабақтаса байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз.

Сөз тіркесіне байланысты мәселені оқыту үшін, ең алдымен, сөз тіркесінің табиғатын, өзіндік мәнін ашып алу қажеттігі бірінші орында тұрады. Осындай қажеттілікті шешу үшін, біріншіден, сөз тіркесін өзіне ұқсас тұлғалардан атап айтқанда, сөйлемнен, атаулы сөйлемнен, атау мәнді тіркестерден, фразеологиялық тіркестерден, түйдекті тіркестерден, сондай-ақ, күрделі сөздерден бөліп алып, өзіндік ерекшеліктерін ашып көрсету қажет болса, екіншіден, сөз тіркесінің байланысу тәсілдері мен формаларын тілдік материалдардың негізінде айқындап алу керек.

Сөз тіркесі және номинативті тіркестер. Сөз тіркесі де сөйлем сияқты синтаксистік единица екендігіне ешкім талас туғызбайды, бірақ сөз тіркесі мен сөйлемнің арасында қандай айырмашылық бар деген сұрақ әлі де шешімін таба қойған жоқ. Бұл мәселе – тек түркі тіл білімінде ғана емес, тіпті орыс тіл білімінің өзінде де талас туғызып жүрген жайттардың бірі.

В.В.Бабайцева, В.В.Виноградов, А.С.Смирницкий, К.Аханов, Н.А.Баскаков сөз тіркесіне номинативті қасиет тән десе, Ю.В.Фоменко, А.Моисеев, М.Балақаев сөз тіркесінің номинативтілігін жоққа шығарады.

В.В Виноградов: «Сөйлем құрамына ғана және сөйлем арқылы сөз тіркестері коммуникативті құралдарының жүйесіне ене алады. Сөйлемнен тыс, тек соған керекті құрылыс материалы ретінде қаралатын сөз тіркестері сөздер тәрізді болады да, тілдің номинативті құралдарының саласына, заттарды, құбылыстарды, процестерді белгілеу құралдарының қатарына ене алады» - дейді.

К.Аханов бұл пікірді қуаттайды. «Сөз тіркестері номинативті сипатқа бұрыннан жасалып қойған, даяр тұрған единицалар ретінде емес, сөздердің тілдік грамматикалық заңдары бойынша тіркесуі арқылы ие болады» .

Біздің ойымызша, екі номинативті мәнге ие сөздердің тіркесуінен үшінші бір номинативті сөз алайық, ақылды қыз. Осы екеуінің тіркесінен үшінші бір номинативті мән пайда болып тұрған жоқ, жаңа грамматикалық мағына жасалып тұр. Ол – анықтауыштық қатынас.

М.Балақаев номинативтілік қасиет туралы өз еңбегінде анық көрсеткен. Ол сөз тіркесінің бәріне номинативтілік мән тән емес екендігін, тек олардың жұмсалуы орайында атқаратын қызметі тұрғысынан номинативті деп тануға болатындары бар деп, оған сөз тіркесі құрылысында пайда болған терминдік тұрақты атауларды (социалистік жарыс, қант қызылшасы, темір жол т.б.) жатқызады. Сол сияқты газет, журнал, кеңсе атауларын да да номинативті тіркестердің қатарында қарастырады.

Ғалым, профессор С.Исаев мұндай тіркестерді атаулық тіркестер деп атауды ұсынады. Тіл білімінде тіркес атаулы екі үлкен топқа бөлініп қарастырылатынын (еркін сөз тіркестері және фразеологиялық тіркестер немесе идиомалық тірекестер) айта келіп, осы екі топтан да айырмашылығы бар тіркестерге тоқталады. Олардың бір-бірінен айырмашылығын мысалдар арқылы салыстыра отырып дәлелдейді де, « ...атаулық тіркестердің басыңқы немесе тіркес құрауға ұйтқы болған діңгек сөзі көрініп тұрады... Беретін мағынасы, негізінен, заттың я құбылыстың атауы болғандықтан, оларды атаулық тіркестер деп бөліп отырамыз»,- дей келіп, ашық хат, аяқ киім, кәмелеттік аттестат, балалар бақшасы т.б. тәрізді тіркестерді атаулық тіркестердің қатарына жатқызады да, «... қазақ тіліндегі атаулық тіркестер жаңа сөз жасаудың да бір көрінісі болып есептелсе керек»,- деп тұжырымдайды.

Сонымен, номинативті тіркестер немесе атаулық тіркестер - еркін тіркестер мен біріккен, кіріккен, сондай-ақ, күрделі сөздер аралығындағы, яғни белгілі бір атауға көшіп бара жатқан тіркестер. Мұндай тіркестерді тұрақталған атаулар деп те айтуға болады. Мысалы: Алматы қаласы, Арал теңізі, опера және балет театры т.б. Бұдан шығатын қорытынды – сөз тіркесіне номинативті қасиет тән емес, ол күрделі сөздерге тән қасиет.

Сөз тіркесі және сөйлем. Жалпы сөз тіркесі мен сөйлемнің арасында қандай айырмашылық бар, ол неден байқалады деген сұрақ - әлі де болса толық шешімін таба қоймаған мәселе.

Белгілі түркітанушы Н.К.Дмитриевтің сөз тіркесін сөйлемнен айырып тану туралы айтқан пікірлері де тіл білімінде біраз талас тудырды. Әсіресе бастауыш-баяндауыштық қатынаста тұрмаған сөздер табының бәрін сөз тіркесіне жатқызу, байымдауды (суждение) сөйлемнің сөз тіркесінен ажыратушы меже деп тануы біраз дәлелдеуді қажет етеді.

Байымдауды сөйлемді сөз тіркесінен ажыратушы меже деп тану туралы көзқарастар Н.А.Баскаков еңбектерінде де кездеседі. Ғалымның сонымен бірге аталған екі синтаксистік категорияны (сөз тіркесі мен сөйлем) ажыратуда басыңқы сыңардың грамматикалық формасын меже етіп алу керектігі туралы пікірі де бар. Автордың пікірінше, атқа мінді десек – сөйлем, ал, атқа мініп, атқа мінген десек – сөз тіркесі, дәлірек айтсақ, сөз тіркесі болу үшін оның басыңқы сыңары есімше, көсемше тұлғаларынан жасалуы керек.

Қазіргі қазақ тіл білімінде предикаттық емес (бастауыш-баяндауыштық) қатынаста тұрған тіркестерідің барлығы бірдей сөз тіркесі бола алмайтындығы, байымдаудың грамматикаға емес, логика ғылымына тән екендігі туралы пікірлер орныққан.

Сөз тіркесін жан-жақты зерттеген ғалымдардың бірі – Е.И.Убрятова якут тілі синтаксисіне қатысты еңбегінде сөз тіркесінің негізгі түрлерін синтаксистік байланысқа негіздей қарастырады. Ғалымның сөз тіркесін «предикативті», «предикативті емес» деп қарастыруы және т.б. пікірлері, бір жағынан, сөз тіркесін грамматикалық тұрғыдан зерделеуінен туған болса, екінші жағынан, өзіндік қыр-сыры мол тіркес табиғатын тануда сол кезде үстемдік алған көзқарастардың ықпалынан екені айқын сезіледі. Ғалым ұсынған таптастыруды тек синтаксистік тіркестерге қатысты емес, жалпы бір-бірімен грамматикалық байланысқа түскен сөздер тобына қатысты алсақ дұрыс болар еді. Сөйтіп, тіліміздегі тіркеске түсуші сөздердің арасындағы синтаксистік қатынастарды предикативті және предикативті емес деп топтастырсақ, бастауыш пен баяндауыштың қатынасы – сөйлем предикативті қатынасқа, ал сөз тіркесіне тән анықтауыштық, толықтауыштық пысықтауыштық қатынастар предикативті емес қатынасқа негіз болатынын аңғару қиын емес.

Сөйлем, оның ішінде жай сөйлем мен сөз тіркесі өзара ұқсас, бірақ олардың елеулі айырмашылықтары бар. Сөйлем сөз тіркесінен коммуникативті қызметі жағынан ажыратылады. Мынадай мысалдар келтірейік: 1/ Марат келді. 2/ауылдан келді, қаламмен жазды. Біріншісі – сөйлем, екіншісі – сөз тіркесі.

Сөйлемнің өзіне тән құрылымдық үлгісі болады. Ол – бастауыш, баяндауыштық құрылым. Сөйлемге мұнан басқа мынадай белгілер тән: коммуникативтілік, предикативтілік, интонация, модальділік. Сонымен, сөйлем сөз тіркесінен коммуникативтілік қызметімен, предикативтілік қасиетімен, интонациялық, модальділік белгілермен ажыратылады. Ал мұндай ерекшеліктер сөз тіркесінде болмайды.

Сөз тіркесін өзге құбылыстардан ажыратуға негіз болатын бірнеше белгілер бар, соның ішінде ең негізгісі – бағыныңқы, басыңқылық қасиет. Осы тұрғыдан предикативтілік қатынас негізінде жасалған тіркестерді сөз тіркестерінің қатарына жатқызамыз ба деген сұраққа тіл мамандары осы уақытқа дейін әр түрлі жауап беріп келеді. Бұл жайында О.С.Ахманова былай дейді: «Байланыстың негізгі үш түрі – атрибутивті, комплективті және предикативті түрлерінің ішінен біріншісі әрқашан да сөз тіркесін тудырады; байланыстың екінші түрі өздерінің тығыз байланысты формаларында ғана сөз тіркесін туғызады, үшіншісі оны (сөз тіркесін) ешқашан да тудыра алмайды» .

Мұндай пікірді жақтаушылар предикативті қатынас негізінде жасалған тіркестерді сөз тіркестерінің қатарында қарамай, предикативті конструкция немесе предикативті тізбек деп есептеп, бұларды сөз тіркесінің синтаксисі емес, сөйлемнің синтаксисі деп тану керек дейді.

М.Балақаев мұндай көзқарасты құптамайды: «Сөйлемді сөйлемдік қасиеттеріне қарап, сөз тіркестерін де өзіндік қасиеттеріне қарап танып, мысалы жазық дала дегенді сөз тіркесі деп танысақ, атқа мінді дегенді әрі сөйлем, әрі сөз тіркесі деп қарау керек», - дейді.

К.Аханов жоғарыда сөз болған белгілі түркітанушылардың көзқарасына сүйенген Балақаевтың пікірін теріске шығара келіп былай дейді: «…бір ғана құбылысты (атқа мінді) әрі сөйлем, әрі сөз тіркесі деп қарау сөйлем мен сөз тіркесінің жігін ажыратпауға, оларды бір-бірімен араластырып жіберуге әкеп соғады».

Біздің ойымызша, атқа мінді деген – сөйлем емес, сөз тіркесі. Өйткені мұнда сөйлемге тән бастауыш, баяндауыштық құрылымдық үлгі, предикативтілік, модальділік, интонациялық қасиет жоқ, меңгерудің бағыныңқы байланысына тән тәуелді септік тұлғасы бар.

Ал жоғарыдағы жазық дала тіркесі тек сөйлем ішінде ғана сөз тіркесі болады да, жеке тұрған кезде атаулы сөйлем болады. Мәселен, жазық дала типтес егіс даласы дегенді алалық. Егіс даласы. Жайқалған алқап көз тартады. Комбайндар егіс даласында сап түзеп барады деп алсақ, осындағы бірінші сөйлемдегі «егіс даласы» атаулы сөйлем, ал екіншісі – сөз тіркесі. Себебі, атаулы сөйлемдердің мазмұны осы шақтағы болмысты, құбылысты білдірумен байланысты болады. Атаулы сөйлем көбінесе мезгілді, айналамыздағы табиғат құбылыстарын, заттардың сол заттық бейнелі қалпын айтуға арналады. Ал сөз тіркесі сөйлемнен тыс қолданылмайды, ол тек сөйлем ішінде танылады.

Кез келген сөздер тіркесі атаулы сөйлем бола алмайды. Атаулы сөйлем болу үшін оның айтатын ойға қатысы болу керек. Өзінен кейін келетін атаулы емес сөйлеммен мезгілдес, сабақтас болуы шарт. Сондықтан газет-журналдың, мекеменің маңдайшасына жазылған атаулар атаулы сөйлем бола алмайды. Мұндай тіркестерді кейінгі кезде ғалымдар «атаулық тіркестер» деп атап жүргенін айтып кеттік.

Сөз тіркесі және фразеологиялық тіркестер. Сол сияқтя фразеологиялық тіркестер де еркін сөз тіркесінің қатарында жатпайды, өйткені фразеологиялық тіркестер грамматикалық мағынаны емес, басқа бір лексикалық мағынаны білдіреді, орны жағынан тұрақты, бір ғана сұраққа жауап береді, өзге тілге сөзбе-сөз аударуға көне бермейді.

Еркін сөз тіркесі құрамындағы сөздер бірігіп келсе, басқа бір лексикалық мағынаны емес, грамматикалық мағынаны, яғни анықтауыштық, пысықтауыштық, толықтауыштық қатынасты білдіреді.

Сөз тірксінің әрбір сыңарларының арасындағы байланыс анағұрлым еркіндеу болады. Бірақ бұл еркіндіктің де шегі болады. Ал фразеологиялық тіркестің сыңарларының арасындағы байланыс бекем болады. Еркін сөз тіркесі сөйлеу кезінде жасалса, фразеологиялық тіркестер бұрыннан даяр тұрған қалпында қолданылады.

Сол сияқты фразеологиялық единицалардың бір қатарының негізі еркін сөз тіркестеріне келіп тіреледі, басқаша айтқанда, еркін тіркестер көптеген тұрақты тіркестердің жасалуына ұйтқы болады. Мұны көптеген тұрақты тіркестердің еркін сөз тіркестері модельдері негізінде жасалғандығы, әрі ондай құбылыстың осы уақытқа дейін сақталғандығы қуаттайды. Салыстырып көрелік: етпетінен жату – етпетінен түсу, зат көру -қол көру (ойын), жіп жалғау – жүрек жалғау т.б. Осылардың алдыңғылары – еркін сөз тіркестері де, соңғылары – тұрақты тіркестер, яғни тұрақты тіркестер, яғни тұрақты тіркестер еркін сөз тіркестерінің құрылымдық үлгілері негізінде жасалып тұр.

Күрделі сөздер тәрізді тұрақты сөз тіркестері де сөйлеу кезінде жасалмай, бұрыннан даяр тұрған қалпында сөз тіркесінің немесе сөйлемнің құрамына келіп енеді.

Тұрақты тіркестердің бір ерекшелігі – олардың тұтасымен бір ғана лексикалық мағынаны білдіретіндігі. Ал еркін сөз тіркестерінің әрбір сыңарлары дербес мағынаға ие.

Тұрақты тіркестердің тағы бір ерекшелігі – құрамындағы сөздердің орны жағынан тұрақты болып келуі. Сондықтан да тіркес сыңарларын басқа бір сөздермен ауыстыруға болмайды, ауыстырған жағдайда олар тұрақты тіркес болудан қалады. Ал еркін сөз тіркестерінің сыңарларын орны жағынан ауыстыруға болады, одан грамматикалық мағынаға нұқсан келмейді, мәселен, ақ қағаз тіркесін, сары қағаз, қара қағаз, жасыл қағаз т.б. деп алмастыра беруге болады, өйткені бұл тіркестерідің барлығы анықтауыштық қатынаста жұмсалып тұр. Бірақ кез келген сөзбен ауыстыра беруге болмайды, бұл жерде ескеретін бір жайт – тіркес негізге алынады. Сонымен бірге лексикалық тұрғыдан да байланыс қажет.

Синтаксистік сөз тіркесі болу үшін мағына дербестігі міндетті болса, ал фразеологиялық тіркес үшін мұның қажеті жоқ, өйткені тұрақты тіркес құрамындағы сөздер лексикалық мағынасы жағынан не солғындап, не айырылып, сол тобымен өзге бір лексикалық мағынаны білдіретіндей болып қалыптасқан. Тұрақты тіркестер тұтас қалпымен сөз тіркесінің бір сыңарының қызметін атқармаса, өзі дербес тұрып сөз тіркесі бола алмайды.

Сөз тіркесі және күрделі сөздер. Еркін сөз тіркестерінің сыңарлары белгілі бір сапаны, іс-әрекетті, белгіні, түрді, түсті білдіреді. Егер сөз тіркестерінің сыңарларының бірі сапаны немесе іс-әрекетті білдіру қасиетінен айырылып, лексикаланып, мағыналық тұрғыдан өзгеріске түссе, мұндай тіркестер сөз тіркестері болудан қалып, фразеологиялық тіркестердің немесе күрделі сөздердің қатарына қарай көшеді. Демек, бұл тіркестердің түпкі тегі – еркін сөз тіркестері. мысалға бозторғай, қараторғай деген сөздерді алайық. Бұлар тарихи тұрғыдан алғанда, еркін сөз тіркестері болған да, тілдің дамуы барысында лексикаланып, белгілі бір заттың атауына көшкен. Бірақ бозторғай сөзін боз кілем тіркесімен шатастыруға болмайды, боз кілем тіркесіндегі боз сөзі заттың түрін, түсін білдіру мәнінде жұмсалып, өзінің лексикалық мағынасын сақтап, соған орай кілем сөзін анықтап, анықтауыштық қатынаста жұмсалып тұр. Сондықтан да боз кілем тіркесінің құрамындағы сөздер жеке-жеке сұраққа жауап береді, сөйлемнің белгілі бір мүшесінің қызметін атқарады, ретіне қарай тіркес құрамындағы сөздердің орнын ауыстыруға болады. Мәселен, кілем сөзін боз сөзімен емес қызыл кілем деп айтсақ, одан грамматикалық мағына өзгермейді, сол анықтауыштық қатынаста қала береді. Бозторғай тіркесінің бойынан мұндай қасиетті таба алмаймыз, өйткені боз сөзі лексикаланып, анықтауыштық қасиеттен айырылған.

Балқия Қасым өз еңбегінде: «... күрделі сөздің қай-қайсысы болмасын, оның көзінде – сөз тіркесі тұрғандығы белгілі. Ең бастысы олардың тіл заңдылығына қалай келіп, қалай жасалатындығында болса керек», - дейді.

Сөз тіркесі және сөздердің салалас қатарлары. Тұрақты тіркестер сияқты салаласа байланысқан тіркестер де сөз тіркесі бола алмайды. Салаласа байланысқан тіркестер қатарына әке мен бала, бойжеткен мен бозбала, ақылды да айбатты тәрізді тіркестер жатады. Осы типтес тіркестер тіл білімінде салаласа байланысқан тіркестер немесе сөздердің салалас қатарлары деп аталып жүр. Мұндай тіркестердің ерекшеліктерін сөз тіркесінен ажырату үшін, оның құрылымдық ерекшелігіне назар аударған жөн. Сөз тіркесі өзінің тұйықтылық қасиетімен сипатталады, сөз тіркесі сыңарларының бірінің басыңқы, екіншісінің бағыныңқы болып келу қасиетінен көрінеді. Мысалы биік үй, мектепке келді тәрізділердің бірінші сыңарлары – тәуелді, бағыныңқы мүше де, екінші сыңарлары – ұйтқы, басыңқы мүше. Демек, сөз тіркесін жасауда ұйтқы мүшенің рөлі зор. Сөз тіркесі сөйлем құрамындағы өзге сөздермен басыңқы тұлғалық өзгерістерге түсуі арқылы байланысады, ал бағыныңқы сыңарлар өзінің бастапқы қалпын сақтап өзгеріске түспейді. Бұл қасиет түркі тілдеріне ғана тән, ол оның артықшылығына емес, ерекшелігіне байланысты. Орыс тіл білімінде бағыныңқы сыңар басыңқы сыңардың ыңғайына қарай жекеше, көпше, септік және тек (род) тұлғасына қарай түрленіп отырады. Ал салаласа байланысқан тіркестерде мұндай ерекшелік жоқ, олар бір-бірімен өзара тең дәрежеде байланысады. Салаласа байланысқан тіркестердің бір ерекшелігі – олардың орнын алмастырып айтуға көнеді, бірақ бұдан салаластық қатар ыдырамайды, жойылып кетпейді. Мысалы, ұл мен қыз, қыз бен ұл – сөйтіп, бұлар сөйлемнің бірыңғай мүшелерін құрайды. Ал сабақтаса байланысқан сөз тіркестерінің сыңарларының орнын бұлай алмастыруға болмайды, өйткені мұндай жағдайда сөз тіркестерінің мазмұны мен грамматикалық табиғаты өзгеріп кетеді.

Сөз тіркесі және толық мағыналы сөздер мен көмекші сөздер тіркесі. Сөз тіркесінің құрамындағы сөздер өзара сабақтаса байланысуы керек, әрі дербес мағынасы болуы қажет. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, толық лексикалық мағынасы бар сөздер мен көмекші сөздердің (шылаулардың, көмекші тіркестердің, көмекші есімдердің) тіркесі сөз тіркесін құра алмайды, өйткені көмекші сөздер өзі тіркесіп тұрған сөздердің мағынасын толықтырады, жетілдіреді, бірақ жаңа бір грамматикалық мағына тудыра алмайды, яғни толықтауыштық, анықтауыштық, пысықтауыштық қатынасты білдірмейді, сонымен, сөз тіркесінің құрамындағы сыңарларының әрқайсысының дербес, толық лексикалық мағынасының болуы - сөз тіркесіне тән басты шарттардың бірі.

Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, толық лексикалық мағынасы бар сөздер мен көмекші сөздердің байланысы сөз тіркесін құраған, өйткені қазіргі кезде көмекші сөздер деп жүргеніміз – ертеде өзінің лексикалық мағынасы болған сөздер. Олар тілдің дамуы барысында, қажеттілікке орай, көмекші сөздер қатарына қосылған. Осыған байланысты, олар сөз тіркесі болудан қалған, бірақ сөз тіркесіне тән байланысу амал, тәсілін сақтап қалған. Мысалы: үйге дейін, концерттен соң (синтетикалық тәсіл арқылы, меңгеріле байланысқан), көпірдің үсті, үйдің маңы (синтетикалық тәсіл арқылы, матаса байланысқан). Осы тәрізді тіркестер қазақ тіл білімінде түйдекті тіркестер деп аталып жүр.

Мұндай тіркестер сөз тіркесі болу үшін, басқа бір лексикалық мағынасы бар сөздермен тіркесуі керек: үйдің маңын тазалау, концерттен соң барды т.б.

Сөз тіркесі және сөздер тіркесімділігі. Біз ойымызды екінші біреуге жеткізу үшін тіліміздегі сөздерді пайдаланып, тіркестіріп, сөйлемдер құрап, қажетіне қарай пайдаланамыз. Бірақ, мұнда ескеретін бір жайт – кез келген сөзді тіркестіре беруге болмайды. Мысалы, ақылды сөзін тек адамға байланысты ғана айта аламыз, ал ақылды сиыр, ақылды түйе деп айта алмаймыз. Демек, сөздер мағыналық тұрғыдан үйлесімін тапқанда ғана өзара тіркеседі. Мұндай ерекшелік қазақ тіл білімінде сөздердің тіркесу қабілеті немесе сөздердің тіркесімділігі деп аталады.

Жоғарыда келтірілген мысалдардан кез келген екі сөздің тіркесімділігі сөз тіркесін құрай бермейтіндігін көреміз. Бұдан шығатын қорытынды, грамматикалық қасиеті жағынан сөздер өзара тіркесе беруі мүмкін. Мысалы: ақылды жер, былтыр барады. Бірақ бұлай қолдануға болмайды. Оның себебі – бұл сөздер лексикалық мағынасы жағынан үйлесімділігін таппаған сөздер. Сондықтан, сөздердің бір-бірімен тіркесе түсуінде лексикалық мағынаның атқаратын қызметі зор.

Сонымен, жоғарыда айтылғандарды тұжырымдай келгендегі айтар түйін - әрқайсысы дербес лексикалық мағынаға ие сөз таптарының синтаксистік қарым-қатынасы негізінде сабақтаса байланысқан кем дегенде екі сөздің тіркескен тобы – сөз тіркесі деп аталады.

Осы анықтамаға сүйенсек, түйдекті тіркестер, фразеологиялық тіркестер, салаласа, байланысқан тіркестер, терминдік тіркестер, бастауыш пен баяндауыштан тұратын тіркестер, тіркес ыңғайындағы атаулы сөйлемдер сөз тіркесінің қатарына жатпайды. Олардың сөз тіркесі қатарына жатпайтындығы тіл фактілері негізінде жоғарыда баяндалды.

Сөздердің бір-бірімен тіркесуі әрбір грамматикалық топтағы сөздердің мағыналық сиымдылығы мен грамматикалық сипатына негізделеді. Мәселен, сын есім заттың сынын, сапасын білдіретіндіктен, көбінесе зат есіммен тіркеске түседі, үстеулер қимылға тән сапаны білдіретіндіктен, етістіктермен тіркесуге бейім тұрады. Тіл фактілері де сөз тіркесін сөйлем мүшелері негізінде емес, сөз таптары негізінде топтастыруды қажет етеді. Сондықтан сөз тіркесін топтастыруда алдымен оның басыңқы сыңарының қай сөз табынан, оның грамматикалық табиғатын айқындау мақсатында бағыныңқы сыңарының да қай сөз табынан жасалғандығы негізге алынады.

Осыған орай, тіл білімінде сөз тіркестерін басыңқы сыңарларының қай сөз табынан жасалуына қарай есімді сөз тіркесі және етістікті сөз тіркесі; байланысу формасына қарай: қабыса байланысқан, матаса байланысқан, меңгеріле байланысқан, жанаса байланысқан сөз тіркестері; байланысу тәсіліне қарай: аналитикалық тәсіл, синтетикалық тәсіл, аналитика-синтетикалық тәсіл арқылы байланысқан; синтаксистік қатынасына қарай: атрибутивтік, обьектілік, адвербиалдық қатынастағы тіркестер деп ажыратылады.

Сонымен қорыта келгенде, сөз тіркесі бойынша мынадай тұжырым жасауға болады.

  • кем дегенде толық мағыналы екі сөзден тұратындығы;

  • бір-бірімен салаласа байланыспай, сабақтаса, яғни, бірі екіншісіне иек арта, бағына байланысатындығы;

  • олардың байланысынан басқа бір лексикалық мағына пайда болмай, грамматикалық мағына туатындығы;

  • тұрақты, терминдік тіркестердің, күрделі сөздің, салаласа байланысқан тіркестердің, толық мағыналы сөздер мен көмекші сөздер тіркесінің сөз тіркесі қатарына жатпайтындығы;

  • басыңқы сыңардың қай сөз табынан жасалуына қарай есімді, етістікті болып бөлінетіндігі; есім сөз тіркестерінің бірінші пайда болғандығы.