Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
умк банк ісі.docx
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
124 Кб
Скачать
☆
  1. Банк ресурстарының ұғымы және құрылымы

  2. Банктің меншікті капиталы: көздері мен қызметтері

  3. Банктің тартылған қаражаттары

1-Сұрақ. Коммерциялық банктер бір жағынан, шаруашылық субьектілерінің уақытша бос ақшалай қаражаттарын тартатын болса, екінші жағынан, бұл қаражаттар есебінен кәсіпорындар мен ұйымдардың әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандыратын арнайы мекеме. Коммерциялық банктің пассивтік операцияларының негізінде оның қызметінің жүзеге асырылуы үшін қажетті банк ресурстары жинақталады.

Банк ресурстары тек несиелеуге ғана емес, сол сияқты басқада активтік операцияларды қаржыландыру үшін пайдаланылады. Бүгінгі таңда банк ресурстары нарығының құрылуында көптеген ерекшеліктер бар. Коммерциялық банктер қызметтерінің тұрақтылығы үшін, ең бастысы, олардың қаражаттары өтімді болуы керек, ал оның қамтамасыз етілуі, банктік ресурстар мен несиелік жұмсалымдар арасындағы көлемі және мерзімі бойынша тепе-теңдіктің сақталуын талап етеді. Коммерциялық банктер ерекше бір кәсіпорын ретінде делдалдық қызметке байланысты, банктік ресурстар нарығында ақшалай ресурстарды сатып ала отырып, оны қажет ететін кәсіпорынға, ұйымға және халыққа сатып отырады.

Банк ресурстары – бұл банктің пассивтік операцияларының негізінде қалыптасқан және барлық активтік операциялар бойынша банк өтімділігін қамтамасыз ету және пайда табу мақсатында орналастыруға бағытталған банктің меншікті және тартылған қаражаттарының жиынтығы. Банк ресурстарының құрылымына келесілер жатады:

  1. банктің меншікті капиталы;

  2. банктің қарыздық және тартылған қаражаттары.

Меншікті және тартылған банк ресурстары Ұлттық банкте ашылатын корреспонденттік шотта көрсетіледі. Бұл активтік шот дебеті бойынша ресурстар, ал кредиті бойынша несиелік жұмсалымдар беріледі.

2-Сұрақ. Банктің меншікті капиталы банктің тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды. Банктің бастапқы құрылуы барысында меншікті капитал көмегімен банк қызметіне байланысты алғашқы шығындар: жер, ғимарат, құрал-жабдық, жалақыға жұмсалатын және т.б. шығындар жабылады. Банктің меншікті капиталы – банктің қаржылық тұрақтылығын, коммерциялық және шаруашлылық қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған банктің әртүрлі қорлары мен ағымдағы қызметінің нәтижесіне байланысты және өткен жылдардағы бөлінбеген пайдасы.

Коммерциялық банктердің меншікті баптары келесілерді құрайды:

    1. жарғылық капитал;

    2. резервтік капитал;

    3. қосымша капиталдар;

    4. банк операциялары бойынша тәуекелдерді төмендету мақсатында құрылған қорлар;

    5. бөлінбеген банк пайдасы.

Банктің жарғылық капиталы банктің заңды тұлға ретінде міндетті түрде құрылуын және өмір сүруінің экономикалық негізін құрайды. Жарғылық капиталдың төменгі мөлшері Қазақстан Ұлттық банктің пруденциялық нормативтерімен реттеліп отырады. Банктің жарғылық капиталы, оның құрылтайшыларының қосқан жарналары немесе пайлары сомасынан тұрады. Меншікті капиталдың құрамдас бөлігі акционерлік капитал. Бағалы қағаз шығару есебінен құрылған банктің жарғылық капиталын банктің акционерлік капиталы деп атайды. Акционерлік банктің акциясы – банктің жарғылық капиталына үлес қосқандығын куәландыратын, дивиденд алуға және банкті басқару ісіне араласуға құқық беретін бағалы қағаз. Резервтік қор – банк қызметінде пайда болуы мүмкін зияндардың орнын жабу мақсатында құрылған қаражат қоры. Сондай-ақ резервтік қор банктің тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етеді. Қосымша капиталдар негізгі құралдардың тозуына байланысты аударылған аударымдар есебінен және белгілі мақсатқа бағытталған пайданы бөлу нәтижесінде құрылатын қаражаттар. Арнайы қорлар – негізгі қорларды қайта бағалау негізінде, валюталық қаражаттарды қайта бағалау қоры, яғни ұлттық валюта мен шетел валюталары арасындағы айырма нәтижесінде құрылады. Жекелеген банктік операциялар бойынша тәуекелді төмендету мақсатында құрылатын арнайы резервтерге несиелік тәуекелді жабуға және бағалы қағаздардың құнсыздануына байланысты құрылған резервтер жатады. Бөлінбеген пайда – акциялар бойынша дивидендті төлегеннен кейін және резервтік қорға аударғаннан қалған пайданың бөлігін білдіреді.

Банктің меншікті капиталын ұлғайту жолдарына келесілер жатады:

    1. банк пайдасы;

    2. акциялар мен облигациялар шығару;

    3. құрылтайшылар санын арттыру.

Банктік капитал банктің дербестігін қамтамасыз ете отырып, оның қаржылық тұрақтылығына кепіл болады. Осы мақсатта банктің меншікті капиталы келесі қызметтер атқарады:

    1. Қорғаныс қызметі – банктің салым иелеріне ақы төлеу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар ағымдағы табыс болмаған жағдайда зияндарды жабуға қызмет етуін сипаттайды;

    2. Шұғыл қызметі – жер, ғимарат, құрал-жабдықтар алуға қажетті меншікті қаражаттарды жұмылдыруды және басқада зияндар жағдайына байланысты резервтер құруды сипаттайды;

    3. Реттегіштік қызметі – қаржы және салым иелерінің мүдделерімен, банк операцияларына бақылауды жасауға мүмкіндік беретін заңдар мен ережелерге тікелей байланысты;

    4. Айналым қызметі – кез-келген банк капиталы банкроттыққа қарсы немесе зияндардың орнын жабу үшін құрылмайды. Олардың басты мақсаты коммерциялық қызмет көрсету болып табылады. Мұндай қызметтер тәуекелмен байланысты болғандықтан, банк капиталының бұл қызметі тәуекел дәрежесін есепке алуымен байланысты.

    5. Резервтік қызметі – банктер ресурстарының тапшылығына байланысты міндетті түрде құрайтын резервтер сияқты, активтік операциялардан болатын тәуекелдердің орнын толтыру үшін арнайы резерв құруға мәжбүр болады. Мұндай зияндар банк капиталының айналым қызметіне жатпайтындықтан, олардың басқа қызметі- резервтік қызмет арқылы қолдап отырады.

3-Сұрақ. Банк ресурстарының құрылымында тартылған қаражаттар үлесі меншікті қаражаттармен салыстырғанда өте жоғары, олардың есебінен банктің активтік операцияларының басым бөлігі жүзеге асырылады. Банктік тәжірибеде барлық тартылған қаражаттарды екі топқа бөледі:

    1. депозиттік қаражаттар;

    2. депозиттік емес тартылған қаражаттар.

Тартылған қаражаттар ішінде ең көп бөлігін депозиттер құрайды. Депозиттер банк үшін арзан ресурс көзі болып табылады. Депозит – бұл клиенттердің банктегі белгілі бір шотқа салған және өздері пайда алатын қаражаттары. Депозиттік емес тартылған қаражаттар – бұл банктің алған қарыздары түрінде немесе өздерінің меншікті бағалы қағаздарын сату жолымен тартатын қағаздары.

Депозиттік операциялар бұл клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттарын белгілі уақытқа және пайыз төлеу шартымен тартумен байланысты операциялар. Бұл операциялар банктік ресурстар қалыптастырудың негізгі көзі. Экономикалық мазмұнына қарай депозиттерді келесі топтарға бөледі:

- талап етуіне дейінгі депозиттер;

- мерзімді депозиттер;

    1. жинақ салымдары.

Талап етуіне дейінгі депозиттер - бұл салым иелерінің бастапқы талап етуіне байланысты әртүрлі төлем құжаттар арқылы қолма-қол ақшаларын алатын әртүрлі шоттардағы қаражаттар.

Мерзімді депозиттер – бұл банктерде белгілі бір мерзімге және пайыз төлеу шартында орналастырылған клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттары.

Жинақ салымдарының белгіленген мерзімі жоқ, қаражатты алуда ескертуін талап етпейді, салымның жоғарғы шегі шектелген, ақшаны алу және салу кезінде жинақ кітапшасын көрсетуі қажет. Депозиттік емес ресурстар банктің қысқа мерзімді өтімділігін қолдау мақсатында тартылады. Оларға банкаралық несиелер, Ұлттық банктің несиелері, банктің меншікті бағалы қағаздарын эмиссиялау нәтижесінде тартқан ресурстары, сондай-ақ отандық және шетелдік басқада қаржы нарығынан сатып алынған ресурстары жатады. Банкаралық несие – бұл коммерциялық банктердің бір-біріне беретін несиелері. Ұлттық банктің коммерциялық банктерге қысқа мерзімді өтімділігін қолдап отыру мақсатында беріліп отырған несиелеріне келесілерді жатқызады: овернайт және күндізгі заемдар. Овернайт – банктердің Ұлттық банктегі корреспонденттік шотында дебеттік қалдықтың пайда болуына байланысты бір түнге берілетін несие. Күндізгі заем – банктің жұмыс күні ішінде банктердің Ұлттық банкте ашқан корреспонденттік шотында уақытша қаражат жоқтығына немесе жетіспеуіне байланысты ақшалай аударымдар мен төлемдер жасау мақсатында берілетін несие.

5-Дәріс. Банктің есеп айырысу-кассалық операциялары

  1. Есеп айырысу операциялары, олардың жіктелуі

  2. Банктік шотты ашуды ұйымдастыру тәртібі

  3. Есеп айырысу формалары мен құралдары

  4. Банкаралық есеп айырысу операциялары

  5. Кассалық операциялар

1-Сұрақ. Отандық банк тәжірибесінде банктердің есеп айырысу-кассалық операциялары келесі түрлерге бөлінеді:

  1. банктік шоттар ашу;

  2. ұлттық немесе шетел валютасында аударым операциялары;

  3. шоттан қолма-қол ақша беру;

  4. қолма-қол ақшаларды инкассациялау.

Отандық банктер есеп айырысу операцияларын ұйымдастырушылар болып табылады.

Есеп айырысу операциялары келесі белгілеріне байланысты жіктеледі:

  1. Есеп айырысу субьектілеріне қарай а) банктік емес секторлар (шаруашылық субьектілері) арасындағы банктер арқылы есеп айырысулар;

б) жеке сектор – үй шаруашылықтарының банктер арқылы есеп айырысулары:

в) банктік сектор – банкаралық есеп айырысулар.

  1. Есеп айырысу обьектілеріне қарай а) тауарлы операциялар бойынша есеп айырысулар;

б) банк несиелері және басқада міндеттемелері бойынша төлемдер

  1. Есеп айырысу аумағына қарай: а) мемлекет ішіндегі есеп айырысулар;

б) мемлекет арасында (халықаралық) есеп айырысулар.

  1. Есеп айырысу формаларына қарай: а) қолма-қолсыз аударымдар; б) қолма-қол ақшалар.

  2. Есеп айырысу тәсіліне қарай: а) толық есеп айырысулар; б) жартылай есеп айырысу. в) өзара талаптар мен міндеттемелерді есепке алу арқылы есеп айырысулар.

  3. Есеп айырысу шамасына қарай. а) ірі төлемдер; б) ұсақ төлемдер.

2-Сұрақ. Есеп айырысу кассалық операциялар негізінен клиенттердің банктердегі ашқан ағымдық және басқада шоттары арқылы жүзеге асады. Екінші деңгейлі банктерде шоттар ашу тәртібі “Ақшалай төлемдер мен аударымдар туралы” ҚР заңына және Ұлттық банк басқармасы бекіткен “ҚР-ның банктеріндегі клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу тәртібі туралы” нұсқаулығына көзделген. Жоғарыдағы ережеге сәйкес ҚР-дағы екінші деңгейлі банктерде шот ашуға келесі құжаттар талап етіледі: 1. нотариалды куәландырылған жарғысының көшірмесі;

2. мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;

  1. СТТН көшірмесі;

  2. қол қою және мөр басу үлгісі бар карточка;

  3. банктік шот ашу туралы өтініш;

  4. банктік шот туралы келісім шарт.

3-Сұрақ. Банктің есеп айырысу-кассалық операциялары екі формада жүзеге асады: қолма-қол ақшалар және қолма-қолсыз ақшалармен есеп айырысу. Қолма-қол ақшалармен есеп айырысулар – бұл нақты ақшалармен төлемдер және аударымдар жасауды сипаттайды. Қолма-қолсыз ақшалармен есеп айырысулар – клиенттердің банкте ашқан шоттары көмегімен, олардың тапсырмасы негізінде бір шоттан екінші бір шотқа аударылатын төлемдердің жиынтығы. ҚР Ұлттық банк басқармасының “ҚР аумағында төлем құжаттарын пайдалану және қолма-қолсыз төлемдер мен ақшалай аударымдарды жүзеге асыру ережесі” туралы қаулысына сәйкес қолма-қолсыз есеп айырысуларда қолданылатын төлем құжаттарының түрлеріне келесілер жатады:

    1. төлем тапсырмасы;

    2. төлем-талабы тапсырмасы;

    3. инкассалық өкім;

    4. чекпен есеп айырысу;

    5. вексельмен есеп айырысу.

Аталған төлем құжаттарының өзіне тән келесі көрсеткіштері бар:

  1. төлем құжатының атауы;

  2. төлем құжатының номері, толтырылған күні, айы, жылы;

  3. ақшаны аударушының (төлеушінің) аты-жөні;

  4. ақшаны аударушы банктің толық аты-жөні;

  5. ақша алушының толық аты-жөні;

  6. ақшаны алушы банктің толық аты-жөні;

  7. санмен және жазбаша берілген төлем сомасы;

  8. төлемді немесе ақшалай аударымды жасайтын тұлғаның қолдары мен мөрлері;

  9. ақшаны төлеушімен ақша алушының салықты төлеуші ретіндегі тіркеу номері.

Төлем тапсырмасы – ақшаны аударушының (төлеушінің) аталған тапсырмада көрсетілген ақша сомасын ақша алушыға аудару туралы қызмет көрсетуші банкке берген тапсырмасы. Төлем тапсырмасымен есеп айырысу мынадай төлемдерді жүзеге асыру үшін қолданылады: алынған тауарлары мен көрсеткен қызметтері үшін, тауарлы емес операциялар (зейнетақы және сақтандыру қорына төлемдер, салықтық төлемдер), бойынша. Төлем тапсырмасы оны толтырған күннен бастап он күнге жарайды және төлеушінің шотында қаражат болған жағдайда ғана іске асырылады. Төлем талабы-тапсырмасы – бұл ақша алушының төлеушіге оған қызмет көрсетуші банкке бағытталған, жөнелтілген өнім, атқарылған жұмыстар көрсетілген қызмет құнын жіберілген есеп айырысу құжаттары негізінде төлеу талабы. Төлем талабы - тапсырмасын ақша алушы толтырады да, оны коммерциялық құжаттармен бірге бірден аударушының банкіне жібереді. Аударушының банкі ол төлем талабы-тапсырмасын төлеушіге береді. Инкассалық өкім – заң актілерінде көзделген жағдайда ақшаны жөнелтушінің келісімінсіз, оның банктік шотынан ақшаны алу үшін пайдаланылатын төлем құжаты. Инкассалық өкім салық және кеден органдарына төленбеген төлемдерді, сондай-ақ соттың шешімі бойынша басқа да төлемдерді талап ету жағдайында қолданылады. Чекті есеп айырысу барысында төлем құралы ретінде заңды және жеке тұлғалар пайдалана алады. Чек бұл чек берушінің чекті қабылдаушы банкпен өзара жасалған келесім шарт негізінде чекте көрсетілген соманы чекті ұстаушыға төлеу туралы бұйрығы. Чектер қолма-қолсыз төлемдерді жүзеге асыру және қолма-қол ақша алу үшін пайдаланылады.ҚР-да чекпен есеп айырысу тек қана ұлттық валютада жүзеге асады. Чектер келесі түрлерге бөлінеді:

  1. кепілденген чек – чек берушінің банктік шотындағы қаражаттың көлеміне байланыссыз чекте көрсетілген соманы төлеуге қызмет көрсетуші банктің беретін кепілін көрсететін чек;

  2. Кепілдендірілмеген чек – чек беруші банктің кепілдігі көрсетілмеген чек;

  3. Қамтамасыз етілген чек – банкке алдын ала салған депозиттен қамтамасыз етілген чек;

  4. Қамтамасыз етілмеген чек – депозитпен қамтамасыз етілмеген чек.

Вексельдің қолма-қолсыз есеп айырысуда атқаратын басты қызметі – төлем құралы. Вексель – белгілі бір соманы алдын ала келісілген мерзімде және белгіленген жерде төлейтіндігі туралы борышқордың қарыздық міндеттемесі. Вексельдің екі түрі бар: жай және аудармалы. Жай вексель - вексельді ұстаушыға вексельде көрсетілген соманы белгілі бір уақытта немесе талап етуге байланысты төлеу туралы вексель берушінің еш нәрсемен негізделмеген міндеттемесін сипаттайтын вексель. Аудармалы вексель – вексельде көрсетілген соманы белгілі бір уақытта алғашқы вексельді ұстаушыға төлеу туралы үшінші бір тұлғаға вексель берушінің еш нәрсемен негізделмеген ұсынысын сипаттайтын вексель.

4-Сұрақ. Өнімді жабдықтаушылар мен тұтынушылар арасындағы қолма-қолсыз ақшасыз есеп айырысудың жүзеге асырылуы барысында банктер арасында өзара есеп айырысулар туындайды. Банкаралық есеп айырысулар төлеуші мен қаражатты алушы әртүрлі банкте қызмет көрсетілген жағдайда туындайды. Мұндай есеп айырысулар бүгінгі күні корреспонденттік шоттар арқылы жүзеге асырылады. Корреспонденттік шот – бұл коммерциялық банктердің өзара есеп айырысуларды жүргізуге арналған елдің орталық банкінде және банктердің бір-бірінде ашатын шоты. Корреспонденттік шотта банктердің меншікті қаражаттары және оның клиенттерінің несиелік, есеп айырысу және кассалық қызмет көрсетуіне байланысты операциялары көрсетіледі. Мұндай операцияларға келесілер жатады: - клиенттерге қолма-қол ақша беру және қабылдау;

    1. берілген несиелер үшін алынған пайыздар және басқада табыстар;

    2. депозиттік шоттар бойынша пайыздар төлеу;

    3. банкаралық депозиттер;

    4. банк клиенттерінің бюджетпен, зейнетақы қорларымен және басқа да ұйымдармен есеп айырысулары;

Корреспонденттік шотты ашу үшін банктер келесі құжаттарды Ұлттық банкке табыс етеді: 1. корреспонденттік шот ашу туралы өтініш;

2. банк жарғысының көшірмесі;

  1. банктік операцияларды жүргізуге рұқсат беретін лицензиясының көшірмесі;

  2. қолдары мен мөрінің үлгісі бар карточка.

5-Сұрақ. ҚР-дағы екінші деңгейлі банктер өздерінің кассалық операцияларын Ұлттық банк басқармасының қаулысымен бекітілген “ҚР екінші деңгейлі банктерінде кассалық операцияларды жүргізу” ережесіне сәйкес жүзеге асырады. Осы ережеге сәйкес, кассалық операция- бұл құндылықтарды қабылдау, қайта санау, майдалау, айырбастау, беру, сорттау, орау және сақтаумен байланысты операцияны білдіреді. Касса жұмысын ұйымдастыру, яғни клиенттерге кассалық операциялар бойынша қызмет көрсету және қолма-қол ақшаны өңдеу үшін банктерде келесі бөлімшелер болуға тиіс: - кіріс кассасы;

    1. шығыс кассасы;

    2. кіріс-шығыс кассалары;

    3. қайта санау кассасы;

    4. кешкі касса.

Банк кассасына клиенттерден қолма-қол ақшаларды қабылдау және оларды ағымдық және корреспонденттік шоттар бойынша есепке алу келесі кіріс кассалық құжаттар көмегімен жүргізіледі: - қолма-қол ақша салатындығының хабарламасы;

    1. кіріс кассалық ордер бойынша.

Банк клиентінің ағымдық және корреспонденттік шотынан қолма-қол ақшаны беру келесі құжаттар арқылы жүзеге асырылады: - шығыс кассалық ордер бойынша;

    1. чекпен.

6-Дәріс. Несиелік саясат және несиелік шарт