Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
проект Караганды.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
148.99 Кб
Скачать

2.2.Аңшылық әлемі

Қонақтар келіп жайғасқаннан кейін, ертесіне оларға аңшылық әлеміне түсуге бағдарлама ұсынылады. Екінші күні қонақтар таң ата тау бөктеріне жол тартады. Ол жерде арнайы мамандар көмегімен олар қазақ аң аулау әдісімен жорық жасайды. Жорықта тауда секірген Қасқасу тау ешкілерін, орманда жасырылған түлкі, қарсақ секілді хайуандарды, сонымен қатар көкте самғаған және суда айдынында жүзген құстарды аулауға мүмкіндік беріледі.

Аңшылық – түз жануарларын аулау кәсібі. Аңшылық кәсіби аң аулау қаракеті ғана емес - ол мерекелік дем алу, шебер өнер болып саналған. Қазіргі Қазақстан жерінде адамдар аңшылықпен ежелгі палеолит дәуірінен айналысқан. Мысалы, Үшбұлақ қойнауында (Қаратау қаласының солтүстік-батыс жағында 36 км жерде) мустье дәуірінде өмір сүрген аңшылардың шағын топтарының қысқа мерзімді тұрақтарының ізі сақталған. Ондай тұрақтар суатқа келетін аңдарды (бизон, бұғы, киік, жылқы) аңдуға қолайлы бұлақ түбіне салынған. Соңғы палеолит дәуірінде ірі жануарларды аулау, адам қорегінің басты негізі болды. Мысалы, адамдар Жайық өзенінің бойынан мамонттар мен жүндес мүйізтұмсықтарды аулап, олардың сүйектерінен әр түрлі кескіштер, қырғыштар, найзалар мен сүңгілердің ұштары, шанышқылар, лақтырылатын найзалар, сүйек инелер, біздер жасаған. Сонымен қатар адамдар аң терісінен киім тігуді де үйренген. Аң аулау дәстүрлері мен тәжірибелері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, аң аулау шаруашылығы дамыған. Соған байланысты қазақтар арасында аңшылықты жақсы меңгерген мамандар – аңшы (аңды аулаушы), аңкөс (аң аулаудың сырларын жетік меңгерген аңшы), құсбегі (қырандарды түрге, топқа жақсы ажырататын), бүркітші (бүркітті баптай алатын) және қағушы (бүркітшілерге қолғанат болатын) пайда болды. Олар аң аулаудың айла-шарғыларын (ор қазып, ұшпалардан ұшырып, қарға омбылатып аулау, тасқақпанмен, тормен, құмқақпанмен, тұзақпен ұстау, құспен, итпен қуу, түтін, жемтік салу, мұзға отырғызу, т.б.) жетік меңгерген. Аңшылық мақсатына қарай кәсіптік, спорттық-әуесқойлық және ғылыми болып бөлінеді. Кәсіптік аңшылықтың мақсаты – аңдар мен құстардан ет, тері, мамық, қауырсын, мүйіз, т.б. өнімдерін алу. Өнімнің сапасы аңның түлеуіне, балалау мерзіміне байланысты белгіленеді. Спорттық-әуесқойлық аңшылық аңдар мен құстарды белгілі тәртіппен аулап, табиғат саясында дем алу. Әуесқой аңшыға мемлекет тарапынан шек қойылады. Ғылыми аңшылықтың құрамына: аң шаруашылығының экономикасы, кәсіптік аңдар мен құстардың биологиялық ерекшеліктерін зерттеу, олардың сан мөлшерін көбейту, алынатын өнімді арттыру және сапасын жақсарту, аң аулау әдістерін, құралдарын жетілдіру мәселелері жатады.

Аңшы — аң аулауды кәсіп еткен адам. Оны құсбегі, бапкер деп те атайды. Қазақ аңшылыққа: “Бүркітші үстіңді бүтіндейді, қыбыңды қандырады, қақпаншы қарныңды тойғызады, тұзақшы аш қалдырмайды...” деп тіршіліктің бір тұтқасы ретінде қараған. Кейде аңға көңіл көтеру үшін де шығады. Ит жүгіртіп, құс салу серілік салтанат деп саналған. Қазақ ішіндегі Аңшылар қолданған құралы, істеген амалына қарай былайша жіктеледі:

Саятшы — аңға қан сонарда шығады. Қыран бүркіт, ұшқыр тазы, түзу мылтық пайдаланады. Бұзау тіс қамшы, сойыл да ұстайды.

Мерген — садақпен, мылтықпен аң атады. Аю, қасқыр, бұғы, марал, арқар, елік, таутеке, қарақұйрық т.б. аң алады.

Қақпаншы — аңды қақпанмен аулайды. Түлкі, қасқыр, суыр секілді аңдардың ініне, жүретін жолына қақпан құрады.

Моршы — түлкі, күзен секілді аңдардың ініне түтін салып, іннен шыға қашқанда ұстайды.

Аңшылық сүйетін туристерге қолына жыртқыш құстарын қондырып, астына жүйрік ат мінген аңшылар қазақтың көнеден келе жатқан аң аулау тәсілі – құсбегілік саятшылық өнерін ұсынады.

Құсбегілік– бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи сияқты жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аңға, құсқа салатын өнер.

Адамзат тарихындағы елеулі жаңалықтардың бірі – құсбегілік. Біздің дәуірімізге дейінгі уақытта Тұран даласында тамырын жайған ежелгі халық, қазақтың және басқа түркінің ортақ бабалары адамзаттағы алғашқы құсбегілер еді. Көшпенділер десек көз алдымызға жүйріп тұлпар мінген, бес қаруы сай, қолында қыраны, қасында ерткен тазысы бар тәуелсіз жауынгер халық елестейді. Өткенге деген құрметіміз өшпесін десек бабадан мұраға қалған өнерді алақанға салып аялап, ары қарай дамуы үшін демеп, қолдау көрсету мемлекеттік деңгейдегі мүддеміз болуы керек деп ойлаймын. Әйтпесе төл өнерімізді еншілегісі келіп жүргендер аз емес. Еділ қаған (Аттила) еуропаны жаулағанда өзімен бірге ала барған мәдениеттің бір бөлшегі құсбегілік еді. Оның байрағындағы Тұғрыл (Қара сұңқар) еуропалықтарға әсер еткені соншама, қазір еуропалық құсбегілер саяткерлікті қазақ-қырғыз құсбегілерінің түсіне кірмеген деңгейге жеткізді. Қазақ, қырғыз, мұғыл құсбегілерінің саны көлемі Жетісудың жеріне де жетпейтін елдердегі саяткерлердің санының шаңына іле алмайды. Әрине, бұған біздің халқымызды кінәлау да орынсыз болар. Құсбегілікті қойып тілімізден айырылып қала жаздаған қасіретті күндерді бастан кешірдік қой[8-10].

Құсбегілікпен айналысатын адамды құсбегі деп атайды. Құсбегі құсты балапан кезінен бастап баулиды. Қыран құстардың ұябасарларын ұстау тиімді, өйткені ұябасар (аналық қыран) өжет, әрі қайратты болып келеді. Құстарды баптап үйрету аса төзімділікті қажет етеді. Әбден бабына келтіріп үйретілмеген құс аң ала алмайды. Қыран құстарды үйреткенде, аяғына балақбау мен шыжым тағып, көзіне томаға кигізеді. Алдымен шыжыммен ұшырып, қайыруы жеткен соң семіртіп түлетеді. Мұнан кейін құсты ақжеммен асырап, бос керілген арқанға қонақтатып, ұйқысын алып арықтатады. Жеңіл ұшып, жеңіл қонатын күйге келгенде аңға салады. Құсбегілер қыран құстардың түсіне, қауырсынының ерекшелігіне, түр-тұлғасына, сүйек бітімі мен келбетіне қарап жеке тектерге топтастырады.

Тарихи деректерге қарағанда, Құсбегілік өнері бұдан үш мың жыл бұрын пайда болған. Орта ғасырлардағы итальян саяхатшысы Марко Полоның жазбаларында Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен 500 ақ-сұңқары және басқа да қыран құстары болғандығын және оларды баптап, күтуге, арнайы 10 мың құсбегі ұстағанын жазады. Орта ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстан, Қырым, Еділ бойын билеген патшалар мен хандар да өз сарайларында арнайы құсбегілер ұстаған. Олар сарай қызметкерлерінің құрметтісі саналған. Сондықтан да хан сарайындағы Құсбегілік қызметке тек ақсүйектер, бектер, әмірлер тағайындалған. Кейбір тарихи деректерде Шыңғысханның ұлы Жошының 3 мың бүркітші ұстағаны туралы жазылады.

Құсбегілік өнері қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыз әңгімелерде де ерекше орын алады. Мәселен, қазақтың әйгілі құсбегісі Жалайыр Шораға байланысты аңызда “Аспанға ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады”, — деп қыран құстар мұң шағады екен. Қазақ және басқа түркі тектес халықтар көбінесе бүркіт асыраған, ал Еуропа мен Ресей билеушілері сұңқарларды қолға үйреткен (“соколиная охота”).

Жалпы қазақ халқы қыран құстарға: бүркіт, қаршыға, қырғи, лашын, сұңқар, тұйғын, тұрымтайды жатқызады. Құсбегілік өнер соңғы 10 — 15 жылдың ішінде Қазақстанда қайта жандана бастады. 1998 жылдан бастап құсбегілердің басын қосып, баптаған қырандарын сынға салатын “Салбурын” мерекесі дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Қарағанды мемлекеттік университетінің жанынан арнайы құсбегілер мектебі ашылды. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұра ауылындағы Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебі жанынан Республикалық құсбегілер мұражайы ашылған.