Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Dlya_studentov_2013_UMKD_po_politologii_dlya_oc...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.56 Mб
Скачать

Дәріс 3. Саясат қоғамдық өмір жүйесінде. Салыстырмалы саясаттану.

Дәріс мақсаты: Қоғамдық құбылыс ретіндегі саясаттың мәнін, табиғатын, құрылымын, түрлерін, қоғамдық өмірдің басқа салаларымен байланысын және саясаттанудағы жеке бағыт – салыстырмалы саясаттанудың объектісі мен пәнін, әдістері мен әдістемелерін және типтерін қарастыру, Қазақстандағы салыстырмалы саясаттанудың жәйіне тоқталу.

Басты ұғымдар: саясат, билік, саясаттың әлеуметтанулық, субстанциялық, ғылыми құрастырылған түсіндірмелері, саясаттың субъектісі, саясаттың объектісі, саяси мақсат, саяси құралдар, ішкі саясат, сыртқы саясат, салыстырмалы саясаттану, компаративистика, салыстырмалы әдіс.

  1. Саясат ұғымы және саясаттың пайда болуы.

  2. Саясат элементтері, негізгі түрлері. Ішкі және сыртқы саясат.

  3. Саясаттың функциялары. Саясаттағы мақсаттар мен құралдар.

  4. Саясаттың, моральдің және құқықтың арақатынасы.

  5. Салыстырмалы саясаттану.

1. Саясат ұғымы және саясаттың пайда болуы. Саясаттану саясат туралы ғылым деп жоғарыда атап өтілді. Сондықтан саясат туралы дұрыс және анық көзқарастарды қалыптастыру – саясаттанудың пәнін (яғни саясаттың), оның ерекшеліктерін және мазмұнын терең түсінудің маңызды шарты болып табылады.

«Саясат» - кең таралған және көп мағыналы сөздердің бірі. Күнделікті өмірде көбінесе саясат деп белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған кез келген қызметті айтады, мысалы мемлекеттің, партияның, фирманың басшысының қызметі немесе тіпті отбасындағы белгілі бір мақсатқа бағытталған ері мен әйелінің арасындағы қатынасты да айтады. Сонымен бірге саясат деп мүмкіндік өнері де түсініледі, ал кейде тіпті саясатты «лас іс» деп те сипаттап жатады.

Саясат туралы мұндай қарапайым түсініктердің көп болуы бұл құбылыстың күрделілігін, жан-жақтылығын, әртүрлі сипатта көрініс беруін көрсетеді.

«Саясат» ұғымының ғылыми түсіндірмелері қарапайым түсініктерден қатаң логикалық дәлелдемесімен, талдап қорытуылуымен, жалпыламалығымен, жүйелілігімен ерекшеленеді, алайда олардың арасында кейбір пікірлердің қарама-қайшылығы да жоқ емес. Саясат туралы түрлі ғылыми анықтамаларды оны түсіндірудің ерекшеліктеріне байланысты үш топқа жіктеуге болады: әлеуметтанулық, субстанциялық, ғылыми құрастырылған.

Саясатты әлеуметтанулық тұрғыдан түсіндіру (экономикалық, стратификациялық, құқықтық, этикалық анықтамалар), оны басқа қоғамдық құбылыстар, яғни экономика, әлеуметтік топтар, құқық, мораль, мәдениет, дін арқылы сипаттайды. Сондықтан оларды экономикалық, стратификациялық (әлеуметтік), құқықтық, этикалық (нормалық) және т.б. деп бөлуге болады.

Саясаттың кең таралған екінші бір анықтамалары – субстанциялық анықтамалар (биліктік, институционалдық, антропологиялық, жанжалды-консенсустық, саясат «достар» - «дұшпандар» қатынастары ретінде) . Олар саясаттың алғашқы түп негізін ашуға тырысады. Бұл топта да бірнеше анықтама бар. Олардың ішінде кең таралғаны – саясатты билікке бағытталған, яғни оған жету, қолда ұстап тұру және оны жүргізуге бағытталған іс-әрекеттер деп сипаттайды.

Саясаттың ғылыми құрастырылған түсіндірмелерінің тобы (қызметтік, телеологиялық, жүйелік анықтамалары). Саясаттың динамикалық, процестік сипаты оның қызметтік анықтамаларын ашады. Олар саясатты бүкіл қоғам үшін міндетті шешімдерді дайындау, қабылдау және іс жүзіне асыру процесі ретінде сипаттайды. Саясатты былайша түсіндіру оны жүзеге асырудың маңызды кезеңдеріне талдау жасауға мүмкіндік береді. Мұндай кезеңдерге саясаттың мақсатын анықтау, шешімдер қабылдау; бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін бұқараны ұйымдастыру және ресурстарды жұмылдыру; саяси қызметті реттеу; оны бақылау; нәтижелерді талдау және саясаттың жаңа мақсаттарын алға қою. Саясаттың қызметтік түсіндірмесі кеңінен қолданылады, атап айтқанда, саяси шешімдер қабылдау теорияларында.

Жоғарыда қарастырылған саясаттың түсіндірмелері оның түрлі анықтамаларының болуын жоққа шығармайды. Саясат туралы мұндай түрлі анықтамаларының, ғылыми сипаттамалардың болуы, ең алдымен саясаттың күрделілігін, оның мазмұнының кеңдігін, қасиеттері мен қоғамдық функцияларының әртүрлілігін көрсетеді. Саясаттың түрлі түсіндірмелерін, анықтамаларын қорытындылай келе, оны әлеуметтік топтар мен индивидтердің өздерінің қарама-қайшылықты ұжымдық мүдделерін түсініп-сезінуі және ұсынуы (артикуляция), мемлекеттік биліктің көмегімен қамтамасыз етілетін бүкіл қоғамға міндетті шешімдерді қабылдауы бағытындағы қызметтері деп анықтауға болады.

Саясат дегеніміз – қоғамдағы үлкен әлеуметтік топтар мен таптар, ұлттар мен ұлыстар, олар мен мемлекет арасындағы, қарым-қатынас барысындағы олардың өз мүдделерін қорғауға, іске асыруға, саяси билікті жеңіп алуға, сақтап қалуға бағытталған және оны қолдау тәсілдері жайлы әрекеттер жүйесі. Саясат ұғымы қоғамның саяси саласындағы барлық құбылыстар мен процестерді, тенденцияларды бейнелейді. Осы тұрғыдан алғанда саясатты белгілі таптың, партияның, мемлекеттің мүдделері, мақсат-міндеттерінің мазмұны мен ауқымы көрсетілген құжаттарының жиынтығы деп атауға болады.

Саясат қоғамның дұрыс қызметі және оның өмірін қамтамасыз ету үшін қажет және сол үшін пайда болған. Сондықтан саясат қоғамның қажетті әрі маңызды элементі болып табылады.

Саясаттың ерекшелігі оның мемлекеттік билік мәселесіне байланысты болуында. Саясат биліктің түрін, мақсатын, мазмұнын анықтауға және билікті қолдану әдісіне ықпал етіп отырады. Саясаттың басты мәселесі – белгілі бір идеология негізінде құрылған мемлекеттік билік жүйесі.

Саясаттың өлшемдері (құрамдас бөліктері). Саясат түрлі формада - адамдардың ойлауы, сөйлеуі, мінез-құлқы түрінде өмір сүреді. Ғылыми әдебиетте саясаттың түрлі жақтары мен құрамдас бөліктері көрсетіледі. Саясатты бөліктерге бөлу оның формасын, мазмұнын және процесс ретінде анықтаумен байланысты.

Саясаттың формасы оның ұйымдық құрылымы, яғни оған тұрақтылық беретін, адамдардың саяси мінез-құлқын реттейтін институттары (құқықтық және ұйымдастырушылық жүйе де кіреді). Саясаттың формасы мемлекет, партиялар және мүдделер топтары (ассоциациялар мен қозғалыстар) арқылы, сонымен бірге заңдарда, саяси және құқықтық нормалар арқылы көрінеді.

Саясаттың мазмұны оның мақсаттары мен құндылықтары, шешетін мәселелері, саяси шешімдерді қабылдау себептері мен механизмдері арқылы көрінеді.

Саяси процесс арқылы саяси қызметтің күрделі, көпсубъектілік және жанжалдық сипаты, түрлі әлеуметтік топтар мен ұйымдардың, индивидтердің арасындағы қатынастар ретінде көрінеді.

Саясаттың элементтері мен деңгейлері. Саясаттың формасы, мазмұны және процесі оның құрылымын аяқтамайды. Саясаттың дербес элементтері ретінде мыналарды көрсетуге болады: 1) саяси сана, ол индивидтердің ішкі дүниесін, менталитетін, құндылықтық бағдарын, қондырмаларын және саяси теориялар мен көзқарастарды білдіреді; 2) нормалық идеялар: саяси партиялардың бағдарламалары мен сайлау платформалары, мүдделі топтардың мақсаттық қондырмалары, саяси-құқықтық нормалар; 3) билік және ол үшін күресетін институттар; 4) билік қатынастары – үстемдік және бағыну, сонымен бірге саяси күрес пен ынтымақтасу.

Саясаттың құрамдас құрамдас бөліктері және элементтерімен бірге кейде оның өмір сүруінің үш деңгейі де көрсетіледі. Бірінші деңгей, саяси немесе макродеңгей, ол мемлекетті жария мәжбүрлеуші билік, оның құрылымы, орталық пен жергілікті жерлерде қызмет ететін тұтас нәрсе ретінде сипаттайды. Екінші деңгей, микродеңгей, жеке ұйымдарды: партияларды, кәсіподақтарды, корпорацияларды, фирмаларды т.б. қамтиды. Мұнда да мемлекеттегі сияқты үлкен саясатқа тән ішкі құбылыстар мен процестер: ұжымдық мақсаттарды ұсыну мен жүзеге асыру, шешімдер қабылдау, қызметтер мен игіліктерді бөлу санкциялар қолдану, индивидтер мен топтардың билік үшін бәсекелестігі, мүдделердің жанжалдығы көрінеді. Үшінші деңгей, мегадеңгей, бұл халықаралық ұйымдардың: БҰҰ, НАТО, ЕЭҚ-тың және т.б қызметіне қатысты.

Бұл деңгейлердің ішінде біріншің деңгей басты орын алады және саясаттың мәнін көрсетеді. Екінші және үшінші деңгейлер бағынышты сипат алады.

Саясаттың жалпымемлекеттік, макродеңгейімен көбінесе оның қоғамдағы атқаратын функцияларын байланыстырады. Олар саясаттың қоғамға ықпалының маңызды бағыттарын сипаттайды. Саясаттың функцияларына мыналар жатады:

- күрделі, жіктерге бөлінген әлеуметтік жүйе ретінде қоғамның тұтастығын қолдау және нығайту, қоғамдық тәртіп пен ұйымдасуды қамтамасыз ету;

- қоғамды құрайтын ұжымдық субъектілердің жалпы мақсатын анықтау, оны жүзеге асыру үшін бұқараны ұйымдастыру және ресурстарды жұмылдыру;

- тапшы барлығына міндетті құндылықтар мен игіліктерді авторитарлы түрде бөлу;

- топтық жанжалдарды болдыртпау және оларды реттеу;

- күрделі әлеуметтік субъектілерді байланыстыру (байланыстық функциясы).

Саясат қоғамның әртүрлі салаларына байланысты мынадай түрлері бар: экономикалық, әлеуметтік, ұлттық, мәдени, ғылыми-техникалық, әскери, экологиялық, демографиялық, аграрлық, қаржы, инвестициялық, кадр т.б.

Мемлекеттік саясаттың басты екі түрі: ішкі саясат және сыртқы саясат. Ішкі саясат – мемлекеттің өмір сүріп тұрған әлеуметтік-саяси құрылысты сақтауға немесе оны реформалауға бағытталған экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, ғылыми-техникалық және т.б. әрекеттіерінің жиынтығы.

Сыртқы саясат – бір мемлекеттің халықаралық аренада өз мүдделерін көздей отырып жүргізген іс-әрекеттерінің жиынтығы.

Саясатты сонымен бірге өнер деп қарастыру қажет, себебі саясаттың объектісі де, субъектісі де адам, белгілі бір міндеттер атқаратын олардың бірлестіктері болып табылады. Саясаттың объектісі қоғам болып табылады. Саясаттың субъектісі – қоғамдағы үлкен әлеуметтік топтар (таптар, ұлттар мен ұлыстар), мемлекет, партия, жеке адам. Саясаттың субъектісі деп саясаттың объектісіне бағытталған белсенді іс-әрекетті жасаушыны айтады (іс-әрекетке қабілетті, белсенді іс-қимыл жасайтын адам, топ т.б.). Мұндай қабілеттерге ие болатын жаратылыс, ол тек қана адам. Саясаттың объектісі деп саясат субъектісінің іс-әрекеті бағытталған саяси нақтылықтың, жүйенің бір бөлігін айтады. Субъект пен объект өзара байланысты, орындары алмасуы мүмкін. Саясаттың субъектісі ретінде ең алдымен өз еркімен саналы түрде, еркін әрекет ете алатын саяси процесстерге қатысушыларды айтуға болады. Саясат субъектілерін үш топқа жіктеуге болады:

  1. Әлеуметтік және ұлттық субъектілері - әлеуметтік қоғамдастықтар, таптар, топтар, элиталар, индивидтер, ұлттар, халықтар т.б.;

  2. Саяси биліктің институционалдық субъектілері – мемлекет және оның органдары, саяси партиялар, қоғамдық-саяси ұйымдар, қозғалыстар;

  3. Функционалдық саяси субъектілер – оппозиция, лобби, бұқаралық ақпарат құралдары т.б.

Саясаттың қозғаушы күші, яғни адамдарды саяси іс-әрекетке итермелейтін – бұл адамдардың мүдделері болып табылады.

Демократиялық жолмен дамыған елде саясат адам үшін және адам арқылы жасалады. Себебі, әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар қаншалықты маңызды орын алғанымен солардың бәрі адамдардан, олардың іс-әрекетінен тұрады. Олай болса, саясаттың басты субъектісі – адам болып табылады.

Саясаттағы мақсаттар мен құралдар. Саясат өзінің мәні жағынан белгілі бір мақсатқа бағытталған қызмет, іс-әрекет болып табылады. Бұл саясаттың белгілі бір мақсатты жүзеге асыру үшін пайда болатындығын білдіреді. Саясаттың және кез келген басқа да қызметтің басты компоненттері - мақсат, әдіс, нәтиже. Мақсат дегеніміз адамның ойында жасалған мінсіз нәтиже, ол үшін қызмет (әрекет) жасалады, қызметтің ішкі қозғаушы себебі.

Саясаттың құралдары – мақсаттарды, мінсіз себептерді (ойлағандарын) нақты іс-қимылдарға айналдыруда қолданылатын құралдар, инструменттер. Саясаттағы «құралдар» мен «әдістер» жақын ұғымдар. Құралдар – саясаттың субъектілерінің объектіге ықпал етуінің нақты факторлары: үгіт-насихат науқандары, ереуілдер, қарулы іс-әрекеттер, электорат үшін күрес және т.б. Саясаттың әдістері оның құралдарының ықпал ету әдістері болып табылады, оларға ең алдымен күштеу және бейбіт түрдегі әдістер, яғни мәжбүрлеу және сендіре білу жатады.

Мақсат пен құралдардың саясаттың нәтижелері мен адамгершілік тұрғыдан бағалануы бұрынғы кезеңдерден бері қызу айтыстардың мәселесі болып келеді. Осыған байланысты үш көзқарас бар: 1) саясаттың адамгершіліктік сипаты оның мақсатымен анықталады; 2) саясаттың адамгершілік сипатына қолданылатын құралдары басым ықпал етеді; 3) саясатқа адамгершілік сипат беруде мақсат та, құралдар да бірдей маңызды, олар нақты бір жағдайларға байланысты бір-бірімен сәйкестендірілген болуы керек.

Бірінші көзқарасты, «мақсатқа басымдылық» берген жағдайдың белгілі жақтаушылары Н.Макиавелли (көбінесе теоретик ретінде) және Ленин (көбінесе практик ретінде) болды. Олардың екеуі де саясатта игілікті (благородная) мақсаттарға жету үшін адамгершілікке жатпайтын құралдарды қолдануды жақтады. «Мақсат әдісті ақтайды» деген тезис иезуиттерде (16 ғ. Парижде пайда болған католиктік орден) теориялық жағынан негізделді және іс жүзіне де асырылды (өз сенімін енгізу үшін кез келген құралды – қатаң орталықтан басқару, темірдей тәртіп, өзара шпионаж, өтірік айту, қастандық жасау, өлтіру, уәдені бұзу т.б. қолданған). Олардың пікірінше, ұлы мақсатқа жету үшін қандай әрекет болса да, ол моралдық әрекет болып саналады. Иезуиттер орденінің теоретиктері кез келген қылмысты діни-адамгершілік мақсат деп ақтауға негізделген иезуиттік моральдың тұтас жүйесін құрастырған.

Салыстырмалы саясаттану – саяси білімдер мен зерттеулердің арнайы тармағы болып табылатын, саясаттанудың жеке бөлімі ретінде қалыптасқан саяси ойдың бір бағыты. Салыстырмалы саясаттану өз атауын зерттеу объектісіне байланысты емес, зерттеу әдісінің түріне байланысты алған.

Қазіргі заманғы саяси теория белгілі бір дәрежеде түрлі саяси жүйелерді, саяси режимдерді, саяси институттарды, билікті және саяси процестерден бастап елдің саяси мәдениетіне дейінгі саяси ғылымның маңызды категорияларын салыстыратын салыстырмалы саясаттанудың нәтижелеріне сүйенеді. Салыстырмалы саясаттану, ең алдымен, саяси ғылымның терең зерттеулері үшін қажет, оның көмегімен қазіргі заманғы біз өмір сүріп отырған біртұтас және қарама-қайшылықты әлемдегі саяси процестердің, саяси өмірдің, саяси жүйелердің, түрлі аймақтар мен континенттердің жалпы белгілері мен ерекшеліктеріне талдау жасалады. Салыстырмалы саясаттану қоғамның саяси өмірін экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларымен тығыз байланыста зерттейді.

Салыстырмалы саясаттану түрлі мемлекеттер мен жаңа өркениеттердің қалыптасуына, орталығы адам болып табылатын демократиялық және гуманистік қоғамға тән жалпыадамзаттық құндылықтармен танысуға мүмкіндік береді. Салыстырмалы саясаттану салыстырмалы талдау арқылы Батыстың барынша дамыған елдерінің постиндустриялық ақпараттық және технологиялық қоғамының саяси өмірінде қол жеткен барлық құндылықтарды қолдануға және осы тәжірибені біздің еліміздегі демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құру жолындағы қазақстан қоғамын реформалау процесінде пайдалануға мүмкіндік береді. Салыстырмалы әдісті қолдану зерттеушінің ой-өрісін кеңейтеді, басқа елдер мен халықтардың тәжірибесін табысты түрде пайдалануға ықпал етеді, басқалардың қателіктерін қайталамауға үйретеді, мемлекеттік құрылыста «жаңалық ойлап табу» («велосипед ойлап табу») қажеттілігінен құтқарады. Елдің ерекшеліктерін есепке ала отырып, шығармашылықпен бұл әдісті қолдану қоғам мен мемлекетті реформалау жағдайында қазіргі заманғы қазақстандық саясаттану үшін өзекті болып табылады.

Салыстырмалы саясаттанудың дамуында үш кезеңді атап көрсетуге болады: 1-кезең – ежелгі дәуірден – І-дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезең; 2-кезең – І-дүниежүзілік соғыстан ІІ-дүниежүзілік соғысқа дейін; 3-кезең – ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін басталады.

1-кезең. Саясаттанулық зерттеулерде салыстырмалы әдісті қолдану антикалық заманнан басталған. Бұл әдісті философтар, тарихшылар қолданған. Аристотель – салыстырмалы саясаттанудың негізін салушы. Полибий, Цицерон, Н.Макиавелли, Жан Боден, Ш.Монтескье салыстырмалы саясаттанудың дамуына үлес қосты. ХVІІІ – ХІХ ғасырларда салыстыру әдісін философтар Гердер, Гегель, О.Конт, Руссо өз еңбектерінде, Маркс, Энгельс теорияларында, мемлекеттік басқару жүйесін зерттеуде қолданған.

Қазіргі заманғы салыстырмалы саясаттану пән ретінде саяси ғылымның шеңберінде ХІХ ғасырдың ІІ-жартысында қалыптаса бастайды.

«Салыстырмалы саясаттану» (comparative politics) ұғымын ғылыми айналымға енгізген және оның зерттеу бағыттары мен өлшемдерін анықтаған ХІХ ғасырдағы британ тарихшысы, Оксфорд университетінің профессоры Эдвард Фримен (1823 – 1892). Ол «Салыстырмалы саясаттану» (1873) атты еңбегінде «Тарих – бұл өткендегі саясат, ал саясат – бүгінгі тарих» деген өзінің белгілі тезисін келтіреді. Сонымен бірге онда салыстыру ұқсастықтың үш типіне байланысты болады: тікелей қабылдау; дәл сондай өмір сүру жағдайларының (қоршаған ортаның) болуы; генетикалық бірдейлік (шығу тегінің ұқсастығы).

Салыстырмалы саясаттанудың дамуындағы 2-кезең – І дүниежүзілік соғыстан ІІ-дүниежүзілік соғысқа дейінгі аралықты қамтиды. Жаңа саяси нақтылықтар – кеңес қоғамының, фашистік, нацистік режимдердің пайда болуы оларды демократиямен салыстыру міндеттерін туғызды. Ғалымдар Латын Америкасы, Қиыр Шығыс елдерін зерттей бастады. ХХ ғасырдың 30-жылдары Файнер, К.Дж.Фридрих, Е.М.Спайт зерттеулері пайда болды. Формальды (ерекшеліктерін анықтау үшін саяси жүйелерді тұтас алып зерттеу), аймақтық, институциональдық, белгілі бір жағдайларға қатысты зерттеулер пайда болды. Тарихи және эмпирикалық әдістемелер қолданылды. Салыстырмалы талдау теориялық концепциялардың, ең алдымен, 30-жылдардағы саясаттанудағы ғылыми революциямен байланыстырылған бихевиоризмнің ықпалымен дамытылып, байытылды. Психологтардан кейін әлеуметтік бихевиористер де формальды немесе формальды емес топтардағы нақты мінез-құлықтарды (байқау жүргізілген) зерттей бастады. Ч.Мерриам, Г.Лассуэл (Чикаго мектебі) саяси өмірді, билік процесін индивидтің мінез-құлқы арқылы зерттеді. Негізгі зерттеу құралы – байқау – тікелей, жанама, табиғи және жасанды, эксперимент бола бастайды. Саясаттың психологиялық аспектілерін – ерікті, құштарлықты, билікті көксеуді, күш қолдануды, қайғыруды зерттеуге, сандық әдістерді, зертханалық экспериментті, ойындар теориясын, статистикалық мәліметтерді қолдануға бағдар алынды. Бұл әдістерді пайдалану зерттеулерге қолданбалы сипат берді (Г.Лассуэл, Б.Берлсон, П.Лазарсфельд, У.Мак-Фи еңбектері).

Салыстырмалы саясаттанудың дамуындағы 3-кезең – ІІ-дүниежүзілік соғыстан кейін басталады. АҚШ-тағы бихевиористік зерттеулермен, әлеуметтанудағы, антропологиядағы, психологиядағы (тұлға, мәдениет теориясы) табыстармен, батыстық емес саяси жүйелер бойынша мәліметтердің көбеюімен байланысты компаративистердің жас ұрпағы батыс әлемінің шеңберінен шықты. Батыстық және батыстық емес қоғамдар, тұрпайы және қазіргі заманғы жүйелер салыстыра зерттелді.

Салыстырмалы саясаттанудың объектісі деп әлеуметтік контекспен байланыста қарастырылатын өзгерістер жағдайындағы саяси процестердің жиынтығын атауға болады.

Зерттеу құралдарымен бірге зерттеу объектісі салыстырмалы саясаттанудың пәнін анықтауға мүмкіндік береді, ол саяси өмірдің заңдылықтарын және оларды түрлі әлеуметтік контекстерде – елдерде, аймақтарда, қоғамдық өмірдің салаларында, оның белгілі бір тармақтарында қолдану механизмдерін танып-білуге, нақтылауға бағытталған. Кез келген ғылым сияқты компаравистиканың да өзінің категориялары бар, олар бір-бірімен сатылық байланысқан ұғымдардың жиынтығын құрайды. Салыстырмалы саясаттану саяси ғылымның, жалпы әлеуметтанудың, ғылымның басқа да салаларының бүкіл ұғымдық арсеналына сүйенеді және сонымен бірге салыстырмалы зерттеулер барысында пайда болған ерекше ұғымдарды шығарады. Салыстырмалы саясаттанудың басты ұғымы – билік, демократиялық процесс, сайлау және сайлау жүйелері. Ұғымдардың келесі қатары - әлеуметтану мен жалпы саясаттанудан алынған категориялар. Америкоцентризм, евроцентризм, мінсіз тип – ұғымды ғылыми айналымға М.Вебер енгізген. Өтпелі кезең, полиархия, саяси плюрализм, қауымдастық демократиясы.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Саясаттануда саясаттың түсіндірмелерінің қандай топтары бар?

  2. Саясаттың әлеуметтанулық анықтамалары саясатты қалай анықтайды?

  3. Саясаттың субстанциялық анықтамаларының ерекшеліктері қандай?

  4. Саясаттың ғылыми құрастырылған анықтамаларында саясат қалай анықталады?

  5. Саясаттың құрамдас бөліктері қандай?

  6. Саясаттың элементтеріне не жатады?

  7. Саясаттың өмір сүруінің деңгейлері мен функциялары қандай?

  8. Саясаттың қандай түрлері бар, ішкі және сыртқы саясат деген не, олардың арасында қандай байланыс бар?

  9. Саясаттың объектіс мен субъектісіне не жатады?

  10. Саясаттағы мақсаттар мен құралдар деген не?

  11. Мақсат пен құралдардың саясаттың нәтижелері мен адамгершілік тұрғыдан бағалануы туралы саясаттануда қандай көзқарастар бар?

  12. Салыстырмалы саясаттанудың даму кезеңдерін көрсетіңіз.

  13. «Салыстырмалы саясаттану» ұғымын ғылыми айналымға енгізген кім?

  14. Салыстырмалы саясаттанудың зерттеу объектісі мен пәні қандай?

Ұсынылатын әдебиеттер: негізгі-2 (104-123б.),5 (20-30б.); қосымша-2 (17-24б.)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]